Әміржан Әлпейісов, Жазушы,тарих ғылымының кандидаты



бет3/3
Дата08.12.2016
өлшемі395,06 Kb.
#3433
1   2   3

Өйткені, қазақтың ән мен күйлері халықтың тарихи-әлеуметтік, саяси-қоғамдық іс-әрекетімен, тұрмыс салт-дәстүрімен тікелей байланыса келіп, эмоциялық әрекетімен ерекшеленеді. Халықтың қатал өмір мектебі, басынан өткерген қайғы-қасіреті мен мұң-шері туралы философиялық ой-толғаулары, лирикалық нәзік толғаныс-тебіренісі, өмірді бағалап, сезіне білу қуанышы - бәрі-бәрі осы ән мен күйінде өрнектеледі. Тарихи сабақтастық, дәстүрлі ұлттық құндылықтар тәрбиеде орын алуы керек.Жас ұрпақ өз тарихының күнгейі мен қоса көленкелі тұстары жөнінде шынайы ақпарат алып өспесе, ұлттық өнерден бейхабар болса рухсызданып,жан сарайы жараланып мүгедекке айналады.Ел іші – өнер кеніші.Жастұлпарлықтардың қатарында өнерлі жастар көп болды.Олар елге оралысымен мәдениетініміздің түрлі салаларында еңбек етті.Театр, музей, концерттік бірлестіктерді басқарып, елден келген өнерлі жастарды тәрбиеледі. «Дос-Мұқасан» ансамблі жастұлпарлықтардың ұлттық бағыттағы ықпалының әсерімен дүниеге келді. Жастұлпарлықтар халық әндері мен билерін жастар арасында дәріптеу үшін заман талабына сай, «Гүлдер» эстрадалық тобын,вокалды-аспапты «Айгүл» ансамблін құрды. Бұл талантты жастардан тұратын творчестволық топты жастұлпарлықтар Марат Балтабаев пен Серік Елеусізов басқарды. Ауылдан шыққан жас талант иелері негізінен қазақ әндерін орындап, билерін биледі. Қазақстанда ғана емес, шет елдерде өнер көрсетіп, ұлтымыздың өнерімен таныстырды. Көкейді кернеген, көңілді тербеген әндерімен, мың бұралған билерімен олар, қазақтың мәдениетін әлемге паш етті.

Қазақ жастарының еңсесін көтеріп, мақтаныш сезімін тудырды. Ұлттық салт-сана өзегін құрауға әсерін тигізді. «Гүлдер», «Айгүл» тобы өнерлі жастарының әндері Қазақстанның түкпір-түкпірінде жаңғырып, жастар халық әндерінен нәр алып өркендері өсті. Кейін Серік Елеусізов Жезқазғанда «Ұлытау» ұлттық ансамбілін құрып, ауыл мәдениетінің ұлттануына үлкен үлес қосты. Жастар ұлттық өнерге бет бұрды. Дүниеге жаңа әндер әкелді. Бұл жылдардағы жастардың ұнатып жазған, салған әндерінде қарапайымдылық басым да шығар, бірақ олар таза, сезімге толы, шынайылықпен айтылды.

Жастұлпарлықтар өнер атаулының бәріне ұлттық мән беруге ат салысты. Мұрат Әуезов Қазақфильм студиясында бас редактор болып істеген жылдары қазақ жастарына киноөнерінен жарқын жол ашылды. Киноөндірісіне талантты жастар шоғырланып,өміршең,ұлттық сипаттағы құнды дүниелер туғызды. Қазақ киноөнерінде жан-жақты, көп салалы бағыттарда жұмыс істей алатын «Жаңа толқын » қалыптасты. Ардақ Әміреқұловтың «Отырардың күйреуі», Рашид Нұғмановтың «Инесі », Серік Апрымовтың «Соңғы аялдамасы» сияқты жаңа бағытта түсірілген тарихи , әлеуметтік мәні бар көркем фильмдер дүниеге келді.Смағұл Елубаевтың «Ақ боз үй» романы бойынша қойылған көркем фильм халықаралық деңгейде беделге ие болды.Бүгінде «Жаңа толқын » заман талабы деңгейінде көркем фильмдер жасап, қазақ киноөнерін әлемге танытуда.

60-70-ші жылдары Кеңес адамының ішкі жан-дүниесі, наразылық көңіл-күйі ұлттық құндылықтарды құрметтеп, соның дамуына мүмкіншілік жасайтын әділ қоғамды аңсауы көбейді. Өткенге көз салып, тәлім алып, жоғалтқанымыздың орнын толтыруға әрекеттер жасады.

Жастұлпарлықтар «Ақпыз, қара, сарымыз – ағайынбыз бәріміз» деген кеңестік саясаттың өткен күнде қалуын қалады. Оның орнына кезінде Алаш азаматтары көтеріп кеткен «Бір ұлтпыз, бір қазақпыз, бір елміз» ұранын ту қылып ұстады. Қазақстанның ең құнарлы үш ауданының Өзбекстанға берілуі, Неміс, Ұйғыр автономияларын ашу сияқты келеңсіз мәселелерге қарсы шығып, өз пікірлерін де ашық айтты. Жастұлпарлықтар әлемдегі қазақтардың бір жерге жиналу мүмкіншілігі болмаса да олармен тығыз қарым-қатынаста болуды қалады. Қазақстанның жетістігі шет елдегі қандастарымызды да өз жетістігіндей қанаттандыратынына сенді. Шет елдегі ағайындардың Қазақстанға жалтақтап, бауырларының езіліп, ата-жұрттағы қалың елден қамқорлық күтетінін білді.

Қытай, Моңғолиядағы қазақтардың хал-жағдайы, әлеуметтік жәй-күйі жастұлпарлықтарды елеңсіз қалдырмады. Кеңес Одағы мен Қытай арасындағы саяси суықтықты дұрыс пайдалана білді. Қытайдағы қазақтар қабылдай алатын аудандар үшін Қазақ радиосынан ұдайы хабарлар ұйымдастырып, тікелей арнадан сөйледі. Өздері ғана емес Қазақстанға келіп қоныстанған қандастарымызды радио жұмысына тартып үгіт-насихат жүргізді. Ата-жұрттың бар екенін, қандас бауырларға деген жылы сезімнің суымайтынын жеткізіп рухтандырды. Әрине, жастұлпарлықтарға «Тауына қарай түлкісі, заманына қарай күлкісі сай», – қоғамда жұмыс істеу оңайға түскен жоқ. Қызыл империяның тас бұғауында жүрсе де «Қайтсек қазақтың қара қазанын ортайтпаймыз» деген міндетті мойындарына алғандықтан кейбір сәтсіздіктер, КГБ-ның арандатушылықтары оларды жасыта алмады.

Тағдырдың тауқыметімен жыраққа кеткен қазақтардың ата-мекенге көш беті 1955 жылы бұрылғанда қазақ елінің қуанышында шек болмады. Ал 1962 жылғы басталған сырттағы қазақтардың Отанына жаппай көшуі тарихта үлкен мәнге ие. Сол тұста бір айдың ішінде Қытайдағы 200 мың қазақ Тарбағатайдағы, Шәуешектегі шекарадан өтіп елге оралды. Мұрат Әуезов бастаған «жастұлпарлықтар» 60-шы жылдары елге оралған Қытайдағы қандастарымызға жанашырлық көрсетті. Әуезовтің қытай тілін, психологиясын жақсы білуі қандастарымыздың құжаттарын түзетуге себепкер болды. Қытайда Қазақ ұлты үшін күрескен азаматтарға қамқорлық жасады. Олардың жұмысқа орналасуына, Қазақстанға бой үйретулеріне ат салысты. Қытайда қуғынға ұшыраған, Шығыс Түркістан мемлекетінің ірге тасын қалаған қандастарымызға ерекше көңіл бөліп, құшақтарына алып, бауырластықтарын көрсете білді. Ел атынан, өкімет көрсетпеген жылылықты сездіре алды. Солардың ішінде қазақтың азаттығы үшін күресіп, Қытайда екі рет өлім жазасына кесілген «Жас күш» жастар ұйымының басшысы Айтан Нүсіпханұлы атты ағамыз болды. Айтан Нүсіпханұлы жиырма бес жылдан кейін Қытайдағы туған ауылында болғандағы көңіл-күйін былай білдіреді:

Талай-талай көрдік қой көрмегенді,

Талай достар талықсып түрмеде өлді.

Ширек ғасыр өткен соң оралғанда,

Қайран ауыл бақытқа бір кенелді.

Иә, біздер көрдік қой көрмегенді ,

Біреу құшты біз сүйген бүрме белді.

Тақламақан құмында қалған достарым,

Армандарын өзімен бірге көмді.

Иә, біздер көрдік қой көрмегенді,

Тірі қалған жан олжа,өлген өлді.

Кей атаның үкілі отауынан,

Қалмағаны қинайды бір де белгі.Жалпы 70-ші, 80-ші жылдар Компартияның оң қолы КГБ-ның қаһарына мінген, шарықтау кезеңі. Бұл шындықты айтатын адамның алды тұман, арты құз заман болды. Сонда да жастұлпарлықтар адамдықтың асыл қасиеті – жан дүниенің, тән мен сезімнің тәуелсіздігі, бостандығы үшін күрес екенін дәлелдеді. Кеңес дәуірінің идеологиялық иіріміне икемделмеген, ноқтаға бастары сыймаған жастар Қазақстанның саяси өмірінен өзіндік сипатқа ие болды.Қазақстанда ұлт мәселесі ушығып, бомба болып жарылып, Желтоқсан көтерілісіне ұласты. Азаттық идеялары мен ұлттық болмыстары шыңдалған қазақ жастары өтірікке бейім Кеңес Одағының бет-пердесін ашты. Алматы жастары бір күндік жолдасқа мың күндік рух сыйлады. Бір құдіреті күшті түйсік – бар қазақтың зейінін еркіндік өміріне жетеледі.

Жастұлпарлықтардың ар-намысының күштілігін Желтоқсан революциясы айқын көрсетті.Советқазы Ақатаев пен Мұрат Әуезов бірігіп «Неміс толқыны »(Немецкая волна)радиосына ақпарат ұйымдастырды. Мәліметтерді шет елге жіберу мәселесімен Советқазы Ақатаев айналысты. 70-ші жылдардың басында Мұрат Әуезовтің «Литературная газетада» жұмыс істеуі Кеңес Одағы зиялы қауымымен жақын араласуына мүмкіншілік жасады.Ол кезде бұл газет зиялы қауым газеті болып есептелді.Міне енді Қазақстандағы Желтоқсан революциясын компартия жаппай қаралап,қазаққа ұлтшылдық айдарын таққанда, осы орта арашашы болды.Жастұлпарлықтар өздері бірге оқыған Қеңес Одағының алдыңғы қатарлы зиялы қауымын ұлт мүддесіне пайдаланды.Олар Желтоқсан революциясы жөнінде оң жақты қоғамдық пікірлер қалыптастырды.Тәуелсіздік жолы – ұзақ жол, талай ғасырлық ата-бабаларымыздың ерлік жолы. Қазақ жерінде болған ұлт-азаттық көтерілістер ұлттық шеңберден шығып, басқа ұлт өкілдерінің де мүддесін қорғады. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс Ресей империясының ыдырауына, 1986 жылғы Желтоқсан революциясы социалистік жүйенің әлемдік саяси аренадан кетуіне әсер етті.

Адам мен арман егіз. Арман қашанда тың идеялар мен өмірлік мақсат-мұраттардың қайнар көзі екенін білеміз. Ал Тәуелсіз мемлекет болу арманы – бұған қоса ерлік пен батырлықты, ұлтшылдық пен даналықты талап етеді. Миллиондардың көкірегін шыжғырған шоқ болады ғой, міне сол шоқтың себебін айтып, содан құтылудың көзін меңзеген жастұлпарлықтар болды. Олар қасиетті қазақ жерінде де азаттықтың ақ таңының ататынына жәй сеніп қана қойған жоқ, соған өз үлестерін қосты. Тарих тағлымын бүгінгі күнге өнеге етті. Шежіре-тарихты, ұлы тұлғаларды, ерек оқиғаларды ел есіне салды. Қайғы-қасірет пен жоғалтқан асылдарымыз туралы қаймықпай айта алды. Жастұлпарлықтар өз дәуірінің тарих арқалатқан жүгін тиесілі жеріне жеткізуге тырысты. Бұл саяси жүк – үзілген замана сабақтастығын жалғастыру, Алаш идеясын қайта жандандыру болды. Олар ұлттық сана, ұлттық тарих үшін күресті. Азаттық идеясын Алаш зиялыларындай өздерінің күнделікті өмірінде ту қылып ұстады. Алаш азаматтарының өмір жолдары, саяси күресі, таным-түсінігі арқылы өздерінің ұлттық болмысын шыңдады. Қазақ үшін – тәуелсіздік пен бостандық өмір кредосы деп білді. Ұлттық рух көзін тарихтан іздеп, ежелгі заман жетістіктерімен сусындап, оны жаңа замандағы қажетіне жаратты.

Жас тұлпарлықтар тарихтың жеке адамдардың өмірі, іс-әрекетінен тұратынын дәлелдей алды. Мағыналы, мазмұнды, өнегелі-өнерлі ғұмырлар қашан да қоғамның қозғаушы күші екеніне көпшіліктің көзін жеткізді. Ал өмір толқынында ұлты үшін ұлы істерге бара алған жастұлпарлықтардай текті ұл мен қыздардың дүниеге келіп, тарих сахнасына шығуы халықтың тілегі, қазақтың ұлттық рухының көрінісі. Жастұлпарлықтар қазақ ұлтының өткені мен бүгінін саралап, жаңадан ұлттық сана қалыптастыру қажеттігіне ең алдымен өздерінің көздерін жеткізді. Сезім мен сананың бар қасиет, қуатын көкіректеріне от қылып жинаған қызу қанды ұл-қыздардың жүректері «Мен қазақпын» деп дүрсіл қақты.«Жас тұлпар» қозғалысы мыңдаған жастардың басын қосып,санасын оятты.Жастұлпарлықтардың қатарынан қазақ зиялы қауымының жаңа буыны өсіп шықты.Қазақтың ар- намысы, тіреуі , ақылы бола алған талантты азаматтары шыңдалды. Кезінде «ашаю-жабаю» деп мазаққа іліккен жастар қазақ тілін біліп қана қойған жоқ , оны қадірлеп мемлекеттік деңгейге көтерілуіне ат салысты. Саяси күрес барысында сарқылмас қайрат жинап, заманымыздың салиқалы тұлғаларына айналды.Ұлтшылдықтарының арқасында Қазақстанның Тәуелсіз мемлекет болуына үлес те қосты,өздері де өсті.Әсіресе білім, ғылым, өнер және өнеркәсіп саласының талай көш бастар майталмандары шықты. Олардың ішінде Қазақстан Ғылым Академиясының Президенті, Лениндік сыйлықтың лауреаты Мұрат Айтхожин, лазерлік қару саласының маманы, КСРО мемлекеттік сыйлығы лауреаты,Казақстан Республикасы вице премьер-министрі Ғалым Әбілсейітов, білім министрі Шайсұлтан Шаяхметов, Қазақстан ұлттық ядролық орталығы бас директоры Қайрат Қадыржанов, «Алматы энергия жүйесі» бас директоры Алтай Қадыржанов, Қазақстанның биотехнологиялық ұлттық орталығының бас директоры,академик Мұрат Ғылманов,Ғылым академиясының биоинженерлік институты директоры, академик Ізбасар Рахымбаев, дефектология саласының ұйымдастырушы академик Жәмилә Намазбаева ,Қазақстан байланыс министрі орынбасары Алдар Тұңғышбаевтар бар.

Ғұлама ғалым Мақаш Тәтім Қазақстандағы демография ғылымы саласын ұйымдастырып, қазақтың саны мен сапасын зерттеуде. Советқазы Ақатай ғылым мен қоғам жұмысын тең ұстап, халқына қызмет етуден жалықпады. Марат Сембі көне тарих көмбелерін ашып, ел ағасы болса, Тимур Сүлейменов сәулет өнері саласының майталманы аталды. М. Балтабаев , С.Елеусізов , Б. Қарақұлов музыка өнері саласында үлкен жетістіктерге жетті.«Жас тұлпар» ұйымының салған жолы елу жыл өтсе де өз жалғасын тауып отыр .Жастұлпарлықтардың үлгісімен тарихи сабақтастықты жалғастырып, Қазақстаннан тыс жерлердегі қазақ жастары ұлттық –мәдени орталықтарын құрып жұмыс істеп жүр. Шет елдердегі қандастарымызбен бірігіп, қазақ тілі мен мәдениетін меңгеруге ат салысуда. Қазақстанның Халық ассамблеясымен тығыз байланыс орнатып,қандас бауырларымыз бен ата –жұрт арасындағы байланыс көпіріне айналған. Бұл іс –шаралар да Санкт-Петербург қаласындағы «Ата–мекен» қазақ қоғамының «Достар» атты жас қанаты басқаларға үлгі. Олар «Нұр Отан » партиясының «Жас Отан» жастар бірлестіктерімен тығыз байланыс жасап, бірігіп жасаған бағдарлама негізінде жұмыс жасап жүр.

Жастұлпарлықтар мақтануға тұрарлық, аз да болса мәртебесі биік аға буын. Әлі де «Жас тұлпарлықтардың» жүріс-тұрысы, сөйлеген сөздерінен өмірге деген өзіндік көзқарасты, ішкі жан-дүниелерінің тазалығын аңғарасың. Табиғат заңымен қатарлары сирегенімен, жылдар жылымына ілескен «Жас тұлпарлықтар» кеуделері мұң мен сырға бірдей отаншыл, қазақшыл болып қала береді...Олар қазақ халқының алдында өз азаматтық борыштарын абыройымен орындап,армандарына жеткен жандар.

Біз тарихымызға сол «Жастұлпарлықтар», «Сарыарқалықтар», «Желтоқсандықтардың» көзқарасы, іс-әрекетімен қарасақ қателеспейміз. Біз олардан бүгін ғана емес, болашақта да адалдықтың, парасаттылықтың, тазалықтың, зиялылықтың үлгі-өнегесі ретінде үлгі аларымыз сөзсіз.

Болашақта қазақ болу, қазақша сөйлеу, қазақтың ән-жырын айту, қазақша жөн-жоралғы өткізу әлеуметтік мәртебе болсын десек , «Жас тұлпар» сияқты қозғалыстардың тарихтан алатын өз орнын көрсетіп бағалауымыз керек. Біз сана-сезімімізді, ұлттық менталитетімізді құрсаулаған ұзақ ғасырлық отаршылық жүйе үйреткен жалтақтығымыздан неғұрлым тез арылсақ, соғұрлым ұлттық болмысымыз шыңдала түседі.



«Жас тұлпар» ұйымының жүріп өткен жолы Қазақстандағы Тәуелсіздік үшін күрес жылдарының үлкен бір тарихи кезеңі.
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет