Әке мен бала арасындағы жайлы қарым-қатынас немесе оқушылардың психологиялық және физиологиялық ерекшеліктері



Дата25.12.2016
өлшемі81,24 Kb.
#4758
Әке мен бала арасындағы жайлы қарым-қатынас немесе оқушылардың психологиялық және физиологиялық ерекшеліктері
 

 

         Жер бетінде қазақтан асқан балажан халық жоқ. Неге десеңіз, «бала- бауыр еті», «балалы үй- базар» деген халықтың бір баласын бір ауыл болып тәрбиелейтін өзіндік үлгісі әлемнің өзге бірде бір жұртында кездеспейтін құбылыс десек артық айтқандық емес.



         Баланың әр қызығы- бал қызық. Бірақ сол қызыққа талғап, талдап қарамайтынымыз да белгілі. Бала кішкентай кезінде кез келген істе ересектердің өзін қолдап, мадақтайтынын сезсе, сол іске тез бейімделіп, әдеттеніп кететінін жете ұғына бермейміз. Бала тәрбиесіндегі тағы бір кемшілік- бала жетістігін көре білмеу, жігерлендіріп, қолдау көрсете алмаумен байланысты. Кейде баламызды мадақтауымыздан гөрі, жекіруіміз асып түсіп жататынын мойындауымыз керек.

         Жалпы біз балажан халық болғанымызбен, оны тұлға деп танып, ақыл иесі ретінде қабылдай бермейміз. Біздің ойымызша, баламыз біздің айтқанымызды істеп, айдағанымызбен жүретін, әлі ақыл-есі тола қоймаған тіршілік иесі дейміз де, бірақ талап қоюға келгенде қатайып кетеміз. Сол талаптың үддесінен шыға білмесе, баламызды жер қылып жасытамыз. Балаға жекіріп, зекіген сайын жасыта беретінімізді аңғармаймыз. Мұндай отбасында тәрбиеленген балалар екі түрлі болып өседі. Біреулері- бозөкпе, жасық болса, екіншілері- жекіп сөйлемесең сөз өтпейтін сабаздың өзі болып шығады. Алдыңғылары үнемі жалтаңдап, өздігінен шешім қабылдай алмайтын болса, кейінгілері өмір бойы жүйкемізді жұқартып, өмірден өз орнын таба алмайды.

Аса айқын, қиын және өзгерісі көп қауіпті кезең мектеп жасындағы жеткіншектік кезең. Жеткіншек балалардың көңіл-күйі жиі құбылып тұрады, эмоциялық әлемі жиі өзгереді. Балалардың бір тобы тез шаршағыш, ашуланшақ, көңілсіз болады. Мұндай баланың жеке басының неврозды жүйкесі мен психикасының бұзылуынан деп сипаттауға болады, оның себебі, мұғалім мен оқушы, бала мен ата-ана қатынасының бұзылуынан болады.

Отбасындағы жақсы қарым-қатынасты жоғалту, мектептегі сәтсіздік, келеңсіз топтағы құрбыларымен жақындық әр түрлі жолдарға итермелейді. Демек баланың мінез-құлқының қалыптасуына отбасы ерекше әсер етеді, солай болғандықтан оның көп қырлы, жан-жақты болуы отбасына байланысты.

Кейбір ата-аналар баланың ішкі жан-дүниесіне үңілмейді, тіпті оның қажеттіліктері мен сұраныстарына назар да аудармайды. Мұндай жағдайларда бала өзін ата-анасына еш керексіз сезінеді, бірақ олардың қоятын талаптарынан қорқады. Бала бойын жайлаған қорқыныш оның ересектер алдында өтірік айтуға, алдауға итермелейді. Мінезі тұйық, жасқаншақ балалар болады. Олар ересектерге қарсы шықпауға бейімделеді, олардың іс-әрекеттері ата-анасына ұнамай жатады немесе сынға ұшырайды. Осы кезде ересектер балаға орынды, орынсыз кінәләулар тағады. Өзін ешкім түсінбей және онымен қоймай жала жапқандығы баланы ашындырады, қарсы шығуға итермелейді.

Психологиялық тұрғыдан алғанда адамдарға сеніммен қарау балаға қажетті аса маңызды қасиет. Осы кезде балада үлкендердің талап-тілегінен шығуға деген тырысушылық, үлкендердің көзіне түсуге деген талпыныс байқалады. Бала үлкендерге ұнауға талпыныс білдіре отырып, мінез-құлық ережелерін орындауға ұмтылады. Осы ұмтылыс барысында оның бойында ар-ұят сияқты адамгершілік сезім пайда болады. Сондықтан баланың түр-сипатына емес, ішкі жан дүниесіне өте қатты көңіл бөлейік.                                        

          Тіл арқылы байланысу, қарым-қатынас жасау – адамға ғана арналған басты байлық, ұлы сыйлық. Бірақ осы байлықты жақсылыққа ғана емес, жамандыққа да қолданатынымыз жасырын емес. Кейде «аңдамай сөйлеп, ауырмай өлеміз». Қызбалыққа салынып, былапыт сөз сөйлеп, артынан ұятқа қалып жататын жандар балағат сөз үшін заңмен жауапқа тартылатынын, әрине, біледі. Әйтседе осы жаман әдеттен адамдар айығып кеткен жоқ. Керісінше, жас балаларды байқатпай баулып, теріс ықпал етіп барады.

         Ойынды бірге ойнайтын ауладағы балалар арасында, мектепте үзіліс кезеңінде қарапайым түсінбеушіліктен басталған кикілжің, дау-дамайда жаман сөзбен бірін-бірі сыбап, былапыт сөздермен балағаттасуға дейін барады.

Қай тілде айтылса да балағат сөздер әлеуметтік қызмет атқарғанымен, еріксіз жаман әдетке итермелейді. Мұндай сөздер қорланған адамның теріс сезімін қоздырады, намысын таптап, жанын күйзелтеді. Балағат сөз ұяттан аттап кетеді. Сондықтан да екі жақтан дау-дамай туып, дөрекі сөздер айтылады. Кейде өздерін ұстай алмай оғаш қылықтар жасалып, жаға жыртылып, бас жарылып дегендей, өте жаман көріністерге ұласады. Осыған қарап отырып, бұлардың әдеп пен мәдениеттің аулынан алыстап кеткенін көреміз.

         Қыз бала тәрбиесіндей емес, ұл бала тәрбиесі аса күрделі де педагогикалық құрылымы жағынан да өзгеше. Егер ұл баланы әкесіз тәрбиелейтін болса, ана қаншалықты күш салғанымен, оның бойында тәрбиенің кейбір тұстары кемшін соғатыны бүгінгі өмір тәжірибесі дәлелдеп отыр. Ұл баланың бойында ер-азаматқа тән намыс, батылдық, казақы кеңпейілділік, рух күші, жауапкершілік, ұлттық өршілдік бір-біріне біте қайнасып, байланысып жатса ғана тәрбие түгел болмақ.

         Бала ержетіп, ой түйіп өскен сайын оның дүниетанымы кеңейеді, айналасын басқа тұрғыдан танып, біле бастайды, сол себепті ол ешкімге тәуелсіз, еркін болғандығын қалайды. Ал біз сол кезде оның теріс іс-әрекеттерін тұсаулай бастаймыз. Осыдан келіп, бала өзінің ата-анасын алдай бастайды, өтірік айтады, сөйтіп екі арада түсініспестік туындайды. Ал бұл жағдайда ұл бала ересектер тарапынан айтылған ақыл-кеңесті, қолдауды қажетсінеді.

         Ер бала қашанда әкесіне еліктегіш келетінін ұмытпағандарыңыз дұрыс. Ер баланың келешек азаматтық дара тұлғасын қалыптастыруда әке мінезі, сөйлеу мәнері, жүріс-тұрысы, өзін-өзі ұстауы, тіпті шаш қою үлгісіне дейін ерекше мәнге ие. Балаңызға қоятын талаптарыңыздың нақты әрі орынды болғаны дұрыс. Осы жаста олар ұзақ-сонар ақыл айтып, құрғақ кеңес бергенді жаны сүймейді.

         Ұл балалар табиғатынан бір-біріне жақын тұрады. Олар кездескен жерде тез тіл табысып, ойнап кетіп жатады. Ұл балалар ойнайтын футбол, түрлі алыс-жұлыс ойындарының пайдасы өте көп. Осы ойындарда ер балалардың ер тұлғалы мінез-құлықтары ашылады, шыңдалады. Сонымен қатар бойларында бір-біріне көмек жасап, қол ұшын созу, шыдамдылық сияқты адамдық құнды қасиеттері қалыптасады. Олар бір-біріне дос тауып үйренеді, бауыр басады. Ал балалар бір-бірімен келіспей қалса, ондай сәттерде балаңызға басу айтып, ақылға, сабырға шақырғанның артықтығы жоқ.

Балаңыздың физиологиялық белсенділігін бақылаңыз. Балаңыз ұнататын спорт түрлеріне көңіл бөліп, тұрақты айналысуын қадағалаңыз. Бұл балаңыздың ағзасын дамытумен бірге, назарының  басқа жаққа аумауына мүмкіндік жасайды. Әртүрлі үйірмелерге қатыссын, бірақ үйірмеге де шек қою қажет. Себебі, үйірмеге көп баратын бала стреске тез түседі.

         Осы жаста балаларды әйел мен ер адамның ара қатынасы оларды қызықтыра бастайды. Сол себепті ата-ана баласымен жыныстық тәрбие туралы әңгіме жүргізудің ретін қалай ұйымдастыруға болатындығы туралы ойланғаны жөн. Тым асырып, әсірелеп әңгімелеуде бала сезімін өз жасынан ерте оятып, құлшындырып жіберуі мүмкін. Сондықтан жыныстық тәрбие туралы сөз қозғағанда абай болған жөн.

         Тәрбиенің ордасы отбасынан басталады десек, отбасындағы тәрбие жеткіншектің бүкіл өміріне өз кедергісін жасайтын кездері жиі кездеседі. Тіпті отбасындағы әртүрлі конфликтілі жағдайлардың болуы да бала бойында жағымсыз қасиеттердің қалыптасуына себепкер болуы мүмкін. Жеткіншек жағымсыз, агрессивті мінез-құлыққа бейім болуы мүмкін, және де әртүрлі топтарға еліктеп өмірден өз орнын табуға тырысады.

                  Кейбір балалар апатияға ұшырайды. Өмірге немқұрайлы қараудан, сезімнің көмескілеуінен болады. Апатияға салынған бала туған-туысқандарына, жақын дос-жораларына селқос қарайды, мәдени дағдылардан арылады, эмоциялық сергектігі бәсеңдеп, сөне бастайды. Бойынан енжарлық, селқостық, сылбырлықты көруге болады.

         Ал, агрессияға ұшыраған баланың бойынан кереғар күйді, еңсесі түсушілікті, қорқыныш, үрейге әкелетін құрылымсыз мақсатқа бағытталған мінез-құлықты көреміз. Агрессиялық іс-әрекет белгілі бір мақсатқа жету тәсілі ретінде, психикалық ушыққан жағдайдан кету жолы, тұлғаның шектелген қажеттіліктерін қанағаттандыру және қызметінен ауытқып кетуі, жеке даралыққа сенушілік және өзін-өзі дамытатын форма ретінде қалыптасуы мүмкін.

         Осындай жағдайлардан шығудың жолы ол- қарым-қатынас, өмірге деген дұрыс көзқарас, жақсы көру және біреуді жақсы көрушілік, үлкен қуаныш. Осы іс-әрекеттер баланың бойындағы агрессияны жеңе алады.

         Олар өте сезімтал, нәзік, ата-анасының жылы жүзін, күлімсіреген көз жанарын, көңіл-күйінің жайдары, жайсаң болуын тілейді. Осы қалыпты ұстаған бала ешқандай психологиялық ауытқушылыққа ұрынбайды. Психологиялық денсаулықтың дұрыс дамуы көңіл-күйге байланысты деуге де болады.

         Оқушының жігерін жасытатын, намысына тиетін сөздерді айту, баланың бүкіл жан дүниесін терең жаралау деген сөз. Осыны естіген баланың психологиялық дамуы дұрыс дамымай шектеле береді. Мұндай әрекеттер арқылы, баланың бойына қызғанушылық пен өзімшілдікті қалай сіңіріп алғандарын да байқамай қалады. Баланың жанын жаралайтын психологиялық жаман әсерлер үнемі жалғаса берсе, оның ішкі қарсылығын оятып, бірте- бірте тұрақтанған қарама-қайшылықты мінез-құлқын қалыптастырады. Бұдан кейін ол ешқандай психологиялық хабарларды қабылдамайтын күйге ауысады.  Тәрбиедегі психологиялық әдістерді білмеудің салдары осындай аса қиын жайсыздықтарға әкеп соғады. Ал түсініскен ортада тәрбиеленген балаларда ғана аса төзімді де жігерлі психика қалыптасатыны белгілі.   

Ата-анаға айтарымыз...

1. Өз балаңыздың ерекшелігін тани біліңіз. Оның маңыздылығын сездіруге тырысыңыз. Балаңыздың бастамалары мен дербес жасаған әрекеттеріне шынайы түрде қуана біліңіз. Мәселен: «Жарайсың, соңғы уақыттарда сен маған әжептәуір көмек жасап жүрсің», «Сен жасаған мына дүние ерекше екен», «Ұсынысың керемет» деген сияқты қолдануға болады.

2. Балаңыздың өмірін басқаруға ұмтылмаңыз. Оның өзі атқара алатын ісіне араласудың қажеті жоқ. Шамаңыз келгенше, балаңыздың ақыл-кеңесіне құлақ асуға тырысыңыз. Мұндай кездерде: «Сен керемет тамаша баласың», «Сендей баламыздың болғанына қуаныштымыз» деген сөздерді қолдануға болады.

3. Ерлі-зайыпты адамдар баланың көзінше бір-бірлеріне өкпе-наз айтып, реніш білдіруге тырыспауы керек. Әсіресе, бала бар жерде «Басымды қатырмашы», «Өзің бәле болдың ғой», «Осыны саған күніне мың рет қайталаймын» деген сияқты дөрекі сөзден ата-ана өздерін мейлінше тыйып ұстаған абзал.  

4. Балаңызға бұйрықты түрде қатты сөйлеуден, бір нәрсені күштеп істетуден, намысына тиетін сөздерден аулақ болыңыз.

5. Балаңызбен жиі бірге болуға тырысыңыз. Сіздің жан жылуыңыз бен аймалауыңызды қажетсінген кездерде сырт айналмаңыз.

6. Балаңыздың қате басқан қадамы болса, оны бірден жазалауға ұмтылмаңыз. Шын мағынасында, жазалау- бала тәрбиесіндегі дөрекі де өнімсіз құрал.

7. Балаңыздың ішкі жан-дүниесі өте нәзік те сезімтал екендігін есіңізден әсте шығармаңыз. Ішкі жан-дүниедегі құбылыстар, талпыныстар, түрлі өзгерістер оның болашақта тұлға ретінде қалыптасуында үлкен рөл ойнайтынын ұмытпаңыз.

         Әке- отбасының тірегі, асыраушысы. Әкенің бала тәрбиесіндегі ықпалы аса күшті. Әкенің отбасындағы беделінің биіктігі балаға айтарлықтай әсер етеді. Қоғамда  көбінесе, бала тәрбиесімен тек әйел адам айналасуы қажет сияқты көзқарас қалыптасты. Бірге өсірген егіннің жемісін де ата-ана бірге көрмей ме? Әке тарапынан бірге көрсетілетін қамқорлық, ілтипат, жылы қабақ, түсіністік оған сенім, күш сыйлайды.

         Бала жарық өмірге еш қорғансыз, дәрменсіз, періште қалыпта келеді. Оның өмірі мен денсаулығы, болашағы оның айналасындағы ересектерге тікелей байланысты. Махаббат пен ізгілік аясында есейген, ержеткен, өсіп-өнген бала кейін айналасына да көп жақсылық әкелмек. Ендеше, ата-ана мен баланың арасында шынайы адал сүйіспеншілік, рухани жақындастық, екі жақты өзара сыйласымдылық, сенім болған жағдайда бала өз көзқарасы мен ақыл-ой тұрғысында нық тұрып, болашақта ата-анасының мықты тірегіне айналмағы сөзсіз.

 


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет