Жанғабыл Қабақбаев, Қазақстан Республикасы журналистер Одағының



бет7/8
Дата04.11.2016
өлшемі1,41 Mb.
#111
1   2   3   4   5   6   7   8

Ақтөбе қаласы.
Қойшыбек ӘМИНОВ,

Шалқар селолық округінің әкімі,

Қазақстан Республикасы білім беру

ісінің үздігі
ЖАҚСЫ АДАМ ҰМЫТЫЛАР МА?!
Қойнауы малға, құшағы сырға толы Ұлықұм мен Кішіқұмды бағзы заманнан ақын-жыраулар өз шығармаларына арқау еткен. Батыр-билердің, әнші-күйшілердің мекені – бұл өңірде қаншама ұрпақ тату-тәтті тірлік кешті десеңізші?! Мен өзім туып-өскен, қазіргі күнде селолық округ әкімі болып қызмет етіп жүрген Жылтыр ауылын, оның маңайындағы қоныстарды әр кез мақтан тұтамын.

Біз үлгі тұтқан, барымызша ұқсауға тырысқан азаматтардың бірі Қонақбай Назаров 1913 жылы Маяқұм қыстағында дүние есігін ашқан. Кеңес Армиясы қатарына шақырылып, азаматтық борышын өтеп жүргенде Ұлы Отан соғысы басталып кетеді. Тек соғыс аяқталған соң елге оралады. Марқұм менің әкем Сағитжанмен танысып, жақсы араласады ғой. Мұның соңы әкемнің апасы Шолпанмен тіл табысуына, екеуінің шаңырақ көтеруіне ұласты.

1965 жылы әкем Қонекеңнің ауылына ағам Алтынбек екеумізді бірге ертіп апарды. Есіміз кіріп қалған шақ, үй қожасының тұрпаты өзгелерден бөлектігін бағамдадым. Салмақты, жүріс-тұрысы парасатты, қарсы келген адамның мысын басып тастайтындай. Неге екенін білмеймін, менібауырына тартып: «Осы қара баладан бірдеңе шығады» деп, қомпитып қоятын. Шалқар қаласында тұратын бажасы Мырзағали Мырзакеновпен, оның қайнағасы Іскендірмен жиі араласты. Мырзекеңнің үйіндегі Мәрзия мен Шолпан апаларым бір-біріне қатты ұқсайтын. Мына сәйкестікті қараңыз, екі шаңырақтың да қожайындары ұлдарының есімін Болат деп, ал қыздарына Гүлжан деген есімді берген. Жарықтық әкем қарындасы, яғни Қонекеңнің зайыбы Шолпанды жақсы көргендігінен болар, менен кейінгі қызын оның атын қойды, қазіргі күнде ол отбасымен Ембі қаласында тұрады, мектеп мұғалімі.

Жездем мен апам қызмет ретімен Ақкемер селосында тұрды. Мектептегі қысқы және жазғы каникул уақытында олардың үйіне сәлем бере баратынмын. Жалғас пен Болаттың бала шағы, төсекті бір бөлмеде үшеумізге қатар салатын. көзім енді ғана іліне бергенде Қонекең мені жайымен түртіп оятып, өз бөлмесіне алып барып, атақоныстағы ағайын-туыстардың амандығын, кейінгі жылдардың жаңалықтарын сұрайтын.

Әлі есімде, сегізінші сынып оқушысымын. Ақтөбе қаласына жолым түсті. Жолаушылар пойызынан түскен соң вокзал алаңында Қонекеңді көріп қалып, қос қолымды ұсынып амандастым. Ол кісінің танымағаны дидарынан аңғарылып тұр. «Әншейін көп баланың бірі болар» деген жоқ. Өзімше қулық ойладым ба, жездеміз мінген автобусқа мен де отырдым, екі көзімді Қонекеңнен алмаймын. Кезекті аялдамадан екеуміз де түстік. Үлкен кісі Ленин көшесінде №43 үйдің бірінші қабатындағы пәтеріне кірді, іле-шала мен қоңырауды бастым. Есікті ашқан апам мені көріп, құщақтай алды. Шәй дастарқаны үстінде жездем: «Мәссаған, Қойшекеңді қалай танымағанмын, тіпті ересек адам құсап сәлем береді, жігіт болған ғой» деп, көтермелеп қойды. Елге сыйлы адамның қошеметі мерейімді өсіріп жіберді. «Жақсының шарапаты» деп, осыны айтса керек.

Қонекең 1978 жылы пәниден бақиға жөнелді. Марқұмның жаназасына Ақтөбенің өзінен, жан-жақтан жиналған адам қаншама?! Қазіргідей мейрамхана-дәмханадан ас беру үрдіске енбеген, халықтың кеңқоныш пейілдегі кезі. Тоғыз қабатты үйдің бірінші қабатынан жетінші қабатына дейінгі аралықта пәтерлер қожайындары ешқандай у-шусыз келген адамдарды қабылдап жатты.

Сырт жақта түр-әлпеті келіскен төрт-бес азамат ешқайда кірмей тұрып қалғанын аңғардым. дереу іргедегі «Океан» дәмханасынан бір үстелді дайындатып, әлгі адамдарды сонда шақырдым.

Шашын кейін қайырған жүзі жылы біреуі менен:

-Өзің жөн білетін жігіт көрінесің. Кел, біздің қасымызға отырсайшы, аты-жөнің кім? – деп, сұрады.

-Қонекеңнің Шалқар жақта тұратын балдызымын, атым Қойшыбек, - дедім.

Осылайша танысқан ағам Төлебай Құрманалин Ырғыз аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы болып қызмет атқарады екен. Жүріс-тұрысыма, марқұмды жөнелтудегі пейіліме ризалық ниетпен:

-Баяғыда әскерден келіп, үстімнен шинелімді тастап үлгермеген шағымда Қонекең арқамнан қағып, партиялық аппаратқа қызметке орналастырып еді. Шолпан жеңгейдің інісі екенсің, сен Ырғызға кел, жауапты орындардың біріне қабылдатайын, - деді.

Арғы жағында еш кіреуке жоқ, ағынан жарылып айтып тұр. «Рахмет» деп, бара алмайтынымды жеткіздім.

Кейін Ырғызға жолым түскенде Төлебай ағай мен Расбек жеңгейге сәлем беріп, қонақасы ішкенмін. Қожайындармен шүйіркелесіп отырып, Қонекеңді еске алдық.

Жалпы ерлі-зайыпты Назаровтардан адалдықты, қайырымдылықты, қай нәрсеге де сабырмен қарауды үйрендім, мүмкіндігімше жездеме ұқсауға тырыстым. Жиенім Елнұрының: «Қойшекеңнің папама ұқсаған жақтары жетерлік» дегенінде шындық бар тәрізді.
Шалқар ауданы.


Бағдагүл Ағытайкеліні ӨТЕБАЕВА,

көп балалы ана
ДЕГДАР
Кез келген адамның тірліктегі бейнесін биіктететін асыл қасиеті – кісілігі. Алыстан қарасаң асқақ, жақыннын қарасаң кішіпейіл, әулетіне қыдыр қонған мұндай адамды қазақ бір ауыз сөзбен «дегдар» деп түйіндейді. Осы теңеуге сай, сұлу өмір сүрген, халықтың ықыласына бөленген тұлғалардың бірі Қонақбай Назаров деп ойлаймын.

Себебі марқұм папам, дәлірек айтқанда отағасымның әкесі, саналы ғұмырын Ырғыз өңірінің экономикасын дамытып, мәдениетін жақсартуға арнап, облыстық дәрежедегі дербес зейнеткер болған, «Ырғыз ауданының құрметті азаматы» атағының иегері Ағытай Қойлыбаев отырыстарда өткен өмірден мағыналы сыр шертетін. Сондай әңгімелерінде біз көрмеген Қонақбай назаровты ерекше ықыласымен жиі ауызға алып жүрді. Ғибратты сөз санада сақталып қалады екен.

Менің қалыптасқан дағдыммен күнделікті поштамен келген газет-журналдарда жылт еткен жаңалықты мамама (енемді алғашқы күннен осылай атап кеттім – Б.Ө.) айтып, оқып беремін. Аудандық «Ырғыз» газетінің кезекті санында жоғарыда сөз болған қонақбай ағаның балаларының өтініш-хаты жарияланған. Авторлар әке-шеше жайында естелік кітап шығарғысы келеді екен. Мамам сүйсініп, «Оң болсынын» айтып жатыр. Сәлден соң ойын жүйелеп, былай деді:

-Ол кісі біздің жақта ертеректе тұрды, Ұмытпасам, райкомның екінші секретары. Шаңыраққа келін боп түскеніме көп уақыт өткен жоқ. 1948 жылы отағасымды «Жаңақұрылыс» колхозына есепшілік қызметке жіберді. Ата-енемнен еншімізді алып, көшіп бардық. Колхоз басқармасы Қуандық Жөкеев ағай.

Көктем шыға қыстаудан етекке түсіп, киіз үйде отырмыз. Басқарманың үйіне көршіміз. Суармалы алқапқа егіс салып, өнім алумен даңқы шыққан, сол еңбегі, ауыл-елде беделі бағаланып, облыстық кеңестің депутаттығына екі мәрте сайланған атам Қойлыбай Белесов отбасымен Құрылыс ауылында тұрады. Ара-тұра біздің үйге – балаларына келіп тұратыны бар. Сондай бір келгенінде түс мезгілі болатын. Отағасым:

-Кісі келе жатыр, - деді.

Сөйткенше болған жоқ, қасында екі-үш серігі бар, толықша келген, орта бойлы, қарасұр азамат кіріп келді. Атам қонақтардың сәлемін алып, қалбалақтап «Төрге шығыңдар» деп жатыр.

Соғыстан кейінгі кезең. Ел-халық әлі жұпынылықтан арыла қойған жоқ. Қазіргідей ас та төк болмаса да ауылдың іс басындағы есті азаматтары «қонақ келіп қалады» деп, қамданып отырады. Бөлек атау болып шыққан соң мен де азды-көпті дастарқан құралын сақтап қоятынмын. Дастарқан жайып, барымша шәй дайындадым. Жаспын, қысылыңқырап жүрмін, себебі өз алдымызға шаңырақ көтергелі алғаш рет маңызды қонақ қабылдауым.

Шәй құйып отырып байқағаным – мына кісінің қимыл-қозғалысында, сөз саптауында мәдениеттілік бар. Менің ұғымымша шен-шекпені бар азаматтар көп сөйлемейді, түсі суық, тәкаппар болып келеді. Жаңа қонағымыз бұл түсінігімді теріске шығарды. Кең отырып, ашық-жырқын әңгімелеседі екен. Тұрғылықты жұрт жағдайынан хабардар болғысы келеді. Ризашылығы ғой, кетерінде атама:


  • Ақсақал, мынадай бала тәрбиелегеніңізге рахмет, өсетін бала екен, -

деді.

Жылы лебіз жан жадыратпай ма?! Жасы жиырмаға енді ғана іліккен отағасым екеуміз марқайып қалдық.

Қонақбай ағай бұдан кейін ауылымызға бірнеше рет келді. Қайсысында да ұстамды, ескерімді қалпынан, ауытқыған жоқ. Бірыңғай жұмысты ойлап қоймай халықтың тұрмыс жағдайына да зер салып жүреді екен. Тілек-өтініштерді сабырмен тыңдайды, құрғақ уәдеге, жалған дақпыртқа әуес емес. Сонысымен қадір-қасиетін еселей түсті. Кейін үйімізде қанша қонаққа дәм ұсындық, көп адаммен араласып, сыйласып кеттік. Сүйсінерлігі – әңгімелескен, пікірлескен адамдардың бірде-бірінен Назаров ағай туралы жағымсыз лебіз естімеппіз. Зейнет демалысына шыққан отағасым: «шіркін, сырбаз адам ғой, шаруашылықты аралап жүргенде әкім-қара деп бөлмей бәрімен де сыпайы сөйлесетін, дөрекі әңгімеден бойын аулақ ұстады» деп жүрді.

Жылдар өтті. Сыйластық жалғасып, Назаровтар әулетімен құдандалы болдық. Шыңдау қайнымның (прокуратура органдарының ардагері Шындәулет Алдияровты айтып отыр – Б.Ө.)қызы Майра Қонақбай ағаның баласы Болатқа тұрмысқа шықты. Құдағиымыз Шолпанды етене біле бастадық. Артық-ауы сөзі жоқ, байсалды бәйбіше. Ұл-қыздарына әдемі тәрбие дарытқан.

-Мұндай өнегелі жандар ешқашан ұмытылмайды, - деп, мамам әңгімесін аяқтады.
Ырғыз ауданы.

Мария Әбенқызы ХАЙРУЛЛИНА,

еңбек ардагері, зейнеткер
АҒАНЫҢ МЕЙІРІМІ
Темір ауданында орталығы қазіргі күнде Ақсай деп аталатын Ленин атындағы кеңшар 1962 жылы шаңырақ көтерді. Бұрын оның табанында бірнеше ұжымшар болған екен. Кеңшар директоры Иван Свиридович Черненко, партком хатшысы Назаров Қонақбай ағай, селолық кеңес атқару комитетінің төрағасы Ниязғали Бөкеев, кәсіподақ комитетінің төрағасы Қарағұл Латипов. Біз – жаны жаннатта болғыр отағасым Бақытқали Хайруллин екеуміздің бағымызға осындай жүрегі жұмсақ, бауырмал адамдар кезікті.

Мәселе түсінікті болу үшін ретімен баяндайын. Мен Бәкеңмен ниет ұштастырып, 1960 жылы Ақсай ауылына келін болып түстім. Ол бастапқыда ұжымшардың кассирі еді, кейін осы лауазымымен жаңадан құрылған кеңшарға ауысты. Өзім орта мектеп бітіріп, арнаулы курста есепшілік білім алғанмын, сөйтсе де отағасым бухгалтерияда қызмет атқаратындықтан бір отбасының мүшесі ретінде бұл салада жұмыс істеуіме заңмен рұқсат етілмеді. Директорымыз Иван Свиридович бұл жайға түсіністікпен қарап, мені қабылдау бөлмесіне хатшылыққа қабылдады.

Кеңшар үлкен, сегіз бөлімшесі бар. Отағасым міндетті жұмысы бойынша ай сайын бөлімшелерді аралап, жалақы таратады. Уақыттың әдемі үрдісін қарасайшы, сонда Бәкеңмен бір көлікте партком хатшысы, кәсіподақ комитетінің төрағасы бірге жүріп, адамдармен жұмыс орнында жүздеседі, жай-жағдайын зерттейді, пікір-ұсыныстарын тыңдайды. Осылайша адамдар жүрегіне жол ашуға мүмкіндік туады.

Коммунистердің жетекшісі Қонақбай ағай – кішіпейіл, үлкен-кішіге бірдей қарайтын, қызметін айтып, көкірек керу дегенді білмейтін, ешқашан даусын көтеріп сөйлемейтін адам болып шықты. Отырыстарда әдемі, жанға тимейтін әзілдер айтып, көңілімізді көтеретін. Үйіндегі Шолпан жеңгеміз «Іздегенге – сұраған» дейтіндей әдепті, сабырлы, қолы ашық адам. Қашан көрсек те ағамыздың асты-үстіне түсіп, жік-жапар болып жүргені. Өзара сыйластықты қатты ұстанған осы адамдар Бәкең екеумізге көп үлгі көрсетті. Отбасында сол жылдары бес бала болды. Жақсы әке-анадан өрбіген балалардың қылуасы да еріксіз сүйсінтетін. Құдайдың бергені ғой – үйлеріміз бір көшенің бойында, арасы жақын, содан да етене араласып кеттік.

Біздің шаңырақта атам дүниеден озған, енем бар, бізден кейінгі балалар кезегімен үйлене бастады. Содан енем батасын беріп, отағасым екеумізді шағын жеке үйге бөлек шығарды. Жас кезіміз, шақырыспалар жиі болады. Бірде Бәкеңмен бірге қонаққа кеттім. Қолда бұзаулы сиыр, төлімен қой-ешкі ұстаймыз.

Отағасым бір күні іссапардан Қонекең екеуі келе жатып үйдің жанына тоқтады. Біздер жаңа сойған малдың етінен қуырдақ қуырдық. Ағайға куйеуім осы жағдайды айтып дәм татып кетуін өтінді. Ағай келіскен соң Қарағұл, Ниязғали ағайларды да шақырдық.

Қуырдақ жеп отырып, үйіміздің сиқын көреді ғой: ескі үй, төбесінен тамшы ағады, ешкімге айтпай ілекерлеп жөндеп отырғанбыз. Әрине, ел тізгінін қолға ұстаған азаматтар көзбен көргендерін ішіне түйіп кетеді.

Сол 1966 жылғы қараша айының 1-інде мен ішім аяқастынан бүріп ауырып, «Соқырішек» деген диагнозбен Ақтөбеде облыстық ауруханаға жеткізілдім. Операция сәтті шығып, 9-қарашада үйіме аман-сау оралдым. Ағайын-туыс, көрші-көлем ортаға келіп, қосылғаныма мәре-сәре. Сол мезетте отағасымды директор Черненко шұғыл шақыртты. Бәкең жеделдетіп кеңсеге бара жатса жолшыбай бет-аузы күйе-күйе болып, жақын ағайым Асқар Жұмабеков ұшырасады. Амандық-саулық сұрасқан соң дереу:

-Қарындасым Мағзупа Алғаға көшіп жатыр, үйінің кілті міне, менде.Сенің үйің құлайын деп тұр ғой, ойланбай соған көшіп ал. – дейді.

Отағасым үйінің ескілігін ешкімге білдірмей іштей қынжылып жүр еді. Өзі – шалт қимылды адам, Марат Құлбалаев деген жігітті автокөлігімен үйге алып келді де, менің емделіп, сауығып келген қуанышыма орай ырду-дырду болып отырған сәтімізде үйдегі жүкті машинаға тией бастады. Содан бәріміз барып, босаған үйді аштық та кіріп алдық. Көшіріскенде Жұмабай Әлмұқанов деген құрдасымыз да бар.

Ертеңіне бұл жағдай кеңшар директоры Черненконың құлағына тиеді. Тікелей қарауында жұмыс істейтін отағасымды кабинетіне шақырып:


  • Сен неге босаған үйге заңсыз кіресің? Совхоздың балансындағы үй

екенін білмедің бе? – дейді.

Бұл да шегінбейді:

- Мен де кеңшардың білдей қызметкерімін, үй-жағдайымды жақсартуға қақым бар шығар...

- Дереу үйді босат, мен Киров бөлімшесінен көшіп келетін орыс әйелге беремін деп ұйғарғанмын.

Бәкең өз пікірінен қайтпайды. Ашуға булығып, кеңшар кассасының кілтін директордың алдына лақтырып:


  • Бәлденіп отырғаныңыз қызметім шығар, мә, ал, - дейді.

Үңіліп қарасақ, біздің ісіміз де – әбестік. Директордың алдынан өтіп, рұқсатын алуымыз керек еді. Екіншіден басшымыз – сол тұста сөзі үстем болып тұрған аға ұлттың өкілі, бұра тартып, қандасын көшіріп алмақшы.

Иван Свиридович лажсыздан партком хатшысын, селолық кеңес пен кәсіподақ комитетінің төрағаларын шақыртып, болған жайды талқыға салады. Олар үйімізге келіп, байқаған көріністерді бүге-шүгесіз сол қалпында айтады. Яғни Хайрулиннің бұрынғы отырған үйі ескі, тұруға жарамсыз, келіншегімен екеуі кеңшарда жүктелген міндетті адал атқарып жүр, сондықтан тұрмысын жақсартуға толық құқылы. Әсіресе, Қонақбай ағай өз ұстанымынан қайтпайды.

Түйінді сөзі:

-Біз жас мамандарға қолдау жасауға тиістіміз. Хайрулиндердің қазіргі үйі тұруға жарамайды.

Ақырында басшылықтағы үш азаматтың ниеті бір екенін аңғарып, мәселені асқындырмай Черненко үйді бізге қалдырды. Бұл әңгімені отағасым шәй дастарқанында толқып тұрып айтқан еді.

Осылай жақсылық жасап, қарлығаштай қанатымен су сепкен адамдарды қалай ұмытарсың?! Жылдар өтті. Қонақбай ағай да, Ниязғали, Қарағұл ағаларым, отағасым Бақытқали да бұл пәниде жоқ. Тек оңашада есіме түсіріп, алабөтен күйге түсемін.

Жас ұлғайып, зейнет демалысына шыққан соң 1998 жылы Ақтөбе қаласының іргесіндегі Қурайлы селосына көшіп келдік. Жайлы қоныста немерелер қызығына кенеліп жатқан жай бар. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді халық. Қонақбай ағай мен Шолпан жеңгейдің балалары асыл әкеден, аяулы анадан алған тәлімімен мені әртүрлі шақырыспадан, той-садақаларынан қалдырмайды. Сол үшін аналық пейіліммен рахмет айтамын. Айтпақшы, жоғарыда сөз еткен, бізге деген адал ниетте қойымызды бауыздап, кәдеге жаратып берген Тәку құрдасымыз отбасымен Ақсай ауылында (бұрынғы Ленин кеңшары) тұрып жатыр.

Қурайлы селосы.

Жалет СЫДЫҚОВ,

еңбек ардагері, зейнеткер
ҚАЙТАРЫМ
Республикалық Ұлттық «Қазақстан» телеарнасынан берілетін «Жаныңда жүр жақсы адам» бағдарламасынан кезекті хабарды көріп отырып, ойыма жастық шағым оралды. 1966 жылдың маусым айында аудандық тұтынушылар одағы басқармасының қаулысымен «Пролетарий» кеңшарына жұмысшылар кооперациясының төрағасы қызметіне тағайындалдым. Кеңшар директоры Ш.Есімов, партком хатшысы Қонақбай Назаров. Өзім небәрі 24 жастамын. Кеңшар үлкен: бес бөлімшеде төрт мыңға жуық адам тұрады. Осынша халықты үзіліссіз қамтамасыз ету үшін азық-түлік және өнеркәсіп тауарларын Ақтөбе ауданаралық сауда базасынан әкеліп, шаруашылықтың және бөлімшелердің орталықтарындағы сауда нүктелеріне жеткізу қажет. Кеңестік дәуір, ауылдағы науқандық жұмыстар біріне бірі жалғасып жатады. Бос жүрген адамды көрмейсің. Үлкен-кішінің үміті жұмысшылар кооперациясында. Жаздың аптап ыстығында, қыстың үскірік аязында ешкімді тарықтырмауымыз керек. Бізді қинайтыны – көлік мәселесі: кооперация меншігінде бір-бірден жүк автокөлігі мен автодүкен ғана бар.

Партком хатшысы Қонақбай Назаровтың қабылдауына кіріп, жағдайды бастан-аяқ баяндадым. Ол кісі мені жассынбастан әңгімемді толық тыңдады, ақыл-кеңесін берді. Көп кідіртпей мәселені партком бюросының мәжілісіне салып, кооперацияға қажетті көлік жайын кеңшар есебінен шешіп берді. Бұрынғыдай емес, шаруа оңға басты. Сауда айналымының айлық, тоқсандық жоспарларын артығымен орындау қалыптасты. Жұртшылық қызметімізге жылы лебіз білдіретін болды. Өзім де ысылдым.



  1. жыл. Партком хатшысы шақыртқасын кабинетіне кірдім.

-Жалет, кеңшардың «Восток» бөлімшесіне басқарушы іздестіріп жатыр. Директор Қуандық Әлішев екеуміз ақылдасып, сенің кандидатураңды ұйғардық. Қазіргі атқарып жүрген қызметіңде де керексің. Дегенмен орда бұзар отыздан кетіп барасың. Тәжірибең бар, тұрғылықты халықпен жақсы таныссың, ауылда туып, ауылда өскен мамансың. Сондықтан «бөлімше басшысы» бол деп жатса тартынба, келісіміңді бер. Меңгеріп кететініңе сенімдімін, - деді ағамыз.

Мен де іркіліп қалмай шаруашылықтың науқандық жұмыстары барысында қолдау-көмек жасалып тұруын өтіндім.

Кеңшарда мал шаруашылығымен қатар егіншілік те жүргізілетін. Бөлімше аумағындағы елді мекендер тұрғындарының жай-жағдайына ең алдымен басқарушы жауапты. Бүгінгі күні тайсалмай ашық айтатын шындық – жұмыс барысында кезіккен қиындықтарды жеңуімізге партком хатшысы Қонақбай ағамыздың септігі орасан зор болды. Ол кісі кеңшар директорынан бастап барлық бас мамандарға, қоғамдық ұйымдар жетекшілеріне сөзін өткізетін. Бірлесе атқарған жұмыс нәтижесінде бөлімшеміз кеңшар, тіпті аудан бойынша алдыңғы қатарға шықты. Ауыл емес, аудан, облыс аумағындағы бір қауым ел өзімді танып, құрметтейтін дәрежеге жеттім. «Восток» бөлімшесіне қарасты елді мекендерде сол кезеңде тұрып, еңбек еткен замандастармен қарым-қатынасымыз қазір де үзілген жоқ.

Қонақбай ағаның отбасы туралы да мақтанышпен айта аламын. Шолпан жеңгей екеуі бір-біріне сүйеу бола жүріп, алтын асықтай ұлдарды, қызғалдақтай құлпырған қыздарды тәрбиелеп өсірді. Менің отбасым тұрып жатқан Ақкемер ауылының үлкен-кіші жамағаты болып, өнегелі ұрпақтың өрелі істеріне алғысымызды жаудырып жатамыз. Өйтпегенде ше – ағайынды Жалғас, Болат, Талғат Назаровтар Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетов жариялаған «Көркейе бер, туған жер!» акциясы бойынша жеке қаржыларынан 11 миллион теңге бөліп, Ақкемер орта мектебінің ғимаратына күрделі жөндеу жүргізуді, орталық көшеге асфальт төсеуді, Ұлы Отан соғысына қатысушы жерлестер обелискісін мәрмәр тақталармен көмкеріп, жаңғыртуды ұйымдастырды. Селолық округ әкімдігі ауыл тұрғындарының тілегін ескеріп, орталық көшені Ұлы Отан соғысының мүгедегі, еңбек ардагері Қонақбай Назаровтың есімімен атау жөнінде шешім қабылдады. Міне, бір кездері тынбастан Отанға, халыққа жасаған қызметтің қайтарымы. Өскелең ұрпақ осы үдірісті ойға түйсе деймін.



Ақкемер селосы.

Мұғалжар ауданы.

Болат АСАУОВ,

еңбек ардагері, зейнеткер
КӨКІРЕГІ ҚАЗЫНА АҒАМ
Балаларының абзал әке Қонақбай Назаров туралы кітап шығарғалы жатқанын естіп, мен де қолыма қалам алдым. Тұла бойы иманға толы осы адаммен алғаш 1969 жылы танысқан едім. Қонекең – «Пролетарий» кеңшарында партком хатшысы, мен – бас агрономмын. Қызмет барысында күнбе-күн араластық, тіпті қатар құрбыдай әзілдесіп қоямыз. Көңілімде мәңгі орныққан қасиеттері – адамгершілігі мол, қарапайым, үлкенге де, кішіге де құрметпен қарайтын. Асып-тасу, асыра сөйлеу мүлде жат. Жастықтың буы бұрқырап тұрған біздер кейде қызбаланып, артық кетіп қаламыз. Сонда ағамыз байыппен ақыл-кеңес беріп, сабамызға түсіре қоятын. Қиналып-қысылған шағымызда төрелігіне жүгінетінбіз. Қысқасы, Қонекеңмен жұмыстас болу арқылы кейінгі өміріме сабақ болар мектептен өттім. «Өз пікірімде қаламын» деп, айтқанымнан қайтпай қоюшы едім. Өндірістік мәселелер мұндай өзімшілдікке көне бере ме? Кейде тіктеу келер мінезімді байқаған ағамның:

-Бала, қисаймай тыңдап ал, - деп әзілдегені есімде.

Бір жолы қызметтік кабинетіне шақырып алып:

-Болат, неге партия мүшелігіне өтпей жүрсің? – деді.

Кідірместен ондай ойымның жоқтығын айттым.

Сонда жарықтық:

-Сен олай жасама. Келешегің алда. Қызмет бабында өсуіңе керек, партияға өтіп ал, - деп еді.

Кез келген адам бұлай жанашырлық көрсетпейді. Жөн сөзге тоқтадым.

Алла тағы да қарасып, кеңшар орталығында үй арасында үй жоқ – екі отбасы көрші болдық. Бар дәмді бөліп ішіп, отбасылық мәселелерді де ақылдасып шешетін жағдайға жеттік. Шолпан жеңгей нағыз қазақы бәйбіше, ағамыздың жақсысын асырып, жаманын жасырды, отағасының алаңсыз жұмыс істеуіне барлық жағдайды жасады.

Бірді айтып, бірге кеткендей болам-ау, 1969 жылдың мамыр айында болуы керек, Қонекеңе әдейі кіріп, үйлену ниетім барлығын жеткіздім.

-Несі бар, бір бастың екеу болғанын мақұлдаймын. Совхоздың білдей маманысың, сыбай-салтаң жүре бергенің жараспас, - деді балаша мәз болып. Сәлден соң сөзін жалғады:

-Ендігі айтарым – тойды күзге қалдыр. Егінді орып алайық, шөп дайындалып, малшылар қыстауға көшіп алсын. Сөйтіп, арқаны кеңге салып, жақсылап тойлаймыз. Айтпақшы, тағы қандай мәселеден көмек керек?

Мүмкіндікті жібермеуге тырысып:

-Болашақ келініңіздің аулына құдалыққа барар жөні түзу адам болса, - дедім.

Ағам бұл жолы да кеңдігін танытты.

-Болат, сенің әке-шешеңді жақсы білемін. Бұл жағынан алаңдама, шешіледі, - деді.

Қонекең өзіне жарасар мәрт мінезімен қайынжұртымның аулына құдалыққа да барды. Ол жақтағылар мұндай беделді адамның келгеніне мәз, мен де жалым күдірейіп шыға келдім. Қазақы дәстүрмен құда тартамыз деп өзеуреген қыз-келіншектерден:

-Қойыңдар, парткомды тарту заңда қаралмаған, - деп, сыпайы әзілмен құтылды.

Зейнет демалысына шығардан сәл ғана бұрын ол кісінің:

-Болат, сен кеңшарда алты жылдай абыройлы қызмет атқардың, білемін – еңбегің лайықты бағаланбады. Бұған жасыма, тіпті ойыңа алма. Қандай белестер күтіп тұрғаны бір Аллаға аян, - деген тілегін батадай қабылдадым.

Сол әңгімеден соң бірінен соң бірі үш ауданда абыройлы қызмет етіп, зейнет демалысына шықтым.

Көкірегі қазына ағалармен сыйлас, дәмдес, әріптес болғанның өзі бір ғанибет екен-ау!



Астана қаласы.

Төре Жайлаубайқызы ӘМИНОВА,

еңбек ардагері, зейнеткер

БАҚЫТТЫ ҰҒА БІЛГЕНДЕР

Темір жол бойындағы Жылан стансасында тұрып, сәмбі талдай солқылдап, бойжеткен шағым. Ол кезеңде баласына немесе інісіне қызды қазақы үрдіспен айттырып алып бермей ме?! Болашақ қайнағам Сағитжан Әминов деген сол төңіректе жағымды іс-қимылымен аты шыққан азамат інісі Аманбекке мені ыңғайлап, үйімізге құдалық жол-жоралғымен келді. Сөйтіп 1963 жылы бұрынғы «Шалқар» кеңшарының №1 фермасына қарасты Астаусор деген жерде бөгде үйдің табалдырығын имене аттадым. Атам – сиыр фермасының меңгерушісі. Тұрмыс-жағдайымыз күйлі, екі ақбоз үйді қатар тігіп отыратынбыз. Енем Шолпыш – үйдің шаруасын дөңгелетіп ұстаған ұқыпты адам. Келім-кетімді қонағы көп, берекелі шаңырақ. Желіге оншақты бие байлап, қымыз ашытамыз. Халқымыздың тірлігінің ұнамды сипаты мал ұстау екен-ау. Ата-енем бәйгеге қосып жүрген торы жорғаны үстіне кілем жауып, ағам Ережепке мінгізгені көңілде өшпейтін сурет болып орнықты.

Шәй құйып, дәм әзірлеп жүріп, әңгімеге құлақ түресің. Өзара көтермелеген, жақсыны үлгі еткен сыпайы сөзсаптаулардан сергіп қаламыз. Әсіресе, өзім бұрын көрмеген жездеміз Қонақбай Назаров туралы мақтау лебіздерді көп естідім. Әрі-беріден соң «Сол адамды көрсем...» деген қиял пайда болады екен. Бір күні үйімізге маңдай тіреп, шәй құю бақытына ие болдым. Тұлғалы, айбары бар жан екен, сөйтсе де өзіне кісіні үйіріп ала қояды. Үлкен-кіші демей жұмсақ үнімен сөзге тартады.

Мамыражай көңілмен ештеңеге алаңсыз жүріп жатырмыз. 1969 жылы милиция бөлімінде қызмет істейтін күйеуімнің қалтасына әлдекім қаскөй ниетпен отыз сом салып жіберіп, ұстатады. Тағылған айып: «пара алды». Ештеңені ұқпай біз далмыз. Атам дереу тоқтамға келіп, мектептің тоғызыншы класында оқитын қайным Қойшыбекті пойызға отырғызып, Ақтөбеде тұратын жездемізге жіберді. Ол кісі үлкендер сәлеміне салғырт қарамай Шалқарға келіп, қасына қайнымды ертіп, аудандық партия комитетіндегі, прокуратурадағы шенді азаматтарға жолығыпты. Өзінің сабырлы мінезімен, өмірлік бай тәжірибесімен, терең ойымен, сөзінің түсіндіру қабілетімен болған жағдайды дұрыс түсіндірген. Беделінің мықтылығы емес пе, істі болғалы тұрған жерінен күйеуім ақталып шығады. Мұндай қызмет санадан кетер ме?!

Кейін қайынсіңлім Алтынгүл апа-жездеміздің үйіне жатып, Ақтөбе медицина институтына оқуға түсуге құжаттарын тапсырды. Мектепті таяуда ғана бітірген қыз ауылға келгенінде қожайындардың өзара сыйластығын аңызға бергісіз қып айтып жүрді. Өзі әуелден сұлу апамыз талғаммен

киінетін. Қыста қаракөл жағалы пальто, соған түстес бас киім, ақ байпақ киіп шыққанында көшедегі адамдар сүйсіне қараушы еді. Әйелдің мұндай падишалығы әрине, жездеміздің арқасында екені сөзсіз.


Каталог: wp-content -> uploads -> 2013
2013 -> Ф 7 –007-02 Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
2013 -> Мазмұны Кіріспе–––––––––––––––––––––––– 3-9
2013 -> Мазмұны Кіріспе Тарау -I. Кеңестік шығармашылық интеллигенциясы калыптасуының бастапқы кезеңІ
2013 -> Әл Фараби дүние жүзілік мәдениет пен білімнің Аристотельден кейінгі екінші ұстазы атанған. Ол данышпан философ, энциклопедист ғалым, әдебиетші ақын, математик. Әл Фараби 870 ж
2013 -> Өмірбаяны ІІ негізгі бөлім
2013 -> Ф 15-07 Қазақстан Республикасының білім ЖӘне ғылым министрлігі
2013 -> Кіріспе. Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Дипломдық жұмысының өзектілігі
2013 -> 1. 2 "Айқап" журналы және "Қазақстан


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет