Біртұтас алаш идеясы және шығыс түркістан ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы



Дата12.11.2016
өлшемі129,59 Kb.
#1608
БІРТҰТАС АЛАШ ИДЕЯСЫ ЖӘНЕ ШЫҒЫС ТҮРКІСТАН ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСЫ
Дүние тарихы төңкеріліп түскен ХХ ғасырда империялық және ұлттық мүдделердің қақтығысы – әлем жағырафиясынан бастап, ұлттар мен ұлыстардың, жеке адамдардың тағдырына түбегейлі өзгерістер әкелді. Түсіндіріп болмайтын «түсінікті мүдделер» бүтін елді бұтарлады. бұтарланған жұртты бунақтады. «№ 453-Л» хаттама мен 1945 жылғы 11 ақпанда Ялтада өткен конференцияда И.Сталин, Ф.Рузвельт, У.Черчилль қол қойған «Үш ірі елдің Қиыр Шығыс мәселесі туралы бітімі» бойынша, Шығыс Түркістан Қытайдың құрамына беріліп, Сыртқы Монғолияның дербестігіне айырбасталды. Сөйтіп, олар тектік, діндік, тілдік негіздері мүлдем қабыспайтын ұлттардың құрамына біріктірілді.

Империялық «бөліп ал да билей бер» деген өктемдіктің кесірінен бүйрегі бүтін қазақ елі үшке бөлініп кетті.

Қазақстан үшін сондай мүдделі әрі ділгір, құпия да күрделі мәселе – әлмисақтан бергі ата қонысында отырған Шығыс Түркістандағы қазақтардың тарихи тағдыры.

Екінші дүниежүзілік соғыстың соңғы нүктесінің бірі болып табылатын, Империялық мүдделердің қақпақылына түскен Шығыс Түркістан Республикасының құрылуы мен таратылуы – ұлттық тұтастық пен ұлттық ыдыраудың тарихи, саяси, рухани және териториялық түйткілдері тәуелсіздік алғанға дейін өз тарихынан өзі жеріген қазақ тарихнамасында мүлдем зерттелмеді. Қазақ тарихшылары үшін ол бимағлұм күйде қалып келген тақырыпқа айналды.

Милллиондаған адамның тағдырын тезге салған бұл оқиға туралы қарама-қарсы мүдделер мен пікірлерді зейін қойып зерделеу – тек қана қазақтың ғана емес, сонымен қатар орыс, қытай, монғол, қырғыз тарихшыларының міндеті боп саналмақ.

Өкінішке орай, бүгінгі териториясы тиянақталған тұста да бұл оқиғалар Біртұтас алаш идеясы, яғни, тәуелсіз Қазақстан тұғырнамасы тұрғысынан ғылыми зерделеуден өткен жоқ. Зерделеуді былай қойып, қазақ шығыстанушылары мен тарихшылары Шығыс Түркістан атауынан бас тартып, империялардың отарлық пиғылын танытатын Синьцзян – Жаңа жер (игерілген тың, яни, бізге түсінікті целинный край) сияқты атауды «ғылыми негізді термин» ретінде таңдап алыпты. Тәңір тауды бөктерлей орналасқан тұтас жұртқа қойылған, саясатқа еш қатысы жоқ – Шығыс Түркістан, Орталық Түркістан, Батыс Түркістан, Солтүстік Түркістан деген жағырафиялық атаулар кезінде мұқым түркі елінің атын тарихтан өшіру мақсатында «түрікшілдік» деген атты ойлап тапқан еуропашыл және ұлыимперияшыл ғалымдардың өктемдігінен туған атау болатын. 1919 және 1922 жылғы түркі халықтарының астыртын құрылтайында қазіргі Қазақстан мен Башқортстанды «Солтүстік Түркістан» деп ресми атап, картаға енгізіп, ортақ туды бекіткен болатын. Бүгінгі тәуелсіз мемлекет тұсында да біздің ғалымдарымыз өзінің пікірін Петербургтегі, Мәскеудегі, Қиыр шығыстағы, Күншығыстағы ұстаздары мен астарлы пікірлі саяси тұрғыдан тағаланған оқымысты-мыстардың сызып берген сызығынан шыға алмай отыр.

Тарихи тәуелсіз ойлау жүйесі қалыптаспаған тарихшылар тарихи шындықты қалпына келтіре алмаса, ұлттық мемлекеттің тарихы мен ұлттық мүддесі, танымы мен тағдыры толық тұжырымдалмайды.

Ал біртұтас алаш идеясын кие тұтатын қазақтар үшін:



Шығыс Түркістан дегеніміз көне түркінің «мәңгілік ел» идеясының аясында өмір сүрген түркі дүниесінің ата мекені.

Шығыс Түркістан дегеніміз бөлшекке түскен қазақ жері.

Шығыс Түркістан дегеніміз – бөлінге түскен қазақ елі.

Осындай өксікті өкініштің өті жарылып, уыты таралмас үшін А. Байтұрсынов, М.Дулатов, Р.Марсеков, Қанағат Сүлейменұлы бастап барып, 1918 жылы 24 көкек күні Шәуешек қаласында кіші құрылтай өткізген болатын. Ондағы басты мақсаты


  1. «Алашорда» үкіметінің Шығыстағы эмиграциялық бөлімін ашу;

  2. Босып барған ел мен жергілікті қазақтардың басын қосып, Алашорда мемлекетінің азаматтары ретінде қытай үкіметіне ресми тіркету.

  3. Оларды жерге қолтықтаса орналастырып, дербес автономиялық басқару жүйесін құру болатын.

Алайда, мәнжу империясы күйресе де, империялық үстемдік пиғылы күйреген жоқ болатын. Сондықтан да олардың бұл талабы орындалмады. Үміті ақталмады. Бірақ та Алаш идеясы өзінің дәнін сеуіп, өнімін егіп кетті. Ұлттық газеттер мен мектептердің, мәдени ойын-сауық отауларының ашылуы ұлттық сананы оятып, ақыр соңында ұлт-азаттық қозғалысына алып келді. Ұлт-азаттық күрес қаһармандары мен жауынгерлері осы біртұтас Алаш идеясы үшін қолына қару алды. Жауымен жағаласты, жараланды. Қаза тапты.

Демек, біз оларды бүгін – «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің құрбандарын қалай қасиеттесек, оларды да солай құрмет тұтуымыз керек. Кеше, қызыл жауынгерлер мен қарт коммунистерді ардагер деп қалай әспеттесек, оларды да солай қадірлеу – парызымыз.

Егер де қазақты біртұтас ел деп танысақ, егерде Алаш идеясын біртұтас қазақ идеясы деп мойындасақ және сол мойындауымыз шын болса, онда әлемнің қай түкпірінде болмасын қазақ елінің азаттығы үшін күрескен әр жауынгерді, әрбір құрбанды – қазақтың біртұтас ұлт-азаттық күресінің ардагерлері деп тануымыз керек. Оларға көрсетілген құрмет – Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне көрсетілген құрмет пен жеңілдіктергетеңгерілуі тиіс. Әйтпесе, Мұстафа Шоқайдан бастап бүгінгі салтанаттың иесі болып отырған Қалибек хакімге деген мезіретіміз, Абайдың сөзімен айтқанда, «сарт мезірет» болып табылады.

Алаш идеясына деген адалдық пен сенім – бізден соны талап етеді.

Ал, қазақ үшін Алаш идеясынан, оның бес ұлы нысанынан артық мүдде болуы тиіс емес. Ол идея бүгін де өзінің мүдделі мақсатын жойған жоқ. Қайта тәуелсіздіктің тамыры тереңге кеткен сайын, алдымызға сұрақ болып шығып отыр. Ол идеялар мынылар:

Бірінші ұстаным: жер, жер және жер. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді».

Екінші ұстаным: жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Ә.Бөкейхановтың айтуынша: «Оның әр бір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек» болатын.

Үшінші ұстаным: Ә.Бөкейхановтың жобасы бойынша, «Қазақтың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі» керек, яғни, толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс еді.

Төртінші нысана: қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек.

Бесінші, түпкі мақсат: ғылымға, ұлттық салт, дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру еді.

Бұл бес идея өзінің азаткерлік миссиясын әлі жойған жоқ. Жер үшін, жер мен аспан байлығы үшін, тәуелсіз экономика үшін, тіл мен діл үшін, дін үшін, қазақ ұлтының көзқарасы мен ар-ожданын қорғайтын, ұлтты сыйлауға мойынсындыратын тәуелсіз заң мен тәуелсіз ойлау жүйесін қалыптастыратын тәуелсіз ғылым үшін күрес жолы енді басталды. Демек, Алаш идеясы бүгін де, ертең де өзінің жалғасын табады. Ғаламдастыру дәуіріндегі рухани тәуелділіктен қорғайтын бірден-бір ұлттық бағдарлама, бюіздің пайымдауымызша, осы болып табылады.



Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық күресі де осы бес мақсатты жүзеге асыруға ұмтылған халықтық қозғалыс. Шығыс Түркістанның алты «Халық батыры» атағын алған Оспан, Ғани, Акбар, Фатих, Дәлелхан, Қалибек батырлар да осы бес мақсат үшін күресті. «Етегімен су ішті, етігімен су кешті». Азаттық аңсаған көштің атойшысы болды. «Аланай асып арпалысты, Бұланай асып буырқанды». Алаш идеясын бойтұмар қып тағып, ар-иманымен қоса жүрегіне ұялатқан арыстармен бірге қазақ халқының бостандығының рухы болып Еуроазияны шарлап жүрді. Олардың бұл аңсары Дәлелхан Жаналтай, Халифа Алтай, Хасен Өралтай, Қамза Ұшар, Құсайын тәйжі сияқты қатарластары мен үрім-ұрпағы арқылы жалғасып, ауа толқындарымен туған еліне жетіп жатты. Солардың талып жеткен дауыстары біздің жүрегіміздегі алаш идеясының қоламтасын қоздатты. Үміт отын жақты. Бұл қолдауды, сіз бен біз сияқты жеклтоқсан оқиғасына дейін де, сол оқиға тұсында да, одан кейінгі кезеңде де жүргізген астыртын жұмыстарымыздың барысында сезініп отырдық.

Әрине, бұл өзегі басқа әңгіменің арқауы.



Өкінішке орай, (иә, тағы да таусылмайтын өкініштің бірі) Біртұтас алаш идеясы үшін күрескен, қазақ ұлтының біртұтас ұлт-азаттық қозғалысының бір бөлігі болып табылатын Шығыс Түркістандағы азаттық майданы туралы және оны «Алаш» партиясымен, «Алашорда» үкіметінің тағдырымен, жалпы қазақ күрескерлерінің тағдырымен байланыстыра зерттеген тұжырымды зерттеу жоқ. Ол туралы пікірлер де Қазақстаннан басқа әр мемлекеттің ұстанған саясатына байланысты қақпайланып жазылып келді. Тек Тұрсынхан Қайыркенұлының «Ұмытылған мемлекет» («Синьцзиян (Шығыс Түркістан) қазақтарының ұлт-азаттық қозғалысы. 1940–1949)» атты монографиясы бұл бағыттағы діттеген ділгір еңбек, осы тақырыптың алғашқы кіріспесі сияқты қанаттанды зерттеу болып табылады.

Шығыс Түркістанның күрделі тағдыры күні бүгінге дейін қаншама адамдарды әлі де ойландырумен келеді. Кездейсоқ тағдырға тап болған ұлт-азаттық күресі сыртқы ықпалды күштердің шешімімен тығырыққа тірелді. Шығыс Түркістан тарихы ежелден бері де осындай алмағайып, қарбаласты қарсаңмен тайталасып келді. Республика құлаған ең соңғы күнге дейін оның тұрғындары тәуелсіздіктен күдер үзген емес.

Тағдырдың жазуымен осы өлкеде ұйғыр, қазақ, монғол секілді түрлі ұлттардың өкілдері қатар өмір сүріп келді. Бұл бір есептен тағдырдың жазымышы да емес, тіпті сонау ертеден бар тарихи тамырластықтың нәтижесі еді. Шығыс Түркістан ежелден түркі халықтарының ортақ Отаны болды. Қытай мен Россияның Шәуешек пен Пекин келісімдерінің нәтижесінде Қытайдың құзырына мәңгі қарап қалды. Бұл Қазақ хандығының басынан бағы тайған тұс болатын. Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалысы пайымдалған томдықтың бетін ашып отырған Т.Зәкенұлының „Ұмытылған мемлекет” атты монографиясы «ұмытылған мемлекет» туралы қазақ тарихнамасындағы алғашқы зерртеулердің бірі. Ғалым орыс, қытай, қазақ және ұйғыр тілдеріндегі деректер мен әдебиеттер арқылы сол кездің тарихи шындығы тәпсірленеді. Мұндағы көптеген деректер бұрын-соңды ғылыми айналымға түспеген. Олардың қатарында ұлт-азаттық қозғалысты өз бастарынан өткізген тарихи тұлғалардың мемуарлық, тарихи зерттеу сипаттағы еңбектері де бар. Сондықтан да „ұмытылған мемлекет” туралы бұл зерттеу бізе беймәлім Шығыс Түркістан мемлекеті жөніндегі тарихи танымға қатысты теориялық пайымдарды орнықтыруға негіз қалайды деп есептеймін.

Тарихи тақырыпты шығармашылығын арқау еткен, „Сергелдең” сияқты дилогиясында Оспан батырдың бейнесін сомдаған жазушы Жақсылық Сәмитұлының „Шығыс Түркістан республикасы” атты толғау-әфсанасы деректерге ой сала саралауымен, тосын тұжырымдарымен назар аударады. Мұнда қаламгер көркем ойды емес, тарихи көркем ойлау жүйесі мен ер кін пайымдауды желі етіп тартқан. Көтеріліс көсемдерінің арасындағы қарама-қайшылықтарды, тарихи оқиғаларды жеке өмірбаяндық деректерге негіздей отырып оларға бір жақты мінездеме беретін тұстары да бар. Оспан батырдың кейіннен Шығыс Түркістан республикасына қарсы күресуінің себебін бұл мемлекеттің кеңес одағына сүйенгендігінен іздейді. Онда, Оспан батырдың Монғолия арқылы тікелей Сталиннің нұсқауымен қару-жарақ, әскери күш алуын, кешегі дұшпаны гоминдаң үкіметімен одақтасуын қалай түсіндіруге болар еді? Бұл оқиға томдыққа кіргізіліп отырған баянөлгейлік көрнекті демократ қаламгер Сұраған Рахметұлының. «Шығыс Түркістан және Монғолиядағы ұлт-азаттық қозғалысы (Оспан батыр)» атты зерттеуінде тың деректермен баяндалады. Мұнда Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалысының жалпықазақтық Біртұтас алаш идеясының аясында жүзеге асқаны дәлелденеді.



Осы орайда әр мемлекеттің ұстанған идеялогиясы мен саясатына бейімделген пікірлерді жинақтап, сол арқылы ой қорытуға, пікір түйіндеуге, деректерді нақты және байсалды түрде пайымдауға негіз қалайтын басылымдардың маңызы ерекше екенін атап өткім келеді. Әр мемлекет өз тарихын өзінің ұстанған ішкі-сыртқы саясаты тұрғысынан жүйелеуге, саралауға, тұжырым жасауға ерікті. Ал бұл тақырып Қытай Халық Республикасы ғалымдарының еңбектерінде барынша мол қамтылған. Ол зерттеулер: «Үш аймақ төңкерісі бүкіл Жұңго (орталық мемлекет – Т.Ж.) халқының демократиялық төңкерісі қозғалысының бір бөлегі»,– болып табылады деген Мао-цзе-дунның бағамдауы тұрғысынан пайымдалып жазылды. Сондықтан да бұл зерттеулердің қазақ руханиятының ту ұстар идеясы – алаш идеясымен ұштасып жатпауы әбден түсінікті.

Осы орайда Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалысының тарихи шежіресі болып табылатын «Шыңжаңның үш аймақ төңкерісіндегі ірі істер (оқиғалар)» (Халық баспасы, Үрімжі, 1995), «Шыңжаңның үш аймақ төңкерісі тарихы» (Ұлттар баспасы, Бейжің, 2000) атты басылымдарды алдағы уақытта оқырмандар назарына ұсыну жоспарланып отыр. Бұл жинақтарда ұлт-азаттық қозғалысының әр күні шежіре ретінде хатталып, баға беріліп, жинақтала баяндалған. Сондықтан да олардың деректану тұрғысынан алғандағы маңызын ешкім де жоққа шығара алмаса керек. Ал ұлт-азаттық көтерілісінің бас қолбасшысының бірі Дәлелхан Сүгірбаевтің 1948 жылы «Ерікті Алтай» баспаханасында өзінің көзі тірісінде жарияланған «халық жиналысында сөйлеген баяндамасын», сондай-ақ Шығыс Түркістанда кезектесе құрылған, мақсат-мүдделері мүлдем қарама-қайшы үш мемлекеттің (Гоминдаңның, Шығыс Түркістанның, Қытай Халық Республикасының) үкімет басында болған күрделі тағдыр иесі, қоғам қайраткері Бұрхан Шаһидидің «Шыңжаңда өткен елу жыл» атты естелігінен үзінділерді, Ж.Бабалықұлы, Қ.Қанафин, Ғ.Нөкішұлы сияқты азаттық армиясының сардар жауынгерлерінің жазбаларын осы томға топтастырып берудегі мақсат Шығыс Түркістанның тарихы туралы әр қырынан білдірілген пайымдаулардан мағлұмдар ету. Тарихи бір оқиғаның әр зерттеуде әр қалай тұжырымдалуының өзі Шығыс Түркістанның тарихына деген көзқарастың қалыптасуының күрделі екендігін танытады. Шындық – осы пайымдаулардың дүбарасында жатуы да мүмкін. Әрине, мұның ішінде Бұрхан Шаһиди марқұмның саясатқа ықтап:

«Уақыттық (уақытша –Т.Ж.) үкіметтің өзін «Шығыс Түркістан Халық Республикасы уақыттық үкіметі» деп атағаны адамды алаңдатады. «Шығыс Түркістан» деген ат ХІХ ғасырда дүниедегі белді елдердің Орта Азия аймағында отаршылдық, шапқыншылық әрекет жүргізуіне байланысты пайда болған болатын. Сол кезде батыстағы отаршылдар Орта Азияны және Шынжаң аймағын сыпыра «Түркістан» деп атады. Сондай-ақ Зарапшан өзенін шекара етіп, оның батысындағы аймақты Батыс Түркістан, шығысындағы аймақтарды Шығыс Түркістан деп атаған. Сөйтіп, бұл атауға тіл мен жағрапиялық тұтастық ұғымын берді. Кейін келе имперализм шапқыншылары мұнымен Қытайдың бірлігін бұзды. 1933 жылы оңтүстік Шыңжаңда бір мезет «Шығыс Түркістан Ислам Республикасының» жарыққа шығуы осының нақты мысалы бола алады. Енді, міне, Іле төңкерісшілері де «Шығыс Түркістан» деген желеуді көтеріп шығуы маған жағдай бәлкім күрделі болар дегенді аңғартты»,– деген пікірімен келісу қиын.

Өйткені жердің жаратылысына қарай қойылған – Таяу шығыс, Шығыс Еуропа, Батыс Еуропа, Орталық жазық деген жағырафиялық атаулар қандай қоғамдық құрылыста болсын өзінің атын өзгертпейтіні анық. Сол сияқты Шығыс Түркістан, Орта Түркістан, Батыс Түркістан, Солтүстік Түркістан деген атау да баршаға ортақ тарихи-жағырафиялық ұғым болып табылады. Бұдан саяси астар іздеу ойлы ғылымның өрісі емес. Өкініштісі, Түркістанға қаратылған мұндай өктем де астарлы көзқарас тарихи заңдылыққа айналып бара жатыр.

Егерде біз өзіміздің ұлттық тұтастығымызды дүние қауымдастығы алдында дәлелдеп, мойындатқымыз келсе, онда бұл мәселе ерекше назарға ілінуі тиіс. Бұл мәселеге тұсауы енді ғана кесілген талантты да батыл, көзқарақты тарихшы Бүркіт Аяған басқарған Президенттік Мемлекет тарихы институты ерекше ықылас қояды деп сенеміз.

Бұл ретте: Ғылым және Мәдениет министрліктері бас қоса отырып ауқымды Жоба жасаса – деген ұсыныс білдіреміз. Және бұл шара – мемлекеттігіміздің идеялогиялық саясатын тұтастандырып, іргесін бекіте түсуге негіз қалауға септігін тигізеді деп толық сеніммен айта аламыз. Осы орайда мынадай ұйымдастыру шаралары назарда ұсталғаны лазым сияқты:

Бірінші, «Біртұтас алаш идесы» деген терминді қалыптастырып, «Біртұтас ұлт-азаттық қозғалысы және Шығыс Түркістан» атты халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырып, оған тек қана қазақ ғалымдарын ғана емес, осы тақырыпты қузаған қытайдың, орыстың, американың, немістің, түріктің, ағылшынның, француздың, монғолдың, тай-бэйдің ұлттық ғалымдары мен Шығыс Түркістанның тағдырын шешкен әскери-дипломатиялық келісімдерге қатысқан мекемелердің өкілдерін қатыстыра отырып келелі кеңес өткізіп, істің бағыт-бағдарын ашып алса, дұрыс болар еді.

Екінші, осынау тағдырлы ұлт-азаттық қозғалысы туралы шығарылған дастандардың, қоштасулар мен жоқтаулардың, аңсарлы хаттардың, күнделіктердің, жолжазбалардың, естеліктердің, зерттеулердің, деректі құжаттардың басын қосып, көп томдық етіп жарияласа, руханиятымызға қосылған үлкен үлес болар еді. Бұл біздің тәуелсіздігіміздің тарихи беттерін түгендейтін құнды да, тағдырлы басылымға айналары сөзсіз. Мұндай қолжазба мұралар мен мұрағаттық деректердің біразы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығындағы бар. Ал олардың ұзын санының өзі жүзден асып жығылады екен. Әлі қолға түспегені қаншама.

Үшінші, Шығыс Түркістандағы, Монғолиядағы ұлт-азаттық қозғалысының құрбандарына бұл елдерде ескерткіш қойылмайтыны анық. Сондықтан да осы азаткерлердің тағдырына тікелей қатысты және олардың алғашқы әскерлері жасақталған (бұл құпия емес) шекаралық аудандарға (Жаркентте, Достық та, Мақаншыда, Майқапшағайда) ескерткіш орнатса орынды болар еді. Соның ішінде, Алаш әскерінің ең соңғы шешуші шайқасы өткен, Отыншы Әлжанов сияқты ту ұстаушы азаматты тірідей өртеген Мақаншыдағы бұрынғы «қызыл партизан Мамонтов» атындағы саябақ өте қолайлы жер болар еді деп ойлаймын.

Бұл да біздің біртұтас Алаш идеясына, біртұтас ұлт-азаттық көтерілісінің құрбандарына, тәуесіздігіміздің тарихына деген ұлттық тағзым болары сөзсіз.

Құрастырылып отырғын бұл жинақ та соның бір орайы болмақ.

Тұрсын ЖҰРТБАЙ,



Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор.
6 қараша, 2008 жыл.
P.S.Оқырмандарға ескерте кететін бір жай – қытай иероглифінің орфографиялық хатталымы өте күрделі Кісі, жер аттары дыбысталуына және әр автордың өзінше қолданысына орай, мысалы, осы жинақтың өзінде Шығыс Түркістан аталымы – орыс тілінің бейіміне орай – Синьцзян, қытай тіліндегі дыбысталуына орай Шинжияң, қазақ арасындағы қолданысқа сай – Шыңжаң болып әр қилы жазылады. Оларды бір ізге түсірудің қажеттілігін түсінсек те, қазақ басылымында ортақ орфографиялық үлгі қалыптанбағандықтан да, авторлық қолданыстағы нұсқалар сол күйінде қалдырылды.
Каталог: repository -> history -> артурли
артурли -> Оларды да ұмытпайық…
артурли -> Бұл басылым «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының құрлғанына 10 жыл толуына арналады
артурли -> Даналық МӘйегі жібек жолының рухани бесігі
артурли -> Өкінішке орай, тіршілік кеңістігінің өзі сананы
артурли -> Көркемдік шындық және тарихи тұлға
артурли -> Алланың арқадағЫ Үйі немесе Керекудегі керемет
артурли -> Тұрсын ЖҰртбай, филология ғылымдарының
артурли -> Ұмытылмаған отан, Ұмытылмайтын отандастар
артурли -> Көркемдік шындық және тарихи тұлға


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет