Бекіре туысына жататын балықтар­дың қара уылдырығы мен құнарлы әрі сіңімді еті әлемдік деңгейде өте жоғары бағаланады



Дата30.10.2019
өлшемі16,92 Kb.
Бекірелер - Қазақстанда бұл отрядтың 7 өкілі: қортпа, сүйрік балық, бекіре, сібір бекіресі, шоқыр, мекіре, тасбекіре тіршілік етеді. Бекірелер сүйекті-шеміршекті балықтар, басқа балықтардан сыртқы пішіні және құрылысымен ерекшеленеді. Денесі ұзынша ұршық тәрізді, бес қатар сүйекті өсінділермен жабылған (бір қатары арқасында, екеуі екі бүйірінде және екеуі құрсағында), осы қатарлардың ортасында ұсақ сүйекті түйіршектер мен тақтайшалар бар. Басы конус тәрізді созылған және тұмсығы күрек тәрізді. Төменгі жақта тісі жоқ. Бекірелер ұзақ өмір сүретін, кеш жетілетін балықтар, әр түрлі түрінің аталықтары 5-13-тен 8-18 жаста, ал аналықтары 8-12-ден 16-21 жаста жынысты жетіледі. Сонымен қатар, дене пішіндері өте үлкен болады. Мысалы, қортпаның салмағы 1 тоннаға дейін, ұзындығы 4-4,5 метрге дейін жетеді, 2 тонналық балықты ұстаған жағдайлар да белгілі. Тасбекіре 40 см-ден артық өспейді. Олар уақытының көбін теңізде өткізеді (Каспий және Арал теңіздері), ал ұрығын шашу үшін өзенге көтеріледі. Барлық бекірелерді бағалы, жоғары сапалы еті және қара уылдырығы үшін әрқашанда көп ауланған. XX ғасырдың аяғында саны азайып кетті, сондықтан бұл кәсіптің уақытын реттеуге тура келді. Қазіргі кезде бекіре балығын ұстау үшін арнайы рұқсат керек, кей түрлері Қазақстан Қызыл кітабына енгізілді (тасбекіре мен мекіре) және ұстауға тиым салынды. Қазақстанда қортпа, бекіре, шоқыр – Каспий теңізі мен Жайықта; Сібір бекіресі – Бұқтырма су қоймасы мен Ертісте; сүйрік бекіре – Жайық, Ертіс, Тобыл өзендерінде; мекіре – Каспий теңізі мен Жайықта, ертеректе ол Арал теңізінде кездесетін, қазір Балқаш су қоймасында жерсіндірілген, ал тасбекіре – Сырдария өзені мен оның суармалы каналдарында таралған.Бекіре туысына жататын балықтар­дың қара уылдырығы мен құнарлы әрі сіңімді еті әлемдік деңгейде өте жоғары бағаланады. Мұндай балықтардың өздеріне ғана тән белгілерінің бірі – олардың денесінде ұзына бойы созыла орналасқан бес қатар мүйізді шытыралары болады. Біреуі – жон арқасында, екеуі – бүйір тұсында және екеуі – құрсақ жағында орналасқан. Жон арқасындағы 11-16 ірі мүйізді шытыралары денесіндегі басқа шытыралардан ірі болып айқын көрініп тұрады.
Кәдімгі бекіре балығының дене пішіні біршама жұмырланып, тұмсығы конус тәрізді созылыңқылау келеді. Мұртшалары шашақ тәрізді. Астыңғы еріні тұтас, яғни ортасынан тілімделіп бөлінбеген. Көзінің артқы тұсында желбезек саңылауының қалдығы ре­тінде бүртпе тесігі сақталған. Оның қаң­қасында сүйектен гөрі шеміршектер ба­сым. Оның тіршілік ұзақтығы 35-36 жыл. Ертерек кезде кәдімгі бекіре кеңінен таралса, кейінгі уақытта оның қоры едәуір азайған. Оның қорын молайту мақсатында 1933-1934 жылдары Балқаш-Іле бессейндеріне жерсіндіріліп, қазіргі кезде кәсіптік мәні бар балықтарға айналып отыр.
Бекіре ересектерінің денесінің ұзындығы 2 метрге жетсе, салмағы 80 кг тартады. Мұндай ірі бекірені ертеде түйеге теңдегенде, оның басы мен құйрығы түйенің шом ағашынан асып тұратын болған екен.
Кәдімгі бекіренің аталығы 9-13 жылда, ал аналығы 13-16 жылда жетіледі. Уылдырықтарының саны орта есеппен 600 мыңдай. Ересектері 2-3 жылда бір рет уылдырық шашу үшін көкек-мамыр айларында өзенге көтеріледі. Каспий теңізіндегі кәдімгі бекірелер көбіне Жайық өзенін өрлей жүзіп, Орынбор қаласына дейінгі аралықта уылдырық шашады. Оның бірінші-екінші жылғы шабақтары Жайық өзенінде қыстап шығады. Жайық өзені бекіре балықтарының уылдырық шашуы үшін өте қолайлы табиғи орта болып саналады. Осыған орай, Жайық өзенін бекіре балықтарының отаны деп атайды.
Аталған балықтардың бұрынғы таралу аумақтарында қорының азайып кетуіне өзен суының ластануы, өзен суын ретсіз бұрып тастау, уылдырық шашатын орындарының қолайсыз жағдайларға айналуын және басқа балық түрлерін жерсіндіру басты себеп болып отыр.
Кәдімгі бекіренің ересектері көбіне басқа ұсақ балықтармен, олардың шабақ­тарымен және ұлулармен, ал оның шабақтары көбіне жән­дік­тердің дернәсілдерімен қоректенеді.
Қазіргі кезде кәдімгі бекіре бұ­рынғы таралу аумақтарында сирек кездесетіндіктен, әрі саны аз бол­ған­дықтан Халықаралық Табиғат Қорғау Одағының (ХТҚО) және Каспий теңізінің жағалауында орналасқан барлық мемлекеттердің Қызыл кітапта­рына қатаң қорғауды талап ететін санаттарына енген. Ол Қазақстанның Қызыл кітабының (2010) жойылып кету қаупі төнген 1-санатында тіркелген.
Еліміздің баға жетпес байлығы болып саналатын, әрі ежелгі түр ретінде қорғау қажеттігін жергілікті тұр­ғын­дарға кеңінен насихаттау қажет.

Достарыңызбен бөлісу:


©www.engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет