Ііі дәрістер №1 дәріс. Морфологиялық талдаудың әдістемесі



бет4/10
Дата22.08.2017
өлшемі1,9 Mb.
#24417
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

Көмекші етістіктер. Көмекші етістіктер – атауыш сөздің жетегінде келетін, лексикалық мағынасы жоқ (немесе лексикалық мағынасынан сөйлемде уақытша айырылған), өзі тіркескен сөзге әралуан грамматикалық мағыналар жамап түрлендіретін, өзі етістік сияқты түрленетін (етіс, болымсыз етістік, шақ, рай, модаль тұлғаларын қабылдайтын) көмекші сөздер. Көмекші етістіктердің атауыш етістіктер сияқты түрлену қабілеті оларды морфологиялық принцип бойынша етістіктердің аясында қарастыруға негіз болған. Көмекші етістіктер де шығу төркіні жағынан толық мағыналы етістіктерден қалыптасқан. Олардың көмекші етістікке айналуына өзі тіркескен сөзге грамматикалық мағына жамау үшін жұмсалуы, лексикалық мағынасынан айырылуы себеп болған.

Қазақ тіліндегі көмекші етістіктер қатарына отыздан аса сөз жатады. Бұлардың саны соншалықты аз болғанмен, тілдегі атқаратын қызметтері орасан зор және білдіретін мағыналары аса бай.

Қазақ тіліндегі көмекші етістіктер тілде жұмсалу ерекшелігіне қарай тұрақты көмекші етістіктер және уақытша көмекші етістіктер болып екіге бөлінеді.

Тұрақты көмекші етістіктерге бүгінде тек көмекшілік қызмет қана атқаратын, лексикалық мағынасынан толық айырылған етістіктер жатады. Тіліміздегі бұл қатардағы етістіктердің саны шектеулі, олар: е-, ет, қыл, жазда көмекші етістіктері. Осы қатарға шартты түрде бол етістігін де қосуға болады. Бол етістігін, негізінен, уақытша көмекші етістік деп те тануға болады. Өйткені бұл сөз кей жағдайларда тездету және біту, бару етістіктерімен синонимдес лексикалық мағынаны білдіре алады (мысалы, Бол! Бас аяғыңды! Бүгінше болдым. Ол аймақта болғанмын.).Сонымен қатар бол етістігі ет, қыл етістіктері сияқты көмекшілік қасиетке де ие. Бұл үшеуі, негізінен, есім сөздерден құранды етістік жасайды: ыза болу, ие болу, еңбек ету, қанағат қылу, т.б. Бол етістігі, сонымен қатар, қимылдың соңғы, аяқталу кезеңін білдіретін аналитикалық формант құрамында да кездеседі. Мысалы, Үйді салып болған. Бұл қасиет ет және қыл етістіктеріне тән емес. Ет етістігі еліктеу сөздерден де құранды етістік жасайтын қызметке ие: бұрқ ету, сарт ету, т.б..

Сонымен, ет, қыл, бол етістіктері сөзжасамдық қабілетке ие көмекші етістіктер. Бұл қасиет оларды басқа көмекші етістіктерден ерекшелендіретін басты белгі.

Е- көмекші етістігі (тарихи тұрғыдан ер көмекші етістігенен қалыптасқан) – тілімізде емес, екен, еді тұлғаларында жұмсалады.

Уақытша көмекші етістіктерге тілімізде бірде дербес лексикалық мағынасымен жұмсалып, толық мағыналы сөз ретінде қолданылатын, бірде басқа толық мағыналы етістіктің жетегінде келіп, лексикалық мағына білдірмей, жетекші етістікке қандай да бір грамматикалық мағына үстейтін аналитикалық форманттың құрамында келетін етістіктер жатады. Мысалы, Кітабын сөмкеге салды деген сөйлемде етістік затты бір орыннан қозғап, екінші бір ыдысқа ауыстырғанын білдіретін лексикалық мағынада, яғни толық мағында жұмсалса, Ойындағысын айта салды деген сөйлемде енді сол етістік бірінші мысалдағы лексикалық мағынаны да, одан туындайтын басқа лексикалық мағынананы да білдірмеген, сөйлемдегі негізгі қимыл айту етістігінің лексикалық мағынасы арқылы беріліп, сал етістігі –а көсемше жұрнағымен бір морфологиялық түрлендіруші тұлғаға айналып, айту қимылының іс иесі (субъект) тарапынан немқұрайды жүзеге асқанын білдіретін грамматикалық мағына жамаған, яғни, көмекшілік қызметте келген.

Қазақ тіліндегі уақытша көмекші етістіктерге: ал, бақ, бар, баста, бер, бол, біл, біт, жат(ыр), жөнел, жүр, жібер, кел, көр, қал, қой, отыр, тұр, өт, сал, таста, түс, шық сөздері жатады. Бұлар есімше, көсемше немесе етістіктің басқа қосымшаларымен бірлесіп, құранды күрделі морфологиялық түрлендіруші тұлғаға (аналитикалық формантқа) айналып, етічтікке қосылғанда, етістіктің аналитикалық тұлғаларын (формаларын) қалыптастырады. Қосымша мен көмекшіетістіктен тұратын аналитикалық форманттардың грамматикалық мағыналары етістіктің әр түрлі грамматикалық категорияларының пардигмасына енеді.

Қазақ тіліндегі ерекше қасиетке ие, әрі көмекші етістік, әрі негізгі етістік бола алатын сөздердің бірі – де етістігі. Де етістігі толық мағыналы сөз ретінде сөйлеу етістіктерінің қатарына жатады. . Мысалы, Не дедің?, сәлем де, солай де, т.б. Сонымен қатар ойлау етістіктерінің мағынасын да бере алады. Мысалы, «Не де болса барайын. Қалғанын бара көрерміз», - дедім ішімнен. Бұл құбылыс де етістігімен байланыстағы ойлау етістігінің сөйлемнен ықшамдалуы, бірақ оның лексикалық мағынасының де етістігіне көшуімен байланысты: деп ойладым ішімнен конструкциясынан ойладым сөзі түсіп қалып, автор сөзі дедім ішімнен нұсқасында қолданылған.



Де етістігінің басты қасиеті – төл сөз бен автор сөзін байланыстыру қызметі. Бұл қызметтегі де етістігі екі түрлі жұмсала алады. Біріншіден, ол сөйлемде толық мағыналы сөз ретінде көрінеді, екіншіден, көмекші сөз түрінде қолданылады. Де етістігі қандай семантикада жұмсалса да, мейлі толық мағыналы сөз, мейлі көмекші сөз ретінде көрінсе де басты қызметінен – төл сөз бен автор сөзін байланыстыру қабілетінен айрылмайды. Мысалы, Рақмет, осы атағаның да болады, деді Аман. Бұл мысалда де сөйлеу етістігінің семантикасында толық мағыналы сөз ретінде жұмсалып, автор сөзіндегі сөйлемнің баяндауышы қызметінде келген. Әрі төл сөзді автор сөзімен ұштастырып, байланыстыру қызметін де атқарған. Автор сөзінің құрамында толық мағыналы сөйлеу, ойлау етістіктерінің бірі қатысса, де толық мағыналы сөз болмай қалады, тек төл сөзі автор сөзімен өзі бағыныңқы болған етістікке, не зат есімге ұштастыру арқылы байланыстыру қызметін атқарады: «Болыс осы ауылға келеді екен», деген хабар тез тарады. – Ой оңбаған! Жоғалт көзіңді! – деп бар дауысымен айғай салды.

Де етістігін басқа етістіктерден ерекшелендіретін тағы бір қасиеті – жіктік жалғаулы етістіктермен тіркесе алу қасиеті. Тілімізде барайық деді, келемін депті, қайтамыз дескен, т.б. с.с. тіркестер жиі қолданылады. Мұндай қабілет де етістігенен басқа бір-бір етістікке тән емес. Де етістігінің жіктік жалғаулы сөзге тіркесу мүмкіндігі тікелей төл сөз бен автор сөзін байланыстыру қызметінен дамып қалыптасқан. Өйткені төл сөздегі сөйлемнің баяндауышы етістіктен болғанда жіктік жалғауын қабылдап, сөйлемді аяқтап тұратыны белгілі. Төл сөз жеке сөйлемдік қасиетінен айырылғанда, атап айтқанда, жеке сөйлемдік сазынан айырылғанда, автор сөзімен бір сөйлемге айналып тұтасып кетеді: Ертең барамыз дедім ғой!

Де етістігі таза көмекшілік қызметте, аналитикалық формант құрамында да кездеседі. Мысалы, Қалаға кетейін деп жүр. Қорқайын дедім. Бұл аналитикалық формант қимылдың жасалуға жақындағанын, субъектінің қимылды жасауға бейімделгенін білдіреді

Деп етістігі өзі тіркескен сөзге, сөйлемге мақсат мағынасын үстеп, септеулік шылау қызметінде де көрінеді. Мысалы, Мен мұнда бір сен деп келдім. Жау сезіп қалмасын деп, барлаушылар жер бауырлап қана жылжып келеді.
Шылау. Шылау – лексикалық мағынасы жоқ, өзі қосылған сөзді, сөйлемді түрлендіретін (грамматикалық мағына жамайтын), бірақ өзі түрленбейтін көмекші сөздер. Көмекші сөздердің түрленбеуі – оларды басқа көмекші сөздерден ( көмекші есім мен көмекші етістіктен) ерекшелендіретін, жеке сөз табы деп тануға негіз болатын басты белгісі.

Шылау сөздер үшке бөлінеді: 1) жалғаулық шылау, 2) септеулік шылау, 3) демеулік шылау.

Шылау сөздерді бір бірінен ажыратуда синтаксистік қабілеттері басты белгі болады.

Жалғаулық шылау – сөзді, сөйлемді түрлендірумен қатар, сөз бен сөзді (сөйлемнің бірыңғай мүшелерін), сөйлем мен сөйлемді (салалас құрмалас сөйлемнің жай сөйлемдерін) салаластыра байланыстыратын шылау. Мысалы, Құлақтан кіріп бойды алар, Жақсы ән мен тәтті күй. Қадірдің киімі жұқа, әрі денмаулығы да мықты емес.

Жалғаулық шылаулар мағынасына қарай топқа бөлінеді:



  1. Ыңғайлас мәнді жалғаулықтар: мен (бен, пен), және, да (де, та, те), әрі.

  2. Қарсылық мәнді жалғаулықтар: бірақ, алайда, дегенмен, әйтпесе, сонда да, әйткенмен, т.б.

  3. Себеп-салдар мәнді жалғаулықтар. Бұлар өз ішінен мәнділер (себебі, өйткені, неге десең) және салдар мәнділер (сол себепті, сондықтан, сол үшін) болып екіге бөлінеді.

  4. Кезектес мәнді жалғаулықтар: бірде, біресе, кейде.

  5. Талғау мәнді жалғаулықтар: әлде, не, немесе, болмаса, не болмаса, я болмаса, я, яки.

Септеулік шылау – сөзді түрлендірумен қатар, сөз бен сөзді (сөз тіркесінің компоненттерін), сөйлем мен сөйлемді (сабақтас құрмаластың компоненттерін) сабақтастыра байланыстыратын шылаудың түрі. Мысалы, Біз бұл сияқты бұйрық жарияланатынын білген жоқпыз. Жүлде алар жұма сайын туды күнім. Назыкеш ұзай берген соңғы бір көшке қарай шауып кетті.

Септеулік шылауларды топтастыруда олардың қандай септік тұлғасындағы сөзге жетектеліп келетіні басшылыққа алынып, атау септігіндегі сөздерге жетектелетіндер: үшін, сайын, сияқты (секілді, тәрізді), туралы (жайлы, жөнінде, хақында, турасында, жайлы), арқылы, бойы (бойымен, бойынша), шамалы (қаралы, шақты), соң; барыс септігіндегі сөзге жетектелетіндер: дейін (шейін), қарай, таман, жақын (тарта, таяу), салым; шығыс скптігіндегі сөзге жетектелетіндер: бері, кейін, соң, бұрын, бетер; көмектес септігіндегі сөздерге жетектелетіндер: бірге, қатар болып жіктеліп жүр.

Бұл жерде септік жалғаулары туралы ертеректегі әдебиеттерде айтылатын пікірлерге, анықтамалардан, тұжырымдардан үш түрлі ақауды байқаймыз.

Біріншіден, септеулік шылаулар – белгілі бір септік жалғауларында тұрған сөздерге тіркесіп (жетектеліп) келетін көмекші сөздер емес, яғни, септік жалғауымен түрленген сөзді одан әрі түрлендіруші емес. Септік жалғаулары – кейде өзі, кейде белгілі бір септік жалғауымен қосылып, сөзге біртұтас бір грамматикалық мағына үстеп түрлендіруші.

Екіншіден, үшін, сайын, сияқты, туралы, арқылы, бойы септеуліктері атау септігінде тұрған сөзге тіркеспейді, бұлар тіркескен сөздердің құрамында ешқашан атау септігі болмайды. Атау септігі – зат баяндауышта айтылған қимылдың, жай-күйдің иесі екенін білдіретін септік. Сондықтан атау септігіндегі сөздер бастауыштық мағынаға ие болып тұрады. Ал жоғарыда аталған септеуліктердің алдында тұратын сөздер мұндай мағынаға ие емес, тек атауыштық (номинптивтік) мәнге, қызметке ие. Бұл қасиет – кез келген толық мағыналы сөзге тән қасиет. Сөздің атауыштық мағынасы мен қызметін атау септігіндегі сөздің мағынасы мен қызметімен шатастыруға болмайды. Сондықтан аталған септеуліктер – атау септігіндегі сөздерді түрлендірмейді, атауыштық мәнге ие, басқа тұлғалармен түрленбеген сөздерге (яғни түбір күйіндегі сөздерге) әралуан гүрамматикалық мағына жамайтын шылаулар. Кейде есімше, қимыл есімі тұлғалы етістіктердің құрамында келетін кездері бар. Мысалы, келген сайын, келетін сияқты, бару үшін, барған бойы.

Үшіншіден, септеулік шылаулар – зат есімнің септеу категориясының мағыналарын беретін аналитикалық тұлғалар. Бұл – оқулықтарда айтылмай жүрген тұжырым.



Септеулік шылаулардың сөзге жамайтын грамматикалық мағыналары сан алуан және ол мағыналар, негізінен, сөздің басқа бір сөзбен белгілі бір синтаксистік қатынаста байланысуы үшін қажет. Бұл тұрғыдан септеулік шылаулардың мағыналары септік жалғауларының мағыналарына сәйкес болып келеді: кейбір септеулік шылаулардың мағыналары септік жалғауларының мағыналарына синонимдес болып келеді, кейбірі септік жалғауларының мағыналарымен ұштасып жатады. Ендеше септеулік шылаулар ойды дәл құрауға қажетті грамматикалық мағыналарды білдіріп, сөйлемде сөздерді түрлі қатынастарға түсіріп, септік жалғаулары сияқты қызмет атқарады.

Үшін септеулігі өзі тіркескен сөзге зат қимылдың мақсаты екендігін білдіретін мағына жамайды. Мысалы, Балалары айран-шалап үшін әлді ағайынға жалшылыққа кетіпті. Аталған шылау қимыл есімі тұлғасындағы етістікке де мақсаттық мағына жамап, сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді де байланыстыра береді. Мысалы, ... Ұлыққа жауап беру үшін ... үшеуін сайлады. Жауап басқаларға түсінікті болу үшін, сұрақтың жүйелі болғаны жөн.

Сайын септеулігі мезгіл атауы болатын зат есімдерге және лексикалық мағынасында мезгіл мағынасы бар сөз тіркестеріне ғана тіркеседі де, өзі тіркескен сөзге аталған мезгіл қимылдың қайталануының тұрақты мерзімі екенін білдіретін мағына жамайды. Мысалы, Жыл сайын барады. Үш күн сайын әкеледі. Сайын септеулігі бұрынғы өткен шақ тұлғасындағы есімшеге де бір қимыл екінші қимылдың қайталануының тұрақты мерзімі екенін білдіретін мағына жамайды. Мысалы, Маржан мен көрген сайын күліп жүреді. Жаман мақтаған сайын есіре түседі. Дәл осы мағына бағыныңқысының баяндауышы –ған сайын тұлғасымен берілген мезгіл бағыныңқылы сабақтас құрмаластың компоненттері арасында да сақталады. Мысалы, Әсет қала жаққа кеткен сайын, анасының мазасы болмайды. Күлшат күлген сайын, ол да күледі. Кейде –ған сайын тұлғасындағы етістік қимыл екінші қимылға (тұрақты қайталанатын мерзімі емес) түрткі болғанын білдіретін логикалық тұрғыдан қатынаста тұрады: Оқыған сайын баурап барады. Оқу әрекеті баурауға түркі болған. Алайда, грамматикалық тұрғыдан сөздердің арасында мезгілдік қатынас орнайды. Бұл сайын септеулігінің өзі тіркескен сөзге жамаған грамматикалық мағынасы арқылы қалыптасқан мағына. Дәл осындай құбылыс төмендегі мысалдардан да байқалады: Білген сайын біле түсті. Күн өткен сайын аралары алшақтап бара жатқанын сезеді.

Сияқты (секілді, тәрізді, сынды) септеуліктері зат есімге және заттанған сөздер мен сөз тіркестеріне тіркескенде, өзі жалғанған сөзге зат басқа затқа ұқсас, тең екенін білдіретін грамматикалық мағына жамайды. Заттардың қай қыры ұқсас екендігі байланысқан сөздермен кейде бірге қолданылатын, кейде жасырын келетін, бірақ тіркестен байқалып тұратын сын есімдер (адъективтенген сөздер) арқылы белгілі болады. Мысалы, Көсеу секілді (имек) таяқ таяқ ілінді қолына. Сапсыз пышақ сияқты (қырлы) таспен ұрғылай бастады. Күләш, Роза сынды әнші қыздар – қазақтың мақтанышы. Басыңқы сыңары сын есімнен және етістіктен болған, бағыныңқысы басыңқымен жоғарыдағы септеулік шылау арқылы байланысқан сөз тіркестерінде септеулік шылау зат есімге (заттанған сөздер мен сөз тіркестеріне) зат қимылдың, немесе жай-күйдің (сындық белгінің) ұқсас, тең объектісі екенін білдіретін грамматикалық мағына жамайды. Мысалы, тау секілді үлкен, тас сияқты қатты, қоңыз сияқты тырбаңдау, ит секілді ырылдау, т.б.

Сияқты (секілді, тәрізді, сынды) септеуліктері есімше етістіктер мен етістікті сөз тіркестеріне тіркесіп келгенде, сын есімдер мен адъективтенген сөздерге (сөз тіркестеріне) тіркесіп келгенде, сөз бен сөзді байланыстыру қызметінен айырылып, субъективті модаль мағынасына, сөйлеушінің көзқарасына қатысты жорамалдау, бағалау мағыналарына ие болады. Жағдайы жақсы сияқты, Мұрат іссапардан келген сияқты, т.б.

Туралы (жайлы, жөнінде, турасында, жайында, хақында) септеулігі зат есімге, заттанған сөздер мен сөз тіркестеріне зат қимылдың тақырып-объектісі екенін білдіретін грамматикалық мағына жамайды. Мысалы, Ол сап алдында сынаудың қорытындысы жайлы қысқаша талдау жасады. ... Артель туралы бірсыпыра нәрсені біліп алдым.

Арқылы септеулігі зат есімге, заттанған сөздер мен сөз тіркестеріне зат қимылдың құрал-объектісі екенін білдіретін грамматикалық мағына жамайды. Мысалы, көпір арқылы өту, телефон арқылы сөйлесу, т.б..

Шамалы (қаралы, шақты) септеулігі сан есімдерге тіркесіп, оған болжалдық мағына жамайды. Бұл мағынаның сөз бен сөзді байланыстыруға еш қатысы жоқ. Сондықтан септеу категориясының парадигмасына жатпайды, сондықтан бұл қатардағы сөздерді демеулік шылауға жатқызу орынды.

Дейін (шейін), қарай, таман, жақын (жуық, таяу, тарта, салым) септеуліктері қазір септеулік шылау қатарына өткен сөздер болғанмен, ертеде барыс септігіндегі сөзді меңгерген толық мағыналы есім немесе етістік болғаны даусыз. Қазір бұлар барыс септігіндегі сөзге тіркесіп келгенмен, барыс септігіндегі сөздің үстіне жаңа бір грамматикалық мағына жамамайды, зат есімге барыс септігімен бірігіп, тұтас бір грамматикалық мағына жамайды. Басқаша айтсақ, барыс септігі мен аталған септеуліктер бір грамматикалық тұлға, оған дәлел – септік жалғауы мен септеулік шылау сөзге әрқайсысы жеке-жеке грамматикалық мағына жамамайды, екеуі қосылып бір ғана грамматикалық мағына жамайды. Бұл – белгілі бір септік жалғауындағы (барыс, шығыс, көмектес септігіндегі) сөздерге тіркескен барлық септеуліктерге тән құбылыс. Барлығында септік жалғаулары бір басқа, септеулік шылаулар бір басқа грамматикалық мағына білдіріп тұрмайды, екеуі бір мағынаға ие болады. Оны осы тұлғалармен байланысқан сөз тіркестеріндегі сөздердің синтаксистік қарым-қатынасынан айқын байқаймыз. Және ол мағыналар септік жалғауларының мағынасымен ұштасып жатады: кейде септік жалғауының мағынасымен мәндес болып келеді, кейде септік жалғауының мағынасынан бастау алып, бірақ оған өзгеше рең беріп тұрады, бір сөзбен айтқанда, септеу категориясының парадигмасынан орын алатын мағына болып табылады. Осы себептен септік жалғауы мен септеулік шылауды етістіктің (қосымша мен көмекші сөзден құралған) аналитикалық форманттары сияқты сөзді түрлендіруші күрделі бір тұлға ретінде қарастырамыз.

-Ге дейін форманты өзі жалғанған зат есімге, заттанған сөздерге, сөз тіркестеріне зат қимылдың бағытының жасалу шегі екенін білдіретін грамматикалық мағына жамайды. Мысалы, Үйіне дейін екі өкпесін қолына алып, жүгіріп келді. Осы формат мезгіл мәнді зат есімдер мен сөз тіркестеріне қосылғанда, зат есім атаған мезгіл қимылдың уақыттық шегі екенін білдіретін грамматикалық мағынаға ие болады: Астықты жаңбыр басталғанға (басталатын кезге) дейін жинап алу керек. Келер жұмаға дейін жауабын күт. Кейде бұл формант сөзге демеулік шылауға тән күшейте шектеу мағынасын жамайды: Рақымбайға шейін ... есеңгіреп қалған сияқты.

-Ге қарай форманты өзі жалғанған сөзге зат қимылдың жалпы бағдары екенін білдіретін грамматикалық мағына жамайды. Мысалы, Көш жайлауға қарай бет түзеді.

-Ге таман, -ге жақын, -ге таяу, -ге жуық, -ге салым форманттары қосылғанда сөзге (зат есімге) жалпы бағдар мағынасымен қатар ара қашықтық мағынасы қосылады. Мысалы, Ұзақ ... өз ауылына таман келгенде.... Қалаға жақын тұрамыз. Осы форманттар зат есімдерді байланыстырғанда, тек ара қашықтық мағынасын ғана жамайды: Мектепке жақын үйлер, құдыққа таман жерде, т.б. Бұл форманттар мезгіл мәнді зат есімдер мен зат есімді сөз тіркестеріне қосылса, оларға кеңістіктегі арақашықтықты емес, мезгілдік ара қашықтық мағынасын жамайды: Күзге таяу келе. Жиналыс бітерге (бітер кезге) таман қабарласамын.

Бұл форманттар сан есімдерге қосылғанда, болжалдық мағына жамайды. Мысалы, Екі мыңға тарта жылқысы бар. Аталған форманттардың бұл мағынасы сөз бен сөздің байланысуына арқау болатын септеу категориясының парадигмалық қатарына енбейді, демеулік шылауға тән мағыналар болып табылады.

Сонымен септеулік шылау – кейде жеке өздері, кейде септік жалғауымен бірге өзі қосылған сөзге септеу категориясына тән қандай да бір грамматикалық мағына жамайтын, сол мағына арқылы сөздерді синтаксистік қатынасқа түсіріп сабақтастыра байланыстыратын шылаудың түрі.

Демеулік шылау – өзі тіркескен сөзге, сөйлемге қандай да бір грамматикалық мағына үстегенмен, сол мағынасы арқылы сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді байланыстыруға қатыспайтын шылау.

Демеуліктердің мағыналыұ түрлері:



  1. Сұраулық мәнді демеуліктер: ма/ме, ба/бе, па/пе, ше;

  2. Күшейткіш мәнді демеуліктер: -ақ, -ау, -ай, да (де, та/те), әсіресе;

  3. Шектеу (тежеу) мәнді демеуліктер: ғана (қана), тек, -ақ;

  4. Болжал мәнді демеуліктер: -мыс (-міс), -ау;

  5. Болымсыз, қарсы салыстыру мәнді демеуліктер: түгіл, тұрсын, тұрмақ, құрлы;

  6. Нақтылау мәнді демеуліктер: қой/ғой, -ды/ді, -ты/-ті;

  7. Қомсыну мәнді демеулік: екеш.


Одағайлар – лексикалық мағынасы жоқ болғандықтан атауыш сөздер қатарына да жатпайтын, белгілі бір сөзге грамматикалық мағына үстемейтіндіктен көмекші сөздер қатарына да жатпайтын сөздердің ерекше тобы. Одағайлар сөйлемнің синтаксистік желісінен тысқары (сөйлемді құрайтын сөздердің ешқайсысымен синтаксистік байланысқа түспей) тұратындықтан үнемі оқшау сөздер қатарынан табылады. Одағайлар сөйлемде негізгі синтаксистік желіден тыс тұрса да, сөйлеуші тарапынан қолданылып, сөйлеушінің көңіл-күйінен, сөйлеушінің тыңдаушымен арақатынасындағы әралуан жағдайлардан хабар беру қызметін атқарады.

Одағайлар қолданылу мақсатына қарай үш топқа бөлінеді:



  1. Көңіл-күй одағайлары;

  2. Императивтік ишара одағайлары;

  3. Тұрмыс-салт одағайлары.

Көңіл-күй одағайларына сөйлемдегі ойды, оқиғаны хабарлау барысында сол ой, оқиғаға қатысты сөйлеушінің көңіл-күйінен, эмоциялық жағдайынан хабар беретін сөздер жатады. Көңіл-күй одағайларынан сөйлеушінің сөйлемдегі ойға, іс-оқиғаға қатысты жағымды немесе жағымсыз көзқарастары белгілі болып тұрады. Сондықтан көңіл-күй одағайлары жағымды-көңіл күйді білдіретін одағайлар және жағымсыз көңіл-күйді білдіретін одағайлар болып жіктеледі. Дегенмен одағайлардың жағымды немесе жағымсыз эмоцияны білдіретіні тек контекстен ғана анықталады, өйткені бір сөз кейде жағымды эмоцияны білдіру үшін жұмсалса, енді бірде сол сөз жағымсыз эмоцияны білдіру үшін де қызмет ете береді. Мысалы, Паһ-паһ! Нағыз сурет дерсің! Был мысалда одағай сөйлеушінің сүйсіне таңдану жағдағдайынан хабар берсе, ендігі мысалда осы сөз сөйлешінің налу, ренжу халінен хабар береді: Паһ-паһ! Не деген опасыздық!

Көңіл күй одағайлары мағынасына қарай қуану, шаттану (Алақай! Ура!), сүйсіну, таңдану (Ой пәлі! Һа! Паһ-паһ! Япырмай! ОҺо!, Үй! т.б.), өкіну (Қап! Әттең! Әттеген-ай!), ренжу, налу (Түу! Тәйір-ай! ... түге!, т.б.), наразы болу, кею (Апырмай ә!), қорқу, сескену (Ойбай! Аһ!), жақтырмау, менсінбеу (пішту!) сияқты топтарға бөлінеді.



Императив ишара одағайларына сөйлеуші тарапынан адам немесе жан-жануарларға бағыттап айтылған шақыру, жекіру, тыйым салу, бұыру мақсатында қолданылатын сөздер жатады. Өз ішінен жекіру одағайлары (Тәйт! Тек/тәк-тәк! Жә!), бұйыру-тыйым салу одағайлары (Әуп! Кәне! Әлди-әлди! Тәй-тәй! Сап-сап! Мә! Соп! Шүу! Айт! Айтақ! Дыр-р!), шақыру одағайлары (Әукім-әукім! Моһ-моһ! Шөре-шөре!) болып үшке бөлінеді.

Императив ишара одағайларын айтылу объектісіне қарай адамға қолданылатын ишара одағайлары және хайуандарға қатысты қолданылатын ишара одағайлары деп жіктеуге болады.



Тұрмыс-салт одағайларына халықтың салт-дәстүр, сенім-нанымына байланысты, адамдардың белгілі бір қарым-қатынас жағдайлары барысында айтылатын сөздер жатады. Тұрмыс-салт одағайларын өз ішінен төмендегі тақырыптық топтарға бөлуге болады:

  1. Сәлемдесу-қоштасу одағайлары: Ассалаумағалейкүм! Әликсалам! Қош!

  2. Қоштау одағайлары: Хош! Хайыр! Жарайды! Е-е!

  3. Ілтипат білдіру одағайы: Рақмет! Оқасы жоқ!

  4. Мойынсұну одағайы: Құп! Ләббай! Дат! Жарайды!

  5. Діни одағайлар: Аумин! Жәрәкімалла! Тәуба! Піссіміллә!

  6. Қоқан-лоқы одағайы: Бәлем!

Адамдардың сөйлесу қарым-қатынас кезінде бір дыбысты А! Ә! М-м! сияқты сөздерді бірде сұрау мақсатында, бірде жауап беру мақсатында, енді бірде назар аударту мақсатында, тіпті кейде кекету, әжуалау, мысқылдау, менсінбеу мақсаттарында да қолданып жүрміз. Сол сияқты бір буынды Әй! Ей! одағайлары қарым-қатынас кезінде назар аударту мақсатында қолданумен қатар, кейде жекіру-тыйым салу мақсатында да жұмсалады.
Каталог: ebook -> umm
umm -> ПОӘК 042-18-29 8/03-2013 №1 басылым 05. 09. 2013
umm -> Жалпы және заң психологиясы терминдерінің қысқаша сөздігі. І бөлім. Жалпы психология пәнінің терминдері
umm -> 6М 011700- «Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы» Магистранттарға арналған
umm -> ПОӘК 042-14-5-05. 02. 20. 22/2013 № басылым
umm -> 6М 011700- «Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы» Магистранттарға арналған
umm -> «Ежелгі дәуір әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті», 5В012100- Қазақ тілінде
umm -> Оқытушы үшін «Қазақстан тарихы»
umm -> Әбікенова Гүлнафис Төкенқызы Қазақ тіліндегі эпистолярлық стильдің лингвистикалық сипаты
umm -> Педагогика кафедрасы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет