Бисмилляхи Рахманир-Рахим! Қартабаева Е. Т. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ



Дата15.09.2017
өлшемі100,35 Kb.
#33397
Бисмилляхи Рахманир-Рахим!

Қартабаева Е.Т.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Дүние жүзі тарихы, тарихнама

және деректану кафедрасының доценті
Ислам және діни толеранттылық

Жаппай ғаламдық дағдарысты бастан кешіріп отырған қазіргі таңда руханилық мәселесі ең бір өткір де өзекті мәселеге айналып отыр. ХХ ғ. француз ұлтының көрнекті өкілі, мемлекет қайраткері, философ, мәдениеттанушы А.Мальроның көрсетуінше ХХІ ғасыр руханилық ғасыры болады немесе ол мүлде болмайды [1, 35]. Техногенді өркениет жағдайындағы адамзат құндылықтарының барынша өзгеруі адам рухының негіздерін шайқалту қаупін туғызып отыр. Өз өмірін зорлық-зомбылық, қастандық пен құрту-жоюға бағыштағандардың саны күн санап көбеюде. Қалыптасып отырған дағдарыстан шығу мүмкін бе? Әлде, болашаққа бұрынғы, шектеулі күйімізде, шешілмей қалған міндеттерімібен және мәселелерімізбен қадам баса береміз бе? Бүгінгі күні әрқайсымыз сезініп отырған ғаламдық дағдарыс бір нәрсені айқын көрсетіп отыр – бұл ең алдымен адам руханың дағдарысы, сондықтан да рухани дағдарыстан шықпайынша, яғни рух тазалығына қол жеткізбейінше қоғамның басқа салаларындағы дағдарыстан шығу мүмкін емес.

Руханилықтың шынайы бастауы дін екендігінде күмән жоқ. Алайда қазіргі діндер адамның рухымен жұмыс істеудің орнына, көп жағдайда руханилықтан мүлде алыс мәселелермен айналысып кеткендей ой туғызады. Соңғы кезде қаптап кеткен әр түрлі секталарды былай қойғанда, дәстүрлі діндердің өзі бір қоғамда өмір сүріп жатқан жекелеген адамдар мен бүтіндей ұлттарды бір-бірінен алшақтататын, тіпті қарсы қоятын әсіре ұлтшылдық немесе әсіре конфессияшылдық сияқты және басқа да саяси бағыттағы мәселелермен айналысуды өздерінің басты міндетіне айналдырып алған сыңайлы. Қазақстанның негізгі халқы ұстанатын ислам дінінің өз ішінде де соңғы уақытта шынайы руханилықтан гөрі, жалған діншілдік, ұраншылдық, өзі ұстанатын дін ғана ең дұрыс деп санайтын төзімсіздік және басқа да жағымсыз сипаттағы құбылыстар байқалады. Мұндай «діншілдер» халқымыз ғасырлар бойы ұстанып келген бірыңғай исламдық бағдар болып табылатын Әбу Ханифа тармағына жат қағидаларды жастардың санасына сіңіру үрдісін жүзеге асыруда. Кейде, сол исламды уағыздап жүрген мұсылмансымақтардың әрекеті исламға, шынайы ислами қағидаларға, исламның қайнар бұлағы болып табылатын Құран мен пайғамбар сүннетіне мүлде үйлеспейді десек артық болмайды.

Діннің негізгі қағидаларын терең түсініп, оны бойға сіңірмеген, белгілі бір тар көзқарастар мен догмалар шеңберінен аса алмай қалған адамдар, білместіктен жат пиғылды ағымдар мен топтардың мүддесіне қызмет етіп, тіпті өзінің жанын да солар үшін (Құдайдың ризашылығына ие болу деп түсініп) пида етуге барады. Бұған қазіргі таңда әлемде болып жатқан жағдайлар куә.

2001 ж. 11 қыркүйек оқиғасы дінаралық қайшылықтың, төзімсіздік пен асырасілтеушіліктің өзіндік бір кульминациялық нүктесі болды десек артық айтпаймыз. «Ұшақтарды басып алған он тоғыз лаңкес ХХІ ғасыр парадокстарының бірін жасады: бейбітшілік діні деп саналған ислам енді кісі өлтірумен және заңсыздықпен байланыстырылатын болды» [2, 5]. Осы оқиғадан кейін қалыптасқан халықаралық жағдай қоғамдағы дін мәселесін қайта қарап, әсіресе діни толеранттылық және дінаралық сұхбат мәселелеріне ерекше көңіл бөлудің қажеттілігін анықтап отыр. Аталмыш бағыттағы іс жүзіндегі шараларды Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев алғашқылардың бірі болып қолға алып, 2003 ж. әлемдік және дәстүрлі діндердің съезін шақырғаны бәрімізге белгілі. Осы үлкен жиында сөйлеген сөзінде Елбасымыз: «Біртұтас діни кеңістік қалыптастыру мүмкін емес. Ұлы діндердің негізінде жатқан айырмашылықтарды жоюға да болмайды. Алайда тұрақты сұхбаттың құндылығы сонда, пікірлердің сануаландығына қарамастан алтын діңгек сақталады. Және ең бастысы – сұхбат бейбітшілік пен келісім территориясын, үйлесімділік пен ашықтық уақытын қалыптастырады. Діни сұхбаттың күмәнсіз құндылығын мен осыдан көремін», - деген болатын [3]. Бүгінде біздің еліміз, əлемдік дін басшыларының құрылтайы өткізілетін мекенге айналды. Жай ғана барлық дін өкілдері емес, əлемнің жетекші теологтары бас қосатын дəл осындай екінші жер ғаламшардың өзге аймақтарында жоқ.Үстіміздегі жылы Елордамызда әлемдік және дәстүрлі дін өкілдері төртінші рет бас қосты. Бұл жиын да дінаралық сұхбаттың дамуына өзінің қомақты үлесін қосқан болатын.

Діни толеранттылық пен дінаралық сұхбатты іс жүзіне асырудың нақты тетіктерінің бірі сол діндердің негіздерін тарихи тұрғыдан тереңінен зерттеу болып табылады. Әсіресе, қазіргі әлемде лаңкестік пен төзімсіздіктің ошағы ретінде қарастырылып отырған ислам дінінің негіздерін, өкінішке орай, мұсылмандардың өздері де, мұсылман еместер де жете біле бермейді. Батыс елдеріндегі исламофобияның (ислам алдындағы үрей мен қорқыныш) басты себебі де осында жатса керек. Сондықтан да исламды түсіндіру қажеттілігі мешіттердің шегінен шығып, әрбір отбасының, білім ордаларының, әсіресе ғалымдар мен тарихшылардың міндетіне айналуы тиіс. Осы орайда бүгінгі конференция мінберін пайдалана отырып, осынау өзекті мәселені тағы да бір көтеріп, соның ішінде, әсіресе ислам дініндегі толеранттылық пен дінаралық сұхбат мәселесін арнайы қарастыруды жөн көрдік.

Қазіргі таңда бүкіл әлемді, соның ішінде Батыс елдерінің құтын қашырып, үрейін алып отырған ислам діні шынында да фанатизмге белшесінен батқан, соғысқұмар, төзімсіз дін бе? Міне осы сұраққа исламның негіздерін қарастыра отырып жауап беруге тырысып көрейік.

Ислам тарихына көз жүгіртіп, оның догматтық негіздері мен ұйымдық құрылымына назар аударар болсақ, бұл діннің төзімсіздікпен үш қайнатса сорпасы қосылмайтын, керісінше, өзінің ерекше төзімділігімен және еркін ойшылдығымен ерекшеленгендігін байқау қиын емес. Ислам пайда болған кезінен бастап, басқалардың сеніміне құрметпен қарап, тәкаппарлықтан, асырасілтеушіліктен, менмендіктен, бөлінушіліктен барынша аулақ болуға шақырды. Исламның қасиетті бастаулары болып табылатын Құран мен Суннада діни төзімділік барынша айқын көрініс тапқан. Атап айтқанда, Қасиетті Құранның Ниса сүресінің 1-ші аятында «Әй адам баласы! Сендерді бір кісіден (Адам атадан) жаратқан және оның жұбайын (Хауа ананы) жаратып, ол екеуінен көптеген ер, әйелді таратқан Раббыларыңнан қорқыңдар», ал 48-ші аятта: «... Сендердің әрқайсысыңа Біз заң мен жол тағайындадық. Алла қаласа, сендерді бір қауым етер еді, алайда Ол сендерді Өз игіліктермен сынау үшін бөлді. Игі істерде өзара жарысыңдар. Сендердің барлығың Аллаға қайтасыңдар, және Ол сендерге неде пікірлерің ажыратылғанын айтып беретін болады» [4]. Бұл аяттардан көретініміздей бастапқыда адам баласын біртұтас қауым етіп жаратқан Алла Тағаланың кейін оларды әр түрлі ұлттар мен діндерге бөлудегі мақсаты адам баласының шынайы мақсаты болып табылатын Алланы тануында оларға ерік-жігер және таңдау еркіндігін беруінде деп түсінуге болады. Өзінің ең соңғы мақсатына жеткен кез келген адам баласы Алла Тағалада өзара қайта бірігетін болады. Яғни адам баласының әр түрлі қауымдарға бөлінуі уақытша жағдай. Дүниедегі тіршіліктің салыстырмалылығын өз кезінде, ғылыми негізде А.Эйнштейн дәлелдеп берген болатын. Физика саласындағы бұл ашылым да адамзат баласының рухани әлемде бірігуінің қажеттілігін дәлелдей түседі.

Ыбрахым пайғамбардан бастау алатын діндер, яғни иудаизм мен христиан дінін «Кітап адамдары» деп қарастырған ислам бұл діндерді ұстаушыларға өз дінінде қалу мүмкіндігін беріп қана қоймай, оларды «зимми» деп жариялап, яғни өз қамқорлығына алғандығы да тарихтың бұлтартпас айғағы.

Исламдағы төзімділік Мұхаммед пайғамбардың діни-саяси қызметінде ерекше көрініс тапты. Пайғамбарымыз, бір жағынан ерекше қасиет дарыған, яғни Құдаймен тілдескен мистикалық тұлға болса, екінші жағынан ол, үлкен ақыл-парасат иесі, саяси және дипломатиялық дарынға ие, өз діни идеясына толық берілген харизматикалық тұлға болды, сол идеялар үшін құрбандықтарға да бара алды. Бірақ ол ешқашан көрсоқыр, фанатик болған емес, оның өмірге көзқарасы кең еді. Мұның өзі оның өзіне дейінгі болған барлық пайғамбарларды мойындауына және ислам тарихының белгілі дәуірінде Құрандағы «Кітап адамдарының» бірі - Медине иудейлерімен бір қауымбыз деп жариялауына ықпал етті. Мұхаммед достарына адал, қателігін мойындаған жауларына кешірімді, саяси жауларына келгенде аяусыз, алайда саяси бітімгершілік жасауға да барып отырған ақыл-парасат иесі болды.

Сонымен бірге, Мұхаммед пайғамбардың мұсылмандарды ғылым-білімге шақыруының өзі исламдағы еркінойшылдық пен діни төзімділікке бастаған негіздердің бірі болды. Пайғамбарымыздың «Ғылымды Қытайдан болса да ізде» деген атақты хадисі (хадисті жеткізушілер тізбегінде атақты ғұлама Абу Хамид әл-Ғазалидың болуы хадистің сенімділік деңгейін айқындай түседі) діни фанатизм, көрсоқырлық немесе томаға-тұйықтықпен еш жанаспайтын сөздер. Қатаң монотеистік дін ретіндегі ислам тұрғысынан алғанда нағыз пұтқа табынушылықтың ордасы болған буддизм елі - Қытайдан білім үйренуге шақыру нағыз еркінойшылдық пен діни төзімділіктің шыңы деп бағалауға болады.

Исламда көрсоқыр догматизмнің жоқтығын оның тарихының өн бойында әр түрлі, христиан тілімен айтқанда, еретикалық идеялық ағымдардың ислам шеңберінде бейбіт қатар өмір сүргені де дәлелдей түседі. Исламның басты бағыты суннизмге ең ірі оппозициялық ағымдар – мутазилизм мен исмаилизм болды. Мутазилизм Алланың абсолютті бірлігіне және абсолютті әділеттілігіне негізделді. Алланың бірлігі оның антропоморфтық атрибуттарының болуын жоққа шығарды. Сондықтан да Аллаға сөйлеу атрибуты тән болмағандықтан Құран Құдай сөзі бола алмайды, оны мутазилиттер кәдімгі әдеби шығарма деп қарастыруға дейін барды. Бұл ағым халиф әл-Мамун тұсында ресми бағыт болғандығы белгіл [5, 93].

Исмаилиттер Құдай сөзінің сыртқы, экзотерикалық және ішкі, эзотерикалық мағынасын ажыратты. Исмаилиттердің пайымдауынша, сауатсыз, білімсіз бұқара үшін жасалған Құран түсіндірмелеріндегі сыртқы мағына Қасиетті жазбаның ішкі құпия мәнін түсінуге мүмкіндік бермейді. Оны тек рухани көсемдер – имамдар ғана түсіндіре алады. Имамдар адам жанын дәстүрлі діндердің догмаларына көрсоқырлықпен сенуден құтқарушылар болды. Имамдар инициация арқылы жаны дертке шалдыққан адамдарды Қасиетті жазбаның эзотерикалық мәнін ашу арқылы емдеп жазып отырған. Исмаилиттік имамдар философия мен жаратылыстану ғылымдарымен айналысты. Олардың атақты «Тазалық бауырлары» энциклопедиясы антика және Шығыстың діни-философиялық ойының және сондай-ақ Араб халифатындағы философия саласындағы жетістіктердің синтезі болды. Олар да мутазилиттер тәрізді Алланың антропоморфты белгілерін жоққа шығарды, Құранның мәңгілік емес, уақыт шегінде пайда болғаны жөніндегі тезисті жақтады және адамның жазмыш алдындағы еркіндігі туралы қағиданы.

Ерте исламда орын алған діни-философиялық негіздегі бұл ағымдар Алланы рационалды жолмен танудың жолдарын әліптеген болса, ислам шеңберінде қалыптасқан мистикалық бағыт – сопылық Жаратушы иені рационалды жолмен тану мүмкіндігін жоққа шығарып, оны түйсік (интуиция) арқылы, яғни жүрек арқылы ғана тануға болады деп жариялады. Жариялап қана қойған жоқ, Алланы танудың, яғни Алламен бірлесудің адамның рухани жетілуі арқылы іске асатын нақты жолдарын көрсетіп те берді. Өзінің Құдайды рухани, түйсік арқылы тануында сопылар адамның моральдық жағынан өзін-өзі жетілдіруін, сондай-ақ надандықты жойып, Құдай нұры – білімге ұмтылушылықты насихаттады. Сопылық өз жүйесіне буддизм элементтерін (адамның Құдаймен бірігуі – фана, буддизмде - нирвана), неоплатонизм (эманация), зароастризм (Құдайдың күн мен отта бірігуі) элементтерін және халықтық наным-сенімдерді (үлкенге құрмет, адалдық, рухты жетілдіру) синтездеді. Тар ойлы, шектеулі діндарлар өз дінінің ғана Қасиетті жазбасына, пайғамбарына немесе басқа да «әулиелеріне» сенсе, сопы үшін кім айтқаны маңызды емес, не айтқаны маңызды болды. Ол Христосты да, Інжілді де қабылдайды, ақиқат Құранда да, Ведантада да бар деп есептейді. Барлық құбылыстан ол Алланы көреді, барлық формалардан бір ғана Ақиқатты іздейді. Сопы діндердің ешқайсысын жатсынбайды. Кез келген ғибадатханадан ол Жалғыз Жаратушыны көреді. Сонымен бірге оның шынайы ғибадатханасы Сүйікті Жаратушысы мәңгілік мекендейтін оның өз жүрегі болып табылады [6, 294]. Бір сөзбен айтқанда, сопылар дінаралық және мәдениетаралық сұхбаттың нағыз ізашарлары болды десек артық айтпаймыз.

Әр түрлі мәдениеттер, діндер мен тілдер бір ғана Ақиқатты әр түрлі жеткізетін формалар ғана екендігі әсіресе атақты сопы ғұламаларының бірі Жалал ад-дин Румидің шығармашылығында ерекше көрініс тапқан. Оның «Жүзім туралы әңгімесінде» түрік, парсы, араб пен гректің арасындағы дау-жанжал олардың жүзімді өз тілдерінде әр түрлі атауынан ғана туындағанын мысалға келтіре отырып [7, 139], адамзатқа үлкен ой тастайды, түсініспестіктен туындаған қайшылықтарды жойып, өзара бірігуге шақырады.

Сонымен, еркінойшылдықты негізге алған исламның аталмыш ағымдары бір діннің шеңберінде бейбіт қатар өмір сүрді. Араб халифаты дәуірінде орта ғасырлардағы христиандық Батыстағыдай шіркеу үстемдігі, шіркеу соборлары бекіткен барлық христиандарға міндетті болған діни догмалар, осы догмалардан ауытқығандарды жазалайтын инквизиция соты деген ұғымдар болған жоқ. Исламда ұйымдасқан табыну орны немесе христиан шіркеуіндегідей иерархиялық түрде орналасқан дінбасылары, даулы мәселелерді шешіп беретін шіркеу жиындары болған жоқ. Дүниетаным мәселелері бойынша пікір-таластар арнайы ашылған медреселерде өтіп отырды. Синодтар немесе шіркеу соборлары сияқты жиындар болмағандықтан дүниетанымдық мәселелер фикх (құқықтану) аясында қарастырылып отырылды. Осы негізде төрт заңдық жүйе қалыптасты: ханафиттік, шафииттік, маликиттік және ханбалиттік. Егер маликиттер мен ханбалиттер көбіне заңның сыртқы формасын ұстанса, ал шафииттер мен ханифиттер заңның ішкі өзегіне мән берді. Уақыт, қоғам талабына сай жеке пікірге негізделетін рай ұстанымы ханифиттер жүйесіндегі іргелі ұстаным болса, ханбалиттер де оны ұстанудан бас тартпады. Қасиетті Жазба, яғни Құран метафораларға, теңеулерге толы болғандықтан, оны дұрыс түсіну үшін жекелеген ғұламалардың пікірі (рай) және мұсылман қауымының ортақ пікірі (иджма) да қажет болды. Міне осылайша, мұсылмандық құқықтану (фикх) Құдай заңына сәйкес дамыды, және еркінойшылдық пен төзімділік заңдық негізге ие болды.

Сонымен, ислам тарихы көрсетіп отырғандай, ислам діні басқалардың сеніміне құрметпен қарауға шақырады. Исламның осы ерекшелігін қазіргі таңда әрбір мұсылман түсініп, өз өмірінде басшылыққа алуы тиіс. Жалпы алғанда, тек ислам ғана емес, кез келген діни тағылымдардан адамзатты бір-бірімен табыстыратын бастауларды іздеген абзал. Барлық сенімдерге парасаттылықпен қарап, төзімділік таныту үшін әрбір дін өкілі ең алдымен, өзі ұстанатын дінді толық меңгеруі қажет, өйткені діни төзімділік қағидасы кез келген сенімде бар. Басқаша болуы мүмкін емес. Өйткені, руханилықтың қайнар көзі болып табылатын діннің ең басты міндеті адамзатты рухани құндылықтармен өмір сүруге, соның ішінде, ең алдымен бейбітшілік пен татулыққа шақыру екені сөзсіз.

--------------------------



  1. Саттаров Ф.Ф. Религия как форма духовности. // Материалы международной научно-практической конференции «Новые религиозные движения в Евразии». - Астана, 2010.

  2. Кэролл Дж. Диалог цивилизаций. - Алматы, 2009.

  3. Выступление Президента Республики Казахстан на открытии I Съезда лидеров мировых и традиционных религий в Астане. 23 сентября 2003 г.//religionscongress.org/content/view/17/32/lang,russian/

  4. Құран Кәрім. Қазақша мағынасы және түсінігі. Аударған Халифа Алтай. - Алматы, 2000.

  5. Фильштинский И.М. История арабов и Халифата (750-1517 гг.). – М., 1999.

  6. Идрис Шах. Суфизм. – М., 1994.

  7. Суфии. Восхождение к истине. – М., 2007.

Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет