Исабаев, Қ. Адал достық: Е. Бөкетовтің туғанына 80 жыл / Қ. Исабаев // Орталық Қазақстан. 2005. 13 қазан



Дата02.07.2018
өлшемі84,5 Kb.
#45653
Исабаев, Қ.

Адал достық: Е. Бөкетовтің туғанына - 80 жыл / Қ. Исабаев // Орталық Қазақстан. - 2005. - 13 қазан (№203-204); 15 қазан (№205-206)
Орыс халқында «Құлар жерімді білген болсам, алдын ала апарып сабан төсеп қояр едім» деген мәтел бар. Сол сияқты Евнейдің арамыздан осыншама ерте кететінін білгенде онымен: жолыққан айлар мен күндерді, тіпті, сағатына дейін тіркеп жүрмес пе едік. Құдай тағала болашақтың машинасын ойлап, жасай білетін адамнан өзінің де, өзгенің де ақыр күнін болжау құзырын аяпты-ау. Сондықтан да мен әрі досым, әрі құрдасым жөніндегі естелігімде онымен кездесу, қоштасу уақыттарын дөп басып айта алмасам бұған оқырман жұртшылық, әрине, кешірімшіл болар деп үміттенемін.

1955 жылдың басында әскерден босап келгеннен кейін белгілі жазушы Рахметолла Райымқұловпен бірігіп «Ашынған жандар» атты пьеса жаздық. Астананың мәдени қауымының арасында әжептәуір сөз болды. Бір күндері ұмытпасам, 1956 жыл болу керек, Мәдениет министрлігі оны Евней Бөкетов дегенге орысшаға аударуға бергенін естідік.

Рахаң оны біледі екен: «Тау-кен институтының мұғалімі, техника ғылымының кандидаты»,-деді.

- Әдебиетке қанша қатысы бар?

- Сол жігіттің әдеби пікірлер айтқан мақалаларын газеттерден оқығаным бар, орынды ойлары көкейге қонымды. Осы алысқа шабатын жігіт,- деді Рахаң.

Рахметолланың Евней жөніндегі бұл пікірін менен басқа ешкім де білмей етті. Оны Бөкетовтің ғылымда алған асқарларын естіген сайын өзім ғана есіме алып жүрдім.

Бір күні онымен жолығудың да сәті түсті-ау. Бойы өзімнен қол созым биік, иықты, апайтөс, қақпақ жауырынды, балуан тұлғалы, күлімсіреп жүретін жылы жүзді жігіт екен. Таныстық. Пьеса жөнінде пікірін, қазақ ұғымына тән құрылған кейбір сөйлемдерді қалай орыс ұғымына жақындатып аударғанын айтып жатыр. Айтқандарының бәрі миға қонады...

Содан кейін өзім Ертіс-Қарағанды канал құрылысымен айналысып кеттім де астанадағы жолдас-жораларыммен араласуды сиретіп алдым. Соның бірі -Евней еді. Каналға Павлодар арқылы барамын да Қарағанды арқылы қайтамын. Бір күні көміршілер қаласында Евнеймен кездесе қалайын. Бұл уақытта ол ғылым докторы және «Атан қомында туған адам» атты кітабының «Звезда» журналында жарияланған кезі еді. Өзім де төрт-бес кітаптың қарасын көріп, республика өндірістері мен жерін суландыру мәселелері жөнінде очерк, мақалалар жариялап жүретінмін.

Техника ғылымының докторы Ыбырайым Онаев оны Ульянов ауданындағы Жаңақала елді мекенінде тұратын туыстарына барып қайтуға шақырған екен. Евней осы сапарға менің де қосылуымды сұрады. Көне кеттім. Нысаналы жерге жетіп, бір шайдың басын қайтарғанша қас қарайып қалып, Ыбекең ауыл ақсақалдарына сәлем беремін деп кетті де Евней екеуміз қырға қарай бет алдық.

-Ей, Қалеке, -дейді Евней кенеттен маған. - Осы мен сені түсінетін сияқтымын.

Мен, әрине, сыры ашылмаған пікірге аңтарылып қаламын ғой.

- Канал құрылысымен айналысып жүргенің дұрыс. Өзі адам баласы бір ғаламатты көргенде соның дүниеге қалай келгенін де білгісі келіп тұрады ғой. Анау Алматы, мынау Қарағанды... Қандай ғаламат қалалар. Ал олардың алғашқы қазығынан бастап, бүгінгі көріктеріне қалай жеткенін ерінбей жүріп тіркеген жан бар ма? Жоқ. Адамның өз көзімен көріп жазғанына не жетсін. Канал мәселесінде осындай жолға сен ғана түсіп жүрсің. Содан кейін, сен өте қу адамсың.

Мәссаған. Тағы да аңтарыламын ғой...

- Біздің республиканың болашағы үшін судың атқарар ролін айтып болмайды. Қаныштың отызыншы жылдардың басында айтқан: «Қазақстан үшін су - қолға алған ісіңнің бәрінің басы болмақ» деген сөзі бар. Бұл, яғни, республика экономикасын көтеруде, халық сұранымын өтеуде, әуелі су мәселесін шешіп алып, басқа жағымен сонан соң айналыс деген сөзі ғой. Міне, осы жерде сен тақырыбыңды тапқансың. Бұл мәңгі тақырып қой. Ана жылы «сен болашақ канал бойымен жаяу жүріп өтті» дегенде мен қатты қуандым және саған риза болдым. Жазушылар ішінде бүгінге дейін мұндай қадамға барғаны жоқ. Сонда менің қулығым неде болды? -деймін мен.

- Иә, сол бар екен-ау,- деп Евней жымиып күліп алды. - Сенің қулығың мынада: - Ертіс-Қарағанды каналын салу Қаныш Имантайұлының идеясы, оны Ертістің қай тұсынан қалай тартуға болатын нұсқаларын жасаған Шапық Шөкіұлы. Екеуі де Баянаула перзенттері. Осынау ғаламат су жолы тарихын жазбақ боп жүрген өзің де баянаулалық емеспісің? Сенің қулығың осында - ағаларың еңбегімен дүниеге келетін ғасыр құрылысына басқаны жолатпай, өзіңнің ғана иемденіп алғаныңда. Содан кейін бұл Баянауланың каналы болады да шығады... Әй, қу-ай! - Осыны айтып Евней қарқылдап күлді де бірдеңе деуге ұмтыла бергенімде мені тоқтатып:

- Қой енді!- деді. - Сенің қу адам екенің дәлелденді. Одан да төңірегіңе құлақ салшы.

Түн. Үп деген жел жоқ. Аспандағы жұлдыз атаулы жерге көз тіккендей жамыраса қалыпты. Анадайда ауыл оты көрінеді. Тамыздың тамылжыған сол бір түнінде сол ауылдан жалғыз қыз баланың ән айтқан даусы естіледі. Әй, 10-12 жастан аспағансың-ау дейтіндей, нәзікте айқын бала даусы.

Көңілімде бар түйгенім,

Сенсің сәулем сүйгенім,

Көптен күткен жарым менің,

Қаракөз сүйгенім...

Әрине, өлең сөздерінің жоғарыда көрсетілген жастағы балаға лайықсыз екені өз алдына. Мәселе мұнда емес. Мәселе оның әуеніне осынау дүниенің тырс етпей құлақ салғандай мүлгіген тыныштығында, ап-айқын болып алысқа жетуінде. Егер сол дауыс болмағанда мына тылсым дүние мүлде толық болмағандай еді... Біз бірімізге-біріміз қайтып ләм-мим дегеніміз жоқ. Мына тылсым түн мен сол жалғыз дауыста бейне бір сиқырдың күші бардай елітіп түра бердік...

Әлден соң мен тыныштықты бұзып, өлең сөзінің балдыр бала жасына лайықсыз екенін тіліме тиек етіп.

- Бізде педагогика нашар жолға қойылған-ау, осы,- дедім. Ойымды түсіне қойған Евней:

- Олай емес,- деді. - Әннің әр сөзінің жүрекке жеткізе айтылуына қарағанда әнші сен ойлағандай бала емес. Ана сөздердің мәніне түсінетіндей жасқа келіп қалған жан.

Мен бұл жерде сөз таластыруды артық көріп, үнсіз қалдым. Әлден соң ән аяқталғанда екеуміз меңіреу дүние қоршауына тап болғандай елегізіп қалдық. Түн сол қалпы. Ал бізге әлгі ән, тіпті, ол әнді вальс ырғағымен салған әлгі дауыс қана жетпегендей болды...

Евней Қарағандыға алғаш тап болған кезде Алматыдағы дос-жарандарынан қол үзіп қалып қатты өгейсіп жүрді. Содан болу керек бір жолыкқанымда маған, каналға келген жолдарымда өзіне жолықпай кетпеуімді сұрады.

- Өзің осылай қарай сұранып келдің бе, қалай?

- Сәтбаев жіберді,- деді ол. -

Мен саған бір сыр айтайын, ешкімге аузыңнан шығарма. Ол кісі маған осында Өндірістік химия-металлургия институтын құруды тапсырып, «Соның негізінде Ғылым академиясының филиалын құру ойым бар. Оны болашақта өзің басқаратын боласың», деді. Әйтпегенде Алматыдан кете қою ойым жоқ еді. Сөйтіп, мен қазір аталған институтты құрып жатырмын.

- Қазақ топырағында ғылымның ерекше бағытындағы институт екен, кадр мәселесі қалай шешілетін түрі бар?

- Талантты жастар баршылық. Менің міндетім - соларды ортақ мүддеге жұмылдырып, ғылыми жұмыстарына бағыт сілтеу.

Академик Қаныш Сәтбаев қайтыс болғаннан кейін мен Евней мінезінен ерекше жігер көргендей болдым. Оның осы уақыттағы бар іс-қимылы маған «Бәрі-бір ол кісінің айтқандарын іске асырмай қоймаймын!»-деген сертін танытқандай болды.

Бұл уақытта Евнейдің «Атан қомында туған адам» еңбегі жарық көрген. Ол – медицина ғылымының докторы, академик Ишанбай Қарақүлов жөнінде жазылған өмірбаяндық повесть. Ендігі ойы -Сәтбаев жөнінде кітап жазу. Баянауылға барып, академиктің туған топырағына аунап, ағайын-туыстарымен әңгімелесіп қайтқан екен. Келесі кездесуімізде зор денесін жеңіл көтеріп алып, құшақ жайып қарсы алды да столының тартпасынан жол дәптерін шығарып парақтай бастады.

- Ей, сен Сәтбаев әулетіне жиен екенсің ғой? Елдегілер айтып отыр.

- Иә, сондай ілік-шатысымыз бар,-деймін мен.

- Сонда Сәтекең қызынан сен тудың ба, шешең туды ма? Сондай бірдеңені түртіп алыппын.

- Иә, Сәтбайдың Гүлмаһни деген қызынан менің шешем туған.

- Қанекең жөнінде кітап жазбақ ойым барын естіген шығарсың?

- Бұдан бұрын бір кездескенде айтқансың. Медеу Сәрсекеев те осы тақырыпқа білек сыбанып жүр.

- Әне, Алексей Брагинде де сондай ой болса керек.

- Иван Щеголихинмен сейлескенім бар. Сәтбаев тақырыбына ол да қызығады.

- Қаныш дегеннің өмірі де, ғылымы да, кісілігі де тұңғиық қазына ғой. Ол тақырып ретінде жазамын дегендердің бәріне жетеді.

- Ал менің өз басым Медеу екеуіңнің жазғандарыңды ұнатамын. Екеуіңде де техникалық білім бар және жақсы әдебиетшісіңдер. Сәтбаевты жан-жақты түсінесіндер.

- Әзірге өз басым «жақсы әдебиетшімін» дей алмаймын. Алайда, ынтам барын да жасырмаймын.

Ал менің өз басым «техникалық ғылым салаларын мықтап ұстағандарды, тіпті, сол бағытта талай жетістікке жетсе де егер олар, халқының фольклорын, әдебиеті мен мәдениетін, тарихын білмесе, бәрібір сауатсыз адам ретінде қалады» деп ойлайтынмын. Осы ойым жөнінде бірер ғалымдармен сөзге де келіп қалғанымды айттым.

- Ей, осы ойыңда жан бар. Европа мен орыстың талай техника жүйесі ғалымынан том-том ғажап естеліктер қалған ғой. Оқып отырсаң, кәнігі әдебиетші деп қаласың... Ойын қағазға бейнелеп түсіре алмаған ғалым - ғалым болып па. Сәтбаевтың өзі сол қатарға жатушы еді ғой. Сонау 1927 жылы Едіге жырын жинап, алғысөз жазып, Мәскеуден кітап қылып шығаруы ғажап оқиға ғой. Мұхтар Әуезовтің «Абай» романын әркім әр саққа жүгіртіп жатқанда Сәтбаевтың оны «Революциядан бүрынғы қазақ өмірінің энциклопедиясы» деп бағалауы... Бүгінде ол эпопеяны дүниежүзі солай бағалап отыр ғой.

- Өзің де сол бағыттағы ғалымсың,- дедім мен.

- Әлкей Марғұланның әдебиетші екенінің басы ашық. Ишанбай Қарақұлов та сондай ғой. Өзің Шапық Шөкинмен сөйлесіп көрдің бе?

- Жерді суландыру мен канал мәселесінде сөйлескенбіз.

- Оһо, ол кісіні әдебиет пен тарих жөніндегі әңгімелерге тартсаң ғой,- деген Евней басқа тақырыпқа көшті. -Сәтбаев әулетінің жиені ретінде менің зерттеу жұмысыма өзің не қоса аласың?

- Ештеңе де қоса алмаймын. Нағашы әжемнің сол тұқымнан екенін ғана білемін. Басқа Сәтбаевтарды мүлде танымаймын да. Қанекеңнің алдында 1959 жылы канал мәселесімен бар-жоғы 15 минут қана болғаным бар. Алайда сенің еңбегіңе қосатын басқа үлесім бар.

- Ал тыңдадық?

- Қаныш Сәтбаев Қу тақырға шыққан жалғыз геолог емес.

- Мынауың қызық екен.

- Баянауладан өткен ғасырдың басында Бұқарбай Тәшімов, аяғында Қосым Пішенбаев, Қарқаралыдан Айса, Мұхамет Иткариндер деген халық айтатындай «тас тілін білгіштер» шыққан. Олардың тапқан кен көздері жөніндегі «заявкалары» өзіміздің Орталық архивте толып жатыр.

Евней кенеттен желкесін қасып отырып:

- Архивке шаншылып отыруға уақыт жоқ,- деген сөзі өзіне-өзі айтқандай күңк етті.

- Сен архивке бармай-ақ қой! Уақытыңның жоғын білемін. Мен аталған Халық геологтарының өмірбаяны мен тапқан Кен көздерінің уақытын көрсетіп тұрып тізімдеп берейін. Сенің Сәтбаев жөнінде жазатын кітабыңа менің қосатын үлесім осы болсын.

- Ой, рахмет. Міне, құрдас дегендер осындай болу керек.

Мен айтқанымды кезінде орындадым.

Евней аталмыш институтын құрып, төңірегіне жас ғалымдар мен әдебиет таланттарын топтастыра білді. Жалпы оның Қарағандыда беделінің көтерілгені сонша, егер бірде-бір зиялы жан той-томалағында төрге Евнейді отырғызып қоймай өткізсе, ол толық болмайтындай көрінер еді. Сол беделге лайықты ол ғылымда да, әдебиетте де тиісті дәрежеде көріне білді. Ғылым докторы, профессор, тіпті, кен-металлургия техникалық процестерін интенсификациялау жөніндегі еңбегі үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығынын лауреаты, 1970 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, соңынан толық мүшесі (академик) болды. Қазақстанда екінші - Қарағанды мемлекеттік университеті ашылғанда оның ректорлығына Евнейден лайықты адам жоқ еді. Бұл өз кезегінде Евней беделін жұрт алдында бұрынғыдан да асқақтата түсті. Оның шарапатының өзіме де тигені бар.

1973 жылдың күзінде Қарағандыда әкемнің Сланбек деген інісі қайтыс болды. Ол кісі өмір бойы Петропавл қаласында тұрып, көшіп келгеніне екі жылдың ғана әулеті болған. Қалада ешкімді де танымаған, жанмен араласпаған.

Мұндайда «шығарып салу» жабдығын қолына алады деген ұжымы сонау солтүстікте қалды. Бала дегеннен жалғыз қызы бар. Өзім құрылысына араласып жүрген Ертіс-Қарағанды каналы құрылысының бас басқармасы Молодежныйда. Шынымды айтайын, жаман састым. Шақшадай басым шарадай болып, неден бастап, не істерімді білмей отырғанымда үйге кенеттен үш-төрт жігіт кіріп келсін. Университтен екен. Содан кейін облыстық газет редакциясының журналистері де сау ете қалды... Бұл адамдар марқұмды шығарып салуға керек-жарақты қамдауға тарасып кеткеннен кейін, түс ауа көңіл айтуға Евней де келді. Содан кейін ағамның үйі абыр-сабыр болды да қалды. Мүлде танымайтын біреулер кіріп, көңіл айтып, ұжымдарын атап, көмектерін ұсынып жатты. Артынан білсем, алғашқы екі ұжым адамдарын ағамның үйіне қарай бағыттап жіберген Евней екен. Соңғылар «Евней Бөкетовтің досының ағасы қайтыс болыпты» деп көмекті өздіктерінен ұйымдастырушылар екен.

Машина дегендеріңіз аулаға сыймай кетті.

Ағамды осылай арулап шығарып сала алған едім. Ол кісінің жетісі, қырқы, жылынада қарағандылықтар мол жиналды. Солардың көмегімен қаралы дастарқандар да кең болды. Өйткені аталған күндерге менің Алматыдан келгенімді ести сала Евнейдің өзі де жетіп көлді. Ал Қарағанды халқы қаймағының Евней жүрген жерден табылуға тырысатындарын жоғарыда айттым.

Республика Жоғары оқу министрлігіңің бағыттауымен Евней қол астында математика ғылымының кандидаты Сматов Тасболат деген немере інім істеді. Павлодардан көшіп келгеніне көп болмаған. Агайдың қырқына барған жолымда сол қаланың Оңтүстік-Шығыс ауданынан үй тиіп тұрғанын, одан университетке алыс екенін айтып, үйді жақын жерден беруі жөнінде Евнеймен сөйлесуімді сұрады. Ағайдың қырқына Евней де келді. Інімнің өтінішін құлаққағыс қылуға оңтайлы уақытты аңдып отыр едім, астан кейін өзі маған «Мені шығарып салмаушы ма едің»,- деп шақырып алды да:

- Көкейіңде бір сөз барын байқаймын,-деді. - Нұркен Әбдіров көшесінде үй салып жатыр. Содан университетке бірнеше пәтер тиеді. Соның біріне інің ие болады.

Мұндайда жалғыз алғыстың аздық ететіні белгілі. Өзі біліп тұрғанға басқадай тағы да не деуге болады. Үнсіз қалдым...

Жазда каналдан қайтып бара жатып тағы соқтым.

- Ей, керім келдің ғой. Інің үй алды. Жүр, көрсетейін,- деп жинала бастады.

Қара «Волгасына» мініп жүріп бердік. Бізді балконнан көрген інім де сыртқа атып шағып қарсы алды. Мәре-сәре болып жатырмыз. Інім төрт бөлмеден тұратын кең пәтерге «ие болған» екен.

Евней адамның іш пікірін біліп тұруға, адамға алғашқылардың бірі болып көмек қолын созуға дайын тұратын осындай елгезек жан еді ғой.

Осы жерде мынадай оқиғаны айту да артық болмас. Бір жазда әйеліміз екеуіміз Баянауылда бір жүмадай уақыт өткіздік. Балдызымның үйіне кіреміз, содан шығамыз, қайтып соған барамыз, асқа ешкім де мазаламай жүрген күндеріміздің бірінде көшеде келе жатқан біздің алдымызға ту сыртымыздан қуып жеткен қара «Волга» көлденеңдеп тұра қалсын да, ішінен таудай болып Евней шығып, бізді ауқымды құшағына алсын... Қаныш Сәтбаев жөнінде материал жинау үшін «Жасыбай» демалыс үйінен орын алып жатыр екен.

- Қонаққа шақырушылар көбейіп кетті. Бәрінен бастартып жүрмін. Сенің жолыққаның мұндай керім болар ма? Ел ақсақалдарын білесің ғой. Қайсысымен қашан жолығатынымыз жөнінде ақылдасайықшы.

- Бұл көшеде жүретін әңгіме емес қой, - дедім.

- Сен қайда жетектесең де барамын, - деді ол.

Балдызым үйіне алып келіп, қонақ қылып, жоспар жасадақ... Келесі күннен бастап маған жергілікті төрт-бес азамат әр уақытта сәлемдесуге келіп жатты. Күні кеше ғана көшеде кездескенде салқынғана амандасып, жанымнан бөгелместен өтіп жатқан азаматтар, енді, міне, қонаққа шақырғыш болып кетіпті. Бәрі де «Ебекеңді ала келсеңіз» деп қиылады.

- Ей, өзің барып шақырмайсың ба?-деймін.

- Келмейді.

«Е-е,-деп ойладым мен. -Евнейді мазалап жүрген сендер екенсіңдер ғой. Екеуміздің кеше көшеде кездескеніміз сөз боп кеткен-ау, тегі». Мен де қонақтап жүруге жоқтығымды айттым. Артынан зерттей келсем, «шақырушылардың» бәрініңде балалары әне-міне орта білімді тауысқандары жөнінде аттестат алайын деп тұр екен.

Сөйтіп, Ебекеңнің арқасында туған ауылымда өзімнің мерейімнің де үстем болып қалғаны бар. Десем де келесі жылы осы бағытта оған өзімніңде ісім түскені еді.

- Қай факультетке?- деді.

- Филологияға.

- Сен кешір мені,- деді Евней. -Мен қазақ жастарынан техникалық мамандар даярлап шығаруды өзіме міндет санаймын. Математика, химия, физика факультеттерінің біріне қазір апарып отырғызуға бармын. Ал біздің жастар ылғи филологияны жағалайды да жүреді. Оған өз күшімен түссін.

Мен қайтып аузымды ашып сөз айтқам жоқ және көңіліме де алмадым.

Десек те көп ұзамай екеуіміздің арамызда бір кикілжің пайда бола қалып (мұндайлар әдетте тамыр-таныс, ағайын, дос-жарандар арасында болады), құрылысқа жасаған сапарларымда оған соқпай қайтып жүрдім. Сол күндердің бірінде үйдегі телефон шылдыр ете қалды. Трубканы көтеріп аламын ғой әрине. Аржақтан Евнейдің таныс даусы естілді.

- Сен Қарағандыға келгеніңде маған соқпай жүрсің, мен Алматыға келген жолымда өзіңе үлгі көрсетейін деп телефон соғып тұрмын.

- Ал тыңдадық.

- Сен маған әлі қиқайып жүрсің бе?

Мен сасқанымнан не дерімді білмей үнсіз қалып едім, оның даусы тағы шықты.

-Жанымда сенің жиенің тұр. Екеуміз қазір саған барамыз.

«Жиенің» деп кімді айтып тұрғанын біле қойдым, әйгілі сәулетші Шота Уәлиханов қой. Әрине, мен «келіңдер» дедім.

Уақыт түске жақындап қалған. Евней сияқты жұрт шақырып келтіре алмайтын қонақты қарсы алу қамына кірісіп кеттік.

Келді екеуі, ұзынды-қысқалы болып. Отырдық. Әзіл-сықақта қисап болған жоқ... Қонақтарым кеткеннен кейін өзім «қиқайғаныма» қатты өкіндім. «Зор» тұлғасына кең көңілі сай Евней сияқты адамдарға пендешілік өкпе жүрмейді екен» деген қорытындыға келдім мен сол жолы. Содан былай біз қайта жарасып кеттік.

1975 жылы Ертіс-Қарағанды каналының құрылысы аяқталып, үздік механизаторларға үкімет наградасын беру жөніндегі указдан мен өзімді тауып, соның белгісін алуға Қарағандыға барғанымда Евней мен інім Тасболат мені аэропорттан қарсы алды. Ал күзде елуге келуіме байланысты астанада дастарқан жайғанымда Қарағандыдан бір топ университет мұғалімдерін бастап келген Евней төрімде отырды...

Жетпісінші жылдардың екінші жартысында Евней «Простор» журналына Қаныш Сәтбаев жөнінде естелігін жариялады. Дос-жарандары бұл естеліктің ұлы ғалым жөніндегі болашақ еңбектің алғашқы сүресі екенін түсінді. Сәтбаев есімін ұнатпайтындар үшін ол авторын қудалаудың себебі болды. Тегі Бөкетовтің көзін жойсақ, тарихтан Сәтбаев та сызылып тасталар деген болу керек. Содан былай ол отырса - опақ, тұрса - сопақ күй кешті. Оған қарсы жастар газетінде жарияланған мақаланы да көрдік, айтылған сөздерде қисап жоқ.

Евней Бөкетовтің ірі әдебиетші болғанын айттық. Мұның алдын ол әдеби шығармаларға пікір айтудан, С.Есениннің «Анна Снегина» дастанын, В.Маяковскийдің «Қандала», «Керемет» шығармаларын, Э.Золяның әңгімелерін, И.Вазовтың «Бұғауда» романын қазақша сөйлетуден бастап, өзі қазақ ғалымы жөнінде «Атан қомында туған адам» атты повесть жазуға жетті. Шекспирдің«Макбет» драмасын аударып, Қарағандыдағы Сейфуллин атындағы театрға қойғызды. Жалпы Евней қазақшадан орысшаға, орысшадан қазақшаға аударуға бесаспап жан болатын.

1962 жылы С.Есениннің «Анна Снегина» атты дастанын қазақшалап, 22 желтоқсанда «Советтік Қарағанды» газетіне жариялаған екен. Соның бір данасын 1964 жылдың 20 қазанында басына «Құрметті Қалмұханға» деп жазып, маған ұсынды. Оқып шықтым да:

- Туған өлкеде болмағаныңа көп болды ма? - дедім.

- Оны неге сұрадың?

- Дастанда: «Сүйсіндірер даламыз,

Көз жіберіп қарасаң.

Жайқалған орман, суға бай,

Жайылымға мол, егінге.

Егіндік бойын қуалай,

Тізілтіп терек егілген.

Шатырымыз қаңылтыр,

Әр үйде қырман бау-бағы.

Даңдай су жоқ бірде-бір,

Бақытқа осы бойдағы...» деген жолдар тура өз өлкең -Солтүстік Қазақстан көрінісі ғой.

- Оның рас-ей. «Аннаны…» аудару да содан басталды. Қудалау зардабы оның жүрегіне қатты ақау түсірді. Ол бірнеше инфарктан өтті. Сонда да ғылым мен әдебиетті дамыту істерінен бір сәтте қол үзбеді.

1983 жылдың қазан айының бір күні үйге телефон соқты:

- Сені Мәскеуге жүрейін деп жатыр деді ме?

- Ол рас. Қайдан білдің?

- Інің жанымда ғой. Менің тапсырмам бар. Келіп-кете аламысың?

Ертеңінде-ақ Қарағандыға ұшайын. Ол ауыр сырқат жағдайында да Сәтбаевтың өмірі мен ғылыми жолына үңіле түсу әдетін қоймай жүр екен. Соған байланысты мол картотека жасапты. Соның оншақтысын ұсынды.

- Осыларда көрсетілген мақалаларды көшіріп әкеле алар ма едің?

- Әкелемін, -дедім мен. Иә, олар жиырмасыншы жылдардың бірінші жартысында Том, жалпы Сібір қалалары газеттерінде жарияланған студенттер өміріне арналған мақалалар екен. Бәрінде таптым. Көлемі азын қолдан көшірдім, көлемділерін фотоға түсіртіп алдым. Үйге келе тапсырмасының толық орындалғанын айттым. Қуанып қалды.

- Жолың бір түскенде жеткізіп тастарсың.



Сол сәтімде маған Евней үнін соңғы рет естіп тұрмын-ау деген ой келмеген. Жә, жол да түсе қоймады. Сол жылдың желтоқсанында иек артпада қайран досымның, бүкіл қазаққа мақтан боларлықтай әмбебеп таланттың бұл жалғаннан өткені жөнінде хабар алып, дереу жолға жиналдым...

Оның соңғы тапсырмасы орындалған қалпында өзімде сақтаулы.
Каталог: download -> DBases -> E A Buketov -> Files
Files -> Амантаев, Ө. Жарты ғасырда жаһан жаңа / Ө. Амантаев // Орталық Қазақстан. 2013. 21 мамыр (№79-80).
Files -> Каренов Р. Өмірі де, өзі де өнеге еді / Р. Каренов // Орталық Қазақстан. 2005. 3 наурыз
Files -> Куандыкова Д.Қ. Е. А. Букетов прозасындағы бейне жасау шеберлігі/Д.Қ. Қуандықова //Қазақст. Респ. Ұлттық Ғылым акад хабарлары, Тіл, Әдебиет сер.=Известия нан рк сер филолог. – 2006. №5. – 16-19 б
Files -> Көбеев Е. Қазақтың біртуар азаматы / Е. Көбеев // Орталық Қазақстан. 2005. 19 наурыз
Files -> Жойқынбектегі, Қ. Айнымас серік / Қ. Жойқынбектегі // Орталық Қазақстан. 2014. 5 шілде
Files -> Салықов К. Евней Бөкетов дарынды аудармашы / К. Салықов // Орталық Қазақстан. 2005. 19 наурыз
Files -> Оразалықызы, Г. Тұғырлы тұлға / Гүлсім Оразалықызы // Ақиқат. 2006.№11-12. 98-105 б


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет