«Ең үздік ғылыми жоба-2014» байқауы (7-9 сыныптар арасында) Ел мұратын жырлаған- сартай ақын Орындаған: Наукенова Айнұр Нұрланқызы



бет1/3
Дата05.11.2016
өлшемі1,2 Mb.
#981
  1   2   3
Теректі аудандық білім беру бөлімі

Подстепный қазақ жалпы орта білім беретін мектебі

« Ең үздік ғылыми жоба-2014» байқауы

(7-9 сыныптар арасында)
Ел мұратын жырлаған- Сартай ақын

Орындаған: Наукенова Айнұр Нұрланқызы

7-сынып оқушысы

Жетекшісі: Сембі Жансая Хасанқызы

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің

жоғары санатты мұғалімі

Подстепное ауылы, 2014 жыл

БҚО Теректі ауданы Подстепный қазақ жалпы орта білім беретін мектебінің 7-сынып оқушысы Наукенова Айнұр Нұрланқызының «Ел мұратын жырлаған - Сартай ақын » тақырыбындағы ғылыми-зерттеу жұмысына

Кеңесшінің пікірі

Қазақ тарихында есімдері елге танымал Сартай атты адамдар өмір сүрген. Бірі оңтүстікте батырлығымен танылған болса, бірі батыс өңірінде ақындығымен танылған.

Оқушы зерттеуіндегі Сартай Көшкіншіұлы - Батыс Қазақстан Облысының Қаратөбе ауданындағы, Батпақкөл елді-мекеніне қарасты Үшана ауылында дүниеге келген – ақын. Сартай Көшкіншіұлы - жыршы-термеші, елдің мұңын жырлаған ел аузында термелері қалған тарихи тұлға. Қазіргі кезде Сартай туралы зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді.

Алайда бұл ғылыми жұмыс - оқушының өзіндік ізденісінің нәтижесінде дүниеге келген еңбек.

Жетістіктері : оқушы Сартай Көшкіншіұлының туған жерінде болып, немересі Күләшпен кездесіп тың мәліметтер жинап, сұхбатын сәтін бейнетаспаға түсіруі.

Зерттеу жазбасында бұрын жарияланбаған суреттер пайдаланды

Зерттеу жұмысын жүргізу барысында тақырып аясында слайдтар құрастырып, әр қилы мәліметтерді суретке түсірген.

Қорыта айтқанда, оқушының ғылыми жұмысын жоғары бағалаймын.




Ғылыми кеңесші:

Қазақ тілі мен әдебиеті

пәніңің жоғары санатты

мұғалімі: А.С. Құбаева

БҚО Теректі ауданы Подстепный қазақ жалпы орта білім беретін мектебінің 7-сынып оқушысы Наукенова Айнұр Нұрланқызының «Ел мұратын жырлаған - Сартай ақын » тақырыбындағы ғылыми-зерттеу жұмысына

Жетекшінің пікірі

 Қазақ халқы - рухани  дүниеге, қазынаға бай халық. Оның қай түрін алсақ та, тәлім-тәрбиесі мол, ұрпақтан-ұрпаққа қалдырған өсиеті ерекше. Сонау ықылым заманнан, сан ғасырлар бойы халықтың өзімен бірге жасасып, ерекшеленіп, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан ауыз әдебиетінің бай саласының бірі - жыраулар поэзиясы. Жыраулар поэзиясының зерттелмеген жақтары өте көп. Сондай мақамы ел ауызында сақталған өмірі көміскі жыраудың бірі – Сартай ақын.

Сартай ақын туралы басылым беттерінде сарғайған парақтардан көшірілген мәліметтерді жинақтай отырып, оқушы дерек жинаушылар мен ұрпақтарының мәліметтерін қоса отырып, жақсы мәліметтер жинақталды. Бұл ғылыми жоба ұрпақ игілігіне қызмет етеді деген сенімдемін.

Ғылыми жетекші:

Қазақ тілі мен әдебиеті

пәніңің жоғары санатты

мұғалімі: Ж.Х. Сембі

0

Мазмұны


Кіріспе............................................................................................ 2

1 Ізденіс жолы

1.1 Сартай Көшкінұлы -жырау .................................................4

1.2 Тар заман......................................................................................5

2 Зертеушілер еңбектерінде

2.1 Қайыржан Хасановтың зерттеу деректерінен..........................9

2.2 Жүсіпқалиұлы Аман жинаған деректерінен...........................11

2.3 Мерғали Жұбандықовтың айтқандары....................................12

2.4 Нұртас Набиоллаұлының («Орал өңірі» тілшісі)

жазбаларынан............................................................................14

3 Ақын ұрпақтары

3.1 Сартайдың ұрпақтары туралы дерек көздері..........................17

3.2 Жауынгер ақын (Құбайыс Қаратаев туралы сыр)..................18

3.3 Сартай немересі Күләш Қаратаеваның өлеңі).........................19

3.4 Сартай ұрпағынан қалған жәдігер

(Соғыстан қайтқан домбыра)..........................................................20



Қорытынды......................................................................................23

Пайдаланған әдебиеттер тізімі....................................................24


Кіріспе

Неге керек жігітке

Айт дегенде бұлданған.

Мінезім емес құлданған

Әр жерде жүйрік бар шығар

Алқаға түсіп жүлде алған

Томағамды ал да, топқа сал

Бәйгемді алмай құр қалман.


Бұл – жай оқығанда-ақ мақам тіленіп тұратын Қаратөбе өңірінде өткен атақты жырау, арқалы ақын Сартайдың термесі. « Сартайдың термесі» мақамы жағынан батыстың өзге ән-жырларынан өзіне ғана тән ерекше екпінімен дараланып, жезтаңдай әнші Ғарифолла Құрманға-лиевтің орындауында жұртшылыққа кең тарады. Әйтсе де, әлі күнге дейін сөзі тыңдалғанмен, өзі көпшілікке беймәлім болып келген жыраудың өмір дерегіне үңілу аса қызық.

Сартай ақын заманында өте белгілі болған. Тіпті жыраудың « Тар заман» толғауы Ұлы Отан соғысына дейінгі және кейінгі жылдарда мектептің қазақ әдебиеті оқулығына енгізілген. Өкінішке орай, бүгінгі таңда Сартай туралы жазылған дерек жоқтың қасы. Тек өлкетанушы, жазушы, журналист Қайыржан Хасановтың және Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті, әнші Серік Әбдірахмановтың еңбектерінен кейбір мәліметтерді кездестіруге болады.

Қаратөбе топырағы көптеген өнер адамдарын өмірге әкелген. Мұхит, Ғарифолла, Ескендірлерді ел біледі, өнерлерін қадірлейді. Ал Сартай ақынды білетіндер сирек кездеседі.

Сонымен Сартай ақын деген кім? Осы сауалға өзімнің ізденісім бойынша жауап беріп көрейін.

Сартай осы Қаратөбе өңірінде өмірге келген. "Сартай термесі", "Сартай сазы" деген ән, термелері күні бүгінге дейін сахналарда орындалып жүр.

Сартай Көшкіншіұлы Қаратөбе ауданының Батбақкөл ауылына қарасты Үшана өңірінде дүниеге келген. Ол ақын, термеші және жыршы. Оның 1916 жылғы ұлт - азаттық көтерілісті жырлаған "Тар заман" атты толғауы Қазақстан ҮҒА-ның қолжазбалар қорында сақтаулы. Сондай-ақ "Сартайдың термесі", "Тойбастар",т.б. өлең- термелері ел ішінде кең тараған Үшана ауылының маңындағы "Бәймен" қорымына жерленген.

Сартай бабамыздың еңбектері туралы "Батыс Қазақстан облысының энциклопедиясында"жарияланған.

Ғылыми жұмыстың мақсаты:

Мақамы ел аузында, әйтсе де өмірі көмескі тартқан жерлес ақын- жырау Сартай өмірін басылым беттерінде әр жылдары жарық көрген материалдарды пайдалана отырып және ақын ұрпағы мен кейбір дерек жинаушылармен кездескен кездегі деректерді келтіре көпшілікке жеткізу.

Сартай шығармаларын жыраулар поэзиясының жинағынаенгізуге ықпал ету.


  1. Ізденіс жолында


Сартай Көшкіншіұлы жырау
Ақын-жыршы. Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Батпақкөл ауылында дүниеге келген. Алпамса денелі, ақсары, мұртты адам болған. Қасына әнші-ақындарды ертіп жүрген. Руы Он екі ата Байұлы, Алаша-Шотқара-Жәрімбет. 1862 жылы туған.1922 жылы қайтыс болған.

Сартай ақын қоңыр үнді домбырасын қағып-қағып жіберіп өзіне тән сазды мақамынына салып, тыңдаушы жұртшылыққа өзін:

Менің атым Сартай,

Сөйлесем сөзім сары май.

Қылпылдатып сөйлейін,

Қысырдың емген тайындай.

Жылпылдатып сөйлейін,

Жіліктің аққан майындай.

Ауабасы Қарасай

Алты Алашқа белгілі,

Кішкенемнен біздің жай. - деп толғап, таныстырады екен.

1916 жылғы халық көтерілісін жырлаған ақын. «Тар заман», «Сартайдың термесі», «Той бастар», т.б. өлең-толғаулары қалған. Сартай Көшкіншіұлы туралы белгілі ақын-жыршы Құбайыс Қаратаев былай деп таныстырады:

Заманында бұл адам,

Белгілі болған халыққа.

Өтірік емес, анық та.

Өзі надан, тіл жүйрік,

Қараңғы болған қалыпта.

Шу дегенде, іркіліп,

Тарықпа, тілім, тарықпа.

Сөйлейтұғын кезінде,

Жалықпа, жайна, жалықпа.

Алтын сөзін ақынның

Жазып бердім халыққа.

Аса артық дерегі,

Болмаса да тарихта.

Жүйткітіп жүйрік қиялды,

Шарықта, көңілім, шарықта.

Талай жыр саған жіберем,

Шығарам десең жарыққа.
ТАР ЗАМАН

Қазақ даласын дүбірлеткен 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс Қаратөбе өңірін де дүр сілкіндірген тарихи оқиға болды. Езілген халық өзінің азаматтық ар-намысын қорғау үшін екі жақты қанауға ұшыратқан ұлттық-әлеуметтік езушілікке қарсы бас көтерді. Қаратөбе өңіріндегі Соналы болысының бір топ жігіттері алаша-аталық-байғабыл Сенғали Дауешов ұйымдастырған көтеріліске қосылып, бас көтерді. Мақсаты – патша үкіметінің 1916 жылғы 25 маусымдағы «Бұратана елден қара жұмысқа адам алу туралы» жарлығына байланысты Соналы болысы бойынша жасақталған тізімді жойып, жігіттерді майдандағы қара жұмысқа жібермеу. Соналы өңіріндегі тар заман кезінде болған осы оқиға зауалын көзімен көрген ақын Сартайды да ойландырып, толғантса керек.

1916 жылғы көтерілісте – патшаның бұйрығы бойынша қазақ халқынан окоп қазуға жігіт алғаны, патшаның қысымдағы жайлы қазақтың бас асаулығына жазылған өлең.

 


Сұмырай заман, сұм заман,

Жасаң емес, қу заман,

Қу заманның белгісі

Мықтыға осал құл заман.

Патша қылды зорлықты,

Малдан алып салғыртты,

Бастан алып солдатты,

Атаңа нәлет, ит-жауым,

Қазаққа мәнісін білдірмей,

Ор қояндай жымдаған.

Талайыма тап болып,

Таңдап алып падыша,

Көзін жұмған елдегі,

Тұнжыраған мырзадан.

Падышаның қол асты

Губерния, уезд, начальник

Приемға шақырып,

Еріксіз елді жинаған.

Көрмегенін көрсетіп,

Қазақ халқын қинаған.

Қорлыққа асқан көне алмай,

Бір-біріне қисық қараған.

Ұрыспақ болып патшамен,

Топ жиналып шыңдаған.

Халық билерге сене алмай,

Сыртынан ептеп тыңдаған.

Балалардың ата-анасы,

Туысқан іні-ағасы,

Ұйықтаймын десе ұйқы жоқ,

Күлейін десе күлкі жоқ –

Төсекте ұйықтай тынбаған.

Әлпештеген шырақты

Беруге көзі қимаған.

Мәніс жайын қалдырмай

Заманына тап болып,

Ақын Сартай жырлаған.

Біздің қазақ бос қалған,

Өнер менен айладан,

Басына қылар пайдадан.

Ақылымыз алынған,

Азуымыз шалынған.

Кеткенді қалған қия алмай,

Зығырданы қайнаған,

Көзінің жасы парлаған.

Бидің тауып пайдасын,

Басының қылып айласын,

Бір қатары жігіттің,

Отлучка болып бармаған.

Уысынан шашылып,

Ризық қуып айдаған.

Бір парасы бес мың сом,

Кедейлерді жалдаған

Сомасы көп малды адам.

Бай өткен судан өте алмай,

Бала артынан жете алмай,

Тарығып қайтты жарлы адам.

Жарлы байғұс не қылсын,

Баласы қолда тұрғанда,

Киім, тамақ қылуға,

Баласын байға жалдаған.

Жалдайын десе бала жоқ,

Күн көрерлік шара жоқ,

Бала артына кемпір-шал,

Тынымсыз күнде зарлаған.

Түрлі өзгеге түсіндік,

Әуелі білмей ісіндік.

Алып қал деп жанымды,

Аяма деп малымды,

Атқа мінген адамды,

Шақырып үйге түсірдік.

Түсірісіп болған соң,

Бал татыған бағлан мен

Сапырылулы сары қымыз,

Қызыл шәйді ішірдік.

Құрмет етіп болған соң,

Қайта-қайта тапсырып,

Сөздің артын пісірдік.

Пісулі сөзді айтқанмен,

Ойдағымыз бола алмай,

Бірден-бірге кішірдік.

Бір қатары жігіттің,

Ісіріп алды тамағын.

Асын ішіп жайланып,

Жей алмады тамағын.

Елді аяр түрі жоқ,

Старшын менен болыстың

Байқап едік қабағын.

Заманым солай болған соң,

Балаларды алып барып,

Жағасына Жайықтың,

Бір тас үйге қамадым.

Кезек-кезек шақырды,

Үрейі ұшты ішінен,

Ылжыраған баланың.

Кейінде қалған ата-ана,

Көрмей көңілі тынар ма

Шырағым менен қарағын.

Қара үйлі қазақ баласы,

Әуелді баста-ақ алдырған,

Қару менен жарағын.

Санаулы кетті сансыз қол,

Тауға өрлеген талабың.

Сапарланып жол тарттың,

Қайырлы болсын қадамың.

Жаудың түбі ұрыстан,

Біздің патша Алманмен,

Екі жыл жарым ұрысқан.

Екеуі де зор патша,

Қырылғанға қарамай,

Табаны аумай тұрысқан.

Әбіл, Қабыл туғаннан,

Шежіреде жоқ екен

Тынымсыз бүйтіп қырысқан.

Зарқұм менен Салсалда,

Жәнәбіл мен Қайсарда

Пайғамбармен соғысып,

Екі жыл жарым болғансын,

Татуласып ол да жуысқан.

Осы соғыс – зар соғыс,

Падишаның қол асты,

Орыс, қазақ, өзбек, сарт,

Естек, ноғай, түрікпен,

Көмектен бірі қалған жоқ.

Түсіндірді қазаққа

Қызыметің – окоп деп.

Окоп деген сөзіне

Біздің қазақ нанған жоқ.

Өнерсіз өскен ел едік,

Өнерсіз демей не делік –

Артатұғын түйеге,

Туатұғын биеге,

Қойды мыңнан қоздатып,

Інгенді жүзден боздатып,

Сиырлары бұзаулап,

Бозбалалар қыз аулап,

Есепсіз өскен көп малға

Арылмайтын кең едік.

Қазы менен қартаны

Жал-жаясы аралас,

Кіршіксіз кербез әйелге

Ақ малтаны шайдырып,

Ас тәттісін жеп едік.

Уайымнан бос тұрсақ,

Еңсеге келген қонаққа

Тарылмайтын төр едік.

Қолдан келер қайрат жоқ,

Жау айбынар айбат жоқ,

Балалардың артынан

Дұғашы болып бет сипап,

Тілектес болсақ деп едік.

Біздің қазақ баласы,

Қолдан кетті күштері.

Жетер жерде қия алмай

Екі көзі жаудырап,

Елжіреп кетті іштері.

Жүрген шығар шырақтар,

Сары сазандай тізіліп,

Сұңқардай көзі сүзіліп;

Ел іші еске түскенде,

Көңілдері бұзылып.

Үзілмесін күдерің,

Жасымасын жігерің.

Кім біледі үзбесін

Аяқтағы шідерін.

Жақсы мен жаман арасы

Екі көш жарым үдерін.

Балалар еске түскенде,

Дүрсілдейді жүрегім.

Жүрегіміз қуанар

Падишалар тез құрып,

Ұзатпай алыс сүрөгін.

Көргеннің көзі көл болды,

Көздің жасы сел болды.

Достысы түгіл балалардың

Көрмегенсін біреуін,

Қауыстыр деп саламат,

Әр уақытта тіледім.

Қабыл болар тілегім,

Бұрынғы құлдық қалып тұр,

Күннен күнге жүдедім,

Жүдеген ердің бірі едім.

Суға салған сүйріктің

Астында қалған түбі едік.

Суырылып сүйрік, түп қалды,

Қала берді топтасып

О дедік те бұ дедік.

Суырылған сүйрік орыны

Қайтадан келіп орнықса,

Деп күні-түні тіледік.

Приемге барғанда

Біреуді біреу көре алмай,

Сондай болды қалыңдық.

Кетер жерде балдарға,

Бір-біріңе көз бол деп,

Баршасына жалындық.

Бір қатар біздей жиһанкез,

Жолдан алып қалам деп,

Текеге дейін барылдық.

Текеден тесік таба алмай,

Қош айтысып қолдасып,

Сол жерде екі жарылдық.

Қалған мен кеткен қоштасып,

Бір-біріне достасып

Арбаға мініп кете алмай,

Қашқынға қуып жете алмай,

Қала бердік тоқтасып.

Кеткен балдар, қайғырма,

Біріңнен бірің айрылма;

Мындағылар қаңғып жүр,

Сиыр бағып боқтасып.

Арба кетті зырқырап,

Шаңы қалды бұрқырап.

Пәтерге келіп шәй іштім,

Тамағымнан жүрмеді,

Ішкендей болдым керемді,

Балалар аман келгенше,

Елге сәлем бергенше,

Көзіммен анық көргенше ,–

Сөйлесем, көңілім бұзылып,

Жыл тәулікке келгенше,

Айта алмадым өлеңді.

Жаңалыққа сөз айттым,

Шығармадым өнерді.

Әр ауылдағы ерлердің

Көңілі толған шерлердің

Қайғысын сөзбен бөлерге.

Қайта-қайта хат келді,

Енші Алла, түзелді

Бір қатары елге келерде.

Қабыл болар тілегім,

Тез қуанар жүрегім.

Сүйінші, халқым, сүйінші,

Балдарың аман қауысар! –

Газеттерге басылған,

Тұс-тұсына шашылған

Осындай жақсы хабар бар.



 

2 Зертеушілер еңбектерінде
2.1 Қайыржан Хасановтың зерттеу деректерінен
Қаратөбе аудандық « Еңбек туы» газетінде редакторлық қызмет атқарғанымда, Алматы қаласына өз шаруасымен бара жатқан зейнеткер Мәрбан Бекмағанбетов ағамызға ҚР Ғылым Академиясының Орталық ғылыми кітапханасына, Әдебиет пен өнер институтына соға келуді

сондағы Сартай Көшкіншіұлының қысқаша өмірбаяны туралы мына деректі өзгертпей сол күйінде келтіріп отырмын:

« Кіші Жүз оның ішінде Байұлы Алаша-Шотқара деген ру болады. Патша заманында езілген, аз-ұсақ ұру болған. Кедей адам, өзінің ақындығы, тілінің жүйріктігімен қатарға ілескен адам.

Негізгі мекені: Күнбағыс Қазақстан, Қаратөбе ауданы, Батпақкөл ауылы болады. 1923 жылы дүниеден қайтыс болды. Бұл кісінің өмір тарихын толық түрде кейін жазып жіберермін. Қазір жол үстінде кетіп бара жатқасын асығыс жазып отырмын.

Осы Алматы қаласында менен де жақсы білетін ауылдан қызметкер адамдар бар, мүмкін солар арқылы Сартайдың өмір тарихын түгел алуыңызға болады. Қалғанын, басқа да өлең жинақтарын тағы да жіберермін, жүзеге асыру үшін.»

Өкінішке орай, бұл адамнан осы жолдардан басқа мәлімет түспеген және деректі келтірушінің кім екені беймәлім. Сартайдың өмір тарихын толық жазып беруге, өлең жинақтарын толықтырып тағы жіберуге берген уәделері не себептен екені белгісіз, әйтеуір орындалмаған.

Кәріқұлақ шежіреші Аманкелді Нұриденовтің сілтеуімен өлең – жырды, ескі әңгімелерді жақсы білетін қалдығайтылық Мұзайыр Бердіғалиев ағамен 2002 жылдың қараша айының 14-і күні Мұзаханның өз үйінде кездестік. Мұзайыр ағамыз (1930-2003ж.) көп жыл «Қалдығайты» кеңшарындағы шеберханада жұмыс жасапты. Ауыл молдасы болған. Естігендерін жадында жақсы ұстайтын зерек Мұзафар аға бізге Сартайдың Бәйменге жерленгенін, Кенжеғара Ақшолақ болысқа баласы Жәңгірдің өлімін естіртіп айтқан Сартай өлеңінің тарихын әңгімеледі. Мұзайыр айтқан әңгімені, естірту жырдың сазы мен мәтінін диктофонға сол бойда жазып алдым. Естірту жырының тарихы былай болған екен.

Көп жыл Соналы болысын билеген, «Ресей патшасының құрметті мирасқоры» атағын алған Мұқамеджан Сарғожин (1844-1916) ауыл-аймаққа Ақшолақ атымен белгілі болыпты. Осы кісі Орынбор қаласына Соналы болысынан алты баланы өз қаражатынан оқуға жібереді. Бір жылдан соң әлгі алты баланың үшеуі орысша жүрген оқу бағдарламасын меңгере алмай, ауылға қайтып келіпті. Ал оқуда қалған үшеудің біреуі ата-анасы еркелетіп Жәңке деп атайтын Ақшолақтың баласы екен. Оның азан шақырып қойған шын аты Жәңгір екен.

Жазғы демалысқа келе жатқанда Жәңке жолшыбай қатты ауырып, Теке қаласына келгенде қайтыс болып, ыссыда ауылға апаруға жарамай, оны Хан тоғайына жерлепті. Баласының өлімін Ақшолаққа барып естіртуге ешкімнің дәті бармаса керек.

Ақшолақ Сартай ақынды не ауылына шақыртып, не өзі барып, жыр-әнін тыңдап, оның өнерін қатты сыйлайды екен. Байғұтты-Шолаққамыс ауылының тұрғындары шотқара Сартай ақынға шұғыл хабар жеткізіп, Жәңкенің қазасын Ақшолаққа естіртуге өтініш жасапты. Сартай келіп, өлеңмен естірткенде, Ақшолақтың көзінен жас парлап, ізбасар баласының ойда-жоқта сырқаттанып қайтыс болғанына қатты қапаланып, « Өлген артынан өлмек жоқ. Тірі адам тіршілігін жасайды ғой. Ризамын, Сартай!» - деген.

2000 жылдың маусым айының 11-і күні менің қызметтік кабинетімде шежіреші Мәрбан Бекмағамбетов, өлкетанушы Тілек Сағынов, сазгер Әлеумет Мәмбетов, ақын Күләш Қаратаева апай бәріміз бас қосып, Сартай ақын жөнінде ой тербедік. Жергілікті « Дала дидары» телеарнасы осы кездесуді бейнетаспаға түсіріп, тележурналист Тәтті Өтеғалиева кезекті хабарында ақындар Сартай мен Құбайыс жайлы тың деректермен қаратөбеліктерді таныстырды.

Сартайұлы Райыстың айтуынша, Сартай 1922 жылы 60 жасында жайлауда отырғанда, пішендік кезінде көршиқан деген аурудан қайтыс болыпты. Қаншама қазақы ем жасаса да қонбапты. Ақынды Бәймен атасының қасына (қазір «Бәймен» деп аталатын қауым) арулап жерлепті. Қазір құлпытасы бар.




Жүсіпқалиұлы Аман жинаған деректерінен

(Айтушы Бердіғалиев Мұзайыр ақсақал, жазып алған Серік

Әбдірахманов.)
 

Ақшолақ болыс болып Соналыны билеп тұрған кезде ақындығымен танылған адам. Ақшолақ болыс кезінде Санкт-Петербургке осы өңірден алты жас өренді оқуға жіберген. Сол алтаудың үшеуі бір жылдан кейін оқуын үлгере алмай елге қайтып келген. Қалған үшеудің бірі Ақшолақтың баласы Жәңгір екен. Олар оқуын бітіріп елге ораламыз деп тұрғанда елге үшеуі де қайтыс болды деген хабар келеді. Осы хабарды Ақшолаққа бес-алты шалдар келіп естіртіп отырады. Ақшолақ сонда: «Ойпырмау, мұны енді анасына естіртпейсіңдер ме?» – дейді. Содан қарттар үндемей (амал таба алмай) отырып қалған уақытта Ақшолақ өзі айтқан екен. «Сендер Сартайды алып келіңдер, естіртсе тек Сартай ғана естірте алады», – дейді. Содан Сартайды алдыртып жағдайды түсіндіреді. Сартай келсе Ақшолақтың бәйбішесі міндетті түрде соның жырын тыңдайды екен. Яғни еркектерге қосылмай бөлек отыратын көрінеді. Жағдайды түсінген Сартай жырға басады.




Елден шықтым Текеге,

Тері-терсек апарып

Астық-сулық етерге.

Сапарланып жол тарттым,

Құдайы бақыт көтергей,

Үмітім артып жөнелдім

Базар күні жетерге.

Араластым бардым да

Топ ішінде нөкерге.

Көлден ұшқан үш сұңқар –

Көруге болды ел іңкәр.

Мұсылманның қауымы

Қиыншылық көп екен, –

Таба алмай жүрдім елден нәр

Көремін деп ойладым,

Көрем деуді қоймадың.

Тасадан көрмей тұр ма деп

Олай бұлай бойладым

Бойласам да болмады

Ойласам да болмады

Сонда тұрып шамдандым –

Айда бір де көрмесін,

Сәке деп сәлем бермесін,

Сол арада болжадым

Өлген қайтып келмесін!

Жәңке сынды жайсаңнан

Көрем деп барсам көлбеңдеп,

Кеткен екен келмең деп,

Елдегі айт ағаға –

Қайырып сәлем бермен деп.

Көрінбеді көзіме,

Сөз айтпады өзіме.

Аңсап барған әркімге

Көрсетпес білем жүзін-ай;

Көрінбесін білгесін

Қайттым күдер үзіп-ай.

Қайтып күдер үзбейін, –

Алдымнан шыққан Мырзаш жоқ,

Екі көзін сүзіп-ай.

Сүзіліп шыққан көз де жоқ,

Саңқылдап шыққан сөз де жоқ

Көңілді қайттым үзіп-ай.

Әр тарапқа зер салсам,

Топырақ жатыр томпайған,

Қу ағаш жатыр қаңқайған.

Әулие-жай ішінде

Нешелер мырза сонда екен 

Атқа мініп алшайған.

Қабаты қалың қара жер

Жүрегімді қайтарған.

Бергізбеді-ау бір жауап

Жақсы, сынды жайсаңнан.

Әлсірегенін білемін –

Елге сәлем айтпады-ау

Ел ақыны Сартайдан.

«Сәкелеп» қастан шықпайтын,

Өткен күннің бірі жоқ,

Келмесін содан байқаймын.

Азаң соғып астынан,

Қарағай басы қайқайған.

Қадірлі ағаш қайқайта,

Телегей теңіз шайқалған.

Шайқалмай теңіз не қылсын,

Кемеріне келгенде,

Болатын еді-ау майталман.

Екі күн жүріп сандалып,

Көре алмасын білгесін,

Жәңгір сол күн түсінде,

Елге сәлем айтты,

Қасірет-қайғы жеп айтты.

Қасіретінің басы сол,

«Жыламасын» -деп айтты.

Жұмаққа кірген аталар,

Ғилла берді үстіме,

Пырақ берді астыма.

Періштемен аралас,

Жарысып, сайран етеміз.

Пырақтар шабар аңқып-ай,

Хорлардың қызы таласып,

Біздерге қарап талпып-ай.

Біздерден сәлем айтыңыз:

Жаны ашыған ағаға,

Тәңсәріден оянған,

Тал бесікке таянған,

Ішінен шыққан анама.

Біздер үшін қамығып,

Шығармасын көзден жас,

Түсінсін мұның парқын-ай,



- деп Сартай естіртуін аяқтаған кезде

Ақшолақтың көзінен жас парлап отыр екен.


Мерғали Жұбандықовтың айтқандары

(Байторы Қабдеш ақсақал мынадай дерек айтқан екен:)
Көп жыл Үшана ауылында тұрған Мерғали Жұбандықов есімді қартпен 2008 жылдың наурыз айының аяғында Қаратөбеде кездескенімде, ол Сартай ақын жөнінде байторы Қабдеш деген қарттан естіп-білгендерін әңгімелеп еді. Қабдеш ақсақал жас кезінде Сартай ақынның делбешісі ретінде үнемі сапарлас болған екен.

Сартай жөнінде руы Байторы Қабдеш ақсақал мынадай дерек айтқан екен:

«Сартайдың үйі Төлендегі мешіттің қасында болды. Қазір үйінің жұрты жатыр. Сартай ұзын бойлы, сақал – мұртты, ат жақты адам болды. Қайда барса да, қоңыр мақпалдан тіккен қабы бар, қой шегінен жасаған қос шекті домбырасын қолынан тастамай, үнемі бірге алып жүретін еді», - дейді екен Қабдеш қарт.

Жас кезімде Сартай әншінің ат арбасын айдайтын делбешісі болып әншімен үнемі сапарлас болдым. Сартай салған ән-жырды жол үстінде де, барған ауылында да тыңдадым. Оның тереңнен шыққан құдық суындай тұнық та мөлдір қоңыр даусына, қазақтың бай, небір асыл теңеулерімен әдемілей салған әндерін, толғауларын жыр сүйер ауыл тұрғындарымен қосыла тыңдап, өнеріне риза болатынмын. Таңертең қосшы бала, ат арбаны жек, Княз жаққа барамыз дегесін осы ауылды бағыттап, жолға шығамыз. Атымызды қинамай, өз бабымен жүреміз. Біз барған ауыл адамдары ақын келген үйдің қасына жиналып, оның айтар әнін, толғайтын жырын асыға күтеді. Сүт пісірім уақытта олар Сартай түскен үйге кіріп, барлығы үй ішіне  жағалай отыратын. Әншіге шөлін басуға, жолсоқты болып шаршап келді дей ме, кім білсін, сәл тынығып алуына мүмкіндік беретін. Жыршы ауқаттанып, шәйін ішіп алғаннан кейін домбырасын күйге келтіріп, үстіндегі шапанын шешіп, алдына жайып, аламан бәйгеге түсер тұлпардай даярланып, ащы тері алынғанша әуелі түрікпен жырымен бастап, тыңдаушысының назарын өзіне аударып алатын. Толғап-толғап, әбден бабына келген жыршы айтқан жырын бар ынтасымен тыңдап отырған ауыл адамдарын шетінен небір асыл сөздермен сыйпаттап мақтай жөнелетін. Мақтаулы сөзді естіген атқамінерлер, байлар, ауыл белсенділері, жаюлы тұрған шапанға алып келген шәй-пұлын салады. Бұл көріністерді жыршы тамақ асыраудың «әдістері» емес, өзінің өнеріне тыңдаушының берген бағасы, ыстық ықыласы деп қабылдайтын. Сол уақытта өнер адамына деген қошемет, ынталандыру осылай жүрсе керек. Айтқан ән-жырын тыңдаушысы марғаулау қабылдаса, Сартай да самарқауланып, кеңінен көсілмей, айтып отырған жырын тез бітіретін. Тыңдаушылар «қиқулап» отырса, жыршы да маңдайдан аққан терін сүртер сәт таппай, ұзаққа шапқан тұлпардай бауырын жаза түсетін еді. Сартай ән-жыр айта отырып, айналасын көзімен шолып, тыңдаушысының көңіл-күйін, сол сәттегі ахуалын байқайтын еді. Осылай ел аралап, ән салып, жыр жырлап өнерімен ауыл-аймаққа танымал болды. Оның өзіндік мақамы, сөз саптауы қаратөбелік өзге әнші-жыршылардан бөлек, тыңдаушысының құлағына жағымды келетін. Айтқан әні мен толғауы күнделікті өмірдегі тыныс-тіршіліктен туындайтын еді. Бұл Сартайдың суырып салма ақындығын, ал өзіндік сазы – халық сазгері екендігін, орындауы – әнші-жыршылығын дәлелдейді.


2.4 Нұртас Набиоллаұлының («Орал өңірі» тілшісі) жазбаларынан

Сартайға ақындық өнердің қо­нуы жайында Қаратөбенің ба­йыр­ғы тұрғындарының, ақын ұрпақтарының арасында түрлі әңгімелер айтылады. Бұл жа­йын­да Сартайдың немересі Ерген Сартаев былайша әңгімеледі.

- Әкемнің айтуынша, ол кезде қозы көгендеп, қой сауады екен. Қозы қайтаруға кеткен 6-7 жасар Сартай жоғалып кетеді. Айналада құдық не жыра жоқ, тегіс дала. Ел болып екі күн іздеп, таба алмайды. Үлкендер «баланы жын-пері көтеріп кетті» деп топшылайды. Үшінші күн дегенде Тайпақ бетінен келе жатқан бір жолаушы қыстан қалған шөмеле шөптің үстінде талықсып жатқан баланы көріп, ауылға алып келеді. Бала тірі болғанмен, көзін ашпайды. Сонда көзі қарақты бір үлкен кісі «Мынау тегін бала емес, бірдеңе байлап жатыр мұны. Дені сау, ештеңе қаққан жоқ. Оянғанда бірдеңе айтар, не деп оянар екен, сұрағанын тауып бере алар ма екенбіз» дейді. Бірер сағаттан кейін бала тұрып, бұрынғыдай емес, тілі бұралып, түсініксіз сөйлей бастайды. Сонда алғашқы сөзі «Домбыра» деп шыққан екен. Сөйтіп, 6-7 жасынан ақындықты Алла беріпті оған. Кейін үлкендер «Далаға қалай кетіп қалдың, не көрдің, біреу апарды ма?» деп сұрағанда Сартай: «Бір қара құс келді» деген екен. Басқа ештеңе білмепті. Сартайдың әкесінде, аталарында ақындық болмаған. Ол ақындығымен Ұлы жүзді де, Орта жүзді де аралаған, - дейді Ерген аға.

Сартай ақынның тағы бір не­ме­ресі облыс орталығының ір­ге­сін­дегі Шаған ауылында тұ­ра­тын Күләш Құбайысқызы ке­лер жылы сексеннің сеңгіріне тол­мақ. Әйтсе де, әжеміз әлі күнге тың. Бізге атасы туралы әңгіме­леп те, домбырасын қолына алып термелеп те берді.

- Әкемнен 7 жасымда қалдым. Ол кісіден өлең-жыр, қандай да бір әңгіме жадыма түйіп қалмаппын. Аталарым туралы білетін әңгімелерімнің бәрі өзім қолында өскен, әкемнің ағасы Дәулетиярдың айтуымен есімде қалды. Сартайдың бір термесінде былай деп келеді:

- Малды бір жисаң қойды жи,

Май кетпейді шарадан.

Итті бір жыйсаң сырттан жи,

Қой бермейді қорадан.

Құс ұстасаң, жігіттер,

Бүркіт деген құсты ұста,

Қыс киерің түлкі етер.

Қас патшаның баласы,

Ауызына салмас парадан.

Қас батырға оқ тисе,

Мыңқ етпейді жарадан.

Алғыншық алсаң тектіні ал,

Өсек те жүрмес арадан,

Басыңды қоссаң, жігіттер,

Жақсыменен қосыңдар.

Жаманмен қоссаң басыңды,

Табалап жүрген дұшпандар,

Өле-өлгенше күлкі етер, - дейді. Дәулетияр көкем әндетпей, тақпақтап айтатын. Арасында ға­на ыңылдап отырғанда «дәй­дай-ау, дәйдай-ау, кәкемнің са­зы еді» дейтін. Әкелерін «кә­ке» дейді екен, - дейді Күләш апа.

Бұл термені бүгінгілер біле бермейді. Бұрын-соңды жа­рық­қа шығып, таралмаған. «Ел іші өнер кеніші» емес пе, осы ма­қа­ланы жазу кезінде «Құбайыс Қа­ра­таевтың айтыскер ақын Жан­ғали есімді ұлынан туған, Ақ­ж­айық ауданының Базартөбе ауы­лында тұратын Нұржан Қа­ратаевтың үйінде араб қар­пімен жазылған көне жазбалар бар. Сартайдың термелері болса керек», дегенді естідік.

Түсінікті болу үшін Құбайыс Қаратаев туралы тоқтала ке­тейік. Құбайыс – Сартай ақын­ның ұлы. Сартайдың Қаратай есімді батыр ағасы болған. Сол Қаратайдың жалғыз ұлы жастай дүниеден өткенде Сартай Құбайысты соңынан ерген тұяғы болсын деп ағасына беріпті. Құбайысқа өз әкесінің өнері қонып, ақын, әнші болған. Оның өнері жоғары бағаланып, Ұлы Отан соғысына жібермей, алып қалу жайы сөз болғанда, «Менің өнерім – халық алдына шығып, ән салу ғана емес» деп, өз еркімен соғысқа аттанған екен. Қайран Құбайыс... Сол кездің өзінде Сартайдың көптеген мұраларын, ел ішіндегі өзге де қызықты әңгіме, өлең-жырларды қағазға түсіріп үлгерген екен. Жоғарыда айтылған Нұржан Қаратаевтың үйінде сақталған бір шамадан толы құнды мұраның дені Құбайыстың жазбалары болып шықты. Дәптерге жазылған 400 беттің үстіндегі арабша жазуды фотосуретке түсіріп алдық. Олардың ішінде бізге белгілі болғаны – «Қыз бен молданың айтысы», «Әбубәкір молданың өлер алдында айтқан толғауы», «Кәмпескеге ұшыраған байдың елімен қоштасқанда айтқаны» сынды ел ауызынан жиналған мұралар бар. Бір әттеген-айы, бүгінде мұндай ескіше жазуды жетік оқи алатын арнайы мамандар немесе жалпы хабары бар адамдар қат болып отыр. Әзірге табылған мұраны жергілікті медреседе сабақ беретін діни ұстаздар ептеп оқып көруде. Ескіше хат танитын кісілер болып, редакциямызға хабарласса, нұр үстіне нұр болар еді. Нұржанның үйінде Құбайыс атасының латын қарпімен жазылған өлеңдері мен әңгімелері де көп сақталған. Сондай-ақ 1922 жылы Ташкент қаласынан шыққан, араб қар­пі­мен басылған, Халел Дос­мұхамедов құрастырған «Абай» кітабы бар.

Нұржан атадан қалған құнды мұраны көзінің қарашығындай қастерлеп сақтап отыр. Құбайыс ұстаған домбыра да сол ша­ңы­рақтың төрінде қабымен бү­тін­дей сақтаулы екен. Құбайыс дом­бырасының тарихы ерекше қызық. Ол жайында газетіміз­дің алдағы сандарының бі­рі­не шығатын «Соғыстан қайтқан дом­быра» атты мақаладан оқи аласыздар.



P.S.

Құбайыстан қалған араб қарпімен жазылған жазбаларды 1965 жылы Сәрсенғали Нетәлиев деген адам оқып, біздің қазіргі жазуымыз кириллицамен 70 беттейін қалың дәптерге көшірген. Бірақ жазу мәнері өте түсініксіз екен. Осы себепті дәптердегі өлең-жырларды толығымен түсініп, оқып шығу мүмкін болмай отыр. Дәптердің Қат тізімі деп басталатын алғашқы беті «Орыстың тәржімә еттім мысалдарын, Әзірге қолдан келген осы барым» деп келетін өлең жолдарымен басталады. Сондай-ақ Сартайдың қазір белгілі «Тар заман» толғауы кейбір бізге жетпеген жолдарымен толық нұсқада жазылған. Замандасы Мұхамбетжан Сарғожаұлы(Ақшолақ) туралы жазғаны, бір жолы патшаға барған қазақтың үш жүзінің белді адамдары (қазақтардың 1894 жылы II Николай патшаның таққа отыру рәсіміне барғаны болуы мүмкін), Кіші жүз руларының мықтылары, дін оқуын терең игеріп, мешіт ұстаған заманының зиялылары туралы, Сартай ақынның өз руының мекен еткен жерлері жайлы толғаулары бар екен. Бұл дәптерді қалаға іргелес қазақ ауылында тұратын, Сартайдың Құбайыстан туған немересі марқұм Жанғалидің жары, жоғарыда аталған Нұржанның анасы Нағима ападан алып, қараған болатынбыз.



Каталог: 2014
2014 -> Сәлім меңдібаев армысың, алтын таң! Журналист жазбалары Қостанай – 2013 ж
2014 -> Хромтау қаласы №6 Хромтау гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Кысырауова Шынар Андебековнаның
2014 -> Қазақ тілі мен латын тілі кафедрасы Қазақ Әдебиеті пәні бойынша әдістемелік өҢдеу мамандығы: Фельдшер Мейірбике ісі Стамотология Курс: І семестрі: ІІ
2014 -> Сабақ тақырыбы: Қазақстандықтардың Мәскеу,Ленинград,Сталинград шайқастарына қатысуы. Сабақтың мақсаты
2014 -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі
2014 -> Сабақ №3 Мәртөк орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті
2014 -> Жақсыбай Мусаев шығармашылығы және көркемдік Зерттеуші оқушы: Мұратбаева Назерке
2014 -> Сабақ Тақырыбы: Қазақ жеріне терме,жырлары кеңінен тараған ақын Әбубәкір Кердері Боранқұлұлының "Досқа насихат"термесі
2014 -> Тақырыбы: Ақындықты арман еткен жерлес Талапбай Ұзақбаев
2014 -> Сабақтың тақырыбы : Жетім. М.Әуезов Сабақтың мақсаттары


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет