Бірінші бөлім кітаби ақындар (ХХ ғасыр басындағы түрік халықтары әдебиеті контекстінде) (монография)



бет3/23
Дата19.05.2018
өлшемі5,03 Mb.
#40515
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23

Сол секілді шығыс ақындарының өлеңдері, діни өлеңдері мен уағыздары, яғни кітаби өлеңдер де дайын үлгі ретінде кітаби ақынға қызмет етті. Кітаби ақындар тарапынан қайта жырланды.

Кітаби ақын шығармашылығы ХХ ғасыр басындағы, кеңес дәуіріндегі шынайы аудармалық әдебиеттің дүниеге келгеніне дейін аударма жанрының жүгін көтеріп, қызметін атқарып келген әрі аудармалық, әрі назиралық әдебиет үлгісі болды.

Кітаби ақындар ХІХ ғасырдың соңғы ширегі мен ХХ ғасыр басында кітап бастыру ісімен белсенді айналысты. Өздері жырлаған кітаби нәзиралық туындыларын, қазақ фольклоры түрлі нұсқаларын қайта қорытып, жазып, кітап етіп бастырып отырды. Кітаби ақындардың мұнан да өзге де шығармашылық өзгешеліктерінің бірі – ХХ ғасыр басындағы қазақ тұрмысына қатысты шығармалар жасап отыруы, яғни ақындығы. Бұған мысал ретінде М.Ж.Көпейұлының «Хал-ахуал», «Тірлікте көп жасағандықтан, көрген бір тамашамыз», «Сахараның кімдікі екендігі» секілді кітаптарын, ондағы саяси-публицистикалық жырларын айтуға болады. Сол секілді М.Қалтайұлының «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті беттерінде қазақ халқының түрлі әлеуметтік мәселелеріне арнап ойлы, проблемалық мақалалар жариялап отыруы, «Тұрмыш» атты қолжазба журнал шығаруы. Шәді Жәңгірұлының нәзиралық туындылардан өзге «Тарихат» атты шығармасын жазуы, орыс патшалығын, Абылай хан тарихын жазуы, Молда Мұсаның ақындық поэзиясын, «Шора батыр» жырын жазуын т.б. айтуға болады. Демек, кітаби ақын - бойында бірнеше шығармашылық қасиет тоғысқан қаламгер. «Кітаби ақын» сөзін термин ретінде қолданудың дұрыс екендігі; «кітаби шығарма», «кітаби өлең», «кітаби сөз» секілді осы уақытқа дейін арагідік қолданылып келген сөздерді де әдеби ұғым ретінде тұрақты айналымға қосу, қолдану қажеттігі көрінеді.

Қазақ әдебиетінінің тарихына қатысты кітаби ақындық және олардың басты шығармашылық дәстүрі нәзирагөйлік алғаш рет Алтын Орда дәуірінде ұлыс түріктерінің даму, қайта өрлеуі ренессансы кезеңінде дүниеге келгені аңғарылады. Бұған дәлел ретінде Алтын Орда дәуірінің “Қиссаси Рабғузи”, “Жұмжұма”, “Қисса Жүсіп” секілді шығармаларының араға ғасырлар салып, ХІХ ғ. екінші жартысы мен ХХ ғ. басында қазақ топырағында нәзирагөйлік дәстүрде қайта түлеуін айтсақ та жеткілікті. Әсіресе, ғалым А.Қыраубай қызының Алтын Орда дәуіріндегі әдебиет тарихы, оның қазақ әдебиетіне қатыстылығы және қазақ әдебиетіндегі нәзирагөйлік дәстүрдің туу табиғаты жөніндегі ойлары ойға орнықты, көңілге қонымды көрінеді. “Алтын Орда дәуірінде қазіргі қазақ тілінің түркілік нұсқасымен жазылған, өзіміз жерін басып, суын ішіп жүрген елде, аталар жүріп өткен аймақта туған оншақты әдеби кітап бар. Әзірге анық зерттеліп, ғылымға қосылғаны жетеу. Хорезмидің “Махаббатнама” дастаны (1353), Әлидің “Қисса Жүсібі” (1212-1213), Хусам Кәтибтің “Жұмжұмасы” (1370), Құтбтың “Хұсрау-уа Шырыны”(1314-1342), Махмуд бин Әли Кердерінің “Неһж-ул-Фарадис” (“Жұмаққа апарар жол” 1258) Рабғузидің “Қисса-и Рабғузи” (“Қисас-ул-әнбиа” 1310), Сайф Сараидың “Гүстан би-т-түркиі” (Түркіше гүлстан)”, - деп көне әдеби ескерткіштерімізді атай келіп: “Алтын Орда дәуіріндегі жазба әдебиеттің өркендеуі қала мәдениетінің дамығандығын, соған орай Алтын Орда өркениеті болғандығын айтуға негіз бола алады”, - деп қорытады ғалым. Сонымен бірге, аталған шығармалардың туу, таралу табиғаты, дәстүрі жөнінде: «… Алтын Орда дәуіріндегі әдебиетке ғана тән, сол кезден бастау алған бір әдеби үрдіс … нәзирагөйлік үрдіс» екендігін назарға алады. Қазақ даласына нәзирагөйлік дәстүрдің алғашқы нышаны дін исламның орнығуы кезінде көріне бастағанын, алайда дәстүрдің толық орнығуы, кең сипат алуы Алтын Орда дәуірі екенін ерекше атап айтып отырады. Нәзира табиғаты - тым тереңде, әріде жатқан жалпы адамзат баласының өркениетіне тән құбылыс. Сондықтан біз әңгіме етіп отырған мәселе - бұл дәстүрдің қазақ әдебиеті тарихында көрініс беру және туу, даму мәселесі. “Нәзира” әдебиеттегі ағым ғана емес, ояна бастаған түркілік сананың дабылы да … Ал оянушылықтың негізгі шарттарының бірі - өткен тарихқа, ғасырлар шаңында қалған әдеби мұраға оралу, … ана тілінің мәртебесін көтеру. Мұндай жайлар әдебиетімізде Алтын Орда дәуірінен кейін, ХІХ – ХХ ғасырдың бас кезінде көрінген еді …Әсіресе түркілер өркениетіндегі оянушылықтың негізгі тәсілі болған нәзирагөйліктің орыс отаршылдығының қысымына қарсылық ретінде ғасырымыздың басында (ХХғ.) дами түсуі” (15,116-122) дәстүр табиғатының ағымдық, қозғалыстық, оянушылық қасиеті қуатынан туындап жатқан құбылыс еді.

Кітаби ақындар ескіше оқыған молда ақындар еді. Олар ата-бабамыздың ғасырлар бойы қолданып, түрік халықтарына ортақ қазынамыз болып келген “түрки”, “шағатай”, “қадым” аталып жүрген тілде – түркіше оқыған, ескі мәдени тіліміздің қыр-сырын толық меңгерген, сол арқылы көне әдеби, мәдени, діни мұраларымызды игеруге толық мүмкіншілігі болған ақындар. Олар медресе қабырғаларында жүріп жылдап араб, парсы тілдерін оқыды. Ол тілдерде дүниеге келген діни, әдеби, тарихи және фәлсафалық мұралармен, шығыстың ұлы шайырлары шығармаларымен таныс болды.

Кітаби ақындар түрік халықтарының діни, әдеби, мәдени жағынан гүлденген дәуірі - Алтын Орда дәуірінің әдеби ескерткіштерін қайта жырлады. Халқымызды көне мұрамызбен қайта қауыштырды. Бұл салада Жүсіпбек қожа Шайхисламұлының “Жүсіп – Зылиханы” қайта жырлауы, өзінің қаламгерлік қарымын, шығармашылық шабытын қазақ халқының көне мұрамен, тек түрік халықтарының ғана емес, күллі адамзаттың ортақ қазынасы әрі ғашықтық, әрі діни, әрі фәлсафалық көне классикамен қазақ халқын таныстыруға, табыстыруға жұмсауы ерекше атап айтарлық мәселе.

Кітаби ақындар өздері оқып, сусындап өскен шығыс шайырлары туындыларын, шығыс фольклоры сюжеттерін қазақ тілде нәзирагөйлікпен қайта тудырды, жырлады. Сонымен бірге олар нәзирагөйлік дәстүр және кітаби шығармашылық қазығы етіп діни шығармаларды жырлауды ұстанды. Бұл діни-ағартушылық ой-идеяның ағартушы қаламгердің өмірлік ұстанымдарына, шығармашылық мұраттарына айналуы еді. Оған себеп орыс отарлығының күннен-күнге күшейе түсуі. Жерді алуы, елді алуы, ұлттық, елдік салт-сананың өзгеріске түсуі, ұлттық-адами бітім-болмыстың бұзылуы, қатты өзгеріске ұшырауы, діни ұстанымдарға шабуылдың күшеюі еді. Күнделікті зорлық-зомбылықтан өзге қазақ тілінде хрестиан дінін уағыздаған діни кітаптардың көптеп басылуы және таралуы еді (16; 17).

Олай болса, діни-ағартушылық ой-идеяның тұтастай ағымға айналуы, отарлық езгіге қарсы күрес тәсілі, әдіс-айласы ретінде, ұлттық тілі мен ділі, мәдениетін сақтау жолындағы күрес жолы, тәсілі ретінде ұстанымға айналуы. Бұл - кітаби ақындардың ұлт үшін өмірлік мұрат тұтқан ұлы қызметі. Молдалық-ұстаздығы, діни қызметі, шайырлық шабыты, қаламгерлік қарымы қайраткерлікпен қабысып жатқан ақындар екендігін көрсетеді. Қазақ шайырларының діни-ағартушылық ағымының түбі алдымен татарларда басталған жәдид – усули – жәдид қозғалысына, оның көрнекті өкілдері жәдидшілдер: жазушы, журналист, баспагер күллі Ресей түріктерін селт еткізіп ұйтқысынан оятқан “Тәржүмән” газетінің шығарушысы, қайраткер-қаламгер Исмайлбей Гаспралы, ақын, жазушы, ағартушы-ұстаз Каюм Насири, тарихшы ғалым Маржани секілді татар ғұламалары бастаған қозғалыс, ағымдарымен сабақтасып жатқан мәселе. Қазақ молла ақындарының татар ағымдарымен, татарлардың Түркия түріктерімен, демек, әлемдік күллі түріктік қозғалыспен байланысып жатқан, қазан төңкерісінің алдында біртұтас ағымға айналған қозғалысы еді. (18, 12-13).

Кітаби ақындардың келешек ұрпақ алдында жасап кеткен ұлы қызметінің бірі – қазақ халқының төл мұрасын, фольклорын ел ішін аралап жүріп, тауып, жазып алуы, өңдеп кітап етіп бастырып отыруы, тіпті кейде қайта жырлап жатуы еді. Бұған, ең алдымен, біз жоғарыда атап өткен “Мұңдық–Зарлық” қиссасын, “Алпамыс”, “Қыз Жібек” секілді шығармаларды атап айтуға болады. Мысалы, Жүсіпбек Шайхисламұлы қазақ ертегілерінің негізінде, бәлкім ел ішіндегі аңыз, ертегілерді де пайдалана отырып, “Мұңлық – Зарлық” атты жаңа сападағы нәзиралық, поэтикалық туындысын жасап шығарды. “Қыз Жібек” жырының өзін әлденеше рет кітап етіп бастырған. Бұдан кітаби ақынның бірнеше шығармашылық қырын аңдаймыз. Ел ішінде сақталып келген жырды тауып, бағасына жетіп жазып алуы, қайта қараб шығып, түзеп кітап етіп бастыруы. Мысалы, жоғарыда сөз етілген «Қыз Жібек » жырына ақын мынадай алғы сөз жазады: «Мен хожа Жүсіпбекмін, басында хикаясын жұртқа өзім шығарып жайып едім, оны басқа адамдар сөзін бұзып қойған екен, көріп қайтадан түзетіп жаздым, оқығандарға мәләл келмесін деп. Қисса-и-Қыз Жібек жазушы хожа Жүсіпбек…» (16, 127). Фольклорлық шығарманы негізге алып, тұтастай қайта жазып шығуы, яғни жаңа, нәзиралық туындыны дүниеге әкелуі жинақшы, фольклоршының туындыгерге айналуы осы тұс. Осы еңбектің қай-қайсысы болса да, бүгінгі қазақ қадір тұтар, ерекше бағалар ұлт үшін жасалған қызмет болса керек.

Діни-ағартушылық ағым да, кітаби шығармашылық та отарлық тәуелділіктегі қазақ елі өмірімен, тыныс-тіршілігімен тығыз байланысты күрес негізінде дамыды. Кітаби ақындардың басты дәстүрі нәзирашылдық болды. Оқыған, діни сауатты, көне әдебиетімізді, әдеби жазба мұраларымызды жетік игерген, түркілік, мұсылманшылық рухта тәрбиеленген олар күні кешеге дейін ескішіл, кертартпа, діни ақындар ретінде бағаланып келді. Білім алған ордасына, рухани өскен, қалыптасқан дүниетанымына сай қандай шығарманы жырласа да діни, мұсылманшылықпен тығыз сабақтастықта жырлауы - кітаби ақындарымыздың шығармашылық басты ерекшелігінің бірі. Олар діни шығармалар мен қадымша жазылған ежелгі әдеби мұраларды, шығыс фольклоры мен шайырларын нәзирагөйлікпен қайта жырлап, кітап етіп бастырып отырды. Сол себепті де біздің ұлттық әдебиет тарихы ғылымында оларды кітаби ақындар атады. Бұл ұғымды тек кітап бастыру кәсібінен гөрі кең, әрі терең қабылдау керек секілді. «Кітап», «кітаби», «кітаби ақын», «нәзирашылдық» сөздері мына секілді мағыналарды білдіреді: сауаттылық. Қазақ халқы сауаттылықты үнемі жоғары бағалап, оларға үлкен құрметпен қарап, ілтипат көрсетіп отырған. Ескі ұлттық танымымызда оқыған кісіні “кітап ұстаған”, “молла” деп қатты сыйлап, айтқан сөзін де “кітап сөзі” деп ерекше қадір тұтқан. Кітаби ақындардың «кітап» сөзін жырлауы және кітап етіп бастырып отыруы болды (Құран және діни түрлі кітаптар). Олардың шығармашылығына тән ортақ сарын, ортақ стиль, ортақ тіл мәнері болды. Яғни, кітаби ақындар сөйлеген сөзімен де, жазған шығармалары табиғатымен де ел ішінде өзінше өзгеше құбылыс болып қабылданды. Кітаби ақындардың ел алдында айтқан әр сөзі, шығармашылығы дінмен, мұсылманшылықпен, діни фәлсафамен және көне кітаптармен тығыз байланыста туындап жатты. Мысалы, Құран, Ясауи хикметтері, Бақырғани кітабы. Яғни, олар дінмен, діни қызметпен бірге өзіміздің көне мұрамызды - Алтын Орданың, Шағатай ұлысының көне әдебиетін қайта жаңғыртты, көнені жаңғыртушы болды. Бұл ұлыс пен ұлт өмірінің бүгіні мен ертеңі үшін айтылар өнеге, берілер бағдар - көне сөзді тірілту арқылы берілуі еді. Көне арқылы жаңа идеяны өзгеше жырлауы! Көне ойдан жаңа ой, көне мұрадан жаңа мұратты тың шығарма туды. Бұл жайт - нәзирагөйлік дәстүрдің басты қырларының бірі. Демек, қазақ кітаби ақындар бар шығармасын шығыстан ала бермеді. Төл мұрамызды қайта жырлады не түп-төркіні шығыстық болса да, бұрын қорытылған, түркіленген мұраны қайта түлетті. Бұл - бір әдебиеттің ішінде болып жатқан даму құбылысы. Жаңаны жасау, өзіңді тану үшін көнеге бет бұру – нәзирагөйлік дәстүрдің, іштей қайта түлеудің үлгісі.

Кітаби ақындар білім алған ордаларына орай, көпшілігі алдымен қадымша (шағатай, түрки), сонан соң арабша, парсыша оқыды. Араб, парсы халықтары фольклорлық және әдеби мұрасымен мол танысып отырды деуге болады. “Құран”, “Мың бір түн”, “Кәлилә мен Димнә” және шығыстың ұлы шайырлары шығармалары кітаби ақындар арқылы қазақша сөйледі. Бұл – нәзирагөйлік дәстүрдің әдеби байланыс түріндегі көрінісі.

Нәзирагөйлік дәстүр қазақ әдебиетін шығыспен ғана емес, батыспен де байланыстырды. Қазақ кітаби ақындары батыс ақындарын кейде нақты аударып, аударма түрінде жырласа, кейде өз тарапынан қазақ танымы мен ұғымына лайықтап, қазақыландырып қайта жырлап жатты. Бұған мысал ретінде орысша оқыған сол арқылы батыс мәдениетімен танысуға мүмкіндік алған ұлы ағартушыларымыз Ыбырай, Абай, Шәкәрім шығармаларын ойға алсақ та жеткілікті. Тек бұлардың күні кешеге дейін жаппай аударма саналып келген шығармаларын қайта қарап, ой елегінен өткізсе, байыптаса олардың «аудармаларының» басым бөлігі шын мәніндегі нәзиралық шығармалар болып шығары күмәнсіз. Ұлы ағартушы Ыбырайдың ұстаздық ғибрат әңгімелерінің басым бөлігі - нәзирагөйлік дәстүр туындысы. Бұл мәселені Абай, Шәкәрім, Ахмет, Міржақып т.б. шығармаларына қатысты айтуға болады. Біздің әдебиеттану ғылымында қалыптасып кеткен бір ұғым бар. Ол – қазақ кітаби ақыны шығыс халықтары мұрасын жырласа, нәзирагөйлік болады да, батыс әдебиеті үлгілерін қазақ тілінде сөйлетсе, ол - міндетті түрде, аударма болып табылады. Шығармадағы аудармалық немесе нәзирагөйлік дәстүр деңгейі өз айырым ерекшеліктерімен қарастырыла бермейді. Қарастырылса, нәзира дәстүрінің үлесі басымдау болса, еркін аударма ретінде бағаланып кете барады. Шындығында, нәзирагөйлік дәстүр - бүкіл әлемдік әдеби құбылыс, түрлі ұлт, ұлыс, халықтар әдебиеті байланысының бір жолы. Бірегей жол!

Қазақ әдебиетіндегі осы құбылыс жөнінде шығыс классикалық поэзиясы және қазақ әдебиетіндегі нәзира дәстүрі мәселесін зерттеуші ғалым Н.Келімбетов: «…нәзира дәстүрінің барлық көркемдік заңдылықтары негізінде жазылған бірқатар қазақ әдебиетінің қолтума шығармалары күні бүгінге дейін аударма туынды ретінде қарастырылып жүр», - дей келе, Н.И.Конрадтың «Бір халықтың әдебиеті екінші халықтың әдебиет әлеміне тек екі жолмен, яғни шығарманың түп нұсқасы және аудармасы арқылы ғана енеді деп ойламау керек. Әлемдік әдебиеттер байланысының тарихы мұнан басқа да формалары бар екенін дәлелдеп отыр. Мұндай формалардың бірі – бір халықтың қаламгері жазған шығарманың мазмұны мен сарынын басқа бір халықтың сөз зергерлері творчествосы арқылы қайта тудыру болып табылады» деген пікірін ұсынады (19, 207).

Кітаби ақындарымыз жаңаны жырлау үшін ескіге, сонау Алтын Орда дәуіріне қалай барса, сол дәрежеде қазақтың төл, фольклорлық, әдеби туындыларына да солай бара білді. Мысалы, ғалымдарымыз күні бүгінге дейін шығыс әдебиетіне қосып келген «Мұңлық – Зарлық» - төл туындымыз. Оның түп-төркіні қазақ даласында жүріп өткен тарихи оқиғаларда жатыр. Оңтүстік Қазақстан жерінде «Мұңлық», «Зарлық» атты мазар-ескерткіштер күні бүгінге дейін сақталып келген. Сонымен бірге «Шаншар құдық», «Ханшайым аралы» секілді жер аттары да Сырдария бойында. Аталған тарихи жәдігерліктер бір жерге шоғырланған. Бір-бірінен алыс емес. Жақын орналасқан. Сырдария өзенінің сол жағалауы, Қызылқұм өңірінде орналасқан. Бұл жәйттер де аталған шығарма оқиғасының осы өңірде шын мәнінде орын алу мүмкіндігін жоққа шығармайды. Бұл жөнінде жергілікті жазушы Әдіһам Шілтерханов та сонау 1986 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетіне мақала жариялаған. Туындыгер ұстанымы да «Мұңлық – Зарлық» ешқандай да шығыстық қисса емес. Осы өңірлерде болып өткен тарихи оқиғалардан хабар беретін қазақ аңыз-әңгімелері, ертігілері сорабымен желі тартқан, қайта жырланған нәзиралық шығарма! Нәзиралық шығарма авторы - Жүсіпбек қожа Шайхисламұлы. Фольклоршы ғалым Қ. Саттаров та шығарма өзегінде қазақ ертегілерінің табы жатқанын жасырмайды. Ол «Қазақтың халық романдық эпосы» (Алматы, 1992) атты еңбегінде: «Мұңлық-Зарлық» эпосының ежелден келе жатқан ертегілік сюжеттері «Шанжар хан», «Зарлық» «Алтынайдар», «Шаншар» кейде «Мұңлық – Зарлық» тағы басқа атымен де белгілі екендігін айтады (20, 72) «Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасының» екінші кітабында да (ҰҒА М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты) қолжазбалар қорында «Мұңлық – Зарлық» хикаясынан өзге «Мұңлық – Зарлық», «Шаншар хан» ертегілері тіркеліп, аннотациялар берілген (20, 203-229).

Сондай шығармалардың бірі - «Қисса-и Дотан Құбақанбайұлы уа һәм жалмауыз кемпірнің өлгені». Шығарма 1903 және 1915 жылдары Қазан қаласында басылып шыққан. Бұл шығарманы Жүсіпбек ақын ертегіден алып, қисса етіп жырлаған. Оны автор жасырып отырған жоқ. «Ертегіден ерігіп қисса қылушы Мәшһүр қожа Юсуфбек Шайхисламұлы деп кітап мұқабасында бере кетеді. Сонымен бірге қисса соңында:
Басында ертегі мұның өзі,

Осындай ғып бір оның айтқан сөзі.

Қисса ғып шығаруға лайық көріп

Жүсіпбектің бұ да бір салған ізі,


- деп аяқтауы да көп жайды, кітаби ақынның бір шығармашылық қыры ішкі нәзиралық жырлаудың болғанын анық аңғартады. Бұл нәзиралық дәстүрдің бір ұлттың фольклоры мен әдебиеті аясындағы ішкі жанр алмасып даму процесі.

Қисса 1960 жылы «Қазақ әдебиетінің тарихы» 1-т. 1-к. 1961 жылы 2-кітапта қарастырылған. Сонымен бірге 1963 жылы шыққан «Батырлар жыры» жинағына да енген (21, 169-172).

ХХ ғасыр басында қазақ әдебиетінде көлемді прозалық жанр-роман дүниеге келді. Романның жаңа жанр ретінде туу, даму, қалыптасу жолы әдетте қиындықсыз болған жоқ. Сондықтан қарасөзші қаламгерлеріміз бір ізденіс ретінде төл фольклорлық шығармаларымызға да ат басын бұрып отырды. Фольклорлық шығарма сюжеттерін өз туындыларына арқау етіп, фольклор тәжірибесіне сүйенді. Жалпы, фольклор тәжірибесіне сүйеніп даму жолын әлемнің бар әдебиетінің жүріп өткен жолы десек, қателеспейміз. Бұған мысал ретінде, «орыс өркениетінің алтын ғасыры» қаламгерлері Пушкин, Крылов, Толстой, Чехов, Ершов, Гаршин секілді қаламгерлердің қайсысының да болсын шығармашылығын айта беруге болады. Бұл – қазақ жазба әдебиетінің жаңа дәуірін бастан кешіп жатқан қазақ әдебиетіне де тән құбылыс болды. Роман жанрының туу, даму мәселесіне де тән құбылыс. Қазақ әдебиеті тарихындағы тұңғыш роман «Бақытсыз Жамал» ел ішінде болып өткен бір қатыгез, қатал оқиғаны негізге ала отырып, шағын қайғылы оқиғаны көлемді де көркем роман етіп жазып шыққан (22). Әңгіме газеттің 1898 жылғы №4, 5 сандарында жарияланған. Автордың есімі не бүркеншік аты - Адас.) Сол секілді Т.Жомартбайұлының «Қыз көрелік» романы да - алғашқы романдардың бірі. Шын мәнінде нәзирагөйлік дәстүр тәжірибесінде дүниеге келген туынды. Шығарманың бүкіл бітім болмысы, оқиғалық желісі ертегілік сипатты бұл туындының да түп негізін фольклордан тартқаны анық. Жазушы жаңа жанр жасау жолында өзі сусындап өскен фольклор материалдарын шығармасына арқау еткен (23, 54-55).

Қазақ әдебиеті тарихында жасалу жолы күні кешеге дейін келіп жеткен, қазақтың бұрынғы жырларынан өзгеше қисса не дастан, кейде тіпті хикая деп берілетін біршама төл туындыларымыз бар. Ел ішінде оларды көбіне «қыса» деп атайды. Оларда ерлік, ғашықтық, отанын жаудан қорғау жырланады. Солардың бірі - «Ер Жафал мен Таңшебер қыздың қиссасы». Бұл секілді шығармалар қазақ даласына ежелгі дәуірлерден ене бастап, ХІХ ғасырдың екінші жартысы ХХ ғасыр басында мол жырланды. Олар қисса-дастандардың яғни, кітаби не нәзирагөйлік дәстүр ықпалында тыңнан жырланған туындылар деуге болады. Бұлардың қатарында «Қисса–и Кенехан һәм Наурызбай», «Қисса-и Наурызбай төре Қасымұлы» секілді Жүсіпбек қожа қиссаларын атауға болады. Демек, төл қиссаларымыздың бір шеті тарихи аңыз әңгімелер мен жырларға да иек артып жатады. Жалпы ел ішінде күні кешеге дейін осы секілді қысалар оқылып, қолмен қайта көшіріліп, жатталып айтылып, не оқылып келген болатын.

Жетісай, Келес жерінде Әлімхан Одаманов, Қайыпназар Әйтпенов, Адырбек, Садық Адырбеков ХХ ғ. аяғы, ХХІ ғ. басына дейін жырлағанын білеміз. Қысалар жаралу және жырлану дәуірі (уақыты мен тақырыбы) тұрғысының алғанда көп жаңалығы аңғарылады. Мысалы, «Мұңлық-Зарлық» фольклорлық шығармадан әдемі туындыға айналса да, табиғаты тұрғысынан көнелігін, фольклорлық сарынын, бітім болмысын сақтап қалған. Ал «Кенехан һәм Наурызбай», «Қисса-и Наурызбай төре Қасымұлы», «Ер Жафал мен Таңшебер қыздың қысасы» жырлаған уақыты, тақырыбы тұрғысынан көп жаңа туындылар. Алғашқы екі қисса ХІХ ғасырдың 30-40 жылдары қазақ сахарасында болып өткен ұлт-азаттық қозғалыс және қазақтың ең соңғы, заңды ханы Кене, оның інісі Наурызбай батыр туралы туындылар екені атарынан-ақ көрініп тұр. Ал, соңғысы әріге сілтеп қазақ-қалмақ соғысы дәуірін жырлаған шығарма. Бірақ бұларды тарихи жырлармен шатастыруға болмайды. Бұл жерде олардың жанрлық ерекшелігі, қысалық табиғаты назарға алынуы керек. Демек, бұл қиссалар кітаби, нәзирашылдық дәсүрдің тағы бір ерекшелігі, ерекше бір көрінісі десек болады. Бұл - әдеби құбылыс. Қисса-дастан, хикаяларды жаратудың кітаби, нәзирашылдық дәстүрін ұстанып төл туынды тудыру.

Қазақы қисса-дастандардың дүниеге келу жолы деп мына секілді жәйттерді айтуға болады: шығыстық қиссалардың тәжірибесі, төл фольклорлық шығармаларды қисса етіп бастыру тәжірибесі келе-келе төл қазақ қиссаларының дүниеге келуіне жол ашты.

Кітаби, нәзирашыл ақындардың басты шығармашылық мақсаттарының бірі - әлемдік классиканы қазақ тілінде қайта жарату, қазақ халқына, сөз өнеріне назирагөйлік дәстүрде қызмет ету. Сондықтан да кітаби ақындар жырлап отырған шығармаларының түп-төркінін жасыра бермейді. Керісінше, шығарманы қайдан алып жырлап отырғанын ашық көрсетіп отырады. Сөйте тұра, олар өздерін толық дәрежедегі автор деп таниды. Кітаби, назирашыл ақындар ұғымында солай. Бұл - әсіресе кітаби ақындар білім алып, сусындап өскен шығыс әдебиетінің үрдісі. Біз де мәселені тарихи тұрғыдан пайымдап, тарихи кезең тынысына орай қабылдауға, солай тануға тиіспіз. Басты мәселе – әлемдік классика қазақ тілінде сөйледі. Сөйлеткен кітаби ақын, нәзирашыл қаламгер. Бұл - үлкен жетістік, заманы үшін зор табыс. Сөзімізге дәлел ретінде нәзирашыл ақын Ақылбек Сабалұлының «Таһир-Зуһра» жырын аяқтап отырып, оқушысына арнап айтқан өлең жолдарын ұсынуға болады:

Бітірдім, мен Ақылбек мұның өзін,

Таһир мен Зуһраның өлген кезін.

Ахмет деген бір ноғай басқан екен,

Ғұсмания тауарихтан Таһир сөзін.


Мұхаммед Зариф ұғлы Ахмет ноғай,

Оқуды қуар едім, халым жоқ-ай.

Ноғай тілінен аударып өлең қылдым,

Оқыған қазақтарға болсын оңай.


Қазақша өлең қылып, жаздым өзім,

Өзім өлсем жоғалмас осы сөзім.

Хикаятты қиссаға айналдырып,

Қате боп кете ме деп талды көзім (24, 248).

Кітаби қаламгер Ақылбек Сабалұлы жоғарыда айтқанымыздай, өзін толық автор – туындыгер ретінде танып, солай етіп көрсетіп отыр. Нәзира дәстүрі, талабы солай. Нәзирагөйлік дегеніміздің өзі осы. Мысалы: «Таһир-Зухра» жыры Ақылбек Сабалұлына дейін әлденеше рет кітап болып басылған. Соның бірі – Қазан қаласында 1877 жылы басылып шыққан «Қисса Таһир». Оны жазған Лутфулла Ғалиуллаұғлы деп беріледі. 1878, 1879 жылдары авторы көрсетілмей де басылады. Ал Ақылбек жырлаған нұсқа алғаш рет 1896 жылы «Қисса Таһир илә Зухра» деген атпен Қазанда басылып шығады. Нұсқаның османлы тілінен аударылғандығы, аударушының Ахмед Мухаммедзарифоғлы Оразаев екендігі көрсетіледі. Ақылбек осы нұсқаны негізге алғанын жоғарыдағы қыса үзіндісінен көруге болады. Бірақ Ахмед нұсқасы 67 беттен тұрса, Ақылбек нұсқасы 1911 жылы басылған және көлемі 126 бетке көтерілген. Демек, нәзирашыл ақын Ақылбек жырдың қазақы нұсқасын жасаумен бірге өз тарапынан да мол өзгерістер енгізген.



Нәзирашылдық дәстүр жөнінде жазушы, ғалым М.Әуезов «Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы» атты монографиялық еңбегінде: «Көпке мәлім болған тарихи шындықтар бойынша, шығыста бір классик жырлаған тақырыпты келесі буында тағы бір шығыс ақыны қайтарып әңгіме ететін, тың дастандар шығаратын тың дәстүр бар еді. Сол қатарда «Жүсіп – Злиха» тақырыбын, «Ләйлі – Мәжнүн», «Фархад – Шырын», «Жеті шұғыла» және осы «Ескендір» турасын немесе «Құстар тілі» деген сияқты тақырыптарды бірінен соң бірі қайталап жазған ірі классиктер бар. Олар біреуінің тақырыбын біреуі алуды заңды жол еткен… Бұлайша, бір тақырыптың әр ақында қайталануы еш уақытта аударма деп танылу керек емес. Ол өзінше бір қайта жырлау, тыңнан толғау немесе ақындық шабыт-шалым сынасып, жырмен жарысу есепті салт еді. Шығыс поэзиясы бұл салтты заңды деп біліп, осы дәстүрге «назира» деп, «назирагөйлік» - деп атау да берген» (10, 150), - деп бұл шығармашылық дәстүрдің шығыс әдебиетінде кең орын алған дәстүр екенін айтады. Ғалым Н.Келімбетов те «Көркемдік дәстүр жалғастығы» атты еңбегінде: «…кейбір әдебиет зерттеушілер …көркем әдебиеттегі еліктеудің сыртқы формасын көреді де, ішкі табиғатына қатысты өзгерісті аңғармайды. Соның салдарынан назира дәстүрін сырттай еліктеу құбылысы деп бағалайды» (19, 204),- дей келе шығыс поэзиясын терең зерттеген ғалым Е.Э.Бертельске сүйеніп пікірін жалғастырады: «Көркем әдебиеттегі еліктеу категориясы туралы кезінде Е.Э.Бертельс аса құнды пікір айтқан. Ғалымның пікірі бойынша, әлемдік әдебиетте Ескендір (Александр Македонский) туралы жазылған екі жүзден астам поэма бар екен. Алайда олардың әрқайсысының айтар ойы, идеялық бағыт-бағдары бір-біріне ұқсас емес», - дей келе, ғалымның өз пікірімен ойын қорытады: «Разбор этой поэмы убедительно показывает, как неправильно называть назира подражанием, ибо сама сущность этого явления отнюдь не в подражании, а в том новом, что поэт выносит тему, причем эти изменения приводят сплошь и рядом изменению всей концепции» (19, 205). Сөз орайы келіп тұрғанда айта кетер бір жәйт: қазақ әдебиетіне өздерінің шығармашылық дәстүрінде мол үлес қосқан, шығыс классикасын, діни әдебиетті, пәлсафаны нәзирагөйлік жырға қосқан «кітаби ақын» сөзі аз қолданылуы. Кезінде заңғар жазушымыз М.Әуезов қолданған «кітаби ақын» сөзінен гөрі, «діни ағартушы», «шайыр», «қиссашыл ақын», «назирашыл» сөздері көбірек қолданылуда. Шындығында, бұл сөздер өзара ортақ мағыналы, оқыған, молла ақын деген мағынаны береді. Әйтсе де, «кітаби», «кітаби ақын» сөзінің мән-мағынасы әрі кең, әрі терең. Бұл сөздің аясына жоғарыда аталып өткен атаулардың бәрі де сиып кететін тәрізді. Сол себепті де бүгінгі әдебиеттану ғылымында көптеп қолданып, орнықтыра бергеніміз жөн. Бұлай деуіміздің себебі, ғалым Ө.Күмісбаевтың «кітаби», «кітаби ақын» сөздерінің аясы тар, бүкіл осы бағыттағы ақындарға ортақ атау, термин бола алмайды деген тұжырымы. «Екі перне», «Терең тамырлар» секілді маңызды зерттеу еңбектерінің авторы, кітаби ақындар, олардың әдеби мұрасы, нәзирагөйлік дәстүр және әдебиетіміздің шығыс классикасымен байланысын үзбей қарап, зерттеп, зерделеп келе жатқан ғалымның «Қиссалар және кітаби ақындар» атты мақаласында кітаби ақындардың қазақ әдебиетін жан-жақты байытуға, кемелдендіруге қосқан мол үлесін жоғары бағалап, мақала соңында жоғарыдағы ойын ортаға салады: «…бір басы ашылмай келе жатқан мәселе – ХХ ғасыр басындағы осындай әдеби құбылыстың өкілдерін жалпылама кітаби ақындар» деп бөліп тастауымыз болып отыр. «Кітаби ақын» деген терминнің мағынасы тар, ол кітап шығарып, бастырған адам деген мағынаны аңғартады. Дастан, қисса жазған ақындар кітабилік дәрежеден анағұрлым биіктеу тұрды. Олар белгілі бір шығыс сюжетін қазақ тұрмысына етене жақын алып, өздерінше жырлады. Көбіне қазақтың он бір буынды қара өлең ырғағына салып, басқа елден келген туындыны өз туған топырағына лайықты етіп шығарды. Ғалым бұл мәселеде Ы.Дүйсенбаевтың … Тегі, «кітаби ақын», «қиссашыл ақын» деген оңай туған, жасанды терминдерден бас тартып, әрбір ақын-жазушыны оның идеялық-көркемдік қасиеттерін лайық баға бере отырып талдаған жөн болады» және ғалым Б.Кенжебаевтың «…ХХ ғасыр басындағы ақын-жазушыларды кітаби ақындар, ағартушы-демократ ақындар деп бөлгенде бір дәуір әдебиетін екі түрлі принциптен бөлген, жіктеген боламыз. Бұл – ғылыми жіктеу емес. Бір дәуірде жасаған ақын-жазушыларды бір принциппен ғана, яғни идеялық-әдеби көзқарастарына қарай жіктеген орынды болмақ»,- деген пікірлеріне сүйенеді, алға тартады (25, 292). Пікірлерде шынайылық та жоқ емес. Бірақ кеңес дәуірінде айтылған, әдебиеттің кеңестік саясатқа әбден бас ұра бағынған уақытында айтылған пікірлер екенін де ескеру керек-ақ.

Бүгінгі таңда бұл ақындарды шығармаларындағы ағартушылық ұстанымдары, ой-идеялары үшін ағартушы, шығармашылық табиғатындағы кітабилық үшін кітаби ақын атаймыз. Біз қолданып отырған кітабилық аясына талай термин талай атау, мағына сыйып тұрғандығы жоғарыда айтылып өтті.


Каталог: ebook -> umm
umm -> ПОӘК 042-18-29 8/03-2013 №1 басылым 05. 09. 2013
umm -> Жалпы және заң психологиясы терминдерінің қысқаша сөздігі. І бөлім. Жалпы психология пәнінің терминдері
umm -> 6М 011700- «Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы» Магистранттарға арналған
umm -> ПОӘК 042-14-5-05. 02. 20. 22/2013 № басылым
umm -> 6М 011700- «Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы» Магистранттарға арналған
umm -> «Ежелгі дәуір әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті», 5В012100- Қазақ тілінде
umm -> Оқытушы үшін «Қазақстан тарихы»
umm -> Әбікенова Гүлнафис Төкенқызы Қазақ тіліндегі эпистолярлық стильдің лингвистикалық сипаты
umm -> Педагогика кафедрасы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет