Жертөледегі жазу



бет24/29
Дата19.12.2016
өлшемі5,73 Mb.
#4135
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   29

ЖИЫРМА ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ

ҚАЙЫРЫМДЫ ТӘТЕЙ МЕН

«ТАРҒЫЛ МЫСЫҚТАР»

1

Сәбираның Алматыға келгенiне айға таяу уақыт өттi. Мақта-мата комбинатында iстеп жүргенде танысып, апалы-сiңлiдей аралары жақындасып кеткен Тәнзиламен бiрге Тастақтағы бiр дүңген кемпiрдiң үйiнде тұрып жатыр. Шығар аузы бөлек, тап-тұйнақтай шағын бөлме.

Жұмыс iздеп сығаламаған есiгi жоқ, ешқайсысы жуытпайды. Емексiтiп алады да, артынан еңбек кiтапшасын көрiсiмен нiлдей бұзылып шыға келедi. Қайда барса да Тәнзила бейшара қолынан жетелеп жүргенi. Жасып, бетi қайтқан сайын әрi жұбатып, әрi бұның өзiнен бетер күйiнедi. «Көке», «тәте» деп қанша майысса да түк өнбеген соң, былай шыға бере бұрқ етiп жарылады. Тәмпiш танауының ұшына iлiнген қалың әйнектi көзiлдiрiгiн сұқ саусағымен жоғары қарай бiр көтерiп қояды да:

– Өлә, шешеңдi... – дейдi былапыт еркектерше былш еткiзiп. – Бұлардан бiр, министрдiң орнын сұрағандай бұлданады ғой, тегi. Бүйтiп, жынымды қоздырса, Шымкенттен жаңа трудовой жаздыртып беретiнмiн!..

Ақыры соның танысының танысы арқылы, босанып баламен отырған бiреудiң еңбек кiтапшасымен
жақында ғана Түскиiз фабрикасына еден жуушы боп орналасқан.

Кейде теңiздiң суын қотарсаң да тамшы ғұрлы көрiнбейтiн тойымсыз көңiл шiркiн кейде тарыдай нәрсеге ықылық атып семiрiп шыға келедi ғой. Сондағы бұның қуанғанын айтсаңшы, төбесi көкке жарты-ақ елi жетпеген шығар.

«Жыртық үйдiң де құдайы бар» деген рас. Алматы кең болғанмен бұған оймақтай орынын қимай тарылып, қайда барарын бiлмей алақтағанда алдынан Тәнзила шықпағанда күнi не боларын кiм бiлсiн. Қатыгез тiрлiктен жүдеп-жадап келгенде Тәнзиланың көңiлiнен пана тапты, мейлi, қолынан келерi шамалы болса да, жылы сөзiмен демеп, медеу бола бiлгенi неге тұрады.

Екеуi комбинатта бiрге iстегеннен берi сыйлас,


аралас-құралас боп жүрiп бiрiн-бiрi үнсiз ұғысып, жандарымен жақындасып кеткен. Ереуiл кезiнде тұмауратып қалып, Алаңға бара алған жоқ. Кейiн «бұзықтарды» әшкерелеп комбинатта жалпы жиналыс ашқанда, қызынып кетiп: «онда не тұр, ауырмағанда Алаңға мен де барар ем!» деп аузынан қағынып, жатақханадан қуылған болатын.

Жасы отыз екiде, өз сөзiмен айтқанда, «пәшпүртi бiткен, оң жақта отырып қалған кәрi қыз». Ибә сақтайтын жерде ойын бүркемелемей баттитып төтесiнен қойып қалатын бейпiл ауыздығы да бар. Бұл кейде ескi жәбiрi есiне түсiп кетiп, қорлық пен ызадан қыстығып жылап отырса, иығынан жұлқып-жұлқып жiберiп даңғырлай жөнеледi: – Ойып әкеткен жоқ, орнында қалды. О несi-ей, соншама сыңсып. Тәннiң кiрiн бiр құман су кетiредi, жұғып қалған ештеңе жоқ. Өтер iс өттi, кеттi. Оған несiне таусыла бересiң. Өзiмiздi сөйтсе, қуанар ек!.. – Бiр мырс етiп алады да, өз iшiндегi қыжылға ауысады. – Шешесiн ұрайын, көгенде қашып кеткен шыбыштар озды. Ұят-сұят деп бiз сияқты бүгежектеген жоқ. Оңды-солды шайқап, дәуренi басында тұрғанда қызықты көрiп-көрiп алды да, ендi, мiне, түк болмағандай тымпиып, алпамсадай бiр-бiр бай құшақтап, балпанақтай бала сүйiп отыр. Сары майдай сақтағанымыз ендi итке лақтырмасақ, кiмге дәрi. Атымыз шықпасын, абырой сақтаймыз деп қысылып-қымтырылып жүрiп бәрiнен құр қалыппыз!.. Жасыма, көтер еңсеңдi. Бүлiнген ештеңе жоқ. Ажарың барда, базарың барда күл, ойна!

Бiр әкеден апалы-сiңлiлi үшеу екен. Бұл – ортаншысы. Үлкенiнiң күйеуi алкаш, жылда бала табады, қашан көрсең, қарыны шермиiп, етегiнде бiр қора маңқасы салбыраған қара домалақ үйiрiлiп жүргенi. Бейшара-ау, жылда күшiктеп не азабың бұл, ең болмаса, байың оңып тұрған жоқ десең, «нешауа, қазақтың саны көбейе берсiн» дейдi, қазақта алкаштың тұқымы аздай. Қой бағып, кетпен ұстарға жараса – жарады, әйтпесе ол да жоқ, қалқайып қара көбейткен масылдан пайда не.

«Мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықты» демекшi, сiңлiсiнiң «сый табағын» көрiп, әпшесiмен жылап көрiскендей болған. Қарағандыға кетiп едi, «блат» аз деп. Құдасы күтiп тұр ма, пұлсыз кiм алсын, қайда да тамағы тесiк пәнда емес пе. Институтқа өтпей, СПТУ-ға түсiптi. Келесi жылы хабар-ошар пышақ кестi тиылып, үн-түнсiз қалған. Не болды деп алаңдап жүргенде бiр күнi «ойбай, орыстан бала тауып алыпты!» деген хабар жетiп, төбелерiне жай түскендей болған. Қашан болсын күйiп-пiсiп жүретiн бiр Тәнзила бар баяғы. Салып ұрып Қарағандыға жеткен. Бәрi рас. Көрген жерде: – Ах, шешеңдi... б... қылғындырып өлтiрейiн! – деп үйреншiктi шайпаулығына басып, тұра ұмтылған, ананың ештеңеден қайтпастай тас бекiнiп безiрейген сұп-сұр жүзiн көрiп, тауы шағылып қалды.

– Ну-ка, сейчас же прекрати! А то позову милицию и вышвырну отсюда! – дейдi ойнасынан ұққан орысшасымен тiлiн шайнап. Омай, шiкiн, орысша сөйлеп әлдеқандай боп қапты. Дегенмен кәпiрдiң тiлiнiң мысы баса ма, бетiң қайтып қалады екен. – Я уже взрослый человек, никто не имеет право вмешиваться в мою личную жизнь. Как хочу, так и живу. Жөнiмен кеп, жөнiмен кетпесең – жолың әне!

Бұл салдақының өне бойын кәпiрдiң қаны жайлап алған екен. Анау көк тамыры адырайып қылқиған мойынды шынымен бүрiп тастауға ұмтылған бүркiт шеңгел қолдар жол ортада қаңтарылып тұрып-тұрып сылқ ете түстi:

– Әй, отызға келген мен де жүрмiн ғой өлмей-ақ, не әкетiп барады сонша сенi!

– Ну и дура, ходи сколько влезет! И на всю жизнь өтесiң қу тiзеңдi құшақтап!

– Оны өзiм бiлем!.. Иттiң қызы-ау, қазақ болмаса да бiр мұсылман бұйырмады ма?

– Какая разница! Бәрiбiр совет адамы емес пе. Ең


бастысы, сүйген адамымнан таптым.

– Ендеше, қайда сол сүйгенiң?

– Бәрiбiр өкiнбеймiн... Оның семьясы бар, үлкен жерде iстейдi. Ажырастырып қайтем, шу шықса, қызметiнен қуылады, сүйген адамымды қинағым келмейдi.

– Ой, әкеңнiң... қаншық! – деген жер тепкiлеп.

Содан берi төрт жыл өттi. Баласының аты Сережа едi, кейiн ес кiрген бе, есiмiн Саят деп өзгертiптi. Үш жасында сүндетке отырғызған. Томпиған сүп-сүйкiмдi өзi. Қазақша сартылдап тұрған сары қазақ қазiр. Соған қарап, осынiкi ақыл болды ма деп ойлап қалады кейде.

Соңғы кезде «Калинин мен Коммунистiк проспектiнiң қиылысындағы жер асты жолымен кешке қарай жүру қауiптi. Топтасқан маньяктар шығыпты, сағат жетiден кейiн жүрген әйелдердi ұстап ап, зорлап кетедi екен!» деген алып-қашпа сыбыс тараған болатын. Әзiл-шынын кiм бiлсiн, тыңдап отырсаң, Тәнзила сол жерге де барыпты. «Жетiден тоғызға дейiн жүрдiм, бiр емес, үш күн бардым. Бәрi өтiрiк, iшiңдi ұрайын. Бiр адам тиiскен жоқ қой. Әлде менi көрсе еркектiң қашатын жыны бар ма?» дейдi iшек-сiлеңдi қатырып.

Бiр күнi екi кештiң арасында сыбдырсыз сумаң етiп бiр жылтыр қара келiншек кiрiп келдi. Жалт қараған бойда-ақ көрiнген жерге енiп кететiн сұғанақ ұры иттiң тұмсығын көргендей бiр елес ұялап үлгiрген Сәбираның көңiлiне. Табалдырықтан аттай бере:

–О, Тәнзилушка! – деп дауысын соза, құлашын керiп «сүй менi, құшақта» дегендей қалшиып тұра қалды. Қысқа қиған қайратты шашының самай тұсы тiкiрейiп, сығырайған кiшкентай көзiнiң қиығынан жымың-жымың қуақы ұшқын шашырайды. Кеудесiн алға салып екпiндеп жүредi екен. Аяқтарының ұшы iшке қарай маймиып, келi түйгендей дүңк-дүңк басып төрге озғанда, ескi еден солқылдады. Қырықтың жуан iшiне енген саркiдiр әйел. Әйтсе де көңiл шiркiн жиырмадан ары қартайғысы келмейтiн тәрiздi. Қылшығы жалбыраған көкшулан «лама» пальтоны иығынан серпе шешiп, кереуеттiң үстiне тастағанда, биылғы маусымда студент қыздар мен қаланың сәнқой бойжеткендерi жаппай киiп жүрген қара мини-юбканың етегi майы қатпар-қатпар бiлезiктенiп iркiлдеген жуан санды жасыра алмай «ұялып» тұрды.

Есiмi – Ұлбану екен. Тәнзиланың ауылдасы. Газетке орап ала келген үш жұлдызды «Қазақстан» коньягiнен екеуi шай кесенi орталатып бiр-бiр тартып жiбергеннен кейiн аяқтарын айқастырып шалқалаған күйлерi темекi тұтатып, ерiн ұшынан түтiннiң көк сақинасын ауаға жарыса үрледi. Әрненiң басын шалып даңғырлап отыр. Сөйлегендерiнен күлгендерi көп. Бiр уақта Тәнзила санын сарт ұрды:

– Қап, әнеукүннен берi сен неғып еске түспедiң!

– Қайтейiн деп ең?

– Мына сiңiлiңе жұмыс iздеп бармаған жерiмiз жоқ... –


деп Сәбираның жағдайын шет-пұшпақтап жеткiзiп едi, Ұлбану қолын немқұрайлы бiр сiлтедi.

– Сол да сөз боп па. Қатырамыз ғой оны... қатырамыз!

Бағанадан берi қалай байқамағанмын дегендей бұған еңсерiле қарады. Бас-аяғын тiнткiлеп тесiп барады. Жаймадан өзi iздеген асылды көрiп шұқшия қалған саудагердiң қырағы, есепшiл көзi.

– Түрегелшi! – дедi қарашығы шырадай жанып. Сәбира түкке түсiнбей ыңғайсызданып, созалаңдай орнынан тұрды.

– Ары қарай бұрыл. – Бұрылды.

– Қанша килограмсың?

– Қайдан бiлейiн. – Жо-жоқ, алдыңғы күнi моншада өлшенген едi ғой. – Елу төрт киломын.

– Ендеше тұп-тура елу төрт кило таза алтынсың!

Ұлбану жанына кеп алақанымен сарт еткiзiп бөксесiнен қағып қалды. Сәбира дап-дардай әйелiң мына сөзiн де, ерсi қылығын да түсiнбей қызарып кеттi.

Ұлбану телефильм студиясында iстейтiн. Режиссер. Басқаларға ұқсап Москваға не басқа жерге барып арнайы оқымай-ақ алған бұл атақты. Бiтiргенi сегiз-ақ класс. Он бiрiншiнi кешкi мектептен тамамдады. Құдай берген пединституттың филфагын сырттай оқыды. Дұрысы, оқыды деген қағаз алды. Сонда да режиссер және қандай режиссер! Бiр талантты, маскүнемдеу режиссердiң екi фильмiне фамилиясын қосақтап, бiраз жерге даңқын шығарды. Студия басшыларына жоғарыдан телефон шалдырып сол фильмдердi Одақтағы мүмкiн болған фестивальдардың бәрiне қатыстырып, бәрiнен жүлде, диплом алды. Студияның пәленше жылдығына орай, былтыр «Қазақ ССР-iне еңбек сiңiрген мәдениет қызметкерi» деген атаққа да ие болды. Алда әлi талай атақ бар ғой, құдай бұйыртса олардан да үмiтсiз емес. Тек көкелер аман болсын.

Ұлбануды жарты Алматы бiледi. Өнер, медицина, сауда маңайындағы ылпың-жылпың iскерлердiң бәрiмен әмпей. Студияның директорын не атақты режиссердi бiлмеуi мүмкiн, бiрақ сен телефильмде iстеймiн десең, «О-о, Ұлбануды танисың ба?» деп сұрайды бiрден.

Астанаға тырнағын iлiктiрген, өмiрiн басқа арнаға бұрып, алдынан жарқын болашақтың есiгiн ашқан – «тарғыл мысық». Ол болмаса, Арыстың жағасында бұты қисайып, қолы күс-күс боп пияз егiп, не перрон басында қақшаң қағып қарбыз сатып қақылдап жүрер ме едi, кiм бiлсiн.

Ол кiсi – қазiр даңқы елге жайылған әйгiлi ақын. Ол кезде телефильмде бас редактор боп iстейтiн. Асай-мүсейiн асынған бiр топ киношыларды бастап аудан орталығына келе қалды. Бұл мейманханада төсек-орынды ауыстыратын кастелянша болатын. Алғашқы күйеуiмен бiр ажырасып, бiр қосылып ырың-жырың боп жүрген кезi. Сөзi де, қимылы да сылбыр, қозы қарын, кертомпақ жiгiттен оқыс өнер шығады деп ойлау қиын. Қарадай маужырап, кiрпiгiн анда-санда бiр көтерiп, кiсiмен сөйлесудiң өзiне ерiнетiндей. Терезенiң ернеуiнде шуақтап пыр-пыр етiп қалғып отырған тарғыл мысық. Еркелетiп басынан сипағың келедi. Бiрақ бойкүйез, момақан сырты ғана екен. Алдынан ұрғашы торғайды да көлденең ұшырмайтын қырғидың өзi болып шықты. Алматыға келсең, далада қалмайсың деген. Кейiн, еркектiң қай уәдесi есiнде тұрушы едi деп, онша сенiңкiремей күдiктенiп келгенде сертiнде тұрды. Осы студияға ың-шыңсыз орналастырып, жатақханадан жеке бөлме алып бердi.

Қала деген – бiреу көрiп қоя ма, естiп қалмасын деп аяғыңды аңдап басып, сыбырлап сөйлейтiн ауыл емес, ұлан-асыр еркiндiк екен. Бiраз уақыттың iшiнде көкiрек тереңiнде бұрын бiлiнбей бүлкiлдеп жатқан талай бұлақтың көзi бұрқ етiп ашылды. Жарқылы көздi арбаған таңсық өмiрдiң айдынына құлаштап қойды да кеттi. Сүңгiген сайын құмары ашылып елiге түстi, асау толқын батырып жiбередi-ау деп қорыққан жоқ – желкенiн жайып, қатарында «тарғыл мысық» жүрдi.

Бiраз жыл уызын қақтап тояттаған соң жалықты ма, әлде бұның обалын ойлағаны ма, ақылы аздау, ақшасы көптеу өзiнiң кексе тартқан бiр ауылдасымен таныстырған. Екiншi рет соған тұрмысқа шыққанда тамада боп, тойларын өзi басқарды. Содан кейiн де аралары үзiлген жоқ. Үйреншiктi әдетiмен «жеңгенiң бiр бұты – байыныкi, бiр бұты – қайыныныкi» деп жамбастап жатып алады. Бұл болса, баяғының әзiл жарыстырғанмен адалдықтан аттамайтын әзиз жеңгесiндей «екi бұтым да қайнымдiкi, ортасы – байымдiкi» деп жалт беруге жарамайды. Сөйтiп жүрiп тапқан жалғыз қызының кiмдiкi екенiн өзi де анық бiлмейдi. Абырой болғанда, әкесiне тартпаған, сойып қаптап қойған өзi. Ол құрғыр да, мiне, жиырма үштен асып барады. Күйеусiз қалатындай жанталасып, үш бала тауып отыр былықтырып. Қыз кезiнде сыланып-тарануға құлқы шамалы сорлы ендi тiптен жүнжiп, күтiнудi қойды. Бұғағы салбырап, көзiнiң алды күлтiлдеп, өңiн ескiлiк жайлап алған. Өз жасынан әлдеқайда кексе. Осы күнге дейiн айнаға қарап күрсiнбеген басы соған қарап күрсiнедi. Оған шеше болу – кемпiр болу емес пе! Бөтен жұрттың көзiнше қартайғысы келмей, сiңлiм дей салатын.

«Таң атпаймын дегенге күн қоя ма». Өз бетiңдi қанша жерден бояғанмен уақыттың бетiн бәрi бiр бояп жасыра алмайды екенсiң. Қалт-құлт еткен талай шалды етегiнiң желiмен-ақ құлатып түсiретiн едi-ау. Әукесi салбыраған сол кәрi азбандар ендi мойны қисайып, басқа жаққа қарап мөңiрейтінді тапты. Соны көргенде көңiлi түскір қалай жасымасын. Нешауа, уақытым өттi деп өкiнбейдi. Басқа тауық ми тоташтарға ұқсап ажары мен базарын шампанның буына алданып ресторандарда қалдырған жоқ. Бар жағдайын жасап алды. Үйi бар, дипломы қалтада, атағы анау... Ендi бiр аттаса, «Халық артисiнiң» төбесi көрiнiп тұр. Одан кейiн Мемлекеттiк сыйлық... Ақымақ шалдар аман болса, оның да ауылы алыс емес, желкiлдеген туы жығылмай әлi талай қырқадан көрiнер.

Жеңiл-желпi аяқ-лауға болмаса, салмақты, саудалы жерде бұрынғыдай бағасы өтпейтiн болған соң ақырғы кездерi кәсiптiң басқа түрiне көшкен.

Алматыда не көп – ауылдан кеп жай-күй таба алмай қаңғып жүрген қыздар көп қазiр: оқуға түсе алмаған, жұмыс жоқ, болса да ауыр, лас; жатақхана үшiн балабақшада гаршок тасуға, ауруханаларда науқастың астын тазалап, дәретхана жууға кешегi бiр-бiр үйдiң еркесi жиiркенедi, қорланады. Ауылға қайтайын десе, қолына таяқ ұстатқызып қой баққызып, трактор айдатып қоятын «комсомол-жастар бригадасынан» басқа кел-кел деп құшағын ашып тұрған не қызық бар. Өстiп қиналып шөре-шөре боп жүрген шикiбас сiңлiлерiне «қамқорлық» жасауды қолға алған. Ол құрғырлардың мұрнын тескен тайлақтай ә дегеннен елп ете түсетiнi бар да жақсылықты түсiнбей тыртысатындары қаншама! Ондайда алдайды, арбайды, алдынан қу дүниенiң қызыл түлкiсiн қиялатып қыздырмалатқанда елiкпейтiндер кемде-кем. Қандай асау болса да құлақ түбiнен ақырын қасып отырып тар ноқтаны басына кигiзе салады. Тiзгiн ұшынан шым-шымдап тартып жетелей бер. Одан зиян шеккен ешқайсысы жоқ. Бәрi өзiне керектi жағдайды жасап алды: прописка жасатты; оқуға түстi; жұмысқа орналасты... Ұят-сұят деп жарық дүниеге шыққысы келмей жұмысшы жатақханасының кiр-қоң сасыған қараңғы бұрышында илектелiп жата бергенде арақтан аузы құрғамайтын дыр-дуы көп ортада бәрi бiр, бiр күн болмаса, бiр күнi қызғыштай қорығаны қызыл итке жем болары хақ. Бұныкi – екi араға дәнекер болу, жеңгетайлық. Бұрынғының жеңгелерi қыз бен жiгiттi оңаша жолықтыртып, «қол ұстатар», «шаш сипатар», «көрпе қимылдатар...» дейтiн кәде алмайтын ба едi. Бұл да сол сияқты. «Қызды жеңге бұзады, жеңгенi теңге бұзады». Онда не тұр. Қазекемнiң ежелден қалыптасқан қағидасы. Әйтпесе, өстiп мақал шығара ма!

Басқалардай мейманханаларды жағаттап, ондағы кезекшiлермен жең ұшынан жалғасып, ауыл, ауданнан жиын не командировкаға келiп, арам ақшаларын қайда шашарын бiлмей аласұрып ерiккен жуан қарын байшыкештердi торуылдамайды. Ондайдың дабырасы көп. Құлағы төбесiне бiткен иiсшiл үндеместердiң қара тiзiмiне iлiгуiң әбден кәдiк.

Бұның қара суда iз қалдырмайтын сенiмдi өз кiсiлерi бар. Қажетiне қарай рангалары әрқилы: үлкен үйдегiлерден бастап қоймашыға дейiн. Қызыл көрсе, еркек итке бәрi пiшту.

Құрылыс учаскесiндегi прораб танысын үйiне шақырып, коньякқа тойған соң томпиған бiр сұлумен оңаша қалдырып, есiктi сыртынан кiлттеп кетiп едi, ертеңiнде бригадасын жауып жiберiп, екi-ақ күнде пәтерiн сылап-майлап саңғыратып бергенi. Өткен жолы келгенде Тәнзилаға мақтанып азу тiсiн көрсеткен: «Мiне, көрдiң бе, екеуi де алтын. Бұл – әлгi Әмина сұлудың пәленшесi!» деген бейпiл ауызданып. Құрғыр Тәнзиладан сөз артылған ба, «бәсе, сол екен ғой аузың с... сасып тұрғаны», десiн. Бұл «сасыса да алтын!» деген қызарақтап.

Ұлбану саусағының арасында түтiндеген темекiнiң шоғын анда-санда бiр қызарта сорып қойып, ойланып отыр. Сiлеусiн көздерi үшбұрыштанып шабытпен лыпыл қағады. Көкiрек айдынын шолп-шолп еткiзiп шоршыған алтын шабақтардың қайсысын ұстарын бiлмей абдыраған күйде. «Шiркiнде мүсiн қандай, ажар қандай! Хордың қызы да осындай-ақ болар. Мұндай


«товарды» арзымайтын жерге қор қылмау керек. Бұйыртса, бiр қарпытып қалатын жер осы. Сом алтынын қай мырза алақанға апарып салса екен? Хасан-Ғалиға
ма? Әппақ сақалын сап-сары ғып сапситып бояп алған жалмауыз мұны көргенде өлiп түсетiн шығар. Қақтығып он жыл түрмеден жаңа шыққандай қатын десе мысық
көзi жайнап кетедi. Айтпақшы, өткенде «Ұлжеке-ау, қаңсып жүрмiз, бiрдеңе қарастырсаңшы», деп қылқылдаған соң сылаңдаған бiр сылқымды жетегiне қосып берген. Ертеңiнде ол құрғыр: «анауың импотент қой!» деп аузы бұртиып тұр. Ол не екенiн әуелгiде түсiнбей қалған, сөйтсе ана пәле екен ғой. Баяғыда, өзiмен әмпей-жәмпей кезiнде дәрi iшiп күшенiп жүретiн, одан берi не қауқар қалды дейсiң. Сонда да оқырануын қоймайды. Бұны қолына бiр түсiрсе, тiстей қатып айрылмайтыны анық. Түк бiтiрмесе де «жақсы мен жылтырақтың бәрi менде болсын» дейтiн өзiмшiл ашкөздiктен еркек жазған қашан тартынушы едi. Кезектi киносын түсiруге дайындалып жүр. Массовкаға қатыстырар, ассистент қылар... әйтiп-бүйтiп көңiлiн табады ғой. Өзi де ажарлы кәпiр, массовкада жүрсе де жарқ ете түсер. Бiрер ауыз сөз жаттап, режиссердiң көрсеткен қимылын қайталау қиын дейсiң бе. Сөйте-сөйте ортақол актер боп шыға келуi де ғажап емес.

«Адам қылған сiз едiңiз» деп жақсылығын бiлсе жақсы. Ес жиып алған соң айтқанына көнiп, айдағанына жүре ме? Қайдан көрiп едiм сен, қара қатынды деп бөксесiне бiр тепсе қайтпек. Қызығын Хасан-Ғали көргенде бұл қайда қалмақ? Ол өзi нахал, арсыз. Адал сауданы бiлмейдi. Алуға келгенде аузын арандай ашқанмен, беруге жоқ, жақсылықтың есесiн қайтарайын демейдi.

Әлгi Ким-Ир-Сеннiң iнiсi сияқты жылтыр бет қала бастығымен саунаға бiрге баратын жақын дос, не сонымен таныстыр, не өзiң кiрiп бiреудiң майдангер әкесiне кезексiз пәтер алуға көмектес деп айт деп өтiнгенiне үш айдан асты. Көрген сайын жүн-жүн аузын апандай ашып, ха-ха деп

қарқ-қарқ күлiп әлi жүр. Қолынан басқа келерi жоқ. Бұрын өнер институтында қабылдау комиссиясының мүшесi едi, өйтiп-бүйтiп бiрер бала түсiрiп, сорпа-соғымын айырып тұратын, ректормен iлiнiсiп, биыл одан да қағылатын түрi бар. Қой, сақалды шайтанға сенiп, екi ортада теке сауып далада қалар.

Саф алтынын кiмге саудаласа екен? Мехкомбинаттағы Карен Степанянға ма, әлде темiр жолдың дөкейi Абрам
Иваныч дұрыс па? Қайсысы болса да жөннен жығылмайтын жайсаң. Ойбүй-ау, айтқандай Шықаң бар екен ғой, Шықаң бағанадан берi неғып еске түспей отыр! Ең ыңғайлысы сол. Бұлтағы жоқ, көңiлiн тапсаң, бұйымтайыңды тастай қылады. Қолы ұзын, орнында отырып созса, Алматыдағы талай кабинеттiң есiгiне жетiп жатыр. Өзi де ұрты бұртиып өкпелеп жүр едi, бап болатын болды. Жиырма жастай кiшi жалаңдаған татар қатыны бар, шыдатпай әкетiп бара жатқан не деген құрт десеңшi қағынған қақпастiкi. Селкiлдеп отырып кiрпияз, апарған кiсiңдi кейде ұнатпай қабағын кiржитетiнiн қайтесiң!

Өткенде оңтайы келiп тұрған бiреулердi алып барам деп басы пәлеге қалғаны. Бiрiншiсi, тәп-тәуiр өңi бар аспирант болатын. Екiншiсi корей келiншегi едi. Соны көрiп тас-талқан туласын: «Шырағым, сен менi кiмге санайсың? Кешегi әкелгенiңдi көңiлiңдi қимай сөйте салдым. Ендi мынауың не, аңырайтып-саңырайтып әкеп тұрған. Үйде қызға бергiсiз қатыным отыр. Бұл қай мазағың? Мен қыздың өзiне таңдап баратын адаммын!» деп, пенжагын жүре киiп, есiктi тарс жауып шыға жөнелген. Содан берi хабарсыз. Ендi сол әттеген-айдың орнын еселеп толтыратын болды. Мына перiштенi көргенде, үтiктеген ескi көйлектей, кәрi шайтанның бар қырыс-тырысы жазылатын шығар!

Небiр сәулелi елестерге арбалып есi шыққан Ұлбану үлкен есеппен Сәбираны қайта-қайта айналып-толғанып, қас қарая үйiне қайтқан.

2

Араға жұма салып, бiр күнi құлқын сәрiден, ұры иттiң тұмсығындай сумаң етiп, үйге кiрiп келдi. Алқын-жұлқын жүрiсi суыт. Етегiнен жел борайды. Тура жүз жыл жоғалтқан сiңiлiсiн жаңа тапқандай, Сәбираны бас салып екi бетiнен алма-кезек сүйiп-сүйiп алды. Орнынан жаңа тұрып, ұйқысын әлi еркiн ашпаған Сәбира қуырған бидайдай бытырлаған тоқтаусыз сөздiң бiрiн ұқса, бiрiн ұққан жоқ. Қатты абыржып, қапылған түр. Алты аласы, бес бересi жоқ айдаладағы бiр апайдың осынша мейiрiмi түсiп қамқор болғанына етжүрегi елжiреп hәм осыншама әуреге түскенiне ыңғайсызданып қарадай қысылды.

Апайы:

– Жаным, күнiм! – деп шашынан сипады. – Бол, тез жинал! Туh, әзби, таксилетiп әзер жеттiм, түге. Шықаң бүгiн жұмысқа шығады. Минскi дей ме, бiр жерге жиналысқа кете қалған екен, өлә, бiр апта бойы ит боп есiгiн аңдыдым ғой. Ерте барып орнынан баспасақ, тағы да бiр жерге зып ете түсер!.. Боян, жақсы киiмдерiңдi ки.



– Тойға бара жатқан жоқпыз ғой!

– Неге той емес, нағыз той! Бүгiн сәтi түсiп кетсе, бүкiл өмiрiң той болмақ... Мынадан басқа көйлегiң жоқ па? – дедi кереуеттiң басында асылған арзанқол сатин көйлектi менсiнбей иегiмен нұсқап.

– Онда мынаны киейiн бе? – деп Сәбира шкафтан бiр реңдi белдiгi бар қоңыр трикотин көйлек алып шығып едi, Ұлбану одан сайын осқырынды.

– Мынауың уборщицаның киетiнi ғой!

– Өзiм де уборщица емеспiн бе?

– Жоқ, сен ендi принцессасың, шаhзадасың! Киiмiң де соған лайық болу керек.

Екi көйлектi кезек кигiзiп көрiп, Ұлбану таң-тамаша, басын оңға бiр, солға бiр бұлғап таңдайын тақылдатты:

– Құдай-ау, не кисең де жараса бередi екен ғой! Түкке тұрмайтын бөздiң өзi ханшаның үстiндегi асылдай жайнап шыға келдi. Ой, менiң алтыным, гауhарым, жүр, кеттiк, «қашпақ болсаң – зымыра» деген, тез жетпесек, орнын сипап қалармыз!

Таксидiң артқы орындығында бұрышқа тығыла бүрiсiп отырып та, колонналарға кеудесiн тiреп асқақтаған ақ үйдiң кере тартқан гармонның көрiгiндей табан астында дыңылдаған мәрмәр баспалдағымен өрлеп келе жатып та «Япыр-ай, оқу-тоқуым жоқ, мұндай жерден маған жұмыс табыла қойса жақсы. Жұмыс iстемек түгiлi жүрiп-тұрудың өзi қиын шығар!» деп, жүрегi дүк-дүк соғып қобалжумен болды.

Үшiншi қабатқа көтерiлдi. Асқақ салтанат тұнған дөңгелек, кең фойе. Төбеде шаңырақтай шамдал. Қабырғаға қарасаң, көл жағасында тұрғандайсың – баяу толқыған айдын бетiнде жалғыз қайық қалықтап барады. Ортада шахмат тақтасының суретi салынған жылтыр стол, төрт бұрышында қара былғарымен қапталған былқылдақ төрт кресло. Созылған кең дәлiздiң қос қапталы қатар-қатар емен есiк. Еденде түгi сүйем қарыс, екi шетi жасылмен көмкерiлген, гүлдi қызыл кiлем. Айналаңа қараған сайын осынау сән-салтанат тыныстаған әлемге өзiңнiң жат, жабайы екенiңдi сезiнiп, еңсең басыла түседi екен.

Ашық тұрған есiктерден естiлген машинканың тықылы, телефонның шылдыры, бұйырған, бас шұлғыған ию-қию дауыстарды қақ жарып өтiп, дәлiздiң тұйығындағы ең айдынды, жылтыр, қоңыр есiктi ашқандары сол едi, оң жақ төрде көп телефонның бiрiн құлағына жапсырған шөмеле шаш, ақ томпақ келiншек көзiлдiрiгiнiң үстiнен сүзiле қарап, сәлем ишаратымен бас изедi де трубкаға қайта ерiнiн тақады. Дауысын сыбызғыдай созып назданып сөйлейдi екен: – ... Ол кiсi болмай тұр, ағасы. Жиналысқа кеткен... Белгiсiз... Жарайды айтайын...

Табалдырықтан аттай берген Ұлбану мұны естiгенде тұрған жерiнде тыпырлап шар ете түстi:

– Шықаң кетiп қалды ма? Қап, ендi қайттiк, ұстатпайтын болды ғой, құдай-ай!

– Қапаланбаңыз, Ұлеке! – дедi келiншек сыңғырлап. – Шықаң сiз үшiн бар. Аналарға жай айтып жатқаным ғой. Әйтпесе осында топырлап мазаны алады. Пайдасыз бiреулер!

– Е, солай десеңшi! Зәрем ұшып кеттi ғой, түге. Өй, жаным сол, жақсы сөз шығатын аузыңнан әкелшi, қане! – Ұлбану дүр жадырап құшағын жая жақындап келдi
де, екеуi бiр-бiрiне қарсы ұмтылып, ерiндерiн шүршитiп шөп еткiзiп сүйiстi. – Жаным, рестораның мойнымда. Мынамен шай iшерсiң, – деп сөмкесiнен ап газетке оралған қорапша конфеттi, үлбiреген келiншектiң қолдарын сермеп көрсеткен әлсiз қарсылығына қарамай суырмаға сүңгiтiп жiбердi.

Есiгiнiң жақтауына iлiнген қара шыныдағы жазу да, отырған кабинетi де соншалық айдынды болғанмен, Шықаң сол биiк мәнсабына мүлдем қабыспайтын қалбалақтаған қарапайым кiсi екен. Шағын денелi, қушық жақ, шүңiт көз. Ұшы самайға қарай шашырай серпiлген қою қастарына ақ жүгiре бастапты. Хнамен бояп шалқайта қайырған толқынды, сұйық шашының түбiндегi пышақ қыры тебiндеген ақ та жасырған жылдардың iзiн әйгiлеп сатып тұр. Орнынан жайлап тұрып, ұзындығы кере құлаш, қызыл емен столды айналып келiп, бұлармен қол алып сәлемдестi. Екеуiн екi жағына алып, шынтақтарынан демей, ортадағы шағын, ұзынша столдың басына жайғастырды. Өзi де орнына бармай айналмалы крселоның бiрiн жылжытып әкеп, Ұлбанудың оң тiзесiн баса отырды. Екеуi көптен ұшыраспаған ескi достарша емен-жарқын қауқылдасып жатыр.

Ақ томпақ келiншек есiктi сықырсыз ашып, жылтыр табақшамен құлақты үш фарфор тостаққа құйылған кофе, конфет, печенье сияқты жеңiл-желпi дастарқан мәзiрiн еппен ортаға қойды да, қара юбканы шерткен жұмыр мықынын ойната басып шығып кеттi.

Шықаң: «Минскiден әкелген сарқытым» деп, сейфiнен бүйiрi дөңгеленген жалпақ, мойыны ирек-ирек, қақпағы бұрандалы шетел коньягiн алып, оймақтан сәл қалқыңқы үш күмiс рюмкаға қасқалдақтың қанындай мөлтiлдетiп құйды.

Сәбира арақтың да, коньяктың де дәмiн бiледi. Мектеп бiтiру, туған күн кештерiнде ептеп ауыз тиген. Әлгi жаманатқа ұшыраған күнi бейтаныс қыздар жатақханасына ап кеп, қасырет-қорлықты ұмыттыру үшiн қырлы стакан спирттi тарттыртып жiбергенде тiптi су iшкендей сезiнбеген. Бiрақ мына үлкен кiсiнiң алдында рюмкаға қол созуға дәтi барар емес. Iшпеймiн деп азар да безер болып едi, Ұлбану:

– Шықаң өз қолымен ұсынған тұңғыш дәмнен бас тартқан ырымға жаман. О несi-ей, бәлсiнiп, жаңа үмiт, жақсы тiлектiң үстiнде отырғанда! Шықаң кiмге өстiп өз қолымен коньяк бередi дейсiң. У болса да iшiп қой!.. –


деп тақымдап қысаған соң, амалсыз қысыла-қысыла Шықаңмен соғыстырып, рюмканы жарым-жарты ұрттаған болды. Дыз еткiзiп қуырған күйiк аралас кермек дәм көмейге жетпей тiл ұшында қалды.

– Түу, көзге тамызатын дәрiдей, таңдайымыз да тұшынбады ғой! – деп Ұлбану кофеден босаған тостаққа қол созған.

Шөлмек орталанып, коньяктың қан күрең түсi Ұлбанудың бетiне көшкен соң барып екеуi негiзгi бұйымтайға ауысқан. Қайда орналастырсақ екен деп көп ойланды. Ұлбану бұның Алаңға барғанын, артында қоңырауы бар екенiн айтып қауiп қылып едi, Шықаң алғашында оң қабағын оқыс ыршытып сәл ойланып қалды да, қолын бiр-ақ сiлтедi:

– Бұтаға паналаған торғай да аман қалады. Бұта құрлы пана болуға жарайтын шығармыз!

«Бiттi, құрыдым» деп алақаны терлеп, ине ұшында қылпылдаған Сәбира иығынан тау түскендей қалай «уh» деп жiбергенiн өзi де сезген жоқ. Қуанып кеттi, көзiне жас үйiрiлдi шүпiлдеп: «Неткен ер, неткен әзиз жан. Дүниеде мұндай да қайырымды адамдар бар екен ғой. Әкетай-ай, бұл қарызыңды қайтсем өтер екем?..»

– Қолыңнан не келедi? – дедi Шықаң назарын тiктеп.

– Бiлмеймiн...

– Машинка баса аласың ба?

– Жоқ. Еден жуушы болсам да жарайды.

– Қой, айналайын. Алтын басыңды өйтiп қор тұтпа. Әдейi келiп отырып ол не дегенiң... Орысшаң қандай?

– Ол жағынан ұяттылаумыз, – дедi Ұлбану қыстырылып. – Ауылда қазақша оқыған баланың орысшасын бiлесiз ғой.

– Қап, орынбасарымның секретаршасы как раз декретке кетiп, орны бос тұр едi. Әлде тәуекел етемiз бе?

– Жо-жоқ! – дедi Ұлбану екi қолын текенiң мүйiзiндей төбесiне көтерiп. – Ол әлгi жылтыр қара ма жалаңдаған? Жемтiк көрген құзғындай көзi жаман сол неменiң!.. Қораңызға келген қозыны қасқырға жетелетiп қайтесiз. Не болса да өз көз алдыңызда жүргенi жақсы ғой...

Екеуi ұзақ шүңкiлдесiп, ақыры курьер ғып алуды лайық көрдi.

– Жеңiл жұмыс, – дедi Шықаң саусақ ұшында мытып ұстаған қызыл қарындашты шыр айналдырып. – Сабаққа дайындалсаң да ыңғайлы. Институтқа сырттай түсем десең – көмектесемiз. Жатақханадан орын әперем... Бiрте-бiрте бәрi болады. Тек... бәрi өзiңе байланысты...

Соңғы сөздi айтқанда ойнақыланып, дауысы бiр түрлi құбылып шықты.

Қоштасқанда Шықаң қолын ұзақ қысты. Алақаны ып-ыстық, дiрiлдей ме қалай? Жоқ, жүрегiнiң дүрсiлдеп соққаны сезiлiп тұр.

Сыртқа шыға бере Сәбира Ұлбануды құшақтай алды, шөп еткiзiп бетiнен сүйдi. Мынандай мекеменiң есiгiнен кiрiп-шығып жүргеннiң өзi бақыт емес пе!

– Апатай-ай, бұл жақсылығыңды өлгенше ұмытпаспын!

– Соны түсiнсең болды, – дедi апатайы салмақтанып. – Курьер болғаның – «фюрер» болғаның! Тек Шықаңның көңiлiн тауып, дегенiн екi етпесең болды.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   29




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет