Елдік пен ерлік киесі



Дата10.04.2020
өлшемі95 Kb.
#61212
ЕЛДІК ПЕН ЕРЛІК КИЕСІ
тарихнамалық эссе
Тәуелсіз даму – өткенді мұхият зерделемей, келешекті кеңінен болжамай, жүзеге аса қоймайды. Сондықтан да қалың жұртшылық бүгінгі ұлттығымыз бен мемлекеттігіміздің тарихи бастауларына айрықша ықылас аударуда. Тек күні кеше ел жолында жан қиған боздақтарымызбен қоса ұлан-ғайыр атамекенімізді қорғап қалған бағзы бабаларымызға, рухани түрлаулығымызды қалып-тастырған ойшылдарымыз бен пірәдарларымызға ризагер ұрпақтың атынан тағзым етіп, құрмет көрсетуде. Ондай қастерлі есімдер мен мубәрак жәдігерліктер кең-байтақ еліміздің қай шалғайында да халық назарынан қақыс қалып жатқан жоқ. Далба тауында атақты Бұхар Қабанбайға Мінәжат орны салынды. Жендеттік пен шолақ белсенділік жер төмпешікке айналдырған Махамбет қабірі ат басын бұрып, іздеп барар зиярат орнына айналды. Еділ бойында Құрманғазы сағанасы еңсе көтерді. Мұндай жан қуантар жақсы құбылыстар, әсіресе, халқымыздың қай ғасырда да қасиетті қара орыны саналған ежелгі Қаратаудың екі бетінде өте көп. Күнгейі біршама көзге ілігіп, зерттеліп келсе, теріскейі енді-енді назарға іліге бастады. Ғалым Мелиоранский Шаш уалаятының бас пірәдары санаған Қызылкөл маңындағы Баба Түкті Шашты Әзіздің күмбезі жаңартылды. Тұран даласында мұсылман дінін таратуда тиянақ бекеті болған Баба-Атаның көне ғимараттары археолог күрегі мен жәдігерлікті жаңғыртатын зерделі құрылысшы қалағын сағынып тұр.

Қыр мен Сыр арасындағы қарым-қатынастың кіндігі болган Көне Созақ шаһары әлі ат басы бұрылмаған тың тұрақ. Ол тек транзиттік сауда бекеті ғана емес, ұлттық мемлекеттілігіміздің бесігі болған саяси орталық. Оның көне топырағына көмілген құпия мен сыр әте көп. Тек кілтін тауып, қаныға білу керек. Сондай бір ыждаһатты зерделеуді талап ететін нысана – Қарабура мазары. Ол туралы ел аузында айран-асыр қалдыратын аңыз көп. Кешегі солақай заманда әулие деген сөзден ат-тонымызды ала қаштық. Олар жайында ойлануға да құлқымыз болған жоқ. Халықтың ғасырлар бойы өшпей келе жатқан ерекше ықыласының сыры неде екеніне де назар аудармадық. Оны біржолата надандыққа, санадағы мешеулікке сайыдық. Ауызша мәдениет өкілдерінің ақиқаттың өзін аңызға айналдыруға мәжбүр болғанын түсінбедік. Өйтпесе, ел өмірінде елеулі маңызға ие болған небір ерекше тұлғалар мен оқиғалар әлдеқашан естен шығып кетер еді.

Халық ондай ұмытылмас тұлғаларды қандай тауқымет тартса да, естерінен шығарған жоқ, Енді соның сырына салихалықпен қарамай, әншейін көп ертегінің бірі ғой деп салғыртсынсақ, тарихи санамыз тайыздана түспесе, молаймайды. Онда біздің этникалық, саяси қалыптасуымыздың, әсіресе, бастапқы кезеңдерінің қыр-сыры қалтарыста қала береді.

Ендеше, ең болмаса, аты ұранға айналып, бір тайпа елдің туына айналған тұлғаларға байланысты ақиқаттарды аңыздан аршып алуға күш салмасақ болмайды. Ол, әрине, бір сәтте жүзеге аса салмайды. Ұзақ уақытты, көп әрекетті қажет етеді.

Бұл, әсіресе, қазір керек. Елдігіміз бен жер-суымызды неше қилы таласқа салғысы келетін кертартпа солақайлық арылмай тұрғанда керек. Кеше неге олай болғанын, бүгін неге бұлай болатынымызды да дәлелдеу үшін өткеннің куәгерлігі керек. Сол бағзының бүгінге дейін ұрпақтан ұрпаққа ұласып келе жатқан жалғастығы керек.

Бәлкім, халқымыздың: «Ағайын бір – әліде, бір – тіріде», – дейтіні де сондықтан шығар. Өйткені, орасан қуаныш пен орасан қайғы жан-жағыңды еріксіз түгендетеді. Талабың оңға басу үшін тәуекеліңе тәуекел қосар күш керегі даусыз.

Адам ғана емес, тұтас халық та солай. Басына қиын міндет түскенде ол да алды-артын тегіс барлап, жан-жағынан таяныш-тірек іздейді.

Біз қазір де дәл сондай өткелектің өтінде тұрмыз. Тарих бүгінгі ұрпақтың мойнына бабаларымыздың да иығына түсе қоймаған ауыр жүк артып отыр. Абыройлы атқарып шығу үшін өлінің шарапатына, тірінің қолғабысына жүгінбеске шара жоқ.

Азаттық жегенің аузында, жемегенің алдыңда, қарқалазы боп шалқып жүруге емес, болғаның мен болмағыңды, бүгінгің мен болашағыңды өзің қарастырып, өзің қамдастырып жүру үшін керек. Кісіге қол жайып, күніңді басқаға қаратпауың үшін керек.

Азаттықтың дәмін бір татқан оны аңсамай тұра алмайды. Аңсағанына жетпей тынбайды.

Біз бүгін бұрын да азат болған жұрттың ұрпағы болғасын азат болып отырмыз. Сондай дәуренді бастан кешкен бабалардың рухына сеніп, тәуекелге бел буып отырмыз.

Ежелгі Қаратау – халқымызды жаңа бір құбылыс ретінде қалыптастырып, қияға қанат қақтырып ұшырған құтты ұя. Теріскей мен Күнгейдің, Шығыс пен Батыстың ортасындағы қыр арқа қырбық шоқылар жан-жақтан тарам-тарам ағылып келген әр төркін нәсілдердің басын қосып, бір жүйектен дәм, бір жүлгеден нәр татырып, қоян-қолтық араластырып, бір бүтінге айналдырып, қайтадан өрелі іске жұмылдырып, өрісті жолға шығарып отырған. Біздің түп-төркініміз болып есептелетін қай нәсіл де осындай көпті бастан кешкен. Алты жалаулы Алаш атанғанда да осылай еттік. Үш жалаулы Алаш атанғанда да осылай еттік. Үш жалаулы Қазақ атанғанда да да осылай еттік.

Ежелгі Қаратау соны еріксіз еске салады. Оның теріскей бетіндегі ұшан далаға ұласар жердегі ескі Созақ шаһары да соны еске салады. Сол шаһардың ту байлар тұлғасындай қайта бой көтерген Қарабура мазары да соны еске салады.

Қарабура... Әлденеше ғасыр бойы ауыздан түспей келе жатқан есім. Қиналғанда медет болар Қуат. Шамданғанда қайрат бітірер Ұран. Қалай болғанда да, бүгінгі қазақтың ұлт болып ұйысуына ғасырлар бойы нақты үлес қосып келе жатқан нақты құбылыс. Оның халқымыз дамудың жаңа жолына түсіп, күллі адамзатқа танылып, жаңа заманаға көшіп жатқан тарихи кезеңде қайтадан ауызға алынып, кеңінен ұлықталып жатуы да әбден заңды.

Қарабураны мыңдаған жандар тарихи тұлға деп, нақты адам деп, нақты адамдардың нақты баласы деп біледі.

Бірақ оның хатқа түскен өмірбаяны жоқ. Тегі, ортасы, өмір сүрген заманы – бәрі тек тұспалдап мөлшерленеді. Бірақ одан оның тұлғасы аруақтанбаса, әлжуазданбайды, биіктемесе, аласармайды. Оның Қарабура атануы да, Қожа Ахмет Жасауиды ақ жауып, арулаған, демек бір тайпа ел емес, күллі түркі дүниесі мойындарлық рухани Пір саналуы да тегіннен-тегін емес.

Ол бір кездегі бабаларымыздың нақты тарихи тағдырларын еске салады.

Шежіреге айтқызсаңыз, ол – Тама батырдың баласы. Ал, Тама батыр атақты Қырымның қырық батыры дастанының бір тарауы Қарадөң балалары топтамасында, Мұрын жыраудың айтуынша, былайша өрбиді: Қарадөң батыр, оның баласы – Жұбаныш, оның баласы – Сүйеніш, оның баласы – Ер Бегіс, оның баласы – Ер Көгіс, (кеңде Тоғыс деп та аталады), оның баласы – Тама, одан – Тана туады. Жырау бір топтаманы осы арадан үзіп, Нәрікхан мен оның баласы Шора батыр туралы жеке жырлайды.

Ал қазақ аузындағы шежіреде Тамадан – Қарабура, Қарабурадан – Нәрік, Нәріктен – Шора, Шорадан – Есенгелді, Есенгелдіден – Атамшыл, Атамшылдан – Торым, Торымнан – Базарқұл, Базарқұлдан – Көкі, Көкіден – атақты Есет батыр туады. Орынбор губернаторы И. Неплюевтің 1747 жылдың 8 шілдесіндегі Сыртқы істер коллегиясына жолдаған ақпарында Есет тарханның жасы сексенде екені айтылады, ал 1750 жылғы 5 шілдеде берілген Қырғыз Шектінің батыры Бәйімбеттің асына қатысқанына қарағанда жасы тоқсанды тақымдап барып қайтыс болғанға ұқсайды. Бұл мәліметке қарағанда, Есет 1667 жылы туған болып шығады, Оның оныншы атасы болып табылатын Қарабура, шамамен, IV ғасырдың орта шенінде өмір сүрген кісі болып шығар еді. Олай болса, қазір бір тайпа елге атау болып отырған Тама сол XIV ғасырдың аяқ шамасында немесе XV ғасырдың бас шамасында дүниеге келгенге ұқсар еді.

Олай болуы қисынға келе ме?

Бұған тек тарихқа сүйеніп қана жауап таба аламыз. Ал ел аузындағы шежіреде аталатындардан нақты тарихи деректер қалдырған сүйекті тұлға – Нәрік ұлы Шора батыр. Оның есімі жырда да, аңызда да Қазанға байланыстырылып айтылады. Қазақтың Шора батыр және Нәріктің ұлы Шора дастандары қазақтың тама тайпасын бір кезде Қазан маңын жайлаған ел қып бейнелейді. Сондықтан Шора мен Нәрікханның басқа да балалары бар болғаны 114 жыл өмір сүрген Қазан хандығының тарихында өшпес із қалдырған тарихи тұлғалар ретінде бауырлас татар халқы да зор мақтаныш тұтады.

Ендеше, бұл мәселеде көп нәрсенің түйінін шешетін

Қазан қаласын 1177 жылы бұлғарлардың Сайын деген ханы салдырған деп есептеледі. Бұлғар мемлекетінде Сайын деген хан болды деген басқа мәлімет жоқ. Бұл арада да Сайын деген лақап та иеленген Бату сөз болып отыруы әбден мүмкін. Ендеше, бұл қаза Батудың ұлы Сартак үшін салдырылған деген сөздің жаны бар болып шығады. Қайткен күнде де ол 1376 жылы Ақсақ Темір шапқыншылығына ұшырағанға дейін назарға көп іліге қоймайды.

Қираған қаланың қайтадан қалпына келуіне Тоқтамыс ханнан кейін Қыпшақ хандығын біршама қайтадан күшейткен Ұлы Мұхамбет хан көп әсер етеді.

Ұлы Мұхамбет – Мәскеу патшалығын қалтыратқан ең соңғы Алтын Орда ханы. Ол 1444 жылы Нижегород пен Рязаньды шауып, Суздаль түбінде орыс әскерін тас-талқан етіп женді. Ұлы князь Василий Васильевичті қолға түсірді. Бірақ, кейін Алтын Ордадағы ішкі алауыздықтық Ұлы Мұхамбетке орыс падишасымен мәмілеге келуге мәжбүр етті. Патша тұтқыннан босаған кезде Ұлы Мұхамбеттің баласы Қасым сұлтанға Мешер өлкесін тарту етті. Көп уақытқа дейін Қасым хандығы деп аталған жеке ұлыстың астанасы болған Қасымов хандығы деп аталған жеке ұлыстың астанасы болған Қасымов қаласы дүниеге солай келді. Бірақ, Тоқтамыс пен Едіге көбесін күйретіп кеткен Алтын Орда бәрібір қалпына келе алмады. Әр тараптың сыртқы ықпалының ыңғайына жығылған шонжарлар ішкі алауыздықты күшейтті. Қыпшақ даласында ықпалы күшейе бастаған кіші Мұхамбет Ұлы Мұхамбетті жұмбақ жағдайда саясат сахнасынан кетуге итермеледі. Біреулер, оны үлкен ұлы Махмутбектің қолынан қаза тапты деседі. Біреулер кіші Мұхамбет өлтірді деседі. Біреулер, дәурені өткен билеуші бір кезде өзі тұтқыннан босатқан орыс падишасына барып бас сауғалады деседі.

Не де болса, Ұлы Мұхамбеттен соң Алтын Орданың қайтадан басы құралады деген үміт азайып, оның орнында пайда болған ең үлкен Хандық – Қыпшақ хандығының өзі тоз-тоз боп ыдырай бастады. Кіші Мұхамбет Дон мен Жайық арасына оған шектес Шибан, Түмен хандықтарына ықпал жүргізе алды. Сейдахмет хан Днепр мен Дон арасын, Ұлы Мұхаметтің аталас інісі Хажы Герей Дон мен Қырым арасын биледі. Ұлы Мұхамбеттің үлкен ұлы Махмутектің үлесіне Самарадан Сура өзені аралығындағы өлке тиді. Ол өз ұлысына бір кезде қирап қалған Қазан қаласын астана етіп, қайтадан қалпына келтіре бастады.

Махмутек кенже інісі Қасыммен араз болды. Қасым Мешерде қалып өз хандығын құрды. Қалған бауырларының қысастығынан қауіпсіз болу үшін орыс падишасымен ықпалдасты. Махмутек бар болғаны үш жыл билік құрды. Оның орнына келген Ибрагимді Қазанның түпкілікті тұрғындары ұната қоймады. Қазан шонжарлары Қасымды таққа шақыруды қолай кәрді. Бұл Қазанның саяси өміріне Мәскеу ықпалының араласуына жол ашты. Қайтыс болған Василий Васильевичтің ұлы Үшінші Иван Қазан тағына өз одақтасын апару үшін Ибрагим ханға қарсы соғыс ашты. Екі жылға созылған соғыс Ибрагимді жеңілуге мәжбүр етті. Бейбіт келісім жасалып, Ибрагим Руське қарсы әрекеттерден тиылуға уәде берді. Бірақ, ол араға тоғыз жыл салып, Вятка шабуыл жасады. Тағы да жеңілді, Қазандағы алауыздық қайта қозды. Біреулер таққа Ибрагимнің үлкен ұлы Әлиді, біреулер екінші ұлы Мәмет Әминді қойғылары келді. Ноғай Ордасының араласуымен Әли таққа отырды. Жеңілген Мәмет Әмин Үшінші Иванға барып паналады, Кашир қаласын иеленді. Үшінші Иван әлдеқандай сылтау тауып, 1487 жылы соғыс ашып, Қазанды үш апта бойы қоршауға алды. Әли жеңіліп, берілуге мәжбүр болды. Ол Вологдаға жер аударыдды, таққа Мәмет Әмин отырды. Бұл хан орыс падишасының айтқанынан шықпады. Әйел құмар болды. Соның салдарынан шонжарлармен тіл табыса алмады. Олар 1496 жылы Сібірдің Мамық ханын таққа шақырды. Мамықты Ноғай Ордасы жақтады. Бірақ, Мамық та Қазан диуанымен тіл табыса алмады. Олар Мәскеумен астыртын сөз байласып, қашып кеткен Мәмет Әминнің өзін емес, баласы Әбділ-Латифті шақыртты. Ол үш жыл билік құрды. Бірақ, дүниеқоңыздыққа жол берді. Қазандықтардың шағымы бойынша, Иван Васильевич оны 1502 жылы тұтқынға алып, Белоозеро деген жерге аударып, орнына әкесі Мәмет Әминді қайта қойды. Мәмет Әмин Вологдаға жер ауып кеткен ағасы Әлидің әйеліне үйленді. Ноғай ханшасы қайнысын патшаға қарсы шығуға көндірді. 1502 жылы тұтқынға алып, Белоозеро деген жерге аударып, орнына әкесі Мәмет Әминді қайта қойды. Мәмет Әмин Вологдаға жер ауып кеткен ағасы Әлидің әйеліне үйленді. Ноғай ханшасы қайнысын патшаға қарсы шығуға көндірді. 1505 жылы орыс елшісі мен саудагерлерін өлтіріп, Төменгі Новгородті қоршауға алды. Бұл Иван Васильевичтің өлген көзі еді. 1507 жылы жаңа патша Үшінші Василий қалың қолмен Қазанға аттанды. Мәмет Әмин райынан қайтып, қайтадан мойынұсынды, 1517 жылы Әбділ-Латиф, 1518 жылы Мәмет Әмин өлді. Сүйтіп, Ұлы Мұхамбет ұрпағы атымен тақтан тайды.

Бұл екі арада Түркия күшейді. Ол мұсылман дүниесіндегі ықпалды елге айнала бастады. Қырым хандығын өз жағына шығарып, солар арқылы Қазан билігіне араласуға күш салды. Мәмет Әминнің орнына келген Шах-Әлиге қарсы Қазан шонжарларын азғырды. 1521 жылы оны тақтан тайдырып, орнына Қырым ханының інісі Сахип-Герейді қойғызды. Ол 1524 жылы орнына баласы Сафа-Герейді қалдырып, Қырымға барып келуте кеткенде, орыстар көп әскермен келіп, Қазанды қамайды. Қазандықтар бітімге келуді ұсынып, жас бала Сафа-Герейді өздеріне хан қылып қалдыруды өтінді. Бірақ, көп ұзамай қырымдықтардың алауыздық әрекеттерінің жандана бастағанын байқап, Мәскеу патшасы Сафа-Герей мен шонжарлардың ант беруін талап етті. Қазан қайтадан ереуілдеді. Патша әскері жеңіске жетіп, СафаТерей елден қуылды. Патша бұрынғы хан Шах-Әлидің інісі Жан-Әліні таққа отырғызды. Қазандықтар 1535 жылы оны да қуып шығып, орнына Сафа-Герейді қайта қойды. Сафа-Герей Қазанға ықпалы күшті Ноғай Ордасының аузын алуға тырысты. Едігенің немересі Жүсіптің қызы Сүйінбикеге үйленді. Мәскеу патшасы Иван Грозный ол кезде әлі сәби еді. Анасы Елена Глинская Шах-Әлиді қайта отырғызуға күш салды.

Нәрік ұлы Шора, міне, осы кезде тарих сахнасында шығады. 1545 жылы 29 шілдеде Ұлы князьге Қадыш төре мен Шора Нәріковтің жұмсауымен Галич боярының баласы Васька Бортев келіп, Қазанға әскер жіберуді сұрайды. Ал 1546 жылы 17 қаңтарда патша сарайына Қазандағы елші Игнатий Яхоньтьевтан Рудак Бултаев арнайы хат әкеледі. Онымен бірге Гамет шейх, Абүйірхан, Сейіт және Қадыш пен Шора мырзалар келіп, Сафа-Герейді қуып шыққандарын мәлімдеп, орнына астрахандық Шах-Әлиді таққа отырғызуды сұрайды (Ноғай істері, 4 жазынды, 43 парақ).

Қазандықтар Шах-Әлиді қуана қабылдады. Бірақ, көп ұзамай, қырымдықтардың азғыруымен, қайтадан қудалай бастады. Хан жағында азғантай топ қалды. Әсіресе, Шора Нәрікұлы ханды қастандықтан сақтандырып, бір ұлы жиынның үстінде, жұртқа байқатпай қашырып жібереді. Сафа-Герей үшінші рет көп таққа отырады. Шах-Әлидің жақтастарын қуғындай бастады. 1546 жылы 15 тамыз күні Қазанда Шора, Баубек, Қыдыш және басқаларды өлтіреді. Шах-Әлиге жақтас болған Шора Нәріковтың бауырлары қындап қалғандықтан, Қырымға қарсы жорықты кейінге қалдырады. Кейін әлденеше рет барып, Қазан төңірегіндегі елді шапқанмен, Сафа-Герей берілмеді. Үш жылдан соң барып дүние салады. 1549 жылы орнына Сүйінбикеден туған ұлы Өтеміш хан сайланды. Бұл жағдайда қырымдықтар өз ықпалын күшейте түсті. Иван Грозный жорыққа шығуға мәжбүр болды. Қазанның қақ түбінен Свияжск қамалын салып, болашақ жорыққа әзірлене бастады. Қазандықтар орыс тұтқындарын босатып, Шах-Әлиді хан қоюға көнді. Ол да Сүйінбикеге үйленіп, Ноғай Ордасынан көмек дәметуте мәжбүр болды. Алайда, көп ұзамай, қастандық жасады деген сылтаумен, Сүйінбике мен Өтемішті Мәскеуте жіберткізеді. Бұл жағдайды одан сайын қиындатып жіберді. Шах-Әли Свияжскіге қашып, Қазанда астрахандық сұлтан Жәдігер-Мұхамбет хан сайланды. Ол Түркия ықпалындағы билеуші еді. Иван Грозный 1552 жылы маусымда шешуші жорыққа аттанады. Бұл жорыққа 1546 жылы қол астына қашып барған Қазан шонжарларын мейлінше пайдаланғысы келіп, оларға жақсы жағдай жасап баққанды. Алайда, ол есебінен түк шықпады. Сол кездегі «Синод жылнамасында» жазылғандай, «Қазан қашқыны Шапқын төре Руське қызмет етуге қашып келгенде, Ағзам оған Мәскеуден үлкен үй берді. Оңбаған бес жыл қызмет етіп, жылап-сықтап Қазанға қайтаруды сұрады. Қайтып барған соң әйелінің айтқанына еріп, қазандықтар жағына шығып кетті».

Сол тұстағы орыс құжаттарының көрсетуінше, екі ортада әлденеше рет елші боп жүрген Шапқын мырза Қазанды аларда патшаға қарсы соғысады. Сол жылғы 22 тамызда Қазаннан қашып шыққан жансыз Қамай мырзаның айтуынша, Жәдігер патша, дінбасы Күлшәріп-молла, Ноғай Изенеш мырза, Шапқын, Аталың, Ислам, Әлікей Нәріковтер, Түмендік Кебек пен Дербісәлі халықты христиандарға қарсы үгіттеп, ашындырып үлгереді. Бұл тізімдегі Шапқын, Аталық, Ислам, Әлікей деген адамдар Шораның бауырлары болып шығады. Әлгі мәліметте «бұл төртеуі Нәріков» деген фамилияға төртеуі бірдей тіркесе айтылса, басқа мәліметтерде жеке-жеке де айтылады, 26 тамыздағы Қазан Кремлі үшін болған соғыста қазандықтар ержүрек князь Ислам Нәріков, Сүйіншәлі баһадүр және басқа қаһармандарынан айырылды», – деп жазды Карамзин. Әлікей (кейде Алексей) Нәріков туралы да демен, қорғандағылардың жер астымен өзеннен барып су алатын жерін байқап қалып, сол кәрізді қопару арқылы патша 2 қазанда Қазан Кремліне басып кіреді. Астананы қорғаған сайыпқырандар қатаң жазаланады. Аталмыш Нәріковтердің сол шайқаста түгелдей мерт табуы әбден мүмкін. Ал, олардан қалған ұрпақ қайда? Олардың кейбірі басқа түрік халықтарының құрамына, кейбірі орыс дворяндарына кіріп кетуі ықтимал. Ал, бәр-бәрінің қазақ құрамына көп қосылмағаны шежіреде-ақ көрініп тұр. Қазақ шежіресінде Нәріктің Шорадан басқа балалары аталмай-ды. Демек, олардан қалған тұқымдар жүрсе, олардың тегі аталар еді. Ал, Шорадан өрбитін Шотқара, Есенгелді, Жабал, Жөгі ұрпақтары қазақ шежіресінен өз орында-рын тапқан.

Әңгіме, бірақ, бүнда да емес. Орыс қүжаттарына қарап-ақ, мынадай қорытындыға келуте болады. Қазіргі тамалар сонау Алтын Орда заманында белгілі ықпалға ие болған. Соған қарағанда, Шораның үлкен атасы, Нәріктің өз атасы боп саналатын Тама ол кезде де жеке кісі емес, күллі бір тайпа ел болғанға ұқсайды. Өйтпесе, Қазан хандығының өмірінде әлгіндей үлкен ықпалға ие болу үшін, орыс патшасымен тікелей қатынасқа шығып, сол кездегі мұсылман билеушілерінің Қырым хандары, Ноғай Ордасы әмірлері сынды әлуетті әулеттеріне ашық қарсы шығып, астрахандықтар әулетін ашық жақтау үшін тек бір ғана әулеттің емес, ең кемі бір рулы елдің қолдауы қажет еді.

Нәрік балаларының Шах-Әлі мен Жәдігерге жақ болуында да мән бар еді. Қырым хандығы да, Ноғай хандығы да Қазан хандығына өз ықпалын жүргізуге тырысты. Қырымдықтар түрік сұлтандарына арқа сүйесе, ноғайлықтар орыс падишасын одақтас етуге тырысты. Өйткені, ол кезде орыс-ноғай ара-қатынастары кеңінен өрістеген-ді. Ноғай Ордасының үлкен билеушісі, Едігенің немересі Жүсіп Бату балаларына аталық боп, хандарды өз қолдарынан қойған үрдіске басып, Қазанға да өз адамын қойып, «маңғыт ықпалын» нығайта түсуге тырысты. Қырымнан шыққан Сақып-Керей, Сафа-Герейлерді емес, Астрахан әулетінен шыққан Шах-әлі, Жан-Әлі, Жәдігерді қостауында да сондай ой бар-тұғын. Қазан жорығынан соң Астраханды алғанда да, ағасы Жүсіп Жаңбыршыны жақтаса, інісі Алшы, Смайыл өз жиені Дербісәліні таққа отырғызғысы келді. Әркім өз сыбайласын билікке ұмтылдырды. Шораның Шах-Әліні, оның бауырларының Жәдігерді жақтауларына қарағанда, Ноғай ұлысындағы орысшыл Алшы Ысмайылды емес, мұсылманшыл Жүсіпті жақтағандарын байқаймыз. Орыс патшалары бұрынғы одақтастарының Қазан мен Астрахан соғысындағы мұндай пиғылын кешірмеді. Астраханды ала сала, Ноғай ұлысына қол салды. Ысмайылды қолдап, Жүсіпті жеңіліске ұшыратты. Сол тұста тамалар да шығысқа қарай ойысып, одан әрі Ноғай Ордасы мен Дешті Қыпшақтың киген кебін кисе керек. Бір тобы қазандықтардың, екінші тобы Кавказға ығысқан ноғай, қыпшақтардың, үшінші тобы башқүртқа айналған ноғай, қыпшақтардың, төртінші тобы қазақтарға келіп қосылды. Бүйтіп, бірнеше ұлттардың құрамында жүретіндей көп халық бір әулеттен емес, бір рулы ел, бір тайпадан ғана шыға алса керек. Ендеше, Алтын Орда мен Ресей тарихында айтулы орын иемденген Нәрік балалары – Тама деген кісінің шөбере-шөпшектері емес, Тама деген тайпаның билеуші шонжарлары болса керек.

Өйткені, Қазан хандығында ақсүйек қауым, қарашы, ұлан және сейіттер ғана саясатқа араласқан. Қарашылар ханға да ықпал ете алған. Ұландар – әскери тап, сейіттер – дін адамдары боп аталған. Шора орыс құжаттарында «князь» деп көрсетіледі, Шах-Әлінің бірден-бір қамқоршысы боп көрінеді, орыс падишасына елшілікке келумен қоса, інілерін де елшілікке жібереді. Әдетте мұндай «қарашы» атақ әр рудың ең атақты әулеттерінің ең үлкеніне ауысып отырған. Ендеше, Нәрік әулеті тамалардың сондай текті атасы болса керек. Ол тұста Қазан хандығында «қараша» атану көбіне-көп Шырын, Барғын, Арғын және Қыпшақ тайпаларының үлесіне тиген. Соған қарағанда, ол кезде тамалар әлгіндей тайпалық одақтардың біреуінің құрамында іргелі орын иемдене алатындай, немеее дербес ру ретінде де хан сарайына ықпал ете алатындай көп қауым болғанға ұқсайды. Олай болса, Таманың, оның баласы Қарабураның XV ғасырда тууы мүмкін емес. Өйтсе, одан туған балалар үш атаға жетпей жатып, хан орданы билеп-төстейтіндей ықпалға ие боларлық дәрежеде кәбейе алмас еді.

Ендеше, әкесі Тама мен баласы Қарабураның қай шамада дүниеге келуі мүмкін? Егер біз аталмыш аймақта Дон, Днепр, Днестр, Азау, Сибаш, Кавказ, Тамань, Танаис деген топонимдердің сонау скиф-сак замандарынан бар екенін және олардың кейбірі этнонимге, немесе этнонимнен (ел атауынан) топонимге (жер-су атауына) айналып кеткен сездер екенін ескерсек, әлгі тұспалымыздың жаны жоқ еместігіне көзіміз жете түсер еді. Бір кезде Кавказ асып, Таяу Шығыстан келген тайпалар мұздың терістікке шегінуіне байланысты климаттық өзгерістер тұсында далалыққа айналған аймақтарда аңшылықты тастап, малшылыққа көшті. Мал санының көбеюі суат және өріс іздейтін тұрақты көші-қондар маршруттарын қалыптастырды. Жыл маусымына байланысты өзгерістер бойлық бойынша көші-қонды қалыптастырды. Бұл – әсіресе, Евразияға айрықша тән құбылыс. Егер біз жылқының күнгей Европа жазықтарында қолға үйретілгенін ескерсек, атты көшпенділер Азау мен Атырауды айналып, Қазақстан мен Орта Азия, сол арқылы Сібір мен Алтайға өткенін байқар едік. Бүгін Дон даласында жүрген малшылар ұзамай Сібір мен Алтайдан барып бір-ақ шығып жүрді. Олар бір қоныстан бір қонысқа үйреншікті кәсіптерімен қоса үйреншікті дәстүрлерін де алып барды. Тіпті жаңа аймақтардың жер-суына да өздеріне тән атты қойды. Сол топонимдерге қарап-ақ көшпелілер миграцияларының аралық кездері мен бағыттарының қандай болғанын анықтауға болады. Олар орта жолда жергілікті этностармен араласып, жаңа ұлт, жаңа нәсілдерге айналады. Соған қарамастан ежелгі этнонимдер мен топонимдерді сақтап қалады.

Қазіргі алшын руына кірегін көптеген рулар біздің тұсы-мыздың бірінпгі мыңжылдығында көбіне-көп Алтай жағында жүрді. Бірақ, одан бұлар тек осы арада қалыпгасты деген қоры-тынды шықпайды. Олардың кейбірінің атаулары сонау Стра-бон заманынан Шығыс Европа топонимдеріне тән атаулар болуы көп жағдайды аңғартқандай. Демек, олардық ата-баба-лары немесе қүрамдас бөліктерінің кейбіреулері өткен замандарда аталмыш өлкелерден табиғи миграция жолынан ауысын келуі ықтимал. Дәл сондағыдай климаттық өзгерістер енді кейін қарай көшуге мәжбүр етегіні де түсіністі. Алтайдағы алшын рулары бір жағынан табиғаттың, екінші жағынан тарихтың дүмпуінен V–VII ғасырдан бастап батысқа қарай жылыса бастады. Әуелі Жегісуға келіп ірге тепті. Сондағы жергілікгі тайпалармен ықпалдасып, жаңа одақ құрады. Шығыстан кидандармен, қарлықтармен бірге ығысып келген тамалар мен табындар Жегісуға келіп, үйсіндермен бірге жаңа мемлекет құрамына кірді. Ол жөніндегі мәліметтер Казақстан емес, башқұрттың құрамындағы тама, табындар шежіресінде жақсы сақталынған. Олар өздеріміздің түп атамыз үйсін Майқы би деп есептейді. Шыңғысханды хан сайлағанда қазіргі қазақ руларынан үйсін Майқы би мен қоңырат Саңғыл би қатысыпты дейді. Сол кездегі үйсін одағында шығыстан көшіп келген тамалар мен табындар да болса керек. Сол кезде үйсіндерге Шыңғысхан берген елді – Жетісуды башқұрт табындары мен тамалары да отандары санап, үйсін тамамыз, үйсін табынбыз деп жүрген. Сол кездегі ұрандары – «салауатты» көп уақытқа дейін ұран тұтқан. Кейін олар Қарахан мемлекетінің құрамына кірген. Оған башқұрт табындардың шежіресі куә. Башқұрттағы қара табындар ататегін былай таратады: Майқы биден Елек би туады, Елек биден Бура (боғра) би туды, одан Қара хан туады. Қара Ғазиз табындардың атасы болып табылады. Ал тарихта Қарахан Жетісуда түркілердің жаңа мемлекетін құрады. Одан Бура (боғра) хан туады. Оның ұлы Елек хан XI ғасырда пұтқа табынатын түріктерді мұсылманға кіргізеді. Кейін табындар қыпшақтарға араласып, Қара теңіз бойына көшіп барады. Ар жағында олар да Алтын Орда мен Дешті Қыпшақ киген көпті киеді.

Дәл осындай жағдайлы башқұрт тамьяндар шежіресінен де ұшырастыруға болады. Олар да шыққан тегіміз Майқы би, шыққан жеріміз Жетісу, бұрын үйсін тамьян болғанбыз деп есептейді. Ендеше, олар да сол кезде табындар кірген мұсылман дініне кіргізген билеушілерді ата-бабаларына сайып, пір тұтты ғой.

Әлбетте...

Ендеше, Таманың XV ғасырда тууы еш мүмкін емес қой. Қара Ғазизден қара табындар тарады деген қисынның тамалардың да этникалық санасына өз салқынын тигізбеуі мүмкін бе?

Мүмкін емес. Тамалардың ұранының Қарабура болуы – соның айғағы. Біздіңше, Қарабура – тамаларға мұсылман дініне кіріп, Қарахан мемлекетінің құрамында болған кезден қалған ұран. Содан кейін олар қыпшақтармен, қаңлылармен, печенегтермен араласып, Қырым, Қаратеңізге көшті. Соңдарынан келген монғолдармен араласып, әуелі Алтын Орда құрамына, сосын одан қалған жұрнақ мемлекеттердің құрамында болды. Алтын Орда мен Дешті Қыпшақ ыдырағанда тамалар да ноғай, башқұрт, татар, қазақ, қарақалпақ, өзбек, қырғыз халықтарына сіңіп, тоз-тоз тарап кетті. Әр халықтың құрамына қандай күйде кірсе, содан бергі ата-бабаларын нақтылап тарата алады да, одан арғы тегін әр қилы аңыздарға айналдырып жібереді.

Қарабура – Таманың баласы болуы мүмкін бе? Мүмкін емес. Өйткені, тамалар X ғасырдан бұрын да бар этникалық атау. Ал, Қарабура – адам болсын, жоқ тек ұран ғана болсын, мейлі X–XI ғасырларды дүниеге келген Қарахан мемлекетіне байланысты құбылыс. Көшпелілер мұсылман дініне кіруіне байланысты және одан кейінгі оқиғалардың әсерімен ежелгі ұрандары мен еншілерін, таңбалары мен айырым белгілерін өзгертіп отырған. Оған қандай мемлекеттің құрамыңда қандай маңызға ие болғаны әсер еткен. Бір мемлекетте тақтың оң жағынан орын тиіп, санның жілігі бұйырған тайпаға екінші мемлекетте тақтың сол жағынан орын тиіп, қолдың жілігі бұйырары ықтимал. Пұтқа табынатын кезде мифтік аруақтарды пір тұтқандар дінге кірген соң әулиелер мен әулие әлуеттес билеушілерді, кейін өз руынан шыққан көрнекті қайраткерлерді пір тұтқан.

Ескі аңыз бойынша, Шыңғысты ақ киізге көтеріскен үйсін Майқы биге, хан: «бұдан былай ұраның – салауат, құсың – бүркіт, ағашың – қарағаш, таңбаң – сүргі болсын», – депті. Қоңырат Саңғыл биге: «ұраның – қоңырат, құсың –қыран, ағашың – алма ағаш, таңбаң – ай болсын», – депті. Ал сол, үйсіннің ұраны кейін «Бақтияр», бірде «Қабылан», «Сиқым», «Ребек», «Жаныс», «Төлеген», «Ботпай», «Шымыр», «Қойкелді», «Қарасай», «Жауатар», «Бәйтерек», «Айрылмас» деп атақты бабалардың аттарымен алмастырылды. Қоңырат та «Алатау», «Мүлкамал» деп ұрандатты.

Ендеше, Қарабура жәй ұран ғана болса, ол ұран, қайталап айтамыз, тамалардың Қарахан мемлекетінің құрамында болып, мұсылман дініне кіруіне байланысты сол кездегі падишалардың құрметіне берілген болып шығар еді.

Егер тарихта болған нақты адам болса, онда оған мұндай есім әлгіндей заманда дүниеге келуіне байланысты берілген боп шығады. Демек, ол X–XI ғасырларда туған болып табылады. Кейін ерекше қасиеттерімен көзге түсіп, өз тайпаластарының әуелі піріне, артынан ұранына айналуы мүмкін. Мәселен, «Қабанбай», «Ағатай», «Бекет», «Қарасай», «Баймұрат», «Бақтыбай», «Дәуімшар», «Қойкелді» деген ұрандар осылай пайда болды ғой.

Бұл реттен келгенде де Қарабура Таманың өз кіндігінен тууы қандай мүмкін болмаса, нақты деректерге қарағанда XV ғасырларда өмір сүрген Нәріктің де Қарабурадан тууы еш мүмкін емес. Өйткені, Нәрік XV ғасырда Қаратау бойынан соңынан ызғындай рулы ел ертпей, салт басты сабау қамшылы көшіп барып, Қазан хандығының шонжары бола салмайды. Ал, XV ғасырда Еділ бойында өмір сүріп, Қаратауға келіп дүние салған дейін десек, онда Қарабура Қожа Ахмет Иасауидың жаназасын шығаруы еш мүмкін емес.

Ендеше, тамалардың ұранына айналып, көне Созақта күмбезі тұрған Қарабура Қарахан мемлекетінде туып, Қара мен Боғра хандардың құрметіне осындай атқа ие болған перзент болса ғана, түркі дүниесіне дін таратушылардың алғашқы легіне ілесіп, есімі Қожа Ахмет Жасауимен бірге атанатындай сый-құрметке ие болуы мүмкін.

Тарихқа сүйенсек, Алтын Орда маңғыттары Қаратау бойындағы Баба Түкті Шашты Әзізді әулие тұтып, Маңғыстауда да, Еділ бойында да осылай атанатын киелі орын тұрғызып, басына барып түнеген. Тіші кейбіреулері арғы бабамыз Қожа Ахмет Баба Түкті Шашты Әзіз деп, Түркістандағы ұлы күмбез бен Қаратаудың теріскейіндегі ескі әулиені біріктіріп, бір кісіге теліген. Бұның бәрі, олардың бабаларының мұсылман дініне Қаратау бойында кіргендерін аңғартады.

Қайткен күнде де, тамалардың Жетісу мен Қаратауда жүргенде мұсылман дініне кіргені рас. Сол кезде «Қарабура» деген ұранға ие болғаны рас. Еділ бойында да, Орал тауларында да сол ұранмен жауға шапқандары да рас. Сол ұранға сеніп, талай ерлік істерге барып, бірнеше бауырлас халықтардың тарихында өшпес із қалдырғандары да рас. Ендеше, Қарабура есімінің бүгінге дейін ел есінде қалып, ерекше қастерленуінің тарихи негізі бар.

Дүниеде құм табиғаттас нәсілдер де болады. Олар ойда орны, қырда ізі қалмай, шаң боп шашылып кетеді. Көп болса да, басы бірікпейді. Құдай содан сақтасын! Өз тағдырына өзің ие болу үшін жаныңның азығы, санаңның қазығы болғаны лазым. Сонда ғана желімдей ұйысып, аз да болса, саз боласың. Ұлт санасына ұйтқы солай қордаланады.

Қазақ санасының сондай ұйтқысы – бабаларға тағзымы мен ағайынға бауырмалдығы. Соның арқасында ғана бабалар жайлаған өріс пен қоныстың ізінен мыңдаған жылдар бойы адаспай, көшіп-қонып, мекендеп келеміз. Соның арқасында ғана бір-бірімізден көз жазбай, көңіл суытпай бірге келеміз. Ондай қасиеттерді ескі деп лақтырып тастағанда, орнына табылар жаңа қайсы? Ол санатыңды нығайтып, санаңды байыта ала ма? Жаңарам деп отырып, жаңылып, шыңдалам деп жүріп, шырғалаңға ұшырап, шәт-шәлкейің шыққаннан сақтасын.

Ендеше, дүниеден өткен мындаған жандардың тірлігіне қуат, дүниеге келмек мындаған жандардың өмірлеріне өнеге болмақ қасиетті есімді қастерлей білгеніміз өте ғанибет...

Қарабура... Қара... Бура... Памир мен Қаратау арасын жайлап жатқан ежелгі мәдениетке ерекше тән құбылыс. Киелі ұғым. Қара – көптің белгісі. Бура – күштің белгісі. Шабынған Бура бейнесін ескі жартастардағы сүреттерден де, ежелгі қалалар орнынан табылған мүсіндерден де, ескі ғимараттардың ою-өрнектерінен де табуға болады. Эфталиттер мен хазарейлер, кушандықтар мен қаңлылар соқтырған ескі теңгелерден де қанатты, қанатсыз буыршындар бейнесі ұшырасады. Алтайдан келген қарақытайлардың бұл өлкеде өз билігін орнықтыру үшін бұл тұспалға жүгінуі де тегіннен-тегін емес. Кие – күш. Күш – кие. Кие дарымай ер көсегесі көгермейді. Кие дарымай ел көсегесі көгермейді. Біздің тәй-тәй басқан тәуелсіздігіміз бен қаз-қаз тұрған азаттығымыз аруақтанып, асқақтай түсуі үшін де айбар керек.

Өлі риза болмай, тірі байымайды деседі. Аруақ разы болмай тұрып, абырой асар ма? Абыройсыз айбар бітер ме?!

Ендеше, талайды тарихтың тар өткелегінен сүрінтпей өткізген бабалар шапағаты бізге де тигей!

Баба аруақ баршамызға жар болғай!

«Қарабура» деп ұрандаса болды, жауға жеке шапқан батырдың өзі қаптағайлаған қалың қол боп көрінеді екен. Есет пен Қарабас, Есеттен туған Ботакөздердің ерлігі жөнінде осындай аңыз бар.

Қаратау бойындағы қара орында қалған пірлерінің атын артындағы ұрпақ ғасырлар бойы аузынан тастамай келеді.

Сан сапырылысты бастан кешкен халықтың басы қосылып, санаты түзеліп келеді. Соның бір белгісі – елімізге ежелден пір болған ардақты есімдер мен орындар қайтадан ұлттық түлеуіміздің ұйтқысы бола бастады. Бабаларымыз бұдан бір жарым мың жыл бұрын шығыстан қаптап келген қалың жаудың бетін қайтарған Талас бойындағы кәрия шаһар қайтадан Тараз атанды. Түркі нәсілдің түп астаналары Баласағұн мен Сайрамның көне жұрты оқымыстыларымыздың көзіне қайта ілікті. Түркі дүниесіндегі дін-мұсылман тірегі Түркістанның мерейтойы тойланбақ. Қожа Ахмет Иасауи мұралары қайтадан жарық көрді. Баба Түркі Шашты Әзіз күмбезі бой көтерді. Бауырларынан бір-бір тайпа ел өрбіген Бәйдібек пен Құрбан аталарымыз да осынша ұлықталуға лайық.

Созақтағы Қарабура салтанаты да – сол санаттағы оқиға. Ол да халқымыздың ұлттық болмысын марқайтқан мақтанышты құбылыс.

Ел болып, ес жиылады деген осы.


Ә.Кекілбаев


Ақпарат көзі: www.TemaKosan.net интернет сайты
Каталог: ld
ld -> Шпаргалка на казахском языке по истории Казахстана 100 м қашықтыққа ұшатын, орақ тәрәздә құрал-бумеранг
ld -> Қош келдіңіздер!
ld -> Қазақ әдебиет пәніне тест сұрақтары
ld -> Сабақ: ана тілі Тақырыбы: Ахмет Байтұрсынұлы «Әліпенің атасы»
ld -> Қазақстан тарихы бойынша Ұбт шпаргалкалары а а. Иманов көтерiлiс отрядтарын қаруландыру үшiн – қару-жарақ шығаруды ұйымдастырды
ld -> Ақтқбе облысы Байғанин ауданы №3 Қарауылкелді орта мектебі
ld -> Сабақтың тақырыбы: Ы. Алтынсарин "Өзен" Мұғалімі: 3 "
ld -> Әнші- ақындар шығармашылығы
ld -> Есмағамбет Ысмайлов Баласы Қожағұлдың Біржан салмын, Адамға зияным жоқ жүрген жанмын
ld -> Өмірбаяны Хронология Қорытынды пайдаланған әдебиеттер


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет