Екінші кітап



бет5/16
Дата05.11.2016
өлшемі3,16 Mb.
#566
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16

6.Өмір жылнамалары.

(Ғ.Мүсірепов.)
Қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповтың өткен өмір жолына, соңына қалдырған бай мұрасына мұқият ой жүгіртіп, зер сала үңілсек, онда оның сөз зергері атануына себепші болған шығармашылық өнеріне бір ғана баспасөздің қаншалықты із қалдырып, әсер еткенін ақыл-ой айнасы – көзбен көріп, көңілмен түйсіну қиын емес.

Ғ.Мүсіреповтың журналистік қызметін айтқанда кезінде еліміз жаңа өмірге талпынып, тәй басқан шақта халықпен бірге бір тұрып, бір құлап алға ұмтылған "Социалистік Қазақстан" (Егемен Қазақстан) газетінің редакторы болғаның еске алудың өзі аз емес. Осы газет бетінде оның ескі өмірді сынап, бүкіл жұртшылықты қазақ ауылында мәдени құрылыстың өркендеуі жолындағы күреске шақырған алғашқы салиқалы да қайрат-жігерге толы публицистикалық шығармалары жарияланды.

Қазақ прозасының қас шебері Бейімбет Майлинмен үзеңгі қағыстыра жүріп осы редакцияда еңбек еткен жылдары оны елге журналист ретінде ғана емес, қарымды қаламгер, әйгілі сөз зергері ретінде танылуына да мол мүмкіндік берген, шеберлік дәмін татқан жылдары болып еді.

Ол ол ма? Кейінірек Ғ.Мүсірепов «Қазақ әдбиеті» газетінде редакторлық қызмет атқара жүріп, қазақ әдебиетінің жетістігін марапаттауға, жас ақын-жазушылардың өсіп, буынын бекітуіне нақты істері арқылы зор үлес қосты.

1956 жылдан бастап республикамызда сатиралық «Ара», «Шмель» журналы шыға бастағаны белгілі.Міне, осы журналдың да тұңғыш редакторы болып Ғ.Мүсіреповтың тағайындалуы тегін еместін. Себебі, ол «Ара» журналын аттай он жыл басқарып, қазақ әдебиетінің басты салаларының бірі – сатира мен юмордың одан әрі дамуына төте жол салып беріп кеткен жан.

Сөйтсе де қазақ оқырмандарының сан ұрпағы Ғабит Мүсіреповтың ғажайып талантты жазушы ғана емес, орақ тілді, от ауызды публицит, үлкен журналист деп біледі.

Ғ.Мүсірепов публицист дегенде біздер ең алдымен ғұлама жазушының кезінде баспасөз беттерінде жарияланған очерктерін еске аламыз. Себебі, публицистиканың бұл түріне Ғ.Мүсіреповтың өзі сонымен бірге жазып жүрген очерктеріміз көркем шығармадай болсын, ал көркем шығармамыз очеркке ұқсап кетпесін деп қатаң талап қоятын кез жетті,- (37) деп өзіне де өзгеге де шын мәнінде қатаң талап қойған болатын.

Сонымен қатар осы талап үрдісінен шығуда Ғ.Мүсірепов басқаларға үлгі-өнеге бола білді. Оны жазушы творчествосының мынадай ерекшеліктерінен байқауға болады. Алдымен ол не жазса да, қарапайым әрі қысқа жазады. Ең бастысы – айтар ойы анық. Мұраты биік. Жазып отырған объектісін ғалымдық, суреткерлік тұрғыдан терең зерттейді. Мәселен жолсапар очерктерінің қайсы бірін алып қарасақ та білгірлік, көрегендік, зерделілік, парасаттылық айқын аңғарылады. Мейлі, шет жұрттың табиғатына, мейлі, адамдардың психологиясына, адамгершілік қасиеттеріне, мейлі, тарихына, тұрмыс салтына үңілсін, бәріне де жасанды пайымдау, сырттай болжампаздық жасау атымен жоқ. Нені айтса да өз ұлтының, өз халқының мүддесін ойлай отырып, соның абыройын әуелде түзейін, қисығын түзеп, кемін толтырайын деген ниетпен айтады. Әр сөзі ойлы, әр ойы ғибратты. Артық айтпайды, асып-төгілмейді. Бәрі де нақты, бапты.

Өйткені, жазушының суреткерлік шыңы азаматтық биігі оны төмен түсірмейді. Әдетте Ғ.Мүсірепов әлеуметтік-моральдық проблеманы көп айтады. Бұл туралы жазушының өзі:Мені моральдық және азаматтық проблемелар көп мазалайды. Біз қазір адамдағы ең зор ішкі байлық – жан сұлулығы мен ар тазалығы, азаматтық міндеттер туралы әңгіме қозғаудан көп жағдайда бұрылып өтіп, немесе бұғып отыруға әуестеніп бара жатқан жоқпыз ба деген ой көңілімнен де, көкейімнен де кесе көлденең кетпей жүр. Біздер, қаламгерлер кейбір адамдарымыздың бойында көрініп, қана қоймай қордаланып, бел алып деңдеп бара жатқан тоғышарлық психологиясымен аяусыз батыл күрес жүргізуіміз керек»,(38) - деп қатты, қатты да болса аса қажет ой-пікірлерін қайталап отырушы еді.

Алайда, Ғ.Мүсірепов очерктерінің басты ерекшеліктері оның юморында. Автор қандай тақырыпта жазса да қолтумасының юморлық реңкін сақтайды, жұмсақ әзіл, жылы юмор арқылы ұнамды кейіпкерлерін де бір шымшып кетеді. Өйткені ұнамды кейіпкердің бойында да бір мін болатының ұмыттырмайды. Әзілі жаныңды жаралмайтын жарасымды, ойлы әзіл. Ал адам характеріндегі үлкенірек кемшілікті ашқанда келеке, сықаққа да тежеу салмайды. Мәселен еңбекші халыққа қарсы топтың өкілдерін әшкерелегенде ащы мысқылмен түйреп кетеді. Жазушы кейіпкердің мінез-құлық, жүріс-тұрыс, іс-әрекетіндегі көзге түртер үйлесімсіздікті оның қисық, оспадар мінезін портреттік баяндауда, табиғат суреттерін ойнақыландыра суреттеуде, тіл кестесінде қағыс қалдырмауға көңіл аударатыны байқалады. Әжуә-әзілді, кейде сын-сықақты очерктің бүкіл идеясына, сюжетіне, образдардың ерекшеліктеріне қарай тән сипат етіп сабақтастырып отырады.

Сөйтіп, жазушының очерк-публицистикасында кездесетін уытты сөздер, әзіл-оспақтар шығарманың негізгі сөліне айналып оның тінін ширатып, идеялық мінез-мақсатын айқындай түсті. Бұған ілгеріректе жазылған «Желкелер неге қышиды», «Отарлар оралып келеді», «Шегінбелік бір қадам да», «Жиделіде», «Аспанда болған жекпе-жек» атты очерктері нақты мысал бола алады.

Көркем шындық - өмірлік шындықпен үйлескенде ғана көкейге қонады. Жазушының таланты мен субьективті көзқарасы, дара стилі өмірлік шындық дейтінді қайта жаңғыртып, жаңа қырынан көрсетеді. Белгілі қаламгеріміз Ә.Нүрпейісовтың мына айтқаны еске оралады: «Жазушы стилі – жазушының өмірді көруі. Ал жазушы стилінің ерекшелігі - өмірді көру ерекшелігі». (39)

Ғ.Мүсірепов өмір шындығын кейіпкерлерінің психологиясы, іс-әректі, диалог, табиғат құбылыстары арқылы бұлжытпай суреттеп береді. Қарапайым еңбек адамдарын еркін, өз деңгейіне сай сөйлетеді.Адам характерін ашқанда оқырманның көкейінде күдік қалдырмауға ұмтылады.

Сонау Ұлы Отан соғысына дейін-ақ жазушы қаламынан «Батыр – большевик Аманкелді», «Қорғасын алыбы», «Жеңілген сыр» сияқты очерктер туындағаны мәлім. Егер әңгімемізді осы шығармалар арқылы жалғар болсақ, онда «Батыр – большевик Аманкелді» (40) очеркі халық батыры А.Иманов қатысқан 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының жиырма жылдығына орай жазылғанын айтуымыз лазым.

Очерктің алғашқы беташар және «Ұры», «Жынды», «Жеке батыр» атты бөлімдерінде жас Аманкелдінің балалық шағы, өмірге көзқарасы, ұры деп жала жапқан айлалы шонжар байлармен тартысы суреттеледі. Авторлар тарихы шындықты темірқазықтай ұстанып, батырдың басынан өткен жағдайларды шетінен алып тізбектей бермей, қайта оның образын ашуға керекті аса мәнді, ең қажеттілерін пайдаланады. Кейінен оның ерлік істерін суреттеуде де осы принципті сақтап, очерк кейіпкерлерінің бейнесін дара мүсіндеп сомдай түскендері байқалады. Очерктегі әр алуан оқиғалардың барлығы Аманкелді төңірегінде шоғырланған. Батырдың әрбір елеулі кезеңге орай сатылап өсіп, кемелденіп отыруы нанымды суреттелген.

Очерктің «Жынды» бөлімінде Көкшетау уезі, Саумалкөл қаласында соттан ақталып, еліне қайтып келе жатқан он екі табан өгізді Селебеге дейін айдасатын адам таба алмай есі шыққан көпестің приказчигі Ғазизовқа жолығады. Осы сапарына одан біраз қаржы тапқан Аманкелді ақыры приказчикке еріп Петербург қаласына аттанады. Ел көреді, бөтен халықтың тұрмыс салтымен танысады. Сонда жүріп күнделік жазады. Патшаның бір айға алатын жалақысы 20 мың сом екен, жылына 240 мың сом.Сонда Ресейде бұдан артық бай барма екен сірә! Өзінің үйлерінен басқа, әкесінен қалған үйі 1040 екен. Мұнша үйді қайтер екен, шіркін – деп жазады. Бұл кезде Аманкелдінің таптық көзқарасы әлі де бұлыңғыр. Бірақ, оның анық ұғатыны үстем тап құламай кедей – кепшіктің бақытты өмір сүруі екі талай.

Ал, очерктің «Жеке батыр» бөлімінде Аманкелдінің характері толық ашыла түседі. 19 бен 31-дің арасындағы жастарды қара жұмысқа алдырту мақсатымен Торғай даласына Торғай облысының генерал-губернаторы Еверсман келеді. Бұрын әншейін төре келгенде де ат байлап, үй тігіп күндік жерге шығарып салатын ел бұл жолы генерал-губернаторды түршіге қарсы алады.

Осы детальді авторлар өте шебер жеткізді: Соңында ұялас ит сияқты біріне-бірі ұқсаған он үш болыс, жүз қаралы би, молда-ақсақалы бар, қасында уезд бастығы Шәріп пен Жанаралдың мойнақ қара иті Байқадам Қаралин бар, сап-сары ала генерал Еверсман ортасы ойылған шаршы топтың ортасына шыға келгенде жұрт сары ала жыланды көргендей түршікті.

Еверсманды осындай күйде бейнелейтін авторлар Аманкелді бастаған бүкіл ел қарсы шыққанда Еверсман сол ашумен үйге кіргенде өрт сөндіріп қайтқандай күп-күрең еді де, болыс-билер сары аязда жалаңаш тұрғандай қалтырап тұр еді,-деп суреттейді. Міне, бұл қилы характердің бір үзік сипаттамасы. Шынайы нанымды сипаттама әлсіздің алдында кеуде керіп, күштінің алдында құрдай жорғалайтын тоғышер би-болыстың мүсәпір кескін-келбеті, мінез-құлқы очеркте табиғилығымен есте қалады.Енді мына диалогтан мысал келтірейік.

-Бірер ай кеңшілік сұрауға жөні болмас па екен,-деді жанарларға.

-Ол неге керек - деді Еверсман билерге сенбеген пішінмен. Ол неге керектің жауабын билер –елдің беті қалай болар екен, патшаға барып ізденетін бола ма қайтеді дегенге жақындатып қайтарып еді, қожасының мінезін жақсы білетін Байқадам:

-Сөйлесіп, елді көндіру үшін керек, - деп аударды. Орысша түсінетін болыстар біріне-бірі жалтақтасты да үндей алмады. Құлқынан басқаны керек деп көрмеген билер, Байқадамның не деп аударғанын түсінген де жоқ. Ел қамын емес, өздерінің өңештерін қандай парамен толтыруды ойлап отырған би-болыстар бір ай мерзімді өздерінің бас пайдасы үшін сұрап отыр. Билердің бірер ай кеңшілік сұрап алып қалғандығы, елден он төрт мың сом ақша жинап алып, Қабақов, Көтібаров, Таққожин, Токин деген төрт байдың Петерборды, қант-шай, кездеме алып қайту пайдасына асты.

Осылайша қараңғы ел Аманкелді тілін алмай арамтамақ жатып ішерлерге жем болды.Осы тұста Аманкелдінің саяси көз қарасы толыға түседі. Босқа даурығып, өңеш жыртудың түкке қажеттігі жоқтығын түсінген ол енді төңірегіне сарбаз жинап, қарулы көтеріліске шығады. Ол тек ұйымдастырушы ғана емес соғыс өнерінен хабары мол стратег-қолбасшы ретінде көрінеді. Жазушы кейіпкерінің тұлғасын сомдау үшін осы қырынан сипаттама жасайды. Қаһарманның тың қырларын көрсетеді.

Әлбетте біз сөз етіп отырған шығарманы қос автор кешегі кеңес үкіметімен үндес, соның мақамымен жазылғаны әр бетінен ақ аңғарылады. Бірақ біз сөз етіп отырған бұл дүниелер саясат үшін емес, қазақ журналистикасының даму, қалыптасу тарихын зерделеу екенің ұмытпауымыз қажет.

Очерктің келесі «Екі соғыс», «Екінші қыр», Батыр- большевик Аманкелді Имановтың әскер тұлғасын типтік дәрежеге көтере сипаттаған елеулі очерктің бірі. Авторлар Аманкелді төңірегіндегі әр алуан уақиғаларды көркем бейнелеу арқылы қазақ даласындағы қоғамдық- әлеуметтік топтардың да ұмтылмас тарихи тұлғаларын жасаған. Қос автор, қазақ әдебиетінің классиктері – Майлин иен Мүсірепов оқиғаны шебер баяндайды. Эпизодтық кейіпкердің өзін талмай зерттеп, оның жан дүниесін жете бақылайды.

Келесі сөз Ғабит Мүсіреповтың «Қорғасын алыбы» атты көркем публицистикалық туындысы туралы болмақ. Бұл шығармасында автор Шымкенттің Калинин атындағы қорғасын зауытындағы өсіп өркендеген , дүние жүзіндегі атақты алыптың дәрежесіне жеткен тұсынан ой түюмен қатар, жұмысшы табының жарқын бейнесін жасайды. Очерк кейіпкерлері – зауыттың алдыңғы қатарлы адамдары. Бәрі де осы зауыттың өзі өсірген түлектері. Әлжан Мұрынбаев, Владимир Языков, Пердебек Ерназаров ісімен де, мінезімен де өнегелі азаматтар.

Жазушы очеркі басты кейіпкерінің бірі Пердебек қиын жолын, қара түнек замандағы жарлы-жақыбай кездерін, ақырында нағыз маман болып шыққанын суреттейтін, қазақ жастарының өкілі қатардағы жұмысшыдан цех бастығына дейін өскенін көрсетеді.

-Отыз бірінші жылы ос зауытқа арбакеш болып кірген адам, содан кейін майлаушы, машинист болдым. Отыз төртінші жылы ваков –волф машинасына көштім. Әсіресе арбакеш кезінде он бір сыйлық алғанын жасырып кетеді. Бірге отырған жолдастары айтып жібермесе, мұндай қылмыстары тіпті көп сияқты.

Осы бір диалогтың өзі Пердебек өмірінің көп жайын, оның характерінің қазақи қырын, адамгершілік абзал қасиетін, қарапайымдылығын, әдептілігін, ұсақ-түйекті сөз қылмайтын сабаздығын аңғартып тұр. Жазушы оның өмірінен нақты мысалдар келтіру арқылы және кейіпкерінің өз сөзі төңірегіне оның жан-сырын оқушы алдына жайып салады.

Қорғасын алыбындағы- Ә.Мұрынбаев, В.Языков сияқты үздік қорғасыншылар біркелкі істің адамдары. Жоғарыда аталған осы үш кейіпкерді де автор жеке дара суреттемейді, керісінше қайнаған қызу еңбектің ортасында әріптестерімен бірге көрсетеді. СССР Жоғарғы Советінің депутаты болып сайланған Әлжан Мұрынбаев күндік нормасын екі-үш есеге асыра орындап, ылғи әріптестеріне үлгі-өнеге көрсетіп отырады.

«Қазір Шымкент қорғасын зауыты Қазақстан республикасының ХХ жылдық тойына әзірленіп жатыр.

- Бұл әзірліктің негізі неде?-деп сұрағанымызда:

- Зауыт дүние жүзіндегі меншікті орынды алса, ұлы Одағымызда бірінші орында екенің ұмытпайды,- деді Әлжан Мұрынбаев жымиып».

Иә, алып зауыттың туған өлкесінде орын тепкенін жас жігіт мақтаныш етеді. Бұлайша ағынан жарылуы, мақтаншақтық емес. Оның өзіне еңбектес достарына, ұжымына, туған Отанына деген сенімі. Жалпы, көркем шығармада адам образын сомдаудың, оны жете танытып, ерекшеліндіріп есте қалдыратын мықты құралдардың бірі диалог десек, Ғ.Мүсірепов бұл жөнінен алдына жан салмайтын жазушы.

Өйткені, ол кішкене ғана диалогтың өзімен кейіпкер характерінің бар сырын ашып тастайды. Әр кейіпкерінің нәзік психологиялық ерекшелігін зергерше жіктеп, олардың ішкі дүниесіне, жан сырына жылы көзқараспен үңіліп, отаншылдық, шыншылдық сияқты асыл қасиеттерін шоқтандыра түседі.

Ал, «Жеңілген Сыр» очеркінде жазушы Сыр бойының бұрынғы қара түнек тарихына барлау жасайды. Тәңірге жалынып, жаратушы алланың рахымын күтіп отыратын қараңғы халқының аянышты тағдырын тілге тиек етеді. Мұнда кеше мен бүгінгіні, қазақ халқының патша үкіметі кезеңіндегі тағдыры мен кеңес дәуіріндегі өмірін салыстырып көрсету жағы басым. Кейіпкерінің ішкі дүниесіне терең бойлайды, ішкі толғанысын ашып береді.

«- Қалың ел қашаннан отырғанмен жарықтық еміренбей, иімей келіп еді,- дейді, Бөреш қарт.- Көз жасын талай жұтқан, бастың талай жарылған жері, көсегенді көгертіп те көрген емес – дей келіп, алысқа айналған, артта қалған қор күннің зардабы әлі бойынан кетіп болмағандай күрсініп алды.


  • Ол күннің несін сұрайсыздар... Аузыңа салған асың тамағыңнан өтіп кеткенше өзіңе бұйыра ма, бұйырмай ма деп алақтап отырған заман емес пе, өшті ғой әйтеуір қарасы».

Қарапайым қарттың жан сырына, сөз жоқ иланасыз. Жазушы оның шын сырын ашты. Алаңсыз сендірді. Мүсірепов эпизоттық кейіпкердің өзін бір көрінсе де есте қалардай ету үшін оның жан дүниесін жіті бақылайды.

«Батыс жақ бетіміз қарауытқан шақта-алқаракөк кілемдей текше-текше болып, неше белден асып түсіп етек жағы батар күннің алдында жатыр. Үлбіреген ақтылы-қызғылды гүлдері шоқтай жанады. Сол жағымызда кешкі күннің сәулесімен күрең тартып, үкідей жайқалған сұлы мен бидай комбайн орағынан жалт-жұлт құлайды».

Бүгінгі Сыр өңірінің көрінісі, міне осындай. Нақты жағдайға орай берілген табиғат көрінісі адамдардың мінез құлқының бөлінбес көрінісі ретінде жақсы әсер қалдырады.Адам қолының ұшы ғасырлар бойы арнасына сыймай толқындатып жатқан өзенді далаға бұрған. Тың төсін тіліп түскен Шәуілдір, Киров атындағы каналдарды қолымен қазып, қазынаға кенелген еңбекқор халық.

Жазушы бақыт пен теңдікке қолдары тиген жаңа адамдардың игілікті ісін мақтанышпен жырлайды. Очеркте факті көп, бірақ жазушы оларға жан бітіріп, көрік беріп, идея тудыра біледі.

Очерктің ерекше құндылығы сол – автор Сыр бойындағы колхоздардың шалқыған дәулетін көрсетумен шектелмей, күріш дақылын өсірудің мәселелерін қозғайды. Бөгеттер мен каналдарды молайту, егістік жерлерді өңдеу, Сырдария, Тереңөзөк, Жалағаш, Қармақшы аудандарында игерілмей жатқан күріштік жерлерді кәдеге жарату жобаланған Қызылорда бөгенін салып бітіру жайындағы автордың ұсынысы көкейге қонымды.

Келесі мәселе Ғ.Мүсіреповтың Ұлы Отан соғысы жылдарында дүниеге келген очерктері мен публицистикалары жайында болғандықтан белгілі сыншы, журналист Т.Ыдыросывтың мына бір пікірін келтіре кеткенді жөн көрдік: Мәселен, Ғ Мүсірепов- әңгіме, новелла, жанрының шебері ғана емес, сондай-ақ көркем очерктің ұстасы. Ол әрбір сөзді тыңдап, іріктеп, орнымен қолданады; Сөйлемдерін ықшам да ойлы құрайды, кейіпкерлерінің мінезі мен ісіне орайлы, шұрайлы теңеулер, эпититтер, метафоралар іздейді, мақал-мәтелдерге жүгінеді. Кейде өзі де мақалдап-тақпақтап кетеді, поэзия ырғағымен шешен сөйлейді. Мұны, әсіресе, Ғабиттің Ұлы Отан соғысы кезіндегі очерктерінен анық байқаймыз.(41)

Мәселен, тілге ұста, сөзге жүйрік қаламгердің «Шегінбелік бір адым да!» - соғыс талабына үндес, қаһарлы кезеңге тән айшықты суреттер мен ұтымды теңеуге бай көркем-публицистикалық шығарма. Онда соғыс кезіңдегі ауыл еңбеккерлерінің жеңіске деген нық сенімі, сарқылмас қажыр-қайраты сипатталады. Тәуке шалдың немересі Болатқа майдандағы баласына хат жаздыртқаны әңгіме болады:

Сонымен кәрі көз Болаттың көбірек бірдеме жазғанын сезе қалып:

«- Сен немене тұғыжыңдап кеттің?- деді Болат.


  • Құдайға шүкір дегенді жазып көрген жоқ едім... – деді.

  • Жазып көрмесен жаз. Сен емес, мен ғой айтып отырған.

  • Жаздым.

Бұдан нақты, әрі көңілге қона кеттетін диалогтардан қарт пен баланың арасындағы қарым – қатынасын табиғи түрде жарасым тапқанын көреміз.

Бұл кезде Тәуке шал айтайын дегенін етек – жеңін жинап болып еді.



  • Елде ешкім еш нәрседен тайынбайды деп жаз, - деді Болатқа.

-Қайран күш қалпында екен, 25 қайта оралды. Былтыр сен әрең тастайтын егінді мен оп-оңай тастап жүрмін. Егін арасына тай жасырғандай. Машинасы орудан, кәрі әкең қағудан қажыр емес.

Болат атасының бұл сөздеріне қосымша жасады:

-Атам 25-ке шықты дейді, онысы өтірік шығар деймін.Ол жаңа сізге қарағым деп жаз деп еді, енді сізден жас болып шыққысы келеді.Мен онысын әдейі жазбадым, былтыр жетпіс екідегі адам,биыл жиырма беске қалай жетеді.

Тәуке шалдың әр сөзінен ер басына күн туып, етігімен су кешкен ауыр заманда жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген қарапайым қазақ шалының бейнесін көрсек, ол оған кереғар немересі Болаттың аңғалдығына еріксіз жымиясыз.Жып-жылы юморды диалогқа сыйғызған жазушы шеберлігі қызықтырады.

«Шегінбелік бір адым да» очеркі формасы мен жазылуы жағынан өзгеше дүние. Ел басына төнген ауыр күннің елесі Тәуке шалмен немере арасындағы күрес арқылы беріледі. Бұл жерде қарт әсіресе шешен , әсіресе ұраншыл. Сол заманның оқырманы сенгенмен сол сөздерге соңғы оқырманы иланбасы анық. Кім болсын, жастарды жігерлендіріп қайтару үшін заманында осындай жалаң ,жасанды, жалтырақ сөздердің керегі де болды ма...оқиық. Ең соныңда қарттың хат жаздыртқаны мынадай сөздер: Қаракерем дөнен шақса, топқа салар кез осы. Қасқыр кірді бір қалыңға соғып алар кез осы. Жарақты жауға кездестік. Елде әкелер, майданда ұлдар. Жау ызасы жанға батты, намыстанар кез осы.

Ғ.Мүсіреповтың келесі «Совет Одағының Батыры» деген очеркі ұшқыш Нұркен Әбдіровке арналған.Жазушы Нұркеннің қаһармандық келбетін, оның туған елге, анасына және кішкене қарындасы Светланаға жолданған хаттары арқылы ашады,очеркист бір сәт батырдың соғыстан бұрынғы жастық шағын, ұшқан ұясын, мектебіне келу жолын әңгімелейді.

-Апа! Біз талайдан бері дайындалған уақыт бітті.Соғыстың қызу жеріне барамыз. Жастық шағымда алдарыңа шығып,қатты сөз айтқан болсам, басымды иіп кешірім сұраймын. Мен жас жанымды жауға оңай бере қоймаспын.Жастығымды еселеп тұрып ала өлермін. Алыста қалған ата-анасына жолдаған хатынан Нұркеннің жауға соншалықты мейірімсіз екенін жаудан кек қайтарсам дегеннен бөлек ештеңені ойламайтынын көреміз.

Ал енді мына бір хатқа назар аударалық.Светажан! Кеше қалаға шығып, кітап магазиніне келсем, кішкене балалардың сурет салып жатқанын көрдім. Қызығып кеттім де саған алдым. Апа және Асқан Светажанды осы суреттегі әдемі баладай ғып таза ұстап, әдемілеп өсіріңдер. Шашы да, барлығы да осы суреттегідей болсын.

Жазушы кейіпкерлерінің есімі арқылы замана лебін, соғыс ықпалын оңай аңғартады. Мәселен алдынғы очеректегі Болат, соңғы материалдағы Света осы сөзіміздің анық айғағы. Қулығына құрық болмайтын тұңғиық сырлы жазушы бұл есімдерді де жақсы көргендіктен айтпаған.

Очеректе келтірілген хаттар толық күйінде берілмеген. 3-4 хаттан алынған үзінділер очерктің шырайын ашып, көркемдік шешімін табады. Хаттар арқылы жазушы әлсін-әлсін өзінің көңіл-күй толғанысын білдіріп отырады. Ғ. Мүсіреповтың очеркінде публицистикалық саз бен өткірлік бір арнада астасып жатады. «Нүркен де лапылдап жанған самолеттен айырылмай, бетін жаудың қалың бір топталған тұсына бұрып алып, көп танкінің үстіне келіп гүрс етті. Жас өмірін жау қолына оңай берген жоқ. Тағы көп танк, тағы көп солдат, көп офицер жер құшты.

Қарағанды қыраны, қыранға лайық ерлік істеп, қыранға лайық қаза тапты. Міне, дала қыранының ақтық демі біткенше фашист жауыздарға кек жебермегені осылай сипатталады.

Ал, «Батырдың анасы» біз әңгімелеп өткен очерктің жалғасы. Қаламгердің суреттеуінде очерк Нүркенді ата-анасы мен туған-туыстарының майданға шығарып салуымен басталады. Ет бауыр жақындары сырт көзге сыр білдірмей-ақ отырғанымен іштей егілулі. Үлкенге құрметпен кішіге ізетпен қарайтын қыз мінезді Нүркенді көңіл шіркін қыймайды.

Өйткені 1916 жылғы көтеріліс тұсында ұлан-ғайыр қазақ даласының жер-жерінде жастар майданға барудан қашып, тіпті кейде жерінен, елінен безіп кеткен. Отан соғысы деген атпен енген 1941-1945 жылдардағы соғыстан қашқандар аз болмағандығы белгілі. Оңтүстіктегі Отырар топырағынан соғысқа аттанған, бірнеше ай қашып жүрген Ілияс ақын елдегі ер азаматтың жағдайына қарамай майданға сыпырып, ешкімді қалдырмай жатқанына налып:

Кемпір менен қыз қалды

Тоқсан менен жүз қалды

Тапсаң дағы қосып ал

Қашып жүрген біз қалдық,-

деп наразылық білдіргені сияқты соғысқа кім қуанып аттанады дейсіз. Сірә, Нүркеннің ата-анасымен қоштасу сәтінде қобалжығанан ғана емес, іштегі наразылығын, лағынетін оның бет-бейнесінен, яғни ыза мен жалт-жұлт еткен көзін суреттеу арқылы берген сынайлы. Өскен орта, туған жер, жора-жолдас, сүйген жар, ата-анаға қош айтып толғанбай, күрсінбей жүре беру мүмкін бе? Онда Нүркен кім? Міне, шебер жазушы ел наласын, көптің қорлығын жас жігіттің, жанары арқылы көрсетіп отыр. Аңғарымпаз оқушым өзі аңғарсын, өзі түсінсін. Ел басына түскен күйік пен ауыртпалықтын табын жазушы осылай түсіндіріп отыр.

Сол күні Нүркен майданға жүріп кетті. Аттанар алдында жүзін шешесінің көкірегіне басып, үн шығармай тұрып ішінен ант етті.

-Қорғаным бар, қорғай алармын. Жылама демеспін саған, жыламайтын етіп қорғармын, Жайратып қайтармын жайрағырды, - деді. Ана жүрегі бұл антты түгел естіді. Егер бірге соғар екі жүрек болса, ол осы ана мен баланың жүрегі емес пе. Бірі үнсіз айтып, бірі үнсіз ұғынып, үнсіз ғана қош десті.

- Ай, қойыңдар, әрі, - деді,-көзім құрғақ болса көңілім жыламай тұрған уағы жоқ, көңілім жыласа көзіме несіне өкпелейін. Қой деді жылаудын не жөні бар. Нүркенім тірі, әкесі жалғыз мынау шығар, шешесі жалғыз мен шығармын деуші едім, қате екен оның. Әкесі бүкіл Совет елі, шешесі бүкіл Совет жері екен.

Әлбетте, бұл кешегі кеңес үкіметінің, Компартияның жалаң, жалған саясатының жемісі. Өзгені былай қойғанда бұл індет Ғабит сынды көрегеннің де көзін бұлдыратып, тілін күрмегені көрініп тұр...

Міне,бұл Нұркеннің қаралы хабар келіп, тума – туыстар шұрқырай көрісіп жатқанда Бақтан кемпірдің өзгелерге тоқтау айтқаны. Дүниеде анаға бауыр еті баласынан өзге ыстық кім бар? Сүт кенжесі майданда қаза тапса да жасымаған ананың оғаштау мінез-құлқы оқушысын еріксіз таңдандырады. Очерктің әсіресе романтикалық сарыны ананың тұлғасын күдікті бейнеге айналдыра түседі. Осы очеркі арқылы жазушы ел- жұртын, өзінің балаларын емірене сүйетін, аналық махаббаты мен мейірбандығына дақ түсірмейтін ел анасының өршіл бейнесін жасаған.

Майдан, тыл очерктері- кешегі адамзат баласына зор қайғы-қасірет ала келген соғыстың қатал шежіресі. Оларда жазылғанның бәрі біздің өткен жолымыздың, қаһарлы кезеңнің тарихы. Ғабит Мүсірепов осы үлкен іске мол үлес қосқан көрнеті қаламгер. Оның очерктерінен басқа да, «Намыс та біздің қолда», «Батырлар ұрпағы», «Белден- белге», «Барлық адам баласы атынан» атты публицистикалық мақалаларыда дәуір тынысын, өмір мәселелерін дәл бейнелеген дүниелер.

«Желкелер неге қышиды?» - қазақ журналистикасының тарихына елеулі үлгі болып қосылатын өте қызықты очерктердің қатарына енеді. Бұл негізінен сатиралық очерк. Бұрын да айтылып жүргендей Мүсіреповтың шығармаларында юмор мен сатира үлкен орын алады. Жазушы шығармаларының әр сөзіне, диалогі мен монологіне, авторлық баяндауларына, пейзаж бен характер жасау жолдарына үңіле қарасаң, оның күлкі сырын жетік білгенін байқаймыз.

Малшылардың республикалық мәжілісінен туған «Желкелер неге қышиды?» очеркінің өзекті тақырыбы- мал шаруашылығы. Автор шаруашылығы кері кеткен облыстарды, жеке шаруашылықтарды аяусыз әшкерелеп, қатаң сынға алады.

«Әр желке әр себептен қышиды, оның үстіне әр кезде қышиды... Кейде бір желке қыши бастағанда, екінші бір желке күдірейе бастайтын да жаман әдеттер бар. Кейде көп желкелер кәдуілгідей үн қосып қышып кетеді».

Бұл жолдар оқушысын сөзсіз мырс еткізеді. Алайда малшылардың республикалық мәжілісіне қаптаған желкелердің не қатысы болды екен деп ойға қаламыз. Сөйтсек Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарында қаһарлы қыстың әсерінен көп мал қырғынға ұшыраған.

Автор осылай мал өлімін нысанаға алып, көп жерде жем –шөп уақытылы дайындалмайтынын, мал тұқымының Көкшетауда нашарлап кеткен кездейсоқтықтан емес, басшылардаң жүрдім, бардым, нем кетті көзқарасынан туындайтынын мінейді.

«Отарлар оралып келеді» - біз жоғарыда әңгімелеп өткен очеркпен үндес, тақырыптас. Мұнда автор мал шаруашылығын,әсіресе, қой шаруашылығын өркендетуге залалын тигізіп жүрген ескі әдеттер мен қыңыр мінездерді шегіне жеткізе сынап, шопандардың мәдени – тұрмыстық жағдайын жақсарту жөніндегі көкейкесті ойларын ортаға салады.

Жазушының бұлардан басқа «Туған өлкеде», «Үлкен миллард жолында», «Қымбат қазына», «Аттың сыны» атты очерктері өткірлігімен, идеясының мығымдығымен және көркемдік дәрежесімен ерекше. Очеркист туған жер жайлы, шабытты еңбек туралы ардақты азаматтарымыз жөнінде ыстық тебіреністерін қағаз бетіне түсірген.

Елуінші жылдардың орта шенінен бері қарай қазақ баспасөзінде жазушы – журналистердің саяхат сапарларынан жолжазба очерктер көп көріне бастады. Шет жұртты аралау Ғ.Мүсіреповтің де творчествосына әсер етпей қойған жоқ. Теңіз жолымен, құрлықпен жұмыр жердің көптеген бөлігін айналып өткен жазушы шет елдерден алған әсерлері мен ой – толғаныстар жайлы бірнеше жолжазба очерктер жазды.

«Жапон әсерлері», «Кездесулер», «Барлық Африка мәдениетінің бірінші фестивалі», «Аспанда болған жекпе-жек» осындай сапарлардың жемісі.

Әсерлі, тартымды очерктер тұтас бір елдердің табиғат көріністерін, тұтас бір халықтардың өмірі мен тұрмыс-салтын суреттейді; өткен және қазіргі замандағы тарихи оқиғаларды,адамдардың характерлерін көз алдыңа әкеледі. Жазушының бұл очерктеріне оның жүрек лүпілі, ойы мен сезімі философиясы, азаматтық парасаты, бейбітшілік жолындағы қимыл-жігері айқын сезіліп тұрады.

Көрнекті жазушының қаламынан бір – біріне ұқсайтын алуан түрлі жайттар; отар және азат Африкадағы, Батыс пен Шығыс елдеріндегі проблемалар қоғамның қалтарыс көлеңкелерінде көзге шалынбай қалатын кемшіліктер қағажу қалмайды. Мұнда автор позициясының өмір шындығын реалистік тұрғыдан суреттеу күшті.

«Жапон әселері» - Ғабит Мүсіреповтың тұңғыш жолжазба очерктерінің бірі. Бұрын болмаған, көрмеген шет жұрттың жер-суы, тұрмысы, салт-санасы, мәдени ескеркіштері, халықтар өмірі автордың өзіндік талғам- әсері, саяси көзқарасы арқылы беріледі жазушы нақты да қызықты деректерді мол келтіре отырып, оқушыны Жапонияның өткенімен және бүгінгісімен таныстырады. Атылмыш очерк жер бетінде гүлденген жасампаз өмірді қорғап, бейбітшілікті көздің қарашығындай сақтай білуге үндейді. Бұл жерде де жазушының байқампаздығы мен аңғарымпаздығына тәнті боламыз.

1960 жылы жазғытұрым Ғ. Мүсірепов Италиядағы «Батыс Мәдениетінің қоғамы» ұйымдастырған халықаралық кездесуге шақырылған еді. Бұдан кейін жазушы ежелгі Рим жерінде тағы да екі рет болып қайтты. Осы сапарларының нәтижесінде ол «Кездесулер» атты саяси публицистика дәрежесіне дейін көтерілген көркем очерк жазды. Қызықты деректерді, айтыс- тартыстарды тиімді пайдаланатын жазушы очеркті жанды әрі тартымды ете түседі. Автор Флоренция, Рим, Венеция, Помпей сынды қалалардың ежелгі мәдениеті, өнері және әдебиеті жайлы мол да қызықты мағлұматтар береді. Қорытып айтар болсақ егер біз өзімізге өзіміз Ғабеңнен озған қаламгер бар ма?-деп сұрақ қойсақ мұның жауабын таппай қиналарымыз даусыз. Өйткені журналистика саласында болсын, жазушылық өнерде болсын Ғабит Мүсірепов әсіресе қысқа жанрда алдына жан салмаған қаламгер екені шүбәсіз.

Ендеше Ғ.Мүсіреповтің журналистік мұрасы, оның ішінде, әсіресе көркем очерктері арнайы зерттеуді қажет ететін қазына, ұлттық өнер қазынамызға қосылған мол байлық деп бағалауымыз орынды.


Каталог: fulltext -> transactions
transactions -> Казахстан республикасының Ғылым және білім министрлігі
transactions -> Азамат Тілеуберді
transactions -> Қырықбай Аллаберген тарих және баспасөЗ Қазақ мерзімді баспасөзінде тарихтың «ақтаңдақ» мәселелерінің жазылуыбаспасөзінде тарихтың
transactions -> МӘШҺҮР – ЖҮсіптің лингвистикалық КӨЗҚарастары оқу құралы Павлодар Кереку
transactions -> МӘШҺҮр тағылымы жинақ 2 Том
transactions -> Е. Жұматаева жоғары мектепте оқытудың біртұтас дидактикалық ЖҮйесінің теориясы монография Павлодар 2012 Кереку
transactions -> Қазақ – шығыс және орыс (еуропа) Әдебиеті байланысы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет