Бірінші тарау: «татулықты сүйгіш, сезгіш жүректі »



бет6/10
Дата13.11.2016
өлшемі1,74 Mb.
#1656
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

«Асфандияров жолдастың сөзінің дені өткен жолғы кеңестегі сөйлеген жолдастардың қателігін қайталады. Сондықтан да біздің ең білімді тарихшыларымыздың бірі Асфандияров жолдас келесі жолы қайыра сөйлеуге дайындалуы керек деп ойлаймын. Біраз мәселеге тоқталып жатпаймын. Асфандияровта бейдиалектикалық қарама-қайшылық бар. Ол өзінің сөзін: барлық интеллигенцияны кадеттермен теңестіресіңдер деген желеумен бастады да, ал өзі барлық интеллигенцияны алашордашыларға қосақтады. Яғни, Асфандияровтың пікіріне жүгінсек, 1917 жылға дейін «Алашорда» обьективті түрде прогрессивті болған, ал 1917 жылдан кейін аяқ астынан өзгеріп шыға келген... Асфандияров жолдасқа қатысты айтарым, оны «есептен шығарып тастаудың», сәл де болса басын қатерге тігудің қажеті жоқ, оны сақтай білуіміз керек. Бұл мәселе жөнінде мен де қателіктер жіберген болатынмын... Асфандияров жолдастың сөзінің әсерінен кейін: оған неге сөз бердім екен, алдыңғы шешеннен кейін жарыссөзді неге тоқтатпадым екен, деп өкініп отырмын. Сондықтан да Асфандияров пен Федоров бұл мәселе жөнінде қайталап сөйлеуі тиіс. Ал біз олардың не дейтінін тыңдайық, оларға өз қателерін түзетуге көмектесеміз, қажет болса, ұрсып та аламыз», – деп өкініш білдірді.

Оның бұл сөзіне қарағанда А.Мусинді алдыңғы пікірінен бас тартуы үшін екінші отырысқа ырқынан тыс алып келгені байқалады.


Анкеталық анықтама (жалғасы): 1912 жылы Орынборға бақылау астына жіберлген Мемлекеттік Думаның мүшесі Ә.Бөкейхановпен, әкімшілік тұрғыдан жер аударылған А.Байтұрсыновпен, М.Дулатовпен бірге «Қазақ» газетін ашқан. Жетісуға келуге тиым салынғандықтан да 1914 жылдан бастап Самарқанда суландыру саласында, кейіннен Орта Азия темір жол торабында, Жетісу торабында қызмет етті. Самарқан, Ашхабад, Қоджент, Ташкент, Шымкент қалаларында үнемі полицияның бақылауы астында жүрді. 1916 жылы ұлт-азаттық көтерілістің қанды оқиғалары туралы әйгілі «Түркістан генерал-губернаторы мәртебелі Куропаткинге» ашық хат жазды.

1916 жылы 3 ақпанда Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Н.Бегімбетов Петроградқа барып, әскерм министр генерал Поливановқа жолығып, қазақтарды әскерге алу мәселесін жеткізді. Ондағы басты мақсат: қазіргі заманның қару‑жарағының тілін білмей, тұрақты әскерге тартылмай ұлттық тәуелсіздік туралы қиялдауға да болмайтын. Мұны алаштықтар: келешек ұрпақтың алдындағы парызымыз, – деп түсінді. Заманның беталысы ұлттан соны талап етті. Саналы армиясыз «сәулетті, еркін күнді» аңсаудың өзі надандық болатын. Сондықтан да «Қазақ» газеті:



«Егерде біз теңдікке қол жеткізгіміз келсе, онда қазірден бастап тереңдеп ойламасақ болмайды. Бүгін не ексек, ертең соны орамыз», – деп жазуының астары осында.

28-29 желтоқсандағы кеңесте С.Асфандияров өзінің пікірін одан әрі тереңдетіп әрі-сәрі күйде: «Импералистік соғыс кезінде бұл зиялылар бұқараны күйреуік көңіл-күйде ұстады. Тек жалғыз Тынышбаев қана: Германияға қарсы майданда «ақ патшаны» қолдаңдар, германдықтар келсе, ауылдарыңды тонайды деген мағынала үгіт жүргізді. Кезінде мен Тынышбаевқа: бұлай деуге қалай дәтің барады, дегенім есімде. Анығын айтсақ, қара халық бұл майданда Түркияның жеңіп шығуын қалады. Міне, жалпы жағдай осындай болатын...Бұл қозғалыс революциялық емес, ұлттық-реформистік қоғалыс», – деген пікір білдірді.


«Алаш» партиясының үкімет мүшелігіне ұсынған №2 үміткерге 1917 жылы 28 қазанда «Қазақ» газетінде берілген анықтамасы М.Тынышбаевтің ұлт азаттығы жолындағы күрескерлік рухынан толық хабар береді. Онда:

«25 июнь жарлығы тақырыпты Жетісуда бүліншілік болғаннан бері Мұхамеджан көзге көрінерлік көп пайда келтіріп жүр. Былтыр Түркістан уәлаятына Куропаткин генерал-губернатор болып тұрған кезде Жетісудағы бүліншіліктің не себепті болғандығын, айыптың бәрі Жетісу қырғыз-қазағында емес, жергілікиі хакімдердің жауыздығынан болғандығын Куропаткинге жете түсіндіруші Мұхамеджан. Түркістан уәлаятындағы қазақ-қырғыздың жер-суы переселен мекемесінің зиянды саясаты бойынша мұжыққа алынғандығын, жергілікті халықтардың тау мен тасқа қамалып қалғандығын һам мұнан былай да жер алынатын болса, қазақ-қырғыз аса таршылықта қалатындығын анықтап доклад жазған Мұхамеджан.

1905 жылы бостандық елестеген кезде Петроградқа һар облыстан түрлі мәселелер һақында ізденуші қазақтар көп барғанда, қазақтың пәленше-түгенше деп Алашқа аты шыққан кейбіреулері арызшылардың қалтасын қанауды кәсіп қылғанда, басшылық етіп, еңбегін сатпай, қызмет көрсеткен Мұхамеджан. Ол жылдары Мұхамеджан Петрборда оқып жүрген студент еді. Сол жылғы петрборшылар Мұхамеджанның кім екенін, басқалардың кім екенін біліп қайтқан.

Мұхамеджанды өзгерістен кейін хүкімет Түркістан комитетіне ағза қылып сайлады. Түркістан уәлаятындағы бес облыс һам Бұқара, Хиуа істерін басқару үшін құрылған Түркістан комитетінің барлық 9 ағзасының екеуі қазақ еді: Әлихан һам Мұхамеджан. Мұнан көрінеді: Мұхамеджан қазақта бір болса – өзі, екі болса – екінші кісі екендігі. Жаз бойы Мұхамеджан қазақ-қырғыз һам мұжықтар үшін жәрдем сұрап, Петрборға барып қайтты» – деп жазылды.

Бұл сөздердің астарында ұлт мүддесі үшін бар өмірін арнаған алаш азаматының қайсар рухы жатыр. Қазақ тарихында зерттелмеген аса бір талқысы осы күнге дейін созылып келеді. Бұл мәселеге жанын сала кірісіп, жүздеген мың қазақты отанына қайтарып, жерге орналастырып, сол үшін басын бәйгеге тіккен адам – Мұхамеджан Тынышбаев. Түркістан генерал- губернаторына қырғынның барлық шындығын ашып айтып мәселе қойған да, уақытша үкіметтің арнайы тергеу комиссиясын құрғызған адам да – Мұхамеджан Тынышбаев.Соның нәтижесінде ұлт-азаттық көтерілісі тұсындағы жазалау отрядтарының «әскери серуені» – қанды қырғыны туралы әшкерелеуші деректер мұрағатта сақталып қалды. «Жетісу облысындағы босқын қырғыз-қазақ жайы» атты «Қазақ» газетінің 1917 жылға 6 желтоқсан күнгі санында:



«Қазақтың» 237-ші нөмірінде Қытайға босқан қырғыз-қазақтың саны  164 мың, қырылғаны 83 мың, қытайда қалғаны 12 мың деп көрсетіліп еді. Енді бұл туралы анығырақ есеп-қисап көрсетпекшіміз. Бұл төменгі көрсетілген есеп шын мөлшерінен аз болмаса, кем емес. Пішпек, Пржевал уездерінен қашқанның бәрі қырғыз, Жаркент, Алматы уездерінен қашқанның бәрі қазақ «үйсіннің албаны). Жоғарғы 44 болыс елде барлығы 47 мың 759 түтін бар, сонан қашқаны 40 мың 250 түтін, қырылғаны 95 мың 200 жан болады. Бұл есепке қарағанда бұл елдердің босқындарының жартыға таяу адамы қырылған», – деп талдау жасады.

Бұл С.Брайниннің: «Біз Бөкейхановтың Торғайда, ал Тынышбаевтің 1916 жылы Куропаткинмен бірге тәржімашы ретінде, ал нағында патшаға қарсы шыққан қалың қазақ бұқарасының жендеті ретінде Жетісуда не айтқанын жақсы білеміз. Мұның барлығын алашорданы мадақтау демей, жайдақтау демей басқаша қалай түсінуге болады? Басқаша түсіндіріп көріңдерші қане...», – деп сес көрсететін тұсы.



Әрине, мұны «басқаша түсіндіруге» әбден болатын. Ол үшін Брайниннің бөртпе бүркемесіне емес, М.Тынышбаев пен О.Шкапскийдің 1937 жылы 30 наурызда Уақытша үкіметтің Жетісудағы комиссарлары болып тағайындалысымен Петроградқа шұғыл түрде жолданған төмендегі жеделхаттары «халықтық жендеттің» қандай іс-әрекетпен шұғылданғанынан анық мағлұмат береді. Ж.Дүзбаевтің жарияланымы бойынша ұсынылып отырған бұл жеделхаттардың мазмұны онсыз да түсінікті болғандықтан да, талдап жатпаймыз:

12-мамыр. 1917 жыл. Петроград, (бес адреске). «Бұрын-соңды болмаған құрғақшылықтың зардабынан Жетісудағы егіндік пен шабындық жерлер қурап қалды. Күзде алынатын өнім болмашы ғана, ал шөп мүлде жоқ. Барлығы дерлік күйіп кеткен. Қыста соның салдарынан мал түгел қырылатыны анық. Орыстардың көтеріліс кезін де тартқан шығындарын өтемей орыс пен қазақ – қырғызды татуластыру мүмкін емес. Сондықтан да алдағы үлкен апаттан елді аман алып шығу үшін міндетті түрде шұғыл шаралар қолдану қажет... Өлкенің экономикалық, географиялық және саяси ерекшеліктерін ескере отырып өздігінен щешім қабылдай алатын, Түркістан Комитетіне тәуелсіз, арнаулы Жетісу Комитетін құруға рұқсат етіңіздер. Комитетті күшейту мақсатымен осы өлкеде туып өскен социал-демократ, меньшевик Илья Шендриковты үшінші Комитет мүшесі етіп бекітулеріңізді сұраймыз. 12-мамыр. 29-нөмір. Шкапский, Тынышпаев».

31-мамыр. Петроград. Шепкинге. «Бүгіннен қалмай мен Қарқараға жүремін, қырғыздар (қазақтар – Т.Ж.) арасында әлеуметтік реформалар жүргізу қажет. Феодалдық құрылысты әшкерелеп, оны түп-тамырымен құрту керек. М. Тынышпаев».

Келген бетте Петроградтағы Азық-түлік министрлігіне, Жер қатынастары министрлігіне, Юстиция министрлігіне, Ағарту министрлігіне, Түркістан Комитетінің председателі Шепкинге, Мемлекеттік Дума ішіндегі мұсылман фракциясына және беделді деген газет редакцияларына шұғыл телеграмма соғады:

«Халықтың болашағы бірлікте! ...Ел ішіндегі жағдай өте ауыр. Бірінші маусымда уездік комитеттердің және басқа да комиссия мүшелерімен бірге Қытайдан қайтып оралған қазақт – қырғыздардың қоныстарын аралап қайттық. Олардың ауыр тұрмысы біздің жанымызға қатты батты. Елдің үстіне ілген киімдері алба-жұлба болып тозған, балалар өте аз, олардың көпшілігі нашар тамақтанудың салдарынан рахит ауруына шалдыққан. Бойжеткен қыздар мен жас келіншектер жоқтың қасы, оларды Қытай Түркістанында нанға айырбастаған көрінеді. Киіз үй дегендері – таяққа қыстырылған алба-жұлба киіздің қиындылары, мал басы өте аз, оны да Қытай жерінде тонап алған дейді... Ең қорқыныштысы қазақ – қырғыздардың жаппай аштықтан қырыла бастауы. Қарқараға бара жатқанымда жол шетінде құлап өліп жатқан жиырмадан аса өлікті өз көзіммен көрдім, бірнешеуі балалардың өлігі. Орыстардың қазақ – қырғыздарға көрсеткен зорлықтары шектен шығып кетті... Түпке менің келуімнен аз бұрын, демалыста жүрген бір топ солдат бандылар қазақ – қырғыз ауылын шауып, бүкіл малын айдап әкетіпті. Ал, тоналған малды айдатқызып әкеткен үш адамды бала-шағасымен жол-жөнекей жайратып кеткен. Қылмыстылардың ізімен дереу қуғын жібердім. Бұл, өкінішке орай, жеке-дара уақиға емес... Пржевальскі уезінде үлкен дүрбелең басталды. Шаруалар егіс науқаны қызған шақта жұмыстарын тастап, ірі селоларға, қалаларға жиналып, жер-жерлерде жалда жүрген жүздеген қазақ – қырғыздарды соққыға жығып, өлімші етіп сабап кеткен.

Бұл көтерілістің шығуының басты себептерінің бірі – әйгілі қоныс аудару саясаты арқылы қазақ пен қырғыздан бірқатар шұрайлы, егістік жерлерді тартып алуда жатыр.

Көтерілістің тағы бір себебі, менің ойымша, жергілікті феодалдық құрылыс, бұл туралы 1906 жылғы «Известия географического общества» журналында басылған «Киргизы и крестьяне» деген мақаламда жазған болатынмын. Жергілікті бай-манаптармен, осы жолғы сапарымдағы істі одан әрі жалғастырып, үздіксіз күрес жүргізу керек. Жүріп өткен жерлерімде митингілер ұйымдастырып, тіл білетін шешендерді сөйлетіп, елге жаңа үкіметтің саясатын түсіндіру барысында біраз жұмыстар жүргіздім. Жаңа үкіметтің атынан осы жылғы жиналатын алым-салықты қысқартып, манаптық басқару жүйесін тараттым. Елдің бәріне бірдей теңдік жарияладым. Мұндағы ойым – онсыз да қытайлықтар мен орыстардың тонауынан қайыршылық жағдайына түскен аш халықты манаптардың «шығын» деп аталатын алым-салығынан құтқару еді. Алайда, мұндай бірлі-жарымды істелінген шаралар жеткіліксіз, бай-манаптармен күресу үшін демократиялық өзіндік басқаруды енгізіп, бұл өлке өте мұқтаж болып отырған ағарту жұмыстарын үздіксіз жүргізу керек. Аштықтан қырылып жатқан қара қырғыз халықтарына қол ұшын беріп, олардың күйреген шаруашылығын қалпына келтіріп беру – орыс халқының ар-намысына жүктелген абыройлы міндет. Жетісуда азық-түлік мәселесін шешу үшін міндетті түрде астық монополиясын енгізу керек. Ол басы артық астықты жиып алып, мұқтаж болып отырғандарға теңдей бөліп беруге мүмкіншілік туғызады. Қырғыздардың күйзелген шаруашылығын қалпына келтіру үшін Қытай Түркістаны базарынан мал сатып алып, оны тақыр кедейлерге тегін үлестіріп берген жөн. Соңғыларына сонымен қатар баспана боларлық киіз үй жасап алуларына қаржы бөлу қажет. Қанат жайып кеткен тонаушылықпен күрестің алғашқы қадамдары жасалып жатыр, яғни, шаруалар мен демалыстағы солдаттарды қарусыздандырып, мылтықтарын жиып алдым. Қылмыс үстінде ұсталғандарға дереу сот жүргізу керек... Соған байланысты тергеу ісін жүргізуде басшылық жасайтын прокурор жолдасты, уездік комитеттердің өкілдерінен уақытша құрылған присяжныйлардың сотына төрелік ететін сот өкілін командировкаға жіберулеріңізді сұраймын. Қылмыстыларды маусымның аяғына қалдырмай қатаң жауапқа тартқан дұрыс. Әйтпесе, бандылардың айуандығы шектен шығып барады.

Сот сонымен бірге бай-манаптармен күресу үшін де қажет. Алғашқы сапарда бастап кеткен осы бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастыруға орыс революциясының міндеті мен мақсатын толық ұғынған, жұмыс істейтін саналы жолдастар керек. Өкімет басшыларынан қырғыз халқы аса мұқтаж болып отырған азық-түлік дайындауға және шаруашылықтарын қалпына келтіруге жұмсалатын қаражат бөлулерін өтінемін. Орыс және мұсылман қоғамдарынан Жетісу өлкесіне бұл іске жан сала кірісетін қызметкерлер жіберіп, көмектесулерін сұраймын...

Социал-демократтар, меньшевиктер, халықшылдар және т.б. партиялардан осы үндеуді қолдап, қолғабыстарын тигізулерін сұраймын. Большевиктерді әдейі шақырмай отырмыз. Демагогиямен айналысып, бос сөйлеп жүргендер өзімізде де жеткілікті. Ұлы Русь, орыстар мен мұсылмандар, шалғай түкпірдегі Жетісу қырғыздарының басына ауыр іс түскен шақта бар көмегін аямай, олардың бай-манаптар езгісінен босанып, басқа да Россия халықтарымен қолтықтасып прогрестің кең жолына шығуына көмектеседі деп сенемін. 85. Уақытша үкіметтің Түркістан Комитеті мүшесі М. Тынышпаев».

1917 жылғы тамыз. «Орыс-қырғыз арасындағы шиеленіскен ауыр жағдайды қалпына келтіру үшін бірінші кезекте олардың шығындарын өтейтін қаржы сұрап мамыр айының басынан Ташкентке 41, 61, 67, 70, 85, 96, 103, 123 нөмірлермен, Петроградқа 29, 42, 79, 113, 127, 256 және 344-нөмірлермен телеграммалар жөнелткен едік. Жауап жоқ... Қолға түскен орыс бандыларына сот жүргізу үшін жергілікті комитет мүшелерімен бірге уақытша присяжныйлар сотын құруын сұрап, Юстиция министрлігіне екі рет хабар жіберген болатынбыз. Өкінішке орай, оған да әлі жауап жоқ. Бұл, әрине, бандылармен күрес жүргізу жұмысына үлкен кесірін тигізуде. Ташкенттен отырып бұл жердегі жағдайды көріп-білу мүмкін емес, жауапсыз жандардың іске араласуы жағдайды шиеленістіргеннен басқа пайда бермейді. Сіздің игі ниетпен жіберген комиссияңыз, сот өкілдері мен солдаттарыңыз істі тек насырға шаптырады. Соның қырсығынан жергілікті халықтың сенімінен айрылып қалуымыз мүмкін. Тырнақтап жиған абыройымызды уыстап төгетін бұндай іске араласудан бас тартамыз. Өтінішіміз қанағаттандырылмаған жағдайда отставкаға береміз...

Жазалаушы экспедиция мен жауапсыз адамдардың орнына шынайы интеллигенция өкілдері: судьялар, дәрігерлер, тергеушілер, комиссарлар керек, мұқтаж болып отырған 11 миллион сом ақша керек; эпидемиямен күресу үшін дәрі-дәрмек керек, алыс аудандармен байланыс жасап тұруға автомобильдер керек. Илья Шендриков керек... Ал, сіздердің экспедицияларыңыз орыс-қырғыз қатынасына кесірін тигізіп, біздің еңбегімізді еш ететіні анық. Шешімдеріңізді қайта қарағандарыңыз дұрыс болар еді. 349. Шкапский, Тынышпаев».

А. Ф. Керенскийдің коалициялық жаңа үкіметі Жетісу тұрғындарының шығындарын өтеуге 11 миллион 150 мың сом қаржы бөлді:

11-қазанда Түркістан комитеті өзінің №47 қаулысымен түскен ақшаның 5 миллионы қазақ пен қырғыздың, 6 миллионы орыстардың шаруашылығын қалпына келтіруге жұмсалатын болды. Жергілікті халыққа бөлінген ақшаға Шығыс Түркістан базарынан мал, ал, орыс шаруаларынан арзан бағамен астық алынып аш елге тегін үлестірілетін болды. Бұған қоса сол ақшаға киіз үйлер, дәрі-дәрмек, т.б. қажетті заттар алу жоспарланды».

Мұхамеджан Тынышбаев пен О.А.Шкапскийдің «патшаға қарсы шыққан қалың қазақ бұқарасына жасаған жендеттігі» осындай болатын. Ал «Жетісудағы өзара қырғынды тоқтатып, оларды аштықтан арашалаған О.А.Шкапскийді және онымен қоса тағы да 40 адамды большевиктер Алматының түрмесінде атып тастады. Азаматтық ұятын сақтап қалған Санжар Асфандияров қана бұл кезде «кесімді жазасын өтеу үшін» жер аударылып кеткен «жендетке» араша түсу райымен:



С.Асфандияров: «Дұрыс деректің өзін, Брайнин мен Шафироның қолдан құрастырып отырғанындай, тарихи оқиғаны дұрыс түсінуге бөгет жасайтын «деректермен» толықтырудың қандай қажеттілігі бар еді? Мысалы, 1917 жылы Тынышбаев пен Шкапский қазақ ауылын тас-талқан етті деген жорамалды неге ұсынған? Мен де сол жылдары Жетісуда қызмет еттім, сондықтан да: «Ондай қырғынның болуы мүмкін емес, болған жоқ», деп толық сендіре аламын. «Жетісуда қазақ-қырғызды қырып жатыр», дегенді 1917 жылы Петроград қаласында өткен Демократиялық кеңесте әйгілі Топчыбашев айтты, бірақ ол қанқұйлы істі Шкапский емес, қоныстанушы кулактар жүзеге асырды. Ол сондай бір сұрғылт тұлға еді...

Брайнин: Алайда ол Уақытша үкіметтің комиссары болды емес пе?

Асфандияров: Қазақтарды қырып салуға Тынышбаев еш қашанда бармас еді.

Брайнин: Ол демонстрацияға шығушыларға қарсы сөйледі.

Асфандияров: Тынышбаев Қытайдағы қазақ босқындарына келмей тұра тұруды өтініп, Қытайға өзінің агенттерін жіберді (Жетісуда жаппай қырғын мен ашаршылық жүріп жатқан Т.Ж.). Оның Жетісудың кулактарының алдында тізе бүккені рас, бірақ оның қазақтарға қырғын ұйымдастырғысы келді деу өтірік».

Иә, Барйнин мен Шафиро халық қамқоршысынан – «халықтық қасапшы мен қарақшы» жасап шығарғысы келді. Тынышбаев пен Шкапскийдің Уақытша үкіметтің алдында жанталасып жүріп мәселе қоюының нәтижесінде:1. Он алтыншы жылғы ұлт-азаттық көтеріліске байланысты жаппай қырып-жоюдың зардаптарын анықтап, жазықсыз жандарды қырып салған жазалау отрядының командирлерін жауапқа тарту үшін тергеу комиссиясын құрғызды. Бұл, сол тұстағы ең үлкен ерлік іс еді. Тергеуден сескенген қоныстанушылар мен әскери жасақтар «әскери серуеннен» бой тартып, қазақ-қырғыздың өз отанына қайтып келуіне дес берді. 2. Отанына қайтып оралған қазақтар мен қырғыздарды қоныстанушылар ата мекеніне қайтадан жолатпады. Қыстауларына қондырмады. Олардың мал-мүліктерін тартып алды. Астықтық бағасын үш жүз есеге көтере сатты. Соның нәтижесінде қазақ-қырғыз жаппай аштыққа ұшырады. М.Тынышбаевтің Жоңғар жоталарындағы босқын елдің әзірше елге қайтпай, толастай тұруын өтінуінің осындай мәні бар еді. Сондай-ақ, аштар мен баспанасыз қалғандарға және егіндік тұқым алу үшін Уақытша үкіметтен 11 миллион сомнан астам қаржы бөлгізді.

Анкеталық анықтама (жалғасы): 1917 жылы Уақытша Үкіметтің Түркістан комитетінің мүшесі, 1917 жылы 24 сәуірде Түркістан автономиясының төрағасы, 1917 жылы 5-13 желтоқсанда «Алашорда» үкіметінің мүшесі, заң актілерінің авторларының бірі болды. 1918 жылы Уфадағы Құрылтай жиналысы мүшелері комитетінің (Комуч) кеңесіне қатысты.

Осы кездегі саяси жағдай туралы Сұлтанбек Қожанов 1937 жылы 31 шілде күні тергеушіге берген жауабында:



«Қазан төңкерісін мен және басқа да буржуазияшыл ұлтшылдар, соның ішінде Мұстафа Шоқаев, Серікбай Ақаев, Қоңырқожа Қожықов, Әбдірахман Оразаев бар, Түркістан өлкесінің барлық реакцияшыл буржуазияшыл-ұлтшылдарын «Кеңес өкіметін мойындамаймыз, дербес буржуазияшыл Қоқан республикасын орнатамыз!», деген ұранмен Жалпытүркістандық төтенше құрылтайдың туының астына жидық. Осы құрылтайда премьер-министр Тынышбаев бастатқан үкімет құрылды, кейін оны Мұстафа Шоқаев ауыстырды. Қоқан республикасы Орта Азиядағы басмашылар қозғалысының негізін қалады, ол 1918 жылдың басында (–?) талқандалды», – деп (Б.Нәсенов, Тарихи құжаттар мен архив мұрахаттары, ҮІІ том, 148-бет) көрсетті.

Мұндағы: «басмашылар қозғалысы... 1918 жылдың басында (–?) талқандалды», – деген дерек жаңсақ кеткен сияқты. Анығында мұхараммдар қозғалысы 1928 жылдың ортасына дейін ұласқан болатын. Ал 1918 жылы 4 қыркүйек күні М.Тынышбаев пен Ә.Ермеков Сібір Колчак үкіметінің қабылдауында болып, автономияның жалпы ережелерін талқылады, сонымен қатар қазақ ұлтының сеніміне ие болуы үшін Облыстық комиссарды не оның орынбасарын қазақтан тағайындауды талап етті, 5 қыркүйек күні тұтқындағы алаш көсемдерін, соның ішінде Б.Сәрсеновті түрмеден босатуды ұсынды. Бұл сапарда М.Тынышбаев пен Крлчак үкіметінің арасында белгілі бір дәрежеде байланыс орнады.


Анкеталық анықтама (жалғасы): 1919 жылы Колчак үкіметіне қазақ даласын басқарудың жобасын ұсынды.

1919 жылы 16 көкек күні «мәртебелі билеуші Колчакқа» жолдаған «Жетісу облысындағы қазақтардың жұтқа ұшырауы» атты баянхатындағы (мәтін іріктеліп алынды):



«1916 жылы тамыздың басында майдандағы қара жұмысқа адам алу туралы жарлыққа қарсы қазақтар көтеріліске шықты, ол Пржевальский, Пішпек, Жаркент, Верның уездерін қамтыды. Оларға қарсы Ташкент, Ферғана және Семей қалаларынан жазалау отрядтары жіберілді. Жазалау отрядының екі айдан астам уақытқа созылған қуғынынан соң 200 000 қазақ (облыстағы қазақтардың 20 %) қазан айында қарлы шыңды асып қытай жеріне ауды. 1916-1917 жылдың қысында босқындар ашаршылыққа ұшырады. Әйелдері мен балаларын сатты. 1917 жылы ақпан мен наурыз айларында босқындардың арасында сүзек індеті тарады. Көкек айында жаңа өкіметтің кешірімін естіп отанына жаяу-жалпылап, аш, жалаңаш жетті.

Крестьяндардың оларға өшіге қарап, астығын сатпай қоюының кесірінен... індет үдей түсті... Аштық Түркістан, Каспий, Сырдария, Жетісу, Лепсі, Қапал уезін қамтыды... 1918 жылы аштықпен қоса іш сүзегі Семей, Ақмола, Торғай облыстарын жайлады... Одан Әндіжан мен Ташкентке тарап, Сібірге ойысты. Сібір уақытша үкіметі Жетісуға баруға тиым салды...

Верныйдан жолдаған оннан астам жеделхатқа қарамастан Петроград тек 1917 жылдың қазанында, большевиктердің төңкерісі қарсаңында, Жетісуда мәлім мөлшерде ғана ақша қалғанда қаражат босатты. Персидан келген 2-казак полкінің көмегімен большевиктер облыстағы үкіметті тартып алғанша (1918 жылы ақпанда) Қазақтарға бөлінген 5 000 000 сомның тек 1 000 000 сомын ғана жұмсап үлгерді. Большевиктерге қарсы күрескен белсенді қызметкерлердің біразы қашып кетті, олардың кейбіреуі қолға түсіп, атылды (Мысалы, үкімет комиссары Шкапский т.б.)

... Қапал және Лепсі уездеріндегі «контрреволюциялық» әрекеттерді басу үшін 1918 жылы мамыр айында облысқа аты шулы Мамонтов (Мақаншы ауылындағы ұрыс кезінде оққа ұшты) жолай Верный, Қапал, Жаркент, Лепсі уездерін қырғынға ұшыратып, тонады... 1918 жылы маусым айында Сібірдегі төңкерістің хабары жеткенде (Семей қаласынан жіберілген «Алашорданы» арнайы адамы арқылы) Қапал мен Лепсі уездерінің қазақтары бас көтерді, қазақ қайраткерлері бірнеше жасақ құрып, Семейден келген жасақтарға қосылды...

Бұл оқиға қызылдардың ызысын оятып, қарусыз қазақтарды жаппай қырып, шаруашылығын ойрандады. Тек қана Лепсі уезінің Садыр болысының бес ауылынан ғана 5000 ересек адам өлтірілді, ал уез бойынша қаза тапқандардың саны 8000­-нан асты. Менің әкемнің ауылындағы 6 жастан жоғары еректердің бәрі де өлтірілді, қыстақтары мен киіз үйлері өртелді, 15 әйел мен 17 бала тұл боп қалды…

Жоғарыдағыны мәлімдей келе Сіздің құзырыңыздан:1. Ашаршылық пен қайыршылыққа ұшыраған қазақтарға 510 000 пұт астық... 2. Большевиктерден азат етілген қазақ шаруашылығына 5100 соқа, 51 000 орақ, 25 5000 шалғы, 10 000 балта, 1000 ара босаттырсаңыз екен … 3. 1918 1919 жылға тиесілі барлық алым-салық, ақшалай салғырт алынып тасталса екен… 4. Қазақтардан ат жинау тоқтатылсын… 5. Жаз шыға қайыршыланған қазақтар өзінің шаруашылығын қалпына келтіру үшін қыстақ пен киіз үй салу үшін орманнан ағаш кесуге рұқсат берілсін… 6. Большевиктерден босатылған қазақтардың түтін басына 150 сомнан қайтымсыз көмек берілсін, большевиктерден босатылған қазақтарға жиыны 7 650 000 сом, ал большевиктердің қол астында қалған қазақтарға 18 450 000 сом, барлығы 261 000 000 сом қаржы босатылуы қажет. 7. Дәрі-дәрмектің, дәрігерлердің жетімсіздігіне байланысты қауіпті індет ауруы таралып кетпес үшін дәрігерлер мен фельдшерлер жіберілсін… 8. М.Төлебаев сияқты қазақ қайраткерлері тұтқыннан босатылсын…», деген бұлжытпайтын шындыққа жүгінсе жетіп жатыр еді
Анкеталық анықтама (жалғасы): «1918-1919 жылдары Шығыс «Алашорданың» әскери кеңесінің мүшесі, 1920 жылы Солтүстік Жетісудағы «Алашорда» отрядын бейбіт қарусыздандырып, қазақ атты әскер полкі ретінде ұйымдастыру шарасын жүзеге асырды.

«Алашорданың» Жетісудағы бөлімін басқарған М.Тынышбаев дербес «Алаш» жасағын да құрды. Оған Мұхамеджан Тынышбаев, Садық Аманжолов, Ыбырай Жайнақов, Отыншы Әлжанов, С.Ақаев, Т.Дүйсебаев, Н.Ниязов, Сыртанов, Омаров, Үмбетбаев, Мәметов, М.Төлебаев, Күдербеков, Б. Сүлеев сынды алаш қайраткерлері Жетісу «Алаш» әскеріне жетекшілік етті. Олардың шұғыл түрде әскер құрмасқа амалы да жоқ еді. Жұмысшы-шаруа әскері дегенді «жазалау әскері» деп қабылдап, «жергілікті қоныс аударушы-большевиктер» қазақтардың жерін қазақтардан тазалауға барынша ұмтылды. Олар үшін бала да, қарт та, жауынгер де бәрібір кәдімгі «қарауыл» ғана болатын. Бұған қызыл комиссар Д.Фурмановтың өзі де кейін тосқауыл қоя алмай, өзі құрған қақпанның құрсауына өзі түскен еді. Большевиктер мен Жетісу казактарының жүздігінің «қызыл қырғыны» туралы М.Тынышбаев Колчак үкіметіне:





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет