Бірінші бөлім кітаби ақындар (ХХ ғасыр басындағы түрік халықтары әдебиеті контекстінде) (монография)



бет14/23
Дата19.05.2018
өлшемі5,03 Mb.
#40515
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   23

Насыруддин Рабғұзидің бұл қиссаларына қарап бірнеше қорытынды ойларды айтуға болады: Бірінші, шығарма авторы Насыруддин Рабғұзи тек дін қызметкері, діни ғұлама ғалым ғана емес, заманының үлкен жазушысы. Екінші, Рабғұзи қиссалары - жазушының дәуіріне сай қаламгерлік шеберлігін танытумен бірге Алтын орда дәуірінің өскен, көркейген үлкен әдебиеті болғанын көрсететін, танытатын әрі діни, әрі көркем жәдігер. Үшіншіден, шығарманың діни тақырыпты болуы, көркем жазылуы, қызықты оқылуы кейінгі дәуірлерде де, әсіресе ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында бұл шығармаға барушылардың, оның жеке қиссаларын алып көркем, дербес, нәзиралық шығармалар етіп жырлаушылардың көбеюіне ықпал етті. Демек, осы кезеңде шығармашылық еткен, сол дәуірдегі қазақ әдебиетінің ерекше бір арнасы болып дамыған кітаби ақындардың шығармашылықпен қайта қараған, жырлаған бір туындысы Рабғұзи қиссалары – «Қисасу-л-әнбия» болды. Яғни, Алтын орда дәуірінде дүниге келген бұл туынды аталған кезеңдегі қазақ әдебиетінің дамуына ықпал еткен шығарма болды. ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында шығармашылық еткен кітаби ақындар Насыруддин Рабғұзидің қиссалар тізбегіндегі әрбір жеке қиссасының негізінде жаңа нәзиралық шығармалар тудырды.

ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басында кітаби ақындар қаламынан туған көптеген діни шығармалар «Қиссас-ул әнбиямен» сабақтасып жатады. Кітаби ақын Шәді Жәңгірұлы «Ибраһим Пайғамбардың хикаяты» атты еңбегінде пайғамбарлар туралы жырлай келіп:


«Абзалы баршасының расул Хұда,

Ат қойды «Хайру-л-Бәшар» деген мұңа.

Аршы – ағла айуанына атын жазып,

Алладан Хабибім деп болған ниде», -

деп Мұхаммед Пайғамбар туралы ерекше толғайды. Ең соңғы әрі ақырзаман пайғамбары аталса да, Мұхамметтің өзге пайғамбарлардан айрықша екендігіне ден қояды. Тіпті қаншама пайғамбардың атасы болған Ибраһимнің өзін:

«Екінші Ибраһим-дүр Әзәрұғлы,

Бір Хұда Халимім деп нидә қылды, - деп береді (61, 6-б).


Шәді кітаби нәзирашыл ақын ретінде өзі жырлап отырған Ибраһим Пайғамбар оқиғасының бұрынғы кітаптарда көп сөз болғанын, өзініңсоларды негізге ала отырып шығармашылық етіп отырғанын сөз етеді.
«Қиссасы «Сиярмен» «Қисаста» көп,

Болмайды айтмағыма бәрін бірден.

Көңілімде қиял ойлап талап еттім,

Халилнің рух шәріпін тебірентем деп, -


берілген бір шумақ өлеңде шайыр Шәді бізге біршама мағлұмат беріп отырғаны аңғарылады. Ақынның «Сияр» деп беріп отырғаны - Мұхаммет Пайғамбардың қайраткерлік өмір жолын сөз ететін араб әдебиетіндегі «сира» жанры туындылары. Мысалы, ғалым Э.Наджип «Нахжу-л-Фарадис» жөнінде туындының сира жанрына жататынын айтып өтеді. Демек, ХХ ғасыр басында орыс патшалығы қол астындағы түркі тектес мұсылман халықтары өмірінде, ислами руханиятында үлкен орын алған «Назым Сияр Шәриф» шығармасының да түп негізі, әлбетте, алдымен араб, парсы әлемі діни әдебиетінде жатса, онан соң түрки ортағасырлық не алтынордалық жазба әдебиетте: «Нахжу-л Фарадиспен», «Қисасу-л әнбияда жатса керек.

Бірақ Шәді Жәңгірұлының «Нахжу-л-Фарадиспен» таныс болуы да немесе болмауы да мүмкін. Өйткені бұл туынды жоғарыда ғалым А.Қыраубайқызы айтып өткен «Қисасу-л әнбиядай» емес ХХ ғасыр басында баспа бетін көрмей, назардан тыс қалып келген. Тек ХХ ғасырдағы тіл білімі мен әдебиет тарихы ілімі ғана құнды тілдік және әдеби жәдігер ретінде зерттеу нысаны етіп келе жатыр. Ал «Қисасу-л әнбия» Шәдінің оқыған, «Назым Сияр Шәрифті» жазарда қайта-қайта қараған туындысы. Сондықтан да ақын Ибраһим Пайғамбарды жырлағанда, оның аңыз сипатты оқиғаларының Шәдіше айтқанда, қиссасының «Қисаста» көп екенін айтады. «Қисас» деп отырғаны Рабғузидің «Қисасу-л әнбия» шығармасы екені даусыз.

Ортағасырлық әдеби, діни-фәлсафалық жәдігерлер, атап айтсақ, Ахмет Ясауидің «Хикметі» мен Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білігі», Ахмет Йүгнекидің «Һибат-ул-хақайығы» ұзақ ғасырлар бойы түрік халықтарының сөз өнерінің өркендеуіне мол үлес қосып келгені даусыз. Аталған ұлы жәдігерлердің ХІХ-ХХ ғасырлардағы бүкіл қазақ әдебиетіне жасаған игі-ықпалы жөнінде де солай деуге болады. Мысалы, А.Ясауи шығармашылығының, оның хикметтерінің қазақ әдебиетіне еткен игі әсері, дәстүр болып енген ықпалы жөнінде ғалым М.Жармұхамедұлы: «Диуани хикмет» бастан аяқ ақыл-өсиет, үлгі-өнеге айтуға құрылған. Дін қағидалары мен жалпы адамгершілік, мейірім-шапағат, бауырмалдық мәселелерінің туған әдебиетімізде кең қанат жаюына осы «Диуани хикметтің» әсер-ықпалының мол болғаны даусыз»,- дейді (42, 13). Сонымен бірге, ғалым ұлы ақын хикметтерінен қазақ әдебиетіне дәстүр болып енген тақырыптар мен үндестіктер мәселесін, образдар жүйесін Әбубәкір Кердері, Дулат Бабатайұлы, Абай шығармаларымен сабақтастыра қарастырады. Әлбетте, аталған шығармалардың бүкіл қазақ әдебиетіне еткен әсер-ықпалы мәселесінен осы кезеңде шығармашылық еткен кітаби ақындар шығармашылығы да тыс тұра алмайды. Керісінше, діни оқу орындарында тәрбиеленген, бүкіл шығармашылық ғұмыры дінмен, діни-фәлсафалық әдебиетпен, мұсылмандық шығыспен байланысты қалыптасқан кітаби ақындар шығармашылығы оларға барынша жақын болды деуге болады. ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басында ерекше дамыған кітаби ақындар шығармашылығы да кездейсоқ туындаған әдеби құбылыс емес. Керісінше, өзінің табиғи дәстүрлі даму жолымен келген, ежелгі әдеби, діни-фәлсафалық дәстүрмен сабақтастықта дамыған әдеби құбылыс. Демек, кітаби ақындар шығармашылығының қайнар бастауында ең алдымен ортағасырлақ әдеби, діни-фәлсафалық жәдігерлер А.Ясауи, А.Баласағұни, А.Йүгнеки шығармалары, онан соң Алтын Орда ескерткіштері, Рабғузидің «Қисасу-л-Әнбиясы» мен Махмуд бин Әли ас-Сараи ... әл-Кердерінің еңбегі «Нахжу-л-Фарадистері» тұр десек, қателеспейміз. Яғни, кітаби ақындар шығармашылығы қазақ әдебиетінің ежелгі әдебиетпен табиғи байланысын, сабақтастығын көрсетеді. Бұл ретте Шәді Жәңгірұлының «Назым сияр Шариф» шығармасын ерекше атап айтуға болады. Себебі бұл туынды - «Рабғузи қиссаларының» ізімен жырланған немесе ақынның бұл шығарманы жазу үстінде пайдаланған басты еңбектерінің бірі болды дей аламыз. Сол секілді кітаби ақын Жүсіпбек қиссаларының да көпшілігіне Рабғузи «қиссалары» оқиғалары өзек болып өрілгені даусыз. Мәселен, оның «Қисса Хазірет Жүсіп Аләйһиссалам Илән Зылиханың мәселесі», «Қисса анхазірет Расулдың Миғражға қонақ болғаны», «Қисса уақиға Кербала үшбу-дүр» секілді діни қиссалары.

Жалпы мұсылман әлемінде, әсіресе діни сопы ақындар шығармашылығында ерекше орын алатын бір діни әдеби құбылыс - кез-келген еңбекті Алла Тағаланы мадақтап сөз етумен ашу. Сонан соң ғана негізгі мәселеге көшу. Сол секілді біздің ортағасырлық әдеби ескерткіштеріміз де осы дәстүрді ұстанған. Құл Қожа Ахмет Ясауи, А.Баласағұни, А.Йүгнеки шығармалары, онан соң Алтын Орда ескерткіштері, Рабғузидің қиссалары мен Ясауи хикметтерінің өн бойында Алланы түрлі есімдерімен құрметтеп атап отырады. Олар Хақ Тағалаға арналып жазылған қарасөзді мәтіндерінде, өлең жолдарында мадақ сөздер әдемі әуез, әуенмен, ырғақты жүйемен орындалып отырғаны аңғарылады. Алла Тағалаға арналған мадақ жолдарынан соң Мұхаммет пайғамбарды ұлықтау, төрт шариярды жырлау - діни, әдеби дәстүр. Олардың дін мұсылман жолындағы қайраткерлік істері, әсіресе, Мұхаммед пайғамбар көп жырланған. Ортағасырлардағы, Алтын Орда дәуіріндегі исламдық әдебиетке тән осы дәстүр ХХ ғасырдың алғашқы жартысына дейін өзінің үлгісін, өрнегін сақтап келді. Алтын Орда дәуірінің діни-әдеби шығармаларының қайта жырлануы, нәзиралық әдеби дәстүрдің жалғасуы, әсіресе ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басында айрықша дамыды. Сондай дәстүр жалғастығының көріністері ретінде Насыраддин Рабғұзидің «Қиссас-ул әнбиясы» мен Махмұд Кердерінің «Наһжу-л-фарадис» шығармалары үлгісінде туған, тұтастай рухани сабақтастықта орындалған кітаби нәзирашыл ақын Шәді Жәңгірұлының Мұхаммед Пайғамбардың өмірі мен пайғамбарлық жолын арқау еткен «Назым Сияр Шәриф» еңбегін ерекше атап айтуға болады. Шығарма алғысөзінде де Алла Тағала айрықша мадақталады.

Алла Тағала жаратқан он сегіз мың ғалам және сол ғаламның тұтас Алла Тағалаға хамды-мадақ айтатыны:


Бисмилләһи-р-рахмани-р рахим

Хұдаға хамд бихад куб әдәддән

Фәрште хуш туйур әнис әйлежан

Диу, пери, жанли, жансиз барче махлуқ

Мәшғул-дүр бір Аллаһның зікіри бірлән

Барчеси уз лафзмин айтур сәнә

Хамд айтур киче кундуз тынмай аңа.

Иердәги усуб турған чубләр йәне

Йаралған ун сәкз миң куллу алам

Асман йер арси курси, ләуху қалам

Сидрату-л мунтаһа мин жәннәт дузах

Аллаһге тасбих айтур бари тәмам (34, 3), –


деп жырланады. Араға ғасырлар салып дүниеге келген тақырыптас осы шығармалардың арасындағы үндестік осылай көрініс береді. Әйтсе де, Алтын Орда дәуірінің екі туындысы қарасөзі басым өлең аралас келіп жырланып отыратын шығармалар. Қарасөз мәтінінің ішінде Құран аяттары мен Хадис мәтіндері қоса беріліп отырады. Ал шайыр Шәді шығармасы тұтастай өлең жолдарынан тұратын поэзиялық туынды. Сондықтан да ішінара дәстүр мен үлгі мәселесінде өзгешеліктер де кездесіп отырады. Шәдінің Алла Тағалаға арналған осы мадақ жыр жолдарынан соң қасиетті Құран Кәрімді оның аяттарын, әсіресе «фатиха» сүресін «Умму-л-китаб» – кітаптардың анасы деп ерекше жырлауы осы өзгешеліктердің бірі деп айтуға болады.

Шәді Жәңгірұлы негізгі тақырып – Мұхаммед Пайғамбарды оның әрі бәндәлік, әрі пайғамбарлық өмір жолын жырлауға осы секілді сатылардан өтіп барып, Мұхаммед Пайғамбардың «Нұр шарифін» жырлауға келеді. Бұл кітаби ақындардың өзіндік дәстүрі, әсіресе діни шығармаларда бұл дәстүр міндетті түрде сақталады.

Осы тақырыптағы шығармаларда Мұхаммед Пайғамбардың төрт шариярын Әбубәкір Сыддық, Омар, Оспанды, Әзірет Әліні арнайы, жеке-жеке жырлайды. Әсіресе, Әбубәкір Сыдықтың Мұхаммед Пайғамбарға ерте серік болғанын, көп сүйеніш болғанын, кейін Пайғамбарға қызын қосып қайын ата болғанын, ең бастысы адал дос болып өткенін арнайы тақырыптармен беріліп, дербес жырланады. Шәдінің «Назым сияр шариф» еңбегінің ерекшелігі шығарманың бас жағында жоғарыда айтып кеткеніміздей, көне сопылық дәстүрді сақтағанымен шығарманың қалған бөлігі тұтастай тек Мұхаммед Пайғамбарды жырлауға арналады. Насыраддин Рабғұзидің «Қиссас-ул әнбиясы» мен Махмұд Кердерінің «Наһжу-л-фарадис» шығармалары соңында Мұхаммед Пайғамбардан соң билік еткен төрт халиф Әбубәкір Сыддық, Омар, Оспан, Әзірет Әлі оқиғалары жеке қисса болып беріледі. Соған сабақтастырыла Пайғамбар немерелері Хасан, Хусейін оқиғалары да әңгіме болады. Ал Шәді шығармасының соңы Пайғамбар опатынан соң Оның түрлі мұғжизалары жеке беріледі. Төрт шарияр оқиғалары жеке берілмейді. Шығарма іштей жіктелген және топтастырылған басты-басты Мұхаммед Пайғамбардың дүниеге келуі, Пайғамбарлықтың келуі, Миғраж оқиғалары, Расулдың Мәдинаға бару оқиғалары, Пайғамбардың опат болуы секілді тақырыптарда берілген. Әр тақырып іштей кіші тақырыпшаларға бөлінеді. Шығарманың бұл құрылымдық ерекшелігі - оның тақырыбымен тікелей байланысты туындаған мәселе. Рабғұзи шығармаларының «Қиссалар» деп берілуі тақырып кеңдігін көрсетеді. Сондықтан Рабғұзи Адам Атадан бастап Хасан, Хұсейін оқиғаларын өзек еткен қиссалар тізбегін жасайды. Ал Шәді шығармасы «Назым сияр шариф» аталып, тек Мұхаммед Пайғамбардың өмірі мен пайғамбарлық жолын жырлауға арналғанын көрсетеді. Кітаби, діни ақын Шәді Жәңгірұлы осы «Назым сияр Шариф» еңбегін жазу үстінде көптеген діни еңбектермен танысуы, олардың мәтіндік материалдарын өз шығармасында қорыта пайдалануы анық. Сол материалдардың алдыңғы қатарында Насыраддин Рабғұзидің «Қиссас-ул әнбиясы» мен Махмұд Кердерінің «Наһжу-л-фарадис» шығармалары болды деп ойлауға болады. Шәдінің бұл туындысы арқылы бірнеше қорытынды пікірлер беруге болады: Бірінші, шығарма - нәзиралық кітаби, діни туынды. Екінші, шығарма - орта ғасырлардағы, Алтын орда дәуіріндегі діни, әдеби жәдігерлермен үндестікте, рухани сабақтастықта дүниеге келген туынды. Үшінші, шығарма - тілдік материалы тұрғысынан да, ежелгі түрки, шағатай, қадым әдебиетінің тілдік, сөздік қорында жазылған жұмыс. Осы ұқсастықтар арқылы қазақтың дәстүрлі жазба әдебиетінің әдеби дәстүр, тақырып, стиль және әдеби тіл тұрғысынан да көне дәуірлерге ұласатынын танытатын туынды.

«Қиссас-ул әнбия» негізінен ірі қиссалардан тұрады. Әр қисса белгілі бір пайғамбардың өмір тарихына арналған. Сондай-ақ шығарманың соңғы бөлігінде Әбубәкір, Омар, Оспан, Әли және Хасан, Хусеиннің соңғы өмірін суреттеген қисса бар. Әр қиссада сол баяндалушы пайғамбардың өміріне қатысты қызықты тәмсіл-мысалдар қысқа хикаялармен толықтырылып отырған. Сондай-ақ, ішінара пайда, андату, риуаят, сұрақ-жауап секілді қысқа-қысқа әңгімелер де орын алған. Осы қиссалардың әрқайсысы дерлік ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басында кітаби ақындар тарапынан дербес нәзиралық шығарма ретінде қайта жырланып, кітап болып басылып шығып жатты. Сондай шығармалардың бірі - Жүсіпбек Шайхысламұлының «Қисса уақиға Кербала үшбу-дүр» қиссасы.

Шығарма - кітаби нәзирашылдық дәстүрдегі, Жүсіпбек шығармашылығындағы ерекше шытырман оқиғалы, көркем жырлы қызықты қисса. Сондықтан Жүсіпбектің бұл қиссасы оқырманы көп болып, қайта-қайта кітап болып басылып отырған. Шығармадан Мұхаммед Пайғамбар опат болғаннан кейінгі араб әлеміндегі түрлі саяси, діни, ағымдық талас-тартыстар, билік үшін күрес көрініс береді. Мұхаммед Пайғамбардан кейінгі төрт шарияр дәуірі біршама дұрыс бағаланса да, олар да билік үшін күрес құрбандары болды. Осы шиеленіс Пайғамбардың сүйікті немерелері Әли мен Фатиманың ұлдары Хасан, Хұсейін кезінде де жалғасты. Олар да аббастықтар мен үммеяттықтар арасындағы бақастық пен алауыздықтың нәтижесінде қысастық құрбандығына айналған. Хасан арандатуға ұшыраған әйелінің қолынан у ішіп мерт болды. Хұсейін билікке араласып, ағайын арасындағы алауыздық, тартыстың салдарынан опат болды.



«Қисса уақиға Кербала үшбу-дүр» дастаны алғаш рет 1898 жылы жарыққа шыққан, баспаға әзірлеуші, бастырушы – Шәмсуддин Хұсайынов, оның сюжеттік негізіне 680 жылы Ирактың Куфа шаһарынның маңында, Кербала атты шөлді мекенде өткен тарихи оқиға өзек болған. Осы жерде бұрыннан өштес Мағауия мен Әли халифалардың балалары Йазид пен Хұсайынның арасында кескілескен соғыс өтеді. Аз ғана жолдастарымен күші басым жау әскерімен ерлікпен шайқасқан Хұсайын және оның серіктері түгелдей қаза тапқан. Бұл қайғылы оқиға Әли әулетіне және оның шиит жақтастарына қатты батады. Замандастары сол кездің өзінде-ақ, Хұсайынды «ұлы азап шегуші» деп таныды, ал, Кербала – шииттердің ең басты қасиетті орындарына айналды. Жоғарыда айтылған оқиға Әли әулетін барынша дәріптеп, көтермелеуге септігін тигізді. Көптеген мұсылман елдерінде Әли мен оның ұлдары жайында аңыз-әңгімелер, жыр-дастандар туып, жер-жерге тарай бастады. Олар түркі халықтарында да кең тараған. Мұндай сарындар, көбінесе, көршілес парсы хикаяттары арқылы келгені де мәлім. Қазақ, өзбек, татар, башқұрт, т.б. түркі халықтарында Хұсайынға байланысты сюжеттер поэзия түрінде кездеседі. Осы тақырыпқа арналған қазақ дастаны «Қисса уақиға Кербала үшбу-дүрді» оқып қарағанда, шығарма желісі тарихи оқиғадан онша алыс кетпеген. Шынында да, Кербаладағы соғыс ислам тарихында үлкен із қалдырған. Хазірет Әли ибн Әбу ибн Әбу Тәлиб пен халифа Мағауия өлгеннен кейін, текетірес олардың ұрпақтарының арасында жалғасты. Дастанның бас кейіпкері Хұсайын Әлидің баласы болса, оның қарсыласы Йазид – Мағауияның ұлы. Яғни, шығармада тарихи адамдардың есімдері сол қалпында берілген. Сондай-ақ дастандағы өзге де кейіпкерлердің көпшілігі - өмірде болған адамдар. Мұнда арабтардың құрайыш руынан тараған Хашим, Үмийа тайпаларынан шыққан халифа, имамдардың балалары мен олардың жақтастарының бақталастық әрекеттерінен туындаған соғыстардың бірі сөз болады [67, 309]. Тарихи дерек бойынша, 680 жылы Мағауия халифа өлгеннен кейін Иракта умийалықтарға қарсы топтардың белсенділігі күшейе түседі. Осы кезде куфалық мұсылмандар Хұсайынды өздеріне басшы етіп сайлау үшін Меккеге елші жібереді. Дастанда елшінің аты – Салих. Ал Хұсайынның Куфаға аттандырған адамы – Мүсілім онымен немерелес туысы. Мұсылмандардың көтерілуінен қорыққан әрі Хұсайынның келе жатқанын естіген қала бастығы (дастанда оның аты - Нұғман) Басра мен Шамнан (Димашық) көмек сұрайды. Сөйтіп, ауыр қолмен келген Йазид халифаның әскері куфалық әмірдің әскеріне қосылып, көтерісшілерді аяусыз жазалайды. Хұсайынның елшісі Мүсілімді бала-шағасымен бірге түгел өлтіреді. Хижраның 61 жылы 10 мұхаррамда (680 жылы, 10 қазан) хазірет имам Хұсайын қасына ерткен сексендей серіктерімен Куфаға сапар шегеді. Жанында әйелдері мен жас балалары болғандықтан, Хұсайын Кербала маңында тынығып алмақты ойлайды. Жансыздары арқылы бәрін аңдып-біліп отырған Йазид оған қарсы әскер аттандырады. Куфадан алдын-ала хабар алған Хұсайын жаудың күші басым екенін білсе де, айқастан бас тартпайды. Қасындағы серіктері де оны бұл көзсіздіктен айныта алмайды. Күші өзінен әлденеше есе артық дұшпандарымен ерлікпен шайқасқан Хұсайынның өзі де, туыстары да түгел қаза табады. Ауыр жараланған имамның басын кесіп алған жаулары оны Димашықтағы (Дамаск) халифаға жібереді. Тарихи оқиғаның қысқаша мазмұны осы. Ал, «Қисса уақиға Кербала үшбу-дүр» дастанына келер болсақ, жоғарыда айтқанымыздай, шығарманың сюжеттік желісі тарихи фактілерді қайталайды. Мұндағы кейіпкерлердің есімдері де көп өзгермеген. Өйткені, діни тақырыптағы дастанды баспаға дайындаған Жүсіпбек ақын бұл сюжет Стамбул түріктерінің тілінде жазылып, кітаптан алынғанын, басқа да діни кітаптарды оқығанын ескертеді [67, 310].

Нәзиралық шығарма авторы Жүсіпбек осы тақырыпты жырлау үстінде түрлі ислам тарихы тақырыбына қатысты әдебиетті, діни шығармаларды көп қарағаны анық. Сол кітаптардың бірегейі – «Қиссас-ул әнбия» екендігі даусыз. Рабғұзи қиссаларында Хасан оқиғасы шағын көлемде берілген. Ал Хұсейін оқиғасы егжей-тегжейлі, кең көлемді дәрежеде сипатталған. Жүсіпбектің «Қисса уақиға Кербала үшбу-дүр» шығармасында да Хасан оқиғасы қысқаша сипатталып, Хұсейін оқиғасы үлкен көлемде жырланады. Демек, ақынның Рабғұзи қиссаларының үлгісін ұстанғаны аңғарылады. Жүсіпбек шығармасы өлеңмен жазылған поэзиялық туынды. Жырлануы, оқиғасының баяндалуы тұрғысынан, композициялық құрылымы жағынан сәтті орындалған, көркемдігі биік туынды. Сопы ақындар дәстүрінде жырланған көлемді алғысөз Алла Тағалаға мадақ, Мұхаммед Пайғамбарды ұлықтау, төрт шариярды жырлау, діни қағидаларды сөз ету әрі мағыналы, әрі көркем орындалған.

Дастандағы басты рөл атқаратын мотивтің бірі – жазмыш. Бас кейіпкер Хұсайын өзінің өлетінін алдын-ала түс көру арқылы сезеді. Ол ұйқыда жатқанда түсіне Пайғамбар кіріп: «Сені қатты сағындым, жаныма кел», - дейді. Яғни, марқұм болған адамның түске кіріп қасына шақыруын қазақтар ажал сәтінің жақындағаны деп жориды. Тағы бір жерде Мүсілімнің екі баласы да түсінде өздерін хауариждердің өлтіргеннін көреді. Діни шығармалардағы кейіпкерлер жай түс көрмейді, түсінде оларға Мұхаммед пайғамбар не Жәбірейіл періште аян береді. Мұндай түстердің жарқын мысалын «Салсал», «Зарқұм», «Зеңгір жүһүд», «Мұхаммед-Ханафия» дастандарынан да көруге болады. Хұсайынның қашан, қандай жағдайда қаза боларын атасы Мұхаммед (с.ә.с.) Алланың құдіретімен, Жәбірейіл арқылы біледі. Мұндай мұғжиза, уахи, кереметтер хазірет Мұхаммедтің өмірінде көп болған. Адам тағдырын түс-аян арқылы сезіну ислам дәстүріне қайшы емес. Ал Хұсайын өз ажалы келгенін біле тұра, ажалға қаймықпай қарсы тұрады. Оның осы сапардан оралмайтынын меккелік ағайындары да сезгендей «қиямет күнінде жолығайық» деп қоштасады. Бар-жоғы сексен адаммен жолға шыққан Хұсайынға жолда Захир атты керуен басы жолығып, қалың жаудың қаптап келе жатқанын айтады. Алайда өзінің бәрібір өлетініне, бұл Алланың жазығы екендігіне мойынсұнған ол алған бетінен қайтпай, жауына қарсы тұрады. Дастанда Хұсайынға Басра халифасы Ғұбайдолла мен Димашық халифасы Йазидтің жиырма мың әскері бетпе-бет келеді. «Меккеге қайтайық» деген туыстарына Хұсайын: «Құдайымның тағдыры солай болса, Бұл жалғанды басыма ұрайын ба?» - деп, үзілді-кесілді жауап қайтарады. Яғни, оның өз мақсаты мен ислам жолына беріле тұрып, іштей бақи дүниеге дайындала бастағанын көреміз. Дастан жырлаушысы Хұсайынды өлімнен қорықпайтын, әділет жолында өзін құрбан ете алатын ерекше қасиетті тұлға ретінде сипаттайды. Екіншіден, пәни дүниеден о дүниенің артық екендігін, жұмақтағы мәңгілік өмір туралы түсінік исламдағы маңызды ілім болып табылатынын ескерсек, Хұсайынның ажалға неліктен бас тіккеніне көзіміз жете түседі. Осы жазмыш тақырыбына қатысты Жүсіпбек ақын ертеден келе жатқан аңызбен, діни кітаптардағы материалдарды былай жырлайды:

Пайғамбар, шаһариардың бәрі кетті,

Хасен мен Хұсайынға нәубет жетті.

Біріне-бірі серік болып жүрген,

У ішіп, дүниеден Хасан да өтті.
Уағдасы Құдайымның шаһид қылмақ,

Біреуден өлерінде себеп болмақ.

Пайғамбарым перзентін сүйген еді,

Сол күні уағда қылған Жаратқан Хақ.


Хасанды сүйген еді ауызынан,

Хұсайынды сүйіпті бұғағынан.

Жәбірейілді жіберді сонда Алла,

Достына ұлын сүйген жазығынан.

«Достыма айтқыл»,- депті, дұғай сәлем,-

У ішеді аузынан сүйген балаң.

Бұғағынан сүйгені үшін Хұсайынды,

Желкеден қылышпенен шаһид қылам!»

Бұл сөзді Алла Тағала уағда қылған,

Расул Алла зар жылап тәубе қылған.

Балалары ол уақытта төрт жасында,



Үшбу іс бұрын бопты неше жылдан.


Діни аңыз бен дастандағы кейіпкердің «азап шегу» тұлғасы – ислам қағидаларын насихаттаудағы таптырмайтын үлгі. Мұндай сипаттарды дастанның басқа тұстарынан да жолықтырамыз. Дастандағы бас кейіпкердің кейбір қасиеттері эпостық батырларға ұқсағанмен, шын мәнінде Хұсайын мүлде ерекше тұлға. Мұсылмандық сенім бойынша, Хұсайын – ажалды пенде ол Қорқыт сияқты өлімнен қашпайды, Алпамыс батыр секілді жаудың бәрін жеңе бермейді. Хұсайын – нағыз мұсылман, Алланың құлы. Ол ислам дінінің жолында шейіт болды. Дастанда эпостық жанрға тән «батырлық» мотивтер жоқ емес. Хұсайын да батырлар сияқты бір өзі мыңдаған жау әскерін қырады. Оның аты да Алпамыстың немесе Қобыландының тұлпары секілді иесімен тілдеседі. Бірақ Хұсайын эпос кейіпкерлері сияқты қайтадан күшіне мініп, жаумен соғыспайды, жеңіске жетпейді. Шығарманың мақсаты – эпостық жырдағыдай батырлықты дәріптеу емес, ислам құндылықтары мен дін қайраткерлерінің шариғат жолына адалдықтарын көрсетіп, оларды жұртқа үлгі ету. Дастандағы адам ақылынан тыс көріністердің бірі - әруақтардың келуі. Мәселен, Хұсайын өлген соң бір Хауариж түйеші оның киімдерін тонай бастайды. Сол уақытта Хұсайынның әлде қашан қаза болған ағасы Хасен пайда болып, інісінің өлі денесін құшақтап, жылайды. Мұнан кейін хазірет Әли келіп, ұлын тонап, енді марқұмның ыштанын шешпекші болып жатқан хауарижді доңызға айналдырып жібереді. Ал Хұсайынды өлтірген Шәймір Алланың құдіретімен ит болып, үріп кетеді. Мұндай мотивтер ежелгі үнді, араб-парсы ертегілерінде кездеседі. Хауарижедердің батыры Ғамири Хұсайынның басын алып келгенде, түн ішінде ол үйге Хадиша, Айша, Мәриям, Фатима, Зейнеп марқұмдар келіп, перзентін жоқтап жылайды. Мұндай құбылыс «басты» жүһүдтің үйіне әкелгенде де қайталанады. Хұсайынмен көрісуге: Адам ата, Исмайыл, Нұх, Мұса, Ғайса, Ысқақ, Жүсіп, Ілияс, Шиш, Дәуіт, Сүлеймен, Жақып пағамбарлар мен періштелер келеді. Бұл – Хұсайынның ислам тарихында ерекше орны бар дін қайраткері, әрі Мұхаммед пайғамбардың сүйікті немересі екендігін, сонымен бірге, шииттердің көсемі ретінде де қасиетті адам болып саналатынын дәлелдейтін көріністердің бірі. Мәтінде Шәймір Хұсайынды үш мәрте бауыздамақ болғанда, қанжары өтпейді. Сонда Хұсайын қанжарды желкесінен ұруға ақыл береді. Хұсайынның бұл ерлігі нағыз мұсылманның өлім алдындағы ұстамдылығы мен иманының кәмілдігін дәлелдейді. Хұсайын қайтыс болғанда күн тұтылып, жер сілкінеді, періштелер жылап, сулар тоқтайды, жермен көк қайғырады. Исламда мұндай құбылысты пайғамбарлар мен әулиелердің дүниеден өтуімен байланысты баяндайды. «Қисса уақиға Кербала үшбу-дүр» дастанындағы үлкен мәнге ие эпизодтық кейіпкерлер – Рұм қайсарының (патшасының) елшісі мен белгісіз жүһүд Хұсайынды өлтіргені үшін Йазид халифаны қатты сынға алады. Мұндай көріністер исламдағы Мұхаммед (с.ә.с.) қайтыс болғаннан соң халифалар арасындағы алауыздық салдарынан елдің бірлігі әлсірегенін Пайғамбар өсиеттері аяқсыз қалып, ағайындас жандардың билік үшін бірін-бірі өлімге қиған аянышты да масқара кездерін еске салады. Оның үстінде, араб емес мұсылман халықтарының Әли әулетін ерекше қадірлейтін (Пайғамбар ұрпағы болғандықтан) ескерсек, дастандағы жүһүд пен Рұм елшісінің Хұсайынға жақтасуы түсінікті. Дастанның соңында Хұсайынның аман қалған кенже ұлы Зейнелғабиден Йазидтен үш тілек сұрайды: 1) Хұсайынның баласын қайтару; 2) өзі мен туыстарын босату; 3) жұма күнгі намазда «хұтпа» оқу. Халифа жеті жасар баланың талабын орындайды. Зейнелғабиден мешітте жиналған халыққа «таухид» айтқаннан кейін, Пайғамбар әулетінің тарихын, соңынан Кербала шөліндегі соғыста Хұсайын мен оның жолдастарының қалай қырылғанын баяндайды. Бала жұртты Йазидтен кек алуға шақырады. Халифа Зейнелғабиденді ұстамақ болғанда жер-көкті бұлт басып, дауылдатып, бұршақ жауады. Осы эпизодтағы «үш тілек» сұрау мотиві – көптеген халықтардың ауыз әдебиетінде кездесе беретін тұрақты мотивтердің бірі. Зейнелғабиден, біріншіден, күнәсіз сәби. Екіншіден, ол – Пайғамбардың сүйікті немересі хазірет Хұсайынның ұлы, қазақша айтқанда, Мұхаммед Мұстафаның шөбересі. Ал, Әли әулетінен болған он екі имамның оны Хұсайыннан тарайтынын еске алсақ, Зейнелғабиден – сол имамдардың басы, яғни, имамат билігін жалғастырушы, әрі исламдық бірліктің ұйытқы үміті секілді. Сонымен бірге дастанға негіз болған осы тектес аңыз-хикаялар, сюжеттер мұсылман шииттердің арасында туғанын және оның тарихи қажеттіліктер мен саяси мақсаттардан туындағанын атап айтқан жөн [54, 313].

Қорыта айтқанда, нәзирашыл кітаби ақын Жүсіпбек ислам әлемінің күрделі тақырыбына барып, жақсы көркем шығарма жазып шыққан. Жоғарыда айтқанымыздай, нәзирашылдықтың, кітабилықтың басты ерекшеліктерінің бірі болып табылатын шығармашылық ерекшелік – кітаптар негізінде жаңа нәзиралық туындылар жасау. Осы орайда, көптеген діни кітаптарды, Насыраддин Бурһанаддинұлы Рабғұзидің «Қиссас-ул әнбия» секілді шығармаларының негізінде өзінің «Қисса уақиға Кербала үшбу-дүр» атты тамаша діни, әдеби көркем шығармасын дүниеге әкелді.


Каталог: ebook -> umm
umm -> ПОӘК 042-18-29 8/03-2013 №1 басылым 05. 09. 2013
umm -> Жалпы және заң психологиясы терминдерінің қысқаша сөздігі. І бөлім. Жалпы психология пәнінің терминдері
umm -> 6М 011700- «Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы» Магистранттарға арналған
umm -> ПОӘК 042-14-5-05. 02. 20. 22/2013 № басылым
umm -> 6М 011700- «Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы» Магистранттарға арналған
umm -> «Ежелгі дәуір әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті», 5В012100- Қазақ тілінде
umm -> Оқытушы үшін «Қазақстан тарихы»
umm -> Әбікенова Гүлнафис Төкенқызы Қазақ тіліндегі эпистолярлық стильдің лингвистикалық сипаты
umm -> Педагогика кафедрасы


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   23




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет