Екінші кітап


«Өмірдің өзі-ақ танытады»



бет2/16
Дата05.11.2016
өлшемі3,16 Mb.
#566
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16

2. «Өмірдің өзі-ақ танытады»

(Б.Майлин)
Бейімбет (Бимұхаммед) Жармағамбетұлы Майлин қазақ әдебиеті төрінен ерекше орын алған аса көрнекті жазушы. Ол ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің ірге тасын қаласты. Дәрменсіз күн кешіп, езіліп келген қалың бұқараны мәдениеті жоғары халықтар санатына қосу, өнер, біліммен сусындатып, бақытты, мағыналы өмір сүруге жетелеу жазушының аңсаған арманы, талмай ұмтылған өмірлік мақсаты еді. Сондықтан да, өз ғана ғұмырының ішінде оның құдіретті қаламынан көптеген өлең, дастан, әңгіме, повесть, роман, фельетон, очерк, мақала, пьесалар туындады.

Майлиннің бұл шығармалары кезінде оқырмандарын өзіне баурай білген, өмір шындығын таныта алған туындылар болды. Біз бұл еңбегімізде, негізінен, жазушының журналистика саласындағы еңбектерін ғана сөз еткелі отырмыз. Өйткені, Б.Майлин бұл салада да көп жанрдың шаңырағын көтерісіп, тыңнан жол, соныдан сүрлеу салысқан ардақтыларымыздың бірі. Очерк жазуда Б.Майлиннің өз қолтаңбасы, өзіңдік ерекшеліктері бар еді. Ең алдымен Бейімбет еңбек адамдарының мұңын айтушы, солардың жоғын жоқтаушы болды. Оның шығармалары өмірден ойып алынған фактілерге толы. Ол сол фактілер арқылы өз көкейіндегісін еркін жеткізеді. Не айтса да бүкпесіз ашық, шын сезіммен айтады. Туған жерді, Отан ананың байлығын мақтан етеді. Қарапайым да, еңбекқор халқына жанашыр сөзін бірде өзі айтса, бірде кейіпкердің ауызына салады.

Б.Майлин – шебер очеркист. Оның қаламы ешқашан қолынан түскен емес. Ол ешқашан заман талабы мен уақыт ағымынан кеш қалып көрмеген қаламгер. Оның очерктеріндегі негізгі идеялар қарапайым еңбекшінің ізгі мұратымен сабақтас.

Б.Майлиннің өмірі мен творчествосы әр мезгілде, әр дәрежеде зерттеліп, сын тезіне түсіп келеді. Қырқыншы жылдары ол туралы сын әрқилы өрбіді. Бірқыдыру жан-жақты, объективті әділ сындар да болды(С.Сейфуллин, Ғ.Мүсірепов, М.Әуезов, І.Жансүгіров, Ғ.Тоғжанов, С.Ерубаев). Ұшқары, ұстамсыз, солақай біржақты сындар да болды (Р.Уалиахметов және т.б.)

Б.Майлин шығармаларын жан-жақты, толық зерттеу ол ақталған соң 1960 жылдардан бері кең өріс алды. Газет, журналдарда көптеген мақалалар жарияланды. Оқулықтарда, Академияның қазақ совет әдебиетіне арналған «Очерктерінде» жазушының творчествосы дербес талданды. Көптеген зерттеушілер (Б.Кенжебаев, С.Ордалиев, Т.Кәкішев, Т.Нұртазин, Қ.Жармағамбетов, Т.Қожекеев, С.Байменшин) Б.Майлинді оқырманға тереңірек танытуда елеулі еңбек етті.

Филология ғылымының докторы, қазақ әдебиетін саралауда елеулі із қалдырған профессор Т.Нұртазин «Бейімбет Майлин творчествосы», - деп аталатын монографиясында: «Бейімбет Майлин – халық жазушысы. Ол жаратылысынан қайырымды, біреуге ақылмен, ісімен көмек көрсетуге дайын тұратын адам болған. Колхоздастыру кезінде Ілиясқа (Жансүгіров) жолдаған хатында: «Түнгі сағат бір, колхоздың бастығы, бригадирі бар бәріміз колхоздың жұмыс жоспарын талқылауға отырып жатырмыз», - деп жазады. Немесе: «1934 жылы «Қазақстан» баспасы Бейімбет Майлиннің 40 жылдығына арнап кеш ұйымдастырғанда, кейбір әдебиетшілер наразылық нышанын байқатқан көрінеді. Жазушының бірге өскен досы, әрі құрдасы Асылбек Ташбаевтың айтуына қарағанда сол кешке Ғаббас Тоғжанов келіп, бұл кеш Бейімбеткее арналған жоқ. Қазақстан баспасы қызметкерлерінің күні, өйткені ол ондай дәрежеге әлі жеткен жоқ, оның геройы Мырқымбай әлі тракторшы болып жүр, ер жетуі керек дейді. Кешке қатысып отырған Сәкен де, Бейімбет те бір ауыз сөз айтпай отырып қалыпты. Кейіннен Асылбек қарт Бейімбетке неге үндемей отырып қалдың дегеніне: «Айта берсін, кейін кімнің кім екенін, кімнің қанша еңбек сіңіргенін өмірдің өзі-ақ танытады», - депті. Бұл қасиет, осы бір кішкентай деталь жвзушының адамгершілік биік тұлғасын көрсетеді.

Тағы да осы зерттеуші Бейімбеттің публицистикалық мұралары туралы: «Бейімбе Майлин публицистикасы очерк, фельетон, мақалалардан тұрады. Қаламгер жүзге тарта фельетон жариялап, әзіл-күлкілік, сатиралық әдебиетіміздің іргесін қалады, бұл салада жаңадан жол тартып, соны дәстүр құрады. Б.Майлиннің аты сатира саласындағы басты қайраткерлеріміздің бірі ретінде құрметтеледі. 20-30 жылдары қаламгер очерктерді де көп жариялап, әріптестерінің көбінен көш бойы озық отырады. Оның алпысқа тарта очеркі газеттер мен журналдар бетінде көпшілікке жетіп, оқушы қалың бұқараға игі әсер жасады... Очерк жанрын дамытуда мол қор болды, очерктік дәстүр құрып, ол саладағы талаптардың талай буынына үлгі, өнегелі мектеп секілді болды», - деген әділ баға берді.

Б.Майлин әсіресе, очеркті 1933 жылы көп жазды. Себебі, ол 1933 жылы елді көп аралады. Қазақ даласында пайда бола бастаған өндіріс орындарын көрді, колхоз, совхоздарды, аудандарды аралады. Бұл очерктердің бәрі сиясы кеппестен «Социалистік Қазақстан» газетіне шығып тұрды. Сол бір жылдың өзінде-ақ Бейімбеттің «Социалистік Қазақстанда» жиырма шақты очеркі жарық көріпті. Жазушының бірінші сапары Шымкент қорғасын зауытынан басталды. Ақпанның ортасында Шымкентке келген Бейімбет наурыздың аяғына дейін сонда жүріп, зауыт тіршілігімен, оның жұмысшыларымен танысты.

Өзі бұл туралы кейін «Екі оқушыға жауабым» деген мақаласында: «1933 жылдың басында мен қорғасын зауытына бардым. Бұл жазушылық жолымда бірінші рет ізденіп шығуым еді. Көп нәрселер көрдім. Таныса келе бағалы шығармалар беруге болатынын байқадым. Бұл мені көре салып, кере құлаш роман жазудан сақтандырды. Өндіріс құшағына толық кіріп, техника тілінен хабары болмаған соң адамға ондай шығарма бере қою оңай көрінбейді екен. Әйткенмен, өндіріс орнында көргендерімді бүгіп қалғаным жоқ, өткен жылы «СҚ» -ны оқып отыратын жастар мұны білсе керек. Өндіріс өмірінен бірсыпыра очерк, қысқа әңгімелер жаздым. Қызып кеткенде өлеңдетіп те жібердім»(1), - деп жазады.

Бейімбеттің Шымкентке бару сапары жайлы мол деректерге қанық, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің сол кездегі қызметкері Жақан Сыздықов кейінгі бір естелігінде: «Л.И. Мирзоян бюроға қатысып отырған Бейімбетке бір қарады да: - Бұл, жолдас, - деді ол, - өздеріңізге белгілі Бейімбет Майлин! Әрине, Майлиннің қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегі зор. Бейімбет Майлиннің Шымкентке келіп отыруы кездейсоқ жай емес. Ол Ащысай, Түркістан туралы материал жинамақ. Сіздердің облыста қазақша, орысша, өзбекше шығатын газеттеріңіз де бар. Бейімбетке осы газеттеріңізге атсалысып жазу керек деп өтініш айтар едім.



  • Маған айтылған өтінішті шамам келгенде орындаймын. – деп Бейімбет ризалығын білдірді» (2).

Сөйтіп, Б.Майлиннің Шымкентке бару сапарынан жазған алғашқы очеркі «Қорғасын зауытында» деп аталады. Зауыт есігін алғаш аттаған Бейімбет өзінің ішкі сезімін «Ынтыға келген зауыттың есігін аттағанда екінші дүниеге кіргендей болдым. Ойыншық деймісің: бүкіл жер жүзінде үшінші орында, Кеңестер одағында бірінші орынды алатын зауыт болса – осы құрылыс Қазақстан жеріне орнап, мыңдаған колхозшы бүгін келіп станокке ие болып социальдық отанға биылдың өзінде он мың тонна қорғасын береміз деп еңбекпен араласып жатса... Осының ортасында, осы құрылысқа бір кірпіш қалағандай болса деп септігімді тигізсем деп сеніп келіп тұрсаң», - деп білдіреді.

Бұл жерде автор өзінің ішкі жай-күйін беру арқылы жеке бастың емес, алып зауыттың қаншалықты дәрежеде маңызды екенін көрсетпек, мазмұнын ашпақ. Ол үшін очеркист өз оқырманын өз шығармасының бас кейіпкерлерінің бірі, еңбек екпіндісі Мырсұлтановпен кездестіреді. Бұл арада оқырман кейіпкердің іс-әрекетін, қимылдарын көріп қана қоймайды, ішкі дүниесіне де барлау жасайды, психологиясына, болмыс-бітіміне, ой-толғанысына зер салады. Содан кейін барып оның азаматтық ісіне үңіледі. Оның жұмыс станогын жанындай сүйетінін, жастарға өз білгенін үйретуден жалықпайтынын көреді. Өйткені оған, басты кейіпкерге «Ақырып, бұйырып тұрған ешкім жоқ. Өзінің жүрегі мен өзінің берген сертін орындау мақсатымен істеп жатыр».

Жазушының қатты көңіл аударып, көтеретін тағы бір мәселесі – зауыттағы қазақ жұмысшы әйелдерінің еңбегі. Олардың аз да болса, ер кісілерден қалыспай, қатар тұрып, еңбек етіп жатқандығын мақтан етеді. Ол: «Жүн-жүйке түтіп, кесте тіккен мына саусақты осы секілді өнерге бейімделеді деп бұрын ойлағандар сирек болған шығар-ау», - деп таңырқайды. Осы орайда, бас шебердің аузына «Бір-екі жыл өткеннен кейін көрсеңіз осы станоктардың бәрінде қазақ жастары тұрғанын көрсеңіз қандай тамаша!», - деген сөз салады.

Очерктің екінші бөлімі зауыт жұмысшыларының тұрмысын суреттеуге арналған. «Гудок. №8 столовая. Жеңіл қолмен салынған ұзын барақ. Астына тақтай төселмей, жаңбырда тамшы тамып былжыраған саз. Асығыс істелген болар-ау, әлде құрылыс басындағылар материал жетпеді деп, сылтауға сүйенді ме екен?».

Бұл арада автор жұмысшыларға тұрмыстық қызметтің өте нашар екендігін көріп қынжылады. Құрылыс басындағылар мен басшыларға әзіл тастай отырып, сыпайы ғана құлаққағыс қылады. Бейімбет шығармасының көңіл аударатын бір ерекшелігі қазіргі кейбір очерктердегідей мәселе түйеден түскендей тікелей қойылмайды, қамырдан қыл суырғандай елеусіз, жан ауыртпай еппен мысқылдай айтылып, басшыларды ұялту арқылы істі түзетуге мәжбүр етеді.

Шымкент сапарынан келесі жазылған очерк «Алып зауыт ерлері егіске аттанды» деп аталады. Жазушы алдымен зауыт құйып жатқан қорғасының сапасын әңгіме етсе, екінші жартысында жұмысшылардың кешкі жиналысының бір сәтін суреттейді. Негізгі көтеріліп отырған мәселе ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің «қас жаулары кулактарға» қарсы күрес ұйымдастыру, сол күреске зауыт жұмысшыларын насихаттау, егіске бір кісідей көмек – қолқабыс көрсету. «Зауыт маңы қайнап жүрген кісі. Бәрі құрылыс жабдығында». Очеркке бас тұлға етіп жазушы еңбек адамын, қызу еңбек алаңын алған. Сосын биік-биік үй тұрғызып жатқан құрылысшылардың ерен қимылдарын автор: «Әлденеше қабатқа созылған биік үйлердің ортасына келесің де қайнап жатқан еңбектің әрқайсысын көзіңмен бір шолып, бажырая қарап тұрасың; жаның да адам, төбең де адам; сонау бір ұшарбаста жүрген адамдарды қарашы!», - деп құрылыс алаңында жүріп жатқан жұмыстың қаншалықты жауапты екендігін көрсеткен.



  • «Апырмай осы балшықтың ішінде де қорғасын болғаны ма? дегенім ғой мен.

  • Мұның ішінен мынадай кесектері де кездеседі, мына тастың 85 проценті таза қорғасын, - деп инженер жолдас бір тасты көрсетті».

Бұл диологтан байқайтынымыз – очеркистің диологты өте шебер қолдана білетіндігі. Өйткені аса қызылдамай қарапайым берілетін Бейімбет диологтарында негізгі ой беріледі, ол терең мағыналы болып келеді. Суреткер әр кейіпкерінің аузына сөз салғанда мәнді, маңызды мәселелерді айтқызады. Сонымен қатар публицистің қырағы көзі қайнаған еңбек ішіндегі «қайнамағандарды» да дөп тауып, өткір тілімен былайша «шанышқылап» тастайды:

- «Бұйығы түскендеу біреу жүр. Ағашты көтерген түрін қарашы! Сөйтіп те жұмыс істей ие екен? Сен оның маңына жақыңдап қай елдікі, қашан келгендігін сұрасаң, қандай ретпен келгендегін сұрап білейін десең, жұмысын тастай беріп:

- Жақында келіп едім, шырағым... деп сөзді мүсәпірсіне бастап, содан әрі толып жатқан арыз ағытылады».

Жазушының очеркіне тән үлкен мәселелердің бірі – жас жұмысшылар арасында тәрбие жұмысын дұрыстап жолға қою керектігі: «Жұмыс істегенінен де көрініп тұр: өндіріс жұмысын өзімсініп кетпеген, осы құрылыстың, осы гиганттың қандай маңызы барын ұғынып үлгермеген. Жаңа алынған жұмысшылардың арасында тәрбие жұмысы тым керек-ау. Әсіресе, елден келген, жаңадан келгендер тіл білмейтіндіктен кейбір қияли бұрыштардың қиянатына кездескендіктен түзу деп құтылмайтын секілді».

Міне, зауыт жұмысшылары арасындағы тағы бір шешілмеген мәселе – тіл мәселесі. Жұмысшылардың дені орыс жұмысшылары болғандықтан олардан үйрену жас жұмысшылардың орыс тілін білмеуінен қиынға түсіп отырғанын қынжыла жазады. Очеркте озат жұмысшы – құрылысшы Оңайбек образы жасалған. Қарапайым елден келген қазақ жігіті бірнеше жылда озат атанады. Бейімбет Оңайбектің еңбек етіп жатқан бір сәтін суреттей келе жалпы қарулы қазақ жігіттерін еңбек етсе шаршамайтындығын, жұмысты нарша жапыратынына сүйсінеді.

Оның оңтүстіктен жазған үшінші туындысы «Қиын емес, үйренеміз» очеркі. Очеркте ауылдан келіп, зауыт инженері дәрежесіне дейін көтерілген Хамит образы сомдалған. Ауылдан келген ақкөңіл жігіт алғашында қобалжып жүреді. Очерк Хамиттің жоспарлау кабинетіндегі қызу айтыс үстінде отырғанын суреттеуден басталады. Зауыт жұмысының бұларды баурап алғаны сондай, олар есіктен енген Бейімбетті елер емес:

«- Он бес күнге демалыс беріп еді, тынығып жүргенім ғой, - деді күлімсіреп, - зауытқа мүлдем үйреніп кеткен шығармын деймін, орнымнан тұрамын да осында келемін».

Міне, Хамит осындай адам. Қарапайым, жеке басының пайдасымен жұмысы жоқ, зауытқа шын берілген. Зауыттың өмірі іспеттес, дәлірек айтсақ оның өмірінің мәні – зауыт жұмысы секілді. Хамит әңгімеге тым әуес емес, одан гөрі жұмысын жасағанды қалайды. Үнемімі ізденіс үстінде. Бір тыншымайды, бәрін үйренгісі келеді:

«- Міне, мына саймандар осы балалардың істегені, - деді мастер, - істеулі саймандарды көрсетіп.

- Бұл да өнер ғой, бірақ менің өз басым машина жағымен айналысқым келеді. Механикалық цехта істесем-ақ деймін. «Көз – қорқақ, қол – батыр» деген рас, көргенді үйренбейтін ауруымыз бар ма?

Ауылда жүргенде ағаштың өзін жөнді шаба алмайтын ем, осында келген соң, ысылған жұмысшылардың жұмысын көрген соң, солардан қалыспаймын деп жарысып, осы күні көбінен асырып түсірдім».

Күн санап еңбек тәжірибесі өсіп келе жатқан Хамит енді өткенін еске алып, отырып қалады. Ол зауытқа 1932 жылдың тамыз айында келген. Алғашында орысша білмейтін оған қиынға соғады. Ол жатпай-тұрмай орыс тілін үйренеді. Шынында да, бұл жігіттің басқалардан еш ерекшелігі жоқ, жанындағы құрдастары секілді өзімен-өзі. Томаға –тұйық. Тіпті, тәжірибе үйрену дегенді желеу қылып, станоктарға шабуыл жасап жүргендерді де жақтырмайды. Жадынан шығармайтыны бір-ақ нәрсе – сол халық ырыздығына барынша көбейту, адал да, аянбай еңбек ету. Басқамен ісі жоқ. Оның мінезінің, әрекет-қимылының неге мұндай екеніне шығарманың келесі беттерінде көзің жетеді. Ол қиындықты көп көрген, жастайынан өмірдің нешетүрлі қақпақылдарын басынан кешірген, содан ой түйіп, өмірдің өзі ұсынған, кәсіпті өзіне асыл мұра етіп, ажырамас серік қылдырған. Оған бейбіт тірлік пен осы еркін еңбектен өзгенің түкке де керегі жоқ. Қиындық демекші, жас жігіт қаншама талас-тартысты көрді. Ақыр соңында, бәрін жеңіп шықты. Қажырлы еңбегінің арқасында жеңіп шықты. Өмірі толғанысқа, ізденіске тола болды.

Очерктің негізгі тұлғасы, Хамит біріншіден, өмірден көргені-түйгені сол адам болса, екіншіден өзгелер секілді қуанып, өзгелер секілді ренжитін сезім иесі. Әсіресе, оның бригадасы қысқартылғанда қатты налиды. Өзі Бәйбәкір деген кісінің бригадасына ауысады. Бәйбәкір мінезі шатақтау кісі еді, алғашында Хамитті жақтырмайды. Кейіннен ол Хамиттің еңбегіне риза болып, алакөздеуін қояды. Сонымен қатар, Хамит өзінің айтқанына берік, рухы биік адам. Ол ерегіссе, оны ешқашанда жеңе алмайсың. Бірбеткей, бірақ уәдесіне берік, сөзіне тұрақты адам. Бірде орыс шебері екеуі үйдің еденін салып жатып, келіспей қалады. Орыс шебері тақтайды кесе көлденең салайық десе, Хамит ұзынынан салуды жөн санайды.

Себебі: « - Тақтайын салуға келгенде екеуміз тіресе түскеніміз: ол «кесе көлденең саламын» десе, мен айтам: «кесе көлденең салсақ тақтайды кесуге тура келеді, сосын көп тақтай ысырап болады деймін.


Ұзыннан салсақ ірі тақтай аз кетеді, ірі оңды болады». Осыдан келетін пәлені көріп-ақ алайын деп, өзімше істедім де шықтым. Көре біле қаншама тақтайды ысырап қылдыру масқара емес пе?» Міне, сонау отызыншы жылдардың өзінде Хамит осылайша тиімділік үшін күресіп жүр.

Жалпы, «Қиын емес, үйренеміз» очеркінде жазушы қарапайым еңбек адамдарын мадақтауды ғана емес, сонымен қатар еңбекке деген жаңа қөзқарасқа тәрбиелеу проблемесын да көтерген. Ол еңбекті, еңбек етуді құптайды. Демек, жазушы осыдан алпыс жылдан астам бұрын көтерген мәселелер (жұмыс сапасы, жұмыстан қысқарту, өзге ұлт өкілдерімен арадағы мәселелер) күні бүгін де құнын жойған жоқ.

Сондай-ақ Б.Майлиннің тек Оңтүстік өңірінен жазған шығармалары ғана емес, Орталық Қазақстаннан жазған очерктері де біздер үшін әлі де болса құнды да бағалы еңбектер болып саналады. Өзінің бұл мұралары туралы кезінде ол: «Алматыға қайтқан соң, жазуға кірісу қиынға соқты. Кемшілігім бар екен. Сондықтан Қарағандыға аттандым. Онда барған соң геройларым көбейді, материалым толықты», - деп жазған.

Бейімбет мұнда да өндіріс орындарында болып, шахтерлермен бірге жер астына түсіп, қайратты көміршілердің қажымас ерлігін көзімен көреді, жекелеген шахтерлердің өмірімен танысады. Соның нәтижесінде бірнеше очерк, әңгімелер жазады.

Бұл циклде де очеркист алдымен Қарағанды көмір бассейініне «Қарағанды» деген проблемалық очерк арнайды. Очерк ескі өмір мен жаңаны салыстырудан басталады. Автордың қойған мақсаты ескі мен жаңаны салыстыру арқылы жаңа өмірдің қандай болашағы бар екенін көрсету.

«Есіл, Нұра бойлары тағылық өмірдің құшағында тұрғанда қойнымдағы кенім ақтарылады, кеудемді темір жол басып өтеді, - деп ойлайды дейсің бе? Ескіліктің болжамы іске аспайтын қиял. Жаңа өмірдің іскері біліммен қаруланып, өмірдің жұмағына қол қойды. Соның бірі Қызылжар-Қарағанды байлары Қарағандының ұшан-теңіз көмір кеңінің көлемін біле алмай, итшілеп іс атқарып, керуен салпақпен өмір оздырған болса, жаңа өмірдің іскерлері 1929 жылы Қарағандыны қолға алып, 1930 жылы теміржолды алып жетіпті. Айлап жол жүретін Қызылжар-Қарағанды арасының өткендегі өмірі адам айтса нанғысыз ертегіге айналыпты. Талай кереметті туғызған бесжылдықтың бұл да ұлы табыстарының бірі.

Шындығында да қараңғылық өмір құшағынан, бар-жоғы бірнеше жылдың ішінде ертегілер еліне айналған. Қаншама жаналықты очеркист қарапайым ғана құдіретті сөздермен нақты бере білген. Бейімбет очеркіндегі бір ерекшелік табиғат суреттері арқылы айтылғалы отырған оқиғаның мазмұнын аша түсудегі тапқырлығы.

«Қарағанды жолымен келеміз. Көкшенің таулары, Бурабайдың нуы, бір кездегі құлан жортқан кең дала алақанның алаңындай боп алдыңда тұр. Вагонымызда бірге келе жатқан кәрі шал терезеге қарап мырс-мырс күліп:

-Баяғыда керуен боп, жүк тартып жүргенімізде жеткізбейтін еді-ау осы жер, - дейді?

Уақыт өтеді, бәрі өзгерері хақ. Енді Бейімбет пойызда бірге келе жатқандармен әңгімелескен болып, бұл адамдардың қайсысы қандай мақсатпен келе жатқандығына назар аударады: «Осы келе жатқан жүргіншілердің ішінде кімдер жоқ: жолдастық көмек көрсетемін деп келе жатқан Донбасс жұмысшылары да осында, ірі мектеп бітірген мамаңдарың да осында. Тәжірибе жұмысына келе жатқан оқушылардың арасында айдары көзіне түсіп, бір қара торы жігіт анаған бір, мынаған бір телміріп, Қарағандының жайына толық қанғанша ынтығып келеді. Ұлы жігермен келе жатқан жастардың бірі екен деп, сен оған жақындасаң: « - Жолдас сіз өзіңіз....»

Бұл жігіт Қазақстан топырағын түгел аралап шыққан біреу болып шығады. Қарағандыда тұратын бір туысы шақыртып соған келе жатқаны. Өзінің қандай адам екенін ол: «Кооператив маңы, ларок-марок сондайға орналасамыз да, жауапты орын іздейтін кісің біз емес дейміз», - дейді күлімсіреп.

Бейімбет оның «Қарағандыда ет бар ма, шәй бар ма, май бар ма? – деп ылғи тамақ еді-ау аңдығаны», - деп асыл адамның құлы болып шыққанына қынжылып қалады.

Жоғарыда «Қарағанды» проблемалық очерк деп айттық. Өмірдің өзі тартыс үстінде дамитыны белгілі. Бұл туындыда жазушы бір емес, екі проблеманы қатар келтіреді. Бірінші зәру мәселе – Қарағанды жұмысшыларын азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі.

Очеркте көтерілген екінші зәру мәселе – олқылық ортасында отырған №1 шахта жағдайы, оны сол жағдайдан шығаруға негіз іздеу болып табылады. Автор бұл шығармасында да әдеттегідей басты мәселеге кіріспес бұрын көз алдыңызға 30 жылдардағы Қарағанды шахтасын әкеледі:

« - Екі ауызы бар екен, бірінен вагонмен көмір шығарылады. Екінші адам түсетін жол. Біз сонымен келеміз, үңгір іші жағалай тіреу ағаш. Төбе ағашы адыр-бұдыр, төбеңді қаттырақ ұрғанда бажырайып жоғары қарайсың. Алды қарауытқан қара түнек. Қолындағы шам жарығы оттықтың жарығындай болып қана жалтырайды. Аяқ астың, ойлы-қырлы, тайып кетіп стенаға сүйенесің, кейде отырып қаласың».

Әрі қысқа, әрі нақты баяндалған осы сөйлемдерден шахта ішіндегі жағдайдың мәз еместігін түсінесіз. Тіреу ағаштардың жиі қойылуы көмірді жақын жерден алып жатқанын және шахта ішінің қауіпсіз еместігін білдірсе, алдыңнан қарауытқан қара түнек шахта ішіндегі электр жүйесі жұмысының тұрақсыздығын, сол сияқты «аяқ астының ойлы –қырлылығы» көмір қазудың сапасыздығын, мардымсыздығын аңғартады. Бір қарағанда жазушы шахта көрінісін елестетпек іспеттес, ал көзі ашық, көңілі ояу адамның бұл суреттен шахтаның қиын хал-ахуалын түсінері де анық.

Енді очеркист №1 шахтаның бұндай нашар халге түсу себебін ашып көрсетеді. Бұл мәселелерді терең зерттеп алған автор құр баяндай салмай, жол басшы болып келе жатқан «бойы тапал ғана» жас жігіттің әңгімесі етіп береді. Бірақ нақты кейіпкерінің атын атамайды. Бұл да журналистік тәсілдің бірі. « - І-ші шахтаның бұл күйге түсуіне шахтаның бұрынғы басшылығы себеп болып отыр. Жұмыстарының бәрі зиянкестік болған. Көмірді ылғи жақын жерден алып, алыстағы көмірдің жолын байлаған. Жол дұрыс салынбаған».

Сөйтіп, осыдан сәл бұрын емеурінмен ғана меңзеген кемшіліктердің сырын да, себебін де ашып көлденең тастайды.

Мұнысы - әуелі оқырманын ойландырып алу. Сосын оқырман өз топшылауын шын жағдаймен салыстырып көруіне мүмкіндік жасау. Бейімбеттің шеберлігі де осында.

Жұмысқа қол байлау болып отырған негізгі кедергілерді осылай атап көрсеткеннен кейін, енді қосымша кедергілерді де былай сипаттайды: « - Қара түнекте кездескен электр жарығының түбіне келесің де шам шарығын аттай жүргің келмей біраз тұрасың. Шахта түбінің бәрінде осы сияқты электр жарқырап тұрса, аттай шауып жүрер ең-ау», «темірден салынған вагон жолы. Жол біреу-ақ, көмір тасуға бұл мықты кедергі. Кілкіген су, батпақ, бу да береке алып жатыр. Вагонды төсімен итеріп келе жатқан жұмысшылар». Міне, бәрі де тездетіп жоюды қажет ететін кемшіліктер. Жазушының бұл туындысы сол дәуірдің өзекті мәселесін дер кезінде көтеріп тұрған шоқтығы биік үлкен очерк.

Қарағандыдан жазылған келесі очерк – «Боранбайдың бірінші адымы», - деп аталады. Бұл терең психологиялық тебіреністерге толы, өте жоғары дәрежедегі көркемдік талаптарға жауап беретін портреттік очерк. Әсіресе, бұл жазушының барынша нанымды суреттеуі мен адам жанын терең тербейтін разылық, ішкі толғаныстарымен ұштасқан бірден-бір очерк. Бұнда очеркист Боранбай есімді қазақ жұмысшысының қалыптасу жолын шола отырып, жалпы қазақ жұмысшы табының, қалыптасуына да назар аударады. Боранбайдың қалыптасу жолында кездескен әлеуметтік оқиғаларға да баға беріп өтеді. Шағын ғана очерк ішінде жазушы Боранбай жан-дүниесінің түпкір-түпкіріне үңіледі. Оның осындай адамгершілік рухта өсуіне себепкер болған өмір оқиғаларын ой таразысынан өткізеді.

«Орта бойлы, кең жауырыңды, қызыл шырайлы кісі. Есіктен кірген сені көріп таңдана қарап: жеберлі мұртын сипай түсіп тұрады. Қартаңдау тартқан әйел электр тетігін бұрап, үй-ішін жарық еткізеді. Қара көлеңкеде қоңырқай тартқан адам түрі кенет өзгеріліп, электр сәулесіне еркелеп жымыңға басты».

Қазақ даласына келген өзгерістердің бірі электр энергиясының адамдарға қаншама шексіз бақыт, қуаныш силағанын осылай қарапайым ғана суреттей отырып , өз кейіпкерлерінің жан-дүниесінде болып жатқан құбылыстарды бұлжытпай ұғындырады, бейнесін көз алдыңа әкеледі.

« - Ал, Боранбай сөйле.



  • Сөзге долаң кісі едім, не айтсам екен сізге?

  • Қарағандымен бірге жасасып келеді екенсің, ескі өмірін айтып өтемісің?

  • Ескі өмірін бе? Жеткізіп айтып шыға алсам?»...

Боранбайдың сөзге шорқатау кісі екенін, ә дегеннен-ақ байқаймыз. Жасы 38-ге толған жігіттің бет әлпетіне қарап отызға жаңа келген екен деп ойлайсыз. 25 жылдық өмірін шахта астында өткізді. Көзі ашық. Қарағанды тарихының біразына қанық. Сәл ойланып алып, енді Боранбай сөз бастайды.

Очеркте Боранбайдың образын аша түсу үшін қосымша тағы бірнеше образдар жасалған. Соның бірі – подрядчик Баянды образы. Баяндымен таныстыру былай басталады: Зауыт қожасы – ағылшын байы, жұмысшымен оның ісі жоқ, ол подрядчигін біледі. Жұмысшыларға подрядчик қожа. Соның бірі – Баянды деген кісі.

Көк жорғаны сыдыртып, Баянды Қарағандының белесімен шапқанда, жібек әдепті желең шапанның етегі баяғы батырлардың туынша делдиеді. Қырлап өрген қамшыны оң саусағы құшырлана ұстайды. Көк жорғаның жамбасына бұл қамшы тиген емес, мұның орны басқа».

Бұл қамшы жұмыскерлердің арқасына тиеді. Баянды қарауындағы жұмысшылардың төбесіне қамшы үйіріп зәре-құтын қашырады деген сияқты әрсіз де нәрсіз сөз тіркестерімен қамшының Баяндыға не үшін керектігін ұзақ- сонар әңгіме етіп жатса Бейімбет Бейімбет болар ма еді?! Суреткердің кереметі де осында емес пе? «Мұның орны басқа» деген қысқа сөйлем арқылы-ақ бұл қамшының не үшін керектігін әр оқырман сезе қояды... Сезе қояды да, ентелеп әрі қарай оқи жөнеледі.

Баяндының ұрда жық кісі екенін, ағылшын байының «қолшоқпары» екенін аңғарамыз. Одан әрмен очеркист Баяндының мінез-құлқын көрсетеді. Баяндының щаңқылдаған даусы зауыт гудогінен де өткір секілді. Қарағандының ысқырған желі Баяндының даусын күшейте түсіп, санын шапалақтап, сақылдап күлген тәрізденеді. Иесіне аты сай – көк жорға кейін қалғандарды бауырлап, «жүрсейші әрі!» дегендей боп, жұмысшылардың кейбіреуін тұмсығымен қағады. Қырлап өрген қамшы сарт-сұрт ананың бір, мынаның бір арқасын тіліп жатады».

Очерк соңы Боранбай мен Баяндының арасындағы кішкене «қақтығысты» баяндаумен аяқталады: «Далада қатты боран соғып тұрған-ды. Жұрт қайтер екен? – дегеңдей болып Қонекең мен Боранбай да табалдырықты аттап шыға алмай күйбежектеумен отыр еді.



  • Үйде кім бар әй? – деген күшті үн құлақтарына сап ете қалды. Әке мен бала бір-біріне қарады, таныс дауыс қой бұл.

  • Мен шығайын, - деді Боранбай. Жер барақтан тырмысып шыға беремін дегенде, қырлы қамшы Боранбайдың арқасын осып өтті. Жалт бұрылғанда Боранбайдың көзіне күрек түсті. Оқтай атылып, күректі алып бұл да сілтеді. Бірақ, көк жорғаның ышқыруы себеп болып Баянды күректен аман кетті».

Иә, бұл қазақ өміріне кіре бастаған алғашқы жаңалық еді. Зорлыққа бас имеу, өз намысыңды таптатпау, қиянатқа қарсы тұрудың керек екенін ұғына бастауы еді.

Келесі жаңа Боранбайдың образы жасалған очерк «Бәстескенде байқалды» деп аталады. Бұл тікелей «Боранбайдың бірінші адымы» атты очерктің жалғасы. «Бәстескенде байқалады» очеркіндегі Бейімбеттің Боранбай еңбек жарысының жеңімпазы, тәжірибелі көмірші, жастарға аға-ұстаз тұлғасында көрінеді. Жаңа өмірді Боранбай қуана қарсы алады: «Осы өмірді бұл ұзақ жылдар күткен секілді еді. 23-жылдары Қарағандыда жұмыс тоқталып, машинасы Спасскіге тасылады. Ескі жұмысшылардың көбі кәсіп іздеп бет-бетімен тартады. Бірсыпыра жұмысшымен осы Қарағандының басында қалды да қойды. Лек-лек болып тізілген керуен шахтаның аспаптарын тиеп Спасскіге беттегенін көргенде Боранбай ауыр күрсінді».

Иә, оқиғаның бұлай күрт өзгеруі Боранбайды ойлантады. Өз дегеніне тұратын Боранбай ешқайда кетпей осында тұрып қалады. Қанша дегенмен Боранбайдың өзіміз секілді ет пен сүйектен жасалған адам, сезім иесі екеніне көзіміз жетеді: « - зауыт басқармасы штректердегі, забойлардағы креп ағашына дейін бұздырып, жинатып шығады. Өз қолынан креп қойып, жөндеген забойларын бұзуға келгенде Боранбайдың қолы қалтырады». Дегенмен Боранбай жасық, жігерсіз жан емес еді. Ақырын күтті.

Бейімбеттің бұл очеркінің күші де осында. Бекер күтпеген екен. Бәрі қайтадан басталды. Жұмыс толып жатқан тәжірибе, жаңа әдістерді керексінеді.

Боранбайдың өзі партияға кіреді. Бірінші қатардағы екпінді болып отызыншы жылы бәйге алды. Боранбайдың еңбегі, екпінділігі басқаларға үлгі болды. Жаңа басталған шахтаның ең ауыр жауапты жеріне қашанда Боранбай баратын. Оның жолдастары да өзі секілді одан, қарапайым еңбек адамдары: «Осы, сен иттің баласы қайдан кездестің маған, іздеп таба алмайтын жігітсің-ау, - дейді Боранбай Акимге қарап жымыңдап».

Жазушының «Қарағанды» цикліне кірген соңғы очеркі «Қайла қайралды» нақты фактілерге құрылған, бұл фактілер очеркте әдемі орай тапқан. Очеркистің шеберлігі көрінер тұс та осында. Ол Қарағанды секілді ірі кен орнының қалыптасу, өсу, өрлеу кезеңін, жеке жұмысшылар өмірін суреттеуден бастап, жалпы заманның даму жағдайларымен байланыстыра сөз етеді.

«Қайла қайралды» очеркін оқып отырғанда автор байламына, ой түйіндеп пікір айтуына сүйсініп отырасыз. Очерктегі кейіпкер тілі де келісті: « - Бұл біздің №3 шахтада күшті еді. Көшпелі туды біз алып едік. Басшылықтың нашарлығынан биылғы апрельдің ішінде айырылып қалдық. Қайтып аламыз. Біз жұмылдық. Жоспарды 200 проценттен артық орындап жүргеніміз бар». Мұндай шынайы сөз саптаулар очеркте көптеп ұшырасады.

Автор өз шығармасында кейбір келеңсіз істерге қатаң қарайды. Қалам ұшымен қатты сынға алады: «Зал іші жағалай ұран, бір-ақ қазақша жазылған; Жоғарырақ па қалай. Бұл залды басқарушы жолдас мына ұрандарды осы залды безеу үшін жапсырдым деп ойлады ма екен? Әлде, қазақша десе, ұстамалы дерті «бар кісі болды ма екен... Өкілдердің дені қазақ. Жағалай қарайды. Арбиған жазу, бірақ оқып түсіне алмай сорлап отыр».

Сондай-ақ, «Қарағанды пролетариаты шахтадан басқаны сүймейді десек қателесеміз-ау. Мәдениеттің туын тігетін жер осы емес пе? Радио, театр жұмысын басқаратын біздің Қазақстанда мекеме бар ма осы? Бар болса сол отағасына дұғай, дұғай сәлем. Қарағандыға осы да жарар деп одан қашқан, бұдан қашқанның ойыншығы қылмаңыз» деген өткір сындарды ұшыратып отырасыз.

Б.Майлиннің очерктеріне осындай нақтылық, қарапайымдылық тән. Оның қара маржанды Қарағанды өңірінен жазған очерктерін Шымкент сапарынан жазған очерктерімен салыстырғанда композициялық, сюжеттік құрылымы жағынан әлдеқайда жоғары тұрғанын, тілінің де шұрайлана түскенін айқын аңғарасыз.


Каталог: fulltext -> transactions
transactions -> Казахстан республикасының Ғылым және білім министрлігі
transactions -> Азамат Тілеуберді
transactions -> Қырықбай Аллаберген тарих және баспасөЗ Қазақ мерзімді баспасөзінде тарихтың «ақтаңдақ» мәселелерінің жазылуыбаспасөзінде тарихтың
transactions -> МӘШҺҮР – ЖҮсіптің лингвистикалық КӨЗҚарастары оқу құралы Павлодар Кереку
transactions -> МӘШҺҮр тағылымы жинақ 2 Том
transactions -> Е. Жұматаева жоғары мектепте оқытудың біртұтас дидактикалық ЖҮйесінің теориясы монография Павлодар 2012 Кереку
transactions -> Қазақ – шығыс және орыс (еуропа) Әдебиеті байланысы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет