Әміржан Әлпейісов, Жазушы,тарих ғылымының кандидаты



бет1/3
Дата08.12.2016
өлшемі395,06 Kb.
#3433
  1   2   3
Әміржан Әлпейісов,

Жазушы ,тарих ғылымының кандидаты.

Жас тұлпарға 50 жыл.

(«Жас тұлпар» дүбірі кітабынан үзінді)

Өмір диалектикасына жүгінсек, ғайыптан пайда болатын ештеңе жоқ: кешегі мен бүгінгі, бүгінгі мен ертеңгі – бәрі де бір-бірімен табиғи да, тарихи да тұрғыдан байланысты. Тарихқа қиянат жүрмейді. Осыдан 557 жыл бұрын шаңырақ көтерген Қазақ хандығының құрылғанынан бүгінгі күнге дейінгі аралықтағы тарихымыздың ақтаңдақ болып қалған жерлерін анықтап ақ-қарасын айыру, оны жас ұрпаққа жеткізу біздің міндетіміз. Шындап келгенде, 1991 жылы Тәуелсіздікті жариялауымыздың түп-тамырында көптеген жылдардағы ұлт-азаттық қозғалыстар мен көтерілістер жатыр. XX ғасырдың 60-шы,70-ші жылдарында қазақ жастарының санасын серпілткен «Жас тұлпар» ұйымы болды. Бұл қозғалыс жастұлпарлықтардың өмір жолы, жастардың Қазақстанның Тәуелсіздігі үшін күресі ғана емес, бұл қазақ қауымының үлкен бір тарихи белесі. Бүгінгі жастарымыз, болашақ ұрпақтарымыз мақтанышпен айтар, үлгі-өнеге алып,жадында сақтар, ұлт рухының асқақтығын көрсетер тарихи алтын кезең.Әр ғасыр халыққа өмір ағысында сәтті кезең «алыптар дәуірін» сыйға тартады. Қазақ тарихында XVIII ғасырда «жау жүрек» елім деп аттан түспеген батырларды сыйласа, ХХ ғасырдың басы «зиялы қауым» Алаш азаматтарын дүниеге әкелді. Рухани қажеттіліктің ұлттық болмысты тарих сахнасына итермелеуі де диалектикалық заңдылық. Бұл процесс халықтың бүгіні мен ертеңі сарапқа түскенде ар намысы, ел болашағы үшін күресуге дайын ұлтшыл, қаншыл, білікті, батыр жандарды жарыққа шығарады.

Қазақ «Атаға тартып ұл туса игі, ата жолын қуса игі», - дейді. Ата-баба жолын жалғастыру арқылы ғана қазақ ұлты қырық жыл қырғын болғанда да елдігін сақтап, парасаттылығымен ұрпағына үлгі бола алды.

XX ғасырдың 60-шы жылдары «Хрущевтік жылымықтан» мүмкіншілік алып оянған ұлттық болмыс ұлттық сананы жаппай қозғалысқа итермеледі. Кеңестік Одақтың республикаларында ұлтшылдық жаппай үлкен белең алды. Әсіресе, ұлттық интеллигенция мен студенттік жастар қауымдастықтары ұлт-азаттық қозғалыстың негізгі күшіне айналды.

Ата данқы, баба салты, өнегелі дәстүрі, айбарлы күші болған халықтың бұл жылдарғы жағдайы Қазақстаннан тыс қалаларда білім алып жүрген жастарды бей-жай қалдырмады. Мәскеуде өткен ғасырдың 60-шы жылдары бір мың екі жүзден аса қазақ жастары бір мезгілде білім алды. Рухы бай адамдардың үндестіктері қай жерде жүрсе де бірге шығады. Қазақ жастары Кеңес Одағының түпкір-түпкіріндегі арасы алшақ республикаларда жүрсе де, бірін-бірі көрмей,естімей-ақ ой-армандары бір жерден шықты.Ұлтына деген сүйіспеншіліктері жастарды көп іс тындыруға, ізгілікті іс қалдыруға жетеледі.Білім алып жүрген жастардың бірігіп бас қосуы заман талабы тірлік қамынан туды десек қателеспейміз.

Заңғар жазушы Мұхтар Мағауиннің айтуынша, ХХ ғасырдың 60-шы жылдарының ортасында қазақ руханиятында жаңа серпіліс басталды. Ұлттық танымға, рухани өмірге дұрыс көзқарас туды. Мәдениет, әдебиет, тарих салаларында қазақ қауымы жөнінде құнды еңбектер дүниеге келді. Ұлттық болмыс көрініс тапты. Ашаршылық пен соғыстан есін жинап, тұрмыс-жағдайы түзеле бастаған ел-жұртта ұлттық, отаншылдық сана оянайын деді.

Тарих ағымы кез келген халыққа өз даму барысында мүмкіншіліктер жасайды. Тарихта «кіндік кезең» деп саналатын тұстар болады. Бұл кезеңде ұлттық сана оянып, серпіліске түседі. Осындай тарихи мүмкіншілік белесін дұрыс, сәтті пайдаланып, қалған ұлттар үлкен табыстарға жетеді. Ой-сана, діл, мәдениет тағы басқа салалар да жаңа үрдіс жолына түседі. Ұлт бойындағы жақсы қасиеттер сыртқа шығады. Зиялы, білімді, ұлтшыл азаматтардың жұлдыздары жанып, көш бастайды. Сол кезеңдегі ұлттың даму деңгейі, ой-болмысы, менталитеті, жоғары ұмтылысы екпінді болса, халық өз дегеніне жетеді. Дербес мемлекет болып, ұлттың көкейіндегі армандары орындалады, экономикасы дамып, әл-ауқаты жақсарады. Ал ең бастысы, ұлттық рух оянып, халық етек-жеңін жиып, алдына үлкен- үлкен мақсаттар қояды.Азаттық қозғалысы жөніндегі ойлар жастұлпарлықтарға сол 60-шы жылдары келді. Елдегі саяси өзгеріс ұлтын сүйген жас жігіттер мен қыздарға өз ықпалын күштеп тигізді.

Қазақ халқының «кіндік кезеңінде» 1963 жылдың қараша айында Мәскеу қаласында «Жас тұлпар» ұйымының ресми құрылып, тарих сахнасына шығуы – осындай рухани қажеттіліктен туды. Жастұлпарлықтар Кеңестік өкімет қолданған интернационалистік идеологияның қазақ ұлтының тамырына балта шауып жатқанын жәй біліп отыра берген жоқ, оған ұлт құндылықтарын, қазақ өнерін қарсы қоюға ұмтылыс жасады.Өмірдегі қасіретті өнердегі көркем дүние арқылы көпшілікке жеткізу қазақтың сүйекке сіңген ата салты.

Тәуелсіздікті аңсаған тұңғыш жастар қозғалысының көш басында Мұрат Әуезов,Болатхан Тайжанов,Алтай Кадыржанов,Әнуар Сартбаев,Болат Хисаров,Темірхан Бектібаев,Серік Байкенов,Мақаш Тәтімов ,Советқазы Ақатаев,Марат Балтабаев тағы басқалары болды. Жастұлпарлықтардың бәрі дерлік өз ойларын жетер жеріне жеткізе алатын, сөздері өткір, топ жарған Ресейде оқитын қазақтың жайсаң ұлдары мен қыздары еді.

Қорқыт ата, Асан ата, Бұхар жыраудай ұлтымыздың алтын діңгектерінің жалғасы Алаш зиялылары болса, солардың барлықтарының ой-армандарын өздеріне ту қылған жаңа ұрпақ тарихқа «Мен қазақпын» деп атойлап кірді. Орнында бар оңалар.Тәуекел түбі жел қайық,өтерсің де кетерсің.Нартәуекелге бармасқа амалдары жоқ.Күш-жігер, ар-намыстары кеуделерін қысқан қазақ жастары күреске шықпай тұра алмады.Жастұлпарлықтар Алаш зиялыларындай басшысы дана,қоғамы дара,ел еңсесі биік,ердің бағы жанып,ұлты бақытты болатын кезеңді аңсады.

Ұлттық мүдде, болашақ ұрпақ қамы болатын ой-арман Мәскеу, Ленинград және басқа Ресей қалаларында оқитын қазақ жастарының басын біріктірді. Олар жас болса да ұлт тағдыры үшін өздерінің жауапкершіліктерін сезді. Қазақ қоғамының өткен асылдарын жоғалтпай өркениет көшінен өзіне тиесілі орын алуын көкседі. Адамзат тарихында не істелсе де ұлттық мүдде үшін істелетінін көрсетті.

Қазақ халқының ұлттық, саяси санасын қалыптастырудағы ең биік белес болған Алаш қозғалысы десек, 40 жылдан соң сол Ұлы арманды халқына жеткізуге талпынған «Жас тұлпар» ұйымы болды. Әр заман әркімнің алдына өз сұрақтарын қояды.Өмір ,тәжірибе, мақсат та әр түрлі болады.Жастұлпарлықтардың Отанының тағдырына байланысты мақсаттары айқын болды.Тұманды күнгі дүниедей әлдебір буалдыр ұғымға малданып жүре беретіндердің саны көбейген заманда жастұлпарлықтардың саяси аренаға шығуы Ұлттық рухымыздың барлығының көрінісі. Қазақтың бойында қашан да ұлттық рух сөнбеген .

Жастұлпарлықтар басқа қалаларда ұйымның бөлімшелерін ашудан басқа үш бағытта жұмыс жасады. Бірінші бағыт, Қазақстаннан тыс жерде оқитын қазақ жастарына көмек көрсету. Ұйымшылдық, бауырмашылық және қолқабыс мәселелері. Екіншісі, қысқы-жазғы демалыс кездерінде қазақ ауылдарын аралап, елмен танысу, бұқара халықпен тікелей байланыс орнату. Үшінші бағыт – бұл ұлт мәселесі. Кітапханалардағы ұлттық мәселеге байланысты кітаптарды зерделеу. Ұлттың өткені мен болашағы тағысын тағылар жөнінде кең көлемдегі пікір алысулар. Жалпы бағдарлама үш бағытта ғана болғанымен олар алдарына үлкен көп салалы, жан-жақты мақсаттар қоя алды. Ең бастысы, тарихымызды түгендеуге, рухани болмысымызды бүтіндеуге жол іздеді.

Жастұлпарлықтар Алаш ақын-жазушыларының еңбектерімен бірге Махамбеттің творчествосына үлкен мән беріп,құрметпен қарады.Олар Махамбетті ел атынан сөйлеген ер,азаттықтың жаршысы деп санады,өлеңдерін жаттады. «Исатай-Махамбет» көтерілісін ұлт-азаттық көтеріліс деп үлгі алды.Махамбеттің азаттық ой-танымын танытар жан тебіренісі ,бостандықты аңсауы жастұлпарлықтардың арман –мақсаттарымен ұштасып жатты.

Ұлтының мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, болашағын болжап, сол жолда қандай да қиыншылықтарға шыдаған Алаш зиялыларының өмір жолдарын өздеріне үлгі тұтқан жастұлпарлықтар «тәубе» деп іске кірісті. Осы кезеңдерде қазақ қоғамында түрлі мамандықтарды кәсіби деңгейде игеруге ұмтылған жастардың легі көбейді. Ауылдың балалары Алматыға, қала берді облыс орталықтарына ұмтылса, қалалы жердегі қазақ зиялыларының балалары Мәскеу, Ленинград, Киев, Рига қалаларынан білім алды. Әсіресе, Мәскеу және Ленинград қалаларындағы университеттерде талантты жастар көптеп оқыды. Білімді жастар ұлт тағдыры үшін мойындарындағы борышын атқаратын заман келгенін түсінді. Жастұлпарлықтар Мәскеу, Ленинград, Киев және басқа қалалардағы ең күшті, демократиялық үрдіс ертеден қалыптасып, жалғасқан атақты университеттерде оқыды. Олардың білім алған, араласқан орталары 60- шы жылдардағы ең білімді, демократиялы, озық орта болды.

Мәскеу қаласындағы жоғары оқу орындарының ішінде МГУ, Бауман техникалық училищесі, байланыс және мәдениет институттарында оқитын қазақ жастары белсенділік көрсетіп , «Жас тұлпар» қозғалысын құруға көп еңбек сіңірді.Бауман училищесінен Болат Хисаров , Байланыс институтынан Анвар Сартбаев, Мырзағали Шотқалиев, Мәдениет институтынан Марат Балтабаев сияқты талантты жастар шығып, ұлт тағдырына байланысты іс-шараларға ұйытқы болды.

«Жастұлпарлықтар» Алаш зиялыларының ұлттық идеяларын ту қылып ұстады. Өнер атаулының барлығы ұлттық рухтың көрінісі деп есептеді.Қазақтың өмірі мен өнері егіз! Өздерінің ой-мақсаттарын бұқара халыққа жай жалынды сөздерімен ғана емес , ұлттың жан сарайынан шыққан ән мен күй арқылы жеткізуге тырысты. Парықсыз құлдық санадан тезірек арылудың бірден-бір жолы ұлттық мәдениет пен ана тілінің дұрыс дамуына байланысты деген тұжырымда болды. Концерттік нөмірлер арасында Қазақстанның кешегісі мен бүгіні, болашағы жөнінде сөз қозғау ыңғайлы және нәтижелі болды. Мәдениетті көрсету барысында өздерінің саяси мақсаттарын насихаттай алды. Биліктің шектеулерін бұзып, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы өз істерін Кеңес Одағының түкпір-түкпіріне жеткізе алды.

Жастұлпарлықтардың көркемөнерпаз үйірмелері алғашқы концерттерін Мәскеу, Ленинград қалаларында студенттік ортада берді. Қазақ жастарымен бірге басқа ұлт өкілдерінің студенттері де қазақ елінің асқақ әнін тыңдап, аса бір күшті сезім құшағына енді. Айтылған әндердің мазмұнын орысшаға аударып,түсініктеме берумен бірге, шығу себебіне, маңызына тоқталды. Міндетті түрде елдің тарихына шолу жасалып, өлеңді шежіремен байланыстырып отырды. «Жас тұлпарлықтар» Тәуелсіздіктің басы сонау ата-баба арманында жатқанын, олардың ой түйсіктерін Алаш зиялыларының іске асырмақшы болғанын жақсы түсінді. Азаттық үшін болған көтерілістер мен шайқастағы азаматтардың не үшін құрбан болғанын жадыларына сақтай білді. Өскен орталарына сай, жастайларынан ұлттық сана мен сана тәуелсіздігін бойларына қалыптастыра алды. Халқының тарихын біліп, басқа ұлттардан артық болмаса кем еместігіне көздері жеткендіктен батыл болды. Ерте ме, кеш пе халқының тәуелсіз жеке мемлекет болатынына сенді. Ұлтына сенімі армандарымен ұштасқан білімді ұлтшыл жастар ештеңеден тайынбады. Ана тілін, дінін, ұлттық мәдениеті мен салт-дәстүрін күрес құралының көзіне айналдырды.

Ұлттық идея – ұлттың еңсесін көтеріңкі ұстап дамуы болса, жастұлпарлықтар Ресейде жүріп, «Мен қазақпын» деген мақтаныш сезімін қалыптастыра алған жастар. Отаршылдықтан көзін ашпай қырылып, езіліп, өткені қараланып, болашағы мүшкіл елдің жастарының бұл қайсарлығының өзі ерлікке пара-пар еді.

«Жас тұлпарлықтар» өз ұлтының мәдениетінің, әдебиетінің, әдет-ғұрпының тарихын, ана тілін кемітіп қаралап отырған мемлекеттік саясатпен келіспейтіндерін ашықтан-ашық білдірді. «Қазақ елі», «Қазақ жері» деген ұғымдарды жоюға жол бергілері келмеді. 40 ғасырлық тарихы бар қазақ ұлтын Кеңес өкіметінің жоққа шығаруын әділетсіздік, барып тұрған сұрқиялылық деп тапты. Қазақтың қалыпты, мәдени ерекшелігін сақтауды ата-баба аманаты деп түсінді. Басқа ұлттардан тереземіз кем болмасын, ел-жұрт болайық, бұл – бабалар алдындағы киелі міндетіміз, мойнымыздағы парызымыз деп іске кірісті. Жастұлпарлықтар алдарына қойған мақсаттарына ерте ме, кеш пе жететіндеріне сенді. Әділеттілік, жақсылық қашан да үстемдік құрады . Егер жақсылықтың мерейі үстем болмаса, адамзаттың өз деңгейінде өркендеуіне қабілеті болмас еді. Өзіндік ерекшелік сақтап ұлт болып қалыптасып, адами құндылықтар жасай алмас еді. Ағысқа қарсы жүру ниеті қай қоғамда болсын өте қауіпті екенін ескерсек, «Жастұлпарлықтарды» өз дәуірінің батырлары деп мақтанышпен айта аламыз .

Адам санасындағы ең жоғарғы саты – ұлттық болмыс. Ұлт болу мыңдаған жылдарда қалыптасатын ұзақ процесс. Ал адамзат тарихындағы ең әділетті күрес – ұлт азаттығы үшін күрес. Азаттыққа, бостандыққа ұмтылу, тәуелсіз мемлекет құру – халық арманы. Бұл арман «ұлт» деген ең қасиетті, ең киелі сөздің құдіретінен туады.

«Жас тұлпар» ұйымының басқа ұйым, қозғалыстардан ерекшелігі де, артықшылығы да оның ұлт болашағы көзін басқа ел, басқа ұлттан емес өз халқынан іздеп, соған сенгендігінде. Жастұлпарлықтарды ұлттық болмыстың пісіп, сананың оянуы төл тарихымызды білуге ұмтылдырады. Ол міндетті түрде қолымызды Тәуелсіздікке ерте ме, кеш пе, жеткізеді деп сенді.

Тарихты бұрмалап, халықты қаралаған саясатқа осыдан 50 жыл бұрын қарсы тұруға тырысқан жастардың басының бірігуі ұлттық рухтың, жігердің күштілігі. Социалистік идеямен уланған елде өссе де жастардың ұлттық сезімдерін жоғалтпауы таңғажайып қасиет. Мұндай ғажаптылық жастұлпарлықтардың қанына сіңген ұлтшылдықтарынан, шыққан тектерінен еді.

Зиялы қауым ұрпағы қаны су болып кетпесе, қашан да текті.Тектілік адам бойындағы жақсы қасиеттердің,парасаттылықтың үлгісі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа рухани сабақтастылықпен беріледі.Тектілік құбылысы жаны жақсы адамның кездейсоқ қалыптаспайтынын,ата-бабалардан берілетін дүниетанымдық, ділдік, психологиялық адами қасиеттер. «Тектен нәр алған тозбайды».

«Жас тұлпар» ресми 1963 жылдың қарашасында құрылып, жұмысын бастағанымен кең көлемдегі белсенділігі 1964-1965 жылдары арта түсті. Екі жылдың ішінде Ресейдің қазақ жастары оқитын қалаларының бәрінде және Рига, Киев, Харьков қалаларында «Жас тұлпардың» бөлімшелері ашылды. Ол жердегі ұйымдастыру жұмысын жастұлпарлықтардан тұратын комитеттер басқарды. «Жас тұлпар» ұйымы Мәскеу қаласында орналасқанымен оның Ресейдің басқа қалаларындағы бөлімшелері де жақсы жұмыс істеді. Әсіресе Ленинградтағы студенттер Сәрсенғали Қоспанов пен Марат Сембин басқарған ұйым белсенділік көрсетті. Олар Ленинград пен Қазақстан арасындағы достық мәдени байланыстардың тарихының тереңге кететінін, Кеңес Одағына дейін де байланыстардың күшті болғанына тоқталып жүрді.Жастұлпарлықтар Алаш идеяларының мұрагерлері, Алаш зиялыларының істерін жалғастырушы ретінде социалистік қоғамдағы мүмкіншілік шеңберінде жұмыс жасады. Олар Кеңес өкіметі, социалистік идеологияға тікелей саяси тұрғыда қарсы тұрмай, тоталитарлық жүйедегі рухани, мәдени-ағартушылық саласындағы кемшіліктерді көтеріп бетпе-бет келді. Әрине, билік те зиялы қауым да ашық айтылмағанымен түпкі мақсаттың тәуелсіз мемлекет құру идеясымен сабақтасып жатқанын түсінді.

«Жас Тұлпар» басшылары жас болса да, қозғалысты ұйымдастыру, бағыт-бағдарын анықтау барысында орасан зор саяси көрегендік жасады. Ең алдымен жылдан-жылға рухани дүниесі құлдырап, жік-жікке бөлініп, ұлтсызданып, тілінен айырылып, ыдырап бара жатқан ұлтына мәдени-ағартушылық іс-әрекеттер арқылы әсер етуді көздеді. Олар өткеннің шындығының шымылдығы ашылса, ұлттың көзі ашылып, санасының оянатынына сенді. Мәскеу қаласында жүріп «жылымық» кезеңінің мүмкіншіліктерін кеңінен пайдаланды. Бүкілодақтық Лениндік комсомол комитетінің Орталық аппаратына, Мәскеу қаласы компартия комитетіне «Лениндік саясат негізінде ұлттық мәдениетті дамытамыз» деп, хаттар жолдады. Аталған ұйымдар мәдени-ағартушылық жұмыстар жасауға кедергі жасамай, рұқсатын беріп, көмек көрсетті. Орталық газет-журналдарда «Жас тұлпар» ұйымының мәдени іс-шаралары жөнінде мақалалар жарияланды, теледидардан ақпараттар берілді.Москва қалалық комсомол ұйымымен «Жас тұлпар» ұйымы атынан Мұрат Әуезов , Болатхан Тайжанов және Сәбит (Советқазы )Ақатаев тұрақты өкіл ретінде байланыста болып,жұмыс істеді.

Мәскеу қаласында қазақ студент жастарының «Студенттік кеңесі» құрылып, оған Мәскеу қаласындағы жоғарғы оқу орындарының өкілдері мүше болды.Олар негізінен оқу үлгерімі мәселесімен айналысты.

Жастұлпарлықтар «Студенттік кеңес» шешімімен қазақ жазушыларының шығармашылығына кештер ұйымдастырды. Б.Майлин,С.Сейфуллин,І.Жансүгіровтің мерекелік тойлары кеңінен аталды.Қазақ тіліндегі баяндамаларды Советқазы Ақатаев,орыс тілінде Мұрат Әуезовтер жасап отырды.Көбіне ұлт болашағына бағытталған дәрістер әр түрлі тақырыптарды қамтыды.1965 жылдың 9 майында студенттік кеңес мәжілісінде «Государственный суверенитет и внешнеполитические полномочия Казахстана» деген тақырыпқа Б.Тайжанов баяндама жасаған. Мұрат Әуезовтің ұсынысымен Мәскеу қаласындағы қазақ студент жастары кеңесі төрағасы болып сайланған Советқазы Ақатаев көрер көзге көп жұмыс атқарды.Ресейдің басқа қалаларындағы қазақ студеттерімен тығыз байланыс жасап, қарым-қатынасты жақсартты.Бірігіп,тәрбиелік маңызы бар мәдени шараларды іске асырды. Мәскеу каласында қазақ студенттері кеңесінің жұмыс есебіне қарасаң, олардың атқарған істерін,істелетін жоспарларының ұшан-теңіздігін көріп қайран қаласың. Студенттік кеңес қазақ жастарына тәлім –тәрбие беруде, оқу жүйесін өңдеуде бір министрліктің қызметін атқарған.Жастұлпарлықтар ұлттық психология, көшпелілер мәдениеті туралы жазылғандарды көпшілікке насихаттады. Басты мақсаттары тарихи негізде рухани құндылықтарды жандандыру болғандықтан Алаша хан жөніндегі аңыздарды, қазақ хандарын, хан ордасының билік сипатын дәріптеді.

Алаш ұраны, Алаш идеясы - ұлттық мемлекеттің көрінісі деп білді. Қазақ шежіресінің осы Алаша хандығынан басталатынын, оның көзінің көнеде екендігін насихаттады. «Елдің тарихы өкіметтің тарихы емес, ол ең алдымен халықтың тарихы», - деп халықтың мүддесін елдің мүддесімен қарастырды.

Беғазы-Дәндібай археологиялық қазбасының нәтижелері жастұлпарлықтардың мерейін одан әрі өсірді. Алаша хан күмбезі мен Беғазы қорғандарындағы айналмалы баспалдақ - саты стилдері таң қалдырды. Алаша хан кесенесін қазақ халқының бірнеше мың жылдық тарихындағы ең басты ескерткіші, бұл елдіктің, мемлекеттіктің белгісі деп білді. Қасым ханның Алаша ханға кесене тұрғызуын ұлттық символ деп халыққа түсіндірді. Олар Қазақстанның түпкір-түпкіріндегі тарихи жерлерді, аңыз әңгімелерді, археологиялық жетістіктерді бұқара халыққа насихаттаудан жалықпады. Ұлытаудағы Алаша хан кесенесіне, Көкшетаудағы Кенесары мекеніне әдейі арнап экспедициялар ұйымдастырды. 1969 жылы Мұрат Әуезов «әулиелер мекені» Маңғыстауға экспедиция ұйымдастырып, үстіртке, жер асты мешіттеріне барып, тағзым етті. Елеусіз, ескерусіз ,күтімсіз жатқан тарихи ескерткіштерді жөндеуге ат салысты. Ескерткіштерді қорғау комитетіне хат жазып, Маңғыстау өңіріне мән бергізді. Осы істерді мемлекет қаржыландырған жоқ, отаншыл жас қыз бен жігіттер бәрін өздері істеді. Көпшілік халықпен де танысты, өздерін де танытты, тағлым алды .Музыка зерттеушісі, профессор Болат Қарақұловтың ата жұрттағы тарихи ескерткіштер, ел ауызынан естіген қисса жырлар мен ән – күйлер біздің, қалада өскен қазақ жастарының өмірге деген көзқарасымызды түбегейлі өзгертті деуі сондықтан .

Жастұлпарлықтар «Біз Ұлылар ұрпағымыз, соған лайықпыз, әрдайым алда боламыз» деп ниет етті. Шынында, адамзат өркениетіне қазақ мәдениетінің қосқаны аз емес. Жастұлпарлықтар – әрдайым көкіректерін көтеріп, қазақ деген атты мақтан тұтқан жастар. Кісілік пен ізгілік туғыза алмайтын қоғам қай заманда да рухани күйзеліске ұшырарын білген жастұлпарлықтар өткеннің кемшіліктерінің беттерін тырналап ашты. Ұлтына ашаршылық әкелген, даму процесін тежеп отырған өкіметтің саясатына қарсы шығып, өткенге көз салып, ойлының сезімін оятты. Жастұлпарлықтар барлық кездесулерде ұлттық мәдениеттің дамуы қажеттілігімен бірге ашаршылықтың халыққа тигізген зиянын тілдеріне тиек қылып отырды. Жастұлпарлықтар кездесулерінде «Біз тарихи кезеңде өмір сүрудеміз. Қоғам оянуда. Ол өзінің жауапкершілігін сезіне бастады. Сең жібіді, енді оны ешкім де тоқтата алмайды», - деп, елді ездіктен безіп, ерлік жасауға шақырды.

Ұлттық сананың оянып, жастардың белсенділігінің артуы Кеңес Одағы өкіметін жәйбарақат қалдыра алмады. КГБ социалистік жүйеге қарсы адамдармен күресті күшейту үшін арнайы бөлімдер ашты. Қоғамның бар саласында өздеріне тыңшы ұстады. Қазақстанда жастармен күрес «Жас тұлпар» ұйымына байланысты басталды.Асыл тастай ұлтының болашағын ойлаған талай қазақ азаматтарын қайыстырған Кеңестік жүйенің бар дүлей күші енді жастұлпарлықтарға бағытталды. Жастұлпарлықтардың арасына тыңшы жіберіп, бақылауға алды. Барлық кездесулерде кімдер болды, не делінді бәрі-бәрі жіпке тізілгендей керек жеріне жеткізіліп отырды. Қазақстанның КГБ қызметкерлері істеген жұмысын Мәскеуге хабарлап, бірігіп жастарға қарсы шаралар, арандатушылықтар жасады. Бірақ қандарында ұлы даланың еркіндік рухы бар жастар КГБ бұғалығына мойымады. Жүректіліктеріне білімдері сай келіп, үлкен мақсаттар үшін ештеңеден тайынбады. Өткір жанарлы 18-20 жастағы ұл-қыздардың ұлтшыл, қаншыл болуына замана тауқыметі, халқының дүрбелең аласапыран кезеңдердегі өмір қиыншылықтары себеп болды. Сондықтан да олар өткенді танымаған,бүгінгіні байыптамаған,келешекке көз салмаған мемлекеттің жаңсақ саясат көрінісін қорықпай әшекереледі. Казармалық социализм қоржынынан шыққан аға буын зиялы қауым пендешіліктің бесігіне бөленіп жатқанда, жастұлпарлықтар Ресей жерінде «Мен қазақпын» деп асқақтап жүрді. Елде кімнің жемісі піссе, соның торғайына айналғандарға қарсы соққы беріп, көпшіліктің мүлгіген болмысын сілкіндірді. Дені күншіл, сүлделерін әншейін сүйреткен, заман ағымының жапырағына айналғандарға ой салды. Ұлтының тарихын тұжырымдап, болашағын халқының тағдырының жалғасы деп есептеді.Ұлттық рухтарының ,алға қойған мақсаттарының күштілігінің арқасында қандай да болсын қиыншылықтарды жеңе білді.Ұлт мүддесі үшін адам айтқысыз қиындықтарға қарсы тұра алды.Өкімет тарапынан қысым, қуғын күшейген сайын олар бірліктерін, тірліктерін көрсетіп, Ұлы идеялар жолында жаңа істерді бастады.

Ұшқан құстың қанаты талар кең байтақ қазақ даласының қалалары мен ауылдарында ХХ ғасырдың 60-шы жылдары «Жас тұлпар» қозғалысы жөнінде естімеген, білмеген қазақ баласы кемде-кем болды. Бұл ұйым ұлттық болмыстың қажеттілігінен, халықтың аңсаған арман-тілегінен туды. «Жас тұлпар» деген сөз бодандық шеңгелінде ұлтсыздануға ұрынып, этнос есебінде жоғалып кетуге қарсылық көрсетудің символына айналды.

Алаш идеясы –ұлттық рух көзі.

Жастұлпарлықтар үшін – ұлттың болашағы жөніндегі ой-тұжырымдар «Керегеміз – ағаш, ұранымыз - Алаш» сөзінен басталып, ұлттық құндылықтарды ұмытпай қастерлеп, рух асқақтығын жаңғыртудың жолдарын іздеумен жалғасты. Алаш идеясы – қазақ идеясы болып шеңберлене берді. Ұлт тарихы – халықтың өмір жолы, оның мұңы мен мақтанышы екеніне көздерін жеткізе түсті. Оларды мыңжылдықтар бойы қалыптасқан тегімізді, мінезімізді, парасаттылығымызды Кеңес Одағының жермен жексен еткендігі қинады. Қазақ халқы мыңжылдық тарихы бар этнос ретінде әлем тұғырынан өзіне тиесілі орынға қалай жетуі керек деген сұраққа жауап іздеді. Отарлық, социалистік тәуелділіктен құтылу үшін ең алдымен рухани бостандыққа қол жеткізу, ұлттық сананы қапастан шығару керек деді. Жастұлпарлықтар мың ойланып, жүз толғанып, естіп-білгендерін зерделерінің сезігінен қайта-қайта өткізіп, «ұлт мұраты», «ұлт арманы» Алаш зиялыларының еңбектері мен істерінде деген тұжырым жасады. Алаш көсемдерінің өмірімен, еңбектерімен танысты, көбі олардың тікелей ұрпақтарымен араласып тұрды. Алаш идеясын елге таратушы ақын Хамза Абдуллиннен Мағжан Жұмабаев пен Мұстафа Шоқай жөнінде толық хабардар болды. Мағжан Жұмабаевтың творчествосымен Хамза арқылы танысып, өлеңдерін оқыды. Әсіресе, оларды Мағжан Жұмабаевтың Мұстафа Шоқайға арнаған «Алыстағы бауырыма» өлеңі қатты толқытты.

Алыста ауыр азап шеккен бауырым,

Қуарған бәйшешектей кепкен бауырым.

Қаптаған қалың жаудың ортасында,

Көл қылып көздің жасын төккен бауырым!

Алдыңды ауыр қайғы жапқан бауырым,

Өміріңше жапа көрген жаттан бауырым.

Түксиген жүрегі тас жауыз жандар,

Тірідей жеріңді тонап жатқан бауырым!

Бауырым, сен о жақта, мен бұ жақта,

Қайғыдан қан жұтамыз, екі жақта.

Лайық па құл боп тұру? Кел, кетелік,

Алтайға – ата мирас алтын таққа!

Жастұлпарлықтарды Алаш зиялыларының бауырмашылық – туысшылдықтары, парасаттылықтары таң қалдырды.

Хамза Абдуллиннен Мұстафа Шоқайдың негізгі мақсатының Ресей империясында тұратын күллі түркі ұрпақтарын біріктіріп, «Үлкен Түркістан» одағын құрғысы келгенін білді. Шынында Мұстафа Петербург университетінің заң факультетін бітіре сала, 1916 жылы Қазан қаласына келіп «Түркістан бірлестігі» деп аталатын құпия ұйым ашқан. Парижде 1924 жылдан түрік тілінде «Яш Түркістан» журналын шығарған. Жастұлпарлықтардың Алаш зиялыларын жақсы білулеріне негіз де бар.


Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет