Ііі дәрістер №1 дәріс. Морфологиялық талдаудың әдістемесі



бет10/10
Дата22.08.2017
өлшемі1,9 Mb.
#24417
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

Септеуліктер – сөз бен сөзді (сөз тіркесінің компонентттерін), сөйлем мен сөйлемді (сабақтас құрмалас сөйлемнің компоненттерін) сабақтастыра байланыстыратын шылау. Мысалы, көпір арқылы өту, жыл сайын келу, мектепке қарай беттеу, көптен бері хабарласпау. Жолаушылар дөңді айналып кеткенге дейін, ауылда қалған жандардың ешқайсысы орындарынан қозғалған жоқ. Мысалдардағы көпір деген зат есім өту етістігімен арқылы септеулігі арқылы, жыл деген зат есім келу етістігімен сайын шылауы арқылы, мектеп зат есімі беттеу етістігімен -қа қарай (-қа барыс септігінің жалғауы мен қарай септеулік шылауынан тұратын) аналитикалық форманты арқылы, көп деген заттанған сын есім хабарласпау етістігімен -тен бері (-тен шығыс септігінің жалғауы мен бері септеулік шылауынан тұратын) аналитикалық форманты арқылы байланысқан. Сол сияқты соңғы мысалдағы сабақтас құрмалас сөйлемнің бағыныңқы сөйлемінің баяндауышы құрамындағы -ге дейін форманты да бағыныңқы сөйлемді басыңқы сөйлеммен сабақтастыра байланыстырған.

Қазақ тіліндегі оқулықтар мен тақырыпқа қатысты ғылыми зерттеу еңбектерде, әдетте, септеулік шылаулар белгілі бір септік жалғауындағы сөздерге, атап айтқанда, атау, барыс, шығыс, көмектес септігіндегі сөздерге жетектеліп келетін көмекші сөздер ретінде сипатталып жүр. Жоғарыда келтірілген мысалдардағы арқылы, сайын атау септігіндегі сөздерге жетектелетін септеуліктер деп танылып жүр. Мысалдардағы көпір, жыл сөздері атау септігінде тұрған сөздер ме? Егер олар атау септігінде тұрса, зат қимылдың иесі екенін білдірер еді ғой. Мысалдардағы сөздердің бойында бұл мағынан мүлдем жоқ. Және атау септігі өзі жалғанған сөзді бастауыш қызметіне қойып, баяндауышпен байланыстыратын қосымша. Яғни атау септігі сөз бен сөзді байланыстыруға өзінің қабілеті де жеткілікті септік, атау септігіндегі сөздің үстіне септеулік шылауды қосудың қажеті шамалы. Ендеше бұл сөздер – атау септігін қабылдамаған сөздер. Көпір арқылы өту тіркесінің құрамындағы сөздерге морфемдік талдау жасасақ: Көпір – түбір сөз, зат есім; арқылытүбір сөз, септеулік шылау; өт – түбір сөз, етістік, -у – тұйық етістік жұрнағы. Тіркес құрамындағы сөздерге морфологиялық талдау жасасақ: көпір – негізгі түбір зат есім, атауыш (толық мағыналы) сөз; арқылы – зат есімді аналитикалық тәсілмен түрлендірген көмекші сөз, септеулік шылау; өту – қимыл есімі (тұйық етістік) тұлғасындағы етістік, атауыш сөз. Бұл жерде көпір зат есімін арқылы шылауымен түрлендірудің қажеті қанша деген заңды сұрақ туады. Оның қажеттілігі сол – түбір қалпында затты ғана атап тұрған зат есімге (көпір) сол зат етістік арқылы аталған қимылдың (өту) заттық құралы екенін білдіретін (өту әрекеті көпір деген зат арқылы жүзеге асатыны туралы) грамматикалық мағына жамап, зат есімнің етістікке мағыналық қарым-қатынасын реттейміз. Яғни арқылы септеулігін зат есімге тіркестіргенде зат есім заттың атын ғана атаумен шектелмей, сол зат қимылдың жүзеге асу құралы екенін де білдіреді. Сөйтіп ол осы мағынасы арқылы етістікпен толықтауыштық қатынасқа түсіп, синтаксистік байланыс орнатады. Жыл сайын келу тіркесінде сайын шылауы бағыныңқы компонентке басыңқыдағы қимыл (келу әрекеті) бағыныңқыдағы зат есім арқылы аталған мезгіл ішінде аралық қашықтықты сақтай отырып, тұрақты қайталанытынын білдіретін мағына жамаған. Септеулік шылаудың осы мағынасы зат есім мен етістіктің синтакситік байланыс орнатуына және зат есімнің етістікке қатысты синтаксистік (пысықтауыштық) қызметіне негіз болған. Мектепке қарай беттеу тіркесінде бағыныңқы компонентте аталған зат (мектеп) басыңқыдағы қимылдың (беттеу) жалпы бағыт, бағдары екенін білдірілген. Өйткені мектеп қимылдың нақты бағыты емес, қимылды жасаушы беттегенде (қозғалғанда) дәл мектеп ғимаратының өзі емес, оның маңындағы басқа да ғимараттарды нысана етуі мүмкін. Ал мектепке беттеді десек, мектеп қимылдың нақты бағыты екені білдіріледі. Өйткені қимылды жасаушы мектептің дәл өзіне беттеп келеді. Ендеше -ке барыс септігінің мағынасы мен -ке қарай формантының сөзге үстейтін грамматикалық мағыналары тең емес. Және зат қимылдың жалпы бағдары екенін білдіру керек болғанда (өйткені сөйлеуші қимылды жасаушының қимылының нақты бағытын білмеуі мүмкін, сондықтан жалпы бағдарын ғана хабарлай алады), барыс септігі мен қарай септеулігін бірлікте қолданамыз. Ендеше –ке қарай екі морфемадан тұратын бір ғана морфологиялық тұлға, аналитикалық формант. Дәл сол сияқты көптен бері хабарласпау тіркесіндегі -тен бері екі морфемадан тұратын бір морфологиялық тұлға.

Сонымен септеулік шылаулар – кейде жеке өздері, кейде септік жалғауларымен бірлесіп келіп, дәл септік жалғаулары сияқты зат есімдерді (заттанған сөздерді) оған белгілі бір грамматикалық мағына жамау арқылы синтаксистік қызметтерін белгілеп, етістікпен байланыстыру үшін қолданылатын көмекші сөздер.

Дегенмен кейде септік жалғауы мен септеулік шылаудан тұратын морфологиялық тұлғаның сөз бен сөзді байланыстыруға қатыспайтын кездері де болады. Мысалы, 90-жылдардың басында дүкен сөрелерінен қыл аяғы сабынға дейін табылмайтын. Сөйлемдегі сабын сөзін түрлендіре келген -ға дейін форманты өзі жалғанған зат есімге зат өлшемнің соңғы шегі екенін білдіретін грамматикалық мағына жамаған. Ал бұл мағынаның қимылға еш қатысы жоқ. Сондықтан -ға дейін форманты зат есімді етістікпен байланыстырған дей алмаймыз. Мұнда зат есімнің аналитикалық тәсілмен -ға дейін форманты арқылы түрленген тұлғасы одан әрі атау септігін қабылдап бастауыш қызметіне тұрған және ол (атау септігі) сөйлеушінің ызалы көзқарасын өлшемдік шек түрінде атаған зат табылмау әрекетінің иесі екенін білдіріп, баяндауышпен байланыстырған. Сол сияқты жүзге жуық адам үлгісіндегі сан есімге болжалдық мағына жамай келген -ге жуық форманты да байланысты жүзеге асыруға қатыспаған. Мұндағы байланыс сөздердің орын тәртібі арқылы орнап, анықтауыштық қатынас бағыныңқының сандық мағынасы мен басыңқының заттық мағыналары негізінде қалыптасқан.

Сөйлемдегі сөздердің ешбір сөз байланыстырушы тұлғаның (жалғаудың, шылаудың) жәрдемінсіз бағыныңқы компоненттің басыңқы компонент алдында келіп, мағыналық жақтан үйлесім табуын орын тәртібі арқылы байланыс деп танып жүрміз. Орын тәртібі арқылы байланыс өз ішінен іргелес орын тәртібі арқылы байланыс және алшақ орын тәртібі арқылы байланыс болып екіге бөлінеді. Мысалы, Олар сол күні осы ауылдан күн шықпай тұрып аттанып кеткен болатын. Сөйлемдегі орын тәртібі арқылы байланысқан компоненттерді анықтап, тізіп шығайық:



  1. сол күнісөйлемде бұл толық мағыналы екі сөз іргелес тұрып байланысқан;

  2. сол күні аттанып кетусөйлемде бағыныңқы (сол күні) басыңқы компоненттен араға басқа сөйлем мүшелерін салып, алшақ тұрып байланысқан;

  3. осы ауылсөйлемде бұл толық мағыналы екі сөз іргелес тұрып байланысқан;

  4. күн шықпай тұрып аттанып кетусөйлемде бағыныңқы (күн шықпай тұрып) басыңқымен іргелес тұрып байланысқан.

Бұл – мектеп. Асан – студент үлгісіндегі бірі бастауыш, екіншісі баяндауыш қызметінде келген сөздердің арасында байланыс интонация арқылы жүзеге асқан деп көрсетіліп жүр. Бұл мектепте ол да оқыған деген сөйлемдегі бұл мектеп деген анықтауыштық қатынастағы сөздердің тіркесінде бірінші компоненттен кейін Бұл – мектеп дегендегі предикаттық қатынастағы сөздердің бірінші компонентінен кейінгі сияқты дауыс кідірісі жоқ. Ал екінші мысалдағы бастауыштан кейін арнайы ұзақ пауза бар. Сондықтан бұл мектеп тіркесінде сөздер іргелес орын тәртібі арқылы, Бұл – мектеп дегенде сөздер интонация арқылы байланысқан деп түсіндіріледі. Бұл мысалдағы сөздердің арасындағы дауыс кідірісі сол сөздердің байланыс орнатуына қызмет ететінін жоққа шығармастан, байланысты жүзеге асыруда басқа тұлғалардың да қатысатынын да көрсеткіміз келеді.

Әдетте сөйлем құрамында оңашаланған айқындауыш мүшелер мен бірыңғай мүшеге қатысты жалпылауыш сөздер болмаса, қазақ тіліндегі жай сөйлемдер айтылу барысында өз ішінен екі бөлікке жіктеліп айтылады. Мұндағы бірінші бөлікті бастауышқа қатысты тізбек құраса, екінші бөлікті баяндауышқа қатысты сөздер тізбегі құрайды және екі бөліктің арасында міндетті түрде тиянақсыз дауыс кідірісі орын алады. Мысалы, Екі күн аңның қызығымен жүрген аңшылар // бүгін кеш бата таудың етегінде отырған ауылға келіп түскен. Мысалдағы өзара түрлі қатынастардағы сөздер тізбегі айтылу барысында бастауыш қызметінде тұрған аңшылар сөзінің төңірегіне бір сөйлеу лебімен топтасып келеді және бастауыш қызметіндегі сөзден кейін ұзағырақ кідіріс орын алып тұр. Сол сияқты Сиыр қораға кірді сияқты сөйлемдегі екі зат есімнің арасын кідіріссіз де, кідіріспен де айтуға болады. Кідіріссіз айтсақ, сиыр сөзі қора сөзімен байланысып, онымен анықтауыштық қатынасқа түседі, кідіріс жасап айтсақ: Сиыр // қораға кірді, енді аталған сөз бастауыш қызметіне тұрып, баяндауышпен байланысады. Ендеше сөйлемдегі бастауыштан кейін болатын дауыс кідірісі бастауышты басқа сөйлем мүшелерінен ажырататын, оны баяндауышпен байланыстыратын сөйлеу элементі және сөйлеу әрекеті кезінде Бұл – мектеп, Асан – студент үлгісіндегі бастауыштан кейін ғана емес, сөйлемдегі барлық бастауыштан кейін орын алатын құбылыс. Сондықтан Бұл – мектеп, Асан – студент үлгісіндегі тіркестерде дауыс кідірісі оқулықтарда көрсетіліп жүргендей сөз бен сөзді байланыстыратын негізгі және жалғыз тәсіл емес. Негізгі емес дейтініміз – дауыс кідірісі тек осы үлгідегі бастауыштардан кейін ғана емес, барлық бастауыштан кейін орын алатын құбылыс. Жалғыз тәсіл емес дейтініміз мұндағы байланысқа түскен есім сөздер кейбір ережелерде айтылып жүргендей «екеуі де атау тұлғалы (атау септік тұлғасындағы) сөздер» емес. Мұндағы атау септікте тек бастауыш қызметіндегі сөздер ғана тұр және сол атау септігі өзі жалғанған сөзді баяндауышпен байланыстырған. Ал баяндауыш қызметіндегі сөздер жіктік жалғауының үшінші жағында нөлдік қосымшамен жұмсалған. Ендеше бұл сөздер (баяндауыштар) атау септік тұлғасында емес, жіктік жалғау тұлғасындағы сөздер және баяндауыш өз бастауышымен осы жіктік жалғауы арқылы байланысқан. Сондықтан Бұл – мектеп, Асан – студент үлгісіндегі сөздердің байланысы жалғыз интонация арқылы (бастауыштан кейінгі дауыс кідірісі) жүзеге аспаған, бастауыштар баяндауыштармен атау септігі, баяндауыштар бастауышпен жіктік жалғауы арқылы байланысқан. Ал сөйлемдегі барлық бастауыштан кейін орын алатын дауыс кідірісісөйлемнің бастауыштық бөлігін топтастыратын, бастауышты басқа мүшелерден ажырататын, бастауыштық бөлікті баяндауыштық бөлікпен жалғастыратын сөйлеу әрекетінің элементі.



  1. Синтаксистік байланыстың түрлері. Сөйлемдегі сөздердің синтаксистік байланыс орнату тәсілдері негізінде байланыс түрлері (формалары) анықталады. Қазақ тілінде байланыстың бес түрі бар екені көрсетіліп жүр: қиысу, матасу, меңгеру, қабысу, жанасу. Бұлардың үшеуі: қиысу, матасу, меңгеру қосымша, оның ішінде жалғаулар арқылы қалыптасатын байланыс түрлері, қабысу мен жанасу орын тәртібі тәсілі арқылы жүзеге асатын байланыс. Сонда шылау арқылы, оның ішінде септеулік шылау арқылы байланыстарды, сондай-ақ (егер бөлек байланыс тәсілі ретінде танитын болсақ) интонация арқылы байланыстарды байланыстың қай түріне жатқызу керек деген сұрақтар туындайды.

Ертеректердегі әдебиеттерден «қиысу – бастауыш пен баяндауыштың арасында орын алатын байланыс түрі» сияқты анықтамаларды кездестіреміз. Бірақ бұл анықтама – байланыс тәсілінен шығарылған анықтама емес, байланысқа түскен компоненттердің синтаксистік қатынасына негізделген анықтама. Сондықтан жоғарыдағы анықтама «қандай байланыстың түрін қиысу деп атаймыз?» деген сұраққа жауап бере алмайды, «қиысу байланысы қандай қатынастағы сөздердің арасында болады?» деген сұрақтың жауабы болып табылады. Кейінгі жылдардағы оқулықтарда «қиысу дегеніміз – сөз бен сөздің жіктік жалғауы арқылы, немесе жіктелу реті бойынша байланысы» деген мазмұндағы (немесе осыған ұқсас) анықтама кең орын алып отыр. Бұл анықтама – байланыстың басқа түрлері сияқты байланыс тәсіліне негізделген, соның ішінде жііктік жалғауының қызметін негіз еткен анықтама. Бұл анықтамадағы автордың «жіктелу реті» деп отырғаны – баяндауыштың үшінші жақта жұмсалуымен байланысты термин. Жіктік жалғаудың бірінші және екінші жақта арнайы жалғауларының болуы, үшінші жақта (етістіктің көсемше тұлғасынан басқа сөз тұлғаларында) жіктік жалғау қосымшасының болмауы, бірақ үшінші жақтық мағынаның болуы «сөздер бірінші және екінші жақта жіктік жалғаулары арқылы, ал үшінші жақта (жіктік жалғаудың көрсеткіші болмағандықтан) жіктелу реті бойынша байланысады» деуіне себеп болған. Қиысу байланысында жіктік жалғаудың рөлі бары анық. Ол өзі жалғанған баяндауышқа жақтық және сандық (жекеше-көпше) мағыналар үстеп, баяндауышты бастауыштың жақтық, сандық мағыналарымен сәйкестендіреді. Мысалы, мен келдім дегенде жедел өткен шақ жұрнағы арқылы етістіктен жасалған баяндауыш жіктік жалғаудың бірінші жақ жекеше түрін де қабылдаған. Бұл қосымшасыз баяндауыш өз бастауышымен байланыса алмайды. Жіктік жалғау баяндауышқа бірінші жақтық, жекеше мағына жамаған. Ал бұл – бастауыштың (мен жіктеу есімдігінің) мағыналарына сәйкес. Сөйтіп екі сөздің арасында жақтық және сандық мәндерінде сәйкестік, үйлесім пайда болды. Ендеше, жіктік жалғау – баяндаушты бастауышпен жақтық және сандық мағыналары бойынша сәйкестендіре байланыстыратын қосымша. Енді мысалдың екінші сыңарына үңілейік. Мұнда жіктеу есімдігі атаған зат (бірінші жақтағы жеке тұлға) қимылдың иесі болып тұр. Ендеше бастауыш атау септігінде тұр және атау септігі арқылы өз баяндауышымен байланыс орнатқан. Яғни, атау септік зат баяндауышта аталған қимылдың иесі екенін білдіруі арқылы есімдіктің етістікке қатысты грамматикалық мағынасын реттеген, байланыстырған. Сондықтан қиысу байланысын екі жақты байланыс деп танимыз: байланыстың (бастауыш қызметіндегі) бірінші сыңары екіншісімен атау септігі арқылы байланысады, (баяндауыш қызметіндегі) екінші компонент біріншімен жіктік жалғауы арқылы байланысады.

Сонымен, (бастауыш қызметіндегі) бірінші сыңары екіншісімен атау септігі арқылы байланысатын, (баяндауыш қызметіндегі) екінші компонент біріншімен жіктік жалғауы арқылы байланысатын екі жақты байланыс түрін – қиысу деп атаймыз.

Қиысу кейде біржақты ғана жүзеге асуы мүмкін. Атап айтқанда, кейбір сабақтас құрмаластардың бағыныңқы сөйлемінің баяндауыштары (ол баяндауыштар әр түрлі тұлғалармен тұлғаланған есімшелі және қимыл есімді етістіктерден, көсемше тұлғалы етістіктен болғанда) жіктік жалғаусыз жұмсалатыны белгілі. Мысалы, Біз келіп, үйдегілер тыныштала қалды. Бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы (келіп) көсемше арқылы етістіктен жасалған тиянақсыз тұлғада келген. Бұл баяндауыштың тиянақсыз болу себебін жіктік жалғаусыз келуімен байланыстырғанбыз. Баяндауыш жіктік жалғау болмағандықтан, үш жаққа да бейтарап: мен келіп, сен келіп, ол келіп, т.б. Ендеше баяндауыш бастауышпен байланыс орнатпаған, сөздердің арасындағы байланыс бастауыштан баяндауышқа қарай ғана бағытталған және ол байланыс бастауыштың құрамындағы атау септігі арқылы ғана жүзеге асқан. Ендеше бұл мысалдағы байланыс бір жақты ғана қиысу немесе жартылай қиысу. Тіпті мұндай байланысты сөздердің арасында предикаттық қатынас орнамағанда, байланыс бір жақты және септік жалғауы арқылы жүзеге асқандықтан, меңгерудің қатарында тануға болар болар еді. Алайда сөздердің арасындағы предикаттық қатынас байланысты қиысу деп тануға негіз болады. Жартылай қиысу үйірлі мүше деп танылып жүрген синтаксистік құрылымдардың құрамындағы сөздер арасында да орын алады. Мысалы, Аузы күйген үріп ішер. Сөйлемнің үйірлі бастауышы - аузы күйген өзара предикаттық қатынастағы сөздердің байланысынан тұрады. Бұл байланыс бірінші сөздің атау септігінде келуі арқылы орнаған, ал екінші сыңардың құрамында жіктік жалғау жоқ, есесіне, тіпті ол да атау септігінде тұр. Бұл мысалда есімшелі тіркес синтаксистік транспозицияға ұшырап, зат есімге тән қызмет атқарған. Бұл құбылыс төмендегідей тәртіппен жүрген деуге болады: Аузы күйген үріп ішер деген сөйлем Аузы күйген адам үріп ішер деген сөйлемдегі атау септігінде тұрған зат есімі бар сөйлемнің ықшамдалуынан, атап айтқанда, бастауыш қызметіндегі адам сөзінің эллипсистенуі арқылы қалыптасқан. Түсіп қалған зат есім атау септігі арқылы бастауыш қызметін атқарып, сол атау септігі арқылы баяндауышпен байланыс орнатқан болатын. Ал түсіп қалған зат есімге қатысты аузы күйген тіркесі зат есім сөйлемде бар кезде анықтауыш қызметінде келген. Енді зат есім түсіп қалғанда, есімшелі тіркес сол зат есімнің есебінен заттанып, зат есімді етістікпен байланыстырушы атау септігін қабылдап, зат есім атқарып тұрған синтаксистік қызметке, бастауыш қызметіне көшкен.

Қиыса байланысқан сөздердің басыңқы және бағыныңқы сыңарларын анықтауда кейде баяндауыштық қызметтегі компонентті басыңқы деп жаңсақ көрсетулер кездесіп қалады. Қиысу – сабақтас байланыстың нәтижесі. Ендеше оның мағыналық, тұлғалық жақтарынан басыңқы және бағыныңқы сыңарлары болуы заңды. Мағыналық жақтан алғанда қиыса байланысқан сөздердің басыңқысы әрқашан бастауыш қызметіндегі бірінші компонент болады. Өйткені ол баяндауышта аталған іс-әрекет, жай-күй арқылы сипатталып тұратын компонент. Баяндауыш қызметіндегі компонент байланыстың семантикалық бағыныңқысы болып табылады, Өйткені ол бастауыштың іс-әрекет, жай-күйін білдіре сипаттайды. Ал тұлғалық жақтан келсек, екі сөзді де бір-біріне әрі басыңқы, әрі бағыныңқы деп тануға болады. Алдымен, басыңқы болатыны тағы да – бастауыш қызметіндегі компонент. Өйткені ол баяндауыштың үш жақтың бірінде тұруын талап ететін сыңар. Баяндауыш қызметіндегі компонент бастауыштың талабын орындап, бастауыш қай жақта тұрса, сол жақтағы жіктік жалғауын жалғанады. Бастауыш қызметіндегі семантикалық басыңқы атау септігін баяндауыш қызметіндегі етістіктің талабы бойынша, онымен предикаттық қатынас орнату үшін қабылдайды. Сөйтіп байланыс – екі жақты байланыс болып шығады.

Қиысу байланысының қатарына Асан –студент үлгісіндегі интонация арқылы байланысқан деп танылып жүрген байланыстар да жатады, бірақ олар бір-бірімен дауыс кідірісі арқылы байланысқандықтан емес, бірі атау септікте, екіншісі жіктік жалғауда кеолгендіктен қиысу деп танылады.

Сөйлемдегі сөздердің бірінің ілік септігінде, екіншісінің тәуелдік жалғауында келіп анықтауыштық қатынастағы байланысы – матасу деп аталады. Матаса байланысқан сөздердің басыңқысы қызметінде зат есімдер, заттанған басқа сөз таптары (соның ішінде етістіктің қимыл есімі және есімше тұлғалары да) келеді. Бағыныңқы да, негізінен, зат есімнен болады немесе заттанған басқа сөз таптары да болуы мүмкін.

Матасу байланысының өзіндік ерекшелігі – екі жақты байланыс түріне жататындығы. Расында да, байланыстың ілік септігіндегі сыңары тәуелдік жалғауындағы сөзді, екінші тәуелдік жалғаудағы сыңары ілік септіктегі сөзді «сұрап тұруы» - ертеден ерекше синтаксистік құбылыс ретінде танылып келеді. Бірақ бұл – тек тұлғалық жақтан алғандағы сабақтасу ерекшелігі. Яғни, тұлғалық ба йланыс тұрғысынан алғанда, екі компонент те бір-біріне әрі бағыныңқы, әрі басыңқы ретінде көрініс бере алады. Өйткені ілік септігіндегі сөз, біріншіден, екінші сыңардың тәуелдік жалғауда тұруын талап етіп, басыңқы сыңар ретінде көрінсе, екіншіден, тәуелдік жалғаулы сөздің талабын орындап, бағыныңқы ретінде де көрінеді. Сол сияқты тәуелдік жалғаудағы сөз, біріншіден, ілік септігіндегі сөздің талабы бойынша тәуелденіп, бағыныңқы ретінде де, екіншіден, бірінші сыңардың ілік септігінде тұруын талап етіп, басыңқы ретінде де танылады. Мағыналық жақтан алғанда бағыныңқы да, басыңқы да бір-бірден: семантикалық бағыныңқы – ілік септігіндегі сөз, ол басыңқыдағы заттың иесін білдіріп, үнемі анықтауыш қызметінде келеді, семантикалық басыңқы – тәуелдік жалғаулы сөз, ол ілік септігіндегі сөз тарапынан анықтала келеді. Мысалы, тонның түймесі, үйдің терезесі, оқушының қаламы, т.б.

Сөйлемдегі сөздердің бірінің екіншісімен атау мен ілік септігінен басқа септік жалғауларының бірінде келіп байланысуын меңгеру деп атаймыз деген анықтама бүгінде кең етек алған. Мысалы, тоғайға бару, жерді күрекпен қазу, таудан түсу, әкесімен тілдесу, т.б.

Анықтамадан көрінетіні – атау септігі қиысу байланысының бір элементі, ілік септігі матасудың бір элементі – екеуі де екі жақты байланыстарға қатысты болғандықтан, басқа септіктер жиналып бір жақты байланыстың, меңгеру байланысының, көрсеткіштеріне айналған. Тоғайға бару дегенде барыс септігі зат есімге жалғанған. Барыс септігіндегі зат есім қимылдың (бару) нақты бағыты екенін білдіріп, етістікке пысықтауыштық қатынаста келген. Ендеше зат есім барыс септігінің жалғауын осы қатынасты білдіру үшін етістіктің талабы бойынша қабылдаған. Ал етістік қозғалыс етістігі қатарына жатқандықтан, оның сол қозғалыстың бағытын білдіретін «сөз сұрауы» - заңды құбылыс, сөйтіп байланыс бағыныңқы сөзден басыңқыға қарай бағытталып, бір жақты орнаған.

Қазақ тіл білімінде меңгерудің табиғатын тануда ғалымдар пікірі үнемі бір жерден шыға бермейді. А. Аманжолов меңгеру байланысының қатарына басыңқы етістіктің лексика-грамматикалық тіркесімділік қасиеттерін негіз ете отырып, бүгінде күшті меңгеру қатарына жатқызылатын табыс септігі арқылы байланысқан үлгілерді ғана жатқызады. Ғалымдардың көпшілігі атау мен іліктен басқа септіктер орын алған байланыстардың бәрін меңгеру қатарына жатқызып, оның табиғатын кең түрде қарайды. Е. Ағманов септік жалғауы арқылы байланысқан кейбір есімді тіркестерді қабысу қатарында қарау керек деген ұсыныс жасайды. Септеулік шылаулардың қатысы арқылы жүзеге асқан байланыстарды меңгеру қатарына жатқызу керектігі соңғы жылдары ғана айтылып жүр.. Септеулік шылаулар кейде жеке өздері, кейде септік жалғауларымен бірлесіп келіп, дәл септік жалғаулары сияқты зат есімдерді (заттанған сөздерді) оған белгілі бір грамматикалық мағына жамау арқылы синтаксистік қызметтерін белгілеп, етістікпен байланыстыру үшін қолданылатын көмекші сөздер болғандықтан, септеулік шылау арқылы жүзеге асқан байланыстарды да меңгеру қатарына жатқызамыз.

Сондықтан, меңгеру дегеніміз – байланыстың бір жақты септік жалғаулары және септеулік шылаулар арқылы жүзеге асқан түрі.

Меңгеріле байланысқан сөздер арасында толықтауыштық және пысықтауыштық қатынастар орын алады. Сөздердің арасындағы қатынастардың мазмұнына басыңқы сыңардың лексика-грамматикалық қасиеті мен бағыныңқы сыңардағы септік жалғауларының грамматикалық мағыналары негіз болады. Басыңқы сөз өзінің лексикалық және грамматикалық тіркесімділік қабілеттері негізінде ғана басқа сөздермен байланысқа түседі. Мысалы, Бала жерді күрекпен қазды деген сөйлемдегі етістік (қазу) – іс-әрекет иесі қандай да бір құралмен атқаратын қандай бір затты қамтитын әрекетті атайды. Ендеше бұл етістіктің лексика-граматикалық мағынасында а) қимылдың иесін атайтын сөзбен; ә) қимылдың тура объектісін атайтын сөзбен; б) қимылдың құралын атайтын сөзбен тіркесу қабілеті бар. Ал бұл сөздер өз кезегінде аталған етістікпен белгілі мазмұндағы байланыс орнату үшін септік жалғауларының көмегіне сүйенген: а) зат (бала) қимылдың иесі екенін атау септігі; ә) зат (жер) қимылдың тура объектісі екенін табыс септігі; б) зат (күрек) қимылдың құралы екенін көмектес септіктері білдірген. Сөйтіп Бала қазды деген сөздердің байланысынан предикаттық қатынас, жерді қазды сөздерінің байланысынан толықтауыштық қатынас, күрекпен қазды сөздерінің байланысынан әрі толықтауыштың (немен қазды?) сұрағына жауап беретін, әрі пысықтауыштың (қалай қазды?) сұрағына жауап беретін қатынас орын алған.

Қазу етістігінің тіркесімділік қабілеті мұнымен шектелмейді. Ойдың толықтығын, бұдан әрі кеңдігін қамтамасыз ету үшін етістікке басқа сөздерді де байланыстырып сөйлемге қоса беруге болады. Мысалы, сөйлемде қимылдың жүзеге асу мезгілін атау керек болса, қажетті үстеудің бірін (кеше қазды) немесе лексикалық мағынасында мезгіл мағынасы бар зат есімдердің бірін (жексенбіде қазды, сағат он екіде қазды ) жатыс септігіне қойып, сондай-ақ мезгіл мәнді сөз басыңқы болған сөз тіркестерін (сол күні қазды) етістікпен байланыстырып, сөйлемге қосуға болады, сол сияқты қимылдың уақыттық көлемін білдіру үшін етістікке бағыныңқы етіп басқа сөздерді байланыстырамыз (екі сағат қазды, күні бойы қазды, т.б.). Сөйтіп сөйлем етістіктің тіркесімділік қабілетіне сәйкес жайылмалана түседі: Бала жерді күрекпен кеше күні бойы қазды. Мұндай тіркесімділік қабілет сөйлемдегі етістік қана емес басқа сөздерге де тән қасиет: Қаладан ауылға дем алуға келген бала ауладағы кортоп егетін жерді дүкеннен сатып алынған темір күрекпен кеше күні бойы қазды.

Қабысу байланысы туралы анықтамалар бірізді: сөйлемдегі сөздердің іргелес орын тәртібі арқылы байланысы – қабысу деп танылып жүр. Қабыса байланысқан сөздер бағыныңқы сыңарына қарай есімді және етістікті тіркестер болып болып бөлінеді. Мысалы, жылы су – қабыса байланысқан есімді сөз тіркесі, ілгері жылжу – етістікті сөз тіркесі. Соңғы жылдары қабысудың үшінші түрі – ортақ қабысу да бар екені көрсетіліп жүр. Ортақ қабысудың басты белгісі – басыңқы сыңар құрамында есім сөз де, етістік те бар болуы. Мысалы, жақсы адам болатын. Мұндағы бағыныңқы сыңар зат есім мен көмекші етістіктен тұрады.



Жанасу байланысы байланыстың жеке бір түрі ме, әлде М. Балақаев өзі көрсеткендей «жанасу – алшақ қабысу», яғни, қабысудың ерекше бір түрі ме? («Кіріккен сөздер – біріккен сөздің бір түрі, құрамындағы сөздері дыбыстық өзгеріске ұшыраған біріккен сөздер» деген сияқты). Жанасу – байланыстың жеке түрі болса, меңгеріле немесе қабыса байланысқан сөз тіркестері деген сияқты жанаса байланысқан тіркестер деген қолданыстар неге жоқ, сондай-ақ оның өзіне тән (басқа байланыс түрлерінен ажыратын) ерекше белгілері қайсы?

Қабысудан айырмашылығы ретінде жанасуда байланысқа түсетін сөздер сөйлемде бірде іргелес, бірде алшақ орналаса алатыны ғана көрсетіледі. Мұндай қасиетке тек етістікпен байланысатын мезгіл үстеулері мен басыңқысы мезгіл мәнді зат есімнен болған сөз тіркестері ғана ие. Мысалы, Бүгін Алматыдан сағат төртте келетін поезд екі сағатқа кешікті. Сол жылы әке-шешесі ауылдан қалаға көшкен болатын. Бірінші сөйлемдегі мезгіл үстеуінің (бүгін) сөйлемдегі қай етістікпен (келетін немесе кешікті) байланысқанын тексерейік. Яғни, тіркес бүгін келетін (поезд) бе әлде бүгін кешікті ме? Мезгіл үстеуінің сөйлемдегі екі етістікпен де байланысқа түсу қабілеті бар, бірақ бір сөз сөйлемдегі екі сөзге бірдей бағыныңқы бола алмайды. Егер сөйлемді Бүгін // Алматыдан сағат төртте келетін поезд // екі сағатқа кешікті түрінде үстеуден кейін кідіріс жасап айтсақ, онда бұл үстеудің сөйлемнің соңындағы етістікпен (бүгін кешікті) байланысқаны, өйткені үстеуден кейінгі пауза оны Алматыдан сағат төртте келетін поезд тізбегінен жіктеп, олармен байланысы жоқтығын білдіреді. Бұдан мезгіл үстеуінің сөйлемде өзі байланысатын сөзден қанша алшақ тұрса да, тіпті оған дейін басқа етістіктер кездессе де, олармен байланыспай, тікелей қажетті сөзімен байланысатындығы көрінеді. Сол сияқты осы сөйлемді Алматыдан сағат төртте келетін поезд бүгін екі сағатқа кешікті және Алматыдан сағат төртте келетін поезд екі сағатқа бүгін кешікті түрінде де құруға болады. Бұл кездерде мезгіл үстеуінің өзі байланысатын сөзге позициялық жақындағаны болмаса, сөйлемнің ақпараттық мазмұнында да, байланыстың сипаттарында да еш өзгеріс болмайды. Осы сөйлемді бүгін сөзінен кейінгі дауыс кідірісін алып тастап құрсақ (Бүгін Алматыдан сағат төртте келетін поезд // екі сағатқа кешікті), немесе Алматыдан сағат төртте келетін поезд конструкциясының құрамына кез келген сөзден кейін (тек етістіктің алдынан) қойсақ, онда мезгіл үстеуі анықтауыш қызметіндегі есімше тұлғасындағы етістікпен байланыс орнатады. Бірақ оның позициясы бәрібір еркін: бүгін Алматыдан сағат төртте келетін, Алматыдан бүгін сағат төртте келетін, Алматыдан сағат төртте бүгін келетін. Сол жылы әке-шешесі ауылдан қалаға көшкен болатын деген келесі сөйлемде де сілтеу есімді мен мезгіл мәнді зат есімнің тіркесінен болған пысықтауыштың да орны еркін, сөйлемде кез келген позицияға тұра алады: Әке-шешесі сол жылы ауылдан қалаға көшкен болатын, Әке-шешесі ауылдан сол жылы қалаға көшкен болатын, Әке-шешесі ауылдан қалаға сол жылы көшкен болатын.

Әдетте сөйлем ішінде бір тәсілмен (орын тәртібі арқылы) бір сөзге бірнеше сөз жарыса байланысып келгенде, сөйлеу заңы бойынша олардың көбі өзі байланысатын сөзден алшақтап, тек біреуі ғана іргелес орналасады. Мысалы, сағат деген зат есім зат есімнен және сын есім мен сан есімдерден болған орын тәртібі арқылы байланысқан анықтауыштарды қабылдай алады: алтын сағат, қол сағат, екі сағат, үлкен сағат. Бірақ сол анықтауыштардың бәрі бірдей жұмсалғанда, тек біреуі ғана басыңқымен іргелес орналасады: екі үлкен алтын қол сағат немесе үлкен екі алтын қол сағат түрінде қолданылуы мүмкін. Мысалдан көрінетіні: басыңқыға жақын орналасқандар – зат есімнен болған анықтауыштар, ал сын есім мен сан есімдер зат есімнен болған анықтауышқа қарағанда өзі байланысатын сөзден алшақтаған. Бұл – бағыныңқы сөздердің лексикалық мағыналарындағы басыңқымен болатын байланыстың берік немесе әлсіз болуымен байланысты құбылыс. Лексикалық мағынадағы байланыс барынша мықты, берік болған сайын ол сөздің өзі байланысатын сөзден алшақтау мүмкіндігі бар. Керісінше лексикалық байланыс әлсіз болған сайын ол сөз өзі қатысты сөзге іргелес орналасуға тырысады. Сондықтан



екі үлкен алтын қол сағат сан есім мен зат есімнің бір-бірінен алшақ орналасқанына қарамастан екі сағат тіркесіндегі байланысты жанасу дей алмаймыз. Сол сияқты үлкен сағат немесе алтын сағат байланыстары да қабысу байланысына жатады. Дәл осындай құбылыс етістікті тіркестерде де кездеседі:

5. Синтаксистік қатынас туралы түсінік. Сөздердің арасында синтаксистік байланыс орын алған жерде синтаксистік қатынас та орын алады. Синтаксистік қатынас дегеніміз – синтаксистік байланыстың мазмұны. Байланыс орнаған жерде компоненттер арасында мағыналық қарым-қатынас та орнайды. Мысалы, тоғайға бару тіркесінде байланыс зат есім мен етістіктің арасында барыс септігі арқылы орнаған. Байланыс меңгерудің қатарына жатады. Бұл – байланыстың тұлғалық жағына қатысты ерекшеліктер. Енді осы байланыс арқылы пайда болған сөздердің қарым-қатынасына келсек, бағыныңқы басыңқыдағы қимылдың нақты бағытын білдірген. Бұл – байланыстың мағыналық жағы. Синтаксистік қатынас деп отырғанымыз да – осы: байланыстың мағыналық жағы.

Сөйлемдегі сабақтаса байланысқан сөздер арасындағы синтаксистік қатынастар предикаттық қатынас және предикаттық емес қатынастар болып екіге бөлінеді. Предикаттық емес қатынастарға анықтауыштық, толықтауыштық, пысықтауыштық және айқындауыштық қатынастар жатады. Бұл қатынастар – бір ортақ белгі арқылы топтастырылған қатынастар, бұл қатынастардың әрқайсысы өз ішінен сан алуан мазмұндарға жіктеліп кете береді. Мысалы, анықтауыштық қатынас дегеніміз байланысқан екі сөздің бірінің, басыңқысының, зат есімнен болуына орай, бағыныңқысы оны әр қырынан сипаттай келген қатынастар, бұл қатынас өз ішінен мыны мазмұндардан тұруы мүмкін: бағыныңқы басыңқының санын білдіреді, екі журнал, бағыныңқы басыңқының ретін білдіреді, екінші қабат, бағыныңқы басыңқының жалпы сан-мөлшерін білдіреді, көп бала, бірнеше кісі, бағыныңқы басыңқының көлемін білдіреді, мол су, үлкен арман, биік тау, бағыныңқы басыңқының пішінін білдіреді, бұжыр бет, қисық бұтақ, т.б. Мұндағы алғашқы екі мысал – «Сан есім – зат есім» үлгісісіндегі қабыса байланысқан сөздер болса, қалғандары – «Сапалық сын есім – зат есім» үлгісіндегі қабыса байланысқан сөз тіркестері. Бірақ бұл мағыналық қатынастар бір ғана «Сапалық сын есім – зат есім» үлгісіндегі қабыса байланысқан сөз тіркестерінде болатын қатынастарды толық қамтыған дей алмаймыз. Оның үстіне «Қатыстық сын есім – зат есім» үлгісінде, «Зат есім – зат есім» үлгісінде, «Есімше – зат есім» үлгісінде, «Есімдік – зат есі» үлгісінде қабыса байланысқа сөздер арасындағы мағыналық қатынастарды қосыңыз. Бұлардың әрқайсысы бірден он-он беске дейінгі мағыналық қатынастарды білдіре алады. Және олардың бәрі анықтауыштық қатынастың шеңберінен шықпайды. Енді бұлардың қатарына (қабыса байланысқан сөздер арасында болатын анықтауыштық қатынастардың қатарына) матаса байланысқан сөздер арасындағы қатынастарды қосып көріңіз. Сол сияқты толықтауыштық қатынастардағы сөздерді тура толықтауыш және жанама толықтауықтауыш деп бөлу бар. Жанама толықтауыштыардың өзі ішінен бірнеше қатынасқа жіктеліп кете береді. Сондай-ақ пысықтауыштық қатынастар да алдымен алтыға, одан әрі олардың әрқайсысы өз ішінен әр түрлі мазмұндарға жіктеліп кете береді.



Синтаксистік қатынас сөйлемдегі салаласа байланысқан сөздердің (бірыңғай мүшелердің арасында да орын алады. Мысалы, Киімі жеңіл, бірақ жылы десек, бірыңғай баяндауыштар бір-біріне қайшы мағынада келген, Әрі жылынасың, әрі демаласың дегенде, салаласа байланысқан сөздер арасында ыңғайластық қатынас орын алған, т.т. т.б.

Біз сөз етіп отырған қатынастарды сөйлем мүшелерінің арасында болатын құбылыс деп танушылар да болар. Бірақ сөйлем мүшесі болсын, жеке сөздер болсын, мейлі айқындауыш мүше мен айқындалушы немесе жай сөйлемдер болсын, синтаксистік компонент болған және синтаксистік байланыс бар жерде синтаксистік қатынас та болатынын жоққа шығара алмаймыз. Ол компоненттер қандай синтаксистік деңгейге жататыны (құрмалас сөйлемнің компоненттері, сөйлем мүшелері, сөз тіркесінің сыңарлары), қандай синтаксистік бірлікті, синтаксистік құрылымды қалыптастыратынына қарай сол деңгейде сөз еткенде, сол компоненетер арасында қалыптасатын мағыналық қатынасты назардан шығарып тастауға болмайды.
Каталог: ebook -> umm
umm -> ПОӘК 042-18-29 8/03-2013 №1 басылым 05. 09. 2013
umm -> Жалпы және заң психологиясы терминдерінің қысқаша сөздігі. І бөлім. Жалпы психология пәнінің терминдері
umm -> 6М 011700- «Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы» Магистранттарға арналған
umm -> ПОӘК 042-14-5-05. 02. 20. 22/2013 № басылым
umm -> 6М 011700- «Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы» Магистранттарға арналған
umm -> «Ежелгі дәуір әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті», 5В012100- Қазақ тілінде
umm -> Оқытушы үшін «Қазақстан тарихы»
umm -> Әбікенова Гүлнафис Төкенқызы Қазақ тіліндегі эпистолярлық стильдің лингвистикалық сипаты
umm -> Педагогика кафедрасы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет