Қыз бен жігіт айтысының жанрлық сипаты Әл-Фараби атындағы Қазақ



Дата06.12.2016
өлшемі115,6 Kb.
#3313
Қыз бен жігіт айтысының жанрлық сипаты
Әл-Фараби атындағы Қазақ

ұлттық университетінің

аға оқытушысы,

филология ғылымдарының кандидаты

Солтанаева Еркінгүл Молотқызы

esoltanaeava@mail.ru

Алматы, Қазақстан

Түйін

Мақала қыз бен жігіт айтыстарының жанрлық сипатын талдауға арналған. Талдау барысында қыз бен жігіт айтысының жанрлық ерекшеліктері туралы зерттеулер кеңінен қамтылған. Әдеби мәтіндерді талдау арқылы қыз бен жігіт айтысының лирикалық сипаты, ал ақындар айтысының эпикалық сипаты басым екендігі айқындалған. Сондай-ақ қыз бен жігіт айтыстарының сипаттары ретінде ғалымдар атаған айтыстардың жеңіл әзіл-қалжыңға құрылатынындығы толығымен расталды. Қыз бен жігіт айтыстарының көпшілігіне тән тағы бір сипат ретінде жігіттердің қыздарға өзінің көңілін білдіріп отыруы, оларды құрмет тұтуы, ардақтауы, жігіттің қызға ілтипат білдіруі, қыздың сұлулығын жыр қылу салты көрсетілді. Тіпті қыз бен жігіт айтыстарында бұл айрықша сипат күні бүгінге дейін сақталып келе жатқандығы мысалмен дәлелденді.



Тірек сөздер: айтыс, жанр, эпос, лирика, эпика, қыз бен жігіт айтысы, ақындар айтысы, жанрлық ерекшелік, қағысу

ÖZET1



Makale kız ile oğlanın aytıslarının (janrlik) biçiminin analizine göre yazılmıştır. Tahlil sırasında kız ile oğlanın özellikleri hakkında araştırmalar geniş bir şekilde yer almaktadır. Edebi metinleri incelemekle oglan aytısının lirik biçim, şairların aytısının ise epik biçim ağırlıklı olduğu kanıtlanmıştır. Ayrica kız ile oğlan aytıslarının biçimleri hakkında bilim adamlari bu tip aytısların hafif mizahi olduğunu tamamen doğruladı. Kiz ile oğlan aytısının özelliklerinden biri ise erkek çocuğunun kiza kendini ifade etmesi,gönlündekini söylemesi,kizlara saygi duyduğunu göstermesi, söylenilen meddah kelimeler ve kizin güzelliginden bahsetmesi gelenegi gösterilir. Hatta kiz ile oglan aytısının bu özellikleri günümüze kadar devamını sürdürrmektedir.
anahtar kelimeler: aytıs, (janr) epos, lirizm, kiz ile oğlan aytısı,şairlar aytısı, janrlik özellikleri


Abstract

The article is devoted to analyse the specific genre of girls and fellows’ aitys. In the course of literary analysis the researches are widely covered by the specific genre of girls and fellows’ aitys. Researching literary texts reveals lyrical features of girls and fellows’ aitys, epic is inherent feature of poetic aitys. Also inherent feature of girls and fellows’ aitys includes such features as satirically and light humor. If in poetic aitys raised problems of people and country, aitys of girls and fellows’ doesn’t include molar problems, vise-versa – people are attracted by the flirtation between girls and fellow, usually, fellow pays attention to the girls praises her intelligence and beauty. This specific feature is saved in aitys till nowadays.

Key words: aitys, genre, specificity, aitys of girls and fellow, aitys of poets, scenic specificity, epos, lyric.
Әр дәуірдің өзінің көркемдік-эстетикалық сұранысына сай жанрлар өзгеріп, түрленіп отырады. Әуел баста, айтыс ғұрыптық сипаттағы фольклорлық шығармашылық ретінде қалыптасқанымен, уақыт өте келе екі автордың суырып салма өнері деңгейіне көшті. Айтыс жанрының эволюциясы туралы әдебиеттану ғылымында бірқатар іргелі зерттеулер жасалған. Айтысты әр қырынан қарастырған зерттеушілер қыз бен жігіт айтысының жанр мәселесіне тоқтала отырып, біршама орнықты пікір қалыптастырды.

М.Әуезов «Айтыс өлеңдері» атты мақаласында М. Әуезов фольклордың басқа жанрларына қарағанда ақындар айтысында қыздардың, әйелдердің қатынасының көп жүретіндігін айтады. «Мұның өзі айтыстың басқа өнер түрлеріне қарағанда үлкен өзгешелігі. Анығында, қазақ фольклорындағы ең бай жанр – айтыс десек, нелер жүздеген, хатқа түскен айтыстарды қарасақ, солардың көптен-көбі еркек ақын мен қыз ақын, әйел ақындар арасында болған айтыстар екенін көреміз» - дейді ( Әуезов. М. 1985: 288).

М.Жармұхамедов, Қ.Жұмалиев сынды зерттеуші ғалымдар қыз бен жігіт айтысын өзге айтыс түрлерінен бөліп қарастырған.

Қазақ және түркі халықтарының айтыс жанрының типологиясын зерттеген Мехмет Әли Йылмаз өз еңбегінде: «Қазақ айтысының басты айырмашылығының бірі – онда әйел ақындарыдың үлес салмағы мол. Керісінше, түрікте әйел айтыскерлер өте сирек. Өткен тарихта болған әйел ақындар туралы да деректер жоқ. Түрікке қазақтардан ғөрі ислам діні тереңірек дендеп енгені белгілі, бәлкім, осы осы қоғамдық жағдайға байланысты әйелдер айтыстан ертерек шеттесе керек» - дейді. (Йылмаз М. 2010: 16). Яғни әйел мен ер адамның айтысын қазақ айтысының бір ерекшелігі екен.

Ендеше, қазақ айтысының ақындар айтысы және қыз бен жігіт айтысы деп бөлінуі тек жынысына ғана қатысты емес. Себебі «мысал айтыс», «жұмбақ айтыс» секілді айтыс түрлеріне қыз бен жігіт бірге қатысуы мүмкін. Бірақ, бұл айтыстарды қыз бен жігіт айтысының үлгісі ретінде қарастырмаймыз. Қыз бен жігіт айтысының ақындар айтысынан айырмашылығы айтыстың мағынасында, мазмұнындық сипатында болып отыр.

М. Жармұхамедов қыз бен жігіт айтыстарындағы келелі сөзбен өрілетін өзекті тақырыптардың бірі – сол кездесу сәтіндегі өзара жүйесін тапқан көңіл мен сөз жарасытығы туралы болып келетіндігін баса айтқан. Мұның ақыры бірін-бірі мақтауменен немесе сынаумен шектеледі. Жігіттер қыздарға өздерінің ынтықтығын, көңілін әдемі қалжыңмен жеткізіп, олардың сұлулығына тәнті екенін білдіріп отырады. Бұл дәстүр қыз бен жігіт айтыстарында әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Мәселен, Қызылорда қаласының – 80 жылдығына орай ұйымдастырылған «Жырым сенсің, Қызылорда!» атты республикалық ақындар айтысында қызылордалық ақын Мұхтар Қуандықұлы семейлік ақын Сара Тоқтамысоваға:

Сұлу қызды көргенде есім кетіп,

Балды көрген арадай шыр айналам,

Менің үйленгеніме екі ай бопты,

Келешекке жасап ем, шынайы қадам,

Бір найманды үйге тастап кеткенімде,

Бір найманға тап болам деп кім ойлаған?

Айтыстағы жалғыз қыз маған тиді,

Аузымның салымынан мың айналам.

Оразада жолықтырып бойдақ қызды,

Нені меңзеп тұр екен құдай маған?

деп өз көңілін білдірсе, Сара қыз көргенді жерді қызы ретінде әуелі өз сөзін ел-жұртпен тегіс амандасып алғаннан кейін, Мұхтарға жауап қайырады

Алғаны бұл Мұхтардың найман екен,

Найманды алса, шынымен айлалы екен,

Жалғыз қыздың жұп болып бұйырғаны,

Басыңдағы бағыңа айғақ екен,

Баяғыдай алқын-жұлқын мінезің жоқ,

Апамыз жуасытып қойған екен – деп қалжыңдасады (Айтыс 2006:35).

Сонымен қыз бен жігіт айтыстарының сипаттары ретінде ғалымдар, бұл айтыстардың жеңіл әзіл-қалжыңға құрылатынын айтады. Бұл расымен де айғақталған дәлел екендігініне дау жоқ. Тіпті қыз бен жігіт айтыстарында бұл айрықша сипат күні бүгінге дейін сақталып келе жатқандығына жоғарыда айтыстан келтірілген үзінді дәлел.

Қыз бен жігіт айтыстарының көпшілігіне тән екінші сипат, жігіттердің қыздарға өзінің көңілін білдіріп отыруы, оларды құрмет тұтуы, ардақтауы, жігіттің қызға ілтипат білдіруі, қыздың сұлулығын жыр қылуы салт секілді. Мәселен, Ысқақ пен Қадиша қыздың айтысында:

Жүрсіз бе, аман-есен қиғаш қастар?

Қара көз, қызыл жүзді, сүмбіл шаштар.

Шығыпсыз жақсы күнді құрмет етіп,

Айттарың құтты болсын замандастар!

Сіздердің біздер ашық түрлеріңе,

Салт түзеп, салтанатпен жүргеніңе,

Шырақтар, орайластық сіздерменен,

Жүруші ем ынтызар боп бір көруге.

Тұрғанда қайтайын деп кезі келді,

Көзіме көрінбеп ең ілгеріде.

Бар болса, жақсы сөзің сөйлеп отыр,

Бал шекер құмарым бар тілдеріңде –(Айтыстар 1988: 170).

дейді. Бұл сипат та бүгінгі күнгі қыз бен жігіт айтыстарынан көрінетінін жоғарыда келтірген Сара мен Мұхтардың 2006 жылғы айтысынан байқалады.

Қыз бен жігіт айтыстарына тән сипат ретінде М.Жармұхамедов «Айталық, ақындар айтысында екі ақынның сәлемдесіп, руы мен аты-жөнін сұрасудың өзі сол айтыстың даму барысы мен бет-бағдарын белгілейлтіні мәлім. Бұл өзара сын айтып, мін тағуға қажет. Бәсекелес ақынның ә дегеннен-ақ руы мен еліне шаң жуытпай, бетке ұстар жақсы мен жайсаңын мақтай жөнелетіні де осыдан. Қарсыласы да дәл осы тәсілді берік ұстанады. Ал қыз бен жігіт айтыстарында осы дәстүр ара-тұра бой көрсетіп қалса да, айтыс желісінің негізгі өзегі бола аламайды» - дейді [4, 14].

Әрине бұл қайым айтыстардың көбіне тән сипат, себебі ақындар тұтқиылдан кездесіп қалып, ешбір жасандылықсыз, суырып-салып айтыса кететін болған. Алайда бүгінгі күні айтыстар халық алдына шығарылып әдейі ұйымдастырылатын болғандықтан, қыз бен жігіт айтыстарында да әуелі елімен, жұртымен, халықпен, қарсыласымен дұрыстап амандасып алу дәстүрге айналған. Мәселен жоғарыдағы келтірген Сара мен Мұхтардың айтысында,

Мұхтар:

Бисмиллаһи, алиакбар,



Қақ жолында бастай гөр, алла бізді,

Аман ба, Мұхаммедтің үмбеттері – деп амандасса,

Сара қыз:

Рамазанда мұсылманға бақ дарып ең,

Аузынан тастамайтын ел аман ба?

... Бұл елдің қасиетін жатқа білем

Армысың, асқақтаған Ақмешітім! – дейді (Айтыс, 2006:35). .

Біздің пікірімізше, қыз бен жігіттің келелі, сүбелі айтыстарына тән сипаттың бірі – айтыстың лирикалық сипаты. Лирикалық шығармада ақынның көңіл-күйі, қуаныш-сүйініші өзін қоршаған қоғамдағы болып жатқан оқиғалармен байланысты болады.

Айтыстағы лириканың өзгешелігіне келетін болсақ, мұнда көбіне бір мұң мен бір сыр қыздардың сөздерінен сезіліп тұрады. Мәселен, «Мағауия мен Тақыр» айтысында Мағауияның

Тотыдай намыс тарттым зипа бойдан,

Асқақ үн әуелеген терең ойдан.

Жасымнан жалынды боп, еркін өсіп,

Қалмадым ұлы дүбір жиын-тойдан.

Ойлаушы ем қосылам деп теңдесіме,

Тәңірдің өзім теңдес пендесіне.

Басында құда болып әкем берді,

Қайтейін шарам бар ма көнбесіме?

Бір күнде әуелеген сол асқандық,

Мінеки түсіп отыр енді есіме – деп егіледі. Өз ішіндегі нала-мұңын шағады. Егер қарсыласы мұның ішкі сезімін түсініп, мақұл көрсе мүмкін қыз мұңы, айтыстағы лирикалық сипат одан әрі жалғасар ма еді? Түскен жеріне көңілі толмай отырған Мағауияға Тақыр қарсы сөз айтып, түскен жерінің абыройлы, беделді екендігін айтып, керісінше сол жерге сен лайық емессің дегенді мегзейді. Бұл сөздерден кейін айтыстың сөз жарыстыру, ой жарыстыру секілді табиғатына сай қыз сөзі керісінше өршіл, еркін шығады.

Қыз бен жігіт айтыстарындағы осындай ерекшелікті аңғарған С.Садырбаев: «Қыздар болашақ тағдырына теріс әсерін тигізген қалың мал тәртібін қазақ қыздарының өздері қалай түсінді деген сұрақ туады. Меніңше, қазақ қыздары қалың мал заңын екі тұрғыда түсінген:

а) қалың мал заңы жеке бастың бостандығынан, тәуелсіздігінен айырады дейді;

ә) жоқ, қалың мал заңы о бастағы ата-ананың салты, жаратушы рухтың жазмышы, оны ешкім өзгерте алмайды, оған қарсылық жасау – күпірліктің ісі деп қарайды» - дейді (Садырбаев С. 1996: 204).

Біздің пікірімізше, қыздар бұл айтыстарда малға сатылғандығын емес, теңіне бермегеніне наразы. Мысалы «Омарқұл мен Тәбия айтысында» Тәбия тазды теңім емес деп жақтырмай:

Жылқы деген мал жақсы аман болса,

Қойға жетпес қайбірі шабан болса.

Ойнап-күлмей, тең тауып қайтып жүрем,

Алған жарым әуелкі жаман болса –

деп налып,

Қимады құдай маған милы адамын,

Қабырғам қаусағандай, қиналамын.

Көңілім дүниеге бітпеген соң,

Соқтығып неде болса, жынданамын.

Саудаға сау басымды салам-ау деп,

Өзімді елге қимай долданамын –

ішкі сырын ақтарады.

Омарқұл қыздың ащы сырын, ішкі мұңын түсінсе де, қалжыңмен көңілін көтеріп:

Өзің қожа таздарға, өзің бисің,

Жаңылсаң аруақты үйің күйсін,

Еріңді ерте барып, емдемесең,

Кеудеңе толтырарсың, жұпар иісін –дейді.

Тәбия:

Жүгермек, қайдан келдің сенің өзің?



Өткендей қос өкпеден айтқан сөзің.

Құрт жайлап ол шіркінді құдай алса,

Ашылар ма екен деймін екі көзім.

Омарқұл:


Тым асып сөз сөйлеме замандасым,

Алпысқа өлмей жасың аман барсын.

Іні өлсе, аға мұра, өле берсін,

Таз бастың тоғызын да тамамдарсың – деп «Әмеңгерлік» деген салттың тағы барын еске салып, күйеуінің тоғыз ағайынды екендігін, олардың да таз екендігін ескертеді. Омарқұл Тәбияны жеңіп отыр, алайда, Тәбия да ақынның бұл сөзіне жасып қалған жоқ, ол да қисынын тауып:

Жүрегім айнығанда құсық болды,

Аузыма секем алып ұшық болды,

Бағыма менің құдай тазды жазды,

Қатының неге сенің пұшық болды? – деп өзіне қарсы шабуыл жасайды. осылайша Омарқұл мен Тәбия сөз жарыстыра келе заман ағымен, қоғамды, адамдардың мінезін, әлеуметтік мәселелерді сөз етеді. Омарқұл айтыс соңында:

Жақсы айттық, жаман айттық, бәрі жел сөз,

Етпейсің оған бола өкпе, жаным.

Әйелдің білімдісін ер сыйлайды,

Еріңді аяқ асты етпе, жаным,

Есікте ер сыйлаған қалмас дейді,

Көкірекке аруақты теппе, жаным.

Есіңде қанша болса, осы болсын,

Ұмытпа ұзақ уақ кетпе, жаным,

Ойыңды ойқы-шойқы бердім деген,

Сөзіңді естіртіп кет, көпке жаным – деп ақылын айтып, ерін сыйлап өтуді кеңес қылады. Яғни қазақы ұғымға сай тәлім-тәрбиені насихат етеді. Осы ретте айтыстың дидактикалық реңкі көрінеді.

Тәбия:

Еріммен құшақтасып дос болыңыз.



Дос болсаң, қолқаламай бос болыңыз.

Тағысын тағы болса, жолығармыз,

Тағы да жолыққанша қош болыңыз! – деп қыз да қыз бен жігіт айтысына тән, жалпы қазақ қызына тән ибалы қылық көрсетіп, ақылды әйелдің сөзін сөйлейді. Тәбиянің айтқан сөздерінен, жалпы, айтыста сомдалған мінезінен болашақта сол тазды адам етіп, есіктегі басын төрге сүйреп шығаратынына сенесің.

Дәл осындай желі Жамбыл мен Айкүмістің де айтысына тән.

Мұнда керісінше Жамбылдың сөзінде лирикалық ноталар бар. Оның сөздерінен Айкүміске деген ынтық сезім, аяугершілік, қыз тағдыры үшін күйініш сезіледі:

Айкүміс, асықпауға шамам бар ма?

Жасшылық ұрындырды талай жарға,

Сен үшін жатсам-тұрсам арманым көп,

Жем болып кете ме деп жамандарға.

Мұнда керісінше, енді қыз тәкаппарлық, асқақтық танытып:

Біле ме пенде шіркін, өз кемесін

Ел кезіп, есер мінез сен де жүрсің.

Жаралған жат жұрттыққа ұрғашымыз,

Жарқыным, өкінбеші, сен мен үшін! – деп өзін мүсіркеуге жол бермейді, айтыстың сөзден ұстау тәсілін пайдаланады. Әрине, қазақ отбасында қыздарды қонақ деп сыйлап, олардың жолы жіңішке деп құрметтеп, сәндеп киіндіріп, айқасқа тай мінгізіп, көш бастатқызған. Айкүмістің өрлікпен жауап қатуы да сондықтан. Оның үстіне қыздың бәрін қалың малға сата бермеген, «теңін тапса, тегін бер» деген мақал да бекер айтылмаған, тіпті қыздың жарды өзіне таңдауына рұқсат етілген кездердің болғаны да халықтың ауыз әдебиетінен, батырлар жырынан білеміз.

Ал Сегіз сері мен Мақпал сөз қағыстыруын тіпті романтика есебінде қабылдауға болады. Мұнда сері Мақпалды іздеп, жеңгесінен жөн сұрағанда ол серіге кері жол сілтеп, әбден әбігерге салады. Сегіз сері болса қос жорғасы болдырып, жолда қалады, сонда да сері жаяу жалпылап Мақпалды артынан іздеп, ақыры табады да:

... Алғаның әлде жақсы, әлде жаман,

Қор болған бір жаманға есіл, Мақпал – деп аһ ұрады.

Яғни қыз бен жігіт айтыстарына көбіне қыз бен жігіттің көңіл-күй лирикасы арқау болады. Керісінше, ақындар айтысында эпикалық сипат бар болады. Мәселен, жыр алыбы Жамбылдың айтыстарындағы шындық деректерге сүйене отырып, тарихшы Ә.Деленбаев ұлы жүз руының ғасырлық тарихын танытатын шежіре жасаған. Немесе Қарасақал Ерімбет пен Жекейқыздың айтысын зерттеуші Н.Әбжанұлы «шындыққа құрылған сюжетті дастан», ал Қарасақал Ерімбет пен Шораяқтың Омарының жұмбақ айтысын – «деректі поэма» деп атайды. Бұлай атауына себеп осы айтыстардың бір адам екі адамның атынан сөз жарыстырып, шығарған деген болжамнан келіп туындаған. Себебі Қарасақал Ерімбет Жекейқызбен айтысын Жекейқыз бесікте жатқанында, оны тербетіп отырып шығарған деген дерек келтіреді. Ал Қарасақал Ерімбет алдымен жұмбақ жазып, оған Шораяқтың Омары жауап жазады. Яғни бұл жазба айтыстағы ата-баба тарихына, қоныс-мекеніне қатысты деректерді көптеп келтіретіндігіне қарай, Н.Әбжанұлы оны «деректі поэма» деп атаған. Бажайлап қарап отырсақ, Н.Әбжанұлының айтыстарды «поэма» жанрына телуі, Х.Досмұхамедұлының «Өлі мен тірі айтысын» «жоқтау» жанрына телуі, Б.Кенжебаевтың ірі де көркем айтыстарды «өлеңмен жазылған романға» телуі, Е.Ысмайыловтың кесек те келелі айтыстарды «сюжетті романға» жатқызуы айтыстың сол жанрларда жазылғандығынан емес, сол жанрларға тән сипаттардың барлығының айтыста болуынан, яғни айтыс табиғатынан түрлі жанрлардың аясынан табыла алатын синкретті жанр екендігін танытады.



Ақындар айтысынғы эпикалық сипат анық көрінетін айтыстың бірі Сүйімбай мен Тезек төре айтысы. Мұнда эпикалық жанрға тән сюжет думы, өмір шындығын молынан қамту, адам мінезін жан-жақты ашу, оқиғаны баяндау секілді элементтердің барлығы бар.

Қорытынды. Біріншіден, қыз бен жігіт айтысында әрқашан жеңіл, әдемі әзіл-қалжың болады. Ол айтыстардың көпшілігіне тән екінші сипат, жігіттердің қыздарға өзінің көңілін білдіріп отыруы, оларды құрмет тұтуы, ардақтауы, жігіттің қызға ілтипат білдіруі, қыздың сұлулығын жыр қылуы. Үшіншіден, қыз бен жігіт айтыстарында көбіне лирикалық сипат бар, ал қазақтың ақындар айтысында көбіне эпикалық сипат басым.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Айтыс журналы. Қызылорда 2006 ж. – 40 б.

  2. Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. 16-том. – Алматы: Жазушы, 1985. – 400 б.

  3. Қазақ халық әдебиеті: көп томдық. Т. 2: Айтыстар. – Алматы: Жазушы, 1988. – 288 б.

  4. Мехмет Али Йылмаз. Айтыс жанрының типологиясы (Қазақ және түрік халықтары материалдарының негізінде). Ф.ғ.к. ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты. Алматы, 2010 ж. – 24 б.

  5. Садырбаев С. Фольклор және Жамбыл. – Алматы: Ана тілі, 1996. – 240 б.





Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет