Егемен Қазақстан. 2010. №487-491. 16 қараша Мәмет С. Мұраты мығым Мұратхан



Дата02.07.2018
өлшемі48,1 Kb.

Егемен Қазақстан. - 2010.- №487-491.- 16 қараша

Мәмет С.

Мұраты мығым Мұратхан


Мұратхан Егінбаев 1958 жылы Целиноград қаласындағы ауыл шаруашылық институтының сәулет өнер факультетіне оқуға түседі. Осы институтта домбра үйірмесін ашып, сол үйірменің жетекшісі болып, оқуы мен өнерді бірге алып жүреді.

Әннің құдіреті туралы Абайдан асырып айтқан адам жоқ болу керек. Ұлы ақын “Әннің де естісі бар, есері бар” дейді. Қазақ осының ес­тісіне құлақ түріп, есеріне мән бермеген, ән деп бағаламаған. Содан да болу керек аспан­дағы аққумен үндескен, алтын ғасырлардан бізге жеткен әуендердің халқымызбен бірге жасап, заманмен жаңарып келе жатқаны. Жасыратыны жоқ, қазір әнші де көп, ән де көп. Бірақ, әуені тарсыл-гүрсіл, орынсыз ай­қау-шуға толы, егіз қозыдай әнсымақтар кө­бей­­іп, оны орындайтындардың біразы жұлдызбын деп жұлқынып жүр.

Жұрт шын қабылдап, жүрегіне ұялатпаған ән деп жүргендердің қызыл-жасыл қызуы жылдар өте келе жыраға сіңген судай ұмыт болатыны анық.

Теңіз түбінен сүзіп алған маржандай асыл әуендер ғасырлардан ғасырларға жалғасып, ұр­пақ­тардың рухын оятып, санасына сәуле тү­сіріп, көңілінің көкжиегін кеңіте беретіні шүбәсіз. Бұған уақыт сынынан сүрінбей өтіп, өмір өткелінде өкпесін өшірмей өрлігімен та­ныл­ған айтулы арғы жауһарларымыздан бір мы­сал келтірер болсақ, Ақан серінің “Құ­ла­гері”, Біржан салдың “Ақ сисасы”, Естайдың “Қорланы”, Мәдидің “Қарқаралысы” – осылайша жалғаса беретін ұлт руханиятының арқаулары ойымызға орала береді.

Біз неге бұлайша әңгіме желісін тереңнен қозғап отырмыз дегенге келсек, алдағы айтқан парасатты әуендерді жалғастырып келе жатқан азамат туралы ой өрбітер тұста алыптардың өнердегі ұлылығы еске түсе берген еді. Ол – халықтық дәстүрдегі әндердің әдемі үлгісін қалып­тастырған, Астанадан алыстағы ауылда жүріп-ақ қарапайым қасиетімен келісті туындылар жазып, қалың жұртты тәнті еткен, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Мұратхан Егінбаев. Сазгердің қай шығармасын алсаң да қазақтың қара домбырасымен ұштасып, әншінің үнімен ажары ашылып, өз тыңдармандарын баурап алады. Ұлттық нақыш, бұйдасын үзіп, бұзылмаған халықтық қалып әдемі үйлесім табады.

Өзінің таңдаған мамандығы сәулетшілік пен композиторлықты күймеге қосқан қос тұлпар­дай қатар алып жүріп, небір айтулы әндерді өмірге әкеліп, халықтың игілігіне айналдыруы – оның талантын көрсетеді. Әсіресе, өткен ғасырдың 80-ші жылдары сазгердің “Үш арыс” әні ерекше ілтипатқа бөленді. Кері заманның кесірі, зұлмат дәуірдің зұлымдығы қазақтың сүт бетіне біткен кереқарыс қаймақтарын қал­қып алып, қара түнекке қамап, артынан жер жастандырғаны тарихтан мәлім. Сол алапат дәуірдің құрығына ілініп, құрбаны болған, әр қайсысы ұлтымыздың бір-бір дәуіріндей дара ұлдары, бойларына қазаққа тән қасиеттердің бәрі дарыған дарындары Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин туралы көрнекті ақын Кәкімбек Салықовтың сөзіне жазылған сол “Үш арыс” әні 80-ші жылдардың ор­тасына қарай сахна төрінен, теледидар бе­тінен, радиодан берілетін концерттерден бір рет те түскен жоқ. “Кең даланың кемеңгер пер­зент­тері” деп биік рухта асқақтап барып, “Ақ­сұң­қарын, дауылпаз бұлан ерін, Күйші дала құс қанат Құлагерін, Үш арысын қайтарып құ­шағына, Ардақтайды сал­та­нат құрады елім” деген шу­мақ айтылғанда шыңға қа­нат қаққан қы­ран­дай әуелеп барып, “Тар ке­зеңде бір­ле­сіп, Бар қатерді бір кешіп, Еңі­реп туған елім деп, Қа­зақ­тың ірілері – Абайдың інілері: Сәкен, Ілияс, Бей­ім­бет” деп түйіп тастайтын тұсы рухыңды өсіріп, жан дүниеңдегі қал­ғып кеткен ой ұшқындарын оятатын. Отаншылдық сезі­мі­ңе нәр құйып, арыс­тар­дың азапты өміріндегі ақи­қатқа көз жеткізгендей бо­латынсың. Сазгердің әнінің құдіреті, ақынның сөзінің алымы осындай жақсы шы­ғармада танылатынына бұл туынды дәлел-дәйек болары айдан анық.

Үш арыстан басталған алаштың ардақты­лары туралы Мұратхан Егінбаев ондаған әндер жазды. Батырлық пен батылдықтың, ақылдың айбыны болған халқымыздың жақсы мен жай­саңдарына, бағландарға арналған шығармалары да бір төбе. Олардың қатарында “Асанқайғы”, “Абылай”, “Қаракерей Қабанбай”, “Райымбек баба”, “Махамбет”, “Шоқан”, “Құрманғазы ке­мең­гер”, “Абайым”, “Жамбыл ата” туралы көр­кемдігі келісті,  тәрбиелік мәні жоғары, та­рих­тың әр кезеңінен сыр тартқан, елі мен жерін жаудан қорғап, ұрпағына  өлмес мұра қалдырған  әндерімен қатар, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің құрбанына айналған Қайрат Рысқұлбеков туралы “Қайраттың аза­сы”, “Желтоқсан таңы” секілді туындыларын жазып, жұртшылыққа ұсынды. Бұл елдің ел­дігін танытатын, халықтың қадірін арттыратын, пәс көңілді зорайтып, түскен ұнжырғаңды кө­теретін патриоттық әуендер қазақ даласының төрт бұрышына түгел жетті десек, артық айт­қандық емес.

Ұшып-қонған жеңіл әуеннен алыс жүретін Мұ­ратхан Егінбаевтың соңғы кездердегі шы­ғар­малары тәуелсіз Қазақ елінің бақ пен бағына, шаттығы мен шалқар даласына, Арқа төсіндегі айбыны асқан Астанасына арналған. Мысалы, ақын К.Салықовтың өлеңіне жазыл­ған “Біз қазақпыз – азатпыз”, “Есілдегі Астана”, Ш.Уәлихановтың сөзіне жазылған “Астана – Ақорда” әндері сол сөзімізге мысал болса керек. Оның имандылық, ибалылық туралы белгілі ақын Сәкен Иманасовпен шығармашылық бірлікте жазған туындылары, жыр дүлдүлі Мұқағали Мақатаевтың отты да ойлы өлеңдеріне домбыраның екі ішегін тербеп отырып шығарған әуендері тыңдаған адамның жүрек қылын тербемей қоймайды.

Бүкіл саналы  ғұмырын ел ішіндегі сәулет өнерін дамытуға арнаған айтулы өнер иесінің әуезді әндерін қазақтың тума таланттары Қай­рат Байбосынов, Жәнібек Кәрменов, Рамазан Стамғазиев, Майра Нұркенова, т.б. өнердің  туын көтеріп, өрісін кеңейтіп, өркенін өсіріп жүрген шын дарындардың орындап жүргенінің өзі сазгердің қарымының ерекше екенін дәйектейді. Оның мықты туындылары өз Отанымызда ғана емес, шет­­елдіктерге де кеңінен таныс. Тіпті, отаншылдық рухтағы әндері оқулықтарға еніп, ұл мен қыздың бойына нәр беруде.

Ол көптеген ән байқау­ларына қатысып, жүлдегер атан­ған. Тәуелсіз елімізде жа­рияланған бәйгелерде ба­ғы жанып келеді. Айталық, 2001 жылы “Жаңа ғасырға – жаңа ән” байқауында “Абылай хан” атты туы­н­­ды­сы гран-приді иеленсе, 2004 жылы “Елім менің” атты ту­ындысы үшінші жүлде алыпты. Осы секілді қол жет­кен табыстарын тізе бер­­сек, әңгіме желісі біраз жерге ұзары анық. Халық таныған, жұрты қадірлеген, ұрпағы сыйлаған азамат туралы қазақ өнерінің айтулы өкілдерінің бірі, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мың­жасар Маңғытаевтың мына бір жүрекжарды сөзін қалың қауымға ұсынсақ, Мұратхан Егін­баевтың бүкіл өнердегі болмысы айқындалары сөзсіз. “Мұратхан Егінбаевтың шығармашы­лы­ғына зер сала үңілер болсақ, оның дәстүрлі әндер шығаруға жақын екенін аңғаруға болады. Оның шығармаларын ести отырып қазақтың кең-байтақ даласын, мұрныңды жарар жусан иісін, сонда туып, халқы үшін басын бәйгеге тіккен азаматтарды көріп-білгендей сезінетінің бар. Оны Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Сегіз сері сияқты халық композиторларының ізін жалғастырушы деп қарауға болады”, – дейді көрнекті композитор.



Сөз соңында айтарымыз, мұраты мығым Мұ­ратхан Егінбаев бүгінгі жеткен биігім ертең­гіге өлшем емес деп ұлтымыздың ұлылығын, жұртымыздың керемет қасиеттерін, тарихта аты қалған алыптарын, Алаштың ардақты ұлдары мен қыздарын алдағы уақытта ән әуезінде өрнектеуді мақсат етіп отыр екен. Оның ел ал­дындағы есебі болып есептелетін, бүкіл шы­ғар­масын қамтыған кеші елордадағы Президенттік мәдениет орталығында алдағы сәрсенбіде өтеді. Оған халқымыздың ән өнерінің айтулы өкіл­дері қатысып, жұртшылықты Егінбаев туын­ды­ларымен сусындататын болады.
Каталог: docs
docs -> Рефераты қызылорда, 2013 ж
docs -> Ұлы пайғамбар ( с. ғ. с.) ұлықталған ғибратты кеш Наурыздың 11-і, қасиетті жұма күні Елордамыздағы Конгресс-Холл сарайында «Нұр Астана»
docs -> "Псюхе" ұғымы келесі мағынаны білдіреді
docs -> C мінез-құлық d санадан тыс
docs -> Бердіқожа назгүЛ бердіқожақызы зейнолла Шүкіров өлеңдерінің жанрлық, көркемдік ерекшеліктері
docs -> Анықтама басылымдар 070(574) Қ 17 Қазақ телевизиясы
docs -> Мадиева жансая қойшыбайқызы абай Құнанбаев, Мұхтар Әуезовтің шығармаларындағы педагогикалық идеяларының сабақтастығы
docs -> Сабақ Мұхтар Әуезов «Біржан сал Абай ауылында»
docs -> Мұражай-қорық коллекцияларына жаңадан алынған бұйымдар (ақын Төлеу Көбдіковтің 140 жылдығына орай) «Әдебиетті дарынды тұлғалар жасайды. Ал тұлғаны жарататын халық»


Достарыңызбен бөлісу:


©www.engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет