Даналық ойдың дарабозы – Ахмет Байтұрсынұлы кіріспе



Дата15.09.2017
өлшемі181,07 Kb.
#32888
Даналық ойдың дарабозы – Ахмет Байтұрсынұлы
КІРІСПЕ
Тіл  халықтың этникалық  тұтастығын  сақтайтын,  оның  әлеуметтік  тағдырына  тікелей  байланысты  құралдың  бірі  ғана  емес,  бірегейі екенін өткен  ғасырдың  екінші  ғасырынан  бастап-ақ туған елінің  болашағы мен  кешіп  отырған күніне  үңілген  қазақ   зиялылары  жақсы  таныған  еді. «Кел, балалар,  оқылық!»  деп  жар  салып,  мектептер  ашқан  ұлы  ағартушы  Ыбырай  Алтынсариннен  басталған  бұл  ағым белгілі  бір  қоғамдық ой-пікір  мен  іс-әрекетке  айналғаны  белгілі.  Оқу-ағарту  идеясы қазақ  зиялыларының  қоғамдық  қызметінің  арқауы,  азаматтық  борышының  негізі,  идеологиялық платформасының  тіреуі  болды. Бұл  платформаны  мықтап ұстауға  алып  келген – халықтың  тағдырын  ойлаған  қам-қарекеті. ХХ  ғасырдың  басындағы  қазақ қоғамы – тәуелділік күн   кешіп  отырған,  білім-ғылымнан  кенже  қалған,  мал  бағып,  марғау  жатқан  отар ел  болатын.  Халқы  үшін  бебеу  қаққан ойшылдардың  көзімен,  сөзімен  айтқанда,  бұл  тұстағы  қазақ   халқы  «көгі  қараңғы»,  «көңілі  ұйқылы», «малы  талауда,  жаны   қамауда»  болған   қайран   ел  еді. Сол  жұртқа  «Оян,  қазақ!»   деп  Міржақып  Дулатов  жар  салса,  «Қараңғы  қазақ  көгіне  өрмелеп  шығып,  күн  болуға» талант  күшін  Сұлтанмахмұт  төксе,  «Ай, қап!»  деп,  санын  соға  өкінген,  өкіне  тұрып,  сол  халді  түзеу  жолына  Мұхаметжан  Сералиндер  баспасөзді  жұмсаса, «көгі  жоқ,  көгалы  жоқ  қырға  адамдықтың  тұқымын  шашып»,  «ұйықтап  жатқан  қазақты сары  маса  боп  ызыңдап  оятуға»  Ахмет  Байтұрсынұлы  шықты.  Қазақ  халқын  әлеуметтік  теңдікке ,  азаматтық мәдениетке  жеткізетін, «ел  қатарына  қосатын  амал-әрекеттің»  бастысы – «түгел  қазақты»  сауатты  етіп, көзін  ашу, надандықтан  арылту  болды. Ахмет  Байтұрсынұлының  тілімен  айтқанда,   «олжалы  жерде  үлестен  қағылғанымыз, ордалы  жерде  орыннан  қағылғанымыз, жоралы  жерде жолдан  қағылғанымыз – бәрі  надандық кесапаты».  «Өрге  басқан  өзге  жұрттың  қатарынан  қалыспау  үшін»  оқу-ағартуға құр  шақырып  қою енді  жеткіліксіз  еді. Енді  оқу-ағартуды  жүзеге  асыратын  нақты  іс-әрекеттерге  көшу  саясаты  басталды.           

               ҒАЛЫМНЫҢ  ӨМІРБАЯН  БЕТТЕРІНЕН

Ахмет  Байтұрсынұлы  1873  жылы  28-қаңтарда  қазіргі  Қостанай  облысы  Торғай  атырабында  Сартүбек  деген жерде  дүниеге  келген. Табиғатынан зерек әрі талапты бала Ахмет 1882-1884 жылдары көзі ашық ауыл адамдарынан сауатын ашып, хат таниды да, кейін жақын маңдағы ауыл мектебінде оқиды. 1886-1891 жылдары Торғай қаласындағы екі сыныпты орысша-қазақша училищеде, 1891-1895 жылдары Орынбордағы мұғалімдер даярлайтын мектепте білім алады. Бұл жылдары ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің үлгісінде жұмыс істейтін, игі дәстүрлері мол жаңаша мектептер саны көбейген болатын. Міне, осы тәрізді оқу орындарында оқып, сапалы білім алып шыққан  1905  жылы  педагогикалық  училищені  бітірісімен,  Қазақстанның  әр  түрлі  облыстарынан  мектептер  ашып,  ұстаздық  жұмыспен  айналысады. Мұғалім бола жүріп ол қоғамдағы болып жатқан құбылыстарға, әлеуметтік өмірге үңіледі. Халыққа білім берудің жолдарын, қазақ тілі мен әдебиетінің мәселелерін зерттеу мүмкіндіктерін қарастырады. Көп кітаптар оқиды, өз бетімен ізденеді. Әдебиетпен айналысады, өлең-жырларын жазады, ауыз әдебиетінің үлгілерін жинайды, оқулықтар мен оқу құралдарын әзірлейді. Өзінің білімімен, ақыл-парасатымен ел аузына іліге бастайды. Бостандық аңсаған, күреске үндеген өлеңдер жазады. Соның салдарынан 1910 жылы Қазақстанда тұру құқығынан айырылып, Орынбор қаласына келеді. Ахмет  Байтұрсынұлыны  азамат  болып  қалыптасқан  кезең  Қазақстанның  Ресей  империясының  отарына  түгелдей  айналып  болған  уақытқа  тұспа-тұс келді. Азамат  болып  есейіп,  Қарқаралы  қаласында  екі  класты  училищенің меңгерушісі  қызметін  атқарып  жүрген  Ахмет  полиция  тыңшыларының  жаласымен  1909  жылы  Семей  абақтысына  жабылып,  8-9  айдай  түрменің  азабын  татқан.  Осындай  оқиғалар  тізбегі  жігіт  Ахметтің  қоғамдық-саяси  күреске  ертерек  араласуына   түрткі  болған. Алаш қозғалысының көсемі ретінде "халық жауы"  деп  атылған А.Байтұрсыновтың есімі де, шығармалары да көпке дейін жұртшылық үшін жабық болды. Тек тәуелсіз Қазақстан жағдайында ғана ақынның шығармалары жарық көрді, мұралары зерттеле бастады. 1988 жылы ақталғаннан кейін,   А.Байтұрсынұлы шығармаларының жинағы (1989), "Ақ жол" кітабы (1991) жарық көрді.

Ұлттық   мәні  бар  саяси – әлеуметтік   және  мәдени мәселелерді  көтеріп,  шешуде  мерзімді  баспасөздің  қызметінің  маңыздылығын  Ахмет  Байтұрсынұлы  жақсы  түсінді.  Сондықтан  да  ол  шын  мәніндегі  жалпы  ұлттық  газет  шығару  ісіне  көр  күш  жұмсады.  Әлихан  Бөкейхановтың  бағыт  беруімен,  Ахмет  Байтұрсынұлының  басшылығымен,  озық  ойлы,  халық  қамын  ойлаған  жеклеген  дәулетті  адамдардың  демеушілігімен  1913  жылдан  бастап  Орынборда  жалпы  ұлттық  биресмилік «Қазақ»  газеті  шыға  бастады.

         АХМЕТ  БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ  РУХАНИ  МҰРАСЫ

Ахмет Байтұрсынұлын   Мұхтар  Әуезов  20-жылдардың  өзінде-ақ  «қазақ  халқының   рухани көсемі»  деп  бағалаған  екен.  Осы  бағаны  бергізген оның өз халқын мәдениетті  елдер қатарына  қосу  жолында  жүргізген  саналы  күресі  мен  қыруар  еңбегі  болса  керек. Бұл еңбек  қазақ балаларын  ана  тілінде  сауаттандырып, әрі  қарай  ана  тілінде  оқытатын оқулықтар  жазуынан,  халық  ағарту  кадрларын дайындап,  қазақ  интеллигенциясының  өкілдерін  баулуынан танылады.

       Миллиондаған  адамы  бар халықтың рухани  жеткшісі  болатын  адам  белгілі бір идеяларын  алдына  мақсат-мұрат  етіп  қойып,  оларды  сол  халықтың әлеуметтік – мәдени  өміріне  жарататын  іс-әрекеттерге баруы  керек  екені  белгілі. Ондай  адам  халқы  үшін, халықтың  мәдени-рухани  дүниесін  көтеру  үшін  қызмет  етеді. Жарғақ  құлағы  жерге  тимей  жүріп, масаша  ызылдап,  туған  халқын  оқуға,  өнер-білімге  шақырды,  өркениетті  елдерден  кейін  қалып, білімнің  жеткіліксіздігінен,  оқыса,  ілгері  кеткен  елдер  қатарына  қосылуға  талпынса,  қазақ  халқы  да   ешкімге  есесін  жібермейді,  әңгіме  талаптануда,  намысты  болуда  дей  келіп:

Қазағым,  елім,

Қайқайып  белің

Сынуға  тұр  таянып.

Талауда  малың,

Қамауда  жаның

Аш  көзіңді,  оянып, 

Қанған  жоқ  па әлі  ұйқың?

Ұйықтайтын  бар  не  сиқың!

деп,  жан  даусымен  айғайлап,  ел  намысын  қамшылады.

Балалар, оқуға  бар,  жатпа  қарап,

Жуынып,  киініңдер шапшаңырақ.

Шақырды  тауық  мана  әлдеқашан,

Қарап  тұр  терезеден  күн сығалап.

- деген  өлең  шумақтарымен  балаларды  мектепке  оқуға  шақырды.

      Халықты  ағарту  ісі  мектептен  басталады. А.Байтұрсынұлы қазақ балаларының әйтеуір  көзі  ашылып, сауатты  болуын  емес, ана  тілінде  сауаттануын  табанды  түрде  қояды.  Өз  білгендерін  іс жүзіне  асыруды  өз  ғұмырының  мәні,  мұрат – мақсаты  деп  түсінген  ғалым білек  сыбанып  іске  кірісті. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілінің ұлы түрлендіруші-реформаторы, теоретигі әрі қазақ тілі білімі саласына орасан зор еңбек сіңірген көрнекті ғалым болды.  Қазақ  баласының  оқуды  тез  өсуі  үшін  оқуды,  алдымен,  ана  тілінде  жүргізу  қажет  деп  санаған  Ахмет  Байтұрсыновтың  алдында  бұрын  оқу  пәні  болып   көрмеген   қазақ  тілін   зерттеу,   оны  оқу   пәні  дәрежесіне  жеткізу   міндеті   тұрды.   Бұл  міндетті  жүзеге  асыру  үшін  тілсіз  ешқандай  да  ғылым-білім  деген  жоқ,  тіл – бәрінің  бастамасы  деп  білген  ғалым,  алдымен,  қазақ  тілінің  өзіне  ғана  тән,  оның  дыбыстық  жүйесіне  сай  әліппесін  қалыптастыруға  кіріседі.  Ғылым-біліммен   қарулану  үшін  мектеп  керек  болды. Сол  мектепте ана  тілінде  оқыту  үшін  алдымен  қазақша  жазу  таңбаларын,  яғни әліп-биін  жасау  қажеттігі  туды.  Ол  таңбаларды  қай  жазудан  алса  да, қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне икемдеп,  өзіне  тән  ұлттық  графика етіп  ұсыну  мақсаты  тұрды.  Содан соң  балаларға  осы  таңбаларды  танытып,  сауатын ашатын  әліппеден  бастап, сол  тілді  үйрететін  грамматика  оқулықтарын  жазу  керек  болды. Міне,  Ахмет  Байтұрсынұлының  қазақ  тілін  зерттеп,   танып    білуге   қатысы   осы   тұстан  басталады. Тіл  білімі саласында  орасан  зор  еңбектер  қалдырған  ғалым өз  қолымен  жазған  «өмірбаянында» (1929,8-наурыз): «Орынборға келгенннен кейін, біріншіден, қазақ тілін фонетикалық, морфологиялық және синтаксистік тұрғыдан зерртеумен,  екіншіден,  қазақ алфавитін (шрифтін емес), орфографиялық жеңілдету және реттеу үшін басқа тілдердің синтаксистік ықпалынан тазартумен,  ақыры,  ең соңында,  төртіншіден  проза (іс-қағаз, публицистика,  ғылыми жазба тіл)  тілін  кітаби  тіл  арнасынан  стилистикалық   өңдеу,  қазақ   сөздерінен  термин жасау  арқылы халықтың   жанды  тілінің арнасына көшіру істерімен айналыса бастадым.» – дейді. Бұл жолдарда  зерделі ғалымның тіл білімінің бар саласында тиянақты жүйелі зерттеулер  жүргізгендігін  байқауға  болады.

      Ахмет  Байтұрсынов  қазақ  әліппесі  мен  қазақ  тілі оқулықтарын  жазуды 1910  жылдардан бастап  қолға  алады. Сонымен қоса қазақ графикасын жасауға  кіріседі.   Қазақ  графикасының  негізіне  қазақтың мәдени  дүниесінде  ұзақ ғасырлық  дәстүрі  бар, өзге  түркі  халықтары  пайдаланып  отырғандықтан, туыстық, жақындық  сипаты  бар  араб  таңбаларын  алады.   Оны қазақ  фонетикасына   икемдейді,   ол  үшін:

1.  Қазақша дыбыстары  жоқ  таңбаларды  алфавиттен  шығарады;

2. Қазақ   тілінің  жуанды - жіңішкелі   үндестік  заңына  сай  жазу  үшін дәйекше     атты   белгі   алады;

3. Қазақ  тіліндегі арабша  таңбасы  жоқ  қазақ дыбыстарына  таңба  қосады, яғни  [ы],    [е],   [о],   [и],   [ұ], [у] дыбыстарының  әрқайсысына  жеке  таңба  беруді  ұсынады.

    Сөйтіп, 24  таңбадан тұратын,  өзі «қазақ жазуы»  деп,  өзгелер  «Байтұрсынов  жазуы»  деп  атаған  қазақтың  ұлттық  графикасын  қалыптастырады.   Міне,  осының  бәрі  қазақ  тілі  әліпбиінің өз  табиғатына  орай  түзіліп, тіліміздегі  сингармонизм  заңына  лайықталып  жасалуының  нәтижесінде қазақтың  жазуы  болып  тез  қалыптасты.  Енді  ғалым осы  жазуды үйрететін   әліппе   жазады.

Жоғарыда  айттым, оқу-ағарту  мұраты өткен  ғасырдың  бас  кезінен  бастап қазақ  қоғамы үшін әлеуметтік  мүдделердің  ішінде  ең  бастысы болды,  сондықтан әрбір  зиялы  азамат  халқына  қара  танытып,  сауатын  ашуды,  ол әрекетті  «Әліппе»  жазудан  бастауды  мақсат  етті. Сол себептен  1911-1912  жылдардан  бастап, бірнеше  «Әліп-би»  кітапшалары  түзіліп,  олар  Уфа,  Орынбор   қалаларының   баспаханаларында  жарық  көрді.   Бірақ   олардың   көбі бірер  басылымнан  артық  жарияланбай,  кеңінен  қолданыс  таба  алмаған.  Солардың  қатарында  шыққан  Ахмет  Байтұрсынұлының   әліппесі  «Оқу  құралы»  деген  атпен 1912-1925  жылдар  арасында 7  рет қайта  басылып, оқыту  ісінде  ұзақ,  әрі  кеңінен  пайдаланылды. 1926  жылы ғалым  «Әліп-бидің»   жаңа  нұсқасын  жазды. Бұл  осы  күнгідей  суреттермен  берілген  оқулық болды. Кезінде   бұған «..Мынау –  жаңа  «Әліп-би»  бұрынғысынан  қай  ретте  болса  да  аса  артық.  Бұл  «Әліп-бидің»  мазмұны  қазақ  жағдайына  қарай,  Мемлекеттік  білім  Кеңесінің  жаңа  бағдарламасына  үйлесімді  болып  шыққан.  Әңгімелері  балалар  үшін қызық,  жеңіл,  заманға  лайық...»  деген  баға  берілген.  Байқап  отырсақ, Ахмет  Байтұрсынов  замана  ағысынан  қалыспай,  қатар  жүріп  отырған.  Әлгіндей  құралдарын  үнемі  жетілдіріп  отырған.

      Ахмет  Байтұрсынұлының қазақ тілінің  табиғатын, құрылымын  танып-танытудағы қызметі қазақ тілін үйрететін  оқулықтар жазумен  ұласады. ӨЗ  сөзімен айтқанда,  «біздің  заманымыз  жазу  заманы ... Сөздің  жүйесін,  қисынын  келтіріп жаза  білуге, сөз  қандай  орында қалай  өзгеріліп,  қалайша біріне-бірі  қиындасып,  жалғасатын жүйесін білу  керек»  болғандықтан,  «басқа  білімдермен  қатар қазақ тілінің дыбыс,  сөз,  сөйлем жүйелерін де  үйрету керектігін»    міндетіне    алады  да  сол  міндетті  орындау  үшін  «Тіл - құрал» деген  атпен  үш  бөлімнен,  үш кітаптан тұратын  оқулық  жазады.  1914  жылы  «Тіл - құралдың»  морфологияға  арналған   бөлімі,  1915  жылы  фонетикаға  арналған  бөлімі,  содан  кейін  синтаксиске  байланысты бөлімі  жұртшылыққа  ұсынылады.

      Жалғыз тіл  емес, өзге  де пәндерді  оқып - үйренетін  қазақ  тілінде жазылған  кітап,  құрал дегендерді  білмей - көрмей  келген  сол  кездегі  қазақ  жұртшылығы  үшін  бұл  арнаулы  кітап  бұрын-соңды  болмаған жаңа  құбылыс  еді.  «Тіл - құрал»  қазақ  тілін  ана  тілімізде  танудың  басы  болды,  «Қазіргі  қазақ  тілі»  деп  аталатын ғылым  саласының  іргетасы  болып  қаланды. Оның   үстіне қазақ тілін зерттеп, танып  білуде  А.Байтұрсынұлының  «Оқу  құралы»  мен  «Тіл – құралының»  орны  айрықша.  Кезінде  қазақ  қауымы  Байтұрсынұлы  десе,   «Тіл -құрал»,  «Тіл – құрал»  десе,  Байтұрсынұлын  танитын   болған.

         Қазақ  фонетикасы  мен  грамматикасы  жайындағы  ғалымның оқулықтары  осы  ғылым  саласының бастамасы,  іргетасы болды.  А. Байтұрсынұлының қазақ тілін зерттеп, танып-білуге қатысы,  осыдан келіп оның қазақ тіліне, оның әрі қарай өмір сүруіне, яғни қоғамға қызмет етудегі тағдырына қатысты білдірген пікірлері   мен   істеген   істері  –  халқымыздың   баға   жетпес   рухани   байлығы.

        Қазақ  тіл  білімінің  ана  тіліміздегі  іргетасын қалаудағы  Ахмет  Байтұрсынұлының  зор еңбегі – ғылымның осы  саласының  терминдерін  жасауы.  Ғылыми  ұғымдарға атау беру – үлкен талғампаздықты, тілді шебер пайдалана  білуді  қажет  ететін шығармашылық үрдіс. Онымен қоса, арнаулы ұғымдарға ат қою кезінде ол жүйенің өзіндік ерекшеліктерін міндетті түрде ескеру қажет. Атаудың ықшам болуы, бір мағыналылығы және ұғым мазмұнын қамтуы керек. Бұл тұрғыдан келгенде, ұлт ұстазы қазақ тілін термин шығармашылығында пайдаланудың жарқын үлгісін көрсете білді.  Ғалым  бұл  туралы  былай  деп  ой  толғайды:  «... Біз  сияқты  мәдениет жемісіне  жаңа  аузы  тиген  жұрт,  өз  тілінде  жоқ  деп,  мәдени  жұрттардың  тіліндегі  даяр  сөздерді  алғыштап,  ана  тілі  мен  жат  тілдің  сөздерін  араластыра-араластыра,  ақырында,  ана  тілдің  қайда  кеткенін  білмей,  айырылып  қалуы  ықтимал. Сондықтан  мәдени  жұрттардың  тіліндегі  әдебиеттерін, ғылым  кітаптарын  қазақ  тіліне  аударғанда,  пән  сөздерінің  даярлығына  қызықпай,  ана  тілімізден  қарастырып  сөз  табуымыз  керек» – дейді. Сол  себептен, Ахмет  Байтұрсынұлы  қазақ тілі грамматикасына  қатысты  категориялардың  әрқайсыына  қазақша  термин  ұсынды.  Осы  күні  қолданылып жүрген  «зат  есім»,    «сын  есім»,    «етістік»,     «есімдік»,  «одағай»,    «үстеу»,    «бастауыш»,    «баяндауыш»,    «жай  сөйлем»,   «құрмалас  сөйлем»   деген   терминдердің   баршасы   А.Байтұрсынұлына   тиесілі.

Ахмет  Байтұрсынұлының қазақ тілінің сөзжасам тәсілдерін анықтаумен қатар, ол тәсілдерді термин жасауда пайдаланудың жарқын үлгісін көрсеткендігін оның қаламынан туындаған жүздеген терминдері дәлелдейді. Мәселен,  ғалымның  жұрнақ, жалғау, буын, шумақ, тармақ, рай, мүше сияқты терминдері семантикалық тәсілмен, жақша, сызықша, көсемше, есімше,  дәйекші,  буыншы, бастауыш, баяндауыш, анықтауыш, пысықтауыш,  толықтауыш,  әуреленіс,  күліс, әлектеніс, әліптеме, зауықтама,  мазмұндама, ермектеме,  қорытпа,  ұсынба,  сұқтаныс,  азаптаныс,  жалғаулық, есімдік тәрізді көптеген терминдері морфологиялық тәсілмен, ал  дауыссыз дыбыс,  дауысты  дыбыс,  қатаң  дыбыс,  ұяң  дыбыс, түбір сөз, туынды сөз,  қос сөз, қаратпа сөз, қыстырма сөз, мезгіл пысықтауыш, мекен пысықтауыш, сын пысықтауыш, тұрлаулы мүше, тұрлаусыз мүше, салалас сөйлем, сабақтас сөйлем, жалаң сөйлем сынды терминдер  тобы  синтаксистік  тәсілмен  жасалған.

        Ғалымның  қазақ  тіл  білімінің  қалыптасуында  айрықша  рөл  атқарған  еңбектерін    саралағанда,  жалпы  тіл  білімінің   өрістеуіне  даңғыл   жол    ашқан   термин   жасау   мәселесіне  үлкен    көңіл  бөлгендігін    айттып өттім. Өз  еңбектерінде  Ахмет  Байтұрсынов  әрбір   ұғым, түсінік, нәрсе,  затқа,  әсіресе,  грамматикалық   категориялардың  бас-басына  қазақша  атау  телиді,  термин  береді.  Сол  кезеңде  жасалып,  қазір  мүлде  қалыптасып, тұрақтанған дыбыс,   әріп,   қағида,  емле, тағы  басқа  толып жатқан терминдер — тіл ғылымын  дамытудағы   зор   үлес. Әрбір грамматикалык категорияның  өзіне тән атауын дәл  тауып,  жіліктеп,   жіктеп,   саралап   беру  оқу  жүйесіндегі  ісімізге  айырықша   әсер   етті.  Ол жасаған терминдер  жүйесі  күні  бүгінге  дейін   тілімізге   мүлтіксіз    қызмет  етіп     келеді.

        А.Байтұрсынұлы  қаламынан  қазақ тіліне  қатысты жоғарыда  аталған екі  оқулық    қана    емес,   өзге    де    құнды    құралдар   мен  кітаптар шыққан. Олар:

        Тілді  дұрыс  қолдана  білу  тәртібін  көрсетуді  көздеген  – «Тіл  жұмсар»,  екі  бөлімнен  тұратын  екі  кітап  1928  жылы Қызылорда  қаласында  жарық  көрді.  Жазу  таңбаларын  /әріптерді/  үйрету  амалдарын  түсіндіретін  «Баяншы»  атты  кітапшасы  1912  жылы Қазан  қаласында  жарық   көрген. Жалпы  сауат  аштыру  әдістерінің  жөн-жобасы  «Әліп-би  астары»   деген   еңбегінде   көрініс   тапқан.

        Ғалым  өз  зерттеулерінде  қазақ  тілінің  негізін  құрайтын  басты  салаларды  түгел  қамтыған, оның ішінде – дыбыстық жүйесін,  морфологиясы мен  синтаксисін  өз  тілімізде  алғаш рет сипаттай  отырып,  терең,  зерделі тұжырымдар айтқан.   Жалпы, тіл білімінде  үлкен орын алатын — типология,  түбір  мәселелері  ыңғайында  А. Байтұрсынұлының өте  нақты,  ғылыми  маңызын     әлі      күнге    жоймаған   ойларын  келтіруге  болады.  Сонымен катар түрлі лингвистикалык тәсілдерді жіктеу, топтастыру,  тапқа  бөлу,  тағы  басқаларды     енгізіп,    өз    зерттеулерінде   кеңінен   қолданған.

      Көптеген  грамматикалық,   жалпы   тілдік категориялар мен құбылыстарды сөз еткенде, А. Байтұрсынұлы өзі сол ұғым-түсініктерді арнайы  қазақша терминдермен  атап, анықтама берген.  Тіл біліміне  қатысты  жәйттерді  қазақ  тілінің   өз   табиғатынан   туындайтын   зандылық,    ерекшеліктерге  сүйене   отырып,    басқа    тілдік    қалыпқа   салмай,   жүйелі  түрде   баян   етеді.

        Ғалымның  зерттеу  объектісі  болған  қазақ  тілінің,  тіл  білімінің  кез келген  проблемасы өзінің өміршеңдігін әлі күнге жоймаған.  Осы деректердің өзі ғалымның тіл білімпазы ретінде қазақ тілінде термин жасаудың үлгісін көрсете отырып, ғасыр басындағы термин жасау ісіне тікелей  ықпал  еткен  зор  тұлға  екенін  анық  аңғартады.

   Қазақ  тілі  жайында  А.Байтұрсынұлының  еңбектерінен  бұрын  да  зерттеулер  болған. Бірақ  олардың  бәрі  орыс  тілінде  жазылған  еді. Олардың бірде-бірінде  қазақ  тілінің  өзіне  тән табиғаты  жүйелі  ашылған емес  және  олар  орыс тілінде  болғандықтан  қарапайым  халықтың  сауатын  ашуға  еш  пайдасыз  болды. Міне,  сондықтан  да  Ахмет  Байтұрсынұлы   қазақ  тіл  білімінің бастауында  тұрған  басты  тұлға  ретінде  танылады.

    Ғалымның  «Әліппе — таңбалар жұмбағы» деген еңбегі таным үрдісін жеңілдетуде психиканың ерекшеліктеріне сүйену мәселесіне арналған.  «Сауаты    ашылған   адам   жазылған, я басылған сөзді әрпіне қарап оқымайды,   бүтін  тұрған  суретін  танып  оқиды»    деген   пікірі   жалпы   әріптен сөзге,  сөзден   оқуға өтудегі әрбір   сауатты   адамның сөзді   оқу жылдамдығын   арттырудың   жолдарына баса назар аударып, жазудың сыртқы эстетикалық (әсемдік) деңгейінің биік болуын, сөйтіп, әсемдік ұстанымдарын   сақтау   қажеттігін    дәлелдеді.

Ахмет Байтұрсынұлының  қазақ  тіл  білімінің  ғана  емес   әдебиеттану ғылымының да негізін қалаушы екендігі өткен ғасыр басында-ақ мойындалды. 1923  жылы  ғалымның  мерейтойына  арналған  баяндамасында Мұхтар Әуезов: “Жаңа өсіп келе жатқан қазақ әдебиеті Ахаңды өзінің басшысы деп санайды”, – деп көрсетеді. Терминделуші ұғымдарды дәл білдіретін ондаған әдебиеттану терминдерін жасай отырып, ғалым  олардың  ғылыми  терминге  тән  ғылыми  анықтамасын  берген.  Ол  – ғылыми ұғымның, өзіне ғана тән белгілерін айқындаумен қатар, олардың ұғымдар жүйесіндегі алатын орнын да көрсету деген сөз. Мысалы: “Айшықтың әрбір тақтасы шумақ деп аталады. Жұрттың бір ауыз өлең дейтіні шумақ болады, әр шумақта бірнеше тармақ болады. Тармақ дегеніміз – өлеңнің  әрбір  жолы. Тармақ  ішінде бірнеше бунақ болады. Бунақ дегеніміз – өлеңді айтқанда сезілетін дауыс толқынының соқпа-соқпасының арасы. Бунақ ішінде буын болады”, – дейді  “Әдебиет танытқыш”  еңбегінде  ұлт  ұстазы.

Бұл мысалдан  байқайтынымыз:  ғалым, біріншіден,  өлеңнің  құрылым-құрылысын анықтаған, екіншіден, әрбір ұғымның өзіндік ерекшелігін, басты белгісін, іргелес өзге ұғымдардан айырмасын көрсететін анықтама берген. Яғни, әрбір ұғымның мазмұны мен көлемін бағамдаған; үшіншіден, әр ұғымның ғылыми атауын (айшық, шумақ, тармақ, бунақ, буын) жасаған; төртіншіден, терминдердің жүйелілік ерекшелігін ескере отырып, жалпы қолданыстағы бір үлгімен жасалған (модель) сөздерді термин ретінде пайдаланған;  бесіншіден, ғылыми ұғымдардың арасындағы жүйелілік  құрылымдық  байланысты көрсеткен. Дәлірек айтқанда, айшықтың – шумақтан, шумақтың – тармақтан, тармақтың – бунақтан, ал бунақтың – буыннан құралатындығын  сатылай  көрсету  арқылы ұғымдардың  микрожүйесінің   өзіндік   табиғатын  ашқан.

Бұдан ғалымның өзі зерттеп отырған ғылым саласындағы ұғымдар жүйесінің ішкі байланысы мен ерекшелігін терең білумен бірге, оларды таңбалауда тілді өте шебер пайдалана алғандығы анық көрінеді. “Әдебиет танытқыштан”  мұндай  мысалдарды  әлі  де  көптеп  келтіре  беруге  болады.

     “Тілдің міндеті – ақылдың  аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау. Мұның бәріне жұмсай білетін адамы табылса, тіл шама қадырынша жарайды. Бірақ тілді жұмсай білетін адам табылуы қиын... Сондықтан сөзден жасап сөз шығару деген әркімнің қолынан келе бермейді және шығарғандардың да сөздері бәрі бірдей жақсы бола бермейді”, – деп тілдің міндетін терең түсініп, оны шығармашылығында асқан шеберлікпен, үлкен жауапкершілікпен жұмсай білген ұлы тұлғаның қазақтың  тіл  білімін  ғылыми  бағытта қалыптастырудағы   еңбегі – ұшан-теңіз.

 Қазақ халқының біртуар перзенті,  ірі ғалым - лингвист, әдебиет зерттеуші, дарынды ақын-аудармашы Ахмет Байтұрсынұлының  рухани  мұрасынан  түйгенім – оның  тіл  тазалығына  байланысты  айтқан  ой-пікірлерінің  өміршеңдігі.   Тіл  тазалығы  туралы  ғалым  ата  былай  дейді:

«...Тіл тазарту дейтініміз — ана тілдің сөзін басқа тілдің сөзімен шұбарламау. Басқа тілден сөз тұтыну қажет болса, жұртқа сіңіп құлақтарына  үйір  болған,  мағынасы  халыққа   түсінікті сөздерді алу ...

Немесе:  «... Сөздің  дұрыс  айтылуы  деп  әр  сөздің  дұрыс  күйінде  жұмсалуы  айтылады ...

          Ал  тіл  дәлдігі  туралы  айтқаны: «...Тіл дәлдігі деп ойлаған ұғьшмға сөз мағынасы сәйкес келуі айтылады. Ұғымға сөз дәл келу үшін сөздің мағынасын   дұрыс айыра білу керек...»

Ғалымның  өткен  ғасырда  пайымдаған  ойларының  бүгінгі  күні  маңызы  жоқ  деп  кім  айта  алар  екен?!

                                   ҒАЛЫМ  ТУРАЛЫ  АЙШЫҚТЫ  ОЙЛАР

        Осы  ғылыми  жұмысты  жазу  барысында,  Ахмет  Байтұрсыновтың  рухани  мұрасын  зерттеу  барысында  жинақтаған  ғалым  туралы  айшықты  ойлармен  бөліскім  келеді.     

 «Қырық  мысалды»   көргенде  өзімнен  өзім  ұялдым.  Өзімнің  Һәм  өзім  секілділердің  адасып  жүргенін  сонда  байқадым ...»   /М.Дулатов/

        


           «Егер  біз  Абай әдебиетімізде  жаңа  бағыттың  кірпішін  қалап,  жаңа  әдеби  құрылысқа  сілтеме  жасады  десек,   Ахмет   Байтұрсынов  іргетасын  салып,  қабырғасын   көтерді.  Ендігі  сырлауы,  әшекейлі  күмбезі – болашақ  ақындардың   ісі».   /Т.Шонанұлы/                                                                      

 

 «... Ахметтің  қазақ  мектебі,  қазақ  тілі  сықылды  орындарда   оның  еңбегі  мол ...  Әр  тілдің  айдауында  жүрген  қазақ  балаларына  қазақ  тілімен  кітап  жазған,  қазақ  тілінің  негізін  жасап,  қазақ  мектебінің   іргетасын  қалаған  алғашқы  адам – Ахмет.  Ахметтің  бұл  тарихи  еңбегі  бағаланбай  қалмақ  емес».         /С.Мұқанов/    



                                                                       

          «Ломоносовтың  бойында  екі  түрлі  қабілет  бар – ақындық  пен  ғалымдық,  оның  соңғысы  алғашқысына  қарағанда  күштірек» - деген  еді В.Белиский. Осыған  ұқсас  жайды  Ахмет  бойынан  да  көреміз.  Оның  ақындығын   кейін  ғалымдығы  жеңіп  кетті. .... Қазақ  даласына  азаттық  идеясы  тарай  бастаған  тұста  жаңа  поэзияның  бастаушысы,  алғашқы  ту  ұстаушысы  Ахмет  қашан да   тарих  биігінде  тұрады» .        /С.Қирабаев/

 

        «Екі  жинақ –  «Қырық  мысал»,  «Маса» – қазақ  әдебиетін  жаңа  тақырыптармен,  идеялармен,  ойлармен,  өрнектермен  байытты;  Абайдың  ақындық  дәстүрі   ілгері  жалғасты,  заман  талабына  сай  жігерлі  поэзия  туды,  бұдан  кейін  талантты  ақындардың  жаңа  буыны  тарам-тарам  жүлгелерді  тереңдетіп,  жалғастырып  әкететін  болады...»   / Р.Нұрғали/



 

         «Сан  салалы  ғалым  Ахмет  Байтұрсынов  туған  тілдің,  туған  мәдениеттің  басында  тұрды. Туған  тілдің  әдеби  нормасын  жасады. Бірде-бір  бөгді  тілдің  сөзін  қоспай,  бірде-бір  цитата  келтірмей,  таза,  мөлдір  тілмен  өзі  тапқан  қисынды  баламалармен  «Әдебиет  танытқышты»  жазып  шықты».          /С.Мәуленов/

 

         «Біз  бүгін  Ахаңның  «Әдебиет  танытқышын»  Аристотельдің  «Поэтикасымен»  салыстырар  едік.  Мұның  мәнісі – екуі  де:  бірі  грек  әдебиетінің,  екіншісі  қазақ   әдебиетінің  алғашқы  «әліп-билері».  Асылы,  үздік  қасиеттер  бір-бірінен  неғұрлым  ерекшк  болса,  бір-біріне  соғұрлым  ұқсас  болады».        /З.Қабдолов/



 

     «Ұлы  ағартушы  Алтынсариннің  бастамасын  ілгері  дамытып,  нағыз  ғалымдық  дәрежеге  көтеріп,  жетер  жеріне  жеткізіп  берген  -  АхметБайтұрсынов».        /Қ.Мұхаметханов/                                                                           

                                       

ҚОРЫТЫНДЫ
        Ахмет  Байтұрсынов – туған  халқын  өнер-білімге  ғана  үндеуші,  үгітші    ғана  емес,  сонымен  бірге, сол  мақсатқа  жетудің  жолдарын,  ол  үшін  не  керек  екенін,  не істеу  керек  қажеттігінің  жолын  көрсеткен  ғұлама  ұстаз. Ғылым  мен  техниканың  ғарыштап  дамып,  адамзат  қоғамы  жаңа  ғасырдың  табалдырығынан  аттаған  қазіргі  кезеңде  Ахмет  Байтұрсынұлының,  біріншіден,  білім – ана  тілінде  берілуі,  екіншіден,  халықтың  сауатты  болуы  керектігі  туралы  пікірлері  әлі  де  көкейтестілігімен  құнды. Бар  болғаны  үш-төрт-ақ  сыныптық  білімі  бар  бұл адамның  өмір  бойы  қуғын-сүргінде  жүріп,  ұлт  мәдениетінің  тарихында  ешуақытта  өшпейтін,  өлмейтін  осыншама  үлгі  тастап   кетуі  - таңқаларлық құбылыс.  Ұлт  мәдениеті  мен  ұлттық  ғылым-білімімізде  өзіндік  болмыс-бітімімен  оқшауланп,  дара  тұратын  мұндай  алыптардың  өмірінің  өзі – үкен  өнеге,  зор  ұлағат. А.Байтұрсынынұлы  қайталанбас  тұлға,  данагөй  ұстаз,  асқан  талант иесі  ретінде   ірілене  түсіп, халқымыздың  есінде  мәңгі  сақталатыны  сөзсіз.      Қазақ тілін ғылыми негізде, ғылыми әдіс-төсілдермен үлкен ғылым саласы ретінде алдымен ұлтымызға, одан сон бүкіл әлемге өз тілімізде паш еткен казақ халкының мақтанышы — Ахмет Байтұрсынұлы терең ойлы оқымысты ғалым,   жазушы,   ұстаз,   қоғам   кайраткері.     «Қазақтың  діні,  тілі,  жазуы  сұмдық  пікір,   суық  қолдан  тыныш  боларға  керек!»   деген  Ахмет  Байтұрсынұлының  аманаты  қазіргі  азат  Қазақстандағы   әрбір  азаматтың  ұлттық  тұтастық,   халықтық  бірлік  тұғырламасына   айналуы  тиіс.

                             

  ПАЙДАЛАНЫЛҒАН  ӘДЕБИЕТТЕР  ТІЗІМІ

1. Байтұрсынов А. «Тіл  тағылымы»,    Алматы, 1992

2. Байтұрсынов А. «Тіл – құрал»,  Қызылорда,  1927

3. Байтұрсынов А. «Әдебиет  танытқыш»  Алматы, 1990

4. Әуезов М.  «Ахаңның  елу  жылдық  тойы»

5. Сейфуллин С. «Ахмет  Байтұрсынұлы  елуге  толды»

6. Қазақ  тілінде  шыққан  кітаптардың  көрсеткіші

7. Қирабаев  С. «Әдебиетіміздің  ақтаңдақ  беттері»,   Алматы, 1995

8. Нұрғали Р.  «Бес  арыс»,   Алматы, 1992

9. Мәуленов  С.  «Сыр  мен  жыр»  Алматы,  1991

10. Қабдолов З.  «Қазақ  әдебиеті  тарихының  өзекті  мәселелері»  жинағы,      Алматы, 1993

11. Мұхамедханов  Қ.   «Абай   мұрагерлері»,   Алматы,  1995



Қараманова Гүлжан Ержігітқызы

140 қазақ орта мектебінің



қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Каталог: wp-content -> uploads -> 2016
2016 -> Дәріс №1 Тақырыбы: Саясаттану ғылым және оқу пәні ретінде
2016 -> ОҚУ Әдістемелік кешен пәН «Қазақ Әдебиетін жаңа технология бойынша оқыту әдістемесі» мамандық
2016 -> Қазақстанның ірі мемлекет қайраткері, ұлт жанашыры, ел қамқоры, халқымыздың біртуар перзенті
2016 -> Сабақтың тақырыбы Үш бақытым. Мұқағали Мақатаев Туған тілім. Дихан Әбілов Жалпы мақсаты
2016 -> «Алаштану негіздері» таңдау курсы Түсінік хат «Алаштану негіздері»
2016 -> Сабақтың атауы Н.Әлімқұлов Қоңырау Мақсаты
2016 -> Силлабус Пән: Педагогика тарихы Курс: 4 Мамандық: 5В010200 «Бастауышта оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» Кредит саны: 2 Экзамен: 7 семестр Семей-2015 «Педагогика тарихы»
2016 -> Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі
2016 -> Сабақтың атауы Бейнелеу өнерінің түрлері Сілтеме Сабақтың жабдығы
2016 -> Сабақтың тақырыбы: Менің Отаным Қазақстан


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет