Жанрлар теориясы бізге қандай да бір көркем туындаға «әңгіме» деген жапсырма беру үшін қажет емес



Дата01.12.2016
өлшемі106,94 Kb.
#2965
Жанрлар теориясы бізге қандай да бір көркем туындаға «әңгіме» деген жапсырма беру үшін қажет емес. Міндет – шығарманы талдап тану барысында жазушының қалыптасқан жанрлық көркемдік сипаттарды қалай қолдана білгендігі мен суреткердің жаңадан не қосқанын танып-білу үшін керек.Прозаның шағын жанрын дамыту кезіндегі жазушылардың шығармашылық лабораториясының тақырыптары көбінесе қоғам айнасы бола білді. Өйткені, жазушының шығармашылығы өмір сүрген ортамен байланысты жоққа шығармайды. Бұған қоса, жазушыны қызықтыратын құндылық та ескеріледі. Жазушы сол байқаған нәрсесіне «жан» береді, қайтадан бейнелеу арқылы екінші өмір сыйлайды. Сан қилы тағдыр болатыны сияқты тақырып та сансыз. Сөз өнерін бағалай алатын жазушы, тақырып көздегенде айтылар көркем ой мен көркем суретті арнайылап таңдайды. Себебі, адам өмірінің түпсіз сыры өзіне беймәлім болғанымен, бақылаушы ретінде жазушы жүрегіне жақын келеді. Жазушы әңгімелерінің тақырыбы осылай шығармашылықпен ойлаудан туындайды.

Проза жанрының қалыптасуынан бастап әңгімелердің тақырыптарының ізімен қарастырсақ, шынайы өмір деңгейлес көріністі анықтай аламыз. Х. Н. Садықовтың пікірімен нақтылай түссек: «... шығарма тақырыбы – бұл, шартты түрде айтқанда, өмірдің өзі, шынайы әрекеті, жазушыны қоршаған әлем және оның шығармасының негізгі өмірлік діңгегі». Мәселен, қазақ әйелінің әлеуметтік жағдайы, теңсіздігі, қоғам арасындағы тартыс, отаршылдық, ағарту т.б. тақырыптары дер кезінде көтерілді. Мұнымен қатар адам жан-дүниесіне үңілген терең де мазмұнды психологиялық мәселелерді қамтитын тақырыптар кең құлаш жайды. «Қаралы сұлу», «Оқыған азамат», «Шолпанның күнәсі», «Қорғансыздың күні», «Кінәмшіл бойжеткен» классикалық шығармаларға айналды. Қазақ қоғамының ғасыр басында және одан кейінгі кешкен түрлі жағдайы мен оқиғалары «Бәти», «Елес», «Күлпаш», «Қара бақсы» әңгімелерінің тақырыптарына өзек болды. Мұнымен қоса «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» сатира бағытындағы сол заманғы қоғамды әшкерелейтін әңгімелер бір төбе. Зерттеушілер еңбектерінде бұл әңгімелер толық талданды.

М. Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесінде өмір шындығының контрасты күйінде Ғазиза трагедиясы мен Ақандардың «өмір сүру мақсаты» деңгейінде суреттелуі – әлеуметтік теңсіздікті аңғартқан. Аяусыздыққа қарсы ұмтылдыруы – ұлтты оятып «Оян, қазақ» деп ұрандаумен бірдей дәрежеде. Сондықтан, қазақ әңгімелерінің тақырыптары табиғаттың, кейіпкердің алай-түлей сан қырлы жан дүниесі арқылы өрнектелген. «Қорғансыздың күні»  Б. Майтановтың тұжырымдауынша қазақ әңгімесіндегі модернистік бағытты көрсетеді. Жақып қыстауын – мекеншағын (хронотоп) атай келе, М. Әуезов кейіпкеріне тығырықтан шығудың жолын іздетпейді, себебі таусылмас өмір қайшылығына қарсы тұрмай-ақ жеңімпаз еткен деп дәлелдейді.

Қазақ әңгімелеріндегі модернистік дәстүр О. Бөкей әңгімелеріндегі жатсыну, А. Алтайдың «Алтай новелласындағы» меңіреулік,  А. Кемелбаеваның «Қоңырқазындағы» Хорланның адамдардан безініп періштелікке ұмтылуы, Ә. Орынбаеваның «Қадишаның қара тасындағы» кейіпкердің өлімнен пана табуынан анықталды. Б. Майтановтың  М. Әуезовтің «Қорғансыздың күнінен» пайымдаған тосын, тың дүниетаным мен көркемдік арна модернизм – қазіргі қазақ әңгімелерінде түрліше, бірінде барынша ашық, бірінде білінбей (мекеншақтық белгіге жинақталып) өз сүрлеуіне түскен. Ғазиза қорғаған ар-намыс мәселесі, трагедиялық жағдайы – ұлт рухын паш етсе, аталған жазушылардың кейіпкерлері де тұрмыстың күйбеңінен бөлек оқшау тіршілік етеді.

«Қорғансыздың күніндей» ғасырдың ұлы оқиғалары қаншама болса, әңгіме жанрының тақырыптары да соншама дейтіндей.Ғ. Мүсіреповтің әңгімелері «Ер ана», «Ақлима», «Ашынған ана», «Адамның анасы», «Өлімді жеңген ана» ел басына ауыр күн түскен жылдардағы ана қаһармандығы десек, «Айгүл қойшының бір күні», «Автобиографиялық әңгіме» әңгімелері жаңа заман келбетінен хабар береді. Ал, жазушының талдау нысанамыздағы 1960 жылдан кейінжазылған «Өмір жорығы», «Қыран жыры» әңгімелері көтерген тақырыптар адам бойындағы жамандықтан арылып, жақсылыққа ұмтылдыратын, сан сауалға жауап іздегенімен құнды. Бұл әңгімелерде халық мүддесі, қиянат пен парықсыздыққа қарсылық және әділет жолында күресуші қаһармандары, күрес жолындағы адамдық пен арамдық, жақсылық пен жамандық т.б. баяндалады. Жазушы Ғ. Мүсіреповтің әңгімелерінде дені түгелдей заман ағымы қамтылды. Жоғарыда айтылған тақырыптарға енген тың жаңа өзгерістер – қазақ қоғамының тіршілік-тынысын, болашақты болжай білуін байқатады.

«Өмір жорығы» әңгімесі Ғ. Мүсіреповтің адамтану мен тағдыр құпиясын білмекке ұмтылдыратын көркем ойы. Таланты ерекше суреткерлердің кейіпкерлері аң ба, балық па, қыран ба, тағы басқа болсын адам бейнесін келістіре көркем суреттеу шеберлігі шыңдалмаса, төмендемеген. Қазақ жаны ертегіге сусындап өскен және бәрінің де киесі бар деп ұққан тәлім орны өзінше бөлек. Ендеше, қазақ жазушысының Көкқасқа балығы сөйлеуден бұрын ойлай алатынына, ойлаудан туған ақылды іс-әрекетіне таң қалмайсыз. Таң қалатын жайыңыз – тіршілік жағынан келгенде өмір сүру арпалысы адам деп те, құс деп те, балық деп те бөлінбейтіні. Осылай әр туындыдан жазушы еңбегінің нәтижесінде көз жеткізгенде ғана дана қазақтың кие деген ұғымы шын мәнінде қабылданады.

Әңгіме барды базарлай алмайтын ұрпаққа, әсіресе кеңес заманында дүбәра күйде жалтақтап өскен қазіргі кейбір үлкендерімізге (немересіне бесік жырын айта алмайтын әжеге, ертегі түгіл ақылы өзіне жетпей жататын тоқығаны аз аталарды ескердік) арнап жазылғандай. Ұрпақ тәрбиесі, ұлт келешегі қандай болу керек десең – «Өмір жорығы» шамшырағың болмақ. Қараңыз: «...Күн көрістің бақай қимыл, баяу қозғалыстарын, қапы қалтарысын аңдитын дағдылы бой тасаларын біржола ұмытқандай, оқшау орғып әдейі көзге түседі»,–  деген бейнелілік қашан да болсын заман күн тәртібінен түскен емес. Тағы назар салыңыз: «...Теңіз қарнын семсердей тілгілеп жүрген жалғыз өзі ғана емес екенін Көкқасқа енді абайлады. Өзімен ата-тегі бір Азат-мая нәсілінің естияр еркектері түгел түгел құтырынып, теңіз астын олар да дүрліктіріп жүр екен... Үлкен жорыққа жолдан қосыла кетпек болып, жол тосып жүрген жалқау-жампоз қырт еркектер де бар екен ...Ойлағандары өз қамы, өз құлқыны. ...Ата-тегі басқа, аран ауыз – кер азулар да көш-қон қарбаласын аңдып, жем іздеп, жол тосып жүр. Бұл олардың қашанғы әдеттері, өңкей кер азу жем басарлар осындай қарбалас кезінде қарындарын оңай толтырып, қабырғаларын жауып қалады. Ең қатерлі жаулар да осылар. Аузына іліксең, тірідей қылғып жібереді, қабағын да шытпайды. Көкқасқа бұлардан ығысқан жоқ. Қанды ауыздар тобын қақ ортасынан найзағайдай жарып өтті. Құлқын тырбаңмен жүргендер найзағайды қалай ұстап алсын, ауыздарын ашқан бойы қала берді. Аты балық атанғанымен сүліктей жіңішке, қылыштай ұзын Миного дейтін залымдар да тосқауылда жүр екен»,– деуі қазақ халқының шиырлы тағдырын, тосқауылдарын, жеңістерін, жеңілістерін паш етеді.

Дәлелдейік, Сәбит Мұқановқа жазған хатында Ғ. Мүсірепов: «... ұнатпайтыным: алған теманың өзінен басқа, ешқайда бұрылмайтын әдет»,– деп ағынан жарыла отырып айтқан дәлелді түйіні әдебиеттегі ұстаздығына еріксіз назар аудартады. Әңгіме жанрының қыр-сырын кеңінен зерттеп жүрген С. Шарабасов мұны былай бағалайды: «... Сырты қарапайым көрінгенімен Ғ. Мүсірепов – ішті, көп қырлы, жұмбақ қаламгер. ...Әдебиетке ғашық, саясатқа сақ. Әр сөзін жүз толғанып, мың ойланып, айтқанынан айтпағанын көп, сөйлегенінен мегзегені мен астары мол ой-толғаныстар болып шығады». Сол сияқты: «...Алған тақырыбыңды, оқиғаңды неден бастау, қалай жаю, қалай қиыстыру, қалай түюдің жолдары бар. Құр құрастыра берген, үйлестіре берген сөз өлең де болмайды, әңгіме де болмайды. Бальзак, Толстой, Горькийлер суретшілігінің үстіне үлкен шебер: әңгімені тоқсан құбылтып, өзгертіп, жайып, араластырып, аяғында бар мәселені ұсақ бөлшектеріне дейін бір жерге әкеліп түйіп тастағанда барлық оқиға-кесек болып шыға келеді... Үйренетін нәрселеріңіздің ұшы-қиыры жоқ»,– деп өз пікірін ұсынады. Қараңыз: «...Кірпияз Жапония, алыс Африкадағы Алжир, Гвинея, Сенегал, Нигерия, ұлы паң Рим, көптілді Дели, жұмбақ Индонезия сияқты тағы көп шет елдерде Ғабит Мүсіреповтің «Ана» циклі, «Жапон балладасы» триптихі, «Қазақ қалпында» психологиялық ұштағаны, «Сөз жоқ, соның іздері» саяси әңгімесі, «Этнографиялық», «Автобиографиялық» диалогия әңгімелері, «Өмір жорығы», «Қыран жыры» анималистік хикаялары, «Жеңілген Есрафил», «Ер Қаптағай», «Ана жыры» мифологиялық үштік әңгімелері әлі ықыласпен оқылуда»,– деген   С. Шарабасовтыңтұжырымды ойы әлемдік көркем әңгімелердің қатарын толықтыратын межені, әрі қазақ жазушысын биіктетуден қазақ әңгімелерінің мәртебесін және сол арқылы қазақ әдебиетінің жетістігін белгілетеді.

Қазақтық болмыс айтылған уақытта мінез, ұстаным назарда болуы тиіс. Әсіресе, қазақ халқының әділдігі көрінетін тұс – өткір әжуаны тәрбиелі бағытта қабылдауы, орындауы. Бұл қағида біздің әдебиетімізде қалыптасқан. Ғ. Мүсіреповтің әңгімелерінің әдеби тәсілінде әжуалау шығарма мұратын әдемі өрнектеуге жетелейді. Сондықтан суреткердің «Жапон балладасы» циклындағы әңгімелерінің соғыс тақырыбы «күлдіре отырып» жылатады. «Арқаның әңгімесі» шындықты батыра отырып, келекелеу арқылы бос мақтан, өзгеден өзін артық санауды аямай түйреп өткен, «халық құдайдың екінші аты» қағидасын үйреткен тәлімді шығармасы. Қараңыз: «...Мен өзімше, бір-екі күн ессіз болған сияқтанамын. Бірақ, Америка институтының адамдары, әсіресе бір соғыс докторы маған екі ай бойы ұрысып жүріпті.

– Не деген қырсық адам, арқасының қалай күйгенін, бомба жарылған эпицентрден қанша жерде күйгенін неге тезірек айтпайды?! Соғыс ғылымы үшін оның қандай маңызы барлығын түсінбей ме екен! Жоқ, ол жақсы түсінеді. Қасақана айтпайды. Намыстанған болады, қорланған болады!.. Елің жеңіліп, тізе бүгіп, бас иген шақта мұныкі қай қорлану екен? Елің бас иді, ақымақ жапон, императорың бас иді, күнің бас иді!..». Мұндай бейнелеу құралдарында психологиялық жағдай, дауыс ырғағы, ой мен сезім молынан кездеседі: «Қазақ прозашылары да бірінші жақтан әңгімелеудің бүкіл стильдік ерекшеліктерін егжей-тегжейлі танып дамытумен бірге оның түрлі әдеби тәсілдерін де өздерінің табиғи таланттарының рухымен, шеберлік даралықтарымен, шығармашылық ізденулерімен жетілдіре түсті. Бірінші жақтан әңгімелеудің жаңаша тәсілдері, дәлірегі, жаңаша белесі қазақ прозасы үшін тың құбылыс болғандықтан сол кездері әдеби өмірде, жазушылар мен сыншылар арасында айырықша қозғалыс, ірі пікір талас тудырғаны да белгілі»,– деген болатын Г. Пірәлиева. Соғыс осындай санасыздардың «ойынынан басталатынын» ескерткен: «...Біздің екі қалаға американецтар атом бомбасын тастаған,– деп бір тоқтады. – Неге? – Шыдаммен тыңдаңыз демедім бе? Тәжірибе жасаған көрінеді. Алғашқысы тәжірибе, екіншісі  тәжірибенің дұрыс екендігін біржола анықтау ...Ә? Ол туралы екі жорамал бар. Жапония жеңіліп тізе бүксе де оның аржағында біржола бұқтырып тастау болса керек ...Одан соң, одақтастарының өзін де ықтырып алу... Соғыс арты қашан да бірдемені бөлісу, соғыс атын әрірек апарып арқандаумен аяқталатын әдеті бар емес пе... Жұрт аузындағы жорамалдар осы».

Суреткер жазушы кейіпкеріне өмірдің жақсы-жаманын «арқалату» мақсатында емес, кейіпкердің жан-дүниесіндегі сапырылыспен қараған. Әңгіменің мәні – әрбір адам қиындықпен кездескенде жеңіп шығуды, құндылықтың сырын түсініп қана қоймай, сол үшін күресе білу насихаты. Кейіпкерінің ауыр жағдайын суреттеген юморлық тәсілін байқаңыз: «... Есім кіргеннен кейін ақ халат киген доктордан неге жатқанымды сұрадым.

– Арқаң Жапонияның географиялық картасындай,– деді ол. – Оң жақ жауырыныңа Хоккайдо аралын салыпты... Ұлы Хонсю түгелімен оң жақ жоныңда... Мықыныңда Симоносеки қылтасы... Саныңда Кюсю... құдайға шүкіршілік ет. Осының бәрі сол жағыңда болса, оянуың қиын болатын еді.

Мен мұны неше айдан кейін сұрадым, оны да білмеймін. Талай күндер әлденені сұрағым келіп, сұрауға тілім келмей жатқаны есімде.Келер жолы доктор менің арқамды мақтаңқырай суреттеді: – Арқаң енді айта қалғандай!.. Бедерлі де бұдырлы... Фудзиама тауы да, Асахи тауы да бар. Тюгоку, Кюсю жоталары да бар. Хиросима, Нагасаки қалалары да өз орындарында... Соғыс уақытында шыққан бедерлі карталардың ішінде бұдан әдемісі аз болар...». Әсіресе: «...Арқамды он алты рет жаматтым. Бір елдің бедерлі географиясын арқалап жүре беру ауыр болды. ... тілдіріп алам да жаматам, тілдіріп алам да жаматам... терісін тіліп алған жерлерде жаңа жаралар пайда болады...». Мүсіреповтің жаны да, тәні де жаралы кейіпкерінің шыдамы беріктігін бағалай бастайсыз: «Қазір мен ақ қанды адаммын. Қызыл қан азая-азая сарқылып келеді. Жиырма жыл жасау үшін де аз арпалысқаным жоқ. Әлі де алысып көремін .

Жасым әлі қырыққа жеткен жоқ. Кейде үйленгім келеді. Қиқы-шойқы, шалажансар бір мүгедік туып жүрсе қайтерміз?Тегінде, доктор дұрыс айтқан болар. Еркекше шыдау керек болатын шығар...». Суреткердің таланты қарапайым баяндаудың қалтарысына азаматтық ойды өрнектей алған шеберлігінен шыққан. Шағын әңгіме эпикалық кеңдікті қамти алған. Кейіпкердің баяндаулары сезімнің сырлы сөйлесулері сипатында көркемделген. Г. Пірәлиева пікірімен бекіте түссек: «...алпысыншы жылдары бүкіл ұлттық әдебиеттерде бой көрсеткен бұл сапалық өзгеріс әсіресе характердің еркін өсу мәселесін кеңінен өрістетуімен қатар бірінші жақтан әңгімелеудің субъективті тәсілдерін жетілдіруді іздестіре бастады. Оларды әсіресе Батыста көп тараған тәсіл – ішкі монолог пен «сана ағымы» техникалары қатты қызықтырды».

Жеке адам тағдыры арқылы, жеке адамның жүрек жарасы арқылы бүкіл жапон халқының, қала берді бейбітшілікті қалайтын барлық ұлттардың соғысқа қарсылық үні мен жиренішін бағамдаймыз. Жапон халқының өмірінен толғаған әңгімесі қазақ әдебиетінің ұлттық кескінінде көркемделіп, сонымен қатар әлем әдебиетінің азаматтық тақырыбына нәр берді. Бастан-аяқ ирониялық стильмен бейнелей отырып жаралы кейіпкердің портретінен елдік пен ездікті ашады. Даңғойлықтың, әсіресе ел басқарушының кішкентай қателігінің өзі халық үшін қымбатқа түсетінін қатты айыптаған.   Ғ. Мүсірепов келемежделетін өмір құбылыстарын дәл тауып жаза білген.



«Жапон балладасының» құрылымдық ұйымдастырылуы астарлы ойға сүйеніп, әңгіменің мұраттық мазмұнын тереңдете түскен, кіші прозаның жанрлық кеңдігін сапалы жаңартқан. Әрбір цикл сөйлетулері, сұмдық қатігез трагедияның түрлі шегін жалаңаштағанымен, бірін-бірі толықтырып, біртұтас суретке құралады, яғни біріге түскен. Адам басына тілемейтін азап, шектен тыс қайғы, өмір апаты – адамның қарсылықты әрекетін жинақтайды. Және оның жолына адамның қолымен жасалған қорғаныш керек»,– деген  Б. Жетпісбаева пікірі талдауды бекіте түседі және де «Көпқырлылық, мазмұндылық – жылжымалы қасиет, символ-әңгіме жанрының тініне тән, басқа икемді әдебиет пішіндерінен осындай айырмашылығы бар»,– деген пікіріне де толық қосыламыз. Трагедияның өзін «күлдіре отырып кінәлау» тәсілімен бейнелеу кейінгі жазушыларға тиісті ықпалын бере алған. Мысалы,  Ж. Молдағалиевте өмірдің кейбір сорақылығын, тіпті трагедиялық жағдаяттарға жеткен мәселелерді Мүсіреповтік «комизм» тәсілінің көмегімен тапқырлық таныта бейнелей алған әңгімелері бар. Күле білу шеберлігі қазақтың қанында бар болғандықтан қазақ жазушыларына жұғыстылығы таң қалдырмайды.

Ұлттық сипат десек, оған алдымен ұлттық мінез, ұлттық психология, ұлттық дәстүр, ұлт тілі құрамдас болып жинақталатынын ғылымда дәлелденгені жазушылардың бейнелеу құралдарындағы суреттілік стилін тану жұмысымызда көмегін тигізді. Қазақ әдебиетіне тән ерекшелік жазушылар шеберлігінен құралған. Жалпы халықтарды біріктіретін психология бар да, сол сияқты оларды бір-бірінен ажырататын ұлттық мінез бен ұлттық дәстүр бар. Ғалым-суреткер М. О. Әуезов «Манас жырының» поэтика-сөздік амалдары» зерттеуінде мұны былай түсіндіреді: «... Күлкілі ету, нақтылы тақырыпты жан-жақты ашу, жарықтандыру амалы, дінге қатысты бірнеше сәтте көрсетілгені кездеседі... комизмді мұсылмандар жылдам сезеді ...». Басқа әдебиеттен айырмашылық, тіпті шеберлік мектебі «майдан тартқан қылдай» жүйеленуі керек. Әлем әдебиетіндегі трагокомедия жанрының қалыптасуына осындай ұшқын әсері және әр ел әдебиетінің ұлттық болмысы толықтыра дамыта бастаған.
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет