Әміржан Әлпейісов, Жазушы,тарих ғылымының кандидаты



бет2/3
Дата08.12.2016
өлшемі395,06 Kb.
#3433
1   2   3

Озық ойлы, кеудесінде ұлтының оты бар жастардың шыққан тегіне, өскен ортасына мән берген жөн. Бұлар кешегі Алаш ұрпақтары, әке-шешелері сол Алаш идеясымен тәрбиеленіп, балаларының сүйегіне де ұлтшылдықты сіңірген әулеттерден шықты. Тарихпен сабақтас өмірді бастарынан өткізген қазақ зиялы қауымы шаңырақ астында, отбасында Алаш азаматтарының жақсы қасиеттерін айтып, еңбектерін өсиет етіп ұрпағына жеткізді. Жастұлпарлықтардың көбінің әке-шеше, ата-әжелері Алаш зиялыларын көріп, ұлағатты сөздерін естіп, жадына тоқыған көзі ашық, зиялы қауым болатын. Әке-шешелері Алаш зиялыларын көріп, солардың жазғандарын оқып, жаттап өскендіктен жастұлпарлықтар алаш идеясымен жастайынан қоректенді десек, қателеспейміз. Тоталитарлық жүйе қазақты қанша қырып жойса да, қанында еркіндік дәстүрі бар халықтың санасында сүйекке сіңген еркіндік, кеңдік сақтала береді. Бостандық идеялары қазақ халқында ұлтжанды азаматтардың жүрегі мен санасында мәңгілік өмір сүрді. Бұл тарих тағылымы. Алаш қозғалысы, Алаш Орда өкіметі Алаш арыстарын қазақ халқы ешқашан естерінен шығарған емес.

Алаш зиялылары қиындығы көп қысқа өмірлерінде қазақ жұртына айтатынын айтып үлгерді.Оны естір кұлақ жоқ шығар дегенде 40 жылдан соң Кеңес өкіметінің көгін дүбірлетіп «Жас тұлпар» дүниеге келді. Жәй емес ,«Мен қазақпын,мың өліп, мың тірілген. Тамырым терең, кұлашым кең»,- деп екпіндей келді. Сұрауға емес, алуға, өзінің қарымтасын қайтаруға келді...

1966 жылы мектеп реформасының нәтижесінде 10-шы сынып пен 11-ші сынып балалары мектепті бірге бітірді. Қазақ мектебін бітірген түлектердің білімін әрі жалғастыруы екі есе азайды. Бұл да отқа май құйғандай әсер етті.

Жастұлпарлықтар осы тірліктердің бәріне қарсы шықты. 1963 жылдың қараша айынан 1965 жылдың шілде айлары аралығындағы екі жыл көлемінде «Жас тұлпар» идеялық, құрылымдылық жақтарынан толық қалыптасып, Қазақстаннан сыртта оқитын студенттер арасында филиалдар құрып болып, елмен тығыз байланыс орнатып үлгерді. Жастұлпарлықтар туған ауыл, өскен жерлерінде жәй үгіт-насихат жасап қоймай, Қазақстанның барлық жерінде болашақ құрылымдарға негіз жасады. 1965 жылдың күзінен бастап 1966 жылы ақпанда Алматыда өтетін «Жас тұлпар» ұйымының республикалық мәжілісіне дайындықтар жүргізді. Елді мекендерде «Жас тұлпар» ұйымының жақтастары, қолдаушылары жартылай құпия жиындар өткізіп, өздерінің Алматыға баратын өкілдерін дайындады.

Жастұлпарлықтарға «коммунистік аға буынды» арқа тұтқан, ұлттық санадан жұрдай, өліп-өшіп билікке ұмтылған «комсомолдық буын» қарсы тұрды. Жаттанды сөздер айтқан, ұлттық, рухсыз жастар легі «Жас тұлпар» ұйымының іс-әрекеттеріне кедергі жасап бақты. Бұл комсомол беделділерінің ақыл-кеңесшісі, құдіретті КГБ еді. Мемлекеттік қауіпсіздік арнайы шешім қабылдады, Мәскеуге ұйым мүшелерінің жиналыстарына қатысуға арнайы тыңшылар жіберді. Қазақстанда жиналыстар, кездесулер өткізуге кедергілер жасады. «Хрущевтік жылымық» дәуірі болғандықтан үндеместер жастұлпарлықтарға қарсы ашықтан-ашық репрессияға бара алмаса да, ұйым мүшелерінің аяқтарын қия бастырмай аңдыды. Құпия деректер жинап, шабуылға шығуға ыңғайлы сәтті күтті.

Ал жастар ұлттық ерекшеліктен қазақ халқының ұлылығын көрді. Ауыз әдебиетіміздің, шежіре тарихымыздың, тіліміздің, өнеріміздің байлығы оларды шаттандырды. Ұлт сана-сезімдеріне серпіліс әкелген жастұлпарлықтарға жәй сеніп қойған жоқ, қолдап, соңдарынан ерді.

«Жас тұлпар» ұйымының беделін, ұйымдастырушылық қабілетінің қаншалықты болғанын 1966 жылы ақпан айында Алматыда өткен ашық мәжілістен көреміз. Жастұлпарлықтармен кездесуге Қазақстанның барлық облыстарынан жастардың арнайы өкілдері қатысты. Бұл жәй кездесу емес, ұлттық сананың оянып, жаңа белеске жеткені еді. Жастұлпарлықтарға Қазақстанның Орталық комсомол комитетінің хатшысы Ибрагим Аманғалиев көп көмек көрсетті.Жастардың жол қаражаттарын айырды,материалдық көмек көрсетті.Ол кейін осы іс-әрекеттері үшін жұмыстан куылды.

Қазақстандағы ақын -жазушылардың арасынан Жастұлпарлықтар өздеріне жақтастар тапты.Елдегі келеңсіздік, ұлттық құндылықтардан айырылу қазақ зиялы қауымына да ой салды. Жазушылар Одағының басшылары жастұлпарлықтарға жанашырлық жасады.Шамаларынша қолдау көрсетті. «Жас тұлпар» қозғалысының екі күндік жиналысын Жазушылар Одағы аясында өткізбекші болды. Ұлтшылдық бағыттағы қозғалыстың жиналысы жазушылылардың қара шаңырағында басталуы қазақ рухының әлі де қуатының бар екенінің көрінісі .

Жазушылар Одағындағы жиналыстың бірінші күні Мұрат Әуезов пен Болатхан Тайжановтың өте мазмұнды ұлт тағдыры бағытындағы баяндамаларымен басталды.Жастардың сөздерінде ой деңгейлерінің жоғарылығы,жан-жақты терең білімділіктері, ең бастысы ұлтының болашағы үшін отқа да, суға да түсуге дайындықтары айқын көрініс тапты. Баяндамашылардың репрессияға ұшырап, атылған ақын-жазушыларды ақтау,ауылдағы жастардың жағдайы , қазақ мектептерінің жабылуы туралы келелі мәселелерін қолдап Әнуар Әлімжанов, Сәкен Жүнісов тағы басқа жазушылар сөз сөйледі. Жиналысқа қатысушы қөпшілік қауым жастарды бірауыздан қолдады.Бірақ, қазақтың кертарпалығы таусылған ба, жастарды «Бүлікші, Алашорданың күшіктері өсіп , Кеңес өкіметін құлатпақшы», – дегендер де болды. Белгілі классик жазушымыз сол жиынның аяғына қарамай шыққан бетімен алаңды қақ тіліп, жүгіре басып өкімет үйіне барып арыз айтты. Бұл ол кісінің 1937 жылдан қалған бойындағы үрейінен де болар. Бірінші болып естігенімді тиісті орнына жеткізбесем, өзім де қармаққа ілініп қалармын деп қорыққан сияқты.

Тиісуге сылтау іздеп отырған билікке керегі де осы еді. «Айт!» дегенде арс етіп қабатын КГБ-ның иттерінің тұмылдырығы алынып басы босатылды. КГБ қызметкерлері керекті ақын-жазушылармен түні бойы «тәрбие» жұмысын жүргізді.Нәтижесі бесенеден белгілі. Келесі күні жастұлпарлықтарға Жазушылар Одағының есігі жабылды...

КГБ талабы орындалып, жастұлпарлықтардың жиналысының екінші күнгі мәжілісі тоқтатылды. Бұл іс-әрекет жігерленіп намыстың атына мінген жастұлпарлықтарға кедергі бола алмады. Жиналыстың жұмысын жалғастыруға шарқ ұрып мекеме іздей бастады. Қазақтың атар таңын жоқтаған Алаш зиялыларын ұзақ жылдар бойы датталып, қараланып келгенімен келіспеген. Жан дүниелерінде жас болса да, социалистік жүйенің ұлт зиялыларына қара жағуына іштей жиркеніш қалыптастырған.Алаш азаматтарының тұлғаларынан үлгілі өмір өрнегін тоқыған жастұлпарлықтар КГБ қызметкерлерінің құзырынан қаймықпады.Елінің ертеңі үшін ештеңеден тайынбай ерлік жасай алатын азаматтарға қазақ топырағы бағзы заманнан бері кенде болып көрмеген.Жүзден жүйрік,мыңнан тұлпар қашанда шығып отырды.Жастұлпарлықтардың ақсақалдардың кесірінен тығырыққа тіреліп қиналып тұрғанын көрген КазГУ-дің аспиранты, кәсіподақ төрағасы Мырзатай Жолдасбеков жауапкершілікті өз мойнына алып, жиналысты университеттің үлкен мәжіліс залында өткізуге ұсыныс жасады. Бұл нағыз көзсіз ерлік еді.Ұлтының болашағы сөз болғанда қара бастың қамымен шектеліп бұғып қалмай,жұмыстан шығып,тамырыма балта шабылады-ау деп жалталақталмай, жауапкершілікті мойнына алу кім болса соның қолынан келетін іс емес .Социалистік жүйенің қамшысы төбеңнен үйіріліп,КГБ аяғыңды аттатпайтын заманда ұлшылдарды ашық қолдау жау қолына жалғыз шапқандай жүректілік болатын!

Мырзатай Жолдасбеков қай жерде, қандай қызметте жүрсе де сол жастұлпарлықтарға деген ой-сезім, көңіл қалауын кейін де өзгертпеді. Өзі де «Жас тұлпар» қозғалысының Қазақстандағы белсенді мүшесі болды, ұлттық болмыстың шыңдалуына ат салысты.

Жиналыс кешеулетіп КазГУ-дің 500 адам сиятын үлкен мәжіліс залында жалғасын тапты. Сөз жарыстар зұлматты күндердің бет-пердесін аямай ашты. Жиналысқа қатысушы жастар халқының қасіретін сезініп, ғибрат алды.Республикалық кең көлемдегі саяси шараға Жастұлпарлықтар Москвадан, Петербургтен, Киевтен, Рига, Харьков, Одесса,Саратов қалаларынан келді. Олар студент жатақханаларында, суретшілердің ұстаханаларында, зиялы қауым арасына барып өз ойларын ашық айтып, жұртты әділдік үшін бейбіт күреске шақырды. Жастұлпарлықтар екінші күнгі жиналыстың алғашқы сөзін Алаш зиялыларының соңғы көзі Хамза Абдуллин ақсақалға берді.

Хамза Абдуллин тарихи тұлға. Мағжан Жұмабаевтың немере інісі, ең соңғы серіктес-атқосшысы, шәкірті болған азамат. Абдуллин Отан соғысы кезінде Берлиндегі Түркістан ұлттық комитетінде қызмет атқарған. Ұлтшылдығы үшін неміс фашистері өлім жазасына кескен, бірақ атылмай Демблин қамалында концлагерьде жазасын өтеген. Соғыстың аяғында Америка әскері тұтқыннан құтқарып елге оралған. Елге келген соң Түркістан ұлттық комитеті мүшесі, жау ретінде 10 жылға сотталып, Сталин өлгесін ақталған.

Хамза Абдуллин университеттің үлкен дәріс залының төрінде тұрып:

Не көрсем де, Алаш үшін көргенім,

Маған атақ ұлтым үшін өлгенім.

Мен өлсем де Алаш өлмес, көркейер,

Істей берсін қолдарынан келгенін,

- деп, өз сөзін Мағжан Жұмабаевтың өлеңімен бастады. Халық жауы аталып атылып кеткен сүйікті ақынының өлең жолдары 30 жылдан кейін қазаққа қайта оралды.

Жастұлпарлықтар 1966 жылы Алматы қаласында қазақ зиялы қауымы және студент жастармен өткізген кездесулерінің бәріне Хамза Абдуллинді бойтұмар қылып ертіп жүрген. Алаш идеясының соңғы көзі, тірі азаматы ретінде алғашқы сөзді беріп отырған.

Олар ұлттық идея нәр алатын мәдениет пен өнер, тіл мен діл, салт пен дәстүрді жандандырайық деп үндеу тастады. Алаш зиялыларын ақтау, ашаршылық жөнінде шындықты айтуды талап етті. Ұлы Абайдың «Адам бол!» принципі негізінде рухани-адамгершілік жағынан жетілген, білімді, озық ойлы, ұлтына жаны ашитын жаңа қазақ тәрбиелеу керек деді.

Жастұлпарлықтардың бір ерекшелігі көпшілік зиялы қауым өкілдері сияқты қазақтың ұлт ретінде жойылып кетуінен қорқып жәй байбалам салу болмады. Ұлтына деген сүйіспеншілік оларды рухтандырды, халқының болашағына сендірді. Қазақтың соңғы дауылпазы Махамбет те, қазақтың соңғы ханы Кенесары да азаттық үшін басынан айырылса да бүгінге дейін ұлт рухының біз жете алмай жүрген алып шыңы екенін де кездесулердің бәрінде баса айтты. Әр қаладан келіп өз пікірлерімен бөліскен жастұлпарлықтардың сөздері өтімді болды, келтірген мысалдары тыңдаушылардың көкейлеріне жақты.

«Жас тұлпар» жастардың санасын серпілтті.

Жас тұлпардың тұяғының дүбірінен оянған Ұлы дала төскейіндегі қазақ жастары ештеңеден тайынбауға айналды.Әділеттілік жөніндегі пікір-ойлар, жастұлпарлықтарды көріп, сөздерін есту елдің түкпір-түкпірінен келген жастарды бұрынғыдан да қатты рухтандыра түсті. Адам өз еркіндігі үшін талпынып, аянбай күреспесе болашағының күмәнді, көмескі бола беретіндігіне көздері әбден жетті. Қазақ жастары жастұлпарлықтардың ықпалымен қоғамдық өмірге белсене араласып, болашақтары үшін күреске шықты.

Қозғалыстар бейбіт түрде студент жастардың әр түрлі министрліктер мен ведомстволарға, партия-кеңес органдарына кемшіліктерді айтып арыз-хат жазуымен басталды. Студент жастар институттар мен техникумдарда дәрістер қазақ тілінде жүргізілуін сұрады. Министрлік пен ректораттарына тарих, химия, физика, биология сабақтарын қазақ тілінде өткізуін болашақ дәрігерлер көптеп талап етті. Алматы дәрігерлік институтының 1 курс студенттері жастұлпарлықтармен кездесулерінен кейін талаптары орындалғанша сабаққа бармай қойды. Бұл іс-әрекетті Қарағанды, Целиноград, Ақтөбе дәрігерлік институттарының студенттері қолдады. Қазақ тілінде дәріс жүргізу тілек-талаптарының көптігі сонша ректорлар саяси ахуалдың шиеленісінен қорқып, жекелеген пәндерді қазақша өткізуге талпыныстар жасады.

Қазақстанның барлық аймағында, жұрттың жиналған жерлерінде ұлт мәселесі, ана тілі, оқу мәселесі жөніндегі пікірлер ашық айтыла бастады. Әсіресе, тың игерудің әсерімен орыстандыру саясаты күшті жүргізілген солтүстік, орталық Қазақстанда ұлт мәселесі шиеленісуге дейін барды. Қазақ мектептерінің жабылуы, институт, техникумдарда қазақ бөлімінің болмауы былай тұрсын, билік орындарында көрер көзге қиянаттықтар жасалынды. Қазақ ұлтының өкілі бірінші басшы бола алмады. Жұмыс, кезекпен пәтер алу тағысын тағылардан қазақ жастары шектелді. Тың игеру демографиялық ара-қатынасты өзгерткеннен соң қазақтың сан көрсеткіші азайғаны басты сылтауға айналды. Өрескел кеткен кемшіліктердің орнын толтыру үшін орыс тілді, аралас некелі қазақтарға көп мүмкіндіктер жасалды.

Басшылық қызмет, партия совет ұйымы жұмыстарына қазақ болып жазылған, орыстілді азаматтарға қолдау көрсетілді.

Қазақ болмысы «тың және тыңайған жерлерді игерудің» құрбандығына шалынған Орталық және Солтүстік Қазақстан облыстарының жастары арыз-хаттардан еш нәтиже шығара алмағандықтан өздері әрекеттерге кірісті. Жастұлпарлықтардың ықпалымен Алматы дәрігерлік институты студенттерінің қазақша дәріс алу туралы жеткен жетістіктері студент-жастар қауымына қатты әсер етті.

«Жас тұлпар» ұйымы үлгісіндегі бірлестіктер студент жастар арасында құрыла бастады. Целиноград дәрігерлік институтының 2 курс студенттері «Оян, қазақ!» атты ұйым құрды. Бірлестікті құрған қазақтың 18 жасар қызы Гүлжан Ғазизқызы Бейбітова еді. Ақмола облысы Бестөбе кенішіндегі жанұядан шыққан намысты, өр мінезді қыз группалас құрбыларымен студенттер арасында беделге ие болады. Қазақ және орыс тілдеріндегі «Оян, қазақ!» атты үндеуді бөлмелес құрбысы Сәлима Қасымова екеуі қолдан көшіріп көбейтіп, Целиноград қаласындағы студенттік жатақханаларға таратады. Үндеудің мәтінін Гүлжан Бейбітова өзі жазады. Енді «Оян, қазақ!» ұйымы үндеуінен үзінді беріп көрейік:

«Қазір қазақ халқын толық орыстандыру саясаты жүріп жатыр. Қазақ мектептері жаппай жабылуда. Балабақшаларда бүлдіршіндер таза орыс тілінде тәрбиеленеді. Барлық жерде бірдей қазақ тілінің қолданыс аясын қасақана тарылтып, бірте-бірте ұлттық тілімізді мүлде жойып жіберу науқаны белең алған. Ұлттық дәстүріміз бен мәдениетіміз өгейсіп барады. Ұлт өкілі ретінде партия, совет және комсомол қызметінде жүргендер халық мүддесі үшін бір ауыз жылы сөз айта алмайды. Қазақша қойылған есімдерінен бас тартатын балалар көбейді. Бізге ұлттық болмысымыздың болашағы үшін, туған тілімізді сақтап қалу үшін күресетін кез келді. Конституциялық құқығымызға сәйкес талап етеміз: қазақ тілі мен мәдениетіне, ұлттың дәстүрі мен діліне қысым көрсету тоқтатылсын!..»Жасырын ұйымдар жастар арасына Конституция негізінде ұлттық құқықтарымызды қорғайық, орыстануға тосқауыл қояйық деп үнпарақтар таратып, үгіт-насихаттар жүргізді. «Жастұлпар» ұйымы мүшелерінің сөздерінен нәр алып, қанаттанған Алматы қаласында оқитын студенттер елдеріне барып, жастардың басын қосып, жасырын ұйымдар құрды.

Алматыдан келген заң факультетінің студенті Ж. Кемелханов Гурьев облысындағы жерлестері арасында «Ұшқын» жастар ұйымын құрды. Ұйым мүшелері үгіт-насихат барысында қазақ жерлерінің тарихи атауларын өзгертуге, мекемелерде іс-қағаздарының орыс тіліне көшуіне қарсы шықты. «Ұлттық мүдде қорғалмаса Конституция негізінде Қазақстан Кеңес Одағы құрамынан шығуы керек», - деп есептеді. Мәскеуге Компартияның Орталық комитетіне хат жазып Конституция баптарының бұрмаланып жұмыс істемеуін, өкіметтің жергілікті халықпен санаспауы, қазақ тілін дамытпай отырғанын айтты. Хатта: «... нет никакой Казахской Республики. В учреждениях делопроизводство ведется не по-казахски, а по-русски. Учеба в высших учебных заведениях - на русском языке. Переименовываются по-русски названия казахских земель». Хаттың соңында Кемелханов Жаңабай болашақ заңгер, Конституция негізінде Қазақстанды Кеңес Одағының қатарынан шығарыңдар деп талап қойды.

Қызылорда қаласы педагогикалық институтының студенті Ш. Садыков Алматы қаласына барып, «Жас тұлпар» ұйымы мүшелерінің сөзін естігеннен кейін, өзінің курстастарының арасында жасырын ұйым ашпақшы болып үгіт-насихат жүргізіп жүрген кезінде КГБ тұтқындады.

Ташкент байланыс институтының студенті Мырзабеков Қостанай қаласында «Жас түлек» ұлттық ұйымын құрды. Ұйым мүшелерін КГБ талқандады. Жастар өздеріне тағылған ұлтшылдық айыбының басты себебін «Орыстың отаршылық шовинизміне қарсы іс-әрекеттен» шықты деп жауап берді.

Ресейдің Горький қаласындағы Су көлігі инженерлері институтының студенті С. Абылханов, Мәскеудің Мұнай институтының студенті У. Орынбасаров және Қарағанды қаласы дәрігерлік институтының студенті М. Кейін жастұлпарлықтар үлгісіндегі жасырын ұйым ұйымдастырып жүрген кездерінде ұсталып, оқуларынан шығарылды.

Ал Павлодар қаласының мектеп мұғалімі Р. Нұрбасаров деген азамат Павлодар және Ермак қалаларында құрамында 29 мүшесі бар жас балалардан жасырын «Жас ұлан» ұйымын құрады. Ұйым бір жыл бойы үгіт-насихат жүргізіп, Павлодар, Ермак қалаларының атауын өзгертуге шақырады. Ермактың шапқыншылық-жаугершілік жорықтарын әшкерелейді. «Бабалар туын көтерейік» деп үнпарақ таратып, өкіметтің саясатына қарсы шығады. Ұйымның жарғысы, жұмыс жоспары болды.

«Жас тұлпар» ұйымының ықпалында тек студенттер ғана емес, қазақтың жас маман, жұмысшы ұл-қыздары да болды. Олар да бірігіп, өз мүдделерін қорғай бастады. 1969 жылдың күзінде Өскемен, Лениногорск және Семей қалаларының зауыт - фабрикаларынан жұмыстан қуғындалып, шығып қалған 75 жас маман бірігіп, «Ұлт мамандары құқығын қорғау әділет тобын» құрды. Бұл өз құқықтарын қорғау үшін құрылған қазақ техникалық жас мамандарының бірігуі болды. Халыққа таратқан үндеулерінің бірінде орыс тілінде: «Мы столкнулись с рядом фактов, когда руководители предприятий нагло оскорбляли и смеялись над нами и в настоящее время не трудоустраивают нас. В связи с этим мы решили сами вести работу, поэтому решили организовать подпольную типографию, дать политический бой», - деп жазды.

Жастармен бірге зиялы қауым арасында, әсіресе творчестволық қауым ақын-жазушы, музыканттар, суретшілер, институт мұғалімдері арасында өз пікірлерін ашық айтатын адамдардың саны көбейді.

1969 жылы Қостанай облысының жас бухгалтер маманы К. Ажибаев қазақ ұлтының мүддесін қорғайтын, жеке Қазақ мемлекетін құратын жасырын ұйым құруға талпынып, КГБ қызметкерлерінің құрығына ілікті.

Сонымен бірге Целиноград қаласында Кеңес Одағының «тың және тыңайған жерлерді игеру» саясатына және Тың өлкесінің Ресей Федерациясына қосылуына қарсы жастардың «Тың Тұлпар» жасырын ұйымы жұмыс істеді. Семей қаласындағы «Тайшұбар» ұйымы «Тарихқа әділеттік керек!» деген ұранмен Шәкәрім мен алаш зиялыларына творчестволық ақтау жасап, еңбектерін кітап қылып басып шығару керек деп үгіт-насихат жүргізді. Атом қару-жарағын сынауға да қарсылықтарын білдірді.

Тәуелсіздік алуды мақсат етіп бір жылдай жұмыс істеген жастардың «Жас қазақ» ұйымы Қарағанды қаласын ғана емес, облыс төңірегін қамтып, кезіндегі ЕСЕП партиясының мүшелерімен байланыс жасады. Ұлттық мұратқа тарихи сабақтастық негізінде жеткілері келді. Бірақ сол 60-шы жылдары құрылған ұйымдардың ғұмыры ұзаққа бармады. Олардың аяқтарын КГБ қия бастырмады. 70-жылдардың басында «Жас тұлпар» қозғалысының ықпалымен қазақ студент жастарының арасында Тәуелсіздікті мақсат еткен жасырын ұйымдар көбейді. Алматыда «Сарыарқа», Шымкентте «Адыр бөлтіріктері» және тағы басқа астыртын студенттік ұйымдар бостандықты, азаттықты насихаттап үгіт жүргізді, үнпарақтар таратты. Жастарды Тәуелсіздік үшін күреске шақырды. Бабаларымыз білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғаған жер-анамыздың байлығын ұрпақ игілігіне жаратуға үгіт жүргізді. «Жас тұлпардың» тұяғының дүбірінен оянып рухтанған жастар 1979 жылы Целиноград, Көкшетау, Қарағанды, Павлодар облыстарының жері есебінен ашылатын Неміс автономиясының құрылуына қарсы шықты. Бөгенбай батырдың қыстауы Ерейментау қаласының Ассельборн аталуына жол бергісі келмеді. Жастұлпарлықтар сепкен ұлттық сана дәні жарылып жарыққа шықты. Қазақ жастары «Менің елім», «Менің жерім», «Менің Қазақстаным», «Ата-баба жерін бөлгізбейміз, ешкімге бермейміз», - деп бірі қалмай жаппай көтерілді. Биліктің қорқытқан өктем сөзі де, милицияның шоқпар таяғы да жастарды тоқтата алмады.

Елінің амандығы, жерінің бүтіндігі үшін қазақтың ұл мен қыздары ештеңеден қайтпады. Жігерленді, ұлты үшін отқа түсуге дайын екенін көрсетіп, майданға шықты. Қаршадай қазақтың жас қыздары қайтпас қайсарлықтың, көзсіз ерліктің үлгісін көрсетті. Қазақ қыздары қашанда қанына тартпай тұрмайды. Олар көтеріліс барысында жігерліліктің, табандылықтың үлгісін көрсете алды. Қазақтың батыр аналарының өмірлерінің жалғасы екенін танытты.

Облыс басшылары, Мәскеу мен Алматыдан келген жауапты қызметкерлер тұрған мінбеге барып, Ерейментау ауданының тумасы студент Алтыншаш Бейсембаева «Ерейментау – священный регион. За эту землю наши предки во главе с Богенбай батыром воевали с джунгарами, язычниками, проливали кровь. Эта земля – наследие предков. Пока жив казах, он никому ее не отдаст. Почему немцам не разрешают выезд на историческую родину? Пусть организуют им свою государственность там, в Поволжье. Когда появится указ об образовании немецкой автономии, в тот же день приду на площадь, обольюсь бензином и сожгу себя! Смерть моя – жертва за землю мою», - деп Отанына, еліне деген сүйіспеншілігін білдірді. Жастұлпарлықтар санасын серпілткен қазақ жастары Атақоныс арқа жерінен Неміс автономиясын ашуға жол бермеді. Рухтанды. Ер Едігенің ұрпағы екенін дәлелдеді... Болмысты торлаған қорқыныш пен мүсәпірліктен құтылып, ұлттық болмысы біржолата оянды. Егер де жастұлпарлықтардың ықпалымен рухы көтерілген жастар Ақмола-Ереймен көтерілісіне шықпаса, бүгінгі жер тұтастығы, ел бірлігінің болуы күмәнді болар еді. «Қазақтың қамал қорғаны, қазақ деген халқынан, қазақтың абырой ары үшін, сарып қылған бар күшін» делінген Бөгенбай батырдың елді мекені Ассельборн аталса, сүйекке таңба түсіп, ұлттық рух әлсірейтіні сөзсіз еді.

1970 жылдардың соңы 1980 жылдардың басында елдегі келеңсіздік, рухани күйреу күннен-күнге өршіді. Ең бастысы қазақ ұлтының қеңестік билікке сенімдігі азайды. Билік пен халық арасының алшақтауына көрер көздегі жалғандық пен өтірік отқа май құйғандай болып тұрды.Әділетсіздік көбейген сайын, билікке қарсылық та көбейді.Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды.Көп жылдары еленбеген, шешілмеген мәселелер сыртқа запыран болып шығып, революциялық ахуал туғызды.

Елде біртіндеп ұлт азаттық көтеріліске саяси ахуал қалыптаса бастады. 1979 жылғы Ақмола–Ереймен көтерілісі 1986 жылғы Желтоқсан революциясына тарихи негіз салды.

Ақмола-Ерейментау көтерілісімен Желтоқсан революциясында саяси да, тарихи да сабақтастық жатқаны анық .

Алаш идеясымен қаруланып, елге үгіт-насихат жүргізіп, мәдени-әдеби салт-дәстүр негізінде ұлттық болмыс пен сананы оятып, жаңа жас буынға тәрбие берген «Жас тұлпар» ұйымының бұл көтерілістерге қосқан үлесі орасан зор. Тікелей басы-қасында болып көтерілісті басқармаса да жастұлпарлықтар жастардың, зиялы қауымның болмысын тәуелсіз ел, мемлекет болуға тәрбиелегені сөзсіз. Егер де біз Неміс автономиялық облысының құрылуына қарсы көтеріліске қатысқан жастардың ұлтжанды болуына, «Жас тұлпар» ұйымының әсері болды десек, 1986 жылғы Желтоқсан революциясының алғышарты осы 1979 жылғы Ақмола-Ереймен көтерілісінен бастау алды. 1979 жылы күш алған, рухтанған жастар 1986 жылдың желтоқсанында ұлт мүддесін қорғауға дайындықтарын білдіріп, Брежнев алаңына еркін шықты.

Жастарға жастұлпарлықтар көрсеткен үлгі, салған жол ұлттық ағынның ұйтқысыз санасын оятқан серпілісі болды.

Замана сауалына – салиқалы аманат

«Хрущевтік жылымықтың» тұсында дүр етіп көтерілген жаңа лек Олжас Сүлейменов, Сәтімжан Санбаев, Асқар Сүлейменов және де басқа таланттар тобына жастұлпарлықтар қосылып, ұлттық жандандырды. Нұрғиса Тілендиев «Жас тұлпарға » гимн жазды.Кездесу кештерінде Мұқағали Мақатаев өз өлендерін оқыды.Сержан Ақынжанов,Кенжебай Ақышев,Жақан Модахметов,Майра Ақшалова,Тамара Таңатарова,Роза Жаппарова,Амангелді Іргебаев,Халел Аханов,Әбсәттәр Дербісәлі,Болат Сарыбаев сияқты жастұлпарлық ғалымдар белсенділік көрсетті.

Морис Симашко, Әнуар Әлімжанов, Алан Медоев және басқа бір дүниетанымдағы достық, өмір мен болашақ жөніндегі пікір алысулар жастұлпарлықтарға рухани азық болды.

Қоғамдық ғылымдармен бірге басқа өнер салаларында да ұлттық құндылық негізіндегі ізгілікті істер жасалынды. Елді өз туындыларындағы тосын шешім, тың үрдісімен елең еткізгендердің көш басында суретшілер Салихиддин Айтбаев, Мақым Қисамединов, Бақтияр Табиев,қолөнер шеберлері Дәркембай Шоқпарұлы,Жеңісхан Тілеуханов,сәулетші Тимур Сүлейменов және басқалары тұрды. Бұл талант иелері өздерінің бақытын халқына қызмет істеп, ұлтының құндылықтарына өз үлестерін қосудан тапты. Социалистік жүйедегі жаттанды, дайын түсініктермен жүрмей , ұлтына керек өзіндік өмір жолын іздеді. Жан дүние, таным-болмыстарымен ұлт болашағы үшін аянбай қызмет істеген бұл талант иелерімен жастұлпарлықтар қоян-қолтық араласты.Ұлтшылдық мемлекеттің тірегі, мәдениеттің көзі. Ұлттану адамзат дамуының ең жоғарғы сатысы. Ұлттық құндылықтар негізінде дамыған өркениет қана өміршең болмақ. Жастұлпарлықтар ана тіліндегі мәдени даму біртіндеп ұлттық дамуға әкеледі деп есептеді. Себебі жаратылысында сезімтал, эстет, сауықшыл қазақ домбыраның күмбірін, ана тілінде шырқап салған әнді естісе есі шығатынын білеміз. Өнер қазақ үшін - өмір.


Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет