I – Бөлім Мектеп жасына дейінгі балаға экологиялық тәрбие беру маңыздылығы. 11 2


Мектеп жасына дейінгі балаға эстетикалық тәрбие беру арқылы жан – дүниесін дамыту



бет3/4
Дата21.07.2017
өлшемі0,86 Mb.
#21816
1   2   3   4

2.1. Мектеп жасына дейінгі балаға эстетикалық тәрбие беру арқылы жан – дүниесін дамыту.
«Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй », - деп данышпан ақын Абай атамыз айтқандай, жақсы ән-күй өзінің сиқырлы әуені арқылы адамның жан дүниесін әсемдікке тәрбиелейді, жақсы қасиеттерін дамытады. Ал, В.А.Сухомлинскийдің: «Музыкалық тәрбие - бұл музыкантты тәрбиелеу емес, ең алдымен адамды тәрбиелеу» - деп тегін айтпаған. Эпос, дастан, ертегі, мақал-мәтелдер, тарихи аңыз әңгімелер түрінде біздің заманымызға дейін жеткен халық шығармалары күні бүгін де сазды- эстетикалық тәрбие берудің пәрменді құралы болып саналады.

Музыкасыз, ойынсыз, ертегісіз баланың толық мәніндегі ақыл- ойымен қиялын тәрбиелеу мүмкін емес. Балабақшалардағы саз жетекшілері, сазды- эстетикалық тәрбие беруді мектеп жасына дейінгі мемлекеттік стандартқа сай, «Балбөбек» бағдарламасына сүйене отырып, жоспарлап қызықты да, көңілді етіп өткізуге тырысады.

Заман ағымына байланысты түрлі жаңалықтарды тәжірибемізге енгізе отырып, ән-күй сабағымен қатар, тақырыптық сауык кештерін, ертеңгілік сәттерді жиі ұйымдастыру арқылы, ондай бағдарламалардың бала көңілінен шығып отыратынын байқадық. Әр сабақтың үлгі жоспарымен таныстыру, қайталау, бекіту, жаңа ән, би үйретумен жүзеге асады.

Балаларға арналған саз - қуанышты сезімдер әлемі.

Баланың музыканы тыңдау, қабылдау, есте сақтау, тану, ажырату, әнді жеке айту, қосылып айту, әннің сөзін анық, дұрыс айту, әні мен сөзі арасындағы бірлестігін, ән мен дене қимылының үйлесімділігін бере білу, әнге деген сүйіспеншілігін, әсерлену, қызығушылығын қалыптастыру, дамыту - саз жетекшісінің шеберлігіне, іскерлігіне, білімділігіне байланысты.

Саздық қозғалыс сабағында білімді, тәжірибелі педагог, балаларды еркін қозғалысқа, биге үйретеді. Сол арқылы балалардың шығармашылық көріністерін қалыптастырады.

Саздық тәрбиенің негізгі мақсат-міндеттерін баланың жас ерекшелігін, шама- шарқын ескеріп, жеңіл саздық репертуарлардан бастап, біртіндеп күрделендіре отырып жүзеге асырылады.

Ән айта білу- бұл үлкен мәдениет. Біз балаларға ән айтудың өзіндік сырын, техникасын,тыныс алу кезеңдерін, дауысты жоғары көтеру сәттерін, сезімдік ерекшеліктерін түрлі сазды- танымдық, сазды-дидактикалық ойындар арқылы жүзеге асыруға тырысамыз.

Саз жетекшілері ән- күй сабағындағы ауысып отыратын іс-әрекетті тиімді қолдана отырып жұмыс жүргізеді.

Ән- күй сабақтарында, саз жетекшілер түрлі сазгерлердің өмірімен және шығармаларымен үнемі таныстырып отырады. Белгілі адамдарға арналған әдеби- музыкалық кештер, мерекелерге арналған ертеңгіліктер, түрлі ойын- сауықтар, өткізіледі. Мысалы: «Абай мен Пушкин», «Күй сүйемін!», «Әнші балапан», «Айтыс», «Қыз маржаны, жігіт сұлтаны» т.б. Саз сабақтарында өткізілетін барлық іс-әрекеттердің нәтижесі - мерекелік ертеңгіліктерден көрініс алады.

Адамзат өмірінде, әсіресе бүлдіршіндер үшін түрлі мейрамдар мен тойлардың ерекше әсем, қуанышты, жадында керемет естеліктер қалдыратыны мәлім. Барлық балалар бұл мерекелік шараларға белсене қатысып, мейірімділікке, кейіпкерлердің әрекетін дербес бағалау шеберлігіне үйренеді. Сондықтан мерекелік шараларды балабақша қабырғасында неғұрлым әсерлі, тек қызықтыру ғана емес, бүлдіршіндерге ұлағат боларлықтай етіп өткізудің мәні зор.

Саз жетекшісі жұмысының тағы бір негізгі шарты - балалардың жылдан-жылға саздық деңгейінің дамуы және сазға деген көзқарасының қалыптасуын анықтау. Сазға икемділік диагностикасы- саз жетекшісінің ең маңызды және жемісті жұмыстарының бір бөлігі. Жеке диагностикалық сабақтар әр баланың саздық даму деңгейін, ал сазға икемділік диагностикасы –жеке баланың және бүкіл топтың саздық шығармашылығын анықтайды. Баланың диагностикалық негізін саз жетекшісі оның жас мөлшеріне байланысты сараптайды.

Мектепке дейінгі ұйымдағы саз жетекшісінің негізгі мақсатының бірі - бұл баланың сазға деген қызығушылығын ояту. Бұл, қызығу құбылысының табиғаты өте күрделі. Қызығуды ояту іс- әрекетке жағымды эмоциялық талпыныс тудыру, сазды тану, саздық ойлау, сазды есте сақтау қабілеттерін дамыту. Саздық қабілет шығармашылық кезінде қалыптасып дамиды. Мектепке дейінгі ұйымдағы саздық шығармашылықтың әр түрі саз жетекшісінің басшылығымен жүзеге асады.

Кәсіпқой талантты саз жетекшісінің ең қиын сабақтарының өзі жеңіл әрі қызықты өтуі тиіс. Дәстүрлі жұмыстармен қатар, сабақтарды және түрлі іс-әрекеттерді дәстүрден тыс етіп ұйымдастыруға болады. Мәселен: саз сабағының өзін түрлі басқа сабақтармен, іс-әрекеттерін байланыстыра отырып өткізу және балалардың бойында саздық кейіпкерлендіру шығармашылығын арттыру көптеген жұмыстануды талап етеді.

Балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту үшін бағдарламаға сай еңбектенуде, қазақтың халық өнерін және жаңа заман бағытындағы өнер негіздерін ұстана отырып, шығармашылықты дамытуды дәстүрге айналдыру қажет.

Балабақшадағы саз жетекшісі қандай болса, балалардың жалпы шығармашылық даму қарқыны, деңгейі де соған сәйкес болады. [9. 15]

Тәуелсіз Қазақстан Республикасының дамуы стратегиясында көрсетілгендей, жас ұрпаққа экологиялық білім мен тәрбие беруді жетілдіру педагогика ғылымында негізгі міндеттердің бірінен саналады. Ендеше, экологиялық тәрбие жұмысын мектеп жасына дейінгі балалардан бастап жүргізу - бүгінгі күннің өмірлік талабынан, табиғи қажеттіліктен туындап отырған мәселе. Мектепке дейінгі мекемелерде экологиялық тәрбие жұмысын жүргізуде мынандай екі ұстанымдар басшылыққа алу ұсынылады:

а. балаларға табиғат туралы қарапайым мағлұмат беріп, оның әдемілігін көріп, сезіне білуге үйрету арқылы рухани жан дүниесін дамыту;

ә. балалардың табиғат туралы білімдерін тереңдетіп, оның әдемілігін көріп, сезіне білуге үйрету арқылы рухани жан дүниесін дамыту.

Бұдан балалардың ізгілікті – адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруда экологиялық тәрбие берудің құқықтық үлгісіне сәйкес, экологиялық тәрбие жұмысын адамгершілік, эстетикалық және халықтық педагогиканың тағылымы мол мұраларын пайдалану арқылы жүргізу қажеттілігі байқалады. Адамгершілік тәрбиесінің басты мақсаттарының бірі де балаларды туған өлкесінің табиғатын сүйе білуге, оны қадірлеп – қастерлеуге тәрбиелеу болып табылады. Ал ол – ұлттық тіл көркемөнер туындылары арқылы жүзеге асады. Табиғаттың бағалы саналатын аң – құстарды жақсылықтың жаршысы деп бағалаған дана халқымыз оларға тамаша туындылар да арнай білген. Бұған ақын Сырбай Мәуленовтің мына жолдары мысал бола алады.

Баланың бойындағы әдемілікке, әсемдікке іңкәрлігін (инстинкт) оятып, табиғат сұлулығын сезіне білу қасиетін арттыруда экология тақырыбы таптырмайтын құрал. Айдаладағы орман, өзен – көл, тау – тас, жайқалған жасыл желек, құстардың сайраған дауысы – осылардың бәрі балалардың ой – қиялын, әдемілікті көре білу қасиетін дамытады, талғамын қалыптастырады. Мәселен, ежелгі грек аңыздарында айтылғандай, Марстың жорыққа киетін дулығасына кептер ұя салғандықтан, ол соғысқа аттануды кейінге қалдырған көрінеді. Ықылым заманнан бері әдемі де сүйкімді құс – кептердің бейбітшілік жаршысы саналуы, әдемілік символы – аққу, ұлар, ақ қарлығаш – бақыттың бастамасы, игіліктің иесі ретінде бағалануы баланың жан дүниесін байытады. Бұл тақырыпқа қалам тартпаған ақын – жазушы, ғалым кемде – кем. Мысалы, табиғаттың сұлу көрінісін ақын Ж.Жұмабаев:
Табиғат - әсемдіктің төркінісің,

Ән саламын бір сенің көркің үшін.

Жан – жануар танытып бір өзіңе,

Сенен алып тұрғандай бар танысын, -


деп жырласа, көрнекті педагог В.А. Сухомлинский: « Табиғат әдемілігі бала жанының тазалығын тәрбиелеу мен жан дүниесін дамытуда үлкен орын алады,» - деген болатын. Осы сынды оқыту мазмұнындағы шығармаларды экологиялық тәрбиеге тірек ету – педагогтың басты міндеті.

Халықтық тәрбие хатқа түскен ереже күйінде емес, тәжірибелік негізінде жұрттың этникалық мінезінде қалыптасады. Болашақ ұрпақты табиғат сырын ұғып – түсініп, онымен жақын қарым – қатынаста болуға тәрбиелеуге ерекше мән берген ата – бабаларымыз өмірдің өзінен қалыптасқан кейбір салт – дәстүрлерді елеп – екшеп, жақсысын санада сақтап, жаманынан жирендіріп отырған. Мәселен, күнделікті тұрмыс – тіршілікте «обал – сауап», «ынсап – қанағат» қағидаларын берік ұстаған олар табиғаттың ешқандай жанды – жансыз туындыларына қиянат жасамаған. Табиғатпен үйлесімді қарым – қатынас жасаудағы дәстүрдің озық үлгілерін кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырған. Халық даналығынан туған «Орман – жер сәулеті, ел дәулеті», «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын», «Күте білсең, жер жомарт», т. б. аталы сөздер бала құлағына жастайынан сіңіп, ұлттық рухын қалыптастырады.


Белгілі ақын Мұзафар Әлімбаевтың:

Танымай өтеміз бе киелі не?

Қырсығы білместіктің тиерін де ...

Ұрпағың дал болар ма, ағаш таппай

Кәдімгі домбыраның тиегіне, -
деген көңіл тебіренісі табиғатты дер кезінде бағалай білуге үндейді. Табиғат жайындағы ақындардың жан айқайы, өнегелі өсиеттері – баланың экологиялық мәдениеті мен жан дүниесін дамытуға баға жетпес дүниелер. [10. 117]

2.2. Мектеп жасына дейінгі балаға экологиялық тәрбие беру арқылы эстетикалық сезімдерін қалыптастыру жолдары.
Балабақшадағы тәрбие бағдарламасына сәйкес балаларды табиғатпен таныстыру барысында өзара тығыз байланысты білімділік және тәрбиелік міндеттер жүзеге асырылады. Балаларды табиғатпен таныстыру және шынайы қамқорлыққа алу жағдайында адамгершілік және эстетикалық тәрбие беру мақсаты да етеледі.

Балабақшада балалардың өздері бақылап, бағып-күтіп жүрген жануарлар мен өсімдіктердің болуы оларды қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарауға, еңбекке деген сүйіспеншілікке және соған дағдылануға үйретеді, сондай-ақ бала бойында біртіндеп тапсырылған іске жауапкершілік сияқты қасиеттер де қалыптаса береді.

К. Д. Ушинский «баланы табиғатпен жастай таныстыра дамыту, оның өзіндік логикалык ойын, сөз қорының, санасының жетілуіне әсері мол екенін атап көсеткен. Логикалық ойдың, пікірдің дамуы баланың келешекте рухының жоғары болуына, батыл пікір, нақты шешім айтуына және оны дәлелдеп беруге жетелейді.

5-6 жастағы балалар табиғат және ондағы көптеген заттар, құбылыстар жайлы мағлүматтардан хабардар болады. Жыл мезгілдеріне сәйкес /күз, қыс, көктем, жаз/ күзде жапырақтар сарғаятыны, құстардың жылы жаққа ұшатыны, тұманды, жаңбырлы күндердің көп болатыны т.б. бала түйсігінде із қалдырмай қоймайды. «Күз» дегенде «жапырақтар сарғайып түседі» — деген ойдың пайда болуы оларды күнделікті өмірмен тығыз байланыстырады. Себебі, күзде баланың таза ауада жапырақтармен ойнайтын кезі аз емес.

Бес жастағы бала жылдың төрт мезгілін бір-бірінен ерекшеленетінін толық айтып бере алмайды. Бірақ, күзден кейін қыс, көктемнен кейін жаз келетінін біледі. Сонымен қатар бала күнделікті көріп жүрген қой-ешкі, сиыр мен жылқы сияқты үй жануарларын, хайуанаттар әлемінен көрген ит, қасқыр, түлкі, сияқты аңдар мен құстарды таниды. Олар жайлы өзіндік ой- түйсіктері болады. Мысалы: кірпі қыста ұйықтайды, жазда орманда жүреді, оның үстіндегі тікеніне қандай зат түсетін болса /жапырақтар, жидектер т.б./ сонымен қоректенеді- деген сияқты. Бес жастағы бала табиғаттағы шындық пен ертегідегі жағдайларды бір-бірімен шатастырады да, оларда мынадай ойлар тууы мүмкін. Мысалы, «аю бармағын жалайды», «аю жылыну үшін ағаштың діңіне тығылады». Шындығында аюдың, кірпі, борсық т.б. жануарлардың қыста ұйықтауының өзіндік биологиялық мәні бар. Балаларда табиғаттағы заттарды бір-бірімен салыстыру, олардың бір-бірінен қандай айырмашалығы бар, осы жайлы өзіндік ойлар туа бастайды.

Бес - алты жасар балаларда табиғаттағы заттардың, жануарлардың, өсімдіктердің бір-бірінен қандай айырмашылықтары арқылы ерекшеленетінін ғалымдарымыздың мынадай тұжырымдары анықтай түседі. Мысалы, "жануарлардың пішіні, түр-түсі, сыртқы жамылғысы т.б, арқылы салыстырады. Бұл жастағы бала мысық пен кірпіні былай салыстырады: кірпінің терісі инелер, мысықта тері, ал тері кірпінің бауырында ғана болады, мысықта мүлде инелер болмайды және т.б. Бала осы сөздермен мысық пен кірпінің ерекшелігін толық сипаттадым деп ойлайды, ал шын мәніндегі ой-түсік кейін келе қалыптасып, жетіле береді. Осыған сәйкес , «Өсімдіктер әлемі» тақырыбын өткенде, балаларды балабақша ауласындағы ағаштармен, гүлдермен, шөптермен таныстырып, олардың жылдың әр мезгіліне сай өзгеріп отыратындығын түсіндіріп өткен жөн.

Мысалы, 5-6 жастағы балаға қыста ағаштардың жапырақтары түсіп, қураған сияқты болып көрінеді, бірақ ол ағашта қыста да тіршілік үзілмейтінін айтып түсіндіру керек. Ерте көктемде ағаштың 2-3 бұтағын кесіп, топта суға салып қою арқылы одан бүршік өсіп шығатынын, демек қыста да өсу процесі тоқталмайтынына балалардың көздерін жеткізуге болады.

Бала өсімдікке қамкорлыққа, жануарларды күтуге, табиғи ортаға жанашырлықпен қарауға тәрбиешінің күнделікті тікелей басшылығымен тәрбиеленеді, сондықтан тәрбиешінің күнделікті іс-қимылын бала бақылай отырып қайталайды /тәрбиешінің өсімдіктерге су құйып, жануарларды тамақтандыру т.б. /

Бұл орайда осы жастағы баланың «еңбекке» деген қабілеті басқа қасиеттерінен басым болатындығын әр тәрбиеші есінде ұстағаны жөн. Сондықтан, оларға жұмыс /тапсырма/ бергенде аяғына дейін тиянақты орындалуын қадағалап, мақсатын дұрыс ұғындыруы қажет. Осындай жағдайлардан кейін бала шын көңілімен, ынтамен орындауға кіріседі. Мысалы, өсімдікті суаруда, оған су өте қажет, өйткені ол сусыз өмір сүре алмайды және әр мезгілде суды әрқалай қабылдайды, жазда суды көп қажет етеді, себебі: күн ыстық, қыста керісінше және өсімдіктің жаңадан шығып келе жатқан жапырақтарына зияны болмауы үшін қуарған жапырақтарын алып тастауы керек т.б. ақиқатты баланың есіне салып өту артық емес.

Педагогикалық процесті ұйымдастырудың мазмұны мен принципі балабақшадағы тәрбие жұмысының бағдарламасында балаларды жылдың төрт мезгілімен жеке-жеке таныстыру керектігі көрсетілген. Себебі әр мезгілдің өзіндік ерекшеліктеріне сәйкес, қайталанбас құбылыстар олардың ой-пікірін ұштап, жетілдіріп, сыры мен мәнісін сезінуге жетелеуі қажет. Табиғаттың мезгіл бойынша өзгеретін сан алуан құбылыстарын білгісі келген мақсатта балалардың тарапынан бірнеше сұрақтар қойылады. Мәселен, «неге құстар күз мезгілінде ұшып кетеді?», «Қар неге ериді?» «Мұз неден пайда болады?» т.б. Мұндай сұрақтар баланың логикалық ойлау қабілетінің, сөз қорының дамуына мүмкіндік береді.

Балабақшада тәрбиеленетін бала жыл мезгілдерін бір-бірінен толық ажыратып, әр мезгілдің өзіне тән құбылысын ерекше атап беру қабілетіне ие болуы тиіс. Жылдың әр мезгіліне тән құбылыстар кейде барлық маусымда болуы мүмкін, оны балаларға қалай түсіндіруге болады, соған тоқталсак, мысалы, жаңбыр көктемде де, жазда да, күзде де? жауады. Бірақ әр мезгілдің жаңбырының өзіндік ерекшелігі бар, жаздағы жаңбыр ірі, тез жауып өтеді, жылы; күздегі суық, ұзақ жауады; көктемдегі — найзағайлы, суық, ұзақ жауады, кейде соңынан кемпірқосақ көрінеді. Бағдарлама бойынша бес- алты жасар баланың табиғатқа дұрыс көзқарасын қалыптастыру педагогикалық іс-әрекетке байланысты, соның барысында іске асады.

Жыл мезгілінің өзгеруіне байланысты табиғи ортаның өзгеруіне толық көз жеткізу үшін ғалымдарымыз мынадай әдіс-тәсіл қолданған.

Төрт мезгілде де балаларды бір табиғи ортаға /өзен жағасына / алып барған. Бұдан балалардың осы ортаның әр мезгілде қандай өзгерісте болатынына көздері жеткен. Тәжірибе бойынша балаларға әр мезгілді 3-ке бөліп / басы, ортасы, соңы/ түсіндіру немесе саяхатта мақсатты серуендер арқылы көз жеткізу оларға үлкен әсер қалдырады. Саяхатқа бармас бұрын тәрбиешінің жоспары болуы тиіс. Онда саяхаттың мақсаты, тәрбиелік мәні, қандай сұрақтар қойылуы тиіс, қандай әңгіме-жұмбақ айтуға болады, бұның алдындағы саяхаттан қандай ерекшелігі бар, осыларды мейлінше қамту қажет /бала жасының өсуіне байланысты тәрбие жұмысының мазмұны да күрделене беруі тиіс/. Табиғатқа серуен кезінде, түрлі дидактикалық қимылды ойындар ойнату, бірігіп пайдалы еңбек ету, қызықты әңгімелер айтып беру, балалардың әңгімесін тындай білу — осының бәрі тәрбиешінің жеке басының шеберлігіне байланысты. [11. 34]

Қазіргі таңда адамзат ауасын жұтып, суын ішіп отырған табиғат Ананы қорғап, аялау барша жұртқа тіршілік қамы, табиғи қажеттілік. Сондықтан да бүлдіршіндерді айналадағы табиғи ортамен үнемі қарым-қатынаста болуға үйрету, олардың ұғымдарын қалыптастыру, табиғатқа деген жаңашырлыққа тәрбиелеу қазіргі балабақшадағы тәрбие ісінің өзекті тармақтарының бірі болып табылады.

Балабақшадағы тәрбиенің мақсаты — табиғатты аялап, оны қамқорлыққа алып күту, табиғат жөнінде қарапайым білім бере отырып, тірі жөне өлі табиғаттағы құбылыстар жөнінде қарапайым ұғымдар қалыптастыру. Балаларға жануарлар дүниесіндегі ғажайып құбылыстар, анасынан тірі туылғанмен, жетілмеген, дәрменсіз, елжуаз халде болғандықтан енелерінің қарнындағы тері қатпарларының түзілген қалтада сүтін еміп, өсіп жетілетін Австралияның қалталы қасқыры, ағашка өрмелеп тіршілік ететін қалталы кішкентай аю, тиын, кенгурудің суретін көрсете отырып әңгімелеу арқылы балалардың қиялына қанат бітіру.

Балабақшадағы экологиялық тәрбие жұмысы, тәрбиенің негізгі салалары болып есептелетін адамгершілік, эстетикалык, еңбек тәрбиелерінің желісінде және халыктық педагогиканың қайнар бұлағын пайдалана отырып жүргізсе, айналадағы орта, табиғат жайындағы жалпылама ұғымдар нақтыланып, қалыптаса береді. Экологиялық тәрбие жұмысына орай көрнекіліктерді қолдана отырып, табиғат бұрышының жабдықталуына байланысты конкурстар ұйымдастырылып экология проблемалары туралы, жағымды-жағымсыз әрекеттер бейнеленген картиналар пайдаланылғаны, ата-аналар, мен тәрбиешілердің бірлескен жұмысының нәтижесінде табиғат туралы шағын кітапхананы өлі және тірі табиғатпен жабдықтау арқылы көрме ұйымдастырылғаны дұрыс. «Алтын күз», «Құстар күні», «Табиғатты сүйеміз», т.б. ертеңгіліктер бала еңбегімен ұштасып, әр педагогтің ізденімпаз әрекеті ғана болашақ табиғат жанашырын тәрбиелей алады дей келіп, тәрбие жұмысын жүргізудің мынадай екі нысанасына назар аударамыз:

А. балалардың айналадағы табиғатқа деген сүйіспеншілігін оятып, ұғымын кеңейту, оның әсемдігін нәзік сезінуге, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қамқорлықка алуға баулу.

Ә. балабақшада табиғат жайында алғашқы ұғымды қалыптастыра отырып қарапайым білім беріп, осының негізінде тірі және өлі табиғаттағы құбылыстар жөнінде нақты және жалпылама таным-түйсік қалыптастыру. Табиғат туралы бүлдіршіндердің ой- өрісін кеңейтіп, осы түйсіктер арқылы бүлдіршіндерге табиғат сырларын ұғындыру жөніндегі экологиялық тәрбиенің ересектер тобына арналған жоба-бағдарламасын ұсынып отырмыз:

Бұл топтағы балаларда ортаны танудың физиологиялық механизмдері өзінің жоғары даму денгейіне жетеді. Іштей ойлау, ой түю пайда болады. Баладағы ой-сана мен жүйкенің қозғалуы мен тежелуі ширығып, күшейеді, тепе-теңдік сипат алады. Абстракты ойлау біршама дамиды, айналадағы орта туралы талдау, ой түю әжептәуір жетіледі, табиғат туралы кәдімгідей түйсік таным қалыптасады. Ол енді табиғаттың өзіне тән кейбір құбылыстары мен қасиеттері жайында білетін болады. Ойын мен еңбек әрекеті ұштаса жүреді. Табиғат құбылыстарының кейбір заңдылықтары, бұл құбылыстардың мерзімді қайталануымен таныстырылады, осының негізінде табиғат құбылыстарын реалистік тұрғыда ұғынуы, білуге құлшынысы, байқап- көре білуі, логикалық ойлауы, табиғатқа эстетикалык тұрғыдан қарау сезімі қалыптаса береді.

Өсімдіктер туралы ұғымдары кеңейтіліп, оның ішінде күнбағысқа т.б. өсімдіктерге тоқтала, оның күнге қарап өсуіне байланысты аталатын және дәнінен май сығып алып, күнделікті өмірде пайдаланатындығын айтып әңгімелеу, олардың сондай-ақ өсуі үшін белгілі бір жағдайлар - топырақ, ылғал, күннің нұры, жылуы керек екені түсіндіріледі. Кейбір жануарлардың өсіп дамуы жөнінде балалардың білімі толықтырылады, құстар жұмыртқалайды, балапан басып шығарады, оларды азықтандырып асырайды және түйе ботасын, сиыр бұзауын, ит күшігін, мысық баласын өз сүтімен асырайтындығы түсіндіріледі. Балалардың жабайы хайуандар /қасқыр, аю, түлкі, қоян, кірпі/ олардың тіршілігі, қорек табу әрекеті жөніндегі ұғымдары кеңейтіледі.

Балалардың өлі табиғаттағы, өсімдіктердің құстар мен аңдардың тіршілігіндегі күзгі өзгерістері туралы нақты түсініктерін кеңейту, балаларға бұрыннан таныс кейбір құбылыстар мен ауа райының жағдайы және өсімдіктер мен жануарлар тіршілігі арасындағы байланыстың реттілігін анықтап «күз» ұғымының мәнісін айқындап, қорытындылауға бағыттау. Балалардың жансыз табиғаттағы, құстардың хайуандардың өмірінде бірте-бірте болатын өзгерістер: жапырақтардың түсуі, құстардың жылы жаққа ұшып кетуі жайындағы ұғымдарын бекіту. Күзде балабақша егістігіндегі көкөніс жинау, қазып алу, ауланы тазарту /жапырақтарды жинап бір жерге үю) т.б. жұмыстарға көмектесіп, пайдалы еңбекке араластырылады, әңгімелесулерде күз туралы түсініктері нақтылана толықтырылып бекітіледі, диафилъмдер көрсетіледі.

Балалардың қысқы ауа-райының сипатты белгілері ағаштардың, ормандағы құстар мен аңдардың тіршілігі туралы білімдерін кенейту және қорытындылау мақсаты көзделеді. Еңбек дағдыларын қалыптастыру, жанды нәрселерге ұқыптылықпен қарау сезімін тәрбиелеуді жалғастыра беру. Қар жауып тұрған кезде балаларға қара қоңыр қағаз қиындысын беріп, оған қар ұшқынын тосып алып, оны анықтап қарап, соңынан суретін салуды ұсыну, бала қиялын ұштау. Қыс туралы ұғымын толықтыра отырып, күнделікті байқау, кештің ерте түсуі, ай мен жұлдыздардың шығуы, ауа-райы құбылыстарына / қардың жаууы, аяз, боранның болуы/ назар аудару. Қыс қызығын тамашалап, жүздері суықтан бал-бұл жанған балалардың ақ қар, жылтыраған көк мұзда шана, шаңғымен сырғанап ойнап жатқан суреттері бейнеленген картиналар арқылы «Қыс қызығы», «Ортақ шана» атты қимылды ойындарын ойнату. Адамдардың еңбегімен көшені, жолды тазарту, қарды күреу /балалардың өз аулаларының қарын тазалауға жәрдемдесулері. Қыс туралы картиналар, бақылаулар бойынша әңгімелесу, қыс қызығын тамашалаумен қатар, қысқы табиғатты қорғай білуіне назар аудару.

Табиғаттың көктемгі құбылыстары, олардың себептері туралы, көктемдегі адамдардың еңбегі жайында балалардың білімдерін толықтыру қажет болады. Көктем ұғымын қалыптастыру. Өлі табиғаттағы өзгерістерді /күннің ұзаруын, сеңнің жүруін, өсімдіктер дүниесіндегі ағаштар мен бұталардың бүр жаруын, алғашкы жапырақтың шығуын, көктемгі гүлдердің гүлденуін байқау. Жәндіктердің іс- қимылдарын бақылату арқылы балалардың түйсіктерін толықтыру. Құстардың ұшып келуін, ұя салып, балапандарына жем беруін бақылай отырып, қарлығаштың ұясы туралы әңгімелеп беру, құстардың пайдасы, оларды қорғау, қамқорлыққа алу жөнінде әңгімелесу. Мысалы, тоқылдақты ағаштың арасынан құрттарды теріп жейтіндігінен «ағаш дерігері» аталғаны, ал қарлығаштың ұшуына қарап, олар шарқ ұрып ойнап, күн нұрына шомылып жүр дейміз, ал шын мәнінде үнемі «жұмыс істеп» құрттарды аулап жүретінін, сондай-ақ тоқылдақ, қарлығаштардың суреті салынған көрнекі құралдарды пайдалана отырып әңгімелеу. «Қарлығаштың құйрығы неге айыр» атты мультфильмді пайдалану. Көктемнің алғашқы гүлі бәйшешекке тоқталу, тақпақ жаттату, бейнелеу жұмысы бойынша суретін салғызу.

Егіс даласындағы көктемгі жұмыс, гүлзарлардағы балалар еңбегіне тоқталу. Табиғат бұрышындағы өсімдіктер туралы дидактикалық ойындар ойнату.

Жаз мезгіліндегі күннің жарығы мен жылудың әсерінен өсімдіктердің өсіп жетілуі жөніндегі бала ұғымы кеңейіп, жинақталады, жеуге жарамды және улы саңырауқұлақтар мен шөптесін өсімдіктерді айыра білуге үйрету ескеріледі. Адамдардың гүлзарлардағы, егістіктердегі еңбегімен таныстырады, табиғатқа құмарлық, сүйіспеншілік, ұқыпты қарау сезімін тәрбиелейді. Балалар арам шөптерді отап, гүлдердің тұқымын жинауды үйренуі тиіс. Тәрбиеші күнделікті серуен кезінде аспанға назар аударады (бұлтты, бұлтсыз сөздерінің мағынасын түсіндіру). Жаңбырдың жаууы кезінде тәрбиеші балаларға оның бұлттан жауатындығын түсіндіреді.

Тәрбиеші балаларды әдемі гүлмен, жағымды иісімен қызықтыратын шөптесін өсімдіктермен таныстырады. Ойлау қабілетін дамыту үшін өсімдіктерді атағанда кейбір өсімдіктердің атауларына және олардың ерекшелігіне назар аударған дұрыс, мысалы: жолжелкен — жол бойында өседі, шырмауық — басқа шөптерге оралып, шырмалып өседі, т.б. Сондай-ақ табиғаттағы жаз құбылыстары, ерекшеліктері туралы бүлдіршіндердің ой-өрісін дамытып, толықтыру, өсімдіктерді күту, жануарларға қамқорлық жөніндегі адам еңбегіне тоқталу. Жаз күнінің ұзактығы, жаңбыр, найзағай, кемпірқосақ туралы түсініктерін нақтылау. Серуен, экскурсия кезінде жаздың әр кезеңінде гүлдейтін өсімдіктердің, жемістердің пісуін, құстардың көбеюін бақылау. Гүлдерді жинау, шоқгүлдер тобын жасау арқылы топ бөлмелерді безендіру. Табиғат бұрышында балалар бөлме ішінде өсімдіктерді суарып, гүлдердің түбін қопсытады, сондай-ақ аквариумды, құс торларын тазартады, өсімдіктер мен жануарларды дұрыс күту мен олардың жақсы жағдайда болуы арасындағы байланысты анықтауға үйретіледі. Табиғат мүйісінің эстетикалық көркемдігіне балалар назарын үнемі аударып отыру. Бұл топта тәрбиешінің картиналарды, диафильмдер мен көркем әдебиетті оқуды пайдалану арқылы әңгімелесулеріне көп орын беріледі және табиғат құбылыстары туралы өз елінің табиғатын қорғап, қамқор бола білу қасиеті бойына сініріледі.

Балабақшадағы экологиялық тәрбие жұмысының және бір арнасы — адамгершілік тәрбиеге саяды.

Адамгершілік тәрбиесінің мәнісі баланың адамдарға, айналадағы ортаға, туған өлкенін табиғатына деген сүйіспеншілігін, қамқорлығын арттыруды көздейді. Туған өлкеге сүйіспеншілікті тәрбиелеудің негізгі құралы — ұлттык тілі, мәдениеті, көркем өнер туындылары. Бала әдеби шығармаларды: өлең, ертегі, жұмбак, жаңылтпаш, мақал-мәтел, аңыз- әңгіме, батырлар жырын тыңдау арқылы ана тілінің құдіреттілігін сезінумен қатар, оны сүюді үйренеді. Адам табиғат пен өмірдің бар қызығын ән- жырға қосып, онын әдемі де сұлу көріністерін бала санасына ән арқылы жетікізе білген.

Халқымыздың қандай ән- әуені болмасын мейірім- шапағатқа, мәнді мазмұнға, ұлағатты тәлім- тәрбие, терең философияға негізделе жазылған. Сондықтан да ол сезімге әсер етіп, балалардың мінез-құлқы мен адамгершілік қасиеттерін, эстетикалық талғамын дамытуға ықпал етеді. Халық балаға табиғаттың құпия сырларын ән арқылы жеткізумен бірге, өмір сүрудің негізгі көзі адал еңбекке де баули білген. Оларга арнап мақал-мәтел, тақпақ, жаңылтпаштар, жұмбақтар, қанатты сөздер, ертегілер шығарып, күнделікті бала тәрбиесіне қолданған. Тәрбиенің осындай мол мұралары арқылы баланың сезімін оятып, рухани дүниесін байытқан, айнала қоршаған дүниені танытып, еңбекке баулыған және де табиғат әсемдігімен қатар кең даладағы құстардың сан алуан дыбыстарымен, жабайы аңардың үй жануарларының үнімен таныстырып, танымдық қызығушылығын арттырған.

Эстетикалық тәрбие нысанасы- баланың бойындағы әдемілік, әсемдікке іңкәрлігін /инстинкт/ оятып, табиғат сұлулығын сезіне білу, сүйіне білу қабілетін ұстарту, көзін ашқан бұлақтай талғам қиялын ұштау. Осы тұрғыдан алғанда табиғат балаларға эстетикалық тәрбие берудің бірден-бір құралы болып есептеледі. Айналадағы орта, орман, су, тау- тас, жайқалған жасыл желек, құстардың сайраған әсем даусы, жануарлар дүниесі олардың барлығы бала жанына әсер етіп назарларын қытықтап, табиғат әсемдігі туралы түйсігін тоғайтады. Тәрбиеші балаларды табиғат құбылыстарымен таныстырып қана қоймай, әдемілікті түсініп, сезе білуге, күн сәулесінің шуағын, жаңбырдың нұрын, ормандағы құстардың сайрағанын зерделеп түсінуге баулиды. Балалардың зейінін табиғат жанашырларының іс-қимылына аударып, олардың қимыл әрекеттерін бақылатады, мұның бәрі балалардың эстетикалық сезімін оятып, еңбектене білуге, табиғат байлығын оның әсемдігін жанашырлықпен қорғауға үйретеді.

Эстетикалық тәрбиенің мәнісі тек баланың әсемдік атаулыны көре білуге үйретуде ғана емес, сонымен бірге әрекет жасауға ынталандыру, әсемдік атаулыны жасауға белсенді түрде қатыстыруда екен. Балалардың зейінін табиғатта жұмыс істейтін адамның еңбегіне аударып, олардың әсем де епті қимылдарын біріге отырып бақылауы шарт, мұның бәрі балалардың эстетикалық сезімін оятып, еңбекті сүюге, еңбек адамын құрметтеуге, табиғат әдемілігін аялауға үйретеді. Сондай-ақ табиғат, жыл мезгілдерінің ауысуы, орман- тау, ауа- райының құбылмалылығы, адамның күнделікті еңбек әрекеті мұның бәрі бала түйсігінде із қалдырмай қоймайды.

Тәрбиеші балаларға табиғаттағы әдемілікті сезініп, көре білуге баули отырып, табиғатты бақылатады. Бүкіл дүниежүзілік ғылым мен мәдениеттің алтын қорына зор үлес қосқан ұлы бабамыз Әл-Фараби өзінің педагогикалық мұрасында жас ұрпақтың эстетикалық ұғымын, сезімін қалыптастыруда үш нәрсені негізге алады:

1.Баланың ішкі ынта- ықыласы, құмарлығы, табиғи қабілеті.

2.Ұстаз- тәрбиешінің шеберлігі, ар тазалығы, шәкірт алдындағы адал жауапкершілігі.

3.Тәрбие үрдісінің алатын орны. Тәрбие жұмысында барлық уақытта асқақ мұрат, іскерлік, ұйымшылдық, құмарлык және әділетті бағалау қатар жүруі шарт делінген.

Балабақшадағы еңбек тәрбиесінің басты нысанасы- баланы сәбилік шағынан қарапайым еңбек дағдыларына баулу, еңбек туралы дұрыс көзқарас қалыптастыру. Балабақшадағы еңбек тәрбиелік- білімдік жұмыс жүйесін ұйымдастырудың амалы ретінде маңызды орын алады. Бау- бақшада, гүлзарларда және табиғат мүйісінде үнемі жұмыс жасау өсімдіктер мен жануарларға деген ынта- ықыласты арттырады, балалардың табиғаттағы заттарды сүюіне және оларға ұқыпты қарауына көмектеседі, еңбексүйгіштік пен басқа да адамгершілік саналарының қалыптасуына ықпал етеді. Істелген істің мәнін, оның мақсатын жете түсінуі үшін балалардың қандай да болмасын бір тәсілді меңгеріп қана қоймай, оның неліктен керек екендігін де түсінгендері өте маңызды. Сондықтан дәндерді себуді, көшеттерді отырғызуды, аквариумге суды үстеп құюды және басқа да еңбек түрлерін көрсете отырып, түсіндірулер арқылы толықтыру қажет болады. Балаларды еңбекке үйретуде қолданылатын әдіс түрлеріне үлкен адамдардың еңбегімен, тәрбиешінің өзінін еңбек үлгісімен танысу, балаларға әртүрлі еңбек түрлерін тапсыру және олардың орындалуын тексеру, тәрбиешінің кейде бүкіл топтың істеген жұмысына баға беруі жатады.

Еңбек тәрбиесі болашақ қоғам мүддесі үшін еңбектене білетін, ойлау қабілеті жан-жақты дамыған адам даярлау мақсатында бағытталады. Адамның адам болып қалыптасуының басты құралы- еңбек. Баланың жеке басының еңбекке бейім болып өсуі оны еңбек тәрбиесіне баулуға тікелей байланысты. Балабақшадағы дұрыс ойластырылған еңбектің орны ерекше, мұндай еңбек тәрбиесі барысында бала дұрыс әрекет жасап айналадағы орта жайында алғашқы мағлұматтар алады, айналадағының бәріне қызыға қарайды, еңбекті жақсы көруге әдеттенеді. Балабақшаның ересектер тобында тұрмыстық- шаруашылық еңбек пен табиғат бұрышындағы өсімдіктер мен жануарларды күту, гүл, жеміс, көкөністерді өсіру, т.б. еңбек түрлері жатады. Мұндай еңбек түрлері балалардың білім- құмарлык, бақылағыштық, табиғатқа жаңашырлық, ұйымшылдық сиякты адамгершілік қасиеттерін жетілдіреді. Табиғат аясындағы еңбек тәрбиесі баланың айнала қоршаған орта туралы талғамын дамытып, әдемілікке әуестендіріп, адамгершілік қасиеттерін қалыптастырады, ақыл-ойын, қиялын ұштап, ересектер еңбегін бағалауға үйретеді.

Еңбек тәрбиесін ұйымдастырудағы тәрбиешінің орынды пайдаланылған мақал-мәтелдері бала санасында еңбек туралы айшықты із қалдырып, айналадағы ортаға дұрыс қарым-қатынас қалыптастырады.

4. Халықтық тәлім-тәрбие арнасы халыктың ауыз әдебиетінен, салттарынан, әдет-ғұрыптарынан, ырымдарынан, балалар ойындары арқылы жұрнақталған білім, педагогикалық мағұлматтар мен тәрбие тәжірибесінен тамыр тартады. Халқымыздың табиғатты жанындай жақсы көріп сүйе білуі және оған деген аялы алақаны мен абзал қамқорлығы қанымызға да тұла бойымызға да ананың ақ сүті арқылы дарығанын мақтаныш сезіммен айта аламыз.

Халық даналығындағы «орман- жер сәулеті, ел дәулеті», «атаңнан мал қалғанша, тал қалсын», «гүлді үзбе», «көкті жұлма», «құмырсқаның илеуін бұзба», «көкмайсаны таптама», т.б. аталы сөздері бала санасына сіңіп, адамгершілік өлшем қалыптасады. Осылайша табиғат жайындағы өнегелі өсиеттер, жырлар мен аңыздар қойнауындағы келелі ой-пікірлер экологиялық мәдениетімізді қалыптастыруда өте құнды арна саналады.

Халқымыздың дархан дарыны, Мағжан Жұмабаев Наурыз туралы өз ойын былай түйіндеген екен: «...қазақтың Наурызы- дін мейрамы емес, ол тұрмыспен, ғылыммен, байланыстырып, қағамға пайдалы игі іс жасайтындай етіп ұйымдастыру керек. Наурыз мерекесі табиғатта болатын ұлы маусымдық өзгеріспен, күн мен түннің көктемгі тең келуімен тікелей сәйкес келеді. Мұның өзі ерте дәуірлердің өзінде-ақ халықтың, табиғаттың саналуан құпия сырларын ұға білгендігін және сол арқылы дұрыс ғылыми тұжырымдар жасай білгендігін аңғартады. Наурыз ұғымы қазіргі кездегі жаратылыс тану ғылымында көбірек айтылатын табиғи тепе-теңдік /кейде оны экологиялық тепе-теңдік деп те атайды/ деген пікірлермен сабақтасып жатады».

Наурыз мейрамының тойлануындағы халыктық тағы бір түпкі мақсат- өзін қоршаған ортадан игілік атаулының көзін ашу. Оған көзі бітеліп қалған бұлақ, бастау қайнардың көзін ашып, тіршілікке нәр беру, айналаға сая боларлық ағаш отырғызу сияқты игілікті жұмыстарды ұйымдастыру жатады.

Халқымыздың табиғатқа деген сүйіспеншілігінің және оны көздің қарашығындай сақтап келуі жайында қазіргі ұрпаққа өнеге боларлық асыл мұра, даналық ұғымдар, мақал-мәтел тәрбиелік тағылымы мол аңыз-әңгімелер аз емес. Табиғат жайындағы нақыл сөздер, өнегелі өсиеттер, ойлы пікірлер экологиялык тәрбие беруде және болашақ ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруда өте құнды құрал.

Қазақ халқының тәлімдік макал-мәтелдері, бұрынғы бабалардың көрген-білген, кеңілге түйген, бастан кешкен оқиғалардан қорытқан, ғасырлар бойғы уақыт елегінен өткен ақыл-ойының жиынтығы.

Бала тәрбиесіндегі өзіндік орны бар ерекше жанрлардың бірі — жаңылтпаш. Ол баланың сөйлегенде кекештенбей, тұтықпай, дұрыс, еркін сөйлеуіне, ана тілін еркін игеруіне себін тигізеді, мазмұнында терең мән-мағына, үйлесімді ой жатады.

Халық тәрбиесінде баланың ой- өрісін дамытып, кеңейту, тілін ширатып, тапқырлыққа, шапшаңдыққа тәрбиелеу, зерделеу қабілетін жетілдіру үшін жұмбақтар қолданылып отырған. Онда өмірде кездесетін тіршілікке байланысты ұғымдар, табиғат құбылыстары, жер әлем өздеріне тән белгілері арқылы бейнеленеді. Айтылған нәрсенің сол сипат-белгісі бойынша шешуі табылады.

Ғасырлар бойы санасына сіңіп, сараланып жеткен дәстүрдің бірі ырымдар, тиым сөздер. Әрбір сөздің негізінде айналадағы ортаға, табиғатқа, адамгершілікке, көрегенділікке қажетті қасиеттерді уағыздап, жаман әдет, іс-әрекеттен бойды аулақ ұстауға тәрбиелейді.

Міне, күні бүгінге дейін тәрбиелік мәнін жоймаған осындай ырымдар баланы ізгілікке, адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелеудегі тиімді құралдардың бірі болып саналады. Бәрі де табиғат- анадан арна тартады! [12. 52]



Каталог: web -> uploads -> doc
doc -> Урок Воздушная оболочка Земли. Физика 7 класс. Учитель: Злобина Л. Л. Тема урока: Воздушная оболочка Земли. Вид урока: комбинированный Тип урока: изучение и первичное закрепление знаний
doc -> Конспект урока по биологии в 11 классе «Предпосылки возникновения учения Ч. Дарвина»
doc -> 2 Мемлекет деңгейінде сыртқы экономикалық қызметті басқару
doc -> «Меңдiқара ауданы әкімдігінің білім бөлiмiнің Буденный орта мектебі» мм
doc -> Диплом жұмысы Мамандық 050102 «Бастауышта оқытудың педагогикасы және әдістемесі»
doc -> Кіріспе зерттеудің көкейкестілігі
doc -> Час общения «Традиции и обычаи казахского народа»
doc -> Кіріспе Бюджет жүйесін басқарудың теориялық негіздері


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет