Бірінші бөлім кітаби ақындар (ХХ ғасыр басындағы түрік халықтары әдебиеті контекстінде) (монография)



бет4/23
Дата19.05.2018
өлшемі5,03 Mb.
#40515
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23

Қорыта айтсақ, шығарманың тікелей кітаппен байланыстылығы, Құран ұстаған молдалығы, құран сюжеттерін жырлауы, белгілі бір не бірнеше кітаптан алып нәзиралық шығарма жазуы, төл шығармаларында да дінді, діни фәлсафаны, Құранды, яғни кітапты уағыздауы, кітап етіп бастыруы, фольклорлық мұраларды яғни халық даналығын – халық кітабын жинауы, кітап етіп бастыруы, шығыстың ұлы шайырларын оқып көріп, оны қазақ тілінде сөйлетуі, кітап етіп бастыруы, яғни кітаптан кітап жасауы кітаби ақын сөзінің аясының кеңдігін дәлелдейді деген ойдамыз. Қиссашыл да, нәзирашыл да, шайыр да бір кітаби ақын сөзінің ішінен табылады.

Кітаби ақындар нәзирагөйлік дәстүрде жырлаған туындылар бүгінгі қазақ әдебиеттану ғылымында қисса, дастан, хикая, хикаят секілді бірнеше атаулармен беріліп жүр. Кейде қисса-дастандар деп қосылып беріледі. Ғылым академиясы М.О.Әуезов ғылыми-зерттеу институты 1990 жылы қазақ халық әдебиеті сериясымен шығарған осы тақырыптағы шығармаларды дастандар деген атпен бастырды. Алғысөз жазған Б.Әзібаева «Дастан» жанрына тоқталып, оларды іштей ғашықтық, хикаялық, қаһармандық, ғажайып-фантастикалық секілді салаларға жіктей қарастырып келеді. Ү.Субханбердина өзі баспаға әзірлеп шығарған «Ғашықнама» жинағын «Шығыс хикаяларының желісіне құрылған қазақ дастандары» деп жариялады. Сол секілді 1986 жылы шығарған жинағын «Қисса-дастандар» атады. Сонымен бірге жоғарыда айтылған «Шығыс хикаяларының желісіне құрылған қазақ дастандары» деген анықтама берді. Ғалым А.Қыраубаева да қисса-дастандар деп қосып қолданғанды мақұл көрген секілді. Бір анық аңғарылатын жәйт, кітаби ақындардың парсы әдебиетінен желі тартқан нәзиралық шығармаларды «дастан» деп атағаны. Ал, түп негізі араб әдебиетінде жатқан не сол әдебиет арқылы келген шығармалардың басым бөлігі «қисса» аталған. Ара-тұра хикая деп қолданылады. Шын мәнінде ХІХ ғ. екінші жартысы ХХ ғасыр басында баспадан шыққан нәзиралық шығармалардың басым бөлігі тек «қисса» деп аталған, «дастан» атауы салыстырмалы түрде өте аз қолданылған. Тіпті осы кезеңде баспа жүзін көрген қазақтың фольклорлық шығармаларының өзі «қисса» атауымен шығарылған. Мысалы, «Қисса Құламерген», «Қисса Алпамыс», «Қисса Қозы Көрпеш». Кейде «қисса», «хикая» сөзі бір атаудың ішінде қатар қолданыла береді. Мысалы, «Қисса – Қыз Жібектің хикаясы» деген секілді. Осы кезеңде басылып шыққан айтыстарымыздың өзі де «Қисса» атауымен басылғаны мәлім. Соған қарамастан бүгінгі қазақ әдебиеттану ғылымында «дастан» сөзі көп қолданыс табуда. Ғалымдар С.Қасқабасов пен Б.Әзібаева:

«Кезінде шығыстық, сондай-ақ жергілікті төл сюжеттерге құрылған шығармалардың бәрі қисса деген атпен басылып, ел арасында да сол атаумен белгілі болған. Сонымен бірге, ХІХ ғасырдың екінші жартысында, ХХ ғасырдың басында жарық көрген қазақ фольклорының басқа да көптеген үлгілері – соның ішінде қаһармандық, ғашықтық, тарихи эпос мәтіндері де, айтыстар да – қисса деген атпен жарық көрді»,- дей келе бірнеше қиссалардың тізімін береді. «... өлең, жыр түрінде айтылған шығармалардың бәрі қазан төңкерісіне дейін кітап болдып басылған шақта қисса деп аталған, яғни қисса деген термин жанр туралы түсінік, ұғым бермейді. Ал зерттеушілік әдебиетте (шығыстану және түркі тілдес фольклортану ғылымдарында) біз сөз етіп отырған шығармалар «дастан» терминімен аталады. Қазақ зерттеушілері де оны қабылдаған, себебі талқыланып отырған шығармалардың негізгі жанрлық қасиеттері, белгілері оларды шығыс және түркі халықтарының әдебиеті мен фольклорында қалыптасқан дастан жанрына жататындығын дәлелдейді» деген пікір айтады (14, 25). Бұл әлі де болса арнайы қарастыруды қажет ететін мәселе болса керек. Жанр мәселесі. Қисса-дастандардың жанрлық мәселесі туралы ғалым Ә.Қоңыратбаев басқаша пікірде. Ол кітаби ақындар шығармашылығын қисса әдебиеті және жазба әдебиеттің бір қанаты деп есептейді. Кітаби ақындардың «Қисса Алпамыс», «Қисса Қозы Көрпеш», «Қисса Көрұғлы» тіпті «Қисса Біржан сал мен Сараның» өзін «эпос нәзирасы» атайды және оларды жазба әдебиет көрінісі санайды (26, 237).

ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы кітаби шығармашылық табиғатына зер салсақ, кітаби ақындар және кітаби шығармашылықтың, нәзиралық қисса –дастандардың, мысалдар мен мысал-дастандардың т.б. мына секілді басты-басты арнада сөз етілу қажеттілігі аңғарылады.

Діни-ағартушылық және кітаби-нәзирашылдық дәстүрде Құран сюжеттерінің, Мұхаммед пайғамбар мен оның халифтары, сахабалары және Мұхаммед пайғамбар мен Әзірет Әлі ұрпақтарының жырлануы.

Құран сюжеттерінің жырлануы. Адам ғалейхис-сәләмнан бастап пайғамбарлардың Құран сүрелерінде сөз болуы, сонан соң барып олардың әрқайсысының дерлік жеке шығармаларға өзек болуы, жырлануы. Мұның көне бір үлгісі Рабғұзидің «Қиссас-ул-әнбиясы». ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасыр басында пайғамбарлар өмірі мен қызметі жеке-жеке шығармалар - қиссалар болып шығып жатады. Мысалы, «Қисса Адам», «Ибраһим пайғамбардың хикаяты», «Қарунның жер жұтқан уақиғасы», «Қисса Юсуф ғалейһис-салам илән Зулейханың мәселесі».

Әлбетте, аталған кезеңде қазақ тілінде дүниеге келген шығармалардың бір арнасы Құран сүрелері мен хадистер болса, бір арнасы орта ғасырдағы әдеби-философиялық ескерткіштер болды. Мысалы, Ахмет Ясауидің «Диуани хикметі», Жүсіп Баласағұнның «Құдатғу білігі», Ахмет Иүгнекидің «Һибату-л-хақайық» секілді шығармалар. Тағы бір арнасы түркі өркениетінің гүлденген дәуірі Алтын Орда жазба ескерткіштері болды. Яғни, бұл арада көне әдеби фольклорлық, нәзиралық үлгілерді қайта жарату, көнені жаңғырту арқылы жаңа қоғамдық, діни-фәлсафалық, ағартушылық, гуманистік ой айту бар. Көнені жаңа үшін, жаңа заман, жаңа ұрпақ, жаңа өмір үшін қайта жарату, жырлау бар.

Мұхаммед пайғамбар мен оның халифтары, сахабалары және Мұхаммед пайғамбар мен Әзірет Әлі ұрпақтары туралы жырлар: «Назым Сияр Шәріп» (Мұхаммед пайғамбардың ақ жолы туралы дастан). Авторы: Шәді Жәңгірұлы. «Зарқұм» (Мұхаммед пайғамбар мен Әзірет Әлінің дінсіздермен жүргізген қасиетті соғысы туралы діни дастан). Авторы күні кешеге дейін Жүсіпбек Шайхисламұлы делініп келген, кейінгі кездері 1877-1916 жж аралығында 14 рет кітап болып басылып шыққан бұл дастанда оның есімі көрсетілмегені айтылып жүр (27,389). Дастанның келесі бір нұсқасының авторы: Майлықожа ақын. «Мұхаммед пайғамбар», айтушысы Әбдірәсіл Ахметов. «Қисса анхазірет Расулдың Миғражға қонақ болғаны», Жүсіпбек Шайхисламұлы. «Қисса Мұхаммед Расул Алланың дәрул пәниден дәрул бақиға рихлат еткен мәселесі», Жүсіпбек Шайхисламұлы.

Мұхаммед пайғамбардың төрт шарияры, сахабалары туралы кітаби өлеңдер мен қисса-дастандар: «Қисса Хазрет-и Ғали...», «Дариға қыз бен Әзірет Әлінің күресі», «Қисса Салсал», «Әзірет Әлидің соғысы», «Қисса Хазрет-и Ғұсман», «Әмір Әмзе» т.т.

Қазақ кітаби ақындары мен шығыс фольклоры нұсқаларын нәзиралық дәстүрде қисса-дастан етіп жырлауы, кітап етіп бастыруы: «Мың бір түн» ертегілерінің жырлануы. Мысалы; «Мәлік Хасан», «Сейфүлмәлік», «Шәкір-шәкірат», «Хикаят Халифа Һарун-ар-Рашид» т.б. Шаһнама» сюжеттерінің жырлануы. Мысалы: «Қисса Һамра Хосрау падишаһ» (1881,1898 т.б.), «Шахнаме» (Абулқасым Фирдоуси. Аударушы Оразмолда. Ташкент, 1886). «Қисса Наушируан», «Қисса Рүстем дастан», «Қисса-и Жәмшид», «Қисса Рүстем», «Рүстем дастан» (Т.Ізтілеуов). «Тотынама», «Кәлилә мен Димнә» сюжеттернің жырлануы. Мысалы: Майлықожа ақынның «Бұлбұл», «Қасқыр», «Үш жігіт», «Тотынама», «Момын», «Аңқау мен қу», сондай-ақ Нұржан Наушабайұлы, Мәшһүр Жүсіп, Молда Мұса, Тұрмағамбет Ізтілеуов, Шораяқтың Омары т.б. дастандары, мысал дастандары мен мысал өлеңдері.

Кітаби ақындардың қазақ фольклорының түрлі үлгілерін жинауы, жазып алуы, қайта қорытып, кітап етіп бастырып отыруы. Жүсіпбек қожа жырлаған «Мұңлық-Зарлық», «Қисса Дотан Құбақанбайұлы уа һәм жалмауыз кемпірнің өлгені» секілді фольклорлық шығармалармен қатар ел аузында сақталып келген тарихи ауызекі әңгімелер негізінде Жүсіпбек қожа қисса етіп жырлаған «Қисса Кенехан һәм Наурызбай» және «Қисса Наурызбай төре Қасымұлы…» секілді нәзирагөйлік үлгілері. Сол секілді ел аузында әңгіме болып жүріп, жырға айналған қиссалардың бір үлгісі – «Ер Жафал мен Таңшебер қыздың қиссасы». Кітап болып басылмаған, бірақ жырлануы қиссалық дәстүр. Кітаби ақындардың осы шығармашылық ерекшелігі жөнінде ғалым Б.Кенжебаев: «Қазақ арасынан шыққан молдалардың кейбіреулері араб, фарсы ертектерін, көбінесе арабтың әулие-әнбиелері туралы, пайғамбар, сахабалары туралы аңыздарын қазақ тіліне аударып, қисса, дастан етіп, жазып шығарып жүрді. Олар кейде қазақ ертегілері мен аңыздарын хикая етіп жазып, сонымен қатар, өз жандарынан да қисса, өлең шығаратын болды. Бұл жөнінде Ақмолланың, Кәшшәфетдин Шаһмарденовтің, Ғали Махмудовтың, Мәулекей Жұмашевтың, тағы басқа осылар сияқты моллалардың жазған және бастырған кітаптары дәлел бола алады»,- дейді (28, 17). Пікірде молла ақындар шығармашылығының жан-жақтылығын мұсылман әлемі, жалпы шығыс әдебиеті фольклорымен тығыз байланыстылығын, әсіресе, кітаби ақындардың қазақ фольклоры мен ел ішіндегі түрлі аңыздық материал негізінде де шығармалар тудыру қызметін дөп танып, көрсету бар. Бұл салада анық аңғарылатын шығармашылық мәселе – қазақ халқының төл мұрасын нәзирагөйлік дәстүр деңгейінде қайта қорыту. Төл мұрамыздың негізінде соны сипатты жаңа туындылар тудыру. Сол арқылы қазақ әдебиетіне ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басында (бәлкім бұдан көп бұрын) қазақ әдебиетіне енген жаңа жанр – қисса-дастандар жаратудың тағы бір көзін ашу. Қазақ нәзиралық қисса-дастандарының қатарын төл, қазақы қисса-дастандармен толықтыру. Төл мұра, төл жанр жасау. Бұл нәзирашылдық дәстүрдің бір ұлттың фольклор мен әдебиет аясында іштей түлеу, даму көрінісі және нәзира дәстүрінің бұл тәсілі әрбір ұлттың әдебиетінің іштей түлеп отыруының, дамуының әрқашан бір қыры, бір жолы болып қала бермек.

Қазақ әдебиетінде қисса-дастан жанры кеңес дәуірінде де жазылып, жырланып келді. Бірақ саясат салқынынан әрі орыс әдебиетінің ықпалымен дамып жатқан кеңестік қазақ әдебиетінің әсерінен кең таралмады. Ауылдық жерлерде қолдан-қолға көшіріліп, көп алдында оқылып отырды. Бұның бір дәлелі ретінде ақын Қ.Баймағамбетов шығармашылығын айтсақ болады.

Сонымен бірге, кітаби ақындардың қазақ фольклорлық материалдарын ел ішінен тауып жазып алып отыруы, жинауы, баспаға даярлап ұсынып, кітап етіп бастырып отыруының өзі, өзге қаламгерлік қызметтерінің бәрін жинастырып қойғанның өзінде қазақ халқының ұлттық фольклоры мен фольклористикасы үшін жасалған теңдесі жоқ зор еңбек.

Діни-ағартушылық және кітаби-нәзирашылдық дәстүр


Кітаби ақындар шығармашылығы - үлкен бір мәдени қозғалыс үлгісі, өркениет көрінісі. Күні кешеге дейін қазақ халқы мәдени тұрғыдан даму үшін батыс өркениетіне, әсіресе, орыс мәдениетіне бет бұрды және онан өзіне көп нәрсе алды деп келдік. Бодандықпен ілесе келсе де, бұл тұжырымда шындық жоқ емес. Бар. Олай болса, қазақ халқы ежелден байланысып келе жатқан әрі діндес мұсылмандық шығыстан да көп нәрсе алуы, өркениет ретінде қабылдауы тағы да ақиқат. Демек, кітаби ақындар шығармашылығы қазақ халқын өздері үлкен өркениет таныған шығысқа бет бұруы дәуір тынысы тұрғысынан алғанда, әрі табиғи, әрі мәдени ағартушылық, өркениеттік қозғалыс. Қозғалыс негізінде әлденеше мақсат түйіскен. Олар - отарлық езгіге қарсы ағартушылық қозғалыс, дін сақтау жолындағы күрес, мұсылман өркениетіне қазақ халқының қолын жеткізу!

ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басында қазақ жерінде, елінде ағартушылық ой өріс алып, дамыды. Қазақ даласындағы ағартушылықтың дамуына басты-басты екі-үш себеп болды. Біріншісі, Қазақ хандықтарының жаппай жойылуы мемлекеттік ойдың көмескіленуіне әкелді. Қазақ жерінің жаппай тартып алынуы, қазақ даласында әскери бекініс-қалалар арқылы жүзеге асты. Ресей отаршылары қазақ даласында сенімді орнығып алған соң, елдің тұрмыс-салтының, ұлттық болмысының, дүниетанымының діңі-діңгегі - дініне ауыз арсыздықпен салды. Ғасырлар бойы ұстанып келген мұсылман діні, мұсылман жазуына отарлаушылар тарапынан қатер төнді. Қазақ даласында орысша оқу, шоқындыру өріс алды. Бұл үшін қазақ даласында миссионерлер, миссионер ғалымдар жұмыс жасады. Ғалым М.Мырзахметұлы өзінің «Қазақ қалай орыстандырылды» атты еңбегінде (29,7-34) күні кешеге дейін ұлы ағартушы аталып жүрген Ильминский секілді орыс отарлығының зымиян саясаткерлерінің миссионерлік қызметін жан-жақты ашып көрсетті. Қазақ еліне арналып орыс кириллицасымен басылған христиан дінін уағыздайтын миссионерлік кітаптар көптеп шығып, ел ішіне таралып жатты. Мысалы, «Құдай үшін көп азап тартқан Евстафий Плакиданың, оның қосағының, екі ұлының өмірі. Жизнь и страдания Святого великомученика Евстафия Плакиды с семейством. На киргизском языке. Издание Православного миссионерского общества, Казань, Тип. В.М.Ключникова, 1886, 1890, 1894. Орыс әрпімен қазақ тілінде жазылған, Первоначальное сведение о православной христианской вере… Казань 1886.

Святое Евангелие господа нашего Иусуса Христа от Луки, на киргизском языке. Казань 1889, 1890; Первоначальные сведения о православной христианской вере, сообщаемые киргизу, готовящемуся ко Св. крещению, на русском и киргизском языках Казань, 1890; Священная история Ветхого Завета, Казань, 1890; Ақыл беретұғын книга. Из премудрос- ти Іисуса сына Сирахова, на киргизском языке, Казань 1891; Әулие князь Владимир. Св. благоверный князь Владимир и крещение Руси. На киргизском языке. Казань, Изд. Православн. Миссионер. общ-ва, 1892,1894; Ізгі Авраам (Ізгі Авраам на киргизском языке). Изд. Православн. Миссионер. общ-ва. Казань, Тип. М.А.Чирковой, 1892; Ізгі Іов (Ізгі Іов на киргизском языке). Изд. православн. Миссионер. о-ва. Казань, Тип. М.А.Чирковой, 1892; Ізгі Іосиф (Ізгі Іосиф на киргизском языке). Казань, 1892; Священная история Ветхого и Нового Завета на киргизском языке. Казань, 1893; Іисус Христостың еткен құдіреттері (Іисус Христостың еткен құдіреттері). Чудеса Іисуса Христа. На киргизском языке. Казань, 1893; Іисус Христостынг айтқан мысалдары (Іисус Христостың айтқан мысалдары). Притчи Іисуса Христа на киргизском языке. Казань, 1893; Святое Евангелие от Марка на киргизском языке. Изд. Алтайско-Киргизской духовной миссии на средства Британского и иностранного Библейского общества. Томск, 1894.

Езги княз Владимир тура динге озу де кирип, орус калкын да киргизгени (Ізгі князь Владимир тура дінге өзі де кіріп, орыс халқын да кіргізгені). Святый Благоверный князь Владимир и крещение Руси. На киргизском языке. Казань, 1894; Кудреттер кылушы езги Николай (Құдіреттер қылушы ізгі Николай). Житие Св. Николая чудотворца, на киргизском языке. Казань, 1895; Тилек кнегеси (Тілек книгасы). Молитвенник на киргизском языке. Оренбург, 1895; Азбука для учеников киргизских миссионерских школ. Томск, 1897; Житие Св. великомученика и целителя Пантелеймона. На киргизском языке. Ауруларды жазушы, азапқа шыдаушы ізгі Пантелеймонның өмірі. Оренбург, 1898; Святое Евангелие господа нашего Іисуса Христа от Матфея, Марка, Луки, Іоанна на киргизском языке. Казань, 1901; Шын динге уйрототун кнеге (Шын дінге үйрететін книга). Учение о православной вере на киргизском языке. Казань, 1901; Тилек кнегеси (Тілек книгасы). Молитвенник. На русском и киргизских языках. Изд. Оренбургского Михайло-Архангельского братства, Казань, 1902; Езги Екатерина (Ізгі Екатерина). На киргизском языке. Оренбург, Тургайск. Обл. тип., 1902-1903; Езги Іосиф прекрасный (Ізгі Іосиф прекрасный). На киргизском языке. Казань, 1902; Айал жайнда (Әйел жайында). О женщине. На русско-киргизском языке. Казань, 1903; Езги Варвара (Ізгі Варвара). На киргизском языке. Казань, 1903; Об Іисусе Христе и Мухаммеде. На киргизском языке. Казань, 1904; Шестипсалмие на киргизском языке. Оренбург, 1904 (16,290) секілді кітаптардың басылып шығуы және олардың орыс әрпімен қазақша шығып жатуы көп жайды аңғартса керек. Орыс патшалығының «Қазақ арасында христиан дінін насихаттау, қазақты дінінен, тілінен ажыратып, шоқындыру мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдылықтарының біріне айналды. 1867 жылы Қазан қаласының викарийі Гурий «Казанское братство св. Гурия» деген қоғам құрып, миссионерлік жұмыстың қадау-қадау проблемаларын алға қойды. Орыс емес халықтардың балалары үшін орыс тілінде мектеп ашу, бұратана халықтардың арасында христиан діні насихатын барынша өрістету, қазақ тілінде миссионерлік тақырыпта алуан түрлі кітап шығаруды көздеген» (17,111) саясатының ықпалы екені анық. Сондықтан қазақ оқығандары, ағартушылары мұсылман оқуына көп ден қоюы, кітаби ақындардың мұсылман әлемінің діни, фольклорлық, әдеби мұрасын қазақ тілінде сөйлетуі қазақ халқын тілінен, дінінен айырғысы келетін орыс миссионерлерінің іс-әрекетіне тосқауыл ретінде жолға қойылғанын қарыштап дамығанын аңғаруға болады. Әлбетте, ең бастысы, кітаби ақындардың қазақ әдебиетіне шығыс классикасын әкелген өлшеусіз қызметі. Демек, қазақ кітаби ақындары діні бір болмаған елде бірлік те, тірлік те болмайтынын аңғарып, әрі діни, әрі әдеби қызмет еткен ағартушы қаламгерлер болды.



ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы қазақ оқығандарының орыс отарлығына, христиан миссионерлігінің күшеюіне қарсы қолданған алғашқы қаруы білім алуды күшейту, сол арқылы қазақ даласындағы ислам негіздерін нығайта түсу болды. Соның салдарынан да ХХ ғасыр басында қазақ халқында оқу-ағарту ісі күшейе түсті. Оқу-ағартушылық мәселесінде ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басында екі ағым қатар өмір сүріп тұрды. Олар «усули қадим» немесе «қадым оқуы» мұны қазақша қадымша деп қысқарта айтады. Қадым оқуы ежелгі дәуірлерден ХХ ғасыр басына дейін күллі түрік халықтары қолданған, арабтың 28 әрпіне негізделген жазу болатын. Сондықтан оны кейде «түрки» деп те қолданамыз. Осы қадым жазуының ерекшелігі түріктің қай жұрағаты болса да, осы 28 әріп негізінде жазып және оқитын. Шындығында, қадым жазуын әр түрік ұлт, ұлысы өзінше оқитын. Мәселе тек жазуда емес, «қадым» қалыптасқан тәртібі бар ағартушылық білім беру жүйесі еді. Бұл оқуда ислам діні, шариғат шарттары, қағидалары көп оқытылатын. Өзге пәндер, мысалы, тарих, жағрафия, т.т. дүниелік пәндер, ғылым салалары аз оқылатын. «Қадым» оқуы түрік халқының фонетикалық қорын түгел қамти алмауы және діни-схоластикалық пәндер көп оқылуы себепті түрік халықтары үшін күрделі оқу жүйесіне айналған. Оқуды меңгеру қиындығынан ілімді шала-шарпы меңгерген дүмше молдалардың көптеп шығу құбылысы қазақ даласында анық аңғарылған еді. Әйтсе де қадым оқуын терең меңгерген, сол арқылы түрки, араб, парсы тілдерін меңгеріп, сол тілдердегі фәлсафалық, тарихи, фольклорлық, әдеби т.т. шығармаларды оқуға, терең тануға қол жеткізген кісілер де аз болған жоқ. Сондай кемел молдалар легі кітаби ақындардың мол шоғыры еді. Сонымен бірге «қадым» оқуының басты ерекшелігі, құндылығы түрік халықтарын бір жазу-сызу аясында ұстауы еді. Қадым түркілердің түбі бір, діні бір туыстығының, біртұтас ұлттық танымының ұзақ ғасырларға сақталуына негіз болған оқу жүйесі болатын. Демек, күні бүгінге дейін күллі араб әлемін «құран жазуы» қалай біріктіріп, біртұтас ұлттық танымда ұстап отырса, қадым оқуы түрік халықтары үшін ғасырлар бойы сол дәрежеде қызмет еткені анық. Яғни түрік ұлыстарын тұтастықта, бірлікте ұстаған қазық «усули қадым» болатын. Кешегі кеңес дәуірінде және бүгінгі күнге дейін «қадым» оқу жүйесін біржақты сынау белең алып келеді. Дұрысы, күрделілігін айта отырып, оның неше дәуірлерге созылған ұлы қызметін де есте ұстағанымыз жөн. Қадымды жоғалттық. Қадыммен бірге түрік халықтарының ортақ оқу, ортақ жазу мәдениетін жоғалттық. Біртұтас ұлыстық, ұлттық танымнан, біртұтастық, бірлік ой-қазығынан айрылдық. Әйтсе де, ескі тозбай қоймайды, жаңа жеңбей қоймайды. Бізден көп бұрын орыс бодандығын қабылдап, отарлық езгіні ғасырлар бойы көріп келе жатқан, сол езгінің нәтижесінде ерте есейген татар халқында «Усули жадид» қозғалысы ерте басталды. Жалпы, қазақ халқының мәдени өркендеуіне, ұлт ретінде оянып, бас көтеруіне татар халқының мәдениеті, түрлі ағымдары мен қозғалыстары ерекше әсер етті. Бұл – тарихи шындық. Сол секілді «Усули жадид» қозғалысы да татар халқында басталып, татар қоғамдық өмірінің бар саласын қамтыған, әдебиеті мен өнеріне, мәдениетіне зор әсер еткен ағым ретінде қалыптасты. Оның алғашқы нышаны ХҮІІІ ғасырдың аяқ шені мен ХІХ ғасырдың басында көрініс тапқан. Оның көрнекті өкілдері Курсави, Маржани секілді татар ағартушылары болды. Олардан кейін татар халқының ұлы ағартушы ұстазы Каюм Насыри мен бүкіл өмірін Ресей қол астындағы түрік жұртын оятуға арнаған, сол үшін «Тәржүман» газетін шығарып, оны өзіне өмірлік қайраткерлік мінберіне айналдырған қырым татары Исмайыл-бей Ғаспралыны атауға болады.

Араб тілінде «қадым» - ескі, «жадид» - жаңа деген сөз. Яғни, ескі жүйе мен жаңа жүйе. «Усули жадид» ең алдымен араб әріпті түрки әліпбиге реформа жасады. Арабтың жиырма сегіз әрпі негізінде түрік халықтарының фонетикалық ерекшелігіне сай қамтылмай келген дыбыстарға жаңа әріптер жасап енгізді. Тек әліпби ғана емес, күллі оқу жүйесіне жаңалықтар енді. Жаңа оқу жүйесінде діни сабақтармен қатар, ғылымның түрлі саласының қамтылуы, оқылуы қадағаланды. Бұл оқу жүйесінің жеңіл әрі ұғынықты болуына алып келді. Бұл сол кезең үшін үлкен даму, прогресс болды. Шындығында да, «Усули жадид» тек оқу саласы ғана емес, қоғам өмірінің барлық саласын қамтып үлкен ағымға айналды, отарлық езгіде жаншылған татар халқын бұл ағым үлкен қозғалысқа алып келді. Сол қозғалыс біртіндеп қазақ даласына да өте бастады. ХХ ғасыр басында шығып тұрған қазақ газеттері, түрлі қалаларда көптеп басылып жатқан қазақ кітаптары қазақ қоғамындағы дамудың, оянушылық, ағартушылық ой-идеяның көркеюінің көрінісі, жемісі еді. Оның артында үлкен қозғалыс, қоғамдық дүмпу туғызып «Усули жадид» ағымы себепкер болып тұра алды. Әлбетте, осы ағымдардың қайсысының болса да үлкен мәселелерінің бірі – мұсылман дінін христиан миссионерлік шабуылынан сақтап қалу еді. Дін - ұлттық тұтастықтың бір кепілі екендігі сөзсіз. Сондықтан да бұл ағымдардың өзегінде дін үшін күрес өріліп отырды. Сол себепті де ХІХ ғасыр соңы мен ХХ ғасыр басында басылып шыққан кітаптардың басым бөлігі діни кітаптар болды. Оларда діни уағыздар, пайғамбарлар өмірі, ғазауат ерлері туралы жырланды. Ең алдымен, Құран сюжеттері жырланды. Құран сүрелері қазақ кітаби ақындары қаламынан, нәзира дәстүрі аясында дербес көркем шығармаларға айналып жатты. Бұл – уақыт қажеттілігі, дәуір талабы еді. Яғни, ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басында қоғам өмірін тұтас дерлік қамтып келе жатқан ағартушылық қозғалыстың үлкен саласы – діни-ағартушылық болды. Оның басты өкілдері кітаби ақындар еді. Ағартушылық ағымды жеке зерттеу нысаны ретінде қарастырған У.Қалижан ағым өкілдері ретінде жәдидшіл ақын Ақмолладан бастап Ыбырай, Абай, Әбубәкір, Нұржан, Мәшһүр Жүсіп, Шәді, Шәкәрім, Мақыштарды жатқызады (18).



ХІХ ғасырдың соңғы ширегі мен ХХ ғасыр басында шығармашылық еткен қай ақын-жазушымыз болсын білім алуды, ең алдымен, діни оқудан бастаған. Сол себепті де көпшілігі өз шығармашылығында тіпті ара-тұра болса да дін тақырыбына барып отырған қаламгерлер еді. Сондай қаламгерлердің бірегейі ХІХ ғасыр соңы мен ХХ ғасыр басында нәзира дәстүрінде қалам тербеген, сонысымен қазақ жазба әдебиетінің қалыптасуына мол еңбек сіңірген кітаби ақын Жүсіпбек қожа Шайхисламұлы. Қазіргі деректер бойынша ол қазан төңкерісіне дейін жеке атаумен жиырма үш кітап бастырған. Олардың әрқайсысы сегіз-тоғыз мәрте қайта басылып, қазан төңкерісіне дейін Жүсіпбек қожаның жыл сайын бірнеше кітабы жарық көріп қазақ арасына кең таралып отырған. Кітаби ақын олардың бірін өзі жазса, келесісін ел аузынан жазып алып, өңдеп кітап етіп бастырады. Сондықтан оның есіміне байланысты «жазған», «жазушы», «аударған», «редакциясын басқарған» секілді сөздер беріліп отырған. Қалай болғанда да, Жүсіпбек қожа кітаби ақын ретінде, ең алдымен, қазақ фольклорының жазылып алынуы, өңделуі және кітап етіп бастырып шығару мәселесінде ерекше еңбек етті. Бұған мысал ретінде Жүсіпбек қожа кітап етіп бастырған «Қисса Алпамыс», «Қыз Жібектің хикаясы» секілді фольклорлық шығармаларымызды айтудың өзі де жеткілікті болса керек. Сонымен бірге Жүсіпбек фольклорлық шығармаларды өңдеумен ғана шектеліп қалған жоқ, фольклорлық туындыларды негізге ала отырып жаңа нәзиралық шығармалар жазды. Бұлар - «Мұңлық-Зарлық», «Қисса Дотан» секілді шығармалар. Кітаби ақындардың, соның ішінде Жүсіпбек пен Шәдінің шығармашылық мол өнім берген ерекше қыры - дәнді шығыс фольклоры мен әдебиетінен алып қазақ тілінде нәзиралық шығармалар жарату. Бұл - қазақ кітаби ақындарының басты шығармашылық қыры. Олар – әсіресе, дін тақырыбына көп барған ақындар болды. «…Шығыс әдебиетінің үлгілерін ел арасында тарату ісімен қисса жазған кітаби ақындардың бір тобы да көп шұғылданды. Кітаби ақындар деп аталып жүргендер – мұсылманша оқып, хат танып, шығармаларын кітаби тілде жазып, діни араб, парсы сөздерін орынсыз қолданған, сол сияқты татар тілінің элементтерін сөзге көп кіргізген ақындар. Бұлардың ішінен шығыс әдебиетінің нұсқаларын әңгіме-өлең, поэма-дастан етіп жазған, ел арасында айтылып жүргендерін өзінше өңдеп, жинап бастырған Шәді Жәңгіров, Ақылбек бин Сабал, Мәулекей, Жүсіпбек Шайхисламов сияқты бірнеше ақынды атауға болады. Бұл ақындардың еңбегінің сөзсіз құндылығы – олар қазақ әдебиетінің тақырыптық, сюжеттік арнасын кеңейтіп, оны шығыс әдебиетінің үлгілерімен молықтыру ісіне себін тигізді. Алайда, олар шығыс әдебиетінің ең халықтық, асыл нұсқаларын сұрыптап, талдап алу жағынан қарағанда, үнемі ойлаған жерден шығып отырмайды. Мұның себебі – олар өздері дінге сенді, діни қағидаларды уағыздауды міндет етті. Мысалы, өте-мөте Жүсіпбек секілді ақындар діни сарындағы шығармаларды насиихаттап таратуға күш салды…»- деп, «Қазақ әдебиеті тарихының» 2 т. 1-кітабында (11, 537) кітаби ақын және олардың шығармашылық ерекшелігі жөнінде сөз етіледі. Кеңес дәуірінде кеңестік саясат тұрғысынан сынай сөз етілсе де, талдамада көп шындық бар. Кітаби ақындық табиғатын терең танып айтылған пікір. Әсіресе Жүсіпбек қожа шығармашылығының дінге қатысы жөнінде дұрыс айтылған. Шынында да Жүсіпбек ақын өзге тақырыптармен қатар діни тақырыптарға көп барған. Бұл мәселеде оның атақты «Жүсіп – Зылихасынан» бастап «Қисса-и ән-Хазрет расулның миғражға қонақ болғаны», «Қисса-и Хазрет-и Ғали», «Қисса Хәзрет-и Ғұсман», «Қисса-и уақиға-и Кәрбәла… Хәзрет-и имам Хусеин…» секілді шығармаларының бәрі де мұсылман діні және пайғамбарлар мен халифтар туралы екенін айтсақ та жеткілікті. Тіпті өзге шығармаларының өзінде де оқушысына арнау сөздерінде діни уағыз айтып, діни ой, діни насихатты үнемі қазақ оқушысына жіті жеткізіп отырған. Бұл ақынның діни-ағартушылық ағымның белді өкілі болғанын, өзге ұлттық мәселелерге тек сол мұсылманшылық тұрғысынан қарап, бағалап отырғаны аңғарылады. Діни ағартушылық және дастандар табиғаты жөнінде ғалым Б.Әзібаева: «…Қазақ даласында Ислам дінінің тамырын терең жаюында діни дастандардың рөлі ерекше болды. Себебі, Ислам дінінің нығаюы үшін күрес әрекеттері соңғы ғасырларда екі жолмен іске асып отырды: яғни, бірінші әдіс Ислам таратушылардың іс-жүзіндегі (мешіт, медресе) үгіт-насихат жүргізуі арқылы жүзеге асса, екіншісі – ақын жанды дала тұрғындарының жан-жүрегіне жыр сөздерімен (діни дастандар) әсер ету арқылы орындалған тәрізді»,- дейді. Сонымен бірге, ғалымның «Діни дастандар өзінің сюжеттері, мазмұны, шығу тарихы, даму, таралу жолдары жағынан әр түрлі. Бірақ олардың барлығы идея жағынан бірігеді, ол – Исламдық руханият құндылықтарын үгіттеу, мұсылманшылықты өмір сүрудің негізі деп түсіндіру идеясы» (30, 12-13) деген пікірі кітаби, діни ақын шығармашылығының өзіндік ерекшелігін, идеялық түп-қазығын танытса керек.

Жүсіпбек ақынның жоғарыда атап өтілген шығармаларының қай-қайсысы болса да, бүгінгі күнге дейін өз құнын жоймаған, алдағы уақытта да дұрыс бағалана берері даусыз туындылар. Олай дейтін себебіміз: кешегі кеңестік дәуірде қазақ әдебиетіндегі дін тақырыбы, діни қайраткерлер мен ғазауат соғысы ерлерін жырлаған көркем әдебиеттің жариялануына тыйым салынды. Нәтижесінде қазақ оқырманы діни танымнан тыс өсті. Сол себепті де қазір ҚР ҰҒА М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты тарапынан шығарылып жатқан «Бабалар сөзі» көп томдығының орны бұл мәселеде ерекше деуге болады. Бірінші томда Жүсіпбектің «Қисса-и анхазірет Расулдың Миғражға қонақ болғаны», «Қисса-и Мұхаммед Расул Алланың дәрул пәниден дәрул бақиға рихлат еткен мәселесі», «Қисса-и Шаһизинда», «Қисса-и уақиға Кербала хазірет Хусаин разы Аллаһ анһу» секілді қиссалары енгізілген. Олардың әрқайсысы да - қазан төңкерісіне дейін әлденеше реттен қайта жарияланып отырған кітаптар. Демек, үнемі дерлік оқушысы табылған, қазақ қауымының қажетін өтеп, діни наным-сенімін нығайтып отырған шығармалар. Мысалы, Мұхаммед Пайғамбардың көкке көтерілуі, қайтыс болуы, Мұхаммед Пайғамбардың қызы Фатима мен Әзірет Әлінің ұрпағы Хусеиннің дін ішіндегі тартыс, соғыс нәтижесінде опат болуы секілді мәселелер бүгінгі қазақ оқырманы үшін де білуге қажетті әрі қызықты, әрі мұсылман дінінен, тарихынан мол мағұлмат берер көркем де, құнды діни әдебиет деп бағалауға әбден болады.


Каталог: ebook -> umm
umm -> ПОӘК 042-18-29 8/03-2013 №1 басылым 05. 09. 2013
umm -> Жалпы және заң психологиясы терминдерінің қысқаша сөздігі. І бөлім. Жалпы психология пәнінің терминдері
umm -> 6М 011700- «Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы» Магистранттарға арналған
umm -> ПОӘК 042-14-5-05. 02. 20. 22/2013 № басылым
umm -> 6М 011700- «Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы» Магистранттарға арналған
umm -> «Ежелгі дәуір әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті», 5В012100- Қазақ тілінде
umm -> Оқытушы үшін «Қазақстан тарихы»
umm -> Әбікенова Гүлнафис Төкенқызы Қазақ тіліндегі эпистолярлық стильдің лингвистикалық сипаты
umm -> Педагогика кафедрасы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет