Бірінші бөлім кітаби ақындар (ХХ ғасыр басындағы түрік халықтары әдебиеті контекстінде) (монография)



бет2/23
Дата19.05.2018
өлшемі5,03 Mb.
#40515
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23

Жазушы С.Мұқанов қазақтың тарихи оқиғалар, фольклорлық материалдар негізінде дүниеге келген төл қиссалары, қиссалық әдебиеті болғанын да атап айтып өтеді. Жүсіпбек қожа Шайхисламұлын жазба, қиссашал ақын ретінде жоғары бағалайды. Сөйте тұра, оны орынды жерінде сынап та алады: «Осындай дәрежеге көтерілген Жүсіпбектің өлең қиссалары да аз кездеспейді. Оған бір мысал «Қасым Жомарт»... мәселе ... «Қасым Жомарт» қиссасының әдебиеттік жеткізу дәрежесінің төмендігінде. Тегі, бұл Жүсіпбектің қаламы төселмеген кезде жазған шығармасы болу керек» деп қорытады (6, 143-144). Пікірден қазақтың үлкен жазушысы С.Мұқановтың кітаби-қиссашыл ақындарды жазба әдебиет өкілдері және олар жырлаған қисса жанры туындыларын өзі нақты жіктемесе де, жазба әдебиет туындылары деп танығандығы толық аңғарылады.

Ғалым Ә.Қоңыратбаевтың «Қазақтың қисса әдебиеті (шайырлық өнері)» атты ғылыми мақаласы да - осы тақырыптағы маңызды ғылыми еңбек. «Орта Азия түріктері халық ақындарын «бахши» десе, жазба әдебиет ақындарын «шайыр» дейді... Шайырлық әдебиет Орта Азияда көп тарап, өзіндік терминдік мәнін бүгінге дейін сақтап келеді»,- деп бізден өзге түрік елдерінде бұл мәселенің басы ашық екенін көрсетіп өтеді. «Бізде ол қисса әдебиеті делінген. ХІХ ғасырдан бастап қазақтың эпостық жырлары «қисса» деген атпен басылған. Соның тұңғышы қисса «Қыз Жібек» делінеді. ...ХХ ғасыр басында қазақ арасында қисса әдебиеті жазба әдебиеттің бір қанаты болып көрінеді. Оған «Қисса алты жасар Алпамыс», «Қисса Қозы Көрпеш», «Қисса Көрұғлы» кейде «Қисса Біржан сал мен Сара» деген атаулар айғақ»,- дей келе, біршама кітаби ақындарды атап өтеді. «Сырдың көптеген шайырлары әрқайсысы 40-50-ден қисса бастырады. «Мың бір түнді» түгелдей қисса етіп бастыра алмағандар да бар. Үнді, иран, өзбек сюжеттері («Тотынама» ішінде) баспа көрмесе де, жазба түрде қолдан-қолға өтіп, кең тараған» деп, ХІХ-ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің осы саласы ерекше дамығанын атап айтады. Бұл ақындар жөнінде: «Соның бәрі де өздерін жазба әдебиет өкілі деп санаған. Оның мәнісі қазақ даласының Ресейге қосылуы бір ғана ағартушылық әдебиетін туғызып қоймай, сонымен бірге, жазбаға негізделген толғау-терме, әсіресе, қисса әдебиетінің тууына да төтелей әсер еткен», - дейді. Біздіңше, бұл жазба әдебиет - діни ағартушылық немесе осы кезеңде қайта өрлеген сопылық әдебиет. Орыс отарлығы діни ағартушылықтың дүниеге келуіне себепші болғаны хақ. Діни ағартушылықтың басты қазығы – сопылық ұстанымға негізделген сопылық әдебиет болды.

«Абай орыс әдебиеті үлгісінде жазса, толғау ақындары Бұхар стилінде, қисса ақындары (шайырлар) шығыс әдебиеті үлгісінде жазған»,- деп ғалым ХІХ-ХХ ғасыр басындағы жазба әдебиетті дәстүрімен жіктеп, жіліктеп береді. Тек қисса ақындарына қатысты жеріне шағатай және шығыс әдебиеті үлгісі деп бергенде жөн болар еді деп ойладық. «Бұл үш бағытты бір-біріне қарсы қоймай, үш егіз болып көрінген жазба әдебиет көрінісі деп алған жөн», - деп (8, 236-237) қазақ жазба әдебиеті тарихын зерттеу мәселесінде өзіндік бағыт-бағдар, жобасын ұсынады. Жобада қазақ жазба әдебиеті тарихына қатысты шынайылық бар. Ғалым қазіргі әдебиеттану ғылымындағы кітаби ақындарға қатысты зерттеу еңбектеріне «Қисса, шайырлық әдебиетіне арналған зерттеулер ойдағыдай емес. Біреу үріксе, біреу мазмұндайды. Өзі философиялық құбылыс болса, оған эмпиризм жетімсіз, - деп кітаби ақындар мұрасында үлкен фәлсафалық мәселелер бар екеніне меңзей келе, - қиссалар шайырлық әдебиеттің үлкен мүлкі болса, оған жетігірек ой бөлген жөн. Онсыз қазақтың жазба әдебиетінің тарихы түгелденбейді», - деп қорытады (8, 244).

ХІХ-ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің тарихы, даму табиғаты жөнінде айтылған жоғарыдағы пікірлер өзара сабақтас, ғалымдар ойларының қайнар бастаулары да, құяр арналары да бір. Ол - қазақ фольклоры мен әдебиет тарихындағы кітаби ақындардың шығармашылық орны, әдеби мұрасының өзіндік ерекшелігі, қисса жанры туындыларының фольклорлық және әдеби табиғаты, жанрлық қасиетіне қатысты көп жайды бүгінгі күн тұрғысынан қайта қарау қажеттігі.

Ғалымдар пікірлерін саралай келе, мынадай қорытынды жасауға болады:

- ХІХ-ХХ ғасырларда шығармашылық еткен кітаби ақындар - қазақ жазба әдебиетінің дамуына мол үлес қосқан жазба ақындар, шайырлар. Жазба әдебиет өкілдері.

- Кітаби ақындар әдеби мұрасы - ежелгі түрки жазба әдебиеттің, шағатай әдебиетінің дәстүрлі жалғасы. Ортағасырлық сопылық әдебиеттің жалғасы.

- Қисса жанры – жазба әдебиет жанры. Қазақ қиссалары – қазақ жазба әдебиеті туындылары. ХІХ-ХХ ғасырлардағы қазақ қиссалары - кейінгі қазақ поэмаларының бастауында тұрған, сол жаңа поэзиялық жанрдың дамуына мол үлес болып қосылған жанр.

- Қисса жанры туындысының жазбаша дүниеге келе тұра не кітап болып басылған, не қолжазба үлгіде ел ішінде қайта көшірілуі немесе ауызша, жатқа айтылуы, яғни жазба туындының фольклорлық мұраға айналу үдерісін жоққа шығаруға болмайды. Бұл - арнайы зерттеуді қажет ететін мәселе.

- Қазақ қиссалары - араб, иран, шағатай әдебиеті туындыларын нәзиралық дәстүрде қайта жырлау арқылы дүниеге келген шығармалар. Сондықтан қазақ қиссалары – қазақ әдебиетінің тарихында европалық, орысша үлгідегі шынайы әдеби аударма жанры дүниеге келгенге дейін сол жанрдың жүгін көтеріп, қызметін атқарып келген жанр. Бұл, әрине, кітаби ақындардың өзіндік шығармашылық ерекшелігі, шығармашылық қызметі болып табылады.

- Кітаби ақындардың араб, иран, шағатай әдебиеті туындыларын нәзиралық дәстүрде қайта жырлап отыруы шынайы қазақ қиссаларының дүниеге келуіне жол ашқан. Мысалы, «Жүсіп-Зылиха», «Таһир-Зуһра», «Сейфулмәлік» секілді шығармаларды жырлаған ақындар келесі сәтте қазақ тарихи тұлғалары, қайраткерлері жайлы («Қисса Кенехан һәм Наурызбай», «Қисса Наурызбай төре Қасым ұғлы» т.б.) тарихи оқиғалар, әңгімелер және қазақ фольклорлық туындылары негізінде жаңа туындылар, қиссалар жазды.

Бұл әдеби үдеріс те кейінгі кезең поэмасының бастауында тұрған шығармашылық дәстүр.

Қазақ жерінде ХІХ ғасырдың екінші жартысында ағартушылық ой өріс ала бастады. Әлбетте, ол ең алдымен, қазақ халқының мыңдаған жылдар бойы рухани азығы болып келе жатқан сөз өнерінде көрініс тапты. Ағартушылық ойдың өсуіне бір-бірімен тығыз байланысты екі себеп болды. Бірі – ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ жері тұтас дерлік Ресей патшалығына өтіп, қазақтың тәуелді, бодан елге айналуы. Екіншісі – қазақ халқының отаршылдарға қарсы сан рет көтерілген қарулы күрестерінің сәтсіздікпен, жеңіліспен аяқталып, елдің орыс патшалығы тарапынан әрі әлеуметтік, әрі рухани тұрғыдан ауыр езгіге түсуі, рухани жүдеуі. Отарлық езгіде өмір сүріп, тығырықтан шығар жаңа жол іздеуі еді.

Отарлық жүйе қазақ өміріне мол өзгеріс әкелді. Ғасырлар бойы қалыптасқан өмір салты бұзылды. Бұл жағдай елдің алдыңғы қатарлы, ойлы азаматтарына – зиялы қауымын ойландырды, қозғау салды. Қазақ қауымының тыныс-тіршілігіне, болашағына қатысты сан сұрақты, сауалды ой әдеби туындыларға өзек болып, өріле бастады. Қазақ сөз өнерінің әлеміне азаттық аңсаған елдің күрделі келешегін болжаған зарлы күй, мұңлы жыр келді. Бұл қазақ сөз өнеріне тұтас ағым болып енген зар заман сарыны еді. Дерті ерте басталған, түп-төркіні әріде жатқан, себебі сан алуан бұл күй, бұл жыр зар заманның ұлы жыршылары Жанақ, Дулат, Шортанбай, Мұрат шығармашылықтары арқылы қазақ әлемін шарлады. Осы күй Шоқан, Ыбырай, Абай шығармашылықтарында келелі ағартушылық ой болып өрілді. Ағартушылық осындай ой ХІХ ғасырдың соңғы ширегі мен ХХ ғасыр басында басты құралы әдебиет, жаратушысы ақын-жазушылар болып, үлкен арнаны бетке алды. Өсті, ұлғайды, өрістеді.



ХХ ғасыр басындағы әдебиет – ХІХ ғасыр әдебиетінің заңды жалғасы. ХІХ ғасырдың екінші жартысында өркен жая бастаған ағартушылық ой-идея ХХ ғасыр басында әдебиеттің басты бағытына айналды, өзекті тақырыбы болды. ХХ ғасыр басындағы әдебиет қаламгерлік құрамы жағынан да, тақырыптық, жанрлық және көркемдік жағынан да көп өскен, көркейген әдебиет болды. ХХ ғасыр басындағы әдебиеттің өсіп көркеюі, ағартушылық ойы, қаламгерлік құрамы, шығармашылық дәстүрі мен бағыты бірнеше жағдайда, әралуан сипатта көрініс берді. Ең алдымен, ауызға алынар мәселе – дәстүрлі ақын-жыраулар поэзиясының ХХ ғасыр басында онан әрі дами түсуі. «ХХ ғасырдың бас кезіне жыраулық, ақпа ақындық дәстүрмен келген ақындар аз болған жоқ. Өз өмірлерінде сол дағдыны берік ұстанғандары: Насихат, Сәпөк, Балта, Аралбай, Өмір сияқты ақындар» (9, 10). Дәстүрлі жыраулық, ақпа ақындық ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап-ақ жазба дағдымен аралас келе бастады. Ауызша әдебиеттің жазба әдебиетпен аралас келе бастау құбылысын М.Әуезов: «Біздің білуімізше, зар заман ақындарынан бастап біздің әдебиет екінші жікке қарай ауысады. Бұдан бұрын қарастырған әдебиет жұрнақтарының барлығын ауызша әдебиет десек, мыналарды жазба әдебиеттің басы деу керек, не болмаса қазақ топырағында ең алғашқы жазба әдебиетті туғызған осылар деу керек. Тарихшылардың көбі жазба әдебиет деп жазу кірген соң шыққан әдебиетті айтады, әйтпесе, жалғыз ақынның жазып шығарған өлеңін айтады. Елдің әдебиетін ауызша мен жазбаға айыру үшін қолданылатын ең оңай, ең сыртқы белгі осы... Жаңағы зар заман ақындарынан осы белгінің жалғыз өзін алып қарасақ, алғашқы ақындар жазып айтпаса да, орта буыннан бастап, соңғыларының барлығы да жазып сөйлейтін болған» (10, 193)-, деп қорытады. Қазақ әдебиеті тарихындағы бұл құбылысты ғалым Қ.Сыдиқов та: «Ығылман, Мұқан, Қайыпназар, т.б. көптеген ақындар ақпа ақын, жыраулық дәстүрден келгенмен, кейін жазба ақындар әлдеқайда көп болған. Ол мектеп, медіреседе оқып, ғылым дәмін татып, өзге ел әдеби нұсқаларымен танысуға мүмкіндік алған кезеңнің заңдылығы» (9, 11),- деп түйеді. ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басында қазақ даласында әнші-ақындар шығармашылығы кең қанат жайды. Біржан, Ақан секілді әнші, сазгер ақындар шығармашылық дәстүрі ХХ ғасыр басында Үкілі Ыбырай, Ағашаяқ, Иманжүсіп, Балуан Шолақ, Әсет, Жаяу Мұсалардың ақындақ, әншілік, сазгерлік өнерінде онан әрі ұласты. Ал, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Сералин, С.Торайғыров, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, С.Дөнентаев, С.Көбеев сынды қаламгерлер демократтық-ағартушылық, сыншыл реалистік бағытты ұстанды, шығармашылық етті. Олар халықты білім алуға, өнер үйренуге, өркениетке үндеді. Ел болашағын ойлап, дәуірінің көкейкесті мәселелерін көтерді. Дәуір, заман сырын, уақыт тынысын терең танып, сезініп, сыншыл-реалистік сипатта шынайы жырлады, сөз етті. Қазақ әдебиетіне демократтық-ағартушылық бағытта мол үлес қосты.

ХІХ ғасырдың соңғы ширегі мен ХХ ғасыр басында шығармашылық еткен, соңдарына едәуір мол мұра қалдырған, қазақ әдебиетін төл және нәзиралық мұралармен толықтырған, қазақ әдебиетін шығыс классикасымен, фольклоры тақырыптарымен, сюжеттерімен байытқан, сол еңбектері арқылы қазақ жазба әдебиетінің негізін қаласқан шайырлар Ораз молда, Шәді төре Жәңгірұлы, Жүсіпбек қожа Шайхисламұлы, Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Ақылбек Сабалұлы, Кәшшәфуддин Шаһмарданұлы, Мәулекей Юмашықов, Әріп Тәңірбергенұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Мәшһүр Мақыш Қалтайұлы, А.Ұлымжыұлы, Молда Мұса Байзақұлы секілді ақындарды ерекше атап айтуға болады. Шығармашылық ерекшелігіне орай, оларды бүгінгі әдебиеттану ғылымында шайыр, қиссашыл ақын, нәзирашыл ақын, кітаби ақын секілді бірнеше атаулармен беріп келеді. Осы атаулардың қайсысы болмасын қазақтың төл сөзі емес, араб сөздері. Демек, бұл атаулардың аталған ақындарға қатысты қолданылуының өзі олардың шығармашылығының өзіндік ерекшелігін, мұсылмандық шығыс әлемімен байланыстылығын бірден байқатады. Ең бастысы - ол ақындардың арабша, парсыша сауаттылығы, алған білімдерінің мұсылманшылықпен, ислам дінімен байланыстылығы айрықша аңғарылады. Шындығында да, кітаби ақындар мұсылманша оқыған және тәрбиеленген діни өте сауатты, шығыс әдебиеті мен философиясын терең танып, сусындап өскен молда-сопы ақындар еді. Сол себепті де олардың бүкіл шығармашылық ғұмыры шығыс әлемімен байланысты дамыды, солай қалыптасты. Олар соңдарына едәуір мол мұра қалдырған, әрқайсысы әр деңгейде ақындық талантына, қаламының қарымына қарай қазақ әдебиетін төл және нәзиралық туындылармен толықтырған, шығыс классикасы, фольклоры тақырыптарымен, сюжеттерімен байытқан, сол еңбектері арқылы қазақ жазба әдебиетінің негізін қаласқан қаламгерлер! Сондықтан да олардың шығармашылық ерекшеліктері жөнінде: «ХХ ғасыр бас кезіндегі бірқатар ақындарды кітаби ақындар яки шайырлар деп атауға болады. Бұлардың бірқатары тәрбие алған негізгі бастауы ақпа ақын, жыраулық дәстүр болғанымен, мектеп-медіреселерде білім алған сауатты ақындар. Олар өлең-жырларын ойланып-толғанып жазып шығарған. Діни оқу орындарында оқып, араб, фарсы, шағатай тілдерін біліп, сол тілдерде жарық көрген Орта Азия, Қазақстан аймағына тараған шығыс әдебиеті үлгілері мен діни тақырыптағы шығармаларды жақсы білген. Өздері де шығыс сюжеттерін пайдаланып, хисса, хикаялар жазған, классикалық һәм діндарлық шығармаларды аударған» (9,12-13) деген секілді пікірлер айтылады. Пікірде мол шындықпен қатар кітаби ақындар шығармашылық ерекшелігін тап басып таныған таным да бар. Әйтсе де, олардың шығармашылығы, әдеби мұрасы күні бүгінге дейін жете зерттелмей келеді. Себебі кешегі кеңестік кезеңнің әдебиет пен өнерге қатысты ұстанған саясатына кітаби ақындардың жырлаған басты тақырыбы дін және мұсылмандық шығыс болуы, әрі өздерінің молда-сопы ақындар болуы кедергі келтірді. Сондықтан да күні кешеге дейін олардың әдеби мұрасы әдебиет тарихын зерттеуші ғалымдардың өзге тақырыптарды талдау барысында жол-жөнекей қазақ әдебиеті тарихында болып өткен құбылыс ретінде, зерттелуі тиіс мәселе санатында сөз болды. Бұған мысал ретінде ғалым М.О.Әуезовтың “Әдебиет тарихы” және «Әр жылдар ойлары» еңбектеріндегі кітаби ақындар және олардың әдеби мұрасы жөніндегі ойларын алға тартуға болады. Кітаби ақындар және олардың мұрасы жөніндегі автор ойларының бағдарламалық мәні зор. Ең бастысы - кітаби ақындар шығармашылығының қазақ әдебиеті тарихындағы өзіндік орнын және алда атқарылар істердің бағыт-бағдарын сонша дәл, әрі нақты көрсетуі, тақырып өзектілігін танытуы, кісіні қайран қалдырады.

Кітаби ақындар мұрасы әдеби байланыс ретінде де қарастырылды. Бұл салада кеңестік кезең үшін көлемі жағынан да, мән-мазмұны жағынан да мол қамтылған құнды еңбек - “Қазақ әдебиетінің тарихы” ІІ-том, 1-кітабындағы “Қазақ әдебиетінің шығыс әдебиетімен байланысы” атты ғылыми-зерттеу жұмысы (Авторлары: М.Бөжеев, З.Ахметов). Еңбекте кітаби ақындар және олардың шығармашылық ерекшеліктері сөз болады, сонан соң назиралық туындылар негізгі үш салаға бөлініп, қарастырылады. Шығармаларды авторларымен бірге сөз ету мақсат тұтылмаған. Сол себепті де “Қазақ арасына тараған шығыс әдебиеті нұсқалары” деген қосымша тақырыпшамен берілген. Қисса-дастандарды көтерген тақырыбы, әлеуметтік бағыты, мазмұны мен идеялық-көркемдік ерекшелігіне қарай топтап, жіктеп қарастыру қажеттігі сөз болады.

“Бірінші – негізінен дінді уағыздайтын, исламның қағидаларын, діни ұғым-нанымдарды насихаттауға бағытталған: “Сал-сал”, “Зарқұм”, “Сейітбаттал” сияқты шығармалар, …” дей келе, бұл топқа жататын шығармалардың аз емес екендігін, тек олардың мазмұн-сапасы, идеялық құны төмен, түгелдей дерлік ескі, керітартпа санаға, діни фанатизмге тән идея-сарындарға толы болып келетінін айтады. Аталған шығармалар идеялық жағынан да, көркемдік тұрғыда да төмен туындылар деген қорытынды жасалады (11, 540).

“Екінші – көршілес елдермен басқа шығыс халықтарының ежелгі аңыз-әңгімелері, халық романдары мен поэмалары және классикалық әдебиет өкілдерінің дастандары: “Шаһмаран”, “Сейфулмәлік”, “Бозжігіт”, “Абулхарис”, “Шәкір-Шәкірат”, араб елінің ертегісі “Мың бір түн”, үнді ертегісі “Тотынама”, классик ақындар: Фирдоуси, Фзули, Навои, Низами дастан етіп жазған “Шахнама”, “Ләйлі-Мәжнүн”, “Таһир-Зуһра”, “Фархад-Шырын”, “Ескендір” секілді шығармалар. Бұлар қазақ халқымен туысқан халықтар, шығыс елдері арасындағы мәдени қарым-қатынастың озғын, алдыңғы қатарлы өнеге дәстүрлерін дамытады”, - дей келе бұларда да ескі ұғым-нанымдар, кертартпа идеялар кезіккенімен, олар негізінен шығыс халықтарының алдыңғы қатарлы өнеге-дәстүрлерін дамытқан халықтық сипаттағы шығармалар деген қорытынды жасайды (11, 540-541).

«Үшінші – шығыс сюжетіне құрылған, бірақ қазақ әдебиетіне сіңісті болып, қазақ фольклорының дәстүрлерімен ұштасып, төл шығарма сипаттас болып кеткен: “Мұңлық-Зарлық” сияқты шығармалар» (11, 541) деп, олардың қазақ әдебиетінің үлгі-дәстүрімен терең қабысып, кісі аттары, образды бейнелеу, уақиғаны баяндау ерекшеліктері мүлде жаңғырып, қазақ әдебиетінің өзіндік тумасына айналғанын, сондықтан бұл салаға жататын шығармаларды жіктеп бөліп алу, көрсету қиынға соғатынын сөз етеді. Оның басты себебі «Мұңлық-Зарлық» секілді шығарманың «қазақ топырағында қайта түлеген қисса-дастан емес», керісінше, қисса-дастандар дәстүрінде жырланған, туған топырағымызда дүниеге келген төл фольклорлық, не әдеби шығармалардың нәзиралық дәстүрде қайта жырланған бір үлгісі екендігі. Яғни, нәзиралық дәстүрдің тек сырттан сюжет әкелуші, енгізуші ғана емес, төл мұраны қайта қорытушы, мүлдем жаңа сапада қайта тудырушы қасиетін, құдірет күшін көрсететін әдеби құбылыс. “Мұңлық – Зарлық” сол әдеби құбылыс көрсеткіші, төл, қазақы қиссамыз.

Кітаби ақындар ағартушы ақындар санатында көрсетілген. Шығармашылық басты ерекшелігі болып табылатын назирагөйлік мұралары арнайы қарастырылмаған тек таныстыру сипатындағы ғылыми еңбектер де болды. Бұл тұрғыда қазақ әдебиеті тарихының үлкен зерттеушісі, ғалым Б.Кенжебаевтың 1958 жылы “Қазақтың ХХ ғ. басындағы демократ жазушылары” атты еңбегін атап өту шарт. Бұл еңбекте ғалым уақыт тынысына орай кітаби ақындарды ағартушы ақындар санатында таныстыру, жалпы сипаттама берумен шектеледі. Б.Кенжебаев осы еңбектің кейінгі нұсқасы “ХХғ. басындағы әдебиет” атты еңбегінде «кітаби» сөзі, оның ақындар шығармашылығына қатысты қолданылу аясы жөнінде: «Кітаби» деген атау ертеде христиан діндарлары арасында діни кітап – «Инжіл» ережелерін бұлжытпай орындауды жақтаған, уағыздаған адамдар жөнінде қолданылған. Оны біздің ХХ ғасыр басындағы ақындарымыз жөнінде қолдану мүлде орынсыз. Кітаби ақын-жазушы деген атау біздің ғалымдарымыз бұл топқа жатқызып жүрген ақын-жазушылардың не идеялық көзқарастарын, не көркем әдебиеттік бағыт-әдісін аңғартпайды, кәсібін, кітап бастырып шығарумен айналысқанын ғана аңғартады» (12, 27) деген пікір айтады. Пікірде кеңестік дәуір және оның дінге қатысты ұстанған саясаты көрініс беретін секілді. Сонымен бірге, қазақ діни шығармалары жөнінде теріс көзқараста болған ХІХ ғасыр зерттеушілерінің де пікірлерінің салмағы жатқаны аңғарылады. Мысалы, қазақ фольклорының түрлі үлгілерін жинаушы, жариялаушы ғалым В.В.Радлов: «Қазақ әдебиеті шығармаларын қазақтардың өздері екі жүйеге бөледі: халық шығармалары (қара сөз) және кітаби өлең. Халық шығармаларын қарапайым халықтың ауызша тараған өлеңдері мен әңгімелері құрайды, сондықтан да оған қазақ халқының ислам діні әсері тие қоймаған шығармалары жатады. … кітаби өлеңдердің мұндай атқа ие болу себебі, оны жыршы жатқа айтпайды, жазылған кітаптан оқиды. Мұндай кітаби өлеңді шығарушылар – моллалар, сауатты қазақтар» (13, 9), деп көрсетеді. Ғалымның мұсылмандық шығыс әлемінен енген кітаби шығармаларды сыни тұрғыдан бағалап: «Маған қазақтар арасында исламды орнықтыруға бір «Жұм-жұманың» әсері даланы кезіп жүрген жүздеген молдадан артық тәрізді» (сонда, 12-б.) деуі Б.Кенжебаевтың жоғарыдағы пікірлеріне мол себеп болғаны көрінеді. Пікірден қазақ халқының ислам дініне қатысты, шығыс әдебиеті негізінде қазақ даласында жырланған кітаби өлеңдер мен жырлар, олардың авторлары кітаби ақындар туралы көп жайды аңғаруға болады. Әсіресе, кітаби өлеңнің жазбаша дүниеге келуі, жатқа айтылмай, оқылып отыруы, авторының «сауатты қазақ» - кітаби ақын екендігі. Сол себепті болса керек, М.Әуезов кітаби ақын сөзін қолданған, дұрыс көрген.

Профессор Б.Кенжебаев ертеректе «Кітаби ақындар» атауын ұдайы қолдана тұра, кейін әдебиет тарихынан шеттетіле ме деген қауіппен ағартушы ақындар атаған. «Ағартушы» атымен көптеген «Кітаби ақындарды» ақтап алуға болушы еді. Бейсекеңнің баққаны да міне, осы мәселе!

Ғалым Ә.Қоңыратбаевтың “Қазақ әдебиетінің тарихы” (Алматы, 1994) атты еңбегінде кітаби ақындар, назиралық, қисса-дастандар мәселесі біршама кең сөз етіледі. Мысалы, Шәді, Тұрмағанбет тараулары.

Қазақ әдебиетіндегі шығыстық сарын, кітаби ақындар және олардың шығармашылық мұрасы жөнінде сөз еткен М.Әуезов, С.Мұқанов, Б.Кенжебаев, Ә.Қоңыратбаев, Ы.Дүйсенбаев, Ә.Жиреншин, Қ.Мұхаметханов, М.Бөжеев, З.Ахметов, Ш.Сәтпаева, Р.Бердібай, С.Қасқабасов, Ү.Сүбханбердина, Н.Келімбетов, Ш.Елеукенов, Ө.Күмісбаев, А.Қыраубаева, Д.Қамзабекұлы, Б.Әзібаева, Ж.Шалғынбаева секілді ғалымдарды атап айту керек. Соңғы жылдары бұл тақырыпты арнайы қарастырған немесе өзге тақырыптарды зерттеу барысында жанама сөз еткен біршама еңбектер дүниеге келді. Олар: У.Қалижанұлының «Қазақ әдебиетіндегі діни-ағартушылық ағым» А., 1988; С.Бермағамбетовтің «Діни-ағартушылық және Кердері Әбубәкірдің әдеби мұрасы». КДА, А., 1995; Ж.Камалқызының «Ақылбек Сабалұлының әдеби мұрасы». КДА., Түркістан, 1999; З.Керімнің «Қолжазба дастандар». КДА., Түркістан, 2000; З.Алпамысованың «Халық ақыны Қуаныш Баймағамбетовтің әдеби мұрасы». КДА., А., 2002; Ғ.Тұяқбаевтың «Жүсіп Құдайбергенұлы- ның әдеби мұрасы». КДА., Тараз, 2004; М.І. Әбдуовтің «Қазақтың діни эпосы» фил.ғыл.докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация. –Алматы, 2006 секілді зерттеу еңбектері. Аталған тақырып бұл еңбектерде бірде фольклорлық мұра, бірде әдеби мұра ретінде көрінеді. Осы ретте әсіресе бұл тақырыпты арнайы монографиялық дәрежеде қарастырған Н.Келімбетов, А.Қыраубаева, Б.Әзібаева, У.Қалижандарды ерекше атап өту қажет. Ғалымдар еңбегінде кітаби ақындар және олардың шығармашылық мұрасы жөнінде бұрынғыдан гөрі көп алға басушылық болды.

Ғалым Н.Келімбетов Шәді Жәңгірұлы шығармашылығы, шығыс классикалық поэзиясы және қазақ әдебиетіндегі нәзира дәстүрі секілді тақырыптарда жұмыс жасап, кітаби ақындар жазба әдебиет өкілдері және олардың шығармашылық мұрасы жазба әдебиет деген қорытындыға келді. А.Қыраубаева бұл тақырыптың тарихын Алтын Орда дәуірінен бері тартып, ХХ ғасыр басымен сабақтастырды. Фольклор мен жазба әдебиет арасындағы аралық, рухани көпір ретінде таныды. Б.Әзібаева кітаби ақындарды фольклорлық мұраны жазып алып, жырлаушылар ретінде, олардың шығармашылық мұрасын тұтас фольклорлық мұра ретінде таниды. Әйтсе де, күні бүгінге дейін кітаби ақын және оның шығармашылық мұрасы бірлікте, тұтастықта қарастырылған жоқ. Оның басты кілтипаны - кітаби ақын шығармашылық тұлға ретінде жеке қаралмауы. Соған байланысты мұралары да жете зерттелмеді.

Шығармашылық тарихы өте көне дәуірлерге жол тартатын, өзіндік дәстүрі бар, әсіресе ХІХ ғасырдың соңғы ширегі мен ХХ ғасыр басында қазақ жазба әдебиетінің дамуына, қазақ фольклорының сақталуы мен жариялануына, зерттелуіне мол үлес қосқан бір топ ақынды күні бүгінге дейін түрліше атап келеміз. Олар жоғарыда аталған «кітаби ақын», «шайыр», «қиссашыл ақын», «нәзирашыл ақын» секілді атаулар. «Шайыр» арабша ақын деген сөз. Ақын шығармашылығының шығыспен байланыстылығын ғана аңғартады. «Қиссашыл» және «нәзирашыл» сөздері ақын шығармашылығының тағы да шығыспен байланысын, дайын сюжеттерге көлемді поэтикалық жыр тудырушы ақын және белгілі бір туындыны қайта жырлаушы шығармашылық тұлға екендігін көрсетеді. Бірақ бұл атаулар қазақ әдебиетінің тарихындағы шығармашылығы сан қырлы жазба ақын шығармашылығын тұтас таныта алмайды. Осы атаулардың ішінде олардың шығармашылығын тап басып танытатын бірден-бір атау - «кітаби ақын». «Кітаби ақын» ұғымы біршама уақыттан бері М.Әуезовтен бастап Ә.Қоңыратбаев, Ө.Күмісбаевтар арқылы қолданылып келеді. Кітаби ақын шығармашылығы кітаби сюжет желісіне құрылады. Ең алдымен, «Құран» сюжеттерін жырлауы. «Құран» - Ұлы Кітап. Кітап, кітаби сөзі осы Құраннан бастау алып жатыр. Сонан соң «Мың бір түн», «Кәлилә мен Димнә», «Шаһнама», «Тотынама». Яғни кітаби ақын - белгілі бір дайын сюжет желісімен жұмыс жасайтын шығармашылық иесі.

Кітаби ақындар жырлаған шығармалардың көпшілігі прозалық үлгідегі шығыс ертегілері болып келеді. Прозалық үлгідегі шығармалар қазақ тілінде поэзиялық үлгіде жырланды, яғни кітаби ақын шынайы шығармашылық етіп, жаңа нәзиралық туынды жасаушы болды. Бұл әдеби құбылыс жөнінде ғалымдар С.Қасқабасов пен Б.Әзібаева: «Шығыста хикаялық сюжеттер прозалық үлгіде (әңгіме, повесть, хикаят) болып келеді. Ал қазақ дастанының өлеңдік формадағы сипаты осы жанрдың басты белгілерінің бірі болып табылады. Демек, шығыстық хикаялық сюжеттердің негізінде қазақ халқында бөлек болмысты сөз өнерінің үлгілері туындаған» (14, 24) деген пікір айтады.


Каталог: ebook -> umm
umm -> ПОӘК 042-18-29 8/03-2013 №1 басылым 05. 09. 2013
umm -> Жалпы және заң психологиясы терминдерінің қысқаша сөздігі. І бөлім. Жалпы психология пәнінің терминдері
umm -> 6М 011700- «Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы» Магистранттарға арналған
umm -> ПОӘК 042-14-5-05. 02. 20. 22/2013 № басылым
umm -> 6М 011700- «Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы» Магистранттарға арналған
umm -> «Ежелгі дәуір әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті», 5В012100- Қазақ тілінде
umm -> Оқытушы үшін «Қазақстан тарихы»
umm -> Әбікенова Гүлнафис Төкенқызы Қазақ тіліндегі эпистолярлық стильдің лингвистикалық сипаты
umm -> Педагогика кафедрасы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет