Ә. Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романындағы махаббат, адамгершілік мәселесі



бет1/7
Дата11.01.2017
өлшемі1,37 Mb.
#6923
  1   2   3   4   5   6   7
Ә.Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романындағы махаббат, адамгершілік мәселесі
С.Е.Тапанова

ф.ғ.д., профессор ЕҰУ

Өмiрде әдеби шығармаға негiз болатын тақырыптар қаншама. Ал заман озып, ұрпақ алмасқан сайын жаңа қырынан ашылып, ескiрмейтiн, өмiр сүруге ынталандырып, адамға күш беретiн, соны мұраттарға жетелей түсетiн тақырып – екi жастың арасындағы үлкен сезiм, махаббат тақырыбы. Уақытпен сабақтас бұл тақырып бүгiнгi таңда да ең өзектi мәселелердiң бiрi. Екi жастың арасындағы шиеленiскен қақтығыстар, өмiр шындығы - қазiргi заман әдебиетiнде көркем ой дамуындағы ең көкейкестi мәселелердiң бiрiне ұласты. Бұл мәселе - ұлттардың тiршiлiгiне, санасына, саяси өмiрiне тiкелей ықпал етiп, рухани мүдденiң шешушi түйiнi ретiнде бағалануда. Ғашықтардың жаңа бейнесiн сомдаған жазушылар қатары өсе бастады. Замана ағысымен бiрге түрленiп, жаңарып отырған жастар бейнесi әркез көркем шығармалардағы өз орнын сақтап келдi.

Адам жаны, сезімі, қарым-қатынасы мәңгілікке шешілмейтін жұмбақ, сол жұмбақтығымен қымбат. Солардың ішінде әсіресе махаббат – адам бойындағы сөзбен түсіндіріп болмайтын, сыры мен сиқыры ұшан-теңіз құдірет. Заң сияқты, махаббат алдында бәріміз де бірдейміз. Бірақ махаббатқа еркек жарты өмірін жұмсар болса, әйел бар тірлігін сарп етеді.

Махаббат қай елдiң әдебиетiнде болса да ешқашан сарқылмайтын мәңгiлiк тақырып болып саналады. Бiрақ әр халықтың жан дүниесiнiң құрылымына, әрбiр ақын, жазушының ой-түйсiгiне қарай, махаббатты әркiм өзiнше жеткiзедi. Адамзат жүрегiнiң асыл қазынасы – махаббат бiздiң қоғамымызда азғандықтың, абыройсыздықтың, алдау мен арбаудың құлы болмай, керiсiнше адамгершiлiктiң, азаматтықтың, арлылықтың туын биiк ұстауы қажет екенiн айтады.

Қазақ әдебиетінде махаббат, ғашықтық мәселесі алғаш рет ауыз әдебиеті үлгілерінде көрініс тапты. Сан ғасырлар бойы ауыздан ауызға көшіп, халық көңілінің сүзгісінен өтіп өңделген, жаңарған, қалың тыңдарман қалауына, әр дәуірдің талғамы мен талабына, әр ұрпақтың түсінік-пайымына, ой-өрісінің даму деңгейіне орай өзгеріп отырған халықтық шығармаларында қалыптасты. Қазақтың қара өлеңінде, батырлық, ғашықтық жырларда махаббат сезімінің, сүйіспеншілік белгісінің бар болмысымен өзіне құштар етіп жан толқынысына түсірген сүйген жанға деген жүрек лүпілінің көңіл тербер сырлары өрнектеледі, алуан түрлі образдар арқылы сезім күйлері шертіледі.

Осы ауыз әдебиетін арда еміп, халықтық жырдан сусындап өскен сал-серілер шығармаларында махаббат тақырыбы нақтылана түсті, шындық өмір аясында соны бояумен көріне дамып, жетілді. Сегіз, Біржан, Ақан т.б. шығармашылығы оған дәлел.

Қазақтың жаңа жазба әдебиетінің көшін бастаушы Абай шығармашылығы арқылы махаббаттық сарын ұлттық әдебиетімізде кәсіби жаңа биікке көтерілді. Ғашықтық сезімді беруде тың өрнек, соны суреттер жасалды, терең сырлы ойлар айтылып, әсерлі бейнелер сомдалды.

Бұл орайдағы Абай дәстүрі Шәкәрім шығармашылығы арқылы жалғастық тапты, дами түсті. Тарихи негізі бар «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Нартайлақ-Айсұлу» поэмаларында өмірлік шындық аясындағы биік сатыға көтерілген махаббат көрінісі бейнеленді.

Аңыз-жырлардағы өмір үшін, махаббат үшін күрес, жақсылыққа ұмтылу, түрлі әрекеттер арқылы сол дәуірдегі әлеуметтік жағдайды жақсартуға тырысу, сол жолдағы қаһармандардың ерлігі – халықтың өмірге құштарлығын, арман-мұраттарының биіктігін танытады. Халықтық мұралардан арна тапқан ғашықтық сарын, өршіл де асқақ арман-аңсарлар одан әрі роман жанрында өрбіп, жалғастық тапты.

Махаббат, ғашықтық туралы сөз қозғағанда, Ә.Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар», романына тоқталмай кету мүмкiн емес. «Махаббат, қызық мол жылдар», романы – қала зиялылары мен соғыстан кейiнгi қазақ жастарының, қазақ студенттерiнiң құралу, қалыптасу процесiне арнап, басты кейiпкерлерiн студенттiк ортада, жастардың арасындағы түрлi сезiмдерге, махаббат пен достыққа кiршiксiз таза жандардың жайы баяндалады.

Мiне, бүгiнгi мақаламыздың басты мақсаты сонау ауыз әдебиетiнен бастау алып, күнi бүгiнге шейiн қазақ әдебиетiндегi басты тақырыптардың бiрiне саналатын махаббат мәселесiнiң адам өмiрiнде қаншалықты орын алатындығы және жазушыларымыздың шығармаларында қалай, қандай дәрежеде көрiнiс бергендiгiн ашу мiндеттерi болды.

Адамның адамгершiлiк қасиетiн анықтауда, оның рухани байлығы, биiк азаматтық тұрғысын түсiндiруде махаббат тақырыбының да маңызы ерекше екендiгiн шығармаларды жаңаша көзқарас тұрғысынан талдау барысында нақты мысалдармен дәлелдеу.

Шұрайлы тiлмен өрнектелген кейiпкерлер болымысы, ашу мен шиыршық атқан сезiмдер, адалдық пен опасыздық сияқты қарама-қарсы ұғымдар авторлық баяндау мен суреттеулер арқылы шарпысып отырады.

Жазушы заман шындығын кейiпкерлердiң бiтiм-болымысы, iшкi жан дүниесi, әрқилы тағдырлары арқылы терең танытуға ұмтылған.Жас ұрпақ үлгi алуға тұрарлық, есте қаларлық ерекше бейнелер жасаған.

Соғыс жылдарының ауыртпалығына төтеп берiп, рухани сынақтардан абыроймен өткен роман қаһармандары сүйiктi Отанның жалынды патриоттары, махаббат пен достыққа кiршiксiз таза адал жандар болып көрiнедi.

Адамгершiлiктiң асқақ рухын, қыры мен сыры мол жан дүниесiн алуан түрлi көркемдiк тәсiлдермен айқара ашып көрсету арқылы оқырманның көкiрегiне iзгiлiк дәнiн егiп, болашаққа жол нұсқайды.

Сол кезеңдердегi адамдардың жай-күйiн суреттеу үшiн жазушы бiрiншi жақта баяндау әдiсiн қолданған, яғни романның бас қаһарманы бұрынғы майдангер, коммунист, университет студентi, кейiннен журналист Ербол Есеновтiң характерiн, адамгершiлiгiн, тұрақтылығын әр түрлi сыннан өткiзiп, әр алуан адамдармен қарым-қатынаста болуы арқылы ашқан.

Ербол – момын ата-анадан туған, халқының, қоғамның бойындағы ең жақсы қасиеттердi бойына сiңiрген, Қазан революциясынан бес жыл кейiн дүниеге келген жас азамат. Ербол – социалистiк қоғамның қырқыншы жылдары пiскен нәрлi жемiсi. Сырттай қораш көрiнгенiмен, Ербол iштей ақылды, адамгершiлiгi мол, көпшiл, досшыл, сабырлы жiгiт. Әңгiме адамгершiлiк пен арға тiрелгенде, ол екiнiң бiрi бара алмайтын кесек қимылдарға барады: жан-жағын жалмауыздай жайпап келе жатқан жау танкiсiмен жекпе-жек айқасады: жолдастарына қауiп төнгенде жыландай ысқырып жарылайын деп келе жатқан снарядтi құшақтап алып, шұңқырға лақтырады; досының қызы Тананың абыройын төкпеу үшiн онымен үш күн бiрге болғанда тастай боп қатып қалады; өзi жақсы көре тұра Меңтайдың басқаға берген сертiн бұздырмайды; өзi жалаңаш-жалпы жүрiп, костюмге жинаған ақшасын Заманды iздеп бара жатқан Танаға жол қаражат етiп бередi. Мұның барлығы шығармада Ерболдың биiк адамгершiлiгi, уәдеге адалдығы, кең ойлайтындығы нанымды көрiнiс тапқан.

Меңтайды сұлулығы үшiн ғана емес, ең алдымен, адамгершiлiгi үшiн жақсы көруiнiң өзi-ақ Ерболдың әдеби қаһарман ретiндегi бағасын көтерiп, оған деген оқырман сүйiспеншiлiгiн арттыра түседi. Оған дәлел мына мысал.

«… Он сегiзге келген қыздың өз киiмiн өзi тiгiп, тоқып келе алғаны жөн ғой» [1,51-б.],… әйелге керек негiзгi үш қасиет бар, ағай. Олар: еңбекшiлдiк, ақылдылық, сұлулық. Бойында осы үш қасиет тегiс бар әйелдi төрт құбылысы түгел әйел деп бағалау абзал. Ал соның алғашқы екеуi ғана табылса, онда соңғысынсыз да өмiр сүре беруге болады» [1,66-б.]. Ерболды елiтiп, ғашық еткен оның осындай салиқалы сөздерi, жарасымды қылығы мен iзеттi жүрiс-тұрысы едi. Меңтай қолжазбасын оқыған тұста да қыз ойының озықтығына тәнтi болып, онан сайын ынтыға түседi. Оның: «Осындай көрiктi, ақылды, адамгершiлiгi мол қызға қолы жетiп, жар еткен жанның арманы бар ма екен, сiрә”, - деп армандауы Меңтайға берiлген үлкен баға. Әрi бұл Ерболдың оны ақылы, адамгершiлiгi үшiн ұнатқанына дәлел. Ә.Нұршайықов кейiпкерiн бiр-бiрiнiң iшкi әлемiне енгiзе отырып, саналы махаббатты мұрат етедi. Осылай жазушы шығармаларындағы әрбiр мақал-мәтелдердi, әрбiр мағыналы сөйлемдер мен сөз тiркестерiн өнегелiк, әдептiлiк сияқты адамгершiлiк асыл қасиеттердi дәрiптеуге бағыттайды.

Романда кейiпкерлердiң мiнез-құлқын мейлiнше айқын ашып көрсеткен тұсы Ербол мен Тұмажанның поезда кездескен кезi. Онда автор Тұмажанның азғындығын өз сөзi арқылы-ақ көрсеткен. Оны дәлелдеу үшiн Тұмажанның өз ақымақтығына өзi мәз болып айтқан мына бiр сөзiне ден қоялық: «… Қыз не үшiн жаратылғанын бiлесiң бе өзiң? Бiлмесең мен айтайын: қыз қызық үшiн, ләззат үшiн жаралған – осылай деп ол өз-өзiнен тамсанып, тiсiн ақситты. Бұл тұста ол маған кiсi емес, тiсi ақсиған, сақылдап тұрған қасқыр сияқты боп көрiндi. - Қыз деген сөздiң өзi қызды көрiп, бүйрегiң бүлкiлдесiн, бүйiрiң қызсын, оны көрсең лап қой, бас сол да умажда деген мағынаны бередi.

Ал мен бас салдым да, өмiрдiң өзiме тиiстi қызығын көрдiм. Кеше немiстермен бiз не үшiн соғыстық ондай қызық көрмесек, а? Мен саған айтайын бар ғой: дүние екi келмейдi. Сондықтан да тiрi күнiңде тәттi қыздардың шырынын сорып қалу керек, мына мен құсап.

- Ол жыртқыштың тұяғы iспеттi мұқыл саусағымен өз кеудесiн түртiп қойды. Содан соң қысық көзiн одан сайын сығырайта түсiп сөзiн аяқтады. – Жалғыз қыз ғана емес, өмiрдегi тәттiнiң бәрiнен өз үлесiңдi үзiп, жұлып, жұлмалап алып қалу керек! Мiне, мұны бiлетiн Ошақбаев ешқашан да опық жемейдi» [1,217-б.]. Бұл– Тұмажанның өмiр сүру философиясы. Осында диалогпен қатарластыра Ербол тарапынан берiлiп отырған Тұмажанның метафоралық сипаттағы кескiндемесi де оның табиғатын тереңiрек аша түсуге септiгiн тигiзген. Оның қимылдарын жыртқыш аңға-қасқырға ұқсату жазушы қиялының жүйрiктiгiн көрсетедi. Әрi кейiпкер сөзiнiң мазмұнына қарай бет-пiшiнiнiң мимикасын сәйкестендiру шеберлiгi де ұтымды. Адамгершiлiктен ада болған Тұмажанның бейнесi оқырманды бiрден өзiнен алыстатып, шама келсе оған ұқсамауға тырысатындай ой тудырады.



Ә.Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдарындағы» Ерболдың мына бiр диалогында: Үйлену оңай, үй болу қиын ғой, - деймiн мен белгiлi нақылдың белгiлi сөзiн қайталап, тағы да ақталып.

  • Сомадай жiгiт боп сөз айтып тұрсаң саған да бiреу тиер-ау. Тән де табыса беретi болар. Бiрақ, алдымен адамның жаны үйлесуi абзал ғой. Жаны үйлескен жандар ғана жақсы өмiр сүрiп, қызықты күндер кешпек. Ал жан жарасымы махаббат арқылы келмек. Махаббат – жас ғұмырдың жалынды жары. Жастыққа тән ерекше екi қасиет: ерлiк пен махаббат болса, бiрiншiсiнiң сынынан сүрiнбегенiм аян. Ендi екiншiсiнен де сүрiнбесем деймiн. Ол үшiн өзiм сүйген жанды ғана жар етуiм керек! Ол – Меңтай ғана… Бiрақ «батыл емессiң» дегенiң рас. Батыл болсам баяғыда, соғыста жүргенде, Сәлимаға: «Басқа ешкiмге барма, тек қана менi тос!»деп кесiп айтпайтын ба едiм. Батыл болсам баяғыда Меңтай: «өзiңiз айтыңызшы таста деңiзшi уәдеңдi-бұзып-ақ кетейiн деп толқып тұрғанда, «Таста! Бұз!» демейтiн бе едiм… Жарайды, ендi өйтпеймiн. Ертең қайтадан барамын да Меңтайға бiрден өзiмнiң оны әлi күнге дейiн сүйетiнiмдi айтамын! Содан соң оған: жарым бол!»деп тiкелей тiлек бiлдiремiн! Бiрден осылай деймiн!…[1,251-б.]. Бұдан Ербол жуас, момын деген ойда қалмауымыз керек. Соғыста батыр, еңбекте ер болған Ерболдың автор сезiм шынайылығын табиғи суреттейдi.

Бiрiн-бiрi сүйген қос ғашықтың арасына тiкенек болып кiрген Тұмажан секiлдi қара басының қамын ойлаған, тек қана өзiмнiң дегенiм болса дейтiн, басқа адамның жан дүниесiмен санаспайтын, көңiлiн кiр басқан көрсеқызар, қара ниеттi Тұмажан аңқау да аңғал жас сұлу Меңтайды қолға түсiрiп, өмiрiне ұмытылмастай етiп дақ салады. Осыдан Ербол екеуiнiң арасы бiраз уақыт үзiлiп қалады. Меңтайды шын жақсы көргендiктен, Ербол бiрнеше рет iздеп те келедi. Оны Ербол мен Меңтай арасындағы болған мына диалогтан байқаймыз.

  • «Мен сiздi ешқашанда көрмейтiн шығармын деп ойлаушы едiм, - дедi бiраз жүргеннен соң Меңтай.

  • Неге?

  • Бiлмеймiн…

  • Онда менi ойлаған екенсiң ғой?

  • Ойладым, көп ойладым. Сiз туралы ешқашанда ойламаймын деп өзiме-өзiм талай рет ант еттiм. Бiрақ соның артынша қалай ойлап кеткенiмдi өзiм де бiлмей қалып жүрдiм.

  • Ал мен сенi бiр күн де ойымнан шығарған жоқпын, Меңтай.

  • Сенемiн.

  • Тоғыз ай сенен аулақ болу менiң махаббатымды өсiрмесе, өшiрген жоқ. Мен сенi сол қалпыңда сүйемiн. Осыған сенесiң бе?

  • Сенемiн. Бiрақ…

  • Бiрақ дегенiң не? – дедiм сыбырлай үн қатып.

  • Бiрақ… – Меңтай ар жағын тағы да айтқысы келмегендей, ернiн тiстеледi де, тез босатып жiбердi. Қалпына келген томпақ ерiн тiстегенге запы болғандай, бiр дiр етiп барып, қайта ашылды.

  • Бiрақ менiң сақинам сынып, сабағым үзiлiп қалды ғой… – Меңтай тағы да ернiн тiстеледi. – Кейiн бетке шiркеу болар… – Меңтайдың тамағына тас кеп тығылғанын аңғардым. Жаным онымен қоса қиналып, не iстерiмдi бiлмей, қабағымды шытып, мен де ернiмдi тiстелей бердiм. Бiрақ ол лықып келiп қалған көз жасын тез тоқтатып сабырмен сөзiн аяқтады. – Жақсы жардан жан ауыртар сөз естiп отыру азап болар.

  • Жоқ, жоқ, - дедiм мен өз үнiме ие бола алмай қыстыға сөйлеп, – Мен сенi соғыстан келген күнi бiрiншi рет көрген күйiмде қабылдаймын. Сен сол күйiңдесiң, сол қалпыңдасың, Меңтай! Сенiң ештеңең өзгерген жоқ…» [1,254- б.].

Жақсы қыздың абырой белгiсi тәнiнде ғана емес, жанында болатынын, Меңтай бойындағы асыл белгi – оның ақылдылығы, адалдығы, арлылығы, жанының жiбектей жұмсақтығы деп түйген Ербол өз басына түскен қатал сынды жеңiп шығады. Оның адамгершiлiк өресi одан сайын биiктей түседi.

Ә.Нұршайықов кейiпкерлерiнiң iс-әрекеттерi ауыр сын сәттерде де, махаббат пен еңбекте де биiк адамгершiлiк өлшемдермен бағаланады. Романдағы Ербол мен Меңтай бейнелерi, олардың өзара қарым-қатынасының шыншылдығы оқырманға белгiлi дәрежеде ғибраттық үлгiге жаралғандай.

Жазушының бұл романы адамның iшкi жан-дүниесiнiң бар болмысын ашып көрсетуге арналған. Шығармада небары үш адамның тағдыры арқылы үлкен әлеуметтiк-қоғамдық адами күрделi проблемаларды тереңнен тартып қозғай бiлген. Жазушының психолгиялық талдауы әр түрлi тәсiлдермен iске асырылады. Кейде тура автордың толғануы сыңайында немесе кейiпкерлердiң сыртқы сөзi мен толғаныстары арқылы, сонымен бiрге, олардың қылықтары мен машықтарын тамаша бейнелеу арқылы да берiледi. Көркем шығарманың реалистiк қуатын арттыруда шығармадағы портреттер кейiпкерлердiң жеке адам ретiндегi табиғатын ғана емес, әлеуметтiк тұлға ретiндегi қыр-сырын да аңғартады. Шығармадағы кейiпкердi таныту үшiн қолданған мiнездеме, пейзаж, композиция құру, сюжет өрбiту ерекшелiгi монолог, диалог т.б. тәсiлдердiң барлығы, түптеп келгенде, автор стилiнiң ерекшелiгiн байқатады. Жазушы кейiпкерлерiнiң жан сезiмiн тереңнен, бар шындығымен ашып беру үшiн, оның өмiрiне қатысты тiкелей де, жанама да қатысы бар оқиғалары әр қырынан, көбiнесе контрасты қатынаста ашып отырады.

Көркем шығармаларда адам бейнесі, оның әр түрлі мінез-сипаты мен көңіл-күйінің суреттелуі әр дәуірде өз ерекшеліктерімен көрініп отырған. Соның ішінде тамырын үзбей қазірге дейін жырланып келе жатқаны – махаббат тақырыбы. Оның фольклор мұраларынан бастап, бүгінге дейінгі көлемді романдарға өзек болуы – махаббат, ғашықтық сарынның мәңгіге жеткен өміршеңдігін көрсетеді. Біздің талдауға өзек еткен көркем туындыларымыз да осы ғашықтық сарынның арқауының әлі де жалғаса беретінін дәлелдейді.

Әдебиеттер

1. Нұршайықов Ә. Махаббат, қызық мол жылдар. - Алматы, 2002.- 320 б.

2. Нұршайықов Ә. Автопортрет. - Алматы, 1977.-200 б
Қазақ басылымдарындағы әйелдер бейнесінің жасалу эволюциясы
(Тапанова С.Е., ф.ғ.д., профессор

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті)
Дүниедегі барша іс-қимылдар ең алдымен Аналардың ақ адал пейілінен, әз-махаббатынан бастау алады. Ана қуанышы, әйел бақыты – үйдің, отбасының, Отанның мерейі. Қазақ әйелі - әуелі от анасы: шаңырақтың иесін, ошақтың киесін қашырмай ұстап отыратын құт дарытушы: сосын ұрпағын ұлы іске баулитын ұстаздық тағылымы бар жан – бесік жырымен емізіп, ертегісімен еліктірген, аңызымен уыздандырған, батырлар жырымен ерлік рухын ұрпағының бойына сіңірген: одан кейін ері жоқта елін қорғайтын батыл да жүректі, жауға намысын таптатпаған, ошағының отын өшірмеу үшін күрескендер.

Қазақ жұртында әйел затын ерекше ардақ тұтатын салт-дәстүр бар. Қыз баланы аз күндiк қонақ ретiнде сыйлап, алтынның сынығы, шұғаның қиығы деп тақиясына үкi қадап, үлпiлдетiп өсiрген. Нәзiктiк пен сұлулықтың бастауы болған әйел затына ерекше құрметпен қараған қазақ халқының өткендегi тарихына үңiлсек, ел аузында аңыз боп тараған қажыр-жiгерi арқылы ел билеп, топқа түсiп, сөз сөйлеген әйелдерi де аз емес. Қызай, Қарашаш, Мұрын, Бәтей, Ұлдай, Енең т.б. әйел атымен аталатын ру аттары күнi бүгiнге дейiн мәлiм.

Қазақ әдебиетiндегi тапқыр, ақылымен ханды да жеңген қарапайым әйел Қарашаш, адал махаббатын ардақтаған, елiн қорғаушы батырға серiк болған Ақжүнiс, Назым, Құртқа, Гүлбаршын, бас бостандығына, теңдiкке талпынған Баян, Қыз Жiбек, Айман-Шолпан, Мамыр мен Еңлiк, Ғайша мен Шұғалардың бейнесі әдiлетсiз қоғамның құрбандығы болғанмен халық ойын, арманын баршаға аян еткен жарқын бейнелер едi.

Қазақ қоғамындағы әйелдің орны өткен ғасырлардың өзінде өзге мұсылман елдеріндегі ахуалмен салыстырғанда анағұрлым прогрессивті, жаңа тілмен айтсақ, демократиялық талаптарға жақын болғаны белгілі. Алайда, тарихтың желі теріс соғып, қазақ елі отарлық қамытына тап болған кезеңдерде қалың жұрттың, әсіресе, әйелдің тауқыметі көбейе түсті. Әйел теңсіздігіне қарсы күрес ұлт зиялыларының ұлы мақсаттарының бірі болатын.

Әйел тақырыбы, әйел бейнесі XVIII-XIX ғасырлардағы әдебиетте орын алғанмен үлкен әлеуметтік мәселе деңгейіне көтеріле алмады да, ақын-жазушылар әйел бейнесін жырларына қосқанда "жақсы қатын", "жаман қатын" сияқты дидактикалық сипаттағы сарындардан әрі асқан жоқ. XVIII ғасырдағы қазақ поэзиясының туындылары әйел мәселесін жеке тақырып етіп қозғамаса да, жаңа мазмұндағы әйелге сипат беру, жақсы, жаман әйелді салыстырып тәрбиелік мәнге назар аудару жағынан ауыз әдебиетімен және осыған дейін XV-XVIII ғасырларда ғұмыр кешкен Асанқайғы, Шалкиіз сияқты жыраулар толғауларымен сабақтас, ақыл, нақыл, ғибрат, өсиет түріндегі дидактикалық жырлар. Бұл ретте ауыз әдебиеті үлгісін ұстаған суырып салма ақын Шал Құлекеұлы өз өлеңдерінде ел өмірін, халық тұрмысын қамтумен бірге әділетсіздік, жүгенсіздік, парақорлық атаулыны сынай келіп, әйел бейнесіне де біршама назар аударған.

От басының берекелі болуын арман еткен Шал ақын адал достық пен кіршіксіз махаббатқа негізделген тату-тәтті үй-іші тұрмысын, бақытты тіршілігін аңсай келіп, адамның бар жақсылығы негізінен алғанда, оның ақылы мен көріп білген тәлім-тәрбиесінде болатындығын айтады да, бұл мәселеде үй-ішінің ажары да, сәні де, мәні де – дұрыс жар, яғни әйел таңдауға үлкен назар аудару қажеттігін баса айтады:

Әйел алсаң қарап ал ақылдысын,

Сол болар басқалардан жақын кісің.

Ағайынға, туысқа қайырылса,

Дүниеде нағыз сол ғой мақұл кісің [1,120-б.]

– деп, жар таңдау мәселесіне осылай ақыл-кеңес береді де, жақсы, жаман әйел арасын ашып, ұнамды, ұнамсыз әйелдердің бейнесін елестетеді:

Алғаның жақсы болса қара жердей,

...Алғаның жақсы болса қорғандай-ды,

Жаман болса қайтесің сормаңдайды

Атың жүйрік, алғаның жақсы болса

Астыңда жылжып жүрген жорғаңдай-ды, – деп жыраулық стилъмен бір толғап кеп, келесі бір жыр шумағында:


Жақсы әйел дәулетіңе жөн келтірер,

Әйелің долы болса күнде өлтірер [1,120-б.],

– деп екі түрлі әйел бейнесіне сипаттама жасап, өзіндік қорытынды жасайды. Жақсы, инабатты, адамгершілігі жоғары әйел бейнесі мен, ер жігіттің түбіне жетпей қоймайтын ұрысқақ, салақ, өсекші әйел, яғни "жаман әйел" бейнесі ақынның басқа өлеңдері мен толғауларында жиі кездеседі.

Жақсы және жаман әйел бейнесін көбірек жырланған Шал ақын шығармашылығы өзіне дейінгі және өзінен кейінгі ақындар туындыларымен тұтаса жалғасып жатыр. Екі түрлі кереғар мінезді әйелдер бейнесін жырлау қазақ поэзиясының желілі бір сарынын танытса керек.

XVIII ғасыр ақын-жырауларының шығармашылығы осылайша ауыз әдебиеті дейгейінен сәл биікке көтеріліп, бірте-бірте реалистік сипаттарға ие болды да, солардың арасында оқыған ақындар пайда болды, әйелдер бейнесін жырлау ұлттық жазба әдебиет дәрежесіне жетпегенімен бұл ретте біршама ілгерілеушілік байқалды. Алайда әйелдер бейнесін бейнелеу жағынан алғанда ақын-жыраулар поэзиясының көркемдік нақышы, бейнелілігі әлі бір қалыпты емес, жадағай болатын да, олар әйел бейнесін жырлауда үгіт, насихат, өсиет түріндегі дидактикалық сарынды баяндаулардан суреттеу дәрежесіне, жеке толыққанды образ жасау деңгейіне көтеріле алмады. Бұл ерекшелік ақын-жыраулар дәстүрін мұра қылып алған ХІХ ғасыр әдебиетіне тән болғанмен, әйел бейнесін жеке шығарма кейіпкері ретінде сомдамаса да, біршама ілгерілеушілік болды деп айтуға болады.

Бұл кезең әдебиетінде қарапайым бұқара халық көңіліндегі мұң мен зар, ыза мен кек, арман мен тілек бірнеше әлеуметтік тақырыпты қозғай алған көркем сөз арқылы кең өріс тапты да, ХІХ ғасырда өмір сүрген көрнекті ақындардың түгелі дерлік ел тілегінің жоқшысы, күрделі, қайшылықты кезең жыршысы болды, өз шығармаларында заманның шынайы келбетін, қайшылықты да көлеңкелі жақтарын таныта білді де, әйел мәселесіне, әйел бейнесіне де біршама зер салып, бұрынғы ақын-жыраулардай емес, тереңірек мән бере бастады.

Шығыс әдебиетінің білгірі, осы әдебиеттен көп үлгі-өнеге алған ескіше сауатты ақын Майлықожа Сұлтанқожаұлы өзінің мысал үлгісінде шығарған «Тотынама» толғауында әйел бейнесіне жете мән беріп, ақылды әйелдің ер жігітке ырыс болатындығы туралы дидактикалық-сарынды келтіреді де, еркекпін деп өркөкіректікке ұрынған, дандайсыған ақымақтық қылықтарды сынап, әйелді сыйлай білуді уағыздайды. Адамның бір-бірінен артықшылығы жынысында емес, әйелдің еркекке бергісіз данасы да болатындығы туралы ой қозғап, әйел атаулымен санасу керектігі жөнінде қазақ әдебиетінде алғаш рет өз үнін біддіреді.

Майлықожа басқа өлеңдерінде де әйел теңдігі мен қалың малға қызды беру салтына өз наразылығын білдіріп, «Алдаберген байға» деген арнау өлеңінде жасы жетпістен асқан шалдың жеке басының мүддесі үшін жас тоқал алып, әйелдерді қорлаған қылықтарын мазақ қылады.

Ақынның әйел туралы ойлары жалпы адамгершілік ниеттен туған. Соған қарамастан ақын әйел теңдігін жалпылама айтады да, әйелдің қоғамдық-әлеуметтік құқықтары туралы пікірін білдірмейді, әйелді отбасы, ошақ қасының берекесі, сүйген жар, жақсы әйел бейнесінде ғана түсіндіреді.

Ақындық өнерін қалың бұқара қамы үшін жұмсаған өткір тілді ақын Құлан Алдабергенұлы да өз шығармаларында әлеуметтік теңсіздіктерді әшкерелеп, қазақ ішіндегі әйелді қалың малға сату сияқты жағымсыз қылықты айыптайды, осы арқылы жеке әйел образын жасамаса да, әйел бейнесіне деген құштарлығын, махаббат сезімдерін білдіреді. «Әйелдер бар әртүрлі» – деп басталатын толғауында Құлан ақын жақсы әйелдің бейнесін жасайды: әйелдің үй-ішіндегі алар орнына жеке мән беріліп, адал жар, абзал ана болуымен қатар ер жігіттің ырысы ретінде мадақталады. Керісінше, осыған керағар «жаман әйел» бейнесін де даралап сомдайды. «Жаман әйел - шайпау сөз, қазық аяқ» – деп қорытынды жасай келе жастарды осындай тәрбиесіз қыздардан сақтандырады, өз теңін табуды насихаттайды.

Қазақ әдебиетінің XIX ғасырдың үшінші ширегіне дейінгі рухани өмірді жырлаудағы өзіндік бір ерекшелігі – оқшаулық, тұйықтық болса, мұның салқыны әйел бейнесін сомдау талпыныстарына да тиіп, әйел тендігі мәселесі үлкен әлеуметтік мәселе деңгейіне көтеріле алмады. Осы ғасырдың екінші жартысында қазақтың ескі өміріндегі жағымсыз әдеттердің құрбаны болған әйелдердің аянышты тағдырына жоқшы болып, кесапаттың тамырына балта шабар кездің таяу қалғанын халқымыздыц сол кездегі ірі ақыны Біржан сал Қожағұлұлы батыл жырлап, махаббат еркіндігін, әйел теңдігін тілге тиек етті, өзі өлең сайысына түскен Сарамен айтысында осындай асыл жанның бас азаттығын аңсап, оны Жиенқұл сияқты кемтарға қор қылмай, теңіне қосып күндіктен құтқаруды талап етті. Біржан сал осы атақты айтысында Сараны орынсыз даттап жеңуді мақсат етпей, өзінің азаттық идеясын, әйел теңдігі мәселесін батыл көтергенде, бұл ойларың қыздарға арнаған басқа өлеңдерінде де өрбіткен.

Қазақ ән өнері мен поэзиясында ерекше орны бар дарын иесі Ақан сері Қорамсаұлы да кіршіксіз махаббатты, әйел бейнесін жырлап, өзі сүйген, ұнатқан, қыздарға ғана емес, жалпы қазақ сұлуларына, қыз-келіншектеріне қырық шақты өлең арнаған. «Ақмарал», «Ашық жарға», «Сүйген қалқа», «Айжан қыз», «Базар қызға», «Қажы қызға» [2] және басқа өлеңдері сұлулықтың ұранындай естіліп, тамаша әйелдер бейнесін мүсіндеген махаббат лирикасының тамаша үлгілері болғанымен әйел бейнесі әсемдік символы, сұлулық белгісі ретінде әдемілік пен махаббаттың адал өрнектері сипатында ерекшеленеді. Ақан сері басқа шығармаларында әділетсіздік атаулыға қарсы шығып, үн көтергенімен, әйел бейнесін әлеуметтік теңсіздіктің құрбаны ретінде сомдай алған жоқ.

Қазақтың тұңғыш ғалымы, ағартушысы Шоқан Уәлиханов қазақ қыздарының теңсіздігін үлкен әлеуметтік мәселе деп танып, ол туралы батыл түрде өзінің пікірін білдірді. «Қазақта қыздарын тым жас кезінде және, көбінесе, олардың ықтиярынсыз күйеуге беру сияқты сөлекет әдет бар» [3] екендігін айта отырып, осы іске ел басқарушылар, патша әкімдері араласып, белгілі бір заң шығарса, жасы жетпеген ұлдар мен қыздарды дін жолымен зорлап қосуға тиым салынса деген пікірлерін білдіреді. Бұл – сол кездегі қоғамдық құбылыстың сырын түсінген батыл ой.

Шоқан пікірін Ыбырай Алтынсарин жаңғырта, жаңарта түсті. Ол қазақ топырағында қазақ қыздары үшін арнаулы оқу орнын ашып, игі істің бастамасын жасады. Олар өнер-білімге жетелесе, өз бас бостандығын өз қамтамасыз етеді деген ағартушы-демократтың идеясын басым ұстады. Өзінің «Орынбор ведомствосы қазақтарының құда түсу, қыз ұзату және той жасау дәстүрлерінің очеркі» [4] деген еңбегінде қазақтың ескі әдет-ғұрпына батыл наразылық білдіреді.

Қазақ әдебиетінде әйел тақырыбын ұлы ойшыл ақын Абай бұрын болмаған дәрежеде дамытып, әйел бейнесін сомдауда үлкен төңкеріс жасады. Әйел тендігі тақырыбы Абай өлеңдерінде кең қамтылып, жалпы адамгершілік идеясымен қабысты. Ол қазақ қызының теңсіздікті басынан кешіріп, теңіне қосыла алмай келген ауыр халіне күйінішін білдіріп, осыған наразылық белгісі ретінде аянышты сезімге толы өлеңдерін арнады. «Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында» – деп басталатын өлеңінде ескі салт бойынша қалың малға қартаң жастағы ханға тоқалдыққа беріліп, жас өмірі қор болған қазақ қызының аянышты халін суреттейді. Қанша байлық пен сән-салтанатта жүрсе де, хан сыйлаған алтын-күміс алқаға алданбай, өз ары мен намысын жоғары ұстаған қыздың әділетсіздік пен зорлық атаулыға наразылығын жақтап, қорлықта жүргеннен гөрі өлгенді жөн көрген қыз шешімін қолдайды:

Етімді шал сипаған құрт жесін де,

Жартастан қыз құлапты терең суға [5,251-б.] – деп өлеңнің бас жағында қыз тағдырынан хабардар етеді де:

Сән-салтанат жұбатпас жас жүректі,

Кім де болса тұрғысын көксемект-ті [5,251-б.], – деп «тең-теңімен» деген мәтелдің шын мағынасындағы мәніне назар аударып, махаббат бостандығын биік ту етеді. «Масғұт» поэмасында да әйелді қоғамның тең мүшесі ретінде қарап, оның ана, ақылшы, жанашыр, сүйген жар, үй-ішінің ұйытқысы ретіндегі ролін жете түсіндіреді. Әйелді адам ретінде жоғары бағалап, гуманистік ойын танытады.

Әйел бейнесін сомдауда, оның өмірдегі орнын бағалауда Абай өзіне дейінгі ақындардан шеберлігін асырып, әйел тақырыбы оның поэзиясының басты өзегіне айналды. Абайға дейінгі ақындардың махаббат шығармалары қыздың сыртқы сұлулығын мүсіндеуден аспайтын да, қыз бейнесін оны сүйген жігіттің нысаны ретінде сүрең қалыпта кейіптелетін. Ал Абай поэзиясында әйел бейнесі сүйе, күйе білетін кейіпте ғана емес, өз бойын құрсаған сезім – туралы сыр ақтара алатын жанды кейіпте бейнеленді. Абай қазақ қызының шынайы бейнесін жасады. Оның қиялынан туған қыз бейнесі бұрынғы аңыздар сомдаған шығыс поэзиясына тән хор сұлуы емес, ұлы ақынның шебер қаламынанқиылып жасалған нағыз дала мінезді, әдемі де биязы мінезді, қазақы қалыптағы сұлу тұлғасымен мұндалады.

Абайдың ақын шәкірттері мен оның әдеби дәстүрін жалғастырушы ақын-жазушылар ұлы ақынның әйел тендігі мәселесіндегі адамгершілік қағидаларын насихаттап, өз шығармаларында әйел бейнесін жасауда Абай сомдаған әйел бейнесін ілгері дамытты, жаңа әдебиет мұраттарымен сабақтастырды, қазақ әдебиетінің жаңа сапалық биікке көтерілуіне, жаңғыруына ерекше үлес қосты. XIX ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген ақындардың әйел тақырыбындағы өлеңдері ағартушылық сипатта болса, XX ғасыр басындағы әдебиеттегі әйел теңдігі үшін күрес әуені басты сарындардың біріне айналып, әйел бейнесі прозалық шығармалардың негізгі кейіпкері болды.

Әйел тағдыры, теңсіздікті бастан кешкен әйел бейнесі барлық қаламгерді тебірентті де Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев әйел тағдырын шешуге дұрыс жауап тауып, әдебиеттегі қазақ әйелінің образын жан-жақты жасаумен қатар білімге, өнерге үндеу идеясын жүзеге асырды. Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сұлтанмахмұт Торайғыровтар қазақ қызының теңсіздікте мұң кешіп отырғанын бейнелеп, оларды өздерінің бас бостандығы үшін күреске шақырса, Сәбит Дөнентаев қалың малдың құлы болған әкенің қаталдығы мен мейрімсіздігін аяусыз әшкереледі.


Ақын поэзиясында әйел бейнесі тотыдай таранып, гүлдей құлпырып өсіп келе жатқанымен ертеңі мешеу, келешегі күңгірт жан ретінде қалың малға ұзатылған мұңды тағдырына араша түсіп, құтқарушысын күткен қапастағы әлеуметтік тұтқын енді бұдан былай еркіндік алған еркін бойжеткен бейнесінде беріледі. «Жәмила қыз» – әйелі өлген шалға мал үшін құрбан болып, ұзатылған қыз зарына толы өлең болса, «Әйелдер мейрамына» – қазақ әйелінің кешегі қараңғылық құрсауындағы тірлігі мен одан кейін бостандыққа қол жеткен күнін салыстыра жырлаған мадақ іспетті шығарма.

Сәбит Дөнентаев өлеңдерінде қазақ әйелінің қараңғылық тұмшалаған ескілік кезден теңдік алған ерікті күндеріне дейінгі эволюциясы айқын көрінеді. Соған орай, әйел бейнесін жасаудағы ақындық шеберлік те сезіледі: алғашқы «Көркем қызға», «Жәмила қыз» сияқты өлеңдерінде сесті қара бояу немесе ырғақ, ал соңғы «Ерікті Айша» сияқты өлеңдерінде еркіндік қуанышы шаттық ырғағы көрініс береді. Әлеуметтік теңсіздіктің түйінді бір мәселесі – әйел теңсіздігін ақын осылайша өз шығармашылығының үзілмес такырыбына айналдырды. Қазақ әйелінің бейнесі шығармадағы басты кейіпкерге айналып, әйел теңдігі тақырыбының әдебиетте негізгі идея болғаны соншалық, дәуір шындығын терең де жан-жақты суреттеген реалистік туындылар – Міржақып Дулатов қаламынан шыққан «Бақытсыз Жамал» атты тұңғыш қазақ романы, оған іле-шала туған Спандияр Көбеевтің «Қалың мал», Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу» романдары осы мәселеге байланысты жазылды. Сайып келгенде, бұл романдарда сол кездегі шындық тұрғысынан қазақ әйелінің біртұтас бейнесі жасалып, әлеуметтік теңсіздік мәселесі айқын көрсетілді.

Ғасыр бойындағы әдебиет хронологиялық жағынан тым шектеулі болғанымен осы жиырма жылдағы әдеби дамудың толқынды күші бірнеше ғасырлар пешенесіне лайық десек қателеспейміз. Бұрын қазақ әдебиеті тек өлең-жыр болып келетін поэзиялық әдебиет болса, XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетінде жаңа жанрлар туып, біршама прозалық шығармалар, алғашқы романдар мен повестер жазылды, ақын, жазушылар саны күрт көбейіп, қазақтың жаңа құрыла бастаған алдыңғы қатарлы қауымы – жас зиялы қауымының қалыптасуына жол салды. Мұның өзі XX ғасыр басындағы әдебиеттің кәсіптік жағынан да, сан, сапа жағынан да едәуір өсіп, кәсіби әдебиетке айнала бастағандығын байқатты.
Әдебиеттер

1.Бес ғасыр жырлайды. 2 томдық. - Алматы. 1989.- 348 б.

2. Ысмағұлов Ж. Абай: ақындық тағылымы. – Алматы. 1994. -280 б.

3. Ысмайлов Е Біржан сал Қожағұлұлы - Алматы. 1967. – 1975 б..

4. Ақан сері. Шығармалары. Алматы. 1963. – 141 б.

5.Абай (Ибрагим Құнанбаев). Өлеңдер, поэмалар, аудармалар мен қара сөздер. – Алматы: Жібек жолы, 2005. – 448 б.




Каталог: bitstream -> handle -> data
data -> Шындалиева М. Б
data -> Бейсенбай Кенжебаев алаш туы астында (мақалалар мен зерттеулер)
data -> М. Б. Шындалиева Филология ғылымдарының докторы, профессор
data -> Олжабай Нұралыұлының шығармашылық мұрасы хаһында
data -> Оқулық Астана, 2012 Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі
data -> Қазақ очеркі
data -> Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия
data -> -
data -> МЕҢдігүл шындалиева қазақ очеркінің поэтикасы (монография)
data -> МЕҢдігүл бұрханқызы шындалиева уақыт және суреткерлік шеберлік: жанрлар поэтикасы


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет