Құдай-ау, қайда сол жылдар, Махаббат, қызық мол жылдар?



бет3/28
Дата26.08.2017
өлшемі3,96 Mb.
#28198
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   28

Ментайдың бұл сөзі жаныма жағып кетті-ау деймін, мен:

— Иә, иә, төрт жыл арман еттік кой, - деп ыржалактап, басымды изей бердім. Меңтай сөзінен жеңілген Қанипа басқа еді дау айта алмады. Тіпті ерніне келген өткір әзіл сөздерінен де айырылып қалды-ау деймін. Сасқалақтай орнынан тұрып:

— Ғапу етіңіз, отырыңыз, - деп маған тағы бір жымия қарап, жалт өткізе көз тастады да, қағаздарын құшақтап артқы партаға қарай кетті.

— Қанипа, қайда барасың? - деді қыздар әзілдеп.

— Эвакуация, тылға көшіп барамын, - деді ол да күле жа-уап беріп.

Мен оның орнына отыра беріп, Меңтай ойының зеректігіне таң қалдым. Меңтайдың жаңағы айтқан: «Ағай жауды тезірек жеңіп, оқуға келсем, біз сияқты қарындастарының қасында отырсам деп талай арман еткен шығар» дегені, оның алдында айтқан - алыста отырып лекция тындау ауыр екендігі, алдымен оқытушының үніне құлақты үйрету қажеттігі туралы пікірлері - бәрі-бәрі менің ойым. Сонда осы қыз алдыңғы лекцияда ештеңе жазбай, өлдебір әдіспен тек қана менің ойымды тындап отырғаннан сау ма екен өзі деп, оған қымсына қарап қойдым. Қыз жай ғана жымиып, парта қуысындағы дәптерін, сиясауытын, қаламын бір- бірлеп шығарып, жайлап алдына қоя бастады. Оның парта үстіне қойған дәптерінің мұқабасындағы жазуға көзім түсті. Онда былай деп жазылған екен: «Қазақ тілі Қазақ Мемлекеттік универсигеті тарих-филология факультетінің II курс студенті

Ербосынова М.»

Мен Меңтайдың фамилиясынын Ербосынова екенін осы арада білдім. Ол дәптерінің беттерін парактап ашқанда өткен лекциядан маржандай тізілген айқын әріптермен шақпақ жолды үш бетке толтыра конспект жазып алғанын көрдім. «Бәсе, ішіндегіні біреу қайдан білсін, - деп ойладым тағы да. - Өзінің зеректігімен мен ойлаған ойдың үстінен түсіп жатқан шығар. Дегенмен, бұл қыздың аузынан шыққан қарапайым сөздердің өзі мені сары алтынның буындай балқытып бара жатқаны тегі оның әң сұлулығынан ғана емес, осы ой зеректігінен де болар».

Қазақ тілінің оқытушысы біраз кешігіңкіреп келіп, сабағын жалғастырды. Жақыннан қарағанда ол құсмұрындығының үстіне мүлде шүңірек көз кісі екен. Менің алыста оты-рып, оны бүркітке ұқсатқаным тіпті дұрыс болыпты.

Сабағын бастай бере ол екінші партада жапалақтай жарбиып отырған маған көз тоқтатты.

— Сіз қайдан келдіңіз, аты-жөніңіз кім? - деді оқытушы маған.

Партаны салдыр-күлдір еткізіп, мен орнымнан атып тұрдым. Керзі етіктің екі басы, бірімен-бірі сүзіскен бұзаудай болып, сарт ете қалды. Оң қолымды шошаң өткізіп жоғары көтере бердім де, жалаң бас тұрғаным есіме түсіп, жалма-жан жамбасыма жапсыра қойдым. Бағанадан бері оқытушының аты-жөнін де сұрамаппын,. не де болса деп, бұрынғыша тарта бердім.

Жолдас оқытушы, алдыңызда тұрған - аға сержант Есенов Ербол. Демобилизациямен әскерден қайтып, университетке оқуға келдім.

Қыздардың бәрі қыран күлкі болды. Оқытушы да күліп жатыр. Тек Меңтай ғана дыбыс шығармай, езу тартты. Онысын да тез тыя қойып, маған қарай жақындаңқырап:

— Ағай, сержант емес, студент деп айтыңыз, - деді.

Жұрт осыған күлген екен ғой дедім де, шапшаң қатемді

түзетпек болып, қыздардың күлкісі тоқтала бергенде:

— То есть студент Есенов Ерболмын, - дедім ыржиып.

Қыздар бұрынғыдан бетер сақылдап күлсін. Күлсе күле берсін. Қыздардың күлкісі маған майдай жағады. Өйткені ол немістердің алты стволды минометінің абалап келіп, айналаға ажал шаша, алды-артымда жарылып жатқан миналары емес. Мен қазір тірі дүниенің тозағынан шығып, пейішке келіп тұрғандаймын. Сондықган осынау хор қыздарына қосылып, өзім де еріксіз күлемін.

Бір кезде күлкі басылды. Оқытушы оң жағына бұрылың-қырап, қалтасынан орамалын алып, көзін сүртті. Тегі мен орнына отырды ма деп ойлады ма, әлде маған қарасам, күліп

қоярмын деді ме, білмеймін, оқытушы сол қырын қараған күйі сабағын бастады.

Ал мен отырғаным жоқ. Отырмағаным, әскерде ондай тәртіп жоқ. Шені кіші адамдар аға командир рұқсат еткенде ғана орнына отырады. Бұл жерде оқытушы аға командир есебінде. Ендеше мен ол «отыр» демей, орныма жайғасуға тиісті емеспін. Өстіп, өзімнің тәртіптілігімді танытпақ боп қалшиып тұрмын. Меңтай маған сыбырлап: «Отырыңыз», - дейді. Тәртіпті солдат қалай отырды? Ал мен оқытушының әскерде болмағанын, әскер тәртібінің иісі мұрнына да бармайтынын қайдан білейін. Мен одан сайын екі жамбасымды қаттырақ қысып, сіресе түсемін.

Қыздар күлкіге булығып, тағы сықылықтай бастады. Тіпті болмаған соң Меңтай мені гимнастеркамның етегінен тартып, өзіне қаратты да: «Отырыңыз», - деп жалынғандай болды. Мен қыздың көңілін қимай, отырайын деп ойладым да, оқытушыға қайта қарадым. Ол алдындағы конспектісіне үңіліп, сын есім туралы лекциясын төпелеп жатыр, мен жаққа ақы берсең бұрылатын емес. Бірінші рет әскер тәртібін бұзып, амалсыздан отыруыма тура келді. Рұқсатсыз отырғаныма, бейне бір намазым қаза болған молдадай ішімнен бұрқылдап, құсмұрын оқытушыны кіналадым. Дегенмен ол мен жаққа бұрыла қалса, тез орнымнан атып тұруға және әзір болдым. Осы кезде ол көзін менен асырып, арт жаққа қарады. Оқытушы маған назар аударған екен деп, елбең етіп, ұшып тұра жаздадым. Менің мұныма Меңтай амалсыз жымиып, ақырын ғана бас шайқады.

Әскерде сүйекке сіңіп кеткен тәртіпке байланысты осы қылығымнан мен кейін қатты ұялып жүрдім. Оған мынандай тағы бір себеп те болды. Сол күннен кейін іле-шала Тәкен-нен хат алғамын. Ол былай деп жазған екен.

«Ербол, аманбысың? Оқуға түскеніңе қуанып жатырмын. Сенің түсетінінді білгенмін. Мен де аманмын. Өзім келген күннің ертеңінде-ақ бір асауға бұғалықты тастап кеп жі-бергенмін. Бірақ әлі құлағына қолым тиген жоқ. Ноқтаны ыңғайлап ұстап, жалын сипалап, жақындап келемін. Әлдеқашан-ақтұқыртып алатын едім, өзімнен болды. Өйткені, келген күні мен оның шешесін өлтіріп ала жаздаппын.

Әңгіме былай. Ауылдың үлкен-кішісі біздің үйге, маған сәлемдесуге келіп жатты. Мен де оларға әскери тәртіппен ізет көрсеттім. Келгендер не қолымды алмақ болып, не бетімнен сүюге ыңғайланып, төрде отырған маған қарай ұмтылады. Мен орнымнан атып тұрамын да, он қолымды сарт еткізіп шекеме көтеріп:

- Здравия желаю, старший сержант Майшанов, - дегі қатты айқайлап, қаққан қазықтай боп, бажырая қаламын. Міне, осыған соғыс көрмеген сужүрек екі-үш жаман кемпір шалқаларынан түсе жаздап, талып қалған болатын. Жұрт олардың бетіне су бүркіп жатқанда мен: «Әкетіңдер, әкетіндер, санротаға апарыңдар» деймін ғой баяғы. Өйткені маған сәлемдесуге басқа жұрт та келеді. Кемпірлерді төрге серейтіп салып қойып отырайын ба сол. Құдай ұрғанда жаңағы талып қалған кемпірлердің бірі мен жақсы көрген қыздың шешесі болып шықпасы бар ма? «Алыстан ажалдың аузынан қайтқан бала ғой деп, емірене еңкейіп, құшағымды жая бергенімде төрде тып-тыныш отырған алпамсадай жігіт алақ-жұлақ етіп атып тұрды. Кеудесіндегі теңгеліктері диуананың асасындай сыл-дыр-сылдыр қағып, әкесінің атына әлдебір түсініксіз сөздерді қосып, арс-арс ете қалғанда иманым ұшып, жүрегім жарылып кете жаздады. Мен ондай диуанаға қызымды бермеймін» деп айтады дейді сол кемпір. Диуана деп отырғаны - мен. Тапқан екен диуананы!

Біздің жағдай осы. Бірақ кемпірдің қарсылығына қарамастан атаканы күшейтіп жатырмын.

Сен өзің де сыпайысың ғой. Дегенмен осындайдан сақ бол. Әскердің заңы ауылға жарамайтынын байқап қалдым. Жақсы көрген біреуің болса, маған ұқсап, үркітіп алып жүрме. Ал мен болдым.

Қанды көйлек досың Тәкен».

Хатты оқып, алдымен ішек-сілем қатып, күліп алдым. Артынан өзімнің алғашқы лекцияда: «Аға сержант Есенов!» деп орнымнан атып тұрып, одан рұқсатсыз отырмаймын деп қалшиып тұрып алғаным есіме түсіп, кірерге тесік таба алмай өз-өзімнен қысылған едім. Дегенмен, әскерден қайтқан адамның бойындағы бұл сияқты сол теліктер келденең жұртқа күлкілілеу көрінгенмен, әскер тәртібінің осылай, сүйекке сіңісті боп, көпке дейін кеңілден кетпегеніне өз басым, бір себептен, өкін-беймін де. Өйткені сүйекке сіңбеген тәрбие - тәрбие емес. Тәртіпті, ынтымақты әскер ғана жауынан жеңілмейді. Меніңше осы күнгі жастар тәрбиесі үлкен үш бөлімнен құралады. Ол: семья, мектеп және әскери өмір. Осы үш тәрбиені өз бойына дұрыс сіңіре алған жас адам - жақсы азамат. Ондай ұрпағы бар Отан - Ұлы Отан, оны ешқашан да жау ала алмайды.

Жә, мұның өзі бүйректеу әңгіме боп кетті-ау деймін. Енді оны қойып, әлгі аудиторияға қайта оралайын.

Иә, мен орныма отырғаннан кейін қыз ақырын ғана жымиып, білінер-білінбес етіп, басын шайқады дедім ғой. Онысы Ментайдың мені жазғырғаны ма, әлде жақтағаны ма - аңғарғаным жоқ. Бар байқағаным қыз сыпылдатып, өз дәптеріне тағы да жарты беттей жазып тастаған екен. - Ағай, үш жарым беттей орын қалдырып, міне жерден бастап маған ілесіп жаза беріңіз, - деп Меңтай сол қолының шынашағымен өзі дәптерге енді түсіре бастаған сөйлемді нұсқады. Қыздың шынашағы аяпақ, жұп- жұмыр екен. Одан озыңкы өзге саусақтар әсемдігі, әдемілігімен және жан күйдіреді. «Әттең, мына саусақтарды шөпілдетіп сүйер ме еді, тым болмаса ақырын ғана сыртынан сипар ма еді?!» деп мен кәмпит көрген баладай жұтынып, телмірдім де қалдым. Менің сұқтанып отырғанымды сөзді-ау деймін, қыз дәптерінің шетін басып тұрған есем саусақтарын ақырын ғана жұмып, жұдырығын түйіп алды. Жас баланын жұдырығындай сүйкімді сол бір жұдырықты жұтып қояр ма еді деп, мен оған да қызыға қарадым. Оң қолымен сыпылдата конспект жазып жатқан қыз жаңағы жұмған жұдырығын дәптер шетінде сәл ұстап отырды да, маған сездірмеуге тырысып, сол қолын жайлап тартып алып, төмен түсірді. Алақанымен сипалап, партаның қуысынан бірдеңе іздеген сияқтанды. Онысы менің көзімді тайдыру үшін жасаған қулығы- ау деймін. Өйткені сия сорғыш іздеді ме дейін десем, онысы дәптерінің үстінде, оң қолының астын-да жатыр.

Бір минут қана осы арада бір көлденең әңгімеге тоқтай кетейін. Лекция жазып отырған кезде көл терлейтінін, ал қағаздың тер тиген жеріне сия жайылып кететінін, өйтпес үшін оң қолдың астына сия сорғыш не бір басқа қағаз төсеп отыру керектігін мен кейін Меңтайдан үйрендім. Меңтай үйреткен осы әдіс маған өмірлік айнымас әдет болып кетті. Күні бүгінгі үйде, иә кеңседе отырып газетке мақала немесе очерк жазғанымда бір бет ақ қағазды алып, ортасынан бүктеймін де, оң қолымның астына салып, әр жол жазған сайын оны сол студент күнімдегі сияқты төмен қарай сырғытамын да отырамын. Ал аудандарға командировкаға шыққанымда шақтап қойын дәптерімнің ішіне де сондай бөлек қағаз салып аламын. Неге десеңіз, мен жолжазбаларымды қойын дәптерге тек қана сиямен толтырамын. Қарындашқа сенбеймін. Қарындаш тұрақсыз әйел сияқты, жазғаның қазір бадырайып тұрғанымен, біраздан соң із-түзсіз боп өшіп қалады. Иә, кейде сондай қағазды ортасынан бүктеп немесе қойын дәптеріме шақтап кесіп жатқанымда ойыма Меңтай түседі де, жақсы керген жаныңнан үйренген әдет жадыңнан шықпайды екен-ау деп қоямын ішімнен.

Жә, енді жаңағы жерден қайта сабақтайын. Сиясы алдында тұрған, сия сорғышы оң қолының астында жатқан қыздың партаның астынан басқа еш нәрсе іздей қояр жөні жоқ еді. «Тегі Меңтайдың мұнысы қолыма қарама дегені шығар» дедім де, мен лекция жазуға ыңғайландым. Гимнастеркамның омырау қалтасынан бір басына сол кезде сексен алты аталатын қаламұш сұғылған қаңылтыр қаламымды қолыма алып, Меңтайдың сиясынан жазуға ыңғайландым. Төрт жыл бойы майданда санаусыз солдат, сансыз техника, қаптаған қала, деревняларды толассыз жалмап отырғанның үстіне арттағы елде көзге көрінген дүниенің бәрін түк қалдырмай қылғып, жұтып келген жебір соғыстың жойылғанына жарты жыл ғана толған ол кезде студент үшін бір сауыт сияның қасқалдақтың қанындай қымбат казына екенін мен артынан білдім. Қасына өзі шақырып әкелген кыздың сиясы да ортақ шығар деп, қолымды соза бергенде-ақ, Меңтай: «Жазыңыз, жазыңыз» дегендей басын екі рет изеп, ишара білдірді. Сонда ғана менің «бәләй, рұқсат сұрауым керек еді- ау» деген ойыма келді. «Жаманның ақылы артынан түседі» деп, маған осындай жақсы ойлар ылғи кейіннен келеді. Енді қайтадан рұқсат сұрап жатудың реті жоқ. Не де болса қаламымды Меңтайдың сауытына батыруға ыңғайландым. Сөйтсем, сиясауыт деп мардымсып отырғаным бармақ басындай ғана шүршиген шиша екен. Оның қай жерінде сия тұрғанын бір құдайдың өзі білсін. Бұл пәлені аударып аламын ба деп, қолым дірілдеңкіреп, оның тар аузына қаламымды әрең дегенде бір батырып алдым-ау, әйтеуір. Ал Меңтайдың қалам ұстаған қолы тары шоқыған торғайдай болып, сия-сауыттың аузын жып-жып етіп, тез-ақ табады. Қойшы, қыздың сиясауытына сығалап отырып, қаламымды екі-үш рет сұққаннан кейін, ептеп мен де жыпылдата бастадым.

Кейде оқытушының айтқанын тұтас жазып үлгіріп, кейде ести алмай қалған сөзімді Меңтайдың жазғанынан қарап, ілініп-салынып конспекті құрастырып жатырмын. Алғашқы сағаттағыдай емес, оқытушының үніне де құлағым үйрене бастағандай. Онда бір жол да жаза алмаған болсам, енді бір бетке жуық өтіп сойдақтатып тастадым. «Қуан, Ербол, сенен бірдеңе шығады!» деймін ішімнен. Өстіп, өзімнен өзім масаттанып, сияға қарай қолымды және соза бергенімде, өн бойымды электр тогы соғып кеп жіберген сияқтанды. Сөйтсем, төмен қарап жазып отырған Меңтай екеуіміздің бір мезгілде созылған қолымыз сауытқа қатар жетіп, қапталдасып қалған екен. Кішкентай әсем аппақ қол мен быртықайлау қап-қара қол біріне-бірі тиіскенде элекгр сымының екі ұшы біріне-бірі жанасып, сол жерден жарқылдап от ұшқындап жатқандай, екеуін тез айырып жібермесе өшпес орт тұтанатындай күй туған екен. Жүрек лүпілдеп, қан лапылдап, дене дуылдап кетті. Осы қазір күйіп, көмір боп кетсем де, менің өз қолымды қыз қолынан ажыратып алғым келмеді. Меңтайдың мені мерт еткісі келмеді ме, әлде аға деп, сияны бұрын алуға жол бергені ме, білмеймін, ол өз қолын

айлап кері тартып алды да, дәптерінің келесі ақ бетін аударыстырып қарай бастады. Сия-сауыт босағаннан кейін, қайтадан, ештеңе болмағандай, бұрынғысындай сабырлы қалында конспектісін әрі қарай жалғастырып жаза-берді.

Бірақ қыз сабырлы болған сайын менен сабыр кете бастады. Оның ақ саусақ, ақ білек, ақ мойнына көзім түскен сайын буын-буыным құрып, безгекке ұшырағандай бойым қалтырай түсті. Оның үстіндегі ангөр ешкінің жүнінен тоқылған ақ свитерге дейін мені өлітіп, елжіретіп, дүниеде сол свитерден сүйкімді, Меңтайға содан жарасымды киім жоқтай боп көрінді. Осы күйде отырып, лекцияның ырғағына ілесе алмай асықтым ба, әлде сол сәтте көзіме Меңтайдан өзге ешкім, еш нәрсе көрінбей кетті ме, білмеймін, ілгері сөзған қаламым сауыттың ернеуіне тиіп, көк сия молт етіп Меңтайдың дәптеріне ақтарылды да, сауыт домалай жөнеліп, оның ақ свитерінің етегіне барып құлады.

Менің бұл кездегі жағдайымның қандай болғанын сіз сұрамаңыз, мен айтпайын. Жазушы кісісіз ғой, өзінізді менің орныма қойып, мөлшерлеп түсіне беріңіз. Менің бар білетінім - сол сәтте өзімнін жерге кірерге тесік таба алмағаным. Әйтпегенде қайтейін, ағалап, жаны ашып, жақсылық жасағалы жанына шақырып әкелген қызға қиянат жасап алсам. Қиянат емей немене, оның еңбегін еш етіп, дәптеріне сия тегіп, свитерін былғасам. «Кетіңізші орныңызға, өзіңіз бір адам емес, аю екенсіз ғой» десе, не деймін қазір. Ашуланса, ауыл қыздарының тілі ащы келеді. Олардың «қу қайыршы», «иттің ғана баласы» деген сияқты «тәтті» сездерін талай рет естігенмін бала күнімде. Бұл қыздың да мені сөйдеп тілдемесіне кім кепіл. Мына қаптаған қыздың ортасында масқараға ұшырайтын болдым-ау. Бұдан да бағанағы орнымда отыра бергенім артық еді. Бір керген қыз бір ауыз жылы сөз айтты деп, желпендей кеп жөнеліп едім, өзіме де обал жоқ. Енді Меңтай мені не деп сөксе де құлмын!..

Осылай ойлап, өзіне өлім жазасын күткен қылмыскердей құнысып, бір уыс болдым да қалдым. Бет-аузым бір түрлі боп быжырайып кеткен шығар деп ойлаймын, әйтеуір жалынышты түрмен жапалақ қағып, біресе парта үстіндегі көк ала боп қалған дәптерге, біресе Меңтайдың алдындағы аузы маған қарап «мен не істер екен» деп андып жатқандай көрінген кішкентай сиясауытқа кезек қарай бергенімді білемін...

Соғыста жүргенімде бір күні мені іздеп артиллерия полкына майдандық газеттің тілшілері келді. Өздері үш адам: бір орыс, бір қазақ, бір өзбек екен. Ана екеуінен дәрежесі үлкен капитан қазақ менімен бұрыннан таныстай, бірден шүйіркелесіп кетті. Оның себебі бар еді. Мен дивизиялық және майдандық газеттерге артиллеристер әмірінен хабар, корреспонденция, мақалалар жазып тұратынмын. Жас кезінде қай қазақ өлең жазбаған. Ара-тұра ол газеттерде менің өлеңсымақтарым да жарияланып қалатын. Содан, сырттай мені жақын тартатын капитан Бағи Уазитов өз газеттеріне материал жинай алғы шөпке шыққан бұл сапарларында жолдастарын ертіп, маған жолығуға келіпті. Редакциядан ала келген блокнот, қағаздарын беріп, қарқ қылып тастады. Соғыстан аман қалсаң, журналист бол, КазГУ-дің журналистика бөліміне түс деп, мәслихат та айтып жатыр. Тірі болсам, расындада журналист болуым керек деген ой менің басыма сонда ұялаған еді. Біз батарея желкесінде жертөледе сөйлесіп отырған болатынбыз. Бір кезде алдыңғы шөп жақтан гүрс еткен үн шықты да, лезде жерді солқ еткізе дүрс ете қалған және дыбыс естілді. Апыр-ай, танктен атқан жоқ па екен деп ойладым мен. Өйткені танктен шыққан снаряд лашындай ұшқыр келеді, оның гүрс етіп стволдан шыққандағы дыбысы мен шарқ етіп, нысанаға жетіп, жарылғандағы үнінің арасындағы алшақтық азғантай ғана болады: «Апырай, жау танктері батареяға шабуыл жасап келе жатқан жоқ па екен?» деп сасқалақтаған мен жертәледен шыға жүгірмек бола бергенде бір нәрсе ысылдап, ысқы-рып, қақаңдап келіп дәл есік алдына төқтады да, шыр көбелек үйіріле қалды. Зәрем зәр түбіне кетіп, «ойбай, снаряд» деп жертөленің төріне қарай жүгірдім. Журналистердіңде көздері шарасынан шығып, «аллалап» жатыр. Біріміздің астымызға біріміз тығылып, үйме-жүйме болдық та қалдық. Сөйтіп жатып бәріміз бақырайып есікке қараймыз. Есік алдында ажал биін билеп, ұршықша айналып снаряд тұр. Ешқайсымызда үн жоқ, іштей снаряд әне жарылады, міне жарылады деп жанымыз шығып барады. Бір кезде снарядтың шыр көбелек айналған шапшаңдығы азайып, оның шоқиып отырған аюдың күшігіндей боп бойы керінді де, сәлден соң, буыны құрып, әлі біткендей, сылқ етіп құлай кетті. Сол кезде менің тасамда жатқан капитан селк ете түсіп, көзін жұмды. Снаряд құласа да жай таппай аунақшып-дөңбекшіп, өлі тигендей әлденеше рет тыпыршып барып, әрең тынышталды. Соның өзінде де: «Әй, қайдасындар?» дегендей, мойынсыз мұқыл тұмсығымен бізді іздеп, жер иіскеп жатқандай боп, басын жертөленің есігіне тірей тоқтады. Біреуміз басымызды көтерсек-ақ снаряд көмейінен қорғасын бүркіп жіберетін сияқтанды.

— Алла! - деді қазақ.

— Ойбай! - деді өзбек.

Бәріміз бірдей көзімізді тас жұмдық. Енді қазір снаряд жарылып, төртеуіміздің парша-паршамыз шығатын сәтті күттік.

Жоқ, біз асыққан екенбіз. Біз төртеуміздің парша-паршамызды шығаратын снаряд Германияның ажал фабрикасында жасалмаған боп шықты.

Сонымен не керек, ары жаттық, бері жаттық - снаряд жарылмады. Осы иттің өзі біздің қасымызға келіп жарылғалы жертөленің ішіне кіріп кеткен жоқ па екен деп, мен ақырын көзімді аштым. Жоқ, өйтпепті, үй күзеткен итке ұқсап жатыр есік алдында тоңқиып.

— Жолдастар, бұл снаряд емес, болванка

болды, мен шығып, ары апарып тастайын, - дедім қасымдағыларға.

— Ойбай, қарағым, барма, - деді капитан безек қағып, - бұл кеш жарылатын снаряд.

— Ойбай, қозғалма, - деді өзбек журналист. - Сенің кимылыңмен ауа қозғалады да, снарядты соғады. Содан соң бәріміз бірдей ғаріп боламыз.

— Черт возьми, - дейді орыс журналист, о да не істерін білмей.

Өстіп отырғанымызда бірнеше секунд уақыт өтті. Осы тұсқа кешеден бері анда-санда бір болванка кеп түсіп, жарылмай қалатынын білетін мен орнымнан тұрдым. Әлде журналистердің алдында өзімнің қорықпайтын батыр екенімді көрсеткім келді ме, қайдан білейін. Алды-артты ойлатпайтын жастықтың қызуы бойымды кернеп, бір басып, екі басып, есікке қарай аяндадым. Болванка болмай, басқа снаряд болып, жарылып кетпес пе екен деген де ой келді. Алайда шешінген судан тайынбас деген емес пе, кейін қайтпай, ілгері ұмтыла бердім. Ептеп есіктің сәкісіне көтерілдім. Бұл жақтан Болванка - жарылмайтын снаряд расында да кешеден бері екі-үш рет көріп, көзім қанып қалған болванканың өзі тәрізденді. Оны құйрық жағынан ұстап, көтеріп алайын деп еңкейе бергенімде капитанның:

- Ербол, қарағым, қош. Біз үйіңе хабарлармыз, - деп жыламсыраған үні естілді.

Шоққа қызған шойындай ыстық, ауыр снарядты шинелімнің жеңімен қапсыра ұстап, жерден көтеріп алдым да, аяғымды бір басып, екі басып, жертөленің сырт жағындағы шұңқырға қарай аяндадым.

Снарядты жерден кетеріп алуын алсам да, одан құтылғанша асықтым. Жаңа журналистердің қасынан батырсынып тұрғаныммен, батырға да жан керек екен. Неге тұрдым, жай жатқан жыланның құйрығын басқандай боп, мұны неге кетердімге қалдым. Бұл пәле болванка емес, қазір шарқ ете түссе, менен бір жапырақ та қалмайды. Ал әлгінде бәріміз жертөледе жатқан кезде жарылса, бәлкім жаралы болсам да, тірі қалатын ба едім деп ойладым. Осы сәтте қос қолдап көтеріп келе жатқаным ауыр қара снаряд емес, шиыршықталып жатқан қара жылан сияқты боп көрінді. Ол қазір басын қылқаң еткізіп көтеріп алып, менің мойныма орала түсетін тәрізденді. Осыдан кейін өн бойымды қара тер жауып кетті. Отыз метр жердегі шұңқырға батпақта отыз километр жүргендей болып, әрең жеттім.

Снарядты шұңқырдың шетіне жатқызып, ептеп түбіне қарай домалата бергенімде ол шынында да, жыланша ысылдай бастады. Мен жанұшырып, кейін қарай қаштым. Алқы-нып жертөлеге жетіп, ішіне кіре бергенімде сырт жақтан гүрс етіп жаңағы снаряд жарылды - оның болванка емес, кеш жарылатын снаряд боп шыққанын мен сонда ғана білдім. Есіктен ішке қарай домалағы келе жатып, капитанның «алла» деп ышқынған даусын тағы естідім. Жергәле тұсаулы аттай бір секіріп қалды да, оның тер жақ іргесі құлап, үстімізге суық топырақ сау ете түсті. Алыстан келген дүмпуі мынандай, ал бұл пәле жаңа жанымызда жарылса төртеуімізді бірдей жайратып кетеді екен-ау деп ойладым ішімнен...

Меңтайдың алдында жатқан сиясауытты көргенде осы оқиға есіме түсті. Бірақ махаббат мысы басқан адамның қозғалуға халі келмейді екен. Кеше ғана жарты пұт болванканы жерден кетеріп алып, жер үйден аулаққа апарып лақтырыгі тастаған солдаттың енді міне, саусақ басындай шишаны жатқан орнынан көтеріп алуға батылы да, шамасы да жетпеді.

Менің қолымнан келмеген бұл қайрат Меңтайдың қолынан келді. Ол шүу дегенде «бәләй» дегендей, астыңғы ернін босан тістеп, не істерін білмегендей, сәл бөгеліп қалды. Содан соң, ұзын қою кірпіктерін бір- екі қағып жіберді де, мен жаққа бұрылып та қарамастан, сияны бейне бір өзі төгіп алған, оған өзі ғана кінәлі жандай жай таныта, алдына құлаған сиясауытты алып, жайлап партаның үстіне қойды. Ақ свитер етегінің алақандай жері әп-сәтте көк ала болды да Қалды. Бірақ оған Меңтай мән бермеген болды да, жаудырап маған қарады:

— Қысылмаңыз, ағай, - деді. Бүған бейне бір өзі кінәлідей, онысына менен кешірім әтініп, жаЛынғандай боп айтты. Со-дан соң артқы партадағы қыздарға қарай бұрылды да: - Қыз-дар, сияларыңды бері койындаршы, - деді.

— Не боп қалды, Меңтай? - деді арттағы екі қыздың бірі жәп етіп.

— Свитерді былғап алдын бг.? - деді екіншісі жаны ашыған-сып.

Бүлардың сөздерін естігенде менің мандайымнан тағы да шып-шып тер шықты.

— Жоқ, жай, әшейін, - деп Меңтай қыздардың сиясына қаламын батырып алып, дәптерінің ақ бетінен бастап, қайта-дан жазуға кірісті. Жаза бастап, басын тез көтерді де: - Ағай, сіз де мына қыздардың сиясымен жаза беріңіз, - деді.

«Ұялған тек тұрмас» дегендей, сасқалақтай бұрылып, арт жаққа қарадым. Онда да бір шүмшиген сауыт тұр. Бір жақсысы, оны қыздардың бірі дәптерінің шетіне басқан сол қолының екі саусағымен қыса ұстап отыр екен. «Қой, біреуінің сиясын үстіне төгіп, жетістіріп едім. Енді мына қыздың қолына қалам тығып алып сорлатармын» дедім де, тырп етпестен отырып қалдым. Ми айналып жерге түсердей ыстықта ауыр жүк, қару-жарақарқалап жорықта келе жатқандай боп, гимнастеркамның жеңімен самайымды, мандайымды сипай бердім. Қоңырау соғылғанда басы-көзін тер жауып, болдырған зеңбірек атындай сенделектеп, сүмірейіп, сүйретіліп орнымнан әрең тұрдым.

V

Сөйтіп менің студенттік дәуірімнің алғашқы күндері өте бастады. Университетке, оның биік-биік аудиторияларына бойым үйреніп, оқытушылардың аты-жөнін біліп, қай сабақ-тың қай жерде өтетінін адаспай табатын болып, біртіндеп көшелі студент санатына қосылып келе жаттым. Бұрынғыдай біреу бетіме қараса, ыржиып қоя бермейтін болдым. Мастықтан айыққандай, өзімді өзім тежеп ұстауға машықтана бастадым. Соғыста жеңіл нәрсе, жұмсақ зат ұстап көрмегендіктен, аудиторияда қолыма ілінгеннін бәрі жеп- жеңіл көрініп, не құлатып, не қиратып алатын әдетімнен де айыға түстім.






Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   28




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет