Д. Абдукаюмова Қазақстан Республикасы, Қызылорда қ



Дата14.12.2016
өлшемі73,04 Kb.
#3822
Д.Абдукаюмова

Қазақстан Республикасы, Қызылорда қ.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті,

1 курс магистранты

Ғылыми жетекшісі: ф.ғ.к. З.Н.Ермағанбетова
«АЙҚЫН» ГАЗЕТІНДЕГІ СЫҚАҚ БҰРЫШЫ
Сатира мен юмордың басты мазмұны – адамдарды тәрбиелеу, адам арын биікке көтеріп, жанын тазарту, теріс іс-әрекет, зиянды мінез-құлықтардан арылту екені белгілі жайт. Бұл турасында сатираны егжей-тегжейлі зерттеген ғалым Т.Қожакеев:

«Сатираның пәрменділігі мен тәрбиелік мәнін арттырудың шарты – оған тұрақты орын беру. Сонда ол жиі көрінеді. Жиі көрінгенде ғана ол барлық проблемаларды жан-жақты қамтып, қозғай алады. Үнемі жазылып, сан қырлы мәселелелерге киліккенде ғана сатира бар жанр, бар түрімен өрнек, айшық табады. Түр байлығы, жанр молдығы ғана сатираны мазмұндандырып, оның оқырман белсенділігін арттырудағы, қоғамдық сананы қалыптастырудағы рөлін күшейтеді»[1], - деген болатын.

Ғалым тұжырымындағы сатираның тұрақты орны мен жанр түрлерін «Айқын» газетінің сықақ бетінен көре аламыз. «Айқын» газетіндегі сықақ бұрышы 2003 жылдың наурыз айынан «Жатыпатар» деген атпен шығып келеді. «Жатыпатар» әзіл-сықақ мүйісін тұрақты шығарып, қазақ сатирасының жаңа қырынан танылуына өз септігін тигізіп келе жатқан – Ермахан Шайқы. Сықақ бетінде сатираның көркем-публицистикалық және прозалық жанрлары көрініс тапқан. Басылымның тұрақты авторлары Мұхтар Шерім, Толымбек Әбдірайым, Атанбек Наурыз, Үміт Зұлқар сияқты сатириктер өздерінің туындыларымен оқырман көңілінен шығып келеді. Сықақ бұрышы сатира жанрларын мол пайдалануға тырысады. Қазір оның бетінде фельетон, мысал, сатиралық әңгіме, сықақ өлең, шумақ, эпиграмма, пародия, карикатура мен шарждарды көп кездестіруге болады. Яғни өзіндік түр, нақыштағы дүниелерді беруі жағынан өзге сықақ беттерінен ерекшелігі, ізденісі бар.

Кезінде әкім-қарар мен бастықсымақтарды «дірілдеткен» фельетонның бүгінгі көрінісі мен ықпалы көңіл көншітпейтіні рас. Дегенмен газет бетінен шартты фельетондарды кездестіруге болады. Мәселен, Айтақын Әбдіқалдың «Суайттар жарысынан репортаж»[2] атты шартты фелетонында әлеуметтік өміріміздегі жағдайлар сыналады.

«Суайттар» жарысынан репортаж» фельетонында адам аты, ауылдың атауы, жарыстың тақырыбы шартты түрде алынған. Мысалы; «Жақында орталықтағы қасқа жолдың қасында «Қырық өтіріктің» қызық түрі» деген тақырыппен осы заманның суайттары мен заржақтарының арасында республикалық жарыс болып өтті. Оған простой мылжыңдар мен қыжыр қылжыңдар емес, ағып тұрған өтірікшілер мен сужықпас суайттар қатысты. Жарыстың бұл жолғы тақырыбы: «Адам сенбейтін арзаншылық» деп аталған екен. Сахнаға бірінші боп шыққан Көкешкі ауылының суайты – Сылдыр Шыңғырбайұлы көпірмен сөзін қалың елден сүйінші сұрап бастады.

- Оу, айналайын халқым! Өтірікшілеріңнің жарысы өте ауыр. Бұ заманда кім кімді алдамай, кім өтірік айтпай, кім сөзінен тайқымай жүр дейсің, түге ... Кәне, алдымен сүйіншілеріңді дайындаңдар! Пензіннің летрі – ана жылғыдай 29 теңгеге түсіпті. Әлгіні естіген бір мас шопыр бензекәлөңкіден 29 теңгелік пензіннің 5 летрін срәзім сол жерде сіміріпті. Екі рет кекіріп, үш рет жел шығарып алып, әрі қарай кеткенін өз көзіммен көрдім».

Одан әрі халықтың әлеуметтік жағдайы сөз болады, азық түлік бағасының адам сенгісіз арзандығын айтып мақтанады: «Айтпақшы, 65-70 теңгеге бір-ақ ыршыған нанның бағасы кеше таңертеңнен бастап 16 теңгеге домалап түсіп, көп балалы отбасыларға тегін ұн, қыста жағатын көмір таратылып жатқанын көрдім. Еттің келісі - 20 теңге, көмірінің тоннасы – 500 теңге, сүтінің литрі -17 теңге, қатының тегін, газың сәпсім дарым «Үкімет аман болса өлтірмейді...» дейтінім сол ғой менің. Мұндай арзаншылықты осы ел жеті ата, жеті пұштысында көрді ме екен осы?» деген сауал суайттың сөзімен беріледі.

Соңында: «Мұнай мен газды «Көртышқандар» жеп жатқаны болмаса бізде бәрі де тегін болуы керек деп ойлаймын»,- деп аяқталатын бұл шартты фельетон зілді сын, әлеуметтік ой-пікірге негізделген. Өмірдегі ой-пікір жинақталып, мәселе қозғалады. Бұл шартты фельетондағы суайттың сөзі керісінше мағынада айтылып тұр.

Сонау Эзоп заманынан бастау алып, қазақ әдебиетінде де ерте пайда болған көне жанрлардың бірі – мысал. Мысал – қоғамдағы немесе жеке адамның басындағы кейбір жағымсыз жайттар мен кемшіліктерді, ұнамсыз мінез-қылықты ашық, тура сынамай, астарлап сынап-мінейді. Яғни мысал өмірдегі жағымсыз құбылыстарды көбінесе адамның емес, басқа бір хайуанаттың, құстың, немесе бір заттың басында болған оқиға етіп суреттейді. Өзінің айтар идея, ой-пікірін жасырып, жұмбақтап айтады. Әңгіме бір жәндік, бір зат туралы болғанмен, оның ар жағында адам бейнесі, адам ісі тұрады[1].

Мысал сатираның поэзиялық жанры делінгенімен ол проза түрінде де жазыла береді. «Айқын» газетінің сықақ бетінде прозалық мысалдар жиі пайдаланылады.

Мәселен, осы жанрға жиі қалам тербеп жүрген Атанбек Наурыздың «Бастықтың барын сезіну», «Бәрібір көз керек», «Ақшаны тоқтатар күш» атты шағын мысалдарында жағымпаздар, жылпостар, алаяқтар сыналады. Автордың «Бастықтың барын сезіну» мысалында: «Ақыры күнде өзіміз кездесетін ортамыздан басшы сайлап алайық,- дейді Қасық Шанышқыға.

- Басың маған қарағанда толықтау, жұп-жұмыр. Өзің басшы бола салсайшы»,- деп немкетті жауап қатты Шанышқы.

- Жо-ға, болмайды. Басшының жұмысы оңай емес. Ол үшін барлық нәрсені теңдей бөліп беретін әділ болу керек» деп басталып, одан әрі пышақтың сөзін береді. Ол басшыны күнде көрудің қажеті жоқтығын, бар екенін сезініп жүрудің өзі күш беретінін, басшылыққа қазан басында жүретін Шөміш лайықты екенін»[3] айтады. Мұнда автор жоғары жақта көп болатын жағымпасздардың басшы болатындарын Шөміш кейпінде сынайды. Бұл мысалда айтылған оқиғаға персонаждардың характері, қимыл-қарекеттері дәл келеді.

«Айқын» газетінде жарық көрген мысалдарда қоғамдық-әлеуметтік, тұрмыстық мәселелер сөз болады. Басым көпшілігі шұрайлы тіл, астарлы ой, ұғымға жеңіл болып құрылған. Атап айтатын нәрсе, басылымда түрлі формада жазылған мысалдарды көптеп кездестірдік. Мысал жанрын дамытуда «Жатыпатар» сықақ бұрышының ізденістерін айта кеткен орынды. «Бес батпан беттің бастығы» – Ермахан Шайқыұлы. «Құдай жатқанға берсін деп жатырмыз» деген суретпен берілуі де қазақтың кейбір мінез ерекшеліктерін аңғартады.

Сатиралық жанрдың түрі – пародия. Ән мәтініне негізделіп жазылған пародиялар соңғы жылдары жиі де ұтымды пайдаланылып жүрген әдіс. Сондай тұрмыстық пародияның бірі Үміт Зұлқарованың «Несие жыры» әнші Қайрат Нұртастың «Арман» әнінің ізімен, үлгісімен жазылған:

«Арман, адастырмай мені қоя тұр,

Жалған, құшағыңды маған жая тұр» - дегенді Зұлқарова былайша пародиялайды:

«Заман, адастырмай мені қоя тұр,

Банк, құшағыңды маған жая тұр» деп келетін өлең шумақтары бүгінгі нарықтық өмірдің бетпердесін аша түскендей болады.

Аталмыш сықақ бұрышында Т.Әбдірайымұлының «Келер шақ», «Теңгенің термесі», «Біз қандай елміз», «Сиыр жылы», т.б. бірнеше сықақ өлеңдері жарық көрген. «Баға қайда барасың?» атты сықақ өлеңі Бұқар жыраудың үлгісімен жазылған. Сықақшы нарық заманының көріністерін, жыл сайынғы бағаның қымбаттауын еркше бір өрнек-айшықпен айта алған.

«АЙҚЫН апта» апталық қосымшасында «5 жатақхана» атты сықақ беті бар. Сықақ беті атауының астына «№5 жатақхананың коменданты – Ермахан Шайқыұлы» деп жазылған. Мұнда жарияланатын материалдарға көбінесе жатақханадағы студенттердің тыныс-тіршілігінен орын алған күлкілі жайттар мен езу тартқызар көріністер арқау болады. Шынайылыққа негізделген іс-әрекеттерді тұздықтай отырып, автор жылы юмормен береді. Студенттік өмірді бастан кешкен әрбір адамға ондағы оқиғалар таныс, сол бір шаққа қайта оралғандай әсер қалдырады. Сатирик Т.Әлімбеков: «Әркімнің басында бірбір сатиралық оқиға, көрініс жүреді. Сатирик соны бағамдап, былайғы жұрттан тап басу керек» дейді. Соңғы кездері аталмыш бетте «Ауыл айтқыштары» айдарымен белгілі бір аймақтағы өмір сүрген айтқыштардың ел аузында қалған әзіл әңгімелері мен тапқырлықпен айтылған қуақы сөздері беріліп жүр. Ешқандай жасандылығы жоқ, күнделікті өмірде кездесетін аңғал, аңқау адамдардың іс-әрекеті баяндалады. Қазақы қалжың қағытпалар өз алдына бөлек әңгіме.

Оразалы Мұсабековтің «Тендер»[5] деп аталатын сықақ әңгімесі бүгінгі күннің тақырыбына арналған.

Мұнда автор өмірде кездесетін кемшілікті, жағымсыз әрекетті, сондай-ақ, жемқорлықты сынайды. Мемлекеттік тендерді таныс арқылы ұтып алып, онан алынған қаржыны жеке пайдасына жарататындар жайын әжуалайды. Мысалы; « - Кіріскелі жатырмыз. Әуелі тендер жариялаймыз. Сосын кетпен, күрек іздеп, бұзылған тракторды жөндеп дегендей... Кірісеміз ғой

- Сонда не саласыңдар?

- Тұрғын үй. Бөлінген қаржының 25 пайызына шақтап, төбесін қалқайтып, іші-сыртын шала-пұла ақтап, қар жауғанда кілтін қолына ұстатсақ, кіреді де, қалған жағын иесі өзі аяқтап.

- Сонда ... анау 50 пайыз?

- Айқайламаңыз. Немене? Тендердің «заңын» білмейтіндей сөйлейсіз Сіз де. Әлде тендерде жеңгенімізді күндейсіз бе?»,- деп аты тендердікі аталып, қалғанын қожайынның өзі білетінін диалог арқылы жеткізеді. Шынында бұл нақты өмір көрінісі, қазіргі кезде күнделікті өмірде көп кездеседі.

Сонымен бірге «Мағынасы майысқан мақалдар», «Былдыр, былдыр», «Дейді, дейді, дейділер», «Одан-бұдан», «Шым-шым-шымшыма» тағы басқа айдарлар бар.

«Айқын» газеті «Жатыпатар» сықақ бетінің сатиралық жанрларды түрлендіріп берудегі ізденістері құптарлық. Сықақ бетінің өзіндік талпыныстарын, авторлар құрамының молдығын және сатираның барлық жанрларын қамтуға тырысатын ерекшеліктерін өзгеге ұқсамайтын қыры деп бағалаймыз.

Қорыта айтқанда, сықақ бетіндегі сатира жанрларының тақырып ауқымын әлде де кеңейту қажет. Бағаның өсуі, нарық жағдайы, несие т.б. ұсақ-түйек мәселелерден гөрі әлеуметтік мәселелерді қозғаған жөн. Бүгінгі күннің тақырыбын қозғайтын сатираның жауынгер жанры нақты фельетондар жарық көрсе. Сыналғандарды ашындырып, оқығандарды тамсандырып отыратын ашы ажуа, өткір мысқылдар беріліп тұрса түгел түзелмесе де, біршама қисық түзелер еді. Басқа басылымдардағы сықақ беттерімен салыстырғанда өзіндік бет-бейнесі бар, әрі онда сатиралық публицистиканың ұлттық нақыштары мол көрінеді.


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Қожакеев Т. Сатира – күштілер қаруы. А, 1988

  2. Әбдіқал А. Суайттар жарысынан репортаж. //Айқын. 2009, 13 қыркүйек

  3. Наурыз А. Бастықтың барын сезіну. //Айқын. 2008, 6 қаңтар

  4. Зұлқар Ү. // Айқын. 2008, 18 наурыз

  5. Мұсабеков О. Тендер. //Айқын. 2009,13 желтоқсан

Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет