Құдай-ау, қайда сол жылдар, Махаббат, қызық мол жылдар?



бет6/28
Дата26.08.2017
өлшемі3,96 Mb.
#28198
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   28

Шешем шап ете түсті. «Ербол, Ербол дейсің. Ол тірі келе ме, әлі бола ма? Оны қайдан білдің. Қайта, Ерболдың сені жақсы көргені рас болса, бағынды байламасын. Егер өзі аман келсе, елден Ерболға лайыққыз табылады. Сәниям жетіп және келеді. Ертең оған да күйеу керек. Тіпті Ерболға соны беремін. Оған апасын алды не, сіңлісін алды не - бәрібір емес пе? Екеуі де менен туған. Ал дөп саған ертеңгі Ерболдан бүгінгі Бүркітбай артық. Осыдан Бүркітбайға бармадың ғой, ақ сүтімді аспанға сауамын, теріс батамды беремін. Аналық қарызымды екі дүниеде де кешпеймін!» деді.

Не істерімді білмедім. Ақыры жазғы каникулге келгенде көрейік дедім. Оған дейін өзіңмен ақылдасып алғым келді. «Бүркітбай менімен бұрыннан сөйлесіп жүрген. Қыста келгенде сені үйіме кіргізіп бер, оқуға жіберме деген. Сенің сонау жазыңды күтіп, қу тізесін құшақтап отыра бере ме ол. Осындағы бойжетіп отырған қыздардың бірін алады да қояды, сені дәт дегізіп. Ана Жексеннің қызы Қатипа жоқ нәрсені сылтауратып, күнде баратын көрінеді конторға. Бүркітбайды қалай қолыма түсіремін деп жүрсе керек. Әне, сол сияқты біреу есігіме өзі келіп тұрған бақ-дәулет, бай күйеуді қағады да кетеді» деп шешем тепсіне тақымдап болмайды.

Ендеше Бүркітбай сол Қатипаны алсын, - дедім мен.

-Бүркітбай оны ұнатпайды, - деді шешем. - Осы төңіректе оның ұнататыны сен ғана болып отырсың. Құдайдың мұнысына мың шүкіршілік, ат аяғы жетер жердегі жал-ғыз еркек қызының аяғынан құшақтап жатса, одан артық бақыт бар ма шешеге! Бірақ есіңде болсын, еркектің көңілі құбылмалы болады. Мысықты кім арқасынан сипаса, ол со-ған сүйкеніп, пырылдап, алдынан түспей қоймай ма? Еркек те сол сияқты. Қай әйел бетіне күле қарап, қылмындай бастаса, еркек те соған қарай бейімделе береді. Сен шалқая бер-сең, ол ерегесіп, Жексеннің қызын алады да қояды. Сөйтіп саған арналған жылы суға Қатипа қолын малады да отырады. Жұртқа таба боп мен қаламын, елге күлкі боп сен жүресің.

— Неге табалайды жұрт? - деймін мен.

— Неге табаламайды, - дейді шешем. - Бүркітбайдың көңілі сенде екенін бүкіл осы ауыл түгел біледі. Кеше анау шеттегі саңырау кемпір Сақып та: «Бүбіш, Сәлиманы Бүркітбайға қашан қосқалы жатырсың? Ұмытып кетпей мені де тойына шақыр. Сәлиманың тұсауын өзім кескенмін», - деп кетті. Білмесе, ол не? «Ел құлағы елу» деген емес пе, бәрі де біледі. Білсін, осы қиыншылықта мына Бүбіштен басқа кімнің қызын күйеу, күйеу болғанда жарты патша - басқарманың өзі алып жатыр.

Мен ыза боп кеттім. «Тойыңның да, Бүркітбайыңның да керегі жоқ» деп жылап жатып алдым. Шешем бұртиып, біраз қасымда отырды. Содан кейін даусын жұмсартып, басымды сипады. Біраздан кейін мені құшақтап, өзі де жылап алды. Көзін сүртіп, бір кезде қайта сөз бастады.

- Егер соғыстан Ербол келмей қалса, сорлайтын сен боласың, балам, - деді жыламсырап отырып. - Одан да бүгіннен бастап Бүркітбайға шығып ал, қалқам. Айналайын, ақылың бар ғой сенің. Мына дауылды заманда үйге тіреу болатын еркек керек. Оқуды қайтесің, оқудың түбіне кім жетеді? Ербол, Ербол дейсің. Ерболың да жасынан оқу құмар бала болатын. Соғыстан бұрын тауыса алмай кеткен оқуын соғыстан кейін бітіремін деп әуре болмасына кім кепіл оның. Алдымен соғыстың бітуін күтіп, одан соң Ерболдың оқуды тауысуын тосып, өз бағынды өзің байлап отырасың ба, күнім-ау. Қыз баланың бақыты - байға тиіп, бала құшақтау. Жалғыз сен емес, сонау Хауа анадан бері келе жатқан жоралғы осы, ботам. Осылай деп шешем дауыс айтып отырып алды. Бір жағынан сені аяп, бір жағынан шешемді, он беске кеп қалған сіңлім Сәния мен он жасар інім Әскержанды аяп, екі оттың арасында қалғандай, дал болдым. «Апатай, бұл әңгімені жазға қалдыр» деп таң атқанша жылап, жатып алдым.

Бүркітбаймен ақылдасты ма, әлде өзі жібіді ме білмеймін, ертеңінде кешке шешем осыған көнді. Жазғы каникулға шыққанымда мені Бүркітбайға қосатын болды (Ал өзім Бүркітбайды алғаш келіп, амандасып кеткеннен кейін көргенім жоқ).

Мінеки, сөйтіп, ауылдан мен кеше ғана келдім. Келе сала саған хат жазып, мұңымды шағып отырмын. Не істейін, Ербол! Не қылайын? Жаным, қуатым, ақылды едің ғой, бір амалын тапшы өзің. «Сақал-мұртың қуарып, бойға біткен тамырдың бәрі бірдей суалып, алайын деп тұрмысың мені көріп қуанып» деп қарт Қожаққа Ақжүніс айтқандай, Бүркітбай шалға қалай барамын, сенсіз қалай өмір сүремін? Бармасам, шешем күн көрсетпейді, үй ішінің халі ауыр екен. Өзің барда күзде үй басына арба-арба еңбеккүнге тиген астық түсіп, қыс

бойы ол қап-қап болып тошалада тіреліп турушы еді ғой. Өткен күзде біздің үйге бір жарым қап бидай әрең тиіпті. Үйдегі үш жан күніне үш мезгіл дастарқанға бір уыс бидай шашып, соны тауықтай теріп жеп, талшық ететін көрінеді. Бір біздің үй емес, бар ауылдың күйі осы. Жақ жүндері үрпиіп, бозарған балаларды көргенде ішің удай ашиды. Міне, елдің жайы осы, Ербол!

Студенттік жағдай да жетісіп тұрған жоқ. Күніне карточкамен алатын бір жапырақ нан мен қатықсыз қара көже ғана. Жатақхана да суық. Осы хатты көрпеге оранып отырып, қолымды қайта-қайта үрлеп, өз деміммен жылытып, әрең жазып отырмын. Бірақ маған сенің әр хатың бес күндік азық, әр сөзің бір күндік қызу. Қаншама жүдеп-жадап жүрсем де сенен хат келгенде жайнап, жадырап кетемін. Бұл шын сөзім, шын сырым, қуатым.

Сүйіктім Ербол!

Менің бар жайым осы. Ендігі хабарды өзіңнен күтемін.

Шешімін де, кесімін де өзің айт. Мен сенің айтқанынды ғана орындаймын. Күт десең - күтемін, шалға бар, тұрмысқа шық десең - шығамын. Талай махаббаттың қанатын қырыққан қанды соғысты бастаған қаскөй жауға лағынет айтып шығамын. Бүркітбайдың босағасында басыма қызыл желек бүркелсе, саған деген ақ жүрегім қара жамылып жататын болады кеудемде.

Жоқ, бұлай болуы жөн емес, Ербол. Жазға дейін соғыс бітуі керек. Сендер Гитлер сұмның көзін жоясыңдар. Сонда Бүркітбай айдалада қалады. Екеуміз қосыламыз - махаббаттың мерейі үстем болады. Махаббат зұлымдыкты жеңеді. Сендер соғыста жаумен жұлысып жатырсындар. Менің жүрегім де сондай майданға айналды. Менің жүрегімде махаббат пен шарасыздық шарпысып жатыр. Махаббат жеңісінің туы сендердің қолдарында, Ербол. Сендер жауды құртасындар, майданда сендер көтерген жеңіс туы мұнда жығылып жатқан мыңдаған махаббаттың жалауын жалтылдатады. Айналайын, қуатым, жауды тезірек жеңіндер. Сөйтіп, өзіңді де, мені де құтқар мына азаптан.

Қасымдағы қыздар жатып қалды. Мен стол шамын жаныма жақындатып алып, саған осы хатты жазып отырмын, жылап отырмын. Мына бір сиясы жайылып кеткен сөз - менің көз жасым тамған жер.

«Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген, Ербол. Жазда, жазатайым Бүркітбайдың жайған торына түсіп қалсам, сен мені кеш. Өзіңді уыз махаббатыммен шексіз сүйгенім үшін кеш. Соғыста талай темірдің қамырша иленіп, талай шойынның шыныдай үгітіліп жатқанын сан рет жазып едің ғой маған. Ендеше адам жаны темірдей төзімді ме, шойыннан берік пе? Майданда сом болаттарды күйреткен соғыс елде де талай серттерді сындырып, уәлелерді уатып жатыр. Әрине, оныңда тау-қыметі жауынгерлердің иығына түседі. Олай дейтінім, осы жолы ауылдан келгенде күйеулері соғыста жүрген кейбір жас әйелдердін, сөз байласқан жігіттері майданға кеткен қыздардың күйеуге шығып алғандарын көрдім. Жоғарғы ауылдағы өзіңнің Ағайша жеңгең завферма боп жүрген Жолболды деген шұбар шалға тиіп алыпты. Алматыға қайтар алдында мектептің жанындағы ләпкеде кездесіп:

— Неге өйттіңіз? - деп сұрадым Ағайшадан.

— Күйеуімнен соғыс басталғалы хат жоқ. Мен сонсоң шықтым. Ал Еркеш қайнымнан (жеңгелеріңнің сені солай деп атайтыны есіңде шығар) күн сайын хат алып отырған сен де Бүркітбай бастыққа барғалы жатыр дейді ғой, - деп ол өзімді кекетті. Төменгі ауылдағы «бес жорға» атанған бес бойжеткеннің бірі Қазиза еді ғой. Сол отыз жыл отасқан әйелін тастатып, бригадир шалға шығып алыпты. Бұл менің ауылдан, өзіміздің қолхоздан ғана көргенім. Ондайлар басқа ауылдарда да бар шығар. Осының бәрі тұрақсыздықтан емес, көпшілігі шарасыздықтан кетіп жатыр, Ербол. Мұның бәрін сенің алдында ақталу үшін жазып отырғаным жоқ, жаным. Ертең жауды жеңіп, аман қайтқан жігіттердің бәрі өздерін тоспай кетіп қалған жарлары мен ғашықтарына қарғыс дауылын боратып, лағынет боранын ұйтқыта келеді әлі. Содан, ең жоқ дегенде бір жігіт - менің ақылды досым, бар жағдайды байыппен ойлап, пайымдай білетін Ерболым олай етпесін. Ол пайдасыз ашу мен ызадан биік болсын. Қыз сорлылардың шалға телініп, жат босағаны жастанғанымен, өздерінің сол жігіттерге деген сүйіспеншіліктерін жүректерінің түкпіріне түйіп, өмір бойы жадында сақтап қалғанын білсін. Қаншама бармын, бақыттымын десе де, сол алғаш сүйген жігіттерінің тебесін көргенде шексіз қуанатындарын, оңашада соларды ойлап, ексіп алатындарын түсінсін. Сөйтіп қыздарға кешірім етсін, жалғыз өз атынан емес, барлық жігіттер атынан кешірім етсін деп жазып отырмын мұны.

Жо-жоқ, Ербол сен мұны мен Бүркітбайға баруға бел байлаған соң айтып отыр екен деп ойлама. Жоқ, атама. Бұл менің бар жүрегімді жайып, бар сырымды ақтарғаным саған. Ойдағының бәрін жасырмай жазғаным. Осылай ақтарыла сөйлеуге мені өзің үйретіп едің ғой, жаным. Сол талабынды және орындағаным.

Міне, ағарып таң да атты. Терезеден ақ бас Алатаудың бір биік шыңы көрінді. Осы шыңдай берік, осы шындай тұрақты болсам деуші едім өмірде. Оны алдағы күндер, алдағы жағдайлар біледі.

Ал, қалқам, мен болдым. Сенің амандығынды тілеймін. Осы жазда жауды құртуларыңды күтемін. Сенің маған ақыл беретін хатыңды тосамын.

Басынды көкірегіме басып, қысып, бетіңнен сүйдім сені. Окобыңда аязда тоңып отырған жеріңде ыстық ерніммен аймалап, айқара құшақтадым, жаным.

Сенің Сәлимаң.

1944 жыл, 20 ақпан, Алматы, КазГу».

Мен хатты оқып болып, Меңтай екеуіміздің ортамызға қойдым. Қыз қолын хатқа созбады. Маған оның жүрегі толқып, тулап отырғандай боп көрінді. Бірақонысын сездірмеді.

— Бұл Сәлиманың сізге жазған хаты ғой, - деді арамыздағы сәл үнсіздіктен кейін Меңтай.

— Иә.


Қыздың көмейіне оның ар жағы не болды деген сұрақ та келген болар. Бірақ ол енді ләм демеді. Басталған әңгіме аяқсыз қалмайтынын біліп, әліптің артын бағып, үнсіз отыра берді.

— Енді ар жағын айтайын ба? - дедім қызға қарап. Меңтай басын изеді.

— Бұл хатты оқып шыққаннан кейінгі менің жайым еркек қауымның бәріне де түсінікті ғой. Көзге көрінбейтін әлдебір алып қолмен желкемнен ұстап алып, біресе тай қазанда бұрқ-сарқ қайнап жатқан ыстық суға малып, одан соң сақылдаған сары аязда мұз ойыққа батырып алғандай болды. Сол күшті қол мені осы бір ыстық, бір суыққа кезек сүңгітіп тұрғанға ұқсады. Біресе денем от боп күйіп, артынша мұздап кеп қоя береді. Өне бойым қалш-қалш етіп бүрісіп, Балзақтың шегірен былғарысындай кішірейіп, бір жапырақ боп бара жатқан сияқтымын. Қойшы, не керек, сонымен ол кезде күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылдым. Сәлимаға не деймін, не деп жауап беремін деп қиналдым. Оны ойлағанда қолымдағы мылтығымның сусып қалай жерге түсіп кеткенінде аңғармай қаламын. Бүркітбайға бар деуге Сәлиманы қимаймын, Сәлимадан айырылып қалсам, енді ешқашан да маған ондай жақсы қыз кездеспейтіндей көрінеді. Ешкімге барма, өзімді тос дейін десем, өлермін деп ешқашан ойламағаныммен, анық тірі қаларыма, осы күнгідей он екі мүшем сау, аман келеріме және кезім жетпейді. Өлі болам ба, тірі қалам ба - онда шаруаң болмасын, тек мені тос деп әгоистік жасауға тағы да арым бармайды.Сәлима хатында жазға дейін жауды жеңіп кел, сонда өзіміз қосыламыз дейді. Менің сөйтіп оған жеткім-ақ келеді. Бірақ бүкіл неміс армиясын жазға дейін жалғыз жайпап тастау менің колымнан келе ме? Еғер бәрі менің қолымда болса, онда жаз-ға дейін емес, бір айда-ақ, тіпті бір тәулікте, тіпті сол күні-ақ жауды құртып, бар ғашықты бақытты етіп, елге қайтқан болар едім. Қайтейін, қанша бұлқынса да бір солдаттың қолында не бар.

Өстіп дел-сал болып жүргеңімде елден тағы бір хат алдым. Оны ауылдан Сәлиманың шешесі жолдапты. Әрине, Бүбіш апайдың өзі хат білмейтін. Бұл апайдың кіші қызы Сәнияның да жазуы емес. Қолтаңбасы маған өте таныстау. Басқа біреуге жаздырыпты. Хатының мазмұны мынандай:

«Қымбатты Ербол балам!

Дүние тыныштық болса, сені шын балам болар дегі ойлаушы едім. Сұм соғыс килікті де, бәрінді көгендеген қозыдай алысқа алып кетті. Сәлимам сені сарғайып кеп күтті. Оның енді отыруының орны жоқ. Ерге шығуы керек. Шырағым, мен шешемін ғой. Ең жоқ дегенде бір қызымды қолымнан ұзатып, қызығын көрейін. Егер сенің оны шын жақсы көргенін рас болса, бағын байламай, рұқсатыңды бер. Оған кінә қойма, өз күнін көрсін, обалдарың сұм Китлерге болсын. Ал, қарағым, Ербол! Осыны сенен аналық тілек етемін. Жасыңнан ана сыйлаған жалғыз едің ғой. Айтқанымды орындасаң - батамды беремін. Құдайдан сенің аман-есен келуіңді тілеймін. Аман келсең, өзіңе лайық қыз табылады елден.

Анаң Бүбіш».

Бұл хат жанымды және күйдірді. Күйдірген кемпірдің сөзі ғана емес (бірақ шеше байғұста не кінә бар), сол хаттың жазуында еді. Әріптері қиқы-жиқы бұл шимай Бүркітбай бригадирдің жазуы. Мен жыл сайын, оқу біткеннен кейін, жаз бойы оның төбілшісі болатынмын. Сондықтан да маған Бүркітбайдың қай әріпті қалай жазатыны, тәбілдің аяғына қолды қалай қоятыны бес саусағымдай белгілі еді. Төрт бұрышты конверттен алынған хат бетіне тізілген сол бір қиқы-жиқы әріптер енді маған омартадан құжынай ұшқан сары ала шыбын - сансыз араларға айналып, өзімді жабыла талағалы келе жатқан сияқты боп көрінді.

Сонымен, біресе жапандағы жалғыз жолаушыны қамаған аш қасқырдай анталап, алдан да, бүйірден де снаряд, миналар жарылып, біресе ордалы жыландай жан тітірете ысқырып, сумаңдап оқ қаумалап, біресе үстіңе төніп келген аюдың тісіндей сақылдаған жау танкі ыстықұяң - окопты таптап, солдат өміріне күніне қырық рет қауіп төндірген қырық төртінші соғыс жылының сұрапыл қысы да өтіп бара жатты. Бұл уақыт ішінде мен Сәлимаға арнап сан рет хат жазып, сен рет жырттым. Ақыры, көктемнің алғашқы күндерінің бірінде мен оған мынандай жауап жібердім.

«Сәлима!


Менің өмірімнің қауіпті екені рас. Осы күнге дейін өзім өлермін деп еш ойламасам да, соғыс біткенше әлі боламын ба, тірі боламын ба, ал тірі қалсам - мүгедек боламын ба, әлде жай жарақатты боп қайтамын ба, білмеймін. Бар білетінім: осы соңғы үш айдың ішінде ғана бірнеше жан жолдастарымнан айырылдым.

Мен сені шексіз сүйетінімді өзің білесің. Сүйгендігім үшін өз жүрегімді өзім тұншықтырып, құрбан етуге ұйғардым. Сен мені күтпе, қалаған адамыңа тұрмысқа шық. Өлсем - есінде сақта. Бір балаңа менің атымды қой - мен соған да ризамын.

Қош.

Ербол.


1944 жыл, 15 сәуір. Майдандағы армия».

Осылай дедім. Өйтпегенде қайтейін. Ол менің некелеп алған жарым емес қой. Біздің екі-үш рет сүйісіп, тілден бал сорысқаннан басқа арамызда ештеңе болған жоқ. Елде, Сәли-маның өзі айтқандай, соғысты сылтау етіп, ақ некенің өзін бұзып жатқандар аз ба? Қайта Сәлиманың менен рұқсат сұрағанына рақмет. Бүркітбайға сұрамай-ақ шығып кетсе, мен не істейтін едім. Шешесі айтқандай, өзім шын сүйген Сәлиманың бағын байламайын.

«Тос мені, тос!» деу хатқа жазуға немесе әндетіп айтуға ғана оңай шығар. Тосушы ол үшін талай тозақтан, талай тұзақтан өтетін болар. Сол көп тозақтың бірі - шеше қаһары. Үй ішіне, сөз салушыға жеккөрінішті болып, сені күткен жардың еңбегі сен аман барып, ақталса жақсы. Ал олай болмаса ше? Өлген екіне білмейді. Күйініш тіріні күйдіреді. Өзің олай-пұлай боп кетсең, оны және отқа салудың қажеті не? Қыз байғұс сені сүйгеніне кінәлі ме?..

Осылай ойладым. Сондықтан «өзің біл, ойлан» деп, Сәлиманың басын қатырмадым. «Мені күтпе» деп пышақ кескендей ғып бірден айттым.



Хатымды бүктедім де, тез почташыға бердім. Өйтпесем, тағы да жыртып тастайтынымды сездім. Почташы оны дивизия штабына апарып тастады. Одан басқа да үшкіл хаттармен бірге армия почтасына жөнелтілді. Сөйтіп, менің хатым елге, Алматыға қарай бет қойды.

Хат осылай жылжып кетіп бара жаткқнда маған тағы да мынандай ой келді. «Осыным дұрыс болды, - дедім өзімді өзім жұбатып _ Бұлай ету - біріншіден, менің адамгершілік парызым. Екіншіден, Сәлимаға қойған сыным. Ол мені шын сүйсе, оның үстіне уәдесіне берік, табанды болса, мені тосады. Ал шын сүймесе, сүйсе де табансыз, тайғақ болса, мені күтпейді».

Ақыры ол мені күтпеді. Хатымды алғаннан кейін, 1 мамыр мерекесіне ауылға барады да, қайтадан КазГУ-ге қайтпайды. Бүркітбаймен қосылып, біржола қалып қояды.

Ақыры ол мені күтпеді, - деп жоғарыдағы сөзімді қайталап айттым. - Бірақ күтпегеніне қыз кінәлі емес, «күтпе» деген өзім кінәлідей сезіндім соғыс біткеннен кейін. Жұрт айтып жатқан «Тос мені, тосты» неге айтпадым деп өкіндім. Өкінгенмен не пайда? Мен бұл сұрапыл соғыстан тірі қалатынымды, тірі қалғанда он екі мүшем сау болып, елге осылай аман келетінімді біліппін бе? Мен әңгімемді бітіріп, үстел үстінде жатқан Сәлиманың хатын алып, бүктедім де, қайтадан шинелімнің қалтасына апарып салдым. Сол арада қолыма қойын дәптерім ілінді де, оның ішіндегі бағана бөлек қағазға жазып алған өлең ойыма түсіп, жүрегім кеудемді тепкілеп қоя берді. «Мұны қалай етсем екен?» деп ойладым.

— Апырай, бұл кісі Пенелопа болмады ғой, - деді Меңтай осы кезде бір-ақ үн қатып.

— Мен де Одиссейге ұқсамай жатырмын-ау, - дедім қызға қарай бұрылып. - Сәлиманың қолына Одиссейдің садағындай садақтастап кетпеген соң, әрине, солай болады.

— Дегенмен өзі ақылды, сөзге де, ойға да ұста, шешен қыз екен.

— Ақын болсам деп арман етуші еді.

— Ә, бәсе.

Меңтай Сәлиманы осыдан артық талқыға салмады. Ал менің ісіме де бір-ақ ауыз сөзбен баға берді.

— Адамгершілік, ізгілік шарттарын бұзу өмірде көп кездескенімен, махаббаттан бас тарту сирек болады деуші еді. Бірақ бәрі жағдайға байланысты ғой.

Осылай деп, өзіне тән ұстамдылықпен, ақырын ғана басын шайқады да қойды.

— Ағай, сіз отыра тұрыңызшы, - деді ол содан соң орнынан көтеріліп. - Мен мына көрші қыздардың плиткасы босады ма екен, біліп келейін.

Маған да керегі осы еді. Меңтай шығысымен орнымнан атып тұрып, шинелімнің қалтасындағы бағанағы өленді алдым да, қай жерге тастап кетсем екен деп, жан-жағыма қарадым. Осы кезде Меңтайдын қайтып келе жатқан тықыры естілді де, мен буыным қалтырап, қолым дірілдеп, үстел үстінде жатқан «Одиссея» кітабынын ішіне тыға салдым.

— Плиткалары бос емес екен, - деді Меңтай дағдарып. - Мен тағы да бір шай қайната қойсам ба деп едім.

— Жоқ, Меңтай, рақмет. Мен кетейін, кеш боп қалды ғой, - деп жалма-жан киіміме қарай ұмтылдым. Енді кішкентай бөгелсем, Меңтай «Одиссея» арасындағы қағазды көріп қойып, масқарам шығатын сияқтанды.

— Ағай, келгеніңізге көп рақмет, - деді Меңтай. - Ертең жексенбі ғой, уақытыңыз болса тағы да келіңіз. Келесіз бе?

Мен тілім байланып қалғандай, басымды изедім.

Жатақханадан шықсам, көшелер қараңғыланып қалған екен. Жаңағы қағазды жылтындатып кітаптың арасына неге салып кеттім деп жатып өкіндім былай шыққан соң. Ол бағана мені туған ағамдай көремін деген жоқ па еді. Сөйтіп, «бауырыңмын, қарындасыңмын» деп отырған қызға ғашықтық өлеңін тастап кеткенім - қай иттігім? Ертең Меңтайды қалай көремін, оның бетіне қалай қараймын?

Өстіп, өзіммен өзім ұрысып, қараңғы көшеде бүкендеп келе жатқан мен оқ-дәрі қоймасына есебін тауып сағат, минуты жеткенде жарылатын мина тастап, сол жарылыстан жанұшыра қашып, аулақтап бара жатқан жау жағының жансызындай сезіндім өзімді сол сәтте. Махаббат пен сана бірін-бірі тындамайтынын, әрқайсысы тек өз дегенім ғана болсын дейтінін мен бірінші рет осы кеште ұққандай болдым.

VII

Ертеңінде қайтадан мен жатақханаға жолай алмадым. Меңтайға не бетіммен көрінемін, «ағай, мұныңыз не?» десе не деймін деп, өз жанымды өзім жегідей жедім. Сөйтіп, мені қисапсыз мас болған адамның өзінің орынсыз айтқан сөз, келеңсіз қылықтарын естіп, ертеңінде тартар өкініш азабыйдай қинап, екінші қаңтар өтті.



Үшінші қаңтарда, күндізгі сағат екіде лекциямыз басталмақ. Жатақханадан жүрегім шайылып қалған мен университетке баруғатағы бетімнен бастым. Кыздардың бәрі мені Меңтаймен қосыла кінәлап, мазақтап, масқаралайтындай көрінді. Тілдері ашы Қанипа мен Зайкүл: «Көзі қарайған там сүзеді» дегендей, ағаң сені бір сүзіп көрейін деген ғой» деп қазірдің өзінде Меңтайды ажуалап жатқандай сезілді. Әлде бүгін университетке бармай қалсам ба екен деп бір ойладым. Әскерде себепсіз шашау шығып көрмеген басым мұным тәртіп бұзғандық болар деп таныдым. Оның үстіне алғашқы екі сағаттық лекциядан өлсем де қалуыма болмайды. Ол профессор Әуезовтың лекциясы. Біздің филфак оқыту-шыларының ішінде Әуезовтың орны бір бөлек сияқтанды. Кейбір лекцияларда шулаңқырап, тіпті болмаса өзара күбірлесіп, күңкілдесіп отыратын студенттер аудиторияға Әуезов келгенде оған ерекше құрмет білдіре, жым болады. Ол лекцияға кіріскенде аудиторияда ұшқан шыбынның ызыңы білінерлік дейтіндей тыныштық орнайды. Ол кісі лекциясын шүу дегенде кібіртіктеп бастап, біраздан кейін, тұяғы қызған тұлпардай кесіле жөнелгенде студенттердің айызы қанады. Аса бір миғұла біреу болмаса, оған әсерленбей, оны ұқпай ешкім қала алмайды. Профессор студенттерін бір лекциядан бір лекцияға қарай қызықтырып, ынталандыра жетелеп отырады. Лекциядан сырғып шығу, әсіресе Әуезовтың лекциясына қатыспау бәріміз үшін кешірілмес күнәдай болатын. Әсіресе, соғыста төрт жыл бойы кітабын арқалап жүрген маған сүйікті жазушының сабағына қатыспай қалу қылмыс жасағаннан кем көрінбес еді. Оның үстіне мен алдыңғы күні Меңтай бөлмесінен шыққаннан бері өзімді әлдекімнің құзырында, әлдебір көрінбейтін шеңбердің құрсауында қалғандай сезіндім. Меңтайды керуден тартынсам да, қаймықсам да, көргім келетінін аңғардым. Сағат бірден аса университетті жағалап, келуін келгеніммен, оның ішіне ене алмай көп күйбеңдедім. Біресе оның баспалдағына көтеріліп, біресе одан қайта түсіп, қарсыдағы паркке еніп кетіп, әбден есім шықты. Өзіміздің қыздардың ешқайсысының көздеріне көрінбеуге тырыстым. Сағат екіге бес минут қалғанда ішке кіріп, шинелім мен фуражкамды гардеробка өткіздім де, төменде біраз бегеліп тұрып, екінші қатарға көтерілдім. Тура сағат екіде ішінде Меңтай отырған отыз үшінші аудиторияның қасына жетіп, тәңір үйінің қақпасы алдына келген діндардай дірілдеп, есіктің тұтқасын ұстадым. Осы кезде қарсыдағы деканаттан шығып, профессор Әуезов те аудиторияға қарай аяңдады. Мен профессорға бас иіп, ол кісіден бұрынырақ, асыға ішке еніп кеттім.

Мен аудиторияға емес, жаңа ғана жау өртеп кеткен деревняға енгендей болдым. Бетімді ып-ыстық от лебі шалған іспеттенді. Не де болса деп, өзім ең алғаш келгендегі артқы партаға қарай тарттым. Тұсынан өтіп бара жатқанымда Меңтай маған бірдеңе айтпақ болғандай жалт қарап еді, өрт ішінен созылып, оза шыққан бір ұзын қызыл жалын мені қатты шарпып, өн бойымды күйдіре тұншықтырып, орап өткен сияқтанды.

Артқы партада Жомартбек деген аққұба өңді, ұзын бойлы, тыриған арық, бала жігіт отыратын. Ол үнемі қызметкер ағасының үстінен түскен көнетоз киімдерін киіп жүретін және ылғи шетте отыратын. Сондықтан сырт пішіні жағынан ит-құсты үркіту үшін котан сыртындағы жіңішке ағашқа кигізіп қойған ескі киім, тымаққа - қарақшыға ұқсанқырайтын. Ал мінез жағынан - тіл алғыш, жұғымтал, оның үстіне едәуір қу тілді болатын. Мен ең алғаш келгенде Жомартбек соқыр ішегіне операция жасатып, ауруханада жатқан екен. Содан сауығып, он шақты күннен кейін курсқа қайта келген. Отыз қыздың ішіндегі еркек кіндікті екеуміз ғана болғандықтан бір-бірімізге үйір бола бастағанбыз.

- Ағай, менің қасыма келдіңіз бе? - деп Жомартбек тісін ақсита күліп, мен жанына тақай бергенде-ақ орын босатып, өзі терге қарай сырғыды.

Мен орныма отыра бергенде есіктен профессор кірді. Екі жақ самай шашы толқындай бұйраланып, қасқа маңдайы жарқырап, орындарынан тұрып, қошемет көрсеткен студенттерге қайта-қайта бас иіп, жымия күлімдеп, сонысымен бәрімізді баладай қуантып, профессор төрге қарай аяңдады.

Оқытушы столына жайғасқаннан кейін профессор алдында отырған студенттердің бастарынан асыра әлдебір қиян алысқа көз тастағандай сәл үнсіз отырды да, ұзын кірпіктерін қайшылай қағып-қағып жіберді. Осы бір сәт алдымен аспанда айқұш-ұйқыш нажағай ойнап, артынан шелектеп бір нөсер төгер ғажайып шақты еске түсірді. Әуезов лекциясын бастап, телегей-теңіз білім төгіп, ағыл-тегіл боп ақтарылды да кетті.

Алайда «Абайдың лирикасы» деп аталатын осы лекцияның алғашқы сағатын мен алаң-құлаң тыңдадым. Бұл лекцияның бір сөзін де бекерге жібермеуім керек деп, өзімді өзім қаншама қайрасам да, «Қызыл көрпе» өлеңі есіме түсіп, тәубамнан жаңылғандай, айдалаға лағамын.

Өстіп екі күйдің - аудиториядағы Әуезов лекциясы мен жүректегі махаббат сазының қайсысына көбірек көңіл бөлуді білмей, дел-сал болып отырғанымда қоңырау соғылды. Мен аудиторияда қалмай, оқытушымен ілесе тезірек шығып кетпек болып, парталардан аулақтап, қабырғаға жанаса жүріп, жылдамдай басып, есікке қарай ұмтылдым. Партадан көтеріле бергенде Меңтайдың да орнынан тұрып жатқанын көзім шалып қалып еді. Оның ашулы жүзін көрмейін деп, темен тұқырып алғанмын. Есікке тақап, тұтқаға енді қолымды сөза бергенімде асаудың алдынан арқан құрғандай боп, екі құлашын екі жағына керіп, бетіме жымия қарап тұрған Меңтайды көрдім. Қанша қысылсам да, алдымда кісі тұрғанда кимелеп өте шығатын сиыр емеспін ғой. Меңтайдың бетіне тура қарауға жүзім шыдамай, теріс айнала бегеліп, тоқтап қалдым. Меңтай мені жұрт көзінше жерлеп, масқара етпек болған екен деп, өне бойымды тер жауып қоя берді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   28




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет