Ә. Бөкейхановтан артық қалған деректер. Абай туралы Ә. Бөкейханов,



бет1/2
Дата04.05.2017
өлшемі0,54 Mb.
#15473
  1   2
Ә.Бөкейхановтан артық қалған деректер.

Абай туралы

Ә.Бөкейханов, «Қазақтар».

«Бөкейханов: «Қазақтар».

Әкімшілік бастауыш қазақ мектептерінде сабақ беретін мұғалім орыс тілін білуі керектігін талап етті. Мектеп пен мешітті салу тек арнайы рұхсатпен ғана жүзеге асатын еді. Соның нәтижесінде мектептер мен мешіттер астыртын түрде ашылатын болды. Жұрт полиция назарына ілікпес үшін мешіттерді азан шақыратын мұнарасыз салуға көшті.

Қазақ даласында христиан дінін уағыздаушылар да қимыл жасайды, бірақ олардың іс-әрекетіндегі нәтиже шамалы. Христиандықты негізінен: өз шаңырақтарынан ажырап, орыс селосына кездейсоқ тап болып қалған жетімдер немесе бірін-бірі сүйгендіктен елден қашып шығып, өшіккен ағайындарынан құтылу үшін бостандық алғысы келетін қыз бен жігіт жұптары ғана қабылдайды. Әрине, дінін бұлайша өзгерткендердің көп емес екены белгілі, өйткені халық дәстүрінде өз жетімдеріне қамқор болу әр рудың міндетіне жатса, әуелден қалыптасқан қоғамдық пікір күйеу мен қалыңдықтың өздерінше таңдау жасауын дұрыс деп есептемейді.

Бұдан 6 жыл бұрын алдында болыс хатшылығы қызметінен қуылған бір қазақтың арыздануы арқасында әкімшілік алғаш рет гектографқа басылып, ел арасында кеңінен таратылған бір үндеумен танысты. Осы тұңғыш үндеу-хатта авторлар қазақ тілінде Алаш ұрпақтарын орыс өкіметінің дінге, ісләмға қарсы қимылдарына, қазақ халқын шоқындырмақ ниеттеріне бір кісідей көтеріліп, қарсы шығуға шақырды. Және үндеудегі осы мүдде орыстандыру саясатына қатысты жеке фактілермен ерекше байытыла көрсетілген де еді.Үндеу авторлары қазақтарды шоқындыруға бейімдеудің 1902 жылы Ақмола облысында «крестьян» бастықтары қызметінің өмірге еніп, орыс әліппесімен оқытатын ауыл мектептері ашылып, бұрыннан қолданылып келген арабша жазуды пайдаланудан шыға бастағанынан көрген еді. Қазақтар бұны өздерінің байырғы сауатын ашатын қасиетті кітап – Құранға жасалған қиянат деп тауып, әкімшіліктен ауыл мектептерінде ісләм ілімі мен қазақша сауатқа үйретуді сұранды. Олардың бұл өтініші қабылданбады. Сондықтан да қазақтарға үндеуде айтылған әлгі жайлар ақиқат ретінде ұсынылған еді.



Осы үндеуге байланысты қазақтың белгілі адамдарының, молдалар мен мұғалімдерінің үйлерінде тұңғыш рет саяси тінтулер жүргізілді, кітапханалары алынып, олар екі-үш жылдан кейін, бостандық күндері ғана қайтарылып берілді. Көкшетауда әкімшілік пәрмені бойынша күллі қазақ даласына әйгілі ғұлама – молда Наурызбай Паласов өз шәкірттерімен бірге жер аударылды. Оны халық «Науан хазірет» деп атайды, Көкшетау оязы кедей қазағының баласы болған ол, бір кездердегі Ломоносов сияқты Бұқараға жетіп, сол шаһарда 15 жыл оқып, жоғары діни мектепті бітірген. Ерекше алғырлығымен көзге түскен ол, сонда қалып ұстаз боп жүрген кезінде Көкшетау қазақтары ел атынан қалап, оны атамекеніне қайта алдыртып алған болатын. Егер өкімет саналы түрде қазақ халқын орыс білімінен аулақтатып, оны ісләмшілдыққа итермелегісі келсе, дәл ол үшін Науан сияқты әйгілі адамдарды қудалаудан артық тәсілді ойлап табу қиын да шығар.

Қазақ даласында қазіргі кезде Науан сынды Самарқанның, Бұқардың, Константинопольдің, Қазанның және басқа мұсылман орталықтарының жоғары діни мектептерін бітірген ғұламалар аз кездеспейді. Қазақтардың қанша проценті сауатты екенін анық айту қиындау. Өйткені оқу құпия түрде жүргізіледі де, деректер мәліметтік әдебиетке ене бермейді. Губернаторлық ақпарларда қазақша сауат ашу мектептері есепке мүлдем алынбайды. Бұл жөнінде Щербина мырза жүргізген статистикалық экспедиция біраз мағлұмат ұсынады»,

«Хаттама.

1906 ж. 10 қаңтар күні, Павлодар қаласы.

Ротмистр Рутландтың Омбы қаласынан жолдаған шифрлы құпия жеделхаты бойынша тұтқындалып, Павлодар түрмесінде отырған Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан, маған, 2-бөлімшенің сотына мынаны мәлімдеді:

Ол өзінің тұтқындалғаны туралы мәліметті бақылаушы Прокурға хабарлауын сұрады, қамаққа алынуының себебі мен тағылған айыпты жариялауды талап етті. Тағылған айып оған жарияланды. Сондай-ақ ол өзін жеке адамның кепілдігімен немесе қаржылай кепілдікпен күзетті бақылаудан босатуды өтінді. Мұнымен қоса, тұтқынның портфелінен шыққан қазақ тіліндегі өлеңмен жазылған қолжазбаны мұқият сақтаудың шарасын қарастыруды тапсырды, оның құнын 5000 сомға бағалады, бұл қазақ ақыны А.Құнанбаевтің өлеңдері.

Ә.Бөкейханов (қолы).

Сот (қолы)».

«Құпия.

Павлодар түрмесіндегі тұтқын Ә.Бөкейхановтың осы арызын оның сұрауы бойынша Семей аймақтық сотының прокуроры мырзаға жолдап отырмын. 1906 ж. 10 қаңтар».

Бұл туралы Ә.Бөкейханов:

«Мен өзімді тергеп, тексеріп, сотқа беруін сұрап бірнеше рет бақылаушы прокурорға арыздандым. Ондағы ойым түрмеден сот басталғанға дейін басанып шығу болатын. Бірақ мені түрмеге жапқандардың көздегені тіпті басқа екен… Бәрінің жауабы біреу-ақ. Осындай өтінішімді мен граф Витте мен Әділет министрі Акимовқа да жеткізуге тырыстым. Сөйтсем, менің Павлодарда тергеушіге тапсырған жеделхатым почта арқылы Семейге (360 шақырым) прокурор мырзаға жіберіледі екен де, оның алдында мәлім уақыт жатып, сол жолмен өзіме қайтып келеді екен. Қысқасы мені олар осылай әбден әуре етті... 1906 жылдың 15 сәуірінде мені Омбы түрмесіне ауыстырды да, менің өз болысымнан бір ауыздан «сайланушы» болғаным белгілі болып, мені сол жерден 30 сәуір күні босатты» – деп жазады.

Отаршыл идеологтар Абайды қалайда уысына қайта түсiру үшiн «Мұсылман дiншiлдердiң реакциялық қозғалысы туралы» деген арнайы қылмыстық тергеу iсiн бастап, сол арқалы Абайды «тәубеге келтiрмек» болды. Қазiргi «ұлтшыл» деген үйреншiктi «айыптың» орнын алмастыратын сол кездегi бiрден-бiр жазғыру шарасы «дiншiлдiк» едi. Мен осы тергеудiң iшiндегi мына бiр деректi толық келтiрейiн, сонда сiздер бiздiң рухани тәуелдiлiгiмiздiң қалай басталғанын толық бiле аласыздар.


«1891 жылы қыркүйек айында Діни /архирей/ басқарма Мәртебелі Ағзамға мұсылмандардың арасында Иса пайғамбардың православиелік дінін тарату туралы ұсыныс айтқан еді. 1902 жылы 22 наурызда Мәртебелі Ағзамның бекіткен заңына сәйкес мемлекеттік құпия істер жөніндегі кеңесші: «Патшаның бодандығындағы барлық бағыныштылар бір дінге көшу керек. Бірақ та оларды бағындыру және шоқындыру, бір дінге кіргізу туралы Ережеге байланысты құпия, ың–шыңсыз, бірте-бірте, күш қолданусыз, зорлаусыз, алайда асқан ептілікпен, айламен, «Олардың өздері осы дінге кіруге ризалықтарын берген–міс» - деген желеумен жүргізілуі тиіс. «Өздері првословие дініне еніге өтініш білдірді, өздерінің еркімен енді» - деген айлалы амалды жүзеге асыру үшін арнайы жоспар жасау қажет»- деп нұсқау берді.

Құпия кеңесшілер арнайы журнал (жарлықтардың орындалғанын тексеріп, істелген істі есепке алып, бағыт-бағдар беріп отыратын арнайы бөлім – Т. Ж.) ашты. Онда: «Ауылдарда, старшындарда «ауыл мектебі» деген бүркеншік атпен мектеп ұйымдастырып, бірте-бірте олардың санын көбейтіп, алғашында қазақтардың көңілін табу үшін оларға қазақ мұғалімдерін жіберу керек. Оларға міндетті түрде орыс оқуын оқытып, балалармен орысша сөйлеуді, қазақ әрпін қандай жағдайда болмасын қолдануды тапсырып, сөйтіп қазақ кітабын оқи алмайтындай жағдайға жеткізу керек. Бірақ оны заң ретінде қолданбау керек. Содан кейін мынадай тәсілге көшу ұсынылады: барлық мектептердің мұғалімдерінен «мұғалім» деген инспектордың арнайы бекіткен куәлігін талап ету керек, ал инспекторларға қазақ мұғалімдеріне куәлік беруді әдейі қиындатып, сарсаңға салып, қасақана кешіктіру туралы алдын ала тапсырылып қойылуы тиіс. Куәліксіз сабақ берген мұғалімдер қатаң түрде заң арқылы жауапқа тартылсын. Осы тәсілмен молдалардың санын кемітіп, ол міндет ауыл старшынына жүктелуі тиіс. Поптарға белгілі адамдар ғана мұғалімдіккке сайлансын. Содан кейін ретіне қарай сылтау тауып: «Старшындар өзінің ақымақтығынан және істің мәнісін білмегендіктен ананы, мынаны бүлдірді–міс, халық санының өсуі кеміп кетті–міс» деген, тағы басқа молдалар туралы жалған лақап таратып, ауыл мектептерін молдалардың қолынан алып, поптың ықпалына еріп, айтқанына көнетін және оның үнемі қол астында жүретін адамдарға тапсыру керек.

Өлген қазақтарды жерлеуге поп басшылық етуге тиіс, ал қазақтар өлген адамдары туралы оларға міндетті түрде хабар беру керек. «Өлген адамның жаны әлі шыққан жоқ, тірі көмуге болмайды, ол о дүниеде жұмаққа бармайды-мыс» - деген сылтау айту керек. Мұндай тәртіптің кіргізілуін: «Қазақтар кісі өлімі туралы үнемі жалған ақпар береді, ал дененің іріп, еті босағанға дейін көмілген адамның неден өлгенін анықтау мүмкін емес. Сондықтан да қазақтардың арасындағы дақпырт пен дау-дамайды болдырмау үшін өлген кісіні жерлеу кезінде міндетті түрде попқа көрсету қажет» - деп түсіндіру керек.

Қыздар мектебін ашу керек және қазақ қыздарын орыс оқуына оқытудың мақсаты мынау – ол ертең қазаққа тұрмысқа шығып, ана болған соң өзінің күйеуі мен баласын орыстануға бейімдейді. Олай болған күнде қазақтың оқуын тез жоюға қол жеткіземіз және орыс оқуын ғана оқытамыз. Содан кейін арнайы /ең шешуші/ Заң шығарылуы тиіс, сол арқылы қазақтарды әр қонысқа бөліп – бөліп тастап, оларды крестьянға айналдырамыз.

Осыдан кейін қазақтардың өз атынан бізге шоқындырушы уағызшы керек деген арыз ұйымдастыру керек. Бұл міндетті орындауға жіберілге адам (уағызшы - Т.Ж.) қазақтардың барлық талаптарын орындауға, көмектесуге міндетті, оларды өзімен бірге ертіп жүріп бойын үйретсін, өзімен қол беріп амандасқан қазақтардың өкілдеріне сый-сияпат көрсетсін, өзіне тартсын, дінге үйір қыла берсін, сөйтіп жүріп «Қазақтардың дініне ешкімде қысым көрсетпейді» - деп пікір тарата берсін, ал олардың уағызға келуі және тыңдауы өздеріне пайдалы, бір-бірін сыйлауға, бір-біріне қастық жасамауға, шындықпен өмір сүруге көмектеседі деп сендірсін. Қазақтарды осылай тыныштандырып алған соң мынадай ұсыныс жасау керек: «Мұның барлығын қазақтардың өзі сұрап жасаттырып еді. Ол үшін миллиондаған сом қаржы кетті, қазақтардың өзі уағызшы сұрап еді, ол да қанағаттандырылды, соның бәріне қарамастан қазақтар үкіметті алдады, сол үшін жазаға тартылуы керек» - деп жарлық жасау керек. Қазақтарды жазаға тарту туралы Мәртебелі Ағзамнан пәрмен сұралады. Пәрмен берілгеннен кейін қазақтарды жазалау үшін әскер жасақталады және олар кресті алға ұстап, жорыққа аттанада. Қазақтардың бәрінің шоқынуға және православие дінін қабылдауға мәжбүр етеді. Ал бұл талапты өз еркімен орындамағандарды қырып салу керек.

Сол кезде қазақтар: «Бізді орыстар үнемі күзетіп тұрар деймісің» - деп православие дінін қабылдайды. Іле шала орыстарды алдап, кресті сандықтың түбіне тыға салып өз дінін ұстауды жалғастыра береді. Міне, осы кезде барып ауылдарға шіркеу мен мұнара салып, күн сайын қолына крест! ұстатып тұрып, уағыз тыңдату қажет. Сонда ғана татар мен сарттардың қазақтарға жасайтын ықпалынан құтыламыз.

1902 жылғы 61 Пәрмен бойынша Ақмола мекемелеріндегі жарлыққа сәйкес қазақ молдалары дін ісінен шеттетілді. Егер де молдалар Пәрменді бұзса қатаң жауапқа тартылып, ереженің 79 тармағы бойынша жазаланады. Крестьян басқармасының бастығы мұны қатаң бақылауға алып, мәлімет беріп отыруға телісті. Осындай шаралар арқылы істі оңға қойып, жолға түсіріп алған соң миссионерлерді жіберу керек. Олар қазақтардың ұстанған дінінің дұрыс емес екендігін және Иса пайғамдардың жіберуімен келгендігін, сонымен қатар заң бойынша Патша Ағзам қандай дінді ұстанса оның құзырындағылар да сол дінге кіру керек екендігін, ал қазақтардың дінінің бұл дінге (нақты танылмады – Т.Ж.) жат екенін дәлелдеу тиіс. Содан кейін Император Ағзам бүкіл консульдықтарға: Менің құзырымдағы қазақтарым ислам дініндегі мүфимге бағынатын, бірақ та исламның шариғатына қазақтардың бағынғысы келмейді. 68 жылғы Ереженің 97 және 98 тармақтарына сәйкес олар муфтилік бағынудан алынып, әр болыста діни рәсімді өтеу үшін жеке – жеке молда сайлаған болатын. Сонымен бірге моллалардың міндеті туған балаларды тіркеп, оларға ат қою болатын. Қысқасын айтқанда шариғаттың барлық заңын орындауға тиіс еді. Алайда қазақтар өзінің молдаларының талаптарын орындамады, оларды көзге ілмеді, өзінің рухани дәстүрін ұстанды, балаларына – Қойлыбай, Жылқыбай, Итаяқ деп ат қойды. Кейін өздеріне арнап орыс мектебін ашуды талап етіп, өтініш білдірді. Мектеп ашылды. Енді қазақтар өзінің дінін өзгерткісі келетіні туралы өтініш жасап отыр» – деп хабарлауы керек (Мемлекеттік архив. Қор 15. тізім. 2, іс №399).
«Мемлекеттік Думаға ашық хат

Көші-қон басқармасы қазақ даласындағы мемлекеттік жерлерді «жері аз Кочаткин, Ростовский кінәздер мен граф Медем секілді барлық сословиелерге таратып берумен ғана шұғылданып қоймай, қазақ халқын православтік – христиандық ілімді қабылдатуға да даярлық жүргізуде.

Көш-қонды іс жүзінде асырушылардың қазақтарға жер бөліп беру мөлшерін анықтап, орталық өкіметтің айтқанын бұлжытпай орындап, бағыт-бағдарын анықтайтын құжат, міне, мынадай:

«Қасиетті Синодтың осы жылғы 5/26/ сәуір күнгі №3067 анықтамасына сәйкес: қазақ даласына қазақ мұсылмандары мен шоқынған қазақтар орыс қара шекпендерімен қоса қоныстандырылсын, мұсылман қазақтардың жалпы саны шоқынушы православтардың жартысынан аспауы көзделсін. Бұл православтардың шаруашылық мұқтаждықтары мен талаптарын шешуде бұратаналарға үстем дәрежеде болуы үшін керек.

Қасиетті Синод осы шаралар Дала обылыстары мен Түркістан өлкесінің қазақтарын православтік – христан ілім қабылдауына алғышарттар жасайды деп ойлайды.

Жер бөлу және жер өңдеу бас басқармасы осы құжатты тарата отырып, қазақ пен орысты бірге қоныстандыруда діні бөлектердің арасында православиені насихаттау мен нығайтуды да мақұл көреді, сол арқылы Дала облыстарындағы жергілікті ел-жұртты орыс мемлекеті мен мәдениетін мойындатып, тезірек орысқа сіңіруді көздейді!»

Сіздің Жоғары мәртебеңізге осыны білдіре отырып, бұйрығыңызды күтемін.

Аудан және қарашекпен басшыларына!

Орал облысы соғыс губернаторының осы жылғы 12 маусымдағы православтар мен мұсылмандарды алып, іске асыруыңыз үшін жіберіліп отыр. 27 маусым, 1912 жыл. №9373.

Қоныстану ісінің меңгеруші міндетін атқарушы Константинов. Хатшы қызметін атқарушы И. Арсеньев».

1905 жылғы 17 сәуірдегі ұлы Жарлықтан кейін де Қасиетті Синод 5 миллиондық қазақ халқының шаруашылық тіршілігіне қысым жасау арқылы дін ісіне араласуға батылы барды. 1904 ж. 12 желтоқсандағы ұлы Жарлықтан кейін де жер бөлу және жер өңдеу жөніндегі бас басқарма өзіне қарасты көші-қон басқармасының жергілікті әкімдері мен шенеуніктеріне Қасиетті синодтың заңсыз бұйрығын орындатуға тырысты.

Қазақ жеріне көз тіккен кінәздар мен графтардың тұқымдарының ызғары біздің Мемлекеттің Дума мінберінен «3 маусым Заңы» негізіне сүйене отырып дінімізді қорғау хұқығын аяққа таптап отыр.

Көрсетілген құжаттағы көпе-көрнеу заңның бұзылғанына депутат мырзалар көңіл аударып, Мемлекеттік Дума туралы Ереженің 35 және 58 - баптарына назар салады деп сенемін.

Мемлекеттік Думаның мүшесі.Әлихан БӨКЕЙХАНОВ.

«Речь» газеті, 23/1 1914. №22/2691/.Петерогад».

Қысылтаяң шақта да ұлт көсемiне деген махаббат әр азаматтың жүрегiнде сақталып қалды. Әрқайсысының бастарына төнген қауiптi сезiне тұра iшкi құрметтi ұмытпады. Жер мәселесiмен «Алаш iсi» ушығып, саяси қысым мен жазалау науқаны қатар жүргiзiлген қат-қабат күндерде де ұлттық сана мен қоғамдық пiкiрдiң қозғалысы толас таппады. Қазақ зиялыларының бұрынғы ашық талқылаулары мен кездесулерi жартылай құпия, мүлде құпия түрде жүргiзiлдi. Олардың арасындағы байланыс құралына сол кезеңдегi мүмкiн болған барлық тәсiлдер пайдаланылды. Патшаның отаршыл жазалау саясаты мен жандармерияның тiмiскi әрекетi алаш азаматтарына конспирацияның неше түрлi қитұрқы амалдарына үйреттi.


Талант пен тұлғаның тағдыры талқыға түскен шақтағы олардың жандүниесi мен жанжүйесiн түсiну үшiн тергеу барысында тәркiленген бiраз хаттардың ұзын-ырғасымен таныстырып, шағын өмiрбаяндық желi тартамыз. Бұл, бiрiншiден, тұлғалардың өзара тағдыр мен таным тамырластығын байқатады. Ал тағдырсыз тұлға қалыптаспайды. Екiншiден, олардың тiлге тиек етiп отырған ұлттық, мемлекттiк мәселелерге деген көзқарастарын бiлдiредi.

ххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххх
Ол қандай әрекеттер және кiмге қарсы бағытталған? Мұны талқылап жатпаймыз. Өйткенi кеңес өкiметтiң қандай отарлаушы – жазалау саясатын ұстанғаны белгiлi. Сондықтанда мәселенiң басы ашық болғандықтанда, бiз сол қаралау үкiмiнiң екiншi бөлiмiн толық аударып беремiз. Үкiмнiң үлбiреп тұрған қисынсыз баптарының өзiнен-ақ тергеу iсiнiң тек қана жалаға ғана емес, бiр жақты әдiлетсiз айыптауға құрылғандығын байқау қиынға байлығы мен өмiр сүрудiң тәсiлi туралы түспейдi. Мәселе: ұлттың ұйтқысы – жер, Отан, оның байлығы мен өмір сүрудің тәсілі туралы болып отыр. Ал айыптаушылардың қазақ халқының үштен бiрiн аштан қыруға, отанынан айыруға бағытталған саясат пен мемлекеттiк әрекеттерге қарсы шығуы заңды едi. Әрине, мұның барлығын кейiннен тарих өз орынына қойды. Бiрақ бұл шара тым кеш жүзеге асты. Қазақша ұғыммен бiлдiрсек, «болар iс болып, бояуы сiңiп кеттi». Ол құрбандықтардың құны тым қымбатқа түстi. Ұлттың өзегi өртенiп, мәйегi iрiдi. Ұлт пен оның ұлттық тұлғаларын тағдырдың талқысы мен тарихтың тезiне салған жасанды да жалған, қатал да қатерлi, әдiлетсiз де аяр үкiм шықты.

Қандай қоғамда болмасын, қауiпсiздiк мекемесiнiң өзiне тән құпиясы сақталып қалады. Бiздiң қолымыздағы бұл үкiм өзге зерттеушiлердiң қолына түсе ме, жоқ па, кiм бiлсiн, сондықтанда оны iркiп пайдалануды жөн деп санамадық. Тарих пен таным ғылымы шағымды кезiнде екшеп алар. Әзiрге дерекке сараңдық жасамадық. Сонымен, «Алашорда» үкiметi мен қазақ зиялыларына тағылған екiншi айыптың көшiрмесiн назарларыңызға ұсынамыз.



«II. Ұлтшыл контрреволюциялық

ҚАСТАНДЫҚТАР
I. Жер мәселесi туралы.
Ұйымының негiзгi мақсатты бағдарламасының бiрi – жер мәселесi болды, мұны шешу арқылы олар «Алаш» партиясының ауыл шаруашылығы жөнiндегi бағдарламасын, яғни, жердi ең алдымен бұратана тұрғындарға (иә, кеңес өкiметi үшiн де қазақтар тек қана «бұратана» болып қалды – Т.Ж.) ешқандай кесiмсiз қажетiнше бөлiп беруге және ру-руымен қоныстандыруды жүзеге асыруға тырысты. Бұл бағдарлама бойынша, жергiлiктi тұрғындар толықтай жермен қамтамасыз етiлгеннен соң ғана Қазақстанға сырттан келген қоныстанушыларды орналастыруға болады, ал қазақ жерiне бұрыннан орналасып қалған қоныс аударушылар ол жердi қазақтарға керi қайтарып беруге тиiстi едi.

Бұл жұмысқа контрреволюциялық ұйымның мүшелерi мен ұлтшылдардан басқа айып тағылып отырған Жер жөнiндегi халық комиссариатының ұлтшыл қызметкерi Мұхтар Мурзин сияқты көрнектi өкiлдер қатысты, оны 1929 жылы оның үйiнен табылған мына құжат растайды.
1. Мақаланың жоспары (аяқталмаған)

а) Қазақстанның ауыл шаруашылығының қазiргi хал – ахуалы.

б) Мақсатты көзқарас тұрғысынан алғанда, ауыл шаруашылығының мүмкiн және даму жолдары.

в) Оларға қойған мақсатқа жету жолындағы «Қосшы» одағының орны мен маңызы.

г) Ауыл шаруашылығы – сол елдiң табиғи және әлеуметтiк шарттарының тұрақты түрдегi өзара қарым-қатынасының көрiнiсi болып табылады.

д) Жоғарыда көрсетiлген алғы шарттардың жекелеген кезеңде жүзеге асырылуы – иелiк етiп отырған елдiң тұрғындарының шаруашылықты жүргiзу мәдениетiне тiкелей байланысты.

е) Қазақтың шаруашылығы соңғы уақытқа дейiн табиғат жағдайына тiкелей тәуелдi болып келдi де кейiнгi кезде бiрқатар әлеуметтiк ықпалдарға ұшырады (шаруашылықтың барлық саласы мен түрiнiң отарлануы).

ж) Сырттан телiнген, сонымен қатар шаруашылықты жүргiзген бөгде тұрғындар экономиканы күрделендiрiп жiбердi, әрi бұл, табан астында бұрмаланып отырды.

з) Жанталаса отарлау - қазақ тұрғындарының жерсiз қалуына әкеп соқтырды.

и) Бұл мәселе – жердi бұдан ары емiн-еркiн пайдаланбай, белгiлi бiр шек қою үшiн тәрбiне қойылды. Ал, үкiмет болса, мұны, тағы да отарлаудың бiр түрi ретiнде пайдаланып отыр.
2) Зерттеудiң қорытындысына пiкiр
Егерде, Қазақстанды ешкiммен еншiлеспеген дербес мемлекет деп қараса, онда жерге қоныстандыру шарасы тұрғындардың еркiмен өз-өзiнен шешiмiн тапқан болар едi. Ал қазiр қоныстандыру табиғи түрде емес, басы артық жерде анықтап, оған қоныстандыру саясаты – отарлау мақсатында жүргiзiлiп жатқандықтанда, шаруашылық салалары отаршылдықтың қасiреттi қамытын кимес үшiн шұғыл шара қолдануға мәжбүр етедi. Бұл шаралардың негiзгi бағыты – жергiлiктi тұрғындардың шаруашылық тәсiлiнiң өзгеруiне орай үйлестiру және оны жер бөлiсi тұсында тиiмдi пайдалануға шерiк құрылуы тиiс.

Бүкiл республика көлемiнде жаппай жүргiзiлiп жатқан мемлекеттiк қоныстандыру науқаны жан-жақты зерттелiп, анықталған ғылыми тұжырымға негiзделуi қажет. Әр аймақтың экономикалық ерекшелiгiн, жалпы құрылымын, экономикалық бағытын зерттеп барып, 1921 –1922 жылдары Жетiсу... губерниясында жүргiзiлген Жер-су реформасының үлгiсiмен шешiм қабылдаған дұрыс болмақ».

Ташкент қаласында, Түркiстан Атқару комитетiнде, ауыл шаруашылығы факультетiнiң үйiнде өткен Жер мәселесi жөнiндегi ұйымның мәжiлiсiне Досмұхамедов, Тынышбаев, тағы да басқа адамдар қатысып, жоғарыдағыдай көзқарас бiлдiрген және Жер реформасын жүргiзетiн өкiлдiктiң құрамына өз адамдарын кiргiзудi ұйғарған (№ 5417 – iс; Тынышбаевтiң жауабы, № 2370 –iс, 275 бет).
Айыпкер Тынышбаев бұл жөнiнде мынадай куәлiк бердi: «1923 жылы, Мемлекеттiк университеттiң үйiнде профессор Қожанов жерге қоныстандыру мәселесi туралы баяндама жасады. Бұл жиналыста бiздiң ұйымнан: мен, Есполов және Досмұхамедов Халел сөйледi. Баяндама бойынша жарыссөзге шыққан бiз, өзiмiздiң бағдарламамызға орай, жерге ең алдымен негiзгi тұрғындар орналастырлсын деген пiкiрдi қорғадық».

(Тынышбаевтiң 1930 ж. IХ. 3. күнгi жауабынан № 2370 – iс, 1 т. 4 – парақ).

«1923 жылғы Жетiсу губерниясындағы жер реформасы кезiнде, Жер жөнiндегi халық комиссарының мiндетiн атқарушы Есполов жетекшiлiк еткен техникалық кеңестiң құрамына мен және Ходжиков (мүмкiн Қожанов - ? – авт.) мүше боп кiргеннен кейiн бiздiң ұйымымыздың жер мәселесi жөнiндегi бағдарламасын кеңiнен жүреге асыруға мүмкiндiк туды. Соның нәтижесiнде, Талдықорған ауданының Шұбар селосында жаппай наразылық туды» (сонда, 4 – парақ. Тынышбаевтiң 1930 ж. IХ. 3 күнгi жауабынан).

«Тысқары жерден Қазақстанға келiмсмектердi орналастыруға бұрын да қарсы тұрдық және ұлтшыл ұйымның мүшесi ретiнде қазiр де келiмсектерге қарсымыз. Бұл өзi ежелден келе жатқан бiздiң ұйымымызбен тiкелей тарихи байланысы бар мәселе».

(№2370 – iс, 1 т., 125 – парақ, Тынышбаевтiң 1930. IХ. 3 күнгi жауабынан).

«Жер мәселесiне бiз қатты мүдделi болдық және жерге қоныстандыру мәселесi бiздiң ұйымымыздың мүддесiне сай жүргiзiлуiн қаладық. Бұл мақсатқа бiз Жер жөнiндегi комиссариаттағы бiздiң ұйымымыздың мүшелерi арқылы, оның iшiнде – Есполов пен Тынышбаев арқылы қол жеткiздiк.

(№ 2370 – iс., 1 т., 205 – парақ. Досмұхамедовтiң 30 ж. IХ. 12 күнгi жауабынан).

Қазақстанға келiмсектердi жолатпауға тырысып, бұны патшалық отарлау саясатының жалғасы ретiнде көрсеттi, ұйым жердi жергiлiктi тұрғындарға бекiтiп берудi, сөйтiп Қазақстанда басы артық жер жоқ екендiгiн дәлелдеуге ұмтылды. (№ 541784 – iс, 1 т., 98 – 102, 220 – 222 парақтар).

Жерге қоныстандыруды осындай кезек сақтай отырып жүргiзудi және жер бөлiп берудi дәл осы негiзде жүзеге асыруды қамтамасыз етi үшiн ұйымның бұрынғы мүшелерi жер кесiмiнiң мөлшерiн ғылыми тұрғыдан тиянақтауды талап еттi. Осы мақсатқа жету үшiн Бөкейхановтың тiкелей ұйымдастыруымен Ғылым академиясының арнайы экспедициясы жасақталды, оны Бөкейхановтың с–р –дағы (социал – революциялық партияның – эсердiң мүшесi дегенi болу керек – авт.) пiкiрлесi профессор Швецов басқарды; экспедиция мүшелерi Жер жөнiндегi комиссариаттың жауапты қызметкерлерi Қаратiлеуов пен айыпкер Мурзин Мұхтардың iрiктеуi бойынша тек қазақ шәкiрттерiнен құрылды. Экспедиция өзiнiң ғылыми жұмысын жерге қоныстандырудың ғылыми тұжырымын негiздеу және Қазақстанда басы артық жер жоқ деген пiкiрдi дәлелдеу бағытында жүргiздi.

(№ 541784 – iс., 1 т., 103 – 111 парақтар).

Швецовтың экспедициясының жұмысына экспедиция жетекшiсiнiң орынбасары ретiнде Ә.Бөкейханов та қатысты, сөйтiп, ол «Қазақстан - қазақтар үшiн ғана!» деген ұранын заң жүзiнде бекiтуге ұмтылды, сондай-ақ Ташкенттегi жоғары оқу орынының профессоры Успенскийге КССР-дiң Жер туралы кодексiн жасауға тапсырма бердi, ол ұсыныс 1927 жылы Өлкетану бюросының жиналысында жауапқа тартылған Бұралқиев Мұстафа мен Омаровтың, тағы да басқалардың қатысуымен қабылданды. (№ 541784 – iс, 1 т., 10 – парақ»).

Жер мәселесi жөнiндегi тағылған айыптың ұзын-ырғасы осындай. Бiз мысал келтiрiлген адамдардың жауаптарын талдаймыз. Өйткенi, мұның iшкi астары көп, шырғалаңы мол, өте сақтықты қажет ететiн жай. Әрине, «Алашорда» үкiметi мен «Алаш» партиясының жерге қоныстану жөнiндегi бағдарламасын басшылыққа алғаны рас. Бұл - қазақ ұлтын отарлық бұғаудан құтқарып, отанды тәуелсiз жолға түсудiң бір ден-бiр жолы болатын. Бұл пiкiрдi баспасөз беттерiнде ашық бiлдiрдi де. Ал, астыртын ұйымның жайына келетiн болсақ, ондай ұйым ресми түрде өмiр сүрмеген. Тек әр жерде бастары қосылған, оңаша пiкiр алысқан. Туған халқының болашақтағы тағдырын талқылаған. Ал, жер жөнiнде олардың үндемей қалуға қақысы жоқ едi. «Коммунистiк колонизаторлық» саясат бұл қитұрқылы әрекеттi отыз жылдан кейiн «тың игеру» деген дақпыртпен жүзеге асырды. Оған дейiн де қазақ ұлты үш рет зауалға ұшырады. 1931- 1932 жылғы аштықтан, отыз жетi – отыз сегiзiншi жылғы жазалау науқанынан, ұлы отан соғысындағы қантөгiстен соң 1913 жылы 6 миллионға жеткен қазақ ұлтының саны 1 миллион 400 мыңға дейiн құлдырады. Қырып-жоюдың мұндай қасiретiн басынан кешкен ұлт әлемде некен-саяқ қана. Адамның сүйегi ғана қалған иесiз даланың–шыңсыз игерудiң бұдан асқан аярлық жолының болуы да мүмкiн емес. Аштан қырылған қазақтың тәнi мен сүйегi құнарланған топыраққа өсiп-өнген астық мұқым кеңес өкiметiн асырады.

«Өлсем орыным - қара жер... »

деген Абайдың дүниеауи шындығына көзi жетiп, «Алла өзгермес, азамат күнде өзгерер» деген қағиданы жасынан жаттап, жалғанның-жалған екендiгiн барша дiлiмен сезiп өскен Мұхтардың азаматтық рухы қанша қасарысса да ақыры ақылға жеңдiрiп, берген сертiнен қайтуға тура келдi.

Алаштың көсемдерi де, қазақтың зиялылары да жазалау мен адамдық қасиеттi жәбiрлеуге құрылған зұлмат өкiметтiң дәл сол кезеңде күш бермейтiнiн мойындады. Ұлттың мәйегi – ұлттық сана тұрғысынан ойлай бiлетiн тұлғалардың тамыры мүлдем қиылып қалмас үшiн «алпыс екi айлалы түлкi заманды» аңшы болып бiр шолу үшiн «Алаш» көсемдерi күрестiң тәсiлiн өзгерттi. Ұлтжанды жас буынды аман сақтап, ұлттық рухты болашақ ұрпақтың жүрегiне құятын «үмiттi жастарды» (Ахмет Байтұрсынов) келер дәуiрге елшi етiп жiберу мақсатымен оларды «қатесiн мойындап, кеңес өкiметiнен кешірiм сұрауға» көндiрдi. Әуелiде мұны шамырқана қабылдаған Мұхтар Әуезов пен Әлiмхан Ермеков кейiннен шындыққа мойынсынды. 1932 жылғы «Ашық хатында» Мұхтар Әуезов өзiнiң осы жер мен ел мәселесi жөнiндегi ұстанған бағытын:

«Бiрақ менiң дәуiрдегi, социализм құрып жатқан дәуiрдегi тарихи уақиғаларды бiр жақты болып терiс, тар ауданда түсiнуiм себептi, Қазақстанда партия мен үкiметтiң жүргiзiп жатқан iрi төңкерiстiк шараларына көбiне көзқарасым терiс болды. Ол шаралар өткен заманда езгiде болған Қазақстан еңбекшiлерiнiң пайдасы, игiлiгi үшiн ең қажет шаралар екенiн түсiнбедiм», - деп негiзгi азаматтық мақсатының тонын айналдырып түсiндiрдi.
Мұхтардың бұдан өзге айла-амалы да, қолданар шарасы да жоқ едi. Өйткенi «Ашық хатты» жазған, нақтырақ айтсақ, зорлап жаздырған кезде «Алаш iсiнiң» тергеуi толық аяқталып, сотқа берiлiп те қойған болатын. Кесiмi алдын-ала белгiленiп, «ең жоғарғы жаза - атуға», «жиырма бес жыл қатаң тәртәптегi түрмеге», «мәңгәлiк жер аударуға» бұйырылған үкiмдi өзгерте қоюдың өзi де мүмкiн емес едi. Өйткенi, алаш азаматтарына, оның iшiнде Мұхтар Әуезовке тағылған үшiншi айыптың ұзын-ырғасы салмақты да «дәлелді» болатын. Қазақ байларын тәркілеу туралы өкiметтiң қаулысы мұқым дала тұрғындарының ашу-ызасын қоздырып, тұс-тұстан ашық наразылық туып, әр жерде қарулы көтерiлiстер бұрық ете қалды. Мұның өзi ұлт қайраткерлерiне қосымша айып тағып, «қылмысын» ауырлатып, көтерiлiстi ұйымдастырды деп кеңес үкiметiнiң ауыл шаруашылығы жөнiндегi «асыра сiлтеулерi» мен қателiктерiн «ұлтшыл-буржуазияшыл алашордашылардың» мойнына «қарғыс қамыты» ретiнде кигiзуге сылтау болды. Сондықтан да, үкiм де соған сай шығарылды. Мәскеу мен Алматының «ең үздiк» тергеушiлерi өздерiнiң «контрреволюциялық астыртын ұйымның қылмысты қастандықтарын әшкерелеу» бағытындағы бес жыл бойы жүргiзген тергеу iсiнiң «нәтижесiнде» «Алашорда» азаматтарына мынадай айып тақты.

„1928 жылғы байлардың мал-мүлкiн тәргiлеу науқанына қарсы жүргiзiлген әрекеттер

Жер мәселесi жөнiндегi өздерiнiң негiзгi мiндеттерiн шешуге ұмтылған астыртын ұйымның мүшелерi Қазақстанда асырылып жатқан өзге де кеңестiк науқандар мен түрлi шаралардың мән-мазмұнын бұрмалап көрсетуге тырысты.

3. 1928 жылы байлардың мал-мүлкiн тәркiлеу науқанына дайындық жүргiзу барысында олар байлардың тәркіленуге тиiстi мал мен мүлкiнiң мөлшерiн (нормасын) неғұрлым көтерiп көрсетуге (тәркіленуге жататын мал санының кесiмдi мөлшерiн белгiлi бір дәрежеден төмендетпеу керек. Мысалы, 50–60 қойы бар қазақты байлардың қатарына қоспау керек деген ұсынысты айтып отыр – авт.) тырысты, сөйтiп, белгiленген мөлшерден көп мал мен мүлкi бар байлардың шаруашылығын жоюға қарсы шықты.



Ұйымның жекелеген мүшелерi өзара хат арқылы пiкiр аласып, бұл мәселе жөнiнде қоғамдық пiкiр қалыптастырды және ұйым мүшелерiмен байланысы бар, осы науқанның дайындық жұмысына тiкелей қатысып отырған ұлтшыл кеңес қызметкерлерiн өз мүдделерiне пайдаланды, ал үкiметтiң жоспарлау мекемелерiндегi ұйым мүшелерi бұған тiкелей ықпал еттi.

Ташкент қаласында тұрған айыпкер Ә.Ермеков 1928 жылы ақпан айында осы ұйымның мүшесi, Ленинград қаласындағы М. Әуезовке:

«Жердi тағы да бөлiске салу, жерге орналастырудағы теңгермелi мөлшердi сақтау – өз жерiңнен өзiң қарақшылықпен қуылған (экспропирация) бұрынғы тәжiрибенi еске салып, бақытсыз халықтың тағдыры үшiн жүрегiңдi қансыратады. Мұндай тәжiрибеге даламыз ендi көне алмайды», - деп жазды. (№ 541784 – iс., 5 т., 192 – парақ).

Ал М.Тынышбаев:

«1928 жылы Қазақстанның үкiмет орындары байлардың мал-мүлкiн тәркiлеу науқанына дайындық жүргiзiп жатқан кезде, мал-мүлкi тәркiленiп өздерi жер аударылуға кесiлетiн байлардың санын азайту үшiн бiз тәркіленуге жататын шаруашылықтың мал санының мөлшерiн неғұрлым жоғары белгiлеу туралы қоғамдық пiкiр қалыптастырдық... Мұның барлығы Мемлекеттiк жоспарлау мекемесi мен Жер жөнiндегi комиссариатқа тiкелей байланысты едi. Ол кезде Мемлекеттiк жоспарлау мекемесiнде бiздiң ұйымның мүшесi Ғаббасов Халел қызмет iстейтiн, ол бiздiң мақсатымызды жүзеге асыруға тырысты, ал бiздiң ұйымның ықпалында болған, бiздiң ұйымымызбен кездесiп, келiссөз жүргiзген Сұлтанбеков Жер жөнiндегi комиссариатта жұмыс iстейтiн», - деп көрсеттi. (Тынышбаевтiң 1930 ж. Х. 4 күнгi жауабынан. № 2370 –iс, 1 т., 313 – парақ).

Сонымен қатар, аса iрi байлардың шаруашылығын жою туралы қаулыдағы тәркiленуге тиiстi байлардың тiзiмiн алдын-ала бiлiп алған ұйым мүшелерi аудандарды аралап, алдағы жүргiзiлетiн науқанға кесiрiн тигiздi, жалған мал шаруашылығының мойын серiктерiн құрды, iрi шаруашылықтарды ыдыратты, сондай-ақ бұл iске байлардың туыстық, рулық жақындығы бар ауылнайлар мен аудандық әкiмшiлiктiң қызметкерлерiн тартты. (№ 2370 – iс., 1., 313 – парақ».

«Бiз, ұйым мүшелерi, байлардың жер аударылуына және олардың мал-мүлкiнiң тәркiленуiне қарсы шара қолданып, оларға алдын-ала ескертiп отырдық, сөйтiп науқанның жүргiзiлуiне бөгет жасадық. Соның iшiнде, менiң өзiм бiреулер арқылы Тұрысбековтерге, Тәңiрбергеновтерге және Есенқұлға және басқаларға, сонымен қатар Лепсi уезiндегi өзiм шыққан «найман» руының байларына хабар бердiм. (Тынышбаевтiң жауабынан, № 2370 – iс, 1., 125 – парақ және Х. Досмұхамедовтiң жауабынан, 207 – парақ)».
Мемлекеттiк жазалау құрылымының барлық күшiн сарқа жұмылдырып, бес жыл бойы жанталастырғандағы айыптау қорытындысының ұсқыны осындай. Үкiмет басында кiлең жартылай сауатты адамдар отырғандықтанда, ең болмаса, қисытырып, баптардың басын иiп, жалған да болсын «дұрыстап» айып таға алатындай тергеушiлердiң табылмауы заңды да. «Қайран Ресей! Адамды бақытты қылу қолыңнан келмегенi айып емес, тым құрыса дұрыстап өлтiрудi де үйiренбедің-ау!» деген сөз осындайдан барып шықса керек, Мемлекет те, сот та жазалау саясатының басты құралы ретiнде орыстың балтасын пайдаланды. Ал, шовинистер мен отарлаушының, оның iшiнде можантопай мұжық пен «елiрме сiңбелердiң», сауатсыз да сарымес жендеттiң қолындағы балта – iндеттен де қауiптi. Егерде сол «балта» мұқым мемлекеттiң жазалау құралына айналса, онда сол мемлекеттiң даму жолы адамдардың бас сүйегiнен төселген баспалдақтардан тұрады деген сөз. Кеңес өкiметi дәл осы жолды таңдап алды. Мұндай дүлей күшке таза ақыл мен парсатты қарсы қойып күресу мүмкiн емес едi. Дар ағашына баспақтап бара жатқан адамның жанталасы мен жанжүйесiн түсiну қиын. Қанша батыр, ержүрек болса да төнiп келе жатқан ажалдан сескенбеуi, тiтiркенбеуi, түршiкпеуi мүмкiн емес. Дегенменде, «Алаш iсiндегi» қайраткерлердiң екi-үш елеусiз айыпкерлерден басқасы ешкiмдi сатпаған. Тек әр түрлi айла-амал қолданған. Мысалы, Мұхтар Әуезов түгiн сыртына салып:

«Бiздiң аймақтың барлық қоғамдық шаруашылық қалпын капиталшылдың жолынан социализм жолына аударып, бұрып салу үшiн ол шаралардың қажет екенiн есептемедiм. Жекелеп айтқанда байлар мен ру басыларын конфискелеудiң қажеттiлiгiн iштей қабылдамадым, үкiметтiң колхоз, совхоз құрылысының тұсында iстеген берiк ұлы шараларына да басында сенiмсiздiкпен қарап, қарсы болдым», - деп «кiнәсiн» мойынына алды.
Кемтар мен кеще, аяр мен ақымақ, мешеу мен мещан, қызғаншақ пен қорқақ, сараң мен сауатсыз кекшiл келедi. Кеңес өкiметiнiң үкiмет мүшелерiнiң бәрiнiң бойында осындай кiнәраттар мен кiлтипандар бар болатын. Тiптi бүкiл мемлекеттiк құрылымның өзi сол кек пен кекшiлдiкке құрылып, өздерiнiң қастаншықпағыр пиғылын бүркемелеу үшiн «езiлген таптың күресi» деген сылтауды ойлап тапты. Әуелi өмiрге кеткен есесi мен өкпесiн Ресейден қайырып, ендi төрткүл дүниенiң астан-кестеңiн шығарды. Аш адамның ашкөздiгiнен обыр ештеңе жоқ. Билiк пен байлық қолына көшкен кезде олар ұлттың игiлiгiн бiр-бiрiнен қызғанып, өзара қырықпышақ болып, бiрiн –бiрi арандатты. «Алаш iсi» де сондай «қанды науқанның» қарсаңындағы соңғы дайындық болатын. Ал, олардың ең осал – жалған идеология едi. Өздерiн де, өзгелердi де сол жасанды даурықпаға сендiрiп бақты. Сондай сәтте «алашорданың екi көсемiнiң өзiнiң ұлтшыл – буржуазияшыл көзқарасынан бас тартып, өткендегi қателiктерiн кеңес өкiметi мен еңбекшiлерiнiң алдында ашық мойындауы» оларға таптырмайтын саяси – идеологиялық құрал едi. Соны желеу ете отырып тобырдың санасын тұмандандырды, екiншiден, тұлғаларды үнемi үреймен өмiр сүруге мәжбүр еттi. Мұны қазақтың ардагер азаматтары Мұхамеджан Тынышбаев пен Халел Досмұхамедов те жақсы түсiндi. Тән жазасы мен жан жазасынан құтылу үшiн олар өзiнiң «айыптарын» сырт қарағанда мойындағандай көрiнiп, әр жауабының астарына Сервантестiң қаламына лайық уытты кекесiндi сiңiрiп отырды. Қарапайым адамның өзi күле қарап, бердi. Можантопай тергеушiлердiң ой-өрiсiнiң тарлығы мен таяздығы сондай, оған тiптi назар да аударған жоқ. Шындығын айтсақ, мұның оларға қажетi де шамалытын. қалайда қаралауға iлiк тапса, көңiлi тыныш табатын. Әйтпесе, Мұхтардың адресi арқылы Әлихан Бөкейхановқа жолдаған Әлiмхан Ермековтiң хатын Әуезовке телiмес едi. «Астыртын контрреволюциялық ұйымның қастандық әрекеттерiн» әшкерелеу үшiн Голощекиннiң «кiшi октябрь» науқанында кеткен асыра сiлтеулердiң барлығын «астыртын ұйымның мүшелерiне» айып етiп тақты. Соның бiрi – коллективтендiру, яғни қазақша айтқанда, «қосшы одағын» құру науқаны. Мұның көшпелi қазақ ұлты үшiн зауалмен аяқталатынын экономика мен қазақтың өмiр сүру тәсiлiнен хабары бар зерде иесiнiң бәрi де түсiндi. Бiрақ оған назар салмады. Қайта, «астыртын ұйымның» қастандық әрекетiне жатқызды.
«4. Шаруашылықтарды коллективтендiру

науқанындағы бұрмалаушылық әрекеттер
Сондай-ақ, астыртын ұйымның мүшелерiнiң жат пиғылдары шаруашылықтарды коллективтендiру науқаны тұсындағы бұрмалаушылықтарынан, оны болдырмауға тырысып баққан әрекеттерiнен байқалды. Коллективтендiрудiң жүзеге аспай қоймайтынына, бұл шараларға тұрғындардың ерекше белсендiлiк танытып отырғанына көздерi жеткен соң, олар жарым-жартылай рулық негiзде құрылған колхоздарды ұйымдастыруға күш салды.

Айыпкер Тынышбаевтiң көрсетуi:

«Бiз, ұйым мүшелерi – мен, Ермеков және Досмұхамедов үшеумiз колхоз құрлысы туралы өзара пiкiр алыстық, бiрақта колхоздарды ұйымдастыру науқанына тосқауыл қоя алмайтын болғандықтанда, қазақ ауылдарындағы колхоздарды шағындап қана рулық жүйемен құру керек деген тұжырымға келдiк. Мұның басты себебi: қазақ қоғамындағы рулық құрылым әлi де күштi сақталып қалған, сондықтанда бар мүлiктi жеке меншiк иелерiнiң қолында сақтай отырып, шағын-шағын жарым-жартылай ортақтастырылған шаруашылқтарды ұйымдастыру қазақ үшiн қолайлы деп есептедiк. Бұл бiздiң ұйымның мүшелерiнiң ортақ пiкiрi едi және арамызда ешқандай көзқарас алшақтығы болған жоқ, оның үстiне бiз бұл туралы Бөкейхановтың және басқалардың дәл осындай пiкiрде екендiгiн бiлетiнбiз. Бiз: кедейлердiң басы бiрiкпейдi, олар өзiне рулас байлардың ықпалынан шыққысы келмейдi, өйткенi рулық туысқандық сезiмi қазақ арасында әлi де күштi – деп есептедiк. Бiз бұл жөнiнде партияда жоқ көптеген қызметкерлермен, коммунистермен әңгiмелестiк, олардың да дәл солай жүргiзсе көптеген қиындықтарды жеңуге болатынына сендiк. Сөйтiп, бiз бұл әрекеттерiмiз арқылы кедейлердiң бiрiгуiне (таптық) бөгет жасап, рулық құрылымды сақтап қалуға тырыстық.

Бұл идеямызды iске асыру үшiн бiздiң көзқарасымызды қолдайтын Бұралқиев, Күдерин сияқты тағы да басқаларды пайдаландық, сондай-ақ бiзден ақыл сұрап келген қазақтардың барлығында да дәл осындай колхоз құрыңдар деп кеңес бердiк, бұл идеяны сол колхоз құрлысын ұйымдастырып және басқарып жүрген қазақ қызметкерлерiнiң бәрiнiң миына сiңiруге тырыстық.

1928 жылы Iле өзенiнiң арғы бетiнде зерттеу – барлау (темiр жол салу үшiн – авт.) жұмыстарын жүргiзген кезiмде қазақтардың бәрiне өз қарасымды түсiндiрiп бердiм және колхоздарды мен айтқандай үлгiмен құруға шақырдым». (№ 2370 – iс, 1 т., 141 – парақ. Тынышбаевтiң 1930 ж. IХ. 6 – күнгi жауабынан)»
Бiр адамның кекесiн араластырып жазып берген осы жауабы арқылы 73 адамға үкiм шығарды. Әрине, 14 томнан асатын тергеу iсiнде Тынышбаевтiң көрсетуiнен әлдеқайда «кең қамтылған» куәлiктер бар. Тергеушiлердiң оны қайта-қайта алдыға тарта беруiне қарағанда «Алаш» партиясының көсемдерiнiң бiрi, «Алашорда» үкiметiнiң мүшесi, уақытша үкiметтiң Жетiсу өлкесiндегi комиссары, Қоқан Автономиялы республикасының прьемер–министрi Мұхамеджан Тынышбаевты қалайда жазаға тартудың амалын қарастырса керек. Бұдан кейiнгi айыптаулар «ет дайындауға жасалған қастандықтар», «бандалық қарақшылықтар» деп аталады. Ал нағыз «бандалық, қарақшылық» қылмысты кеңес өкiметiнiң өзi жасап жатқан едi. Жер мен тәркiлеу, колхоздастыру саясатының кесiрiнен 2 миллионға жуық қазақ аштан қырылды. Қазақ жерiнiң құты – Сарыарқа қаңырап бос қалды. Елдi «естен тандырған» ессiз өкiметтiң есiн ақсүйек ашаршылық та жидырмады. Керекеу, Қызылжар, Омбы қалаларының су айлақтары мен вокзалдарында мал етi иiстенiп, айдалаға апарылып өртелiп жатты. Қазақ ұлтының аштан қырылып қалғанын бiле тұра Сталин мен Молотов Қужақты қуырдақтай қуырып, «бер, бердiң» астына алды. Бiр республиканың басына қаралы күн туғанда да оның тағдырына пысқырып қарамады. «Сенiп тапсырылған өлкенi» зауалға ұшыратып баясы шыққан Шаяға – Голощекин мен Исаевқа: КСРО Халық БКП(б) Орталық Комитетiнiң бас хатшысы И. Сталин 1932 жылы 8 қараша күнi:

«ХКК мен ОК-тiң (Халық комиссарлары кеңесi мен Орталық Комитеттiң – авт.) ескертуiне қарамастан республикадағы астық даярлау қарқыны төмендеп барады. Белгiленген жоспардың орындалмауының себебiн астықтың түсiмiнiң төмендiгiмен түсiндiрген сылтауды Орталық Комитет пен Халық Комиссарлары Кеңесi назарына да iлмейдi, өйткенi бұл көрсеткiш қасақана төмендетiлген және мемлекеттi алдау ниетiнен туған. Сiздердiң артта қалған аудан хатшылары мен атқару комитеттерiнiң төрағаларының атын атап қана өтiп, ал артта қалуды жоюдың шараларын көрсеткен мәлiметтердi Орталық Комитет пен Халық Комиссарлары Кеңесiне хабарламай, сырғақтай берулерiңiздi Орталық Комитет пен Халық Комиссарлары Кеңесi партиялық басшылыққа лайықсыз қылық деп бағалайды.

Орталық Комитет пен Халық Комиссарлары Кеңесi сiздерге мынаны ескертедi:

Егерде қысқа мерзiм iшiнде республикадағы астық тапсыру iсiне нақты өзгерiстер енгiзу мәселесi ұйымдастырылмаса, онда бiз солтүстiк Кавказдағы тәрiздi жазалау шараларын қолдануға мәжбүр боламыз. Қолданылған жазалау шаралары туралы сiздiң толық түсiнiктерiңiз болуы үшiн БК(б) П Орталық Комитетiнiң нұсқауы бойынша қабылданған Солтүстiк Кавказ өлкелiк комитетiнiң қаулысын жолдап отырмыз. Орталық Комитет пен Халық Комиссарлары Кеңесi бұл қаулыны сiздердiң жеделхаттарыңызда аттары аталып көрсетiлген артта қалған аудандардың хатшылары мен таныстыру мiндетiн сiздерге жүктейдi. Егерде олар астық дайындаудың көлемiн өсiруге жедел шара қолданбайтын болса және одан әрi осылай жалғаса беретiн болса, Орталық Комитет пен Халық Комиссарлары Кеңесi қараша айының бiрiншi жартысында оларды партия қатарынан шығару туралы мәселе қоюға мәжбүр болады», - деген үрейлi жедел хат жолдады.
Шындығына көшсек, бұл кезде Голощекин мен Исаевтың бұл жеделхатқа жауап беретiндей мұршалары да жоқ болатын. Егiннiң орынына адамның сүйегiн егiп, «тәнтiбайбеттенiп» отыр едi. Елiре-елiре сөйлеп, ауызы ақкөбiктенген Голощекин мен оған көпшiктi қоя-қоя қоялары шыққан Исаев пен Құрамысовттың, Құлымбетов пен Ерназаровтың, Қабылов пен Тоғжановтың, Беккердiң, тағы да басқа идеологтаардың жақтары қарысты. Елдi де, өздерiн де «есеңгiреттi». Шегiнетiн жерлерi де жоқ болатын. Сасқанынан сүйек пен тұяқ, жылқының жал - құйрығын, сиырдың мүйiзiн жинау туралы жарлық шығарды. Ал бұл кезде адамның сүйегi болмаса қазақ даласында малдың сүйегi де, оны жинайтын адам ма қалмап едi.

1931 –1932 жылы ашаршылық кезiнде 1921-1922 жылғы аштықтан аман қалған 4 миллион 120 мың қазақтың 2 миллион 200 мыңы яғни, жалпы ұлттың 49 процентi «кiшi октябрь» мен «естен тандыру» саясатының құрбандығына шалынды. Құрамысов пен Беккер: «Халықаралық пролетариаттың мүддесi үшiн... бүкiл қазақ халқын құрбан етуге даярмын!» - деген «армандарына» жеттi. Ал ұлтының осынша қорлық өлiмге душар болғанына күйiнген «бестiң тобы» - Ғ.Мүсiрепов, М.Дәулетәалиев, Е.Алтынбеков, Қ.Қуанышев, М.Ғатауллин 1932 жылдың шiлде айында Сталин мен Молотовқа наразылық хатын жолдады. 1937 жылы Қарқаралы округiнiң басшыларын жаппай атуға бұйырған кезде Мансұр Ғатауллин өзiнiң соңғы сөзiнде айып орындығында отырған әрiптестерiн қолымен нұсқап:



« – Мыналар халық жауы емес. Жау – менмiн. Сондықтан менiң өзiмдi ғана соттаңдар. Тек, менi ғана. Бiрақ мен де халық жауы емеспiн, керiсiнше, халықтың жауының жауымын. Ал мен 1932 жылы, Кент қаласына iссапармен келген кезден бастап халық жауы болдым... Көлiктен сыртқа шықсам, айналамда адам да мал да жоқ, тек қана ұзын созылған мал қорасы тұр. Есiктi ашып қалып едiм, өлi адамның денелерi көрiндi. Соншама үлкен қораның iшi лық толған адамның мәйiтi. Кейбiреулерiнiң көзi ашық, кiрпiктерi әрең қимылдайды, бiрақ кiрпiк қаққанша жантәсiлiм беретiнi сөзсiз. Сыртқа атып шықтым. Дааладан айқай–шу шықты. Есiнен адасқан әйелдер қолдарындағы пышақтарын жалаңдатып менiң жүргiзушiме тап бердi, ойлары оны сойып жемек. Мен аспанға оқ атып едiм, олар жан – жаққа қаша жөнелдi. Жан – жағыма қарасам, анадай жерде үлкен қазан – ошақ тұр екен, астында от жанып жатыр. Әлде не бұрқ - сарқ қайнаған сумен бiрге қазанның бетiне бiрде баланың аяғы, бiрде қолы, бiрде өкшесi бүлiк – бүлiк етiп шығып жатыр... Мiне, мен тура сол күннен бастап халық жауы болдым», - дептi. (В. Михаилов, «Ұлы жұрттың шежiресi».).
Мұндай ерлiк «ақ жүректер» мен Қуажақтың қуыршақтарының қолынан қайдан келсiн. Халықтан кешiрiм сұрап, иман iздеудiң орынына, сондай бетбақтықпен ұлтының бес азаматын «бестiң тобы», «халықтың жауы» деп жариялады. Сонда бұлардың қызғыштай қорғап жүрген халқы - қай халық? Олар халықтың бағын емес, өздерiнiң астындағы тағын қорғап жүрген баққұмар сiмпiстер едi. Өзегi үзiлген халық мұны көрiп – бiлмей отырғандай-ақ, асқан аярлықпен өздерiнiң күнәсiн «ұлтшыл–бурзуазияшыл контрреволюционерлерге», «Алаштың» ардагерлерiне жапты. Бес жыл бойы дәлелденбеген «қылмыстарын» ұрып–соғудың нәтижесiнде мойындаттырып, ұялмастан: «қылмыстарын мойынына алды! Аттық! Астық! Жер аудардық! Кеңес өкiметiнiң саясатына қарсы шығып, елдi ашаршылыққа ұшыратқан солар! Ендi көздерiң ашылатын болды!» - деп өздерi қырып салған халықтан сүйiншi сұрады!

Сталин мен Молотовтан жаңағыдай нұсқау алған соң тағы да жанталаса жанықты. Ашаршылықтың зардабын саяси сахнадан ысырылуға тақап қалған қужақ көсемiне жапты да, мүләйiмсiп-мәймөңкелеп шыға келдi. Республика үшiн, оның iшiнде жеке адамдарға және белгiлi бiр мәселелердi шешуде кәдiмгiдей ынта – пейiл көрсеткен шығар. Бiрақ мұқым ұлттың мүддесi мен халық қамы үшiн қабырғасы қайысты деуге, оларды биiк лауазымға жеткенi үшiн мемлекет қайраткерi болды деп даралауға еш себеп жоқ. Мемлекеттiк машинаның конструкторы не құрастырушысы емес, соның жай ғана елеусiз бөлшегi едi олар. Қажет кезiнде құрал-жабдық ретiнде пайдаланды, мiндетiн өтеген соң лақтырып тастады. Олардың мансап жолында – тағдырдың тәлкегiне ұшыраған жазықсыз жандардың көз жасы мен қасiрет уайымы, аштан қырылғандардың қураған сүйегi, атылып – асылған, қудаланған ұлт қайраткерлерiнiң өзектi арманы мен өкiнiшi өксiп жатты. Мансұр Ғатауллиннiң:



«Мен халықтың жауының жауымын!» - дегендегi емеуiрiн танытқан пенделерi солар едi.

Алаштың азаматтары елi мен жерiнiң мүддесi үшiн түрмеге түсiп, азап тартып, қалайда халқына төнiп келе жатқан апаттан құтқару үшiн жанталасып жатқанда олар: «Жасасындатып!» (М. Әуезов) жатты. Бұл ұлтты, ұлттық тұлғаны жаныштау майданының басы ғана болатын. Ол майданда олардың өздерi де тағдырдың диiрменiне түсiп, «ұлы құрбандыққа» шалынды. Сол үшiн бұларды аяудың да, қорғаудың да қажетi жоқ. Себебi, ұлты үшiн басын өлiмге тiккен Әлиханнан, Ахметтен, Мiржақыптан, Мұхамеджаннан, Халел Досмұхамедовтен, Халел Ғаббасовтан, Телжаннан, Мағжаннан, Жүсiпбектен, Жаhаншадан, лауазымы мен жасы өздерiмен қатарлас Смағұлдан, Әлiмханнан, Елдестен, Ыдырыстан, Даниалдан, Кәрiмнен, Жалаудан, Сұлтанбектен, Тұрардан, Мансұрдан, Ғабиттен ешқандай артып тұрған қасиетi мен қадiрi жоқ едi. Қарғауға болмайтыны – олар өз заманының жалдамалы құлы болды. Саясатқа азаматтық көзқарасын қорғау үшiн араласқан жоқ, тек қана керек кезiнде ұрымтал тұстан табылып, жазалау машинасының дөңгелегiне iлiнiп кеткен қатардағы пенделер ғана. Биiк ақыл – парасат, үлкен мiнез, iрi қимылдың адамдары емес, жай ғана реттеушiлер болатын. Тек, басты назарда ұстайтын мәселе – олардың iс – әрекетiн ашық та батыл талдап, тарихи сабақ ретiнде ұрпақтың назарына ұсыну парыз.

Тарих өткелi - қатерлi өткел. Ал ұлттың басын қатерге тiгiп, қайта-қайта тағдырдың талқысынан өткiзуге ешкiмнiң де қақысы жоқ. Қазақ ұлты өзiнiң қадым заманнан бергi тарихы арқылы тәуелсiз ұлт ретiнде өмiр сүруге толық қабiлеттi ел екендiгiн дәлелдедi. Өзегiн өртеген рухани басыбайлылыққа да басын имедi. Отарлаушы патшалық және коммунистiк жаhангерлер ұлттың жүрек отын өшiруге өршелене тырысса да, рухани бостандығын сақтап қалды.

«Коммунистiк колонизаторларды» өшiктiрген де, үрейлендiрген де ұлттық тұлғалардың рухани тәуелсiздiгi болатын. Ұлтты мәңгүрт күйге жеткiзу үшiн сол халықтың ең қасиеттi қазынасы – рухани мұрасын аяр идеологияның арандатушы күшi арқылы жойып жiберуге барынша құлшынып – ақ бақты. Алаш қайраткерлерiне тағылған ең басты айыптың бiрi де осы ұлттың рухани тәуелсiздiгi жолындағы көзқарас күресi едi. Ол қандай бағытта талқыға түстi? Ендi соны талқылауға көшемiз.


---------------------------------------------------------------

Ату жазасына бұйырылған азаматтарға араға жүрiп, бұл үкiмдi түрме кесiмiмен ауыстырды. Мүлдем ақтап алуы мүмкiн емес-тiн. Қара басын қорғаштамай, қайта қарсы шабуылға шығып, қайсарлықпен күресуiнiң өзi де үлкен азаматтық, көсемдiк қасиет едi. Мысалы, түрмеде жатқан Мұхтар Әуезов пен Әлiмхан Ермековке «ниетiмнен қайттым» деп ашық хат жазуға ұсыныс берген де Әлихан мен Ахмет дегдарлар едi. Соның нәтижесiнде, қазақтың екi ғұламасы тiршiлiктiң дәмiн тағы да қырық жыл татып, ұлтына қызмет еттi.

Бұл – Мұхтар Әуезовтiң өзi мойындаған, Қайым Мұхамедханов сияқты сенген бауырына айтып берген шын сөз.

Әрине, Халел Ғаббасов пен Жүсiпбек Аймауытовты қастандықтан құтқара алмады.

Қужақ екі жолдасымен орнынан түскен. Жолдастары кім екенін жазбайды. Қазақ жайы соқырға көрінген, саңырауға естілген болса керек. Әлімхан, Әуезұлы екеуі тәуба қылып шыққан.

------------------------------------------------------------

М.Дулатов: «Орындалған арман».

«1922 жылдан бері Мәскеуде «жіпсіз байланып», еш жаққа шығуға рұқсаты болмаған, сондықтан адресі белгілі Әлихан арқылы кімнің қайда жүргенін біліп, өзара байланыс жасап, хат алыса бастайды.

Ешкімнен сескенбейтін ер жүрек Әлихан оқта-текте Бутыркаға барып, тұтқындарға ауқат жеткізіп тұрған. Ахмет, Мағжандардың қызыл крес меңгерушісі Е. П. Пешковаға жиі жазған арыздарын қадағалап, нәтижесі тезірек болуына Пешковаға жиі барып көмек көрсетуін өтінеді. Көп ұзамай арыздары бойынша екі арызымызға жеңілдік жасап, берген үкім мерзімін қысқартып, елге қайтарған. Елге жету үшін жол қаржысын Пешковадан алып берген де сол Әлихан атам. Ахмет атам бәйбішесі Бадрисафаның айдалған Батыс Сібір Кривошеин ауданына сұранып барған болатын. Сол жерден екеуі 1934 жылы Алматыға келіп тұрды. Төменгі жариялап отырған хаттар отызыншы жылдардың басында Міржақыпқа жазған хат.

* * *


КАССР п/о Попов Остров 1-ое Соловецкое отделение, СЛАГ 1, лагпункт Дулатову Мир – Якубу Дулатовичу Архангельск, Соломбала, 1-я деревня, 1-я линия, д. 9.

32 жыл, декабрьдің 31-і

Міржақып, Мырзағазы, Ғазымбек қарақтарым! Мен Архангельге 30 ноябрьде келдім. Күн демалыс болғандықтан ешкімді іздеп тауып алуға мүмкін болмады, далаға түнегендей болып түнімен жатпай, көшеде қыдырып жүрумен болдым. Таңертең барған адам, келесі таңертеңге дейін отырарға жер таппадым. Жанымда бірге барған 4-5 адам, олар да солай болды. Түнді солай өткізіп, ертеңіне Абдолланы (Абдолла Байтасов – Т.Ж.) тауып алып, 17 декабрьге дейін соның үйінде болдым. Онан кейін пәтер тауып алып, бөлек шықтым. Мұнда пәтер табу деген өте қиын жұмыс екен. Таныс арқылы болмаса, өз бетінше пәтер табу деген болмайды. Абдолла өзінің таныстары арқылы әрең пәтер тауып берді. Келгеннен бері орын іздедім. Әлі табылған жоқ. Талай үміттенген жерге тұяқ ілікпей қалды. Бос орындарға – біріне: айдалған болған соң алмаймыз дейді. Біріне: әуелі профсоюз мүшесін аламыз дейді. Біреулеріне: үшекеңнің рұқсатын сұраймыз – деп, сұрағаннан кейін болмайды дейді. Сонымен әлі күнге дейін орын іздеп сандалумен жүрмін. Орынсыз адамға нан карточкесін, столовой карточкесін бермейді. Ол корточкелер болмаса, нанды, тамақты базар бағасымен алып ішесің.

Базар қымбат: нанның килосы 5-6 сом, буханкасы 25-30 сом. Сүттің литрі 4-5 сом, майдың килосы 45-50 сом. Оған қалай ақша шыдасын. Алып келген аз ақшам әлдеқашан бітіп қалды. Абдолла мен Қырбаласы (Ә.Бөкейханов – Т.Ж.) екеуінің атсалысуымен жан сақтап тұрған жай бар. Қырбаласы орынында болып, бұрынғы адресімен тез хабарластым. Сендерге орын-морын тауып жайғасып жазармын деп едім. Ол болмаған соң, көңілді хабар жаза алмай тұрған жай бар.

Құшақтап сүйем, Ахмет.

* * *


АКСЕР п./о. Попов Остров 1-ое Соловецкое СЛАГ 1, Лагпункт, Дулатову Мир – Якубу Дулатовичу

Архангельск, Соломбала 1-я деревня,

1-я линия, дом, 9.

26/11-33 ж.

Дендерің сау, аман жүрсіңдер ме? 31-декабрьде бір хат жазған едім. Оны алған – алмағандарыңнан дерек жоқ. Мен әлі орынға кіре алмай жүрмін. Мекемелерді ықшамдап, жер аударылғандарды алмау деген ағын тұсына кез келіп, еш жерге орналаса алмай тұрғаным. Орын болмаған соң, қай жағынан болса да хал нашар болатыны белгілі ғой. Бір жағынан – ауру, екінші жағынан – суық, үшінші жағынан – аштық, үш жақтап қысып, әркімнің атсалысқан көмегі арқасында күнелтіп келе жатқан жай бар. Бұл қалыппен көпке бармай бір шегіне барып тынатын шығармын. Қырбаласы қолдан келген көмегін істеп-ақ жатыр. Бірақ көмекпен күнелту мұнда өте қиын. Қазір қара нанның килосы 12 сомға жетті. Ол не шыдатар? Жұмыста болмаған соң, нан карточкесі столовой нанды карточкесіз нанды базардан алып жемеске шараң жоқ. Базар бағасы анау. Онымен қанша нан сатып алуға, тойынып тұруға болар. Қазір әбден арықтап, жүдеп болдым. Жылы киімім жоқ.

Күн мұнда Аралдағыдай емес. Өте суық. Аштық, арықтық, суық тағы бір жағынан айналдырған соң, ел қалай күнелтпек? Елдің хабары өздеріңе мәлім күйде, жұмысы біткен. Қырбаласының ел жайынан жазған хаты қолды болып, қолыма тиген жоқ. Қужақ екі жолдасымен орнынан түскен. Жолдастары кім екенін жазбайды. Қазақ жайы – соқырға көрінген, – саңырауға естілген болса керек.

Әлімхан, Әуезұлы екеуі тәуба қылып шыққан. Басқалары: Сейдазым, Мұхамеджан Т., екі дос, Ақбай ақсақ інісімен, Әшім, ұзын Мұхтар – бұлар Воронеж қаласында. Аудандарында: Көшке, Жұмағали, Мұстафа, Б.Әбдірахман, Нәшір, Күдері баласы бәрі де қызметке қатын-балаларымен тұрған көрінеді. Мен де: не қатын-балаларым мұнда келуге, не, мені онда баруға ұрықсат ет деп Мәскеуге арыз беріп едім, хабары жоқ.

Жақын арада жазушының бұрынғы қатыны бастық болып тұрған мекеме арқылы арыз бердім. Мұнда қазіргі жай-күйімнің бәрін айтып: өлсін демесеңдер мені не жылы жаққа жіберіңдер, не қатын-балам тұрған жерге жіберіңдер. Мен бұл күйде тұрғанда өлемін – деп жазып отырмын. Мұнан анау қатын арқылы бірдеме болар деген үміт бар. Мұнан еш нәрсе шықпаса, шынында да өлу ғана қалады.

Мұнда срогі біткендерді де босата қоймай, бәрін осында ұстап отыр екен. Соңғы күндері босатулары сұрапыл; күні-түні қағаздарын беріп, қойша ағытып жатыр. Күні біткендерден ешкім қалатын көрінбейді. Өздері қалам деп тілесе ғана қалдырады. Мұнда Абдолла қатын-баласымен тұрады. Олар да мекеме ықшамдауына ілігіп еді, қатыны басқа орын тауып кірді де, өзі бұрынғы орнына 10 күннен соң қайта кірді. Жақын арада Алматы жағынан үй-іштерімен көп қазақ келді деп еді. Оларға әлі жолыққаным жоқ. Хош, Ахмет.


  1. Абдолла Байтасов - әдебиетші, Ж.Тлеулиннің бажасы.

  2. Үшекең – ГПУ.

  3. Қырбаласы - Әлихан.

  4. Қужақ – Голошокин.

  5. Екі дос – Халел, Жиһанша Досмұхамедовтер.

  6. Ақбайдың ақсақ інісі - Әбділхамит.

  7. Әшім – С.Телжановтың ағасы.

  8. Ұзын Мұхтар – Мұхтар Мурзин.

  9. Әбдірахман – Мұңайтпасов.

. . .

АҚССР п/о, Попов Остров 3 отделе

СЛАГ. О Соловки,

1 Лагпункт, 1-я рота Дулатову Мирякубу

С.Мочлино, Клубная, д. Сойгарова Степана

Зап. Сиб. край. Томск. окр. Кривошейенск. Район

8/ІІІ-34

Қарақтарым Мыржақып, Мырзағазы!

Сондасыңдар ма? Дендерің сау ма? Ғазымбек қайда? Мен қатын-баламның қасына жібер деп сұранып, мұнда келдім. Өткен сентябрьден бері осындамын. Айына 150 сом жалақысы бар бір орынға ілігіп едім, онан осы марттан бастап шығарып тұр. Қазір жұмыссыз тұрмын. Қ. Б. хат алып тұрмын. Аман. Соңғы бір-екі хатында Смағұлдан басқамыз аманбыз деп жазған екен, онысы немене екенін анық білмеймін. Елдес Алматыда оқыту жұмысында деп жазады. Оның өзіне әлденеше рет жазып, жауап ала алмай-ақ қойдым. Сендерге жазып жауап қайтпаған соң, тағы жазып отырмын. Қолдарыңа тисе кешіктірмей хабар бересіңдер. Сүйем. Ахмет. Б. С. – тан сәлем. Ол қояншық ауруы болып әбден біткен... Шолпан мен мұнда келгенше Алматыға кетіп қалыпты. Ағайындардың бәріне сәлем».

Сондай-ақ, «коммунистiк колонизаторлыққа» қарсы бар ақыл - қайратын жұмсаған, Қазақстаннан қудаланып, Мәскеудегi темiр жол институттын тәмәмдап «Днепр құрлысының» құрлыс бастығының орынбасары боп жүргенде Кремльден уланып шыққан күйеу баласы Смағұл Сәдуақасовтың да тосын ажалына тосқауыл қоюға дәрменi жетпедi. Бұл үш адам туралы деректердiң Мұхтар Әуезовтiң iсiне тiркелуiнде және оған ерекше мән берiлуiнде үлкен кiлтипан бар едi.





Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет