Әскери әдебиеттегі қаһармандық тұлға-әдеби кейіпкер



Дата02.07.2018
өлшемі33,42 Kb.
#45297
ӘОЖ 821.512.122.09
Ө. Әбдиманұлы,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, ф.ғ.д., профессор

Алматы қ. Қазақстан

e-mail: abdimanuly@rambler.ru

Әскери әдебиеттегі қаһармандық тұлға-әдеби кейіпкер
Мақалада қазақ әскери әдебиетінің қалыптасу және даму үдерісіндегі жазушы Бауыржан Момышұлы шығармашылығының орны әдеби-танымдық талдау арқылы жан-жақты қарастырылған. Б.Момышұлының қазақ әскери прозасының көшбастаушысы, әскери әдебиеттің қазақ әдебиетінде өркен жаюына елеулі еңбек сіңірген шығармашылық тұлға екендігі жазушының басты көркем шығармаларының тақырып нақтылығы, жанрлық ерекшелігі, көркемдік құбылыстары идеялық-көркемдік ерекшелігі арқылы айқындалған.

Негізінен шығармалары екінші дүниежүзілік соғыстан арқау ететін жазушы шығармаларындағы соғыс және адам болмысы, тарихи тұлға және әдеби кейіпкер, соғыстағы адам психологиясына байлау, соғыстағы өмір шындығы және көркемдік шындық, өмір деректері және көркемдік шешім мәселелерін жеткізеді. Б.Момышұлының жазушылық шеберлігі негізінен оның "Москва үшін шайқас" романы көркемдік тұрғыдағы әдеби талғам, таным талаптары бойынша ашылған.

Сонымен қатар Б.Момышұлының соғыс тақырыбына арналған шығармаларындағы әдеби дәстүр және жаңашылдық мәселелері де назарға алынған. Б.Момышұлы шығармаларының әскери әдебиетте өзіндік дәстүр қалыптастыруы нақты мысалдар арқылы көрсетілген. Жалпы алғанда, Б.Момышұлының жаңашылдық шеберлігінің көптеген қырлары ашылып, оның қазақ әдебиетіндегі өзіндік орны бар аса көрнекті жазушы екендігі әскери тақырыптағы шығармалары арқылы дәлелденген.

Түйін сөздер:  әскери әдебиет, тақырып, тарихи тұлға, әдеби кейіпкер, әдеби жанр, көркем шығарма, дәстүр және жаңашылдық.
О. Абдиманулы

Героическая личность и литературный герой в военной литературе
В статье проводится литературоведческий анализ творчества писателя Бауржана Момышулы и всесторонне исследуются его роль и значение в становлении и развитии казахской военной литературы. На основе анализа авторской тематики, жанрового своеобразия, художественно- выразительных средств, идейно-художественных особенностей произведений писателя определяются особенности творческой личности Б.Момышулы, внесшего значительный вклад в процветание казахской литературы, ярчайшего представителя казахской военной прозы.

Отмечается своеобразие авторских художественных решений в произведениях Б.Момышулы на военную тематику, как умелое использование документа, мастерское включение его в сюжет, психологический показ фронтовой реальности, позволившие автору глубже осмыслить героический характер героев войны. Писательское мастерство Б.Момышулы особенно ярко проявляется в романе «За нами Москва» с позиций художественного вкуса и требований литературного искусства.

Кроме того, акцентируется внимание на проблемах литературной традиции и новаторства в произведениях Б.Момышулы, посвященных военной тематике. На конкретных примерах доказывается и прослеживается влияние творчества Б.Момышулы на развитие казахской военной литературы и формирование авторской традиции. На примере анализа произведений Б.Момышулы на военную тематику выявляются многогранность писательского таланта, новаторское мастерство писателя и определяется его место в казахской литературе.

Ключевые слова: военная литература, военная тематика, историческая личность, литературный герой, литературный жанр, художественное произведение, традиции и новаторство.
O. Abdimanuly

Military heroic figure in the literature and literary hero
The article considers the process of formation and development of the Kazakh military literature writer B. Momyshuly, his place in literary creativity and cognitive provides a comprehensive analysis. B.Momishuly leader of Kazakh military literature, creative person made a significant contribution to the accuracy of the main theme of the works of art of the writer, specific genre is identified by artistic phenomena of the ideological and artistic originality.

His works are mainly based on the Second World War, the war and human nature, historical and literary character of a person, human psychology, the truth of the reality of military life and art to make the decision. B.Momishuly writing skills opened in the the novel "Battle for Moscow" which was written with art of literary taste and knowledge requirements.

At the same time, the theme of war literary tradition and innovation issues are taken into account in the works of B.Momishuly . Construction of his works of the military in literature is shown through the formation of a tradition with specific examples. In general, many aspects of the innovative skills were opened, B.Momishuly has proved his place in the Kazakh literature through the works of prominent military theme.

Keywords: military literature, the theme, the historical person, a literary hero, literary genres, fiction, tradition and innovation.

Соғыс туралы жазған әрбір жазушы суреткерлік мүмкіндік биігінен өз қаһармандарының жан әлеміне үңілуге тырысады. Қазақ жазушыларынан соғыс тақырыбына кең құлашты қалам тербеген жазушының бірегейі Бауыржан Момышұлы екендігінде талас болмаса керекті. Оның шығармашылығына тән басты ерекшелік – кейіпкерлерінің ішкі әлеміне бойлай ену, сол әлемдегі сан-қилы сезімдердің шарпысуын, солардың қайғы-қасіретін, қуаныштарын, жалпы адами болмысын көркем бейнелей білу. Шығарманың өрісін ашар өткір тартыс, қаһарман мінезінің қилы құбылысы қай кітабының болмасын алғашқы бетінен-ақ басталып, бірте-бірте өсіп, дамып отырады. «Жанр военного романа дает писателю большой простор для изображения человека в сложных обстоятельствах. Как ни в одном другом жанре, в нем выявляются многообразные сложные стороны людских взаимоотношений, раскрывается внутрений мир личности во всех противоречиях и изменениях в особых, экстремальных условиях» [1, 44], – деген А Васинкин пікірі осындай шығармалар туралы айтылса керек.

Бауыржан Момышұлының соғыс тақырыбындағы ең көлемді де көрнекті шығармасы – «Москва үшін шайқас» романы. Роман бірінші кітап, екінші кітап, үшінші кітап, төртінші кітап деген төрт бөлімнен құралған. Әр бөлім тарауларға жіктелген. Бірін-бірі қайталамайтын қысқа-қысқа жазылған әр тарау өз алдына бір оқиға болғандықтан, оқушысын жалықтырмай, өзіне қызықтырып отырады. Ықшам түйілген шығарманың композициялық құрлымы қызықты, қиыннан қиыстырар суреткер шеберлігін алға тартады. Романдағы оқиға дамуының логикалық байланысы берік сақталған.

«Моска үшін шайқастың» бірінші бөлімі, жау қоршауынан сытылып шыққан Бауыржан Момышұлы батальонның негізгі күшке қосылмаққа бара жатқан бағытынан басталады. Сол сәттегі батальонның көңіл-күйін ғалым Ж. Дәдебаев былайша көрсетеді: «Жау қоршауын бұзып шығып, өз тобына келіп қосылған ботольонның еңсесі биік, шаршап-шалдыққанына қарамастан, сергек, салтанатты шерумен келеді. Жауынгерлер мен командирлер бірін-бірі жете біліп, бір-біріне берік сеніп қарайды»[2, 106].

Соғыс туралы шығармада қаһармандық бейненің майдандағы тағдыры сұмдық әрі күйінішті жағдайында көрсетіле отырып, сол қиындықтарды мойымай жеңіп шығуға ұмтылған адам тағдыры алға шығады. Тағдыр мен адам арпалысында, соғыс пен адам тайталасында рухы биік қаһарман ақыры жеңіске жетеді. Бұл соғысты жеңу емес, өзін-өзі жеңу. Өз бойындағы адами қорқынышты, үрейді жеңу – соғыс жеңілісінің басты куәсі.

Өмірде адам көп нәрсені өзі таңдайтыны анық, бірақ майданда мүлдем басқаша болады. Онда әрбір жауынгер берген бұйырықты бұлжытпай орындауға тиіс. Баукеңнің өз сөзімен келтірсек: «Команда немесе бұйрық дегеніміз комондирдің ерік-жігерінің көрінісі, оның жасаған шешімінің қорытындысы »[3, 6]. Соғыста шабулдың сипаты мен мерзімін басқа адам, яғни командир анықтайды. Ұрыс кезінде оның қайда болу керектігі де алдын-ала жоспарланады. Ал солдат командир бұйрығын орындаушы. Бірақ ол жансыз, ақыл-ойсыз робот емес, ол – әрбір сәттегі қимыл әрекетті өз сезінуі арқылы жүзеге асыратын адам. Ендеше солдаттың өзіндік ішкі әлемі, рухани жан-дүниесі бар. Жазушы міндетті соны ашу.

Соғыстағы жағдай адамнан өзінің сенім-нанымының басты тірегін бөліп алуды және соған сүйенуді талап етеді. Сөйтіп ол өз күшін бойына жинап, қорқынышты жеңу үшін алға ұмтылады. Қиын жағдайлар кезінде адамның санасы сан қилы ойға бөлінуі, оның бойын күдік билеу оған пайда бермейді. Ерлік пен қорқақтық ауылдас бола алмайды, қашанда қорқақ өзінің қорқақтығын «ақтағысы» келеді. Әскери прозадағы мінез-құлық күрделілігі қаһармандық іс-әрекеттің мәнін ашуға қызмет етеді.

Әскери прозадағы күрделі мәселелердің бірі қаһармандық трагедияның ұжымдық идеямен байланысы. Майданда адамдар бір-бірін қажет етеді, бұл қажеттілік ұжымдық сезім арқылы жүзеге асады. Ол жылдардағы ұжымның қажеттілігі біздің қоғамымыздың адамгершілігі заңына сәйкес келетін еді. Майдан даласында жалғыздық үлкен қасірет. Әрине, жалғыз дара жүріп те батырлық жасауға да болады, батырлық көбіне-көп интуиция арқылы жүзеге асатын іс-әрекет. Онда кеңеспен шешілген шешім жоқ, кенеттен болған, жарқ етпе ерлік бар. Бірақ батырлықты жалғыздыққа қарсы қоюға болмайды. Жалғызда батырлық жасауға болады. Бірақ ол көбіне жекеліктің көрсеткіші.

Қаһармандық трагедиясының тұжырымдамасы қара басы үшін емес, жалпының игілігі үшін жасауға үйретеді. Жеке адамның мүддесі топтың мүддесіне қайшы келмейді. Рухы күшті ұжым жеке адамның қаһармандық сезімін (эмоциясын) оятады, ал жеке адамның қаһармандық күш-жігері ұжымға ықпал етеді.

Әрбір адамның пенде ретіндегі, тұлға ретіндегі қайталанбастығы ұжымның бағы, ішкі күші, бұл қаһармандық істе көрінеді, түптің түбінде онда жеке адамның дербестігі, бірегейлігі ашылады. Сонымен сайып келгенде, адамның істеген ісін бағалау, оның өзіне қоятын адамгершілік талабы.

Жауынгер-жазушы Бауыржан Момышұлы үшін әдеттегі түснігімізде көп кездесетін таңдау проблемасы тіпті де негізгі нәрсе емес. Оның басты қаһармандарының мінездері кесек, жүздері жарқын, ақкөңіл, ашық болып келеді. Тегінде, Бауыржан Момышұлының қаһармандарын рухы күшті адамдар деп сеніммен айтуға болады. Олар қандай ауыр жағдайлардың өзінде адамның ардақты атын жоғары ұстап, өздерінің жан-дүниесі мен көзқарастарына терең ұялаған адами қасиеттерге адал, қиын-қыстау кезендерінің тұсында сағы сынып, жасымайды, қайта абыроймен жеңіп шығады.

«...Тағы бір рет қарсы шабуылға шығып, дұшпанды тойтарып бара жатырмыз. Жау шегініп, біздің жігіттер өкшелей қуып барады. Менің алдымда жүгіріп бара жатқан жауынгердің сол қолын жеңінің шыға берісінен минаның жаңқасы отап кетті. Бір елі теріге ілінген алақаны мен саусақтары қанға боялып салбырап барады. АстапырАлла, бұл кім?.. Ол кілт тұра қалды. Енді ғана аңғарды. Бір елі теріге ілініп тұрған қолын ызаланып жұлдыда, лақтырып тастады. Өз денесін қар үстіне қарай атты. Мен тітіркеніп кеттім. Ол сау қолымен пистолетін серт ұстап, алға кезеніп, жоғары көтерді де, ашынған даусымен «атаңның аузы...» деп жау соңынан тап бере жүгіре жөнелді. Мен оны таныдым. Ол бұдан екі жеті бұрын Соколово селосында жаудың 3 танкімен жекпе-жек шығып, қарсыласып тұрып алған батарея старшинасы Бүркіт Әлішеров... «Алатаудың сұңқары, атаңа тартқан екенсің!» - дедім мен ішімнен...» [4, 241]. Міне әлгі біз айтқан жеке тұлғаның, бір шешімі жазушы шығармашылығында осылай көрініс табады. Кейіпкердің сол сәтте ойлануға мұршасы жоқ. Оны ерлікке бастап тұрған санадан толғанып шыққан шешім емес, бүкіл болмыстың бір тұтас болып, түйіліп қалған жанайқайлық қуаты.

Бауыржан Момышұлының «Москва үшін шайқас» туындысы ержүрек батыл кейіпкерлерге кенде емес. Біз бір полктың, бір батальонның адамдарының ерлігін көреміз. Бұларды жазушы жекелеген адамдар мінездерінің механикалық жай біріге салуы ретінде емес, жеке адамдардың ортақ мүдделері қиысқан өзіндік бір бірлігі ретінде қарастырады. Образдар жүйесі схема бойынша қолдан жасалған дүние емес, өмірде шын болатын табиғи қалпында құралған. Академик М. Қаратаев сөзімен келтірсек: «Москва үшін шайқас» нағыз оптимистік және патриоттық кітап. Бұл көп ұлтты совет жауынгерлерінің Ұлы Отан соғысындағы ең бір қиын кезеңде, қатігез жау сүйікті астанамызға төніп тұрған қатерлі кезде көрсеткен айрықша ерлігін, мойымас рухы мен қажымас қайратын, сол тұстағы олардың толғанған ойы мен сезімін көзге елестеткен көрнекті кітап. Өрелі патетика, гуманизм, өмірден алынып, жүректе қорытылған шынайы шыншылдық, публицистикалық өткірлік, әңгімесінің нақтылығы, дәлдігі – кітаптың негізгі сипаты» [5, 345].

Шығармадағы қаһармандардың есте сақталуы әр тараудағы оқиға мазмұнына қойылған тақырыптардың ұтымдылығына байланысты. Осының бәрі де жазушының соғыс тақырыбына баруы үшін, ең алдымен, қалай жазу керектігін ойластырып алғанын байқатады. Шығармадағы қызықтыратын шеберлік осындай ерекшеліктерден көрінеді.

Шығармада әртүрлі характер, әралуан кейіпкерлер бар. Жазушы солардың барлығын бас-басына арнайы суреттеп жатпайды, бас кейіпкердің көзқарасымен береді. Кейіпкердің тікелей сезім толқындарын көрсету арқылы, оның адамдар жайлы көзқарасын, олармен қарым-қатынасын нанымды жеткізеді. Романдағы батальон командирі Бауыржанның өз тарапынан айтылған ойлары осы пікірді дәлелдей түседі. Бас қаһарманның жан тазалығы албырт қиялшылдылығы, қайтпас сенім жалыны, ішкі сезім ағымы арқылы жете танылады.

Сонымен қатар, шығарма көркемдігінің сыры кейіпкерлердің мінезін олардың іс-әрекеттері арқылы ашатындай жағдайларға қойып, сол жағдайлар тезіне салып көрсетуінде деп айтуымызға болады. Шығарма құрылымында кейіпкер табиғаты мен характерін айқындайтын жағдайлардың көрсетілуі – жазушыдан үлкен шығармашылық ізденісті, еңбекті қажет етеді. Сондықтан да бейнеленіп отырған құбылыстың мәні мен кейіпкер мінезін айқындайтын жағдайларды, оқиғаларды таңдап алу – қаламгердің шығармашылық еңбегінің маңызды бөлігі болып саналады.

Романда автор жауынгерлердің рухани байлығын, Отанын жанындай сүйетін патриотизімін ел мүддесі үшін қандай қиыншылық жағдай кездессе де табандылық жасап, ерлік көрсеткенін, өзара жауынгерлік мызғымас достығы мен ынтымағын шебер суреттеген.

Генерал Панфиловтың батальонды қарсы алуы бір өзгеше қуаныш: «Терезеге қарап тұрсам, әскерлер келе жатыр. Мұншама сап тартқан қол қайдан келе жатыр деп таңданып біраз тұрдым. Колона басынан сізді көріп тани кеттім, - деп – ол қолымды босатып солға қарай қолтықтап ерте жүріп, сөзін сабақтай: Шынымды айтсам, ә дегенде сенер-сенбесімді білмедім. Шеңберді жарып өтіп, жау сыртынан келіп, өз тобымызға қосылғандарыңды көріп, қуанышым қойныма симай кетті. Жақсы келіпсіздер, жақсы келіпсіздер....- дей беріп, тебіренген генерал кілт тоқтап маған шешінуді ұсынды», - деп жазады автор [4, 10-11]. Осында қаншама сезім, қаншама мінез құбылысы жинақталған. Жәй ғана қарапайым әңгімеден сезімдер шарпысуының өзгеше бір тылсым сырын сезінеміз. Жазушы шығармасында да ондаған жауынгерлердің бейнесі сомдалады. Осы орайда, жазушы алдына күрделі мақсат қоя білген: осы кейіпкерлер мінездерінен байқалған неғұрлым типті белгіллерді, іс-әрекеттерді, мінездеменің ең жақсы иірімін, айтылып қалған сөздерді бейнелеп, типтендіріп, бұлардың жауынгер адамның басты бейне ретінде көрінуіне өте тиімді пайдаланған.

Генерал Панфиловтың бейнесі ешкімге ұқсамас, өзгеше бір тұлға ретінде суреттеледі. Оны автор мейірімі түскен шуақты жан бойында нәзік сезім мен салиқалы солдаттың тәртіп тұтасқан әке бейнесінде алып көрсетеді. Романның басты кейіпкері, әрине, автордың өзі болып табылады. Осы орайда. бас қаһарманның өмірбаяндық бейнесін өзіндік сомдауы арқылы оның жеке адам ретінде қалыптасу үдерісі туралы мәселе қойылады. Осыған байланысты мынаны айта кеткен жөн. Басты қаһарманның мінез-құлқын жасау кезінде өмірбаяндық шығармалар жазып жүрген жазушылар белгілі бір қиындықтарға тап болады: өмірбаяндық кейіпкер бір жағынан қарастырғанда, шығарманың субъектісі болып табылады, өйткені оны автордан бөліп алып қарауға болмайды, ол оның құрамдас бөлігін құрайды. Автор өз өмірінің фактілерін жазып, өз ойларын жайып салуға, өз сезімдері мен көңіл күйлерін, толғаныстарын беруге тиіс, сонымен қатар ол көркем бейнелеудің объектісі, сол себепті автор оған объекті ретінде, көркем зерттеудің нысаны ретінде қарайды. Өмірбаяндық кейіпкердің мінез-құлқын жасауда тағы бір қиындық бар, ол – автордың өзіне қалай қарайтындығына байланысты қиындық. Бұл жағдайды өмірбаяндық туындылар жазып жүрген жазушылардың «үндемей қалуы», яғни өздерінің кемшіліктерін оқырмандарға жария етуге құштар болмауы арқылы түсіндіруге болады. Бұл автобиографиялық шығармалардың көпшілігіне басты қаһармандарын дәріптеудің, жер-көкке сиғызбай мадақтаудың себебі болып жүр. Мұндай шығармалардан Бауыржан Момышұлы шығармасының ерекшелігі мынада: батальон командирі Бауыржан Момышұлының бейнесін сомдау тұжырымының негізіне жазушы нақтылықты алған. Автор өз қаһарманының әлсіз жақтарынан үнсіз айналып өтпейді, көркем бейнелеуде кез келген адам сияқты оған да кемшіліктер тән. Командир өзі туралы, өзінің еңбегі туралы аз сөйлеп, жіберіп алған кемшіліктері мен қателіктері туралы көбірек айтады.

«Москва үшін шайқаста» командирлердің өз қарауындағыларға қаталдықпен, мейірімсіздікпен қарағанына айғақ болатын эпизодтар бар. Мұндай эпизодтар автордың ар-ожданына ешқандай да қаяу түсірмейді, керісінше, басты кеіпкердің мінез-құлқын әр қырынан қамтуға жәрдемдеседі, оның қилы-қилы өмірдегі жағдайлар мен қиындықтар тұсында табиғи сол қалпында қарастыруға мүмкіндік береді. Кітапта комбаттың артық ашуын әзілге сүйеп, сыпайылықпен сездіретін адам-ақжарқын, кішіпейіл іні Жолтай Бозжановты, сабырлы, ақылды Хаби Рахимовты да автор түрлі тартымды эпизодтардағы нанымды юмор сазымен ұтымды бейнелейді. Бозжанов, Рахимов, Толстунов сияқты қарулас достарына, кейде қатты ренжіп, қатты кеткен тұстарда еріксіз ашуға егіле тұрып соңынан сабасына түскен сәттер бар. Сол жағдай туғызған мінезге өз бағасын беруі оның адамдық-азаматтық тұлғасын айқындай түседі. Егер жазушы-қаһарман тек әрекет пен бұйрық-жарлық, айғай-ұрыс көріністерін суреттеп, лирикалық шегініске жол бермегенде, немесе, Бауыржан Момышұлының жан дүниесі мен арман-мұратындағы ақ та адал, мөлдір сырлар ықшам да сыйымды түрде қамтылмағанда, бұл туындының тәрбиелік, моральдік-этикалық мәні жоғары болмас еді. Бауыржан Момышұлының тұлғасы характер тұрғысынан аса бай, көп қырлы, өзіндік қасиеті де мол. Оның шығар шыңдары биік, түсер еңістері тік. Бұл характерде соғыс командиріне мінездік сапалар жинақталып, оқиға қоюлана түсіп, сюжет ширыққан сайын олар айқынырақ көзге түседі. «Бір түннің оқиғасында» алғашқы үш кітапқа қарағанда оқиға қою, әрекет те көп, характерлер де кеңінен ашылған. Мысалы, үш танкімен оқ жұлып кетіп, жекпе-жекке шығып тайсалмаған Жиенішбаев, шабуылға шыққанда терісіне ілінген бір қолын ашумен жұлып алып, лақтырып тастайтын «Алатау сұңқары» Бүркіт Әлішеров, «бұйрықты орындадым, меня убли»-деп, соңғы сөзін айтап мерт болған тәжік Щирван-Заде неміс басқыншыларының танктерін өрттеп қаза болған Петр Угрюмов оққа ұшқан лейтенант Танков,Краев, Попов, Исламқұлов іспетті жауынгерлер мен командирлердің жанкешті қимылдары, көзсіз батырлықтары оларға деген құрметтен туған жылы сезіммен баяндалады. Сюжетсіз қаһарман мінез-құлқын берудің қиын екені даусыз. Кейде бір сәттік эпизодты ақ шынайы мінездің ашылуы немесе сюжет желісіндегі образдардың жан-жақты суреттелуі, ығысып жатуы шығармалардағы басты ерекшелік болып табылады. Бұл академик З.Қабдоловтың: «Бір жазушы, айталық адам мінезін қимыл –әрекет үстінде танытуға бейім болса, енді бір жазушы оның көңіл күйін, сезім сырын, ой –арманын әр алуан психологиялық иірімдерін суреттеу арқылы ашуға шебер...» [6, 350] деген ойымен үндес.

Автор кісі жалықтырарлық баяндаудан, қарпылмаған киіздей болбыр композициядан қашып, кейіпкер өміріндегі ерекше маңызды оқиғаларды саралап алып, оқырманның көңілін соған аударады. Бұл қаһарманның мінез-құлқының басты белгілерін алу үшін маңызды.

«Москва үшін шайқас» романында Б.Момышұлы мен Брудныйдың өзара қатынастарына жеке тарау арналған (Брудный қорқақтығы, әлсіздігі үшін жазаланады, кейін ақталып, ұрыс кезінде қайтыс болады). Командир Б.Момышұлы күзеттен өз бетімен кетіп қалған Брудныйға қарсы әдеттен тыс әдіс қолданады. Ол Брудныйды байқаса да, байқамаған сыңай көрсетеді. Оған бұрынғыдай іні есебінде емес, бағынышты адам ретінде қарайды, оған сенімсіздік білдіреді. Онсызда іштен тынып жүрген Брудный бұрынғыдан да күшті күйзеліске түседі. Ауыр жағдайдан шығудың жолын өзінше іздестіріп көреді. Автор жағдайда егжей-тегжейлі баяндап жатпастан, рота командирінің әлсіздігін (жауынгерлік күзетті өз бетімен тастап кетуін) және оның жан дүниесінің өзгеруіне ықпал еткен (бірлескен күрес, команидирлер мен жауынгерлермен тығыз байланыс, батальон командирінің қайта білдірген сенімі, онымен достықтың орнауы) жағдайдың атқаратын рөлін дәлелді түрде бейнелейді. Қорқақтығы, жақсы командир бола алмағаны үшін айыпталған Брудный батальон командирінің батыл және орнықты көмекшісі болу сеніміне қайта кіреді. Сөйтіп автор қаһармандыққа ішкі толқудың, тебіреністің жат емес екенін көрсетеді.

Майдандағы полкта Бауыржан Момышұлының адамдары осылай мағыналы тіршілік етеді. Өзіне әбден берілген сенімді адамдардың тағдыры қыл үстінде тұрғанының өзінде командир кешірім жасауды, тіпті Брудныйдың өзін кешіре салуды жөн санамайды. Оның жеке өзіне қарсы бүлік жасалып, оның жеке өміріне қатер төнген жағдайдың өзінде командир Бауыржан Момышұлы шиеленісті таза тәрбиелік шаралардың көмегімен шешпекші болады.

Қаһарманның адамгершілік болмысын, характерін ашуда көркемдік құралдарды ұтымды пайдаланып, шебер бейнелеу қаламгердің басты табысы. Ол бір ғана көркем құралдарды меңгерумен шектелмейді. Жазушы көркемдік құралдарды табиғи түрде өзара тұтастыра алғанда ғана, шығармадағы адам образын, оның адамгершілік ішкі әлемін барынша терең аша алады.

Бауыржан Момышұлының шығармаларында ерлік қашанда қарапайым болып келеді. Оның кейіпкерлері өзінің жаужүректілігін айтып даңғойлық білдірмейді, көзсіз ерлікке бармайды, олардың ерлігі дабырасыз, айқай-шусыз жасалады. Мұны себебі соғыс даңғазалылықты көтермейді. Және соғыста адам ерлікті жасаймын деп жоспарлап жасамайды. Ол ішкі қуаттың сыртқа шыққан көрінісі болудан да, кейде кенеттен, кейде алдын-ала әзірліктен жасалады. Бірақ соғыс жағдайында оған әрқашан дайын болу керек.

Бауыржан Момышұлындағы жауынгер ерлігі бір текті, бір түрлі емес. Жазушы шығармаларындағы ерлік пен майдан даласында дұшпанмен бетпе-бет келген сәттерде ғана байқалмайды. Мысалы, жауынгер Әкімгерей омырауына он алты рет жараланғаны туралы белгіні тағып жүреді. Осы белгінің өзі оның ерлігінің куәсіндей, айқай-ұйқайсыз жасалған қаһармандығының дәлеліндей. Старшина дұшпанға тікелей зиян келтірген жоқ, оның қатарынан ондаған солдаттары мен офицерлерін шығарған да жоқ. Бауыржан Момышұлынан басқа жауынгерлер мен командирлер Әкімгерейдің омырауына тігіп алған ауыр және жеңіл жарақаттардың белгісіндей сары және қызыл шүберек қиындыларын байқай да қоймаған. Ол өзін батыр деп есептемейді.

Бауыржан Момышұлы «борыш», «ерлік» ұғымдарының аражігін нақ анықтайды. Сондықтан да батальон командирі старшина Әділгерей Қалиевті батыр деп санайды, солай деп таниды, өйткені ержүрек жауынгер он алты жарақат алғаннан кейін де ұрысқа баруға дайын екенін білдіреді. Кезекті жарақат алғаннан кейін де Қалиев өміріндегі қуаныш пен құмарлық таусылмайды, қайта арта түседі. Ол бұған дейін де басын талай рет бәйгеге тіккен, қасиетті іс үшін дұшпанмен қайта-қайта шайқасуға дайын. Сөйтіп жазушы жауынгерлерді ерекше қаһармандар ретінде емес, кәдімгі адамдар ретінде бейнелейді. Ерлікті жасайтын да, қорқақтыққа көнетінде қарапайым адамдар. Олардың айырмашылығы сыртқы тұлға емес, ішкі ділде. Бұл тенденция нақты принциптерде, тәсілдерде көрінеді. Бұларды автор жауынгерлердің ішкі дүниесін, олардың сыртқы кескін-келбетін, іс-әрекетін беру үшін пайдаланады.

Бауыржан Момышұлының шығармаларында қаһармандардың сыр-сипаты сөзбен емес, іс-әрекетпен ашылады. Автор ерлікке тамсанбайды, қорқаққа күлмейді. Жазушы қаһармандық іс атқаруға деген қабілеттілікті (ол адамды басқа адамдардан ерекшелеп тұратын нәрсе емес) өз халқын, өз жерін сүйетін адамдардың табиғи қасиеті тұрғысынан дәлелдеуге талпынады. Бауыржан Момышұлы күшті, стандартты емес ақылды адамдарға іш тартады, олар нелер бір ерлік жасайды. Жазушы олар жайында қалам тербегенде – романтикалық бояуларды, романтикалық интонацияны (екпін береді) қолданады. Мәселен, Петр Угрюмовтың іс-әрекеттерінде романтикалық тентектік белгілері көрінеді.

Бауыржан Момышұлы баяндауларында, шын мәнінде, кейіпкер шығармадан шығармаға көшіп отырады, жай көше салмайды әлбете оның дүниемен байланысы кеңейеді, оның алдында тұрған мәселелерді зерттеу жұмыстары молыға түседі. Белгілі бір дәрежеде Бауыржан Момышұлы жеке мәселелерден жалпы философиялық сипаты бар мәселелерге өтеді.

Біз зерттеуімізге арқау етіп отырған суреткер шығармасы өзінің көркем сомдалуы жағынан әлем әдебиеті үлгілерінен бірде-бір кем түспейтін, көркемдік биік талаптарға жауап бере алған дүние деп батыл айтуға болады. «Москва үшін шайқас» романы қазақ әдебиеті үшін қайталанбас өнер туындысы, әлем әдебиетінің алтын қазынасына қосылған зор үлес дей аламыз.


ӘДЕБИЕТТЕР
1 Васинкин А. Геройческие годы. Жанар военного романа в литературах народов поволжья. – М. : Марийское книжное издательство, 1987. – 128 С.

2 Дәдебаев Ж. Атыңнан айналайын. Тараз тарихы туралы толғаыстар. – Алматы: Нұрлы әлем, 2002. – 248 б.

3 Момышұлы Б. Баукеңнің бұйрыққа қойған талабы. // Қазақ батырлары. – 1991. – 21 шілде.

4 Момышұлы Б. Екі томдық шығармалар жинағы. Т.2.: Москва үшін шайқас. – Алматы: Жазушы, 2000. – 381 б.



5 Қаратаев Б. Шеберлік шыңына. – Алматы: Қазақтың мемлекетттік көркем әдебиет баспасы, 1963. – 419 б.

6 Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы: Мектеп, 1976. – 274 б.
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет