Жертөледегі жазу



бет3/29
Дата19.12.2016
өлшемі5,73 Mb.
#4135
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29

ҮШІНШІ ТАРАУ

ҚАНАТСЫЗ САМҒАУ

1

Сол жолы Айтуаров Бас хатшының алдынан қатты ширығып шыққан. Жаны ышқынбай қайтсiн, бар еңбегi зая кетсе. Өмiрi мұндай күйiнбес. Көзiрiн сайлап, ненi жүрiп, қалай басуды бүге-шiгесiне дейiн ойластырып, екi алақанын ысқылап отырғанда, картасын араластырып жiберген – ана ұзын шал! Алақанына қонғалы тұрған бақыт құсы, мiне пыр етiп көзiнен бұл-бұл ұшты. Бұл қысастығын өлсе кешiре ме! Бұлтиған екi бетi күйген бауырдай қоқ болып түтеп кеттi. Ерiндерi дүрдиiп, дiр-дiр етiп икемге келер емес. Іштей қарысып, айналасына сыр бермеуге тырысқанмен ұзын дәлiздiң екiншi басындағы өкiлдiк бөлмесiне жеткенше шайқалақтап, екi-үш рет құлай жаздап, қабырғаға сүйенiп әзер еңсе тiктеген.

Осы ертең өседi-ау, күнiм түсуi мүмкiн-ау деген адамдармен ерте бастан жақындасып, әмпей болып алу Айтуаровтың ежелден бергi әдетi болатын. Бұл – оның әбден меңгерген ғылымы. Ішкi түйсiгiнiң қалт жiбермей дөп басатын сезiмталдығында дау жоқ. Михаил Сергеевич сонау Ставрополь өлкесiнен ауылшаруашылық жөнiндегi хатшы боп топ ете түскенде-ақ, бұл жiгiттiң алысқа шабатынын сезе қойған. Қылыштың жүзiндей қылпып тұрған жас, экономика мен саясатқа бiрдей жетiк эрудит. Жан-жақты бiлiмдар. Маргарэт Тэдчермен ағылшынша сөйлесiп, ағылшынша интервью бергенiнiң өзi неге тұрады. Совет басшыларын қашан да iлiп-шалып, қағытуға құмар Батыс баспасөзi бұған келгенде аузына құм құйылды, “жаңа тұрпатты басшы” деп әндерiн өзгерте бастады. Михаил Сергеевичтiң бiрер мәрте сөзiн тыңдап, өзi де тәнтi болған. Қағазға қарамай-ақ сағат бойы сiлтей бередi екен сабазың. Кейбiреулер мылжың, демагог дейдi мұрынын шүйiрiп. Өзiне ұнайды. Бiлген соң айтады ғой. Ар жағынан лақылдап ағыл-тегiл келiп тұрса, сайрамағанда ше!

Жаңа шыққан жас перiмен көп ұзатпай Москваға бiр барғанында әдейiлеп танысып, жүз жылытып алған. Содан кейiн орайын келтiрiп жиi кездесiп тұруға тырысатын. Жайдары, ашық мiнез. Бетiн қайтарып көрген емес. Бұл да буынға түсiп, қалай сөйлеудi бiледi ғой. Екеуi тез тiл табысып кеткен.

Ақыры айтқаны айдай келiп, жыл өтпей Сяси Бюроға мүше болды. Брежнев қайтыс болған соң Бас хатшылыққа кандидатурасы алғашқылардың бiрi болып аталды. Екi мәрте кәрi қақсалдар айласын асырып, алдын орап кеттi. Үшiншiсiнде әйтеуiр атқа қонды ғой. Жастың аты жас. Жылдар бойы қалғып-шұлғыған Кремльдi ұйқысынан дүр сiлкiп оятты. Басы толған идея екен. Жеделдету, қайта құру, демократияландыру... деп, күн сайын ұрандатып жаңа бастама көтередi. Байтақ елдiң сал болып сiресiп қалған денесiне жан бiтiп, қан тамыры бүлкiлдеп соға бастады.

Бас хатшы Қайта құру машинасының жедел жүрiсiне iлесе алмағандардың ешқайсысын аяп жатқан жоқ. “Іс түйiнiн кадр шешедi” деп, Кремльдi тез арада тiрi өлiктерден тазартты. Саяси Бюродағы кәрi-құртаңдардың да бiртiндеп мүйiзiн қағып жатыр. Демек, Қонаевтың да күнi таяу деген сөз. Сонда Бiрiншi кiм болмақ? Осыны ойлағанда Айтуаровтың түн ұйқысы төрт бөлiнедi. Көңiл алабұртып, қиял шiркiн тұрақ таппай шалықтап аласұрады. Бас хатшының ұзын шалды қырына алғаны анық. Мың жерден көсем, гуманист, данышпан дегенмен, ол да кеудесiне бiр аяқ ас сиятын пенде. Тақ тартысында қаншама саяси интригаларды бастан кешкенiн қалай ұмытсын. Екi рет бақ сынап бәйгеге түскенде аяқтан шалып, омақастырғандардың жуан ортасында жүрген адамды аясын ба. Демек, Қонаевтан iргенi аулақ алған абзал. Саясатта дос, жолдас жоқ. Одақтас қана бар. Оның өзi уақытша. Түпкi мақсатқа жету үшiн қандай айла қолдансаң да айып емес. Қонаев – күнi өткен адам. Осы өмiрiндегi көрген қызығы да бойына құт. Ендi оның атына кiр келедi-ау деп абройына қарайлаудың қажетi жоқ. Өз болашағын ойлап алға ұмтылу керек, алға!



Айтуаров – сезiк, түйсiгi өте жетiлген, қабақ танығыш сұңғыла адам. Бас хатшының жанына не жағатынын түсiнiп, жығылатын қыбыласын бiрден өзгерте қойған. Сөйтiп, ұят-обалды белден басып, Қонаевқа ашық қарсы шығуға көштi. Орталық газеттерге интервьюлер бердi. Көр-жердi бықсытып, баспасөзде қаралайтын мақалалар ұйымдастырды. Көбi өсек-аяң. Дәлелденбеген күннiң өзiнде күдiк қалады деп, бақай есеппен жасалған көрбiлте зымияндық. Мұның бәрi, әрине, ұсақ-түйек, ауыз тұщынбайтын нәрсе. Онымен тамырын тереңге жайған ұзын шалды серең еткiзiп орнынан қопарып тастай алмайсың. Жанды жерiнен тырп еткiзбей ұстайтындай қандай кiнә тапсам екен деп көп ойланды. Ақыры тапты. Үстелiнiң үстiндегi жатқан “Республика басшы кадрларының анықтамасын” парақтап отырып, санын бiр соғып, орнынан ұшып тұрған. Қуанып кеттi. Ауданнан бастап республика деңгейiндегi басшылардың сексен үш процентi қазақ екен. Ал қазақтың саны республика халқының қырық процентiне де жетпейдi. “Вот, где собака зарыта!” деп өзiнен-өзi рахаттана айғайлап жiбердi. Мiне, факт! Тырп еткiзбейтiн дәлел. Ұлтшылдық деген осы емес пе! Кремльдегiлердiң жергiлiктi басшылардың ұлтшылдығы десе, көздерi қанталап кететiнiн жақсы бiлетiн. Сондықтан мәселенiң бәрiн осылай қарай қисайта беруге тырысты. Осы әдiс арқылы студенттер мен аспиранттардың да ұлттық үлес салмағын есептеп шығарып, қансонардан қанжығасы майланып қайтқан аңшыдай құнжыңдап, алақанын құшырлана ысқылаған. Ұзын шалың үндемей жүрiп-ақ бiраз нәрсенi тындырған екен. Басқа кезде “жарайсың, жан көке!” деп қолын қысар едi. Бiрақ қазiр өзi ескен жiбек бауды өз мойнына салып буындырғалы тұр. Бәрiн жедел түрде хаттап, Бас хатшының алдына апарған. Оның да iздегенi осы болса керек. Арлы-берлi бiр парақтап шығып, көзi күлiмдеп қоя бердi. “Молодец, Айтуарчик!” деп жауырынан қақты. Сол жолы өзiңе үлкен сенiм артамын, бұл еңбегiңдi ескеремiн дегендей емеурiн танытқан.

Айтуаров бұл шаруаның басын бiр қайырып алғаннан кейiн, айналасындағы “осы алдыма түседi-ау” деп қауiптенгендердiң iргесiн қазуға кiрiстi. Бәрiн жайпап жолын тазартпаса болмайды. Ертең “бұлардың өз iштерiнде iлiкке жарар кiм бар екен?” дегенде, маңдайы жарқырап жалғыз өзi тұруы керек емес пе. Мұндайда арқа сүйейтiнi – КГБ-ның бастығы Миронин. Соның қолымен от көсейдi. Екеуi ежелден әмпәй, жең ұшынан жалғасып, бiр-бiрiнiң қажетiне жарап келедi. Бiр бақталасының ышқыры бос едi, алдынан ұрғашы торғайды көлденең ұшырмайтын сайыпқыран. Тау жақтағы саунада аспирант келiншекпен әмпәй-жәмпәй тыр жалаңаш күнәға батқан жерiнде жасырын камера арқылы суретке басып бабын тапқан. Екiншiсiнiң iзiнен ит жүгiртiп едi, өңешi кеңнiң өзi болып шықты. Шымкенттегi таксопарктiң директорынан пара алды деген домалақ арыз бар екен. Көшiрмесiн алып хаттап қойды. Демек, оның да етегi аяғының астында деген сөз. Ең қауiптiсi Ардабеков едi. Соны қалай сүрiндiрудiң қисынын таба алмай көп қиналған. Ішпейдi, жүрмейдi, пара десе аза бойы қаза. Спирттен босаған бөтелкедей кiршiксiз мөлдiреп тұрған бiреу. Жұмысына мығым, iскер. Ана Оңтүстiк облысқа барғаннан берi абройы тiптi аспандап, аңыз болып кеттi. Әйелi елмен бiрге сүттiң өшiретiне тұрады екен, өзi үйiнен обкомға машинасыз жаяу баратын көрiнедi, кейбiр совхоз, аудан басшыларының хан сарайындай үйлерiн тартып алып, көп балалы семьяларға, балабақшаға берiптi; болмаса, пәлен ауданға барам деп қойып, олар көшелерiн тiлмен жалағандай тазалап, жаймаларын жайнатып, кездесетiн адамдарын сайлап, сөйлейтiн сөздерiн жаттатқызып қапылып жатқанда, мүлдем бейғам отырған басқа бiр жаққа топ ете түсiп, төбелерiне жай түскендей опыр-топырын шығарады екен. Жөнi келсе, елеусiз киiнiп, мекеме, дүкендердi аралайды дейдi... Дәл бiр Штирлиц, құдды бiр Һарон Рашиди патша! “Ардабеков келгелi көзiмiз ашылды. Шiркiн, басшының бәрi осы кiсiдей болса ғой!..” деп Оңтүстiк елiнiң ол дегенде аузының суы құриды. Бiрақ айналайын КГБ-дан айла артылған ба, Миронин екеуi оны да тұзаққа түсiрген аңдып жүрiп. Ардабековтың жалғыз ұлы политехникалық институттың үшiншi курсында оқитын. Бiр күнi рестораннан шыққан жерiнде үндеместiң жiгiттерi ұстап алып, тасаға алып барады. Аузына арақ құйып әбден мас қылады да милицияға ұстатып жiбередi. Іс қозғап, үлкен шуға айналдырады. Газет бiткен жарыса жазып: “Мiне, масқара! Баурындағы баласына тәрбие бере алмаған адам халыққа қалай басшы болады!!!” деп даңғара қаққан... Сөйтiп бәрiн жолдан сыпырды, алдына түсер ешкiм жоқ, айналасы тып-типыл. Көңiлi жайланып “ендi менен басқа кiмiң бар!” деп жүрген. Кенет Бас хатшының алдына шақырып алып айтқан хабары төбесiне тоқпақпен ұрғандай есеңгiретiп тастады. Мұның кандидатурасы туралы Қонаевпен ақылдасқан екен, екi қолын бiрдей сiлкiп, азар да безер болыпты. “Оның кез келген обком хатшысынан өресi төмен. Ешқашан өз бетiмен шаруашылық басқарып көрген адам емес. Оның үстiне, қолы лас, атышулы Хлебниковтың iсiне де араласы бар. Сотталып кететiн едi, республикалық партия ұйымының абройын ойлап өзiм алып қалып едiм” дептi. “Ендеше ондай адамды неге өсiрдiңiздер? Неге жоғары билiкке қоясыздар?” деп өзiне тап берген екен, “Ол – менiң трагедиям, менiң қателiгiм. Ол үшiн жаза тартуға дайынмын. Әйтсе де соңғы қызметке менiң ықтиярымсыз тағайындалды. Москвамен тiл табысып алып, маған әл бермей кеттi. Мен бұл жерде оның жеке басына қатысты кейбiр iстерiн кек тұтып, пендешiлiк жасаудан аулақпын. Одан лауазымды қызғанбаймын. Болашақтың обалын ойлауымыз керек қой. Кез келген адам қателесуi мүмкiн, оны түзеуге болады. Тым күйкi, ұсақ адам айналасын да ұсақтатып, қиқым-сиқым қылып жiбере ме
деп қорқам!” дептi.

– Мен сенi бағалаймын. Бұл ғайбаттың көбiн өшпендiлiкпен айтып жатқанын да бiлемiн, – дедi Бас хатшы өзiмсiген жылы дауыспен. – Оның пiкiрi шешушi роль атқармайды, әлбетте. Әйткенмен, әзiрге Саяси Бюроның мүшесi деген аты бар ғой. Әрi республика басшыларының көбiнiң көзқарасы саған онша емес екен. Бұл факторды ескермесе болмайды. Сондықтан бұл жолы Бiрiншiлiктен дәметпей-ақ қой. Кейiн бiр ретi келе жатар.

Айтуаров Бас хатшының алдынан есеңгiреп шықты. Басқан жерi опырылып құрдымға құлап бара жатқандай көзi қарауытты. Шайқалақтап дәлiз бойымен қабырғаны сипалақтап әзер жүрiп келедi. Қонаевқа деген өшпендiлiгiнде шек жоқ. Жүрегiне қан қатып, аямасқа бекiнген. Ендiгi iсiм сенiмен болсын, қақпас, дедi түнерiп. Кеше ғана соның жолында ақсарбас боп шалынуға мақұл екенiн тарс ұмытты. “Ол кiсi бiрдеңе бiлетiн шығар, расында ондай лауазымға лайықты емес болармын” деп ойлаған жоқ. Қайта менiң алдыма түсер кiм бар деп ызаға булықты. Олай деп өзеурейтiн жөнi де бар. Осы өмiрi оның қалықтап қыран шыққан заңғар шыңға жорғалап жылан да шығатынын дәлелдеп келедi. Тек тыным таппа, қиялап, қисынын тауып, ирелеңдеп өрмелей Бер, өрмелейбер. Өзi де, мiне, бас айналар мұндай биiкке қалай шыққанын бiлмей қалды. Бұрын биiк мансапқа жету үшiн айрықша бiлiк-қабылет керек шығар деп жүрексiнушi едi. Бiрте-бiрте дәнiгiп, мансап баспалдағымен өрмелеген сайын ұлы Лениннiң: “Каждая кухарька может управлять государством – кез келген ошақ басындағы қатын мемлекет басқара алады” деген даналық сөзiне имандай ұйыды. Данышпан адам қате айта ма?

Айтуаров бiлiм-парасаты, қарым-қабылетiмен мойыны озып, ешқашан жарқырап көрiнген емес. Бұл жағынан қоңыртөбел. Тек пысықтыққа келгенде алдына жан салмайтын. Жақсы атағы шығатын, көрiнiп қалатын жердi құр жiбермейдi. Ондайда ештеңеден қымсынбайды, ұят-намысты белден басып жүре бередi.

Мектепте жүргенде сабақ онша миына қонған жоқ. Әсiресе математикалық формула, теңдеулерге келгенде, төбеден ұрғандай не iстерiн бiлмей меңiрейiп тұрып қалатын. Есесiне қоғамдық жұмыс десе екi бiлегiн сыбанып белсенiп тұрады. Елгезек, тiлалғыш, бiр нәрсеге ұмтылса, тiс-тырнағымен жабысып айрылмайтын өлермен. Класком – сол, отряд жетекшiсi де – сол. Басқалар қашқалақтаса, бұл: “апай, ағай, мен болайыншы, мен, мен!..” деп, қолын мұғалiмнiң көзiне тығып алардай ентелетiп жаны шығып кете жаздайды. Хорға қатысады, биге қатысады, мектепаралық жарыстан қалмайды... тыным таппайды. Нендей iске болса да құлдыраңдап кiрiсiп кететiн осынау сүйкiмдi қара баланы ұстаздар да жақсы көретiн. Сабақ сұрағанда көп қинамай бағаны көтере қоятын. Сөйтiп мектептi тәп-тәуiр бағамен бiтiрген. Бiрақ ары қарай жолы болмады. “Шiркiн, бiр совхоздың агрономы болсам, бұл дүниеде одан артық арманым болмас едi!” дейтiн қиялға берiлiп. Ауылшаруашылығы институтына емтихан тапсырып едi, екiншi сабақтан-ақ ұшып кеттi. Не iстеу керек? Құдай оңдап, дәл сол кезде шығыстағы алып комбинаттың құрылысы басталсын. Көп ойланбастан комсомолдық жолдамамен сонда тартып отырған. “Бiр жаманның бiр жақсылығы бар” деген осы шығар. Егер оқуға түсiп кетсе, бәлки өмiр жолы басқаша жалғасар ма едi, кiм бiлсiн? Бүкiлодақтық екпiндi құрылыс атанған соң, оған деген партияның ықыласы да ерек-тiн. Баспасөздiң ұдайы назарында болды. Бағына орай мұнда келген қазақтар саусақпен санарлықтай-ақ екен. Сол бiрен-саранның iшiндегi бас көтерерi өзi ғана. Қаптаған орыс, белорусь, молдаван... Көпшiлiгi түрмеден шыққан, қағылған-соғылған, арақкеш, ештеңеге ұмтыла қоймайтын можантопай. Солардың жанында бұл адам болып көрiнетiн. Сауатты, жiгерлi. Жиналысты құр жiбермей сөйлейдi. Кемшiлiктi батыл сынап, әртүрлi науқандарға орай ұсыныс жасап, ұран көтере қоюға шебер. Көп өтпей комбинат басшыларының көзiне iлiктi. Мынау бiр көкiрегiнде оты бар, болайын деп тұрған бала екен деп ықыластары ауды. Газет, радиодан тiлшiлер келе қалса, етi тiрi әрi жергiлiктi ұлт өкiлi деп, галстук таққызып, шашын таратқызып осыны итермелейтiн. Мұнда бас тарту, шегiншектеу жоқ. Өзiнiң де iздегенi сол. Айналасына аты шығып, қадыры арта түстi. Газеттен суретiн көрiп, радиодан сөзiн естiген жұрт “мына бiздiң пәленше-екең молодец екен ғой!” дестi. Айналайын партияның еңбек адамына деген ықылас-пейiлi ерекше ғой. Жүрегiңде жылт еткен ұшқын болса, қамқорлығын аямайды. Әлпештеп-аялап төбесiне көтередi. Қаншама жоғары лауазымды басшы, ғалымдар мен өнер қайраткерлерi еңбек жолын қарапайым жұмысшы болудан бастаған. Өзгенi қойып, кешегi Хрущевтiң өзi де шошқа бағып, шахтер болды емес пе!

Бұл әуелi цехтiң комсоргi болды. Одан комбинат комсомол комитетiнiң мүшелiгiне сайланды. Сөйтiп, бiрте-бiрте сатылай көтерiлiп өсе бердi, өрлей бердi. Бiраз жылда қалай комбинат парткомының хатшысы болып шыға келгенiн өзi де бiлмей қалды. Бұл дегенiң аудандық партия комитетiнiң идеологиялық хатшысымен пара-пар лауазым едi. Бұған дейiн ол, әрине завод жанындағы текникалық институттың кешкi бөлiмiн бiтiрiп алды. Ысылды. Аудиторияда сөйлеуге бейiмделiп, өзiн өзi үздiксiз жетiлдiрдi. “Правданың”, тағы басқа газеттердiң бас мақаласын жаттап, сағаттар бойы айна алдында жаттықты. Мимикасын, дауыс ырғағын түзедi. Тек көзi жан-жаққа жүгiрiп ойнақшып тұратын әдетiн жөндей алмай-ақ қойды. Үкiмет басшыларының баяндамасын қалт жiбермей оқиды, солардың ой ораламы, сөз саптасына елiктеп өзi де мақала жазып, баяндама жасады. “Елiмiздегi темiржолдың ұзындығы пәленше километр, бұл жер шарын үш рет орап шығуға жетедi деген сөз... Қазақстанда күнiне пәлен миллион тонна көмiр өндiрiледi...” деген сияқты цифр-деректердi көзiн жұмып жатқа соғады. Сөйтiп, сартылдап сайрап тұрған машинаға айналды. Ендi “шiркiн, бiр совхоздың агрономы болсам арманым болмас едi” дейтiн бұрынғы Айтуаров жоқ. Қолын аспандағы айға созады. Биiк-биiк креслоларда отырсам дейдi. Былай қараса, ол дәмесi орындалмайтын нәрсе емес сияқты. Ортаң қолдай басшы болып жүргендердiң бұдан қай жерi асып тұр? Тек қолдаушысы мықты демесең. Қырғызстанда әне Жоғарғы советтiң президиумiн Социалистiк Еңбек Ерi атағын алған қойшы басқарып отыр. Солғұрлым жоқ па? Бiлiмi де, бiлiгi де одан әлдеқайда жоғары. Комсомолдың мектебiнен өтiп, ысылған. Кез келген басшылықтың тiзгiнiн берсiншi, дөңгелек айналдырады.. Не керек, тыным таппады. Бастама көтередi, үндеу тастайды. Онысын газет пен телевидение iлiп әкетедi қанын жерге тамызбай: “Қала мектептерiне –


комсомолдық қамқорлық!” “Бесжылдық жоспарды төрт жылда орындайық!..” Алға! Ура! Ондай айғайды естiмейтiндей жоғарыдағылар саңырау емес қой. Бiрiншi естiген айналайын өзiнiң көкесi. Рушылдық, жершiлдiк деген iндет, құрысын, аулақ деп ел азар да безер болып жатады. Өз басы одан ешқандай жамандық көрген емес. Бiр атаның баласы болмаса, Сәкең бүйтiп баурына тартар ма едi. Алматыдағы өткен бiр жиналыста сол көкесi мұны Қонаевпен таныстырған. “Димеке, мынау бөтен емес, өзiмiздiң бала. Болайын деп тұрған жiгiт. Өндiрiстiң қайнаған қазанынан шыққан осындай азаматтарды өсiруiмiз керек қой?” деп мақтауын асырып бiраз жерге апарған. Сол-ақ екен тасы өрге домалап жүре бердi. Осы күнге жеткенi үшiн, әлбетте, Қонаевқа қарыздар. Алғысы өлшеусiз. Жақсылығын өтеуге бұл да тырысып бақты шамасы келгенше. Құлдыраңдап қызмет етумен келдi майлық-сулық болып. Әйткенмен жасы келдi, денсаулығы жоқ. Аброймен кету жағын ойлау керек қой. Айналасындағы бағыныштылардың: “Ойбай, Димеке, Сiздiң орыныңызға лайықты адам жоқ, отыра берiңiз!..” деп көлгiрсiп қолпаштағанына шынымен нана ма екен. Ақылды адам, өзi де бәрiн түсiнуге тиiстi емес пе. Отырам дегенмен Горбачев отырғыза ма. Заман басқа. Қалғып-шұлғыған шал емес, қағылез, шалымды жастар қажет. Қадырының барында жоғарыға сөзiн өткiзiп: “мен кетейiн, мынандай ойым бар” деп, бiреуге ен тағудың орнына, ешкiмге ыңғай бермей тоң-торс сырт айналған соң, дәмегөйлердiң әрқайсы өз бетiмен тiрлiк етуге көшкен. Бұл да тақымын қысып, атына қамшы басты. Билiк жолында кiм кiмдi аяйды. Тақ тартысында талай патша әкесiн де, баласын да құрбанға шалып жiбердi емес пе. Бұл ойланбастан бiрден Қонаевтың өзiне ауыз салды. Сөйткен тиiмдi, ұтымды болғандықтан. Бәрiбiр құлағалы тұрған теректi итерiп құлатқанның несi күнә? Баяғыда “Алашорданың” көсемi Байтұрсынов деген ақсақал түрмеде жатқанда сырттағы достарына жасырын хат жiберiп: “Алашордада” ендi болашақ жоқ, менi бәрiбiр атады, бәрiмiз құрдымға кетпейiк, бәрiн маған жаба берiңдер, менi жамандай берiңдер, өз бастарыңды арашалауға тырысыңдар!” дептi ғой жарықтық. Ондай дана қария некен-саяқ қой. Әйтпесе Қонаев: “ал, балалар, мен – кiтаптың жабылған бетiмiн, болашақ, сендердiкi, бiрiң тiзгiндi ұстап, өзгелерiң қостаңдар. Жоғарыдағылардың сенiмiне ену үшiн көз қылып, менен iргелерiңдi аулақ салған болып, сынап-мiнесеңдер де пейiлмiн” демей ме. Өйтудiң орнына: “дәл қазiр Бiрiншi хатшы болатындай Қазақстанда ешкiм жоқ!” деген. Неге жоқ, жүрміз ғой, міне! Өз обалы өзiне. Не аяйтыны бар. Ендi қалай күстаналаса да орынды. Өзiне бұйырмасты өз бауырларынан қызғанған соң не жорық.

Өз ниетiне ақтау тапқан Айтуаров ештеңеден тартынған жоқ. Қонаевты үстi-үстiне сынап-мiнеуден алдына жан салмады. Әйтеуiр жамандасқан екен, неден тайынсын. Бiрде орталық журналда интервьюi шыққанда Қонаев шақырып алған, жанары шыныланып, зiлдi ызғармен бетiне тесiрейе қарады. Бұл да безерiп мiз баққан жоқ. Ұсынған қолын алар-алмасына күмәнданып, жәй бас изей амандасып, қарсы алдындағы креслоға жайғасты.

– “Пасквилiңдi оқыдым! – дедi столдың шетiнде жатқан журналды иегiмен нұсқап. – Жақпаған күйең қалмапты. Бiрақ сенiң өзiңдi аядым”.

– “Неге?”

– “Сенi дәл мұндай күйкi деп ойлаған жоқ едiм”

– “Тура айтқан туғанына жақпайды” демей ме қазекем. Шындық, әлбетте, кiмнiң де болса шымбайына батады ғой!” – дедi бұл нығарланып.

– “Қазақтан садаға кет. Сенiң қай сөзiң шындық? Басқасын былай қойғанда, “... Қонаев бюджеттiң қаржысын оңды-солды шашып, мектеп, балабақша салудың орнына, Алматыда қымбатқа түсетiн салтанатты ғимараттар, сәулеттi сарайлар, шығыс үлгiсiнде монша салғызумен әуестендi!..” дегенiң не сөз?”

– “Рас қой, – дедi бұл жайбарақат. Қарсыласының күйiп-пiскенiнiң өзiн жеңiс көрiп айызы қанып отыр. – Ана араптың мешiтiндей моншаның орнына жиырма мектеп салуға болар едi.”

– “Бiзде мектеп жетiспейдi деп кiм айтты? Оған жұмсалар қаржы көзi бөлек. Сарай мен сәулеттi ғимараттар көбейiп кеттi деп байбалам салғаның қай сасқаның? Айналдырған бес-алты бинә- ғимарат көзiңе сүйел боп тұр ма? Қайта, қаның болса, неге аз деп қиналмайсың ба? Отанымыздың, астанамыздың ажар-көркiн сен екеумiз ойламағанда кiм ойлайды? Қазақстанның архитектуралық пейзажы сенiңше малқора, элеватор, мұржасы түтiндеген заводтармен шектелуi тиiс пе? Мiне, менiң елiм дейтiндей мақтанышымыз болу керек қой. Анау Баку мен Ташкенттi, Бұхара мен Самарқандты қарашы, сән-салтанатына көзiң тойып, көңiлiң сүйсiнедi...”

– “Олардың тарихи дамуы басқаша қалыптасқан. Бiз сияқты көшпендi емес. Сiздiң хан-сұлтандарыңыз соңына, ең болмаса, дұрыстап мазар да қалдырмаған!”

– “Ол – тарихтың кiнәсi. Бiз қазiр көшпендi емеспiз ғой. Сәулеттi сарайды сен екеумiз тұрғызбағанда кiм салып бередi. Әркiм өз сарайын соқсын. Елiң мен жерiңнiң гүлденгенi – сол!”

– “Халықтың несiбесiн аузынан жырып салған ондай сарайдың кiмге керегi бар?”

– “Бүкiл халықтың әл-әухаты сол азын-аулақ құрлысқа тiрелiп қалған жоқ. Оны өзiң де жақсы бiлесiң. Саған керегi тек менi мұқату ғана. Орталық жыл сайын миллиард пұт астығымызды, миллиондаған тонна етiмiз бен сүтiмiздi сыпырып алады. Көмiр-темiрде есеп жоқ. Жiлiк майымызды қорқыратып сорып жатыр. Әдiлет iзiдесең, проблема көтергiш болсаң, соны неге айтпайсың?..”

Екеуi ұзақ ырғасты. Мұныкi – қыңыр адамның қиқарлығы. Дұрыс болса да, терiс болса да өзiнiкi жөн. Бел шешiп тiрескен соң жол ортадан “жаздым-жаңылдым” деп шегiншектесең не аброй, алып жықпасаң да шалып жық. Қарсыласының бұлтартпас уәжiне бетi бүлк етпей бедiрейiп отырып алған.



2

Айтуаров бүгiнгi пленумды асыға күтiп едi. Демократиялық кезеңнiң рухына сай, барды – бар, жоқты – жоқтай жалтақсыз сын айтылып, тартысты өтер деп ойлаған. Ескi басшылықтың былығы ымырасыз әшкереленуге тиiстi. Өзi де ұзын шалды тұрмастай ғып сұлатып салуға мықтап дайындалған. Бiрақ пленум көңiлден шықпады. Баяғы ескi әуен: “Қонаев жолдас өз өтiнiшi бойынша пенсияға шығуына байланысты...” неге өз өтiнiшi бойынша? Республика партия ұйымын басқару барысындағы дөрекi қателiктерi үшiн... деп неге төтесiнен айтпайды? Тым бейбiт, азусыз. Бiреу бастасын, iлiп әкетем ғой деп қопаңдап отырғанда пленум ың-шыңсыз бiттi де қалды. Ел жапа-тармағай дүрлiгiп


жаңа хатшыны құттықтаумен әбiгер болып кеттi. Айтуаров сазарып амалсыз орнынан көтерiлдi. Сонда қалай, алажаздайғы еңбегi далаға кеткенi ме? Қонаевты ұлтшыл, жiкшiл дедi, жеке басының культiн орнатқан ортағасырлық хан дедi. Соның бәрi бос сөз боп қалғаны ма? “Жо-жоқ! Бұлар менiң сырымды бiлмейдi екен. Тiстеген жерде – тiсiм, ұстаған жерде – тырнағым кетедi!” дедi көкейiнде бiр зұлымдық оянып. Дереу көңiл жықпас ескi досы Мирониндi оңаша шақырып алды. Сақтық жасап екеуi аулаға шықты. Бойы бiркелкі аласа шыршалар тiзiлген аллеямен екеуi иық түйiстiре баяу аяңдап келедi.

...– Мына пленум қызық болды-ау! – дедi Айтуаров көкiрек кернеген қыжылын жасыра алмай дауысы дiрiлдеп. – Осылай қол қусырып отыра беремiз бе?

Сонда не iстеймiз дегендей Миронин үнсiз бетiне қарады.

– Бiрiншiнiң орнына әкелген адамдарын көрдiң бе? Жәй бiр обкомның хатшысы. Оны он орайтын азаматтар өз iшiмiзде жүрген жоқ па. Қазақ болмаса да, қазақстандық бiр орысты қоюға болатын едi ғой. Бәрi – Қонаевтың кесiрi, соның iштарлығы!

Айтуаровтың iшiнде қандай ит ұлып жатқанын бес саусағындай бiлетiн Миронин жымқырған ерiнiнің жігі бiлiнер-бiлiнбес бүлк етiп жымиып қойды да:

– Иә, сәтсiз вариант, – дедi хоштап.

– Саша, қалай ойлайсың? – Айтуаров досының қолтығынан ұстады. – Мынандай демократия заманында үндемей қалғанымыз ұят емес пе. Халыққа қозғау салайық. Қоғамдық пiкiр туғызайық. Жоғары жақ Қазақстан жұртшылығының Пленум шешiмiмен келiспейтiнiн бiлсiн!

– Мұнымыз елдi көтерiлiске шақыру болмай ма?

– Жоқ, көтерiлiс емес. Жәй бунтик! Ұзағанда жүз елу-екi жүз адам Алаңға шығып бейбiт митинг өткiзсе болды. Мiне, халық қарсы болып жатыр деп айтуымызға жақсы. Тiптi, Орталық шешiмiн өзгерте қоймаған күннiң өзiнде, мына жаңа бастық бiзбен санасуға мәжбүр, еркiнсiп басына алмайды. Әйтпесе қайдан бiлесiң, бәрiмiзге тықыр таянуы мүмкiн.

Бұл ұсыныс Миронинге майдай жақты. Бүлiгiп, былыға түскенi құба-құп. Мiне, бiз, чекистер, былай жұмыс iстеп жатырмыз деуге жақсы. Шенiң өседi, қызметiң жоғарылайды. Әйтпесе, қаншама жыл қолдан проблема жасап шаршады.

– Жарайды, келiстiк, – дедi басын изеп.

– Ендеше iске сәт. Тек мұны екеумiзден басқа тiрi жан бiлмесiн!..

Миронин өзiнiң сыннан өткен, өлсе, сыры iшiнде кететiн чекистерiне шұғыл тапсырма бердi. Төрт қазақ жiгiтi. Сыртқы түрлерi елеусiз. Құндыз құлақшындарын көздерiне түсiре, баса киген. Нөмiрсiз екi ақ “Волга” сылаңдай зулап, қаладағы қазақ жастары басым көпшiлiгiн құрайтын институттардың жатақханасын бiрер сағттың iшiнде аралап шықты. Жiгiттердiң сөздерi қысқа. Бөлмелерге жағалай кiрiп, болмаса, дәлiзде жүрген студенттердi тоқтатып алып, айтар сөздерiн айтады да, аналар көздерi жыпылықтап ес жиям дегенше, жалт бұрылып тайып тұрады.

– Жiгiттер, өздерiң де радиодан естiген шығарсыңдар, бүгiн Қонаевты орнынан алып тастады! – дейдi қаралы хабар естiрткендей қамығып. – Орнына қайдағы бiр орысты қойды. Қазақ табылмағандай бұл не қорлағаны. Басқа республикалардың бәрiнде Бiрiншi басшы – жергiлiктi ұлт өкiлi. Бiздi басынып отыр. Өстiп кеудемiздi басқызып қоямыз ба, намысымыз қайда? Ел екенiмiздi бiлдiрейiк Алаңға шығып, пленум шешiмiне қарсымыз дейiк. Қазiр жариялылық пен демократия заманы, неге конституциялық правомызды пайдаланбасқа. Бiздi Димекеңнiң адамдары жiберiп отыр. Басқа қазақ басшылары да наразы. Қорықпаңдар. Қазақ жастарының бәрiне айтыңдар, митингке шықсын!..

Күн кешкiрiп қалса да алды-артын ойламайтын қызба жастардың алды дүрлiгiп Алаңға барған. Екi жүз адам жиналды. Не iстерлерiн бiлмей гуiлдесiп тұрып-тұрып, сүйек сорған аязға шыдай алмай қараңғы түскен соң тарап кеткен. Есесiне бүкiл Алматы май құйған оттай гу ете түстi. “Қонаевты алып тастағанға қарсылық бiлдiрiп қазақтар демонстрацияға шыққан көрiнедi. Бiз де барайық, көрейiк!..” деп алқынып, таң қашан атар екен деп алабұртты.

Ертеңiнде күн шыға жұрт лек-легiмен Алаңға ағылып келе бастады. Ән айтып, ұрандап, плакаттар көтерiп, көше-көшенi бұрғылай жылжыған қара-құрым халықта есеп жоқ. Бiрер сағаттың iшiнде Алаң аузы-мұрнынан шықты.

Айтуаров не болар екен деп түнiмен тықыршып шала ұйқы болған, жұмысқа келгелi терезенiң алдында тұрып алып, Алаңнан көз алған жоқ. Сәт сайын лықси көтерiлiп кенерiнен асып бара жатқан сұрапыл тасқынның жағасында тұрғандай үрейi ұшып кеттi. Мұндайды күтпеген. Қып-қызыл отпен ойнаған екен. Шарық ұрып қалай тыпырласа да ақыл табылар емес. “Бiткен жерiм осы, құрыдым!” дедi алақ-жұлақ ойнақшыған көздерi төбесiне шығып. Жүрегi әлсiз едi, қатты толқыса, талмасы ұстап қалатын. Тiрсегi дiрiлдеп, бойын билей алмай шайқалақтап, тұрған жерiнде отыра кеттi. Басы салбырап, шалқайта қайырған сұйқылтым, ұзын шашы көзiне түстi жалбырап. Сол жақ қолтығының асты сiресiп мұздап бара жатқандай. Қиналып бойынан әл кетсе де санасы ояу. Сақтанып жанқалтасына нитроглицерин салып жүретiн, жалма-жан қарманып соны алды. Екi түйiрiн тiлiнiң астына басқан. Сәлден кейiн кеудесiнiң қысқаны тарап, жүрегiнiң соғысы қалпына келгендей болды. Орнынан тұрып үстi-басын қаққыштады. Галстугiн түзеп, шашын тарады. Терезе жаққа қарауға жүрексiнiп, креслосына келiп жайғасты. “Ендi қайттiм?” деген үрей бәрiбiр алқымын босатар емес. Қалай болғанда да басын арашаламаса қатер.
Кенет миының қиыр түкпiрiнен әлдебiр құтқарушы шырақ жылт ете қалды. Талай қыспақтан сүйреп алып шыққан жырындылығы бұл жолы да қамшы салдырған жоқ. Дүр сiлкiнiп, тастүйiн бекемдiкпен жалма-жан Кремльге тiке шығатын вертушканың құлағына жармасқан. Бас хашының ширақ, қоңыр дауысы саңқ ете түстi:

– Тыңдап тұрмын?

Айтуаров сәлемiн қысқа қайырып, бiрден мұңын шағып сұңқылдай жөнелдi:

– Михаил Сергеевич, масқара болдық. Бүлiгiп жатырмыз!

– Ол не бүлiк?

– Өзiңiзге талай рет ескертiп едiм ғой, Қонаев республиканы әбден былықтырып бiттi деп. Мiне, соның нәтижесi. Ұлтшылдықпен уланған қазақ жастары ереуiлге шығып жатыр.

– Қанша адам?

– Көп. Алаңға сыймай тұр. Ұлтшылдық ұран көтерiп, Қонаевтың портретiн ұстап алған. “Қонаевты орнынан алғанына қарсымыз. Бiзге орыс басшысының керегi жоқ!” дейдi.

Бас хатшының көкейiнде: “Әй, найсап, өзiңнiң бықсытып жүрген пәлең емес пе бұл?” деген күдiк жылт ете түскен, бiрақ оны iндетуге құлқы болмады. Ең қызығы, жаман хабар естiп тұрса да ашуланып не қорқып-қобалжыған жоқ, қайта еркiнен тыс қуанып кеткендей болды. Өзi мойындағысы келмесе де, осындай бiр сойқан болса екен деген мысық тiлеу көкiрегiнiң тереңiнде бұғып жатқан секiлдi. “Өткенде сорайған қақпас аспандап төбесiнен қарап кетiп едi. Айтқан сынның бәрiне дәлел тауып, ақталып, шаң жуытпай қойған. Ендi қайтер екен? Абыройдан жұрдай ғып сiлкiлеп-сiлкiлеп Саяси Бюродан айдап шығудың сәтi түстi!..”

– Жарайды, бiр шарасын қарастырамыз, – дедi Бас хатшы сабырлы үнмен. – Сендер андағы жақта Геннадий Васильевич екеуiң абыржымай жағдайды қатаң бақылауға алыңдар!..

Айтуаров тұтқаны тұғырына қондырып, креслосына бар салмағымен маңғаздана шалқалады. Таудай жүк мойнынан түскендей. Бусанған бет-аузын қол орамалымен бiр сүйкеп өттi. Пәленiң бетiн Қонаевқа қарай бұрып жiбергенiне “қандай қумын, ә!” дегендей масайрап, мұртынан жымиып қойды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет