Бижанова Айгүл Рабханқызы бағалы қАҒаздарға тікелей байланысты қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылық Алматы, 2012



бет8/12
Дата15.12.2016
өлшемі2,48 Mb.
#3963
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12

Қылмыстың объективті жағы келесі әрекеттерден тұрады:

- мемлекеттік органдар мен бағалы қағаздарды ұстаушыларға бағалы қағаздар эмитенті лауазымды адамының ақпарат бермеуі,

- бағалы қағаздар эмитенті лауазымды адамының көрінеу жалған ақпарат беруі;

- бағалы қағаздарды ұстаушыларға немесе эмитентке ірі залал алып келуі;

- жоғарыда аталған әрекет пен туындаған зардап арасындағы себепті байланыс.

Эмитенттің ақпарат беруден жалтару әрекеттері арнайы міндет болып жүктелінген тиісті ақпаратты бермеуі немесе көрінеу жалған ақпарат беруді қамтиды. «Бағалы қағаздар рыногы туралы» ҚР Заңда ақпаратты «беру», «ақпаратты ашып көрсету», «жария ету» сынды ұғымдар қатар кездеседі.

«Ақпаратты беру» түсінігі сұратқан немесе тапсыруға міндетті, қажет болған жағдайларда тұлғаға табыс етіледі. Бұл «ақпаратты ашып көрсету» ұғымына жақын. «Ақпаратты ашып көрсету» - мәлімет тиесілі тұлғаның мәліметке толық түсінік беруі. «Жария ету» ұғымы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарында, не көпшілікке жариялау, хабарлау мағынасында қолданылады.

Мемлекеттік органдар мен бағалы қағаздарды ұстаушыларға бағалы қағаздар эмитенті лауазымды адамының ақпарат бермеуі – қылмыстың объективті жағын құрайтын алғашқы іс-әрекет түрі. Эмитенттің ақпарат беруі нормативтік актіменен анықталған, ол эмитент үшін бағалы қағаз нарығындағы міндетті шарт болып табылады. Бұл шартты қасақана сақтамау эмитенттің жалтаруы болғаны. Сондай-ақ мемлекеттік органдар мен бағалы қағаздарды ұстаушыларға бағалы қағаздар эмитенті лауазымды адамының ақпарат бермеуі тек көрінеу болған ретте ғана қылмыстық әрекетсіздік болып саналмақ.

Бағалы қағаздар эмитенті лауазымды адамының көрінеу жалған ақпарат беруі – қылмыстық іс-әрекеттің екінші түрі. Бұл әрекет бағалы қағаздар нарығында жиі кездесетін құбылысқа айналған. Тіркеу және бақылау үшін тапсырылған құжаттар әруақытта толық және сенімді, әрі барлық уақытта талапқа сай бола бермейді. Ал, мемлекеттік органдар мен бағалы қағаздарды ұстаушылар, не инвестордың өздері бұл мәліметтердің толықтығы мен сенімділігін барлық жағдайда қамтамасыз ету мүмкіндігіне ие бола бермейді. Сондықтан да аталған әрекеттерден ірі залалдардың келуінің алдын алу мақсатында қылмыстық құқықтық механизмдерді араластыру қажеттілігі туындаған.

Енді мемлекеттік органдар мен бағалы қағаздарды ұстаушылар ұғымдарына тоқталсақ. Қылмыстық заңда, не оған берілетін түсініктемеде бағалы қағаздар эмитенті лауазымды адамы ақпарат беретін мемлекеттік органдардың түрлері нақты айтылмаған. Мұнда біз «Бағалы қағаздар рыногы туралы» ҚР Заңына жүгінеміз. Ол – уәкілетті орган, Ұлттық Банк, құқық қорғау органдары, салық органы және т.б.

Мемлекеттік аппарат пен мемлекет механизмінің негізгі элементі мемлекеттік орган болып табылады. Мемлекеттік органдардың уәкілеттілігі мен саны жағынан ерекшеліктерінің болғанына қарамастан, оларға ортақ белгілер тән. Әрбір орган өз кезегімен басқаруға байланысты қоғамдық еңбек бөлінісіне ие, мемлекет атынан қатынасқа түсетін, заңда белгіленген тәртіппен қалыптасқан, жүктелінген міндеттерді орындау үшін мемлекеттік билікті атқаруға қатысатын (мемлекеттік қызметшілерден тұратын) адамдардың ұйымдасқан ұжымы; белгілі бір ішкі құрылымы бар; қажетті қаржы және материалдық-техникалық қаражаттармен қамтылған; азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғайды және кепілдік етеді.

Мемлекеттік орган дегеніміз мемлекеттік басқару және бақылау функцияларын атқаруға уәкілетті, заңда белгіленген тәртіппен құрылған мемлекеттік мекеме.

Бағалы қағазды ұстаушы – бағалы қағаздар бойынша құқықтары бар, бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдері жүйесінде немесе номиналды ұстауды есепке алу жүйесінде тіркелген, бағалы қағаздар бойынша құқықтарға ие тұлға, сондай-ақ пайларын ұстаушылар ортақ үлестік меншік құқығында инвестициялық пай қоры активтерінің құрамына кіретін бағалы қағаздар бойынша құқықтарды иеленетін инвестициялық пай қоры.

Бағалы қағаздарды номиналды ұстау дегеніміз номиналды ұстау шартына не Заңға сәйкес бағалы қағаздарды ұстаушылардың атынан және есебінен белгілі бір заңды іс-әрекеттерді жасау, сондай-ақ бағалы қағаздар бойынша құқықтарды есепке алу мен растау және осындай ұстаушылардың бағалы қағаздармен жасалатын мәмілелерін тіркеу болып табылады.

РФ ҚК 185-1-бабында қарастырылған қылмыстың объективтік жағын екі баламалы іс-әрекеттер құрайды: Инвесторға немесе бақылаушы органға эмитенттің, оның қаржы-шаруашылық қызметтері, бағалы қағаздар, мәмілелер және бағалы қағаздармен басқа да операциялар туралы мәліметтерді көрінеу бермеуі; инвесторға немесе бақылаушы органға осы сұрақтар жөнінде көрінеу толық емес немесе жалған мәліметтер беру. Қылмыстық заңнамада бақылаушы орган ұғымы да нақтыланбаған. Ал, аталған іс-әрекеттен мемлекетке немесе ұйымдарға, азаматтарға ірі залал келмеген және көрінеу жалтарудың белгісі кездеспеген жағдайларда әкімшілік шара қолданылады (РФ Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 15.19-бабы бойынша).

Инвесторлардың эмиссиялық бағалы қағаздар шығару туралы ақпарат алуға құқығы бар. Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру кезiнде эмитент (андеррайтер, эмиссиялық консорциум) инвестордың бiрiншi талап етуi бойынша оған танысу үшiн эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару проспектiсiн немесе оның көшiрмесiн беруге мiндеттi.

Эмитент (андеррайтер, эмиссиялық консорциум) эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiсiнiң көшiрмесiн бергенi үшiн инвестордан оны дайындауға жұмсалған шығыс көлемiнен аспайтын мөлшерде ақы алуға құқылы.

Инвестор эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiсi көшiрмесiнiң уәкiлеттi органдағы проспектiсiне сәйкес келуiн тексеру туралы, ocы мақсатта мұндай көшiрменi уәкiлеттi органға бере отырып, уәкiлеттi органға өтiнiш жасауға құқылы.

Ал эмиссиялық бағалы қағаздар орналастыруды тоқтата тұру қажеттігі туындаған ретте, эмитент инвесторларға оны хабарлайды. Инвесторларға эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруды тоқтата тұру туралы хабарлауды эмитент мына жолмен жүргiзедi:

- бұқаралық ақпарат құралдарында тиiстi хабар жариялау;

- тiркеушiнiң көрсететiн қызметтерiн пайдалану арқылы тиiстi хабарды тарату.

Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруды тоқтата тұру туралы хабарда төмендегідей мәлiметтер болуы тиiс:

- эмитенттiң толық атауы мен орналасқан жерi;

- эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттiк тiркеу күнi;

- уәкiлеттi органның эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруды тоқтата тұру жөнiндегi шешiмi туралы.

Отандық қылмыстық заңнамада инвесторға эмитент лауазымды адамының жоғарыда аталған мәліметтерді тапсырудан жалтару шарасы қарастырылмаған. Байқап отырғанымыздай, бұл мәліметтер бағалы қағаздарды эмиссиялауда, бағалы қағаздардың қайталама нарығында да тиісті тұлғаларға тапсырылуы тиіс.

Заңның 105-бабында инвестордың мемлекеттiк органдарға және тiркелген тұлғаның тіркеушіге (нақтылы ұстаушыға) ақпаратты жария етуi қарастырылған. Онда: «Тiркелген тұлға тiркеушiге (нақтылы ұстаушыға) бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiндегi және нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiндегi өз деректерiнiң өзгерiстерi туралы мұндай өзгерiстер туындаған кезден бастап күнтiзбелiк он күн iшiнде хабарлауға мiндеттi.

Тiркеушi (нақтылы ұстаушы) бағалы қағаздарды ұстаушылардан бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiндегi және нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiндегi деректердiң өзгерiстерi туралы мәлiметтер алмауы немесе уақтылы алмауы салдарынан келтiрiлген шығын үшiн бағалы қағаздарды ұстаушылардың алдында жауапты болмайды.

Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде инвестордың (бағалы қағазды ұстаушының) эмиссиялық бағалы қағаздарға инвестицияларды жүзеге асыру кезiнде өзi және өзiнiң аффилиирленген тұлғалары туралы ақпаратты мемлекеттiк органдардың алдында ашып көрсетуге мiндеттi екенi белгiленуi мүмкiн», делінген.

ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 202-бабында бағалы қағаздар туралы коммерциялық құпия болып табылмайтын ақпаратты жасырғаны, сондай-ақ бағалы қағаздар рыногы субъектiлерiнiң оны алуына кедергi келтiргені үшін, егер бұл әрекет iрi залал келтiруге әкеп соқпаса, жауаптылық көзделген.

Ал, осы әкімшілік құқықбұзушылық туралы заңнаманың 200-бабында (Бағалы қағаздар рыногындағы ақпаратты ашу жөнiндегi мiндеттi бұзу) бағалы қағаздар рыногы субъектiлерiнiң Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған тәртiппен және жағдайларда ақпаратты ашу жөнiндегi мiндеттi орындамағаны үшін жауаптылық қарастырылған.

Қылмыстың субъектісі лауазымды адам болып табылады. Оның ұғымы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 307-баптың ескертпесінің 3-тармақшасында берілген.

Тұрақты, уақытша немесе арнаулы өкілеттілік бойынша билік өкілінің функцияларын жүзеге асыратын (яғни оларға қызмет жағынан тәуелді емес адамдарға қатысты заңда белгіленген тәртіп пен мемлекет атынан немесе заңдық маңызы бар актілер шығару құқығы немесе билік ету өкілеттігі берілген) не мемлекеттік органдарда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде, басқа әскерлері мен әскери құрылымдарында ұйымдастырушылық-билік ету немесе әкімшілік – шаруашылық функцияларды орындайтын адамдар лауазымда адамдар.

Бұл ұғымнан түсінетініміз, лауазымды адамның мемлекеттік қызметші болуы шарт. Ал эмитент – эмиссиялық бағалы қағаздарды шығарушы заңды тұлға, барлық жағдайда оның өкілінің мемлекеттік қызметші болуы мүмкін емес, ол тек мемлекеттік бағалы қағаздарға ғана қатысты. Бұл жағдайда қылмыс субъектісі «эмитент лауазымды адамы» ұғымының орнына «эмитенттің басқарушы тұлғалары» ұғымын қолдану орынды. Эмитенттің басқарушы тұлғалары – мемлекеттік органға, бағалы қағаздарды ұстаушыларға, инвессторға ақпаратты бермеген, не жалған ақпарат берген жауапты тұлғалар.

Қылмыстың субъективтік жағы – тікелей қасаналық болып табылады. Тұлға мүліктік пайда табу мақсатында өз іс-әрекетінің қоғамға қауіпті сипатын сезінеді, нақты айтқанда, эмитенттің немесе бағалы қағаздарды ұстаушылардың есеп шотында болған бағалы қағаздар туралы ақпаратты бермейді немесе көрінеу жалған мәліметтерді ұсынады, ірі залалдың келуін біледі және осы зардаптардың болуын тілейді. Мүліктік пайда табу – аталған қылмыстың мақсатын құрайды.



Қылмыс құрамы – материалдық. Мүліктік пайда табу мақсатында бағалы қағаздар эмитенті лауазымды адамының мемлекеттік органдарға және бағалы қағаздарды ұстаушыларға ақпарат бермеуі не көрінеу жалған мәліметтер беруі нәтижесінде бағалы қағаздарды ұстаушыларға немесе эмитентке ірі залал алып келген жағдайда қылмыстық іс-әрекет аяқталған болып табылады. Аталған іс-әрекеттер үшін қылмыстық жауаптылық тек ірі мөлшерде залал келген ретте ғана туындайды.

Бағалы қағаздар эмитенті лауазымды адамының көрінеу жалған ақпарат беру әрекеті (ҚР ҚК 202-1-бабы) ұйымдарға салынатын салық төлеуден жалтарғаны үшін жауаптылық Қылмыстық кодекстің 222-бабында арнайы көрсетілген қылмыстық әрекетке ұқсас. Соңғы қылмыстық норма – арнайы болып есептелінеді. Бұл екі баптар объектісімен және салық салумен байланысты құжаттарыменен ерекшеленіп тұр.

Жоғарыда аталған әрекеттерді жасаған тұлға үш жүзден бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның үш айдан бес айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не бес жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен шұғылдану құқығынан айыруға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейiнгi мерзiмде белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен шұғылдану құқығынан айыра отырып, не онсыз, бiр жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге жазаланады.

Белгілі бір лауазымды атқару құқығынан айыру түріндегі жаза тек эмитент-мемлекеттік қызметші-лауазымды тұлғаға ғана қолданылуы тиіс.

2011.01.18 № 393-IV ҚР Заңымен саралаушы баптар алынып тасталынды.

ҚР ҚК 202-1-бабының 2-тармағын құрайтын саралаушы белгілерге мыналар жатқызылғаны жөн еді: бірнеше мәрте жасаса, аса ірі мөлшерде жасаса. Мұнда, ірі мөлшердегі зиян дегеніміз азаматтарға – 100 еселенген айлық есептік көрсеткіш, мемлекетке немесе ұжымға – 500 еселенген айлық есептік көрсеткіш, ал аса ірі азаматтарға – 500 еселенген айлық есептік көрсеткіш, мемлекетке немесе ұжымға – 1000 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде залалдың келуі болып табылады.

Қылмыстық әрекет бірнеше рет немесе аса ірі мөлшерде жасалған ретте үш жылға дейін белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып немесе онсыз үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланғаны дұрыс еді.

Тақырыпша бойынша сұрақтар:


  1. ҚР «Бағалы қағаздар рыногы туралы» заңына сай бағалы қағаздарды эмиссиялаудың қандай сатыларында эмитент мәліметтер бере алады?

  2. Эмитенттің бағалы қағаздарды эмиссиялау кезінде кімдерге және қандай мағлұматтар береді?

  3. Бағалы қағаздар эмитентің лауазымды адамның ақпарат бермеуі не көрінеу жалған мәліметтер беру әрекетіне түсінік беріңіз.

  4. Бағалы қағаздар эмитентің лауазымды адамның ақпарат бермеуі не көрінеу жалған мәліметтер беру жөніндегі қылмыстың құрамын ашыңыз.

  5. Бағалы қағаздар эмитентің лауазымды адамы деген кім?



2.3 Бағалы қағаздарды ұстаушылар тізіліміне көрінеу жалған мәліметтер енгізу (ҚР ҚК 203-бабы)
Қылмыстық кодекстің 203-бабында бағалы қағазды ұстаушылар тізіліміне осы бағалы қағаздарға деген құқықтың басқа адамға ауысуына әкеп соғатын көрінеу жалған мәліметтер енгізгені үшін жауаптылық белгіленген.

Бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесін жүргізуге қысқа түсінік беріп өтейік. Бұл қызмет «Бағалы қағаздар рыногы туралы» ҚР Заңының 12-тарауымен, уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен, тiркеушiнiң iшкi құжаттарымен және эмитентпен жасалған шартпен реттелінеді.

Бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн жүргiзудi тiркеушi эмитентпен жасалған шарттың негізінде жүзеге асырады. Бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесi эмиссиялық бағалы қағаздарға қатысты мiндеттi түрде жүргiзіледі. Бағалы қағаздарды ұстаушылар туралы мәлiметтер бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiне енгiзiледі. Тіркеушінің лицензияның қолданылуы тоқтатыла тұрған, одан айырған жағдайларда уәкілетті орган бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізілімі жүйесін жүргізу жөнінде эмитент жаңа шарт жасасқан тіркеушіге оларды кейіннен беру үшін бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізілімі жүйесін құрайтын деректердің резервтік көшірмелерін алып қоя алады.

Тiркеушiнiң функцияларына мыналар жатады:

- бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн қалыптастыру, жүргiзу және сақтау,

- тiркелген тұлғаға бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесінде жеке шот ашу;

- тiркелген тұлғаның жеке шоты бойынша бағалы қағаздармен мәмiлелердi тiркеу;

- тiркелген тұлғаның бағалы қағаздары бойынша құқықтарын растау;

- бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн сайма-сай қалпында ұстау;

- қайталама бағалы қағаздар рыногында айналыста жүрген бағалы қағаздар санының уәкiлеттi орган тiркеген санына сәйкестiгiн бақылауды жүзеге асыру;

- бағалы қағаздарды ұстаушыларға Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларда немесе эмитенттiң тапсырмасы бойынша эмитенттiң жалпы жиналысын өткiзуiне немесе эмитенттiң эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша кiрiстi төлеуiне қатысты, сондай-ақ эмитенттiң бағалы қағаздарды шығаруына қатысты хабарлау;

- эмитенттiң сұратуы негiзiнде оған бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн құрайтын ақпарат табыс ету;

- бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн құрайтын мәлiметтер алуға құқығы бар мемлекеттiк органдарға ақпарат табыс ету;

- өзге де функциялар болып табылады.

Тiркеушiмен бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн жүргiзу жөнiнде шарт жасау туралы шешiмдi оның эмитенттiң жарғысында белгiленген құзыретiне сәйкес эмитенттiң органы қабылдайды. Осы шешiмде эмитенттiң атынан шарт жасасуға қатысуға және, оған қол қоюға уәкiлдiк берiлген тұлға көрсетiледі.

Бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн жүргiзу жөнiндегi шарт бұзылған жағдайда тiркеушiге заңмен арнайы талаптар қойылған.

Бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн жүргiзу жөнiндегi шарт бұзылған жағдайда бұрынғы тiркеушi эмитентпен жасалған шарттың бұзылған күнiнен бастап күнтiзбелiк жетi күн iшiнде бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмiн әзiрлеп, жаңа тiркеушiге өткiзуге даярлайды. Аталған құжаттарды өткiзу тiркеушiлер өкiлдерiнiң қатысуымен қабылдау-өткiзу актiсiн жасау арқылы жүзеге асырылады. Жаңа тiркеушi қабылдау-өткiзу актiсiне қол қойылған кезден бастап күнтiзбелiк жетi күн iшiнде бұрынғы тiркеушiден қабылданған құжаттардағы мәлiметтердi эмитенттiң ол шарт жасасқан бағалы қағаздар тiзiлiмдерiнiң жүйесiне енгiзеді.

Бұрынғы тiркеушiнiң бағалы қағаздар ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн жүргiзу күнiнде жасаған үзiндi мен өзге де құжаттардағы мәлiметтер үшiн жауапкершiлiк бұрынғы тiркеушiге жүктеледi.

Тiркеушi мен эмитент арасында шарт жасалмаған ретте бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiн бағалы қағаздардың номиналды ұстаушылары жүргiзеді. Номиналды ұстаушы – кәсіби қатысушы болып табылады.

Номиналды ұстауды есепке алу жүйесі – номиналды ұстау қызметін көрсететін бағалы қағаздар рыногы кәсіби қатысушысының бағалы қағаздарды ұстаушылар және оларға тиесілі бағалы қағаздар туралы мәліметтері бар, уақыттың белгілі бір кезінде бағалы қағаздарды сәйкестендіруді, олармен жасалатын мәмілелерді тіркеуді қамтамасыз ететін есеп беру жүйесі, сондай-ақ осы бағалы қағаздарды айналысқа немесе олар бойынша құқықтарды жүзеге асыруға арналып тіркелген шектеулердің сипаты және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес өзге де мәліметтер құрайды.

Бағалы қағаздардың нақтылы ұстаушысы ретiнде клиенттердiң шоттарын жүргiзу құқығы бар орталық депозитарий, кастодиан және брокер және (немесе) дилер нақтылы ұстау қызметiн көрсетуге құқылы.

Бағалы қағаздарды нақтылы ұстауды клиентпен жасалған, лицензиаттың нақтылы ұстауға берiлген бағалы қағаздарға қатысты құқықтарын белгiлейтiн шарттың талаптарына сәйкес лицензиат жүзеге асырады.

Бағалы қағаздар ұстаушылардың тiзiлiмi жүйесiнде нақтылы ұстауға берiлген мемлекеттiк емес бағалы қағаздарды есепке алу орталық депозитарийдiң жеке шоты бойынша жүзеге асырылады, оны ашуды орталық депозитарийдiң бұйрығы негiзiнде тiркеушi жүргiзедi. Нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiнде жеке шот ашу тәртiбi нақтылы ұстаушының iшкi құжаттарымен белгiленедi.



Нақтылы ұстаушы:

- клиенттiң жеке шотындағы қателiктер мен ақпаратты бұрмалаудың алдын алу мақсатымен тұрақты бақылауды жүзеге асыруға;

- нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiнде бар және клиенттiң жеке шоты бойынша өзгерiстер енгiзудiң ретiн белгiлеуге немесе қалпына келтiруге мүмкiндiк беретiн ақпаратты сақтауға;

- Заңға сай белгiленген тәртiппен және мерзiмдерде клиенттiң жеке шоты бойынша өзгерiстер енгiзуге;

- нақтылы ұстау туралы жасалған шартқа сәйкес клиентке анық ақпарат беруге мiндеттi.

Нақтылы ұстаушының функциялары:

- клиенттiң бағалы қағаздарын есепке алу және осы бағалы қағаздармен мәмiлелер жасасу кезiнде олардың болуын қамтамасыз ету;

- клиенттiң бағалы қағаздарымен жасаған мәмiлелерiн тiркеу;

- клиенттердiң бағалы қағаздар бойынша құқықтарын растау;

- нақтылы ұстауға берiлген бағалы қағаздармен мәмiлелер жасасу кезiнде клиенттердiң мүдделерiн бiлдiру;

- нақтылы ұстауға берiлген бағалы қағаздарға қатысты ақпаратты клиенттiң назарына жеткiзу;

- нақтылы ұстау туралы шартқа сәйкес Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де функциялар болып табылады.

Нақтылы ұстаушының:

- Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес келмейтiн бағалы қағаздармен мәмiленi тiркеудi жүзеге асыруына;

- Заңда және уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленген жағдайларды қоспағанда, клиенттiң бұйрығынсыз бағалы қағаздармен мәмiленi тiркеудi жүзеге асыруына;

- Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларды қоспағанда, клиенттiң тиiстi жазбаша рұқсатынсыз оның ақшасы мен бағалы қағаздарын өз мүддесiне немесе үшiншi тұлғалардың мүддесiне пайдалануына тыйым салынады.

Нақтылы ұстаушы мен оның клиентi арасындағы құқықтық қатынастар олардың арасында жасалған нақтылы ұстау туралы шартпен реттеледi.

Қылмыстың тікелей объектісі бағалы қағаздарды ұстаушылар тізімін реттейтін қоғамдық қатынастар, ал қосымша объектісі бағалы қағаздарды ұстаушылардың меншігі. Бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмдерi жүйесiне көрінеу жалған мәліметтердің енгізілуі бағалы қағаздарға құқықтардың ауысуына алып келе отырып, бағалы қағаздарды ұстаушылардың меншігіне де қолсұғады. Сондықтан да аталған қылмыстың тікелей объектісі бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмдерiн жүйелеуге байланысты туындайтын қатынастарда бағалы қағаздарды ұстаушының, мемлекеттің экономикалық мүдделері болып табылады.

Қылмыстың заты – бағалы қағаздар ұстауға құқық беретін құжат. Ендігі бір еңбектерде бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмдерi жүйесiне көрінеу жалған мәліметтердің енгізу жөніндегі қылмыстың затын бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмі, деп көрсетілуімен толық келісе аламыз. Бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмі – бағалы қағаздарды ұстаушылардың ресми тiзiмі, ол белгілі бір күнге жасалынады және ол ұстаушыларды, сондай-ақ оларға тиесілі бағалы қағаздардың түрін, номиналды құнын және санын теңдестіруге мүмкіндік береді.

Эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқықтарды растау бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмдерi жүйесiндегi немесе орталық депозитарийдiң есепке алу жүйесiндегi бағалы қағаздарды ұстаушылардың жеке шотынан үзiндi табыс ету арқылы жүзеге асырылады. Үзiндiнi ресiмдеу мен беру тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен және тiркеушiнiң (нақтылы ұстаушының) iшкi құжаттарымен белгiленедi (Заңның 38-бабы).

Бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесі – эмитент, эмиссиялық бағалы қағаздар және оларды ұстаушылар туралы мәліметтердің жиынтығы, ал белгілі бір уақыт кезінде эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша оларды ұстаушылардың құқықтарын сәйкестендіруді, бағалы қағаздармен мәмілелерді тіркеуді қамтамасыз етеді, сондай-ақ осы бағалы қағаздар бойынша айналысқа немесе құқықтарды жүзеге асыруға арналып тіркелген шектеулердің сипаты және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісіне сәйкес өзге де мәліметтер құрайды.

Іс-тәжірбиеде тіркеу қызметін жүзеге асыруда заңбұзушылықтардың бірнеше түрлерін кездестіруге болады. Атап айтсақ:

- бағалы қағаздарды талан-таражға салу;

- құпия мәліметті тіркеушінің заңсыз қолдануы;

- бағалы қағаздардың иелеріне қысым жасау;

- трансфер-агент қызметін атқаруда эмитентке қиянат ету;

- тізілім (реестр) жүйесіне жазбаны енгізуден заңсыз бас тарту;

- тізілімге жеткіліксіз мәліметтер енгізу;

- бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн құрайтын толық емес, жалған ақпаратты табыс ету немесе табыс етпеу;

- бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн құрайтын мәлiметтер алуға құқығы бар мемлекеттiк органдарға толық емес, жалған ақпаратты табыс ету немесе табыс етпеу;

- көрсетілген тізімнен шығару мерзімін бұзу.

Әрине, аталған тіркеу қызметімен байланысты заңбұзушылықтардың барлығын қоғамға қауіпті зардаптар алып келе бермейді.

Трансфер-агент – бұл, тіркеушінің агенті болып табылады және тізімге өзгертулерді енгізу үшін мәліметтерді жинау, оларды тіркеушіге беру, сонымен бірге бағалы қағаздарға меншік құқығын растайтын құжаттарды жасау және беру функциясын атқаратын заңды тұлға болып табылады. Тарнсфер-агент, тізімге өзгертулер енгізу үшін тіркелген тұлғалардан тиісті құжаттарды қабылдайды және тіркеушіге жібереді. Тіркеуші тізілімге бұрмаланған мәліметтерді енгізу арқылы акционерлердің мүдделеріне зиян тигізуі мүмкін. Аталған әрекет тіркеушінің эмитенттен тәуелділігі жағдайында жасалынады және инвесторлардың жақтастарының меншігіне бағалы қағаздарға құқықтың өтуіне кедергі жасау мақсатын көздейді.

Бұл іс-әрекеттер тіркеушінің эмитентке қатысты шартына байланысты және жақтаушы.

Зерттеліп отырған қылмыстың объективтік жағы бағалы қағаздарды ұстаушылар тізіліміне көрінеу жалған мәлімет енгізу түріндегі белсенді әрекеттен, бағалы қағаздарға деген құқықтың басқа адамға ауысуы сияқты қоғамға қауіпті зардаптармен, сондай-ақ осы әрекеттер мен зардаптардың арасындағы себепті байланыспен сипатталады.

Қылмыскердің көрінеу жалған мәліметті аталған тізілімге енгізуі бағалы қағаздарға деген құқықтың басқа адамға ауысуына әкеліп соғады. Заң бойынша бағалы қағаз бойынша құқықтарды берудің тәртібі Азаматтық кодекстің 132-бабында көрсетілген. Қылмыс осы баптың талаптарына кереғар түрде заңсыз әдейі істеледі.

Бағалы қағазды ұстаушы бағалы қағаздарды ұстаушылар тізіліміне – эмитент, эмиссиялық бағалы қағаздар және оларды ұстаушылар туралы, сондай-ақ уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісіне сәйкес өзге де жалған көрінеу мәліметтер енгізіледі.

Бағалы қағаздарды ұстаушылар тізіліміне көрнеу жалған мәліметтер енгізу қылмысының субьективтік жағы тікелей қасақаналықпен сипатталады. Кінәлі өзінің бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізіліміне көрінеу жалған, қате ақпаратты енгізгенін, яғни бұрмаланғанын, оның бағалы қағаздарға деген құқықтың басқа адамға ауысуына әкеп соғатынын біледі, түсінеді, сезеді, қоғамға қауіпті зардаптың келуін тілейді.

Қылмыстың субъектісі – 16-ға толған, есі дұрыс адам.

Бұл қылмыс үшін арнаулы субьекті – тіркеуші міндетін орындайтын ұйымның басшылары немесе осы тіркеумен жұмыс жасай алатын банктік мекеменің лауазымды тұлғасы, деп көрсетілген И.Ш.Борчашвилидің жалпы редакциялығымен жарияланған ҚР Қылмыстық кодексіне түсініктемесінде [58, 502 б.]. Ал, С.М.Рахметов пен Т.Ә.Бапановтың жалпы редакторлығымен жарияланған Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіне түсініктемесінде аталған субъектілердің қатарына бас бухгалтерді, бағалы қағаздарды шығарудың және орналастырудың қорытындысы туралы есепке қол қойған тексеру комиссиясының төрағасын қосқан [59, 369 б.].



Каталог: Content -> Files -> SciPublications -> Annotations
Annotations -> 1 фантастика жанрыныњ типологиясы
Annotations -> Оқулық Алматы 2011 Пікір жазғандар: Филология ғылымдарының докторы, профессор Т. С. Тебегенов
Annotations -> Қадыр Мырза Әли поэзиясындағы ұлттық нақыштар
Annotations -> Сәлима калқа ба ева филология гылымының кандидаты, доцент №8 • 2004 • АҚИҚАТ
Annotations -> «желтоқсан желі ызғарлы »
Annotations -> Жұма күні шығады №29 (277) 24 мамыр 2013
Annotations -> Т. Б. Сейдімханова С. Сейфуллиннің «Қазақ әдебиеті» оқулығы өз заманының озық ойлы туындысы
Annotations -> «базалық шет тілі» (A1,A2) сабағында білім алушылардың Өзіндік жұмысын ұйымдастыруға арналған методикалық НҰСҚау 5В011900 «Шет тілі: екі шет тілі»


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет