Г. Е. Сабденова т.ғ. к., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті М. К. Абдраев



Дата15.09.2017
өлшемі104.14 Kb.
Г.Е.Сабденова

т.ғ.к., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті

М.К.Абдраев

филол. ғ.к., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті
ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ ЖУРНАЛИСТИКА ФАКУЛЬТЕТІНДІГІ ВИДЕОҚҰЖАТТАР ТАРИХИ ДЕРЕК РЕТІНДЕ
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінде ұзақ жылдар бойы біршама видеоқұжаттар жиналды. Олар университет тыныс-тіршілігінен, өткен күндерінен хабар беретін ғаламат тарихи-мәдени дереккөзі болып табылады. Қазіргі кезде мұндағы өзіндік мұрағат қорында 200-ден астам видеофильмдер жинақталған. Олардың деректік негізін зерделеу бүгінгі күннің негізгі талабы болып отыр, себебі келесі жылы құрылғанына 80 жыл толатын университеттің өткенін екшеу, жетістіктерін көрсету, қол жеткізген табыстарын әспеттеу қажеттілігі өздігінен-ақ белгілі. Осы тұрғыдан келер болсақ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультеті радио және телестудиясында жинақталған қормен көпшілікті таныстырып кетудің артықшылығы бола қоймас деген ойдамыз.

Жалпы алғанда, факультеттегі видеоматериалдардың біраз бөлігі осындағы оқытушы-профессорлар құрамы, студенттер, магистранттар еңбегінен тұрады десек артық айтпаған болар едік. Себебі журналистік практикада жүрген кезде студенттер мен магистранттарға осындағы ұстаздары барлық білетін білімдерін беріп, тәжірибелерін ұштағандығы анық. Тележурналистік шеберлікті шыңдаудың бір жолы әрбір практикантқа сюжет түсір деп тапсырма беру. Бұл кезде белгілі бір тақырыпқа сценарий дайындалып, оның түсірілуі қамтамасыз етіледі. Одан соң монтаж жасалып, түрлі аспектілері (дыбыс, т.б.) реттелінеді. Содан барып дайын болған өнім «Әл-Фараби арнасынан» көрсетіледі. Міне, факультетте жинақталған қордың шоғырлануының бір парасы осылай жүреді. Оның қалыптасуында студенттердің еңбегі өте зор деуге болады.

Сонымен қатар, факультетте аудиоқұжаттар қоры да азды-кемді жинақталған. Олардың көпшілігі интервьюлерден тұрады. Онда сөз сөйлеген университет ғалымдары, қоғам және мемлекет қайраткерлері, қала қонақтары мен тұрғындары, студенттер, т.б. дауыстары жазылған. Аудиоматериалдар сан алуан тақырыптарды қозғайды. Дәлірек айтқанда соңғы жылдары қоғамда болып жатқан түбегейлі өзгерістерді, мәдени өмірдегі іс-шараларды, саяси-экономикалық жайттарды, салт-дәстүр мен жосын-жоралғылар мәнін, тіл мәселелерін, ұлттық рухты, студенттер тарапынан өткізілген түрлі акциялар жайын, университет аумағындағы өткен мерейтойларды қаузайды. Аудиоқұжаттардың сақталуы электронды нұсқада. Олар жекелеген файлдарда студияның компьютерлік бөлімінде сақталған. Сақталған туындылардың біраз бөлігі видеотекаларда шоғырланған. Кейбір видеокасеталардағы фильмдердің электронды сандық нұсқалары да жинақталған. Оқу үдерісінде көбіне соңғы аталған нұсқалар пайдаланылады.

Журналистика факультетінде жинақталған барлық фильмдерді көркем және деректі деп бөлсе де болады. Көркем фильмдер арасында «Қазақфильм» киностудиясының көптеген туындылары («Қыз Жібек», т.б.), қазіргі әлемдік кино өнерінің туындылары («Кариб теңізінің қарақшылары: жердің шетінде», т.б.) шоғырланған. Олар дәрістер барысында, практикалық сабақтарда қолданылып, оқытушылар мен студенттер тарапынан талданылады, сабақ кезінде фильмдегі кейбір жайттарға баса назар аударылып, тәжірибеде түсірілімді қалай қою керектігі қаузалады.

Жинақталған қорда мультипликациялық фильмдер бір шоғырды құрайды. Олардың арасында «Геркулес», т.б. мультфильмдер бар. Бұл материалдар оқу үдерісінде студенттердің эстетикалық талғамын күшейтуге бағытталынып алынған.

Бүгінгі күні жинақталған видеоқұжаттарды кейбіріне тоқталып кетер болсақ, олардың бірқатары төмендегідей тақырыптар мен мәселелерге арналған. Мысалы: академик Ө.А.Жолдасбековтың ескерткішін ашу салтанаты. Бұл құжатты фильмнің қысқаша мәтіні мынадай: онда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аумағы, әуезді үнмен қалашықты жаңғыртып тұрған әскери оркестр, ұлттық киім киген қыз-жігіттер, жиынға келген қонақтар мен университеттің профессор-оқытушылары құрамы, ескерткішке қойылған гүл шоқтары, ақ жабынмен жауылған ескерткіш сұлбасы суреттелген. Одан кейін университет ректоры Ғ.Мұтановтың ескерткіштің ашылуы барысындағы сөйлеген сөзі таспаға түсірілген. Бұдан соң ескерткіштің ақ жабыны шешіліп, ол салтанатты түрде ашылады. Түсірілім Студенттер сарайында Ө.А.Жолдасбеков туралы фильмді көрсету сәтін де сипаттайды. Ең соңында видеофильм ректор Ғ.Мұтановтың сөзімен аяқталынады (Қор №7). Міне, бұл құжатты фильмнің қысқаша мәтіне осындай. Фильмдегі сөйлеушілердің сөз саптауына қарағанда, академик Ө.А.Жолдасбеков әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды Қазақстанның жетекші университетіне айналдырған, университет материалдық-техникалық базасын дамытқан, университет қалашығының әрбір тасына қалауға септігін тигізген. Ал оның жеке басындағы адамгершілік қасиеттері, іскерлігі мен қажыр-қайраты туралы да кітаптарда, әріптестері мен замандастарының естеліктерінде біршама айтылған [1].

Журналистика факультетіндегі радио және телестудия мұрағат қорында Ө.А.Жолдасбековке арналған тағы бір деректі фильм бар (Қор №16). Фильмде 1970-1980 жылдары ҚазҰУ-ң дамуы сөз болады. Жорналшылар дереккөздеріне сүйеніп материалдық-техникалық базасы Мәскеу Мемлекеттік университетінен кем түспейтін ҚазҰУ дамуына ерекше еңбек сіңірген академик Ө.А.Жолдасбековтың іс-әрекетін сипаттайды. Кинофильмге интервью берген қызы Б.Ө.Жолдасбекова өз ата-анасы туралы біраз әңгімелейді. Ол ата-анасының 8-сыныпта жүргенде танысқандығын, одан кейін Мәскеу мемлекеттік университетінде бірге оқығандығын, өмірдің ыстығы мен суығына бірге төзгендіктерін, т.б. жайттарды баяндап шығады. Фильмде академик Ө.А.Жолдасбеков туралы мол ақпарат беріледі. Оның ғылымдағы өнертабыстары, оны дамытудағы үлестері, дайындаған шәкірттері, мемлекет тарапынан бағаланған түрлі марапаттамалары, алған медельдары туралы да мол мағлұматтар берілген.

Осындай қызықты видеофильмдердің бірі академик Манаш Қабашұлы Қозыбаев жайындағы «Линия судьбы» деректі туындысы болып табылады (Қор №11). Онда алдымен М.Қ.Қозыбаев туралы қысқаша мәліметтер легі беріледі. Ғалымның ғұмырнамасы, ҚазҰУ тарих факультетінде оқығандығы, жастық шағы мен студенттік жылдары айтылады. Экранға шыққан академик К.М.Байпақовтың сөзімен айтқанда «бұл тұлға ғылымның арбасын сүйреген, оны дамытқан ғалым» болып табылады. Ал академик С.Зиманов болса екеуінің жастық шағын, мектепте оқыған жылдарын баяндап, ғалымның тарихшылығын, оның жылнамалық еңбектерінде терең мағыналар жатқандығын айтып өтеді. Фильмде М.Қ.қозыбаевтың берген интервьюлері де қамтылған. Л.Гуревич, А.Мусинов, К.Нүрпейісов секілді тұлғалар М.Қ.Қозыбаевтың жеке басы, ғылым мен білімге қосқан үлесі, артында қалған ғылыми мұрасы туралы қысқаша баяндамалар жасайды. Сөз сөйлеушілер ғалымның тек шындықты жазғандығын, ғылымды дамытуда жасаған қадамдарын, даралық қасиеттерін, ізденімпаздығын айтып өтеді. Фильм «жалғасы бар...» деген жазумен және титрмен бітеді. Шындығында келгенде, академик М.Қ.Қозыбаев еңбектері Қазақстанның ерте кезеңінен бастап тәуелсіздік жылдарындағы мәселелерді қамтиды [2]. 800-дей ғылыми еңбектері бар ол қалам тартпаған тарих белестері кемде-кем.

Университет профессор-оқытушылар құрамында ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп, ерелі еңбегімен ел есінде қалған ғалымдардың мерейтойлары да факультеттегі видеоқұжаттарда сақталған. Мәселен, филология ғылымдарының докторы, профессор Талғат Сайрамбаевтың 75 жылдық мерейтойына қатысты ұйымдастырылған «Қазақ синтаксисі: тарихи дамуы және қазіргі ғылыми бығыттары» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференция жөнінде видеофильм түсірілген (Қор №14). Оған оқытушылар, профессорлар және университет басшылары қатысып, қазақ тілін зерттеудегі өзекті проблемалармен қатар ғылымға профессор Талғат Сайрамбаевтың қосқан үлесін саралаған. Кейбір сөз сөйлеушілер ғалымның жеке қасиеттеріне, адамгершілігі мен парасаттылығына тоқтап, оның ғұмырнамасы жастарға үлгі болатындығын айтады. Конференция мерекелік іс-шаралармен ұласқан, онда домбыра шертіліп, ән айтылған. Мұның барлығы видеоқұжаттамада сақтаулы тұр.

Дегенмен видеоқұжаттардың дені әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тыныс-тіршілігіне арналғандығын айта кетуге тиіспіз. Мысалы, «ҚазҰУ-е 75 жыл» атты видеофильм бұдан бірнеше жыл бұрын өткізілген меройтой қарсаңындағы университеттің өткеніне, бүгінгісі мен келешегіне арналған іргелі туынды болып табылады (Қор №138). Фильмде 75-жылдық мерейтойға университеттің қалай жеткендігі, қандай жетістіктермен келгендігі кеңінен сөз болады. Онда тарихи құжаттар, мұрағаттық қорлар телефильмдері мен фотосуреттері негізінде университет тарихы түзіліп шыққан. Бұл фильмді көріп отырған көрермен университеттің қалай дамығандығын, белгілі бір кезеңдерде қалай өзгерістерге ұшырағандығын, университеттің оқу ғимараттарының тұрғызылуы тарихын, ғылым мен білім беру ісіндегі жетістіктерін бағалай алады. Оқу процесіне енген жаңа технологиялар, инновациялық даму, білім алуға деген жастардың талпынысы, университет ұстаздарының ерік-жігері, университеттің жетістіктері көрерменнің көзайымына айналады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жайында түсірілімдердің қызықтыларының бірі «Мы из КазГУграда» атты видеофильм болып табылады (Қор №125). Оның авторы – М.К.Барманқұлов. Фильмде ҚазҰУ-ң кеңестік кезеңдегі замануи тарихы баяндалынады. Университет түлектерінен интервью алудан басталған бұл фильм әрбір факультеттің жетістіктеріне тоқталумен толықтырылып отырады. Мәселен, химия факультеті студенттерінің ақ халат киіп, әртүрлі химикаттармен жұмыс істеп жатқандығы көрсетілген, т.с.с. Әрбір факультеттің үздік студентінен интервью алып, университет тыныс-тіршілігінен хабар берген бұл фильмде факультетаралық кездесулер, ғылыми конференциялар, жатақханадағы өмір, кинотеатр, тұрмыстық үй, тәжірибелік зауыт, т.б. жайы сөз болады.

Университет көлемінде өткізілген түрлі акциялар да көзден таса бола қоймаған. Мысал ретінде «Қазақша сөйлесейік!» атты акцияны айтуға болады (Қор №133). Оны ұйымдастырған филология, тарих факультетінің студенттері ғимаратқа кірер есіктің алдына дастархан жайып, оған қазақ халқының ұлттық тағамдарының бір бөлігін (бауырсақ, құрт, т.б.) қойып дәм таттырады. Дәм татпас бұрын келген қонаққа қойылатын талап – қазақша бір мақал немесе мәтел айту. Акцияның негізгі мақсаты мемлекеттік тілде көбірек сөйлеуге шақыру.

Жинақталған видеофильмдердің біразы саламатты өмірге арналған. Мәселенки, спорт тақырыбы бірқатар деректі фильмдердің негізгі сюжетіне айналған (Қор №126, 127). Бұл фильмдерде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ спорттық жетістіктері, «Денсаулық» спартакиадасы жайында сөз болады. Әсіресе факультеттер арасындағы спорттық жарыстар (футбол, дартс, волейбол, шахмат, үстел теннисі, бадминтон мен тоғызқұмалақ, т.б.) кеңінен әңгімеленеді. Келесі бір видеофильмде университеттен шыққан чемпиондар, толағайлар туралы мол ақпараттар беріледі. Университет өз түлектерімен қуанады, олардың жетістіктерін мақтан етеді.

Видеоқұжаттардың біраз бөлігі республика тыныс-тіршілігінен, ел аумағында болып жатқан мәдени, саяси және экономикалық өмірден хабардар етеді. Мысал ретінде айтсақ, бейнематериалдардың бірі республикалық «Ақиқат» жорналының 90 жылдығына арналып түсірілген (Қор №192). Журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері Нұрмахан Оразбек осы жорнал туралы әңгімелейді. Аталмыш журнал 1921 жылдан бастап шығарылады. «Ақиқат» жорналының алғашқы нөмірлері Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында сақталып қалыпты. Алайда екінші нөмірі әлі де табылмапты. Осы нөмірді ғалымдар мен журналисттер іздестіріп жатыр. Бұл жөнінде ҚР ұлттық кітапханасында істейтін Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар бөлімінің меңгерушісінің орынбасары Замзаева Толқын әңгімеледі. Сарбас Ақтаев осы жорналдағы кезіндегі жұмысы мен Камал Смайыловтың қосқан үлесі туралы айтып береді. Журналист қыз аталған жорналдың тарихы туралы қызықты бейнебаян жасай білген. Алайда осы видеода титрлер жоқ, соңдықтан кімнің айтқаны белгісіз, фильм авторлары да елеусіз қалған. Журналист әңгіме ретінде көп жайды орнынан қозғалмай айтып берген.

Ал «Шығыс Түркістан әндері» атты Тарбағатай өңірінде өткен концерт 2007 жылы 22-наурызда өткен екен. Оның материалдары №189-шы қорда сақтаулы. Концерт қазақтың өнерлі бишілерінің көрсетілімінен басталып әдемі әуендерімен аяқталады. Қазақтың терме әндері мен билері концерт барысында көптеп көрсетіледі. Сонымен қатар көрерменге ауылдағы тойланып жатқан Ұлыстын Ұлы күнін ұсынылады, тауда мал бағып жүрген ата-бабаларымыздың, ауылдың қара домалақ балаларының ат салысып ойнап жүрген тұрмыс-тіршіліктерімен қысқаша таныстырады, қобыз, домбыра секілді аспаптардың орындалуындағы өнер туындыларын паш етеді, сонымен қатар талай қызықты көріністер көрсетіледі, әзіл әңгімелер ортаға тасталады. Негізгі сюжет әз Наурызды ұлықтаған бұл видеофильмнің жастар үшін ғибраты мол.

ҚазҰУ әрдайым оқырмандарымен мақтанады. Сондықтан университет аумағында көрмелері жиі өткізіліп тұрады. Кейбір кітаптардың тұсаукесері де телестудия тарапынан хатталған. Мысалы, Гүлсім Оразалы құрастырған «Ғұмырбаяндық хикаяттар» атты кітаптың тұсаукесері 2012 жылы 24-қаңтарда өткізілген болатын. Оның барысы видеоқұжаттамаға негіз болған еді. Бұл бейнематериал Нұртас Ондасыновтың «Ғұмырбаяндық хикаяттар» деген кітабынан басталады. Журналистика факультетінің 230-ші аудиториясында өткен көрмеге көптеген профессор мен журналистика факультетінде жұмыс істейтін оқытушылар қатысқандығы фильм кадрларынан байқалады. Олардың кітаптарды тамашалап тұрған жері видеофильмде біршама көрсетіледі. Авторлар Нұртас Ондасыновпен бірге жұмыс істеген әріптестерімен сауалнама жүргізіп, ол кісінін қалай еңбек еткенін, қандай адал жан екенін, Гурьев облысынын бірінші хатшысы болғанын, білікті ғалымдарды шақырып екі рет конференция өткізгенін, 25 жыл бойы көптеген тілде сөздік жазғанын қысқаша айтып өтеді.



Қорыта айтқанда, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетіндегі видеоқұжаттама тек университет көлеміндегі ғана емес, сонымен қатар республика аумағындағы тыныс-тіршілікті сипаттайтын қомақты деректік қор болып табылады. Бұл қор соңғы онжылдықтардағы тарихпен безбенделген. Ол сонысымен де құнды. Қазіргі таңда жинақталған видефильмдер қоры Қазақстан табиғаты, қалалары мен жекелеген аудандары, мерекелік күндерде өткізілген іс-шаралар, түрлі кездесулер мен ғылыми жиындар, әртүрлі есептер, тұсаукесерлер мен атқарылған акциялар жайында мол ақпарат беретін дереккөзі екендігін ешкім жоққа шығара алмайды. Дегенмен мұндағы қорды жүйелеу, оларды мұрағат қызметі талаптарына сай жабдықтау, материалдарды есепке алу, әрқайсын көтерген мәселесі бойынша топтау, картотекасын дамыту, сақтау жолдарын оңтайландыру, көшірмелерін электронды сандық белгілерге көшіру секілді жұмыстар да атқарыла беруі тиіс. Яғни, қолдағы материалдарды келешек ұрпаққа жеткізу бүгінгі мамандардың азаматтық борышы екендігі белгілі жайт.


  1. Қыран тағдыр / Сост. Н.К.Надиров, Н.С.Шарипова. – Алматы: ТОО «Типография Комплекс», 2006. -250 с.

  2. Сабденова Г.Е. М.Қ.Қозыбаев еңбектеріндегі ортағасырлық тарихтың кейбір проблемалары // Актуальные проблемы исторической науки Казахстана. Материалы Международной научно-практической конференции, посвященной 80-летию академика НАН РК, заслуженного деятеля науки и техники РК, доктора исторических наук, профессора Асылбека Малик-Айдара Хантемирулы (29-30 мая 2009 г.). –Алматы, 2009. –Б.270-276.

Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет