Бердіқожа назгүЛ бердіқожақызы зейнолла Шүкіров өлеңдерінің жанрлық, көркемдік ерекшеліктері



бет1/5
Дата04.11.2016
өлшемі1,61 Mb.
#290
  1   2   3   4   5
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрл

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

ӘОЖ 894.342.000.7:82:7.041.7

БЕРДІҚОЖА НАЗГҮЛ БЕРДІҚОЖАҚЫЗЫ

Зейнолла Шүкіров өлеңдерінің жанрлық,

көркемдік ерекшеліктері

6М011700-қазақ тілі мен әдебиеті мамандағы бойынша педагогика ғылымдарының магистрі академиялық дәрежесін алу үшін

дайындалған диссертация

Ғылыми жетекшісі: филология ғылымдарының

докторы, профессор

Т. С. Тебегенов

Қызылорда, 2013

Нормативтік сілтемелер


Осы диссертациялық жұмыста келесі стандарттарға сілтемелер қосылды:

1. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» м-27.07.2007-№319 ШЗРК заңы. (өзгерістері және толықтыруларымен 10.07.2012 ж.)

2.Ағымды үлгерімін бақылауды, білім алушының аралық және қорытынды аттестациялауын жүргізу ережесі (ҚР БжҒМ 13.03.2008 ж. №125 бұйрығы, өзгерістері және толықтыруларымен 01.11.2010 ж. №506, 16.03.2011 ж. №94 бұйрықтары).

3. ҚР Мемлекеттік жалпыға міндетті жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру стандарты 5.04.033-2011. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім. Магистратура.

4. ҚР МЖМБС 7.09.14-2010, 6М0111700- қазақ тілі мен әдебиеті. Магистратура.

5. Қорқыт ата атындағы ҚМУ ҒМС бекіткен магистрлік диссертацияға қойылатын талаптар (Хаттама №2, 25.11.2009 ж.).

6. Қазақстан Республикасы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім мамандықтарының жіктеуіші (01.09.2009 ж. енгізілген).

МАЗМҰНЫ


КІРІСПЕ...........................................................................................................

3







1

РОМАНТИЗМ ЖӘНЕ РЕАЛИЗМ КӨРКЕМДІК ӘДІСТЕРІ ТҰТАСТЫҒЫМЕН ЖЫРЛАНҒАН ЛИРИКАЛЫҚ ПОЭЗИЯ ДӘСТҮРІ







1.1

ХХ ғасырдың 50–70-жылдарындағы қазақ поэзиясы және

Зейнолла Шүкіров шығармашылығы.............................................


9





1.2

Ақын лирикасы жанрларынын поэтикалық ерекшеліктері.........

25













2

ЭПИКАЛЫҚ ПОЭЗИЯ ДӘСТҮРІ ЖӘНЕ АҚЫН ПОЭМАЛАРЫНДАҒЫ КӨРКЕМ ШЫНДЫҚ







2.1

Антикалық дәуір сюжеттері жырлануындағы көркемдік шындық сипаты.................................................................................

48





2.2

Өмір шындығының эпикалық жырлануындағы көркемдік шешім.................................................................................................

67














ҚОРЫТЫНДЫ...............................................................................................

103













ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ..........................................

107


кіріспе
Зерттеу жұмысының жалпы сипаттамасы. Қазақ поэзиясының тарихи даму кезеңдеріндегі мазмұн мен пішін жүйесін құрайтын поэтикалық сипат үздіксіз жаңғыру, жаңару жолымен келеді. ХХ ғасырдың 50–70-жылдарындағы көрнекті ақындардың лирикалық және эпикалық жанрлар жүйесін дамыта, көркемдік-стильдік дәстүр жолын жалғастыра жырлау ерекшеліктері әдеби даму үдерісінің шығармашылық сипатын танытты. Қазақ поэзиясындағы көрнекті ақындардың романтизм және реализм көркемдік әдістері тұтастығындағы шығармалар жазуы ұлттық сөз өнерінің жалпыәлемдік әдеби үдеріспен сабақтас болмысын айқындай түсті. Ағартушы ғалым Ахмет Байтұрсынов «Әдебиет танытқыш» (1926) атты ғылыми-теориялық іргелі еңбегінде сөз өнерінің рухани құндылық тұғырындағы көркемдік-эстетикалық маңызын атап көрсеткен-ді:

«Өнердің ең алды – сөз өнері деп саналады. Өнері алды – қызыл тіл» деген қазақ мақалы бар. Мұны қазақ мал баққан, сөз күйттеген халық болып сөз қадірін білгендіктен айтқан. Алдыңғы өнердің бәрінің де қызметін шамаларынша сөз өнері атқара алады. Қандай сәулетті сарай болсын, қандай сымбатты я кескінді сүгіреттер болсын, қандай әдемі ән-күй болсын – сөзбен сөйлеп, сүгіреттеп көрсетуге, танытуға болады. Бұл өзге өнердің қолынан келмейді» [..., 7-б.].

Қазақ сөз өнерінің тарихындағы көрнекті шығармашылық тұлғалар арқылы осындай ұлағат айқындалуы қазақ поэзиясын романтикалық және реалистік сарынды шығармаларымен мол әдеби мұрасы даралана танылған ақындардың бірі Зейнолла Шүкіровтің осындай әлемдік классикалық поэзия деңгейіндегі лирикалық және эпикалық шығармаларының жанрлық табиғатын, көркемдік сипатындағы өзіндік шеберлік даралығын қазақ поэзиясы дамуы үдерісімен сабақтастыра қарастыру маңыздылығы айқындалды.

Диссертациялық зерттеу жұмысы көрнекті ақын Зейнолла Шүкіров поэзиясының поэтикалық сипатын саралап таныту арқылы қазақ сөз өнеріндегі көркемдік дәстүр жолының шынайы жалғастық табиғатын танытады.



Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақ поэзиясында өзіндік дара шығармашылық тұлғасымен даралана танылған Зейнолла Шүкіровтің лирикалық өлеңдері мен эпикалық шығармалары ХХ ғасырдың 50–70-жылда-рындағы қазақ поэзиясының өсу, кемелдену келбетін құрайды. Ақынның лирикалық өлеңдері мен поэмалары аталған жылдарда миллиондаған оқырмандардың көңілдерін баурады. Ақын шығармаларындағы лирикалық қаһарманның тұлғалық бейнеленуінен уақыт пен кеңістіктегі өмір шындығы қозғалыстарындағы адамдардың жан ділі әлеміндегі саналуан сарынды толғаныстардың, тебіреністердің, қуаныш пен қайғыға, үміт пен торығуға, жасу мен жігерленуге және т.б. бір-біріне қарама-қарсы құбылыстар мен қасиеттердің өзара қатарласқан, шендескен, үндескен поэтикалық сипаты философиялық, психологиялық сарындар тұтасуы жағдайында жырланды. Ақынның азаматтық-отаншылдық, гуманистік дүниетанымы аясында жырланған лирикалық және эпикалық шығармаларындағы мазмұн мен пішін поэтикасын құрайтын ерекшеліктерін арнайы қарастыру арқылы ақынның өзіндік шығармашылық даралығын, сол арқылы қазақ поэзиясының көркемдік дамуына ортақ ерекшеліктер болмысын саралаймыз. Лирикалық және эпикалық шығармаларында өмір шындығы құбылыстары жеке мен жалпы, қарама-қайшылықтардың күресі мен бірлігі және т.б. философиялық-психологиялық күрделі поэтикалық сипаты бар Зейнолла Шүкіров поэзиясын арнайы қарастыруы өзектілігі осындай зәру мәселелер аясында айқындалады.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қазақ поэзиясының ХХ ғ. 50–70-жылда-рындағы дамуы мәселелеріне арналған шолу еңбектерде аталып өткені болмаса, ақынның поэзиялық мұрасы толық қамтыла арнайы қарастырыла қоймады. Әрине, ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған естеліктер, лирикалық өлеңдер, дастандар туралы әдеби-танымдық мақалалар әр жылдары жазылып та келеді.

А. Тоқмағамбетовтің «Жаралы жолбарыс», М. Әлімбаевтың «Құрыш қазақ» дастандары, С. Мәуленовтің «Құрыш жүрек», А. Мекебаевтың «Ақынның қанатты ғұмыры», М. Қаназовтың «Сағыныштың сары жапырақтары», Ж. Түменбаевтың «Алақанда өткен аға», Т. Нұрмағамбетовтің «Теңізден бұрын өлген ақын», Ш. Сариевтің «Теңіз толқынында туған ақын», Ө. Жолымбетовтің «Қайсар қазақ», А. Сәдібекұлының «Содан бері ағып өтті талай жыл», С. Жұбатырұлының «Азабынан абат өсірген тағдыр» және т.б. естелік-очерктерде ақынның ғұмырнамалық-шығармашылық тұлғасы сөз болған.

Зерттеуші ғалымдар Т. С. Тебегеновтің, Б. Кәрібозұлының зерттеу мақалаларында ақын лирикасына байланысты пікірлер айтылған.

Қазақ поэзиясындағы көрнекті ақындар Қ. Аманжоловтың, Ж. Молдағалиевтің, С. Мәуленовтің, Қ. Мырзалиевтің, Ф. Оңғарсынованың, М. Мақатаевтың, Ә. Абайділдановтың, Т. Молдағалиевтің, Ж. Нәжімеденовтің, М. Шахановтың, Ө. Сүлейменовтің, Т. Медетбековтің, Н. Оразалиннің және т.б. көрнекті ақындар шығармашылығына арналған зерттеулерде де З. Шүкіров поэзиясына қатысты кейбір ортақ мәселелелердің айтылғаны бар. Жинақтап айтқанда, ХХ ғасырдың 50–70-жылдарындағы қазақ әдебиеті тарихының кезеңінде поэзиясымен, прозасымен елеулі үлес қосқан көрнекті қаламгер Зейнолла Шүкіровтің лирикалық өлеңдері мен поэмаларын арнайы қарастырған зерттеу жұмысын жазу – уақыт талабының зәру мәселесі.



Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. ХХ ғасырдың 50–70-жылдары қазақ әдебиеті тарихына өзінің елеулі үлесін қосқан көрнекті қаламгер Зейнолла Шүкіровтің лирикалық өлеңдері мен поэмаларының поэтикалық табиғатын саралап бағалау мақсатына арналған зерттеу жұмысында мынадай міндеттерді орындау көзделді:

– Зейнолла Шүкіров лирикасындағы адамзаттық-отаншылдық дүниетаным жырлануын саралау;

– философиялық-дидактикалық өлеңдерінің жанрлық ерекшеліктерін талдау;

– махаббат лирикасының идеялық-композициялық сипатын бағалау;

– көңіл-күй әуендері жырланған лирикалық өлеңдердегі элегиялық сарындардың психологиялық сипатын айқындау;

– табиғат лирикасын құрайтын өлеңдердегі пейзаждық бейнелеулер мен адам жан ділінің психологиялық егізделу ерекшеліктерін анықтау;

– махаббат лирикасы өлеңдеріндегі романтикалық-элегиялық әуендер тұтастығын жүйелеу;

– сатиралық өлеңдеріндегі сыншыл реалистік көркемдік тәсіл ерекшеліктерін, анықтау;

– лиро-эпикалық балладаларының поэтикалық сипатын айқындау;

– фольклорлық-мифологиялық, антикалық сюжеттер негізіндегі поэмаларының көркемдік шешім ерекшеліктерін қарастыру;

– тарихи шындық негізіндегі поэмаларының көркем шындықпен бейнелену сипатына байыптау.

Зерттеу жұмысының нысаны. Диссертациялық жұмыстың нысаны – ақын З. Шүкіровтің әр жылдары жарық көрген поэзиялық жинақтары: «Менің достарым» (1955), «Теңіз жыры» (1960), «Арал дәптері» (1962), «Жүрекке әмір жүрмейді» (1963), «Алау» (1966), «Арал толқындары: Таңдамалы өлеңдер мен поэмалар» (1968), «Сағыныш» (1970), «Адам – Жер – Ана» (1974), «Таңдамалы өлеңдер мен поэмалар» (1977).

Зерттеу пәні. З. Шүкіровтің барлық лирикалық өлеңдері мен поэмалары – зерттеу пәні.

Зерттеу теориялық және әдіснамалық негізі. Диссертациялық жұмыстың ғылыми-теориялық методологиялық негізі ретінде әдебиеттің поэзиялық жанрларына байланысты отандық және шетелдік әдебиеттанушылардың еңбектері пайдаланылды. Әбунасыр әл-Фарабидің [2], Ш. Уәлихановтың [3], А. Байтұрсыновтың [1], Х. Досмұхамедұлының [4], С. Сейфуллиннің [5], М. Әуезовтің [6, 7], Ә. Марғұланның [8, 9], С. Мұқанов-тың [10], Қ. Жұмалиевтің [11], Б. Кенжебаевтың [12, 13], Ә. Қоңыратбаевтың [14, 15], М. Қаратаевтың [16], Е. Исмайыловтың [17], Ә. Тәжібаевтың [18], Қ. Бекхожиннің [19], Х. Сүйіншәлиевтің [20], С. Қирабаевтың [21, 22], З. Қабдоловтың [23], Т. Кәкішевтің [24], М. Базарбаевтың [25], З. Ахметовтің [26], Ж. Ысмағұловтың [27], Т. Қожакеевтің [28], Р. Бердібайдың [29, 30], М. Мырзахметұлының [31, 32], Ш. Елеукеновтің [33], М. Жолдабековтыің [34], С. Қасқабасовтың [35], Р. Нұрғалиевтің және т.б. аға буын ғалымдардың [36-43] еңбектері негіз болды.

Сонымен бірге, ХХ ғасырдың екінші жартысындағы, қазақ әдебиеттануының соңғы онжылдықтардағы, ХХІ ғасырдың басындағы іргелі де пайдаланылды. Қ. Мәшһүр Жүсіпов [44, 45], А. Еспембетовтің [46], С. Негимовтің [46], Т. Рахымжановтың [47], С. Дәуітовтің [48], Д. Ысқақұлының [49], Ж. Дәдебаевтың [50], Қ. Әбдезұлының [51], Ө. Әбдиманұлының [52], Қ. Алпысбаевтың [53], Қ. Мәдібаеваның [54], Т. Есембековтің [55], Б. Әбдіғазиұлының [56], Б. Майтановтың [57], Б. Кәрібозұлының [58], З. Н. Сейітжановтің [59], Б. Мамыраевтың [60], С. Асылбекұлының [61], А. Жақсылықовтың [62], Т. Тебегеновтің [63, 64, 65], Ә. Тарақовтың [66], Б. Омарұлының [68], А. Ісімақованың [69], Д. Қамзабекұлының [70], С. Құлбарақовтың [67], Б. Ердембековтің [71], М. Шындалиеваның [72], Г. Пірәлиеваның [73] және т.б. ғалымдардың еңбектері негізге алынды.

Сонымен бірге, орыс ғалымдары Г. Н. Поспеловтің [74], Л. И. Тимофеевтің [75], Г. Л. Абрамовичтің [76], В. В. Бадиковтың [77], В. В. Савельеваның [78], Л. В. Сафронованың [79] және т.б. ғалымдардың еңбектеріндегі ғылыми ой-пікірлер ескерілді.

Зерттеу әдістері. Қазақ поэзиясындағы романтикалық және реалистік сарындар тұтастығымен жырлаудың жаңашыл үлгілерін танытқан Зейнолла Шүкіровтің поэзиясындағы жанрлық, көркемдік мәселелерін айқындауда жүйелі-кешенді, тарихи-салыстырмалы әдістер қолданылды. Ақынның лирикалық өлеңдері мен поэмаларын талдауда ұлттық және әлемдік әдеби үдеріс сабақтастығы да негізге алынды.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы.

– көрнекті ақын Зейнолла Шүкіров поэзиясының алғаш рет толық қамтыла арнайы зерттеу нысанына алынып қарастырылуы жұмыстың ең басты жаңалығы болып саналады;

– жұмыста Зейнолла Шүкіровтің лирикалық және эпикалық шығармаларының қазақ және әлем әдебиетіндегі көркемдік жалғастық жүйесіндегі орыны анықталды;

– ақынның лирикалық өлеңдеріндегі азаматтық-отаншылдық сезім мен ұлттық көркемдік ойлауы тұтастығындағы дүниетаным сипаты айқындалды;

– ақынның лирикалары өлеңдеріндегі табиғат құбылыстары мен адам жан ділі болмысының психологиялық егізделген болмысының поэтикалық ерекшеліктері сараланды;

– элегиялық-өлеңдеріндегі романтикалық-философиялық дүниетаным әлемі дәйектелді;

– сатиралық-сыншылдық өлеңдеріндегі адамгершілік-имандылық тәлім-тәрбиесіне арналған этнопедагогикалық-дидактикалық көзқарастар сипаты дәлелденді;

– балладаларындағы лирикалық және эпикалық тұтастық құрылымындағы философиялық-психологиялық сипат байыпталды;

– фольклорлық-мифологиялық антикалық сюжеттерге негізделген поэмаларының мазмұны мен пішіні жүйесіндегі кейіпкерді даралау мен көркемдік шешім эстетикасы ғылыми бағаланды;

– тарихи шындық пен аңыздық оқиғаларға негізделген поэмаларындағы көркемдік шындық жинақтауларының ерекшеліктері жүйеленді;

– ақын поэзиясының өзіндік-стильдік ерекшеліктеріне бағалаулар жасалды.

Зерттеудің теориялық-практикалық маңызы. Диссертациялық жұмыстың ғылыми нәтижелері мен тұжырымдары қазақ әдебиеті тарихын жаңа ізденістермен толықтыру бағдарындағы теориялық-зерттеулерге бағдар бере алады. Еңбек жоғары оқу орындарындағы филология факультеттерінде қазақ әдебиетінің ХХ ғасырдың 50–70-жылдарындаеы кезеңін оқыту пәндерінің, сонымен қатар арнаулы курстардың дәрістерін оқуға, семинар сабақтарын жүргізуге көмекші материал болады. Орта, орта арнаулы, жоғары оқу орындары үшін оқулықтар, оқу құралдарын жазуда да қосымша дереккөз қызметін атқара алады.

Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:

– Қазақ поэзиясындағы романтизм мен реализм көркемдік әдістері тұтастығындағы даму жолы дарынды тұлғалар шығармашылығы негізінде қалыптасты.

– ХХ ғ. 50–70-жылдарындағы қазақ поэзиясындағы көрнекті ақындар шығармалары ұлттық және әлемдік рухани құндылықтар жүйесін қалыптастырды.

– Қазақ әдебиетінің тарихында лирикалық өлеңдерімен, поэмаларымен, прозалық шығармаларымен мол әдеби мұра қалдырған Зейнолла Шүкіров шығармашылығы классикалық әдебиет дәстүрін жалғастырған шеберлігімен бағаланады.

– Зейнолла Шүкіровтің лирикалық өлеңдеріндегі азаматтық-отаншылдық сарындар ұлттық және жалпыадамзаттық гуманизм мұраттары жолын толықтырған сипатымен дараланады.

– Ақынның көңіл-күй, элегия, махаббат лирикасы тобындағы өлеңдері психологиялық, философиялық тереңдіктерімен айқындалады.

– Ақынның табиғат лирикасы жаратылыс құбылыстары мен адамдар жан әлемі құбылыстарының, қасиеттерінің психологиялық егізделген, шендестірілген поэтикалық күрделі бейнелену ерекшеліктерін танытады.

– Ақынның сатиралық өлеңдері адамзат ұрпақтарының эстетикалық, көркемдік ойлау дүниетанымын жетілдіру жолындағы сыншылдық, тәлім-тәрбиелік ұлағат ұстанымын көрсетеді.

– З. Шүкіров поэмаларының антикалық фольклорлық-мифологиялық және тарихи деректі өмір шындығы негізінде жырлануы көркемдік шындық поэтикасын дамытудағы шеберлік өнегесі.

– З. Шүкіровтің лирикалық өлеңдері мен поэмаларының жанрлық жүйесі мен көркемдік ерекшеліктері қазақ поэзиясының әдеби үдерістегі дәстүр мен жаңашылдық өнегесі сипатымен бағаланады.



Зерттеу жұмысының сарапталуы, жариялануы, мақұлдануы. Диссертацияның негізгі мазмұнын құрайтын бөлімдеріндегі ғылыми тұжырымдары, нәтижелері, негізгі қорытындылары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті белгілеген ғылыми басылымдарда жарық көрді. Халықаралық және республикалық ғылыми-теориялық ғылыми-тәжірибелік конференцияларда баяндамалары тыңдалып, жинақтарында жарияланды.

Диссертацияның құрылымы. Диссертация кіріспеден, іштей тарауларға бөлінген екі бөлімнен, қорытындыдаң және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1 РОМАНТИЗМ ЖӘНЕ РЕАЛИЗМ КӨРКЕМДІК ӘДІСТЕРІ ТҰТАСТЫҒЫМЕН ЖЫРЛАНҒАН ЛИРИКАЛЫҚ ПОЭЗИЯ ДӘСТҮРІ
1.1 ХХ ғасырдың 50–70-жылдарындағы қазақ поэзиясы және Зейнолла Шүкіров шығармашылығы
Әлем әдебиеті – жер бетіндегі барлық халықтардың бұрынғы-соңғы мұраларынан құралған рухани құндылықтар қазынасы болып саналады. Дүниежүзіндегі бес құрлықты мекендейтін халықтардың ежелгі замандарда негізі қаланған, кейінгі дәуірлерде көркемдік сипаты жетіліп қалыптасқан сөз өнері мұралары мол. Тілдері, діндері, орналасқан географиялық аймақтары бөлек болса да, шығармалардың мазмұны мен пішініне ортақ көркемдік сипаттар әлем халықтары мұраларының ұрпақтарды қалыптастырудағы маңызын үнемі арттырумен келеді.

Әдебиет шығармалары көрнек өнері салаларының (сымбат, сәулет, бейнелеу, әуез) ішіндегі жинақтаушылық, соларды біріктірушілік қызметін атқарады. Көркемдік-эстетикалық аса ықпалды қызмет атқаратын сөз өнері шығармаларының әуелгі пайда болуынан бастап, кейінгі даму белестерінің бәрінде де поэзиялық шығармалардың негізгі тірек-желі болғаны мәлім. Көркем әдебиет дамуының барлық кезеңдерінің әуелгі басталуынан бастап кейінгі даму кезеңдерінде де эпос, драма тектері жанрлары поэзиялық сипатпен жарық көрген. Бұл орайда, академик З. Қабдоловтың сөз өнері тарихындағы туа біткен талант табиғаты туралы ғылыми тұжырымын негізге аламыз:

«Талант атаулы қашаннан халық құрметі мен сүйіспеншілігіне бөленген. Айталық, қазақ халқы атам заманнан бері қарай ел ішінде ақыны мен әншісін айрықша қадірлеген. Өнер иесін қасиет тұтып, киелі санаған жұрттар да бар. Айта берсек, сонау көне дүниенің аңғырт ұғымы суреткер талантын кейбір таңдаулыларға тартқан құдайдың сыйы деп білген. «Құдай сыйы» хақындағы ұғым бағзы заман ғана емес, кейінгі дәуірлерде де көп айтылған: біреулер идеалистік астармен көрер көзге өтірік айтса, біреулер әншейін айшықты сөз ретінде лепіріп айтқан. Әйтпесе, талант тасасында тұрған мұншалық құпия сыр да, сипат та жоқ екені ешқандай дәлел қажет етпесе керек. Сөйте тұра, суреткер болу үшін адамға тума қабілет, табиғи дарын қажет екенін кім кімде мойындауға тиіс. Әңгіме сол қабілет пен дарынның қалай тәрбиеленуінде, қалыптасуында және дамуында жатыр» [23, 12-б.].

Әлем әдебиеті тарихындағы әдеби тек түрлері (эпос, лирика, драма) жанрларындағы шығармалардың халық көңіліне ұялаған үлгілерінің барлығы да сөз өнері тарихын қалыптастырды. Халық ықыласын иеленген талантты, дарынды ақындар шығармаларының ғасырлар бойы ұрпақтардың жадында жатталуы, авторларының әрбір ғасыр сайын жаңғырған қалпымен құрметтелуі – сөз өнері құдіретінің ұлағатын дәлелдеумен келеді.

Халық жүрегінен орын алған ақын-жазушылар шығармаларының ұрпақтар санасынан орын алуының басты себебі – мыңдаған, миллиондаған оқырмандардың жан әлеміндегі үздіксіз қозғалыстағы сезім тебіреністерімен, толғаныстарымен үндес жырланатындығы. Қуаныш пен қайғы, үміт пен торығу, сәттілік пен сәтсіздік, сенім мен опасыздық, мәрттік пен екі жүзділік және т.б. саналуан қарама-қайшылықты тіршілік құбылыстары мен қозғалыстары адамдардың көңіл әлеміндегі саналуан толғаныстар кеңістігін қалыптастырады. Талантты, дарынды ақындардың өлеңдері осындай күрделі көңіл-күй әуендері сапырылысқан адамдардың сезімдерімен үндеседі. Ақындардың жырларынан өз көңілдеріндегі сезім толқыныстарына үндестік, сәйкестік тапқан адамдар сол туындылардан рухани ем алғандай сезінеді. Қуанышына, қайғысына, үмітіне, сеніміне, т.б. сөзім өрнектеріне ортақтық табады. Осылайша саналуан сезімдер тоғысындағы өміршең туындылардың халықтық сипатқа ие болған мәртебесі қалыптасады. Қазақ әдебиетіндегі авторлық поэзияның қалыптасуы мен дамуындағы көрнекті ақындар шығармаларының барлығы да осындай өмір шындығының халықтық сынағынан өткені анық.

Романтизм мен реализм көркемдік әдістері ХІХ–ХХ ғасырлардағы әлем әдебиетінің негізгі көркемдік әдістері қызметімен танылады. ХІХ ғасырдағы әлем әдебиеттері дамуының желісінде ұлттық және жалпы адамзаттық көркемдік дәстүр сабақтастығы жүйесінде адамзат көркемдік ойлауына тән тың серпілістер бейнелене бастады.

Қазақ әдебиеті – әлемдік сөз өнері үдерісіндегі көрнекті арналардың бірі. Сондықтан, көркем әдебиет дамуына ортақ өмір шындығы мен көркем шындық тұтастығын шығармалар арқауына алатын болмыс тарихилығы негізіндегі жағдайдың сөз өнеріне ықпал ететіні басты назарда болады. Қазақ поэзиясындағы классикалық үрдістер мен жаңашыл сарындар сабақтастығын байыптағанда әлемдік әдеби үдерістегі тарихи оқиғалармен сабақтастықтың ықпалды сипатын бағалаймыз.

Әлем әдебиетін зерттеушілердің пікірі бойынша романтизм мен реализм көркемдік әдістері бір-бірімен тығыз ұштаса отырып, адамзаттың өмір шындығы негізіндегі көркемдік танымы кеңістігін айқындауымен ерекшеленеді. Әлем әдебиетіндегі осы шығармашылық құбылыс поэтикасын зерделеген ғалымдар пікірі де біздің бағдарлы ойымызды дәйектейді:

«В основе романтического художественного метода лежит «романтическое двоемире» – ощущение глубокого разрыва между идеалом и действительностью. При этом романтику по-новому понимают и идеал, и действительность по сравнению с классицистами. У классицистов идеал конкретен и доступен для воплощения, более того, он уже был воплощен в античном искусстве, которому поэтому и следует подражать, чтобы приблизиться к идеалу. Для романтиков идеал – это нечто бесконечное, абсолютное, прекрасное, совершенное, при этом таинственое и часто непостижимое» [80, с. 36].

Қазақ поэзиясының ХІХ–ХХ ғасырлар белестеріндегі романтикалық сарынды шығармаларының табиғатынан да осы аталған шығармашылық ерекшелік құбылысын байқаймыз. ХІХ ғасыр әдебиетіндегі Дулат Бабатайұлының, Шортанбай Қанайұлының, Махамбет Өтемісұлының, Мұрат Мөңкеұлының, Базар Оңдасұлының, Шернияз Жарылғасұлының, Сүйінбай Аронұлының және т.б. дәстүрлі ақындар поэзиясы тұлғаларындағы романтизм мен реализм көркемдік әдістері тұтастығының болғаны – ұлттық сөз өнері тарихындағы басты сипат. Бұл орайда, академик З. Ахметовтің «Романтизм» атты еңбегіндегі ғылыми тұжырымды басшылыққа аламыз:

«... көркемдік әдіс ретінде алғанда романтизм әлдеқайда кеңінен мағына береді, осы әдістің негізгі принциптерін, бейнелеу тәсілдерін (қиялшылдық, ерекше көңіл аударарлық оқиғалар, сирек кездесетін арманшыл кейіпкер, романтикалық көтеріңкі леп, романтикалық сарын, т.б.) белгілі бір тарихи кезеңнің шеңберінде алып, нақтылы бір елдің әдебиетімен, өнерімен шектеп қою дұрыс болмас еді.

Романтизм әдісі негізінен алғанда жазба әдебиетінде ХІХ ғасырда толық қалыптасып, өзінің кемелдік дәрежесіне көтерілгенін айта отырып, осы әдіске тән бейнелеу тәсілдері одан әлдеқайда ерте кездегі сөз өнерінен (ауыз әдебиетінен), қылаң беріп, көрініп қалып отыратынын, бұл көркемдік әдістің кейін ХХ ғасырда жаңа сипат алып, дамып келе жатқанын, оның негізгі принциптері көркем өнерінің табиғатына сай болғандықтан алдағы уақытта да қолданыла беретін мойындау керек» [81, 177-б.].

Осы пікірмен үндес ғылыми тұжырым академик З. Қабдоловтың «Сөз өнері» кітабында да айтылған.

Демек, ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ поэзиясындағы ақындар шығармашылығында романтизм мен реализм көркемдік әдістерінің сабақтас өріле жырлануы – жалпы әлемдік әдеби үдеріс қозғалысының көрсеткіші. Осы кезеңдегі көрнекті ақын Зейнолла Шүкіровтің поэзиялық шығармаларының да романтизм мен реализм көркемдік әдістері тұтастығымен жырланғандығын аңғарамыз.

Әдеби процесс әдел халықтарының тарихындағы жекелеген көрнекті қаламгерлер шығармаларының жинақтала келе, тұтас көркемдік ойлау кеңістігін құрайтын болмысын бейнелейді.

Қазақтың ежелгі дәуірлерде негізгі қаланған көркем әдебиеті жанрларының жүйесі ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың тұтас желісінде көркемдік жалғастықпен, жаңашыл серпінмен дамыды. Хакім Абай негізін қалыптастырған жаңа жазба реалистік әдебиет романтизм мен реализм тұтастығындағы көркемдік сипатымен дамыды. Фольклор мұралары мен дәстүрлі ақын-жыраулар поэзиясында көркемдік негізі қаланған, одан кейін хакім Абай және оның ақындық мектебі ізімен дамыған қазақ поэзиясында романтизм мен реализм көркемдік әдістерімен жырланған шығармалар халықтың шынайы қабылдау, ықыласын иеленді. Ақылбай Абайұлының, Мағауия Абайұлының, Шәңгерей Бөкеевтің, Шәкәрім Құдайбердіұлының, Мағжан Жұмабаевтың, Бернияз Күлеевтің, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың және т.б. ақындар шығармалары ұлттық поэзиямызды әлемдік әдебиеттегі классикалық үрдістер деңгейіне көтерді.

Романтизм мен реализм көркемдік үрдістері тоғысуымен жырлауда Сәкен Сейфуллиннің, Ілияс Жансүгіровтің, Бейімбет Майлиннің, Сәбит Мұқановтың лирикалық және эпикалық поэзиялық шығармалары көркемдік-эстетикалық дүниетаным кеңістігінің сөз өнері арқылы бейнелену мүмкіндіктерін айқын танытты.

Қазақ поэзиясында адамның жан ділі әлемі мен қоршаған ғарыштық-ғаламдық тіршілік ортасының әр үндес, тектес, сонымен бірге қарама-қайшылықты құбылыстарын да, қасиеттерін де психологиялық егіздеумен де, қатарластыра, салыстыра шендестірумен де бейнелеуі жаңашыл серпінмен өрістеді. Қазақ поэзиясындағы романтикалық және реалистік бейнелеулерден ғарыш кеңістігіндегі бүкіл жанды және жансыз денелердің өзара қарым-қатынастар жүйесі поэтикалық көркемдік жинақтаулармен өрнектелді. Бұл арада, әрине, ХІХ–ХХ ғасырлардағы қазақ ақын-жазушылары шығармашылығындағы әдеби ықпалдастықтар жүйесінің маңызы да ерекше орын алды. Себебі, ежелгі дәуірдерден бері әлем халықтарының фольклор мұралары мен әдебиет шығармаларының өзара араласуларының, байланыстарының үздіксіз дамып келгені мәлім. Қазақ сөз өнеріндегі ежелгі замандардан бері түркі халықтарына ортақ жәдігерліктердің, жанрлардың, сюжеттердің аралас-құралас келгені – табиғи-тарихи ерекшелік. Сонымен бірге, Азия, Африка, Еуропа, Америка құрлықтары халықтарының фольклор мұралары мен әдебиет шығармаларының өзара үндесуі де, ортақ сюжеттердің болуы да, сол арқылы ұлттық және жалпыадамзаттық көркемдік-эстетикалық ойлаудың біртұтастығы да айқындалады.

ХХ ғасырдың екінші жартысындағы әдеби үдеріс қазақ поэзиясының көрнекті ақындары Қасым Аманжолов, Әбу Сәрсенбаев, Сырбай Мәуленов, Хамит Ерғалиев, Ғафу Қайырбеков, Аманжол Шамкенов, Әбдікәрім Ахметов, Ізтай Мәмбетов, Тоқаш Бердияров, Қуандық Шаңғытбаев, Қайнекей Жармағамбетов, Жұмекен Нәжімеденов, Қадыр Мырзалиев, Мұқағали Мақатаев, Зейнолла Шүкіров, Төлеген Айбергенов, Сағи Жиенбаев, Әділбек Абайділданов және т.б. талантты ақындар шоғыры ұлттық сөз өнерінің дәстүрлі жолын жаңа көркемдік сапамен жаңғыртты. Осы ақындардың лирикалық және эпикалық жанрларда жырланған шығармаларында өмір шындығы романтикалық және реалистік сарындар тұтастығымен жырланды.

Әдеби үдерістегі ақындардың ұлттық және әлемдік үдеріс сабақтастығы сәйкестігімен жырлауы арқылы қазақ поэзиясындағы әлем өркениеті деңгейіндегі өсуі, жетілуі дамыды. Поэзиялық шығармалар жанрларының да романтикалық сипатпен жырлануы – көркемдік жаңашылдықпен дамудың көрсеткіші.

Аға буын және кейінгі толқын ақындардың осындай көркемдік үдерістерге сәйкес өсуі, жетілуі, ұлттық поэзияның көркемдік сапамен дамуы туралы қайраткер тұлғаларымыздың пікірлері де сол кезеңде айтылды. Бұл орайда, суреткер жазушы Мұхтар Әуезовтің «Мәлік Ғабдуллинге жауап хат» (1955) атты хат-мақаласындағы келелі ойдың келісті тұжырымдары сөз арқауындағы ХХ ғасырдың 20–50-жылдарындағы ұлттық поэзиядағы романтизм мен реализм көркемдік әдістері аясындағы даму сипатын тануға бағдарлайды:

«Біздің поэзиямыз 20-шы жылдардан 30-шы жылдарға басқанда бір он жыл емес, талай он жылдар сапалы сапарын кешіп өтті. Одан әрі 40-шы жылдарға, қан сапырылған қатал жылдарға жалғаса тағы да өскелең қанат қақты. Қара үзіп, аса түсті. Қазір, міне 50-ші жылдардың орта деңгейіне жетіп отырмыз. Бүгінгі поэзия қырқыншы қырқыншы жылдардыкі емес. Аса өскен мәдениетімен ізденгіш өнерімен, әр сипат нәрімен де, барымен де үлгілі поэзия өрісін тауып отыр. Саты-саты, қат-қаты қасиеті танылады» [82, 383-б.].

Бұл – қазақ поэзиясының жаңа тақырыптарды, көркемдік шеберлікті игеруін таныған классик қаламгердің, ғұламаның тұжырымы. Поэзиясындағы лирикалық және эпикалық шығармалардың оқырмандардың көркемдік-эстетикалық дүниетанымын тереңдететін, рухани түсіну, бағалау көзқарастарына ықпал ететін шығарма тұғырында танылуы талантты, дарынды ақындардың ғана туындылары арқылы жүзеге алады. Қазақ және әлем халықтарының сөз өнері мұраларын жан-жақты зерделеп зерттеген Мұхтар Әуезовтің ХХ ғасырдың 20–50-жылдарындағы қазақ поэзиясының даму жетістіктерін де, игере алмағанын да сынып бағалауы көркемдік мұраттың жүзеге асуын ойлаған, өнерді сүйген жанашырлықтың көрінісі.

Мұхтар Әуезовтің ХХ ғасырдың 50-жылдарындағы қазақ поэзиясының көркемдік сипатын бағалауы «Жыл келгендей жаңалық сеземіз» (1960) атты баяндама-мақаласында да дамытыла айтылған. Ғұлама, суреткер Мұхтар Әуезовтің осы баяндамасындағы айтылған ойлары сөзінің нысанына алынған кезеңдегі ақындар арқылы қазақ поэзиясының өсу, өркендеу сипатын да танытты. Ұстаздың бағалауымен «Жас қанат» жинағындағы ақындардың өлеңдерінің (Ізтай Мәмбетовтен «Жайыққа», «Өгей шешем»; Тілеген Шопашевтен «Сарысудағы жас», «Шиелі», «Нартай ақын», «Сырласу»; Тұманбай Молдағалиевтен «Алматы таңы», «Көктем», «Асыл ұстазға», «Немере сыры», «Хат»; Сағи Жиенбаевтан «Партия туралы жыр», «Анама», «Абзал ана»; Қадыр Мырзалиевтен «Жас ақынға», «Жырға симас нұр көрдім», «Еңбек») көркемдік талапқа сәйкес жырланғандығына жоғары баға береді.

Қазақ поэзиясының өскелең талаппен өркендеуі үшін бірқатар өзекті тілектер (көп сөзділікке ұрынбау, ойлылықпен, образбан жырлау, әлеуметтік-халықтық, достық, бейбітшілік тақырыптарын игеру, өзімшілдіктен, күншілдіктен, табысқа мастанудан, асқақтаудан аулақ болу, т.б.) айтты.

Қазақ поэзиясының әлем халықтарының үздік ақындарымен деңгейлес даму деңгейінде болуы үшін үнемі үздіксіз ізденіспен жүрудің тағылымды жолын түсіндірген. ХХ ғасырдың 50-жылдарындағы аталған ақындар шоғырындағы жақсы көрсеткіштерді де, олқылықтарды да білікті ұстаз көзқарасымен саралай келе қазақ поэзиясының көркемдік болмысын ғылыми-теориялық тұжырымымен түйіндей сипаттайды:

«Жалпы лирика туралы, қорытып айтқанда, біздің әдебиетке мәдениетті ақындар, оқыған ақындар келе бастаған. ... Біздің дәуірімізде оқымысты ақындардың өмірге келгендігінің бір белгісі – қазақ әдебиетінің өзіндегі дәстүрлер ғана емес, айналасын көріп шарлап қалғандығы байқалады. Твордовский, Исаковский, Вургун, Ғамзатов сияқты ақындар қалай жырлайды? Айналаны, есікті түртіне жүргендігі байқалады. Жалғыз қазақ әдебиеті көлемінде өзімен-өзі болып, жалғыз шапқан аттың көдеден, бұтадан озғаны сияқты болу жарамайды. ... Поэзияның тақырыбы шағын болса да өзінің туған жерін, анасының жайын, көктем, күз, қыс, махаббат мәселесін айтқысы келеді. Бұл тақырыптар – бүкіл адамзат тарихи болғаннан бері айтылып келе жатқан тақырыптар. Әрдайым өз үнімен, өзіндік сөзімен, өз күйі, өзге білмеген бір пернені басады. Қазіргі поэзияның, мәдениетті поэзияның өкілдерінің – әрбір ақынның өзінің өзіндік тілі, үні біреудің айтқанын жазу керек емес дегендей талаптарды өздеріңізге өздеріңіз қойып келе жатқандықты байқатады.

Адам поэзия арқылы дүниеде танымағанын танытып, өзінің сезімі, санасы арқылы адамға танытады. Ақын бірқыдыру өзіндік жаңалық тапқысы келеді, өзін-өзі танығысы келеді, өз өмірінің үлкен шындығын, балалығын, анасын айтады. Жарды, жерді айтады махаббат жайын жырлайды» [83, 448-450-бб.].

Бұл – қазақ және әлем халықтары поэзиясына ортақ поэтикалық ерекшелік. Көркемдік даму жолындағы қазақ поэзиясының 50–70-жылдарындағы дамуына тән жетістіктер мен олқылықтарды саралап, қамқоршы көңілмен пікір айтушылар, әрине, ұлттық-отаншылдық көзқарас ұстанымдарының қуаттылығын танытты.

ХХ ғасырдың 50-жылдары – қазақ әдебиетінің алыптары Сәкен Сейфуллиннің, Бейімбет Майлиннің, Ілияс Жансүгіровтің жазықсыз жазаланудан ақталып, туған халқымыздың тарихымен мәңгілік қауышып жатқан жылдары болды. Әдебиет әлеміне алғашқы туындыларынан бастап-ақ арманшылдықтың-сыршылдықтың, көркемдік өрнектердің көркем шындықпен, бейнеленген үздік үлгілерін әкелген Сәкен Сейфуллиннің, Бейімбет Майлиннің, Ілияс Жансүгіровтің шығармашылық дәстүрінің қайта оралуы хакім Абай мектебі жолындағы қазақ поэзиясын жаңа биіктерге көтерді. Қазақ және әлем әдебиетіндегі ортақ сарындас шығармалардың көркем шындық өрнектерін тың ізденістермен дәстүр мен жаңашылдық рухымен жырлауына қол жеткізді.

ХХ ғасырдың 50-жылдары – қазақ поэзиясына хакім Абай дәстүріндегі жаңа толқынның мол шоғыры келген кезең. Қазақ поэзиясындағы хакім Абай және оның ақындық мектебінен (Шәкәрім, Ақылбай, Көкбай, т.б.), одан кейінгі Шәңгерей, Мағжан, Бернияз, Сұлтанмахмұт, т.б. тұлғалар жолы жаңа таланттармен жалғасты. Ғафу Қайырбеков, Аманжол Шамкенов, Әбдікәрім Ахметов, Ізтай Мәмбетов, Тоқаш Бердияров, Қуандық Шаңғытбаев, Зейнолла Шүкіров, т.б. [84, 31-б.] таланттар жаңа серпінмен қосылды.

Осы жаңа толқын өкілдерінің қатарындағы Зейнолла Шүкіровтің шығармашылығы да ұлттық сөз өнері рухани қазынасын байытқан сипатымен даралана танылды.

Зейнолла Шүкіровтің (1927–1979) шығармашылық өмір жолы – табиғи дарынды адамның тағдыр тауқыметімен арпалыса жүріп еңбек ерлігін танытудың сирек кездесетін үлгісі. Бастауыш білім алып жүрген балалық шақта кенет душар болған науқастықң салдарынан өмірінің ақырына дейін мүгедек болған ақынның мол әдеби мұра жасағаны – нағыз қаһармандықтың-қайсарлықтың үлгісі. Өмірінің соңына дейін қолынан қаламы түспей, көркем әдебиеттің поэзия, проза салаларында мол шоғырлы шығармалар жазған талантты қаламгердің ұлағаты – сөз өнері әлеміндегі өзіндік даралық сипатымен ерекшеленеді.

Зейнолла Шүкіровтің шығармашылық өмірбаяны «Менің достарым» (1955) [85] атты тұңғыш өлеңдер жинағынан басталады. Сол алғашқы кітабымен мыңдаған оқырмандарының жүректерінен орын тапқан ақынның шығармалары жарияланған кітаптарымен осы уақытқа дейін жұртшылықтың жан ділі әлемін баураған көркемдік-эстетикалық тағылымын жалғастырып келеді. «Теңіз жыры» (1960) [86], «Арал дәптері» (1962) [87], «Жүрекке әмір жүрмейді» (1963) [88], «Алау» (1966) [89], «Ізгілік іздері» (1967) [90], «Арал толқындары» (1968) [91], «Жас жесір» (1969) [92], «Сағыныш» (1970) [93], «Жас жесір» (1973) [94], «Адам – Жер – Ана» (1974) [95], «Саршатамыз» (1975) [96], «Солнечно» (1976) [97], «Таңдамалы өлеңдер мен поэмалар» (1977) [98], «Өткелдер» (1983) [99], «Сыр бойы» (1998) [100] және т.б. кітаптары [101, 111-б.; 102, 560-б.] арқылы ұлттық рухани құндылықтар қазынасы құрамында мәңгілік орын алды.

ХХ ғасырдың 50–70-жылдарындағы қазақ поэзиясындағы іздену, жетілу, дәстүрді жаңғырта жырлап тулету құбылысының қалың ортасында Зейнолла Шүкіров шығармашылығын да айтамыз. Қазақстандағы және бүкіл әлемдегі қоғамдық-әлеуметтік оқиғаларға және ғылыми техникалық прогресс дәуіріндегі шығармашылық ойлау еркіндігімен талай ғаламат ерліктер жасап келе жатқан адамзат ақыл-ойының жетістіктерін жырлау ақындардың романтизм мен реализм сарындары тұтастығымен жырлауының ғажайып өнегесін танытты. Зейнолла ақынның поэзиясындағы романтизм мен реализм көркемдік әдістері аясында жырланған шығармалар қазақ сөз өнері дамуындағы дәстүр мен жалғастық заңдылығының тарихи поэтикалық боялысын көрсетеді. Бұл – ХХ ғасырдың 50–70-жылдарындағы қазақ поэзиясы дамуындағы негізгі поэтикалық сипат болмысын құрайтын ерекшелік.

Қазақстан Жазушылары Одағының кезекті V съезіндегі «Көркем әдебиет шығармалары терең де шыншыл болсын» тақырыбымен жасаған баяндамасында ақын Жұбан Молдағалиев 50–70-жылдардағы қазақ әдебиетіндегі жанрлар жүйесін (прозадағы романдарды, повестерді, көркем очерктер мен публицистикалық толғауларды, драматургия дамуын, көркем аударма шығармаларын, әдеби сын еңбектерін, Қазақстандағы туысқан халықтар әдебиеттерін (орыс, ұйғыр, т.б.), баспаларды («Жазушы»), газетті («Қазақ әдебиеті»), журналдарды («Жұлдыз», «Простор»), қазақтың тіл байлығын игеру, т.б. – саналуан мәселелерді саралай бағалайды. Лирикалық және эпикалық поэзиядағы жанрлар, көркемдік сипат туралы жетістіктер мен кемшіліктерге бағалаулар жасап, 50–70-жылдар поэзиясының поэтикалық сипатын жинақтап айқындайды:

«Қазақ көркем сөзінің арғы анасы – «альмаматер» – поэзиямыз үнемі іздену, өсу, ажарлану үстінде. Өлеңіміз өзінің ұлттық бояуын – қанаттылығы мен саздылығын, әсемдігі мен асқақтығын – өркендете отырып, ойшылдана, нақтылана, маңыздана түсті. Егер соның жақсы үлгілерін бүкілодақтық оқырмандарға жұрт қатарлы көрсете алмай жүрсек, бұл өлеңнің кінәсі емес.

Қазақ өлеңі асқақтық, әсірелеу, бояулылық жағынан сорлы болып көрген жоқ. Қайта, сол шешендік, жел сөз, толғау сарыны бізді біраз уақыт дидақтикаға ұрындырып, аяғымызды жерге тигізбей, нақтылықтан, заттылықтан айырып жүрді. Енді өлең ұлттық әдемі бояуларына қоса жаңа өрнектерге ие болды. Олар адам жүрегін ұрандау, дабылдау арқылы емес, сұлу мінез, сезімталдық, мазмұн тереңдігі арқылы баурайды. Ондай сөйлей алатын живопись, тыңдаушыны ұйытатын музыка қасиеті де молығып келеді. ... Тайыр Жароков пен Әбділда Тәжібаевтың бірде романтикалы, бірде нәзік сырлы, бірақ әр уақытта азамат, әр уақытта жүректі поэзиясы, Қалижан Бекхожин мен Хамит Ерғалиевтің үлкен адамгершілік, ақындық жалынмен суарылған есті өлеңдері, Сырбай Мәуленов пен Ғали Ормановтың, Ғафу Қайырбеков пен Зейнолла Шүкіровтің жарқын лирикасы, Сәбит Мұқанов пен Асқар Тоқмағамбетовтің, Дихан Әбілев пен Әбу Сәрсенбаевтың, Сағынғали Сейітов пен Мұзафар Әлімбаевтың, Аманжол Шамкенов пен Ізтай Мәмбетовтің заман үніндей жігерлі жырлары, Қайнекей Жармағамбетовің балладалары, Қуандық Шаңғытбаев пен Нұтфолла Шәкеновтің ән текстері жұртшылыққа бұрыннан белгілі.

Қазіргі қазақ өлеңінің жаңа леп, жаңа жақсы қасиеттер, жан жылуы көбірек көзге түседі. Рубаят, сонет сияқты өлең түрлерінің де дәстүрімізге ене бастауы жырымызды байыту талабынан туған нәрсе. Іздену – қазақ өлеңінің формаларын молықтыру, ырғақ-ұйқастарын жетілдіру саласында да байқалады. Қазір біздің ақындар арасында кәдімгі өзара жарыс, творчестволық бәйге рухы сезіледі» [103, 127-128-бб.].

Демек, Зейнолла Шүкіров – ХХ ғасырдың 50–70-жылдарындағы қазақ әдебиеті үдерісіндегі көрнекті ақын-жазушылар қатарындағы көрнекті шығармашылық тұлға.

Қазақ поэзиясындағы лирикалық өлеңдердің, лиро-эпикалық (баллада), эпикалық (поэма) шығармалардың романтизм мен реализм көркемдік әдістері тұтастығымен жырлануы қазақ поэзиясының көркемдік жүйесін танытып, сол поэтикалық ерекшеліктерді құрайтын ақындар шығармашылығы әлемінде Зейнолла ақынның да өзіндік үлесі айқындалады.

Ақын-жазушылардың шығармашылық өмірбаяндары – сөз өнерінің киесі қонған дара, дана тұлғалар арқылы танылатын адамзат өркениетінің сипаты.

1927 жылдың ақпан айында қазіргі Арал теңізі маңындағы «Қаратөбе» елді мекенінде дүниеге келген ол жастайынан туған халқының фольклоры мен әдебиеті мұраларына іңкәр көңілімен өсіп қалыптасқан. Арал теңізі атырабындағы ежелгі оғыз-түркі, одан бергі Алтын Орда, Ноғайлы дәуірлерінде негізі қаланған ұлттық рухани құндылықтар дәстүрі жалғыз Зейнолла ғана емес, сол аймақта туған перзенттердің барлығын да көркемдік-эстетикалық дүниетаным қуатымен баурап қанаттандырумен келеді.

Әсіресе, Аралға жақын жердегі Мырзас елді мекенінде өмір сүрген Нұртуған Кенжеғұлұлының философиялық-дидактикалық сарынды лирикалық өлеңдері, тарихи дастандары сол төңіректегі ақындық, жыршылық, термешілік өнердің берік қалыптасуына, кейінгі толқын ақын-жазушылардың қалыптасуына зор әсер етті. Бұл ойымызды Зейнолла Шүкіров дүниеге келген, шығармашылық әдеби мұрасының ұлттық және жалпыадамзаттық рухани құндылықтар қазынасына қосылуына көркемдік негіз болған Арал теңізі төңірегі ақындары мұралары туралы жазылған зерттеулер шоғыры да дәйектейді [104, 105, 106, 107].

Әкесі Әнәпия «халық жауы» деген жаламен Сібірге айдалып кеткен, барлық бала-шағаның ауыртпалығы анасы Набаттың мойнына түскен отбасында мүгедектік тауқыметіне ұшыраған бала Зейнолла тағдыр тәлкегімен өмір бойы арпалысқан. Әуелде сегіз жасында түйеден құлап мертіккен оны білікті маман хирургтерге, невропатолог дәрігер-ғалымдарға көрсетуге көп жанды отбасын асыраумен арпалысып жүрген Набат ананың ешқандай мүмкіндігі болмаған [108, 194-б.].

Жүре алмай қалған Зейнолланы әуелде әжесі екі жыл мектебіне арқалап апарып оқытады, кейін қарттың олай апаруына күш-қуаты жетпейді, ал анасының бала-шағанын асыру жолындағы қара жұмыстан қолы тимейді. Осылайша бастауышты да толық аяқтай алмай, 2 сыныптық ғана білім бастауларынан хабардар болған Зейнолла өмір бойы іздену, оқу, үйрену, шығармашылық даму, қалыптасу, ақырында классикалық білім иесі деңгейіндегі тұлға дәрежесіне жетті. Өмір бойы төсекте жатып, жанашырларының арқалауымен ғана сапар шеккен ақынның классикалық білім иесі болу сырын оның шығармашылық әдеби мұрасы айғақтайды. Өмір бойы өз бетімен ізденген табиғи дарынына сай шығармашылық еңбек ерлігін жасаған ақынның тағдырын әдеби мұрасы арқылы танимыз. «Кітап жайлы жыр» өлеңіндегі Ақынның-Лирикалық қаһарманның толғаныстары өзі және өзімен тағдырлас күрескер, қайсар рухты адамдар қуатын әйгілейді:


Қай-кезде бұл өмірдің ұғып мәнін,

Қай кезде кітап оқып, сыр ұққаным.

Мың алғыс саған, кітап, қағбам болып,

Алдымда жарқыратқан үміт таңын.


Ол кезде сәби едім, сегізде едім,

Білмеймін нені армандап, нені іздедім.

Сартөсек жаттым әлсіз науқас батып,

Өмірден күдерімді тек үзбедім.


Неше іздеп достарымды алаңдағам,

Бала едім ... біреуін де таба алмағам ...

Сол күні қалың тысты ақ кітапты

Әкеліп беріп еді анам маған.


– Оқы, – деп, қойды алдыма асыл анам

Бұл кісі құрыш жүрек, батыр адам.

Тағдыры аямай-ақ азаптапты,

Бірақ ол ешнәрсеге жасымаған.

Өмірдің сонан алғаш ұғып мәнін,

Білдім мен «Құрыш қалай шыныққанын».

... Толқимын қараймын да бұл кітапқа,

Кеудемде сезіп қайта үміт таңын [91, 23-24-бб.].


Адамзат өркениеті тарихында тағдырдың қатал сынағына тап болып, өмір бойы мүгедектік науқасымен арпалысып жүрген күрескер, қайсар рухты адамдардың бар екендігі – өмір шындығының нақты көрсеткіштері. Денесін құрттар жеп жатса да шыдамын, үмітін жоғалтпаған Айуп пайғамбар, темір шынжырмен биік құзға бұғауланып, кеудесін бүркіт шоқыса да адамдарға өмір отын сыйлау жолынан айнымаған Прометей, орнынан тұра алмаса да қазақ фольклортануындағы мифология хақындағы том-том кітаптарын жазып қалдырған Серік Қондыбаев ерлігі, т.б. – күрескер шығармашылық тұлғалар тағылымы адамзат ұрпақтарының мәңгілік жолында жалғасып келеді.

Қазақ поэзиясының тарихындағы дәстүрлі ақын-жыраулардың (Қорқыт Ата, Асан Қайғы, Сыпыра, Марғасқа, Доспамбет, Жиембет, Үмбетей, Бұқар, Шал, т.б.) барлығы да қарапайым тұрмыс ортасындағы іс-әрекеттерімен, шығармаларымен ұрпақтарға ұлағат жолын қалдырды. Олар жеке бастарының рахатты тіршілігін ойлаған жоқ. Ақыл-ой дамуының жоғары деңгейіндегі алыптар ұлағаты ХХ ғасырдың 50–70-жылдарындағы Зейнолла Шүкіров сында қазақ поэзиясына көркем туындылар толқынын әкелген қайсар рухты ақындарымыз арқылы жалғаса дамыды.

Қазақ поэзиясының ежелгі сақ, ғұн, түркі өркениеті дәуірлерінде негізі қаланған осындай қайраткерлік пен шығармашылықты тұтастандыра ұстану бағыты ХХ ғасырда да жаңа серпінмен, романтикалық және реалистік поэзия шығармаларымен қуатты ағысқа айналды.

Қазақстанның Халық жазушысы, қазіргі қазақ әдебиеті классиктерінің бірі, Мұзафар Әлімбаев «Қаһарманын халық ұмытпайды» атты естелік-мақаласында Зейнолланың әлем әдебиеті алыптары Тютчевтің махаббат лирикасын, Марк Твен туралы күлдіргі әңгімелерді де жетік білетінін айта келіп, сөз өнері туындыларын жазушы қаламгерлердің азаматтық-шығармашылық парыздарын және оған сабақтас Зейнолла біліктілігіне бағалау жасаған: «Қалың қауымға ілесе білу қаламгерге қанағат емес, біздің заманымызда ол аздық етеді.

Үдере тартқан қоғамның қалың ортасында болу да қаламгерге қанағат емес, о да аздық етеді. Тарих тыңын қопарушылардың авангарды арасында көп алдында болу – қаламгердің парызы.

Зейнолла – осы шартты сезіне білген азамат. Ресми алғанда екі класс қана бітірген ол өз бетімен қыруар білім терді.

Орыс тілін үйренді, үйренгенде қандай?! Сол тіл арқылы дүние жүзі халықтары ақыл-ой иелерінің өлмес еңбектерінен нәрлер сүзді. Мен ойлаймын, Зейнолла Шүкіров қатардағы еңбеккер қартпен де, адамзат дамуын зерттеуші профессормен де еркін сырласып, тіршіліктің қыры-сыры жайында пікірталасқа түсе алар.

Өзгені былай қойғанда, мен оның маржандай тізілген жігерлі қолтаң-басынан да көп нәрсені аңғарғандай боламын. Ол білімдар қаламгер ғана емес, азамат қаламгер ретінде де халыққа танылды. Ол содан да көзі тірісінде кітап кейіпкеріне айналды, келер ұрпақтар бұл бейнеге талай оралар» [108, 10-б.].

Демек, Зейнолла Шүкіровтің ХХ ғасырдың 50–70-жылдардағы қазақ әдебиетіндегі көрнекті қаламгер тұрғысында қалыптасуында, танылуында оның әлем әдебиетіндегі ғалым-ақындар шығармашылығы үрдісі деңгейінде болғандығын байқаймыз. Әлем халықтарының фольклор мұралары мен көркем әдебиеті шығармаларын жан-жақты оқып таныған, соларды көркем аудармамен туған тілде сөйлеткен, бағалаған қаламгерлердің – ақырында кемел білім иесі тұлғаға айналатыны мәлім.

ХХ ғасырдың 50–70-жылдарындағы қазақ поэзиясындағы сөз арқауындағы көрнекті қаламгерлер шығармаларының әлем әдебиеті классикалық жетістіктерімен қаруланып қалыптасуында, әрине, Кеңес Одағы атты алып мемлекет құрамындағы халықтар әдебиеттерінің КСРО Жазушылары Одағы атты шығармашылық ұйымда болуы да елеулі ықпал етті. Одақтас республикалардағы Жазушылар Одақтарының жұмысын үйлестіріп отыратын Кеңес Одағы Жазушылар Одағы түрі ұлттық, мазмұны социалистік болып аталатын көркемөнер салаларынын барлығының да дамуына мол мүмкіндіктер туғызғаны белгілі. Әрине, Коммунистік партия мен оның көсемдерін, социалистік жүйенің табыстарын, пролетарлық интернационализм мен советтік патриотизм рухындағы саяси-идеологиялық ұстанымнан ауытқымауды мұрат еткенмен, ақындар сол кеңестік социалистік реализм әдісі аясында жүрсе де романтизм мен реализм тұтастығындағы шығармашылықпен көркемдік ойлаудың шарықтау мүмкіндіктерін толық пайдаланды. Ақын-жазушылар да, әдебиеттанушы және фольклортанушы ғалымдар да әлемдік ақыл-ой қазыналарынан мол хабардарлық, рухани қаруланушылық арналарында болды. Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты ақын, прозашы, драматург Қомшабай Сүйенішев Зейнолла Шүкіровтің өмір бойы төсекте жатып-ақ әлемдік өркениет кеңістігіндегі рухани қазыналардан қалай сусындағанын өзі көзімен көрген өмір шындығы дерегімен баяндайды:

«Зейнолланың дүниежүзі әдебиетінің алтын қорына жататын классик ақын-жазушыларымыздың шығармаларынан оқымағаны кемде-кем шығар. ... Солардың ішінен әр жазушының ерекше қасиеттерін бөліп көрсетіп, жас қаламгерлерге әруақыт үлгі ете сөйлейтін. Достоевскийдің ізгілік пен жауыздықтың күресін бейнелейтін терең философиялы шығармалары, Чеховтың зергерлік сөйлем құрылымы мен тұжырымды әңгімелері, Гогольдің уыты күшті тілі мен еріксіз езу тартыратын драмалары туралы кеңінен әңгімелей келіп, поэзиядан бір-біріне ұқсамайтын екі ақынды айрықша құрмет тұтушы еді. ... Олар Пушкин мен Тютчев болатын. Зейнолла Тютчевтің көптеген өлеңдерін қазақ тіліне аударды. Қарапайым сөзбен ұйқасын қиюластырып қана қоймай, өлеңнің әрбір жолында жатқан терең тамырлы ойлардың ыстығын суытпай сол күйінде жеткізген еді» [108, 58-б.].

ХІХ–ХХ ғасырдағы әлем әдебиетіндегі романтизм көркемдік әдісімен жырланған Рабиндранат Тагордың (1861–1941), Дж. Байроннның (1788–1824), П. Б. Шеллидің (1792–1822), В. И. Гетенің (1749–1832), Г. Гейненің (1797–1856), А. Мицкевичтің (1798–1855), Ш. Петефидің (1823–1849), Пабло Неруданың (1904–1973) және т.б. [109, 116-131-бб.]; [110, 7-129-бб.]; [111, с. 143-193], сонымен бірге А. С. Пушкиннің (1799–1837) [112, с. 173-184], Ф. И. Тютчевтің (1803–1873) [112, с. 328-333] поэзиясы әлем әдебиетіндегі романтизм көркемдік әдісімен жырланған шығармалардың мәңгілік ғұмырлы эстетикалық тағылымын танытты.

Зейнолла Шүкіров поэзиясының әуелгі қалыптасуында бастауында қазақтың ұлттық фольклор мұралары мен Алтын Орда, Ноғайлы дәуірлері мұралары ізіндегі Арал теңізі аймағы ақын-жыраулары ықпалды орын алды.

Шығармашылығын дамытқан ізденістерімен қалыптаса отырып, ХІХ–ХХ ғасырдағы аталған әлем әдебиеті классиктері поэзиясының ықпалымен романтизм мен реализм көркемдік әдістері тұтастығымен жырлаған көркем шығармашылық ізденістер саласын меңгерді. Әсіресе, өзі шығармаларын аударған Ф. И. Тютчевтің шығармашылық қалыптасу жолы Зейноллаға да әсер еткені ақиқат. Жастайынан білікті оқытушысының арқасында үйінде жүріп ежелгі классикалық әлем әдебиеті үлгілерімен танысқан, меңгерген Ф. И. Тютчев 2 жасында Горацийді аударған. Ф. И. Тютчевтің жарық көрген алғашқы туындысы «Горацийдің Меценатқа жолдауы» деп аталады. Осы арада Ф. И. Тютчевтің жоғары дәрежелі дипломатиялық қызметпен Баварияда, Мюнхенде болған кездерінде шығармашылық дүниетанымы кеңеюінің, тереңдеуінің тарихи деректі сипатын назарға аламыз:

«В Мюнхене, который в середины 20-х гг. становится крупным центром европейской культуры, круг жизненных и умственных впечатлений Тютчева быстро расширяется. Тютчев входит придворно-аристократические и дипломатические сферы, знакомится с учеными, литераторами, художниками, погружается в изучение немецкой романтической философии и поэзии. Он сближается со знаменитым философом Ф. Шеллингом, дружески сходится с Г. Гейне, которые высоко ценят его как превосходного человека и увлекательного собеседника. Первым берется Тютчев за перевод на русский язык стихотворений Гейне, переводит также Ф. Шиллера, И. В. Гете, других европейских поэтом, и это помогает ему обрести свой голос в поэзии, выработать особый неповторимый стиль» [113, с. 328].

Зейнолла Шүкіров поэзиясының мазмұны мен пішіні жүйесіндегі философиялық-психологиялық сарындар тұтастығының жырлануына осы Ф. И. Тютчев шығармаларының өте мол ықпал еткені анық. Поэзиялық шығармаларда саналы тіршілік иесі адамның қоршаған тұрмыстық-әлеуметтік ортаның құбылыстарымен, қозғалыстарымен баламалай, кейде егіздей, көбінесе адамды сол табиғаттағы кез келген затпен, құбылыспен тұтастындыра, бірдейлестіре жырлау поэтикасын қолдану болмыс шындығын көркем шындықпен бейнелеудің романтикалық сипатын танытты.

Романтизм сарынымен жырлаған ақындар шығармалардың мазмұны мен пішіні жүйесінде ғарыштық-ғаламдық кеңістіктегі қозғалыстардың, құбылыстардың барлығының да өзара сабақтастығы, байланыстылығы сипатын басты назарға алады. Романтизм шығармаларында табиғаттағы барлық құбылыстардың ішкі-сыртқы сипаты адамдардың жан ділімен тығыз байланысты алынады.

Адам – романтизм көркемдік әдісіндегі көркемдік ойлау кеңістігіндегі ең жинақтаушылық қасиетімен даралана сомдалатын тұлға. Лирикалық қаһарманның бірде қуанышты, салтанатты, бірде селсоқ мұңды-шерлі көңіл-әуендеріне орай қоршаған тіршілік заттары, құбылыстары – бәрі де кейіптеулік, мегзеулік бейнелеулер мен психологиялық, философиялық мағыналы өрілімдермен жырланады. Зейнолла Шүкіровтің өзі тағылым алған аталған романтизм көркемдік әдісімен жырлаған ақындар дәстүрмен жырлағанын анықтаймыз. Тағы да Ф. И. Тютчев пен Зейнолла Шүкіров поэзиясының тектес поэтикалық табиғатын дәйектеу үшін әдебиеттану бағалауларына назар аударамыз:

«Художническая судьба Тютчева необычна: это судьба последнего русского романтика, творившего в эпоху торжества реализма и все-таки сохранившего верность заветам романтического искусства. Романтизм Тютчева сказывается прежде всего в понимании и изображении природы. Преобладание пейзажей – одна из примет его лирики. Правильнее, однако, назвать пейжазно-философской: картины природы воплощают глубокие, напряженные, трагические раздумья поэта о жизни и смерти, о человеке, человечестве и мироздании. При этом изображение природы и мысль о природе сплавлены у Тютчева воедине, его пейзажи получают символически-философский смысл, а мысль обретает выразительность, живую, образную плоть.

Природа у Тютчева извенчива, динамична. Незнающая покоя, она вся в борьбе, противоборствующих сил, столкновении стихии, беспрерывной смене дня и ночи, круговороте времен года, она многолика, насыщена звуками, красками, запахами. ...

Природа в стихах Тютчева очеловечна, одухотворена. Она внутренне близка и понятна человеку, родственна ему» [113, с. 331].

Ақын шығармашылығының орыстың классикалық әдебиетінен [114] мол ықпал қабылдағаны әдеби байланыстар жүйесіндегі хакім Абай дәстүрі жалғастығын танытады.

Зейнолла Шүкіров шығармашылығының романтизм рухындағы әлем әдебиеті алыптарынан өнеге алуы – Әбунәсір әл-Фараби, Хакім Абай, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Бернияз Күлеев және т.б., олардан кейінгі өзімен қатарлас замандас сөз басында аталған ақындар шығармашылығымен сарындас, үндес дәстүрді жалғастыруы болып саналады. Ақынның жанында көп жүрген, сырлас інілерінің бәрі, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты Адам Мекебаев «Ақынның қанатты ғұмыры» атты естелік-эссесінде оның шығармашылық зор тұлғасына негіз болған сол білім иесі екендігін тарихи деректі сипатымен айтады:

«Мен сол кезде Зекеңнің кеңесімен түрлі әдеби жанрдың қыр-сырын тереңдете оқуға кіріскем. Ал әдеби ағым туралы әңгімелесу үшін үйіне арнайы жұмыс қып баратынмын.

... Тіпті энциклопедиялық білімі бар деп батыл айтарлықтай еді. Әсіресе әдеби жанрдың қыр-сыры мен әдеби ағым жайлы сөз бола қалса ағытыла жөнелетін. Ол кейде символика, романтика, экстенциализм, футуризм, модернизм, постмодернизм жайлы шетелдің Сартр, Камю, Гессе, Кафка, Абэ сияқты тағы басқа көптеген жазушысынан мысал келтіре отырып сөз қозғаса, кейде натурализм мен реализмнің аражігін ажырата алмағандар көп сөзділікке ұрынатынын айтып жас достарын сақтандыратын» [108, 78-б.].

Демек, Зейнолла Шүкіров шығармашылығының жаңа сарынмен, көркемдік сапамен жазылуында ХХ ғасырдағы аталған әдеби ағымдардың, бағыттардың ең озық ықпалдары әсер екенін айта аламыз.

Жинақтап айтқанда, Зейнолла Шүкіров поэзиясындағы лирикалық және эпикалық шығармалардың дәстүрлік көркемдік негіздері бірнеше арналарымен саралана бағаланады: біріншісі – қазақтың ұлттық фольклоры мен дәстүрлі ақын-жырауларының классикалық шығармалары; екіншісі – ежелгі антикалық Таяу Шығыс және Еуропа фольклоры мен әдебиеті мұралары; үшіншісі – ХІХ–ХХ ғасырлардағы романтизм мен реализм көркемдік әдістері тұтастығымен дамыған еуропалық классикалық әдебиет дәстүрі; төртіншісі – хакім Абайдың және оның мектебі дәстүріндегі қазақтың жазба реалистік әдебиеті ықпалы.

Әлем өркениеті кеңістігіндегі бұрынғы-соңғы рухани қазыналарды өзінің мүмкіндігін сарқа пайдаланып меңгерген Зейнолла Шүкіров дарынды тұлғаға тән зор өнеге ұлағатын ұрпақтарға ұсынды.

Республикалық баспасөз беттерінде үздіксіз жариялаған шығармалары, сонымен бірге жарық көрген мол шоғырлы кітаптары оның шығармашылық даралығын айғақтайды. Ол көркем прозада да көптеген әңгімелер, повестер, романдар («Отты өткелдер», «Сыр бойы») жазған.

Ақын Зейнолла Шүкіровтің өлеңдеріне шығарылған әндер де халықтың арасында тұрақты айтылып келеді. Мысалы, «Сыр сұлуы» (әні Шәмші Қалдаяқовтікі), «Неге жаным шығарып сала алмадың» (әні Айтжан Әмірсейітовтікі), «Сәулем» (әні Айтжан Әмірсейітовтікі), «Ақ айна», т.б.

Зейнолла Шүкіров туралы естеліктер де, лирикалық өлеңдер де, поэмалар да жазылып келеді. Асқар Тоқмағамбетовтің «Жаралы жолбарыс» («Зейнолла Шүкіров туралы дастан»), Мұзафар Әлімбаевтың «Құрыш қазақ» (лирикалық дастан), Мұқағали Мақатаевтың «Тағдырлардың тағдыры», Жарасқан Әбдірашевтің «Ағаны іздеу», Иранбек Оразбаевтың «Ақын жатыр», Серік Сейітмағамбетовтің «Зейнолла Шүкіровтің соңғы монологы», Сырбай Мәуленовтің «Құрыш жүрек», Мұзафар Әлімбаевтың «Қаһарманың халық ұмытпайды», арнаулары, Нәсреддин Серәлиевтің «Теңіз жыры», Бек Тоғыбайұлының «Қайсар қазақ», Қомшабай Сүйенішевтің «Талант пен тағдыр», Айжарық Сәдібекұлының «Содан бері ағып өтті талай жыл», Молдахмет Қаназовтың «Сағыныштың сары жапырақтары (Зейнолла Шүкіров жайлы деректі мөлтек әңгімелер)», Тынымбай Нұрмағамбетұлының «Теңізден бұрын өлген ақын», Файзолла Омаровтың «Бөгеннен ұшқан бұлбұл», Шомішбай Сариевтің «Теңіз толқыныңда туған ақын», Сайлаубай Жұбатырұлының «Азабынан абат өсірген тағдыр» және т.б. естеліктер- эсселер – бәрі де дарынды ақынның шығармашылық келбетінің дара бітімді тұлғасының деректі сипатын да, әдеби көркем жинақтаумен өрілген, тұлғасын да танытады. Осы арада профессор Т. Тебегеновтің «Қаһарман қазақ Зейнолла Шүкіров – қаламгер және романтикалық-реалистік кейіпкер» атты еңбегіндегі бағалауы да рухани құндылықтар әлеміндегі Зейнолла Шүкіров болмысын саралауды дәйектей түседі:

«Зейнолла Шүкіров – әдебиет тарихындағы ... романтикалық кейіпкер, әрі қайсар қаламгер. 45 жыл бойы екі аяғынан тік басып жүре алмаса да, адамдардың мәңгілік рухани қызметшісі болу жолындағы қажырлы күрескерлік, шығармашылық еңбек ерлігі жолындағы қырандай биікте самғаған қалпынан айнымай өтті. Адамзат ұрпақтарының рухани қызметшісі болған ұстанымын адамдардың екі дүниеде (фәни мен бақи) сабақтастығын қалдырған асыл сөздері мен өнегелі тағдыры арқылы дәлелдеген алыптар қатарынан Зейнолланың да орын алатыны ақиқат. Бұл – мәңгілік өмір жалғастығы» [108, 227-б.].

ХХ ғасырдың 50–70-жылдарындағы қазақ поэзиясындағы классикалық әдебиеттердегі көркемдік әдістердің кеңінен өркендеуінде сөз арқауындағы Зейнолла Шүкіров шығармашылығына ықпал еткен әдеби үдеріс сипаты үнемі басты назарды болады. ХХ ғасырдың 40-жылдары екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі және одан кейінгі әдеби үдеріс дамуынды лирикалық және эпикалық шығармалардың романтикалық-реалистік сипат тұтастығымен жырланған үлгілері ұлттық поэзияның мазмұны мен пішіні поэтикасының халық жүрегін баураған ықпалын танытты. Саяси-әлеуметтік, көңіл-күй, философиялық, махаббат, табиғат тақырыптарындағы лирикалық өлеңдер, лиро-эпикалық толғаулар, балладалар, поэзиялық романдар, сонымен бірге лирикалық-психологиялық, тарихи поэмалар – бәрі де ұлттық сөз өнері шығармаларының көркемдік биіктіктерге көтерілген деңгейін айқын байқатты. Ақын Зейнолла Шүкіровтің шығармашылық қалыптасу, өсу жолы қазақ әдебиетінің сол 50–70-жылдардағы ізденістері, өрлеуі деңгейі көрсеткіштері қатарында бағаланады.

Қазақ әдебиетінің ХХ ғасырдың 20–80-жылдарындағы дамуы, өсуі-өркендеуі – кеңестік кезеңдегі басшылық қызмет атқарған ұлтымыздың қайраткер азаматтарының назарында болған мәлім. Бұл орайда біз қазақ әдебиетінің, мәдениетінің дамуы үшін өздерінің биік лауазымды қызметтерінде халықшыл, отаншыл қасиеттерімен дараланған, жұртшылықтың құрметіне бөленген қайраткер азаматтардың тарих беттеріне өшпестей жазылғандығын айтамыз. Темірбек Жүргенов, Нұртас Оңдасынов, Ілияс Омаров, Өңбекәлі Жәнібеков, қазіргі Нұрсұлтан Назарбаев, Иманғали Тасмағамбетов, Мұхтар Құл-Мұхаммед есімді азаматтар ұлттық әдебиеттің әлем өркениетіндегі еңселі тұлғасын таныту жолында мәңгі ұмытылмайтын қызмет өнегесін қалыптастырды. Жазушы Нәсіреддин Серәлиевтің «Теңіз жыры» естелік-эссесінде Асқар Тоқмағамбетовке сол кездегі Қазақ КСР Мәдени министрі Ілияс Омаровтың 1957 жылы 26 мартта жазған хатынан үзінді келтіріліпті:

«... Асеке, – деп, жазыпты хатта – көптен бері «Қазақ әдебиетінен» қиып алған Қызылорданың Зейнолла Шүкіров деген баласының кішкентай өлеңі жататын еді. Соны өзіңізге жіберсем деп жүр едім. Бүгін сәті түскен сияқты. Ол баланың кім екенін, қайда оқитынын білмеймін, бірақ аяқ алысы кең сияқты. Жақсыдан дәмете беретін көңілім теңіз суретін шын ақындықпен бергеніне риза болып, үміттеніп қалды. Сол үміт алданбағай, әйтеуір. Хабарласа қалсаң, сол бала жайлы да айтарсың. Мүмкін ескеріп жүрген інішегің болар. Сәлеммен Ілияс» [108, 49-б.].

Қайраткердің ХХ ғасырдың 40–70-жылдарындағы туған әдебиетіміздің өзекті мәселелер туралы ойлары «Әдеби-толғамдар» (1988) [115] атты кітабында жинақталып берілген.

Қазақ әдебиетінде кеңестік саяси-идеологиялық бақылаудың, сөз өнерінің партиялылығы мен таптығы ұстанымын сақтауын қадағалаудың құрсауында жүрсе де халықтың жан діліндегі философиялық, психологиялық, асыл арна, биік нысаналы ойларды көркем шындықпен жазу үрдісі тоқталған жоқ. ХХ ғасырдың 50–70-жылдары – қазақ әдебиетіндегі ең елеулі туындылардың жазылып, Кеңес Одағы көлемінде халықтардың, басқа шет ел тілдеріне аударылып әлем өркениетіне таралық танылған кезеңі.

Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының жазылып бітіп, 1959 жылы халықаралық Лениндік сыйлықты иеленуі де ұлттық әдебиеттің мерейін әлемдік деңгейде асқақтатты. Қазақ поэзиясында да, прозасында да, драматургиясында да романтизм мен реализм көркемдік әдістері сабақтастығымен жазылған туындылар ұрпақтардың сөз өнері арқылы тәрбиеленуіне және жалпы адамзаттық гуманизм мұраттары жолында өнегелі өмір сүруіне бағдар берді. Осы орайда, академик Рымғали Нұрғалиевтің сөз арқауындағы қазақ әдебиеті дамуына жасаған ғылыми-теориялық тұжырымын методологиялық ұстаным тұрғысында басты назарға алуды жөн көреміз:

«ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті әлемдік көркемдік тәжірибені меңгерген дарынды қаламгерлер жасаған, барлық жанрларда дамыған, сұлулық жүйесі қалыптасқан, биік эстетикалық деңгейге көтерілген маманданған өнер екенін тамаша туындыларымен әйгілеп берді. Алаш ұранды әдебиет мұраттары ілгері дамып, жай көзге өп-оңай шалына бермейтін, өнердің ғажайып ұлттық игілік, асыл арна, биік нысаналары көгала толқын іспетті ағыстар талантты қаламгерлер шығармаларында өрістен өріске көтеріліп, жаңа арналар тауып, буы бұрқырап жатты. Саясаттан қашу, тоталитаризм құрығынан құтылу үшін қаламгерлер шыншыл сөз өткізудің сан алуан тәсілін тапты: бүгінгі тақырыптардан кетіп, тарих қойнауына сүңгіді; астарлы, емеурін ой айту амалдарын меңгерді; сөз өнерінің табиғатына жат сарындардан безді. Көкейкесті сырларды бейнелі, суретті, ишара сырлы сөзбен айта білген үздік шығармалар халық махаббатына бөленді, ұлттың рухани игілігіне айналды; еліміздің тұрмыс-салтын, тарихын, мінез-құлқын өзге жұрттарға таныстырды» [38, 8-б.].

Қорыта айтқанда, әлем әдебиетіндегі романтизм мен реализм көркемдік әдістері өркениеттер адамзат ұрпақтарының көркемдік-эстетикалық дүниетанымын байытты. Әлем халықтарының классикалық әдебиеттерінде қалыптасқан көркемдік дәстүр негіздерімен қазақ поэзиясы да сабақтасты. Хакім Абай және оның ақындық мектебі үрдісіндегі шығармашылық тұлғалар ХХ ғасырдың 50–70-жылдарында да көркемдік сапасы жоғары туындылар жазды. Көрнекті талантты ақын Зейнолла Шүкіровтің поэзиясы да Алаш ұранды классикалық әдебиетіміздің рухани құндылықтар қазынасын лайықты үлес болып қосылды.



Каталог: Docs
Docs -> Рефераты қызылорда, 2013 ж
Docs -> Ұлы пайғамбар ( с. ғ. с.) ұлықталған ғибратты кеш Наурыздың 11-і, қасиетті жұма күні Елордамыздағы Конгресс-Холл сарайында «Нұр Астана»
Docs -> "Псюхе" ұғымы келесі мағынаны білдіреді
Docs -> C мінез-құлық d санадан тыс
Docs -> Анықтама басылымдар 070(574) Қ 17 Қазақ телевизиясы
Docs -> Мадиева жансая қойшыбайқызы абай Құнанбаев, Мұхтар Әуезовтің шығармаларындағы педагогикалық идеяларының сабақтастығы
Docs -> Сабақ Мұхтар Әуезов «Біржан сал Абай ауылында»
Docs -> Мұражай-қорық коллекцияларына жаңадан алынған бұйымдар (ақын Төлеу Көбдіковтің 140 жылдығына орай) «Әдебиетті дарынды тұлғалар жасайды. Ал тұлғаны жарататын халық»
Docs -> БАҒдарлама-минимум


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет