«Ырқ бітіг» кітабы «Авеста» шығармасымен өзектес



Дата15.09.2017
өлшемі169,12 Kb.
#33807
«Ырқ бітіг» кітабы «Авеста» шығармасымен өзектес
Еңсегенұлы Тоқболат

Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, ф.ғ.д.


Тоқболат Сейілхан Тоқболатұлы

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының доценті, т.ғ.к.


Бұрынғы еңбектерде талай рет айтқандай, бабалардан қалған даналық шығарманың «Ырқ бітіг» деген атауы қазақтың «Алдыңды болжап бал ашатын кітап» деген мағынаны танытады.

Көне түркілердің «Ырқ бітіг»–“Алдыңды болжап бал ашатын кітап” атты өлеңдер жинағы қасиетті “Авеста” шығармасымен етене өзектес. Нақты дәлел келтірсек, “Алдыңды болжап бал ашатын кітап” атты өлеңдер жинағы да әйгілі “Авеста” шығармасы сияқты өмірдегі жақсылық пен жамандықтың бітіспес арпалысын персонаж және образды сөзбен бейнелеп суреттеп, кесапат, қасірет әкелер әрекеттерден сақтануды алдын ала жұртшылыққа ескертеді. Ал «Ырқ бітіг» кітабының “Авеста” шығармасынан айырмашылығы – «Алдыңды болжап бал ашатын кітап» – жақсылық пен жамандықты салыстыра көрсете отырып, жаманшылықтан қорғанудың жолын философиялық тұжырыммен білдіріп, одан пайдалы қорытынды шығарудың шарасын ойластырып табуды оқырманның өзіне қалдырады. Сөйтіп, адамзатты толғанысқа түсіріп іс-әрекетке жетелейді.



Жақсылық жасау, соған жету үшін жаманшылықпен талмай күресу – бұл көне түркілердің өлеңдер жинағының да, қасиетті “Авеста” шығармасының да негізгі өзегі. Өйткені, дала пайғамбары атанған Жаратуштра жасаған “Авеста” кітабы, соның есімімен аталған зороастризм діні әуелгі дүниеге келген сәттен бастап-ақ көне түркі халқымен бірге жасасып, сіңісіп, ең негізгі наным-сеніміне, дәстүріне айналған. Себебі, зороастризм діні түркілер ежелден мекендеген Орта Азияда туып қалыптасты. Бұл туралы біз тарапынан бірнеше монографиялық еңбектер және елуден астам ғылыми мақала жарияланып, Республикалық ғылыми кеңестерде талқыланып, мақұлданды [Еңсегенұлы Т. Әдебиетіміздің бастауы – Авестада». Ал: 1996; Еңсегенұлы Т. Қазақ әдебиеті тарихының арғы арналары. Ал: 2001; Еңсегенұлы Т. «Авеста» – түркілерге ортақ мұра» Ал: 2011].

Сол зерттеу барысында: “Авеста” кітабын да, оны жасаған Жаратуштраны, соның есімімен аталатын зороастризм дінін – Орта Азияда, соның ішінде Хорезмде дүниеге келген деп ғылыми тұжырым жасалынды. Ондай байламға алғашқылардың қатарында орнықты тұжырыммен барғандар Кеңес дәуіріндегі бір топ Ресей ғалымдары: академик В.В.Струве, СССР Ғылым академиясының корреспондент-мүшелері: К.В.Тревер, С.П. Толстов, Е.Э.Бертельс, профессорлар: И.М.Дьяконов, С.Г.Кляшторный, Т.И. Сұлтановтар болды. Сондай-ақ, “Авеста” мен зороастризм дінінің Орта Азияда, Хорезм өңірінде дүниеге келгенін Батыс Еуропа ғалымдары: И.Маркварт, Х.Нюберг, Э.Бенвенист және М.Бойстер зерттеп, дәлелдеп берді”, −деп түйінделген болатын[1,74-б.].

Көне түркілердің негізі зороастризмде сақталған Тәңірге табыну дінін жасап, қабылдап, өмірге енгізгенін “Қазақ мәдениетінің тарихы” деген зерттеу еңбек жазған қытай ғалымы Су-Бихай: “Заманымыздан бұрынғы ІІ ғасырдағы үйсіндер мен қаңлылардың тайпалық одақтары алдыңғы сақтар мәдениетіне мұрагерлік еткен, әрі оны дамытқан. “Сүй кітабы батыс өңір шежіресінде’’ былай жазылған: “Қаң мемлекеті қаңлылардың ұрпақтарынан құралым тапқан. Олардың өз алдына ұстаған заңы болған. Бұл заңды зоростр (зороастризмдердің) ғибратханасына қойған. Олар қылмыстыларды жазалағанда, осы заң арқылы жазалайтын болған”, − деп баяндайды [«Қазақ әдебиеті» // 09.18.1998].

Осы мәселе жөнінде қытайдағы қазақ ғалымы Н. Мыңжанның: “ЧиИүнші: “Қазақ дегеніміз – ежелгі қаңлы елі” дейді. Тарихи деректерге қарағанда, ерте заманғы қаңлылар зороастризм дініне сеніп, ай мен күнге және отқа табынған екен”, −деген мәліметін еске алу қажет [Мыңжан Н. Қазақтың қысқаша тарихы. Ал: 1994]. Ежелгі заманда өзге халықтар сияқты көне түркілер де өздері табынған дін, наным арқылы өмір сүрді. Соны мүлтіксіз орындап жүзеге асырды. Соған сәйкес, көне түркілердің “Алдыңды болжап бал ашатын кітап” атты өлеңдер жинағындағы шығармаларға түркілер табынған Тәңірлік−зороастризм діні ең негізгі жұлын болып тартылғанын бірінші ретте зерттеп, ғылыми тұрғыда тұжырымдау керек. “Авеста” кітабындағы зороастризм ілімі және сол шығармадағы жыр сарыны көне түркі халықтарының мәдениет, тұрмыс жағдайларына ежелден сіңісті болып қалыптасқаны айқын танылды. Осы айтқанға дәлел үшін көне түркілердің “Алдыңды болжап бал ашатын кітап” атты өлеңдер жинағындағы рет бойынша жазылған бірінші жырды оқиық: Мен – “Тәңірі ұлымын” салтанатты,

Алтын таққа әдейі ертелі-кеш мені жаратты.

Өз биігіме шаттанып, көңіл қанат қақты…

Білесің бе: бұл – жақсы [2, 187-б.].

Шығарманың бары осы, бір шумақ өлең. Көлемі тым шағын болса да, мұның көтеріп тұрған жүгі салмақты. Осы өлеңдегі бірінші тармақта бүкіл елдің иесі, ең жоғарғы тұлға – жалғыз патша өзі жайлы жұртқа жария етіп тұр. Зороастризм дінінде жазылғандай, сол дін ілімі қағидасы бойынша, жалғыз жаратушы аспанда – көкте тұрып, дүниенің бәрін бақылап, басшылық етіп, әлемге игілік, жақсылық таратып отырады. Сондықтан, ел билеуші тәңірдің жарылқауындағы тұлға болып табылады. Осындайдан, патша өзін жоғары күштің жердегі әміршісі санайды. Екінші тармақта – патша өзін елді билеу үшін отырғанын мәлімдейді. Бұл өлең жолына ел билеушісінің міндет, парызы түгел сыйғызылған. Осы шумақтағы үшінші тармақта әмірші өзінің сондай зор билікке қолы жеткеніне көңілі көкке көтеріліп шаттанады. Соңғы, төртінші тармақта барлық істің соңғы нәтижесі шығарылған. Демек, патша мақсаты орындалып, жаманшылыққа жол берілмей, игілікті іс салтанат құруда. Шындығында, бұл – жақсы нәрсе. Мына төрт тармақтан тұратын өлең бастауы және аяқтауы бар тұтасқан бір шығарманың жүгін көтеріп тұр. Бұл көне түркі шығармаларының өзіндік ерекшелігін көрсетеді. Қысқасы, осы бір шумақ өлеңді “Авеста” шығармасындағы ең жоғарғы құдай Ахура Мазда гимнінің сығымдалған түйіні деуге болады. Нақты дәлел келтірсек, “Авеста” кітабындағы Ахура Маздаға арналған гимнде жалғыз жаратушының әлемді билейтін құдіреттілігін айта келіп: Бәрінен де ең ұлы,

Жүзі де анық тым жылы.

Әсерлі, һәм әдемі.

Күрескенін жеңетін,

Сазайын жаудың беретін,

О, әулие Ахура Мазда, −

деп жырға қосады [Авеста // «Парасат», 1993, № 3]. Жоғарыдағы бал ашатын кітаптан келтірілген бірінші өлеңдегі “Тәңір ұлы” – жердегі жарты құдай. “Алдыңды болжап бал ашатын кітап” атты өлеңдер жинағындағы екінші ретпен жазылған өлеңге назар салайық:

Мен – Тәңірмін арғымақ мінген.

Еш кідіріссіз дүниені аралап зулаймын.

Сонда маған адамның сәби ұлы жолықты.

Адам менің киімім мен атымнан қорықты.

Мен оған:”Қорықпа, бала!

Сен бақытты боласың соны ойла”, −деп

Уәде бердім кездесу бойда.

Сонымен, білесіздер: бұл – жақсы [2, 187-б.].

Осы сегіз жолдан тұратын өлеңді “Авеста” шығармасындағы Митраға арналған гимн-жырдың сығымдалған екінші түрі деуге келеді. Сол даналық кітапқа талдау жасап көрсеткеніміздей, Митра – келісім-шарт жасаушылар, сот құдайы. Ол уәдені бұзғандарға үкім айтады, жазалайды. Оған “Авеста” шығармасындағы Митра гимн-жырының 62-63 шумақтарында: Кім сөзінде тұрмайды,

Ондайларға қасиетті Митра,

Күш те, қуат сыйламайды.

Бәтуасіздердің қолынан күшін кетіреді.

Тұруға әлін кетіреді.

Екі көзін көруден қалдырады, −

деп жазылған жыр жолдары айғақ [3, 92-б.]. Сонымен, осы келтірілген дәлелдер мен ой, ғылыми тұжырымдарды жинақтай келіп, көне түркілердің “Алдыңды болжап бал ашатын кітап” атты өлеңдер жинағын қасиетті “Авеста” кітабымен туыстас, етене сарындас, көркем, құнды шығарма деуге болады.

Көне түркілердің “Алдыңды болжап бал ашатын кітап” атты өлеңдер жинағының қай дәуірде жасалып, өмірге енгендігінің сырын ашу оңайға түспейтін түрі бар. Бұл жеті қат жердің астының құпиясын ашқанмен бірдей. Осы өлеңдер жинағы көне түркі мұрасы екенін В. Томсен жария еткеннен кейін «Ырқ бітіг» кітабына арнайы зерттеу жасалынбапты. Ал В. Томсен сол аударма жасау барысында, сөз арасында, бұл бал ашу өлеңдер жинағы біздің дәуіріміздегі VІІІ ғасырдың ортасы мен ІХ ғасырдың басы аралығында жазылған деген болжам жасады [4, 115-б.]. Әрине, ол ғалым бұл өлеңдер жинағын зерттеуді мойнына алған емес, аударма жасауды көздеді. Оның бұл жинақты түркі халқының мұрасы екенін анықтап бергеніне мың алғыс.

Ал И. В. Стеблева көне түркі шығармаларының бәрін қамтып, шолу жасаған еңбегінде, қосақтың арасында осы өлеңдер жинағының дәуірі жөнінде: «ІХ ғасырдың ортасында ұйғыр қағанатын түркі тайпаларының жаңа әскери саяси бірлестігі−қырғыздар қирата жеңді. “Бал ашатын кітап” шамамен сол тұстарда, ІХ-Х ғасырлар аралығында Шығыс Түркістанда соңғы жазылған шығарма”, −деп ой түйді [5, 12-б.]. И. В. Стеблева Енисей, Орхон, Турфандағы, яғни, көне түркі руна жазуымен жасалған шығармалардың бәрін қағандық дәуір өмір сүрген кезеңге бір-екі ғасырдай уақыт қосып, көне түркі руна жазба мұраларын сол аралыққа сыйғызады.

Бұл ғалым Шығыс және көне түркі жазба поэзиясының өзіндік ерекшеліктерін мүлде ескермеген. Турасынан айтсақ, Енисей, Орхон, Онгин өзендері бойындағы көне түркі руна жазба шығармаларының көбісі Шығыстың даналық мұрасы “Авеста” кітабындағы құдайлардың гимн-жырындай, Шумерлердің ел билеушісінің атынан төрт бұрышты етіп биік балшық бағанаға жазылған гимн-жырындай, қытайлардың арнайы тастарға жазған даналық жырларындай аса маңызды гимн-жыр деуге болады. Бұл жазбалардың бәрі халыққа арналып жазылған мәңгілік мұра, мола басына қойылған жазба ескерткіш емес. Жоғарыда аталған халыққа арналған жазба мұралар біздің дәуірімізден бұрынғы екі мың жылдықтың басында жасала бастады.

Ондай мәңгілік гимн-жырлар – халық айтатын “жүз жылда бір туатын кемеңгерлер” сияқты. Өте сирек жазылады. Сондықтан көне түркілердің тастардағы руна жазба шығармаларының бәрін бір, екі ғасыр ішіне сыйғызу біліп айтқандыққа жатпайды. И. В. Стеблева еңбегінде мұндай кемшіліктердің орын алуының тағы бір себебі, ол көне түркі поэзиясын түгелдей шола қамтып зерттеу жасаған. Оның еңбегінде көне түркілердің руна жазуымен жасалған шығармаларды түгел қамтумен бірге ұйғыр, парсы, араб, шағатай тілдерінде жазылған көне түркі шығармаларының бәрін тұтас зерттеуді көздеген. Осы шалқар дүниені бір тақырып ауқымына тықпалап сиғызудың салдарынан оның көне түркі поэзиясы жайлы зерттеу жұмысы шолу жасаған еңбек дәрежесінде қалып қойыпты. “Көрмегенге – көсеу таң” дегендей, кейбір қазақ ғалымдары оның бұл бағыттағы зерттеу еңбектеріне қасиетті кітаптай табынып, үнсіз пайдаланды.

Профессор И. В. Стеблева көне түркі поэзиясын тұтастай қамтып қарастырған арнаулы еңбегінде «Ырқ бітіг» атты өлеңдер жинағының ішкі мәніне де ептеп көз жібере зерттеу барысында: “Бал ашатын кітаптың” мазмұнын толық түсіну үшін, осындағы бейнеленген хайуанаттар шаман және шамандыққа дейінгі түрік, монғол, угор халықтарының культындағы: бүркіт, аю, жабайы қабан, жылан, жолбарыс, көкек, өгіз, бұғылардың іс-әрекетімен байланысты екенін білу керек”, −деген ой білдіреді [5, 125-б.]. Мұнда да ол біршама қателікке ұрныққан. Жоғарыда оның еңбегінен келтірілген дәйектемеде: “Шаман және шамандыққа дейінгі түрік, монғол, угор халықтарының культындағы” деген сөзге назар аударайық. Біріншіден, шаманизм кейінгі кезеңде, тәңірлік дін ықпалында пайда болған наным-сенім, екіншіден, адамзаттың хайуанатты кие тұтуы ежелгі мифологиялық сана дәуірінде қалыптасты. Үшіншіден, шамандық тарихи кезең дәуірді белгілейтін, заман белесі болып танылған әлемге тараған әйгілі діндердің бірі емес. Соған сәйкес, көне дәуір мұрасын зерттеуде шамандықты тірек ету, пайдалану тапқырлық емес. Ал көне түркілердің руна жазуымен жасалған “Алдыңды болжап бал ашатын кітап” атты өлеңдер жинағындағы шығармаларда хайуанаттар бейнесі культ, кие есебінде көрінуі − бұл өлеңдер жинағының туып қалыптасу дәуірін ең көне заманға қарай ығыстырады.

Сондай-ақ, И. В. Стеблеваның: “Қысқа поэтикалық миниатюра “Бал ашатын кітап” шығармасы мұсылман дәуіріне дейінгі түркілердің бізге белгісіз тұрмыс-жайымен таныстырады”, −деген сөзінде көңіл аударар шындық бар [5, 13-б.]. Оның бұл пікірі сол жинақтағы шығармалар ислам дәуіріне дейінгі түркілердің Тәңірге табыну заманында, кейбір шығармалар одан бұрын жасалғанын мойындағандық болып табылады. Бірақ, И. В. Стеблеваның бұл болжамы осы өлеңдер жинағының дәуірі жөнінде бастапқы айтқан байламына қайшы келеді. Ақиқатқа жүгінсек, көне түркі поэзиялық шығармаларының бәрін қағандық дәуірден бері қарай жасалды деген тұжырым шындыққа сай келмейді.

Ал С. Г. Кляшторный: «Дж. Р. Гамильтонның тамаша зерттеуімен «Ырқ бітік» 930 жылы 17 наурызда Манихей монастырында жазылғаны анықталды», −деп жазып [Кляшторный С.Г. Монихейский мотив… //Тюркологический сборник. М: 2006. № 5.], осы жинақтағы ХІХ ретпен орналасқан жыр шумағының сюжеті манихей жырларында кездесетінін білдіреді. Сол сөз етіп отырған кітап атауының транскрипциясы − «Уrk bitig», қазақша оқылуы− «Ырқ бітік» өлеңдер жинағының ХІХ ретпен орналасқан жыр шумағының қазақша аудармасы мынадай:

(29. ХІХ) Ақбоз ат жаратушысына сыйынып,

Ата жаумен айқаспаққа аттанды.

(30) Тәңіріңе сиын да, еш қорықпа.

Білесіңдер, бұл−өте жақсы [2, 190-б.].

Шығарманың бары осы. Басқасын айтпағанда, осындай сюжеттер қасиетті

«Авеста» кітабындағы құдайлар жырынан молынан кездеседі. Мысалға, «Су құдайы жырында»: Ер жүрек жауынгер Туса

Ардви-Сураға табынып,

Өзіне денсаулық сұрады

Әбзелденген атына таусылмас

Қайрат-күш сұрады.

Қарсы келер жауын

Алыстан көрудің әдісін сұрады, −

деп жазылған [69, 260-б.]. Сол сияқты, «Қорғаныс құдайы жырында»:

Жаратуштра Вэртрагнаға

Үшінші рет келгенде,

Келіп сәлем бергенде,

Ақ арғымақ ат болып,

Шыға келді алдынан,

Қос құлағы алтыннан,

Ноқта, жүген алтыннан,

Ахура өзі жаратқан

Құдіретті күші бар, −

деп баяндалған [3, 120-б.]. Осы «Қорғаныс құдайы жырындағы» он бірінші шумақта:

Жаратуштра Вэртрагнаға

Төртінші рет келгенде,

Келіп сәлем бергенде,

Буырқанған бура боп

Шыға келді алдынан, −

деп айтылған [3, 120-б.]. Бұл мәселе жайлы ойлағанда айтарымыз, біріншіден, халық көңілінен шыққан кез-келген көркем өнер, даналық мұра ешуақытта шекара таңдамайды, бір өңірде тұрып қалмайды, бір елден екінші жұртқа ауысып жүре береді. Бәлкім, Манихей монастырында жазылған «Ырқ бітік» шығармасы одан әлдеқайда бұрын жасалған сол көне түркілердің «Ырқ бітіг» − «Алдыңды болжап бал ашатын кітап» атты өлеңдер жинағының көшірмесі болуы сөзсіз. Өйткені, «Ырқ бітіг» кітабы «Авеста» шығармасы сияқты қасиетті дүние болғандықтан жан-жаққа кеңінен тараған. Екі даналық мұраның бір-бірімен етене ұқсастығы жоғарыда салыстырылып, тереңдете талдау жасалынды. Осы арада арнайы еске саларымыз мынау. Зерттеуші С.Г.Кляшторныйдың «Ырқ бітіг» 1930 жылы Монихей монастырында жазылғаны анықталды» деп айтуының сыры мынада жатыр. Қысқа түйіндесек, шетел ғалымдары Р.Готьо, Г.Классон, А.М.Щербак, В.А. Левшицтер көне түркі руна жазуын соғды жазуынан пайда болып, б.з. ҮІ-Х ғасырлар аралығында ғана өмір сүрген, одан кейін жоғалған деген қорытынды жасаған. Бұған белгілі түркітанушы Қ.Сартқожаұлының: «В.А.Левшиц б.з. 582 жылы Таспар-қиғанның құрметіне қойылған Бұғыты ұстынын, соғды әліпбиінен түрік бітіг жазуы шыққанын айғақтайтын дерек ретінде алға тартқан. Оның сыртында В.А.Левшиц түрік бітіг жазуының ең көнесі Орхон мұралары дей отырып, олардың хронологиясын ҮІІІ-Х ғасырлармен белгілейді. Соғды болжамын ұстанатын зерттеушілер С.Г.Кляшторный, А.М.Щербактар ресейлік согдиолог В.А. Левшицтің тұжырымын қуаттап, қабылдаумен келеді. В.А.Левшиц байырғы түркі бітіг жазуы б.з. ҮІІ ғасырдан бас алды дегене түсінікте. Одан бұрын түркі бітіг жазуы болды дегенді ұйғармайды да, ұйғырғысы келмейді»,–деген сөзі айғақ [Сартқожаұлы Қ. Байырғы түркі жазуының генезисі. Ас: 2007, 21-б.]. С.Г.Кляшторныйдың «Ырқ бітіг» кітабы жайлы ыңғайсыз пікір айтуының төркіні осында жатыр.

Тағы да айтарымыз, Манихей монастырында «Ырқ бітіг» кітабы көк түріктердің руна алфавитімен қалай жазылады? Осы орайда «Манихей» терминіне қысқаша тоқталу қажеттігі туып тұр. Манихей діні біздің дәуіріміздегі сегізінші ғасырдың ортасынан тоғызыншы ғасырдың ортасына дейін ұйғыр қағанатының ресми діні болып табылды. Манихей дінінің негізін қалаушы Бурхан деп есептелінген. Сол Бурхан−ұйғырлардың өздері жасаған пайғамбары. Оған арналған «Манихей гимні» бар. Бұл туындыда Бурхан пайғамбар барынша көтере мадақталады [Еңсегенұлы Т. Түркі ру-тайпаларының көне өлеңдері. Ал: 1996, 94-б.]. Ұйғырлардың өз жазуы қалыптасқан. Олар көк түріктермен үнемі қақтығыста болды. Түрік қағанатына бағынғысы келмеді. Ақыры дегеніне жетті. Біздің дәуіріміздегі 840 жылы ұйғырлар қырғыздармен соғысып, қырғыздар оларды тас-талқан етіп жеңді. Осы келтірілген деректерге сүйеніп, көне түркі руна жазуымен қағазға түсірілген «Ырқ бітік» атты өлеңдер жинағы Манихей монастырында жазылған деуге ешқендай негіз жоқ деуге болады. Бұл көне түркі руна жазба шығармаларының ежелгі заманда қалыптасып, дамығанына көлеңке түсіріп, кейін қарай ысырудың әрекеті емес пе?

Ақиқатында, «Ырқ бітік» − «Алдыңды болжап бал ашатын кітап» атты өлеңдер жинағы − біздің бабаларымыздың ежелгі дәуірде жасаған даналық шығармаларын алдымызға тартып, көне түркілердің әлемдік мәдениетке өз үлестерін қосқанын білдіреді. Шындығында, көне түркілердің «Ырқ бітіг» атты өлеңдер жинағының көбісі әлем, жаратылыс туралы мифологиялық қиял-ғажайып ұғымдарды танытып, іс-әрекеттердің барлығы хайуанаттар бейнесімен суреттеліп беріледі. Мәселен, осы кітаптағы ретімен алғандағы он бірінші өлең мынау: Арғымақ атты елші (жоғарғы құдайдың көмекшісі).

Ақбоз атты жебеуші.

Тосыннан жарылқап бізді,

Көңіл жадыратар хабар жеткізді.

Білесіздер: бұл – өте жақсы

Туындыдағы өлеңнің негізгі мәні – барлық жаңалықты, игі істі тек жаратушыдан күтіп, соған табыну болып табылады. Осы ойымызды нақтылай түсу ниетінде он екінші өлеңді оқып көрейік: Аңшы тауға қарай аңға кетті,

Аңның ізіне түсем деп төмен домалап кетті.

“Көк Тәңірісі бәрінен құдіретті” –

Халық солай депті.

Өздеріңіз білесіздер,

Бұл еш жақсылық емес, түсінесіздер [2, 189-б.].

Бұл туындыдағы да айтпақ уағыз белгілі – аңшы қуған тағыны қолға түсіру үшін әуелі, әдеттегідей, тәңірге тілегін білдіріп жалбарынуы керек еді. Бірақ ол өйтпеді. Содан аңшы апатқа ұшырады. “Алдыңды болжап бал ашатын кітап” атты өлеңдер жинағында “Авеста” шығармасының ықпалы едәуір басым. Жоғарыда келтірілген екі өлеңнің ортақ өзегі зороастризм ілімін уағыздауға құрылған. Соған сәйкес, осы сәтте айрықша айтарымыз, Таяу Шығыс халықтарының кейбірі табынған зороастризм дінін оқып, танып игермей, “Алдыңды болжап бал ашатын кітап” атты өлеңдер жинағының мазмұнын, ұсынар идеясын айқын түсіну қиынға соғады. Себебі, дала пайғамбары атанған, грецияның ежелгі әйгілі ғалымдары мойындап, құрметтеген, тарихи тұлға Жаратуштра жасап, соның есімімен атанған, әлемдегі тұңғыш жасалған діннің бірі, парсы елі және Орта Азияны мекендеген барлық халықтар мойындаған зороастризм діні көне түркілердің ең құрметті де қуатты рухани мұрасы еді. Бұл діннің түркілерге қатысы жөнінде бұрынғы жазған еңбекте:”Ислам діні тарағанға дейін түркі тектес халықтар зороастризм дініне құлшына бас иіп, сол ілім бойынша өмір сүрді. Зороастризм ілімі – түркілердің түпкілікті, табиғатпен байланысқан ілімі”, −деп қысқа түйіндеген болатынбыз [1, 264-б.].

Қысқасы, түркілер қабылдаған тәңірге табынуды уағыздаған зороастризм дінін жалғыз жаратушымен байланыстырып, “Тәңірлік дін” деп атаған. Кейін сол дін мұны жасаған Жаратуштра есімімен аталған, оған бірнеше себеп бар. Бәрінен бұрын гректердің бұрынғы ғалымдарының ұйғарымы болса керек. Түркілердің “Алдыңды болжап бал ашатын кітап” атты өлеңдер жинағы зороастризм діні қағидасы бойынша жасалып, соны насихаттауға арналғандықтан, бұл өлеңдер жинағы зороастризм діні дүниеге келіп, аса қуатты, құдіретті ілімге айналып, барша халық назарын өзіне аударған тұста шығарылған болуы мүмкін. Ал Зороастризм діні біздің дәуірімізге дейінгі VІІІ-VІІ ғасырлар аралығында жасалынып қалыптасқанын есте ұстау қажет болып тұр.

Осы жинақталған деректер мен айтылған тұжырымдарға сүйеніп, көне түркілердің руна әрпімен қағазға түсірілген “Алдыңды болжап бал ашатын кітап”атты өлеңдер жинағындағы шығармалардың бірсыпырасы зороастризм діні жазылған “Авеста” кітабымен ілесе, енді бір топ өлеңдер сол қасиетті дін сарынын сақтап, шамамен біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырдан біздің дәуіріміздегі ІІ ғасырлар аралығында жасалынған шағын көлемді жырлар деуге болады.

Екіншіден, осы “Алдыңды болжап бал ашатын кітап” атты өлеңдер жинағында алғашқы қауымдық, аңшылық дәуірге жатқызатын бір топ өлеңдер бар. Соған сәйкес, осы өлеңдер жинағындағы туындыларды мәні, мазмұны, тақырыбы, жанрына қарай 8 топқа бөліп талдау жасау қолға алынды. Сонда аңшылық, бақташылық дәуірде туған өлеңдер осы кітаптың жасалуына арқау болғаны толық танылады. Үшіншіден, бұл өлеңдер жинағын әлгіндей бағытта топтағанымызда ырым, наным, сенімнен туған жырлар қатары мол болды. “Авеста” шығармасының өзі ырым, сенім, табынудан туындаған, халықтық мұраларға сүйеніп қалыптасқанын ескерсек, әрі соған сәйкес дәуірге қарай топтасақ, “Алдыңды болжап бал ашатын кітап” жинағындағы біраз өлеңдер көп құдайға табыну кезінде, яғни, тым ертеде туғаны аңғарылады. Ондай тозбайтын жырлар халық аузында сақталып, кейінгі заманға ұласқан. Сондықтан, ежелгі дәуірдегі бабаларымыз жасаған тұнба жырлар өзінің тұңғиық жұмбақ сырына біліктілікпен тереңірек үңілуді қажет етеді.

Әдебиеттер:


  1. Еңсегенұлы Т. Қазақ әдебиеті тарихының арғы арналары (Тәңірлік дәуір әдебиеті) Монография. Алматы: Білім, 2001.-289 б.

  2. Еңсегенұлы Т. Көне түркі руна жазба поэзиясы. Екінші том. Ал: «Тоғанай Т», 2014.

  3. Авеста. Избранные гимны. М: Дружба народов, 1993.-217 с.

  4. Поэзия древных тюрков. М: Дружба народов, 1993.-176 с.

  5. Стеблева И.В. Поэтика древнетюркской литературы... М: Наука, 1976.-213 с.

  6. Еңсегенұлы Т. «Авеста» – түркілерге ортақ мұра. Ал: «Тоғанай Т». 2011.-389 б.


References:
1. Ensegenuly T. Kazakh adebietі tarikhynyng argy arnalary (Tanіrlіk dauіr adebietі) Monografiya. Almaty: Bіlіm, 2001.-289 b.

2. Ensegenuly T. Kone turkі runa zhazba poeziyasy. Ekіnshі tom. Almaty: «Toganay T», 2014. – 328 b.

3. Avesta. Izbrannye gimny. M: Druzhba narodov, 1993. – 217 s.

4. Poeziya drevnykh tyurkov. M: Druzhba narodov, 1993. –176 s.

5. Stebleva I.V. Poetika drevnetyurkskoy literatury... M: Nauka, 1976. –213 s.

6. Ensegenuly T. «Avesta» – turkіlerge ortakh mura. Almaty: «Toganay T». 2011. – 389 b.


Еңсегенұлы Т.

«Ырқ бітіг» кітабы «Авеста» шығармасымен өзектес
Осы мақалада көне түркі руна жазуымен ақ қағазға түсірілген, 65 өлеңнен құралған «Ырқ бітіг» – «Алдыңды болжап бал ашатын кітап» атты поэзиялық шығарма бағзы заманғы бабаларымыз жасаған, философияға құрылған, әділет пен зұлымдықтың күресін көрсетіп, жаманшылықпен арпалыста қалай жеңіске жетудің және одан сақтанып, қорғанудың жолдарын болжап түсіндіретін бал ашу мағынасындағы жыр жинағы екені мәлімденеді.

Бұл еңбекте көне түркілердің «Ырқ бітіг» атты өлеңдер жинағы әлемдегі ең алғаш жасалған, 21 кітаптан құралған қасиетті «Авеста» кітабымен етене өзектестігі салыстырмалы түрде тереңдете талдау жасау арқылы ғылыми негізде бағасы берілді. «Ырқ бітіг» кітабының дәуірі жөнінде бірсыпыра шетел ғалымдары өздерінше жобалап, әр түрлі пікірлер айтып келді. Ұзақ уақыт тексерудің нәтижесінде «Ырқ бітіг» атты өлеңдер жинағы қасиетті «Авеста» кітабының ізін ала жасалған, философиялық ой-толғауға құрылған даналық шығарма екені ғылыми негізде тұжырымдалды.

Түйін сөздер: «Авеста», «Ырқ бітіг», руна, философия, түркілік дәстүр.
Ensegenuly T.
"Irk Bitig" the book is akin to the composition of "Avesta"
This article states that the book of Omens "Irk Bitig ", consisting of 65 poems and written Ancient Türkic runic writing - created by our ancestors poetry with deep philosophy Narrating confrontation between good and evil.

The book "Irk Bitig " - the world's first collection of poems. Comparing the book with the composition "Avesta" by in-depth analysis is given scientifically based evaluation. Some foreign scholars have advanced various versions about the time of creation of the book of Omens "Irk Bitig ." The results of many research studies suggest that "Irk Bitig " created following the composition of "Avesta".



Keywords: Avesta, Irk bitig, rune, philosophy, turkic tradition.
Енсегенулы Т.
«Ырқ бітіг», книга сродни с произведением «Авеста»
В данной статье говорится о том, что книга «Ырқ бітіг», состоящая из 65 стихов и написанная древнетюркской рунической письменностью – созданное нашими предками поэтическое произведение с глубокой философией, повествующии противостояние добра и зла.

Книга «Ырқ бітіг» - первый в мире сборник стихов. Сравнивая книгу с произведением «Авеста» путем глубокого анализа дается научнообоснованная оценка.Некоторые зарубежные ученые выдвигали различные версии о времени создания книги «Ырқ бітіг». Результаты долгих научных исследовании говорят о том, что «Ырқ бітіг» создана вслед за произведением «Авеста».



Ключевые слова: Авеста, Ырк битиг, руна, философия, тюркская традиция.


Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет