Ііі дәрістер №1 дәріс. Морфологиялық талдаудың әдістемесі


Үстеудің синтаксистік ерекшеліктері



бет8/10
Дата22.08.2017
өлшемі1,9 Mb.
#24417
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

Үстеудің синтаксистік ерекшеліктері. Үстеу лексика-семантикалық ерекшелігіне сәйкес сөйлемде қымылдың әр алуан белгілерін білдіріп, пысықтауыш қызметін атқарады. Тұра қаштым жалма-жан.

Үстеу бастауыштың жай-күйін (мезгілін, мекенін, мөлшерін) атап, баяндауыш та бола алады. Аттанатын күніміз – ертең. Жиналғандардың саны бірталай. Тиянақты баяндауыш қызметін атқарғанда, жіктеліп жұмсалады.

Мөлшер үстеулері заттың сан-мөлшерін атап анықтауыш та бола алады. Бірен-саран адам көрінеді. Біраз уақыт өтті.

Субстантивтеніп, зат есімнің септік жалғаулары, септеулік шылауларымен келгенде, солардың грамматикалық мағыналарының көмегімен зат есім атқаратын синтаксистік қызметтерде келе береді. Біразы – уылжыған жас, бірқатары - сақалдары күректей мұжықтар. Талайды көріп жүрміз ғой... Ертеңінде-ақ жолға шықты



Еліктеу сөздер. Табиғатта (заттардың қақтығысу, соқтығысуынан және жан-жануарлар шығарған) болатын әр алуан дыбыстарды есту, сондай-ақ заттардың қимылдарының қилы-қилы көріністерін көру арқылы белгілі бір түсінік ретінде қабылдаудан пайда болған, сол түсініктердің атауы ретінде қалыптасқан сөздерді еліктеу сөздер дейміз.

Еліктеу сөздер мағынасына қарай дыбыстық еліктеуіштер және бейнелеуіш сөздер болып екіге бөлінеді.



Дыбыстық еліктеуіштерге табиғатта әралуан заттардың қақтығысу, соқтығысуынан пайда болған және жан-жануарлар жасаған дыбыстарға байланысты сөздер жатады. Мысалы, Қозы екі қомағай ауыздың кергісінде қанжоса болып дар-дар айырылды. Сырт-сырт етіп жас сүйек сынды.

Бейнелеуіш сөздерге түрлі қимыл-әрекеттердің бейнесін сипаттау мақсатындағы сөздер, көзбен көру арқылы пайда болған түсініктердің атаулары жатады. Мысалы, Нұрқожа талтаң-талтаң басып келеді. От жалт етті. Кілт тоқтады

Морфологиялық ерекшелігі. Еліктеу сөздер – түрленбейтін сөз табы.

Синтаксистік ерекшеліктері. Етістістіктермен тіркесіп келіп, пысықтауыш қызметін атқарады. Мысалы, Абай кілт бұрылып, жалт қарады. Атшы жігіт мырс-мырс күледі. Зат есімдермен тіркесіп, анықтауыш болады. Мысалы, Күңгірт сөйлеген шаң-шұң дауыс шықты. Қымқиғаш қиқу, сарт-сұрт төбелес болдыда қалды. Субстантивтеніп, зат есімнің қосымшаларын қабылдап, зат есімше қызметтер атқарады. Мысалы, Осы сөзден соң Жігітек екіұдайылықтан, былқ-сылқтан арылып, сөзді бір арнаға түйген-ді.

Тақырып: Синтаксис туралы түсінік. Сөз тіркесі туралы түсінік.

Сабақтың мазмұны:

  1. Синтаксис, оның зерттеу объектілері туралы түсінік;

  2. Синтаксистік байланыс;

  3. Синтаксистік байланыстың тәсілдері;

  4. Синтаксистік байланыстың түрлері;

  5. Синтаксистік қатынас;

  6. Сөз тіркесі, оның түрлері.

Сабақ мақсаты:

Синтаксис, оның зерттеу объектілері туралы түсінік беру, синтаксистік байланыс және синтаксистік қатынас туралы түсінік қалыптастыру. Синтаксистік байланыстың тәсілдері мен түрлері туралы білімдерін жүйелеу. Сөз тіркесі, оның түрлері туралы түсінікті кеңейту.


Теориялық бөлім

Синтаксис, оның зерттеу объектілері туралы түсінік. Синтаксис термині қазіргі тіл білімінде екі түрлі мақсатта жұмсалады: біріншіден, синтаксис – коммуникативтік мақсатта жұмсалған тілдің тұлға-бірліктері, екіншіден, синтаксис – коммуникативтік мақсатта жұмсалған тілдің тұлға-бірліктерін зерттейтін тіл білімінің бір саласы, грамматиканың бір бөлімі.

Тілдің коммуникативтік мақсатта жұмсалатын тұлға-бірліктері өз алдына бір жүйені құрайды, ол жүйені тілдің синтаксистік жүйесі деп атаймыз.

Синтаксис грек тілінен аударғанда, байланыс, құрастыру дегенді білдіреді. Синтаксистің негізгі бірлігі – сөйлем. Сөйлемге сөйлем – ойды білдіре алатын тілдің бірлігі деп анықтама береміз. Ендеше тіл білімінің синтаксис саласы сөйлемдегі сөздердің, жеке-жеке сөйлемдердің байланысу заңдылықтары мен сөйлемнің құралу жүйесін қарастырады. Сөйлемдегі сөздер тілдік заңдар (синтаксистік заңдар) бойынша бір-бірімен байланыса келіп, сөйлемді құрайды.

Сөйлем ойды білдірсе, ой құрамына қарай жалаң ой және күрделі ой болып болып ажыратылады. Соған орай сөйлемдер де жалаң ойды немесе күрделі ойды білдіруіне қарай жай сөйлем және құрмалас сөйлемдер болып бөлінеді. Құрмалас сөйлем жалаң ойды білдіретін жай сөйлемдердің синтакситік амал-тәсілдер арқылы байланысуынан қалыптасады. Бұл амал-тәсілдердің өз жүйесі бар.

Сөйлеуші белгілі бір жағдайды, оқиғаны баяндаған кезде ойдың желісі жүйелі болу үшін сол жағдайға, оқиғаға қатысты бір ұғымды қазық етіп алып, жағдай, оқиғаның элементтерін (компоненттерін), бөліктерін жеке-жеке ой ретінде таратады. Ол бөліктердің саны жағдай, оқиғаның көлеміне байланысты әр түрлі бола береді. Сөйтіп бір ұғымды тірек, қазық еткен көлемді ой желісі құралады. Бір ой желісі өз ішінен бірнеше желіге бөлініп кетуі мүмкін немесе бірнеше ой желісі бір-бірімен байланыса келе одан көлемді желіге айналуы мүмкін. Соған орай мәтінді құрайтын, ой желісінің бөліктерін атайтын сөйлемдер де бір-бірімен байланысып жатады. Бір немесе бірнеше ой желісінен тұратын ой бірлігін таныту үшін жазуда мәтін, жаңа жол (абзац) деген терминдер пайдаланылып жүр.

Сөйтіп синтаксис ғылымы синтаксистік жүйенің қай мәселесін қарастыратынына қарай үшке бөлінеді:


  1. Сөз тіркесі синтаксисі;

  2. Сөйлем синтаксисі. Сөйлем синтаксисі өз ішінен жай сөйлем синтаксисі және құрмалас сөйлем синтаксисі болып бөлінеді;

  3. Мәтін синтаксисі.

Сөз тіркесі синтаксисінің негізгі бірлігі – сөз тіркесі. Зерттеу объектісі – сөз тіркесі құрамындағы сөздердің байланысу заңдылықтары, амал-тәсілдері, түрлері, байланысқан сөздердің мағыналық қарым-қатынастары; сөз тіркесінің ерекшеліктері, түрлері.

Жай сөйлем синтаксисінің негізгі бірлігі – жай сөйлем. Қарастыратын мәселелері – жай сөйлемнің жасалу жолдары, жай сөйлемді құрастырушы бөліктердің (сөйлем мүшелерінің) қызметтері мен жасалу жолдары, жай сөйлемнің мағыналық-өқұрылымдық түрлері.

Құрмалас сөйлем синтаксисінің негізгі бірлігі – құрмалас сөйлем. Қарастыратын мәселелері – құрмалас сөйлемді құрайтын жай сөйлемдердің бір-бірімен байланысу амал-тәсілдері, мағыналық қарым-қатынастары; құрмалас сөйлемнің мағыналық-құрылымдық түрлері.

Мәтін синтаксисінің негізгі бірлігі – күрделі синтаксистік тұтастық (синтаксистік шалым). Зерттеу объектісі – күрделі синтаксистік тұтастық құрамындағы сөйлемдердің бір-бірімен мағыналық, тұлғалық байланыстары.



Синтаксистік байланыс туралы түсінік. «Сөйлем – ойды білдіреді, сөзден құралады» деген тұжырыммен өткен сабақтан таныспыз. Сөйлемнің құрамындағы сөздер бір-бірімен өзара синтаксистік заңдар бойынша байланыспаса, сөйлем де қалыптаспайды, ой да берілмейді. Ендеше сөйлем құрамына енетін сөздер бір-бірімен синтаксистік байланыста болады.

Синтаксистік байланыс дегеніміз – синтаксистік компоненттердің бір-бірімен мағыналық және тұлғалық жақтарынан сәйкесіп, үйлесімге келуі.

Синтаксистік байланысқа түсетін сыңарларды синтаксистік компоненттер деп атаймыз. Байланыс әр түрлі деңгейдегі тілдік бірліктер арасында орын ала береді. Егер сөйлем құрамындағы сөздер (сөздердің түрленген тұлғалары) байланысып, компонент болса, құрмалас сөйлемдерде компонент болатындар – оның құрамына енген жай сөйлемдер.

Синтаксистік байланыс байланыстың сөздердің арасында орнау сипаты және компоненттерінің мағыналық, тұлғалық қарым-қатынасына қарай салалас және сабақтас байланыстар болып екіге бөлінеді.

Мағыналық жақтан өзара тең дәрежелі, тұлғалық жақтан бірі екіншісіне тәуелді болмайтын компоненттер арасындағы байланыстың түрін салалас байланыс дейміз.

Мағыналық жақтан бірі екіншісін сипаттай (анықтай, пысықтай, толықтай, баяндай, айқындай, т.б.) келген, тұлғалық жақтан бірі екіншісіне тәуелді компоненттер арасындағы байланысты сабақтас байланыс дейміз.

Сабақтас байланыс басыңқы және бағыныңқы компоненттерден тұрады.



Басыңқы компонент – қалыптасатын синтаксистік бірлікке (құрылымға: сөз тіркесі, сөйлем, сабақтас құрмалас сөйлем, т.б.) ұйтқы, тірек болатын компонент.

Бағыныңқы – басыңқы компонентті мағыналық жақтан сипаттай келетін, тұлғалық жақтан басыңқыға тәуелді болатын компонент.

Синтаксистік байланыстың тәсілдері. Сөйлем құрамындағы сөздердің бір-бірімен синтаксистік байланыс орнатуына себеп, дәнекер болатын амалдарды байланыстың тәсілдері деп жүрміз. Қазақ тілінде байланыстың төрт тәсілі бар екендігі белгілі Олар: 1. Қосымша немесе жалғаулар арқылы байланыс; 2. Шылаулар арқылы байланыс; 3. Орын тәртібі арқылы байланыс; 4. Интонация арқылы байланыс.

Сөйлемдегі сөздердің байланыс тәсілдерін синтетикалық тәсіл (қосымшалар арқылы орнаған байланыстар) және аналитикалық тәсіл (орын тәртібі, интонация, шылаулар арқылы болған байланыстар) деп бөлу де бар. Сонымен қатар үйге дейін жүгірді үлгісіндегі тіркестерді септік жалғау мен септеулік шылау болғандықтан, синтетика-аналитикалық тәсіл ретінде көрсетушілер де кездеседі.



Синтаксистік байланыстың түрлері. Сөйлемдегі сөздердің синтаксистік байланыс орнату тәсілдері негізінде байланыс түрлері (формалары) анықталады. Қазақ тілінде байланыстың бес түрі бар екені көрсетіліп жүр: қиысу, матасу, меңгеру, қабысу, жанасу. Бұлардың үшеуі: қиысу, матасу, меңгеру қосымша, оның ішінде жалғаулар арқылы қалыптасатын байланыс түрлері, қабысу мен жанасу орын тәртібі тәсілі арқылы жүзеге асатын байланыс. Сонда шылау арқылы, оның ішінде септеулік шылау арқылы байланыстарды, сондай-ақ (егер бөлек байланыс тәсілі ретінде танитын болсақ) интонация арқылы байланыстарды байланыстың қай түріне жатқызу керек деген сұрақтар туындайды.

(Бастауыш қызметіндегі) бірінші сыңары екіншісімен атау септігі арқылы байланысатын, (баяндауыш қызметіндегі) екінші компонент біріншімен жіктік жалғауы арқылы байланысатын екі жақты байланыс түрін – қиысу деп атаймыз.



Сөйлемдегі сөздердің бірінің ілік септігінде, екіншісінің тәуелдік жалғауында келіп анықтауыштық қатынастағы байланысы матасу деп аталады.

Меңгеру дегеніміз – байланыстың бір жақты септік жалғаулары және септеулік шылаулар арқылы жүзеге асқан түрі.

Сөйлемдегі сөздердің іргелес орын тәртібі арқылы байланысы – қабысу деп танылып жүр.

Жанасу байланысы байланыстың жеке бір түрі ме, әлде М. Балақаев өзі көрсеткендей «жанасу – алшақ қабысу», яғни, қабысудың ерекше бір түрі ме?

Қабысудан айырмашылығы ретінде жанасуда байланысқа түсетін сөздер сөйлемде бірде іргелес, бірде алшақ орналаса алатыны ғана көрсетіледі.

Синтаксистік қатынас туралы түсінік. Сөздердің арасында синтаксистік байланыс орын алған жерде синтаксистік қатынас та орын алады. Синтаксистік қатынас дегеніміз – синтаксистік байланыстың мазмұны. Байланыс орнаған жерде компоненттер арасында мағыналық қарым-қатынас та орнайды. Мысалы, тоғайға бару тіркесінде байланыс зат есім мен етістіктің арасында барыс септігі арқылы орнаған. Байланыс меңгерудің қатарына жатады. Бұл – байланыстың тұлғалық жағына қатысты ерекшеліктер. Енді осы байланыс арқылы пайда болған сөздердің қарым-қатынасына келсек, бағыныңқы басыңқыдағы қимылдың нақты бағытын білдірген. Бұл – байланыстың мағыналық жағы. Синтаксистік қатынас деп отырғанымыз да осы – байланыстың мағыналық жағы.

Сөйлемдегі сабақтаса байланысқан сөздер арасындағы синтаксистік қатынастар предикаттық қатынас және предикаттық емес қатынастар болып екіге бөлінеді. Предикаттық емес қатынастарға анықтауыштық, толықтауыштық, пысықтауыштық және айқындауыштық қатынастар жатады.



Сөз тіркесі (синтаксистік сөз тіркесі) туралы түсінік. Қазақ тілінде сөз тіркесіне беріліп жүрген анықтамалар, негізінен, оның негізгі үш белгісін қамтиды: «Синтаксистік қарым-қатынасты білдіру үшін кемінде толық мағыналы екі сөздің сабақтаса байланысқан синтаксистік тобын сөз тіркесі дейміз». (Балақаев. М. Қазіргі қазақ тілі, 1992, 35-б.).

Анықтамадан көрінетіні, тілдік бірлік, синтаксистік құрылым сөз тіркесі деп танылуы үшін:



  1. кемінде толық мағыналы екі сөз керек;

  2. олар бір-бірімен бірі басыңқы, екіншісі бағыныңқы сипатта сабақтаса байланысуы тиіс;

  3. сөздердің арасында белгілі бір синтаксистік қатынас (анықтауыштық, толықтауыштық немесе пысықтауыштық қатынастың бірі) орнауы міндетті.

Сөз тіркесіне тән осы белгілер оны сөз тіркесіне ұқсас басқа тілдік белгілерден ажыратуға негіз болады.

Сөз тіркесі басыңқы сөздің қай сөз табынан екендігіне қарай есімді сөз тіркестері және етістікті сөз тіркестері болып екіге бөлінеді. Басыңқы сыңары есім сөздерден болған сөз тіркестері есімді тіркестер, басыңқысы етістіктен болған сөз тіркестері етістікті тіркестер деп аталады.

Сөз тіркестерін бұдан әрі құрамындағы сөздердің байланысу түріне қарай матаса байланысқан есімді сөз тіркестері, меңгеріле байланысқан есімді сөз тіркестері, қабыса байланысқан есімді сөз тіркестері және меңгеріле байланысқан етістікті сөз тіркестері, қабыса байланысқан етістікті сөз тіркесеті; сондай-ақ қатынастың мазмұнына қарай анықтауыштық қатынастағы сөз тіркестері, толықтауыштық қатынастағы сөз тіркестері, пысықтауыштық қатынастағы сөз тіркестері деген топтарға жіктеуге болады.

Тақырып: Сөйлем мүшелері. Сөйлемнің тұрлаулы мүшелері. Сөйлемнің тұрлаусыз мүшелері.



Сабақтың мазмұны:

  1. Сөйлем мүшесі туралы түсінік;

  2. Сөйлем мүшелерінің тұрлаулы және тұрлаусыз мүше болып бөлінуі;

  3. Бастауыш, оның жасалу жолы;

  4. Баяндауыш, оның жасалу жолдары;

  5. Толықтауыш, оның жасалу жолдары;

  6. Пысықтауыш, оның жасалу жолдары;

  7. Анықтауыш, оның жасалу жолдары;

  8. Сөйлем мүшелерінің құрылысына қарай түрлері: дара мүше, күрделі мүше, үйірлі мүше;

  9. Сөйлемнің бірыңғай мүшелері, бірыңғай мүшелерге қатысты жалпылауыш сөз;

  10. Сөйлемнің айқындауыш мүшелері.

Сабақ мақсаты: Сөйлем мүшесі туралы түсінік беру, сөйлем мүшелерінің не себепті тұрлаулы және тұрлаусыз мүше болып бөлінетінін түсіндіру. Сөйлем мүшелерінің анықтамалары мен жасалу жолдарынан түсінікті тиянақтау. Сөйлем мүшелерінің құрылысына қарай дара мүше, күрделі мүше, үйірлі мүше болатынын үйрету. Бірыңғай мүше, айқындауыш мүшелер туралы түсініктерді кеңейту. ;

Теориялық бөлім
Практикалық бөлім

Синтаксистік байланыс. Синтаксистік қатынас

Дәріс жоспары:

  1. Синтаксистік байланыс туралы түсінік

  2. Синтаксистік байланыстың сипаты: салалас байланыс, сабақтас байланыс. Сабақтастық байланыстың сыңарлары: басыңқы компонент, бағыныңқы компонент

  3. Синтаксистік байланыстың тәсілдері: қосымша арқылы байланыс, шылаулар арқылы байланыс, орын тәртібі арқылы байланыс, интонация арқылы байланыс

  4. Синтаксистік байланыстың түрлері: қиысу, матасу, меңгеру, қабысу, жанасу

  5. Синтаксистік қатынас туралы түсінік

Мақсаты: Синтаксистік байланысқа тілдік анықтама беру, салалас және сабақтас байланыс туралы, байланысқа түсетін синтаксистік компоненттердің сипаттары туралы түсінік беру. Синтаксистік байланыстың тәсілдері мен түрлері туралы мектептен белгілі анықтамаларға түзетулер мен толықтырулар жасау. Синтаксистік қатынас туралы тілдік анықтама беру.

Мазмұны:

1. Синтаксистік байланыс туралы түсінік. «Сөйлем – ойды білдіреді, сөзден құралады» деген тұжырыммен өткен сабақтан таныспыз. Сөйлемнің құрамындағы сөздер бір-бірімен өзара синтаксистік заңдар бойынша байланыспаса, сөйлем де қалыптаспайды, ой да берілмейді. Ендеше сөйлем құрамына енетін сөздер бір-бірімен синтаксистік байланыста болады.

Байланыс (синтаксистік байланыс) дегеніміз не?

Мен бүгін Алматыдан түнгі поезбен келдім деген сөйлемді мысалға алып, құрамындағы сөздердің байланыстарын анықтап көрейік. Сөйлемде толық мағыналы (лексикалық мағыналары толық) алты сөз қамтылған. Әр сөзді сөйлемнің бас жағында тұрғанынан бастап кейінгілермен жеке-жеке жұптап айтып көрейік. 1. Мен бүгін – бұл екі сөзді сөйлемнен бөлек алып жұптағанда, сөздердің арасынан бір-біріне мағыналық қатыстылық байқалмайды. Сондай-ақ 2. мен Алматыдан, 3. мен түнгі, 4. мен поезбен деген жұптардан да басқа сөздерді қатыстырмасақ, екеу ара мағыналық үйлесім тауып тұрған жоқ. Тек мен келдім дегенде ғана бірі істің иесін атап, екіншісі соның қимылын білдіріп, өзара мағыналық қарым-қатынасқа түскен. Ендеше сөйлемдегі мен сөзі келдім сөзімен ғана байланыс орнатқан да, өзінен кейінгі басқа сөздермен қарым-қатынасқа түспеген. Сол сияқты бүгін және Алматыдан сөздерінің сөйлем соңындағы келдім деген сөзбен ғана байланысы бар. Ал түнгі сөзінің мағынасының өзінен кейінгі сөзге ғана қатысы бар, ендеше ол поезд сөзімен ғана байланыс орнатқан. Соңғы поезбен сөзінің мағынасының тағы да келдім етістігіне ғана қатысы бар: поезбен келдім. Сонымен сөйлемдегі сөздер арасында мынадай байланыстар бар екені анықталды:

  1. мен келдім

  2. бүгін келдім

  3. Алматыдан келдім

  4. түнгі поезд

  5. поезбен келдім.

Көрсетілген байланыстар қалай анықталды? Ол бір сөздің мағынасының сөйлемдегі қай сөзге қатысы бары арқылы белгіленді. Ендеше синтаксистік байланыс дегеніміз – біріншіден, сөйлем құрамындағы сөздердің (синтаксистік компонентердің) бір-бірімен мағыналық жақтан үйлесім табуы, мағыналық жақтан бір-біріне қатысты болуы.

Синтаксистік байланыс тек мағыналық жақтан ғана сипатталмайды, тұлғалық (формалық) жағы да болатын құбылыс. Синтаксистік байланыстың тұлғалық жағын сол мағыналық қарым-қатынасты орнатуға негіз болған құралдар, амал-тәсілдер құрайды. Атап айтқанда, сөйлемдегі сөздердің арасындағы синтаксистік байланысқа жалғаулар, септеулік шылаулар, орын тәртібі мен интонация қызмет етеді. Ендеше сөздер арасында осылардың қайсысы орын алса, сол байланысты жүзеге асырушы, яғни байланыстың тұлғалық жағының көрсеткіші деп танылады. Мысалы, Мен келдім деген сөздер арасында мағыналық жақтан предикаттық (бастауыш – баяндауыштық) қатынас орын алған. Осы қатынасқа негіз болған синтаксистік байланыстың формалық жағына талдау жасап көрейік. Тіркестің бірінші сыңары – мен – жіктеу есімдігінің бірінші жақ жекеше түрі. Бұл есімдік бірінші (сөйлеуші) жақтағы жеке тұлға болатын затты атайды. Аталған есімдік атау септігінің нөлдік жалғауында келген. Атау септігі өзі жалғанған сөзге әрқашан зат қимылдың иесі екенін білдіретін грамматикалық мағына үстейді. Ендеше, атау септігі зат қимылдың иесі екенін білдірсе, өзі жалғанған сөзді сол қимылды атайтын сөзбен байланыстырғаны. Бұл – байланыстың бірінші сыңарындағы сөз байланыстырушы қосымша тұлға. Яғни, мен есімдігі кел етістігімен атау септігі арқылы байланыс орнатқан. Дәлірек айтқанда, атау септігінің зат қимылдың иесі екенін білдіретін грамматикалық мағынасы арқылы қимылды атайтын кел етістігімен мағыналық үйлесімге, қарым-қатынасқа келген. Екінші сыңар кел етістігі жіктік жалғаудың бірінші жағында тұр. Бұл қосымша етістікке бірінші жақтық және жекелік (даралық) мағыналар жамаған. Яғни, өзі жалғанған сөзге сол қимылды бірінші жақтағы жеке тұлға жүзеге асырғанын білдіретін грамматикалық мағына үстеген. Жіктік жалғаудың бұл мағынасы мен есімдігінің мағыналық ерекшелігіне толық сәйкес: екеуінде де бірінші жақтық және жекелік мағыналар бар. Ендеше жіктік жалғау кел етістігін оған бірінші жақ, жекеше мағына жамау арқылы мен есімдігімен мағыналық үйлесімге келтіріп, байланыстырған. Сонымен, Мен келдім тіркесіндегі синтаксистік байланыс бірінің (мен сөзінің) атау септігінде келуі арқылы, екіншісінің (кел етістігінің) жіктік жалғауда келуі арқылы орнаған. Сөздердің арасындағы мағыналық қатынас та сол қосымшалардың грамматикалық мағыналары негізінде қалыптасқан. Атап айтқанда, есімдік өзі бірінші жақтағы жекеше тұлға-затты атаса, атау септігі арқылы сол зат келу қимылының иесіне айналған. Сөйтіп ол бастауыштық қызметке тұрған. Ал кел етістігі жеке өзі тек бір бағыттан екінші бағытта жер бетінде болатын қимылды атаса, жедел өткен шақ жұрнағының мағынасы арқылы баяндауыш қызметіне тұрып, бастауышпен (бірінші жақтағы жекеше тұлға-затты атайтын мен есімдігімен) жіктік жалғауының сол қимылды бірінші жақтағы жеке тұлға жүзеге асырғанын білдіретін мағынасы арқылы мағыналық үйлесімге келіп, қарым-қатынасқа түскен.

Ендеше сөйлемдегі сөздердің арасындағы синтаксистік байланыс дегеніміз – олардың олардың бір-бірімен мағыналық және тұлғалық жақтарынан сәйкесіп, үйлесімге келуі.



Енді жоғарыда сөйлемнен анықталған басқа байланыстардың жүзеге асу ерекшеліктерін де сипаттай кетейік. Бүгін келдім тіркесінде сөздердің арасында пысықтауыштық қатынас орын алған. Оның ішінде бүгін сөзі қимылдың мезгіл пысықтауышы болып тұр, Яғни, сөздердің арасындағы қатынас мезгілдік қатынас. Дәлірек айтқанда, бүгін деген біріккен күрделі үстеу келу қимылының мезгілін білдірген. Енді осы қатынас қалай орнаған деген сұраққа жауап іздеп көрейік, яғни байланыстың сыртқы тұлғалық жағына назар аударайық. Бүгін сөзі сөйлемде кел етістігімен байланысу үшін ешбір сөз байланыстырушы тұлға (жалғаулар, септеулік шылаулар) қабылдамаған, яғни түрленбей жұмсалған. Бұл сөз үшін етістікпен байланыс орнату үшін олардың қажеті де жоқ. Өйткені бүгін сөзі лексикалық мағынасы арқылы уақыт кесіндісінің ішінде сөйлеуші оқиғаны хабарлап тұрған кезде өтіп жатқан тәулікті білдіреді. Сол мағынасы арқылы үстеу деп аталатын сөз табының қатарына жатады. Ал үстеу сөздердің грамматикалық мағыналарының бірі ... қимылдың мезгілін білдіру. Ендеше үстеудің лексикалық және одан шығатын сөз табы ретіндегі жалпы грамматикалық мағыналары ешбір сөз байланыстырушының жәрдемінсіз-ақ тікелей қимылға, қимылды білдіретін етістікке бағытталған. Сондықтан үстеулерді етістікпен байланыстыру үшін зат есімдерді түрлендіргендей сөз түрлендіруші тұлғалармен түрлендірудің қажеті де жоқ. (Ал ертеңіне келді, Бүгін – жұма сияқты тіркестердегі үстеулердің зат есімнің жалғауларын қабылдауы басқа тілдік процестермен байланысты құбылыс). Тіркестің екінші сыңары келу етістігінің құрамындағы қосымшалардың да сол (кел) сөздің үстеумен байланыс орнатуына еш қатысы жоқ. Жедел өткен шақ жұрнағының өз мағынасы арқылы етістікті баяндауыш қызметіне қойғаннан басқа қызметі жоқ. Яғни ол сөз бен сөзді (атап айтқанда, өзі түрлендірген кел етістігін бүгін үстеуімен) байланыстыруға қатысып тұрған жоқ, өйткені ол – жұрнақ. Ал жұрнақ сөз бен сөзді байланыстырмайды. Етістіктің құрамында тұрған келесі қосымша жіктік жалғау да кел етістігін бүгін үстеуімен байланыстыруға қатыспайды. Ол етістікке бірінші жақтық жекеше мағына жамап, оны (кел етістігін) бірінші жақтағы бастауышпен байланыстыру үшін қызмет еткен болатын. Ендеше, кел етістігінің де алғашқы сыңар сияқты үстеумен байланыс орнатуы үшін сөз байланыстырушы тұлғаларды қабылдауы міндетті емес. Ал қабылданған тұлғалар оны үстеумен байланыстыру үшін емес, басқа қызметтер атқару үшін қосылған. Сөйтіп, келу етістігі де бүгін үстеуімен ешбір сөз байланыстырушы тұлғаның жәрдемінсіз түбір күйінде тұрып байланысқан. Яғни сөздің түбірінің лексика-грамматикалық мағыналары мезгіл үстеуін қабылдауға жеткілікті. Өйткені етістік – қимыл-әрекет, қалып-күйді білдіретін сөз табы. Қандай да бір қимыл-әрекет уақыттан тысқары тұрып, жүзеге аспайды. Орындалатын кез-келген қимыл-әрекет қандай да бір уақыт кесіндісінде, белгілі бір уақыт ішінде, уақыт көлемінде жүзеге асады. Ендеше етістіктің мезгіл үстеулерінен сөз қабылдауы заңды құбылыс болып табылғаны. Сонымен бүгін келдім тіркесіндегі байланыс – сөздердің ешбір қосымшасыз, септеулік шылаулардың жәрдемінсіз түбір тұлғадағы (сөлемде түбір түрленбей, түбір тұлғада жұмсалған) байланысы болып шықты. Сөздердің мұндай байланысын – орын тәртібі арқылы байланыс дейміз. Ендеше бүгін келдім тіркесіндегі байланыс (байланыстың тұлғалық жағы) – орын тәртібі арқылы байланыс болғаны. Сол сияқты түнгі поезд тіркесіндегі байланыс та осы қатарға жатады. Өйткені, біріншіден түнгі сөзінің құрамындағы қосымша – сөз тудырушы жұрнақ. Синтаксистік байланыстың сыңары, яғни сөйлемге қатысып тұрған – -ғы жұрнағын қабылдаған зат есім емес, сол жұрнақ арқылы жасалған туынды (қатыстық) сын есім. Туынды сын есімнен болған сыңар одан әрі түрленбеген. Екінші сыңардың (поезбен) құрамындағы көмектес септік жалғауы зат есімді қатыстық сын есіммен байланыстыру үшін емес, етістікпен (поезбен келу) байланыстыру үшін қолданылған.

Алматыдан келдім және поезбен келдім тіркестеріндегі байланыстар бірінші сыңар құрамындағы септік жалғаулары арқылы жүзеге асқан. Атап айтқанда, шығыс септігі зат есімге зат (Алматы) қимылдың (келу) адресант-мекені екенін білдіретін мағына жамап, сол зат есімді етістіктің мекен пысықтауышы қызметіне қойып, сол етістікпен байланыстырған. Сол сияқты көмектес септігі өзі жалғанған сөзге зат (поезд) қимылдың (кел) құрал-объектісі екенін білдіретін мағына жамап, зат есімді етістікпен толықтауыштық қатынаста байланыстырған.

2. Синтаксистік байланыстың сипаты: салалас байланыс, сабақтас байланыс. Сабақтастық байланыстың сыңарлары: басыңқы компонент және бағыныңқы компонент. Синтаксистік байланысқа түсетін сыңарларды синтаксистік компоненттер деп атаймыз. Байланыс әр түрлі деңгейдегі тілдік бірліктер арасында орын ала береді. Егер сөйлем құрамындағы сөздер (сөздердің түрленген тұлғалары) байланысып, компонент болса, құрмалас сөйлемдерде компонент болатындар – оның құрамына енген жай сөйлемдер.

Синтаксистік байланыс байланыстың сөздердің арасында орнау сипаты және компоненттерінің мағыналық, тұлғалық қарым-қатынасына қарай салалас және сабақтас байланыстар болып екіге бөлінеді.


Каталог: ebook -> umm
umm -> ПОӘК 042-18-29 8/03-2013 №1 басылым 05. 09. 2013
umm -> Жалпы және заң психологиясы терминдерінің қысқаша сөздігі. І бөлім. Жалпы психология пәнінің терминдері
umm -> 6М 011700- «Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы» Магистранттарға арналған
umm -> ПОӘК 042-14-5-05. 02. 20. 22/2013 № басылым
umm -> 6М 011700- «Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы» Магистранттарға арналған
umm -> «Ежелгі дәуір әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті», 5В012100- Қазақ тілінде
umm -> Оқытушы үшін «Қазақстан тарихы»
umm -> Әбікенова Гүлнафис Төкенқызы Қазақ тіліндегі эпистолярлық стильдің лингвистикалық сипаты
umm -> Педагогика кафедрасы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет