Әдістемелік құрал кітапханашыларға және жазушының өмірі мен шығармашылығы қызықтырған оқырман қауымға арналады



бет1/6
Дата06.11.2016
өлшемі3,91 Mb.
#1132
  1   2   3   4   5   6



Алғысөз

Қазақ әдебиеті – қазақ халқының рухани бай қазынасын әлемге танытып келе жатқан, қазыналы әдебиет. Халықтың мәдениетінің жоғарылығы мен рухтың беріктігі ұлт әдебиетіне байланысты. Есті ұрпақ болса еститін сөз қалдырған қазақ әдебиетінің қазынасы мол-ақ. Біздің халық сөздің қадіріне жеткен, сөзге тоқтаған, сөз сұрамаған, тілі бай халық. Осы сөз маржандарынан әдебиет қазынасының сандығын толтырған, қазақ әдебиетінің жүгін қара нардай көтерген қаламы қарымды қаламгерлерден кенде емеспіз.

Сіздерге ұсынылып отырған әдістемелік құрал қазақ әдебиетінің шыңына шыққан шығармаларымен өзі бір төбе боп тұрған халық жазушысы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәкен Нұрмақұлы Жүнісовтің өмірі мен шығармашылығына арналады. Сәкен Жүнісовтің жүрегінің алыптығы, батылдығы, шығармаларының өміршеңдігі өзі кетсе де артына өшпес әдеби мұра қалдырғандығы даусыз. Оқалы сөз бен көркем ойлардың авторы, бекзат, сері жазушымыз Сәкен Жүнісовтің шығармасын жастанып оқып өскен ұрпақтың өкілі ретінде сөзге жомарт жазушының қазақ әдебиетінің айдынында қалықтаған шығармалары талай ұрпақтың тілін сындырып, әдебиеттің соншалықты құдіретті екеніне көзін жеткізетініне сенімдіміз.

Уақыт деген қатыгез сарапшының ақиқатына сенсек Сәкен серінің шығармалары мәңгілік. Саңлақ тұлғаның аузы ашылса көмейінен көркем жыр, тілінен көсемсөз, жүрегінен жыр, домбыра ұстаса әуелеп ән төгілген алабөтен қасиет дарыған дара тұлға.

Ұсынылып отырған әдістемелік құралдан жазушының өмірін, шығармашылығын, ол кісі туралы ойларды, өзінің жазған өлеңдерін, әркезде берген сұхбаттарынан үзінді, шығармашылық кешінің сценарийін, арнау-өлеңдерді және әдебиеттер тізімін оқи аласыздар.

Әдістемелік құрал кітапханашыларға және жазушының өмірі мен шығармашылығы қызықтырған оқырман қауымға арналады.



Деректеме

(1934-2006)


Сәкен Нұрмақұлы Жүнісов 1934 жылы 11 ақпанда Көкшетау облысы, Қызылтау ауданы, Кішкенекөл ауылында туған. Сәкен Жүнісовтің әкесі – Нұрмақ өз ортасына ғұмыр бойы жарық сепкен, елі үшін аянбай еңбек еткен белгілі педагог болған.

С.Жүнісов 1957 жылы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетін бітірген. 1957-1959 жылдары "Пионер" (қазіргі "Ақжелкен") журналында, 1960-64 жылдар аралығында Қазақ драма театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі, 1964 жыл Қостанай педагогикалық институтында оқытушы, 1964-68 жылдары "Қазақ әдебиеті" газетінде бөлім меңгерушісі, КСРО Әдеби қоры Қазақ бөлімшесінің директоры, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы қызметтерін атқарған.

Алғашқы туындысы «Бір шофердің әңгімесі» атты шағын әңгімесі республикалық «Қазақстан пионері» газетінде 1953 жылы жарияланған. Бірінші кітапшасы да «Сонарда» деген атпен балаларға арналған тырнақалды туындысы 1959 жылы жарық көрді. «Әжем мен емші және дәрігер» (1961), «Кімнің мекені жақсы? (1962), «Жапандағы жылғыз үй» (1965 жылы, орыс тілінде 1968), "Ажар мен ажал" (1967), "Тұтқындар" (1972), "Жаралы гүлдер" (1973), "Қызым, саған айтам" (1973), "Қос анар" (1974), "Әр үйдің еркесі" (1975), "Қысылғаннан қыз болдық" (1976), «Ақан сері» дилогиясы (1-кітабы 1971 жылы, 2 кітабы 1977 жылы, орыс тілінде – 1979 жылы). "Кроссворд" (1981), «Алғашқы вагон» (1982), «Өліара» (1986) «Заманай мен Аманай» (1987) шығармалары жарық көрді. Барлық дерлік драматургиялық шығармалары республика және облыс театрларында сахналанды.

Жүнісов - әдебиет пен театрдың, жалпы қоғамның келелі мәселелерін қозғаған жүзге жуық зерттеулер мен сын мақалалардың авторы. Л.Толстойдың, П.Федоровтың, В.Кочетовтың, С.Цвейгтің шығармаларын, О.Гончардың "Перекоп", "Көк адыр" романдарын қазақ тіліне аударған. Өзінің көптеген шығармалары шетел тілдеріне аударылған.


Автордың 2000 жылы «Сәкен сері ел жайында, ел Сәкен сері жайында» кітабы жарық көрді.
"Аманай мен Заманай" романының желісі бойынша 1987 жылы "Заманай" атты көркем фильм түсірілді.

С.Жүнісов ұстаздан да, шәкірттен де жолы болған қаламгер. Олай дейтініміз әдебиет әлемінің асқар шыңын бағындырған классик М.Әуезов ұстазы болса асқар Алтайдың кербұғысы атанған Оралхан Бөкей шәкірті еді.


Перзентін сан қырлы өнері үшін халқы аялап еркелетті. Ұлттық мүдде, ұлт тынысы, халық өмірі Сәкен Жүнісов үшін өмірлік ұстаным болғандықтан, ол қоғамдық-әлеуметтік салада айнымас ақиқат ұғымдар үшін күресе білді. Елім деп еңіреп, туған жерім, ана тілім деп толғанған Сәкен Жүнісовтің еңбегі еленбей қалмады. Ол Қазақ ССР Жоғары Советінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 1986 жылы «Өліара» пьесасы үшін Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Қазақстанның халық жазушысы, Көкшетау қаласының құрметті азаматы атағын алды.

2006 жыл мамыр айында өмірден озды. Жазушының Астана қаласындағы тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды.

Көркемсөздің көк семсері

(көрменің үлгісі)


1 – бөлім: «Әуезовтың соңғы аспиранты»
Бұл бөлімге жазушының жарық көрген шығармалары, мақалалары қойылады.
Дәйексөз: «Кешегі Сәкен, Бейімбет, Мұхтарлар негізгі туындыларын елуге дейін жазғанын ұмытпауымыз керек. Біздің Сәкен де осы жасында біраз іргелі, атаулы туындылар беріп салды»

Ғабит Мүсірепов
2 – бөлім: «Ұлтым деп ұрандаған ұлы тұлға»
Бұл бөлімге жазушы туралы сын-пікірлер, естеліктер қойылады.
Дәйексөз: «Сәкен Жүнісов – туған жерге тамырын терең жіберген Дала жыршысы. Дала болғанда, ғажайып Сарыарқаның – ғаламат сұлу Көкшетау даласының жыршысы»

Зейнолла Қабдолов

Қазақ прозасының құлагері

(Дарабоз жазушы С.Жүнісовтің шығармашылығына

арналған кештің сценарийі)
Оқырмандар залы гүлмен безендіріледі, көрме қойылады, жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған слайд дайындалып, естелік айтатын қаламдастары, ұрпатары, туған-туыстары шақырылады.
Кітапханашы: Жанып бір алсаң жарқылдар нағыз алмастар,

Алмас бар жерде алтының оған болмас пар.

Әлемде мынау аққудың аздығы секілді

Сәкендер аз ғой, Сәкендер аз ғой жолдастар,- деп Серік Тұрғынбеков ақын жырлағандай қазақ халқының маңдайына біткен құлагер жазушысы Сәкен Жүнісовтің шығармашылық кешіне хош келдіңіздер!

Заманының заңғар суреткері, ұлы тұлға Мұхтар Әуезовтің шәкірті, жазушы Сәкен Жүнісов көзі тірі болса 80-ге келер еді. Қазақ ұлтының рухы сонау түркі дәуірі – көк бөрінің ұрпағымыз деп атойлаған кезеңнен бері ешқашан еңкейіп, құлдыраған емес. Ұлтым деп ұрандаған ұлы тұлғалаларымыздың бірегейі, жазушы, драматург Сәкен Жүнісов еді.
Композитор, әнші Қанат Жүнісовтің «Сәкен-Сұңқар» әні орындалады.
Кітапханашы: Иісі қазақ атына қанық, халқы үкілеп «Сәкен сері» деп атаған, әдеби туындыларымен кең танылған, көркем сөз бен оқалы ойлардың аса көрнекті өкілдерінің бірі Сәкен Жүнісов – шығармашылық уақыттың шынайы биігіне көтерілген суреткер болды. Сәкен Жүнісов – сан қырлы тұлға. Ол – әдебиетші, жазушы, ақын, ұстаз, журналист, драматург, аудармашы.

«Басында-үкі, қолында домбыра, аузында-ән, бұл - заманынан озып туған, жастайынан өнер қуып, сахараны сырлы жырына толтырған, сал-серілердің падишасы, ақпа ақын, саңлақ сазгер, дүлдүл әнші Ақан сері Қорамсаұлы». Осы қазақтың маңдайына біткен сұңқары Ақан Серіге Сәкен сері «Ақан сері» дилогиясын жазып, мәңгі ескерткіш «қойып» кетті. Ұлы Абайдан кейін ақын туралы шығармаға тайсалмай қалам тартқан жазушы Сәкен Жүнісов еді.

«Ақан серіге баруыма бірнеше себеп болды. Әуелден мен серілікке құштар болып жаратылған адаммын. Өзім өлең жазғанмын. Домбыра тартамын. Толып жатқан өнердің тізгінін ұстауға талпынамын. Міне, осының барлығы «Ақан сері» романына бастады мені»,-деген екен жазушы.

Ендеше бүгін Сіздердің назарларыңызға көрнекті жазушының атақты «Ақан сері» дилогиясынан Ақан сері мен Ақтоқтының алғашқы кездесуінен шағын театрландырылған қойылым ұсынуды жөн көрдік.

Қатысатындар: кітапханашылар мен оқырмандар.

Хабарлаушы

Ақан сері

Ақтоқты
Ақан сері: Тіршілік нәрін сепкен күн –

Дүние жалын, дүние от,

Тіршілік бойдан кеткен күн-

Сөнген шала, өшкен шоқ.

Хабарлаушы: Сахна сыртынан айтады. (Бұл сол аймаққа әйгілі арлан Бірішекті соғып, аңнан қайтып келе жатқан Көкшетау өңіріне аты жайылған аңшы, саятшы сері жігіт, өз жанынан шығарып айтатын әнші, суырып салма ақын Қорамсаның Ақаны еді)

Ақан сері: Оу, шешелерің ұл тапқандай қуанып, түн ішінде еліріп жүрген кімсіңдер?

Бала: Тауып айттыңыз, ағасы, шешеміз ұл таппағанымен жеңгеміз ұл тауып, соның қуанышымен жүрміз.

Ақан сері: Е,сонда бұларың не, бәйге ме, өздерің бесеу-ақсыңдар

Бала: Жоқ,аға, бәйге әлі алда, біз мына көрші ауылдарағ хабар беріп келе жатыр ек, ел жақын қалған соң жарысып барайық дегеніміз ғой.

Ақан сері: Ол кім жаңа босанған, бұл кімнің ауылы еді?

Бала: Тастан деген адамның ауылы, соның жамағаты, естуіңіз бар шығар?

Ақан сері: Е, білемін, Бақтыбайдың інісі Тастан десейші. Онда бағытымыз дұрыс екен.

Бала: Ал өздеріңізге жол болсын, аң аулап келе жатырсыздар ғой тәрізі. Кім боласыздар?

Ақан сері: Иә, аң аулап келеміз, Қоскөл жақтыкіміз.

Бала: Байқаймын, олжалы көрінесіздер, сауға.

Ақан сері: Ал,ал, ана кейінгі атта бір қаншықтың терісі бар, соны байлан.



Бала: Байлаған соң, арланын байлаңыз.

Ақан сері: Ай, өзің қулау баламысың деймін. Сендердей бозбалаларға қасқырдың арланынан гөрі қаншығы жақсы емес пе?

Бала: Сіз де бұрын аңшылықты қаншықтан бастап па едіңіз?

Ақан сері: Жеңілдім, жеңілдім. Менікі жай әншейін қалжың ғой. Шынымды айтайын, байлар едім біраз мұның сыры болып тұр. Бұл өзі осы өңірді шулатып жүрген арлан. Әдейі елге апарайық деп ек.

Бала: Бірішек шолақ емес пе?

Ақан сері: Иә, дәл түстің үстінен. Немене сенбейсің бе, таңырқап қалдың ғой?!

Бала: Жо-оқ, Бірішекті соққаныңызға сенем, сізді танымағаныма таңырқап келемін. Сіз... сіз Ақжігіт... Ақан аға емссіз бе? Астыңыздағы кер дөнен ғой?

Ақан сері: Сен оны қайдан білдің?

Бала: (аз ойланып, әлденеден қысылғандай бөгеліп, күмілжіңкіреп)

Мұндай бөрінің сырттанын Ақан ағайдай жігіттің сұңқары, кер дөнендей жылқының тұлпары ғана соға алады деп топшылағаным ғой.



Ақан сері: Оудоу дерсің, бізді әулие ғып аспанға бір көтеріп тастадың-ау, Қалқа бала! Сенің атың кім өзі?

Бала: Атым өзіңіз айтқан Қалқа бала,-Аға, «бұра сөйлеген күлкіге жақсы деп», өзіңіз сөзді бұрып әкеттіңіз-ау. Сауғаңыз арлан бола ма, қаншық бола ма, маған байламаңыз, ана жаңа дүниеге келген нәрестеге байлаңыз. Ол да еркек кіндікті азамат қой, ол да жігіттің сұлтаны болар ма екен.

Ақан сері: Балақай, өзің жас та болсаң, сөзің түйеден түскендей екен.-Жарайды Тастанның өзі болса, байламақ түгіл бір қылшығын сипатпас ем, сәби ғой. Байладым. Ал сен өзің бір сырттанды емес, жүз сырттанды байлауға тұрарлық жігіт екенсің, қалқа бала.

Бала: Бәсе,-сізді ақын ғана емес жұрт сері дейтін болыпты. Сері осылай жомарт болса керек-ті. Әйтпесе серінің серілігі қайда.

Ақан сері: Сен өзі мені сынап та келе жатырма ең? Егер менің серілігімді шын сынағың келсе, аң аулағанда сынама...

Бала: Қыз аулағанда сына дейсіз бе?...

Ақан сері: Әй, қу бала, өзің көп нәрсенің ретін білетін сыңайың бар.

Бала: Аға, сіз қыздарды жақсы көресіз-ау деймін?

Ақан сері: Еһ, сен жақсы көрмейтін шығарсың!

Бала: Дегенмен сізді тым бейімірек тұрады дейді. Сіздің «Мақпал», «Кепсер», «Бәтима қызға», «Ақмарал», «Торыны таң асырып мінген қандай» деген әндеріңізді айтып жүреміз. Бәрі де қыз туралы ғой.

Ақан сері: Оларды да білемін де, қу бала. Дұрыс-дұрыс, жастық шағында ойнада күл, жанған шам, жағылған от бір күн сөнер. Әнге, сөзге құмарлық жастық көңілге ынтықтық, жақсыға, сұлуға құштарлық-нағыз жігіттіктің белгісі...Сіздің ауылда қыздар көп пе?

Бала: Бар,жетерлік. Бүгін шілдеханада боласыздар ғой. Көресіз. Өздеріңіз құтты қонақсыздар. Бірақ қандай қыздарды сұрайсыз, аты қыз болса бола ма?

Ақан сері: Айттым ғой, Қалқа бала, сен өзің бір болайын деп тұрған бала екенсің. Дұрыс айтасың. Менің сұрап келе жатқаным шотылар емес, тотылар.

Бала: Қалай дедіңіз, түсінбей қалдым.

Ақан сері: Қыз жақсысын тоты, қыз жаманын шоты дейді. Ал ер жақсысын жігіт, ер жаманын мігіт дейді.

Бала: Дегенмен жаманын демеңізші, Ақан аға, кім жаман болам, кім кем болам дейді.

Ақан сері: Жоқ, жаман дегенге аяғы ақсақ, көзі соқыр кемтарларды, не беті бұжыр, мұрны пұшық кемсіндерді айтып тұрғам жоқ, жаны жадағай, көңілі кір, мінезі тік, ойы тайыз мүгедектерді айтам.

Бала: Ендеше, Ақан аға, жаман қыздар қандай, жақсы қыздар қандай болады.

Ақан сері: Ой-бой, бір сөзбен бітпейтін қияметтің қияметі ғой.

Бала: Білем, аға сіздің қыздарды сипаттап шығарған өлеңіңізді білемін. Әйтсе де, тағы қандайлары болады, тым құрмаса қыз келбетін айтыңызшы.

Ақан сері: Бар әлемге, бар ғаламға атың таныс, жарық ай, сол әлемге бірде келіп, бірде кетіп, көк жүзінде күлім қағып сыланған, көк аспанның ортасына тана көздей, алтын күміс теңгедей, қарағанның көзі тоймас, ойлағанның ойы жетпес сен де бір қыз қызықтырған пендені. Бір сызат жоқ аппақ уыз балбыраған жүзінде, жиі үркерден, шоқ жұлдыздан бұлғақтаған шоқ үкің, құсжолынан жыпырлаған алқа сәнің құс төсіңе қондырған, ерке күліп, еркін жүзіп, көзге түсіп, қолға түспей, іш күйдіріп ойқастайсың алыстан; тыпырлатып төрт аяғын ақ жұлдыздан ақ боз атты ойнақтатып босағаңа қойсаңда да, темірқазық – ертең барар жаңа жұртың суық қарар алыстан; торуылдап сені жалғыз түсіре алмай уысқа, біреу емес жеті жігіт – қарақшылар күнде арманда қалысқан; таң атқанда мақпал шапан етегіңнің бір жалт етіп оқасы, ақ отауға мың бұралып кіргендей, арманда ғып, шерменде етіп тағы ғайып боласың; күншығыстан кірпік қағып, күлімдеп, шыға келген таң шолпаны сенің гауһар сұлу, нұрлы көзіңдей. Екіншісін нұрлы көздің ылғи қысып, жылы жүздіназбенен, әлде жұртты емексітіп, үміт беріп жүрегіңекүйдірердік, өртеп жанды лаулатып, жалыны мол, қызуы көп шоқ тастап, күнде келіп, күнде кетіп жүретұғын аспанында жігіттің, сырың да көп, мінезің де қызық-ай, өн бойыңда, тал бойыңда көп құпия, көп жұмбақ, жерде тұрып, бірге күліп, бірақ іште сыр бүгіп жүретұғын қыздардай.

(Ақан сәл бөгелді де, айға үнсіз тесіле қарап, тағы да жалғады)



Ақан сері: Кейбір кезде шарбы бұлттан перде салып бетіңе, сәулеңді ұрлап, қызықтырып, көз талдырып ұзақ шықпай бұлт астында жүзесің, бірақ жүзің торғын жібек астынан көрінгенде жүрек тербеп, ұзай алмай қасыңнан, қалай ғана алыс кетіп, қалай ғана алыс кетіп, қалай күдер үзесің. Бұлт астынан ақша маңдай бір қылт етіп көрінсе, өзен бойын бойлай өскен жасыл талдың ішінде жасырынбақ ойнап жүрген ерке назды сұлудай, мамық төсін толқынға ұрып, бірде бұрып, бірде бұрмай маңғаз аппақ мойынын, бірге сүңгіп, бірде жүзіп ақ маржанды домалатқан иығынан, жонынан көзге ыстық көрінесің көлдің ерке құсындай; сен болмасаң жолаушының көңілін де түн басып, әлденеге ұрынады-ау байқамай, сен барыңда жетпесе де саған қолы қуат алып, жарығыңнан ұзақ жолда талмай жортып шаршамай жүре берер ұшын іздеп үміттің, нұр себелеп, жебеп көңілін жігіттің аспанында тұра берсең – тілегім сол, қалқам-ай!...

Бала: Ауыл да енді алыс емес. Рақмет, Ақан аға, көңілге көп ой салдыңыз. Күнде көріп, көңіл бөлмеген ай жарығынан, көп жұлдыздан мүлдем жаңа сәуле көргендеймін. Көп нәрсенің мол сырына қанбақ түгілі, ештеме сезбей дүниені бір-ақ қырынан қарап жүреді екеміз. Әттең, қасыңызға еріп, сөзіңізді жиі» тыңдасам, осынау кең дүниенің де, адамдарды да ақын көзімен көріп, ақын жүрегімен ұғынуға үйренер ем. Бірақ...-

Ал енді мен сіздерден озып, елге хабар берейін.



Ақан сері: Сәл бөгелші,-Балақай байқаймын, сен зерделі жастардың бірі сияқтысың. Сырға да берік боларсың. Осы ауылда Бақтыбайдың Ақтоқты деген қызы бар дейді...

Өй, сен соншама неге үріктің. Өзіңнің бір шатағың жоқ па?



Бала:Жо-оға. Бірақ қыз атастырылып қойылған, басы бос емес қой.

Ақан сері: Иә, білем. Сүтемгеннің Жалмұқанына айттырыпты деп естігем. Сүтемгеннің болашақ келіні болған мен, Ақтоқты оның желілеген құлыны, көгендеулі қозысы емес.

Бала: Ол рас қой. Бірақ, Ақан аға, біреудің ауына түскен балықты алып, пәлесіне қалып қайтесіз.

Ақан сері: Ау Жалмұқандікі болғанмен, балық есілдікі емес пе?!

Бала: Есілдің Ақтоқтыдан басқа да ақ сазандары көп қой.

Ақан сері: Әй, бауырым-ай, көбінің дәмін татып жүрміз-ау, су татыған жүзінен, бал татыған бірі артық,-деп ақын айға қарап күрсінді.-Балақай, сөз жарыстырып қайтесің, тоқ етері сол, Ақтоқтыны бір көруге армандамын, оның себебін сұрама. Өзім де білмеймін. Бұл ауылға келіп көруге сылтау таба алмай жүруші ем. Бүгін сәті түскен сияқты. Тек енді сен ағаңа қол ұшын бер. Шілдеханаға әкелуге мұршаң келе ме?

Бала: Тастан ағасы емес пе. Өзі де келетін шығар.

Ақан сері: Әйтсе де.

Бала: Жарайды, қисынын табармын. Бірақ, алдын-ала ырымын жасаңыз. Көрімдігі кейін.

Ақан сері: Апырай, сен тоның суланбай жатып, тонауға кірістің-ау.

Бала: Өзіңіз біліңіз. «Қалмады белде белбеу, баста бөрік, жеңгесін қызды ауылдың сыйлай-сыйлай» депті ғой.

Ақан сері: Егер сен жеңгелікте тұрып, жігіт көңілінен шықсаң, жан пида, шеш биялайыңды.

Бала: Бұл нешінші сақинаңыз, ағасы, кеңдеу екен?

Ақан сері: Әй, өзің қылжақбастаусың ба, қалай. Алтын сақина ұсына беретін Ақтоқтылар көп деп пе ең!

Бала: Ғафу етіңіз, Ақан аға, әшейін сөздің ретімен... Әйтсе де есіңізде болсын, жүйіткіген жүрек болмаса, желіккен жел көңілге жеңгетай бола алмаймын.

Екеуі де сахнадан кетеді.


Ән тыңдалады: Ақан серінің «Торыны таң асырып мінген қандай» әні
Өздеріңіз білетіндей Ақан серінің аңнан қайтып келе жатып кездесіп, сөйлескен қалқа баласы, ер балаша киінген Ақтоқтының өзі болатын. Енді Ақтоқты мен Ақан серінің екінші кездесуінен:
Ақтоқты: Ақан аға, сіз құран оқып отырған жоқсыз ба?

Ақан сері: Жоқ, дұға оқып отырмын

Ақтоқты: Ол қандай дұға, біз тыңдауға болмай ма?

Ақан сері: Махаббат дұғасы, тыңдасаң айтайын.

Ақан сері: «Яман ұйғы, яман ұйғы»

Ақтоқты: Ол ұйықтар алдында айтылмаушы ма еді.

Ақан сері: Жоқ, менің дұғам мезгілге қарамайтын, көңіл-күйіне бағынышты өлеңмен айтылатын дұға:

«...Жаудырап екі көзің отырасың

Тұндырған шай секілді құмандағы.

Көзіме мұнарланып көрінесің

Түлкідей тұра қашқан тұмандағы.

Сен болсаң ал қызыл гүл, асыл еркем,

Мен бұлбұл сайрап тұрған иран бағы.

Құрбыңа назарыңды бір салмайсың,

Кер тағы сияқтанып құландағы,

Қия тас қиынына қонсаң дағы,

Қайшылап қанатымды бұрам дағы.

Жеме-жем қиын-қыстау болса дағы,

Тәуекел майданында тұрам дағы».
Екеуі де бір-біріне қарап, көздері ғана күлімсіреді.

(ортадан Ақан сері мен Ақтоқты кетеді)


Хабарлаушы: Құрметті оқырмандар, бүгін назарларыңызға Сәкен серінің Ақан серісінен үзінді келтірдік. Шырайлы шығармамен таныс оқырман оқиғаның қалай өрбігенін білесіздер, ал жазушының бұл шығармасымен әлі танысып үлгермеген оқырмандарымыздың қызығушылығы оянып, осы шығарманы түгелдей оқып шығады деген үміттеміз. Назарларыңызға рахмет!
Кітапханашы: Қазақ әдебиетінің қос тізгіні – проза мен драматургияны қатар ұстаған, тынысы кең, қуаты мол, қарымды, дарынды қаламгер Сәкен Жүнісов кейіпкерлерін сол кездегі дәуір тілімен сөйлетіп, қоршаған дүниені сол кездің санасына сай бере білген. Ұлттық дүиетанымды тарихи кезеңдік тұрғыдан берудің үлгісін жазушы С.Жүнісовтің прозалық шығармаларынан байқай аламыз. «Әуезовтің соңғы аспиранты» атағы бар. Қазақ әдебиетінің қуатты толқынының алдыңғы сапында тұрған жазушының шығармалары өміршең. Көкшенің сұлтаны атанған көсемсөздің көк семсері Сәкен сері қазақтың маңдайына біткен қаламгер.
Ән тыңдалады: Ақан серінің «Балқадиша» әні
Кітапханашы:

Енді жазушының өмірі мен шығармашылығынан викториналық сұрақтар ұсынамыз.



  1. С.Жүнісов қай жылы туған? (1934 жылы)

  2. С.Жүнісовтің ең алғашқы кітабы қандай және қай жылы жарық көрді? (1959 жылы, «Сонарда)

  3. С.Жүнісов Мемлекеттік сыйлықты қашан және қай шығармасы үшін алды?(1986 жылы «Өліара» пьесасы үшін)

  4. Атақты «Ақан сері» дилогиясы қай жылы жарық көрді? (1971жылы)

  5. «Заманай мен Аманай» романындағы апасы мен немересінің аттарын атаңыз? (Балзия – апасы, немересі-Аманай)

  6. Ақан серінің атының аты? (Құлагер)

  7. Құлагер кімнің асында мерт болды? (Сағынайдың)

  8. С.Жүнісов қай жылы өмірден озды? (2006 жылы)


Кітапханашы: Тәңірі нұрынан жаралып,
Тәңірі нұрынан нәр алып,
Көркі мен көңілін көктетіп;
Бұдырайған шекесінде бозжусан бұрқыраған
Аспантектес Қазақтың
ұлан-ғайыр аппақ жүрегіндей аңқылдап;
Кермаралдай көркем керілген
Сарыарқаның ырыс шылқыған төсінде,
Жанарында жарық дүние мың құбылып-билеген
Көкшетау!,- деп Бауыржан Қарағызұлы жырлағандай қазақтың аппақ жүрегіндей аңқылдаған, тәңір тіліне тамырлы сөздерін тамызған асқақ жазушы көрікті Көкшеде дүниеге келсе де, бүкіл қазақ даласының ұлы болып кетті.

Табиғи дарынмен қоса ұлттық сезім берген от тілді, кестелі сөзді қазақтың біртуар қаламгері Сәкен Жүнісовтің шығармашылығына арналған кеш осымен аяқталды. Өмір кестелеріңіз жазушының шығарма тіліндей өрілсін!

Көріскенше сау-саламат болыңыздар!

Шығармаларына саяхат
Романдары...

Сәкен Жүнісов «Жазушы халық арасында жүргенде, ол дүние алақанында, ал, жазу столында отырып өзімен-өзі жападан-жалғыз қалғанда, дүние – оның алақанында», деп Рамазан Тоқтаров айтқандай, аз жазса да өте құнды дүниелерді ұрпағына қалдырып кетті.

Көркем әдебиет өзінің айтайын деген ойын образ арқылы береді. «Жапандағы жалғыз үй» романы да көркем образдарға бай. Бұл романы қазақ жеріндегі болған сол кездің бір үлкен жаңалығы тың игеру кезіндегі сан түрлі оқиғалардың қыр-сырын баяндайды, идеологиялық саясаттың ықпалымен іске асқан тың көтерудің де астарлы саясаты болды. Осы тақырыпқа да тайсалмай барды жазушы. Бұл романында үлкен әлеуметтік мәселелер көтерді.



Повестері... «Заманай мен Аманай» повесі-қазақ прозасына әкелген олжасы. Коллективтендіру кезеңіндегі әлеуметтік-тарихи шындықтың бетін ашып көрсеткен боямасыз дүние. Тағдырдың талайына түскен қазақ жұртының күйін суреттейді. Балзия болмысын тұлғалап қана қоймай, сонымен бірге оқиға желісін ширата түседі. Сұңғыла жазушының бұл шығармасы сол отызыншы жылдардың трагедиясын үлкен көркемдікпен аша білген шығарма. Әдебиет деген болмысы бөлек әлемнің марқасқасы Сәкен Жүнісовтің шығармаларының өзіндік айшықтары бар.

Ғабит Мүсіреповтің: «Сен заманынан кеш әлде ерте туған талантсың. Сегіз қырлы деген сендей-ақ болсын, мен саған сері деген ат бердім деген екен. С.Жүнісовке сері деген ат Ақан сері дилогиясын жазғаны үшін ғана емес, шынында да сол атқа лайық болған соң ұлы Мүсіреповтің ұлы классик М.Әуезовтың «мәңгілік аспирантына» берген лайықты бағасы деп білеміз.

«Ақан сері» дилогиясы өте терең жазылған дүние. Өмірде болған, өз заманының тек қана әншісі емес суырып салма ақыны, сазгері, отырған жерінде сол өзі өмір сүрген қоғамдағы әділетсіздіктерді сойып айтатын қайраткер Ақан сері Қорамсаұлының өмірімен байланыстырылған шығарма. Бұл шығармасында Ақан серінің аузына уытты сөздер салғаны, арлан Бірішек пен Құлагерді сөйлеткені дилогияның бір ерекшелігі.

Осы дилогиясында Ақанның атақты Сағынайдың асына елден жалғыз барғаны, онда жылқы болса да серігі болған Құлагерінен айрылып келгені баяндалады. Астағы болатын бәйге жарысына Құлагерді дайындап жатқан Мөңке балаға жиылған жұрттың келіп тұлпарға көз салғандары ұнамайды. Осы көпшілік жиылған ортаға келіп Күреңбай тұлпарды біраз сипаттай келе: кез-келген жылқыда, өздерің білесіңдер, он екі қабырға болады. Ал, Құлагерде бір қабырға артық,міне, қанат деген сол қабырға,i көріктей өкпені қыспай, кең тыныстауына бірден-бір себеп сол,-деген еді. С.Жүнісов осы бір қабырғасы артық жаратылған Құлагердей жаратқанның ерекше пейілі түскен, дарабоз, тынысы кең, артық қабырғалы, сөзден сурет салған қаламгер.



Драматургиясы:

Драмалық шығармаларға қалам тартқан бірден-бір жазушы Сәкен Жүнісов.

«Тартыс пен мінез драмалық шығарманың негізі. Кез-келген драмалық шығармада тартыс пен харатердің қызметі баяу болса, ол – табиғаты толық сахналық шығарма емес. Прозалық, я поэзиялық шығармадан ажыратып тұратын басты белгі – тартыс.-деп М.Әуезов айтқандай, жазушының драмалық шығармаларындағы кейіпкерлерінің арасындағы тартыс ширақ, мінездері шебер сомдалған.

«Өліара» пьесасы да заманына сай бағасын алған туынды. Лениннің сахналық бейнесін қазақ сахнасына тұңғыш жасаған драматург.

Сәкен Жүнiсовтің кейіпкерлері мінезді.

“Жаралы гүлдердегi» Баттал характерi пьеса басталғанынан соңына шейiн өзгермей, әлсiремей сол бiр қалпында сақталса, «Қызым, саған айтам …» пьесасында ерлi-зайыпты Мұрат пен Разияның мінез-құлықтарын қарама-қайшы етіп көрсетедi. Отбасы Мұраттың бойына кеңпейiлдiк мiнез дарытса, ал Разияға жалған сұлулық пен жеңiлтектiк мiнездi сыйлаған. Шүйкетай характерiн жолы болғыш жан есебiнде береді.

«Кроссворд және әзiл маскарад» комедиясы кейiпкерлерi характерларын бiр-бiрiне ашқызуы – ерекше құбылыстардың бiрі.

«Ажар мен ажал» пьесасы қазақ әйелінің тағдырын суреттесе, “Кемеңгерлер мен көлеңкелер”- кеше ғана дүниеден өткен ұлы адамдар: Мұхтар, Сәбит, Ғабиттердiң өмiрлерiне арналған алғашқы драмалық шығарма. Қазақтың маңдай алды ұлдарының араларындағы пендешiлiкке барысқан тұстарын көркемдiкпен шебер танытады. Өмiрде болған тұлғалы бейнелер болғандықтан, кез-келген драмашы бара бермейтiн тақырыпты драматург Сәкен Жүнiсов көркемдiк шеберлiгiмен көтерiп, жоғары алып шыққанына көз жеткіздік.

«Қылмыскер» атты пьесасы жарыққа шығып үлгермеді, 2003 жылы жарияланған ұлттық «Астана-Бәйтерек» конкурсында бас жүлдені жеңіп алған. Бұл пьесасында заманның шындығы суреттеледі. Кейіпкері көп емес бұл шығармасында қоғамдағы белең алған келеңсіздіктерді ашып айтады. Шет ел асып жатқан қазақтың қаракөздері, сатылып жатқан жерді т.б. сөз етеді.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: ««Ақан сері» романын жазған Сәкен серінің Абылай хан туралы да жақсы роман жазатынына күмәнім жоқ: бірақ соның алдында Абылай хан өмірінен, тіпті қазақтың көне дәуірінен бастап киноға неге сценарий жазбайсыз?»,- деген екен бір сапарлас болғанда. Бұл тақырыпқа да барды, жазушы.

С.Жүнісов сценарийді режиссер қызметіне ыңғайлап, оқиғасын Абылай хан төңірегіне жинақтап, композициясы, көркемдік шарттарын кино жанрына лайықтап, драмалық шығарма етіп жазды. Бірақ, ол киносценарий бойынша белгісіз себептермен кино түсірілмей қалды. Шығармаларындағы адамдардың образдары арқылы оқырманының сезіміне әсер ететін, әдемілікті түсініп, мінез-құлықтарының жақсаруына көмектеседі.
Сәкен серінің «Заманай мен Аманай» романының желісімен Болат Шәріпов «Заман-ай» фильмін түсірді. Шебер түсірілген туынды болса да, бір роман көтерген жүкті бір фильмге сыйдыру мүмкін емес. Фильмнің басында ауыл ақсақалының қой сойыларда «Елін жеріне ие етсін, ерін еліне би етсін» деп берген батасы фильмнің көркемдігін аша түседі.

Өмірлі, айшықты романдар, «Ақан сері» сияқты атақты дилогия, театр сахнасында қай кезде болмасын қойылатын драматургиялық шығармалар жазған Сәкен сері былай деген екен:

«Адамның жеке басының бақыты – он екі мүшесінің саулығы, бақытсыздығы – сол он екі мүшесін орынды пайдалана алмауы.

Ел бақыты – ұлтының амандығы.

Ұлт бақыты – тілі мен жерінің амандығы.

Ұлты азса – елдің бақытсыздығы.

Тілі мен жері азса – ұлттың бақытсыздығы.

Бақытқа жету – мақсатқа жету.

Мақсатқа жету – арманға жету».

Ендеше, әдебиет деген әлемнің көк аспанында дара, жарқырап жанған

жұлдыз тұрса, ол қаламы ешқашан қалғымаған қаламгер Сәкен серінің жұлдызы деп біліңіз!

Сәкен серінің сұхбаттарынан:
(Жазушылық тілінен бөлек адами болмысын танытатын

пікірін білу үшін әркезде берген сұхбаттарынан үзінді беруді ұйғардым)


Журналист: Сәке, бақыт дегенді қалай түсінесіз. Суреткер ретінде, адам ретінде өзіңізді бақытты санайсыз ба?

Жазушы: Меніңше адам баласының жеке басының бақыттылығы он екі мүшесінің саулығы. Сол он екі мүшенің біреуі жарамсыз болса, не орынсыз қолдансаң – бақытсыздығың...

Менің жазушы ретіндегі бақытым: жазғандарым іске жарап жатыр. Сол үшін бақыттымын. Ал мінезге келсем... Қырсық емеспін... Бірақ бюрократизмді жек көрем! Біреу үстімнен билік айтып: анда бар, мында бар дегенді суқаным сүймейді! Менің әке-шешем екеуі де 30 жылдан партия қатарында болған дәрежелі қызметкерлер еді. Мен партияға өтпей қойдым. Өтсем, партиядан баяғыда-ақ шығарып жіберер еді. Мәселен, нашар бастығыңды, өтірік болса да сыйлауың керек. Мен өтірік сыйлай алмаймын! Адам жақсы болса, үлкен бе, бала ма, бәрібір шын сылаймын!

Құдай тағала, осындай мінездеріме қарай талант берді. Соның арқасында көп адамдарға қарағанда тәуелсізбін. Сол үшін бақыттымын!
«Көкшетау» газеті, 1993 жыл
-Көп адам «Болашақты ойласам, қорқамын» деп жатады. Бұл тұғырда сіздің көңіліңізді күпті етіп жүрген жәйттер бар ма? Әдебиетке не тұсау болуы мүмкін?

-Болашаққа алаңдамайтын адам жоқ. Өзіңнің ұрпағыңды ойлайсың. Ең болмағанда, әуелі, балаларыңның жағдайын ойлайсың. Өзіңнің балаңнан бастап ойлағаннан кейін, сен ұрпақтың жағдайын ойлайсың. Балаң жалғыз өмір сүрмейді, балаңның айналасында өзінің ортасы болады. Баланың достары болады, балаңның құрдастары болады, замандастары болады. Сен жасап кеткен өмірді ары қарай алып кетуде, тізгінді алуда оларға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Сен қалай десең олай де ол кейінгі ұрпаққа тиетін нәрсе. Сондықтан, ұрпағың қалай алып кетеді, қазағыңның атын қалай жоймай жүреді деген мәселеде, ең бірінші тіл мәселесі, ұлт мәселесі, жер мәселесі қатты ойландырады. Осы үшеуі ғой біздің ұлтты ұлт жасап тұрған. Тілің құрыса, ұлтың жоқ. Жерің құрыса да ұлтың жоқ де. Сондықтан, ұлтты жасайтын тіл менен жер. Біздің қазақтың тілі, қазақтың жері. Ендеше, ол туралы қалай ойланбайсың. Қолыңнан келсін-келмесін, қолыңда билік жоқ, қолыңда мөр жоқ, сонда да біз жатпай-тұрмай ойлаймыз. Дөңбеекшіп жататын кездеріміз болады. Соның бәрі ұрпақтың жағдайы. Абай «Қорқамын кейінгі жас балалардан» деді. Абайдың ар жағында айтатын сөзі бар. Шенге, шекпенге құмар болып бара жатыр. Оқуды тек шекпен кию үшін, шен тағу үшін оқиды.

Міне, осындайдан қорықты бай. Ол ұрпақтан қорыққан жоқ. Ұрпақтан қорықса, болмас еді, онда түңілу, пессимист болар еді. Ал, Абай оптимист адам. Абайдың айтып отырғаны –осы оптимистік нәрсеме бөгет болатын осылар-ау деп айтып отыр. Сен шекпен кию үшін оқыма, адам болу үшін оқы. Әке баласы болу үшін емес, адам баласы болу үшін оқы деді. Ол, тіпті, қазақ баласы болу үшін деп те отырған жоқ, адам баласы болуды айтып отыр. Адамзаттың ортақтығын айтып отыр. Адамзатқа болсаң, сен қазақ дүниежүзіне адам бола аласың деген сөз. Абайда айтылмаған сөз жоқ қой, жарықтық. Сондықтан, бізде болашаққа қалай қарайсың дегенде, осы түңілушілер бар.

«Әдебиет айдыны» газеті, 24 ақпан 2005 жыл.

Сәкен серінің қаламынан тамған жыр жолдары...
Абылай рухына ұрпақ баяны
Қондың ба, Абылай хан, тұғырыңа,

Іліккен соң ғасырдың құрығына.

Ұмтылған соң ұмытпауға ұрпағыңның

Жібермеді-ау қу заман ырығына.


Енді создық күнгейге қолымызды,

Қайта танып оңы мен солымызды.

Жіберсін бе, әйтсе де, белуардан

Шым батқан сортаң жердің соры бізді.


Жетіле қойғамыз жоқ бірден әлі,

Оңай шыға қоя ма кірген пәле?!

Тұтаса алмай, етек-жең жинай алмай,

Түргеміз жоқ самалға іргені әлі.


Әлі де кей жетесіз таласып құр

Әр жүздің тұманында адасып жүр

Түртпектеп, қазағым-ай, бірін-бірі

Көк инені жүгіртіп, қадасып жүр.


Адасып жүр, кей пақыр, шатасып жүр,

Тек қамын қара бастың қарасып құр,

Қарадан хан шығарын білгеннен соң

Қанын беріп хандыққа таласып жүр.


Кей сабаз именбей Ел ордасында

Батып жүр жеке бастың олжасына

Албастымен алысу оңай емес

Қанша айбынды болғанмен Ел басына.


Ендеше,аптықпайық, асықпайық.

Піскен асқа дейді ғой қасық дайын,

Қасық болмай, қазағым,асық болып

Орындайық арманын Абылайдың.


«Абылай мен Нұрсұлтан арасы бір

Қосылған қос қырандай қарасып тұр,

Арманы мен мақсаты, тілегі ортақ

Екі ғасыр тұтасып, жарасып тұр».



(1999 жыл. Көкшетау. Абылай хан ескерткішінің ашылу

салтанатында сөйленген сөз. Қысқартылып алынды)

Ана қиын

(Әні бар)


Ботасынан боз інген көз жазбайды,

Өсіруден онда жоқ өзге қайғы

Жазым болса сол ене, жетім бота

Күн боздайды, дәрменсіз түн боздайды.


Сәби жанын әлдилер нұрға бөлеп,

Мәпелейтін ананың орны бөлек,

Жазым болса сол ана зар илейді

Көкірегі өртеніп, сорлы бөбек.


Әйел өлсе, қаңырап қалар үйің,

Ошағыңнан өткендей ала құйын,

Жалғыз қалған әкеге жар табылар

Жаутаңдаған балаға ана қиын.


Іздегенге табылар жер ұйығы,

Сұлудың да неше бір кермиығы,

Шын іздесең табылар бәрідағы

Ана табу жетімге – ең қиыны.



Жүрекжарды…
Сәкен
Сөз дегенің неткен жұтаң... іздегенге таптырмас,

Әншейінде бақ-бақ етіп, көлге жылқы жаптырмас.

Сәкен деген шалқар дария. Қазақтың кең дариясы,-

Қазір – дауыл... қазір – аппақ... ашық аспан дақ тұрмас.


Сері менен серкеліктің айырмасы бола ма?

Ерлік пенен еркеліктің айырмасы бола ма?

Осы төрт сөз шынжыр құсап біріккенің өзінде

«Сәкен сері» деген сөзге бола алмайды балама!


Еш балама табылмайды – қазақ туған Сәкенге-

Сәкен ғана – Ай секілді –Көкшетаудай мекенге,

Сексен көлдің ортасынан серпіп ұшқан қанатын

Қасиетті пірдің құсы – Ұшпайды Аққу бекерге!



Өтежан Нұрғалиев
Серінің соңы
Таба алмай тұрмын теңеуін,

Жалғаннан неғып жөнедің?!

Сеңгірдей көкпен таласқан,

Серінің соңы сен едің.


Биікте тұлғаң – ең шынар,

Өмірде саған енші бар.

Заманмен жаңа заңдасқан,

Серінің басы сен шығар.


Ақан серінің өзі едің,

Ата-тегімнің көзі едің

Жапанда жалғыз қарағай,

Өрт шалып кеткен өзегін


Құлагер мұнда құлаған,

Сорлы Ақан сонда жылаған.

Байқайсыңдар ма ағайын,

Ұқсап тұр соған – бұл адам!

Түсінбес бәлкім хас надан,

Бөлек қой бағаң басқадан.


Асығып жеткен

Астанаң,

Астанаң-


Мәңгі баспанаң!

Серік Тұрғынбекұлы
Өмір сүйдің, сүйдің аққу өлеңді,
Күнің таяп, жүрек жаулап өртенді.
Сонда дағы халқыңа сен арнадың,
Өлең деген жұмсақ жылы көркіңді.

Жазушы едің жастайыңнан азулы,


Сүйдің әркез заман жайлы жазуды.
Бірақ, бірақ ұмытпадың бір сәтке
Жүректегі өлең деген аруды.

Бұл өмірдің көріп небір азабын,


Шын жүректен тебірене жазамын.
Дәл өзіңдей мен де бір күн жан болам
Сүйетұғын, сыйлайтұғын қазағын!

Болат Көкнұр

Кетіп жатыр қатарлар бірге жүрген,

Тым ертерек қоштасып гүлді өмірмен.

Алғы күнде жолығу жоқ енді деп,

Аялайсың соларды бір көңілмен.

Қатарым-ай қарайтын қабағыма,

Шуақ сыйлап жүретін жанарыма.

Ескіні де есіркеп бір көңілмен,

Бір жүрекпен сүюші ек жаңаны да.

Басымыздан бұл дәурен өтер дедік

Бірімізге-біріміз сүйеніш боп,

Бірімізді-біріміз жетектедік.

Алдан үміт көп күттік арды баспай,

Көрінуші ең көзіме мәңгі жастай

Сырласушы ек,бауырым, сыйласушы ек

Аға-інідей немесе жан құрдастай.

Бәйге алдынан қашанда сені көрдім,

Көп еді ғой қиялға берілер күн.

Қазақтағы біз білген Сәкен сері,

Соңы болып жүрмегей серілердің.

Қашаннан-ақ халықтың тарланды ері

Жылаттың-ау жанымды таңнан бері

Ән шырқасаң әніңе қосылатын

Орман-көлі қазақтың арман жері.

Той емес-ау өмірдің арты кілең,

Тауға шықтың тағдырдың тәртібімен.

Шын жігітке берілер сегіз қырдың

Бәрі сенде бар еді артығымен.

Кейде солып көңілдің гүл талабы,

Биікті де қайтерсің бұлт алады.

Рухың халқыңмен бірге жасап,

Талай шыңға шығасың шырқап әлі.

Тұманбай Молдағалиев

Тірі жұлдыз сөнді бүгін,

Жарқылын шашқан жан-жаққа.

Шықты Астана сүйікті ұлын,

Шығарып жолға салмаққа.

Көз жұмды өнер пырағы,

Қазақтың ғажап дүлдүлі.

Самғаған қыран құлады,

Сайраған бұлбұл тынды үні.

Шаршы топ тұрар бас иіп,

Сол еді-ау жігіт озығы.

Заңғарға жетті ең биік,

Сөз гүлін төгіп өз үні.

Тұлпар десең тұлпар сол,

Бәйге жоқ оны қарсы алмас.

Ән-күйге ынтық, іңкәр сол,

Алдына тірі жан салмас.

Құлагер мұңын қозғаған,

Шұрқырап шықты құлындай.

Болса да Ақан өз бабам,

Жалғасты Сәкен ұлындай.

Таппады тыныс бір ауық,

Әр саққа терең бойлады,

Сұм жалған еккен шырмауық,

Шырматпай оны қоймады.

Өксікті тұрсам жоя алмай,

Кетпессің бауырым көңілден.

Ұйқыда жатып оянбай,



Қапыда кеттің өмірден.

Кәкімбек Салықов
Жылдар...Жылдар...Жылдар...



Каталог: sites -> default -> files
files -> Жамбыл атындағы республикалық жасөспірімдер кітапханасы Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда
files -> Ермұхан Бекмахановқа Сыздайды жаным, мұздайды қаным, жан аға!
files -> Жамбыл атындағы Мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасы Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда
files -> Қызылорда облысының жер – су атаулары қызылорда, 2013 жыл сыр елі қызылорда облысы
files -> ОҚу курсының каталогы 050117 қазақ тілі мен әдебиеті
files -> Өмірбаяндық деректеме
files -> Жиырма үш жыл бір ғұмыр
files -> Пәнінің мұғалімі Ищанова Эльмира Абайқызы Қазақ әдебиеті ( 6 «б» сынып ) Сабақтың тақырыбы


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет