Ер жәнібектің 300 жылдығы Жармада ерекше тойланды



Дата26.06.2018
өлшемі50 Kb.
#44803
Ер жәнібектің 300 жылдығы Жармада ерекше тойланды

23 маусым 2014 | 10:06 | Мәдениет | Қаралған: 2711 | Пікірлер: 0



012345

Ер жәнібектің 300 жылдығы Жармада ерекше тойландыӨткен сенбі-жексенбі күндері Жарма жерінде қазақ жерін жоңғар шапқыншыларынан азат етуде ерен ерлік көрсеткен қазақ батыры Ер Жәнібек Бердәулетұлының 300 жылдығы аталып өтілді. Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев қатысты.

Қазақтың ұлан-байтақ жерін жаудан қорғау үшін жан аямай күрескен батырларымыздың рухын ұлықтап, қасиетін қадір тұту – әрқайсымыздың міндетіміз. Сондай хас батырдың бірі де бірегейі – Ер Жәнібектің үш ғасырлық тойына орай Жарма жерінде 100-ден астам киіз үй тігілді, батыр баба рухына арналып құран-қатым түсіріліп, ас берілді, сондай-ақ, бірқатар тағлымды шаралар өткізілді. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен, сонымен қатар Моңғолия, Қытай, Түркия елдерінен келген қонақтар жиналды.

Сенбі күні таң қылаң бере батыр бабаның кесенесіне зиярат етіліп, жерошақ түтетілді. Көпшілікке Қалбатау ауылының ипподромында аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасы ұсынылды. Онда халықтық атақтың иегері «Сұлуым» эстрадалық қыздар тобы «Алыстағы ағайындар» әнін әуелете шырқап, ыстық ықыласқа ие болды. Бұдан кейін мерейтой дүбірлі думанға ұласып, республикалық деңгейдегі көкпар ұлттық ойыны басталып кетті. Сөйтіп, бірнеше облыстық командалардың білегі мықты, жүрегі түкті жігіттері бап пен бақтарын қатар сынады.

Ал кешке қарай аудандық мәдениет үйінде «Ел қорғаған Ер Жәнібек» атты ғылыми-тәжірибелік конференция басталды. Батыр бабаға арналған ескерткіштің ашылу салтанатынан бейнекөріністер көрсетіліп ашылған келелі жиынды Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімов жүргізді. Кеште Жарма ауданының әкімі Әнуарбек Мұхтарханов ел мен жерді қорғаған батыр бабалар туралы айтып, Ер Жәнібектің асқақ рухы мен ержүрек батырлығы туралы кеңінен сөз қозғады және осындай тағлымды жиындар тарихты танып білуде, жастарға үлгі-өнеге болатынын баса айтты.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішұлы батырдың үш ғасырлық тойы жоғары деңгейде өтіп жатқанын айтып, жақында ғана Астана қаласында баба рухына арналған ақындар айтысы өткенін жеткізді. Ол сонымен қатар, «Ер Жәнібекке – 300 жыл» анықтамалық-библиографиялық ғылыми жинағы, «Керейлер шежіресі», Моңғолияның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Сұлтан Тәукейұлының «Ақыр Жәнібек» романы және «Керейде батыр Жәнібек» аудио-бейне жинағы оқырманға ұсынылғанын тілге тиек етіп: «Еліміз іргесі берік ел болсын, өзіміздің өткенімізді жас ұрпаққа жеткізуіміз керек, олардың әрқайсысы «мен қазақпын» деп мақтанышпен айта алатын азамат тәрбиелеуіміз керек» – деген тілегін де білдірді. Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қабдеш Жұмаділов «Қазақтардың жоңғарға қарсы азаттық соғысы» тақырыбын кеңінен қаузап, қазақ тарихының әлі де жүйелі, тереңірек зерттелуі керектігін айтып өтті. Ал филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай ел ұранына айналған киелі баба өмірінен «Ер Жәнібек – Алаш ұраны!» тақырыбында дәйекті оқиғаларды баяндаса, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері Нұрдәулет Ақыш қазақ прозасындағы Ер Жәнібек бейнесі туралы айта келе, ол туралы көркем фильм түсірілсе деген пікірін ортаға салды.

Сондай-ақ, конференцияда Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Несіпбек Айтұлы, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі, профессор Серікқазы Қорабай, ғылым кандидаты Жанымхан Ошанұлы, Қытайдың еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Шәміс Құмар, халықаралық «Ер Жәнібек» қоғамдық қорының президенті Мақсұт Темірбаев, Астанадан арнайы келген Тұрсынхан Зәкен сынды тарихшы-жазушылар, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері батырдың біртұтас қазақ елінің тәуелсіздігі жолындағы күресі жайында дәйекті пікірлер айтты.

Дәл осы күні қас қарая ипподромда өткен Қазақстан өнер жұлдыздарының гала-концерті жиылған қауымды бір серпіл-тіп тастады. Ал оның шымылдығын ашқан «Кәусар» халық ұлт-аспаптар оркестрі бүкіл қауымға қуаныш сыйлады.

Думанның екінші күні «Керуен-Шеру» атты театрландырылған қойылыммен бас-талды. Онда облыс әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев жиналған қауымды батыр мерейтойымен құттықтап, жылы лебізін жеткізді. Моңғолия мен Қытайдан келген ағайындар «Армысың, ата жұрт!» атты концерттік бағдарлама ұсынды. Қайрат Құлмұхаммед «Баһадүр бабам – Жәнібек» атты толғауын, Риза Қайырбайқызы «Алматы – сағыныш», Аққу Байжігітұлы «Ауыл – сағыныш», Күлшира Тұрысбек «Алтайға келіп тұрарсың», Нұрлыбек Қызырхан «Жәнібек ата» әндерін нақышына келтіре орындап, қошеметтің астында қалды.

Тойдың ең қан қыздырған тұсы жал-құйрығы төгілген кілең жүйріктердің аламан, топ, жорға, жабы, арбалы ат жарыстарында бақ сынасуы болды дер едік. Сонымен қатар, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу сынды ұлттық ойындар мен түйе, өгіз балуандар күресі, көшпелі цирк қойылымы дүбірлі думанның қызығын арттыра түсті.



Нұржан Махаббат

Жарма ауданы
Каталог: images -> kronika -> 2014kaz
images -> БАҒдарламасы қазақ филологиясы кафедрасы Орал-2014
images -> АҚПараттық хат қҰрметті әріптестер!
images -> Абай Құнанбайұлы (1845—1904)
images -> Автобиография кандидата в депутаты районного маслихата по избирательному округу №5
images -> «Қазақстан тарихы» пәнінен «6М020300-тарих» мамандығына арналған жазбаша емтихан сұрақтары 1 блок
images -> Мазмұны Қазақстандағы жоғары білім, Ғылым және МӘдениет
images -> Үлгілік оқу жоспары
images -> Сембі Жансая Хасанқызы Қазақ тілі мен әдебиеті
2014kaz -> Шығыс Қазақстанға жаңа әкім тағайындалды
kronika -> Мақаншыда екі күн бойы Әсеттің әндері әуеледі


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет