Жалт еткен жасын ғҰмыр. ( Ә. МолдағҰлованың 95 жылдығына арналған тарихи кеш)



Дата14.03.2020
өлшемі1,04 Mb.
#60197
Байланысты:
молдағұлова
нашакорлық есеп, Адалдык-сагат, Нұржігіт,Ернат, уровни владения английским, Мен елімнің ертеңімін, 0006b1cc-20f67d4b, 0006b1cc-20f67d4b, pdf statements 1572339502608, pdf statements 1572339502608, 0006b1cc-20f67d4b, 0006b1cc-20f67d4b, Сәкен Сейфуллинге 125 жыл, көп жасаған қария ақылы теңіз дария тәрбие сағаты., ФО Алгебра 7кл каз, данияр
ЖАЛТ ЕТКЕН ЖАСЫН ҒҰМЫР. ( Ә.МОЛДАҒҰЛОВАНЫҢ 95 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ТАРИХИ КЕШ)

Автор:Бердешова Бибигуль Асымовна


Бағыты: Кітапханашылар
Бөлімі: Ойындар, Сценарийлер
Сыныбы: Барлық сыныптар
Жарияланған уақыты: 2018-12-08

Материал туралы қысқаша түсінік

Мақсаты: Ұлы Отан соғысының батыры, қазақ халқының батыр қызы Әлия Молдағұлованың өмірі мен ерлігін насихаттау. Отансүйгіш, патриот азамат боп өсуге тәрбиелеу.

Жалт еткен жасын ғұмыр
Кітапханашы: Құрметті ұстаздар мен оқушылар! Ә.Молдағұлованың туғанына 95 жыл толуына орай «Жалт еткен жасын ғұмыр» атты тарихи кешіне қош келіпсіздер.

Мақсаты: Ұлы Отан соғысының батыры, қазақ халқының батыр қызы Әлия Молдағұлованың өмірі мен ерлігін насихаттау. Отансүйгіш, патриот азамат боп өсуге тәрбиелеу.

Көрнекілігі: Кештің тақырыбы ілінген,Әлияның портреті, батырлар туралы нақыл сөздер. Ұлы Отан соғысы туралы кітаптар көрмесі, жазған естеліктері.

Ұлы Отан соғысы тарихында аттары аңызға айналған қазақтың үш батыр қыздарының - Әлия, Мәншүк, Хиуаздың орны бөлек.

Биыл Кеңес одағының батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 90 жыл. Бүгін еліміз Әлияның рухына тағзым етіп, осы мерекені тойлауда.

Оның небәрі 18 жастан астам қысқа өмірі бәрімізге де белгілі. Шын аты Ылия, бұл ұлы әжесінің аты. Қуғын-сүргін заманы Әлияны анасынан өлі, әкесінен тірі айырды. Әлияның атасы Сарқұл бай болған, 1928 жылдан бастап қуғын – сүргінге ұшыраған. Оның ұлы Нұрмұхамбет, Әлияның әкесі, бас сауғалап анда – мұнда жасырынып өмір сүрген. Әлияның анасы Маржан көрші әйелдермен картоп теруге барса, күзетші оларды қорқытпақ болып мылтық атады. Ол оқ Әлияның анасына тиіп, ол қайтыс болады.

Әлия анасының інісі Әбубәкірдің қолында тәрбиеленген. Нағашысының жұмыс бабына байланысты Әлия Тараз, Мәскеу, Ленинград мектептерінде оқыған.

1-жүргізуші: Сен Ленинградты білесің бе?...Ондай көркем қала дүниеде сирек кездеседі...

Ленин комсомолының мүшесі Әлия Молдағұлова міне, сол қалада орта мектепте оқыды, сондағы балалар үйінде тәрбиеленді.

Соғыс басталды. Фашистік құзғындар қаланы аяусыз бомбылап жатты.

1-оқушы:

... Тағы да қаланы

Жатыр жау бомбылап.

Теңселіп барады...

Барады жер құлап?!

Шетімен алаңның

Жығылып - сүрініп...

Үйіне ағамның

Келемін жүгіріп

Салдырап сүйегім,

Қызынып, суынып,

Барады жүрегім

Аузыма тығылып...

Сезгендей осы бір

Болғанын бүліктің...

Қалтырап - шошынып...

Қалшиып тұрыппын.

Бір дүлей басталды,

Шыңылдап құлағым...

Үйілген тастардың

Үстіне құладым...

Ішінде құйынның

Ес жиған шақта әрең...

Тұра сап, жүгірдім

Мектебім жаққа мен.

Қираған ол мұнда,

Құлаған ақ шатыр...

Оның да орнында

Үйілген тас жатыр...

Не көрдім? Не істедім?

Не сұмдық – дүние!...

Жүгірдім тістеніп...

Балалар үйіне.

Өңім бе? Түсім бе?

Кетіпті төңкеріп.

Жалынның ішінде

Жатыр ол өртеніп.

От- жалын үлгірмей...

Сау тұрған бұрышы –

Қап-қара үңгірдей...

Үңірейіп тұр іші...

2-жүргізуші: Әлия сымы үзіліп, тынысы семген бір бағаның түбінде отырып қалады... Өртеніп жатқан үйлердің бірінен 9-10 жастардағы бір бала жүгіріп шықты. Көздері қап-қара, беті аппақ сүйкімді бала екен! Қара көздері ұясынан шығып, қайда барарын білмей, біресе олай, біресе бұлай жүгіреді. Әлияның жаны ашып кетті, баланы білегінен ұстай алып, жетектей жөнелді.

- Атың кім?

- Володя.

Өзі әбден шошығандықтан жылай да алмай, құр жан-жағына алақтай береді.

Екеуі де жүгіріп келеді. Володя Әлияның қолынан мықтап ұстап алған.

Түн болды. Аспан гүрілге толып кетті. Бір мезетте ауаны қақ жарған, дүниені басына көтерген бомбылар толассыз түсті. Осы бір аспаннан ажал бомбасы жауғаннан бері Әлия жата қалуға үйреніп алған, ол Володяны құшақтай жата қалған болатын. Ақыры бір кезде бомба толастады. Әлия орнынан атып тұрып еді, міне, сұмдық: Володя тұрмай жатқан бойы қалды.

- Володя! –деп Әлия қолынан тартады,-Володя! деп орнынан көтеріп алмақшы болады. Володяның жансыз денесі былқ-сылқ етті.

Әлия түні бойы ұйқы көрген жоқ, телмірген ай сәулесінде сұлап жатқан Валодия көз алдынан кетпей қойды, қаланы кезіп,



2-оқушы:

Қаңыраған, қираған

Қабырға-ауладан

Плакат тұр қарап,

Тұр қарап дәл маған,

Тұрғандай жазалап,

Жүзі де сұсты оның:

«Сен бүгін азамат,

Майданға не істедің?!»

Сол сурет алдымнан

Шығады қайдан да:

«Сен бүгін, балдырған,

Не істедің майданға?!»

Қарайды көзіме

Шын мені көргендей,

Қазір-ақ өзі кеп,

Шынымен сөйлердей.

Булығып ішімде

Қайнайды күш-кегім.

Өңім де, түсім де –

«Не істедің?! Не істедің?!»

Күткенім осы еді...

Ақыры – келді күн.

Военком есігін

Аттадым мен бүгін...

Әлия военком атаулының бірін тауып алып, арыз етті.



Көрініс: «Мені майданға жіберіңіз, жауды көбірек құртатын жұмыс тапсырыңыз» - деп айтты.

-Комсомолда барсың ба? – деді военком.

«Бармын» деген жоқ. Әлия комсомолдық билетін омырау қалтасынан суырып алып алдына қойды.

  • Ұшқыш боласың ба?

  • Несі бар боламын!

Кітапханашы: 1942 жылы Әлияның №46 мектебі Ярославль облысының Вятск селосына көшірілді. 7 класты бітіріп, Әлия Рыбинскідегі авиация техникумына оқуға түседі. Сабақты үздік бағамен оқыды. Үш ай оқығаннан кейін дәрігерлік комиссия: ұшқыш бола алмайсың, жүрегің көтермейді деп қорытынды жасады. Әлия мергендік оқуға ауысты, ол мектепті де үздік бағамен бітірді.

Мергендер даярлайтын әйелдер мектебін бітіргеннен кейін , әлі нәзіктеу болғандықтан, оны нұсқаушылар ротасына қалдыру туралы ұйғарым шыққанда, ол өзінің тағы да қайсар мінезін көрсетеді. Ол тулап ызаға булығып, «егер мені майдандағы армияға баратындар тізіміне қоспасаңыздар, кімге де болса үстеріңізден шағым айтамын!» - дейді. 1943 жылы шілде айында мергендер мектебін үздік бітірген Әлия Солтүстік – Батыс майданының 34-атқыштар дивизиясының 4-батальонына жіберіледі. Майданға аттанарда, оған сыйлыққа дүміне ойма жазуы бар мерген винтовкасы табыс етілді. «Винтовка №956 Комсомолдың Орталық Комитетінен, үздік мергені үшін».



1-жүргізуші: 54-дербес атқыштар батальонының командирі Майор Федор Иванович Моисеев естелігінде былай деп жазды: Майор Силаев екеуміздің назарымыз аласа бойлы, екі көзі қарақаттай мөлдіреген қағылез қызға бірден ауды. Мен оған таяу келіп: «Әскери тапсырмаларды орындауға сен әлі жас екенсің. Майданға қалай келіп жүрсің? Жасың нешеде?» – дедім.

Қыз бала әскери тәртіпке сай тік тұрып, аяғын тақ еткізіп былай деп баяндай жөнелді: «Мен Қазақстаннанмын. Аты-жөнім Әлия Молдағұлова. Ленинградтағы балалар үйінде тәрбиелендім. Жасым 18-де, комсомолкамын. Майданға халқымыздың қанын төккен фашистерден кек алу үшін өзім сұранып келдім. Қандай да болмасын әскери тапсырманы орындауға әзірмін!»



2-жүргізуші:Алғашқы кездесу.

Айнала орман, алаң бір,

Тоқтаған атыс белеңде...

Жалт ете қалды командир

«Мергендер келді...» дегенде.

Мергені – кілең қыз бала.

Болар деп бұлай сезбеген,

Білмеді сенер-сенбесін.

Он бес қыз екен көзбенен

Аралап шықты он бесін.

Осы ғой...

Қазір хал деген...

Ой келді талай басына.

Тоқтады келіп жайменен

Шеттегі қыздың қасына.

Командир:

- Сәби ғой мынау, бауырым,

Ернінен уыз кеппеген,

Балалық шақтың әлі бір

Балауса табы кетпеген.

Бел буып, қалай бекінген,

Барады қайда... бұл түрі...

Өңі де жүдеу секілді,

Өзінен ұзын мылтығы.

Жасаған екен батылдық

Жіберген адам мұны да...

- Жауынгер, қане, атың кім?



Әлия: - Әлия Молдағұлова!

2-жүргізуші:

Жалынға талай оранып,

Көрді ғой бұл жан көпті де.

Әкелік мейірім оянып,

Әлияны аяп кетті ме?

Офицерге айтты бұрылып,



Командир:

- Жұмыс көп шығар қазірде,

- Асхана жақта...

тынығып...

Аршысын картоп әзірге!

2-жүргізуші:

Жай болды қызық кенеттен

Ақылға сол шақ қонбайтын,

Жай кезде болса, бөлектеу...

Әскери кезде болмайтын.

Әлия – саптан ұмтылып,

Жүгіріп шықты аптығып,

Құшақтап алған мылтығын,

Кірпігін қақпай қалт тұрып.

Өзіне-өзі сенгендей,

Мінезге басып елдегі:

Әлия:- Картоп аршуға келгем жоқ,

Соғысқа келдім мен,-деді,



2-жүргізуші: Көргеннің аты-көрген ғой,

Бір шолып көзбен байсалды:



Командир:-Жарайды,қызым,мерген бол!...

Қарай гөр өзін...- дей салды.



1-жүргізуші: Әлия соғыстың барлық қиындығын бірден көрді, тасада тығылып қалған жоқ. Атыстың қақ ортасында жүрді. Соғыс жағдайына тез бейімделді. Мергендік ережесін Әлия жетік меңгерген. Атқанынан кейін дереу ол позициядан кетіп қалу, себебі оқ атқан позицияға жау оқтары жауады. Бірінің артынан бірі ілесіп екі жау кетіп бара жатса, әуелі арттағысын құрту керек. Егер әуелі алдыңғысы құласа артта келе жатқаны оны көріп жата қалуы мүмкін егер әуелі артқы адам құласа, алдыңғы адам оны бірден көрмейді. Ал бұрылып көргенше мерген оны да атып үлгереді. Осылай Әлияның мергендігі мен ақылы сүйсіндірді.

2-жүргізуші: Әлияның майдандасы Сапер Сергей Егорович Лукьянов өз естелігінде былай деді: «Біз үш сағат бойына тырп етпестен, неміс снайперінің ықтимал позициясын үздіксіз қадағаладық. Содан кейін Лия маған дөңгелек айнасын ұсынды да: «Арасына бір-екі минут салып, оны окоп үстінен екі-үш рет қайтара көтер» деді... мен тал шыбықтың басын иіп, соған айнаны бекіттім. Айнаны екінші қайтара бастан көтергенімде, неміс снайперінің оғынан айна күл – паршасы шықты. Қарсыласымыздың екінші мәрте оқ атуына мұршасы келмеді. Қырағы көз Әлия Фрицтің тұлғасын нысанаға алып үлгерді. Лияның майдандағы өмірінен алынған бір оқиға міне осындай».

3-оқушы: №956 винтовка.

Әлі де құстар жайлаған

Қалың бір тоғай етегі...

Мінеки - өзі таңдаған

Әлияның құйттай мекені.

Қажыды ма әлде, кек пе әлде,

Қатыңқы қазір қабағы.

Алданда жатқан беткейге

Қадалып қалған жанары.

Көрмейді қазір өзгені,

Ұмытқан көлді, гүлді де,

Сәуленің бәрі көздегі

Жиылған жалғыз дүрбіге.

Мылтыққа ғана сүйеніп,

Жауынан басқа түк көрмей,

Жабысып қалған иегі

Темірмен бірге біткендей...

Орманнан былай... аулақтау

Көктемде түскен көл бар-ды.

Беттеді – көлге түскелі

Бір әйел менен бір еркек.

Біреудің жерін ойрандап,

Күл ғылып жатыр бір жақта,

Мыналар - еркін сайрандап,

Келгендей қазір курортқа.

Сыбырлап жатыр Валяға:



Әлия:- Офицер – менің «танысым»...

- Желпіне тұрсын ауада,

Аңдиық біраз аңысын...

- Күнде мен осы серіні

Көруші ем арғы еңістен,

Оңтайы келмей перінің...

Тынушы ем ылғи тек іштен.

Көздеуге мұрша бермейтін,

Тығылып, бұғып ол күнде.

Дәл бұлай... жақын келмейтін,

Еркінсіп кеткен... көрдің бе?!

Валя:-Тұра тұр, Лия! Асықпа!

Асықпа! Суға шомылсын.

Әлі де біраз қашықтау,

Жақындап... анық көрінсін...



Әлия:-Жетеді енді... босқа олар

Бұ жерде сайран салмасын!

Түспесін суға, шошқалар

Көлімізді лайламасын!

Алдымен – қызды құртамын

Намысты біздің қорлаған,

Бас қамын ойлап, бұл «тағы»

Сатылып жүрген оңбаған!



3-оқушы: Теңселіп қыздың сүлдері,

Ауаны қармап, ұстауға,

Шайқалып қалып... ілгері...

Шалқайып барып... түсті аунап.

Зәресі кеткен еркегі

Не істерін білмей... зыр қақты...

Қорғамақ болып еркені,

Еңкейе беріп... құм қапты...



Кітапханашы: 18 жасар қыздың соғыста телефонист, радист, медбике, байланысшы, аспаз, кір жуушы қызметін атқаруы түсінікті, ол қазақтың Хиуазындай ұшқыш – истребитель, Мәншүктей пулеметші. Әлиядай снайпер болу - әркімнің қолынан келе бермейді. Оған жүректі болып туу керек болар.

Әлия жасынан қағылез, зерделі, өжет әрі нәзік болып өсті. Нағашы ағасы Әбубәкір «Әлия өте таза, көңілді, ақпейіл, кішіпейілді, тіл алғыш, қолынан келсе құрбыларына жәрдемдесуге аянбайтын елгезек бала болып өсіп еді», - дейді. Жас та болса Әлия ойын тайсалмай айтатын өжет, өткір болған.

Естеліктерде ... соғыс басталғанда Әлия Ленинградта еді. Комсомолға қабылданды. Біраз күндерден кейін Әлияның арықтап, әлсіреп кеткені байқалды. Бірде Невадан су алып келе жатып, балалар үйінің есігінің алдына құлап түседі. Әбден әлсіреп, қалжыраған қызды өз-өзіне келтіргенде, оның өзіне тиесілі нанның жартысын Катия есімді қызға бөліп беріп жүргені анықталды.

Бауырларына жазған бір хатында «Мен не көрмедім десеңші, жалпы бәріміз де сондаймыз ғой. Егер ойлап қарасаңыз 18 жыл емес, бүтін бір жарты ғасыр бойы өмір сүргендеймін» - депті. Әлияның қысқа өмірінің құпиясы осы сөздерде жатқан сияқты.



4-оқушы: Әлияның күнделігінен.

Бұлт көшіп, жел кеулеп,

Күз түсіп келеді...

Кеп-кеше... келгенде –

Достарым көп еді.

Көбісі... бөктерде...

Көбісі жаралы...

Күздегі шөптердей

Азайып барады...

Қайтпаспын – кім білген –

Мен де бір жорықтан,

Қайтпаған бір мен бе,

Одан да қорықпан!

Қиындау... расында

Бір оқтан... теп-тегін...

Он тоғыз жасымда

Оп-оңай кеткенім!

Әзірге тірімін!

Мен оған көнбеспін,

Оп-оңай бүгіліп...

Оп-оңай өлмеспін!

Төзермін бәріне,

Алдыма жау келсін!

Көрермін әлі де...

Саусағым сау болсын!

Кітапханашы: Ағасы Бейсенбайға жазған хатында Әлия: Мені қазір көрсең, өз көзіңе өзің сенбес едің-ау! Маған солдаттардың бәрі таң қалады. Олар кейде «Қазақтың қасқыр қызы деп атайды» деген.

5-оқушы: Әубәкірге хат.

«Әубәкір аға! Алдымен-

Кінәлай көрме сен мені.

Кеткесін сендер... барлық ел...

Менің де қалғым келмеді.

Әйтеуір маған ұрыспа,

Осылай болды ақыр күн

Өздерің құсап, дұрыстап...

Сазайын беріп жатырмын.

Есіңде ме анау күндері –

«Қорқағым...» деуші ең әрдайым.

Көрсең ғой өзің бір келіп,

Қорқағың қазір қандайын.

Ұшқыш еді алғаш арманым,

Көбірек тиер көмегім.

Аспанда жүріп, жауларды

Төбеден соқсам деп едім.

Несі бар?! Қазір мергенмін!

Оның да жәйін түсінем.

Оқ жетер болса... болды енді,

Қылтиса – қағып түсірем...

Кешеден бері дуылдап

Достарым мәз боп жатқаны,-

Шығанақ атам Ойылдан

Салыпты бізге ақ тары.

Тарығып жүрген кезінде

Түскендей көктен ырыс кеп...

Биіктеп қалдым өзім де

Даламның иісін иіскеп...

Мені ойлай берме көп енді,

Мен үшін – түк жоқ алаңдар...

Білмейді қорқу дегенді,

Достарым – ғажап адамдар!

Жарайды созып кеттім бе

Әр жайдың басын бір іліп,

Кездеспей кеттік көп күндер,

Қалыпты бәрі жиылып.

Қалғанын кейін жазармын,

Сапарға шығам қазір де.

Алдым ғой біраз мазаңды,

Осы да жетер әзірге!...

Сәлеммен Әлияң».

Кітапханашы: Әлия жауына қаншалықты қатал болса, басқа өмірде соншалықты нәзік болған еді. Оның бойында батырлық пен он сегіздегі балауса қыздың пәктігі, жібектей үлбіреген көңілі мен асқақ арманы астасып жатыр. Ол әсіресе майданнан бауырларына жазған хаттарынан оларға деген сағынышты сезімінен көрініп тұрады. Ауыр ұрыстан кейін солдаттар соғыстың ауыр жүгінен шаршаған жан жүйкелерін емдеу үшін «Сталинский стограммдарын» ішсе, Әлия гүл терген, көз жасын төгіп еліне хат жазған, махаббат, ана болуды армандаған шығар. Бір хатында «Бүгін орманға барып гүл тердім. Орман тура тиіп – ақ тұр, айнала көк орай шалғын, әдемі гүлдер көп-ақ! Қызығып, бір өзім ғана көрмейін деп саған да қалампыр гүлін, ботагөз бен бүлдірген гүлін жіберіп отырмын» - деп жазған.

6-оқушы: Әпкесі Сапураға хат.

«Сапура жаным! Хал қалай?

Ауыл-ел... тегіс аман ба?

Қауырттау кез боп... әр қалай...

Қол тимей кетті саған да.

Әрине, майдан салты бұл,

Өзің де бәрін ұғарсың...

Көрсем ғой қазір.... алтыным,

Үлкейіп кеткен шығарсың.

Тұрады көзім алдында

Түтіні шұбап ауылдың,

Ертерек кетіп қалдым да...

Елді де қатты сағындым.

Көктемгі – жазық далада

Дауысын естіп құлынның,

Хобданың бойын жағалап,

Келеді қазір жүгіргім.

Суретім- мынау, айтпай да

Сезерсің өзің түсімнен,

Алдыңғы шептен қайтқанда

Асығыс келіп, түсірген.

Майданның осы тынысы,

Осындай шұғыл бұл ара.

Түрімнен оқтың иісі

Бұрқырап тұрған шығар, ә?

Көп болды – бір хат алмадым,

Әубәкір ағам аман ба?!

Хабарсыз кетті, қайда жүр,

Тезірек маған хабарла.

Қамқорым менің, қорықшым,

Алаңдай берме сен маған.

Туфли де алып қойыпсың...

Қайтпасам болмас енді аман!...

Кимесем болмас қалайда,

Күте бер келер кезімді...

Сәлем де менен ағайға,

Құшақтап сүйген өзіңді! –

Әлияң».

Кітапханашы: Ауыр соғыс жүріп жатты. Әлияның мергендігімен аты шықты. Батальоны қайсарлықпен, табандылықпен ілгері жылжи түсті. Оған Казачика деревнясын жаудан азат ету тапсырылды. Күтпеген жерден командир саптан шығып, батальон сасып қалған тұста Әлия ұран тастап, батальонды шабуылға көтерді. Казачика деревнясы жаудан толық азат етілді.

7-оқушы: «Казачиха» тұрғындарының айтқаны.

І

... Қақаған қаңтар іші еді,

Қасара түскен бұл бір шақ.

Біресе боран күшейіп,

Біресе жауған мұз-бұршақ.

Уқалап қолын үсіген,

Өздері жатып мұз-қарда,

Жігіттер орман ішінен

Үй жасап берген қыздарға.

Өтпейтін аяз желің де,

Ұядай ғана үй еді.

Әлия бірақ ол үйде

Бір-ақ күн ғана түнеді.

Барлауға шығып неше күн,

Тыныққан жоқты әлі бір.

Көз ілген шағы осы еді...

Басталып кетті шабуыл.

Биіктеу дөңде жай жатқан,

Біз тұрдық бері – төменде.

Таң ата біздер жан-жақтан,

Жаудырдық оқты сол өрге.

Ақ қардың үстін күл көміп,

Қаптады сол шақ қалың бұлт.

Жылжыдық біз де ілгері

Төбенің басын дауыл ғып.

Жабысып жерге кенедей,

Шегінер емес жау бірақ.

Берілер емес, төбеде

Сүйегі қалсын саудырап.

Тістеніп, алға бір қарап,

Көтеріп қолын оң жаққа,

Суырылып шыққан «уралап!»

Оқ тиді кенет комбатқа.

Кетті ме көзі қанталап,

Әлия бастап ұшты алға.

Қайнады ма ашу, кегіне,

Лапылдап тұрған от кезі

Шегінген жаудың шебіне

Алдымен сүңгіп кетті өзі.

Салды жау соңғы күшін де,

Бәрібір – келер жоқ көмек

Қазылған ордың ішінде

Басталды шайқас бетпе-бет.

Қауіпті сезіп алдынан,

Бұрыла берген ... жалт беріп.

Сыртынан бір жау аңдыған.

Ұстады кенет шап беріп.

Окоптың ішін шаң жапты...

Екеуі де енді тұншықты...

Әлия да атты... жау да атты...

Екі оқтың даусы бір шықты...

Сол ұрыста жау қолынан қазақ халқының батыр қызы Әлия Молдағұлова 1944 жылы 14 қаңтарда ерлікпен қаза тапты.

Ол Смердль өзенінің жағалауында жерленді. КСРО Жоғарғы кеңесі президиумының 1944 жылғы 4 маусымындағы жарлығымен Әлия Молдағұлова Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.



Көрініс: «Казачиха» тұрғындарының айтқаны.

ІІ

...Бір түнде басып кірген-ді,

Қарсылық жасау қайда оған?!

Содан соң... ылғи бұл жерді

Немістер ғана жайлаған.
Кеткенбіз ығып далаға,

Күйігін көрмей олардың...

Ақыры содан... селоға

Февраль айында оралдым.


Айтуға бармайды ауыз да...

Қираған үйлер шетінен.

Өшірген екен жауыздар

Селоны жердің бетінен.


Таптым-ауәрең үйімді

Болар да болмас белгіден...

Тау болып жатқан үйінді,

Қазылып қалған ор кілең...


Құлаған үйдің орнына

Жертөле қазып, паналап...

Орманға қашқан сорлылар

Оралып жатты жаңадан.


Шығады солдат қабірі,

Аттаған сайын алдыңнан.

Аттарын жазған бәрінің...

Шайылып кеткен жаңбырдан.


Бір зират қана даралау

Тұр екен анау қабақта.

Құлама, биік жағалау

Көрінеді екен алапқа...


Көктемге қарай жанында

Балауса гүлдер шығатын.

Аман-сау қалған жалыннан

Бір сирень өсіп тұратын.


Естідік кейін бәрін де,

Өзі де ғажап ер екен...

Жаңағы зират... Кәдімгі

Әлия жатқан жер екен...


Жүрміз ғой тірі әлі біз,

Сұрапыл соғыс өтті ғой...

Не керек!... жарты жанымыз

Солармен бірге кетті ғой!...


Адамның өзі, дегенмен,

Темір ғой деймін тегінде,

Оғыңның өзі, ежелден

Өш болады екен темірге!

Таба ма деймін қайдан да

Адамның өжет,батылын...

Әлия осы майданда

Жүріпті он-ақ шақырым.

Орыс ақыны Яков Хелемский «Әлияның жүрегі» деген поэмасында:

Шаттансаң қыз тудым деп, қазақ, шаттан.

Әлия отанына болған мақтан.

Бежаница маңында тұлғасы тұр,

Дегендей ерлікке аттан, еңбекке аттан.

Бұл жерден сонау заман Пушкин өткен,

Желдіртіп қоңыраулы атын жеккен.

Сол жерді жаудан сақтап қаламын деп,

Қазақтың Әлия қызы қанын төккен.

Ортаға Әлия шығады. (ақырын күй тартылып тұрады)

Әлия

Біз сіздердей жаңа ашылған гүл едік,

Жерге бақыт, елге бақыт тіледік.

Отан-ана отқа күйіп жанғанда,

Біздер ме едік үй бағатын тірі өлік.

Отан-ана жылағанда шерленіп,

Тапжылмастан шөгеді екен жерге бұлт.

Қара бұлтты қақ жарайық дедік те,

Қолымызға қару алдық ерленіп.
«Отан» деген сөз көкейде жатталып,

Зор айқасқа кеттік біздер аттанып.

Біз сіздердей қыдырмадық кеш құрым,

Біз сендердей арман гүлін таппадық.


Жетсек деген арманымыз көп еді,

Бізді туған күнімізбен құттықтап.

Айтылған жоқ махаббаттың өлеңі,

Ешкім бізге жыр ұсынған жоқ еді.


Бірақ ерте, тым ертерек жандық біз,

Жанарлардан мөлдір жас боп тамдық біз,

Жанымызды құрбан еттік осылай

Біздей ерте солмау үшін барлық қыз.



Кітапханашы: Бүгінгі «Жалт еткен жасын ғұмыр» атты Ұлы Отан Соғысының батыры Ә Молдағұлованың туғанына 95 жыл толуына орай өткізілген тарихи кешіміз аяқталды, зейін қойып тыңдағандарыңызға көп-көп рахмет.

9-оқушы: Автордан.

Баурайы гүлге көмілген

Қоршаған жасыл қыраттар,-

Әлияның туған жерінде

Мөлдіреп жатқан бұлақ бар.
Секілді сонау көк аспан...

Тартатын елді көркімен,

Әйтеуір соны – о бастан

«Әлиябұлақ» дейтін ел.


Қосылып соның үніне,

Қызыққа жалғыз бататын,

Жоламай үйге, күнімен

Бұлақпен ойнап жататын.


Жағада құрақ желбіреп

Кәдімгі шалқар айдындай,

Әлиябұлақ мөлдіреп,

Бойына тозаң шалдырмай.


Хобдаға қарай ұмтылып,-

Іргеден ағып өтетін,

Асығып, тулап, бұлқынып,

Өзенге сүңгіп кететін...


Бір жұлдыз көкте туа сап,

Сорғалап ағып өткендей,

Әлия да үйден шыға сап,

Майданға сүңгіп кеткендей!.




Пайдаланылған әдебиеттер:
1. А.Айталы. «Байсалды ел байқаусыз қате жібермес».

Алматы, «Таймас» - 2008ж.

2. С.Жиенбаев. «Әлия». «Жазушы» Алматы – 1973ж.

3. Қазақстан тарихы. Әдістемелік журнал. №9. 2006ж.



Оңтүстік Қазақстан облысы

Шардара қаласы

Ж.Жабаев атындағы бастауыш мектеп

Кітапханашы: Бердешова Б.

2013-2014 оқу жылы

Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет