ДӘн бірінші дәптер Пролог



бет7/12
Дата05.11.2016
өлшемі1,91 Mb.
#675
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

- Озат механизаторларды сыйлыққа ұсынып жатыр едім...

Директор парторг жылжытқан орындыққа отырмастан, шолақ кеудешесінің қалтасынан шимайлы қағазды суырып алып, үстелге еңкейген бетте:

- Шөке, мынау аз-маз есеп. Қазіргі қарқынмен жүре берсек, орақ созылып кетеді. Сондықтан мынаны-мынаны істесек, - деп, астын қара қарындашпен сызып қойған үш-төрт сөйлемді сұқ қолымен түртіп-түртіп көрсетті.

Шәкір әуелде қабағын түйді, кішкенеден кейін жадырап, ұртындағы терең сызық көмескіленіп жымия күлді.

- Мені де машинаға жібермей сау қойғаның қалай?

- Асықпаңыз, бидай жию қиындап кетсе, сіз бен біз түгіл, совхозда үйінде ешкім отырмас, - деді Жақан. – Ал, тезірек, маған келіңіз.

Директор кабинетін ашып, қағаздарын реттегенше болған жоқ, бес күндік қорытынды шығаруға жиналғандардың алды келе бастады. Көбі қуанышты. Ермақан диванға келіп отырды. Өз бағасын білетін адамның нық сенімі байқалады. Совхоздағы отыз бес комбайншының біреуін алдына салмаған жүйрік. Онымен тізелес бүркіт мұрын Насредин – комбайндардан астық тасып жүргендердің ішіндегі ең ықтияттысы. “Бәрі менің қолымнан кетеді” дегендей кеуде соғар мықты, қырман меңгерушісі Орынбасар. Қарт жүзінен ақылдылық пен ызғар қатар білінетін бірбет адам – күбір әңгіме емес, осы жөпелдеменің өзінде іс тындырып жатыр.

- Көшпелі мастерскойды күштейміз, - деп механикке бұрылды.

Директор ұзақ сөйлеген жоқ. Өткен бес күндікте жоспардың орындалғанын, бағана парторгқа шетін шығарған сөзді тұтас ақтарды.

- Мені дұрыс түсініңіздер. Жарыстан оздық, бәйге алдық, жақсы. Сонда да пайдаланбаған, бұрын байқалмаған мүмкіндіктер бар секілді, - деп директор қолындағы қағазына қарап қойды. – Кеше мен бірер сағат қырманда болдым. Кідіріс көп. Түскен астық пен кеткен астық салмағы алшақ. Кісі керек. Қайдан аламыз?

Орынбасар қопаң ете түсті, түптің түбінде қырманда жалғыз дән шірісе жауап берер өз басы, сөйлеп қалғаны дұрыс болар.

- Совхоз орталығынан аламыз. Мысалға құрылысшылар бір адам берсе, бухгалтерия жағы бір адам берсе...

Өзінің ойлап тұрған жайларын біреу бастап, басқалардың қостағанына директор қуанып кетті. Анадан алайық, мынадан алайық деген сөз кеу-кеулегенде, бас бұхгалтердің орынбасары орнынан тұрды.

- Есеп-қисапты жасап алармыз кейін. Мен де комбайнға отырам.

Экономист күлді.

- Болсақ қазір экономиспіз, кешегі комбайншымыз ғой. Екінші сменаға шығам.

Байлауын тыққыштымай, ниетін жігіттердің өз сенімі арқылы іске асыра бастаған жас директор мінезін парторг Шәкір Қолдасбаев әрі сына, әрі тамашалаған қараған күйде отыр еді. Қарт коммунист, көпті көрген көне көзімен үңіле бір, тесіле бір қарап кеткен шағында, директордың ойсыраған олқысын, үңірейген кемістігін түп-түгел көреді, бірақ ойымен екшеп, санамен салмақтай келе, жас қайраттың шын дидарын таниды. Сөйтіп, із басып қалған, үлкен тұтқа ұстауға жараған жұмыр жігіттің өткір мінезін бағалайды. Жағыпардың қазіргі қылығы осы ықыласты үстей түскендей.

Жұрт тарап жатқанда директор:

- Әмин, жиналыс атаулы осындай болсын. Аяқ астынан отыз жұмысшы қол тауып алдық, - деп қуанып тұрды. Жүзі ерекше жұмсарып, балалық алуандас бір сәулемен нұрланды.

Сағат тоғыз болмай дала қосына оралған бригадирге комбайншы Федов Щербаков:

- Мені құрттыңдар ғой, ә, - деді.

- А-а...


- Директор мені сойды ма.

- Түк те деген жоқ. Екі норма орында, сонда мақтайды әнеугідей.

Федор бригадирге білдірмей жымиды.

Іштей “Жақанның өзі азамат екен ғой” деп ойлады да, шықтың кеппегеніне қарамастан комбайнға отырып, дереу егінжайға тартты...

Қатып қапты. Жақаңды бригадир Нұртай Бұрылбаевтың тізесі оятты. Қалың еріндері түріліп, тісін көрсетіп күледі.

- Пой, жатысыңа болайын-ой, - деп комбайншыларды түртіп-түртіп оятып жүр. – Немене сендер ақырғы асуда алқынғандарың. Ертең той емес пе.

Августың соңғы күні екінші бригаданың отыз қаралы механизаторын сағат алтыдан асар-аспастан түртпектеп тұрғызған Нұртай. Ашуланған, тыртысқан ешкім болған жоқ. Тез киініп, тез жуынып, тез тамақтанған беттерінде көктемірді жағалап жатқан бір қауым. Директор сары майды нанмен қосып асап, бригадирге:

- Ал, маған не бұйырасың? – деді. Комбайншы Федор Щербаков Нұртай қозғалып, ойланғанша жұрт аузындағы сөзді өзі айтып қалды.

- Директор жолдастың той қамына кіріскені абзал шығар, - деді ойын-шынын араластырып. Көздері күлмің қағады.

- Дұрыс сөз. Бүгін бітсеңдерші, соның басы-қасында болайын деп түнде үйіме де қайтқам жоқ. Бітіңдер бүгін. Той қашпас, - деді Жақан.

Осы кезде дала қосы асханасының алдына бір машина суыт тоқтай қалды. Таңертең астық әкеткен шофер. Танауы желбіреп, ашудан жарылардай:

- Бүйректалы бар болсын, бар болғыр. Сендер Державинкаға тасуларың керек деп қабылдамай қодй.ы Арам тер боп босқа қайттым, - деп дегбірі қашып тұр. – Жалғыз мен емес, жеті самосвал кері оралды.

Жүзіне оқыс қызыл пайда болған директор:

- Туу, - деп қалды. – Кеше ғана болған жарлықты естімеген ғой. Қарашы, әурелеп. Енді Державинкаға апармаймыз. Бәрі Бүйректалға тасылады. Айда кеттік. Сөйлесейік олармен.

Директор асығыс машинаға мінді.

ОН СЕГІЗІНШІ НОВЕЛЛА


Жиналыстың аяғы созылып кетті. Өндіріс бөлімінің бастығы кекесінмен күлді. Етженді денесімен орындықты сықырлатып, оң жағына бұрылды. Аса ұнатқанда, не аса жаратпағанда қаптай сөйлейтін машығы бар-ды.

- Желөкпелік-ай, сетік танау желөкпелік-ай желпілдеген. Асқар мен төмпешікті, дария мен жылғаны, ет пен терінің арасындағы болымсыз дызылдақ пен шын жалынды айыра білсек етті, түге.

Қалың мүйізді мексика көзілдірікпен қадала қарап, әр сөзді жаңғақтай шағып, бүркіттей қағылез отырған жауапты хатшы қызыл қарындашты тырс дегізіп үстелге тастай салды.

- Бәке, “пәлсапаны” соңына қалдырсақ қайтеді. Редколлегия мүшесі ретінде өз пікіріңіз... Жауапты хатшы қызылға түсер қаршығадай шүйіле берді.

Өндіріс бөлімінің бастығы қалың иегін жуан саусақтарымен бір ұстады, одан соң маңдайын сипады, басын шайқады, таңдайын қақты:

- Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ. Бұ да рас. Қырық кісі қате басса, бір кісі жол бастайды. Бұ да рас. Бірақ науқан дүбірлетіп қақпа алдына келіп тұрғанда дырдай бір тілшіні мұндай шаруаға салу. Дұрыс емес. Миға кірмейді.

- Бәрі редакция қамы емес пе, - деп қалды хаттар бөлімінде істейтін қыз. Байқожаның көзінің оқшау бір түкпірінде кекесін от жылт етіп жанды да, талайға дейін сөнбей қойды. Кекшіл, уытты.

- Солай ма. Мақұл. Онда логикаға жүгінсек, өндіріс бөлімінің бастығы ретінде менің де бір ай слесарь болып істеуім шарт деңіз. Шайдаров шопан болсын, Қызылбаев кітапханашы болсын. Қызық екен. – Байқожа бұдан әрі сөйлеген жоқ...

Сол редакциядағы ұзын сонар сөз есіме түсті. Талай уақыт өткен сияқты.

Жуан кеуделі буфетші екі сатқан суық кофені соншама ұзақ уақыт ішкеніме ызаланып, көзімен атып қарады. Бір емес, екі емес, үш рет. Далада сабалақ жауын. Буфет аз да болса жылы. Әзір кеткім келмейді.

- Әй, - деп буфетші ақырып қалды, - кетемісің, әлде милиционер шақырайын ба. Сағат он бірден өтті, өзі біледі екен десем. Тұрысын.

Мынадай дөрекілікке селт етіп, дембелше әйелдің жүзіне суық қарап едім.

- Немене, қорқытпақсың ба мені. Пах, қазір Дәуқараның өзі де келеді. Сменасы бітті. – Сендердің... - дей бастады.

Іштей “Мынаның түрі жаман екен” деп ойладым.

- Кешіріңіз. Мен жолаушымын. Қашанға дейін істейтініңізді білмедім. Мәдениеттірек сөйлеуге болмас па екен, - деп жылысып шыға бердім. Қонақ үйді нұсқап жіберсеңіз қайтеді...

Әлгіндей емес, жүзі жылыған буфетші өтірік күлімсіреп:

- Біздің кішкентай станциядағы қонақ үй ме? Ремонттап жатыр, - деді.

- Рақмет, сау болыңыз.

Қаудың сулықтың күлпарасын көтере түсіп вокзалға беттедім. Сағызша езілген көк соқта. Аспанның тесіліп кеткен жыртығынан құйылғандай сауылдап тұрған жаңбыр. Сигаретті әрең тұтатып, өз-өзімен күбірлеп:

- Эх, корреспондент, - деймін. Нелегкая у тебя ноша...

Бір машина келе жатыр.

- Жақсы болды ғой, - сен тура “Алғабас” совхозының өзіне барамысың?

Жирен шашы жаңбырдан кейінгі сарындай ұйпалана жалбыраған шофер жігіт тісінің арасынан шығара, сызғыра ысқырады.

- Дос, өзің қалайсың. Алдап тұрмын ба сені. Сұрадың, айттым. Көк тиынның керегі жоқ маған. Кім деп едің мені. Тек жолда Жанболаттың қыстауы деген жерде тақтай түсіресің. Атым Алдаберген. Әжем қойыпты, көп жасағыр.

Күлдім. Өзіммен бірге университет бітірген бір досымның аты Өгізбай болатын. Ат қоюға мән бермейтін салақтық-ай десеңші. Келеңсіз есімдер үшін адам қанша қиналады, бір кездегі ата-ана қателігі өмір бойы адамды күлкі етеді.

- Дала көрмегендей мойын созып не болды, жол қысқарсын, әңгіме айт, - деді шофер жігіт... Алда жайыла керілген маң жазық. Жазға салымның мың құлпырған шұғылалы келбеті. Оң жақта қалып бара жатқан тауды сағым көтереді. Ол бір түрлі жеңілейгендей, көгілдір тартқандай көрінеді.

- Қандай сұлу, - деймін. Алдаберген кертпіш танауын маңғаздана көтерді:

- Әрине. Бұл ақындар қиялын тылсымдай баураған Сарыарқа атырабы емес пе. Құрманғазы әдейі осында келіп “Сарыарқа” күйін шығарған. Домбыра тарту білесің бе.

Бағанадай емес. Алдабергенді іш тартып барам.

- Келдік. Жанболат қыстауы осы. Шопандар бригадасына үй салынады. Ал, кәне, бол тез, сен үстіге шық та, маған беріп тұр, - деп Алдаберген газды сөндірді.

- Шелпигенге бор кемік пе десем, тарамыстың өзі екенсің ғой. Шаршатып барасың ғой. Терлетіп жібердің ғой. Кішкене демалсақ қайтеді, - дейді Алдаберген қалың, жуан тақтайды аяқ астына тастай беріп. Мен күлем.

- Бітірейік. Дем алармыз жолда.

Алдаберген:

- Қойшы, темекі тартып алайықшы тым болмаса, - деп отыра кетті...

- Өй, пәлі.

Бірер күннен кейін қайта жолықтық.

Жаңа ғана қолды-аяққа тұрмай ұстара жүзіндей төңкеріліп, асыққан шофер тормозға бір-ақ басып, айқайлай секіріп түсті.

- Ойдай деген-ай. Соның өзі, сеялшик.

Аяқ астынан әптер-тәптері шыққан шофер Алдабергеннің мінезіне тракторшы Ғалымжан таң қалды. Қалың еріндері бұртиып, қабағын шытты.

- Не болды ей, сонша. Әкең Қоқаннан келгендей дабырлап не болды. Айтшы.

Сеялка тағанынан секіріп түсіп:

- Аман, Әбеке, - деп Алдабергенге қол ұсынып едім, сәлемімді алған жоқ, қолымды қағып жіберді.

- Өтірікші... – деп былш еткізді. – Атаңның басына алдадың ба мені. “Журналистпін, университет бітірдім. Жастар газетінде істеймін”. Ей, өтірігіңе береке бергір. Мен жазушымын таныстым деп әйеліме мақтанып жүрсем. Қонақ келеді деп дайындалып жатса ол. Сиқын шаң-шаң болған суайттың...

- Барам қонағыңа. Тұқым сеуіп бітірейік, - деп жайдары жылылықпен, дән ырза күлкімен рахаттанған күйде Алдабергеннің иығынан қақтым. – Бар болғыр-ау, сені негі алдаймын. Мә, көр, документімді, шын документ қой, ә.

- Редакцияның арнаулы тапсырмасы осы. Сырт көзбен ғана емес, өзің сеялка құлағын ұстап, маңдайдан тер сыпырып, балтыр сыздатып, бел ауыртып жазу деген бір тапсырма болатын. Оны саған, анада, шу дегенде не деп айтам. Кейде газет заводқа да жібереді.

Алдаберген аң-таң. Я сенерін, я сенбесін білмегендей, басын шайқай береді.

- Ойпырмай, ә! Қызық екен, ә! Журналист деген бес-алты цифрды көк блокнотына тып еткізіп түртіп қойып, фотоаппаратпен шырт еткізіп түсіріп алып жүре беруші еді. Сенің “Лениншіл жасың” қызық екен, ә. Әй, мұндайды кім көрген!

Тракторшы Ғалымжан дауыстап тұр:

- Әй, кет енді. Болды-болды. Көрмесең көрдің, тұқымды кешіктіріп жеткізсең сені фельетонмен соғу керек.

Машинасына қарай асығыс жүгірген Алдабергеннің көзі көзіме түсті:

- Әй, неше түрліні шығарасыңдар-ау, - деді. Алдаберген таңырқаудан әлі айыққан жоқ.

- Мен өзім әуелі “Лениншіл жасқа” жүгіремін. Ойыңда жүрген нәрсені қайдан біліп қоятындарын айтсаңшы. Бойдақ кезде махаббат туралы жазғандарды түк қалдырмай оқыдым. Әсіресе бір жылға созылған дискуссия ойда қалды.

Ғалымжан тағы гүж ете түсті:

- Әй, мылжың, бауырың елжірет бара жатса, ертең науқан бітеді ғой, сонда кел, бір қой сой, бір жәшік арақ ал, таң атқанша әңгіме айтып, шеріңді тарқат. Болды енді, жалтырат табаныңды.

- Шақырсам шақырам, менің дәулетім бір тілші түгіл, “Лениншіл жас” жігіттерін түгел қонақ етуге жетеді. Айтқаным айтқан, “Лениншіл жас” газетін шақырдым қонаққа, - деді шофер Алдаберген.

ЕКІНШІ ДӘПТЕР


БІРІНШІ НОВЕЛЛА
Кәкен мен Бүркіт жылап жібере жаздады. Қанша дегенмен, он сегізге келген соқтауылдай жігіттер емес пе, бойларын тежегендей болады, бірақ жүрек шіркін асыға соғып, тізелері дірілдейді. Өз көздеріне өздері сенбегендей қабырғадағы тізімге қайта-қайта қарай береді.

Төбеден ұрған деп осыны айтатын шығар. Қыл мойыннан қысқан бір балл. Әнебір шөпжелке қыздың екі езуі екі құлағында, масайрауын, институтқа түсіп-ақ кеткені ғой, шамасы. Ойпырмай, ә. Жер соғып қалғандары да. Ел-жұрттың бетін қалай көреді.. “Қайтып келді, құлады” қандай суық сөздер еді. Анау бойы бір кез сары бала ертең-ақ шікірейіп инженер болып шыға келеді. Бұлардың осы қалғаны қалған... Кәкен мен Бүркіт іштерін жылан жалағандай қалтырап кетті...

- Мен қайтам.

- Мен қайтпаймын.

Осы бір ауыз сөзден кейін екеуі де ұзақ үнсіз қалды. Алматының жазғы кеші. Аспан ұсақ, жарық, жылы жұлдыздың інжу маржанынан алқа тағынып, безеніп алады. Дүниені жұмсақ мақпал түн орайды. Бойын күтіп сыланған тоқ балтыр ақ қайың белі майысып, түрегеп тұрып көз шырымын алады. Алатау мүлгиді. Шолжың бұлақ біресе тас бетін сүйеді, біресе әлденеге шек-сілесі қатып күледі.

Айқұш-ұйқыш, қызылды-жасылды, сап-сарала, көкпеңбек, неше түсті бояулы жарық, зулаған машина, зырлаған троллейбус, бірте-бірте бәсеңдеген сан сарынды дыбыс. Ризалықтың, тоқ көңіл қуаныштың күміс сыңғырлы қоңырау күлкісін төгіп, топ-топ адам кетіп бара жатады. Томырылған, таза, салқын ауа, көк иіс бой сергітеді, ой салады, қиялға қанат бітіреді. Білінер-білінбес майда леп бейне бір торғын орамалдай желпиді.

- Сен бір жосынсың, Кәкен, - деді Бүркіт.

- Мүмкін.

Бүркіт, неге екенін кім білсін, кірпіктері қалтырап жолдасының шешімді жүзінен көзін тайдырып әкетті.

- Қайтсаңшы, райыңнан. Ойлансаңшы. Бірге болайық. – Кәкеннің даусы өтініштей жұмсақ дірілді.

- Не істейміз, сонда?

- Бәлі, осы қала қаптаған завод, толған фабрика емес пе.

- Болсын.

- Біреуіне кіреміз.

- Мақсат не сондағы.

Кәкен қалың қасын бір көтеріп, күліп жіберді.

- Мен қызық емеспін, сен қызықсың. Тамақ тоқ, көйлек көк, уайым жоқ, - деп мектептегіше жүре бермекпіз бе. Тым болмаса өз күнімізді өзіміз көрейік те.

Күн көру – Кәкеннен естимін деген сөз бе еді осы.

- Сен-ақ көр күніңді, - деп Бүркіт ашудан жарылып, айқайлап жіберді.

- Бұл не дегенің?

- Тамақ табудың жолын қарастырып, қиналмай-ақ қойдым. Сен-ақ жарылқан. – Бүркіт сөзді үсті-үстіне жаудырып жіберді. Кәкеннің салқын, қара көздеріне кенет ашық от шыға келді. Ашусыз, есті, қуатты, сәулелі от. Жігерлі еріндері сәл дір ете түсті.

- Өй, әке-ау, сен не деп барасың? Немене, мен құлқынның құлымын ба?

Кәкен Бүркітке қараса, оның насырға шапқан кейпі бар екен. Неде болса ашуландыра түскісі келді.

- Жарайды, мен өзімді-өзім асырайтын құлқын құлымын. Сен әке-шеше мойындағы масыл бола ғой, - деп салды.

Тыныш түннің мазасын алып, басы шайқақтап, тарсылдақ трамвай өте шықты.

- Кімнің кім болатынын келешек көрсетер, - деп Бүркіт морт сынды. Орынсыз жерде үлкен сөз тастады. Кәкен қабағын шытты, келеңсіз салмақ салған досына ренжіді.

- Бүркіт-ау, менімен керісу не береді. Өмір өлкесіне, тірлік сапарына саналы қадамды бастағалы келдік қой мына қалаға. Өзімізше, лүпілді жүрек әмірін тыңдадық. Сан тарау, сан сала жолдан жаныңа жабаттай мамандық іздедік. Арымыздың алдында ұялмауды мақсұт тұттық, - деп Кәкен кеудеде көптен жиналған сезім ойдың тиегін ағытты.

Бүркіт танауының астынан күлді.

- Арман. Мақсат. Неғылған сандалған арман ол. Далада жатқан қай мақсат. Рас, политке келдік. Түстік пе. Жоқ. Енді жөнімізді табайық десем, біресе кісінің жынын келтіріп, күн көру дейсің, біресе іске аспайтын әлденені айтып, әсіресе қызыл сөзбен құлақ сарсыттың. – Бүркіттің мына сөздері Кәкеннің жүрегін кірлі тырнақпен ашыта осып-осып қалғандай көрінді. Қатты айтып тастауға қимайды. “Ех, қайран Бүркіт. Жолымыздың екі айрылғаны ма”.

- Не істейсің сен?

- Елге қайтам. Далада қалмаспыз.

- Өзің ше?

- Заводқа кірем.

Август айының соңғы күндерінің бірінде, кешке, Алматының маужыр бағына қарай екі жігіт кетіп бара жатты. Жол айрығында, үлкен дүниеден өзіндік орын іздеп шарқ ұрған осы бір мазасыз шақта, дәл бүгін өмір өзінің ешкімді де мүсіркемес темір қолдарымен бұларды да қысып-қысып көрген еді: жалаңаш сыр, пердесіз шың ашылды.

Тоғысқан сан тарау ой, шарпысқан қилы сезім, алабұртқан көңілдің тынымсыз толқыны Кәкен Оразбаевқа ақыры қайратты байлау жасатты. Иықты, дембелше, орта бойлы қазақ жігіті Алматы ауыр машина жасау заводынан бір-ақ шықты.

- Завод жуанды созады, жіңішкені үзеді, бала. – Механикалық цехта Кәкеннің алғашқы естіген сөзі осы. Өзіне арналған. Оны айтқан – бетін әжімнің шимай сызығы басқан қарт жұмысшы Александр Иванович.

- Мен осында істегелі кім келіп, кім кетпеді. – Кәкен ойланып қалды. Заводпен бірге жасаған жұмысшы әлгі сөзді неге айтты. Мені бозөкпе баласынды ма. Белді бекем буып келдім ғой. Тоғызыншы кластан бастап әрі оқу оқыған, әрі жұмыс істеген Кәкеннің токарьлық мамандығы бар. Бесаспап жұмысшы болмағанымен, біреу құрлы қайрат көрсетер.

- Е, Кәкен Оразбайыч, токарь станогі маниловшылдықты сүймейді, қимылды сүйеді, - деп цех мастері келді. – Он жылдық білімің бар екен. Өте жақсы. – Мастер Кәкеннің саналы ұшқынға толы көздеріне, ойлы жүзіне, сом да балғын тұлғасына ризалықпен қарайды. Кенет көзін сығырайтып, мырс ете түсті.

- Сірә, стаж толтыру үшін жүрмесең. Өндірісті институтқа түсер баспалдақ етушілер аз емес қой. Кәкен винтін жонып бітірді де, тез бұрылып, пейіл, шырай білдірді.

- О не дегеніңіз. Мен Қазақ университетінің механика-математика факультетінің студентімін.

- Онда сөзімді қайтып алдым.

Заводтағы алғашқы күн осылай басталған.

Жатақхана. Оңаша бөлме. Кеш. Кәкеннен басқа жігіттердің бірі жұмыста, бірі кинода, бірі сабағында. Қазір ол Қарағандыдағы досы Бүркітке хат жазып отыр.

“Есіңе алғаш сол күндерді. Көкірегіміз зор, мақсатымыз биік. Досымыз – асқар, арман, қажымас қиял. Аңсайтынымыз – ерлік. Жастық астында Жюль Верн, Беляев романдары. Жас көңіл шарлайтын шар тарапты, іздейтін...

Алматыда айрылысқанымызда арамыздан ала мысық аттап өткендей еді. Мені түсінбей, жазықсыз кіналап кеттің-ау. Танымай тұрмын. Баласы суық күлді.

Асылзада жіті көзін жүгіртіп шықты. Бөлме іші жаңа түскен келіннің отауындай екен: көлденең жатқан қылшық жоқ, қабырғаларда сурет, радиоқабылдағыш, сөре толы кітап – бәрі тап-тұйнақтай.

- Тоқ етері мынау: ертең қайтасың өзіммен.

- Заводтан кете алмаймын.

Жетпістен асса да денесі тіп-тік, қолдары күректей жап-жалпақ, көздерінің нұры таймаған қызыл күрең Асылзада үй ішінде әлі ақ дегенім алғыс, қара дегенім қарғыс болсын дейді. Ер жеткен ұлдары бар, Кәкенге тіпті де қарап отырған жоқ. Алматыға алып келген де – сол қыжыл, қырсау мінез.

- Әй, саған не керек осы. Ел құсап мұғалім болсаң, мұртыңды балта шаба ма. Сабақты бер де, жат шалиып.

- Мен инженер болам.

- О, қу құдай. Өзіңнен туған баланы жағадан алдырып қойған.

Кәкен әке сөзін естімегендей болып, үстелдегі қағаздарын жинай бастады.

Уа, атаңа нәлет. Қайда зауадың. Тура директорыңа барайын. Сені шығарып алмасам ба.

- Бұл сөзді тастаңыз, әке. Айттым ғой. Мен заводтан әсте кетпеймін. Одан да шешін. Жақсылап жайғас. Мен қазір шай әкелейін, - деді де Кәкен шығып кетті.

Қарт ашулы. Тіпті өзіне-өзі келер емес. Бірақ аз күндік, әңгүдік көңілдің алаң-бұлаңы емес, сезім пернесін басып, жүрек қылын шертіп, толқып туған шын қалаудың бұйрығымен марқаю баспалдағын нық аттаған жас адамның алғашқы қадамын қанша ниет етсе де түсіне алмаған кәрі кеудені қалай кінәларсың.


* * *
Кәкеннің бұл жерге әдейі келіп тұрғаны бірінші рет. Оғаштығымды білдіріп қоямын ба деп қуыстанады. Жастар кино театрының алдында адам деген сеңдей соғылысады, қарақұрым. Кәкен қабағын шытып, басын шайқайды. “Гүл сататын арнайы магазин неге ашпайды екен. Анталап тұрған мына саудагерлердің түрі қандай жаман еді”. Қызыл көз, қайқы танау, сапылдақ әйел Кәкеннің айналсоқтап тұрғанын аңдап қалса керек:

- О, жас жігіт. Жолыңыз болады екен. Мына букетті қараңызшы, - деп бейне жаны ашып тегін беретіндей жабыса кетті. Кәкен не дерін білмей сасып, абыржып қалды. Әркімнің алдындағы түрлі-түсті гүлдерге жаутаң-жаутаң қарап тұрды да:

- Ең жақсысын, ең қымбатын, - деп дауыстап жіберді.

Кәкен бүгін бір түрлі сезім үстінде. Аяулы, қымбатты адамының меселін қайтарғанда туатын өкініш секілді бір күй. Қазір ол Нәркестің үйіне келе жатыр.

- Көптен көрінбей кеттің ғой, - Нәркестің шешесі қауқалақтады да қалды. - Өзі жігіт деймін. Гүлді қара. Міне, қазіргі жастар. Сен, өмірі маған мезіреті еттің бе? – деп күйеуіне көз алартады. – Нәркес осында.

Кешікпей қыздары да келді.

- Міне, сюрприз. Бізді ұмытты ма десем. Жолды біледі екен, - Нәркес маңдайына түскен кекілін серпе тастап, қызара қалған Кәкенге қол беріп амандасты.

- Иә, заводыңда не жаңалық бар? – Нәркес ойнақы қап-қара көздері ашық сәуле шашып жалт-жұлт етеді.

- Жаңалық көп қой.

- Ал, болашақ инженер, шайға кел.

Сәлден соң екеуі де орнынан тұрды. Нәркестің анасы мейірлі жүзбен өткен бір ыстық шағын есіне түсіргендей басын изеп, жымиып есік жауып алды.

- Қайда барамыз.



  • Ресторанға.

  • Жоқ. Мен бір сағаттан кейін қайтамын.

  • Жібермеймін.

  • Ну, айттым ғой, қайтам деп, - Нәркестің қарлығаш қанатындай екі қасының арасына білінер-білінбес өкпе сызығы түсті. Кәкен мұңға батқандай.

- Сенен басқа жігіт жұмыс істемей ме. Оқымай ма.

- Неге айттың мұны. Кәкен оның ұстап келе жатқан саусақтарын қоя берді.

- Білмейтін шығарсың.

Бағана күн көзі тұманды еді, қылаулап қар түсе бастады. Нәркес сүйрік саусақтарын созып, кішкене көбелек секілді қар қиыршығына алақанын жаяды. Кәкен басын шалқайтып, тілін шығарады.

- Осыдан кейін келме.

- Келем.


- Сен бұрынғы Кәкен емессің. Біз Қарағандыда тұрғанда екі күнде бір хат жазатынсың. Қазір аптасына әрең келесің.

Ақ қалпақ, ақ пальто киген Нәркестің қара торы реңі қылаулап қар жауғанда, тіпті айқындалып тұр. Әнтек шошақ ерні, кішкене қырлы танауы, оң жақ бетіндегі мөлдіреген меңі, көзі, қайсар жүзі – бәрі-бәрі Кәкенге соншалықты таныс, қымбат. Сегізінші кластан бергі кірсіз достық, бірге жүрген күндер, шулы мектеп, жаз, өзен, қыс, каток – Кәкеннің көз алдына көп сурет елестеп кетті, жылы бір толқын тұла бойын жуып өтті.

- Есесіне телефон соғам ғой.

- Енді соқпа. Біздің он бірінші класта Сұлтан деген бала бар. Ылғи бірге қыдырамыз.

- Нәркес.

- Сен ұнатпайсың мені. Кәкеннің жүзі ду ете түсті. Жалғанда әлі сүйіп те, сүйіліп те көрмеген пәк еріндерін Нәркестің ып-ыстық бетіне басты. Ол жылап жіберді...


* * *

- Босқа ауыстың ғой.

- Құю цехын айтасың ба?

- Иә.


Кәкен университеттен шыға бере, дәптерлерін пальтосының ішкі қалтасына салып алды. Алматының көңіл жықпас кеші ғой, екеуі де жалаңбас. Бүркіт биыл консерваторияға түскен.

- Ел секілді бірбеткей студент болсаңшы. Шықсаңшы заводтан. – Бүркіттің досына рас жаны ашиды. Кәкенді қашан көрсе асығыс. Өзге жігіттер сенбі, жексенбіде қыдырып, бой жазып жүрсе, бұл не кітапқа шұқшияды, не жұмыс бар деп заводынан шықпайды. Қанша дегенімен парталас жолдасы емес пе, соған қабырғасы қайысады.

- Тәйірі, жалғыз мен дейсің бе. Юрфакта оқитын Төлеген, техникумда оқитын Қайыр – бәрі сол цехта. Уолт Уитменнің өлеңдерін қолынан тастамайтын инженер Батырбекті білесің ғой, ол да бізде.

Бүркіт бір жыл жұмыс істеп келгендіктен бе, бұрынғыдай орынсыз жерге пышақ ұрмайды. Көбіне досынан завод жайын сұрайды. Бір кездегі көңіл қалуы ғой, техника десе құлағы түрік.

- Цехтарың қандай, өзі?

Кәкен езу тартып жымиды. Аяқ астында қалай айтып бермек. Көкейде сайрауын сайрап тұр. Түп-түгел көз алдында. Мынау цех. Әсірелеп айтса, тай шаптырымдай, бірқыдыру еңселі, биік, кең цех. Ұсақ деталь, болат, шойын құюшылар. Жоғарыда бірнеше кран. Алғаш ұстағанда қол қалтырататын тегістеуші трамбок. Кәкеннің үндемей қалғанын Бүркіт жаратпады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет