Бердіқожа назгүЛ бердіқожақызы зейнолла Шүкіров өлеңдерінің жанрлық, көркемдік ерекшеліктері


Өмір шындығының эпикалық жырлануындағы көркемдік шешім



бет4/5
Дата04.11.2016
өлшемі1,61 Mb.
#290
1   2   3   4   5

2.2 Өмір шындығының эпикалық жырлануындағы көркемдік шешім
Қазақ поэзиясындағы эпикалық шығармалар жазу үрдісінде халықтың басынан өткен тарихи оқиғаларды көркем шындықпен жинақтап жырлауға мол орын беріледі. Қазақ поэзиясындағы эпикалық шығармалар жазу үрдісінде түркі жазба жәдігерліктерінде негізгі қаланған деректі оқиғалардың эпикалық сипатпен жырлануы тарихилық пен көркемдік қиял қосындылары тоғысқан сипатымен әдеби үрдіс болып қалыптасты.

Өмір шындығы – эпикалық сипатпен жырлау үрдісінің деректік негізі. Көркемдік шешім шығармаларға негіз болған тұрмыс оқиғаларын авторлық қорытумен, байыптаумен жырлауынан туындайды. Әдебиеттанушы-ғалым М. Базарбаевтың тұжырымы бойынша:

«Көркем өнерде, оның ішінде әдебиетте шығарма, әрине, өмір шындығына сүйеніп жазылады. Нақтылы өмір құбылыстарын, оның сырын, қайшылықтарын тереңдеп түсінбей, тебіреніп толғанбай сезінбей көркем шығарма тумайды. Тарихи және қоғамдық шындық әдеби туындының бастау көздері болып табылады. Әлеуметтік өмір, саясат, халық тұрмысы – бәрі де өмір шындығын танытатын жағдайлар. ... Шығарма оқырман үшін тартымды, рухани ләззатқа бөлейтін, тәрбиелік-танымдық қасиеті мол, адамның дүниеге көзқарасын қалыптастыратын, өмір сырларын ашатын өнер туындысы болуы қажет. Сонда қаламгердің қоғамдық позициясы, идеалы анықталады» [81, 159-б.].

Ақын Зейнолла Шүкіровтің аясындағы тарихи деректі оқиғалар негізіндегі поэмалары да сөз өнері тарихындағы осындай көркемдік үрдіс тағылымын байқатады. Поэма жанрындағы шығармалардың мазмұны мен пішіні жүйесін құрайтын құрылымында ақынның лирикалық қаһарман тұғырындағы тұлғасы оның тебіреністер, толғаныстар тұтасқан көңіл-күй өрнектерімен сипатталады. Поэмалардың сюжеттік-композициялық құрылымындағы толғаныстар арқылы лирикалық қаһарманның да, эпикалық туынды кейіпкерлерінің де жан ділі әлемінің психологиялық ерекшеліктері айқындалады.

Ақынның «Орамал» атты поэмасы – эпикалық кең тыныспен жырлаудың көркем жырланған үлгілерінің бірі. Поэманың идеялық-композициялық желісінде ақын – лирикалық кейіпкердің толғаныстары сюжеттік құрылымдағы өмір шындығының көркем шындықпен жырлану сипатын күшейте түскен.

Поэма құрылысының поэтикалық сипатында мынадай бөліктер бар: біріншісі – лирикалық кейіпкер – Ақынның, шығарма кейіпкерінің іштей сыр ақтаруға арналған адресаттық толғаныстары; екіншісі – поэма кейіпкерінің соғыс майданының алғы шебіндегі түнгі күзеттегі ойланып тұрған сәті, ой әлемімен соғыс басталғаннан бергі тоғыз ай үздіксіз болған от-жалынға, ойранға толы соғыс қасіретін ойлап тұрған мұңды-шерлі көңіл-күйі; үшіншісі – күзеттес жауынгер Павел жолдасының қалжыңынан («Неге жым-жырт қалғып тұрсың, әлде бір қыз жайлы ойға шомып қалдың?») кейінгі мектептес, парталас қызға ғашық болған бала махаббатын еске алғаны: төртіншісі – туған жерде майданға келген сыйлықтар ішіндегі кестелі орамал туралы толғаныстары; бесіншісі – қанды майдандағы жарылған снарядтар, бомбалар, зеңбіректер гүрсілдеген тақылдаған пулеметтер, гүрілдеген танктер, танктерді өртеген жауынгерлер, шабуылдарын тойтарып қолма-қол жаумен жағаласқан шайқас суреттері; алтыншысы – жаумен шайқастың соңында поэма кейіпкерінің ауыр жараланғаны, санитар қазақ қызының басын орамалмен орап жаралы жауынгерді арқалау тиісті емдеу орнына жеткізген.

Поэма сюжетінің дамуы, шиеленісуі, шарықтау шектерінде кейіпкердің жан ділі әлеміндегі тебіреністерді, толғаныстарды кезең оқиғаларымен сәйкес жырлаған. Қазақ қызы Назымның іздеп келіп жаралы сәтіндегі кездесуімен, екеуінің мәңгілікке табуымен сюжеттік шешім көрінеді. Бұл – автордың көркемдік қиял өрнегімен жырлаған поэтикалық шешімі:
Сәулешім, неге маған қарай бердің

Өзіңді майданда алғаш солай көрдім.

Құтқарған сен едің ғой бір қатерден,

Дәм-тұзын таптық бірге талай жердің.


Келдiң сен әдейi іздеп ертеңіне,

Бар еді-ау бір жұмбақ сыр ерке өңіңде.

Өзіңде кеткен екен орамалым,

Ол кезде білдім бе оны мен тегінде.


... Сен менің құтқарушы, періштем ең,

Өзіңмен от ішінде көріскен ем.

Өзіңмен бірге кешіп қан майданды,

Өзіңмен бірге жеттім Жеңіске мен.


Дариға, сан шайқасқа бірге бардық,

Бір болдық,

Елге де аман бірге оралдық.

Мінекей, бүгін менің жан жарымсың,

Мәңгіге біргеміз біз, бірге қалдық [98, 27-28-бб.].
Поэманың сюжеттік-композициялық желісіндегі өмір шындығының бейнеленуі эпикалық шығарманың поэтикалық көркемдік сипатын күшейту қызметін атқарып тұр.

«Орамал» поэмасы – екінші дүниежүзілік соғыс кезеңіндегі уақыт шындығы оқиғалары негізінде жазылған шығарма. Шығарма құрылысында кейіпкерлердің көңіл-күй әуендерін, олардың күрделі тағдырлы өмірі оқиғаларын көркемдік жинақтаумен жырлауда ақын лирикалық кейіпкер толғаныстарына басымырақ орын беругені. Поэманың басталуындағы лирикалық кіріспе-толғаныс жыры да шығарма композициясының әсерлі оқылатын көркемдік қуатын күшейту қызметін атқаратыны аңғарылады:


Кәнекей, күлімсірей қара, жаным,

Оқимын жыр-толғауын поэманың.

Бұл менің саған деген махаббатым,

Бұл сенің кестелеген орамалың.


Есімде жарқылдаған оқ көгімде,

Есімде, құрсанған жау көк темірге.

Төсімде орамалың жүрген сонда,

Ойран сау, отты жарын өткенімде.


Елсізде оққа ұшыпта қалған жарың...

Сол кезде қарға адым жер болғанда мұң.

Жау оғы ойсыратқан жара орнынан,

Дірдектеп орамалға тамған қаным [98, 14-б.].


«Орамал» поэмасына негіз болған соғыс жүріп жатқан кездегі түнгі және күндізгі тіршілік келбетінің сипатталуының реалистікпен суреттелуі айрықша байқалады. Түнгі күзеттегі жауынгердің алаңдаған көңіл-күйі,басқыншы жау әкелген апаттың, қасіреттің суреттері («Желкемнен бассалардай бірі менің жау күтіп, тінтіп түнді үңілемін», «Қатерлі алдыңғы шеп деген осы, ызғарлы, міне, окоптың кенересі», «Біз үшін жер – ақсауыт, орман – қалқан») түнгі күзеттегі жауынгердің ой өрілімен берілген. Түнгі табиғат құбылыстары («Түн салқын бар-ау қыстың әлі табы бұлыңғыр бұлтсыз аспан шаңытады ... апрельдің атпайды жылдай ұзақ сары таңы», «Ай батты әне, көкте жұлдыз ақты», «Алдымда жау бекінген бір шоқ орман мізбақпай ол да қазір мүлгіп жатты», «Көк жиек келе жатыр ағараңдап, саз берді, енді ұзамай таң арайлар») да психологиялық егіздеу, поэтикалық кейіптеу бейнелеулерімен оқырманның көз алдында өмір шындының көріністерін елестетеді.

Соғыстар – адамзат ұрпақтарының өткен мыңжылдықтар бойы басынан кешірген апатты, қасіретті тарихының шындық оқиғалары. Фольклор мен әдебиет мұраларында адамзат тарихында үнемі қайталанған, үздіксіз болған соғыс оқиғалары әртүрлі мәнермен жазылып, суреттеліп келеді. Поэзиялық, прозалық шығармаларда жазылып, драматургиялық шығармалардың сахналық қойылымдарында, кейіннен кинофильмдерде де көрсетіліп келе жатқан қырғын шайқастарға толы тоғыс оқиғалары жауыздықтың, қатыгездіктің адамзат ұрпақтарының өзара қырқысқан тағдырларының қасіретті жолын аңғартады. Бұл – адамзат ұрпақтарының ешқашан жолға қоя алмай келе жатқан, ешқандай біржолата тиым сала алмай келе жатқан қайғылы тағдырының көрсеткіші.

Зейнолла Шүкіровтің «Орамал» поэмасында да азаматтық бейбіт тұрмысын ойрандаған соғыс апатының суреттері реалистік сипатымен жырланған:
... Тоғыз ай соққалы онда оқ бораны,

Кеудеңе қазір көрсең кек толады.

Қанды жол, соғыс жолы жатыр шарлап,

Қан ұйып, өрт шалмаған жоқ торабы.


Ойран қып ажал-бомба Жер-Ананы,

Қаңырап қалды қанша селолары.

Қалды ау көп солдат жанын кекке қайрап,

Жапанда «бауырластар молалары».


Жұтты-ау жер талай асыл жандар қанын,

Жазаңды бір тартарсың жаулар, залым!

Кетпейді көз алдымнан талай қыршын,

Өзімен жерге жеткен бірге арманым.


Кеше бір түсті бомба көктен келіп,

Опырып ол окопты кеткен көміп...

Менің де жас арманым бірге өшпей ме,

Ажалды оқ жаза тиіп кеткенде өліп [98, 15-б.].


«Орамал» поэмасының реалистік сипатының деректі жағдайын айқындай түсетін ерекшелігі – алапат соғыс қозғалыстары қайнап жатқан көріністердің суреттелуі шындығы. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде адам (солдат, офицер, генерал) мен техника құралдарының (зеңбірек, пулемет, танк, самолет, бомба, мина, винтовка, пистолет, маузер, револьвер, браунинг, т.б.) – бәрінің де белсенді қимыл-әрекеттер тоғысуы жаздайымен суреттеуде, бейнелеуде ақынның дерек пен көркемдік қиял жинақтауларын айрықша пайдаланатыны анық. Қазіргі заманғы ғылыми бағалау бойынша: «Соғыс стратегиясы өте ежелгі заманда пайда болып, өндірістің даму дәрежесіне, қоғамдық сипатына, жаңа қарулар мен әскери техниканың пайда болуына, соғыстар жүргізудің практикасына сәйкес біртіндеп қалыптасты. Қоғамдық-экономикалық формациялардың алмасуы соғыс стратегиясының сипатты белгілері мен мазмұнының өзгеруіне әкеледі. Мысалы, Гитлерлік басшылық өзінің соғыс стратегиясының негізіне КСРО-ны бір ғана әскери науқан барысында талқандауға есептелген «Қауырт соғыс» идеясын алды. Іс-әрекеттің шешуші түрі страгеиялық шабуыл болып есептеледі. Кеңес-герман соғысындағы екі страгеиялық бағыт күресінің нәтижесінде кеңестік соғыс стратегиясы герман командованиясынан өзінің толық басымдығын көрсетті» [129, 701-б.].

ХХ ғасырдың 50–70-жылдары қазақ поэзиясындағы екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбындағы поэмаларда осы айтылған тарихи деректі өмір шындығы негізге алынды. Әрине, басқыншылық соғыстар тұтқиылдан болатындықтан талқандау, ойрандау әрекеттері айрықша орын алатыны мәлім. Әсіресе, 1941–1945 жылдары Кеңес Одағына өзара тиіспеу туралы 1939 жылғы шартты бұзған фашистік Германияның опасыздық шабуылы халықтың мол қырғынға ұшырауына душар еткені белгілі. Тарих ғылымындағы талай зерттеу кітаптарда, оқулықтарда сол соғыстың апатты шығындары мол жазылған. Ал, әлем әдебиеті шығармаларында да екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбында өте көп шоғырлы шығармалар жазылды.

Соғыс тақырыбындағы шығармаларда тұрақты әскерлердің құрғақтағы, әуедегі, теңіздегі және партизандардың ормандағы соғыстары деректі сипатын негізге ала жазылғаны мәлім. Қазақ поэзиясында, прозасында, драматургиясында 1941–1945 жылғы соғыс майдандарындағы соғыстар көп жазылды. Ал, сөз арқауындағы Зейнолла Шүкіровтің «Орамал» поэмасымен тақырыптас, үндес лирикалық, эпикалық шығармалар шоғырында көрнекті ақындарымыздың туындыларын айтамыз. Қасым Аманжоловтың «Зұлым жау», «Подполковник Әлпинге», «Мартбек», «Орал», «Ғабдолға», «Үстімде сұр шинелім», «Сен фашиссің, мен қазақпын», т.б.; Жұмағали Саинның «Жорық жолдары» кітабы (1970), «Түн қатады партизан», «Шайқасқа кеттік ел үшін», «Айтылмай кеткен аманат», «Жаралы партизан жырлары», «Есімде Айдар өзені», «Алтай» (поэма), т.б.; Ғали Ормановтың «Ер арманы», «Мәлік», «Ана әңгімесі», «Бөбек жүрегі»; Жұбан Молдағалиевтің «Жеңіс жырлары» кітабы (1949); Абдолла Жұмағалиевтің «Өлмес өмір дастаны» (1985); Сырбай Мәуленовтің «Мизам» (1990) кітабындағы «Жорық жолдары» (187-255-бб.), бөлімі, Сағынғали Сейітовтің «Самғау» (2001) кітабындағы «Сұрапыл» бөліміндегі (31-76-беттер) өлеңдер мен поэмалар бұл тақырыптың іргелі болып жырланғандығын айғақтайды.

Зейнолланың «Орамал» атты поэмасындағы соғыс майданындағы адамдарды, табиғаттың бүкіл атырабын, алабын жайпап жатқан қиратушы сипатын суреттей жырлауы – өзі көрмесе де суреткерлік қиялмен, таныммен жырлаудың жарқын үлгiсi:


Гүрсілдеп снарядтар жерді қауып,

От бұршақ үсті-үстіне берді жауып.

Көк түтек түтін тулап, құм бұрқылдап,

Тып-тыныш дүние демде болды науыт.


Көп соққы бір сарынды, келте ырғақты,

Бір тынбай жер кеудесін солқылдатты.

Жолында кездескеннің бәрін жайпап,

Бомбаның от фонтаны жарқыл қақты.


Белінен бомба омырған жас қарағай,

Жер құшты әлсіз сыңсып жас баладай.

Оны да осы әлемет қынжылтқандай,

Күн де әне қанды қызыл шашқан арай.


Бір гүрсіл алып майдан кетті алабын,

Әлде жау өртемек пе отқа бәрін.

Танктер көрінеді қаз ұшында,

Зеңбірек тия қойды от боранын.

Аузынан от қып атқан бар айбарын,

Жайқын керу басып озды жаяуларын [98, 19-б.].


Соғыс үстіндегі іс-әрекеттер адамдардың өлуімен де, әскери техникалардың қирауымен де көрінеді. Соғысушы екі жақ әскерлерінің бір-біріне ентелей ұмтылғандары, өртенген, қираған танк, жауды атып өлтіру, т.б. өмір мен өлім белдескен қиян-кескі оқиғалар – поэма сюжетіндегі шиеленісті хал-ахуалды елестетеді.

Жау танкісін («Мінеки, келіп қалды дәу – «жолбарыс» жегендей құлақ құршық сықырлады»), «Дәл соққан шүйдесіне құрыш оқтар жарқ етті, найзағайдай шатырлайды», «Бір лап етіп от қызарып «Жолбарыс» жалын құшып кетті жанып, не керек еңселеген екіншісі, оқ жақтан бекіністі өтті жарып», «Өрт жатпақ өткен жердей маңай дала, танктер жанып жатыр, әне, айнала!» [98, 19-20-бб.] өртеген поэма кейіпкері Павелдің ерлігі де оқиға желісінде әсерлі бейнеленген. Поэма кейіпкерінің көк шинелді жаулардың ентелеген екпіндерін, олардың жат жерде, елде не үшін жүргендерін түсіне алмай тұрғанын, ақыры бетпе-бет атыс пен қолма-қол шайқас суретін көз алдымызға әкеледі:


... Еске алдым кенет ғазиз жан анамды,

Сезіндім кеудемдегі орамалды.

Сен үшін алғашқы оғым, кешір мені,

Жан ана, атам қадір мен, адамды!


Оқталдым бір немісті қарауылға ап,

Жырмау, кетті бойым неге ауырлап?!

Гүрс етті!

Атып салдым, атып салдым,

Жау ғой ол, қалай жауға жан ауырмақ.
Өлігін ұмтылды жау қылып көпір,

Кеп қалды сексен метр ... қырық метр ...

Балқыған винтовкамды жаңа аңғардым,

Тасқындай тынар емес суық нөпір.


Найзасын қағып қалдым төніп келген,

Ер жеңбек өз күшіне берік сенген.

Жер қауып, міне, өкіре құлады жау,

Адамды көзім бұрын көріп пе өлген [98, 21-22-бб.].


Поэма сюжетінің шарықтау шегінде кейіпкердің қанды соғыста досы Павелға өлтіргелі төнген бір жауды да өлтіргенін («Арсыз жау тісі ақсиып жалт бұрылды, түйредім ... түйрей бердім, түк көрмедім»), бірақ ауыр жарадан Павел досы өліп («Кетті өліп, өлді шіркін өрен ұлан! Күйзеліп ауыр азап шегеді жан ...»), өзі де ауыр жараланған кейіпкердің есін жиған сәтіндегі хал-ахуалын да ақын реалистікпен суреттеген. Жағаласқан майдандағы шайқаста жауды жеңгенмен, санаулы тірі қалғандардың да ауыр жарақаттан қиналып жатқан жағдайлары – майдангерлердің көздерімен көрген өмір шындығы. Реалист ақын кейіпкер атымен баяндалған поэма сюжетінің осы бір әсерлі жерін шынайы қалпымен жырлаған:
Үстімде сыңсып мұңды тұр қарағай,

Адам күй тартқандай бірге маңай.

Жер мен көк әлде қанға малынған ба,

Қызарып кеткен мынау Күн де қалай?


Шөл қысты, құты қайда, суым қайда?

Құлағым ызыңдай ма, шуылдай ма?

Япыр-ау, неге орнымнан қозғалмаймын?

Бір уақыт қойдым соны ұғынбай да.


Қиналдым, шеше алмадым соның бәрін,

Түршікті кенет мұңға толып жаным.

Тіріліп көз алдымда сұмдық сурет

Түсті еске әзер-әзер не қылғаным [98, 23-б.].


Жаралы адамның жан күйзелісін, қиналысын лирикалық-психологиялық сипатымен жырлау ақынның көркем шындықпен бейнелеудегі шеберлігін айқын танытады. Жаулардың кезекті шабуылында ентелеп келіп қалғандарына граната лақтырғанын, жақыннан жарылған бомбаның әсерінен («Соны айттым, соқты үйіріп, жерге бір күш, білмеймін, жақын маңда жарылды не?») есінен танып ұшып түскенін, есі кіресілі-шығасылы болып жатқан жағдайы («Мінекей, қауқарым жоқ түкке менің, жатырмын мең-зең халде күткен өлім», «Ұмтылдым... кеудем зілдей бүлк етпейді, Әлде сол, ажал жақын келгесін бе?»), бір сәт есін жиып денесін қимылдата бастағаны («Жүйкені желпіндіріп күй самалы, желпісе дайын тұр-ау сый шарабы, бұлдырап жасқа толы көз жанарым, көтердім қолымды енді сипағалы») – бәрі де поэма сюжетіндегі кейіпкердің психологиялық жай-күйін шыншылдықпен бейнелеуді танытады.

Поэма сюжетінің ең шарықтау сәті – ауыр жаралы кейіпкердің қиналыс сәтінде туған, анасын еске алып, іштей оны іздеп жан-тәнімен шарқұра мұңын шағып тебіренгені – перзент атаулыға ортақ мәңгілік сезім көрсеткіші. Поэманың «Орамал» аталуының да поэтикалық идея желісін құраған өрілімі де жаралы кейіпкердің жанына дауа, сая іздеген сәтіндегі жүрек тілегіне сәйкес тағдыр сыйымен жалғасқандай әсер береді:


Міне, қан!

Жаралымын, жаралымын...

Жанымды зарықтырып барады мұң.

Қайдасың ана жаным, ана жаным,

Кірпігін әзер-әзер қағады ұлың.
Күтті анам, күтті мені, күтті егіле,

Сол тілек, сол үміттің біткені ме?

Сынықтай қол тигізбей екі шекем,

Көнбейді қалай қойсам тіпті ебіме.


Орамал ... міне, қыздың орамалы!

Басымды көп күштендім орағалы.

Зырқ етті шекелігім, талып кеттім,

Бірмеймін не болғанын, онан әрі.


... Кім өзі? Ұқсайды ғой адамға үні,

Сездім мен көзсіз түнек қараңғыны.

Бір саусақ көкірегімді сипалайды,

Қандай қол тиген мынау маған жылы [98, 25-б.].


Поэманың көркемдік шешімі, түйіні – кейіпкердің ауыр жарақаттан қиналып жатқанында оның жанына жеткен, бұрын өзі сәлемдемемен жіберген орамалымен жауынгердің басын таңған, майдан даласынан арқалап аман алып шыққан, соғыс жылдарын бірге аяқтап, ақыры сүйікті жар болған қазақ қызының көркем бейнесін сомдау:
Тістендім тек шыдадым, тек шыдадым,

Зар қаққан жара азабын шекті жаным.

Білмеймін естен танып барамын ба,

Лапылдап көз алдымда көшті жалын.


Дәрменсіз құр бұлқындым, «жібер» дедім,

Сен бірақ үн қатпадың жібермедің.

Қаршадай қазақ қызы екеніңді,

Дариға, сол минутта білер ме едім...» [98, 26-б.].


Осы арада көрнекті ақын Хамит Ерғалиевтің екінші дүниежүзілік соғыс алапатының салдарынан болған адамдар қасірдін толғаған «Жас ана» поэмасындағы кейіпкеріне арналған ақын сезімінің романтикалық сарынды толқындары поэтикалық үндестігімен баурайды:
... Ең ыстық өмірдегі от деп ұқсақ,

Қып-қызыл орамалың соған ұқсап.

Үйіңе алыстағы кеттің еніп,

Қалды ма сол сағатта алдым босап?... [130, 104-б.].


... Аттандым! Басқыншыға қарсы кеттім,

Сен қалдың, мен айшылық жерге кеттім.

Бәрібір от жалындай орамалды,

Біз туған босағадан желбіреттің [130, 105-б.].


Сүйген жігітіне орамал сыйлау – біздің қазақ халқының ата-бабалардан қалған қарым-қатынас мәдениетінің үздік үлгісі. Жан ділінде алаулаған сөзім буырқаныстарын кестелі орамалын сыйлыққа ұсыну арқылу білдірген қыз махаббатын қастерлеу – біздің ұлттық діліміздің ұлағаты.

Ақын Ғали Ормановтың «Орамал» (әуезі Әбілахат Еспаевтікі») [131, 90-91-бб.], Асқар Лекеровтің «Кестелі орамал» (әні Мұқан Төлебаевтікі) [131, 279-280-бб.] және т.б. үндес тақырыптағы поэзиялық шығармалар халықтық көркемдік ойлау дүниетанымы аясында жырлаған ақындар шығармаларының ұлттық сипат ерекшеліктерін аңғартады.

Зейнолла Шүкіров поэмасының көркемдік түйіні – қазақтың ұлттық жан ділі мәдениетінің ата-бабалық дәстүрлі қасиетін ұлықтау. Майдандағы жаралы жауынгерлерге жіберген қазақ қазының кестелі орамалы – ер-азаматқа деген халықтық құрметтің, ілтипаттың, арулар сезімінің мегзеулі мағынаға толы көңілінің баламалы бейнеленуі. Адамдардың өзара сыйластығының, құрметтеуінің дәнекері ретінде де «Орамал тон болмайды, жол болады» деген қанатты сөзді де ата-бабалар жолын берік ұстанған ұрпақтар жалғастырып келеді.

Қорыта айтқанда, Зейнолла Шүкіровтің «Орамал» поэмасы халқымыздың ежелгі дәуірлерде негізі қаланған ата-бабалар салт-дәстүрлерінің кейінгі тарихи оқиғалар кезінде де ұмытылмай ұрпақтар жүректерінен берік орын алғандығын дәлелдейді.

Қазақ поэзиясындағы эпикалық шығармаларды өмір шындығы деректерін тарихи-этнографиялық, тарихи-аңыздық сюжеттер негізінде өрбіте, көркемдік қиялмен дамыта, ұрпақтарды тәрбиелейтін көркем шындықпен жырлау арқылы ақындар ұлттық сөз өнерінің адамгершілік-эстетикалық, тәлім-тәрбиелік қуратын танытты. Зейнолла Шүкіров поэмаларының ұлттық сипаты да осы үрдісті дамыта жырлауынан байқалады.

Қазақ поэзиясының ғасырлар белестеріндегі қалыптасу, даму жолында отаншылдық-азаматтық сарынмен жырлау дәстүрінің үзілмей сақталғандығы байқалады. Ұлттық сөз өнері мұраларының ежелгі үлгілерінен басталып, қазіргі әдеби үдеріске ұласқан жолында лирикалық және эпикалық шығармалардың арқауына алынған қаһармандық-жауынгерлік тақырыптағы эпикалық шығармалар халықтың ерлікпен өткен тарихи кезеңдері шындығын әйгілейді. Қазақ поэзиясының ежелгі сақ, ғұн дәуірлеріндегі қаһармандық-эпикалық жырларда Еуразия кеңістігінде қолбасшылық, батырлық істерімен із қалдырған тұлғалар тағылымы сөз өнері мұралары арқылы тарих беттерінде жазылды. Академик Ә.Марғұлан ғұндар империясы кезіндегі қаһармандық-жауынгерлік кезеңдер шындығының әлемдік танымал эпостық дастандардың сюжеттік-композициялық желісіне қосылған тарихи поэтикалық көріністерін атап көрсеткен еді: «Ғұндардың Европа елімен қарым-қатынаста болғаны тек тарихта жазылып қоймай, Европа елдерінің ұлы эпос жырларында (сага), қария аңыздарында да жарқын түрде сақталып келген».

... Ғұндар туралы әдемі хикаялар, әсіресе, Скандинавия жырларында, германның ескі эпос жырларында (Нибулын), Латынның, Мадьярдың қария сөздерінде жиі кездеседі. Ғұндардың жарқын бейнесі Скандинавияның «Ұлы Эдда», «Кіші Эдда» сияқты дүниежүзілік әдебиеттің сюжеті болып табылған. Ол әрі қызықты, әрі көркем, әрі тамсанып айтылатын ғажайып эпос жырын шығаруға негіз болған [9, 60-61-бб]. Қазақ тарихының көне дәуірлермен қатысты осындай қаһармандыққа толы кезеңдерінің жанрлары халықтың ата-бабалар қалыптастырған мыңжылдықтар белестеріндегі ұлағат жолын аңғартады.

ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ поэзиясында қазақ тарихының ежелгі сақ, ғұн, түркі өркениеті, сонымен бірге Шығыс өркениеттері елдеріне (Египет, Грекия, Үндістан, т.б.) байланысты сюжеттерді лирикалық және эпикалық шығармалар арқауына алып жырлау үрдісі байқалды. Бұл, әрине, осы кезеңдегі түркітану, шығыстану ғылымдары салаларындағы жаңа еңбектердің жазылуы себебінен де болар. Кеңестік кезеңдегі шығыстану, түркітану салаларындағы ғылыми-зерттеулер институттары жасаған кешенді еңбектер ықпалымен ежелгі дәуірлердегі тарихи тұлғалар, халықтар, мемлекеттер туралы көптеген көркем шығармалар да жазыла бастады. Қазақ поэзиясындағы, прозасындағы, драматургиясындағы ежелгі дәуірлерге арналған фольклорлық-мифологиялық, тарихи-шежірелік негіздегі сюжеттер бойынша жаңа туындылар дүниеге келді. Бұл орайда, біз З. Шүкіровтің «Перізаттың перзенттері», «Алау», «Клеопатра», М. Шахановтың «Сенім патшалығы», «Жаңғырық», «Жеңілген жеңімпаз хақында» «Отырар дастаны немесе Шыңғыс ханның қателігі» және т.б. ақындар (Т. Медетбек, И. Оразбаев, т.б.) шығармашылығында қазақ тарихының ежелгі, орта, сонымен бірге, жаңа ғасырлар белестеріндегі елдік-отаншылдық мұрат бағдарындағы шығармалар жазу үрдісі қалыптасты. Бұл – қазақ поэзиясындағы ежелгі дәуірлерден қазіргі әдеби үдеріске ұласқан тарихнамалық негіздегі халық рухының ұлағатын ұрпақтарға ұғындырудың көрінісі. Ақын Зейнолла Шүкіровтің «Перизаттың перзенттері» поэмасы [98, 270-281-бб.] осының негізінде жырланған. Тақырыбы – қазақ халқының шығу тегінің сақ аталуындағы (қас сақ) тарихи-аңыздық негізділік, идеясы – тіршілік қозғалысының табиғи заңдылығы адам сезімінің өсу, өркендеу дәнекері болатын ықпалын дәйектеу. Поэманың негізгі кейіпкері – қазақ қариясы. Бұл – қазақ халқының мыңжылдықтар белестері бойы қалыптасқан, байырғы ұлт болып танылған тарихының көркем шындықпен жинақталған тұлғасы.

Ақын З. Шүкіров поэмасының арқауына кейіпкер – ата қазақ айтқан аңыз-шежіре әңгіме желісі бойынша ежелгі заманғы мифологиялық әңгімелерге, қисса-дастандарға арқау болған Сүлеймен патша туралы бір оқиға алынған. Оның пілдерден, диюлардан құралған қарулы әскерімен бір қаланы басып алған қанды жорығы жырланған. Сүлеймен – шығыс фольклоры мен әдебиеттері мұраларында мол жырланып бейнеленген кейіпкер. Қазақтың мифтік әңгімелерінде «Су иесі» [133, 27-28-бб.], «Құран хикаялары» кітабында [134, 120-125-бб.] да, ақындардың қисса-дастандарында [137, 23-58-бб.] да әр алуан сюжеттік үлгілері рухани құндылықтар қатарында сақталып келеді. Ал, тарихи нақты дерек бойынша: «Соломон, царь Израильско-Иудейского царство в 965–925 до н.э. Сын Давида провел адм.реформы, добивался централизации и религ. культа. Согласно библейской традиции, славился необычайной мудростью, по преданию, Соломон – автор некоторых книг Библии (в том числе «Песни песней»)» [123, с. 1243]. Тарихта талай жорықтар жасаған билеушілердің кейінгі ұрпақтарға олар туралы жағымды және жағымсыз оқиғалары да әртүрлі сюжеттер бойынша жететіні мәлім. Сондықтан тарихтағы жеке тұлғалардың фольклор мен әдебиет мұраларындағы бейнелеуі сипатынан тіршілік қозғалысындағы қарама-қайшылықтар жүйесінің табиғи заңдылығын түсінеміз.

З. Шүкіровтің «Перізаттың перзенттері» поэмасы сюжетінің басталуында Сүлейменнің қанды шабуылына ұшыраған қаладағы ханның және оның қызының, халықтың басқыншылардан жеңілген ауыр хал-ахуалы суреттелген. Қаланың иесі ханды да, оның қызы ханышаны да, халықты да тұтқындап, өктемдік, зорлықтың үстем үкімін айтып тұрған Сүлейменнің сөзі басқыншыларға ортақ озбыр, әділетсіз қасиет сипатын көркем шындықпен жинақталған тұлғасымен байқатады:


... Жендеттер, дігірлейді,

– Жүгін! – дейді.

Ақ патша алтын тақта күрілдейді,

– Жер-көктің әміршісі мен – Сүлеймен,

Алдыма шығып бүгін кім үндейді?!
– Сәйгүлік ат ойнаған тақымымда,

Батырлар басын ұрып ақырында,

Сүлеймен қаптатқанда диюларын,

Жын-жыпыр қашқан бәрі жапырыла!


– Ақ жібек алты қанат шатырымда,

Арулар келген талай ақылына,

Перізат, енді менен құтылмайсың,

Қосамын сарай толы қатыныма.


– Мен – қыран, сенсің таңдап жемім қонар,

Көнбесең мынау сарай көрің болар,

Әкеңе зындан мәңгі мекені боп,

Етермін жарық күнді көруге зар.


– Жендеттер маңдайында көзін де алар,

Аузында тілін кесіп, сөзін де алар.

Мойнына қартайғанда дорба асынып,

Кәсібі елден-елді кезу болар... [98, 272-273-бб.]


Бұл – озбыр басқыншы билеушілерге ортақ пиғыл көрінісі. Поэма сюжетіндегі шиеленісті сәттерінде басқыншы патшаның қатыны болуға қыздың көнбегені, зорлықшылға басын имеген тәкаппар қызды жапан далаға апарып тастауға («Құм құйып, бозартайын жанарыңды! Тастасын Бетпақ шөлге алып барып, шақырып әкеліңдер Қарадүрді!») Сүлейменнің бұйрық бергені, жазалаушы Қарадүр диюдың қызды айтылған жерге апарып тастау үшін аспанға ұшқаны – миф пен өмір шындығы тұтастығындағы көркем тілмен жырланған.

Поэманың көркемдік шешімі бойынша қызды межелі жерге жеткізу сапары кезінде дию Қарадүрдің бойындағы еркектік сезімнің ояна бастауы айтылады. Бұл – поэма сюжетінің шарықтау шегіндегі оқиғаның қарсаңы. Ұшу сапары кезінде қолтығына қысқан Перізат қыздың денесі еркектік сезімін оятқан, бірақ көз алдына әміршісі Сүлейменнің қаһарлы келбеті, өзін жазалайтындығы есіне түскен дию Қарадүрдің психологиялық хал – ахуалын да ақын лирикалық сыршыл тілмен өрнектеген:


Аппақ қыз үлпілдеген сүйрік еді,

Денесі тиген жерін күйдіреді.

Бір ысып, бір суынып дию бойы,

Сорғалап таудан төмен шүйлігеді.


Желкеге қыздың ыстық тиді лебі,

Дір етті дию жаны түйді нені?

Селк етті, есін жиды...

Шыдау керек

Өрт болып күйіп кетсін, құй, жүрегі!
Кес-кестеп қап-қара бұлт басып жолды,

Шатырлап атып жатыр жасыл жерді.

Бейне бір алмас қылыш жарқ етеді,

Патшаның қаһар шашып ашулы өңі.


Бейне бір қазулы көр ашылды енді,

Иманы кеудесінде қасым болды!

Дір етіп дию жаны...

Тақ алдында

Өзінің домаланған басын көрді... [98, 275-276-бб.].
Поэманың лирикалық сарындылығы еркек пен әйел жынысы денелері жақындасқан сәттерде болатын табиғи жандану, қан ойнау, көңілдің астан-кестең алабұртуы, т.б. сан түрлі психологиялық құбылыстар құрсауына түсетін жағдай елестетіледі. Дию Қарадүрдің жан діліндегі құбылыстар, арпалысқан сезім толқындары («Қаттырақ жабысқан сәт қыз денесі, тағы сол тәтті сезім тылсым тілді...», «Кеудеде дүрс-дүрс ұрған дүрсіл тұрды, алдында қатері мол бір сын тұрды. Сөгіліп жан – жағында бұлт құрсауы, ақ жауын көкіректен былш-былш ұрды») психологиялық егіздеу өрнектерімен өрілген. Сүлеймен патшаның қаһарлы бұйрығын орындау сапарында аспанда ұшып келе жатқан Қарадүр диюдың екіұдай сезім құрсауындағы жанұшырған, жанталасқан көңіл-күй құбылыстары поэтикалық-психологиялық сарынды көркем шындық болмысымен бейнеленген:
Дүниені әлде дию тарсынады,

Қақ жарып қара бұлтты қамшылады.

Аспанда құлдыраған жалғыз қара,

Алдында қара дауыл қарсы ұрады.

Бұл – поэма сюжетті шешім алдындағы кейіпкердің психологиялық хал-ахуалы. Перізат қызды Сүлеймен патша тапсырған межелі жерге жеткізгеннен кейін қызды тастап кетуге қия алмай қипақтағаны, бірақ Сүлейменнің қаһарлы үні («– Өй, доңыз! Өй, шошқаның ақымағы!»), жазалайтыны көз алдына елестеп қиналғаны, осылайша екіұдай сезіммен бір айды осы жерде өткізгені, ақыры қызға оянған махаббат сезімінің құдіретімен («Аңсатты кенет оны жар құшағы», «Бір сезім елжіретіп, сарқып әлді», «Қалыпты қысып ұстап ақ білекті, дір етіп қыз денесі қалтыранды») Қарадүрдің қайта оралмауға бел буған шешімге келгенін де дәлелдей жырлаған.

Қазақ поэзиясында ХХ ғасырдың екінші жартысында халық тарихының ежелгі заманғы бастауларына қатысты аңыздық, мифологиялық сюжеттерді көркем шындықпен жырлау үрдісі ұлттық санадағы серпілістерді аңғартады. Ата-бабалардың түпкі тарихи негіздері – халық жадында жатталған фольклор мен әдебиет мұраларында сақталатыны мәлім. Қазақ поэзиясындағы тарихи-этнографиялық, фольклорлық-мифологиялық сюжеттердің авторлы әдеби шығармалардағы жырлануы ұлттық рух қуатының сөз өнері арқылы жаңғыра күшейетінін дәлелдейді.

Қорыта айтқанда, тарихнамалық-аңыздық сипатпен жырланған қазақ поэмалары ұлттық және жалпыадамзаттық көркемдік ойлау кеңістігіндегі рухани құндылықтар тұрғысындағы маңыздылығымен бағаланады.

Сөз өнері тарихындағы әдеби тек (эпос, лирика, драма) жанрларының қалыптасу, даму жолында өмір шындығы оқиғаларының ұрпақтар санасында ұмытылмай сақталуы көркемдік-эстетикалық таным арқылы жүзеге асып келеді. Адамзат ұрпақтарының әуелгі пайда болуынан бастап кейінгі дамуға ұласқан жолында жеке тұлғалардың өздері өмір сүрген ортада жасаған ықпалы, әсері адамдардың ауызша айтуымен де, жазбаша жәдігерліктері бетінде бейнеленуі мен өнер құдіретінің тағылымын танытады. Көркемөнер туындылары – адамзат ұрпақтарының дүниетанымын кейінгі ұрпақтарға жеткізетін эстетикалық ықпалды қызметі айқын рухани құндылықтар. Әлем әдебиетінің тарихындағы эпикалық жанрлар шоғырындағы поэма жанрының қалыптасуы да, дамуы да адамзат өркениетіндегі өмір шындығы оқиғаларының көркем шындықпен өрнектелуін ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келеді.

Қазақ поэзиясының өзекті мәселелерін ұлттық және жалпы әлемдік әдеби үдеріспен сабақтастық жағдайында қарастырудың бірқатар поэтикалық жүйесі саралана көрінеді: біріншісі – жанрлар тектестігіне ортақ поэтикалық ерекшеліктер болмысы; екіншісі – лирикалық, эпикалық шығармалар арқауына алынатын тарихи тұлғалар тағдырларының ортақтығы. Бұл арада әлем әдебиетіндегі көрнекті ақындар шығармаларындағы мазмұн мен пішін жүйесінің бір ғана ұлттық көлемі емес, әлем әдебиеті классикалық үрдісімен жырлануы жағдайын есепке аламыз. Әлем әдебиетінің қалыптасуы мен дамуы жолында көрнекті қаламгерлер қалыптастырған дәстүрлі үрдіс – эпикалық шығарма арқауында басқа халықтар тарихындағы дара тұлғалардың әдеби көркем бейнелерін сомдау. Бұл орайда, біз әлем әдебиеті алыптарының классикалық мұраларындағы үлгілерді назарға аламыз. Мысалы, «Александр Македонский (Alexandros ho Medas), (б.з.б. 356 - шілде, Пелла – б.з.б. 13.6.323, Бабыл)» – [135, 322-б.] туралы фольклорлық аңыз әңгімелерде, көркем әдебиет шығармаларында (Ә. Фирдоусидің «Шахнамасындағы» бөлім, Г.Низамидің «Ескендірнамасы», Ә. Науаидің «Ескендір қорғаны», хакім Абайдың «Ескендір», т.б.) бейнеленді. Бұл – тарихи тұлғаның көркем шындықпен бейнелену үлгісі. Басқа халықтардың тарихы, дүниетанымы, жеке тұлғалары туралы жырлауда әлем әдебиеті классикалық мұраларындағы көптеген туындыларды айта аламыз. Мысалы, И. В. Гетенің «Батыс-шығыс диваны», Дж. Г. Байронның «Мазепа», «Шильон тұтқыны», «Теңіз көкжалы», («Корсар»), «Дон Жуан», С.Сейфуллиннің «Чжан-Цзо-Лин, С. Мұқановтың «Жұпархан», Иса Байзақовтың «Клеопатра», Қ. Жармағамбетовтің балладалары «Галилей», «Фирдоуси», «Вавилон оқиғасы», М. Мақатаевтың «Мавр», Т. Айбергеновтің «Космонавт монологы», Ө. Нұрғалиевтің «Гераклиттің көз жасы» және т.б. кейінгі әдеби үдеріс жолында эпикалық және лиро-эпикалық сарынды шығармалар жазу жалғасуда. Бұл – әлем әдебиеті дамуындағы поэтикалық үндестік көрінісі. Қазақ әдебиеті тарихына лирикалық өлеңдерімен, поэмаларымен, прозалық туындыларымен мол үлес қосқан көрнекті қаламгер Зейнолла Шүкіровтің (1927–1979) сөз арқауындағы эпикалық поэзия дәстүрінде де өзіндік өрнектері бар. Қаламгердің ұлттық әдебиет тарихындағы ең негізгі шығармашылық тұлғасы поэзиялық туындылары арқылы танылды. Оның ішінде поэма жанрындағы мұралары да эпикалық жанрды игерудегі шығармашылық шеберлік деңгейін айқындайды.

Академик З. Қабдоловтың поэманың жанрлық поэтикалық ерекшелігі туралы тұжырым әдебиеттанудағы негізгі дәйектемеміз. «...өмірде болған, не болуға тиіс күрделі құбылыстар мен келелі оқығаларды, алуан-алуан адам тағдыры мен заман шындығын көлемді, желілі, эпикалық не лирикалық сипатты өлеңмен суреттеу. Поэмалар түрлі-түрлі: сюжетті поэмалар да, сюжетсіз поэмалар да болады. Поэмаларда жасалатын адам образдары да әр алуан: эпикалық образ да, лирикалық образ да, реалистік образ да болады. ...Поэма – қазіргі қазақ поэзиясындағы мол өркендеп, кең өріске шыққан шешуші жанрлық түрлердің бірі» [23, 313-б.]». Бұл – сөз арқауындағы поэмалар поэтикасына да қатысты пікір.

Ақын Зейнолла Шүкіровтің поэмалары («Адам мен тағдыр», «Аня», «Жүрекке әмір жүрмейді», «Орамал», «Дауыл», «Алау», «Араша», «Олимпиада», «Клеопатра», «Нағыз гүл», т.б.) да поэтикалық сипаттарының әралуандығымен, күрделілігімен ерекшеленеді. «Адам мен тағдыр», «Аня», «Орамал», «Алау», «Олимпиада», «Клеопатра», «Нағыз гүл» поэмаларында қазақ ақынының эпикалық жанр аясында өзге халықтар өкілдерінің әдеби бейнелерін жырлағанын оқимыз. Бұл – сөз арқауындағы әлем әдебиеті көркемдік дәстүрінің қазақ поэзиясында жалғасқан көрсеткіші.

Көркем шығармалардың барлығының да көркемдік негізі – өмір шындығы. Өмір шындығы – әдеби туындыдағы реалистік сипаттың басты ұстанымы. Поэзиялық шығармалардағы романтикалық кейіпкерлердің сомдалуында ақындар халықтың ежелгі замандардан жадында сақталған, кейінгі ұрпақтардың санасында сақталған тарихи тұлғалардың адамзатқа өнеге, үлгі болатын ерлік, қаһармандық істерін көркем шындықпен жырлайды. З.Шүкіровтің «Адам мен тағдыр» поэмасы автордың «Н.Островскийге арнаймын!» сөзімен берілген. Поэманың тақырыбы – тарихи тұлғаның әдеби көркем бейнесін сомдау, идеясы – күрескер адамдарға тән рухани күш-қуат ұлағатын таныту. Поэмада бейнеленген басты кейіпкердің түптұлғасы (прототипі) – «Островский Николай Александрович (1904–1936) – ... көзі көрмесе де, төсекте жатса да «Құрыш қалай шынықты» (1932–1934), «Дауылдан туғандар» (1936) романдарын жазған жазушы» [123, с. 946].

«Адам мен тағдыр» поэмасының идеялық-композициялық желісінде тарихи тұлғаның өмір шындығы дерегі негізге алынған. Бір кездері майдан шайқастарында тұлпарымен, қару-жарағымен жасындай жарқылдап жүрген кездері романтикалық көтеріңкі әуенмен көз алдымызға елестетілген:
...Атының от ұшқындап тұяғынан,

Өткен күн ғажап сурет қиялында.

Келген жан жауынгер боп кең дүниеге,

Қаруын демі бітпей қияды ма.

Сонау бір шайқас күндер... ауыр кезең,

Жас еді, жат еді оған қажу деген.

Сонда да сыр бермейтін қайран жігіт,

Өзіңе бағынбайды қазір денең [91, 217-б.].


«Адам мен тағдыр» – психологиялық поэма. Шығарма арқауындағы романтикалық кейіпкердің мүгедектік құрсауындағы хал-ахуалы психологиялық сипатымен өрнектелген. Бір кездері аяқтарын алшаң басқан, мүмкін болған мекендерді шарлаған екі аяғын енді баса алмайтын, тәуліктерде де, апталарда да, айларда да, жылдарда да адамдардың назарында болатын Күнді де, Айды да, жұлдыздарды да, аспанды да, тауды да, орманды да, табиғаттағы адамдарды да, жануарларды да, аң-құстарды да, өсімдіктерді де, т.б. – бәрін де көрмейтін мүгедектікке ұшырау – адамның трагедиялық тағдыры. Өзін қоршаған тіршіліктің ортасында дәрменсіз, қозғалыссыз денесіне ғана айналу – адамның жан жүйесін қасірет теңізіне батыратын ең ауыр хал-ахуалының көрінісі.
Тарихи тұлғалар туралы поэмалардың жырлануында олар өмір сүрген кезеңдер келбеті мен адам жан ділі әлеміндегі романтикалық сарындар, психологиялық құбылыстар негізге алынады. Бұл орайда, ақын З.Шүкіровтің поэмасындағы кейіпкер тағдырының поэтикалық бейнесін сомдауда әлем әдебиетіндегі азапқа ұшыраса да рухын жоғалтпаған, күрескерліктен айнымаған тарихи тұлғалар бейнеленген фольклор мен әдебиет мұралары да шығармашылық ықпал негізін құрағаны анық. Қазақ аңыздарындағы ажалды қобызының күйімен қарсы алған Қорқыт абыз [9], мал-мүлкінен, балаларынан, атақ-даңқынан айырылып, денесін ауру меңдеткенде де шыдамдылығынан, Аллаға мүнәжатынан жаңылмаған Айып пайғамбар [134, 137-140-бб.], адамдарға тіршілік отын бергені үшін шынжырланып, кеудесін бүркіт шоқыған Прометей [7] және т.б. тарихи-аңыздық тұлғалар тағылымы әлем әдебиеті үдерісінде мәңгілік жырланумен келеді. Ақын З.Шүкіров поэмасындағы кейіпкердің мүгедек қалпында жатса да бойындағы дарынын шығарма жазу арқылы жүзеге асыруға жұмсаған қажырлы іс-әрекетін адамзат тарихының өр рухты, қайсар мінезді күрескерлер тағдырымен сабақтас сипатымен бағалаймыз.

Қорыта айтқанда, көрнекті ақын З.Шүкіровтің «Адам мен ақын» поэмасы қазақ поэзиясындағы романтикалық-психологиялық сипатты көркем эпикалық туынды болып саналады.

Ақынның «Жүрекке әмір жүрмейді» атты поэмасы – ХХ ғасырдағы тұрмыстық-әлеуметтік қарым-қатынастардағы адамгершілік-имандылық қасиеттерін саралау мұратын аңғартады. Отбасы одағын құрудағы қыз жүрегі таңдауының күрделі жағдайы арқау болған. Тұрмысы оңды, дәулетті жігіт Сәменді емес, жан жүйесін қалаған сағатты шешесінің қарсылығына қарамай таңдаған кейіпкер қыз Айдынның ұстанымы романикалық тұрғыда бейнеленуімен көрінеді.

Ақын өзі өмір сүріп отырған қоғамдық-әлеуметтік ортадағы жақсылықтарды да, қайшылықтарды да көзімен көре отырып, адамдар тағдырлары арқау етілген лирикалық және эпикалық мол туындыларын жазды. Қазақ халқының тұрмыстық-әлеуметтік қарым-қатынастары мәдениеті жүйесіндегі ата-бабалардан жеткен өнегелілерін де, адамгершілік жолға лайықсыз өркескелдіктерін де – бәрін де көркем шындықпен жырлады.

Поэма – ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ тұрмысының шындығын арқау еткен туынды. Эпикалық шығарманың идеялық-композициялық желісінде мынадай сюжеттік бөліктер құрылымы бар: біріншісі – басты кейіпкерлер жас мұғалима Айдын қыз мен оның жас жігіт Сағат екеуінің шынайы махаббат сезімдерінің жырлануы; екіншісі – Айдын қыздың жүрегін дәулетімен жаулағысы келген, сөйтіп өзіне жар еткісі келген Сәмен жігіттің, оны мадақтаушы, мақтаушы Ерке атты мұғалиманың іс-әрекеттері; үшіншісі – Айдынды сүйген Сағаттың ауруханаға түскені, ауырған адамға қызының тұрмысқа шығуын қаламаған Айдын қыз анасының қиналыс сезімдері.

Поэма сюжетінің дамуы, ойланысы бөліктерінде үйін пәтер етіп жатқан кексе мұғалима Еркенің дәулетті жігіт Сәменді үнемі мадақтауы, Сәменнің Айдынға қайта-қайт орынсыз келе беретіні, бірақ Сағат пен Айдын екеуінің өзара ұғысқан, шын сүйіскен жүрек қалауымен болған кездесулерінің, сұхбаттарының жалғасқан сәттері суреттеле баяндалған.

Ауруханаға түсіп, ауыр операция («Айрылып жарты өкпеден жатыр жігіт, сөгілген оң жақ төстен қос қабырға») жасалған Сағатқа деген шынайы махаббат сезімін әлсіретпеген Айдын қыздың бейнесі ақынның романтикалық әуенді бейнелеулерімен өрнектелген:
... Мандайын қыз саусағы келеді іздеп,

Дегендей «Қалдың, сәулем, неге жүдеп»,

... Бауырым, жоқ еш жерім ауырған жоқ,

Судың да, ештеңенің керегі жоқ.


Бір тәтті жүрегімде сезім ғана,

Үңіліп білгің келсе көзің қада.

Қуанып күлімдесін десең мені,

Қасымда қалшы мәңгі өзің ғана [91, 239-240-бб.].


Бірін-бірі сүйген көңіл жылуымен тіршілік қозғалысындағы барлық іс-әрекеттерін, ойларын өзара қауышуға, дидарласуға, одан әрі мәңгілік бірге болуға арнайтын ғашықтар тағдыры бейнеленген:
Бұл бір сыр ... тістен жігіт шығарар ма,

Ұға алмай қиналса қыз, кінә бар ма?

Қыз демі шарпиды ыстық, жігіт жүзін,

Тыңда оны, дүние, жым-жырт тына қал да.


– Сүйем мен, сүйем сені, естідің бе? –

Қыз ернін құлағына тосты міне.

Ұмытпа, сендікпін мен, қасыңдамын ...

Толқытпас қиындықтың еш бірі де.


Пәк қыздың оттай ыстық күйеді ерні,

Еңкейді,


Маңдайынан сүйе берді.

Тәтті едің арман қандай!

Жас жігіттің

Жан түгіл балқымас па сүйегі енді ... [91, 240-б.].


Әлем халықтарының әдебиеттерінде қыз бен жігіттің хаттары – талай поэтикакалық сипаттарымен ерекшеленетін құндылықтар. Еркек пен әйел арасындағы шынайы ынтызарлық, құмарлық адал сезім аясында танылатыны мәлім. Ақындар еркек пен әйел, қыз бен жігіт араларындағы махаббат сезімдерінің мөлдірлігін, шынайылығын поэтикалық-психологиялық мағыналы тіркестермен, өрнектермен бейнелей жырлауды тұрақты қолданумен келеді. Хакім Абайдың «Жігіт сөзі» («Айттым сәлем, қаламқас»), «Қыз сөзі» («Қиыстырып мақтайсыз») аудармалық-нәзиралық аясында дербес поэзиялық роман сипатында (М. О. Әуезов, Ш. Р. Елеукенов пікірлері) жазылған «Татьяна–Онегин» шығармасындағы «Татьянаның Онегинге жазған хаты» («Амал жоқ қайттым білдірмей»), «Онегиннің Татьянаға жауабы» («Таңғажайып, бұл қалай хат»), «Онегин сөзі» («Хатыңнан жақсы ұғындым сөздің бәрін»), «Онегиннің Татьянаға жазған хаты» («Құп білемін Сізге жақпас»), «Татьяна сөзі» («Тәңірі қосқан жар едің сен») хат-өлеңдері – классикалық әдебиеттің көрнекті үлгілері. Кейіпкерлерінің жан әлеміндегі толғаныстарды, тебіреністерді романтикалық, реалистік сипатымен, психологиялық иірімдерімен бейнелі өрнектерімен жырлаудағы хакім Абайдың дәстүрі ХХ ғасырдың 50–70-жылдарындағы қазақ поэзиясында жалғасты. Ақын Зейнолла Шүкіровтің осы поэмасындағы Айдын қыздың сүйген жігіті Сағатқа жазған хаттары да әдеби үдерістегі көркемдік дәстүр жалғастығын көрсетеді. Поэма кейіпкері Айдың қыздың сүйген жігіті Сағатқа жазған хатында дәстүрлі классикалық әдебиет шығармаларына ортақ поэтикалық сипат ерекшеліктері айқын байқалады.

Ару қыздың сағынышы, өзінің жан сезімін анасына ғана білдіргенін айтқан сыры, қаулаған өсек ортасында жүрсе де сүйгеніне деген шынайы көңіліне кір шалдырмаған адалдығы, шынайы махаббат сезімін қорлаушы өсекшінің (кексе әйел Ерке) іс-әрекеттері – бәрі де романтикалық-реалистік сарындар тұтасқан психологиялық сипатымен жырланған:


«... Қалқам-ау, маған мәлім сағынғаның,

Талпындым демалыста баруға мың.

Мән-жайды білмейсің ғой, әттең бірақ,

Қайтейін мен де мұнда жалындамын.


Сені ойлап кейде жүдеп қалам жаным,

Бір көру болып жүр-ау саған да мұң.

«Күні ертең жолға шығам!» деп тұрғанда,

Ауылдан анам келіп, бара алмадым.


Есітіп келген екен анам бәрін,

Қашанда бар мінезі маған мәлім.

Сұрады сен туралы келген күні-ақ,

Жасырмай шынымды айттым, арандадым.


Қорықпа, қайта толқыр, деме, түбі,

Ешкімнің еңкейтпейді мені өкімі.

Көп болса анам біржыл көрмей жүрер,

Көп болса «теріс бата» беретіні ...


Бір нәрсе қинап мені жүрген бүгін,

Мектепте жоқ күншуақ ілгергі күн.

Қаулаған өсек өрті айналамда,

Шыққа жүктеп жатыр күндер мұңын.


... Сырлар көп ... бәрін айтып не қыламын ...

Ешкімге де олжа ете алмас мені дайын [91, 241-242-бб.].


Поэма сюжетінің шиеленісі мен шарықтау сәттері тоғыс қан жері – дәулетті Сәменнің ақылшысы Ерке атты әйелдің кеңесімен Айдын қызды зорлықпен алып қашқан оқиғасы. Ақынның поэтикалық бейнелі өрнекті бейнелеу тіркестерімен («Асылын олжалапты ақыры жат, жұтыпты аспанда бұлт оның Айын, қақпанын мықтап Ерке бұл да құрған, ата-ана олар шырмап бір жағынан, ақыры дегеніне жеткен екен ... жас жүрек тітірейді мұз қарыған, асылын, бар қызынаның ұры үптепті, кеудеден құлазыған ырық кетті») жырланған поэма сюжетіндегі шиеленісті жағдайдың реалистік суреттелуі де шынайы:
... Иә, сол түн ...

Айдын үйде жалғыз еді.

Белгісіз әлде уйым жанды жеті.

Кеш жатып, шаршап ұйықтап қатып қатты.

Оятты тасырлаған дәліз оны.
Біреулер салдыр-гүлдір кіріп келді,

Ақ марал ырғып кетті, үріккен-ді.

Шап берді білегінен бір содыр қол,

Үй толды алыс-жұлыс бүлікке енді.


Әп-сәтте әлдекімдер қолын байлап,

Әкетті бейне қызды өлімге айдап.

Дүр етті сыртта «Волга» ... қыз дір етті,

– Бұлқына гөр, келін, жайлап ... [91, 243-244-бб.].

Қыздардың өз еріктерімен, қашып кетуі дәстүрін батырлық эпостағы Ақшаханның қызы Ақжүніс арудың Ер Тарғынмен, Батыр-Хан Көбіктінің қызы Қарлығаның Қобыландымен, Сәбит Мұқановтың «Сұлушаш» роман-поэмасындағы Сұлушаштың Алтаймен, Иса Байзақовтың «Құралай сұлу» поэмасындағы Құралай сұлудың Келден батырмен және Мұхтар Әуезовтің «Еңлік–Кебек» трагедиясындағы Еңліктің Кебек батырмен қашқандарын және т.б. фольклор мен әдебиет шығармаларындағы кейіпкерлер тағдырларын білеміз. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында да осындай сюжеттік бөліктер бар. Ал, қыздарды еріксіз алып қашу оқиғалары өзара жауласқан, соғысқан халықтар (қазақ-қалмақ, қазақ-моңғол, т.б.) араларындағы оқиғалар кезеңдері кезінде өрістеген. Зейнолла Шүкіровтің поэмасындағы Айдын қызды Сәмен бастаған адамдардыы аылп қашуы – сол бағзы заманғы жаугершілік аласапыран замандардан қалған тағылық, жабайылық дағдыларынан қалған ескілік сарқыншағының көрінісі.

Поэма сюжетінің шарықтау шегінде зорлықпен Сәменнің үйіне қол-аяғы байлаулы апарылған Айдын қыз ол жерден қашып шығып, милицияға хабарлап зорлықшылар түрмеге қамалады («Түрмеде жатыр қазір сыбайластар тістенген қыз соңында талай қас бар»). Жалғыз қызының дәулетті, қол-аяғы балғадай Сәменді емес, ауру мүгедек Сағатты таңдағанына күйінген Айдын қыз шешесінің де көңіл-күйі шынайы («Басына бейнет пен сор тілемек пе, тағдырын қосақтапты мүгедекке. Сау жігіт аяғына оралғанда қарашы, таңдағанын ... бір өлексе!..»).

Поэманың шарықтау шегіндегі әділдікті, адалдықты жақтаушы халық көңілі де поэтикалық-психологиялық сипатымен жырланған:
Әркімнің бар өзінше бір талғауы,

Әр кімнің табылған-ды бір тең жары.

Жүрмесін жүрекке әмір білмеген «жұрт»,

Сәменге күштеп оны жүр таңғалы.


Ақыры басталған дау жөнге сайды,

Таңбалап тапты халық жеңгетайды.

Еркенің бар қылығын білген шақта,

Шынымен басты ашуға, ел қатайды [91, 245-б.].


Сағат пен бірге отбасы одағын құруға кіріскен қызын ашуға булыға қуып келген ананың ақырғы сәттегі перзентіне арналған махаббат сезімі («Жүрмесін жүрекке әмір сезді бәлкім, діңкесі құрып қалды, әттегене-ай») де, қызына жар болған жігіттін күйеу баласының келбеті («Сол жігіт ... кетті жүзі жылы ұшырап, долылық осындайда құрысын-ақ») де, ақыры қыз бен жігіт аналарының татулық-достық сұхбаты («Екі ене енді төрде, бас түйіскен, еліге соғып отыр әңгімесін») да – шығарма композициясындағы идеялық желінің тиянақты шешімге келгендігін байқатады.

Ақынның көркемдік шешімі – махаббат сезімінің қуаттылығын дәлелдеу.

Зейнолла Шүкіров – Арал теңізі жағалау атыраптарындағы қазақ халқының тарихи тағдырын, көңіл-күй психологиясын жырлаған ақын. Ақынның теңіз туралы лириклық өлеңдері адам мен табиғат құбысын поэтикалық-психологиялық тұрғыда егіздей жырлауымен ерекшеленеді. Ақының «Дауыл» атты поэмасы өзі өмір сүріп отырған географиялық ортадағы теңіз тынысын, су айдынындағы балық аулау кәсібімен күн көрген балықшылар тағдыры – эпикалық туындының негізі тақырыбы. Поэманың идеясы – теңіз дауылының сұрапыл екпінен туындаған адам рухының қуаттылығын дәлелдеу.

Поэманың композициясындағы сюжет бөліктерінен балықшылар ортасының еңбек кәсібімен шұғылданған қажырлы істері, тіршіліктегі ұрпақ өсіру, болашақ өмір жалғасы үшін жанталасқан тіршілік ортасы суреттелген. Поэманың басты кейіпкерлері теңіз айдынындағы ауыр еңбек үстінде туындаған қауіп-қатерлерден, апатты жағдайдан аман-есен өтудегі қайсарлық рухымен бейнеленуі – шығарманың көркемдік эстетикалық тұғырын танытады.

Поэма сюжетінің басталуы – Жанақ, Күләй есімді кейіпкерлердің теңіз айдынындағы балық аулау сапарында жүрген аса жауапты іс-қимылдары мен теңіз келбетінің суреті. Поэма сюжетінің экспозициясындағы эпикалық баяндаудан шығарма сюжетіне негіз болған оқиға айтылған:
Октябрьдің білуші еді ел жайын,

Тұтқиылдан соғатын да жел дәйім.

Алып кетіп теңіздігі бар ауды,

Балықшының қақтыратын таңдайын.


Кеше ғана желсіз, бұлтсыз жап-жарық,

Балықшылар қалды соған алданып.

Тұтқиылдан түнде соғып бір дауыл,

Теңіздегі кетіпті бар ауды алып... [91, 260-б.].


Поэма сюжетінің байланысы – Жанақ кейіпкердің нартәуе келге бел буып сол дауыл алып кеткен ауды теңіз айдынынан іздеп тауып алуға, оған ілінген балықтарды алып қайтуға бел буып «Макаров» атты кемесісімен Арал теңізі өріндегі «Көкаралды» бет алған аттанысы. Поэманың осы сюжеттік дамуы желісінде Жанақ бастаған балықшылар мінген кеменің теңіз айдындағы ыққан ауды іздеген жанқиярлық көңіл-күйдегі психологиясы, толқындар мен жел соғуы («Жап-жас жігіт мостигінде кеменің бұйра шашын жұлқылайды жел оның») қатарласқан, аспан мен теңіз құбылыстары тұтасқан пейзаждық-психологиялық бейнелеулер өрілімдерімен суреттелген:
Долы желмен арпалысып «Макаров»,

Көп теңізде келеді әлі қасарып.

Аласұрған ақ жал толқын айнала,

Бортқа соғып шуылдайды шашалып.

... Қандай суық! Ысқырынып күз желі,

Алты сағат бұлар тынбай жүзгелі.

Соңдарынан шұбатылған жыландай,

Тіркеуге алған қайықтардың тізбегі.


... Бұлт будақтап бірін-бірі қуалап,

Құйындатқан көктің түрі шүбәлі-ақ.

Қанын шашып құлақтанған қызыл күн,

Көкжиектен бір қарады сығалап.


Су үстінде бір топ қайық жаңағы,

Анда-санда қылт-қылт етіп барады.

Бұрқыраған ақ көбіктің ішінде,

Кейде ескектің жалт етеді қалағы.


Кеме үстінде тұр капитан бақылап,

Шіркін, біздің балықшылар батыл-ақ.

Ау суырып алысып жүр толқында,

Ау қайықтың ернеуіне жатып ап.


Сарт-сұрт шоршып ақ шабағы сазаны,

Уақыт тығыз қайсы бірін жазады.

Болады ұмыт мол олжаға кенеліп,

Әлгі арпалыс, ақ толқынның азабы [91, 261-263-бб.].


Поэма сюжеті дамуындағы Жанақ, Күләй және т.б. балықшылар тобының ыққан ауды тауып алып, ілінген балықтарды тиеп алған сәтіндегі олардың көңіл-күй әуендері Эрнест Хемингуэйдің «Шал мен теңіз» повесіндегі Сантьяго қарттың жағдайымен үндес байқалады. Бірнеше күндер мен түндер бойы мұхит айдынында қармағын қапқан алып жайын балықты ақыры ұстап, қайығына байлап, кері қарай жүзіп келе жатқан Сантьяго қарттың көңіл-күй психологиясы романтикалық шығарманың көркемдік-эстетикалық тағылымен толық танытады:

«Соғып алған балығына көзі қайта-қайта түсе береді: осы түсім емес пе дегендей алақанына қарап, арқасын қайықтың бүйіріне тигізіп байқап, бәрі де өңі екенін сезінді. Алып балықты гарпунмен түйреп, жанын салып айқасқан шағында әлі құрып, көзі қарауытып кетіп еді. Сонда осының бәрі де оған көрген түс сияқтанған. Жайын балық судан ырғып шығып, жоғары көтеріле созылып, серейге құлап бара жатқан мезетте шал бір ғаламат көргендей, өз көзіне өзі сенбей таңырқап қалған. Рас, онда көзі бұлдыраңқырап кеткен еді, ал қазір жақсы.

Жайынның қанжығаға, байланғанына көңілі енді сенді, қолының, арқасының сыздап ауырып тұрғаны да түсі емес екенін анық білді.

... Түйден-түйдек ақ бұлт шырқау биікте жөңкіліп, одан әрі алашабыр шарбы бұлт қалқып бара жатты; желдің түні бойы басылмасын шал ішінен сезіп отыр. Осыны ұстағаным шын ба, түсім емес пе дегендей алып балыққа әлсін-әлсін қарап қояды» [137, 360-361-бб.].

Әлем әдебиетіндегі балықшылар психологиясын суреткерлікпен бейнелеген, осы «Шал мен теңіз» повесі үшін халықаралық Нобель сыйлығының лауреаты атағын алған Эрнест Хемингуэй шығармасындағы осы сюжеттік эпизод пен Зейнолла Шүкіровтің «Дауыл» поэмасындағы аудағы балықты тиеп алған сәттегі кейіпкерлер көңіл-күйлері үндес. Мақсат орындалып, теңіз өріне алыстап кеткен сапар жолын жағалауға бұрар сәттегі адамдардың масаттанған, байсалданған көңіл-күйлері үндес болатыны – өмір шындығы. Осы арада хакім Абайдың «Қансонарда бүркітші шығады аңға» өлеңіндегі «Құсы да, иесі де қоразданар алпыс екі айлалы түлкі алғанда» тармақтары да поэтикалық үндестігімен байқалады.

Теңіз – өмір құбылыстарын жинақтаған сипатымен ерекшеленетін табиғат мекені. Бірде толқындары еркелене тербеген, енді келесіде ақжал асау толқындары аспанға атылған айдындағы кемелерді қайықтарды, олардағы адамдарды зор апатты жағдайға ұшырататыны – жаратылыс құдіретінің көрінісі. Сөз арқауындағы Эрнест Хемингуэйдің «Шал мен теңіз» повесіндегі басты кейіпкері Сантьяго қарт зор қиындықпен қолға түсірген алып балыққа акулалардың шабуылынан жағалауға жеткізе алмағаны мәлім. Ал, З. Шүкіровтің поэмасында ығып кеткен ауды, ондағы балықтарды тиеп алған Жанақ, Күләй басқарған балықшылар теңіз төсінде кенет үдеп кеткен дауылдың салдарынан аман қалу-қалмау жағдайына ұшырайды.

Теңіздегі табиғи құбылыстар ортасында өскен Зейнолла ақын поэмадағы сюжеттік шиеленісті айқын елестететін күрделі хал-ахуалды пейзаждық-психологиялық сипатымен оқырмандардың көз алдна айқын бояулы жанды суреттерімен бейнелеп жырлаған:
... Айтқан сөзді, шыққан демді қағып ап,

Сөйлетпейді жел аузыңды тұмшалап.


Бірде гулеп, бірде ашынып, ысқырып,

Ішін тартып үдей соқты үскірік.

Долы теңіз қаһарлана күркіреп,

Бар табиғат дем алғандай ышқынып.


Толқын таулар доптай қағып кемені,

Жүрістерін өндірмей-ақ келеді.

Ақ көбігін бетке шашып арсылдап,

Бортты қауып, алдарынан бөгеді.


Кеме аунақшып, екі бортқа шайқалып,

Құйған суды төгіп жатыр қайтарып.

Күләй жеңгей жаба қойды трюмді,

Тұр көзінен сасқандығы байқалып.


Малмандай су бәрінің де үстері,

Тылсым теңіз бар білгенін істеді.

Тоңған басын сипап Жанақ есте жоқ,

Фуражқасы ұшып суға түскені.


Дауыл үдеп кетті тіпті асқынып,

Дауылды түн әкелмейді жақсылық.

Не күттіріп қанын шашты көк жиек,

Көзі сонда, түнеріп тұр жас жігіт [91, 262-263-бб.].


Поэма сюжетіндегі табиғат сұрапылымен бетпе-бет келген адамдар психологиясының құбылыстары табиғи қалпымен бейнеленген. Әуелден-ақ балықшы болып еңбек еткен жылдарында мұндай қауіп-қатерлермен талай рет бетпе-бет келген адамдардың арпалысты қимылдарын бейнелеуде ақын дауыл мен кейіпкерлер көңіл-күйлерін егіздеп өреді. Көркемөнердің классикалық туындыларында (мысалы, Айвазовскийдің «Тоғызыншы вал» суреті) да теңіз кеңістігіндегі дауылдың келбетін ақын романтикалық-реалистік сарынды сипатымен әсерлі қалпымен жырлаған. Дүлей дауылдың үдей соққан сұрапылының қауіп-қатерлі қоршаған сәтте кейіпкердің алыс жағалаудағы өмір суреттерін, жан әлемінен орын алған ардақты адам бейнесін («Енді бір сәт елес берік өткендей әлдекімнің нәркес қара көздері») елестетуі де жан қиналғанда адамдардың көңіл-күй әлемінде болатын құбылыстардың психологиялық сипатын реалистікпен бейнелейді:
Шіркін, сол бір жаудыраған жанар-ай,

Қайран, аңқау қыз мінезі баладай.

Жігіт қалай басын тікті қатерге,

Сол қара көз жалынғанда қарамай.


Кетпей естен қарап қалған қыз қатып,

Кетпейді естен жүрегіңді сыздатып.

Онда күлсең, қазір балғын сол қыздың,

Кірпігінде көргендейсің жүз бақыт.


Қырда тұр ма қарап көзі талып ол,

Әлде отыр ма бұған кінә тағып ол.

Тағы толқын ... кеме қатты шайқалды ...

Үдей түсіп ысқырады әлгі жел ... [91, 263-б.].


Теңіз толқындарын алай-түлей, астан-кестен еткен дауыл – тіршілік кеңістігіндегі тап осындай қиын-қыстау оқиғалармен, құбылыстармен адам тақырын да елестеткендей әсер беретін табиғат қозғалысының суреті. Үсті-үстіне үдей соғылған теңіз дауылының алапат қозғалысының ортасында аман қалуды ойлап жанталасқан адамдардың іс-әрекеттері де тіршілік заңдылығы тұрғысында жырланған. Теңіз дауылдары адамзат тарихында талай замандар белестеріндегі фольклор мен әдебиет шығармаларында да бейнеленумен келеді. Әйгілі «Мың бір түн» кітабындағы саяхатшы саудагер Сандыбадтың сапарларындағы, Жюль Верннің фантастикалық кітаптарындағы («Он бес жасар капитан», «Капитан Гранттың балалары», т.б.), Джонатан Свифтің «Гулливердің саяхаттарындағы» теңіз дауылдарының суреттеулері де табиғат құбылыстарын бейнелеудегі сөз өнері мұраларындағы үндес суреттеулер, бейнелеулер әлемін көз алдымызға әкеледі.

Ақынның поэзиясындағы шығармалардың мазмұны мен пішіні жүйесінде тұрақты орын алатын осындай психологиялық-философиялық поэтикалық мағыналар сөз өнері туындыларына тән көркемдік-эстетикалық дүниетаным тереңдіктерін танытады.

Зейнолла поэзиясындағы эпостық әдеби тек дәстүрімен жырланған мысал жанрындағы шы тұрғыда бейнеленуімен көрінеді

Зейнолла поэзиясындағы эпостық әдеби тек дәстүрімен жырланған мысал жанрындағы шығармалары да бар. Мысалдар, әлем әдебиетіндегі сонау ежелгі замандар бойы классикалық шығармалар қатарында жырланып келе жатқан мұралар. Ақынның мысалдарында тіршілік қозғалысындағы қарама-қайшылықты қасиеттердің, құбылыстардың аллегориялық (пернелеулік) тәсілмен бейнеленуі дәстүрлі сипатымен қолданылған. Ақынның өмір шындығы құбылыстарына жасаған бағалаулары көркемдік-эстетикалық таным аясындағы тұжырымдау, қорытынды жасау сипатындағы бейнелеулерімен жырланған.

Ақын мысалдарындағы кейіпкерлер арқылы өмір қозғалысы мазмұнындағы адамгершілік-имандылық қасиеттерінің жағымды және жағымсыз сипаттары егізделген, қақтығысқан жағдайлары сыншыл реалистік дүниетаным бойынша саралана бейнеленген.

Зейнолла поэзиясындағы мысалдық бейнелеулер арқылы адамгершілік тәлім-тәрбиесін негіздеу ұлағаты да айқын байқалады.

Эпостық әдеби тек жанрларындағы сюжеттік құрылым бөліктерінің дәстүрлі жүйесі арқылы ақындардың көркемдік жинақтау жолымен тұрмыстық-әлеуметтік қарым-қатынастар мәдениетін дамыту, ұрпақтар санасына сіңіру ұлағаты айқындалады.

Эпикалық шығармалардың өмір шындығына негізделген сюжеттік-композициялық сипатынан адамдардың дүниетанымын дамыту тереңдету мұраты да байқалады.




Каталог: Docs
Docs -> Рефераты қызылорда, 2013 ж
Docs -> Ұлы пайғамбар ( с. ғ. с.) ұлықталған ғибратты кеш Наурыздың 11-і, қасиетті жұма күні Елордамыздағы Конгресс-Холл сарайында «Нұр Астана»
Docs -> "Псюхе" ұғымы келесі мағынаны білдіреді
Docs -> C мінез-құлық d санадан тыс
Docs -> Анықтама басылымдар 070(574) Қ 17 Қазақ телевизиясы
Docs -> Мадиева жансая қойшыбайқызы абай Құнанбаев, Мұхтар Әуезовтің шығармаларындағы педагогикалық идеяларының сабақтастығы
Docs -> Сабақ Мұхтар Әуезов «Біржан сал Абай ауылында»
Docs -> Мұражай-қорық коллекцияларына жаңадан алынған бұйымдар (ақын Төлеу Көбдіковтің 140 жылдығына орай) «Әдебиетті дарынды тұлғалар жасайды. Ал тұлғаны жарататын халық»
Docs -> БАҒдарлама-минимум


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет