Әліпби және емле



Дата20.06.2018
өлшемі34,19 Kb.
#43480
ӘЛІПБИ ЖӘНЕ ЕМЛЕ

С.С.Жиенбаевтың ғылымдағы ғұмыры қазақ жазуы тарихындағы екі реформаға: 1928 жылғы араб әліпбиіне негізделген жазудан латын әліпбиіне негізделген қазақ жазуына көшуі мен 1941 жылғы латыннан кириллица негізде қазақ жазуына көшуі кезеңдеріне сай келеді. Қазақ тіл біліміндегі ғалымдардың ат төбеліндей аз тобының бел ортасында болған С.С.Жиенбаев та қазақ жазуын реформалау, жетілдіру, сонымен қатар емле ережелерін қалыптастыру жұмыстарына белсене қатысты.

Жиырмасыншы жылдардағы араб графикасына негізделген қазақ жазуын жетілдіру жұмыстары А.Байтұрсынұлы бастаған зиялы қауым өкілдерінің күшімен іске асырылса, латын графикасына негізделген қазақ жазуына көшуде бұл жұмысқа негізінен тілші-ғалымдар араласа бастады. Араб графикасына негізделген жазуда емле ережелері мен тыныс белгілері көп қиындық келтірмесе, жаңа әліпбидің ерекшелігі тілшілер алдына бұл екі мәселеге қатысты көптеген жаңа проблемалар қойды. Емле мен пунктуацияның, практикалық және теориялық грамматиканың негіздерін қалау – 30-жылдардағы негізгі атқарылған жұмыстар. Дегенмен, бұл кезеңді қазақ тіл білімінде «практикалық кезең» деп те атаушылық бар. Емле ережелерінің едәуір толығып, қалыптасып, бір ізге түсе бастауы да осы 30-жылдар үлесінде. Сондықтан да, әліпби мен емлеге қатысты Қ.Жұбанов, Ш.Х.Сарыбаев, М.Балақаев, Ғ.Бегалиев сынды замандастары еңбектерімен қатар С.С.Жиенбаевтың да қолтаңбасы бар.

«Социалды Қазақстан» газетінің 1935 жылғы 5 қыркүйегінде жарияланған «Әліппе мен емленің кейбір мәселелері туралы» деген мақаласында С.Жиенбаев консонанттық принцип негізінде «ы», «і» әріптерін сөз ішінде түсіріп қолдану жөніндегі ұсыныстарға өз көзқарасын білдіреді. Ол ұсыныстар мыналар:



  1. «ы», «і» әріптері бітеу буында жазылмасын. Мысалы: «қыс» орнына «қс», «мылтық » орнына «млтқ», «мысық» орнына «мысқ» деп жазу арқылы бірталай артық әріптерден құтылып, оқуды жеңілдетуге болады.

  2. «ы», «і» әріптерін тұйық буында жазбаса да болады. Сонда, «скылат», «станса», «Сталин», «Рғыз» деп жазатын боламыз. (тұйық буын сөздің басында ғана келеді).

  3. Шет сөздерде «ы» мен «і» сөздің дыбысталуын бұзып, жалпыға бірдей болып жазылатын интернационалдық сөздерді өз жазылуынан алыстатып жібереді. Сонда «метр», «Маркс», «грам», «програм», «трес» деп жазатын боламыз. Бұл сөздердің орысшасына үйреніп қалған адамдарға оңай болады.

С.Жиенбаев бұл үш ұсыныстың біріншісі және үшіншісімен келіспей, екіншісін дұрыс деп табады. Енді дәлелдерін келтірейік: «егер «ы» мен «і»-ні бітеу буында жазбаймыз десек, онда баяғы араб әліппесі кезіндегі күйге қайта түсеміз. «Қырғыздың» орнына «қрғздң» деп жазамыз, сонда арапша «әлһмд» деп жазып, «әлһәмду» деп оқығаннан еш айырмашылық болмайды. Бірінші ұсыныстың өте-мөте келмейтін жері мынау; онда «қрғз» дегенде «ғ» - дан кейін «ы» жазбаймыз да, ал «қрғызы» дегенде жаңағы жазылмайтын жерімізге қайтадан әкеліп «ы» жазамыз».

Жалғамалы тілдерге жат мұндай ұсыныстарды академик Маррдың «Тілдердің дамуындағы сатылылық (стадиялық) принциптері» (тілдер даму барысында бір сатыдан екінші сатыға өтеді, мысалы, жалғамалы тілдер қалпынан қопармалы тілге, одан келесіге) деген іліміне сүйене отырып жасаған сияқты, бұл ілімнің дұрыстығын жоққа шығармайды. Бірақ та, «қазақ тілі жалғамалы сатыдан өтіп барады деп қоюға дәлел жоқ сияқты. Қай сөзді алсақ та, жалғау, жұрнақ жалғанғанда түбірін жоймайды, түбірі өзгермейді. (қорғасын-қорғасыны, көмір – көмірі, үлкен – үлкендер, т.б). Олай болса, «ы» - ға келгенде түбір өзгереді деу дұрыс емес. Сөздің жай түрі «қызл» болып, төрт әріптен құралып, тәуелді түрге келгенде, 4 әріпті 5 әріп қылып «қызылы» деп өзгертудің еш қисыны жоқ,-» дейді.

С.Жиенбаев шетел тілінен енген сөздерге өз алдына ереже бермей, қазақ тілінің ішкі заңдылықтарына сәйкестендіріп жасауды ұсынады. Мысалы, метр емес – метір, грам емес – гірам, трест емес – тірес. Өзбек ағамыз айтқандай, «орыс болу үшін алдымен қазақ болу керектігі» рас та-ау. Өзге туыстарымызға қарағанда, орыс тілінің заңдылықтары тілімізде көптеу белең алған. Латын графикасына көшкен жағдайда, бұл – ойланарлақ жайт.

Тұйық буындарда «ы» мен «і» әріптерін түсіріп жазу жайында мынадай ереже ұсынады:



  1. «Сөз басында «ы» мен «і» өзі жеке буын болып келгенде ғана жазылады (мәселен, ы-дыс, ы-рыс, т.б.), басқа жерлерде жазылмайды» 

  2. Өзге тілдерге қарағанда қазақ әліпбесінде әріптер саны өте көп (орыстарда – 36, ағылшындарда -26, арабтарда – 25). Жоғарыда аталған мақалада С.Жиенбаев қазақ әріптерінің санын азайту мақсатында а-ә, о-ө, v(ыу) – у (іу) жуанды-жіңішкелі жұптардың тек жуан сыңарларын қолдануды, жіңішкелерін айыру дауыссыз дыбыстардың меңгеруіне байланысты болсын, ал мүмкін болмаған жағдайда сөз алдына апостроф (дәйекше) қою арқылы ажыратуды ұсынады.

Әліпбидегі әріп-таңбалардың санын қысқарту туралы ұсыныстар академик Н.Т.Сауранбаевта да бар (Ә.Құрышжанов. «Н.Т.Сауранбаев».А-ты,1974 ж.,28 б.). Ол ә-ө-у-ү- әріптерінің орнына я,ю,у,е таңбаларын (сірә – сіря, дән-дян, жүн-жен, күн-кюн), һ әрпінің орнына а және х әріптерін (жаһан-жаан, уһ-ух) қолданып, әліпбидегі 41 әріпті азайтып, 36 әріпке түсіруді ұсынады. Бұл тектес ұсыныс С.Аманжоловтың жаңа әліпби жобасында да орын алған (С.Аманжолов. Орыс графикасын негізделген қазақтың жаңа әліппесі. А-ты. 1940 жыл).

.

Сонымен қатар, «ист» қосымшасының (коммунист сөзінен басқасы) тек қазақша баламасын алуды ұсынады (мысалы: тракторист емес – тракторшы, машинист емес – машинашы, марксист емес – марксшіл, ленинист емес – лениншіл). Қазіргі емлемізде бұлар әр түрлі қолданылып жүр.



Латын графикасы кезіндегі емле ережелеріне байланысты «Халық мұғалімі» журналының 1940 жылғы №7-8 санында жарияланған С.Аманжоловтың 5-6 кластарға арналған грамматика кітабына берген рецензиясында да «ы», «і» әріптерінің емлесі туралы пікірлері бар. Мұнда ол мұрын, ерін, орын, ауыл, ауыз сияқты сөздердегі «ы», «і» әріптерінің жазылмауына қарсы шығады. «Бұлардың ойын, жайын, ауыл, дауыл сөздерінен еш айырмашылығы жоқ, екі сонор дыбыстың арасындағы қысаң «ы», «і»-лерді жазу немесе жазбауға ол дыбыстардың тәуелдік жалғауда түсіп қалуы негіз болмауы керек, ал бар-жоғы дүдәмәл жауырын, топырақ сияқты сөздердің емле сөздігінде тізімі берілсін» -дейді (Халық мұғалімі. №7-8. 1940ж.). Сонор мен қатаң дыбыстар арасындағы қысаң дауыссыздардың түсіріліп жазылуына қарсы шығады. (мысалы: халық-арық, мүлік-түлік, ерік-берік, т.т).

Сонымен қатар, тәуелдік жалғауы жалғанғанда «ы», «і» әріптері түсіп қалатын сөздер кей қолданыстарда бұл ережеге бағына бермейтінін дұрыс көрсеткен. Мысалдарына назар аударыңыз:

1.Халық (бұл жерде кісі аты) – Халығым, балам!

2.Түлік десе, түлігін,

Мүлік десе, мүлігін (Жамбыл).

Қазақ тілі орфографиясының 1983 жылғы толықтырылған негізгі ережелеріндегі «Түбір сөздердің жазылуы» деген тараудың 18-параграфында: «Орыс тілінен енген атау сөздердің тұлғасы сақталып, орыс орфографиясы бойынша өзгертілмей жазылады» делінсе, 19-параграфында: «Араб-парсы тілінен енген сөздер өзгеріп, сол қалыптасқан қалпында жазылады,-» деп берілген (Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі. Алматы.1988 ж.). Шын мәнінде, қай шетел тілінен енген сөз болмасын, тілімізге дыбыстық өзгеріссіз қабылдау мүмкін емес. С.Жиенбаев сөзімен айтсақ, «сөз мағынасы дауыс ырғағына сай құбылатын» қопармалы тілдер мен қазақ тілінің ішкі заңдылықтарын күштеп сәйкестендіре алмаймыз. Орыс тілінің прогрессивті рөлін мойындасақ та, оған берілген артықшылық - «ұлы халықтың» қас қабағына қараудан, өзіміздің «саяси белсенділігімізден» туған ба деп ойлаймыз.

Еліміз тәуелсіздігін алып, «арқа сүйер» орталықтың құрсауынан құтылғасын, көптеген орыс тілі арқылы енген сөздер қазақ тіліндегі баламасымен жазыла бастады. Мысалы: совет-кеңес, колхоз-ұжшар, совхоз-кеңшар, самолет-ұшақ, зоология-жануартану, председатель-төраға,(төрайым сияқты «женскиий родты» қолданып жүргендер де баршылық), хирург-оташы, конституция – ата заң, адвокат-қорғаушы, космос-ғарыш, т.б. Кейбір сөздер қазақша транскрипциямен беріліп жүрсе (завод-зауыт), ал кейбіреулері жарыса қолданылып жүр (станция-станса-бекет). Аталған мәселенің практикалық жағына келсек, орыс тілінен енген сөздерді оқушыларға игерту қиындық келтіріп жатады. Орыс тілі арқылы енген сөздердің қазақшалауға келе бермейтіндері, негізінен, ғылыми терминологияға байланысты, пассив қолданылатын сөздер, бұл салада ғылым тілін ана тілімізде сөйлету үшін жұмыстар атқарылып жатыр. Ал актив лексикадағы шетел сөздердің қазақша баламасын фонетикалық транскрипциясы арқылы қолдану мүмкіншіліктері де жоқ емес.

Түркиядан келген қазақтар біздің «босоножки, шлюпки» деп жүргендерімізді «терлік» деп атайды екен. Осы сияқты ойға қонымды баламаларды неге қолданбасқа. Диалектизмдерді әдеби тілдің қорын толықтыратын көздердің бірі екендігі белгілі. Профессор М.Балақаев та: «Әдеби тілді дамыту мақсатымен онда баламасы жоқ диалектизмдер мен кәсіби сөздерді барынша мол пайдаланып, оны әдеби тілге енгізуге әбден болады. Мысалы: дақыл, жүйек, атыз, собық, сүдігер, оңтүстік аймақтарда қолданылатын кәсіби сөздерді әдеби тілге енгізудің еш сөкеттігі жоқ» (М.Балақаев. Қазақ әдеби тілі және оның нормалары. А-ты. 1981 ж.) деген жоғарыда айтылған ойға саятын соны пікір айтады.

Араб графикасынан латын графикасына көшкенде елеулі пікір таласы өріс алса, латыннан орыс графикасына негізделген әліпбиге көшу, негізінен, жарлық пәрменімен жүзеге асырылды. Яғни кириллицаға көшу дұрыс емес еді деген пікірлер жоққа тән (бұл жерде сол кездегі баспасөз материалдарын негізге алып отырмыз – ескерту біздікі).

Бұл кезеңде тілші–ғалымдар алдында бір ғана міндет – қазақ жазуына орыс әріптерін қалай пайдаланған тиімді болады, оның жолдары қандай деген мәселе тұрды. Бүкілодақтық жаңа әліпби комитеті орыс әліпбиін түгелімен алуды міндеттейді. Орыс әліпбиіне негізделген қазақ жазуының жаңа жобасын С.Аманжолов жасады.

Осы жоба жөніндегі С.Жиенбаев пікірі – көңіл аударарлық. Пікір алысу ретінде жарияланған «Социалды Қазақстан» газеті 1940 жылғы 25 тамызындағы «Проектінің кейбір мәселелері жөнінде» атты мақаласында ол бұрын қолданыста болмаған диффуз (қосарлы) ч, ц, щ, я, ю дыбыстар, орыстардағы «ы» әрпі, жіңішкелік (ь), айырым (ъ) белгілері және й (шолақ й) туралы көзқарастарын білдіреді:


  1. Орыс тілінен енген қосарлы дыбыстар туралы айта келе, олардың ғылыми тілде диффуз дыбыстар (ажыратылмаған), дауыстылары-дифтонг, дауыссыздары-африкаттар деп аталатынын айта келіп, олардың табиғатын түсіндіреді.

Ғылым тарихында яфетедология деп аталатын академик Марр салған ғылыми ағым болғандығы мәлім. Тілдердің дамуындағы стадиялық (сатылылық) принципке сай түсіндіру тіл білімінің сол кезеңдегі методологиялық негізі болатын.

Енді жоғарыдағы мақалаға келейік. Яфетедология ілім бойынша, қосарлы дыбыстар – табиғи даму сатысының көрінісі. Тілдің дамуы барысында бұлардың ара жігі ажырап, жеке дыбыстарға айналады. Орыс тіліндегі қосарлы дыбыстарды қабылдау яфетедологияға жат, яғни кері процеске жол ашады деп, ол әріптердің тілімізге енгізілуіне қарсы болады. Ал Жетісу қазақтарының тіліндегі африкат дыбыстар тек жергілікті ерекшелік қана, жалпылық сипаты жоқ дейді.



  1. «Я» әрпі туралы. Орыс тіліндегі «я» әрпі «й» мен «а» дыбысының жіңішке түрі ретінде қолданылатынын айтып, оған С.Г.Бархадуров грамматикасындағы ережені келтіреді: «Глассные звуки а,о,у,э в начале слова, после гласных и после твердых согласных обозначаются буквами а, о, у, э. После мягких согласных звуков (кроме о, ч, ц) то же гласные обозначаются буквами я, ю,е,е. Например: мал-мял, лук-люк, нос-нес, беда-бэда, т.д

Примечание:

  1. В начале слова , после гласного звука, а так же после букв «ь», «ъ» буквы я,е,ю,е обозночают два звука: я-йа, е – йе, е – йо. Яма, юг, ель, моя, твою, уехал, мое, объединение, съезд, дью, житье».

Осы мысал негізінде «я» әрпі – орыс тіліне ғана тән табиғи құбылыс, орыс тілінде дауысты дыбыстың жіңішке түрін көрсететін әріп. Мысалы, «а»-ның жіңішкесі жоқ. Соныдықтан қазақ тілінде Күлян, Күляш деп «ә»-нің орнына «я»-ны қолданудың қажеті жоқ дейді.

«Я» әрпінің орыс тілінен енген сөздерде жазылуына да сын көзбен қарайды. Түсініктірек болу үшін таблицаға түсіріп көрейік:




Мысалдар

Қосымшалы түрі

Еуропаша жазылуы

Азия

азиатский

Азиа

Армения

-----------------

Армениа

Валенсия

----------------

Валенсиа

Олимпия

олимпиада

Олимпиада

Осыған сәйкес, жаңа әліппеге көшкенде де премиа, терреториа, Азиа, алдиар, Мухамедиар, пиала, Дүриа, миа, Разиа ыңғайында жазуды ұсынады.

Көсемшенің –а жұрнағы жалғанған сөздерді оқытуда көп қиындық келтіретінін, той-а, жой-а, сой-а түрінде жазған дұрыс деп есептейді.



Осындай ерекшеліктерді есепке алып, ол «я» әрпін қазақ тіліне енгізудің көп қажеттігі жоқ, енгізе қалған жағдайда мынандай ережелерді ұстануды ұсынады:

  1. «Я» әрпі қазақтың байырғы сөздерінде жазылмайды;

  2. «Я» әрпі орысшасында бірде «ия», бірде «йа» болып келетін жерлерде жазылмайды. Мысалы: Азия-азиалық, Азиада ; индустрия-индустриялық, индустриалы;

  3. Орыс сөздерінде «я» әрпі жіңішке «а» дыбысының таңбасының есебінде жұмсалатын жерлерде ғана жазылады (ондай сөздердің тізімі емле сөздігінде берілсін)( Көрсетілген мақала)

  4. «Ю» әрпі туралы пікірі де осындай. Мәселен, «ю» әрпінің орыс тілінде қосынды «э+у» дыбыстарының және жіңішке «у» дыбысының белгілері ретінде қолданылады. Тұйық етістіктің –у жұрнағы бар-у, ал-у, біл-у деген сөздерде жеке форма ретінде көрінсе, енді бірде ою, (ой-у), тою (той-у), сою (сой-у) деген сөздерде жеке форма ретінде көрінбейді. Соған сәйкес:

  1. «Ю» әрпі қазақ сөзінде жазылмайды;

  2. Терминдерде де, негізінен осы күнгі (латын графикасы кезіндегі – Б.Б) емле бойынша жазамыз (блуминг, буджет, сужет);

  3. Кейбір терминдерде й+у арқылы, немесе «у» арқылы көрсетуге келмеген жерлерде жазылады. Ондай сөздерджің тізімі емле сөздігінде көрсетіледі( Бұл да сонда)

  4. «Ы» әрпі. Орыстың «ы» дыбысын қазақтың «ы» дыбысымен теңестірем деушілік қазақ тілінің дыбыс системасын жоққа шығару болып табылады. Сонымен қатар, орыстың «ы» дыбысын да бұзып айтуға жол ашады(Көрсетілген еңбек) – деп , екі дыбыстың ара жігін ашуды ұсынады.

  5. Жіңішкелік белгісі (ь) туралы. Қазіргі қазақ тілінде жуанды-жіңішкелі жұптардың бар болуына байланысты , бұл белгіні тілімізде қолданудың керегі жоқ дейді. Қазіргі кезде орыс тілінен енген сөздерде қолданып жүрміз.

  6. «Й» (шолақ) туралы. «Горький» сияқты сөздердің соңындағы «й» - ді жазудың керегі жоқ. Орыс тіліндегі «кий» деген сөздің (биллиардтың таяғы) қазақ тіліндегі «ки» (киін, киім) етістігінен еш айырмашылығы жоқ, тек емлені қиындатады( Бұл да сонда).

Міне, жоғарыдағы С.Жиенбаевтың ц,ч,я,ю,ы,ъ,ь,й әріптері туралы пікірлерінің маңыздылығы латын әрпіне негізделген жазу кезіндегі емледе, сол кезеңдегі тіліміздің әуезділігін, дыбысталу тазалығын, өзіндік қолтумалылығын (своеобразность языка) орыс тіліне негізделген жаңа әліпбиге көшкенде де сақтап қалуға ұмтылуында деп білеміз. Жоғарыда сөз болған әріптердің тілімізде кеңінен қолданылуы орыс тілі мен қазақ тілдерінің өзіндік дыбысталу ерекшеліктерінің арасындағы шекті әлсіретті. Жеткіншектеріміздің сөйлеу тілінде бұл ақаудың орын алып жүргені де рас.

Біріккен сөздердің емлесі жайлы. Сөздердің бірге не бөлек жазылуы – емлеміздегі шешімін толық таппай келе жатқан мәселелерінің бірі. «Орфографиядағы өзге қиындық бір басқа да, құрама сөздердің жазылуындағы қиындық бір басқа деуге болады.» ( Н.Уәлиев,....Қазақ орфографиясындағы қиындықтар. А., 1988 ж. 55 б.). «Емле ережесін қанша қамтыдық десек те, таразының басы қайда ауса, сол ережеге айналып, жазу нормасы болған тұстары да жоқ емес.» ( М.Балақаев. Қазақ әдеби тілі мен оның нормалары . 1984 . 157 б.). Шындығында да «жазуда қиындық туғызып келе жатқан жай ереженің өзі емес, сол ережеге бағынатын біріккен сөз категориясын ажыратуда болып келе жатыр» ( Р.Сыздықова. Емле және тыныс белгілері. А-ты. 1996 ж. 15 б.)

Жоғарыда айтып өткеніміздей, емле ережелерінің негізін қалау 30-жылдар үлесіне тиді. Профессор Қ.Жұбанов 1935 жылы жазған бір мақаласында біріккен сөздердің жазылуында қате көп кететінін, бұл мәселеде таластың көп екендігін сөз еткен болатын ( Х.Жубанов. Исследование по казахскому языку. А-ты. 1996 г., стр. 165)

Аталмыш проблемаға байланысты С.Жиенбаевтың да «Тағы да біріккен сөздер емлесі жайлы» (Халық мұғалімі.1940 ж.7-8) атты мақаласында біраз сындарлы пікірлер баршылық. Тіліміздің құрылымдық жүйесінде, методологиялық негіздерінде «аға тіл» әсерінің немесе өзіміздің сол тілге көп әсіреленуіміздің нәтижесі жоқ деп айта алмаймыз. Бұған, әрине, граматикамыздың орыс тіл білімі негізінде жасалғандығы, орыс тілі граматикасының бірден-бір баламасыз үлгі алар көз болғандығы себеп болса керек. Ал, тіліміздің ішкі заңдылықтарын туыстас тілдермен, тіл тарихымен салыстыра зерттеу – 50-жылдардың жемісі.

Сөзжасамның өнімді түрлерінің бірі – біріккен сөздердің емлесі мәселесінде де орыс тілі емле ережелерін таза калькалаудың үлгісі ретінде 30-жылдар оқулықтарындағы мына ережені алуға болады: «Екі сөз қосылғанда (біріккенде) бір мағына беретін болса, сондай сөздер біріккен деп есептелсін де, бірге жазылсын» (Көрсетілген мақала.1940) С.Жиенбаев «бір сөзбен айтуды бір мағына берудің негізгі белгісі етіп қолдану» тілімізге сай келе бермейтінін, орыс тілінде сөздер дәнекер арқылы тұлғасын өзгертіп біріксе, қазақ тіліндегі сөздер біріккенде тұлғалық не сапалық өзгеріске, негізінен, түспейтінін дұрыс көрсеткен. Мәселен, орыс тіліндегі сельское хозяйство – сельскохозяйственный, красное знамя – краснознаменный, единая кровь – единокровный, весь союз – всесоюзный деп біріккен сөздерге сәйкес ауыл шаруашылығы, қызыл тулы деген сөздердің қосылып жазылуына келіспейді. Дәлел ретінде мынау тектес сөздер тізбегін береді:



  1. Ауыл шаруашылығы – мал шаруашылығы, егін шаруашылығы, орман шаруашылығы, т.т.;

  2. Қызыл тулы – қызыл орамалды, қос орденді, т.т.;

Ал, бүкіл союздық (бүкілодақтық – Б.Б) деген сөзді бірге жазатын болсақ, бүкіл қалалық, жалпы қалалық сияқты бөлек жазылып жүрген сөздерге де осындай принципті ұстауды ұсынады. Бүкілодақтық, жалпыхалықтық тектес сөздер 1957 жылғы ереже бойынша бөлек жазылып келсе, соңғы ережелерде бірге жазылуы дәстүрге айналған сөздер ретінде қабылданып отыр.

Біріккен сөздерге қатысты соңғы сөздікте де емле ержесіне қайшы келетін даулы жерлер жоқ емес. Бұнда бозторғай, қараторғай бірге, ал осы сияқты суық торғай, қара қарға, ала қарға деген сөздер бөлек жазылған. С.Жиенбаев осындай олқылықтарды жою үшін бұл сөздерді бөлек жазуды ұсынған. «Себебі – дейді ол – мұндағы анықтауыш болатын сөздер: боз, қара, ала, суық - бәрі де анықтауыштық қызметінен айрылған сөздер емес» (Көрсетілген мақала. 1940 ж.) Қазіргі кезеңде бұл сөздерді бірге немесе бөлек жазу жөнінде қарама-қарсы екі көзқарас бар. Біріншісі – бозторғай, қараторғай, т.б. сөздерді қосып жазайық, оның себебі, біріккеннен соң олар (біріккен компоненттер) бастапқы синтаксистік қатынасын жойып, жаңа лексикалық мағынаға ие болады, яғни бұрынғы мағыналық дербестігін, лексика-грамматикалық мағыналарын, бұрынғы синтаксистік қатынасын да, байланысын да жояды, жаңа сапалы сөзге айналады дейді (Қазіргі қазақ тіліндегі сөзжасам жүйесі. А., 1983 ж. 206-207 б.). Сонымен қатар, бұл жаңа сөздердің көпшілігі бастапқы ұғым-қатынастарын мүлде жойып жібермейді, әр қайсысының бастапқы мағыналарын (жігін ажыратқанда) айқын ұғуға болады, біріккен құрамда ол мағыналары, әсіресе, грамматикалық мағыналары күңгірттенеді де, жаңа ұғым, жаңа мағына пайда болады деген дүдәмалдау қорытынды жасап, сол ыңғайда біріккен сөздерді – семантикалық байланысын үзбей жасалған біріккен сөздер (баспасөз, келіссөз, бозторғай, қараторғай , т.т.), мағыналық байланысы күңгірттенген, немесе мүлдем жойылған біріккен сөздер (бізтұмсық, қырықаяқ, т.т.) деп екіге бөледі (Көрсетілген еңбек. 210 б.). Бұрынғы дау тудыратын сөздер - бірінші тобындағылар. Бұларға қарсы пікірді қолдаушылар құрамындағы әр сөздің лексикалық мағыналары, тіпті, лексика-грамматикалық мағыналары да айқын дейді. Ұстанатын дәлелдері де С.Жиенбаев пікірлерімен үндес. Бұл жерде осы екі пікірдің қайсысы дұрыс деп төрелік беру емес, солардың жазу тәжірибемізде қалай қалыптасқанының, әлі де болса, объективті, субъективті себептерін зерттеу керек сияқты.

Жоғарыда аталған мақалада С.Жиенбавтың әр, еш, бір түбірлері арқылы жасалатын біріккен сөздерге бюайланысты көтерген мәселелері қазіргі емле ережелерімізде ара жігі ашылып, шешімін тапты.

Ойын қорытындылай келе, ол біріккен сөздерге мынадай ережелер ұсынады:



  1. Кісі аттары қосылып жазылады.

  2. Ауыл, жер-су аттары қосылып жазылады;

  3. Жеке айтылмайтын, тек қосылып айтқанда ғана мағына беретін сөздер немесе жеке-жеке айтқанда басқа мағына беретін сөздер қосылып жазылады.

Бұл ережелердің алғашқы екеуі толықтырылып бекіді де, соңғысы қазіргі құрама сөздер деп аталып жүрген сөздерге ортақ қасиет ретінде қалыптасқан.

Ақтөбе, Ақтау, Ащысай, Алатау сөздерінің жазылуы мен айтылуы бірдей. Ал Сарыөзек, Қандыағаш, Қараөзек сияқты сөздердің айтылуы мен жазылуындағы алшақтықты жою үшін сөздердің тұлғасын өзгертпей біріктіру принципін қайта қарауды ұсынады. Қараңыз: «Сөз бірікпеу керек. Біріксе, оның жігі жоғалып, онан әрі кіруге жол ашылуы керек.». Соған сәйкес кісі аттарын айтылуына сай Амангелді, Балгүміс, Меңдіғара, Ерғазы деп кіріктіріп жазуды ұсынады. Кіріккен сөз жөнінде де М. Балақаев: «... екі сөздің бірігуі нәтижесінде іштей морфемалық, дыбыстық өзгерістерге ұшырап, әбден жымдасып, тұтасып кеткен күрделі (біріккен) сөздің бір түрі» - дейді. Сонымен қатар, «біріккен сөздердің бірігуі арқылы тіпті дара тұлғаға айналуы тілімізге тән құбылыстардың бірі» (М.Балақаев. Көрсетілген еңбек). Олай болатын болса, қатаң морфологиялық-таңбалық принцип жоғарыдағы айтылған тілімізге тән біріккен сөздердің кірігу процесіне кедергі жасап, емле ережесіндегі қиындықтарды көбейтуге себепші болып отыр деп ойлаймыз.



Қазіргі қазақ тіл білімінде еліміздің тәуелсіздік алып, өз алдына дербес мемлекет болып орныға бастауына байланысты жазуды орхон, латын әліпбилеріне көшіру жөнінде ғалымдар пікірлері өрістеп келеді. Олармен қатар жазудың қазіргі кириллица әліпбиі негізінде қала беруін қолдайтын пікірлер де жоқ емес. 30-жылдары латын әліпбиі арқылы жазылған әдебиеттерді оқи отырып, осы әліпби негізінде қазақ әліпбиіндегі әріп таңбаларының санын елеулі түрде азайтуга болатынын, сонымен қатар осы графиканы қолдану арқылы батыс өркениетінің жетістіктеріне жеңілірек қол жеткізуге болатынына көз жеткізген сияқтымыз. Осы ыңғайда 30-жылдардағы емле ерекшеліктеріне қайта үңілудің өзектілігі байқалады.

Ал, емле мәселелері бұл тақырыпта қалам тартып жүрген жекелеген ғалымдардың ( Р.Сыздықова, Н.Уәлиев, т.б.) еңбектерінде болмаса, жалпылық, бұқаралық сипаттан қалып барады.
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет