"жазушы" баспасы



бет14/17
Дата08.06.2018
өлшемі1,77 Mb.
#41631
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17

БАЛДЬІРҒАН БӨБЕКТЕРІМЕ


«Асау тұлпардай қиырсыз жерге кұлаш керіп, бақыт, махаббат іздеген жастар – сендерге арналды бұл ән- дер!.. Жаңғыртыңдар, жаңартыңдар ескі дүниені! Қайратты ер жастар!

Сендерге арналды бұл әндер!..»



Сәкен.

Бір кезде мен де өздеріңдей жас болдым. Қазір егде тартқанда өткен дәуреннің күңгірт елесі есіме түседі де, сендердің өмірлеріңе қызыға қараймын, қуанып отырамын.

Шырақтарым-ау, менің заманымда, қазақтың көшпелі аулында мектеп болған жоқ еді. Шамшырақтай жанған электр шамы бар; отыруға, жазуға, оқуға ыңғайлы парта қойылған, қалам, сия, қағаз, кітап жайылған жылы, кең, сәулетті үйлерді көрмедік. Отыздай адам бір қара-қоңыр кигіз үйге күн шыға жиналады, әркім өз үйінен сүйретіп әкелген тулақтарының үстіне жүгініп отырады. Жиырмадағы жігіттер мен алты-жеті жасар бөбектер қатар түзейді. Қолдарына ұстаған кітаптары да әртүрлі, айғайламай ішінен оқитын бір адам болмайды. Молда малдасын құрып, құдайға жазып, төрде мүлгиді, үйдің іші балық үлестіргендей. Айғай салып даурықпаған баланы көк шыбықпен осып жібереді. Молданың ұйқысы да ашылады, балалар да сергіп сала береді. Оның айтқанын таңертеңнен кешке дейін жаттаймыз, сарнай береміз, түсте бір сағаттай үзіліс болады. Күн батар алдында «молдекең» кішкентай балаларды үлкендеріне арқалатып қойып, арқасына көк шыбықпен дүре соғады. Сонда молдамыз Есеншора көбінесе кедейлеу адамдардың балаларын батыл сабайды.
Молдекеңнің сылтауы салмақты: күндіз дыбысын шығарып, оқымаса да ыңылдап отырса бір жөн, ондай «әдепті» баланы дүреге жыға алмайды...

Біздің «оқуханамызда» демалыс жұма күні; бейсенбіде түске дейін ғана оқимыз. Осы бір жарым күн ішінде балалар молдаға

«сыйлық» апарады – ол сыйлықтар «бейсенбілік», «жұмалық» аталады. Сол сияқты «сыйлық» апара алмаған сорлылар ғана көк шыбықтың көкесіне көрісіп, әкесін танып жүреді, міні, таяқ жеудің негізгі себебі, заты, осында болмаса не қылсын?!



Кітаптарымыздың бәрі де араб, фарсы, шағатай, түрік, татар тілдерінде жазылған, қазақша бір кітап көрмейміз; оларда не айтылып, не қойып жатқанын балалар түгіл, молдекеңнің өзі де түсінбесе керек-ау! Біз де «қарасын» қақсап жаттай береміз. Енді, шырақтарым, сендерге түсінікті болу үшін мысал келтірейін: Есеншора молда бізге «Шүрт салат» деген кітаптан:

«мән бір мән, тәрәкә қойса, ульфажри таң намазын» деп сабақ берді. Біз солай жаттадық, артынан байқасақ, кітапта: «мән, тәрәкә, ульфажри» бар екен де, «бір мән» (бір мен) «қойса», «таң намазын» жоқ екен, бұлар әлгі араб сөздерінің аудармасы боп шықты. Қазақша айтсақ: «мен таң намазын оқымай қойсам.. . күнәға батып, дозаққа барам», деген болып шығатын тәрізді.

Міне, шырақтарым, өзім осылайша Есеншорадан алты жыл оқып, хат танымай шықтым-ау! Оған, әрине, сендер сенбеулерің де кәдік. Алайда куәлерім бар: олар Сәбең, Ғабеңдер. Бұл кісілер ескі оқудың азабын менен де көбірек тартқан болар...

Туған шешем Рақия Алсай тайпасының Ақбура руынан шыққан Қоңырбай деген кісінің сегізінші қызы; енді қыз таппау үшін, осы кенжеміз болсын деп, әке-шешесі атын Сарқыт қойған. Әкем Омар Тоқаның Тілен ұруынан шыққан Талжанның тұңғышы. Сарқыт пен Омар екеуінен сегіз ұл, екі қыз туыпты, сол сегіз ұлдың кенжесі мен. Атымды «Сәйдільғараб» қойыпты; мұның мәнісі
арабтың «мырзасы», «қожасы» деген сөз екен, ата-ананың ойында ақау жоқ, менің «дәу» болуымды тілеген, бірақ ескі ел ғұрыпынша көп баланың кішісі болу – иттің күшігі болумен тең.

«Әуеден шұға жауса, құлға ұлтарақ та темейді...»



1918 жылқы жылы біздің ел жұтады. Кездеме мүлде жоқ, көйлек орнына киетініміз тоқтышақтың илеген терісі болды, міне, мен осы жарғақ киген жас бала кезімде 1921 жылы Ақмолаға жеттім. Көп ұзамай, Орынбордан туған ағам Әшім Омаров келді. Бұл кісі ерте оқыған, орысшаға жүйрік, жасы жиырма үште. 1920 жылғы 4 октябрьде Орынборда өткен бірінші създің делегаты, Сәкен Сейфуллинмен аталас ағайын, оның үстіне Сәкен екеуі әрі туған бөле, әрі туған бажа. Қазақстан өкіметінің алғашқы мүшелерінің бірі де осы Омардың Әшімі.

Ақмолаға келісімен, Әшімді Ақмола уездік атқару комитетінің төрағасы, революцияшыл «Тройканың» төрағасы етіп тағайындады.

Онда совет заңы (конституция) шыққан жоқ, революцияшыл ұждан ғана заң. Азық-түлік салығы (продналог), күш-көлік салығы (гужналог) күнде жиналады.

Осылардың бірде-бірін түсінсем бұйырмасын! Артынан байқасам, азамат соғысы ішкі Россияда әлі аяқталмаған кез екен, жаңа құрылған жас Совет өкіметіне, оның данышпан көсемі Владимир Ильич Ленинге қарсы жаулар тұс-тұс жағынан андаған мезгілде, сол арпалысқа төтеп беру үшін, қазақ елінен де азық- түлік, күш, көлік жиналып жатқан аласапыран дәуір екен. Сол мезгілді көзіммен көріп, енді егде тартқанда сендерге жеткізіп отырғаныма қатты қуанам.

Әлі есімде, бір күні Степная көшесінің бұрышында бір қа ра-сұр кісі келіп, Әшіммен амандасты: екеуіде салт атты. Біраз сөйлесіп тұрды. Әлдене уақыт өткен соң: «Иә, бәрі де дұрыс қой, Хайридден, бірақ қазіргі өскелең ой-сана марксизм идеясы, бұл бағытты ұлы көсеміміз Владимир Ильич Ленин бастайды; өзім осы
жолдамын қазақтай бұратана аз ұлтқа теңдік көп елден бұрын керек» деп, ойын келте қайырды да жүріп берді. Өзім құдайдай табынған оқымысты Әшім ағамның осы сөзі жүрегімде мәңгі қалды. Ленин атын тұңғыш естуім де осы арада. Содан былай Ленинді көруге қатты ынтықтым, бірақ ол мақсатқа қолым жетпеді. Орындалмаған көп арманымның бірі де, ең үлкені де осы!

Өзім орыс тілін 1926 жылы Қызылжарда А. С. Пушкиннің

«Капитан қызын» оқыған соң біле бастадым. Артынала орыс әдебиетін оқуға құныға кірістім: И. С. Тургеневтің жеті романын қысқа мерзімде оқып бітірдім, олар «Отцы и дети»,

«Рудин», «Накануне», «Дворянское гнездо», «Дым», «Новь»,

«Записки охотника» атты асыл туындылар еді.

Өз басым орыс жазушыларының ішінде А. М. Горький мен Ф. М. Достоевскийді жанымдай жақсы көрдім. Бұрын себебін білмеуші едім, енді байқасам, 1927 жылы Ф. М. Достоевскийдің

«Униженные и оскорбленные» атты романын оқыдым. Соның бірінші бетінде Шоқан Уәлиханов пен Ф. М. Достоевский екеуі түскен суретті көрдім. Елімнің ерен ойлы ардагер ұлы Шоқанның досы Федор Михайлович Достоевскийді жақсы көрмеу қолымнан келмесе керек-ті.

1927 жылы А. М. Горькийдің «Суайт саршымшық пен шымшыл тоқылдақ туралы» әңгімесін казақ тіліне аудара бастадым. 1929 жылы ол әңгіме «Жаңа әдебиет» (осы күнгі

«Жұлдыз») журналына әрең басылды.

Журналдың редакторы осы күнгі классигіміз Ғабит ағаның жәрдемін өмірі ұмыта алмаспын. Оның үстіне «ұра берсең шайтан да өледі» демекші, соңынан қалмасаң, қажымай ұмтыла берсең және шын қызығып жақсы көрсең, іс боп шы ғады екен.

Қазақ жазушыларынан Абайды, Сәкенді, Сәбитті, Мұхтарды, Ілиясты, Бейімбетті, Ғабитті, Ғабиденді, Жақанды, тағы басқаларын сарқа оқыдым. Осылармен бірге орыстың ірі ойшылары: И. А. Қрыловты, А. С. Пушкинді,




М. Ю. Лермонтовты, Ф. М. Достоевскийді, И. С. Тургеневті, Л. Н. Толстойды, А. М. Горькийді, тағы тағыларын түбегейлей оқыдым. Соларды қадағалап оқуды, негіздерін тануды өздеріңе де ұсынар едім.

Өмір телегей теңіз, оның түбін де, шетін де табу оңайға тимес, алайда Шығыс, Батыс әдебиеттерін де ұмыт қалдырмау жөн.



Алғаш кездескен коммунисім Сәкен Сейфуллин еді. Ол маған ескі ауыл арасындағы үздіксіз дау, өнімсіз сайлау, тартыс- таласқа, ырың-жырыңға, жікке араласпайтын, жалпы халыққа бірдей шын коммунист басшы есебінде көрінді. Онды отызға бөлшектемейтін азамат еді, міне маған осындай қылықтары ұнады.

Комсомолдардың ішіндегі табандысы Ақмола жатағының баласы Жұмабай Орманбаевты көрдім. Оның ізін қуып шыққан Кәрім Мыңбаев болды.

Анам Сарқыттан тап бүгін қайта туып, қазір 7-8 жасар өздеріңдей балдырған болсам, дүниені аудара қарап, ақтара төңкеріп, тағы да оқыр едім-ау! Білгенімнен білмегенім мол, әттең, сендердей болып, кішкене күнімненақ үлгілі мектепті көрмедім ғой! Ғылыми білім жолына кешеулеп келіп, мешеулеп қалғанымды анық түсінем.

Жасымда ғылым бар деп ескермедім, Пайдасын көре тұра тексермедім.

Түспеді ержеткен соң уысыма, Қолымды мезгілінеи кеш сермедім,—

деп данышпан ақын бабаларың Абай шынын жасырмай айтып, келер ұрпаққа, сендерге мұңын шаққан еді ғой. «Бүгін істейтін ісіңді ертеңге қалдырма» десе керек-ау, сірә! Балалар-ау, менде тіпті айып жоқ, бәріне заманым айыпты. Сендердей болып мезгілінде туа алмаған өз обалым өзіме, сонда да өкінбеймін, келешекке сенем, менің кем-кетігімді сендер толтырады деп білем. Осы бақытты замандарыңды пайдаланбай, уақыттарыңды ойынға жұмсап, құралақан қалсаңдар, өз обалдарың сендердің де өздеріңе болар.

Асық ойнаған азар, Доп ойнаған тозар...–



депті ғой аталарың. Мұның мағнасы – еңбек істеген, оқу оқыған, ілгері ұмтылған бала ғана мақсатына жетеді деген сөз.

Қадамдарың құтты болсын, бөбектерім, менің тілегім сендердің келешекте Шоқандай, Абайдай, Сәкендей, Бейімбеттей, Ілиястай, Қаныштай, Мұхтардай, Сәбиттей ұлы адам болуларың! Ілгергі жылдарда өтіп кеткен өз ағаларымды бүгін сағынып отырмын, сендер де сол ардақты аталарын білсін деп үлгіге тарттым.

Қазір көздері тірі сондай ұлы аталарың да бар, олар: Сапарғали, Ғабит, Ғабиден, Әбулер ғой, совет дәуірінің егде тарландары әлі тұғырдан түспей, сендер үшін өнегелі ойларын шертіп, жөн сілтеп жүр, осыларды күн сайын оқып-біліп отырсаңдар, ұтылмас едіңдер-ау! Ата-ананы, үлкен ағаны сыйлау еліміздің дәстүрі, мұны ұмыту қиын, алайда «ата баласы болудан, адамның баласы болу» артық, бұл да естеріңде болсын, балдырған бөбектерім!

АС


Мұхаммедия әңгімесі


    • Еліміздің өткен өмірінде қиян-кескі шайқасулар көп болыпты ғой. Ру-руға бөлініп алып, талай-талай өнімсіз дау-шарға кіріссе керек. Уақ-түйек іліктер зорайып кетіп, келелі апаттарға да килігіпті.

Неше алуан қызық уақиғаларды, тіршіліктің тепкісін көргендер тамсана шерткен ғой, біз солардан естідік. Ішкен мас, жеген тоқ байлар мұндай қысыр әңгімені не қылсын?!. Хатта қалмаған ежелгі өмірдің сүреңсіз сиқын қарттар жеткізеді, абайлап тыңдасаң, талай сергелдеңнің үстінен түсесің. Олар арман еткендей қызықтырып, қыздырмалап айтады, із тастап жалтарып
та отырады. Өмірдің қитырқосын жетік білген шораяқтар ғой, бір ауыз сөзін мыңға балап айта алады. Бірақ сұлу сыртына әуестенбей, ішкі сырын ұғалықшы, жылтырағанның бәрі алтын емес-ау, сірә!..

      • Есіңде болсын, қалқам, ақылдың да, ардың да иесі кедей сорлылар, олар өмірдің ыстық-суығын жетік біледі, неше түрлі нақылдарды да солар тудырған ғой, міне сондай сұңғыла жандар өлсе атаусыз кетті-ау, ал содырлы сотқар байдың біреуі өлсе ұлы думан ас беріледі, елдің аузында қалады, менің шымбайыма осы батады, деп ауыр күрсінді қарт Мұхаммедия.

Арналы тарланның ырғақты үні, ойлы сөзі мені салған жерден билеп әкетті. Үнсіз тыңдай бердім.

      • Бүгін мен де сені ежелгі сүрлеуге салып көрейін; балам, керегін өзің таңдап ала бер, деп бір жымиып қойды қарт.

      • Өзіңе мәлім, Мұхтар ағаң суреттегендей, Тобықты Бөжей асын Қазбалада Шыңғыстау баурайында берді. Сонда жер қайысқан топ жиналды, май сайдан ақты. Сойылған малдың ұшы- қиыры жоқ. Желінбеген ет, ішілмеген қымыз қалмады.

Әр атаның ұлы осы асқа өз сыбағаларын әкеп жатыр. Бір атадан келіп Құнанбайдың Абайы да он үй тіктірді, сол он үйге түсетін қонағына арнап он ақ байтал, қысырдың бес тайы, жиырма қой сойдырды, соның ішінен он қойды Абайдың туған шешесі Ұлжан үйттіріп, екі кебеже сүрді араластырды. Басқалармен бәсекеге түскенде Абайдың талайы асты.

«Бөжей асына Карқаралының Арғыны, Жетісудың Жалайыры, Семіз Найманы, Ылдидың Уақ Бурасы, Дағандының Керейі бар, талай үлкен рулар келді...»



«Табақ тартуға өңшең жорға аттарды сайлапты. Барлық ат күміс ертоқыммен ерттелген. Күтуші жігіттер бастарына тегіс жібек орамал байлапты, Ас ошағымен екі арада бұлар қос табақтан алып, қатар ызғытып жөнелгенде, өлке бойы жайнап кеткендей болады».

«Бәйгеге жүз елу ат қосылыпты. Он атқа бәйге аталыпты. Бәйгенің бәрі де тоғыз-тоғыздан. Алдыңғы бәйге түйе бастатқан тоғыз, екінші жамбы бастатқан тоғыз. Ол жамбы кешегі Ұлжан әкелген кесек күміс «тай-тұяқ» екен...»

«Үлкен астың күресі де үлкен. Балуандар бәйгесі де тоғыз- тоғыздан», деп Мұхтар ағаң толғағанда, сендер үйде отырып тамсанасыңдар ғой...

Бөжей асына келген көпшілік бір түнеп тарқайды, екінші күнге алыстан келген ет жақындары – нағашылары ғана қалады.



Енді Ереймен тауында, Қусақ көлінің жағасында берілген Керей Сағынай асына баралық. Мұны Ілияс ағаң жеріне жеткізе жырлаған болатын. Онда бәйгеге бір мың үш жүз ат қосылады. Ақынға артығырақ айтса да жараса береді ғой.

Осы Сағынай асында:

«Тәтті жал, қазы, қарта мая-мая, Дамылсыз дастарқанды жүрген жая... Еті – тау, қымызы – көл деуге болар Айтқанда тартыңқырап астың сыйын»...

деп тебіренеді ол.

Міне, қонақ асын осылай беріп болып, енді ақын Ілияс бәйгеге қосылатын аттарға ауысады, соның ішінен таңдап алып Ақан серінің Құлагерін суреттейді.

«Тәует бас, қамыс құлақ, қуарған жақ, Құлан жал, бұлан мойын, қой жұтқыншақ, Қоян жон, жазық жая, жауырынды, Құс топшы, қос шынтағы қалқыңқырақ. Сіңірлі, жер соғарлы, аяғы тік,

Түлкі төс, тазы тізе, ит жіліншік... Жүрсе де жаздай құры болмайды тоқ, Кез жарым кесер баста кесім ет жоқ. Қақпан бел, қалбағайлы, үңгір сағақ,

Шапса жел, мінсе жайсаң, тұрса селсоқ» –



деп аузынан суы аға сұқтанады, артынша бәйгеден оны келтірмей дымыңды құртады. Заты, «түлкі төс,

258
тазы тізе, ит жіліншік» деп суреттеуіне қарағанда, тіпті, Құлагер бәйгеден келмейтін ат тәрізді. Мәстек пе, қалай деген сұрақ туады. «Әттегене-айы» күшті өкініш билейді. Біз сол аста жоқ едік-ау, Құлагер бәйгеден келе салса ешкімнің ешнәрсесі кетпес еді, бірақ амал не? Алтай ішінде Мұрат руынан шыққан теріс азу, телі тентек, бай Батыраш Ақан серінің Құлагерін жазықсыз өлтіреді де, өзінің Көктұйғынымен бірінші

«тоғызды» алады. Екінші ат Айтбақының күреңі, үшіншісі Шорманның Садуақасы әкелген шораяқ кәрі бурыл ат...

Сөз сөзден туады ғой, енді осы кезегі келгенде мына бір атты қоса айта кетейін, – деп көтеріле сөйледі Мұхаммедия. – Халқымыздың беделі, төрт аяғын тең басқан жорға – ақын Абай мынадай атты арман еткен:

«Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ, Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ: Ауыз-омыртқа шығыңқы, майда жалды, Ой желке, үңірейген болса сағақ.

Теке мұрын, салпы ерін, ұзын тісті, Қабырғалы, жоталы, болса күшті. Ойынды еті бөп-бөлек омыраулы, Тояттаған бүркіттей салық төсті, Жуан, тықыр бақайлы, жұмыр тұяқ, Шынтағы қабырғадан тұрса аулақ, Жер соғарлы, сіңірлі, аяғы тік, Жаурыны етсіз жалпақ тақтайдай-ақ Кең сауырлы, тар мықын, қалбағайлы, Алды-арты бірдей келген ерге жайлы, Шідерлігі жуандау, бота тірсек,

Бейне жел, тынышты, екпінді мініп жүрсек, Екі көзін төңкеріп, қабырғалап, Белдеуде тыныш тұрса, байлап көрсек».

Қосар сөз жоқ, мінсіз мүсін. Осы атты 1886 жылы Ғабдулла Тоқай туғанда қырық бір жастағы Абай тәрізді ақын әкесі шүйіншіге тартқан сияқты. Жаңа туған нәресте ержетіп, түбінде Троицкіге келер-ау, сонда Қазанға қайтар жолына мініп кетсін, немесе жегіп кетсін деген үміті бар. Қырағы жан, ақын Абай алыстан көрген екен. Күтімі келіскен, көсем аяңдайтын, әсем


9* 259
желетін жарау атты Тоқай 1907 жылы ләкшенкесіне жегіп Троицкіден шығып Қазанға жөнелді ғой:

«Жектіріп пар ат, Қазанға тұп-тура кеттім қарап, Шаптыра атларны кучер, соққылап та тартқылап»,—

деуі тегін емес. Мына ортаға жегілген ат Абай сыйлаған «тықыр бақайлы, жұмыр тұяқ» тұлпар болса керек. Қазанға сол күні жетіпті ғой.

Абылай ханның торына түскен, қалмақтың сұлу қызын бостандыққа қарай алып жөнелген Керкөжекті айтайыншы. Мұны Сәкен ағаң былай толғады:

«Қөжектей қамыс құлақ, сымпыс құйрық, Бүгілген бадана көз, мінсіз сүйрік.

Алмайды қанатсызды қапталына, Жүйткісе көз ілеспес сағым жүйрік. Жетектеп, әлекедей көжек керді, Серке сан, бота тірсек өжет керді. Шаужайлап аяңдатып бір жас жігіт, Тізгінін қатты қымтып тежеп көрді. Секіріп, аузын ашып, көкке шапшып, Көжек кер қобалжытты үстегі ерді. Жұлқынып, ауыздығын қарш-қарш шайна, Тұқырып, кұшырланып, тарпып жерді, Шиыршық атып, билеп шырқ айналды, Уытты екпінімен шарпып желді.

Жөнелді аузын ашып керше таңлақ, Ырғыды құйын соққан бейне қаңбақ, Не құмай, не бұлдырық не қаңбақ деп, Айтарсың қарамасаң әбден аңдап.

Сәйгүлік Қуандықтың арда кері, Жорыққа Барақ батыр мінген таңдап.

Жас елік кетті босап тұтқын қолдан, Жас құлан шықты ойнақтап түскен ордан, Тұтқын қыз, Керкөжекпен кептер құсша, Жытты енді босанған соң темір тордан», –

деп ойын аяқтады.Осы үш аттың үшеуіне де қызығам, шырағым, қолға түспейтін қанатты тұлпарлар ғой бұлар. Бәрі де сайдың тасындай сәйгүліктер. Алайда, Абай аты мен Ілияс аты белдеуде байлаулы тұр-ау! Көлденеңінен қарап аяңын да,

260


желісін де, шабысын да болжап айтады олар, ал Сәкеннің Керкөжегі, оның бар қимылы көз алдыңда, Сәкен болжамайды аяңдатып та, желдіріп те, шаптырып та көрсетеді. Азамат соғысы кезінде жауға шапқан, қашса құтылған, қуса жетіп дұшпанын күйреткен, бостандық әперген тақымына басқан аты болар -ау, сірә, деп бір тежеп қойды Мұхаммедия. Осы үш атты салыстыра кетті де, енді әңгімені екінші бағытқа бұрып жіберді.

«Бақ туын тұрғанда ұстап бүгін қазақ, Көңілі судай тасып, оттай маздап..

Ескі күн елім көрген енді ойласам, Көрінер кейде қорлық, кейде мазақ.»

Ілияс.


Мен өзім білетін Қорыспай асын айтайын, сол аста бәйгеден келген кедей Жортықтың жауыр Торғасқасын баяндайын, бұл ас әлгі астардың бәрінен де бұрын берілген ғой, деп үзілген ойын білтеледі қарт Мұхаммедия.

Қорыспайдың «қырқын» беріп, келесі жылы болатын асқа сауын айтылды. «Ошақ басына» Барғана, Айтқожа, Сатыбалды сияқты үш арыс ел жиналды, бәрі де жұмыла дайындалды. Аруақ атын атасып, құдай десіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарысатын болды, тебіренісе сөйлесіп, іштері жібісіп уәделесіп тарасты.



Сөйтіп, елді ескі ережеге шақырған, ынтымаққа мұрындық болған әрі мерекелі, әрі азалы жиында сыбағалы бастарын мұжысып отырып, келелі әңгімелер айтысты, әлгі үш орыс елдің игі ақсақалдары Қорыспайдың асына тоғыз дуан ел шақырылсын деген пәтуаға келді. Көкшетау, Омбы, Кереку, Семей, Қарқаралы, Әулиеата, Торғай, Атбасар, Ақмола дуандары аталды.

Қонақтарды күту ошақ басындағы елдің мойнында. Екінші сөзбен айтқанда Қорыспайдың «ошақ-басын» билеген, Бесімнің әдемі тоқалы Дәулетбикеден туған: Барғана, Айтқожа, Сатыбалды отаулары. Кешегі Тоқаның үш отауы бүгін өсіп-өніп,

үш арыс ел болғанда, соның бірі Айтқожаның сүбесі Қорыспай дуние салды. Күйзеліп қырқын берген жер мына Темештің Құм көлі еді, Қорыспайдың қырқын өткізіп, үш отаудың ақсақал -қара сақалдары уәделесіп тарағанына міне бүгін аттай бір жыл.

Осыдан бір ай бұрын Қорыспайдың «Ошақ майлары» болып өтті. Әр отаудың әкелетін үйлері де, соятын сойыстары да сонда белгіленді.

Қорыспай асына бес жүз үй тігілді. Сиырдың бүйрегіндей қырық ру алабажақ үйлер көлге үңірейе қарап, бірдемені үздіге күткендей, киіз есіктер шалқасынан түріліп, маңдайшаға ілінген екен.

Асқа келген бәйгі аттың бас-басына бір-бір үйді оңаша беретін елдің ежелгі ережесі. Үй кісінің санына қарап берілмейді, бәйгі атқа беріледі. Алтай-Тоқада осындай әдет бар.



Тамыз айының тымырсық шуақ күні, мезгіл бесіннен төмен түскен, көлеңке ұзара бастаған шақ. Боз көлдің айналасы қиқу, даң-дұң; күркілдеп үрген кәрі төбет, ұлыған қаншық, маңыраған саулық, жамыраған қозы, кісінеген бие, оқыранған айғыр, мөңіреген сиыр, боздаған іңген, иін тірескен ел, біреуді біреу біліп болмайды. Құлақты тұндыратын айғай-ұйғай да шығып жатыр. Қазылған жер ошақ, буы бұрқырап пісіп жатқан қазан- қазан ет, екі иығынан демін алып, бусанып тұрған сары самаурын, шайын демдеп, қампөркенің үстіне қойған аққұман, тап бір қос құлағын қайырып, құйрығын делдите киген есерлеу бозбаланың жекей тымағы тәрізді. Жер ошақтан самарқау көтерілген тезектің қою боз түтіні ақ бураның иір қобыз мойынындай бұрала созылып көкке ұшады. Аспан асты бұлыңғыр.

Шу өзенін мекендейтін Кіші жүз жеті болыс ел – таманың биі Ерубай осы асқа торы арғымақтың бел баласы бәйгі көкті алып келді. Шаршы топтан сурылып шығатын, алдына мал салмаған жануар екен.



Ерубай бастаған топ келіп аттан түскенде әр дуаннан шақырылған қонақтар, лек-лек болып, тұс-тұс жақтан аңдай бастады. Иіндеген сабадан ақтарылған қымыздай бәрі келіп Боз көлге құйылды. Телегей-теңіз ұлы тобыр Боз көлдің жиегін көмкеріп әкетті, көлденеңі ат шаптырым айдын көл бір шағын шұңғыл тегенедей көрінді.

Әр отау алдынан шығып, еншісіне тиген, өз қонағын өзі түсіріп ала бастады.



Бағаналы найман Құнан қараның баласы қарагер атын алып келді. Бұл өткен күзде киік соққан аты шулы қарагер. Кіші жүз Мысықпай асында тоқсан шақырым жерден айдаған төрт жүз аттың алдында жалғыз келген қарагер ат.

Омбы дуанынан Бәсентиін Қазанғап жіберген боз арғымақ келді. Боз арғымақты жер бастырмай арбаға мінгізіп, әлпештеп әкеп түсірді. Бұл кәдуілгі төрт аяқтыға шалдырмайтын араптың көк мойыны.

Көкшетаудың Қарауылы «Көк бикешті» әкелді. Бұл түрікпеннің теке-жаумыты екен.

Әулиеатадан Үйсіннің Желқұйыны, Керекудің Көгаласы, Семейден Тобықтының Дөңасары жетті.



Осы тоғыз дуан ел шақырылған, адам айтқысыз нөпір сойыс сойылып, ақ май сайдан аққан Қорыспай асына үш отаудың бірі отыз үй Елгелді шақырылмайды. Тамақ аяп, немесе араздық көрсеткендіктен емес, әшейін елеусіз ұмыт қалады.

«Қорыспайдың асында жорғаламағанда атаңның басында жорғалаймысың» –дейтін Арқаға аңыз боп тараған аты шулы ас осы.

Жер дауына, жесір дауына ұшырап, барымталасқанда, ата ұлына арнап сыбаға үлестіретін сайлауға кіріскенде, қиқуласып шар басына түскенде «мынау өзіміздің Елгелді атам баласы, бет алғанынан қайтпайтын беделді атам баласы ғой!» десіп дәріптеп көтеріседі екен. Ал, мынадай қызықты думан-той, кәделі жиында

«әлгі Балықты-Баятарда отыратын жатақ Елгелді, отыз желқом Елгелді» десіп қаңқулап күлісіп те алады екен...



Үш отаудың кенжесі Сатыбалды, сол рудың осы күнгі ұлы шаңырағы Телғозының ордасы, өзі әкелген жүз қаралы үйдің дәл ортасында тұр.

Барғана үйлерінің ортасында теңкиіп Самайдың үйі тұр. Үш отаудың дені Айтқожа, осы Айтқожадан келген үйлердің ішінде Сапақтың ордасы, оның оң жағында Қошанның қос отауы қос жұмыртқадай болып көрінеді. Сол жағында Сырттанбайдың үйі.

Сатыбалдының үйлерін асқа әкеліп, соған мұрындық болған Телғозы, өзінің сыйлы қонағын, құдасы Сармантай Азынаны күту үшін әйелі Келдібай бәйбішені ала келеді. Сонда Телғозының кәрі шешесі Күләш, он жасар ұлы Шоң да мерекені бірге көреді.

Үздіге жүріп, алыстан қаңырығы түтеп, сусап келген жат қонақтарға қымыз беріледі. Қымыздан кейін жас бозбалалар атпен жүріп табақ-табақ етті тарта бастайды. Дәл осы кезде Сапақтың ордасына үш отаудың ақсақалдары тегіс жиналады.



Сәлемдесіп, жайғасып отыра бергенде асыға басып Қошан кіріп келеді, оның артын ала жылқышы Құдай- берген сәлем береді. Баласының жеңілтектеніп кеткенін Сапақ жақтырмай қалады. Танауы делдиіп, екі ұрты суалып, қанын ішіне тартқан Қошанның кескініне қарағанда ауылдың желкесінен жау төніп тұрғандай. Жез мұрт сары Кұдайбергеннің шикіл бет жүзі міз бақпайды: оның сөзі де, ойы да шашау шықпайды, сыртына теуіп көрінбейді. Буынып-түйінген күйі ықшам отыр.

  • Қошанжанның асығыстығы жай емес қой, деп тігісін жаттықтыра, Сапақтың көңлін аулай сөйлейді Сырттанбай, шырағым, Құдайберген, сен айтшы, заты өзіміздің жердегі Алтай баласы болмаса, бөгде қонақтар келіп болған сияқты, тағы ешқайдан кісі қара көрінбей ме? деп түйіле сұрады.

  • Жәй әшиін, мына Күншығыс жақтан бір шоғыр келе жатыр, алдынан шыққан даяшылардың айтуынша


Елгелді кісілері тәрізді... деп тыңдаушылардың сыңайын байқау үшін азырақ аялдап, тостағандағы қымызын шайқап- шайқап жіберіп сіміре бір жұтты да, Құдайберген үстіңгі ернін жалап селдір мұртын сорып отыр.

  • Я, солай, ал сонсың мына Алтай кісілері көз шығарып жатыр, бірінші бәйгені біз аламыз дейді, шаппай аламыз дейді, деп аптыға сөйлеп, ойының аяғын бітіре алмады Қошан.

  • Я, немене, Елгелді келе жатыр екен деп орнымнан ұшып кетейін бе? Келсе қайтейін, келе берсін, келмесе атамнан әрі, Елгелді ауыруым жоқ, ал енді Алтайдың сөзі не? Ол маған не істемекші? деп булығып қалды көксау Сапақ.

  • Сапеке, сіз азырақ сабыр етіңізші, Алтай сөзін де біліп қанармыз. Оған дейін, шырағым Құдайберген, мына Қошан екеуің атқа мініңдер, келе жатқан қонақ- ты Елгелдінің адамдарын осы Сапекең ордасына әкеп түсіріңдер. Тегі, асқа шақырмасақ та, «ошақ майларында» бірге болатын қиығы бар еді, Сатыбалдының бір баласы екені рас, алалағандай болыппыз, айып бізде, бар, қарақтарым, отырмаңдар! деп бұйрықты тұжыра берді Сырттанбай.

Сапақ алқым ашуға басты, қаршадай бала Сырттанбайдың баса-

көктеп сөйлеуі батты оған.



  • Осы сен жорғақтамашы, Сырттанбай, менің жал- пыштанарым жоқ, Елгелді бергенін өзі алсын, тіпті барма?.. деп ентіге сөйлеп, сөзін бітіре алмай қақалып қалды. Шеке тамырлары шодырайып шығып кетті, шықшыты қимылдап, еріндері бүлкектей жөнелді.

Жер көктеген зымиян, кісінің сыңайын алыстан танитын Көбен сыншы сөзге араласты, үйірге жаңа түскен шақар сәурік пен е где айғырды шайнастырмай арашалау керек болды.

  • Сапақжан, сөзің дұрыс, жарамсақсудың реті жоқ, бірақ, деп аз мүдірді Көбен сыншы. Сапақтың жүзі жылынғанын байқап, енді Сырттанбайға қарай

265


бұрылды, ал Сырттаным, сенің айтқаныңа келейін, сірә, сен ел шарасын, жер шарасын топшылап айтып отырсың-ау деймін. Мына бөгде қонақтардың алдында Елгелді бүлік шығарса масқара боламыз деп қабырғаң қайысып отыр ғой. Рас оның, мереке өзіміздікі, бүтіндік жақсы, Сапекеңнің мерейі үстем болғаны дұрыс, ағасы Қорыспайдың асында Сапақ төбелесті өзі шығарды, өз ағайынын өзі жаулады деген лақап жайылмасын, ел тауқыметі ауыр болар, солай емес пе, Сапақжан? Ендеше, Қошаным, сен бөгелме, бар, әкеңді сотқар атандырма, мейлінше майда бол, қонақтарды әкеліп осында түсір, деді Көбен сыншы. Екеуінікі де дұрыс болып шықты, әңгіменің тігісі жаттыға кетті.

Бәріңіз де дұрыс айттыңыздар, игілік өзіміздікі, ал мына Қареке, Мұрат, Аралбай, Сармантай кісілерінің сөзі қалай болады? Олар иісі Алтай болып бірігіп отыр, былтыр барымтаға түсіп кеткен Мұрат Жорықтың Торғасқасына бірінші бәйгіні шаппай берсін дейді, бұған не айтасыздар? деп бір бықсыған шаланы ортаға тастай салды Құдайберген: Бірің өл де, бірің қал деген кісіше орнынан тұра бастады. «Ойда отыз сиыр бұзауласа, қырдағы қырық бұқаның несі кетеді». Шонжарлар өз ара сілкілессе, қағажу жүрген сорлыларға сыбаға тиеді, басқа ауырлық жоқ қой.

– Оның бір жөні болар, шынында ақылдасу керек, бұл көппен шешілетін, ел оқпанын сарапқа салуды керек ететін әңгіме ғой, – деді тағы Көбен сыншы. «Солай емес пе?» дегендей Көбен жан- жағына жалтақтай қарады, жұрт аңырып қалды.

Қошан мен Құдайберген шығып кетті. Сапақ қалың ойға шомды.

2

Өткен жылы Ақмоншақ атты бір қыздың қалың малын беріп өзінің тұңғышы Қошанға арнап сатып әперген екен. Қошанның тұлаи тұтуы, желбегей жортып, апыл-тапыл басып, әлекке түсуі де, ал

ал Сапақтың томсарып, қабағы қатып, қалың ойға шомуы да осы қысылшаң жағдай.

Бұларға батып отырған отыз желқом Елгелдінің өкпе-назы емес, Мұраттың Торғасқасы. Бұл Ақмола дуанын адақтаған, Көбен сыншы аузынан тастамайтын тұлпар Торғасқа. Көңілде де жүйрік көкдөнен кәдімгі қанатты Торғасқа...

Осы Торғасқадан өзге шілдесінде шық көрмеген сүр кедей Жортықтан да сескеніп отырған жоқ Сапақ. Мына кұмырсқаның илеуіндей өскен ру – жиырма бес болыс ел – Алтайдан қорқып отыр. Оның үстіне Сырттанбай мен Көбен сыншы да көлденеңдеп мазасын алды.

Сапақтың көкірегін кернеп, жегідей жеп, тұралатқан бір арналы үлкен ой бар.

Ол ойы ағасы Қорыспайдың асын айта қалғандай етіп өткізсе, бас бәйгесін Ақмоншақ атпен өзі алса, сонда атақ та, аброй да, мырзалық та бәрі де бір өзінен табылмақ емес пе?

Бас бәйгісі үш тоқсан: тоқсан торы ала ат, тоқсан ақбоз ат, тоқсан қара ала ат.

Шырағым, бұл Сапақ жылқысының қара аласы сендер білетін қара ала емес. Ол мүлде басқа, деді Мұхаммедия. Сапақ бай жылына ақ патшаға жүз ат жібереді екен, солардың бір қыры көмірдей қап-қара, екінші қыры әппақ сүттей болады екен. Міне, бәйгеге тігілген үшінші тоқсан сондай қара ала аттар, деп түйді кәрі тарлан. Екінші аттың бәйгісі тоқсан көк шыбық ат пен тоқсан ту бие, қалы кілем жапқан қара нар. Ең соңғы бәйге жиырма бесінші аттың бәйгісі тоқсан ақ ауыз қой.



Ақмоншақ атты баптап жүрген аты шулы атпыраш Аққозы қулықтың сүтін ішкізіп, марқа қозының балбыр құйрығын жегізеді екен. Желге, күнге тимей ақ отауда жеке тұратын Ақмоншақ баурынан жарап қатып қалған, жүзіктің көзінен өткендей. Тіл, көз ти-

месін деп құйрығының түбіне, кекіліне шоқ-шоқ үкі қадалған Ақмоншақ шекесінен қарайтын секемал. Анда-санда суаруға жетектен алып шыққанда шиыршық атып аспанға секіреді. Төрт аяғын билей басып, ойнақшып, шылбырын ұстаған атпыраш Аққозының алды-артын орайды.

Сапақтың таудай талабын тұжырып, мына сірі тонды кедей Жортықтың Торғасқасы бірінші бәйгені алып кетсе не болмақ? Әрине, аяқ астынан мертігу осы.

Жау алып кеткен Торғасқа қайдан бар бола қалды? Рас, бәйгені ат алмайды, адам алады. Ендеше, жоғалған Торғасқа табылып отырған жоқ. Сармантайдың Азнасы, Қаракеңнің Таңшолағы, Аралбайдың Тұрсынбегі бар болып отыр. Бұлардың бәрі Мойын Алтай болып түгел бірігіп кетсе Дәулетбикенің үш отауына үлкен салмақ емес пе? Ең болмаса үш отау басын қосып, ынтымақтасып та отырған жоқ. Дәулетбикеден тараған үш отаудың кенжесі Сатыбалды, сол Сатыбалдының бір баласы Елгелді ғой. Міне енді ала қойды бөле қырқып, бұлар сол өз туысы Елгелдіні елемей, итке салған сүйектей етіп, шақырмай тастапты.

Елгелді тобы ауылға жақындап келгенде, бұларды Сы рттанбай, Сапақ, Көбен сыншы қарсы алды.

Таубай ақсақал бастаған отыз үй Елгелдінің түсі өте суық, беттерінен тозаңы шығады. Ағайынның елемегені Таубайға қатты батады. Үстіне желқом салып, жабулап мінген кербесті тықыршып, ауыздығын сүзе тартып, шыркөбелек айнала береді.

Көбен сыншының көзі кербестіге сүлікше қадалады. Арты биік, алды аласа, керген төстіктей жатаған кербесті қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ, омырауы алқа-салқа, жанарлы шүңірек көздері өңменіңнен өтеді...



Кербестінің үстіндегі Таубай ақсақал тұлан тұтып, түнеріп тұр. Қою біткен қас, ұзын селдір кірпік, бетін айғыз-айғыз етіп шарлап жатқан әжімдер, көденің түбін паналаған кесірткідей жортып, самай сақалдарының арасына барып бой тасалайды.
Тауеке, бір жолғы ашуыңызды бізге берер деп алдыңыздан шығып тұрмыз, қате бізде. Айыбымыз үшін Сапекеңнің кара жорға атын ер-тоқымымен белдеуге байлап қойдық, деді Сырттанбай.

– Айып ат-шапан емес пе, ер-тоқымның мәнісі қа- лай, Сырттанбай? – деп келте қайырды Сапақ.

– Ер-тоқым туыстығы үшін, Шапанды ұмытып тұр Сырттанбай, өз ағасынан өзі қорыққанда аузына түспей қалды білем, мен қосайын, қара жорға аттың үстіне шапан жабылсын, – деді Көбен сыншы.

Сапақ тіл қатпады.

Біз айып алғалы келгеміз жоқ, ағайын-туыс елемеді-ау деген көңілге жетімдік кіргені рас еді, енді тарқап кетті. Ағайын өкпеге қиса да өлімге қимайды, бөгде дұшпандардың алдында біздің айып алып жатқанымыз ыраға жаман, айтқандарыңыздың өзіне де өсіп қалдық, сол да жетеді. Мерекеге келдік, ойнап- күліп қайтамыз, деді Таубай ақсақал. Сапақ енді жадырады. Мал бауыр еттен ғой.

– Білімнің ата-анасы бірлік депті ғой, Тауеке, дұрыс айтасыз, енді Сапекеңнің ордасына барып түсіңіздер, – деді Сырттанбай.

Бізге Қошанжанның отауы да олқы емес, тәңірі осы бірліктен айырмасын, тартыңдар солай, деп шаршы топқа түйіле бұйрық берді Таубай ақсақал. Кербесті алды аяңдап, арты желіп билей жөнелді. Көбен сыншы кербестіден көзін айырмады.

Телқозының ордасына Сармантай Алда, Жұманның Азынасы келіп түсті. Бұл Азына мен Телқозы былтыр құда болған. Телқозы өзінің бәйбішесі Қақсал қызы Келдібайдан туған бала Шоңға Азынаның қызы Әйімкүлді айттырған болатын. Қызуы басылмаған тәтті құдалар амандасып болғаннан кейін, Телқозы қонақасы берудің жабдығына кірісті. Қонақтармен әңгімеде қалған
Сырттанбай, Сапақ, Көбен сыншы еді. Азына бай өзінің кешелдеп келуінің жайын айтты. Сынамайтынын, жақын екенін түсіндірді.

– Кешелдеген соң келмей қалар ма екен деп қауыптанып отырғанда келіп қалғаныңызға өте қуаныштымыз, – деп бастады Сырттанбай.

– Қарпық, Алтай туысқан ел едік. Біз Қарпық аға едік. Алтай кісілері Мұрат Жортық Торғасқасы бас бәйгесін шаппай бер деп қиғылықты салып жатыр, осы жағдай булықтырып қамап отыр, мәнісі қалай болады, Азеке? – деп бір тежеп өтті Сырттанбай.

– Сырттанбай шырағым, дұрыс айтасың, бір жөні болар, елміз ғой. Біздің Таңшолақ пен Тұрсынбек не дейді екен? – деп жалтақтай сөйледі Азына.

– Дұрыс айтасың, Азынажан, мен олардың сөзін естіп әбден қанып келдім, – деп бастады Көбен сыншы.

«Ағасы бардың жағасы бар» деген, осы жолы Қарпық ағам баласы еркелігімді көтереді, кезеңдіге кез болып, барымтаға түсіп Торғасқа кетіп отыр, Дуан басы Бәсентиін Қазанғап ол дауды әлі сыяз құрып шешпей отыр, жер тар болып жатыр, сөйткенмен тұлпарыңның көзі жоқ деп бір жолға бізді қарайтпас, деп еді Таңшолақ, онда Байтоқаның Тұрсынбегі жұлып алғандай:

Мәймөңкелемей қойшы әрі, Таңшолақ, бірінші бәйге Торғасқа тұлпардікі! деп келте қайырды, булығып айтты, деп естіген-білгенін хабарлады Көбен.

– Ел мен ер сынасар жері осы болса, шықсын бері, Алтайдың түте-түтесін шығарайын, көкиін деген екен, мына Аралбайдың Тұрсынбегі, – деп кіжінді Сапақ.



– Көзі жоқ атқа бәйге бер деу және бәйге беру қисынсыз-ақ, жалғыз Алтай, Қарпық ортасында болып отырған ас емес, бөгде ағайындар да бар, бәрінің де жаратып әкеп отырған дәмелі бәйге аттары бар, олар не дейді екен? Соның ішінде жеті болыс Тама,

  • қоныс- тас тәтті ағайын Ерубай би не айтар екен? Қарауылдың Көкбикеші бар Бәсентиіннің арғымағы бар, Найманның



Қарагер аты бар, Тобықтының Дөңасары бар. Осылардың бәрі де аты шулы бәйге аттар, әкеліп отырған иелері ежелден келе жатқан шораяқтар, солар не дейді екен? Өздеріңіз білесіздер ғой, әшейін тегін айтам,– деп сүйей салды Сырттанбай. Күләш әже қымыз сапырып отыр, қасында жантайып жатқан бала Шоң Сырттанбайға жалт қарады. Сонсоң әжесіне бұрылып:

    • Әже-ау, осы жоғалып кеткен атқа бәйге бере ме екен? деді.

    • Үлкендердің сөзінде не жұмысы бар, жай отыр, деп тойтарып тастады Күләш бәйбіше. Бала Шоң әлгі сөзді айтқанда Азына мен Сырттанбай бір ауыздан:

    • Балам тауып айтты ғой, десті. Сапақ пен Қошан да көтеріліп қалды. Көбен сыншы тіс жармады.

    • Көзі жоқ атқа бәйге сұрау ебестеу екен, олай болса Мұрат Торғасқаның көзін тауып әкелсе қалай болар еді, жер тар-ау, ә? деп сұрақ қойды Азына. Халық аңырып қалды. Күйеуі бала Шоңның сөзінен жеңілді Азына, екінші жағынан Таңшолақ пен Тұрсынбектен де аса алмай отыр. Сондықтан оның ойы ұйқы-тұйқы.

    • Жарайды олай болса, біз соған көндік, көкем асына мал жетеді, Торғасқаның көзін әкелсін, соны күттік, асқа келген ел тарамасын, деді Қошан. Қорысбайдың өз баласы да Қошанды қуаттап басын изеді.

Каталог: files
files -> Бастауыш білім беру деңгейінің ОҚу пәндері бойынша үлгілік тақырыптық жоспарлары
files -> Астрономия Мазмұны
files -> 1 фантастика жанрыныњ типологиясы
files -> Қазақстан тарихы 5 сынып. 2013-2014 оқу жылы
files -> Расул гамзатов
files -> Жамбыл атындағы республикалық жасөспірімдер кітапханасы Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда
files -> «№ мектеп-лицей» мемлекеттік мекемесі Күнтізбелік- тақырыптық жоспар
files -> Ермұхан Бекмахановқа Сыздайды жаным, мұздайды қаным, жан аға!
files -> Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, жергілікті атқарушы органдар көрсететін білім және ғылым саласындағы мемлекеттік қызмет стандарттарын бекіту туралы


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет