ЖАҢА Әлемдегі жаңА Қазақстан


Жетінші бағыт – Қазақстан үшін тиімді жағдайларда БСҰ-ға кіру



бет3/8
Дата25.01.2017
өлшемі1,5 Mb.
#7735
1   2   3   4   5   6   7   8

Жетінші бағыт – Қазақстан үшін тиімді жағдайларда БСҰ-ға кіру

Қазақстанның жаһандық экономикадағы бәсекелестік ұстанымдарын көп ретте оның Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіруіне байланысты айқындалатын болады. Бұл міндетті біз бірнеше жыл бойы дәйекті түрде шешудеміз, әрі тиянақтауға да тақаумыз.

Біріншіден, еліміздің ұлттық мүдделерін ескере келгенде, биылғы жылдың соңына дейін Қазақстанның заңнамасын БСҰ-ның міндетті келісімдерінің нормаларына сәйкес келтіру қажет.

Екіншіден, Қазақстанның БСҰ-ға кіруінің барысында Үкімет аграрлық секторды қолдаудың лайықты деңгейін сақтап қалуы және өнеркәсіп орындарын БСҰ жағдайында тиімді жұмыс істеуге дайындау жөніндегі тиісті бейімдеу шараларын іске асыруы керек.

Үшіншіден, кедендік әкімгерлікті жетілдіру мен кеден қызметі мамандарының осы заманғы талаптарға кәсіби сәйкестігін қамтамасыз ету жөнінде нақтылы, пәрменді және жүйелі шаралар әзірлеу қажет. Біз экономиканың ашықтығы, өңір елдерінің арасындағы кедендік кедергілерді азайту және өңірдегі сыртқы тарифтердің бірыңғай деңгейін белгілеу саясатын жүргізуге тиіспіз. Осы және басқа да мақсаттарға арнап, мемлекет соңғы жылдары өзіміздің кеден жүйесіне едәуір қаржы бөліп келеді.

Төртіншіден, барлық заңды тұлғалардың қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттарына көшуі үдерісін жеделдету керек.

Бесіншіден, Үкімет “Атамекен” одағымен бірлесіп, таяудағы уақытта экономиканың барлық секторларындағы өзіміздің өндірісшілер мен кәсіпкерлеріміз үшін тиісті ұсыныстар әзірлеуге тиіс.

ІІ. Әртараптандыру, инфрақұрылымдық дамыту және жоғары технологиялық одан әрі индустрияландыру негіздерін жасау арқылы Қазақстан экономикасының өсуі мен тұрлаулылығын басқаруға бағытталған мемлекеттік саясат

Сегізінші бағыт – Экономиканы әртараптандыру және шикізаттық емес секторды дамыту

Үкімет экономиканың басымдыққа ие шикізаттық емес секторларындағы “ұшқыр” инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға баса назар аударуға міндетті.

Біз “жинақтауларымызды өсіруден” ендігі жерде “өсуді басқаруға” көшуіміз керек, мұның өзі, ең алдымен, инфрақұрылымды дамытуға және Қазақстан экономикасын одан әрі индустрияландыруға бағытталған инвестициялық саясатты жүргізу дегенді білдіреді.

Біріншіден, Үкімет нақтылы еселемелі тиімділік беретін жаңа технологиялық және жүйе құрайтын өндірістерді дамытуға қажетті жағдай туғызуға тиіс. Мұндай өндірістердің, айталық, мұнай-газ машиналары, арнайы қорытпалар өндірістерін, биохимиялық және мұнай-химия өнімдері, тамақ, тоқыма, ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу, құрылыс материалдары өндірістерін және басқаларын қамтуы мүмкін.

Екіншіден, аграрлық саясат саласында Үкімет оның салаларының өнімділігі мен кірісін өсіру, отандық өнімнің ұлттық бәсекелестік артықшылықтарын дамыту есебінен агроөнеркәсіп кешенін тұрлаулы дамыту бағдарламасын іске асыруы керек.

Үшіншіден, заңнамалық базаны жетілдіру, жер қойнауын пайдаланудың кешенді мониторингін және жер қойнауын пайдаланушылар міндеттемелерінің орындалуын жүзеге асыру қажет.

Төртіншіден, Үкімет жер қойнауын пайдалану, машина жасау және ауыр индустрия салаларында қазақстандық қызмет көрсету рыногын дамыту жөнінде пәрменді шаралар әзірлеуге тиіс.

Үкімет пен мемхолдингтерге “Атамекен” кәсіпкерлер одағымен кеңесе отырып, аса ірі компаниялар үшін олардың индустриялық әртараптандыру стратегияларын қалыптастыру жөніндегі талаптар мен ұсыныстарды тұжырымдауды тапсырамын.



Тоғызыншы бағыт – Жоғары технологияларды енгізуге және инновацияларды қолдауға бағытталған біртұтас мемлекеттік стратегия жүргізу

Біріншіден, өзіміздің бәсекелестік артықшылықтарымызды негізге ала отырып, технологиялар трансфертін белсенді әрі байыпты жүргізуіміз керек. Сырттан жаңа технологиялар әкеліп, оларды жетілдіруді жүзеге асыратын, сондай-ақ отандық ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізумен шұғылданатын конструкторлық бюролар мен жобалау ұйымдарының желілерін құруға жәрдемдесу қажет.

Екіншіден, жоғары технологиялар саласындағы жобаларды қаржыландыруды, соның ішінде венчурлық негізде қаржыландыруды қолдайтын құрылымдар жасақтау керек. Қазақстан ғалымдарының үздік әзірлемелерінің “сыртқа” кетуіне жол беруге болмайды.

Үшіншіден, Қазақстан бизнесінің инновациялық белсенділігін көтермелеу шарт. Ғылыми-зерттеу және конструкторлық қызметтегі зор күш-жігер жеке меншік сектордың еншісіне тигені жөн.

Төртіншіден, зерттеу жұмыстарына мемлекеттік тапсырыстар жасауды бір жүйеге келтіру қажет, сонда ғана бұл жұмыстардың нәтижесіне экономиканың нақтылы секторында сұраныс туатын болады.

Бесіншіден, зияткерлік меншік пен сауда белгілерінің қорғалуын нығайтып, технологиялық сектордың дамуына ықпал ету керек. Танысу мен қаржыландыру үшін ашық болатын инновациялар мен патенттер банкін құру қажет. Бұл – “Қазынаның” міндеті.



Оныншы бағыт – Экономикалық өсу мен бәсекеге қабілеттіліктің өңірлік орталықтарын қалыптастыру және олардың жұмыстарын бастауы

Едәуір экономикалық әлеуеті бар көшбасшы қалаларды басымдықпен дамыту есебінен өңірлік орталықтарды және экономикалық өсу мен бәсекеге қабілеттіліктің “өзекті арналарын” үйлесімді қалыптастыру өңірлік дамуды қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Үкімет тұтастай алғанда ел экономикасын өркендетудің орталықтары ретінде дамыту үшін олардың мүмкіндіктерін зерделей келіп осындай орталықтарды анықтауға тиіс.

Небәрі он жылдың ішінде шалғайдағы шағын қаладан осы заманғы мүмкіндігі мол шаһарға айналған біздің байтағымыз – Астананың экономикалық өркендеудің аса маңызды орталығына айналғаны, әлбетте, қазақстандықтарға ғана емес, баршаға аян.

Егер біз әлемнің айтулы астаналарымен шындап бәсекеге түскіміз келеді екен, онда өзіміздің осы мүмкіндіктерімізді одан әрі еселей беруіміз керек.

Біріншіден, Астананың оңтүстік-шығыс бағытындағы оң және сол жағалауда кемінде екі жаңа орталық салуға кірісуіміз керек.

Екіншіден, Астанадағы Ұлттық биотехнологиялар орталығы жаңа ғылыми кешенінің құрылыс қарқынын жеделдетудің маңызы үлкен.

Үшіншіден, Үкімет жаңадан іске қосылатын әлемдік деңгейдегі республикалық ғылыми инновациялық медицина орталықтарының негізінде Астанада медициналық кластер құру жөніндегі бағдарламаны жүзеге асыруды жалғастыра беруі керек.

Төртіншіден, Астанада құрлықтағы су ресурстарын зерттеу мен қорғау мәселелерін кешенді тұрғыда шешуге тиіс Еуразиялық су орталығын құру қажет.

Астана қаласының әкімі мен Үкіметке орта мерзімді және ұзақ мерзімді кезеңде қол жеткізуге болатын әлеуметтік-экономикалық дамудың нақты индикаторларын айқындауды тапсырамын.

Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар туралы мәселе де көкейкесті.

Біз инфрақұрылымды дамытуды, еңбек ресурстарының жинақылығын және өңірлердің бәсекеге қабілеттілігін көтеруді қамтамасыз ету әрі солардың негізінде “өсу тетіктерін” қалыптастыру арқылы Қазақстанның кеңістіктік шоғырлануына қол жеткізу мақсатын алдымызға қойып отырмыз.

Біріншіден, бұл міндетті Қазақстанды өңірдің “экономикалық жолбасшысына” әрі осы заманғы қызмет көрсету мен жоғары технологиялық индустрия орталығына айналдыру арқылы іске асыру керек. Мемлекеттік және жеке секторлардың топтасуы үдерісін пайдаланып, айталық, қазірде құрылған “Сарыарқа” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын ескере отырып, мәселен, Астана қаласы, Ақмола мен Қарағанды облыстарының нысаналы өңірлік даму жоспарларын жасау негізінде нақтылы “өсу орталықтарын” құру қажет.

Екіншіден, мұндай “экономикалық өсу орталықтары” барлық қажетті әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуге тиіс, онда мектепке дейінгі, орта және кәсіптік-техникалық білім беруге баса көңіл бөлінуі керек.

Үшіншіден, “өсу тұғырларын” сонымен қатар, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) желісін дамыту негізінде де жасақтаған дұрыс. Олардың қызметі аграрлық, көлік-логистикалық және басқа секторларда инвестициялық және инновациялық жобаларды жүзеге асыруды көздейді. Үкіметтің ӘКК-ге қажетті мемлекеттік меншік пен активтерді беріп, кәсіпкерлердің қатысуымен корпорацияларды дамыту мәселелерін шешкені дұрыс.

Үкімет пен әкімдер бірлесіп, біздің өнеркәсіпті, сауда мен жоғары технологияларды дамыту жөніндегі жоспарларымызды ескере отырып, осы орталықтарда өнеркәсіп орындары мен индустриялық аймақтарды орналастыру жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуге тиіс.

Он бірінші бағыт – Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің негізінде стратегиялық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ осы саладағы басқару сапасын көтеру

Үкіметке әкімдермен бірлесіп, осы заманғы инфрақұрылымды дамыту жоспарын әзірлеуді тапсырамын, бұл міндеттер:

- біздің халықаралық инфрақұрылымдық рынокқа кірігуімізді;

- өңірлердің экономикалық белсенділік орталықтарын дамытуды;

- көліктің алуан түрлері арасындағы технологиялық өзара ықпалдастығын;

- бизнес пен азаматтардың шығасысын кеміту міндеттерін жүзеге асыруды көздейді.

Бұл жоспарды іске асыру үшін біз мемлекеттік холдингтердің мүмкіндіктерін барынша пайдалануға және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде инфрақұрылымдық даму тетігін қалыптастыруға тиіспіз.

Біріншіден, біздің көлік инфрақұрылымын нысаналы түрде қолдап, жаңартып және кеңейтіп отыруымыз керек.Біз еліміздің транзиттік әлеуетін барынша пайдалануға тиіспіз, бұл үшін өзіміздің көлік жүйемізді әлемдік жүйеге кіріктіруіміз керек.

Екіншіден, әуе тасымалы саласын белсенді дамыту керек. Біз аэропорттарымыз бен авиация саласын ұлттық экономиканың талаптары мен халықаралық деңгейге сәйкес келтіруіміз қажет. Әуе қызметінің сапасын, қауіпсіздігін арттыру және құнын төмендету үшін жергілікті авиация рыногындағы бәсекелестікті дамыту үшін барлық жағдай жасалуы керек.

Осы инфрақұрылымды дамытудың тиісті бағдарламасы 2007 жылдың соңына дейін әзірленуге тиіс.

Үшіншіден, темір жол тасымалы мен оны басқаруды кезең-кезеңімен нарық негізіне көшіру арқылы еліміздің темір жолдары желісін жаңарту турасында әңгіме қозғаған орынды. Бұл орайда Темір жол көлік-логистикалық орталықтары осындай көлік қызметіне деген бүгінгі және болашақтағы сұраныс ескерілетіндей деңгейде құрылып, кеңейтілуге тиіс. Темір жол саласы қауіпсіздігі, жеткізу мен қызмет көрсету шапшаңдығы жағынан әлемдік стандарттарға, ал тарифі жөнінен саланың негізді талаптарына сәйкес болуға тиіс.

Көлік және коммуникациялар министрлігі “Самұрық” мемхолдингімен бірлесіп, қолданыста жүрген Темір жол көлігіндегі тасымалдау ережелерін қайта қарап, экономикалық дамуымыздың неғұрлым жоғары деңгейіне сәйкес келетін жаңа ережелерін әзірлеуі керек.

Төртіншіден, телекоммуникациялар саласында монополиясыздандыру мен еркін бәсекені дамыту жөнінде жүйелі жұмыс жүргізу міндеті алда тұр. Бұл салаға басқа инвесторлардың келуі үшін тарифтерді қайта теңдестіру жұмысын да аяқтайтын кез жетті. Әлемдік желінің біздің мектептерімізге, кәсіпорындарымыз бен үйлерімізге келуін арттыру үшін интернет-қызметтің құнын төмендетуге жағдай туғызу керек.

Бесіншіден, су көлігі инфрақұрылымын дамытуға да дәл осындай жауапты тұрғыдан келу қажет. Каспий қайраңының қарқынды игерілуі жаңа порттар мен теңіз көлік кемелерін керексінеді. Кеме жасау верфьтерінің жаңа қуаттарын жасақтау мен қолданыстағы теңіз бен өзен порттарын жаңарту бағдарламаларын іске асырған жөн.

Алтыншыдан, автокөлік инфрақұрылымын дамыту. Өткен жылы Автомобиль жолдары саласын 2012 жылға дейін дамыту бағдарламасын іске асыру қолға алынды. Автожол саласын қаржыландыруға мемлекет тұңғыш рет 10 млрд.-қа жуық АҚШ долларын бөліп отыр. Бұл инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ қозғалыс қауіпсіздігін арттырып, жолдағы жарақаттану қатерін азайтады.

Үкімет жарты жылдың ішінде халықаралық маңызы бар негізгі автожолдарды халықаралық стандарттарға сәйкес келтіруге қажетті стратегия әзірлеуі керек. Сонымен қатар, көлік-логистикалық кластерді дамыту ауқымында Батыс Еуропаны Батыс Қытаймен жалғастыратын Қазақстанның аумағы арқылы өтетін автомобиль жолы салынуға тиіс.

Сонымен бірге, Қазақстанның ең шалғай елді мекендеріне жетуімізді жеңілдететін жергілікті маңызы бар жолдар желісін жедел кеңейтуіміз қажет.

Он екінші бағыт – Электрэнергетикалық ресурстарды дамыту және атом энергетикасының негіздерін жасау

Бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Ақтөбе, Қостанай облыстары мен Алматы қаласын электр қуатымен қамтамасыз ету аса өзекті мәселе болып тұр.

Біріншіден, көршілес елдердің қуаттарын тарту арқылы өзіміздің энергиясы мол және энергиясы тапшы өңірлеріміздің арасында электр қуатын бөлу мәселесін теңдестіре шешіп, энергия үнемдейтін технологияларға көшуіміз қажет.

Екіншіден, электр энергетикасы саласын дәйекті түрде жаңарту, қуаттардың тозуы мен жетімсіздігі проблемасын шешу, жаңа өндірістерді дамыту, жұмыс істеп тұрған жабдықтар мен электр энергиясын беретін желілерді кеңейту мен қайта жаңғырту үшін жағдай туғызу қажет.

Үшіншіден, энергия көздерін әртараптандыру еліміздің бүкіл аумағындағы тұрақты дамуды ресурстармен қамтамасыз ету мақсатында атом энергетикасын дамытуды талап етеді. Сөйтіп, Қазақстанда атом электр стансасы құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесін жасау қажеттігі туып отыр.

Төртіншіден, Норвегия мен Швецияның үлгісі бойынша энергетикалық одақ шеңберінде іргелес жатқан мемлекеттермен энергетикалық биржа құру мүмкіндігін де қарастыру қажет.

Энергетика және минералдық ресурстар министрлігіне 2007 жылдың соңына дейін өңірлердің энергетикалық қажеттіліктерін шешу үшін жұмыс істеп тұрған электр стансаларының қуаттарын ұлғайту, жаңа ұқсатушы қуаттар салу мен электр өткізетін желілерді оңтайландыру жөнінде шаралар кешенін әзірлеуді тапсырамын. Еліміздің оңтүстігін энергиямен жабдықтауда жүйелі әрі нақты қадамдар жасайтын уақыт жетті.

Сонымен қатар, электр энергиясын тиімді пайдалануды ынталандыруға, сондай-ақ энергетика саласына энергия үнемдейтін, соның ішінде ғылыми технологияларды енгізу тетіктерін әзірлеуге бағытталған экономикалық және әкімшілік шаралар да жұмысымыздың маңызды бағыттары болуы керек.



Он үшінші бағыт – Шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі дәйекті іс-қимыл

Біріншіден, Үкімет іскерлік бастамашылық жолында заңнамалық, әкімшілік және бюрократиялық кедергілердің қашан және қалай пайда болатынын анықтап алуға, оларды барынша қысқартуға, сондай-ақ шағын және орта бизнес құрылымдарының мемлекет алдында қандай да бір негізсіз есепті болуына жол бермеуге тиіс. Сонымен қатар, салық заңнамасының кәсіпкерліктің дамуын толығымен ынталандыратындай, сондай-ақ бизнестің “көлеңкеден” шығуына жәрдемдесетіндей етіп одан әрі жетілдіре түсу қажет.

Екіншіден, біз әділ бәсекелестік орта қалыптастыру мен экономикалық ойыншылардың бәріне бірдей жағдай туғызу жөніндегі жұмысты тиянақтауға тиістіміз. Үкіметке антимонополиялық заңнамаға кешенді тексеріс жүргізіп, бәсекені шектеу мен нарыққа қатысушылардың ымыраластығы фактілерін анықтаудың, экономикамыздың іргелі салаларын “жасырын” монополияландыруға жол бермеудің айқын тетіктерін жасауды, сондай-ақ айыппұл санкцияларын қолдану туралы тиісті ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын.

Үшіншіден, біз табиғи монополиялар аясын барынша қысқартуға тиіспіз, біздің тиісті салалардағы бәсекелестік қатынастарды қайта құрылымдау мен дамытудың жаңа бағдарламаларын жасап, қолданылып жүргендерін жаңалауымыз керек. Экономиканың табиғи монополиялар сақталып қалған телекоммуникациялар мен аэронавигация, темір жол көлігі мен порттар, электр энергетикасы, мұнай мен газ құбыры көлігі, сондай-ақ тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы сияқты секторларын реттеу мен бақылау мақсатында тәуелсіз салалық реттегіштер жасақтауымыз керек. Алқалы органдар басқаратын бұл құрылымдар тарифтік және техникалық реттеу функцияларын қоса атқаратын болады.

Төртіншіден, жаңа кәсіпорындар мен компаниялар құру үдерісін жетілдіру қажет. Мәселен, “жалғыз терезе” жүйесі шеңберінде кәсіпкерге фирманы екі-үш күннің ішінде тіркете алатындай жағдай туғызу керек.

Бесіншіден, тұрлаулы және серпінді экономикалық өсу үшін біздің Қазақстанның шағын және орта бизнесінің жоғары сапалы өнімдері мен қызметіне сұраныс туғызушы катализатор ретінде мемлекет пен мемкомпаниялардың ресурстарын жариялы әрі конкурстық негізде белсендірек пайдалануымыз қажет.

Алтыншыдан, жаңа өндірістерді ашық және жариялы конкурстық негізде дамыту үшін арнаулы бағдарламалар әзірлеу тиімді, онда үздік бизнес-идеялар жаңа бизнес қалыптастыру, айталық, заңгерлік және консультациялық шығындарды жабу үшін қаржылық және техникалық қолдау алар еді. Бұл міндет “Қазына” қорына қатысты деп ойлаймын.

Он төртінші бағыт – Халықаралық талаптарға сай келетін техникалық стандарттарды жедел әрі барлық жерлерде енгізу

Қазақстанның халықаралық экономикалық өрістегі бәсекеге толыққанды қатысуы халықаралық техникалық стандарттар талаптарын орындауды талап етеді.

Техникалық стандарттау өнім мен қызмет сапасын қамтамасыз ету құралы ретінде ғана емес, біздің тауарларымыз бен қызметіміздің жаһандық экономикадағы бәсекеге қабілеттілігін жүзеге асырудың міндетті шарты ретінде де қарастырылуы керек.

Қазақстан экономикасын стандарттау ғылым мен техниканың және практикалық тәжірибенің соңғы жетістіктері негізінде жүргізіліп, көптеген жалпыэкономикалық салалық және ішкі өндірістік міндеттердің оңтайлы шешілуін айқындауға тиіс.

Индустрия және сауда министрлігіне:

біріншіден, техникалық реттеу туралы заңды атқару турасында жинақталған іс-тәжірибенің нәтижелерін талдауды;

екіншіден, алты айдың ішінде халықаралық стандарттау тәртібі мен ережелерін практикалық қолданысқа енгізу жөнінде жұмыс жүргізуді тапсырамын.

Он бесінші бағыт – Жеке меншік институтын және контрактілік қатынастарды дамыту

Жеке меншік институты мен контрактілік қатынастарды жан-жақты нығайту тұрғысындағы біртұтас бағдарламаны іске асыру жөніндегі жұмысты жалғастыра беру қажеттігін тағы да атап көрсеткім келер еді.

Біріншіден, бұл салада құқықтық база мен құқық қолданудың іс-тәжірибесін дамыту, сөз жоқ, бірінші кезектегі міндеттердің қатарына жатады. Заңнамалық актілердің тиісті дестесін әзірлеуді тапсырамын. Таяуда “Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу туралы” (жаңа редакциясы), “Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобалары қабылданады деген ойдамын.

Екіншіден, барлық деңгейлерде жеке меншік институты мен контрактілік қатынастарға құрмет сезімін тәрбиелеу керек, ол үшін білім беру мен сот жүйесіндегі мемлекеттің мүмкін деген барлық тұтқаларын және тағы басқаларды пайдалану қажет. Мен сондай-ақ өзіміздің азаматтық қоғам институттарының сындарлы рөліне үлкен үміт артамын, өйткені жеке меншік институтын нығайту дегеніміз – бір мезгілде адамның құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктері үшін негіз қалау деген сөз.

Үшіншіден, Үкімет мемлекет пен жеке меншік әріптестіктің ережелерін нақты анықтайтын контрактілік қатынастарды жетілдіру үшін тиісті шаралар қолдануға тиіс.

Он алтыншы бағыт – Қазақстанды одан әрі индустрияландыру негіздерін қалыптастыру

Экономиканың өсуін басқаруды біз халықаралық рыноктың осы заманғы талаптарына сай келетін Қазақстанды одан әрі индустрияландыру саясатының негізінде қамтамасыз етуге тиіспіз.

Біріншіден, экономиканың өндірістік қуаттармен жарақталуы және еліміздегі негізгі қордың ескіруі проблемасының ауқымын толық көлемінде бағалайтын талдау жүргізу және негізгі құрал-жабдықтарды, өндірістік инфрақұрылым мен технологиялық үдерістерді түбегейлі жаңартуға бағытталған нақты іс-қимыл бағдарламасын әзірлеу керек.

Екіншіден, неғұрлым басымдықты салалар мен кәсіпорындарды және оларды осы заманғы негізде индустрияландыру жөніндегі кезек күттірмейтін шаралар жүйесін анықтап алу керек.

Үшіншіден, одан әрі индустрияландыру барысында жетекші рөл атқаруға тиіс жеке меншік секторды мемлекеттік ынталандыру құралдарын әзірлеу қажет.

Үкіметке 2008 жылдың соңына дейін Индустриялық – инновациялық стратегияны дамыту бағытында Экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен экспорттық мүмкіндіктерін сапалық жаңа деңгейге көтеру стратегиясымен етене ұштасатын нысаналы жұмыс жүргізуді тапсырамын.



ІІІ. ЕҢБЕК РЫНОГЫНЫҢ ДАМУ ЫРҒАҒЫ МЕН КЕЛЕШЕГІНЕ СӘЙКЕС КЕЛЕТІН БІЛІМ БЕРУ МЕН КӘСІПТІК ҚАЙТА ДАЯРЛАУДЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СТАНДАРТТАРЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТ

Он жетінші бағыт – Бастауыш және орта білім беру, сондай-ақ кадрларды қайта даярлау жүйесін әлемдік стандарттарға жақындату.

Біз бүкіл еліміз бойынша әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беру қызметін көрсетуге қол жеткізуіміз керек.

Біріншіден, 3 ауысымдық оқытуды жою керек. Таяудағы үш жылдың өзінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде Қазақстанның өңірлерінде 100 жаңа мектеп салу қажет.

Екіншіден, оқытудың, әр оқушының білімі мен қабілет деңгейінің тиімділігін бағалаудың біртұтас жүйесін жасау керек.

Үшіншіден, он-лайн тәсілінде оқыту тәжірибесін дамытып, елімізде оқу теледидарын құру қажет.

Төртіншіден, оқу жоспарларына жаратылыстану ғылымдары бойынша, бірінші кезекте, математика мен ақпараттанудан қосымша сағаттар немесе пәндер енгізу керек.

Сонымен қатар ғылыми жаратылыстану бейініндегі арнаулы сыныптар жүйесін құруды қарастырған жөн. Үкімет осы бағытқа қажетті инвестициялар тартудың тетіктерін әзірлейтін болсын.

Бесіншіден, мектептерге ағылшын тілінің шетелдік оқытушыларын тарту қажет. Кез келген ортасанатты мектептің балалардың ең жоғары деңгейде шет тілін оқып үйренуіне жағдай жасайтындай дәрежесіне қол жеткізуіміз қажет.

Алтыншыдан, жұмыстың жоғары нәтижелеріне қол жеткізген мектептерге гранттар тағайындау жөнінде мемлекеттік конкурстар жүйесін енгізу туралы ойластырған жөн, айталық, оларды аз қамтылған отбасындағы оқушыларға арналған стипендияларды қаржыландыру түрінде беруге болар еді. Бұл олардың одан әрі неғұрлым беделді әрі озық білім беру мекемелерінде білім алуларына жағдай жасайды.

Үздік оқытушылардың жұмысын бағалау мен оларға сыйақы төлеу жүйесін өте мұқият зерделеген жөн.



Он сегізінші бағыт – Оқу орындарын халықаралық стандарттар деңгейінде аттестациялауды енгізу, жоғары білім беру саласында нақтылы және инженерлік ғылымдарды басым дамыту

Біріншіден, Үкімет әрбір жоғары оқу орнындағы білім беру сапасын әділ бағалауға мүмкіндік беретін халықаралық деңгейде аттестациялау жүйесін енгізуге тиіс. Жоғары білім беру ұйымдарын халықаралық аккредитациялау үшін беделді агенттіктерді тарту жөнінде де ойланған жөн.

Екіншіден, ғылымды құрылымдық реформалау шеңберінде бірқатар академиялық ғылыми мекемелерді алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарымен біріктірген тиімді, мұның өзі білім беру мен ғылыми зерттеу жұмысын ұштастыратын университеттер құруға негіз болар еді.

Үшіншіден, Үкімет оқытудың мамандандырылған бағдарламалары мен нақтылы және инженерлік ғылымдардың ғылыми-қолданбалы орталықтарын дамыту үшін тиісті нормативтік құқықтық база әзірлеуге тиіс.

Төртіншіден, Білім және ғылым министрлігі мен Үкіметтің өзге де тиісті құрылымдары ғылыми-техникалық оқыту бағдарламасын әзірлеп, ақша қаражатын тиімді пайдалану мен ғылыми және қолданбалы зерттеулердің қосарластығын еңсеру арқылы ғылыми, конструкторлық және технологиялық жұмыстардың салааралық үйлестірілуін нығайту қағидаттары бойынша оның іске асырылуын бақылауға алуы керек.

Бесіншіден, біздің шетелдердің мемлекеттік даму институттарын белсендірек тартып, сонымен қатар жеке меншік сектор инвестицияларының математикалық және ғылыми білім беру ісіне құйылуын көтермелеп отыруымыз қажет.

Алтыншыдан, біз үшін барынша мүдделілік туғызып отырған білім беру салаларына шетел ғалымдары мен оқытушыларын белсендірек тарту өзіміздің білікті оқытушылар құрамы мен инженер-педагог кадрлардың санын ұлғайту жөніндегі стратегиямыздың құрамдас бөлігі болуы керек.

Жетіншіден, ақпараттық технологиялар мен ақпаратты таратудың жаңа нысандарына бағдарланған мамандандырылған білім беру бағыттарын құру міндеті де алдымызда тұр.



Он тоғызыншы бағыт – “Парасатты экономика” негіздерін қалыптастыру

Әлемдік шаруашылық байланыстары жүйесіне белсене кіріккен осы заманғы белді мемлекеттердің барлығы дерлік бәрін де “парасатты экономиканың” жолына тіккен еді. Ондай экономика құру үшін, ең алдымен, өзіміздің “адами қазынамызды” молайтуымыз керек екені анық.

Бастапқы кезеңде біз мыналарға назар аударуымыз керек:

Біріншіден, тұтас алғанда әлемдік технологиялық даму деңгейіне сәйкес өзіміздің жаңа экономикамызға қажетті білімнің баршаға ортақ базасын ұдайы жаңартып отыру үшін ілгері талаптар қойып, тиісті инфрақұрылым қалыптастыру қажет.

Екіншіден, білім беру бағдарламаларын іске асыру мен ғылыми қолданбалы зерттеулер жүргізу үшін инновациялық білім беру консорциумдарын құруға тікелей қолдау көрсету міндет.

Үшіншіден, ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының мемлекеттің немесе жеке меншік сектордың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға тапсырыстарын, гранттар, бірлескен ғылыми басылымдар және т.б. алу үшін бірлесіп, конкурстарға қатысу практикасын кеңейте беру қажет.

Төртіншіден, жаңа технологиялар беруші компанияларға осы технологиялармен жұмыс істеуге тиіс қазақстандық құрамды міндетті түрде оқытуды ұсынған жөн.

Бесіншіден, кәсіпкерлердің жеке меншік сектордың ғылыми-технологиялық қамтылуы мен бәсекеге қабілеттілігіне мүдделі болуына қажетті алғышарттар туғызу да маңызды. Сондай-ақ кәсіпкерлердің қазақстандық мамандарды оқыту жөніндегі контрактілік міндеттемелерін орындауын қалтқысыз бақылап отырудың да маңызы үлкен.



Каталог: sites -> default -> files
files -> Жамбыл атындағы республикалық жасөспірімдер кітапханасы Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда
files -> Ермұхан Бекмахановқа Сыздайды жаным, мұздайды қаным, жан аға!
files -> Жамбыл атындағы Мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасы Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда
files -> Қызылорда облысының жер – су атаулары қызылорда, 2013 жыл сыр елі қызылорда облысы
files -> ОҚу курсының каталогы 050117 қазақ тілі мен әдебиеті
files -> Өмірбаяндық деректеме
files -> Жиырма үш жыл бір ғұмыр
files -> Пәнінің мұғалімі Ищанова Эльмира Абайқызы Қазақ әдебиеті ( 6 «б» сынып ) Сабақтың тақырыбы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет