Әдебиет теориясы. Нұсқалық. «Фолиант» баспасы, 2003. 344 бет. «Әдебиет теориясы»



бет6/23
Дата04.11.2016
өлшемі6,01 Mb.
#125
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23

СУРЕТКЕР ТАБИҒАТЫ
Ш.Сент-Бев

Дидро
Мені әрқашан хаттарды, ауызекі әңгімелерді, ойларды, әр қилы мінездерді, имандылық қасиеттерді – бір сөзбен айтқанда, ұлы жазушылардың өмірбаянын зерттеу қызықтыратын. Әсіресе маған дейін ешкім жазушы ғұмырбаянын салыстыра зерттемесе, мен жоспар құрып, тәуекел деп бел буғанды ұнататынмын.

Екі аптадай есікті тарс жауып, қалаған ақын не философтың еңбектерін үйіп қойып, қалауыңа қарай парақтайсың, сөзіне ой жүгіртесің, әр түрлі сұрақ қойып, марқұмды “тірілтесің”. Бұл қала сыртына екі аптаға шығып кетіп, Байрон, Вальтер Скотт немесе Гетенің суретін яки бюстін жасағанмен пара-пар. Тек осы жерде өз нұсқамен бетпе-бет өзіңді еркін сезінесің, әрине бұл дидарласу күш-жігерді тілейді, бірақ бұл екеуара рухани қарым-қатынастың пайдасы орасан. Жаңа штрихтар бірінен кейін бірі пайда болып, оның әрбірі сенің қиялыңдағы сипатты толықтырады. Бұл көз алдыңда бірінен соң бірі жанған жұлдыз тәрізді. Олардың әрбірі өз орнында түнгі аспанның көркін ашады. Жалпы, дерексіз көрінетін сипатқа өмір тынысы сезілген жекеленген белгілер қосылады. Сіздің көз алдыңызда төл ұқсастықтар туып, дамып жатады; сіз одан аса ерекше, қайталанбас езу тартқан кезді, әлдебір тыртықты, маңдайдағы мұңлы әжімді, шаш арсынан бірер тал ақ шашты көресіз; талдау шығармашылыққа орын береді. Портрет тыныс алып өмір сүре бастайды, образ табылады. Осындай құпия зерттеу құмарыңызды қандырады. Таза, өміршең сезімнен туған нәтиже кең қолданылымға ие. Егер шығарма өмір мен табиғаттың жекелеген сәттерін суреттесе де, бірақ бағыты тайға таңба басқандай болса, көзге бірден көрініп, рухы өшпесе, жетілдіруді тілемесе, мұны қайталау құр әурешілдік болса, көлемі мен түріне қарамай өнер туындысы әрқашан сұранымда жүреді және мәңгі жасайды дейді. Төңкеріс халық үстінен дауыл болып өтеді, монархтарды көкнәрдің басындай жұлып түсіреді. Білім жиналып, кеңейеді. Философиялық жүйелер сараңданады. Сөйте тұра бір кездері адам санасы туғызған оймақтай інжу – егер оны жолда ғасырлар мен варварлар жоғалтып жібермесе – пайда болған кезіндегідей жарқырайды. Мейлі ертең Мысыр мен Үндістанның бар құпиясы ашылсын, мейлі ежелгі діндердің мәнін түсінейік, жаңасын жасайық, бәрібір Горацийдің Ликориде одасы інжулігінен айнымайды. Ғылым, философиялық ілім мен діни культ жетіп болмас тереңдігімен, тұңғиықтығымен тап осында; мұнда не бар? Бұл таза інжу бір кезде пайда болып, құз басында мәңгі бекіп, мұхит үстінде асқақтайды, толқын тулап, тербелген сайын күн сәулесімен анық, жарқын, көркем көрінеді. Бұл інжу мен оны туғызған мұхит арасында терең, құпия байланыстар жоқ деген сөз емес, немесе өнер философиямен, ғылыммен, айналада өтіп жатқан төңкерістермен байланыссыз дей аламыз ба? Әрине, жоқ. Әр мұхит өз інжуін тудырады, олар ауа-райы, табиғатына қарай әр түсті болып келеді. Парсы шығанағының қабыршағы Исландияның қабыршағына мүлдем ұқсамайды. Мәселе өнер бойындағы қайталанбас, аяқталған-жетілген, белгілі бір сәтте пайда болып, туынды ретінде өлмейтін өшпейтін, теңіз деңгейіне, көтерілуі мен қайтуына байланыссыз, ештеңемен өлшеуге келмейтін, аса өзгерісі мол ағымда қайталанбас, алынса қалпына келмес жетілген інжу жасайтын қасиетке байланысты. Дәл осы жай қызу дәуірде суреткерді қолдай алады және мауқын басады. Олар әрқашан аз ба, көп пе - әйтеуір таңдаулы, мәңгіліктің таңбасы соғылған бір нәрсе жасай алады.



Біз әдебиет сыншысы ретінде өнерді терең зерттеу мен бұрынғының ұлы қайраткерлерін тыңғылықты зерделердің алдында жоғарыдағыны өзді-өзімізге айтуымыз қажет. Біздің әлемдегі бүліншілікке, толқуларға қарамай, Ренье, Буало, Лафонтен және Андре Шенье – бір сөзбен айтқанда, құбылыс болып табылатын тұлғалардың бірінің портретін жасау биыл былтырғыдан гөрі байсалдылықты талап етеді...

В.Г.Белинский

Александр Пушкиннің шығармалары
... Бүкіл адам баласы бүкіл дүниелік-тарих өмірімен жалпы бір аккорд жасайтыны – бұлардың әр қайсысы осы аккордтың ерекше үні болып табылады, өйткені бір келкі үннен аккорд шықпайды. Әр халықтағы ең жаманшылық жағы да, жақсы жағы да сол халықтың өзіне ғана тән, және бұл қасиеттері басқа бір халық тағы жаманшылық пен жақсылыққа сайма-сай болмақ емес, әйтпесе соған ұқсамақ емес. Жеке нәрседен жалпылық нәрсе жоғары, дарашылдықтан күдіксіз нәрсе жоғары, жеке бастан ақыл жоғары, - бұл даусыз шындық, бұған қарсы түк айтуға болмайды; бірақ жалпылық, жеке нәрсе арқылы, күдіксіз нәрсе – дарашылдық арқылы көрсетіледі, ал ақыл – жеке бастан шығады ғой, сондықтан жеке дара және жеке бас болмайынша жалпылық күдіксіз нәрсе және ақыл-парасат нағыз шындық болмайды, тек қиялдағы мүмкіншілік қана болып табылады. Ақынның творчестволық әрекеті де осы тәрізді, өзімен-өзі болып жатқан, өзгеше бір тұтас, тұйық дүние, ол өз заңына, өз негізіне, өз себебіне сүйенеді, ең алдымен осыны бар деп есептеп, бұл туралы пікір айту керек. Ақын шығармаларының бәрі де мазмұн, түр жағынан алуан болса да, олардың өзіне тән өзгешелігі бар, бәрінің де бір жалпы пішіні болады, өйткені олардың бәрі де бір кісінің басынан, екіге жарылмайтын меннен шыққан нәрселер. Сөйтіп, ақынды зерттеуге кіріскенде, алдымен оның әр алуан шығармаларындағы оның жеке басына тән құпия сырды, яғни онан өзгеге тиісті емес, ақын рухының өзгешелігін түсіну керек. Бірақ бұл өзгешеліктер ақынның бір ғана жеке басына тән, басқа адамдарға жат деген ұғым шықпайды; бұл, жалпы адам баласына ортақ нәрсенің бәрі келіп бір кісіден ешуақытта табылмайды деген сөз; бірақ, әр адам өз әлінше азды-көпті дүниенің неше алуан сансыз салаларының адам баласы рухының бір жағын жасап шығу үшін туған. Адамның жеке басының лайықты орны мен маңызы міне осы мәңгі инкарнациялау міндетінде: өйткені рухтың іске асуы, жүзеге шығу шындығы осы болып табылады. Жеке адам бәрін бірдей қамти алмайды, сондықтан, ол барлығынан да өзгеше нәрсе. Адам баласының рухының түрлі жақтары тәрізді, жеке бастар сансыз және неше алуан, бұлардың әрбіреуі қажет болғандықтан өмір сүреді демек әр қайсысының тіршілік етуге заңды правосы бар. Сондықтан қашанда біріне-бірі тіпті ұқсамайтын, әйтпесе, бірінен бірінің қандайда болса айырмашылығы бар, жеке біреуді басқа біреудің өлшеуішімен өлшеуден жаман қиянат нәрсе жоқ. Дүниеде қызу қанды адамдар да, жеңіл адамдар да бар, салқын қанды адамдар да, сақ адамдар да бар, егер қызба адам дүниеге салмақты адамдардың керегі жоқ, олардың болмағаны-ақ тәуір болар еді деген болса, мұнысы жалғандық болар еді; салмақты адамның да қызба адам туралы осындай пікірі жалған болар еді.

Сөйтіп, ақынның творчестволық қызметінің шығатын бұлағы ақынның өзінің басынан көрінетін рухы, сондықтан оның шығармасының сипаты мен рухын ең алғаш ұғындыратын нәрсені оның бейнесінен іздеуіміз керек...

...Өмір поэзиясымен тығыз байланысты болған ақындар бар, жалаң мінез-құлқы ғана маңызды ақындар да бар. Жеке адамның қара басында болатын бұл айырмашылықтарды естен шығармау керек. Байронды Гетенің өлшемімен өлшеуге болмайтыны тәрізді, Гетені Байронға салыстырып өлшеуге болмайды. Бұл екеуінің тұрпаты екі басқа, Гетеге Байронша өмір сүрмедің, Байронша жазбадың, әйтпесе: Байронға Гетеше жазып, Гетеше өмір сүрмедің десе, нағыз оңбаған сөкеттік болар еді. Бұл еңгезердей пілге, жолбарыстай шапшаң, епті бол, әйтпесе, жолбарысқа еңгезер пілдей бол деумен бір есеп; табиғат саласында піл болсын, жолбарыс болсын, екеуі де өзінше орынды, өзінше қажет. Гете мен Шиллердің тұрпаты біріне бірі тіпті қарама-қарсы еді, бірақ осы қарама-қарсылықтың өзі ұлы ақынның сыйласып дос болуына себеп болды: бірінің бойындағы өзгеше қасиетке екінші бірі тәнті болды. Сынның міндеті Гете неліктен Шиллерше жазып, Шиллерше өмір сүрмегенін шешу емес, Гете неліктен басқаша емес, Гетеше жазып, Гетеше өмір сүргенін шешу...

Бірақ ақын шығармасынан оның өзіндік бейнесінің құпиясын қалай табуға болады? Бұл үшін оның шығармасын зерттегенде не істеу керек?

Ақынды зерттеу дегеніңіз оның шығармасымен шұқшия оқу арқылы танысу ғана емес, сонымен бірге, оның суреттегендерін өз басыңнан кешіре білу. Шын ақындар, ал ұлы ақындар әуел бастан көркемдіктің қай сатысында тұрса да, ешуақытта өтірік жазбайды, жалпы адам баласына ортақ нәрсені жанды, әсерлі формаға бөлейді. Адамның ұлы ақындардың шығармасына кісінің таңырқайтын себебі, әр уақытта онан өзіне көптен таныс, өз басынан кешірген әйтпесе бұлдыр көмескі түрде сезген немесе өзі көңілінде болғанымен, оған ақын бейне бере білмеген нәрсесін ақын шығармасынан үнемді кездестіріп отыратын болғандықтан. Ақын неғұрлым жоғары дәрежеде болса, яғни неғұрлым оның поэзиясының мазмұны жалпы адам баласына ортақ болса, оның шығармасы солғұрлым ұғымды болады да, оқушы осыны жаза салу менің ойыма қалай түспеген: бұл өзі сондай ұғымды, оп-оңай нәрсе ғой! – деп таңданады. Ақынның өзіне ғана тән басқа адамды қызықтырмайтын шығарма түкке тұрғысыз, бос нәрсе. Ақын шығармасының ақынның өзіне қандай тән болса, оның бүкіл адам баласына сондайлық тән екендігі, міне осы ортақ белгі, художниктің шығармаларын зерттегенде, бойында адамгершілігі (яғни рухани жігері, ақыл-санасы) бар барлық адамның сол шығармаларды бастан кешіруге мүмкіншілігінің негізі бола алады. Ақынның шығармасын өз басынан кешіру деген сөз оның байлығына сүйеніп, мазмұнына терең бойлап ауыратын жерінде ауырып, қайғысына қайғырып, қуанышына, үмітіне, шаттығына рахаттану деген сөз. Біраз уақыт ерекше ақынның ықпалында болып, соның тілімен сөйлеуді, соның көзімен қарауды, соның құлағымен тыңдауды жақсы көрмейінше оны түсінуге болмайды. Біраз уақыт жан-тәнімен гетешіл болмай Гетені, байроншыл болмай Байронды, шиллершіл болмай Шиллерді зерттеу мүмкін емес. Әрине, бұл сияқты өз ықтиярыңмен басқаның әсеріне түсу дегеніміз ақынды салмақтылықпен, байыммен, дұрыс түсіну емес, әзірше тек эстетикалық елігу ғана, - мұндай ұғымға албырттана елігуден сабырлы салқын қандылықпен талғауға көшу арқылы жетуге болады, бірақ ақынға осылайша елігу оны зерттеу процесіндегі алғашқы және қажетті кезең. Сондықтан да бір мезгілде бір ақыннан артық ақынды зерттеуге осы мезгілдің ішінде оны басқа ақындардан жоғары санамауға, басқа ақындардың шығармаларын түсінбей, қоя тұруға, оған сүйсінбей қоя тұрмауға болмайды. Ұлы ой көңілді тегіс жайлап, әбден ойға сіңіп алғанда көңілде басқа түрлі ойға орын қалмақ емес!

Жалпы адамбаласына ортақ нәрсенің шексіздігі өзінің тек идеясында ғана. Бірақ осы адам баласына ортақ нәрсе іс жүзіне аса келе белгілі характер, өзгеше колорит бейнесін алады. Ұлы ақындар өзінің шығармасында жалпы адам баласына ортақ нәрсені жырлағанымен, олардың әрқайсысынң шығармасында өз характері болатыны да осыдан. Шекспир де ұлы ақын, Байрон да ұлы ақын бірақ бұлардың шығармасында айрықша өзіне бөлек белгі бар. Даңқты емес, былайша тәуір ақындардың жай ақындардан айырмашылығы сол, олардың шығармасында өздеріне меншікті характерлік таңбасы бар, ақын неғұрлым жоғары тұрса, оның творчестволық дүниесінің өзгешелігі соғұрлым молырақ. Олардың бейнесінің құпиясы мен поэзиясының құпиясы осы характерлі өзгешелікте. Осы өзгешеліктің асылын тауып, белгілеу дегеніміз ақын бейнесі мен поэзиясы құпиясының кілтін табу деген сөз. Бұл кілтті қайдан іздеу керек?



Әрбір поэтикалық шығарма ақынды билеген құдіретті ойдың жемісі. Егер біз бұл пікірді ақынның әрекетінен туған нәтиже десек, искусствоға ғана емес, соның мүмкіншілігіне де балта шапқан болар едік. Шынында да, егер ақын болу үшін бұл пікірді ойлап тауып, оны өз ойынша бір формаға түсіру ғана керек болса, мұқтаждықтан, еркіндіктен немесе пайдакүнемдіктен ақын бола салудың не қиындығы бар? Жоқ, бейім жаралған, соған бейнесі сай ақын бұлай етпейді! Ойланып, пікірі қанша сәуегейлік, шын терең болғанымен, жаратылысында ақын емес адамның шығармасы жансыз, кемтар, жалған, саяз боп шығады, қаншама шыншыл жан болғанымен, ол өзінің айтқан пікірлерімен кімнің де болсын көңілін қалдырады! Бірақ тобыр өнерді осылай түсініп жүр, ақындардан осыны талап етіп жүр! Оған, көңіл көтеретін бір пікір ойлап тап, содан кейін гауһардан алтын жасағандай етіп, оны бір қисын айналдыр! Міне, мұнымен іс бітеді. Жоқ, ақынды билейтін және оның әсерлі шығармасының әсерлі ұқсасы болатын мұндай пікір емес! Өнер дерексіз философиялық идеяны маңына жуытпайды: ол тек поэтикалық идеяны ғана ұнатады, поэтикалық идея дегеніміз силлогизм де, догмат та, ереже де емес, ол әсерлі құмарлық, ол – пафос... Пафос дегеніміз не? Творчество – ойыншық емес, ал көркем шығарма – еріккеннің ермегі емес. Ол суреткердің еңбегімен келетін нәрсе. Жаңа шығарманың ұрығы қиялында қалай пайда болғанын оның өзі де аңғармай қалды, ақындық пікірдің ұрығын ол, нәрестені ішіне сақтап жетілдірген анадай-ақ өсіреді, творчество процесі, нәрсете табу процесіндей-ақ бұл да, әрине, бейнетсіз, азапсыз болмайды. Сондықтан, егер ақын творчестволық іске, еңбекке бел байласа, демек, әлденендей айбарлық күштің, өшпес құмарлықтың оны осыған құлшындырғаны, талаптандырғаны болып табылады. Бұл күш – құмарлық – пафос. Пафоста ақын, тамаша, сүйкімді жаңа ғашық болғандай, идеяға ғашық болады соған жан-тәнімен құмартады, сүйтіп, оны пайымдағанда санамен, сезіммен, жан жүйесінің бір ғана сезігімен емес, өзінің бар мінез-құлқымен, болмысымен пайымдайды, - сондықтан да, оның шығармасындағы идея құрғақ пікір де, жансыз, форма да емес, әсерлі зат боп табылады; мұндағы форманың әсерлі көркемдігі ондағы шарапатты идеяның барлығын дәлелдейді, онан соң мұнда жамау, жасқауды көрсететін сипат жоқ, - қысқасы, идея мен форманың арасында жік болмайды, екеуі де біте қайнасып тұтасып жатқан нәрсе болып табылады. Идея ақылдан шықпақ, бірақ, әсерлілікті жарататын және тудыратын ақыл емес, махаббат. Мұнан құрғақ идея мен поэтикалық идеяның арасындағы айырмашылық айқын көрінеді: біріншісі – ақылдың жемісі, екіншісі – құмарлықтың, махаббаттың жемісі. Мұның құмарлық деп аталмай, пафос деп аталуы неліктен? – дерсіздер. Себебі, “құмарлық” деген ұғымда сезім молырақ болса, пафос деген ұғымда сүйіспеншілік молырақ. Құмарлықта қара бастың қамы, өзімшілдік, дарашылдық қараңғы ой көп; онда тіпті оңбаған, пасық ниет те болуы мүмкін, өйткені бір ғана әйелге емес, бірнеше әйелдерге, бір ғана атаққа емес, ақшаға да, арақ-шарап гастрономияға да құмарту болады. Құмарлықта жалаң сезімге, қанған, жүйке тамырларға, тәнге, пенделікке берілушілік көп. “Пафос” дегеніміз де құмарлық, онан соң бұл да басқа құмарлық секілді, қанның қобалжуымен, бүкіл жүйе системасының тебіренуімен жымдасып жатады; бірақ, пафос идеямен тұтанатын, қашанда идеяға талпындыратын құмарлық, демек, ол нағыз рухани, таза құлықты, қасиетті құмарлық. Пафос жәй ғана ақыл табыстарын идеяға, сүйіспеншілікке айналдырады, бұл идеяда тасыған жігер, құмартқан талап болады. Философиядағы идея тәнсіз идея, пафос арқылы ол тұлғаға, нағыз фактыға әсерлі затқа айналады. Патетикалық деген сөз пафос, әйтпесе патостан (pathoc) шыққан: шын мағынасында пафоспен жазылатын драма поэзиясында бұл көбірек қолданылады...

... Ұлы ақынның шығармасының саны қаншалықты көп және неше алуан болғанменен, әрқайсысының өзінше өмірі, демек өз пафосы болмақ. Солай бола тұрса да, бүкіл ақын творчествосының да, оның бүкіл ақындық еңбегінің де өзіне тән бірыңғай пафосы болмақ, мұның қасында әрбір шығарманың пафосы бүтін бір нәрсенің бөлшегі, негізгі идеяның сәулесі, құбылысы, сол идеяның сансыз көріністерінің бірі сияқты боп тұрады. Бұған шығармасы бір сарынмен шыққан Байрон тәрізді бірер ақын ғана емес, шығармасы сегіз қырлы болуымен және неше алуан бағытта болуымен таң-тамаша қалдыратын Шекспир тәрізді ақындар да кіреді. Бұл мейлінше табиғи нәрсе: әр адамның өзіндік бейнесі болады, онда оның көптеген мүддесі, көптеген бағыты болуы мүмкін, бірақ кісі, әр уақытта осылардың ішіндегі басым болған негізгі біреуінің ықпалында болып отырады, ал адам творчестволық әрекеттің төте қайнар бұлағы болғандықтан, ақынның барлық шығармасы бірыңғай рухта, бірыңғай пафоста болуы керек. Ақынның толық творчестволық әрекетінің оның өзіндік бетінің, оның поэзиясының кілті, міне осы пафос. Ақынды бағалаушы және түсіндіруші сыншының тұңғыш жұмысы мен алғашқы міндеті, - оның шығармасындағы пафостың қандайлық екенін таба білу. Мұнсыз ол, ақын шығармасының қайсы бір әдемілігін немесе қайсыбір жетімсіздігін ғана әйгілер, ол жөнінде толып жатқан әсем сөздер сөйлер, бірақ, оның сынынан ақынды, ақын шығармасының мәнін, құпиясының шешуін іздеген оқушыларға да, сыншының өзін де, - бұл құпия болып қала бермек. Ол, ол ма, мұндай сынды ақынды орнысыз мақтап, яки орынсыз жамандап, оған оның өзінде жоқ қасиеттер мен кемшіліктерді тағуы немесе оның бойында бар нәрселерді сезбей қалуы кәдік. Ең негізгісі – мұндай сыншы, зерттеген ақыны туралы жасаған жалпы қорытындысында қашан да қателеспей қоймайды...


Ж.Аймауытов, М.Әуезов

Абайдан соңғы ақындар
Қазақтың мінезін суреттеп, мінін айтып, айқын сырын ашып, көзге көрсететін, елдің халін қайғыртып, жақсылыққа сүйреген сөздер Абайдан бері басталды. Абайдан соң қазақтың мінез, қалпын суреттеп берген айна болған жоқ. Міні айтылмай, беті жуылмай, бітеу, тұйық күйде келді. Ол уақыттағы сөздер таразыға тартылып салынбады, надандық пердесін жырта алмады. Таяз, ұсақ көрнексіз түрде болды. Абайдан бері әлгі өмірдің тұйығы табылып, түйіні шешіліп, сыр сыртқа шығып, мінез айнаға түсіп келе жатыр. Қалам шамасынша шеберлеп, келісті жақсыны да, кейіпсіз жаманды да суреттеп отыр. Әдебиетіміздің атасы болған Абай туралы өз пікірімізді жазып едік, енді Абайдан соңғы ақындардың өнері туралы пікірімізді жазбақпыз.

Қазір бізде өлең жазушылар көбеюіне себеп болып отырған нәрсе бір “оянудың” барлығы, бұл оянуға бірінші – Абай, екінші “Қазақ” газеті, үшінші – жалпы жұрттың ғылымға бет алуы себеп болды. Абайдың қай өлеңі болсын кейінгі буынды жетектеп, түртіп қозғайтын бір әсер берді. Кейінгілерді бұл әсер ойлантты, оянды, бұған жалғас оянған ойдың бетін түзеп, жолға салып, ілгерілеуіне қамшы болған “Қазақ” газеті. Бұл газет халықтың саяси көз ашылуына, “жұрттық” деген ойдың кіруіне қандай себеп болса, әдебиеттің гүлденіп, өркендеуіне де сондай себеп болды. Егер келешекте қазақ әдебиеті буынын бекітіп, қатарға кіретін болса, “Қазақ” газетіне борышы үлкен. Бұл газеттің әдебиетке істеген аналық қызметі мәңгілікке атағын шығарып, қадірін күшейтеді. Осы күнгі өлеңшілердің жалпы бетінде халықтың жалғыз ғана мінін айтып, жақсылыққа нұсқайтын, бірақ ақындықтың түгел шартын көксемейтін бірбеткейлік бар.

Көбіндегі бір мінез халықтың мінін айтса да, жақсылыққа тартса да тірелетін қазығы ұлтшылдық болып отырады. Бұл ұлтшылдық қазақ жұртының қысылып таршылықта келіп өнер, білім жүзінде өзгеден кейін қалғандығынан. Енді сол қысымшылықтан босанып, тез ілгері бассам екен деген табиғи мақсатынан шыққан нәрсе. Бұл ұлтшылдық “Қазақ” газетінің рухында бар-ды. Газет тұрмысқа жанасатын керектіні көздеп жұртты өнерлі қылуға, көзін ашуға тырысады. Өлең ұлтшылдық жолымен кетіп отырса, газеттің соңынан ергендік, ақындарымыз өлеңнің мағынасына түсінбегендік. Бұған газет кінәлі емес, ақындардың солақайлығы кінәлі.

Өлең бір мақсатқа жұмсалатын құрал болуы керек емес. Жолы еркін, азығы талғаусыз өнер болуы керек.

Өлеңге қоятын шарт: еркін ой, шарықтаған терең қиял, нәзік, өткір сезім, құйылған сұлу сурет, кестелі, таза, қысқа, анық, дәлді, нағыз тіл. Осы айтылған шарттарды түгел сіміріп төрт табанды, сегіз қырлы болып шығатын өлең Абайдан соңғы ақындарда некен-саяқ. Тегінде, “ақын” бар, “өлеңші” бар. Ақынға қойылатын шарттар әлгі айтылған. Өлеңшілікке ол шарттардың кейбірі болса да жарай береді. Бұлай болғанда біздің өлеңшіміз көп, ақынымыз аз. Сілтеген қаламы, сермеген таяғы көлемденіп, төгіліп, түрленіп, жапырағы желкілдеп, қолымен қойғандай, мейірің қанып тойғандай болып шығатын өлеңдер бұ күні ақындар да аз. Көбінің өлеңі шеберлеп айтқан қара сөз. Мәдениеттің төменгі басқышында жүргендіктен әдебиеттің өзге түрлері тараулай алмай кешегі өткен ақындарша билердің сөзіне еліктеп, не жазса өлеңмен жазуы бұ күнгі өлеңшілерге сән болып жүр. Бірақ, бұл әдет ілгері басқан сайын қала беруі керек, өлеңшілікке өнері жоқ, жай тілді кісілер өлеңге салынып, бойдағы өзге өнерін жойып алуы мүмкін. Және өлең болуға лайықсыз сөзді жұрт өлең қылып жүр. Шарты табылмай, зорлық пен қылғынып отырып жазылған өлеңнің әдебиетті күшейтуге септігі жоқ, қайта сыңаржақ қылғаннан басқа.

Біздің ойымызша қазіргі жазылып шығып жүрген өлеңдерде мына сияқты міндер бар:табиғаттың әр түрлі түрімен сырласып, мұңдаса алмайды. Өлеңдерін оқып отырғанда көңіл жоғарылап, қиял шарықтап, басқа бір дүниеге кіріп кеткендей болатын қуат аз.

Адамның жүрегінің сыры табиғатпен жалғасса қиялы күшейіп, мінезі көркейіп, сезімі нәзіктене бермек және ақынның қиялы жай ақын емес кісінің қиялынан артық болуы керек. Салған жерден оқушыны соныға салып жібергендей болсын. Абайдың “Желсіз түнде жарық ай”, “Көлеңке басын ұзартып” деген өлеңдеріндей бұ күнгі ақындарда өлең жоқ. Көрген нәрседен көңілде өзгеше артық бір әсер қалып, аудармай, бұлжытпай тілмен суреттеп беруі соңғы өлеңшілерде күшті емес. Езім, көңіл суретін тілмен үйлестіріп, келтіру ақынның ғана қолынан келетін жұмыс. Бұл турада Абайдың суретшілдігіне жеткен әлі ақын жоқ. Аңшылықты, жылдың төрт уақытын суреттеген өлендеріндей суретті сөздер қай ақында бар? Және сол төрт уақытты суреттегендегі Абайдың қиялы мен сезімінің күштілігі соңғы ақындарда кем.

Кейінгі ақындардың тағы бір міні-сыршыл еместігі. Әркімнің жүрегінде бір жасырын сыр бар, жасырын тіл бар, жасырын күй бар. Ақынның жанындағы сол жасырын сырды тауып, жүректі тербетіп, қуантып, мұңайтып, жасырын күйдің шегін шертіп әрбір пернесіне тап басуы. Ондай өлеңді оқығанда оқушының шері қозғалып, ой көзі жүрегіне үңілетін бір әсер пайда болады.

Онан соңғы бір міні-тілдерінің шебер,кестелі еместігі. Сөздерінің сырты тақылдап, үйлесіп келсе де, нәзік сыйпаттарды жетік суреттей алмай, жадағай, үстірт кетіп,айтпақ суретін көңілге берік қондырып бере алмайды. Жас ақындардың ішінде сезіміне сөзі жақын келетін суретшілдігі бар Мағжан. Бірақ оның тілі де кестелі, толық келмей өлеңінің әсері көңілге ала қонады. Мысалы: “Жолда” деген өлеңінде боранды сипаттағанда тілін жеткізе алмай “Жел... ішін тартып, осқырып” деген жерінде көңілге байланып келе жатқан суреттің түрі бұзылыңқырап кетеді. Өлеңде, әдебиетте жанды нәрсенің сипатын жансызға жамайтын жол бар, бұл бірақ ұнасымды болған жерде қосылады. Мысалы: сол өлеңнің ішінде, “Жел...кейде қатты ысқырып” дегені ұнап тұр; “осқырып” деген сөз желге жанаспайтын сыйпат. Бұл айтылған-суретшілдік, терең қиял, сыршылдық, кестелі, шебер тіл, нәзік сезім ақындардан ғана сұралатын сыйпат. Өлеңдерінің сыртқы түрі мен қалпына қарап, қазіргі өлеңшілерді бірнеше жікке бөлуге болады. Сезімге әсер берерлік суретші өлеңдер көбінесе Мағжан, Міржақып, кейде Сұлтанмахмұт һәм Ахмет Маметовтікі. Бұлардың өлеңінде өзгеше бір сарын бар, жүрегінің сезімін суреттейтін нәрсемен жалғастырып әкететін артықша маңыз бар. Бұлар-сыршыл (лирик) ақындар.

Екінші жіктің өлеңінде: Ахмет Байтұрсынов, Сәбит Дөнентаев, Шәкәрім, Бекет Өтетілеуов. Бұлардың өлеңдері сырты төгілген, тілі кестелі, анық, халықтың ұғымына, оқуына жеңіл, тәнті. Бұлардың өлеңінің сезім мен қиялға тәрбие әсері аз, ақылға азығы бар, бұлар халықтық (народник) ақындар. Ана ақындардан бұлардың сөзінің халыққа бір атасы жақын тұрады.

Осы күнде сәні кетіп бара жатқан үшінші бір жік бар. Бұл жіктің ақын, ескі өлең, жыр, тақпақтарға еліктеп, жеке жортақтап құба жонданып келетін Ғұмар Қарашев.

Енді осы жоғарғы айтылған үш жіктің өлеңшілерін бас-басына тексереміз. Алғашқы айтылған төрт ақынның ішінде Мағжан, Ахмет, Сұлтанмахмұт бір бөлек. Міржақып бір бөлек. Алғашқы үшеуінде орыс ақындарына еліктегіштік бар. Еліктегіштік ақындық жолында мін емес. Пушкин мен Лермонтов өлеңдерінің көбінде Байронға еліктеген деп айтылады. Бірақ еліктеумен олардың ақындық дәрежесі кеміген жоқ. Қайта орыста оларға жеткен әлі ақын жоқ.

Сыршыл ақындардың ішінде өлеңнің ішкі суретіне сөзінің сыртқы кестесі үйлесіп, маңызды болып шығатын Мағжанның өлеңдері, мысалы: “Орамал”, “Жолда”, “Туған жер” сияқты өлеңдері. Мағжан өлеңіне ұқсайтын Ахмет Маметов пен Сұлтанмахмұттың кейбір өлеңдері. Бұлардың еліктеу күші де, көңіл қиялы да қалаған жерден дәл шығып отырмайды. Сыршылдық сипатын көрсететін Сұлтанмахмұттың “Жас жүрегі”, Ахметтің “Су жағасында” деген өлеңдері сияқтылары.

Бұл айтылған өлеңшілердің ішінде өзінің ақындық беті күшті, түр тапқыш аса еліктегіш емесі Міржақып. Кенеттен киліккен оқиғаны тез сезіп, тез сіңіріп, тез жауап тапқыш, жүйрік қиялды өлең Міржақыптан шығады. Мысалы, Сүлеймен Бижановтың, Қазан Нұрмұхаметовтың өлеңдеріне шығарылған “Жұт”, “Қайда едің?” деген өлеңдері жүрекке әсер беретін өлеңдері “Сағыну”, “Қиял”, “Шәкірт”, “Қажыған көңіл”, “Айырылу”, “Жамалдың зары”, осы өлеңдерінде адамның жүрегіне тиетін қасіретті, зарлы, салмақты әсер бар. Міржақып өлеңдерінің кей жерлерінде тілді тұтып қалып отыратын сөз буынында не артықтық, не кемдік болып отырады. Мысалы: “Айырылу” деген өлеңінде:

“Жүректің қасіретін жаспен жуып,

Келесің жаным сезіп қайтып жуық.

Рахат рухына тілеп хақтан.

Қош айтып кетпес пе едім көңілім суып”, - дегендегі “Рахат рухына тілеп хақтан” ның бір буыны басқаларынан кем. Бұл сөздің маңызын қуғандықтан. Міржақыптың алғашқы кездегі өлеңдері шұбалаң, маңызсыздау еді. Ақындық күші соңғы сыршылдыққа айналған өлеңдерінде көріне бастады.

Енді екінші жіктің өлеңшілеріне келейік. Ойына сөзі дәл, тілге жайлы, көркем, халықтың керегіне, кемшілігіне ғана арналған өлеңдер Ахмет Байтұрсыновтікі, Ахмет өлеңдерін ақындық еркі билеп, қиял ермегі ойдан шығармайды. Ойды оятуға, миды сергітуге, мұңлы мұқтаж, терең мақсат түртіп шығарады. Біресе ызамен зекіп айтып, біресе зарланып шермен айтып, біресе ақыл қып сипап айтып, не қылса да халықтың көзін ашпақ. Өлеңінде толғанған ой, толқыған шердің көп ізі бар. Бірақ бұған қарап қиялы шалқып шарықтап кетпейді. Ылғи халықтың нәзіктенбеген сезімімен, жетілмеген ұғыммен есептесіп отырады. Ахметтің көзге түсерлік бір өнері переводқа шеберлігі. Халықшыл ақындардың ішіндегі алдыңғы қатардағы Сәбит, Сәбиттің өлеңі қысқа, дәмді, аз сөзге көп мағына сыйғызғыш, сөзді ойына құл қылған, тілі тәтті, дәл келеді. Сәбит өлеңінде көңілге шақ еткізе түсіретін тапқыштық, салыстырғыш, сыншылдық, аса терең болмаса да, төрт тағандап түсетін нығыздық бар. Мысалы: “Әр жан, әр түрлі”, “Той”, “Азаттық күні”, “Жаңа жылға” әм басқалар сықылды. Өлеңдері сұлулығы, ұғымдылығы, тілге жеңілдігі, тәттілігімен қандай надан адамның болсын көңіліне қона кетеді. Сөзге еркін, бай екендігіне хаттап тізген өлеңі дәлел.

Сыртының сұлулығы, тақылдақтылығымен Ахмет пен Сәбиттің өлеңіне Шәкәрімнің өлеңі ұқсайды. Бірақ терең мағыналы сөздерді өлеңмен келтірем деп сөзін созыңқырап, шұбатып әкетіп, оқушыны тез жалықтыратын қалпы бар. Шәкәрім, көбінесе, өлеңі халыққа ұғымды болуын көздейді. Және өлең арқылы халықтың ақылын да тәрбие қылып жетілдіргісі келеді. Осы күнгі ақындардың ішіндегі Абайға өлеңінің сыртымен болмаса да, ішкі мағынасымен де еліктеген кісі – Шәкәрім. Мінді, кемшілікті айтқанда жерлеп, кекеп, шенеп, оңдырмайтын Шәкәрім өлеңінде шанышпа, ащылық бар. Бекет Өтетілеуовтің өзінің өлеңімен таныстығымыз аз, переводы ұғымды, жеңіл, тәуір.

Ғұмар Қарашевта Марабай ақын, Бұхар жырау тағы со сықылды бұрынғы ақындардың қалпымен кеткен ескінің сарқыны бар. Бірақ ескілік сөздер батырдың батырлығын, бидің шешендігін, ханның хандығын, салтанатын желдіртіп, ескектетіп айтқанына келісуші еді... Ол кездегі халықтың рухы да, тұрмысы да ескек, асқақ, сөзге лайық келуші еді. Халықтың мінезін суреттеп, мінін айтып, терең пәлсапа сөздерді желдіртіп, ескектетіп айту бұ заманда артық, ұнаспайды. Өлеңнің сыртқы ағымын қуып отырғандықтан ішкі мақсат анық шықпай, иленіп, бытырап, бірін-бірі басып, көкірекке айқын із түспейді.

Осы күнгі өлеңшілер туралы қысқаша пікіріміз осы. Бұл ақындардың өнері туралы бар болған сын бұл емес. Нығызырақ сынауға бас-басына арналып бір мақала жазылып, өлеңдері әбден сай, баспа қылыну керек. Бұл жазғанымыз бірсыдырғы жалпы қарап өткендік.

Жоғарыда айтып едік: өлеңші бар, ақын бар деп. Қандай өлең жазған кісі ақын болатыны аз да болса байқалған шығар. Бұл айтылғандардан бізде әлі ақындардың аздығы сезіледі. Әдебиеттің күшеюіне осы күнгі ақындардың үлкен себебі әзір тиген жоқ. Тимегені белді, күшті ақын шығып, жазған өлеңінің бәрі маңызды болып, әдебиетке түр тауып бере алмай отыр, бірінің 4, бірінің 5, бірінің 6 өлеңі ғана көңілдегідей болып шығады. Және әр ақынның беті әртүрлі, күштеп көп жазған бір кісі болмаса әдебиет беті түр таба алмайды. Кейінгі қалам ұстағандарда не жазса өлеңмен жазғысы келетін бір әдет бар, тіпті өлеңге ыңғайы жоқ кісілердің ақын болам ба дейтін ойы бар. Бұл ой – қате. Ақындық бар болса өзі де түртіп шығады, жанды артық қинатпайды. Шабыт айдамай, жан қиналып, келіссіз жазылған өлеңнен ақын еместігі беп-белгілі көрініп тұрады. Әдебиетімізге жақсы өлең, шын ақынның сөзі көрік беріп, күшейте алады. Әдебиет бақалшының қоржыны емес, қотанда жатқан қиқым-сиқымды балалар алдап сатып шыға беретін. Әдебиетке қызмет қылуды әркім-ақ тілейтін шығар. Бірақ қолдан келмейтін нәрсеңмен қызмет қыл деп әдебиет қыстамайды. Өлеңнен өзге ертегі, жұмбақ, мақал, тақпақ, қара сөзбен қызмет етуге де болады. Шамасы келетін де, келмейтін де өлеңге жұмылғандық бәрі бірдей тойшы болғандық, не қойшы болғандық. Тегінде әр жақты болмай, бір беткей сыңаржақ болу да қате деп білеміз.

Ж.Аймауытов




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет