Хайрулдаева А. М. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және «Ғылым ордасы»



Дата05.11.2016
өлшемі114,74 Kb.
#542
Хайрулдаева А. М.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және

«Ғылым ордасы» кешенінің базасындағы

ҒЗИ-лар бірлескен білім беру бағдарламаларының

PhD докторанты
Зар заман ақындары шығармаларындағы    Қазақстанның ортазиялық елдермен қарым-қатынастары
Көркем әдебиеттегі шығармалар да тарихи деректердің үлкен тобын құрайтыны белігілі, бұл әсіресе XIX ғасырға дейін ауызша әдеби дәстүр берік сақталып, тарихы мен тағлымы, әдеби, мәдени мұралары ауыздан-ауызға жеткізіліп отырған Қазақстан тарихында маңызы зор. Көркем әдебиеттегі тарихилық ерекшеленеді, өйткені әдебиет тарихи құбылыстарға деген адам қатынасын – олардың кісілік құлқы, әрекеті-харакеті, таным дүниесіндегі өзгерістері арқылы көрсетеді. Басқаша айтқанда, «белгілі бір дәуірдің нақты мән-мазмұнын, оның қайталанбас келбеті мен ерекше бейнесін көркемдік әдіспен игеретін әдебиеттің тарихилық» мәселесі осы қасиеті арқылы өзіне ерекше назар аударуды талап ететіні хақ [1,5б.]

Қазақ әдебиеті тарихында ойып алар орны бар ақындар мен жыраулар шығармаларының тарихилығы – бізідің халық ретінде бірнеше ғасырлар бойы адамзат баласының өзге де ұлт өкілдерімен, елдермен қатар өмір сүріп келе жатқандығымызды заңдастыратын, бүгінгі қазақтар мен олардың ата-бабалары тіршілік кешкен бұлыңғыр кезеңдердің арасын жалғастырар ежелгі керуен жолы секілді ерекшелігімен қастерлі.

Өз ұлтының төл тарихымен тамырлас қазақ әдебиеті тарихындағы XIX ғасыр «Зар заман» деп аталады. «Зар заман» - бұл белгілі бастау-бұлағы бар, даму арнасы, қалыптасу жолдары, тамамдалар тұсы айқын, қоғамдық ойдағы және әдебиеттегі құбылыс. Дегенмен, зар заман поэзиясы тек әдебиеттану ғылымының ғана емес, бұл әлеуметтік қоғамдық-саяси ой ағымы ретінде тарихшылар мен философтардың да зерттеу нысаны болып табылады. [2,6б.]

«Зар заман» атауын әдеби термин ретінде алғаш рет Мұхтар Әуезов қолданысқа енгізді. Ол өзінің 1927 жылы жарық көрген «Әдебиет тарихы» атты еңбегінде зар заман ақындарына арнайы бөлім арнап, күрделі кезең поэзиясына жан-жақты талдау жасады; зар заманның өкілдерін атады; бұл дәуірдің басы мен соңына дейінгі аралықты белгіледі, сондай-ақ, тарихи және теориялық негіздемелерін ұсынды. [3]

Қазақтың ірі қоғам қайраткері Халел Досмұхамедұлы М.Әуезовтың аталған еңбегі жарық көрген соң бір жылдан кейін, яғни 1928 жылы «Қазақ халық әдебиеті. Қысқаша очерк» деген ғылыми зерттеуінде өзі жіктеген поэзияның түрлерінің бірін «зар заман» деп атады. [Досмұхамедұлы Х. Аламан. Алматы, Ана тілі, 1991. – 176 б.]

Белгілі жазушы, зерттеуші Сәбит Мұқанов 1942 жылғы «Қазақтың XVIII-XIX ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер» еңбегінің сүбелі екінші тарауын «Зар-заманның жағдайы» деп атайды.

1927 жылдан 1942 жылға дейін арнайы аталмағанмен, зар-заманның ірі өкілдері мектеп оқулықтары мен хрестоматияларында даурықтыра аталмай, қатардағы ақындар ретінде қаралып келгеніне С.Мұқанов ерекше екпін түсірмей, әуелі орыс отаршылдығының екі түрін – жаулап алу мен жерді отарлау амалдарын тарихи деректермен дәлелдей келіп, «бас бостандығынан жерден айрылған кедейленген халық бұл зорлыққа қарсы басын көтере алмады, көтерем дегенге үкімет көтертпей, қозғала бергенде тарп бас салып, орнында езіп тастап отырды. Осылай қолдан күш, бастан ерік кеткен кезде, қайғыдан тұншыққан халықтың зарынан туған көркем әдебиетті біз «Зар заман әдебиеті дейміз». «Зар заман» әдебиетінің негізін қалаушы қазақ ақын Шортанбай» деп ой түйеді [2,122б. Мұқанов С. Қазақстың XVІІІ-ХІХ ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер. Алматы: Арыс, 2002. ].

Әдебиетттану ғылымы саласында «зар заман» поэзиясы туралы пікір білдіріп, баға берген зерттеушілер өте көп.

Зар заман поэзиясының өкілдері саналған ақындардың шығармашылығы хақында әр жылдарда С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Ы.Дүйсенбаев, Е.Ысмайлов, Т.Нұртазин, Ә.Қоңыратбаев, С.Талжанов, Х.Сүйіншәлиев, С.Қирабаев, Ғ.Мұсабаев, Т.Кәкішев, Р.Сыздықова, М.Бөжеев, Б.Қорқытов, Қ.Сыдиықов, С.Дәуітов, Қ.Мәдібаева, Т.Тебегенов, Ш.Керімов сияқты ғалымдар мен әдебиетшілер зерттеп, арнайы ғылыми еңбектер мен зерттеу мақалаларын жазған [2, 41б.].

Зар заман әдебиетінің басты өкілдері Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Кердері Әубәкір шығармалары кейінгі жылдарда жекелей және арнайы жинақтарға басылып шықты. Бұл іске С.Дәуітов [4], Б.Сандыбайұлы [5] және т.б.ғалымдар өз үлестерін қосты.

Белгілі тарихшы, зерттеуші М.Қойгелдеиев болса, зар заманды ағым ретінде көрсетіп; бұл ағымды туғызған тарихи-әлеуметтік себеп-салдарларды санамалайды; зар заман ақындары ретінде Дулат, Шортанбай, Мұрат шығармашылығын негізге алады.

Отаршылдық дәуірді жан-жақты зерттеген ғалым зар заман әдебиетінің дамуына себепші болған кезең туралы төмендегідей ой тұжырымдайды: «XIX ғасырдың алғашқы жартысы – Қазақстан үшін тарихи кезең, яғни саяси, мемлекеттік еркіндіктен біржола айрылып, отарлық ахуалдың, саяси тәуелділіктің дәм-тұзын тату кезеңіне қадам басу уақыты. Егер бұл мезгілді шартты түрде өтпелі кезең ретінде алсақ, саяси дербестіктен орталық тәуелділікке өтудің өзіне лайық рухани болмысы болатындығы мәлім. Дулат, Шортанбай, Мұрат туындыларының ортақ өзегі – тарихи жеңіліске ұшыраған ұлттық көңіл-күйдің күйзелісті жағдайын терең де, дәл ұғынуға меңзей отырып, сапалы, азаттыққа бастайтын жаңа руахни серпіліске жол ашу еді» [6].

Зерттеушілер «Зар заман» ақындары қатарына Шортанбай Қанайұлы,   Мұрат Мөңкеұлы, Дулат Бабатайұлы, Кердері Әубәкір сынды ақындарды жатқызған.

Зар заман ақындарының еркіндікті аңсау, елдікті сағыну тақырыбындағы жырларының аясында қазақтардың сол кезеңдегі көршілес ортазиялық мемлекеттермен қарым-қатынастары туралы да айтылып өтетін тұстары бар. Дулат Бабатайұлы (1802-1871) Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданында туылған. Кедей ортадан шыққан. Ауыл молдасынан оқып, мұсылманша сауат ашады. Алайда көп іздену арқасында өз заманындағы көзі ашық, көкірегі ояу, ең білімді адамдардың бірі болғаны оның шығармаларынан да анық аңғарылып тұр [7, 388б.].

Зар заман ақындары деген баға алуларының өзі аталмыш кезең ақындарының өткенді аңсауы, еркіндікті сағынуы сарынындағы жырларына байланысты берілген десек, Дулат ақынның «Әуелгі қазақ деген жұрт» атты шығармасында

-Сен Бұхарада кезіңде,

Бәтуа бар сөзіңде,

Келеді биің сенімді,

Қара бір халқы көнімді,

Тыныш еді еліміз.

Шаңына малың аунаған,

Дәулетің өсіп қаулаған,

Тел емес малды саумаған,

Бұхар-ай, шәрі дейтұғын

Өскен, өнген жеріңіз, [7, 159б.] -деп елдің еркін кезіндегі, терезесі тең тату көршілік қарым-қатынастарды аңсау сарыны байқалады

Шортанбай Қанайұлы (1818-1881). Ақынның өмірбаяны туралы мәліметтер аз. Ақын жөніндегі деректердің көбі шашырап жеткен үзінді. Бір алуан мәліметтерге қарағанда, осы күнгі Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан өңіріндегі Қаратау деген жерде туылған. Екінші бір деректе Ақмешіт қожасы делінеді, бірақ өмір сүріп, ақындық құрған жері Қарқаралыдағы Бесата деген ел [7, 390б.].

Шығармалары XIX ғасырдың 70-жылдарында жарық көріп, «Бала зары» деген атпен Қазан қаласында бірнеше рет басылып шықққан.

Кей кездері қазақтар Ресей отаршылдық саясатының құрсауынан құтылу үшін әлі де болса өз дербестігін сақтап тұрған көршілес елдерге үміт артады. Мысалы Шортанбай ақын өзінің «Мына заман қай заман» деген өлеңінде:

-Арқадан дәурен кеткен соң,

Қуғындап орыс жеткен соң,

Тіпті амал жоқ, қазақтар,

Енді сенің торыңа.

Орыс – бүркіт, біз – түлкі,

Аламын деп талпынды.

Орыстан қорлық көрген соң,

Отырып билер алқынды.....

Бұхарға жетер күн болса,

Тыншытар ма едің ұйқыңды?- деп ашынып, көршілес Бұхара әмірлігінен жақсылық күтеді [4,111б.]

Оңтүстіктің қазақтарын бір шетінен патшалық Ресей тықсырып, бір шетінен көршілес ортазиялық елдер тықсырғанда Сыр бойы қазақтарының арқасына қатты батып, тіпті көршілес хандықтарға қарсы көтеріліске шыққаны мәлім. Шортанбай ақын «Шалғын жайлар күйретіп» деген өлеңінде осы туралы да айтып өтеді:

-Шалғын жайлар күйретіп,

Мың кісі мінер үйретіп.

Ақылы жоқ есер құл

Бір қайрылмас кеткен соң.

Көтерер ме осы жақ,

Кеткенде қайда барасың?

Алдыңызда Қоқан бар,

Орыстан жаман тым-ақ, жау. [4,115б.]

Мұрат Мөңкеұлы (1843-1906). Кіндік қаны тамған топырақ – қазіргі Атырау өңірі, Қарабау ауылы. Жүрген жерлері – Еділ, Жайық бойы, Маңғыстау. Ата-тегі мал баққан шаруа қазақ. Мұрат жасында аз-кем молдадан оқыған. Он бестен асқанда өлең шығара бастайды.Мұрат бір жағынан өткен замандар тарихын өрнекетеген дастаншыл ақын болса, екінші жағынан, өзі өмір сүрген ортадағы халықтың мұңын-зарын айтатын әлеуметшіл ақын. Орыс отаршылдығының озбырлығын әшкерелеген ұлы сарынына байланысты, оның шығармалары кеңес үкіметі кезінде жөнді бағаланбай келген.

Ақынның өлең-толғауларын жинап бастырып, 1923 жылы өзінің «Аламан» аталатын жинағында алғаш ғылыми талдау жасаған – профессор Х.Досмұхамедұлы.

Мұрат Мөңкеұлының «Үш қиян» атты өлеңінің 7-тармағында өткен заманды аңсау, көршілес Бұқара мен Үргенішпен достық сауда қатынастарының болғандығын аңсау сарынында айтып өтеді:

-Шаңдаттырып даласын,

Талқан етіп қаласын,

Атамыз қазақ болғанда

Әлденеше шапқан жер.

Қоралап айдап дұспанды,

Үргеніш пен Бұхараға

Әлденеше сатқан жер.

Алтын ала, ақ күміс

Қарық олжаға батқан жер,

Алтыннан тұрман таққан жер-[4,139б]

Ақынның аталмыш шығармасының 24-тармағында қазақтардың еркіндікті аңсап, әлі де болса дербес жатқан көршілес елдерге жайлы қоныс іздеп, әрі-бері сергелдеңге түскені жайлы толғанады:

-Үргеніш пен Бұхарадан,

Қоңырат, Ташкент, Қоқаннан

Орнықты қоныс таба алмай,

Адыра қалғыр бұл қоныс,

Асан би шұбап өткен жер

Ноғайлы шұбап босқан жер![4,146б.]

Кердері Әубәкір Шоқанұлы (1861-1905) Орынбор, Троицкіде оқып, медресе бітірген. Орал, Орынбор, Орск, Ақтөбе қалалары маңында бала оқытып, молдалық құрған. Өлеңдері «Әдебиет қазақия» деген атпен екі рет (1903, 1905) Қазан қаласында Кәрімовтар баспасында басылған. Осы себепті де Қазақ жеріне шығармалары ең көп тараған ақындардың бірі-Кердері Әбубәкір. Ақын туған елі ғана емес, зиялылар, көзіқарақты хат танитындары бар, қазақ тілін түсінетін қырғыз, қарақалпақ, түркімен, өзбек, ұйғыр, татар, башқұрт арасында да мәлім болған [5,15б.]

Кердері Әубәкір де зар заманның басқа өкілдері сияқты өткенді сағынышпен, аңсаумен еске алады, «Өткен иманшылық заманды жоқтап айтқаны» атты шығармасында Хорезм, Үргеніш қалаларын сипаттап, қазақтардың осы бір шаһарларға сапарлап тұратындығы туралы айтылады:

-Көңірсіген көң қыстап,

Тау жырасын ел қыстап,

Қысы, жазы бірдей жылы екен.

Арқаның киік құланы

Қара малмен тең екен.

Әулиесі қойдай күңіренген

Хорезм деген шәр екен.

Қыста нардың қомымен,

Жазда аттың жалымен

Азамат шығар қала екен.

Көзі көрген соларды

Ақсақалдар бар екен

Алатау мен Түркістан

Тамам судың өрі екен [5, 46-47бб.].

Батыста туылған ақын Еділ мен Жайықтың қазақтар үшін тарлық ете бастағанын тілге тиек етіп, Хорезмге де ақырындап отарлау қамыты таяп қалғандығын білдіреді:

-Еділ, Жайық –екі су

Ел қонарға тар болды.

Қарағай, қайың, тал, терек

Тамыр түбі таусылып,

Қамшы сапқа зар болды.

Көлденең жатқан қара шың

Құлай-құлай бор болды.

Малға лайық жері жоқ,

Жерге лайық елі жоқ,

Асыл заттар қор болды.

Мықтыға нашар зор болды.

Қар жаумайтын Хорезм

Тебінгіден қар болды.

Қараның ұлы хан болды

Құлдан туған паң болды[5, 49б.].

Ал «Қазағым» атты жырында қазақтардың өткен мамыражай күндерін, ертеректегі достық, сауда қатынастарының болғандығын айтады:

-Қыс болса қыстаушы еді қырға барып,

Көлденең шыңыраулы шыңға барып,

Жарлы деп жүз қой бітсе айтушы еді,

Қой, жылқы толықпаса мыңға барып.

Саралап ат, айғырын мырза, байлар

Үргенішке сатушы еді жылда барып.

Ат, айғыр айдаушы еді, атан алып

Мата мен қайтушы еді шапан алып.[5,71б.].

Осы «Қазағым» атты шығармасында қазақтар үшін негізгі орталық, сауда орталығы Үргеніш, Бұқара қалалары болғаны, бірақ Ресей отаршылдығының қанат жаюымен қазақтарда қалалар мен бекіністердің көбейе түскені жайлы айтады:

-Бұл күнде төре қалып, қара болған

Жас бала ақсақалдан дана болған.

Бұрынғы Үргенші, Бұқара жырақ болып,

Салулы қасымыздан қала болған[5, 75б.].

Кердері Әубәкірдің көршілес татар, ноғай, өзбек сияқты халықтар үшін ортақ ақын екені айтылады. Оның «Халыққа уағыз, насихат қылып айтқаны» атты шығармасы да осының дәлелі сияқты, аталмыш шығармасында Ресей отаршылдығының қамыты ортазиялық халықтардың барлығына да түскенін баяндайды:

-Қазандағы көп ноғай,

Есепке кірді ертерек,

Шылым тартып бағзысы

Түтін атар мұрнынан.

Езгілері сондай боп,

Жүзінен жан қорыққан

Алусыз шаш пен мұртынан.

Крашин болған ноғайды-

Айыра көрме жасаған,

Мұсылмандық ғұрпынан

Және патша алады

Маһар (Мары қаласы) түрікпен елінен.

Телеграмды жүргізді

Мединенің шөлінен.

Көп әулие шошынып,

Хорезмнің шөлінен

Баһаууаддин болмаса

Кереметке кім шықсын?

Қаралай босты өзбек, сарт

Бұқараның шәһрінен.

Жалаға есеп алып тұр,

Қарақалпақ, түрікпеннен,

Өзбек , сарт, қырғыз бәрінен [5,117б.]

Зар заман жырларында отаршылдықтың озбырлығы, зардап-залалы, кесел-кесапаты жан жақты айтылады. Ақындар жат пиғыл, жаулық ниеттің сырын әр қырынан ашып көрсетті, қауіп-қатерге ұрынудың себеп-салдарына үңілді. Қазақстанның отарлық саясат құрсауында қалған шағындағы басқа елдермен байланыстары, соның ішінде көршілес жатқан ортазиялық мемлекеттермен қарым-қатынастары туралы да осы сарында, яғни қазақтар үшін өткен замандағы әлі де болса өз тәуелсіздігінен айырыла қоймаған Бұхара әмірлігі, Хиуа, Қоқан хандықтарымен қазақтардың терезесі тең дәрежеде сауда, достық қатынастарын аңсау басым болса, «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады» дегендей қазақтардың қиын жағдайын пайдаланып, бауырлас елдерден көмек іздеген қазақтарға екінші жақтан қысым көрсеткен Қоқан және Хиуа хандықтары билеушілерінің озбыр қылықтары да айтылады. Зар заман ақындарының шығармаларының тарихи құндылығы қазақтардың көршілес жатқан ортазиялық елдермен қарым-қатынастарының, олардың достық сипатта, сауда қатынастары болғандығын көрсететіндігінде.


Сілтемелер тізімі

1.Тілепов Ж. Тарих және әдебиет. – Алматы «Ғылым», 2001. – 376бет.

2. Омарұлы Б. Зар заман поэзиясы. Генезис, типология, поэтика. Алматы, Білім, 2000. – 368б.

3. Әуезов М. Әдебиет тарихы. Алматы, Ана тілі, 1991. – 240б.

4.Зар-заман. Жыр-толғаулар. Құрастырған: С.Дәуітов. – Алматы, «Жалын», 1993. -176б.

5. Кердері Әубәкір. Қазағым. Өлең, толғаулар, айтыс, жырлар.Құрастырған Бақытгерей Сандыбайұлы. –Алматы «Жазушы», 1993.-288б.



6. Қойгелдиев. М. Саяси элита және ұлт мүддесі.//Егемен Қазақстан, 1999, 26 ақпан

7. Жеті ғасыр жырлайды: екі томдық. Алматы: Жазушы, 2008. 1-том.-400 бет.
Каталог: edu.history -> media -> upload -> 2209 -> 2016
2016 -> Жандарбек з
2016 -> Досекеева К. А. Ахатаева К. Б
2016 -> 1916 ж., Түркістан: патшалық отаршылдық жүйе дағдарысы
2016 -> Орта мектептерде арнаулы күндерді оқытудың тәрбиесі мен мәні
2209 -> Сериккалиева а. Е
2016 -> Н.Ә. Атығаев «тарих-и рашиди»: жаңа басылым ескі кемшілік
2016 -> 1920-шы жылдары түркістан акср-індегі билікті қОРҒау органдарын қайта ұйымдастыру
2016 -> Әож 821. 512. 122. 09+821. 512. 122. 092 Сымбат Игиликқызы Әл Фараби атындағы ҚазҰу сүйінбай би


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет