Бірінші бөлім кітаби ақындар (ХХ ғасыр басындағы түрік халықтары әдебиеті контекстінде) (монография)


Мұсылмандық жиһад және «Ғазауат Сұлтан» қиссасы



бет18/23
Дата19.05.2018
өлшемі5,03 Mb.
#40515
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   23
Мұсылмандық жиһад және «Ғазауат Сұлтан» қиссасы
Исламның орнығуы мен нығаюы үшін қиян-кескі соғыстар жүргізілгені тарихтан белгілі. Сондай жорықтарды сипаттайтын шығармалар діни қиссалардың үлкен бір тобын құрайды.

«Жиһад» деген ұғым ислам дінінің салтанат құруы үшін мұсылманның бар күш-жігерін, мүмкіндіктерін, уақытын, тіпті қажет болған жағдайда өмірін де қию қажеттілігін білдіреді. Орта ғасырлардан бері бұл «дінсіздерге» қарсы қарулы күрес жүргізу дегенді меңзеді, соған байланысты терминнің мағынасы «қасиетті соғыс» деген түсінік беріп келді және бұл сол күйінде күні бүгінге дейін еуропалықтар санасында сақталып қалды.

Іс жүзінде «жиһад» ұғымының ауқымы кең. «Жиһад» сөзінің басты мағынасы - адамның өз бойындағы шариғат заңдарына жат қасиеттерін жаман мінездерін жоюы, өзінің нәпсісімен күресуі, ішкі дүниесін тазартуы және исламның рухани құндылықтарын жоғары ұстауы.

Арабтардың ұзаққа созылған жорықтары, ислам дінін тарату мен орнықтырудағы күресі көптеген батырлардың тұлғасын тудырды. Кейін олар ондаған қисса-дастандардың кейіпкерлеріне айналды. Сол шығармалардың тобына «Әмір Әмзе», «Зарқұм», «Қисса Салсал», «Әзірет Әлидің соғысы», «Дариға қыз», «Қаһарман», «Мұхаммед Ханафия», «Сейітбаттал» секілді Мұхаммед Пайғамбар мен Әзірет Әлінің және олардың ұрпақтарының мұсылмандық жиһад соғыстарын жырлайтын қазақ қиссалары жатады. Бұлар тарихи оқиғаларды бейнелей отырып, арабтардың мұсылман емес елдерді жаулап алуы мен өзіне қарату әрекеттерінің жинақталған көрінісін береді.

Сонымен қатар, бұл топтағы шығармаларда мұсылмандардың қарсыласы ретінде кәпірлермен бірге әр түрлі сиқырлы күш иелері де ұшырасады. Мысалы, «Қаһарман» қиссасында бас кейіпкер өз дінін нығайту үшін дию және жетпіс басты жалмауызбен соғысады.

Қазақтың діни қиссаларының негізін мұсылман аңыздары мен мифтері, Құран қағидалары, Пайғамбар суннасы мен хадистер, мұсылман қайраткерлері мен ислам батырлары туралы аңыздар құрайды.

Діни қиссалардың тақырыптық ауқымы өте кең: бұл мұсылман батырлары туралы баяндаулар, қасиетті соғыс, Пайғамбардың қызметі, т.б. Олардың барлығы да белгілі бір мақсат - ислам дінін дәріптеуге және насихаттауға арналған. «Дастанды тудырудың басты әдісі - жалпы фольклорлық дәстүрді пайдалану, атап айтқанда, суреттелетін оқиғаның кеңдігі, батырлық дәріптеу, нақтылы тарихи деректер мен өмір көріністерін ертегілік қиялмен және көркем оймен үйлестіру. Сондай-ақ дастан өлшемінің өзіндік ерекшеліктері: образ сомдаудағы және кейіптеудегі даралау мен айқындау, психологиялық тартыс, нақтылық пен бедерлілік белгілері арқылы көрінеді.

Қазақтың діни дастандары - халқымыздың рухани әлемінде ерекше орын алған, қоғам дамуының белгілі бір кезеңінде ерекше қызмет атқарған фольклорлық жанр, олар ислам құндылықтарының жалпы адамзаттың моральдық қағидалармен сәйкес келетін тұстарын суреттеуімен құнды»,- деп ғалым Б.Әзібаева қазақ қиссаларының тақырыптық, мазмұндық және көркемдік ерекшеліктерін терең танытады [95, 13].

Жиһад сөзі, ұғымы тек мұсылманшылық, жаугершілік діни соғыстары деп ұғылады. Шындығында, жиһад сөзі мен ұғымының мағынасы өте кең. Арабша «жиһад» сөзінің қазақша мағынасы күрес. Шариғат тілінде жиһадтың екі мағынасы бар. Біріншісі – жаудың бетін қайтару үшін жан-тәнімен күресу. Екіншісі – Аллаһ Тағаланың ризашылығына жету үшін өз нәпсісімен күресу. Дінтанушылардың пайымдауынша, «жиһад», - ынта, жігер деген де мағынаны білдіреді. Яғни, жиһадтың біріншісі өзінің бар ынта-ықыласымен нәпсісімен күресіп, жеңуі, екіншісі дін үшін қажымай-талмай әділетті күрес жүргізу.

Қазақ діни қиссаларында мұсылмандық жиһад, ғазауат соғыстары көп жырланады. Бірақ олардың көпшілігінде жиһадтық соғыс Алла Тағала тарапынан қолдау болған кездерде жүргізіледі. Ал кейбірінде мұсылмандық батырлар қисса оқиғасының барысында кәпірлер еліне тап болады. Кәпірлер мұсылман батырларының өз пұт құдайларына құлшылық етуін талап етеді. Осы жерде мұсылман батыры еріксіз соғысқа кіреді. Мүсін пұт құдайларды да, кәпірлерді де тас-талқан етіп жеңіске жетеді. Олардың көпшілігін өлтіріп, қалғанын мұсылман етеді.

Осы мұсылмандық жиһад соғысы мәселелері Мұхаммед Пайғамбардың ислам дінін алғаш үгіттей бастаған кезден-ақ басталып кетті деуге болады. Соның бір көрінісі ретінде Мұхаммед Пайғамбар және оның сахабаларының құрайыш тайпасының Әбужаһил бастаған кәпірлермен Һүд тауының етегінде болған алғашқы соғысты айта кетуге болады. Осы алғашқы дін үшін болған соғыстың өзінде де хақ дін ислам үшін көп кісі құрбан болды. Мұсылман ұғымында шейіт аталып, жұмаққа жол тартты. Осы оқиғаны қазақ қиссашыл ақындары өздерінің «Әмір Әмзе», «Әмір Әмзе саһипқыран» секілді Пайғамбардың немере ағасы әрі палуан, әрі батыр, әрі мұсылмандық жиһадтың алғашқы құрбаны Әмір Әмзе туралы жырларды айтар едік. Мұның қазақ ішінде бірнеше нұсқалары бар. Яғни Әмір Әмзені кітаби ақындар Майлықожа, Жүсіпбек Шайхисламұлы, Шәді төре Жәңгірұлы қатар жырлаған. Бұл мәселе аталмыш тақырыптың кезең әдебиетінде айрықша орны болғанын көрсетеді. Сондықтан да дін тақырыбының түрлі проблемаларын қозғайтын «Разы Аллаһ-анһуның Шаһ Бәрбәргә құл болып сатылғаны...» сияқты қиссаларының әрқайсысы Қазан төңкерісі алдында бес-алты реттен кітап болып қайта басылып отырған. Мұнан өзге «Зарқұм», «Сейітбаттал», «Салсал», «Жұмжұма» секілді қисса дастандар ХІХ ғасыр соңы ХХ ғасыр басында кітап болып басылып отырған. Ғалым Ә.Оспанұлы Майлықожа дастандарын 1996 жылы Шымкентте басылып шыққан «Әмір Әмзе» атты жинағында арнайы бастырған. Қисса, дастандарды көшіру немесе нәзиралықпен қайта жырлау қазақ ішінде күні кешеге дейін келіп жеткен әдеби құбылыстың халықтық үлгісі болды. Сондай кітап болып басылмай ел ішіне жазбаша тарап, сақталып келген Майлықожа ақын шығармалары «Әмір Әмзе» мен «Зарқұм» қиссалары. Осылардың ішінде «Зарқұм» қазан төңкерісіне дейін оншақты рет жеке кітап болып басылып шыққан. Бірақ, солардың ешқайсысында авторы көрсетілмеген. Мұны айтып отырған себебіміз, кітаби ақындар жырлаған қисса, дастандар алғашқыда көпшілігі дерлік авторсыз жарияланып отырған. Бұл шамамен 1870-80 жж аралығын қамтиды. Содан кейін, қазан төңкерісіне дейін кітаби ақындар есімімен жырланған. Рас, кейбіреулері үнемі авторсыз жарияланып отырған. Бұл бір жағынан, кітаби шығармашылықтың, нәзирашылдық дәстүрдің даму үдерісін көрсетсе керек. Мысалы, алғашқыда діни кітаптардан оқып, қайта жырлаған немесе ел ішінен тауып, жазып алып, жариялап отырған. Кейін келе сол дәстүрдің өзін қайта қарап, дамыта қайта жырлап, өз есімдерімен кітап етіп жариялауға ұласқан.

Әмір Әмзе туралы жырланған қазақ қиссалары Мұхаммед Пайғамбардың өз елінің ішінде болып өткен мұсылмандық соғысты арқау еткен шығармалар. Ал осы тақырыптағы шығармалардың басым бөлігі араб әлемінің тұтас дерлік мұсылман дінін қабылдап, біртұтас қуатты мемлекетке айналып, көрші елдерді мұсылман дініне енгізу үшін жаулап алған, жүргізген соғыстарын сол жолда ғазауат ерлерінің көрсеткен ерліктерін жырлайды. Бұл тақырыпта кітаби ақындар «Мұхаммед Пайғамбар», «Қисса анхазірет Расулдың Миғражға қонақ болғаны», «Қисса Мұхаммед Расул Алланың дәрул пәниден дәрул бақиға рихлат еткен мәселесі» секілді Мұхаммедтің өмірі мен пайғамбарлық жолын жырлайтын қиссалардан бастап төрт шарияр, сахабалар, діни соғыстар – ғазауат ерлерін өзек еткен көптеген шығармалар берді. Сондай шығармалардың бірі – «Ғазауат Сұлтан» қиссасы. Шығарма өте көлемді. «Бабалар сөзі» атты жүзтомдықтың 13 және 14- томдарын қамтиды. Оның 18094 өлең жолынан тұратындығы да айтылады. Шығарма 1908 жылы Қазанда басылып шығады. Мұның алдында 1879, 1883, 1888 жылдары жарық көрген үлгілері де болған. Ең толық нұсқасы осы 1908 жылғы басылым екені аңғарылады.

Шығарма - діни туынды. Мұсылман дінін насихаттайтын және ислам дінін өзге елдерге таратқан ғазауат соғыстарын жырлайды. Басты кейіпкері - Әзірет Әлінің ұрпақтарының бірі, әскербасы, батыр Сейітбаттал. Ол - аталары бастаған дінсіздерге, көпқұдайшылдарға, пұтқа табынушыларға қарсы жүргізілетін ғазауат соғысын жалғастырушы.

«Ғазауат Сұлтан» қиссасы іштей жіктелген, «бап» аталған отыз шақты тараудан тұрады. Әр тарауда негізгі кейіпкердің діни соғыс, ғазауат ері Сейітбатталдың бір ерлік оқиғасы, дінсіздермен жүргізген соғысы, жеңісі сөз болады. Әр бап жеке шығарма секілді әсер етеді. Дербес басталуы мен аяқталуы бар. Олар да дәстүрге сай орындалады. Шығарманың басталуы Алла Тағалаға, Мұхаммед Пайғамбарға арналған мадақ жырмен басталып, соңы Пайғамбарға салауат, Сейітбатталға дұға жасауды сұраумен аяқталып отырады. Сөз соңында автор өзін де дұғаға қосуды сұрайды. Бұл - қиссаларға тән діни, әдеби дәстүр. Айта кетер жайт – кітап беті алғаш ашылғандағы мадақ жыры мен кейінгі баптардағы мадақ жырларын салыстыруға келе бермейді. Себебі алғашқы мадақ жыры кітапқа кіріспе -алғысөз мағынасында болып ұзақ жырланған. Көлемі 88 жол өлеңнен тұрады. Кіріспе жыр мағыналық тұрғыдан іштей екі, үш бөлікке жіктеліп тұр. Алғашқы 24 жол өлең тек бір құдіретті Алланы жырлауға арналған. Алдымен «Бисмилләһи-р-рахмани-р-рахим. Һаза-л-китаб фи манақиби хазрәт сұлтан Сейітбаттал Ғази. Бисмилләһи-р-рахмани-р-рахим. Әл-хамду ли-л-лаһи рабби-л аләмин уа-с-салату уа-с-сәләму алә хайри халқиһи Мухаммадин уа алә әлиһи уа асхабиһи әжмағин» деген дәстүрлі қарасөз берілген. Қазақша мағынасы «Мейірімді де, рақымды Алланың атымен бастаймын. Бұл кітапта хазіреті сұлтан Сейітбаттал Ғазидың ерлігі баяндалған. Мейірімді де, рақымды Алланың атымен бастаймын. Бүкіл әлемнің Раббысы Аллаға мадақ. Оның ең қайырлы жаратылысы Мұхаммедке һәм оның отбасы мен барлық дос-жарандарына салауат және жарылқауы мен қолдауы болғай [96, 9] деген дәстүрлі қарасөзді жолдардан бастап өлең жолдарына ойысады.


Бисмилләһи хамд илән сөз басталы,

Әуелі сөз бастасақ Алла дейді.

Әуелі есім Алланы жад қылалы,

Сиынып фазылына зар жылалы, -

деп бастап жаратушы Алла Тағаланың кереметтерін жырлайды. Содан кейін барып:


Қарасаңыз, иә әууал, зәрренің асылыны,

Әуелде неден болған фасылыны.

Білсеңіз құп, біл әуел зәррені,

Мұхаммед Мұстафаның дейміз-дүр нұры оны, -


деп бастап Мұхаммед Пайғамбарды жырлауға көшеді.

Осы өлеңмен жазылған алғысөзге автор өзінің кітап жазудағы мақсатын да қосып жырлайды.

Салауат, сәлем сәңә болсын иә, Хабибі,

Күнәһәрдің дертіне иә, Табибі.

Құдай-а, баян қылдым бір кітап мінәжатты,

Ішінен сұрап түрлі һәр қажетті.

Баян қылдым әулиелерден манақибті,

Үміт етіп анлардан шапағатты, - деп өзінің Алланы мадақтауын, Мұхаммед Пайғамбардың мұғжизаларын жырлауды, оның ұрпақтарының бірі Сейітбатталды сөз етуді діни тұрғыдан шапағат тілеп жырлап отырғанын айтады.

Сол себеплі зар қылып дедім сөзін,

Шапағат қылғай ма деп жидым сөзін.

Баян қыламын бір ғазиз, мәшһүр әулиені,

Паш болған кереметі бір ғазы ерді.

Мұхаммед Мұстафаның мұғжизаты, кереметі,

Дүниядан көшпес бұрын білдірді оны.

Ол ерді білдірмегенге біз ғаріб білдірелі,

Лақаб есімі Сейітбаттал дейміш ерді, - деп өзінің Сейітбатталды жырлайтынын, оның ғажап әулие, керемет ғазы ер болғанын және оның осындай ерекше қасиетті ер боларын Пайғамбардың күні бұрын (ол дүниеге келерден екі жүз жыл бұрын) білген мұғжизасын сөз етеді. Негізгі тақырыбын атап айтады.

Сейітбаттал китаблары насыр ерді,

Насырды назым қылып жазғым келді.

Манақиб кереметін жайғым келді,

Шапағат ол ғазиздан сұрағым келді, - деп Сейітбаттал жайлы аңыз-әңгімелердің бар екенін, өзінің сол материал негізінде қисса жазып отырғанын көрсетеді. Діни, кітаби ақын мақсаты – дін мұсылман қауымның көзін аша беру, діни қайраткерлер өмірі мен қызметін таныстырып, жырлағысы келуін аңғартады, яғни діни, кітаби ақын діни материалдар негізінде жұмыс жасап отырғанын, солардың басын қосып, жүйелеп толымды еңбек беріп отырғанын да аңдатады. Кітаби ақынның шығармашылық мақсаты, діни қайраткерлік ойы мына секілді өлең жолдарында ашыла түседі:

Және де баян қылдым Қожа Ахметті,

Талибтер оқысын деп ол назымды, - бұл өлең жолдарынан ақынның Құл Қожа Ахмет Ясауи хикметтерімен қаруланғаны, шәкірттеріне қайта жырлап жүргені аңғарылады. Келесі өлең жолдары да осы ойымызды бекіте түседі:

Дүр уа жауһар сөзлерін шашқым келді,

Қауымлардың көңілін ашқым келді.

Бұл жолдар - Ахмет Ясауи хикметтерін ықыласпен, құрмет тұтып, қайта жырлау көрінісі. Сонымен бірге, діни молда ақынның ұстаздық, ағартушылық ойларынан да хабар береді:


Бейылаж қауым, міскіндер аңламайды,

Ашық түркі болмасалар тыңламайды, - деуі, сол секілді:


Ғалымдар өзі оқып хоштанады,

Қауымлар түсінбеген бос қалады.

Ғалымлар қауымларға тілмәш ерді,

Білдірмек білмегенге абзал ерді.

Автор, кітаби ақын Маңғыстау Тыныштықұлының үлкен діни ағатушылық ойды мұрат тұтқан биік шығармашылық мақсатын танытады. Діни ақын өзінің арман мұратын алға ұстап, қолына қалам алып, ақ қағазға ден қойған:


Сол себеблі білдірерге қылдым қасты,

Иә, Алла, түзегейсің ықыласымды.

Жаранлар, сіз дұғада болғыл жары,

Бұл құлдың Алла болсын медеткері, - деп серт беріп іске кіріседі. Сертті еңбек нәтижесі өте көлемді «Ғазауат Сұлтан» қиссасы болып шыққан. Ақын Сейітбаттал туралы сөз болған түрлі аңыз-әңгімелерді арқау етіп, бір ізге түсіріп, басын қосып, діни тізбекті жыр жазған. Онысы әдемі жүйеленген тізбекті жырлы қисса болып шыққан. Яғни шығарма тұтастану, циклдану үдерісін бастан өткерген. Тұтастану, біртұтас бір туындыға айналу үдерісін жүзеге асырушы шығармашылық иесі – молда, кітаби, діни ақын Маңғыстау Тыныштықұлы. Шығарма – қисса жанрында жасалған. Ол қазақ діни шығармалары қатарында өзіндік орны бар – «Ғазауат Сұлтан» қиссасы.

Осы көлемді алғысөз, кіріспе жырдан соң ақын шығарманың негізгі оқиғаларына бастау боларлық аңызды жыр етеді. Бұл аңыз – жырда қиссаның болашақ кейіпкерінің дүниеге келуі, дін мұсылман жолында бүкіл өмірін өткізетін ер болып туылатыны, дін исламның әрі қорғаны, әрі таратушысы болып ғазауат соғыстарын жүргізетін ғажап қаһарман болатындығы туралы жырланған екі-үш оқиға бар. Ең біріншісі – Мұхаммед Пайғамбардың мұғжизаты. Осындай Пайғамбар мұғжизасынан басталатын біршама діни қиссалар бар. Онда Пайғамбар болашақ ғазауат ерлері және олардың дін мұсылман жолындағы қызметі туралы алдын-ала болжап айтады. Оның бұл болжауы, әлбетте, Алла Тағала тарапынан жіберілер Жәбірейіл періште арқылы іске асып жататын мұғжизасы. Бұған мысал ретінде Әзірет Әлі және оның ұлдары Хасен, Хұсайын, Мұхаммед Ханафия туралы қиссалардағы Пайғамбар мұғжизаларын айтуға болады. Бұл қиссада да Маңғыстау молда:
Пайғамбардың мұғжизатының мәшһүрін,

Айтайын рауилардың айтқан сөзін.

Пайғамбарымыз Мәдинеде тұрар ерді,

Насихат асхабларына айтар ерді, -


деп негізгі оқиғаны сөз етуді Пайғамбардан бастайды. Сондай-ақ, Пайғамбар мұғжизалары туралы айтқан «рауилар» - айтушылардың сөзін айтамын дейді. Сол күні саһабаларымен сұхбат құрып отырған Мұхаммед Пайғамбар:


Көңілім бүгін ғажап мәлүл, - деді,

Қардашым Жәбірейіл келмегелі үш күн болды, -


деп түсіндіреді. Сол сәтте Абдуллаһ есімді саһаба қол қусырып, тағзым етеді. Ол саһабалардың мәшһүрі еді деп беріледі. Сол секілді оның бұрынғы пайғамбарларды көрген, оларға қызмет еткен, баталарын алған саһаба еді. Ол сөйлеуге рұқсат сұрайды. Сонда саһаба өзінің көп жасағанын, көпті көргенін айтады. Ұрұмды, қалаларын, халқын көргенін, қатты қызыққанын, «Мұсылман Хақ Тағала қылуға көңілі сүйгенін сөз етеді. Мұхаммед Пайғамбар да (бұл жерде оны «Сұлтан әл-Әнбия» деп атайды) Ұрұм жұртын «үмбетлікке көңілі сүйеді». Ықыласы ауады. Сол сәтте Жәбірейіл Әмин жетіп келеді. Пайғамбарға Хақтың сәлемін алып келеді:

- Көңіліңіз Рұм халқын Сіздің сүйді,

Құдайым сүйгеніңді Сізге берді.

Сізге үмбет ол халықты қылмақ болды,

Ләкин қазір уақытта болмас, -

деді. Алла Тағала Ұрұм жұртын Пайғамбар үмбеті етеді. Бірақ қазір емес. Пайғамбар дүниеден өткен соң екі жүз жылдан кейін бір ұл дүниеге келеді. Ұрұм жұртын сол алады. Елін тегіс мұсылман етеді деген хабар береді. Ол ұл Пайғамбардың қызы – Бибі Фатимадан тараған ұрпақтың жалғасы, дін ислам күрескері – Сейітбаттал. Демек, шығарма оқиғасы екі жүз жылдан соң болмақ. Алла Тағаладан Мұхаммед Пайғамбарға Жәбірейіл әкелген хабарда Сейітбатталдың бейнесі жан-жақты сипатталып берілген:

Оның нәсілі Әли Мұртазадан болар, - деді,

Мақамы Малатиядан ол оғлан шығар, - деді.

Дін қылышын ол ұғлан соғар, - деді,

Мұнаууар дін исламды қылар, - деді.

Есімі Жағыпар болар, ол ұғлан әуел,- деді,

Соңында Сейітбаттал лақабы, - деді.

Көркем жүзді, ұзын бойлы, тәтті сөзді болар, - деді,

Төрт кітапты тамам жатқа білер, - деді.

Қиссаның басты кейіпкері Сейітбатталдың бейнесі осылайша басталып, ұзақ сипатталады. Барлығы - жиырма сегіз жол өлең. Ол құран оқыса, даусын ұшқан құстар тыңлайтын, әндетіп оқыса, бүкіл жындар есінен танар, оның ғылымына ешкім тең келмес, һәм білер жұмла жанның тілін деп суреттейді. Оның Әзірет Әлідей айбатты, Хамзадай қайратты, Баба Омардай айлалы болатынын, дию, пері, жындарды қыратынын, Ұрұмды алып, елін мұсылман етіп, канисаларын бұзып, мешіт салдыратыны сөйленеді. Мұны естіген саһабалар қатты қуанып, шаттанады. Осы сәтте Абдулуәһап саһаба тұрып: «Расул Алла, бұл қауымнан оны, оның кереметтерін ешкім көре алмайды ма?» деп сұрайды. Сол сәтте Жәбірейіл тағы да жетіп келіп, Пайғамбарға Хақтың сәлемін жеткізеді. Онда Әбдулуәһап саһаба Пайғамбар аманатын Сейітбатталға жеткізуші болады. Осы күн тарих болып хатқа жазылады. Хатқа қоса Пайғамбардың бір тал шашы салынады. Пайғамбар ол саһабаның басынан сипап, аузынан түкіреді. Оның түкірігі қиссада «ауыз-жары» деп беріледі. Пайғамбардың түкірігі саһаба тамағында түйін болып тұрып қалады. Пайғамбар оған Әли жазған хатты ұсынып, ықтият болуын тапсырады. Жағыпар ғазыға көп сәлем айтады. Осы жерге дейін екі жүз он төрт жол өлең болады және қиссаның алғашқы бабы осы жерде аяқталғандай әсер береді. Өйткені:


Әлқисса, азайталық, үшбу сөзді,

Айталық сөзіміздің мақсұтыны.

Әмма рисалат жылдары Пайғамбардың тамам болды,

Мұхаммед Хабибулла дүния салды.


Нәубат бірлән саһабалар жұмла көшті,

Әбдулуәһап саһаба жалғыз қалды, -

деп ақын осы сәтті бір түйіп, бір бапты аяқтағандай болады. Бірақ шығарма оқиғасы онан әрі үзіліссіз жалғасып кетеді. Ақын «Әуелгі бап» деп белгілеген тұсы алты жүз төрт жол өлеңнен кейін ғана. Соған қарағанда, кітаби ақын «Жағыпар ғазының атасын өлтірген Меһрияил илән Шамасабты өлтіріп һәм он бес басты келтіргені-дүр» деп атаған алғашқы тарауға дейінгі мәтіннің бәрін шығарманың негізгі оқиғаларына кіріспе дәрежесінде қараған секілді. Сонда кіріспедегі Алла Тағалаға арналған мадақ жыры мен Мұхаммед Пайғамбарды ұлықтауынан соң бірнеше оқиға жырланып тұр. Олар: Мұхаммед Пайғамбардың саһабаларымен сұхбаты және Алла Тағала аяны, Әбдулуаһаб саһабаның аманат жеткізуші ретінде бұл дүниеде қалып қоюы. Ол нәсілден Рабиғ есімді бір ұл туады. Оны «Есімі Рабиғ дейміш ғалым мәшһүр» деп береді. «Ол ғалымнан бір ұғлан және туды, екісіне Хасен, Хұсайын деп есім қойды» деп Жағыпар дүниеге келгенге дейінгі оның аталарын топтап санамалап өтеді. Хасен ғалым, молда, ал Хұсайын бек баһадүр палуан болады. Яғни Жағыпар аталарының есімі түп аталарының есімдерімен аталады. Жағыпар осы кейінгі Хұсайыннан туылады. Хұсайын әрі батыр, әрі палуан болды. Одан Ұрұм қорқып, келмеуін өтініп, өз еріктерімен хараж-салық төлеп тұрады. Хұсайынға қатысты бірді-екілі ғана оқиға бар. Олар да негізгі кейіпкердің дүниеге келуімен аяқталады. Себебі қисса мақсаты – Жағыпар ерлігін, дін жолындағы күрескерлік қызметін жырлау. Хұсайын аң аулап жүреді. Алдынан ғажайып бір киік қашады. Хұсайын оның соңына түседі. Киік бір тау үңгіріне кіріп ғайып болады. Үңгір ішінде таң қалып тұрған Хұсайын ғазы көзіне ғажайып ат түседі. Ат байлаулы, ер-тұрманы сайлаулы, алдында тұрған шаншулы сүңгі мен ғажайып күрзіні көреді. Ат үстінде қоржын, ер қасында шынжыр көреді. Ол аттың сипатына қайран қалады. «Түсі сары, алтын кебі жалтырайды, Десең болар көрген жан қалтырайды»,- деп беріледі ат сипаты. Суретте сымбат сұлулығымен қатар айбат бар. Бұл аттың иесі қайда екен деп ойлаған Хұсайын атқа жақындайды. Бірақ ат ұстатпайды. Ол қандай айла істесе де жолатпайды. Сол сәтте ғар-үңгір ішінен бір дауыс шығады:


- Иә, Ашқар, тәсілім болғыл оған, - дейді,

Жағыпарға тапсырар сені, - дейді.

Ол Жағыпар мұсылманлардың нұры, - дейді.

Ол Жағыпар сұлтан дүнияға келсе, - дейді,

Дін мұсылманды мүнаууар қылар, - дейді.

Мүшірік болған залымларды қырар, - дейді,

Шаһарларын талқан қылып бұзар, - дейді.
Бұл – дауыс иесінің сөзі. Бірақ өзі көрінбейді. Мәтіннен әлі дүниеге келмеген кейіпкердің аты, ер-тұрманы, қару-жарағы дайын тұрғаны аңғарылады. Яғни кейіпкердің дүниеге келгеннен кейінгі бүкіл ғұмырлық қызметі алдын-ала белгіленіп қойылған. Ол - ақиқат дін жолындағы ұлы қызмет. Үздіксіз күрес жолы. Сондықтан да оған даярланған қару-жарақ та ерекше. Үңгір ішіндегі ғажайып үн, дауыс иесі Ашқар атаған ат енді Хұсайынға қарсылық етпейді. Ол атты алып, қаруларға көзін салады. Әр қаруда жазылған хат бар болып шығады. Хұсайын бәрін де оқып көреді:
«Хамза палуанның сүңгісі илан күрзісі, - депті,

Ол қоржын Ысқақ пайғамбардан қалған, - депті.

Дүния малын салса да толмас, - депті,

Көтерсеңіз ауыр болмас және, - депті.


Ішінде Адам әләйхиссәләмнің шашы, - депті,

Дұшпанларды байласаң шынжыр, - депті.

Және бар Дәуіт пайғамбардың заһарлы қылышы,

Әгәр тасты шапсаң да кесер, - депті.

Ысқақтың шынжырының бір хикметі,

Жын, шайтанды байласаң да кетпес», - депті.

Демек, қиссаның болашақ кейіпкері – хақ дін ислам күрескері үшін Алла Тағала ғажабымен бәрі де даярланған. Яғни кейіпкер Жағыпардың дүниеге келуі де, өмірі де Алла тарапынан қолданған, қуат тапқан мәселе. Шығарма басындағы Жәбірейіл періштенің Мұхаммед Пайғамбарға хабар жеткізуімен байланысты жайт. Бұл - сонымен бірге фольклордағы ғажайып туылу мотивінің діни бір үлгісі.

Үйіне қайтып келе жатқан жолда Хұсайын: «Иә, ғажап! Ол Жағыпар кім-дүр? Бұ мисли ат, құралға ие?» - деп ойланып келе жатады. Жолсоқты болып, шаршап келе жатқан Хұсайынды ұйқы қысады. Аттан түсіп, тынығып алу үшін жатқан Хұсайын түс көреді. Түсінде Қызыр әләйһиссәләм сүйінші сұрап: «Ол Жағыпар сенің ұғылың болар, Аз қалды, бұл дүнияға ол ұлың келұр, дін мұсылманларды мұнаууар қылұр» дейді. Оянып кеткен Хұсайын ғазы «сәжда-и шүкір үшін намаз» оқиды. Үйіне келеді. Бірақ ешкімге ештеңе айтпайды.

Келесі шағын уақиға Жағыпар ердің дүниеге келуі туралы жырланады. Сарғаскер Хұсайынның ұлды болғанын естіген патша қатты қуанады. Себебі Хұсайынның бұған дейін ұл перзенті болмаған көрінеді. Бұл хабарға қатты қуанған патша ол ұлдың атын қою үшін қолына «Астурлық» деген кітапты алады. Бүгінгі тілмен айтқанда, астрономия ілімінің кітабы. Патша аспан әлемінің білгір ғалымы ретінде көрінеді. Кітабын қолына алған, сол сәттегі аспан әлемін зер салған патша сөзі былай беріледі:


- Ұғылың құтты болсын, палуан, - деді,

Жаһанда теңдесі жоқ болұр,- деді.

Жаһанның палуаны ұғылың болұр,- деді,

Ғылымына жердің жүзі толұр, - деді.


Есімі Жағыпар болсын оның, - деді,

Біздің білген ғылымымыз осы, - деді.

Патша көп дұға жазып беріп, оларды жаңа туылған Жағыпар «ұғылдың басына таңқыл» дейді. Жырда сөз болған бұл патшаның аз сөз болса да, тәп-тәуір жағымды бейнесі сомдалғандай әсер береді. Ол әрі үлкен билік иесі, әрі үлкен ғалым, әрі сонша қарапайым жан ретінде көрініп тұр. Бұл жайт - дана ел басын, хакім патшаны армандай жырлайтын фәлсафалық шығыс поэзиясымен, шығыс философиясымен сабақтасып, үндесіп жатқан мәселе.

Кіріспеде сөз болар келесі шағын уақиға - Хұсайын ғазының дұшпандар қолынан қаза табуы. Үш күн, үш түн жауын жалғыз қырған Хұсайын ғазы оларды төбе-төбе қылып қырып салады. «Адамның қаны мисли наһр селдей болды, төртінші күн қырық мың ләшкер ортаға алды, Нехасыл, кәманд атып, шаһид қылды», - деп беріледі оның соңғы соғысы мен қазасы.

Бұдан кейінгі уақиға - кейіпкердің үш жасында алты жасар баладай болып өсуі, он үш жасында бойы жиырма аршынға жетіп, зор денелі, қуатты алып болып өсуінің жырлануы. Бұл ғажайып туылған кейіпкердің ғажайып өсуі фольклорлық негіздерге сай жырлануы еді. Бірақ Жағыпар сұлтан Сейітбаттал ғазы – діни сомдалған діни қисса кейіпкері. Сондықтан діни қиссаларға тән ерекшелік, көп оқығандық, ғалымдық, түрлі дін, түрлі тілді білуі секілді мәселелер кейіпкер бейнесінің сомдалуында негізгі атрибуттар қатарында саналады. Қиссада кейіпкердің білімді, өнерлі болып өсуіне айрықша мән беріліп былайша жырланады:


Уа және төрт кітапты жатқа білді,

Ол кітап: Таурат, Забұр, Інжіл, Құран ер-ді.

Төртеуінің тәпсірін жұмла білді,

Хадистерін Пайғамбардың жұмла білді...


Ғылымына һешбір адам шақ болмады,

Хұтпа оқуды Омар патша оған берді.

Жағыпар ғазы мінбарға шығып ер-ді,

Мүнаууар мешіт іші жарық болды...

Силхушур – соғыс ғылымын және білді...

Ат ойынын, сүңгі ойынын жұмла білді,

Күрзі, қылыш ойындарын жұмла білді.

Күрессе һешбір адам шақ болмады,

Жетпіс екі ойынды артық білді.


Он үш жасар ұланның білімі мен өнеріне тәнті болған жұрт оның әкесі Хұсайынның сарғаскерлік - әскербасылық қызметін қолына алуын талап етеді. Сонда Жағыпар олардың пікірінің дұрыс еместігін айтады. Әкесінің қолбасшы болуы, өнерінің асуы, еңбегінің сіңуі деп білетінін алға тартады. Көпшілік мұның да білімі мен өнері атасы Хұсайыннан озғанын айтып тұрып алады. Үйіне көңілсіз оралған Жағыпар анасынан атасы туралы қайталап айтып беруін өтінеді. Анасы балаға әкесінің батыр дін қайраткері болғанын, Ұрұм қайсарынан салық алып тұрғанын, сол секілді Омар патшадан да уазифа алғанын сөз етіп, көзіне жас алады. Сонда баласы анасына: «Жылама, иншалла, атамның уазифасын қойман... Әлхамдулла ғылым - тахсил жұмла қылдым... Жұмла өнерін адамлардың білдім»,- деп өзінің бір шешімге келгенін жеткізеді. Сонда анасы оның бұл әңгімені қозғамауын сұрайды. Себебі қазіргі сарғаскер Ғабдуссалам әрі бай, әрі патшаның жақыны, сөзі тыңдаулы, өтімді бедел иесі екенін айтады. Сонда да Жағыпар ойынан қайта қоймайды. Имамдық етіп, таң намазын оқып болған соң, патшаға анасының төмен тұрмысты, ішер ас пен киер киімге де жарымай отырғанын айтып, әкесінің уазифасын сұрайды. Сонда Ғабдуссалам оған әкесінің өнерлі палуан болғанын, Ұрұм қайсарынан салық алып тұрғанын айта келіп, сенің ісің мешітте тұру, ғылым-тахсил ету деп түйеді. Әйтпесе өнеріңді көрсетіп, атаңды өлтірген Меһрияил мен Шамсабтардың басын әкеп, әкеңнің кегін ал, сонда мен де атаңның уазифасын берейін деген сөз айтады. Бұл уақиға кейіпкерді ұзақ сапарға, ерлік күреске алып шығатын жол іспетті. Бұл секілді кейіпкерді кек алуға шақыратын, қайратын танытуға үндейтін сәттер қазақ фольклорында, ертегілер мен батырлық жырларда мол ұшырасады. Жағыпар сұлтан қапалы көңілмен үйіне қайтады. Болған жайды естіген анасы қатты қайғырады. Анасының ағасы Тауабил палуан да жиеніне қатты ренжиді. Әйтсе де Жағыпар сұлтан айтылар сөздің айтылып, болар істің болып қойғанын айтып, оған өкінгенше, әкесін өлтірген Меһрияил туралы мағұлмат беруін сұрайды. Оны тауып өлтіріп, басын алып келетінін айтады. Сонда нағашысы Тауабил палуан:
Меһрияил – жауыз, малғұн палуан, - деді,

Қара күшті, һайбатлы, бек аяр, - деді.

Бейниһая әскері көп-дүр оның, - деді,

Қоя көргіл бұ пиғылыңды, жаным, - деді, - секілді болып берілген қатты сақтандыруын айтады. Бұл жолдардан кейіпкердің ерлік сапарының оңай еместігін, дұшпанның өзі қайратты, әрі айлалы, сонымен бірге әскері де сай екенін аңғаруға болады. Яғни кейіпкердің мықтылығын көрсету үшін оның дұшпандарының да осал еместігі, керісінше, өте күштілігі арнайы жырланған. Анасы қанша қарсы болып жыласа да, нағашысы қанша сақтандырса да, Жағыпар сұлтан алған бетінен қайтпайды. Бұл сәт қиссада былай беріледі:


Әлқисса, көп сөз айтып, күн кеш болды,

Жағыпар сұлтан түн жарымында атқа мінді.

Анасы маниғ қыла алмай зар жылады,

«Иә, Алла! Өзің сақта!» деп жылады.

Осы сөздермен шығарманың негізгі желісіне даярлық болған шағын оқиғалардың тізбегі аяқталады. Сондықтан нәзирашыл ақын алты жүз төрт жолдан тұратын кіріспе оқиғаларының соңғы шумағында «Әлқисса» деп сөйлейді. Сол арқылы кейіпкердің негізгі оқиғаларына алып баратын жол ретінде жырланған кіріспе бөлімнің аяқталғанын аңдатып тұр.

«Әлқисса» сөзі көп жағдайда шығарма соңында жырланған оқиға желісінің аяқталуын білдіреді. Сонымен бірге бір шығарманың ішінде әлденеше жерде қолдана береді. Оның себебі шығарма ішіндегі бір оқиғаның бітіп, сол оқиғаның жалғасы ретінде жаңа оқиғаның басталатынынан да хабар беріп жатады. «Ғазауат Сұлтан» қиссасында Маңғыстау Тыныштықұлы осы екі үлгіні де қолданып отырады және әр бап соңында айтып отыралы. Сол секілді «Бұ қисса үшбу жерде тамам болды» деп те аяқтап отырады. Мысалы сегізінше бапты:

Бұ қисса үшбу жерде тамам болды,

Мұхаммедке – салауат,

Сейітке дұға қылғыл енді.

Насырыны назым жазған Тынышлықұғлыны,

Дұғадан ұмыта көрмеңізлер бізді, - деп аяқтайды [96, 136].


Он бірінші баптың соңы да осы секілді үлгіде аяқталады:
Бұ қисса үшбу жерде баян болды,

Қысқартып асан сөзбен тамам болды.

Енді салауат қылыңызлар Мұхаммед Мұстафаға,

Екі жаһанның сәруары ол сафаға.


Және дұға қылыңыздар ол сұлтанға,

Сейітбаттал аталған Шаһ уәлиге.

Насырды назым жазған ғасы құлға,

Қол жайып, қыла көргіл бір фатиха [96, 185-186].

Яғни әр бап қисса аталып дербес баяндалады. Басталуы да, аяқталуы да бар дербес туынды ретінде. Әр қисса соңы Мұхаммед пайғамбарға салауат айту, сонан соң Сейітбатталға дұға қылу, соңында шығарманы жазушы ақын өзінің де дұға мен батадан қалыс қалмауын өтініш етеді. Кейде қисса соңы ұзақтау, созылып барып бітіп жатады. Мысалы, «Оныншы бап»:


Біз дахи ықылас илән жад қылалы,

Фатиха дұға оқып, бағышлалы.

Бұ қисса үшбу жерде баяны тамам болды,

Мұхаммед Мұстафаға салауат қылмақ ләзім болды.


Сұлтан Сейітбатталға біз дұғаны,

Ықылас бірлән жад қылып, зар қылалы.

Салауат сәлем сәңа болсын, Нәби Алла,

Сейітсұлтан, алейку рахмат Алла.

Біз ғаріпке шапағат қыл, иә, Рази Алла,

Шапағатыңды муйассар қылсын Алла.

Салауат илән дұға қылған иә, Әһіл Алла,

Біз пақырға оқып һәм бағышла.

Маңғышлау ұғылы міскін сөз бастаса,

Дұға деп тамиға қылар көзін ашса.

Сейіттің назым қылып, сөзін ашса,

Шапағат қылар, - дедім, - Алла қосса.

Насырды назым жазған ғасы құлға,

Мәламат шилә қылма қате болса.

Қатеден хилли болмас пенде болса,

Өз халіне һәр пенде көзін салса.

Хақ пенде тәубе қылар қате болса,

Алла сүймес, зәрредей күнә қылса.

Ғапылдар тоба қылмасын күн-түн жүрсе,

Көрсе, оның күнәсі таудай болса.

Біреудің қатесіне күлер болса,

Алдына тез-ақ келер қадим қаумиса, - деп берілген 26 жол өлеңмен аяқталады. Мұнда жоғарыда айтылған Пайғамбарға салауат, Сейітбатталға дұға, авторға дұға, фатиха сұрау қайталанып айтылғанымен, сөз соңы діни уағызға ұласқан. Бұдан аңғарылатын жайт - әр баптың басталуы мен аяқталуы белгілі үлгілерде болғанымен, кейде көлемі ұлғайып, қосымша ойлар, уағыздар мен мінәжаттар қосылып жырланатыны.

Кіріспенің өзі де дәстүрлі жолмен басталады және сол дәстүр әр бапта қайталанып отырады. Демек, әр баптың дербес басталуы мен аяқталуы, қорытылып айтылып отыратын түйін сөздер – сөз соңы бар. Яғни «Ғазауат Сұлтан» қиссасының композициялық құрылымы - тізбекті баптардан тұратын циклді қисса екендігі. Сол себепті әр бап жеке дербес жазылып, не кітап болып басылып жүре беруі де мүмкін. «Бабалар сөзі» жүзтомдығының 13-томы соңында берілген ғылыми қосымшада «Ғазауат Сұлтан» қиссасының Орталық ғылыми кітапхана мен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорында сақтаулы тұрған сегіз нұсқасын сөз етеді. Онда айтылған пікірлер біздің жоғарыда айтылған ойларымызға дәлел бола алады. «Сейітбаттал жайындағы қазақ қиссаларының түрлі нұсқаларын оқып қарағанымызда, олардың көпшілігінде осы «Ғазауат Сұлтан» дастанының жекелеген сюжет, мотивтері алынып, жеке шығарма ретінде жырланғанын көреміз. Солардың бірі – 1879 жылы Қазан қаласында басылып шыққан Мәулекейдің «Қисса Сейітбатталы». Бұл нұсқада бас қаһарман – Сейітбатталдың бір ғана жорығы баяндалады. Нақтырақ айтқанда, «Ғазауат Сұлтан» дастанының он бесінші бабындағы «Сейітбаттал ғазының Үндістанға барып, ақ пілді алғаны» атты тараудың оқиғасын жеке жыр арқауына айналдырғаны анықталды», - деп екі нұсқаның өте қатты ұқсас екенін сөз етеді [96, 10]. Бұл айтылған жайлардан екі мәселені аңғаруға болады. Бірі – қисса оқиғаларының қазақ ішінде түрлі нұсқаларының болуы және олардың түбі бірлігі. Сондықтан да Мәулекей ақынның Сейітбаттал оқиғасының қазақтарда бар екенін есітіп, арнайы іздеп келіп, тауып, жазып алып кеттім деп айтатыны бар. Екіншісі – қазақ ішіндегі түбі бір шығыс кітаптарынан алынған түрлі нұсқалардың басын қосып, оны молда ақынның шығыс діни кітаптарымен салыстыра отырып қарап шығуы. Сол еңбектің нәтижесі - тізбекті жыр «Ғазауат Сұлтан» қиссасының тұтастана жырлануы. Ескерте кетер жайт – мұндағы тізбектілік-циклдік композициялық құрылым шығыс фольклоры мен ортағасырлық романдарына қатысты көп айтылатын рамалық композиция емес. Керісінше, қазақ, қырғыз халықтары фольклорындағы «Қырымның қырық батыры», «Манас» жырлары секілді тізбектілік-циклдік композиция.

Сейітбатталдың дұшпаннан кек алуға ұмтылған алғашқы жорығын жырлаған бап «Әуелгі бап: Жағыпар ғазының атасын өлтірген Меһрияил илән Шамасабты өлтіріп һәм он бес басты келтіргені-дүр» деп аталады. Осылайша әр бапқа жеке ат қойылып отырады. Әр бапқа жеке тақырып берілуі сол бапта жырланатын оқиғадан алдын-ала оқырманды хабардар етіп отыру үшін қойылғаны аңғарылады. Сонымен бірге оқиғаның немен аяқталатынынан да мағлұмат беріп отырады. Мысалы, «Екінші бап: Жағыпар сұлтанның мәшһүр болғаны: қайсардың әскері жүз мың илән келіп, һәлак болғаны» деп аталған; сол секілді «Жиырмасыншы бап: Сұлтан Сейіт хазіреті Қап тауына кеткенде, Бабек дейміш бір малғұн адам шығып, «Мен – Пайғамбар» деп, көп адамларны өлтіріп, уа және көп адамларның дінін бұзғаны, ол залымды Сейіттің өлтіргені» деп берілуі де тарауда сөз болар оқиғаның жөн-жосығын алдын-ала айтып отырғаны. Тараудың атының өзі бүкіл тараудың фабуласын беріп тұр.

«Әуелгі бап» кіріспесі дәстүр бойынша:


Иә, Алла! Сөз башлайын, өзің оңда,

Көңіліме пікір салғыл, Құдауанда.

Сөз айтсақ, хамд илән салауат мұнда,

Көп қылғай сауабын махшар күнде.


Мұхаммед Мұсафаның шапағатында,

Хайрул кәләм табылғай тілімізде.

Сұлтан Сейітбатталдың соғысында,

Он үш жаста бастаған ғайр түнде, - деп Алла Тағаланы мадақтау, Пайғамбарды жырлаумен басталып, негізгі оқиғаға көшеді. «Жиырмасыншы бап та»:

Бимиллаһи деп және сөз башлалы,

Алланың есімін айтып сыйыналы.

Салауат Мұхаммед Мұстафаға біз айтып бағышлалы,

Мұғжизат шапағатынан жұмламыз һәм сұралы.

«Көңілімізге хайыр илһам салғыл» делі,

«Тілімізге тұғры кәләм салғыл» делі.

Сұлтан Сейіт хазіреттің хикметлерні,

Айталық назым бірлән сөзлерні.

Тыңлаңыз ықылас бірлән сізлер оны,

Қиссаларның жауһары-дүр білсең мұны, - деген кіріспе өлең жолдарымен басталады. Яғни алғашқы кіріспе сөз өте көлемді болып, дербес бөлім дәрежесінде жырланса, тарау кіріспелері жырлану жолы мен дәстүрін сақтағанымен, көлем жағынан көп ықшамдалған. Өйткені алғашқы кіріспе сөз тұтас кітапқа, қалғандары тек тарауға арналып жырланған.

Кітаби ақындар жырлаған қазақ қиссаларының басым бөлігі мұсылмандардың шығыс халықтарының діни және фольклорлық материалдарын арқау етеді. Сол себепті де олар негізінен фольклорлық сарында жырланды. Сондықтан да бүгінгі қазақ фольклоры мен әдебиеттану ілімінде қазақ қиссаларын фольклорлықшығармалар қатарына жатқызу және қарастыру мәселесі бар. Әйтсе де олардың мұсылман діні және шығыс фольклоры материалдарын арқау ете отырып жазылған, жазбаша дүниеге келген туындылар екені анық. Сондай шығармалардың бірі – «Ғазауат Сұлтан» қиссасы. Бұл шығарманың көлемді алғысөзімен соңғы сөзі, әр тарауға арналған дербес алғысөздерімен соңғы сөздері кітаби дәстүрде, діни шығармаларға тән үлгіде жырланған. Дегенмен туындының бүкіл бітім-болмысында, композициялық құрылымында, сюжеттік желілері мен кейіпкерлер әлемінің суреттелуінде фольклорлық сарын басым.

Басты кейіпкер әр тарауда жеке және өзі атқа мініп, жауға жалғыз аттанады және үнемі жеңіспен оралып отырады. Тарау кіріспе сөзінен кейін негізгі оқиғаға көшкен ақын:

Жаранлар, ықылас илән сөзім тыңла,

Айтайын Жағыпар сұлтанның хикметін де.

Түн жарымда Жағыпар сұлтан атқа мінді,

«Тәуекел, Илалла!» деп жолға кірді.

Бұ сырдан шаһар әһлілері ғапыл болды.

Кеткенін Жағыпардың һеш білмеді, -

деп [96, 29] жауға жалғыз аттанған кейіпкерді көрсетіп отырады. Келесі бапта он үш жасар Жағыпардың Меһрияил, Шамасаб секілді батырларын, көп палуандарын өлтіріп, бастарын кесіп алып кеткенін естіген кәпірлердің патшасы Қайсар Жағыпар кәмелетке толса қиын болар, қазір әрекет етейін деп мұсылмандарға көп әскер аттандырады. Халифаға хат жазып Хұсайынұлы Жағыпарды ұстап беруін, жеті жылға хараж салығын алдын-ала төлеуді, Қайсардың ғұзырына ілтипат етіп келуін талап етеді. Мұсылмандар Қайсар хатынан қатты шошиды. Барлығы әсіресе Жағыпардың әкесінің орнында әскербасы болып отырған Ғабдуссалам «Ұйықтап жатқан арысланды оятты. Аждаһаның құйрығын өзі басты, үшбу іс оңай емес, қиын. Жауабын өзі берсін» деп Жағыпарды кінәлайды. Ол елшілер әкелген хатты пәре-пәре етіп жыртып, мүшіріклерге өзі хат жазып береді. Онда «Бұл істі жалғыз өзім қылдым» деп өзінің жауға қарсы аттанатынын айтады. Ғабдуссаламға: «Сен отырғыл басыңды сақтап үйде, Иншалла, мәлзам қылармын дұшпанларды, шапағат қылар болса бабам Мұхаммед - - Хақ Хабибі» деп ашумен қатты айтып үйіне қайтады. Түн жарымда атқа мініп, қару-жарағын алып тағы да жалғыз өзі жауға аттанады. Бірақ әрқашан Алладан мінәжат етіп, Мұхамед Пайғамбардан медет тілеп отырады.

Аллаға мінәжат қып жүре берді,

Бабасы Мұхаммед Мұстафадан жәрдем сұрды:

«Иә, Алла, Мәулам Сұбхан өзің, - деді,

Дұшманларға мәлзам қылма мұсылманларды», -

деп аттанған Жағыпар Сұлтан өзі, өзінің жеке кегі үшін ғана емес, күллі мұсылман қауымының тілеуін тілеп аттанады. Оның «Ғазауат Сұлтан» лақап есімін иеленуі осы себепті болса керек.

Жауға жалғыз аттанып, жеңіспен оралу қазақ батырлық жырларында да көп кездеседі. Жауға жалғыз аттану, жау қамалын бұзу, жауды тас-талқан етіп жеңу мәселесі қазақ батырлық жырларының әрқайсысынан дерлік, мысалы, «Қобыланды батыр», «Алпамыс», «Ер Тарғын», «Едіге», «Қарасай, Қази», «Шора батыр» деп көптеп мысал келтіре беруге болады. «Шора батыр» жырында Шораның әкесі Нәріктің атақты Таспакер тұлпарын қалмақтың алпыс кісісі алып кетеді. Ашуланған Нәрік Шораға келеді. Оның жауды қуып жетіп, олар ұйықтап жатқан болса, Таспакерді ала қашпай, алпыс кісіні оятып, алдына салып алып келуін талап етеді. Жауға жалғыз шапқан Шора жауды тұтқындап Таспакерді алып келеді. Осы жырда Шора батыр қалмақ еліне жалғыз аттанғанда, алдынан екі мың кісі әскермен келе жатқан қалмақ шығып былай дейді:


Жапанда жалғыз баласың,

Жарқыным, қайда барасың?

Біз қалмақ деген ел едік,

Серен деген қалмақтың

Артық туған бегі едік,

Екі мың кісі әскермен

Ноғайды көрсек деп едік...[97, 364-365].
Шораның жалғыздығын көрген қалмақ қолы:
...Екі мың кісі бұл қалмақ

Қорықпайтын ер еді.

Бұл жаныңды қинамай,

Ат-тоныңды бер енді.

Бұл қалмақ сені қоя ма,

Жарағы қанға тоя ма?!

Екі мың кісі бұл әскер

Бір жаңғызды қоя ма?!- деп, Шораның ат-тонын алып қалғысы келеді. Жырда сонша жаумен жалғыз жолығып тұрған Шора былай сипатталады:

Қалмақ соны айтып жатқанда,

Ер Шора тұр сүйеніп найзаға

Жасқанбайды батыр-ай,

Жау екен деп япыр-ай.

Енді Шора сөйлейді,

Сөйлегенде бүй дейді:

- Жиналдың, қалмақ, сен деді,

Мен бір ноғай деген ел деді.

Мекенімді сұрасаң,

Үшқиян деген жер, - деді.

Шаһарымды сұрасаң,

Қазан деген көп халық

Сонда да хан бар еді.

Ноғай халқың мен, - деді.

Қаумалап тұрсаң, сен заңғар,

Жасқанбаймын мен,- деді,

Қанша айтсаң да сен, - деді, -

деп қасқайып тұрып толғап, өзінің кім екендігін айтып, мақсаты қалмақ елін шабу екенін де жасырмайды. Қаумалаған көп қалмақпен жалғыз соғысып, жеңіп қайтады. Яғни қиссалар мен батырлық жыр табиғаты көп жағдайда үндес келіп жатады. Екі жанр туындыларында да негізгі кейіпкердің ерен ерлігі, қажымас қайраты, айрықша ақылы мен айласы арқасында үнемі жеңіске жетіп отыруы жырланады. Әйтсе де, осы екі жанр табиғатында елеулі айырмашылықтар бар. Атап айтар болсақ, ең басты айырмашылық деп қазақ батырлық жырларының көпшілігінің жеті-сегіз буынды жыр үлгісінде жырлануын айтуға болады. Жыр үлгісінің ерлік пафосты беруге қолайлы екені анық. Ал қиссалар негізінен он бір, он екі буынды өлең үлгілерінде жырланады. Батырлық жырдың жыр үлгісінде жырлануы жыршының қобыз не домбыра музыкалық аспабына қосылып жырды жатқа айтуына негізделсе керек. Рас, кей батырлық жырлар да он бір, он екі буынды қара өлең үлгісінде болып келеді. Бұл бұрынғы жырлардың кейін қайта жырлануын көрсетеді. Мұны ғалым Шоқан Уәлихановтың «Қазақ өлеңдерінің түрлері жөнінде» деген еңбегіне, ондағы өлең үлгілерінің қазаққа кейін келгенін айтқан пікірлеріне сүйеніп айтып отырмыз [98].

Бәлкім, батырлық жырлардың бұлай жырлануына кейін қайта жырлануы, сонымен қатар сол дәуірде қиссалардың көптеп жырлануы да әсер, ықпалын тигізуі. Сол секілді қисса жанры туындыларының ішінде де ішінара жыр жолдары жолығып отырады. Бірақ салыстырмалы түрде өте аз кездеседі деуге болады. Демек, мұны уақыттың және қиссаның жырға, жырдың қиссаға ықпал, әсерін танытатын – фольклорлық және әдеби құбылыс деуге болады.

Сондай-ақ бұл жерде жырдың музыкалық аспаппен жатқа айтылуы мен қиссаның көп алдында қолжазба туынды ретінде не кітаптан оқылып отыруының да жанрлардың жанрлық табиғатын, бір-бірінен өзгешелігін танытса керек. Қалай деген де, қазақ батырлық жырлары ерлік пафос пен жауынгерлік сарынға орай оқиғасы да кейіпкерлерінің сомдалу динамикасы шапшаң, тез, үдемелі болып келетіні, қиссалардың баяу жырлануы, баяу динамикалы болып келуі анық.

Қисса-дастандар туралы В.В.Радлов тұжырымдарында XIX ғасырдағы отаршылдық саясат мүддесінің сұлбасы байқалғанымен, ғалымның ғылыми тұрғыдан зерделеуі басым. «Кітаби өлең», «Кітап өлеңнің» қазақ әдебиеті шығармаларының халықтың өзі бөлген екінші түрге жатқызғандығын, оның өзіндік ерекшелігін В.В.Радлов сол кездің әдебиет үлгілері негізінде белгілі бір дәрежеде дұрыс көрсетті. Халық шығармаларын қарапайым халықтың ауызша таралған өлеңдері мен әңгімелері құрайды, оған қазақ халқының ислам діні әсері тие қоймаған шығармалары жатады. Кітаби өлеңді жыршы жатқа айтпайды, жазылған кітаптан оқиды. Кітап өлеңді шығарушылар - молдалар. Қазақтардың таза жазба тілі жоқ. Сауатты қазақтар татар тілінде жазады. Жазба тіл - екі тілдің койыртпағы. Кітаби өлең - діннің ұрығы, ислам ілімін таратуды мақсат тұтады. Кейбір өңірлерде ислам дінінің қаһармандары жөніндегі өлеңдер халық батырлары туралы жырларды ығыстырып отыр. В.В.Радлов толып жатқан кітаби өлеңге түсінік беріп, мазмұн, мәнін баяндайды. Қандай үлгіде таралып отырғанына назар аударады. Елдің рухани өміріне белсенді араласып, тәрбие, тұрмысына аса зор ықпал ете бастағанын айрықша, қадала айтады [13, 19].

Әдебиет - өзге де өнер салалары секілді үнемі қозғалыста болатын, үздіксіз алға жылжып, өсіп, байып отыратын сөз өнері. Сондықтан да қазақ қиссаларына тән, осы арада айта кетілуі тиіс бір әдеби құбылыс - кейбір ақындардың қиссаларын жыр үлгісінде жырлауы. Осы жөнінде ғалым Р.Бердібай «Діни дастандар тағылымы» атты мақаласында: «Эпикалық жанрға жататын жырлардың бір тобы – діни дастандар. Бұлардың көбі ХІХ ғасырдың екінші жартысында және ХХ ғасырдың бас кезінде жеке кітап болып басылып, халық арасына қисса-хикая деген атпен тараған, жыршы-жыраулар репертуарынан да берік орын алған. Діни дастандарды көпшілік алдында мәнерлеп оқып, насихаттау өзгеше дәстүр болып қалыптасқан. Оларды ежелгі Тұран жерінде қиссахан немесе қиссашы деп атаған. Сол секілді қисса-хикаяларды қолдан көшіріп, көбейтіп, ел арасына тарататын хаттаттардың да еңбегі елеулі болғанын айта кету керек [99, 22].

Бұған дәлел ретінде Майлықожа ақынның «Әмір Әмзе» қиссасын айтуға болады. Сол себепті де болуға керек ғалым Әсілхан Оспанұлы Майлы ақын шығармаларын жырлаған жыршылардың болғанын айтады [100]. Яғни кейбір қиссалардың жазылып болғаннан кейін жыршылардың репертуарынан орын алып отыруын жоққа шығаруға болмайды. Бірақ бұл жәйт барлық қиссаларға тән деуге келмейді. Мысалы «Ғазауат Сұлтан» қиссасы батырлық жыр секілді жыршылар репертуарына енді дей алмаймыз, өйткені қисса өлең жолдары өте күрделі, буын саны үнемі он, он бір буынды болып келе бермейді, онан асып он бес, он алты, он жеті буынды болып шұбатылып кете береді.

Мысалы: «Оны есітіп әмір Омар тезлік илән намаз қылды» деген өлең жолы он жеті буыннан құралып отыр. Немесе:



  • Бұ кеште хақ Расул Алла келді, - дейді,


«Сейітбаттал ұғылым келер саған, - дейді.

Бұ зынданнан шығарар сені,- дейді.

Уа шаһардың әһлін мұсылман қылар жұмла» дейді,-


секілді өлең жолдарында да батырлық жырларға тән пафостан гөрі қиссалық әңгімешілдік басым екені, буын санының біркелкілігі де сақталмағаны көрініп тұр. Керісінше, өлең жолдарының өн бойынан кітабилық аңғарылып тұр. Сондықтан да «Ғазауат Сұлтан» қиссасы жазбаша дүниеге келген кітаби туынды дейміз.

Кітаби ақындардың шығармашылық ерекшелігі және олардың әдеби мұрасының басты жанры болған қисса, хикая терминдері жөнінде ғалым С.Қасқабасов былай дейді: «Следует отметить, что заимствование с Востока особенно интенсивно происходило в ХҮІІІ и ХІХ веках, когда в Казахстане ислам стал основной верой и в массы шла мусульманская литература, распространению которой способствовали прежде всего царьские власти России и ретивые сторонники ислама – выходцы из Средней Азии и Татарии, выполнявшие миссионерскую роль, а также в известной мере казахские акыны, получившие в науке название «кітаби ақындар» («поэты- книжники»)», - [101, 298-299] дей келе, ғалым шығыс фольклоры мен әдеби шығармаларының қазақ ішіне «қисса» және «хикая» деген атпен таралғанын айтады. Бұл сөздердің араб әдеби жанрларына қатыстылығын сөз етеді. Әйтсе де, аталған кезеңде баспадан басылып шыққан кітаптардың барлығы көп еленіп, екшелмей «қисса» немесе «хикая» деп басыла бергенін тіпті қазақтың фольклорлық шығармалары да осы «қисса» деген айдармен шығып отырғанын айтады. Яғни бұл сөздердің шығармалардың жанрлық табиғатына толық қатысты еместігіне назар аударады. Дегенмен ғалым бұл жанрлық атаулардың қазақ әдебиетінің аталған дәуірлерінде шығармалардың тек жазба әдебиетке қатыстылығын ескере бермейді. Бұл мәселе жөнінде ғалым Ә.Қоңыратбаевтың қазақ жазба әдебиетінің тарихы, кітаби ақындар шығармашылығы, қисса-хикаялар табиғаты жөнінде айтылған ойлары көбірек дәлелді көрінеді [26, 125].

Жауға жалғыз аттанатын Сейітбатталдың жекпе-жек шайқастары да шығармада мол берілген. Батырлық жырларды да, жекпе-жек суреттері арнайы беріліп отырады. Ондағы соғыс суреттері қиссалардағыдан гөрі анағұрлым шынайы беріледі. Екі жақ батыры ұзақ шайқасып күші мен амал-айласы асқан батыр жеңіске жетіп отырады. Ал қиссада мұнан гөрі өзгеше сипатталады. Көп жағдайда әсірелеу басым түсіп жатады. Батырлық жырларда жүздеген тіпті мыңдаған дұшпанмен батыр жалғыз алысатын сәттер де болады. Ал, қисса кейіпкері Сейітбатталдың дұшпандарының саны көп жағдайда қисапсыз көп болып суреттеледі. Ол жүздеген мың ләшкермен жалғыз соғыса береді. Мүшіріклер әскері үнемі өте көп болып, соғыс соңында ғана Сейітке көмекке жететін мұсылман әскері әрқашан өте аз, бес-алты мың төңірегінде ғана болып жатады. Сейітбаттал қисапсыз әскердің алдынан бір өзі шығып соғысқа кірісе береді. Арт жақтан көмек келер деп күтіп жатпайды. Сондай сәттердің бірінде Шамас пір:
... - Жүрек – күшім, ұғылым, - деді.

Сабыр қыл, арттағы әскерлер келсін, - деді,

Бейқисаб көп көрінді ләшкер, - деді,

Анларға жалғыз барма, ұғылым, -


деп оны сақтандырғанда Сейітбаттал оған:


-Иә, бабам, сіз дұғада болғыл, - деді,

Жалғызбын деп қорқып тұру болмас, - деді.

Шара жоқ, тәуекел қылмай бізге, - деді, -
деп [96, 44] жауап беріп жаудың алдынан шығады. «Іздегендерің мен, сендердің көп адамдарыңды да өлтірген мен» деп шығады. Қарсы жақтың Қайсардан (патшадан) қорықпадың ба? деген сұрауына Жағыпардың жауабы былай беріледі:
Жағыпар сонда ол адамға: - әй, малғұн, - деді,

Қайсарды ләшкері илән қырам, - деді.

Рұм халқын жұмла мұсылман қылам, - деді,

Көнбеселер, қырармын жұмла, - деді.

Кәнисасын талқан қылам жұмла – деді,

Орнына мәсжид- медресе салам және, - деді [96, 45].


Сол секілді жекпе-жек суреттерінің сипатталуы қисса табиғатына, оның діни тақырыбына, кейіпкердің ғазауат соғысының батыры болуы себепті тым өзгеше. Мысалы:


Малғұн сонда Жағыпарға ашуланды,

Қолына қылышын алып ол ұмтылды.


- Менің атым –Тамус Рухипалуан, - деді,

Екі пәре қылайын сені қазір, - деді.

Жағыпар ғазы оның қылышын тартып алды,

Лақтырып, өз қылышын қолына алды.

Ол малғұнды екі пәре қылып салды,

Жанын оның жаһаннамға жөнелдірді...

Ақырып Жұмһұр деген бір палуан келді,

Оны да Әулие екі пәре қылып салды,

Жүздерін мүшіріклердің қара қылды...

Кибрианус бек мықты малғұн ерді,

Жүз батпан күрзі тұтып жетіп келді.

Жағыпар ғазы кішкене қалқанын қолына алды,

Кирбрианус күрзі илән салып қалды.

Шаһ әулиенің бір қылына да кәр қылмады,

Иләһім Қадыр Сұбхан ол сақтады.


Жағыпар сұлтан күрзі илән ұрып ерді,

Дүнияға келмегендей күлдей қылды...


Немесе Қайсар ұлы (Рұм патшасының ұлы) Ибрануспен шайқасының соңы:

Сол уақытта Шаһ әулие қуат қылды,

Көтеріп кемерінен әуеге атты.


Бір заманда жерге айналып келер ерді,

Қиярдай екі бөліп пәре қылды...-

сықылды қатты әсірелеу суреттерімен аяқталады.

Сейітбаттал ерекше ғажайып батыр болуымен бірге түрлі білім мен ғылымды меңгерген, төрт кітапты жатқа білген, жетпіс тілді меңгерген, жетпіс екі айлалы тұлға ретінде беріледі. Сол ерекшеліктерін ол дұшпандармен шайқаста қолданып отырады. Дұшпан шебіне бару, оларды бөгде кісі боп барып алдап, ішімдік ішкізіп, мас қылып, соңынан бастарын кесуі, әйел болып киініп барып дұшпанынан кек алуы, мүшіріктер келбетіне еніп, Қайсар патша алдына баруы, соңынан оны өлтіруі секілді түрлі амал-айлаларға барып жатады. Соның барлығында да оның мерейі үстем болып отырады. Оның бір қасиеті шайқас алдында не соғыс барысында нағра салу. Онысы қатты дауылпаз ұруы. Оның салған нағрасынан жау әскері қатты қорқады. Естерінен танып, аттарынан ауып түсіп жатады. Астындағы аттары да сол күйді кешеді. Табиғат та қатты бұзылып, жер мен көк астасқандай, ақырзаман келгендей болады. Есінен таңған әскерді Сейіт:


Шаһ әулие әскерлерге келіп кірді,

Аш арыслан қойға кірген мисли қырды, -

дегендей қыра береді. Соғыс соңында мол олжаға кенелу үнемі арнайы айтылып отырады. Бірақ Сейітбаттал ол малдан, дүниеден, алтын-күмістен еш уақытта бір данасын да алған емес. Ол - сақы, жомарт жан. Себебі ол – мұсылман батыры, әділетті ғазауат соғысының ерен ері. Оның ең бірінші мақсаты – мүшіріктерді момын ету, хақ дінге кіргізу, Хақ жолын көрсету. Сондықтан да ол дұшпандарынан момын болып, дінге кіруді талап етеді. Олар иман айтып, момын болса, тиіспейді. Сол секілді оның үнемі ойында тұратын басты мәселе – мұсылмандардың хал-ахуалы, жағдайы. Сол себепті де соғыстан түскен олжаны елге, әскерге, халифаға бөліп береді. Сондай сәттердің бірі:


Әлқисса, кері қайтып бұнлар келді,

Дұшпанларының малдарын жинап алды.

Бір мың атқа жұмла заттарын артып алды,

Малатияның шаһарына бұнлар келді...


... Шаһ әулие олжа малын тақсым қылды,

Бестен бірін халифаға халғат қылды.

Қалғанын пақырларға бахшиш қылды,

Ол малдан бір хаббесін һеш алмады, - [96, 93] деп сипатталады. Сейітбатталдың ерекше сақы, жомарттығын көрсететін осындай суреттеулер әр соғыс соңында дерлік қайталанғандай әсер беріп, бір сипатта сөз етіліп отырады.

Шығармадағы жекпе-жек көріністері мен соғыс суреттері тақырыптың діни әділетті соғыс болуы себепті үнемі түрлі діни күштердің қолдауымен салтанатты жырланып отырады. Сейітбатталға үнемі дем беріп, жеңіске жетелеп, жеткізіп отыратын ең алдымен Аллаһ Тағала және оның періштелері, Мұхаммед пайғамбар муғжизалары, Ғайып ерен, Қырық шілтендер, Қызыр баба және түрлі әулие-әнбиелер.


Майданда жетпіс екі ойын қылды,

Мисли айд құрбандай шадлығ қылды.

Мұсылман әһлі «африн» деп дұға қылды,

Дұшпан әһлінің қалтырап қаны солды.


Шаһ әулие дұшманларға қарсы тұрды,

- Майданға келіңіз,- деп нағра салды.

Енді дұшманлар жапырақ кебі қалтырады,

«Тарқалық» деп, бір-бірін шақырады...[96, 234].

...Дария кебі әскерлер қаптап ерді,

Сейіт сонда қаһарланып нағра салды.

Сол уақытта көп дұшпандар есін танды,

Дабысынан дарияда балық қорықты.

Есіткен жануарлар және үрікті,

Күн күркіреп, рағды мисли от шашылды, -

деген секілді жолдардың қай-қайсысы да Сейіттің ерекшелігін танытады. Бірақ оның дұшпандары әлсіз еді деген қорытынды жасауға болмайды. Онымен жекпе-жекке шығып, соғысатын батырлар, палуандар суреті:


... Бағзы таңдап ішінен атқа мінді,

Ат көтермес бағзысы пілге мінді.


Бағзылардың бойлары мұнарадай,

Бағзылары ысқырған аждаһадай.

Бағзылары күркірер арысландай,

Бағзылардың шұһрасы жолбарыстай.

Бағзылардың сүңгісі мұнарадай,

Бағзылардың қылышы аждаһадай.

Бағзылардың күрзісі жүз батмандай,

Бағзылары тауды ұрса, уатқандай, - деп сипатталады.

Әлбетте, бұл суреттеулерде ертегілік, мифтік сипат басым екені көрініп тұр. Мұндай жайт романтикалық сарынды діни қисса табиғатына жат емес. Сол секілді жер бетіндегі мұсылмандар соғысының салтанаты көкпен астасып жатады. Көктегі діни күштер дем беріп қана қоймай, көктен соғыс суретін тамашалап тұрғандай әсер қалдырады.


Мұсылмандар тәкбир айтып сайха қылды,

«Алла, Алла» деген ұрандар көкке шықты.

Көктегі періштелер һәм ғажап қылды,

«Ғинаят мұсылманларға қылғын» дейді.


Құда білер, қисапсыз періштелер жәрдем қылды,

Уа және ғайып жаранлар жәрдем берді.

Соғыс үстінде Мұхаммед Пайғамбар мұғжизалары да үнемі жырланып отырады. Ол жолдар:


Шаһ әулие «Алла» деп зікір қылды,

«Ия, Мұхаммед!» деп дұшпанларға қылыш ұрды.

Хақ Мұхаммед Пайғамбардың мұғжизат кереметі,

Қырық аршын қылыш сонда һәм ұзарды.

Қолына найза алса, уа және ғажап болды,

Ұсынса, от тұтатып жана берді...


Күрзі тұтса, қолына жеңіл болды,

Дұшпанларға ұрғанда, таудай болды, - деп беріледі.

Сондықтан да мұсылмандар үстем болып, мүшіріклер қаны селдей болып ағады. Оны «Наһр мысалы» деп суреттейді. Онысы қанның өзен болып аққанын айтқаны. Сонда да халифа Хақтан жәрдем тілегенде, Алланың пәрменімен мұсылмандар жақтан қатты жел тұрады. «Бір жерде жүз кіре, жүз мың ләшкер өлген көрді, ғайыр жерде өлгендерін Алла білді. Уа және жесір болған адамларды, Жеті күн шашылған малды бірге жиды» деген сияқты жолдармен бір соғыс суреті беріледі. Тағы да Сейіт олжа малды, дүние-мүлікті елге, әскерге, халифаға береді, өзі еш нәрсе алмайды. Негізгі кейіпкер Сейіттің сақылығы үнемі осылайша қайталанып отырады. Оның өзі мұсылман баласына дүниеге қызықпау жөнінен айтылған уағыз іспетті. Сейіттің әрбір іс-әрекеті, қисса оқиғалары хақ дін исламды, Алла Тағаланың кереметін, Мұхамед Пайғамбардың мұғжизаларын, түрлі діни танымдарды танытып отыратыны анық. Кітаби туынды -діни қисса табиғаты, кітаби ақынның шығармашылық мұраты да осы. Сондықтан да баптар ішінде арнайы тақырыптармен шағын тараушалар берілген. Солардың бірі – «Халифаның ғаламаты». Онда мүшіріктермен болып жатқан соғыс алаңына келе жатқан халифаның көрінісі өте салтанатты жырланады. «Бір күмбез мисли шаһар көшіп келді, салтанат сияпатты шатыр келді» деп береді. Халифа көтерген ту - Мұхаммед Мұстафа туы. Ту басында нұр жарқырап тұрады. Халифаның шатыры, оның алтын тағы тұтас нұрланып көрінеді деп суреттеледі. Бұл салтанатты сурет мұсылман әлемінің әміршісі – халифаны сипаттауға арналған және ұзақ тәптіштей жырланған. Оған автор- кітаби ақын діни тұрғыда үлкен мән берген. Сол секілді «Соғыстың өнерлері» деген тараушада мұсылмандық ғазауат соғысының бүкіл болмысы, ұстанған бағыты, мұрат-мүддесі айрықша жырланған. Мұнда мұсылмандық мүдде шығарманың болмысымен астасып кеткен. Мұсылман әскерінің ұраны:


«...Құран – хафиз, ұранымыз – Сұбхан, - дейді,

Дәлеліміз – Кәләм Алла, Құран, - дейді...


Дін қылышын ұрармыз бізлер, - дейді,

Өлсек – шәһид, қалсақ – ғазы бізлер» дейді, -

секілді болып ұзақ толғанады. Бірақ басты қағида, мұсылмандық ғазауат соғысының шарты негізінен осы төрт жолда түйілгендей.

«Ғазауат Сұлтан» - көлемді шығарма. Сондықтан да оның кейбір тараулары жеке шығарма ретінде кітап болып басылып отырған. Соның бір көрінісі – «Қисса Сейітбаттал». Қисса - 1372 жолдан тұратын көлемді туынды. Жалпы Сейітбаттал есімі мен ерлігін жырлауға арнаған шығармалар өте көлемді болып келеді. Мұның себебі тақырыптың ислам әлемінде үлкен орын алып, ғасырлар бойы әңгімеленіп, сонан соң көлемді жырларға айналуы әбден мүмкін. Ең бастысы осы тақырыптағы шығармалардың жырлаушы жазушысының да оқырман, тыңдарман қауымның болуы, Сейітбатталдың дін ислам жолындағы ерлік істерінің мұсылмандар рухани әлемінде өзгеше үлкен орнының болуы.

Шығарма мұсылман әлемінің дәстүрімен «Әуелі жад етемін Тәңірім атын», «Намазбенен рузаны күтсек керек» секілді уағыз сөздерімен ашылғанымен, бұл насихат, мадақ сөздер әдеттегідей ұзақ емес, шығарманы ел ішінен жазып алып қайта жырлаушы ақын Мәулекей өзін таныстыруға көшеді:


Қырық беске келе – дүр менім жасым

Тобольский губерния – асыл затым, -


деп бастаған ақын өзінің тобылдық екенін, жасы қырық бесте екенін айтады. Діни қиссашыл ақындардың шығармашылық ерешеліктерінің бірі - шығармаларын Алла Тағалаға арнап айтылатын мадақ жырымен ашу. Бұл мадақ жырында Алла Тағала соң Мұхаммед Пайғамбар және оның төрт шариары, сахабалар жырланады. Сол секілді арнайы назар аударуды қажет ететін нәрсе - қиссашыл ақынның өзін таныстырып отыруы. Бұл мәселе бүгінгі оқырманға біршама мағлұмат береді. Әлбетте кітаби ақындардың барлығы бірдей осы дәстүрді ұстанады деп үзілді-кесілді айтуға болмайды. Себебі, кейбір ақындар өзі туралы мәлімет бермек түгіл, тіпті өзі жырлап отырған қиссаға өз есімін қосуды, көрсетуді дұрыс көрмейтіндері де бар. Бұған мысал ретінде ғалым Бейсенбай Кенжебаев айтатын Әріп ақынның осындай ерекшелігін айтуға болады.

«Қисса Сейітбаттал» шығармасының кіріспесінде Мәулекей ақын, кім қай елдің, жердің перзенті, немен айналысады. Бұл мәліметтерден қазақ ішінде бала оқытып, ұзтаздық етіп жүрген қиссашыл ақынды көреміз. Ұстаз ақын Мәулекей Жұмашықұлы - қазақ даласында бірнеше игілікті істі қатар алып жүрген азамат: қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы оқу-ағарту ісіне, қазақ халық ауыз әдебиетінің жиналу, хатқа түсу, жариялануына мол үлес қосқан, ел ішінен өзі жинаған, жазып алған дүниелерді қайта қарап, жырлаған, сол себепті де оларға өз есімін қосып, баспаға жіберіп, кітап етіп бастырып отырған әрі кітаби қиссашыл ақын, әрі кітап бастырушы ретінде көрінеді. «Қисса Сейітбаттал» да - ақынның осындай еңбектерінің бірі. Шығарманың алғашқы беттерінде кейіпкердің қарапайым тұрмысты екені аңғарылады. Оның үш ұлы болады. Олар Бәшір, Әли, Нәзір есімді балалар еді. Сейітбаттал оларды өнерлі, білімді болып өссін деп оқуға береді. Сол ескі замандарда оқушы балалар ұстазына жұма күні сый-сияпат, бәлкім еңбекақы беретіні осы қиссадан аңғарылады. Осы шығармада былай көрініс табады:

Балаларын молдаға елтіп берді,

Бір күнде балалары қайтып келді.

- Әй, ата, жұмалық берші бізге,

Молдамызға бергелі керек, -

деді. Сейітбаттал балаларына беретін еш нәрсе таба алмай жүдейді:


Оңға, солға қарады Баттал ғазы,

Қандай Баттал палуан, ғаяр, ғазы.

Іздеп-іздеп таппады һешбір нәрсе,

Оны беріп, ұстазын қылса разы.


Таба алмай үйдің ішін ақтарады,

Шапан менен сәлдесін шығарады.

Үстіндегі шапанын шешіп алып,

Әли, Нәзір молдаға апарады.

Осы жағдайға оның жары Гүләндам қатты қапа болады. Күйеуіне біз неге сонша кедейміз деп ренжиді. Артыңда қалар балаларыңа не мұра қалдырмақсың дейді. Сонда Сейітбаттал оған Мұхаммед Пайғамбарды, Әзірет Әлінің, Пайғамбардың ағасы Хамзаның да дүние жимағанын, үлкен жеңістерден түскен мол олжаны да пақырларға үлестіріп беріп отырғанын айта келе:

- Әй, Гүләндам, айтайын есіт менен,

Мен даға олардың нәсілінен.

Не қылсам да, Құдай үшін мен қылармын,

Қолыма мал жимақ келмес менен, -


деп өзінің Мұхаммед Пайғамбар мен Әзірет Әлі ұрпағы екенін, сол аталарының өмір салтын ұстанатынын нықтап айтады. Жары Гүләндам Әмір Омардың мол дүние жиып отырғанын алға тартып сөйлейді. Әмір Омар Малатия шаһарының падишасы еді де оның әскерінің басшысы Сейітбаттал еді. Әйелінің сөзі патшаң бай, өзің сіңірі шыққан кедейсің дегенге саяды. Әйелінің бұл сөзіне қатты ашуланған Сейітбаттал керек болса сол патшаның қызын ала алатынын айтады. Бұл сәт былайша сөз қағысу қалпында беріледі:
Сейіт айтты: - Әй, қатын, сөзім болар,

Сұрасам Әмір Омар қызын берер.

Қатын айтты Гүләндам: - бір пұлың жоқ,

Падиша қызын саған қашан берер...


Фатима - әмір Омар шаһтың қызы,

Туған айдай болады оның жүзі.

«Нәсіп болса сол қызын алармын» деп,

Сейіт айтты қатынға үшбу сөзді.

Шынында, падиша Әмір Омар алдына келген Сейітбатталға қызын бергісі келеді. Бұл сәт патшаның батырды сыйлауын көрсететін жәйт болса керек. Бірақ патшаның әйелі оның кедейлігін алға тартып қатты ренжіп:


- Аһ, дариға, ол қызды нешін қарар,

Үйінде тұрмас өзі, ол қыдырар.

Өзі жарлы, малы да жоқ,құлы да жоқ,

Һәр жерде, жүрген жерде қатын алар, -


дейді. Әйтсе де әкесі секілді қыз да Сейітбаттал сөзін жөн көреді. Бұдан патша қызының кісі таныр қабілеті, адами келбеті, ақылы артық жаратылысы көрінеді. Бұл жәйт жырда:


Фатима қыз есітіп мұны біледі,

Анасының қасына жетіп келеді.

- Батталдай ер жаһанда теңі болмас,

Мені соған берің, - деп жауап берді.


Әй, ана, жаман сөзің неге керек,

Баттал – ғазы, ғаяр-дүр, өзі зерек.

Өзі ғалым мұнаууар, өзі көркем,

Һәрбір буын сайын оған қатын керек –

деп беріледі. Яғни патша мен қызы екеуінің батыр басын жоғары бағалағаны көрінеді. Бірақ патша әйелі:


... – Тез енді Батталға бар,

Көп сұрағын қалыңға һәр түрлі мал,

Малы жоқ, көп сұрасаң малдан қашар,

Біз-дағы құтылармыз, тілімді ал, -


деп кедей батырды қор тұтып, төмен санап, қалың мал көлемін көтеріп үркіткісі келеді.

... – Түркістан шаһарында

Бір ақ піл бар екен, білдім онда.

Қызыл алтын үстінде күннен жалтыр,

Алтын таға құйылған аяғында.

Ол ақ пілді келтірсін, барсын дағы,

Жүз ақ түйе, жүз қызыл түйе дағы.

Жүз ат болсын рұми, өңкей қара,

Үстіне салып келсін бар жарағы


Жүз бәдәуи һәм жүзі һинди болсын,

Һәр қайсысы зинат бірлән ерленсін.

Алтынды ер – тоқым ерлетіп,

Үстіне жүз көркем қыздар мінсін.


Жарымына жүз бала тағы мінсін,

Аттанып қыздар бірлә бірге келсін, -

деп патша әйелі кедей Батталдан осынша қалың мал сұрайды. Ондағы мақсаты - қалың мал көлемінен Батталдың шошынып райынан қайтуы. Сондықтан да ол, «Мұны есітсе Батталың таңға қалар, мұндай қылып сұрарды қайдан білсін», «Іздеп таппас жер жүзін қыдырса да, андан соң жанымыз тыныш қалар, - деп патшаны өз сөзіне көндіреді. Бұл талапты естіген Сейітбаттал аталған қалың малды іздеп тауып әкелуге уағда береді. Орындауға бір жыл мұрсат сұрайды. Ағайын-туғандары оны алыс сапардан қанша айнытқысы келсе де, ол алған бетінен қайтпайды. Ол:


... - Уағдамыз болсын қалған,

Айтқан сөзден айрылмас ер атанған

Мен бұл малдың бәрін де мойныма алдым,

Ер бола ма, уағдасы болса жалған, -


деп ағайын-туыстарымен, үй ішімен қоштасып, жылап-сықтап алыс сапарға аттанады. Бұл жәйт бір жағынан Сейтбатталдың қайсар мінезін, өр келбетін танытады. Екінші жағынан кейіпкерді алыс сапарға аттандырып қиындық үстінде сынап көрсету. Үшінші, мұсылман батырының дін үшін болған соғыстарын суреттеу үшін негізгі оқиға бастауы болған соғыстарын үнемі жеңіске жетіп бағындырған елі міндетті түрде ислам дінін қабылдап отырады. Бұл тақырып ерекшелігі. Қазақ батырлық жырлары отан қорғау жолында ерлік көрсетіп жатса, діни қисса батырлары тек хақ дін ислам үшін соғысады. Сол жолда сан рет өліммен бетпе бет келсе де алған бағытынан қайтпайды. Себебі ол сол жолда жанын құрбан етуге даяр діни жиһад, ғазауат соғысының батыры. Оның ерлігі діни миссиямен тығыз байланысты. Сондықтан ғазауат соғысы, соғыстағы ерлік Алла Тағала бұйрығымен орындалып отырады. Бірінші, жиһадтың соғысқа Алла тағала тарапынан рұқсат болмаған жағдайда мұсылмандар ғазауат жиһад соғысына бара алмайды. Бұл осы тақырыптағы кез келеген қиссада аңғарылып отыратын жәйт. Мысалы, «Зарқұм» қиссасында Мұхаммед Пайғамбардың Ғирақ еліне аттануы оның патшасы Зарқұмның өзі де, елі де, әскері де өте мықты екені, бірақ Мұхаммед Пайғамбар бұл соғысқа барды және кәпірлерді жеңіп, оларды мұсылман етуі Алла Тағала тарапынан талап етіледі. Екінші, жеке кейіпкердің ерлігі мен жеңіске жетуі де үнемі Алла Тағаланың қолдап, қуаттауымен болып отырады. Балаларымен, қатынымен қоштасып, алыс жолға аттанған кейіпкер түрлі қиындықтарды бастан кешіреді. Діни кейіпкер қатты қиындық көрген сәттерде Аллаға мінәжат етіп отырады. Отыз үш күн тоқтамай жүріп отырған қаһарман бір теңіздің жағасына келіп жетеді. Тұйыққа тірелген Сейітбаттал Алла Тағаладан медет тілейді.


Мінәжат қылды жүзін көкке тұтып,

Жәрдем қыл деп Құдайға зарлық қылды.

Иллаһим құдіретіңнен қуат бергіл,

Тілеген тілектерім қабыл қылғыл, -


деп жүзін көкке қаратып, қолын жайып тілек тілеген кейіпкерге кісінеген ат дауысы естіліп, Қызыр пайғамбар келіп көмектеседі. Бұл қисса жанрының фольклорлық табиғатын, ертегілік сипатын көрсететін сәттер.

Қызыр келген екенін Сейіт білді,

Уаалейкум ассалам деп сәлем алды.

Қызырдың аяғына келіп түсті,

Қолын өбіп Қызырға қызмет қылды, -


деп қисса кейіпкерінің Қызырмен ұшырасқан сәтін суреттейді. Қызыр оған:
Білдің бе, мені танып,

Айдалада жатырсың мұнда нағып.

Шапшаң бол, атыңа мін, қамшыңды ал,

Көзіңді жұм, кетемін сені алып, -


деп Сейітбатталды атқа мінгізіп, көзін жұмғызып, теңіздің арғы бетіне апарып тастайды. Әдеттегідей негізгі кейіпкер көзін ашса, Қызыр пайғамбар жоқ болып шығады. Сейітбаттал ғажап табиғатты жазирадан келіп шығады. Оның құлағына «Іздеп жүрген жерің-дүр бұ Һиндустан», «Көп істерді қыларсың мұнда» деген ғайыптан келген әуезді естиді. Естиді де, тәуекел деп атқа мінеді. Қисса жанрының бір ерекшелігі атқа мініп, аңға шыққан, не сапарға аттанған діни батыр бір ғажайып шарбаққа, шарбақ арасында орналасқан сәнді салтанатты сарайға, құрулы шатырға тап болады. Сейітбаттал да өзі жолыққан шарбақта, сарайда бір жан таба алмай, дайын астан тамақтанып алып, жолға шығады. Үлкен шаһарға келіп жетеді. Оның аты – Тантания екен. Қаланы аралауға шыққан патша қала қақпасы алдында тұрған Сейітбатталды көреді. Палуанның ерекше бітімі, түр-тұлғасы, ерекше көркемдігі оның назарына ілігеді. Меһрасыл патша алып кел деп жұмсаған адамнан патшаның қандай діндегі кісі екенін сұрайды. Сөйтсе, ол пұтқа табынушы екен. Сәнді салтанатты асыл тастармен безендірілген үлкендігі қырық батпан алып пұты бар екен. Сейітбаттал патша құлына кісі қолдан жасайтын, сәндеп безендіретін балтамен бір қойса, сынатын Құдай болмайтынын сөйлейді. Шын Құдай жөнін айтып түсіндірмек болады:


Құдай ол-дүр тыңдашы, болмас оның,

Һеш жан бірлән кеңесі болмас оның.

Жер мен көкті, ай мен күнді ол жаратқан,

Сипатын тілмен айтып болмас оның, -


деп патша құлына Алла Тағала жайын ұқтырмақ болады. Соңында:


Кәпір-дүр падишаң, мен көрмеймін,

Кәпірдің қапуына мен бармаймын.

Падишаның пұттарын адам қылған,

Ол пұттардың қасына мен бармаймын, -


деп патшаға сәлем айтады. Сол сәтте құл оны қатты балағаттап сөгеді, Сейітбаттал қаһарланып, құлдың екі құлағын кесіп алады.


Неге сен боқтадың, мені бұлай,

Адам жонған тақтаны дедің Құдай.

Алып бар, - құлақтарын құлға берді,

Құдай болса түзетсін бұрынғыдай, -


деген Сейітбатталға шаһар халқы бас салады. Осы жерде оның бірінші жиһад соғысы болады. Алдымен он сегіз адамды өлтіреді. Патша да шапшаң жетіп, соғысты басқарады. Сейітбаттал сол күні көп адам өлтіреді, соңында Меһрасыл патша оқ атып өлтіру керек деп бұйырады. Бораған оқтан Сейітбаттал өлесі болып жараланады, бірақ қараңғылықты пайдаланып, жылыстап үлгереді. Шаһар халқы түнімен іздеп таба алмайды. Патшаның уәзір Банһам деген кісісі түсінде Мұхаммед Пайғамбарды көріп, иман арыз қылып мұсылман болады. Пайғамбар Сейітбатталдың өзінің ұрпағы екенін айтады. Жаралы болып жатқан жерін айтып, көмектесуін, ұлы екеуі барып, қалаға алып келіп жағдай жасауын талап етеді. Бұл жайт та мұсылмандық жиһад соғыстары туралы қиссаларда үнемі қайталанып отыратын дағдылы, діни қиссалардың тақырып табиғатынан туындап жататын құбылыс. Олай дейтініміз діни қисса кейіпкері қиналғанда, алдымен Алла Тағала, Жәбірейіл періште, Мұхаммед Пайғамбар медет болып, кейіпкерді тығырықтан алып шығады. Оның жеңіске жетуіне түптеп келгенде, кәпірлер елінің хақ дін – ислам дініне кіріп, мұсылман болуы әр шығарманың шешімі және тақырыптың өзіндік табиғаты. Түсінде Пайғамбарды көріп, оянған Банһам үйінің нұрға толғанын көреді. Баласы да тап осындай түс көрген болып шығады.


Оянып тұра келді уәзір Банһам,

Қараса, үйдің іші нұрға толған.

Таң қалып үй ішінде отыр еді,

Баласы келіп кірді қапусынан.


Әй, әке, бұ кеш бір түс көрдім-дүр,

Түсімде Пайғамбардың жүзін көрдім.

Ұрыс қылған Пайғамбардың баласы екен,

Пайғамбар хабар берді, айта келдім, -

деп беріледі бұл сәттер. Уәзір баласы екеуі Сейітбатталды тауып әкеліп, жарасын таңып күтеді. Құданың құдіретімен тәні түгел жазылып кетеді, бұл да қиссаның діни тақырыбына, діни сипатына байланысты, себебі ол - хақ дінді уағыздаушы, дінге кіргізуші қасиетті жиһад соғысының қаһарманы.

Таң атқан соң қараса денесіне,

Барша жерін саламат тапты дейді.

Һеш ауруы қалмады, таза болды,

Құданың хүкіміне разы болды.

Аллаға шүкірін қылып енді,

Сол заман таһарат алып, намаз қылды, -

деп беріледі бұл сәттер. Бұл жайды көріп таң қалған уәзір:

Білдім енді Құдай-дүр сенің жарың,

Бұйырсаң падишаға мен барайын.

Хақ Тағала тұғры жол нәсіп етсе,

Оны һәм кәпірліктен шығарайын, -

деп патшаға кетеді. «Бал аштым, кешегі адам Пайғамбар нәсілі екен» деді. Ол Сейітбатталды шақыртады. Ол патшаға хақ дін, пұттың Құдай бола алмайтындығы жөнінде көп әңгіме айтады. Патша пұтты алғызады. Оған Сейітбаттал екеуінің арасындағы жайды жеткізеді. Пұт сілкініп, тіл бітіп сөйлеп жатқанда Сейітбаттал «Аятул күрсіні» оқып отырады. Пұт күл талқан болып сынады. Әр сынығы «Лә иллаһа илла Аллаһ» деп жатады. Күні кеше өзі кесіп тастаған құл құлағын «әл хамд» оқып, орнына келтіреді. Сонан соң патшаға енді не қыл дейсің дегенде, патша «Бұ кісінің діні хақ болды», деп мойындайды. Бірақ бір өтінішім бар еді. Соны орындасаң, «Ел жұртымменен мұсылман мен болайын», - дейді. Онысы дию алып кеткен қызының жайы еді. Баттал ғазы түрлі қиындықты бастан кешіп ол диюді өлтіріп, көптеген тұтқын қыздарды азат етеді. Еліне аман-есен мол олжамен келген Сейітбаттал елін жау шауып, қаланы өртеп кеткенін көреді. Өзі алып келген көп малын Омар Әмірге береді. Қаланы қайта қалпына келтіруге өзі тағы да жауға аттанып, жеңіске жетіп, патша қызын азат етіп, некелесіп қосылады. Мақсат-мұраттарына жетеді.

Қисса соңында отыз екі жол өлең ақын тарапынан жырланады. Автор өзін атап Аллаға мінәжат етеді. Екі дүниеде медет тілейді. Қиссаны жұрт оқысын, ғибрат алсын деп тілек етеді.

«Ғазауат Сұлтан» қиссасы өте көлемді шығарма, соған орай, оның оқиғалары да сан түрлі, кейіпкерлері де көп. Басты кейіпкер – Жағыпар сұлтанның көптеген лақап есімдері бар: Сейітбаттал, Сейіт, Шаһ жиһан, Шаһ әулие, Сұлтан ғазы, Баттал ғазы. «Ғазауат Сұлтан» оқиғаларының барлығы дерлік Қайсар елімен болған түрлі соғыстарды жырлайды. Оның барлығында да Сейітбаттал жеңіске жетіп отырады. Қайсар елі түрлі алым-салық төлеуге мәжбүр болады. Әр қисса соңында жау әскерінің үлкен бөлігі, елі мұсылман дінін қабылдап отырады. Бұл шығарманың тақырыбына, кейіпкердің батырлық, діни қайраткерлік қызметіне лайық құрылып отырған композициялық ерекшелік. Сейітбатталмен соғыс жүргізетін дұшпандар жағы, Сейітті қолдайтын мұсылмандар жағы бар көптеген кейіпкерлер оқиғаға араласады: Афлахум, Шамас, Кибрианус, Ибрианус, Тарион, Мұхаммед ибн Фаллах, Мехрианос, Шамғун, Ахмет Тұран, Костантин т.б.

Шығармада басты кейіпкер Сейітбатталдың әрі білімді, әрі айлалы батыр болуына орай оның дұшпандары да ерекше мықты суреттеледі. Бұл - басты кейіпкердің ерлігін айшықтай түсу үшін қолданылған көркемдік шешім. Дұшпаны қанша мықты болса да, Сейітбаттал үнемі жеңіске жетіп, мұсылман дінінің хақтығын танытады. Оған шығарманың тақырыбы, шығармашылық мақсаты бірінші себеп. Екінші – сан мыңдаған жаумен жалғыз алысқан батыр, діни қаһарман Сейітбаттал әбден қажыған сәттерде оған Алла Тағала тарапынан Жәбірейіл, Қызыр Ілияс арқылы, Мұхаммед Пайғамбардың мұғжизаларының кереметі арқылы көмек жетіп отырады. Сол секілді Сейітбаттал дұшпандары алдында мұсылман дінінің хақ дін екенін дәлелдейтін сәттерде түрлі кереметтер көрсетіп отырады. Соның бірі – Құран сүрелерін оқу арқылы дұшпандардың Сейіт кесіп тастаған құлақтарын қалпына келтіруі, дұшпандар табынатын түрлі пұттардың тас-талқан болып құлауы секілді сәттер.

Діни қисса, дастандардың барлығында дерлік және «Ғазауат Сұлтанда» да мұсылмандардың басты жауы ретінде мүшіріклер – жөйттер алынады. Бұл жайт мұсылмандар мен пұтқа табынушылар немесе өзге діндегі елдер арасындағы ғасырларға созылған тартыстарды танытса керек.

Діни дастандар және «Ғазауат Сұлтан» қиссасы, оның басты кейіпкері діни қайраткер Сейітбатталдың ғасырлар бойы мұсылман қауымына әсер етіп келгені анық. «Ғазауат Сұлтан» қиссасы - көп уақыт бойы мұсылмандарды ислам дініне деген сенімге, имандылыққа тәрбиелеп келген үлкен шығарма.


Каталог: ebook -> umm
umm -> ПОӘК 042-18-29 8/03-2013 №1 басылым 05. 09. 2013
umm -> Жалпы және заң психологиясы терминдерінің қысқаша сөздігі. І бөлім. Жалпы психология пәнінің терминдері
umm -> 6М 011700- «Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы» Магистранттарға арналған
umm -> ПОӘК 042-14-5-05. 02. 20. 22/2013 № басылым
umm -> 6М 011700- «Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы» Магистранттарға арналған
umm -> «Ежелгі дәуір әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті», 5В012100- Қазақ тілінде
umm -> Оқытушы үшін «Қазақстан тарихы»
umm -> Әбікенова Гүлнафис Төкенқызы Қазақ тіліндегі эпистолярлық стильдің лингвистикалық сипаты
umm -> Педагогика кафедрасы


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   23




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет