Жауапты редакторы профессор Әбілаков Ә. Ә


§ 27. ДИАЛЕКТ ЖӘНЕ КӘСІБИ (ПРОФЕССИОНАЛДЫҚ) СӨЗДЕР



бет5/16
Дата22.03.2017
өлшемі5,44 Mb.
#12079
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16
§ 27. ДИАЛЕКТ ЖӘНЕ КӘСІБИ (ПРОФЕССИОНАЛДЫҚ) СӨЗДЕР.
Жалпы халықтық тілде қолданылып, сөздік құрамға енетін сөздер сол тілде сөйлейтін адамдардың бәріне түсінікті болып келеді. Сондай-ақ жалпылама қолданыла бермейтін, тек белгілі бір аймақ шеңберінде ғана жұмсалатын сөздер бар. Мысалы: Шымкент, Арыс манында шайнекті — чәугім, жұмыртқаны — тұқым дейді, Орал өңірінде таразыны — шеккі, бәкіні — шаппа, кауғаны — бөрлек десе, Гурьев, Маңғыстауда: көрт, кердері, жанпоз, жарбай сияқты түйе атауының неше түрі бар. Осындай жергілікті халық тілінде ғана колданылатын, белгілі аймақ көлсмінде ғана айтылатын сөздерді диалектизмдер дейді.

Әр түрлі шаруашылыкқа, кәсіпке байланысты сөздер болады. Мысалы: балық аулау кәсібінс байланысты: таутан, асман, қызылқанат, табан, бекіре, шортан (балық атаулары), аламан, тоспай, итерқұл, морда (ау, түрі) т. б.; егін бау-бакша шаруашылығына байланысты; әнер, атыз, жан арық, қол арық, оман арық, ата жап, жер суы, желке суы, орақ суы, құлақ суы (арық түрлері), кешір, пісте, шекілдеуік, бәдірен, қауыншек, әнгелек, күнбағыс т. б. сөздер бар. Мұндай белгілі бір мамандық пен кәсіп түріне байланысты ғана қолданылатын сөздерді кәсіби (профессионалдық) сөздер деп атайды.


§ 28. КӨНЕРГЕН СӨЗДЕР МЕН НЕОЛОГИЗМДЕР.
Ғылымдағы жэне техникадағы, өнер мен мәдениет, қоғамдық-әлеуметтік өмір мен әдебиет саласындағы жаналықтар лексикаға да үнемі ыкпалын тигізіп отырады. Өткен дәуірлерде болған кейбір наным-сенімдер, әдет-ғұрыптар, ескі ұғымдар, үй мүлкі, шаруашылық бұйымдары халық тұрмысының дамуына байланысты азайып, қолданудан шығып қалады. Соларға қатысты сөздер мен атаулар да ескіреді, яғни қолданудан шыға бастайды. Мысалы: шоқпар, соқа, сойыл, найза, айбалта, күрзі, қорамса, кіреуке, малта, ояз, зындан, күң, кұл, әмеңгер, болыс, жүзбасы, сарбаз, дуан, пері, періште, ысқат, азан, барымта, дабыл тәрізді сөздер бүгінгі өмірде

28
көп қолданыла бермейді. Бұлар белгілі бір дәуірдің, тарихи кезеңнің тілдік көрсеткіші ретінде жұмсалуы мүмкін. Олар көнерген сөздер деп аталады. Және олардың кейбірі жана ұғымдардың келуімен байланысты жаңарып қолданылуы да мүмкін.

Тіл — тілде көнерген сөздердің историзмдер және архаизмдер деп аталатын екі түрі бар. Кейбір заттар мен құбылыстар күнделікті өмірден шығып қалып, сол ұғымдарды білдіретін олардың атаулары — сөздер де көнеріп, тілде қолданбайды. Мысалы: сұлтан, атшабар, ояз, барымта, дуан басы, дүре, малай, күң, құл, бай, болыс т. б. Мұндай сөздерді историзмдер дейді. Бұрынғы атаулары ескіріп, кейін басқа атаулармен беріліп жүрген заттар мен құбылыстар бар. Мысалы: жасак, немесе қол — әскер, қол басы — әскер басы, почтабай — хат тасушы, жатак, — отырықшы, серіктік — бірлесу, қосын — ұйым, желек — орамал т. б. Қазірде осындай басқа атаулармен беріліп жүрген заттар мен құбылыстардың бұрынғы атаулары архаизмдер деп аталады.

Қоғамның дамуына сай тіліміз де дамып, жетіліп отырады. Әр қоғамда халықтың санасына, түрліше жағдайына, рухани есуіне, экономика мен техниканың дамуына байланысты жаңа сөздер пайда болады. Мұндай жаңа сөздерді неологизм деп атайды.

Бұрынгы Советтік дәуірде тілімізге көптеген жаңа сөздер енді. Мысалы: революция, коммунист, комсомол, пионер, колхоз, совхоз, тәлімгер т. б. Қазақ тіліндегі неологизмдер бес түрлі тәсілмен жасалады.

1. Сөздердің мағыналарының жаңаруы арқылы: мұра, әлем, талқылау.

2. Қосымша жалғану арқылы: мұздат-қыш, құра-м, наград-тау, оқу-лық.

3. Сөздердің бірігуі арқылы: өнеркәсіп, бесжылдық, қолөнер.

4. Басқа тілдерден ауысу, ену арқылы: самолет, парашют, химия, телефон.

5. Басқа тілден сөзбе-сөз аудару арқылы: үшбұрыш, жазушы.
§ 29. ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР.
Тіл арқылы қатынас жасағанда, сөздер дара күйінде емес, бір-бірімен тіркесіп қолданылады. Тіркес екі түрлі болады. 1. Құрамындағы сөздердің орнын өзгертуге немесе басқа сөздермен алмастыруға бола беретін еркін тіркес. Мысалы: үлгілі бала дегеннің орнына үлгілі қыз деуге болады, диктант жазу дегеннің орнына шығарма жазу, хат жазу, мазмұндама жазу десе де болады. Мұндай еркін тіркестер сөз тіркесі деп аталады. Еркін сөз тіркесінің беретін мағынасы сол тіркесті құрайтын сөздердің мағыналарымен байланысты болады.

2. Мағынасы бір тұтас, құрамын өзгертуге, басқа сөзбен алмастыруға болмайтын, бір сөздің орнына ғана жұмсалатын да тіркестер бар. Мысалы: қой аузынан шөп алмас, ит жанды, таяқ тастам жер, мұзға отырғызып кету, жұмған аузын ашпау, көзді ашып жұмганша т. б. Қой аузынан шөп алмас дегеннің орнына- түйе аузынан шөп алмас, ит жанды дегеннің



29
орнына мысық жанды деп өзгертіп айтуға көнбейді.

Сондай-ақ мұндай тіркес көркем, бейнелі бір ұғымды білдіреді: қой аузынан шөп алмас — жуас, ит жанды — көнбіс, таяқ тастам — жақын, мұзға отырғызып кету — алдау, жұмған аузын ашпау — үндемеу, көзді ашып-жұмғанша — лезде деген мағыналарды білдіріп, бір сөздің орнына қолданылады. Сондықтан мұндай тіркестерді тұрақты тіркестер дейді. Тұрақты тіркестің мағынасы оның құрамындағы сөздердің мағыналарынан тумайды, басқа бір мағынаны білдіреді. Мысалы: қабыргаңмен кеңес — ойлан, бесіктен белі шықпай — ерте, қас пен көздің арасында — шапшаң мағыналарын білдіреді.

Еркін сөз тіркесі мен тұрақты тіркесті салыстырып көрейік.


Сөз тіркесі

тұрақты тіркес




/. Таза дәптер, таза киім, әдемі дәптер, әдемі киім,
2. Әдепті оқушы, әдепті кісі, баланың ісі, улкеннің ісі.

тайга таңба басқандай (анық),

біреудің ала жібін аттамау (ұрламау),

жүрек жұтқан (батыр), қоян жүрек (қорқак,), таяқ тастам (жақын), тіс жармау (ундемеу).

Неше сөзден құралса да, тұрақты тіркес бір ғана ұғымды білдіреді. Сөйлем ішінде бір ғана мүшенің қызметін атқарады. Мысалы: Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар елге қызмет етеді. Осы сөйлемдегі көзі ашық, көкірегі ояу тұрақты тіркестің сұрағы қандай? Саналы деген бір мағынаны білдіреді, анықтауыштық қызмет атқарады.

Орын жағынан әбден қалыптаскан, құрамы өзгертуге келмейтін, бәрі тұтасып бір мағынаны білдіретін, бір ғана сөйлем мүшесі ретінде қолданы-латын тіркесті тұрақты тіркес дейміз. Тұрақты тіркестер ғылым тілінде фразеология, фразеологизм деп те аталады.
§ 30. МАҚАЛ МЕН МӘТЕЛДЕР.
Мақал-мәтелдер — халық даналығының, көрегендігінің айнасы, тіл байлығының алтын қазынасы. Олардың көбі өмір шындығының қорытындысы.

Халықтың кейінгі ұрпаққа қалдырған өсиеті, өмір сүру әрекетінің ережесі секілді қымбат мұра.

"Сөздің көркі — мақал" деп тегін айтылмаған. Мақал-мәтелді айтылатын оймен орайластырып, орынды колдансақ, сөзіміз мірдің оғындай өткір, көңілге қонымды көркем әрі бейнелі болады. Мақал-мәтелдер аз сөзбен терең мағынаны беретіндіктен, өте ұтымды болады, сөйлеген адамнын шешендігін, ой ұшқырлығын, тапқырлығын байқатады. Мақал мен мәтелдер халық санасында талай жылдар мен ғасырлар бойында қалыптасып, тұракталып қалған да, сөйлегенде дайын тілдік құбылыс ретінде қолданылады.

30
Бұл жағынан келгенде, яғни құрамындағы сөздердің тұрақты болуы, дайын тілдік құбылыс ретінде қолданылуы және ойға әсерлі де әсем, көрікті де көркем мән үстеуі жағынан, макал-мәтелдер тұрақты тіркестерге жақын болып келеді.

Сөйлем құрылысы, ішкі мазмұны жағынан мақал мен мәтелдердің өз ішінде ерекшелігі байқалып тұрады.

Мақалдарда ой түйінді пікір, өсиет, ереже тәрізді көбіне ауыс, астарлы мәнде тұжырымдалып айтылады.

Мысалы: Ер жігіттің екі сөйлегені — өлгені.

Еменнің иілгені — сынғаны.

Жақсыдан шарапат, жаманннан кесапат.

Өз басыңды дауға берсең де, жолдасыңды жауға берме.

Мәтелдерде негізгі айтылатын ой-пікір жанамалап, сілтеме — ишара түрінде беріледі.

Мысалы: Күш атасын танымас.

Айласыз батыр алдырар.

Нар тәуекел — ер ісі.

Ер есімі — ел есінде.

Мақал-мәтелдердің көпшілігі ауыспалы, келтірінді мағынамен беріледі.

Мысалы: Әркімнің өзі шығар биігі бар.

Кісінің шырайына қарама, райына қара.

Оқ жетпес жерге қылышыңды суырма.


Пысықтау үшін сұрақтар.
1. Лексика дегеннің мәнін қалай түсінесің және ол кандай салалардан тұрады? 2. Сөздік қор мен сөздің құрам деген не және олардың байланысы қандай? 3. Сөз дегенді қалай түсінесің? 4. Лексикалық мағына деген не? 5. Лексикалық мағынасы жағынан сөздердің негізгі сөздер және көмекші сөздер болып бөлінуінің мәнін түсіндір. 6. Грамматикалық мағына дегеннің мәнін мысалдармен түсіндір. 7. Сөздердің тура және ауыспалы мағыналары дегенді қалай түсінесің? 8. Сөздің көп мағыналылығы деген не? 9. Омоним, синоним, антоним дегендердің мәнін мысалдармен түсіндір. 10. Жалпылама колданылатын сөздер мен терминдер деген не және олардың ара қатынасы қандай? 11. Қазақ тілінде қандай тілдерден енген сөздер бар? 12. Диалект және кәсіби сөздер деген не? 13. Көнерген сөздер деген не және кандай түрлері бар? 14. Неологизм деген не? 15. Тұрақты тіркес деген не және еркін сөз тіркесінен айырмашылығы неде? 16. Мақал-мәтелдердің мәні неде? Өздерің білетін мақал-мәтелдерді келтіріп, ерекшелігін көрсетіңдер.
СӨЗДЕРДІҢ ЖАСАЛУЫ.
§ 31. СӨЗЖАСАМ ТУРАЛЫ ТҮСІНІК.

Қоғамдық өмірдің дамуымен байланысты жаңа ұғымдарды білдіретін жаңа сөздер пайда болады. Сөздердің пайда болуы мен



31
жасалуының белгілі заңдылықтары бар. Мысалы: оқушы, оқулық, аялдама, тоқсан, жеті, өнеркәсіп, бүгін, аяқ-табақ т. б. сөздер әр түрлі тәсілдермен жасалған: оку-шы, оқу-лық, аялда-ма дегендер сөзге (түбірге) -шы, -лық, -ма қосымшалары жалғану арқылы, тоқсан, жеті дегендердің мағынасы өзгеру арқылы, яғни тоқсан саны үш айлық мерзім (квартал), жеті — жеті күн яғни апта деген мәндерде, өнеркәсіп — өнер+кәсіп, бугін — бұл+күн деген сөздердің бірігуі арқыльі, аяқ-табақ екі сөздің қосарлануы арқылы жасалған. Тілдің сөздік құрамының дамып, осылай жаңа сөздердің пайда болуын ғылым тілінде сөзжасам деп атайды.
§ 32. СӨЗДЕРДІҢ ЖАСАЛУ ЖОЛДАРЫ.
Сөздердің жасалуының бірнеше жолы болады. Олар: 1) түбірге қосымша (сөз тудырушы жұрнақ) жалғану арқылы, мысалы: ба-ла-лық, кітап-ша, ақыл-шы, айт-ыс, жас-ар т. б. 2) сөздердің бірігуі арқылы; мысалы: турегелді (тұра-келді), ашудас (ашу-тас), белбеу (бел-бау), сексен (сегіз-он) т. б. 3) сөздердің қосарлануы арқылы; мысалы: жақсы-жаман, куні-туні, жата-жастана, құрт-қумырсқа, дос-жаран т. б.

Түбірге қосымша жалғану арқылы жасалған сөздер туынды түбір деп аталады. Сөздердің бірігуі арқылы жасалған сөздер біріккен сөздер деп аталады. Сөздердің қосарлануы арқылы жасалған сөздер қос сөздер деп аталады.

Қазақ тілінің сөздік құрамы қысқарған сөздер арқылы да, сөздердіқ мағына өзгерісі арқылы да, бөтен тілден енген сөздер арқылы да толығып, байып отырады.
§ 33. СӨЗДІҢ ҚҰРАМЫ.

Сөз түрлі бөлшектерден тұрады. Сөз бөлшектерінің өзіне тән белгілі мағынасы және қызметі болады. Мысалы, жолдастыққа деген сөз мынадай төрт бөлшектен тұрады: жол-дас-тық-қа. Бірінші жол бөлшегі салған із немесе сапар мағынасын білдірсе, оған -дас қосымшасы қосылып, жолдас сөзі серік мағынасын беріп тұр. Бұл сөзге -тық қосымшасы жалғанып, адамдар арасындағы қатынас мағынасын білдіретін сөз жасалған. Соңғы -қа бөлшегі бұл сөзге жаңа мағына үстеп тұрған жоқ.

Сөйтіп, сөздің құрамы деген ұғымға түбір және қосымша деп аталатын бөлшектер кіреді. Сөз жалғыз бір түбірден де (мысалы, үй, әке, бала т. б.), түбір мен қосымшадан да (мысалы, маңдай-ша, өнер-паз, біл-ім т. б.), түбір мен түбірден де (мысалы, не-кен-саяқ, жақсы-жаман, аққу, Марқакөл т. б.) құралады.
§ 34. ТҮБІР МЕН ҚОСЫМША.
Сөздің бастапқы мағыналы бөлшегін түбір дейді. Мысалы: жолдастық, сауыншылар, мектептердің, көрінген т. б. сөздердің

32
түбірлері — жол, сау, мектеп, көр. Себебі бұлар қосымшасыз тұрып та белгілі бір мағынаны білдіреді: жол — із немесе сапар, сау — сүт алу, мектеп — оқитын орын, көр — көзбен байқау.

Осы түбірлерге жалғанған -дас, -тық (жолдастық деген сөзде) -ын, -шы (сауыншы деген сөзде), -тер, -діқ (мектептердің деген сөзде) -ін, -ген (көрінген деген сөзде) бөлшектері қосымша деп аталады. Қосымша жеке тұрғанда ешбір мағына білдіре алмайды. Жоғарыдағы -дас, -тық, -ын т. б. дегендерде ешбір мән жоқ. Түбірге қосылғанда, оған бүтіндей жаңа мағына қосады, мысалы, жол — із я сапар болса, жолдас — жолға бірге шығатын адам я серік; не қосымша мән үстейді: мектеп — оқу оқитын орын болса, -тер деген қосымша сол мектептің біреу емес көп екенін ғана білдіреді. Сөйтіп, қосымша түбірсіз қолданылмайды және оның мәні тек түбір арқылы айқындалады.

Қосымша екі түрлі: жұрнақ және жалғау. Жұрнақ өзі жалғанған сөздің мағынасын езгертеді немесе жаңа мағына тудырады. Жалғау өзі жалғанған сөздің мағынасын өзгертпейді, ол сөзді басқа сөзбен байланыстырады. Жұрнақтын өзі екі түрге бөлінеді: сөз тудырушы жұрнақтар және сөз түрлендіруші жұрнақтар. Түбірдің негізгі мағынасын өзгертіп, жаңа мағына үстейтін жұрнақты сөз тудырушы жұрнақтар дейді. -ын және -шы жұрнақтары жаңа сөз тудырып тұр. Жол деген із немесе сапар мәнін беретін сөз болса, оған -дас қосылып, жолдас — серік мәніндегі адам, оған -тық қосылып, жолдастық — адамдар арасында болатын қарым-қатынас, сау деген сүт алу мәнін беретін, қимылды білдіретін сөз болса, оған -ын қосылып, саууға байланысты жаңа мағынадағы заттық ұғым, оған -шы қосылып саууды іске асыратын адам, сондай мамандықтың иесі сияқты жаңа мағыналарды беріп тұр. Осындай жұрнақтар арқылы жасалған сөздер туынды түбір немесе туынды сөз деп аталады. Сөйтіп, жол, сау деген сөздер — негізгі түбірлер де, жолдас, жолдастық, сауын, сауыншы деген сөздер — туынды түбірлер.

Бір сөзге бірнеше жұрнақ жалғана береді. Бір түбірден жасалған әр түрлі сөздер түбірлес сөздер деп аталады. Мысалы: өнім, өндіріс, өніс, өнгіш сияқты сөздердің негізгі түбірі — өн.


Пысықтау үшін сұрақтар.
1. Сөздердің жасалуы мен сөздік құрамынын арасында қандай байланыс бар? 2. Сөзжасам деген не? 3. Сөздердің жасалуының қандай жолдары бар? 4. Түбірге қосымша жалғану арқылы қаңдай сөздер жасалады? 5. Сөздердің бірігуі арқылы қандай сөздер жасалады? 6. Сөздердің қосарлануы арқылы қандай сөздер жасалады.

7. Жаңа сөздердің жасалуында қысқарған сөздердің орны қандай?

8. Сөздің құрамы неден тұрады? 9. Түбірдің негізгі белгісі қандай? 10. Түбір мен қосымшаның айырмашылықтары қандай? 11. Қосымшаның қандай түрлері бар? Олардың бір-бірінен айырмашылығы неде? 12. Туыңды түбір деген не? 13. Туынды түбір мен негізгі түбірдің айырмашылыгы қандай? 14. Түбірлес сөздер деген не?

33
§ 35. ДАРА СӨЗДЕР МЕН КҮРДЕЛІ СӨЗДЕР.
Сөздер құрамы жағынан дара және күрделі сөздер болып екіге бөлінеді. Бір ғана түбірден тұратын негізгі және туынды түбір сөзді дара сөз дейді. Мысалы: әке, жолдас, ауыл, аялдама сияқты сөздер дара сөз болып табылады. Себебі бұл сөздер жалаң бір ғана негізгі түбірден (әке, ауыл) немесе бір ғана туынды түбірден (жолдас, түбірі жол, -дас — жұрнақ, аялда-ма, түбірі — аялда, -ма — жұрнақ) тұрады.

Екі немесе одан да көп түбірден құралған сөзді күрделі сөз дейді. Мысалы: әке-шеше, ауыл-аймақ, ашудас, бесжылдық, боз торгай, қара торы, он уш сияқты сөздер күрделі сөздер болып табылады. Себебі бұлар кемінде екі түбірден құралған: әке-шеше (әке және шеше), ауыл-аймқ, (ауыл және аймақ), ашудас (ашу немесе ащы және тас), бесжылдық (бес және жылдық), боз торғай (боз және торғай), қара торы (қара және торы), он уш (он және үш).

Күрделі сөздер жасалу жолына қарай біріккен сөздер (бүгін, жаздыгүні, алғысөз), қос сөздер (үлкен-кіші, аяқ-табақ), қысқарған сөздер (АҚШ, БҰҰ, ҚазМУ), тіркесті сөздер (қара торғай, қара көк, жүз бес) болып бөлінеді.

Сөйтіп, күрделі сөздер, бір жағынан, сөз тудырудың (сөзжасамның) белгілі жолдары (біріктіру, қосарлау, тіркестіру) арқылы жасалған жаңа сөздер болса, екінші жағынан, күрделі түбір, сөйтіп, түбірдің бір түрі болып табылады.


§ 36. БІРІККЕН СӨЗДЕР.

Екі я одан да көп түбірден бірігіп, тұтас бір ұғымды білдіретін күрделі сөздер біріккен сөз деп аталады. Мысалы: алгысөз, белбеу, баспасөз, ашудас, өнеркәсіп, тоқсан екі сөзден құралып (алғы және сөз, бел және бау, яғни бау, баспа және сөз, ашу я ащы және тас, кейінгі ықпал заңы бойынша т дыбысы д-ға айналып, тас сөзі дас болған; өнер және кәсіп, тоғыз — тоқс және он — ан), бір ұғымның ғана атауы болып тұр.

Қазақ тілінде біріккен сөз екі түрлі болады. Бірі — құрамына енген түбірлердің тұлғалары сақталып отырады. Мысалы: туйекұс (түйе-құс), бұзаубас (бұзау-бас), қарақұрт (қара-құрт), басмақала (бас-мақала) т. б. Екіншісі құрамына енген түбірлердің тұлғалары сақталмай, кейбір дыбыстық өзгерістерге ұшырайды. Мысалы: биыл (бұл және жыл, бірінші сөздегі л дыбысы түсіп қалған, екінші сөздің басындағы ж дыбысы й-ға айналған), жаздыгуні (жаздың және күні, бірінші сөздегі соңғы ң дыбысы түсіп қалган, екінші сөздің басындағы к дыбысы ілгерінді ықпал заны бойынша г-ге айналған), түрегелді (тұра және келді, бірінші сөздегі дауысты

34
дыбыстар екінші сөздің әсерінен жіңішкеріп ұ-ү-ге, а-е-ге айналған, екінші сөздің басындағы к дыбысы г-ге айналған). Бұлар ғылым тілінде кіріккен сөздер деп аталады.

Біріккен сөздерге көбіне мынадай атаулар жатады. 1. Аң, құс, жәндік, өсімдік атаулары: қосаяқ, тасбақа, егеуқұйрық, жолбарыс, көкқұтан, текесақал, алабота, аққу, қарақұрт, итмұрын, саңырауқұлақ, бәйтерек, бәйшешек т. б.

2. Географиялық атаулар (жер, су, планета аттары); Жетіқарақшы, Темірқазық, Ақбозат, Көкбозат, Сарысу, Қызылорда, Әулиеата, Алакөл т. б.

3. Кісі аттары: Орынбасар, Сейілбек, Мұхамеджан, Қойбагар, Жаңбырбай, Есенәлі, Бейсенбай т. б.

4. Дене мүшелері, анатомиялық атаулар: асқазан, тоқішек, ұлтабар, мойыномыртқа, кәріжілік, сегізкөз, тазқарын т. б.

5. Ауру атаулары: алаөкпе, көкжөтел, қылтамақ, қарасан т. б.

6. Ойын атаулары: алтыбақан, ақсуйек, балтамтап, доптаяқ, орынсатпақ т. б.

7. Ән, күй, өлең аттары: Саржайлау, Сарыарқа, Қараторгай, Кісенашқан, Сегізаяқ т. б.

8. Қоғамдык өмірге, күнделікті тұрмысқа байланысты әр түрлі атаулар: баспасөз, қолбасшы, кәсіпорын, шекара, еңбеккүн, отағасы, ақсақал т. б.

9. Мезгілге байланысты атаулар: биыл, бүгін, қыстыгүні, жазғытұрым, күздігүні, әнеугүні т. б.

10. Белгісіздік, болымсыздық мәндегі атаулар: ешкім, ештеңе, қайсыбіреу, әлдекім, әрқайсысы, ешқашан, кейбір, әрбіреу, әлдеқашан т. б.
§ 37. БІРІККЕН СӨЗДЕРДІҢ ЕМЛЕСІ.
1. Біріккен сөздер әрқашан бірге жазылады. Мысалы: баспасөз, шекара, қарақұс, әлденеше, әркім, Ақтөбе, Талдықорган, бесжылдық.

2. Кіріккен сөздер түбір тұлғасының дыбыстық өзгерген түрінде жазылады. Мысалы: ашудас (ашутас емес, ащытас емес), ендігәрі (ендігіденәрі емес), сөйтіп (солайетіп емес), қонағасы (қонақасы емес), Өмірзақ (Өміріұзақ емес), Бегәлі (Бекәлі емес), бүгін (бұл күн емес) т. б.

3. Еш, бір, әр, кей, әлде деген сөздер есімдіктермен (мысалы, еш сөзі кім, бір, қандай, қайда, қашан, теңе сөздерімен, бір сөзі неше, талай, аз, ыңгай, келкі, жола, жолата, қыдыру сөздерімен, әр сөзі кім, қашан, қайсы, дайым, бір, қалай сөздерімен, кей сөзі бір, біреу сөзімен, әлде сөзі кім, қашан, қалай, қайда сөздерімен) бірігіп жазылады да, зат есімдердің анықтауышы ретінде жұмсалғанда, олардан бөлек жазылады. Мысалы: еш бала, еш жерде, бір мектепте, әр оқушы, кей адам т. б.

35
§ 38. ҚОС СӨЗДЕР.
Сөздердің қосарланып немесе қайталанып айтылуынан жасалған сөздерді қос сөз деп атайды. Сөздерді қосарлап немесе қайталап қолдану — жана сөз жасаудың бір жолы болып табылады. Мысалы: Жан-жануар, адамзат анталаса, Ата-анадай елжірер күннің көзі. (Абай). Бұл сөйлемде жан-жануар, ата-анадай деген — қос сөздер, олар жаңа ұғым, жаңа мағына білдіріп тұр: жан-жануар — бүкіл айналадағы, табиғаттағы жаңды заттар; ата-анадай — ең жақын туғандар ата мен анадай деген мағынада яғни ең күшті мейрімділік деген мәнде қолданылған.

Қос сөздер екі түрлі болады: қайталама қос сөздер және қосарлама қос сөздер.


ҚАЙТАЛАМА ҚОС СӨЗДЕР.
Бір түбірдің екі рет қайталануынан жасалған қос сөздер қайталама қос сөздер деп аталады. Олардың жасалу жолдары мынадай:

1) Қосымшасыз және қосымшалы түбірдің түгелдей кайталануы. Мысалы: тау-тау астық, көре-көре көсем болады, сөйлей-сөйлей шешен болады, үйдей-үйдей боп жатыр, алпамсадай-алпамсадай жігіттер т. б.

2) бір сыңары қосымшалы, бір сыңары қосымшасыз бір түбірдің қайталануы. Мысалы: көзбе-көз айтты, ауыл-ауылды аралады, өз-өзінен кысылды, жүзбе-жүз көрісті т. б.

3) бір түбірдің әр түрлі қосымшада тұрып кайталануы. Мысалы: өзді-өзіне айтты, қолды-қолмен кетті, ерні-ерніне жұқпады, айтып-айтпай не керек, орынды-орынсыз күлме, барар-бармасымды Құртқа біледі т. б.

4) екінші сыңары бірінші сыңарына еліктеу мәнінде келіп, дауыссыз дыбыстан басталатын сөздің бірінші дауыссыз дыбысының орнына және дауысты дыбыстан басталатын сөздің алдына -м, -п дыбыстары қосылып жасалады. Мысалы: ет-мет, шай-пай, түйе-мүйе, ат-мат т. б.

5) еліктеуіш сөздің екінші сыңарында кейбір дыбыстық өзгерістерге ұшырап қайталануы. Мысалы: тарс-тұрс дыбыс шыкты, жалт-жұлт етті, найзағай жарқ-жұрқ етті.


ҚОСАРЛАМА ҚОС СӨЗДЕР.
Екі түбірден қосарланып жасалған қос сөзді қосарлама қос сөздер дейді. Әдетте мағыналары бір-біріне жақын синоним сөздер немесе мағыналары бір-біріне қарама-қайшы келетін антоним сөздер косарланады. Мысалы: аяқ-табақ, құрт-құ.мырсқа, құрбы-құрдас, әке-шеше т. б. Бұнда аяқ та, табақ та ыдыстар, құрт та, құмырсқа да жәндіктер, құрбы да құрдас та замандастар, әке де, шеше де ата-аналар. Ал кәрі-жас, улкен-кіші, ұзынды-қысқалы,

36
қысы-жазы деген қос сөздердің бірінші сыңары екіншісінің мағынасына қайшы келіп тұр. Осы қасиеттері жағынан қосарлама қос сөздер сөйлемнің бірыңғай мүшелеріне ұқсас, жақын болып келеді, олардың сыңарлары тұлғалас болып отырады. Бұндай қос сөздерді кейде арасына жалғаулық шылауларды келтіріп, бірыңғай мүше етіп қолдануға болады. Мысалы: Кәрі-жас тугел жиналды кәрі мен жас тугел жиналды, айқай-щу тыйылды айқай да, шу да тыйылды т. б.

Қосарлама қос сөздердің құрамы мынадай болады.

1. Мағынасы бір-біріне жақын (синоним) я қарама-қайшы (антоним) сөздер қосарланады. Мысалы: аға-іні, үлкен-кіші, алыс-жақын, қысы-жазы, жата-жастана, ауыл-аймақ т. б.

2. Бір сыңары мағыналы, екінші сыңары мағынасыз сөздер қосарланады. Мысалы: бала-шага, жүн-жұрқа, құда-анда, көйлек-көншек т. б. Қазіргі кезде мағынасыз делінетін сыңарының ерте кезде мағынасы болған, тек кейін ұмытылып қалған. Ондай сөздердің көпшілігі көне сөз немесе басқа тілден енген сөз болып табылады. Мысалы: бала сөзі түсінікті шаға деген де көне кезде бала, кішкентай деген үғымды білдірген (қызыл шақа дегенді салыстыр), ол мағына қазірге дейін кейбір түркі тілдерінде (мысалы, түркімен тіліңде) бар. Жұрқа сөзі көне монғол тілінде жүн, анда сөзі көңілі жақын, дос адам деген мағынада қолданылған. Көне түркі тілінде көншек жалаңаш етке киетін киім болған.

3. Екі сыңары да мағынасыз сөздер қосарланады. Мысалы: ығы-жығы, оқта-текте, некен-саяқ т. б. Бұл сияқты сөздер қазіргі кезде ешбір мағына білдірмесе де, бұрынғы кезде мағынасы болған. Мысалы: ығы сөзі де, жығы сөзі де көне түркі тілінде жиын деген мағынаны, монғол тілінде некен де, саяқ та жеке бөлек деген мағынаны, оқта да, текте де кейде деген мағыналарды білдірген.

4. Кейінгі кезде ғана қалыптаса бастаған бір топ қосарланған сөздер бар. Олардың сыңарлары кейде бір тұлғада, кейде әр тұлғада бола береді. Мысалы: үгіт-насихат бөлімі, оқу-ағарту саласы, саяси-экономикалық жағдай, қоғамдық-саяси әдебиет, саяси-көпшілік әдебиет, оку-методикалық кабинеті, қазақша-орысша сөздік, мәдени-ағарту бөлімі т. б.

Қос сөздердің қайталама түрі де, қосарлама түрі де де әрқашан дефис арқылы жазылады. Қосымша сөйлем ішінде негізінен қос сөздің екінші сыңарына жалғанады. Мысалы: барар-бармасымды Құртқа біледі деген сөйлемде І-жақ тәуелдік жалғауы (-ым) мен табыс септік жалғауы (-ды) қос сөздің екінші сыңарына (бармас) жалғанған, бірақ бұл қосымша білдіретін мағына (І-жақ тәуелділік және тура объектілік) қос сөздің бірінші сыңарына да ортақ: барар-ым-ды.


Каталог: Книги
Книги -> 3. ҚАбдолов әдебиет теория – сының негіздері жоғары оқу орындарына арналған оқУ ҚҰралы мазмұНЫ
Книги -> “Қош,махаббат” Алматы 1988 жыл Ақынның жыр жинақтары
Книги -> Қазақcтан Республикасы білім және ғылым министрлігі
Книги -> Көкшетау 2011 Құрастырғандар
Книги -> АҚША, несие, банктер
Книги -> А. А. Букаева 5В090200 Туризм мамандығына арналаған КӘсіби қазақ тілі
Книги -> М а 3 м ұ н ы қазақ тілі леқсикологиясына кіріспе қазақ лексикологиясының мақсаты мен зерттеу объекгісі лексика
Книги -> Қ а з а қ тіліні ң грамматикас ы 1 т о м Алматы, 1967
Книги -> Сүлейменова Зәуре Екпінқызы Қошанова Мараш Төлегенқызы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет